ВЕРНУТЬСЯ

(Дон-Жуан немесе геометрияға деген құштарлық) Бес актылы комедия
Қатысушы адамдар:
Дон-Жуан
Тенорио - оның әкесі
Миранда
Дон Гонсало - Севилья командоры
Донна Эльвира - оның әйелі.
Донна Анна - қызы.
Диего әкей.
Дон-Родриго - Дон-Жуанның досы
Донна Икес
Селестина - сайранхана қожасы.
Дон Балтазар Лопес
Тепорелло
Севилья жесір әйелдері
Төбелесқор үш жігіт - донна Аннаның бауырлары.

 

 

 
І акт 

 


Қамалдың алды, Түн. Музыка ойналып тұрады. Бозбала жігіт ұрлана басып сатымен көтеріліп келе жатып, камал жаққа жалтақ-жұлтақ қарап қояды. Тотықұс шықылықтайды. Әлдекім террасқа шығады, бозбала бағанның тасасына жасырына қалады.
ДОННА ЭЛЬВИРА. Дон-Жуан! Дон-Жуанбысың?
ДОННА ИНЕС. Ешкім көрінбейді ғой.
ДОННА ЭЛЬВИРА. Ақ боз аты қорада тұр.
ДОННА ИНЕС. Сіздің көзіңізге қос көрінген болар.
ДОННА ЭЛЬВИРА. Әйтпесе, мынандай тас қараңғыда ол не бітіріп жүреді? Онсыз да тоңазып тұр едім, оның үстіне тоты құстың шықылықтағанын естісем, төбе-құйқам шымырлайды.
ДОННА ЭЛЬВИРА. Дон Жуан! Дон Жуан!
ДОННА ИНЕС. Ол желмен шайқалған құрма ағаш қой. Қүдды сатыға сарт-сұрт тиіп келе жатқан қылыш дыбысынан аумайды. Түн баласы құлағымнан осы бір үн кетпейді, естісем болды, терезеге жүгірем, бірақ, қашан қарасам да, желмен сусылдап тұрған құрма ағашы болып шығады.
ДОННА ЭЛЬВИРА. Жоқ, ол келуін келді. Ақ боз аты қорада тұрғанын өз көзіммен көрдім.
(Екеуі кетіп қалады, жас жігіт тығылып тұрған жерінен шыға беріп, кайта жасырынады, өйткені екінші жақтан жуан, етжең священникке еріп, бір шал адам шығады.)
ТЕНОРИО. Шыда дейсіз! Диего әкей, ол әншейін айтар ауызға оңай. Әйтпесе, осы жалбас неме бүгін атымен келмей қойса, қайтеміз. Түн ортасы ауып кетті. Шыда дейсіз. Қайтып шыдайын. Менің ұлыма ара түспеңіз. Имандай сырым, көрерсіз де білерсіз, сол немеде жүрек жоқ. Шешесі де соңдай еді. Қаршадайынан қаңтардың мұзындай сұп-суық, селт етпейді. Аттай жиырмаға келіп тұрып, аузы-мүрны қисаймай, әйел қауымына зауқым жоқ дейді. Әншейін ұялып айтқан болса бір жөн ғой, сорлатқанда сол айтып тұрғаны шыны. Бір бүкпесі болсайшы шіркіннің. Ойына не келсе де, лақ еткізіп айта салады. Жақында маған өліп-өшіп сүйетінім геометрия дейді. Әй, со немені уайымдай-уайымдай жүйкемнің жүн болып кетер түрі бар. Күнәсын айтуға келген бір де бір әйел оның атын ауызға алған емес деп өзіңіз айтып тұрсыз. Осы бір қаршадайынан қағынған жеріген тақуа неме менің жалғыз түйір ұлым, тігерге тұяқ мұрагерім. Жиырма жасынан әйелге зауқы жоғалды дегенді. О заман да бұ заман естігеніңіз бар ма еді, киелі әкем?
ДИЕГО ӘКЕЙ. Сабыр етіңіз, сабыр етіңіз.
ТЕНОРИО. Селестинаны білуші ме едіңіз?
ДИЕГО ӘКЕЙ. Тс-с-с!
ТЕНОРИО. Ол әлгі күллі Испанияға әйгілі сайранхааның қожайыны ғой. Оған тіпті епископтардың да ісі түсетін көрінеді. Сол неменің есігінен аттамайтын жалғыз менің ұлым ғана. Селестинаға қанша қаражатымды шаштым. Әлгі менің бозбас ұлым сайранханаға барған соң, ештеңемен шаруасы жоқ, шахматқа кірісіп бергені. Өз көзіммен көрдім. Шаншылып шахмат ойнап отыр.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Жайырақ сөйлеңіз, сеньор Тенорио!
ТЕНОРИО. Әйел десе азар да безер болады.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Біреулер келе жатыр.
ТЕНОРИО. Осы немеге күйінем деп бір күні жүрегім жарылып кетпесе нетсін!
(командор Дон Гонсало кіреді.)
ДИЕГО ӘКЕЙ. Келді ме?
ДОН ГОНСАЛО. Қайдан келсін, әлі түн ортасы ауа қойған жоқ.
ТЕНОРИО. Севильяның командоры Дон Гонсало, өтінемін, менің ұлым жөнінде жаман ойда қалмаңыз. Дон-Жуан - менің жалғыз ұлым. Ол бүгін келер болса, одан жайсаң күйеу таба алмайсыз. Ол қанша аңғырт болсада тойының қай күні, қай сағатта болатынын ұмытпаған шығар деп ойлаймын. Жоқ, ол тап тойының қашан болатынын ұмыта қоймас.
ДОН ГОНСАЛО. Жас жігіт бір қиын оқиғаны бастан кешті, оның үстіне атпен ұзақ жол жүру де оңай емес. Келер. Мен сіздің балаңыз жайлы неге жаман ойлайын? Ол орасан қаһармандық көрсетті.
ТЕНОРИО. Рас айтасыз ба?
ДОН ГОНСАЛО. Маған жалған айтып не көрініпті; менің білуімше біздің еліміздің тарихына оның аты алтын әріптермен жазылып та үлгерді. Ол, Кордова қаһарманы.
ТЕНОРИО. Ол мүнандай болады деген үш ұйықтасам ойыма келген емес.
ДОН ГОНСАЛО. Мен де солай ойлаушы ем. Менің кеңесшілерім ол жөнінде жақсы пікір айтпайтын. Дон-Жуан жұрттың бәрін, тіпті мені де келеке қып жүретін көрінеді.
ТЕНОРИО. Жас неменің ондай-ондай желбастығы болады ғой.
ДОН ГОНСАЛО. Бірде өзіме шақырып алдым да, екеуден-екеу оңаша отырып, біз осы крест жорығына неге шықтық деп сұрадым. Ол күле береді. Біз, осы діні басқаларды неге жек көреміз деп тағы бір сауал қойдым.
ТЕНОРИО. Сонда не деді?
ДОН ГОНСАЛО. Өз басым діні өзге, пікірі өзге кісілерге тырнақтай да жаманшылық ойламаймын деді.
ТЕНОРИО. Әй, жел бас немеай. Бәрі де сол бұла жастың бұлғаңы ғой.
ДОН ГОНСАЛО. Қайта осы дінсіздерден бізге көп нәрсе үйренуге болар еді дейді ол. Енді бірде агаштың түбінде араптардың кітабын оқып жатқанын көрдім.
ТЕНОРИО. Шамасы, геометрия болар. Оны құртып жүрген де сол шайтан алғыр геометрия.
ДОН ГОНСАЛО. Мұны неменеге оқып жатырсың деп сұрадым.
ТЕНОРИО. Тәңірім-ай, бұған не деді екен?
ДОН ГОНСАЛО. Күлді де қойды.
ТЕНОРИО. Жастық иттің шалығы ғой бәрі де.
ДОН ГОНСАЛО. Шынымды айтсам, сол күлкісіне жарылып кете жаздадым. Ашу үстінде балаңызға Кордоваға барып, жаудың бекіністерін өлшеп келуге әмір етем, бірақ ішімнен бұным әншейін бекер әуре ғой, қанша батыр, қанша албырт болса да, тап осыған дәті шыдамас, ендігәрі күлмек түгілі басымен қайғы боп, менен де бір айбынып қалсын деп ойлап тұрдым. Ертеңіне таңертең сап-сау, қолында бір парақ қағазы бар сап етіп, шатырыма кіріп келді. Өз көзіме өзім сенбедім. Дұшпанның бекінісінің ұзындығы 942 фут деп тайға таңба басқандай қып, жазып әкеліпті.
ТЕНОРИО. Оны қалай өлшеп шықты екен?
ДОН ГОНСАЛО. СОл жерде бұндайға ғҰмыры батылдары бармайтын өзге офицерлердің көзінше оған: "Дон-Жуан Тенорио бұрын бұндай деп ойламаушы ем, бүгіннен бастап сен менің ұлымсың, қызым Аннаны, саған берем, Испан Кресін тағып, Кардова қаһарманы деп санаймын дедім". (музыка.)
ТЕНОРИО. Апырай, қалай өлшеп шыққан?
ДОН ГОНСАЛО. Оны өзінен мен де сұрадым.
ТЕНОРИО. Сонда не деді?
ДОН ГОНСАЛО. Күлді де қойды. (қолында маскасы бар Донна Эльвира кіреді.)
ДОННА ЭЛЬВИРА. Маскарад басталды. (Би ырғағымен айналады.)
Сарайдағылар биге кірісіп кетті. (Ән салады.)
Жайсаң жігіт, қайда жүрсің,
Бола бермес мұндай күн
Әйел-еркек емін-еркін
Жүрек тілін тыңдайтын.
Бұндай күні көз біткенді
Көмер ләззат пердесі.
Көнбес жүрек, көмбес ләззат
Жас жұбайлар зердесін
Жас жұбайлар бірін-бірі
Жаңылыспай табады.
Қызықтайтын болады жұрт
Жат құшақтың базарын.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Біз күйеуді күтіп отырмыз.
ДОННА ЭЛЬВИРА. Ол келгелі қашан!
ТЕНОРИО. Менің ұлымды айтып тұрсыз ба, ол қашан келді?
ДОННА ЭЛЬВИРА. Оның ақ боз аты қорада тұр. Сеньор Тенорио аттан түсіп жатқанын алыстан көзім шалып қалды. Ол деген шабандоздың өзі екен, қалай қарғып түскенін байқай да алмай қалдым. Жалт етті де жоқ болды.
ДОН ГОНСАЛО. Ал, донна Анна қайда?
ДОННА ЭЛЬВИРА. Мен бүгін құдды қалыңдық қызым емес, өзім сияқты бір түрлі қобалжып тұрмын. Осы отырғандарымыздан басқа адамның бәрі де маска киіп алышы. Мен кимесем де болар, күйеу балам мені қалындығымен шатыстыра қоймас. Ал, сіз қадірлі жұбайым, маска киіңіз. Бір-біріңіздің аттарыңызды атап қойып жүрмеңіздер. Маскарад жасайтын болған соң, барлық үрдісін бұлжытпай орындайық.
(Маска киген әйел мен еркек шығады.)
ӘЙЕЛ. Бұл сенсің ғой. Оған иманым кәміл. Қане, қолыңды әкелші.
ЕРКЕК. Жоқ, сен қателесіп тұрсың. .
ӘЙЕЛ. Бұндай қол сенен басқа ешкімде жоқ.
ЕРКЕК. Тс-с-с! Жұрт естіп қалар.
(Дон Гонсало мен Тенорио маска киеді.)
ДОН ГОНСАДО. Кеттік.
(Дон Гонсало мен Тенорио кетеді.)
ДОННА ЭЛЬВИРА. Сәл кідіре тұрыңыз, әулие әкей.
(Әйел мен Еркек сүйіседі.)
ДИЕГО ӘКЕЙ. Мына ұятсыздар кімдер екен? Әйелдің аусы таныс сияқты. Миранда мұнда не бітіріп жүреді?
ДОННА ЭЛЬВИРА. Сіз онымен сөйлесіп көріңіз.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Миранданы айтасыз ба? Осындай зиялы қауымда жезөкшемен сөйлесіп мені не ант атты!
ДОННА ЭЛЬВИРА. Донна Аннаны айтам.
(Әйел мен еркек тағы сүйіседі.)
Бейшара қыз әбден қобалжып отыр. Күйеу жігіттің осында келгенін естігелі қуанышын жұрттан жасырып, ел көзіне көрінбей іннен інге тығылып жүр.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Ол өзі шабандоз екен, аттан түскеніне көз ілеспейді дедіңіз-ау.
ДОННА ЭЛЬВИРА. Тыңдашы, Диего...
ДИЕГО ӘКЕЙ. Иә?
ДОННА ЭЛЬВИРА. Сіз маған неге ренжіп тұрсыз?
ДИЕГО ӘКЕЙ. Донна Эльвира, мен испан шіркеуі табысының оннан біріне жарлы-жақыбайды жарылқап шашылмайтын болса, біз құсаған дін адамдары да есек мініп тпеңдеп жүрмей, ақ боз ат мініп алшаңдап жүрер еді-ау деп ойлап тұрмын.
ДОННА ЭЛЬВИРА. Диего!
ДИЕГО ӘКЕЙ. Иә?
ДОННА ЭЛЬВИРА. Мен күйеуімнің көзіне шөп салсам, тек сенімен ғана боламын деп ешкімге ешқашан уәде берген емеспін қымбаттым, көңілге босқа кірбің салып қайтеміз, осы ықыласымыз да жетер менің күйеуім барын ұмытпа. Тәңірім, оның бетін әрі қылсын, алда-жалда әлдеқандай бозбалаға ғашық боплып жүрсем, сенің емес, күйеуімнің көзіне шөп салғаным.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Эльвира!..
ДОННА ЭЛЬВИРА. Осы сөзімді ешқашан есіңнен шығарма.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Тс-с-с!
ДОННА ЭЛЬВИРА. Ал, енді донна Аннаға барайық. (Донна Эльвира мен Диего әкей шығып кетеді. Сахнаға. әйел мен еркек және бағананың тасасына тығылып тұрған бозбала жігіт қана қалады.)
ӘЙЕЛ. Қателесіп тұрсың дейсің бе? Олай деуге аузың қалай барады? Ендеше, әйел мен еркектің арасында әуре-сарсаңнан басқа ештеңе болмайды ғой. Мен сенің қалай сүүйісетініңді де айтып қалды ғой деп тұрсың ба?... Бірден таныдым. Сен ған сенбейсің бе? Неге сенбейсің? Сен маска кисем таныйды ғой деп ойлап па ең! Маскамды шешсем, осы бойда иеге қуып шығады... (Әйел маскасын шешеді.)
ӘЙЕЛ. Я, мен сол жезөкшемін, олар мені тек жезөкше ғана деп ойлайды.
ЕРКЕК. Мұнда келуге қалай дәтің барды?
ӘЙЕЛ. Мен саған ғашықпын! Жүздеген еркектің ішінде жүзің ыстық ұшыраған өзің болған соң, қандай қауіп-қатерге де басымды тіктім. Мен сені ғана сүйем. Неге абыржып қалдың? Мен аймалаудан кенде емеспін, бірақ, қашан өзің жолыққанға дейін, солардың ешқайсысына көңілім селт етіп көрген емес. Неге үндемейсің? Мен әлі әйелге жақындап көрмеп едім дегенің де мен күліп жібердім. Соған жәбірленіп қалғандай болдың, бірақ оған мән бермеген рай таныттың, сосын шахмат ойнауға кірістік...
ЕРКЕК. Шахмат дейсің бе?
ӘЙЕЛ. Сенің қолыңа сонда көзім түсті.
ЕРКЕК. Шахматтан атымен хабарым жоқ.
ӘЙЕЛ. Мен күлгенде бүкіл Севильяда сенен асқан ақылды еркек жоғына көңілденіп күліп ем. Сен болсаң шахматтан басқа да шаруаң жоқ, ойға шомып түнеріп отырдың да қойдың. Мен сонда сайранханада да осынша сабырлы бұл неткен еркек деп сүйсініп көзімді ала алмадым.
ЕРКЕК. Менің атым - дон Родриго.
ӘЙЕЛ. Мүмкін емес!
ЕРКЕК. Неге күлесің?
ӘЙЕЛ. Сен дон Родригомысың? Байқаймын, мені бір кезде ол да құшқанын білген соң, қалжыңдап тұрсың ғой. Дон Родриго, оны да білем, бірақ сенен басқа еркектердің бір-бірінен тек аты-жөндері ғана өзге, әйтпесе, бірде-бірінде есте қалар қасиет жоқ. Мен кейде солардың шатысып кетпей, өздерін өздері қалай танитынына қайран қалам. Олардың сөйлеген сөзінде де, аймалап-аялағанына да бір тұшынбайсың. Сенің дон Родриго сияқты кезбе достарыңа кісінің қаралай жүріп іші ашиды. Сен оларға атымен ұқсамайтыныңды өзің нағып білмейсің.
ЕРКЕК. Ендеше, мен сол дон Родригомын деп жер жүзіндегі барша әулие-әмбиелердің атынан түгел ант етсем қайтесің?
ӘЙЕЛ. Дон Родриго сиынатын әулие-әмбилердің бірінен де қаймықпай, қолыңнан айырылмай, тап осылай тұра берем. Қолыңды бірден таныдым. Тіпті сүйіп алсам ба екен! Менің жүрегімді тұңғыш лүпілдеткен де осы бір қол болатын. Мұндай қол мынау жарық жалғанда жалғыз-ақ кісіде бар. Ол, сенсің, Дон-Жуан.
ЕРКЕК. Дон-Жуан?
(Әйел қолынан сүйеді.)
Ол әнеки, көріп ал!
(Еркек бағананың тасасынан шыққан жас жігітті көрсетеді. Миранда оны көргенде, көкірегіне қанжар сұғып алғандай шыңғырып жібереді. Сол екі арада жұп-жұп болып, полонез ырғағымен шыр айналған маскалы адамдар шығып, қол ұстасып билейді. Миранда да көпке араласып, көзден ғайып болады.)
ДОН РОДРИГО. Жуан, қашан келіп қалдың?
ДОН ЖУАН. Саған айтар сөзім боп тұр...
ДОН РОДРИГО. Сен неге жасырынып тұрсың. Достым-ау, сені жұрт күткелі қашан! Кәне, ішке кірмейсің бе?
ДОН-ЖУАН. Родриго, егер сен маған шын дос болсаң, менің бір айтатын қолқам бар еді. Оны орындау сен үшін түк емес, ал менің бүкіл тағдырым тек соған қарап тұр. Егер тап осы қазір бір амалын таппасам, өмірбақи өкінумен өтпекпін. Оны осы жаңа ғана білдім. Мен де басқа қайран қалмады. Тағдырымның бәрі қайдағы бір ақ боз атқа тәуелді екен. Кісіге бұдан артық қандай жәбір болушы еді. Родриго, сен маған қол ұшыңды бересің бе?
ДОН РОДРИГО. Түк түсінсем бұйырмасын.
ДОН-ЖУАН. Менің атымды қорадан алып шық.
ДОН-РОДРИГО. Ол неге керек?
ДОН-ЖУАН. Дәл қазір қашуым керек Родриго.
ДОН-РОДРИГО. Қашам дейсің бе?
ДОН-ЖУАН. Иә, басымның бос кезінде, қапы қалмай тұрып зытайын.
(Қамал жақтан күлкі естіледі. Дон-Жуан досын құшақтап тасаға тығылады.)
Родриго, қорқып барам.
ДОН-РОДРИГО. Неге қорқасың? Қордова қаһарманы да қорқа ма екен?
ДОН-ЖУАН. Қайдағы былшылды қайдан айтып тұрсың!
ДОН-РОДРИГО. Қазір күллі Севильяда сенің даңқың жер жарып тұрған жоқ па?
ДОН-ЖУАН. Иә, олардың мені крест жорығы үшін жанын пидаға шалып, Кордовоға барып, жаудың бекінісін өз көзімен өлшеп келді деп жүргені рас.
ДОН-РОДРИГО. Енді қалай?
ДОН-РОДРИГО. Түк түсінсем бұйырмасын.
ДОН-ЖУАН. Родриго, бастауыш геометрия дегенді естіп пе ең, сірә. Мен оларға құмның бетіне сызып, бәрін тәптіштеп түсіндірсем де, миларына кірмейді. Сосын біздің зеңбірекшілер нысанаға дәл тигізсе, жарықтық жасағанның жарылқағаны ғой бізді деп мәз болады. Осынша ақымақтықтарына амалсыз күлсем, ашуланып жарылып кете жаздайды.
(Жан-жағын бір шолып ап). Родриго...
ДОН-РОДРИҒО. Сен неменеден қорқасың?
ДОН-ЖУАН. Мен ол қызды көргім келмейді,
ДОН-РОДРИГО. Кімді айтасың?
ДОН-ЖУАН. Қазір көркінің қандай екенін де білмеймін...
ДОН-РОДРИГО. Донна Анна ма айтып тұрғаның?
ДОН-ЖУАН. Не істерімді де білмеймін... Күні бойы аттан түскен жоқпын. Әуелі жеткенше асығып ем, артынан аттың басын өзім тежедім. Әйтпесе, күн барында-ақ келетін едім. Севильяның тас қорғаны көрінген соң, көз байланғанша тоғанның маңына жасырына тұрдым. Родриго, сен маған шыныңды айтасың ба?
ДОН-РОДРИГО. Әрине.
ДОН-ЖУАН. Сен осы біреуге шыннан ғашық екеніңді қалай білесің?
ДОН-РОДРИГО. Қымбаттым, Жуан сен өзің не деп тұрсың?
ДОН-ЖУАН, Жалтармай жауап бер.
ДОН-РОДРИГО. Бұныңа түсінбедім.
ДОН-ЖУАН. Оған өзім де түсініп тұрған жоқпын, Родриго. Анда, тоғанның көк айдынының қасында... Дұрыс айтасың, Родриго. Бұл өзі бір түсініксіз нәрсе екен. Менімше, сүйемін-ау деймін.
(Тошы құс шыңылықтайды.)
Мынауы несі тағы?
(Тоты құс шыңылықтайды.)
Иә, сүйемін. Бірақ кімді сүйемін?
ДОН-РОДРИГО. Өзіңнің қалыңдығың Донна Аннаны сүйесің де.
ДОН-ЖУАН. Мен соның қандай екенін де ұмытып қалыппын.
(Маска киген бір топ көңілді адамдар көрініп жоқ болады.)
Әлгілердің ішінде ол жоқ па?
ДОН-РОДРИГО. Қалыңдық маска кимейді... Шамасы, бақыттан басың айналып тұр ғой деймін. Дон-Жуан. Жүр, онан да ішке кірейік. Уақыт болды, түн ортасынан ауды.
ДОН-ЖУАН. Мен бармаймын.
ДОН-РОДРИГО. Сонда қайда бармақсың?
ДОН-ЖУАН. Бет алды қула-дузге безе жөнелгім кеп тұр.
ДОН-РОДРИГО. Геометрияңды сағынып қалдың ба?
ДОН-ЖУАН. Есімді біліп, етек-жеңімді жинай алатын бір жерге зытқаным жөн. Мына жерде басым әбден шырдай болады. Келе беріп анадайдан терезеден тесіле қарап тұрған бір бойжеткенді көрдім. Егер маған ол бұрынырақ жолыққанда, мен үшін дүниедегі бірден бір қымбат адам сол болар еді, тек соны ғана сүйер едім. Енді Аннаға құда түсіп қойдық қой.
ДОН-РОДРИГО. Бәлкім, терезеден қараған сол Аннаның өзі шығар.
ДОН-ЖУАН. О да мүмкін. Бірақ, соның анық-қанығын білмей тұрып, ақ некелі жолға қалай аттаймын, егер терезеден қараған ол емес мен едім деп басқа бір қыз шыға келсе қайтемін?
ДОН-РОДРИГО. Жайырақ сөйле.
ДОН-ЖУАН. Аузыңа берік бол, Родриго. Мені көргеніңді ешкімге айтып қойып жүр ме?
ДОН-РОДРИГО. Қайда барасың?
(Дон-Жуан балюстрадан қарғып өтіп, қараңғы парктың ішіне сіңіп кетеді. Дон-Родриго маскасын киеді. Диего әкей мен Донна Анна шығады, екеуі де маска кимеген.)
ДИЕГО ӘКЕЙ. Осы жер оңаша екен, көгершінім.
ДОННА АННА. Жоқ.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Неден сескендің?
ДОННА АННА. Біреу бар сияқты.
ДОН-РОДРИГО (ән салады).
Жайсаң жігіт қайда жүрсің?
Бола бермес мұндай күн.
Әйел-еркек емін-еркін
Жүрек тілін тыңдайтын.
Бұндай күні көз біткенді
Көмер ләззат пердесі.
Көнбес жүрек, көмбес ләззат
Жас жұбайлар зердесін.
Жас жұбайлар жаңылыспай
Бірін-бірі табады. Б
ылайғы жұрт қызықтайды
Жат құшақтың базарын.
(Тағзым етеді.) Тәңірім.
Алдыңыздан жарылғасын, аяулы қалыңдық, Донна Анна. (Кетіп қалады.)
ДОННА АННА, Мынау, бәлкім, сол шығар.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Күйеу жігіт маска кимес болар.
ДОННА АННА. Бір түрлі қорқынышты екен,
ДИЕГО ӘКЕЙ. Қызым... (тоты құстың даусы шығады.)
Қорықпа, бұл тоты құс қой. Бұ байғұстың да аңсағаны бар. Жеті апта бойы таранып, сыланып, тамағы қарлыққанша үн салып, бұ да жұбын шақырып тұр. Шамасы, бұның жұбайы да, тығылып ап көрінбей жатқанына қарағанда, сен құсап, бірдеңеден абыржитын сияқты ғой... Сен неге қалтырап-дірілдеп тұрсың?
ДОННА АННА. Мен оған ғашықпын.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Сонда да көзіне түскің келмейді ғой. Ғашық жарың ақ қанатты перілердей ақ боз аттан қарғып түскенін өз көзіммен көрдім, ондай сымбат, ондай тұлға еш пенде де жоқ деп анаң айтады. Мен анаңның жадына сонша жат болып қала қойғанына шәргім бар, бір-ақ гәп келісті келбеті әсем сымбатта ғана емес, жігітте ол екеуінен басқа да әйелді табындыратын сипат болуы керек. Мәселең, ардың адалдығы, жанның тазалығы. Бірақ, әйелдер ондей еркектен бұғағы салбырап кетіпті, қарыны қампиып кетіпті деп алты көш аулаққа қашады. Көгершінім, күткен жарың, тоты құстай таранып, сұңқар құстай сыланып әлі-ақ келеді.
(Донна Анна кетіп қалмақшы болады.)
Тоқта! (жібермей орындыққа отырғызады.) Қайда барасың?
ДОННА АННА. Мен есімнен танатын түрім бар.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Сылқым жігіт қазір келіп, аялап, аймалап есінді жиғызады.
ДОННА АННА. Ол өзі қайда жүр?
ДИЕГО ӘКЕЙ. Осы сарайдың бір жерінде әдет бойынша қалыңдығын іздеп жүрген шығар. Дінсіздер бұндай түнді сұрқия түн дейді. Шежірешілердің айтуынша, әйел мен еркек бірінің-бірі кім екінін білмей қауышып, аймаласа береді екен. Әйелдер де, еркектер де бетіне ғана перде жауып, қалған жері енеден туған қалпы жалаңаш тойлайтын көрінеді. Бұл дінсіздердің ғұрпы.
ДОННА АННА. Біреу келе жатқан сияқты.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Қай жақта?
ДОННА АННА. Маған әлде қос көрінді ме?
ДИЕГО ӘКЕЙ. Құрма ағаштың сыбдыры ғой.
ДОННА АННА. Сөзіңізді бөлгеніме ғафу етерсіз, Диего әкей.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Иә, дінсіздердің атамзаманғы ғұрпы солай болыпты. Әйел мен еркек кездейсоқ табысыпты. Христиандар бұндай түнге табыс түні деп ат қойды; енді ол бұрынғыдай емес ғанибет сипат алды. Бұндай түнде енді тек күйеу мен қалындық қана аймаласатын болды. Олар махаббаттың құдіретімен, бірін-бірі беттеріне маска кисе де тануға тиіс болды. Аса бір ізгі, әсем ғұрып емес пе?
ДОННА АННА. Иә.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Бірақ, шежірелердің айтуынша, қалыңдық пен күйеу жігітте өзге думаншылардай маска киетін кезде, әр қилы өкінішті оқиғалар да болыпты. Шежірелер бұндай түндерде кімнің кім екені танылмай не қалындықтың, не күйеу жігіттің басқа біреумен жиі арандап қалғанын жазады... Сен тыңдап отырсың ба, қалқам.
ДОННА АННА. Біреу келе жатыр-ау деймін.
(Іштен Донна Эльвира шығады.)
ДОННА ЭЛЬВИРА. Диего әкей!
ДИЕГО ӘКЕЙ. Не боп қалды?
ДОННА ЭЛЬВИРА. Тезірек, бері келіп кетіңіз! Тез, тез... (Диего әкей кетеді, Донна Анна жаңғыз өзі қараңғыда қап қояды. Тоты құстың тағы да қарлыққан даусы шығады. Қорыққан Донна Анна әлгінде ғана Дон Жуан қарғыған балюстрадан секіріп өтіп, қараңғыға сіңіп жоқ болады. Донна Эльвира қайтып оралады.)
ДОННА ЭЛЬВИРА. Анна! Қайда кеттің? Анна!
(Диего әкей қайтып оралады.)
ДИЕГО ӘКЕЙ. Бұл, әрине, жезөкше әйел. Оның аты Миранда. Оны білмейтін кісі бар ма? Бұзылған неме бұл араға қайдан тап болған. Оның орны сайранхананың сасық төсегі емес пе? (бос қалған орындықты көреді.) Донна Анна қайда кеткен?
ДОННА ЭЛЬВИРА. Анна? Анна!
ДИЕГО ӘКЕЙ. Ол, бәлкім, сарайға кірген шығар.
(Донна Эльвира мен Диего әкей сарайға кіреді. Тыныштың. Тағы да тоты құстың қарлыққан даусы шығады.)

 

 
Интермедия 


Сахна алдына Селестина мен Миранда шығады.
СЕЛЕСТИНА. Байың өлген қатыңддй дауыс салмай қой енді. Қайдағы пәлені қайдан іздеп табасыңдар осы. Басыңды алып жүре алмайтын болсаң, қыңыр-соқырыңды қолтығыңа қыс та, қайқайып тұр!
МИРАНДА. Селестина!
СЕЛЕСТИНА. Жыламақ түгілі көзің ойылсын.
МИРАНДА. Қайда барып паналаймын.
СЕЛЕСТИНА. Ғашық болғышын... Маған ұялмай-қызармай қалай келіп тұрсың. Жарық жалғаннан жаңғыз-ақ еркекті сүйіп өтпек. Бар... бар! Затыңды ал да, зыт! Қайдағы бір махаббат-сахаббатты естеріңнен шығарындар деп қашанғы айтам осы? Ол неменің тауқыметін мен де тартқам, махаббат, махаббат деп маңқа болған сиырдай менің де әбден басым қатқан. Ол итің де өтті де кетті. Әйтпесе, осындай әйгілі мекемеге қожа бола алар ма ем? Жан жүрегіңді жарып шыққан көз жасының құдіретін мен де білем. Бірақ, сол уақытта ендігәрі бұндай есуас болмасқа бір құдайдың өзіне ант бергенмін. Мен сендерге туған аналарындай емеспін бе? Сен сияқты әрі сұлу, әрі өтімді әйелге бозбала бойжетендей ағыл-тегіл жылап, күні-түні қыңсылап отырып, не көрініпті. Қолы-ай, мұрны-ай, маңдайы-ай дейсің! Әлгі нақ сүйерінің тағы неменесі бар екен. Кәне айт, шапшаң! Саусағы-ай, құлағы-ай, сирағы ай! Кәне, жаныңның барында айт тезіреқ о немененің езге еркектен ала бөтен жаралған бірдеңесі бар ма екен? Бәсе, мауыққан мысықтай алаңғасарланып жүргеніңді әлдеқашан-ақ байқап едім-ау...
МИРАНДА. Ол өзге еркектерге атымен ұқсамайды.
СЕЛЕСТИНА. Жөнел!
МИРАНДА. Селестина!
СЕЛЕСТИНА. Жөнел дедім ғой. жөнел! Бұдан былай менің үйімнен бұндай есуасты көрсем, ит боп кетейін. Біреуге ғашық болып ап, ол жетпегендей, мына маған Испаниядағы ең үлкен сайранхананың иесіне, бет-аузы былш етпей жаңғыз-ақ еркекті сүйейін деп едім деп жалбарыныш қылады.
МИРАНДА. Е, жасаған, жар бола көр!
СЕЛЕСТИНА. Бұл менің берген тәрбиемнің, баққан-қаққанымның қиуазын қайтарғаның ба?
МИРАНДА. Селестина!
СЕЛЕСТИНА. Селестина, Селестина деп не қақылдай бересің? Бұл жүзі қара енді менің өзімді келеке қып тұрғаннан сау ма? Өйтіп өтірік келгірсіме, мен сағаң сайқал көрсе, сайтан арбағандай алданып қалатын ашық ауыз еркек емеспін. Шырағым, енді сені құдай аясын, менің аяғанымды, міне, алдымнан шығардың. Енді осы сөзімнен өзгерер болсам, атымды Селестина емес, басқа қой. Мен әз жөнімді өзім білемін. Сонда, сен, осы еркектер бұл араға не іздеп келеді деп жүрсің? Сен құсаған бір сайқал ғашық болсын, көрсін де талақтай жабысып, айырылмай қойсын деп келеді деп пе ең? Мен ғой, дүниеде әйелдің жасы да, кәрісі де, байы бары да, байы жоғы да, дәулеттісі де, дәулетсізі де жеткілікті деп қашанғы айтам. Бірақ, сөйте тұра, еркек біткен дүниеде жібі түзу әйел құрығандай неге осында келгіштей береді? Білмейсің бе, бикешім! Ендеше, біліп қой. Олар мұнда келгенде жалған қылымсудан, аяр аймаласудан атымен азат болады, қалтасындағы ақшасына керегін табады да, емін-еркін тояттайды. О байғұстардыңда бостандықты бір көрсе көретін жері тек осы. Өкімет орындары менің мекемемді жауып тастаймыз деп қиқу шығарғанда кемеңгер судья дон Октавионың не дегенін сен білмейсің ғой. "Бұл әйгілі ханымды мазалап қайтесіздер, әдебиет не қилы ібіліс-ластықты таратып жатқанда, мұндай мекемеден бәрібір құтыла алмаймыз", - деген, ол мені айдай әлемнің алдында ақтап алып қалған-ды. Демек мені, менің мекемемді мемлекеттің өзі қорғайды. Мен сен сияқтыларды еркіне жібере берсем, бұндай үлкен сенімге қайтып ие бола алам? Шырағым, мен мұнда нәзік сөзімнің базарын ашқан жоқпын, қарауымдағы ұрғашылардың бір еркектің құшағында жатып, екінші бір еркекке аңсары ауатын ұйтқыма мекерлігіне жол беріп қоя алмаймын. Ондай еркектер мұннан іздеп қайтеді, көңін күйеуіне сатып, көңілін басқаға базарлататын бір-бір жүзіқара үйлерінде де бар.
Жә, затыңды ал да, зытып тұр.
МИРАНДА. Сонда не істемекпін?
СЕЛЕСТИНА. Күйеуге шық.
МИРАНДА. Селестина...
СЕЛЕСТИНА. Сен қара басқыр енді күйеуге шықпағанда не істейсің? Сау басыңа сақинаны өзің тілеп тұрған жоқсың ба? Әйтпесе, біздің заманымызда нағыз қолды сұлу өзің болмас па ең, жұрттың бәрі саған таласып қырылысып жатпас па еді. Ғашық болғыш немесің ғой, ал, бол енді. Бәлкім, сарықарын бәйбіше болғаныңды көрерміз. Жолыңа тұрмайын. Айтпады деме, ертең-ақ өзің өкінесің, бірақ, бұл үйдің есігін енді қайтып ашуың қиынға түсер. Әдетте сендей сұлу тәнін сатса да, жанын ешкімге сатпас болар еді.
(Миранда жылап жібереді.)
Мен енді айтарымды айттым. Есігімнің алдынан аулаққа кетіп жыла. Бұл - сайранхана, қазір халық келеді. (кетеді.)
МИРАНДА. Мен оған ғашықпын.

Шымылдық 

 

 
 ІІ акт   

 

Сарайдағы зал. Абыр-сабыр әбігерленіп жүрген әйелдердің ортасында сәукеле киіп, Донна Анна отыр. Донна Инес қалыңдықтың шашын тарап тұр.
ДОННА ИНЕС. Жә, шуылдамай, аулақ кетіңдер. Өңіріне түйреуішті өзім қадармын. Қалындықтың жолдасы мен емеспін бе, сендерге не бар? Айнаны алып кел.
(Әйелдер кетеді).
Шашың су-су ғой. Тіпті тарақ өткізбейді, мынаны қара, топырақ жұғып қалыпты. Қайда болып ең? Шөп те жабыс-ан ба?
(Донна Анна үндемейді.)
ДОННА АННА. Иә.
ДОННА ИНЕС. Мүлгімей есіңді жина, бүгін тойың ғой. Естімейсің бе, қоңырау соғып жатыр. Родриго жаңа жұрттың бәрі балконға шығып, анталап күтіп тұр деп кетті. Севильяда мұндай той өмірбақи болган емес деседі.
ДОННА АННА. Мүмкін,..
ДОННА ИНЕС, Тағы бір шөп таптым. Түсіңде қайда барып жүр едің? (Ол Аннаны тарап болып, айнаны қолына алады.) Анна, мен оны көрдім.
ДОННА АННА. Кімді көрдің?
ДОННА ИНЕС. Есіктен сығалап көрдім. Несін жасырасың? Ол тордағы жолбарыстай аласұрып жүр екен. Кенет тоқтай қап, қынынан қылышын суырып, жүзіне қарады. Сайысқа шығатын кісі сияқты. Тұла бойына түп-түгел сусыма ақ жібек киіпті.
ДОННА АННА. Менің пердем қайда?
ДОННА ИНЕС. Қазір мынау қара түндей пердеңді әулие әкей өз қолымен көтеріп: Дон Жуан, сен қызды танисың ба? Донна Анна, сен бұл жігітті танисың ба? - деп сұрайды.
ДОННА АННА. Біз егер бір-бірімізді танымай қалсақ не болады?
ДОННА ИНЕС. Анна!
ДОННА АННА. Пердемді берші.
ДОННА ИНЕС. Әуелі айнаға қарап ал.
ДОННА АННА. Қарағым келмейді,
ДОННА ИНЕС. Анна, сен сондай әдемісің...
ДОННА АННА. Мен өте бақыттымын. Тек тезірек тағы да түн болса екен. Мен енді әйелмін. "Қабырғаға түскен көлеңкемізге қарашы, біз енді біріміз әйел, біріміз еркекпіз",- деді ол. Бұл түсім емес, өңімде болды. Неге қызарып кеттің, өйтсең, менде ұяламын. Жоқ, бұл түсім емес. Біз мәз-мәйрам күлдік. Аты-жөнімді де сұрамастан аймалай жөнелді. Әуелі ол мені ернімнен сүйді, сосын оның аты-женін сұрамау үшін, мен ернінен сүйдім. Ол мені көтеріп алды да, тоғанды кешіп, арғы бетке алып өтті, қап-қара судан аяғын қалай алып жүргеніне дейін естіп жаттым.
ДОННА ИНЕС. Ол күйеу жігіт пе?
ДОННА АННА. Менің күйеуім енді басқа ешкім де емес, тек сол болады. Менің бар білетінім тек сол ғана. Оған басқа ешкімнің керегі жоқ. Бүгін тағы тоған қасында күтіп тұрады. Енді одан басқа кісінің маған қолын созуға қақысы жоқ. Жарық жалғанда мен үшін одан артық, одан асыл ешкім жоқ. Мен оны жанымдай жақсы көрем.
ДОННА ИНЕС. Жайырақ сөйле.
ДОННА АННА. Тезірек түн болса екен.
ДОННА ИНЕС. Біреулер келе жатыр.
ДОННА АННА. Пердені берші. (Гонсало мен Диего әкей кіреді.)
ДОН ГОНСАЛО. Ақ некенің шағы болды. Мен өзім жалтылдақ сөзге шорқақтау жанмын. Әкең байғұстың не күйде тұрғанын өзің біле жатарсың, келші, бетіңнен бір иіскейін.
ДОН ДИЕГО. Перде қайда?
ДОННА ИНЕС. Қазір.
ДОН ДИЕГО. Барып, әзірлене беріңдер. (Донна Инес пен Донна Анна шығып кетеді.)
ДИЕГО ӘКЕЙ. Міне, енді, оңаша қалдық. Сіз неге мүдіріп тұрсыз. Айта беріңіз, командор. Мен - монах, сіз - бір үйлі жанның әкесісіз, бір-бірімізді түсінісерміз. (Екеуі де отырады.) Айта беріңіз.
ДОН ГОНСАЛО. Жаңағы айтқанымдай, Кордоваға да жеттік. Барсақ дінсіздердің билеушісі Мұхамед қара жамылыпты, қасында бүкіл сарай адамдары ағыл-тегіл жылап отыр. "Енді, бәрі сіздікі. Шетінен иемдене беріңіз, христиан жиһангері», - деді Мүхамед. Осыншама сән-салтанатқа айран-асыр қап, тұрып қалыппын. Ондай әдемі сарай өңім түгіл, түсіме кірген емес. Күмбездері күмістей жалтырайды, жан-жағыңның бәрі хауыз, бәрі гүлзар. Мұхамед көзінің жасын көл қылып тұрып, кітапханасының кілтін берді. Мен оны сол бойда өртетіп жібердім.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Гм.. м!
ДОН ГОНСАЛО. "Ал, мынау менің гаремім еді", - деп, Мұхамед тағы да жылап жіберді. Қыздар ызы-қиқы дауыс сап жатыр. Бір кереметтей жұпар иіс танауымды жарып барады. "Ал, христиан жиһангері, бұлар да сенікі, бұларды да иемдене бер",- деді ол.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Гм-м...
ДОН ГОНСАЛО. Шетінен жұпар аңқиды.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Оны айтқансыз.
ДОН ГОНСАЛО. "Ал, шетінен иемдене бер!",- деді Мұхамед.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Өздері қанша екен?
ДОН ГОНСАЛО. Қыздарды айтасың ба?
ДИЕГО ӘКЕЙ. Иә.
ДОН ГОНСАЛО. Әлде жетеу, әлде тоғыз.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Гм-м!
ДОН ГОНСАЛО. Мен сол күнгі күнәма кешірім алмай тұрып, некелесу салтанатына қатысқым келмеп еді.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Түсінікті.
ДОН ГОНСАЛО. Әңгіме менің жар төсегімнің тазалығы жайында..
ДИЕГО ӘКЕЙ. Өйтіп, мені шошытпаңыз!
ДОН ГОНСАЛО. Мен оған он жеті жыл бойы адал жар болдым.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Оны жұрттың бәрі біледі. Сіздің ақ адал некеңізді шайтан иектеген, ақ жолдан азғандардың бәріне өнеге тұтып уағыздап келеміз. Әлгі гарем ұстайтын һарам дінсіздер енді Севильянның ошақ басы даушарына қай беттерімен күле алар екен! Командор, егер осы Испанияда сізге ұқсаған өнегелі күйеу болмаса... Жә, сөзіңізді бөлмейін.
ДОН ГАНСАЛО. "Енді бәрі де сенікі",- деді ол.
ДИЕГО ӘКЕЙ. "Ал да, иемдене бер", - деді ғой.
ДОН ГОНСАЛО. Дәл солай деді.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Иә?
ДОН ГОНСАЛО. Қыздар тек арабшаға ғана түсінеді екен, әйтпесе, әңгімені бұнша соза беріп қайтейін. Мен оларға үйлі-баранды екенімді, ондай нәрсенің күнә болатынын ұғындыра алмадым.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Немене қыздар ерсі бірдеңе істеді ме?
ДОН ГОНСАЛО. Мұхамедке істейтіндерін істегісі келді.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Иә, сосын...
ДОН ГОНСАЛО. Диего әкей, мен күнәға баттым.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Түсінікті.
ДОН ГОНСАЛО. Көңіліме бір арам ой қашты, о да күнә ғой.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Тек сол ғана ма?
ДОН ГОНСАЛО. Сол арада ішімнен жар төсекке адалдыққа берген антыма алғаш рет тіл тигіздім.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Сосын?
ДОН ГОНСАЛО. Сосын сол арада он жеті жылғы ақ некелі өміріме өкіндім.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Иә, сосын не істедіңіз енді?
ДОН ГОНСАЛО. Нені айтасыз?
ДИЕГО ӘКЕЙ. Дон Гонсало, абыржымаңыз, ағыңыздан жарылып, адал сырыңызды айтыңыз. Менен жасырғанмен, құдайдан жасыра алмайсыз.
ДОН ГОНСАЛО. Сонда нені айт дейсіңіз.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Бәріміз де күнәһар пендеміз, қысылмаңыз, айта беріңіз.
ДОН ГОНСАЛО. Мен ештеңе істегенім жоқ.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Ештеңе істемегені қалай?
(Әдемі киінген Донна Эльвира, Тенорио, Дон Родриго, үш күзен, балалар мен қыздар, кернейшілер кіреді.)
ДОННА ЭЛЬВИРА. Қадірлі зайыбым, бәрі әзір. Осыдан он жеті жыл бұрынғыдай думандатып жатырмыз. Шіркін, сол жастық шақ қайта оралар ма еді?
ДОН ГОНСАЛО. Ал, күйеу жігіт, қайда?
ДОННА ЭЛЬВИРА. Ол қандай сүйкімді еді!
ДОН ГОНСАЛО. Келді ме өзі?
ДОН РОДРИГО. Менің досым Дон-Жуан кешіккеніне кешірім өтінеді. Кеше ұзақ жол жүріп, шаршап қалып, балға келе алмапты. Қалыңдығы мен болашақ қайын ата, қайын енесінің алдында мүлгіп тұрмайын деп, көз іліндіріп алмақ болған екен, таң сарғайғанша бақша ішінде ұйықтап қалыпты. Менен осы жағдайымды түсіндір деп сұрап еді. Ол сіздер кешірді деп хабарлағанымша, ұялып кіре алмай тұр.
ДОННА ЭЛЬВИРА. Ұялып тұр дейсіз бе, мен көрген күйеудің ішіндегі ибалысы екен. Кешірмейтіндей не жазыпты. (Дон Родриго кетеді.) Мен оны көргенімде: "Неге қолыңды тістелеп тұрсыз?"- деп сұрадым, ол үнсіз телміріп тұра берді. "Донна Аннамысыз?", - деп сұрады ол, қалыңдығын көргеңдей қызарақтап, шамасы оның қандай екенін де білмейтін болса керек. Шіркін, сондай жігіттің қалыңдығы болсам!.. Мен юбкамды түзеп болғанша, ол иіліп тағзым да еткен жоқ. Менің соңымнан көз алмай қарап тұрғанын айнадан көзім шалып қалды. Өзі сондай аңғал, әлде бір тұңғиық ойға батқан...
ТЕНОРИО. Онысы жаман емес.
ДОННА ЭЛЬВИРА. Құдды өлім жазасына кесілген кісідей сілейіп тұр.
(Керней даусы. Дон Родриго мен Дон-Жуан кіреді.)
ТЕНОРИО. Балам!
ДОН-ЖУАН. Әке!
ТЕНОРИО. Сәл сабыр етулеріңізді сұраймын. Әдет бойынша менің бір-екі ауыз сөз айтуым керек. Қуанышым қойныма сияр емес Жарығым, сенің де күйеу болып, жар сүйгеніңді көргелі тұрмын. Дос-жарандар менің қазіргі қуанышыма өздері де түсінеді. Балам, бұл, алғаш рет те, ақырғы рет те жар сүйгенің болсын.
ДОННА ЭЛЬВИРА. Жақсы айттыңыз.
ТЕНОРИО. Бабалардың салты ғой...
ДИЕГО ӘКЕЙ. Қысқарта айтыңыз.
ТЕНОРИО. Жасаған беттеріңнен жарылғасын, бақыттарыңды ашсын.
(Дон-Жуан тізерлеп тағзым етеді.)
ДОННА ЭЛЬВИРА. Неткен ибалы жігіт.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Сіз не дедіңіз?
ДОННА ЭЛЬВИРА. Неткен ибалы жігіт деймін. (Дон-Жуан орнынан тұрады.)
ДОН ГОНСАЛО. Ұлым.
ДОН-ЖУАН. Қайын ата.
ДОН ГОНСАЛО. Мен де сөзге шорқақ кісі едім, айтқаным келте шықса кешірім өтінемін. Бірақ, тілегім дұрыс. (Дон Жуан тағы да тізе бүгіп тағзым етеді.) Неке қиятын уақыт болды.
ДОННА ЭЛЬВИРА. Киелі әкем, менің қадірлі зайыбым онша ділмар кісі емес, енді айтатын сөзі жоқ. Дабыл бергізсек, қайтеді.
ДОН ГОНСАЛО. Иә, уақыт болды.
ТЕНОРИО. Құдай оң десін!
ДОН ГОНСАЛО. Құдай оң десін!
(Екі күда құшақтасады. Керней даусы шығады. Бетіне қара перде жауып, ақ жібек киінген қалыңдық шығады. Оны Донна Инес қолтықтап келеді. Үрдіс бойынша Дон Жуан қалыңдығының қарсы алдына барып тұрады. Алдарында священник. Жұрттың бәрі жер тізерлейді. Керней ойналады.)
ДИЕГО ӘКЕЙ. Сен, Севилья командоры дон Гонсало Уллоаның
ДОН-ЖУАН. Мен әзір емеспін дедім ғой.
(Священник дұға бастайды.)
Жоқ! Әзір емеспін!
(Жұрт тізерлеп мінәжат қылады.)
Мен әзір емеспін!
(Дұга үзіледі. Үнсіздік.)
Халайық, түрегеліңіздер!
ДОН ГОНСАЛО. Мынау не деп тұр?
ТЕНОРИО. Балам, саған не болған...
ДОН ГОНСАЛО. Әзір емеспіні қалай?
ДОН-ЖУАН. Иә. Дәл қазір әзір емеспін. Кешіріңіздер... Сіздер неге тұрмайсыздар?
ДИЕГО ӘКЕЙ. Бұл не болғаны сонда?
ДОН-ЖУАН. Мен ант су іше алмаймын.... біз бүгінгі түнді бірге өткізіп едік, мен сосын таныдым...
ДОН ГОНСАЛО. Мынау не деп тұр?
ДОН-ЖУАН. Бір түн бойы бірге түнеп шықсақ, бір-бірімізді, әрине, бірден танимыз.
ДОН-ГОНСАЛО. Бірге болдық дей ме? Бұл не дегені?
ДОН-ЖУАН. Мен бұны айтпай-ақ қояйын деп едім.
ДОННА АННА. Бірақ, рас қой.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Балалар, барыңадр! Жә, доғарыңдар, болды!
ДОН-ЖУАН. Біз ойда жоқ жерде кеше түн ортасыңда бақ ішінде жолықтық. Қараңғы түнде бір-біріміздің кім екенімізді де білген жоқпыз. Бір-бірімізді де сол арада сүйіп қалдық. Бүгін тағы да тоған жанында көздесуге уәде байластық. Сол жолығыста мен оны алып қашуға ант бергенмін.
ДОН ГОНСАЛО. Алып қашуға?
ДОН-ЖУАН. Иә.
ДОН ГОНСАЛО. Менің қызымды ма?
ДОН-ЖУАН. Мен онда сіздің қызыңыз екенін білген жоқпын...
ДОН ГОНСАЛО. Сен Эльвира, сірә, бірдеңе түсініп тұрмысың?
ДОННА ЭЛЬВИРА. Қашанда сен түсінбегенді мен түсінуші едім ғой.
ДОН-ЖУАН. Егер мен кеше әбден шаршап бақ ішінде таң атқанша ұйықтап қалмағанда, шынымды айтайын, бүгін осы шырғалаңның бірі де болмас еді. Енді не істейін? Кеш қалыппын. Соның арасынша керней де зарлай жөнелді. Сосын не болса о болсын, артын бір көрерміз, әзірге ант-су ішіп алдарқата тұрайын, мейлі бүгінгі той шатаққа айналса айнала берсін, қас қарайған соң кешегі қызды алып қашып кетемін деп ойладым. (Донна Аннаға бұрылады.)
Бұлай болатыны үш ұйықтасам түсіме кіріп пе?
ДИЕГО ӘКЕЙ. Нені айтасың?
ДОН-ЖУАН. Сені менің қалыңдығым деп ойлаған емеспін.
ТЕНОРИО. Әй, жастық ит, бүлдірмей жүрмейсің-ау!
ДОН-ЖУАН. Әке, мені ешқандай дыр-думанмен өзім сенбейтін нәрсеге ант беруге көндіре алмайсыздар. Мен ең алдымен өзіме сенбеймін. Кімді сүйетінімді де білмеймін. Бұл айтып тұрғаным имандай шыным. Сіздерге бұдан басқа айтар сөзім жоқ. Осы арадан тезірек кетуге рұхсат етсеңіз, ең ғанибеті сол болар еді.
(Тағзым етеді.) Істің бүйтіп насырға шапқанына өзім де аз өкініп тұрған жоқпын.
ДОН ГОНСАЛО. Арды аяққа басқан әзәзіл неме!
(Дон Жуан кетуге ыңғайланады.)
Сен мен тірі тұрғанда бұл үйден тірі шықпайсың. (Қылышын суырады.)
ДОН-ЖУАН. Бұныңыз не?
ДОН ГОНСАЛО. Сен бұл үйден тірі шықпайсың!
ДОН-ЖУАН. Бұл шыныңыз ба?
ДОН ГОНСАЛО. Қапы қалма, қорғанып бақ!
ДОН ЖУАН. Мен бәрібір сыйыспаймын.
ДОН ГОНСАЛО. Мен тірі тұрғанда, сен бұл үйден тірі шықпайсың деп айттым ғой. Осы сөзімде тұрмасам, Дон Гонсало атым құрысын.
ДОН-ЖУАН. Мен ешкімді өлтіргім келмейді.
ДОН ГОНСАЛО. Ендеше, тірі кетпейсің!
ДОН-ЖУАН. Бұдан не пәтуа шығады? (Екінші жаққа бұрылады.)
Донна Эльвира, сіздің зайыбыңыз маған бостан-босқа кісі қанын арқалатпақшы. Бір амалын тапсаңызшы, өтінем? (Донна Эльвираға тағзым етіп, кетіп қалмақшы болады. Қыздың үш немере ағасы қылыштарын суырып, алдын кескестейді.) Бұларыңыз шын ба, жоқ қалжың ба?
ДОН ГОНСАЛО. Ар төккен аяр неменің сазайын тартқызындар.
ҮШ ЖІГІТ. Тартқызамыз!
(Дон-Жуан қылышын суырады.) Аяр неме ажалын бізден табады!
ДОН-ЖУАН. Қызметіңізге әзірмін.
ДОННА ЭЛЬВИРА. Доғарыңдар!
ДОН-ЖУАН. Жә, тап мына сабаздардан саса қояр мен жоқпын.
ДОННА ЭЛЬВИРА. Тоқтат! (Ара түседі). Төртеуің бірдей бір жігітке жабылайын деп пе едіңдер ? Біз әлі жас жігіттің сонша неге абыржығанына да түсініп тұрған жоқпыз. Естерің дұрыс па, өздеріңнің?
Ақылға келіңіздер, түге. Жә, доғарыңдар енді! (Қылыштарын түсіреді. Әулие әкей, сіз неге үндемейсіз?
ДИЕГО ӘКЕЙ. Мен...
ДОН-ЖУАН. Әулие әкей үндегенде не дейді? Мені басқа түсінбесе де, бұл кісі түсінер. Өзінің осы күнге дейін үйленбей бойдақ жүруі тегіннен-тегін деп пе едіңіз!
ДИЕГО ӘКЕЙ. Мені айтасың ба?
ДОН-ЖУАН. Иә, сіз, мәселен, донна Эльвираға нағып үйленбедіңіз?
ДИЕГО ӘКЕЙ. Тәңірім-ау мынау не дейді?
ДОН-ЖУАН. Дұрыс айтасыз. Сіз тәңірге сиынасыз, мен геометрияға сиынам. Ақыл-ойы дұрыс еркек табынғасын, тап әйелден гөрі естірек те қасиеттірек те бірдеңеге табынуы керек қой.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Сонда бұл сөзіңнің төркіні не?
ДОН ЖУАН. Қалай түсінгіңіз келсе, солай түсініңіз.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Дегенмен де.
ДОН-ЖУАН. Менің де ойлағаным бар. Одан ешкім айныта алмайды. Мен, бірақ, осы сөзіме басқа түсінсе де тап командордың түсіне қоятынына шәгім бар.
ТЕНОРИО. Әй, жастық ит-ай!
ДОН-ЖУАН. Немене әке, жүрегің жарылып бара ма! Сен мені он үш жасымнан қит етсем, жүрегім жарылады деп қорқытатынсың. Мен енді сол жүрегіңіз шыннан тарс айырылып кетсе де, таңғала қоймаспын, (үш жігітке.) Кәне, сайысамыз ба, жоқ па?
ДОННА ЭЛЬВИРА. Дон-Жуан, қымбаттым...
ДОН-ЖУАН. Мен де жігітпін, Донна Эльвира. Әйелдің арына менде ара түсе аламын. Бірақ, жас екен деп оп-оңай басымды айналдырғысы келетіндерге тәлкек болар жәйім жоқ.
ДОННА ЭЛЬВИРА. Қымбатты Дон-Жуан...
ДОН-ЖУАН. Маған айтар не қолқаңыз бар?
ДОННА ЭЛЬВИРА. Менің жалғыз-ақ сауалым бар. Соған жауап берсеңіз болды. (Жігіттерге). Жоғалт әрі! (Күйеуіне) Сен де шошаңдата бермей, көзін құрт былай! Олар қылыштарын салып қояды. Дон-Жуан Тенорио, сіз қалыңдығыңыз Донна Аннаға үйленуге келіп пе едіңіз?
ДОН-ЖУАН. Кеше солай болатын.
ДОННА ЭЛЬВИРА. Түсінемін. Кенет сіз де, Анна да жүрексініп, баққа бардыңыздар. Екеуіңіз де ендігі тағдырымыз не боп кетеді деп абыржыдыңыздар. Рас қой? Сол арада қараңғыда бір-біріңізге жолығып қалдыңыздар, жайсаң жар құшағын, жарқын тағдырларыңызды да тап сол арада таптыңыздар.
ДОН-ЖУАН. Дәл солай.
ДОННА ЭЛЬВИРА. Таң-тамаша болдыңыздар.
ДОН-ЖУАН. Иә.
ДОННА ЭЛЬВИРА. Сіз сол арада өзіңіз көзіне шөп салған қалыңдығыңызға үйленбей, әлгі жолыққан қызды алып қашпақшы болдыңыз.
ДОН-ЖУАН. Иә.
ДОННА ЭЛЬВИРА. Ендеше неге солай етпейсіз?
ДОН-ЖУАН. Неге өйтем?
ДОННА ЭЛЬВИРА. Сіз сол қыздың қалыңдығыңыз да, ғашығыңыз да бір өзі болғандықтан қашан алып кетер екен деп әбден тағаты таусылып тұрғанын көрмей тұрсыз ба?
ДОН-ЖУАН. Енді алып кете алмаймын.
ДОННА ЭЛЬВИРА. Неге?
ДОН ГОНСАЛО. Неге? Неге? Не негесі болсын! (Қылышын суырып.)
Қызымның арын төккен неменің мен қанын төгем.
ДОННА ЭЛЬВИРА. Қадірлі зайыбым...
ДОН ГОНСАЛО. Қорғаныңыз!
ДОННА ЭЛЬВИРА. Қадірлі зайыбым-ау, біз енді келісімге келейік те?
ДОН-ЖУАН. Келісім жоқ. Мен ант бере алмаймын. Кімді сүйетінімді анық білмей тұрып, қалай ант берем. Байқасам адамның басына тап болмайтын нөрсе жоқ екен. Қадірлі қалыңдығым, сіз кеше басқа жігітті емес, мені, болашақ күйеуіңізді сарыла күттіңіз ғой, сөйте тұра көзіңізге бірінші түскен кездейсоқ біреумен бақытқа кенелген жоқсыз ба?
ДОН ГОНСАЛО, Жетті енді!
ДОН-ЖУАН. Басыңызға мәрмәр ескерткіш қойдыруға сонша асықсаңыз, сіздің-ақ дегеніңіз болсын! (күледі.) Христиандардың қаһарманы басыңызбен Кордова гаремінде сілекейіңіздің қалай шұбырғанын мен өз көзіммен көріп едім. Мавр қыздары сіздің ер жүрегіңізді ертіп, әбден басыңызды айналдырып алды. Бірақ, сонда құлқыныңыз құрып тұрса да, қайраныңыз болмай, қалай абдырағаныңыз да көз алдымызда. Неге үндемейсіз?
(Дон Гонсалоның қолынан қылышы түсіп кетеді.)
Мен қызметіңізге әзірмін.
ДОННА ЭЛЬВИРА. Жуан...
ДОН-ЖУАН. Осы менің бұл арадан тезірек кеткенім жөн болар. Әйтпесе, әдептен асып барамын. (Қылышын қынына салады.) Ал, мен енді Севильядан қарамды өшірейін.
ДОННА АННА. Жуан!
ДОН-ЖУАН. Қош бол! (Донна Аннаның қолынан сүйеді.) Анна, мен қалыңдығымды ма, жоқ басқа қызды ма, қайсысын сүйетінімді әлі білмей дағдарып жүргенде сені сүйіп ем. Енді маған екеуі де жоқ. Енді маған сен де жоқсың. Мен енді өзімнің де не боларымды білмеймін. (Тағы да қолынан сүйеді.) Қош бол.
ДОННА АННА. Қош бол! (Дон-Жуан кетеді.) Жуан, ұмытпа! Бүгін қас қарая тоған қасында күтемін. Ұмытып кетпе. Жуан... Жуан!... Жуан!...
ДИЕГО ӘКЕЙ. Әлгі әззәзілді (Донна Анна соңынан жүгіріп кетеді.) тегіннен-тегін жіберіп қойып, тұрасыздар ма?
ДОН ГОНСАЛО. Жасаған жорытқанда жолын қылмасын.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Құдайдың кәрі дін адамы қарғаса ғана түседі.
ДОН ГОНСАЛО. Тез, қуып жетіңдер! Тез! Бақты қоршап ап шығармаңдар. Тезірек! Иттерді де босатыңдар! Барыңдар!
(Сахнада Донна Эльвира мен Тенорио ғана қалады.)
ТЕНОРИО. Ұлымның мына қылығына жерге кіріп кете жаздадым.
ДОННА ЭЛЬВИРА. Жоқ, ол жайсаң жігіт.
ТЕНОРИО. Тірілей өлтірді деген осы ғой. Енді қайттім.
ДОННА ЭЛЬВИРА. Жә, қойыңызшы. Босқа күйгелектемей...
ТЕНОРИО. Іштен шыққан шұбар жылан, итке талатқандары ма? Менің балам қыздың арын төгіпті дегенге сенбеймін. Әйел атаулыдан алты көш алыс жүретін неме әлгі геометриясына тезірек оралу үшін осының бәрін ойдан шығарып жүрмесе. Жаңа маған жүрегің жарылып кетсе де еш таңғалмаймын деді-ау, естідіңіз бе баламның маған не дегенін?
(Ит үреді. Диего әкей оралады.)
ДИЕГО ӘКЕЙ. Сеньор Тенорио, жүр, кетейік!
(Донна Эльвира жалғыз қалады.)
ДОННА ЭЛЬВИРА. Неткен жайсаң жігіт еді!
(Дон-Жуан шығады.)
ДОН-ЖУАН. Қу тобырды түгел қыран-жапқандай қылармын, бірақ үйленбеспін. Келсін, көкелеріне керістірейін шетінен.
ДОННА ЭЛЬВИРА. Кеттік!
ДОН-ЖУАН. Қайда?
ДОННА ЭЛЬВИРА. Менің бөлмеме бара тұрайық.
(Қылыш ұстап Тенорио шығады, құшақтасып бара жатқан Дон-Жуан мен Донна Эльвираны көреді.)
ТЕНОРИО. Әй, жастық ит-ай, жүрісің осы-ау!
(Қылыштарын жалаңдашып, иттерін арсылдатып қуғыншылар шығады.)
ДОН ГОНСАЛО. Қайда тығылды?
(Тенорио көкірегін ұстайды.)
Кетті! Бақты қоршаңдар!
(Қуғыншылар тым-тырақай жүгіре жөнеледі.)
ТЕНОРИО. Мен өлетін шығармын...  


 
Иинтермедиа 

 

Сахна алдына қалыңдықша киінген Миранда мен қолында ине-жібі бар Селестина шығады.
СЕЛЕСТИНА. Әр нәрсенің өз орны, өз уақытысы бар. Асықпа. Той шамалыда бітіп болмайды, тост көтеріп әбден құмарларынан шыққанша қашан!
МИРАНДА. Әйтеуір, танып қоймаса жарар еді. Танып қойса, шын масқара сонда болсын. Е, жасаған, тек өзің жар бол! (Қимылдамай тік тұрады, Селестина көйлегіне бірдеңелер қадайды.) Селестина!
СЕЛЕСТИНА. Қалтырама, ине кіріп кетеді.
МИРАНДА. Селестина, мен шынында қалыңдыққа ұқсаймын ба өзі?
СЕЛЕСТИНА. Құйып қойғандай! (Тіге береді.) Жаратқанның қолынан шыққан жан-жануардың ішіндегі ең топасы еркектер болады деп саған талай айтпадым ба? Мен тігінші болған адаммын, шын шілтер мен өтірік шілтерді кім айырып жатыр. Оның ішінде еркек байғұсқа бәрі жәрекімалла.
МИРАНДА. Селестина, демім бітіп барады.
СЕЛЕСТИНА. Бітпей қайтеді, сен тал шыбықтай бұралған қылдырық бел қыз емессің ғой, көкірек тұсыңді көбірек қынадым. Енді қолтығыңның астынан қайтарайын. Сонда тіпті де байқамайды. Байқаған кезде кеш болады. Қалтырамашы. Әйтпесе, ине кіріп кетіп жүрер. Іш киімің бар ма еді?
МИРАНДА. Іш киім дейсің бе? Жоқ.
СЕЛЕСТИНА. Іш киімге көзі түссе ең бір мәртебелі деген мырзалардың өзі бір сөйлеп қалады. Кенет іш киіміңнің қызғылт екенін, не көгілдірі екенін көреді де, талғамыма сай келмедің деп, шалқаларынан түседі. Кейде романдар жайында дауласып қалсаң: "Екеуміз екі көзқарастың адамы екенбіз" - деп, кергіп терезеге қарағыштап кетуге асығатын ақымақтар болады ғой. Менің құдай ұрып әдебиет жайлы әңгіме қозғап жүрмеңдер деп құлақтарыңа құя беретінім де сондықтан, Ант атайын десе, сөйтіп атады. Іш киім де сол әдебиет сияқты нәрсе емес пе! Кейбір қанша жау келсе де, қасқайып тұрып қарсы алатын қасқыр еркектердің өзі қып-қызыл қып ішкиіміңді шешіп жатқаныңды көргенде беттерінен басады. Талғам жайлы таласпас болар деген әңгіме де содан қалған шығар. Ең дұрысы, ештеңе кимеген ғой. Қапелімде, бұныңа кім-кімде таңғалуын таңғалғанмен, ешқайсысы шамданбайды.
МИРАНДА. Селестина...
СЕЛЕСТИНА. Жә, қалтырап-дірілдемей дұрыс тұр.
МИРАНДА. Бұнымнан не шығар екен, Селестина күнә боп жүрмей ме?
СЕЛЕСТИНА. Енді ештеңе сезіле қоймас. Көкірегің он алтыға осы қазір толып турғандай нағыз көгершін төс... Несіне қорқасың, Енді етегіңді сәл көтерейік. Сонда аяғың көбірек көрінеді. Бүгін де әйелдің сипатын сирағына қарап сынайтын болды ғой жұрт.
МИРАНДА. О, тәңірім-ай!
СЕЛЕСТИНА. Кел, әуелі пердеңді қадайын.
МИРАНДА. Ой, жасаған-ай!
СЕЛЕСТИНА. Неменеге үсті-үстіне күрсіне бересің?
МИРАНДА. Осы істеп жатқанымыздың бәрі алдамшылық қой!
СЕЛЕСТИНА. Әрине... (юбкасын көтереді.) Енді етегінен сәл түрейік.
МИРАНДА. Тым шелтиіп кетпей ме?
СЕЛЕСТИНА. Мені бір миғұла көресің-ау өзің!
МИРАНДА. Селестина!
СЕЛЕСТИНА. Енді сәл шыда, бәрі де келісіп кетті.
(Миранда шыр көбелек айналады, Селестина етегін түреді.)

Сен немене, қалыңдығым Донна Анна, көрдім бе, көрмедім бе сені деп есінен танып, құлқыны құрып, құшағыңа құлай кетеді ғой деп тұрсың ба? Әй, ақымақ неме, сенің алып ұшқан көңілің әлі-ақ су тамызғандай болар. Мұндай-мұндай қысыр қиялды осы бастан басыңнан шығар. Егерде арыңда бір ақауы бар болса, сені көргенде:
"Ә, донна Анна" деп бір күмілжір. Сонымен сауық-сайраныңның біткені... Сен, немене, одан сабынның көбігіндей бұрқыратып, "жаным-тәнім", "сүйем-күйем" деген көп өтірік көбелек сөз күтетін бе едің? Жо-оқ, жарығым, оның әлі қасыңа келіп, бетіңнен иіскеуге де мұршасы болмайды. Некелі күйеу дегеніңнің не дүние екенінен біздің де хабарымыз жоқ емес. Еркектердің емешегі құрып, емірене жөнелетіні тек осында келгенде ғой. (Етегін түреді.) Міне осылай.
МИРАНДА. Рахмет...
СЕЛЕСТИНА. Қалыңдықтың көңіл-күйі қалай екен? (Қоңырау сылдырлайды.) Тағы да біреулер келді-ау.
МИРАНДА. Айнаны маған тастап кет. (Испан ақсүйегі кіреді.)
СЕЛЕСТИНА. Не керек еді?
ЛОПЕС. Қателесіп кірген жоқ па екем?
СЕЛЕСТИНА. Қателеспеген боларсыз.
ЛОПЕС. Менің атым - Лопес.
СЕЛЕСТИНА. Солай болса солай шығар.
ЛОПЕС. Мен Толедодан келіп ем.
СЕЛЕСТИНА. Түсінікті, жолдан шаршап келген соң, тынықпақшысыз ғой, шамасы.
ЛОПЕС. Мен - дон Бальтазар Лопеспын.
СЕЛЕСТИНА. Аты-жөніңізді айта беріп қайтесіз, ақшаңызды төлесеңіз болды.
(Лопес жан-жағына қарайды.)
Іздеген жеріңізге келдіңіз, Төрлетіңіз.
(Лопес Мирандаға қарайды.)
Мына қыздың бүгін демалатын күні. (Кетеді.)
(Миранда айнаның алдында жалғыз қалады.)
МИРАНДА. О, тәңірім, сақтай көр! Ол мені тек қалыңдығым деп қабылдасын, бұл мейлі өңім болмай, түсім-ақ бола қойсын. Содан басқа тілегім жоқ. Ол тек аяғыма жығылып, жер бетіндегі жалғыз сүйетін әйелім Донна Анна осы десе болды... О, тәңірім...

шымылдық

ІІІ акт  


Қамалдың алды. Дон-Жуан таңсәріде елең-алаңда баспалдақта әлдене жеп отыр. Алыстан ит арпылы естіледі. Дон Родриго кіреді.
ДОН РОДРИГО. Жуан? Жуан, бұл мен өзіңнің досың дон Родригомын. Танымадың ба? (Дон-Жуан үн-түнсіз тамағын жей береді.) Жуан?
ДОН-ЖУАН. Не боп қалды, Родриго достым, сен неге қайырлы таң демейсің?
ДОН-РОДРИГО. Иттердің арпылдап жатқанын естімей отырсың ба?!
ДОН-ЖУАН. Е, ол түні бойы құлағымды сарсытты. Сарайдың біресе о шетінде, біресе бұ шетінде бұқпақтап жүргенде кейде дәл қасымнан шығады, кейде алыстап кетеді. Шіркіндердің, сірә, тамағы қарлықпас екен.
ДОН РОДРИГО. Мен сені түні бойы іздедім.
(Дон-Жуан үндемей тамағын жей береді.)
Абай бол деп ескертейін деп едім.
(Дон-Жуан үндемей тамағын жей береді.)
Сен мынау жұрттың бәрі көретін жерде не бітіріп отырсың?
ДОН-ЖУАН. Тамақтанып отырмын.
ДОН РОДРИГО. Жуан, бері қарашы...
ДОН-ЖУАН. Қалыңдығыңа бүгіндікке жолықтың ба?
ДОН РОДРИГО. Жоқ.
ДОН-ЖУАН. Достым онда қате болған. Қызы құрғырды ешқашан оңаша қалдырмаған жөн. Кенет бір кездейсоқ жігіт иттен қорқып, соның бөлмесіне бас сауғаласа, сол арада қалыңдығың мынау жарық дүниеде сенен де басқа еркек кіндік бар екенін біліп қойып жүрсе қайтесің.
ДОН РОДРИГО. Сонда не демекшісің?
ДОН ЖУАН. Рас айтам (Тамағынан бір асап қояды). Сенің қалындығың қандай тамаша!
ДОН РОДРИГО. Жуан, ақсап қалғаннан саумысың?
ДОН-ЖУАН. Иә, құдды ақсақ төбет сияқтымын. Терезеден терезе қоймай орғып-қарғып жүргенде о байғұс қайтып сынбасын.
(Тамағын жей береді.) Құтылудың басқа амалы болмады. (Тамағын жей береді.) Әйелдер де шетінен өңшең араны ашылған тойымсыз немелер екен.
ДОН РОДРИГО. Бұл жерден тезірек кеткенің жөн болар.
ДОН-ЖУАН. Мен де саған сақ бол дейін деп едім.
ДОН РОДРИГО. Достым, бұл айтып тұрғаным шыным. Сақ бол! Тезірек бір амалын таппасаң бір пәлеге ұшырап қап өмір бойы өкінумен өтерсің. Түк қалжыңы жоқ, көрмейсің бе, төңірек түгел қан сасып тұр! Енді шегінерге жол қалмады. Түні бойы сені ұстап алмады ма екен деп зәре құтым қалмай бақтың ішінде ерсілі-қарсылы сенделдім де жүрдім.
(Дон-Жуан үндемей тамағын жей береді.)
Кенет өз көзіме өзім сенбей қалдым. Тоғанға қарасам, құдды аруақ сияқты бірдеңе ағараң-ағараң етеді...
ДОН-ЖУАН. Ол кім екен?
ДОН РОДРИГО. Сенің қалыңдығың.
ДОН ЖУАН. Анна ма?
ДОН РОДРИГО. Ол сені түні бойы күтті. Есінен ауысып кеткен бе деп қалатынсың. Біресе қара тас боп мелшиіп отырады да қояды, біресе су жағасын бойлап сенделіп кетеді. Тіл қатсам: "Ол анау кішкене аралда отыр", - деп сөзіме құлақ аспайды. Былайырақ кетуім мүң екен айқайлап сені шақыра бастады. Жағы тынған жоқ. Сен онымен сөйлесуің керек.
ДОН-ЖУАН. Родриго, мен оған не дерімді де білмеймін. Ол қазір менің тастап кеткенімді онсыз да біледі. Менен сен не сұрап тұрсың? Дәл қазір қарнымның ашқанынан басқа ештеңені сезіп те отырғаным жоқ.
ДОН РОДРИГО. Үндеме!
(Қылышы жалаңдап Дон Гонсало шығады.)
ДОН ГОНСАЛО. Тоқта! Бұл кім?
ДОН-ЖУАН. Ана қара, аяғын әзер басып тұр. Родриго сен оған енді тыныштал десейші.
ДОН ГОНСАЛО. Бұл кім?
ДОН-ЖУАН. Ол басына ескерткіш қойылғанша асығып ажал аңсап аласұрып жүр ғой.
(Үш жігіт шығады. Тұла бойлары жара-жара, жалба-жұлба, ит сілікпелері шығып шаршаған.)
ДОН ГОНСАЛО. Тоқта! Бұлар кімдер?
БІР ЖІГІТ. Жер жұтқырды жер жұтсын енді.
ДОН ГОНСАЛО. Немене ұстадыңдар ма?
ӘЛГІ ЖІГІТ. Біз енді ізге түсуді қойдық, әлгі қарғыс атқыр төбеттер онсыз да дал-дұлымызды шығара жаздады.
ЕКІНШІ ЖІГІТ. Сен нақұрыс, оларды неге сабайсың?
ӘЛГІ ЖІГІТ. Есуас-ау, өзіме тап-тап берсе сабамай қайтейін.
ДОН ГОНСАЛО. Төбеттер қайда?
ЖІГІТТЕРДІҢ БІРІ. Оларды өлтірген мен емеспін.
ДОН ГОНСАЛО. Сендер өздерің не былжырақтап тұрсыңдар?
БІР ЖІГІТ. Өлтіруден басқа амал қалмады.
ЕКІНШІ ЖІГІТ. Әйтпесе, өзімізді жеп қоятын.
ДОН ГОНСАЛО. О, тоба-ай, енді қара басып төбеттерімнен де айырылғаным ба?
ҮШІНШІ ЖІГІТ. Гонсало ағай, әбден титықтап біттік. Қалған жазасын тәңірімнің өзі тартқызар, қойсақ қайтеді.
ДОН ГОНСАЛО. Қап, қайран төбеттерім-ай!
БІР ЖІГІТ. Жә, жарасын таңайық.
(Үш жігіт аяқтарын әзер алып шығып кетеді.)
ДОН ГОНСАЛО. Жоқ, мен иттерімнің кегін қайтармай тынбаймын. Солай деп менің әйеліме де айта барыңдар.
(Дон Гонсало кетеді.)
ДОН-ЖУАН. Естідің бе? Жексұрынды жер жұтсын дейді, Олары өздерін өздері жұбатқандары ма екен? Бейшара төбеттер бекер өліп кетті-ау!
ДОН РОДРИГО. Достым, қазір қалжың айтар уақыт емес.
ДОН-ЖУАН. Мен оларды қалжыңдасам мынау қылықтарын көріп қалжыңдап отырмын, Шіркіндердің сықпытын-ай. Олардың тап осындай келісті келбеттерін біз әдетте сирек көреміз ғой.
ДОН РОДРИГО. Қалжыңды қойып, онан да қалыңдығыңның жайын ойласайшы.
ДОН-ЖУАН. Қайдағы қалыңдықты айтып тұрсың?
ДОН РОДРИГО. Қазір тоғанның қасыңда жағы талғанша қақсап, өзіңді шақырып тұрған қалыңдығыңды айтам. Сен оны сүйіп едің ғой, Жуан. Мен оныңды білетінмін.
ДОН-ЖУАН. Оны мен де білемін. (қолындағы сүйекті лақтырып жібереді.) Неткен дәмді еді. (Саусағын сүртеді.) Ие, есімде, мен оны сүйгенмін. Көктемде, осы баспалдақта Аннаны алғаш көргенімде ақылымнан адасып аяғына құлағанмын. Құдды жәй түсіп жайраған ағаштай гүрс ете түстім. Жұрт солай демейтін бе еді, осы. Мен оның желең көйлегін жел желбіретіп сатыдан аяғын санап басып түсіп келе жатқандағы бейнесін өмірбақи ұмыта алмаспын, Аяғына жығылғанымда о да абдырап тұрып қалды. Қара перденің астындағы бейкүнә еріндері мен от шашқан көгілдір көздерін де көрдім, о да дәл бүгінгідей ашық күн еді, күннін нұры қаныма дарығандай, әбден балбырап кеттім, қапелімде, тіл де қата алмадым, көмейіме әлдене тығылып, жылағым келгендей болды. Ғашық боп қалғанымды артынан білдім. Менің бұл өмірімде ғашық болғанымның алды-арты тек сол шығар.
ДОН РОДРИГО. Қайдағыны қайдан айтасың.
ДОН-ЖУАН. Ендігі өмірімде ешқандай өзгеріс болмайды. Егер ол дәл осы қазір жел желбіретіп үстіндегі көйлегімен тап мына сатыдан тағы түсіп келе жатса, қара перденің астынан жайнандаған жанарын тағы көрсем, қайтер едім деп ойлайсың? Бүлк етпес те едім. Иә, шын айтам. Баяғы күн баяғыда өткен. Оның кемескі елесі бірте-бірте күмілжің тартып, күлге айналады. Ол күнді енді қайтып көргім де келмейді. (Қолын ұсынады.) Қош тұр, Родриго.
ДОН РОДРИГО. Қайда барасың?
ДУН-ЖУАН. Тағы да сол геометрияма оралмақпын.
ДОН РОДРИГО. Бұның обал ғой.
ДОН ЖУАН. Басқаға мойын бұрмасқа бекідім. Мен үшін қайда жүр екен, не күйге ұшырады екен деп қайғырмай-ақ қой. Мен енді естияр еркек болдым. Мына шатақтан аман-есен құтылғаныма қуанышым қойныма сияр емес. Дәл қазір атыма қонып, таңның таза ауасын жұтып, жолға шығамын. Кісіге одан асқан рахат бар ма? Сосын сонау тау бұлағының мүздай суына жуынып алсам, кешегі тойдың шырғалаңы есімнен мүлдем шығады. Родриго, енді менің жаным да, тәнім де азат, ендігі жалғыз ынтығым есі дұрыс еркек кісінің қай-қайсысының да өліп-өшуіне әбден лайық геометрия ғана.
ДОН РОДРИГО. Геометрия дейсің бе?
ДОН-ЖУАН. Сен терең мәнімен, таңғажайып бітімімен таң-тамаша қалдыратын білім дүниесіне өміріңде бір рет болса да таңғалып көргенің бар ма? Мәселен, геометриялық фигуралардың ішіндегі ең бір сұлтаны, шеңберді-ақ алайықшы. Мен дүниеде анықтыққа, дәлдікке құштармын; өз өміріміздің нәрсіздігіне, жан дүниеміздегі керексіз ырың-жырың шырғалаңдарға, баянсыздыққа зығырданың қайнайды. Шеңбер мен үш бұрышты алсақ, олардан ешқашан жиреніп не ұялып көрген емеспін. Сен үш бұүрыштың не екенін білмейсің ғой! Зұлматтың өзіндей мойын бұрдыртпас тұжырымды үш-ақ сызықтан тұратын осы бір фигура болмыста бізді адастырып әуре-сарсаңға түсіретін не бір алдамшы, бұлдыр-бұлыңғыр түсініксіз нәрселердің бәрінің де күлін көкке ұшырады. Осынау бір-бірімен қиысқан үш түзу сызық біздің не бір қысыр қиялымыздың тас-талқанын шығарады. Тек осылай ғана болады, басқаша болуы еш мүмкін емес деп үйретеді геометрия. Ешқандай алдамшы ой, қысыр қиялдан опа таппайсың, кеңістікте өзінің атына сайма-сай келетін жалғыз-ақ фигуралар ғана бар дейді ол. Шыныңда да, керемет емес пе? Родриго, расын айтсам, аспандағы ай мен күнді де өз заңына бағындыратын осы пәннен асқан қүдіретті ештеңені көрген емеспін, білген де емеспін. Қүмның бетіне бір-бірімен жарыстыра сызылған паралель түзеулерден асқан ұлы нәрсе бір дегенге ғұмыры иланбаймын! Анау алыс көк жиекке қарашы көл-көсір көлбеп жатқан шексіздік қой! Немесе, теңіз жазирасына көз сал, онда да шек-шекара қайсы? Аспандағы құс жолына үңілші. Ақылға сыймас ұлан-асыр дүние. Соның бәрін тек жаңағы ақылмен ғана, сұңғыла ойымен ғана ұғынатын айдау жолдай екі сызық қана тап басып, дәл бейнелей алады. Ах, Родриго, менің жаным махабба-тқа, болмысқа деген ересен сүйіспеншілікке толы. Сондықтан көңілдімін, сондықтан да қалжыңдаймын. Шіркеудің қайыстай қасаң қағидаларын бұзып шығып, бәрі де айқын, бәрі де жарқын болмыстың жарық дүниесінен ғана шын ақиқатты табуға болады; онда махаббаттағы сияқты арзан нәпсіге атымен орын жоқ; онда мына өмірдегідей бүгін бар нәрсе, ертең жым-жылас жоғалып кетпейді. Менің демім таусылса; ұлан-асыр дүние менсіз-ақ өмір сүре береді. Тек парасатты ақыл-ой ғана асқақ болмыстың асқар ақиқатына жетпек; қалған дүниенің бәрі жалған, бәрі алдамшы; осынау итке алғысыз итір-қылжың баянсыз тірлікке бола бекер арамтер боламыз; мұндағы қиқа-жиқаны ауызға алып қажеті жоқ. (қолын қайта ұсынады.) Ал, сау тұр.
ДОН РОДРИГО. Тоғанның қасында тосып тұрған қызды қайтесің?
ДОН-ЖУАН. Оны басқа біреу жұбатып алар.
ДОН РОДРИГО. Сен осы сөзіңе езің сенесің бе?
ДОН-ЖУАН. Әйелдер мен еркектер-ау! Осы сендер, шын мәнінде, ештеңеге сенбей тұрып, қайдағы жоққа қалай бас шұлғисыңдар. Сендердің ойларыңша, ақиқаттан жалтаруға болады, бірақ, оны көпе-көрінеу келеке қылмашн дұрыс. Родриго, менің жан досым! Сен менің екеуміздің достығымызға қиянат жасамағанымды қайдан білесің? Мен ылғи өзімнен түк тіксінбейтін, ештеңеден күмәңданбайтын орынсыз сенімпаз достарыма ызам келеді. Тап осы қазір сенің Инесіңнің жылы төсегінен өріп тұрмағанымды қайдан білесің!
ДОН РОДРИГО. Қалжыңың неткен дөрекі еді!

ДОН-ЖУАН. Сен бұның қалжың екенін қайдан біліп қойдың?
ДОН РОДРИГО. Мен Инесті жақсы білем ғой.
ДОН-ЖУАН. Оны мен де білдім.
ДОН РОДРИГО. Сен қайдан біліп жүрсің?
ДОН-ЖУАН. Соның төсегінен өріп тұрмын деп жаңа айтқан жоқпын ба?
ДОН РОДРИГО. Бұның енді шып-шылғи өтірік!
ДОН-ЖУАН. Мен жаратылысымнан әр нәрсені білуге құштар едім. Мен түнде қараптан қарап тұрып, осындай нәрсе қолымнан келе ме, жоқ па деп ойладым. Инес - сенің қалыңдығың, сен оны сүйесің, ол сені сүйеді. Ендеше, сол Инестің мұндай күнә жасауға дәті бара ма? Барса, осыны айтсам Родриго нана ма? - деп те ойладым.
ДОН РОДРИГО. Жуан!...
ДОН-ЖУАН. Сен сенесің бе, сенбейсің бе? (Пауза.) Сенбей-ақ қой.
ДОН РОДРИГО. Әй, пері-ай!
ДОН-ЖУАН. Мен сені жанымдай жақсы көрем. (Дон Родригоның бетінен сүйеді.) Бұған ешқашан сенуші болма!
ДОН РОДРИГО. Егер бұл рас болса мен оны да емес, сені де емес, өзімді өзім жарып өлтірер едім.
ДОН-ЖУАН. Оның бетін әрі қылсын. (Баспалдақтъщ үстінде жатқан камзолын алып киеді.) Тоғанның қап-қара айдыны мен оның бетіне түскен өз бейнемнен неге шошынғаныма енді түсіндім. Көк аспанның тұңғиық елесі. Родриго, сен мен құсап әр немені біле беруге әуес болма. Егер біз өмірімізде жалғыз рет болса да, айналамыздағы айнадай жалтырап жатқан алдамшы дүниені жан-дүниеміздегі не бір қысыр-қиялдың шын бейнесі деп қарамай, оған шүбә келтірсек, өзіміздің шын кейпіміз бен шын құнымызды білмекке талпынсақ, онда аяғымызды аспаннан келтіретін құрдымның түбіне бір-ақ құлағанымыз; ондайда құдайдың құны да бір тиын боп қалады. Родриго, дұрысы, өз жаныңды да, өзгенің жанын да әлекке салмай, шыны құлақтан тыныш құлақ, айдын судың бетінен айналып шықпай қоятын шы-бын-шіркей сияқты төңірегіндегінің бәріне түгел есің кетіп, дүниедегінің бәріне рахаттанып, бәріне масаттанып мұңсыз-қамсыз сайранды сала бер, өмірдің қызығы мен бақытын сонда көресің. Әумин. (Камзолын киеді) Ал, енді сау тұр. (Родригоны құшақтайды.) Бір түні бойы сені уайымдап сенделіп шығатын досың бары қаңдай жақсы. Енді менің қамымды жейтін менен басқа ешкім жоқ.
ДОН РОДРИГО. Жуан, саған не болды?
(Дон-Жуан күледі.)
Саған бірдеңе болған ғой...
ДОН-ЖУАН. Мен енді махаббатпен біржолата қоштастым. (Ол кеткісі келеді, Родриго жібермейді.) Бозбалашылық дәуренім мұнша келте болар ма? (Родригодан босанып кетпек болады.) Жолымнан қалдырма.
(Дон-Жуан кетпекші еді, сол екі ортада террастан бетінде перде, үстінде неке көйлегі бар Донна Анна сияқты біреуді көреді.)
Мұның не?
(Перделі әйел баспалдақтан жайлап басып түсе бастайды.)
Донна Анна,,.
(Әйел ең соңғы үш саты қалғанда тоқтайды.) Мен сені талақ еттім. Оны бүкіл Севилья білгенде, сен әлі білмейсің бе? (әйел үнсіз жымияды.) Иә, есіме енді түсті. Анада алғаш көргенімде сенің бейкүнә еріндерің тап осылай күлімсіреп еді. Көздерің де қара перде астынан тап осылай нұр жайнап тұрған-ды. Сен сол Анна болғаныңмен, мен сондағы тап осы сатыда тізерлеп аяғыңа жығылған бозбала жігіт емеспін. Енді өткенді оралтам деп бекер әуре болма:
ӘЙЕЛ. Жуан, сүйіктім.
ДОН-ЖУАН. Анна, бекер келдің ғой, мына баспалдақтан бекер түстің ғой. Оралмасқа кеткенді оралтатындай бекер істедің бәрін де. Мен енді махаббат деген нәрсенің баяғыда осы баспалдақта тізерлеп тұрғандағы ойлағанымдай емес, атымен басқа нәрсе екенін біліп қойдым. (Пауза.) Кет! (Пауза.) Кет, аулақ! (Пауза) Кет деп тұрмын ғой! Тәңір жарылқасын, кетсеңші тезірек!
ӘЙЕЛ. Өзің неге кетпей тұрсың? (Дон-Жуан сілейіп қатқан да қалған, әйелден көзін ала алар емес.) Жуан, сүйіктім...
ДОН-ЖУАН. Сенің сүйіктің... (күледі.) Ендеше сол нақ сүйеріңнің дәл осы түнде қайда болғанын білесің бе? Білмесең айтайын, нақсүйер жарың сенің анаңның ақ төсегін жаныштап шықты. Ол саған әлі де талай нәрседен есесін жібермеуге оралы бар оңды әйел екен, бірақ, мен одан да айныдым. Сенің сүйіктің тағы бір төсектің ләззатын татпаққа, түн ортасыңда терезеден секіріп, қашып құтылды. Естіп тұрсың ба? Онсызда өмірден жеп жүрген опығы аздай, итке талатпақшы болды жұрт. Сол нақсүйерің бүгін түнде қасыңда ұйықтап шыққан үшінші әйелінің атында ұмытып қалды; қараңғы түнде қасына барсаң, аймаласа кететін әзәзіл әйелдердің қайсыбірінің атын жаттап жүрерсің. Оларды ондап санайсың ба, мыңдап санайсың ба, әйтеуір, бұл дүниеде шүкір, жетерлік. Қараңғы түнде қара көрпе астында түсінді түстеп, атыңды атап айтатын кім бар? Барымнан да, шаң тимеген, жел сүймеген балалық уыз арымнан біржола сап боп шыға келдім. Сол Жуаннан не опа іздеп келді ол енді өзіңді тәлкек қылғаннан басқа не шапағат көрсете алады. Ол немені әлгінің бәрінен жерініп, бәрінен қамығып, селқос тартқаңда ақырғы әйелдің төсегіне не керемет жетелеп келді екен, мынау шетінен аяр, шетінен әзәзіл дозақы дүниеде әлі де болса адал біреу, пәк біреу табылып қалар ма екен деген есірік дәме ме; жоқ уыз қаймақ жас арудың алтындай жарқыраған әсем шашы ма, әлде өзге әйелдердің ешқайсысына ұқсамайтын бөлекше сүйісі ме немесе қыздың ұялшақ арынан құтылғанша асыққан от-жалын құштарлығы ма? Не, не айдап әкелді... Ол пақыр қанша жанталасып қарсыласса да, сенің Жуаныңнан көрі дәрменсіз де боп шықты. Іште оның алтындай сақтаған асылын опасыз нәпсі ойран қылып жатқанда сыртта ит арсылдап мазаны алды. Сендердің бір сиқырларың бар, бір-біріңе атымен ұқсамайсыңдар. Бірақ, ол сиқырларыңның ғұмыры да көрген түстей, еркектің темір тегеуірініне бір түсіп шыққанда, бәрің де бір ұстаның қолынан шыққандай боп шыға келесіңдер; енді сендерді бір-біріңнен ешкім ажырата алмайды. Бірақ, бүгінгі есірік түнде сенің нақсүйеріңнің сонша өліп-өшіп жолыққан соңғы әйелінің ешқайсыңа да ұқсамайтын бір айырмасы бар-тын. Ол оның мына жарық дүниедегі жанындай жақсы көретін жалғыз досының қалыңдығы еді.
ДОН РОДРИГО. Жалған!
ДОН-ЖУАН. Родриго, сені ол бір сәт есінен шығарған жоқ. Қайта менің жүзімді ду-ду қызартып атыңды атап айқайлады да жатты. Бұдан асқан ләззат көрген жоқпын, таң бозарғанша төсінен тұрып кете алмадым.
ДОН РОДРИГО. Жалған!
ДОН-ЖУАН. Жоқ, айтып тұрғаным, айна-қатесіз ақиқат.
(Дон Родриго жүгіріп кетеді.)
Солай Анна, сен тоғанның қасында тосып жүрсең, мен осында осылай ойран сап жүрдім. Мен енді сенің алдыңда ақырғы рет тіземді бүгейін. (Тізесін бүгеді.) Сен мендегі қалған жалғыз қасиет жеңілтек күлкімнен де айырғалы келген шығарсың. Мен сонда сенімен танымай тұрып неге сүйістім екен? Сен енді сол бір опасыз сәтті ойыма түсірдің. Мынау ағарып атқан таңда, соны еске алып не қажеті бар еді!
ӘЙЕЛ. Жуан!
ДОН-ЖУАН. Сен мен сүйеді дегенге әлі де сенесің бе? Мен сені енді қайтып күтпеспін де, көрмеспін де деп едім. Соған қалай сендім екен?
ӘЙЕЛ. Түрегел!
ДОН-ЖУАН. Анна!
ӘЙЕЛ. Түрегел!
ДОН-ЖУАН. Мен тіземді бүккенге кешірім сұрап тұр екен деп ойлама. Менің бүгін түнде білгенімді енді еш сиқыр ұмытқыза алмайды.
ӘЙЕЛ. Түрегел!
ДОН-ЖУАН (тұрады). Біз кеше бір-бірімізден артынан мәңгі айнымастай боп қайта табысу үшін айырылысқан сияқтымыз. Иә. Енді бізді ешкім де, ештеңе де ажырата алмайды. (Аймалап сүйеді.) Енді сен менің жұбайымсың.
ӘЙЕЛ. Сен менің күйеуімсің.
(Қылышын жалаңдатып Дон Гонсало шығады.)
ДОН ГОНСАЛО. А, таптым ба, бәлем!
ДОН-ЖУАН. Иә, бұл менмін, әке.
ДОН ГОНСАЛО. Қорғанып бақ!
ДОН-ЖУАН. Сіз кеш қалдыңыз. Біз қайтадан табыстық.
ДОН ГОНСАЛО. Қанішер сұм!
ДОН-ЖУАН. Сіз кеш қалдыңыз. Біз қайтадан табыстық.
ДОН ГОНСАЛО. Қанішер сұм!
ДОН-ЖУАН. Сіз мені айтып тұрсыз ба?
ДОН ГОНСАЛО. Былшылдамай, қылышыңды шығар.
ДОН-ЖУАН. Анна, сенің әкең екеуміздің қандай бақытты екенімізді көре-тұра сөзге түсінгісі келмейді...
ДОН ГОНСАЛО. Мына сұмырай аузы-мұрны қисаймай қайдағы бақытты айтып тұр!
ДОН-ЖУАН. Әке, бізді оңаша қалдырыңызшы.
ДОН ГОНСАЛО. Қу сұмырайдың көзін тезірек құрытпасам, сен, дозақы, тағы да алданып жер соғып қаларсың! (Дон-Жуанға ұмтылады, ол қашқалақтайды.) Өлдім дей бер!
ДОН-ЖУАН. Тоқтаңыз,
ДОН ГОНСАЛО. Родригоны өлтірген кім?
ДОН-ЖУАН. Ол қайда?
ДОН ГОНСАЛО. Қара қанға батып жатып, қалыңдығын арандатқан әзәзіл немеге қарғыс айтып, өліп кетті.
ДОН-ЖУАН. Родриго ма? (Ол мына хабарды естігенде есі-түсін білмей сілейіп тұрып қалады. Кенет командоры сумаңдаған қылышына көзі түседі де, о да қарсыласа бастайды.) Тоқтаңыз, сәл сабыр етіңізші! (Дон Гонсало семсер сілтеп үлгермей, Дон-Жуанның семсеріне соқтығып жан-тәсілім болады. Дон-Жуан қылышын қынына салып, есеңгірей қарайды.)
ДОН-ЖУАН. Төбемнен жай түскендей болды-ау. Оған неменеге аузым қышып айта қойдым екен? Жанымдай жақсы көретін досым еді. Мен тек ештеңеден күдіктенбейтін тым сенімпаз достарды онша жақтырмайтынымды сездіру үшін ғана айтып едім ғой. Неге айттым? Жаңа ғана жанымда тұр емес пе еді...
ӘЙЕЛ. Адам өлді! Өлім!
ДОН-ЖУАН. Айқайлама!
ӘЙЕЛ. О Жуан!
ДОН-ЖУАН. Бол, тезірек қашайық!
(Сахнаның төрінен Донна Аннаның денесін көтеріп Диего әкей көрінеді. Бірақ, оны Дон-Жуан қапелімде байқай қоймайды.)
Кел, кетейік! Кеше түнде тоған басында сөз байласып едік қой. Шіркін, балалық-ай! Онда бүйтіп адасып табысатынымызды біліппіз бе? Неден қорқасың? Мен енді сенің қолыңнан өлсем де айырылмаймын, енді біз бала емеспіз, бәріне де түсіндік. Неге қалтырап тұрсың? Маған қарашы! Құдды дар алдында кешірім алған тұтқындай қуанғаннан есімнен адасып барамын. Мынау таң неткен тамаша еді! (Диего әкейді енді көреді.) Бұл немене, Диего әкей?
(Үнсіздік.)
Айтсаңызшы!
(Үнсіздік.)
Бұл екеуіңнің қайсысы менің қалыңдығым?
(Үнсіздік.)
Айтсаңызшы! (Даусын көтереді.) Неге үндемейсіз?
ДИЕГО ӘКЕЙ. Дон Жуан, құй бақыр, құй бақырма, ол енді саған ешқашан жауап бермейді. Тоғанға құлап өліпті. Сенің тойың ақыры осылай бітті. Бұның бәрі сенің өр көкіректігіңнің қырсығы.
ДОН-ЖУАН. Өтірік! (Диего әкей өлікті жерге түсіреді.) Жоқ, бұл менің қалыңдығым емес. Өтірік! Мен тұла бойын балдыр көмген өлікке емес, тірі қызға некелескенмін. Мынандай сұмдықты тапа-талтүсте тағы қайдан шығардыңдар? Жоқ, менің қалындығым бұл емес.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Сонда қалындығың қайсы?
ДОН-ЖУАН. Ол әнекей.
ДИЕГО ӘКЕЙ. Ендеше ол сенен неге қашып барады?
(Әйел сатымен қашпақшы болады, бірақ қарсы алдынан үш жігіт шығады.)
ДОН-ЖУАН. Тақсырлар, сендерді көргеніме шексіз қуаныштымын. Менің досым өлді ме?
БІР ЖІГІТ. Иә, өлді,
ДОН-ЖУАН. Қалыңдығым да өлді ме?
ДИЕГО ӘКЕЙ. О да өлді.
ДОН-ЖУАН. Әне жерде анау да жатыр. Шамға жүгірген көзсіз көбелектей, менің қылышыма өзі кеп соқтықты. Енді ол зираттағы тас мүсінге айналады.
БІР ЖІГІТ. Қанішерді қарғыс атсын!
ДОН-ЖУАН. Менің әкем қайда екен?
ӘЛГІ ЖІГІТ. О да жаһанамға кетті.
ДОН-ЖУАН. Рас па?
ӘЛГІ ЖІГІТ. Рас.
ДОН-ЖУАН (күліп). Диего әкей, мен бұл үйге құйын боп тидім бе, немене боп кетті түге. Қадірлі қайын жұрттарым, қылыштарыңды қындарыңа салыңыздар. Сендер тірі қап, менің тойымды тойласпайсыздар ма? Қараңыздар, менің қалыңдығым екеу. Біреуі өлі, біреуі тірі. Қай қалағаным менікі. Диего әкей сенің некеңді өлікке қидық дейді. Мен мынау тірісі менің қалыңдығым деймін. (Перделі әйелдің қасына келіп, қолын алады.) Міне, менің қалыңдығым, ол тірі, ол мені қарғысына қалдырмақшы боп, ажалға аймалатқан жоқ, қайта мені түзу жолдан жаңылмасын деп жаныма қайтып оралды. Мен оны бірден таныдым.
ӘЙЕЛ. О, Жуан...
ДОН-ЖУАН. Пердеңді түр... (Әйел пердесін түреді.)
ДИЕГО ӘКЕЙ. Миранда ғой мынау!?
(Дон-Жуан өлікті әкеткен қаралы шерудің үні басылғанша бетін басып, сахнада жаңғыз өзі үнсіз қалады.)
ДОН-ЖУАН. Бейшара сәбиді апарып қара жердің қойнына тапсырыңдар, бірақ, мені жылап-сықтап, тәңіріге сиынады екен деп ойламаңыздар. Енді ешқайсың жолыма тұрмауға тырысыңдар, тұрсаңдар, ешкімді де аямаймын. Мен енді ештеңеден де қорықпаймын. Құдіретті күшті құдай мені тәлкек қылар ма екен, жоқ мен оны тәлкек қылар ма екенмін, әлі көрерсіңдер.

шымылдық

ІV акт  

 

Зал. Дон-Жуан, ңазір отызүштер шамасындағы алтын-күміспен жасауланған салтанатты столды қарап жүр, қызметкер Леперелло столға графиндер әкеп үш музыкант әмір күтіп тұр. Сахнаның төрінде шымылдық ілінген.
ДОН-ЖУАН. Қалтарыс бөлмеде отырасыңдар. Ұқтыңдар ма? Егер ойда-жоқтан бір бақытсыз оқиға душар болса, мәселен, мені аяқ астынан жер жұтып кетіп дереу азалы күй тартасыңдар.
МУЗЫКАНТ. Төрем!
ДОН-ЖУАН. Содан басқа тапсырма жоқ. Түсінікті ғой залда қашан бір адам қалмағанша ойнайсыңдар (Ақ биялайларын шешіп, столды тағы бір шолып шығадъ барып, әзірлене беріңдер.
МУЗЫКАНТ. Ол үшін бізге қанша төлейсіз?
ДОН-ЖУАН. Ол жөнінде артынан сөйлесерміз.
МУЗЫКАНТ. Сонда қашан? Залда ешкім қалмаса есептесеміз.
ДОН-ЖУАН. Осында біздің етегімізді ашты деп байбалам салып жүрген он үш әйел келеді. Солардың сойылын соғатын Кордова епископы да бірге келеді. Сосын бір тас мейманым тағы бар, зираттағы ескерткіш, оны шақырғанмын. Сендермен еңбек ақы жайлы есеп тұруға дәл қазір мұршам жоқ. Онсыз да әбден мүрк шаншылып жүрмін.
(Музыкант кетеді.)
Бәрі де келісіп кеткен сияқты.
ЛЕПОРЕЛО. Шарап жетпей қалуы мүмкін. Кісі басына бір бокалдан артыла қоймас.
ДОН-ЖУАН. Со да жеткілікті. Одан артықты кім ішсін. Есіктен ескерткіш кіріп келгенде тамақтарына тас тығалғанндай болар-Лепорело. Тақсыр ием!
ДОН-ЖУАН. Бүлдіргенімізді қара. (Қоңырау сылдырлайды.) Стол басына шақырылғандардың аты-жөні неге жазылмаған?
ЛЕПОРЕЛЛО. Тақсыр ием! Әлгі тас мейманны қоятынына шыннан сенесіз бе?
ДОН-ЖУАН. Ал, сен өзің қалайсың?
ЛЕПОРЕЛЛО. Мен бе! (Ол сенбейтінін білдіргіс қарқылдап күлмекші болып еді, сол екі ортада қоңырау сылдырлайды да, ауып кетеді) Мынау бәлкім, сол (Дон-Жуан қонақтардың аты-жөні жазылған қағаздарды таратып қоя бастайды.)
Тақсыр ием...
ДОН-ЖУАН. Бұл келген тағы да әлгі перде жамылған әйел болса, менің бетіне перде жапқан әйелдерді тіпті де қабылдағым келмейтінін айт. Олардың сырына әбден қанықпын. Олар мені құтқаруды сылтауратып әлі де, бір-бір аймалап қалмақшы. Әлгі әйелге ол қулықтарының бәрін де білемін, бәрінен де мезі болдым деп айт. (Тағы да қоңырау сылдырлайды.) Сен неге қақпаны ашпайсың?
(Лепорелло қорқақтай басып кетеді. Музыканттар үйді басына көтеріп, аспаптарының күйін келтіре бастайды, ал Дон-Жуан стол үстіне қонақтардың аты-жөні жазылған қағаздарды қойып жүр. Соңғы қағаз қолында қалады.)
О, менің ең асыл перизатым, алғашқы да, ақырғы да аяулы ғашығым, сен мен үшін әлі тірісің, сүйте тұрып, сүйетінімді білмей қалғаныма әлі өкінемін. (қағазды өртеп жібереді.) Топырағың торқа болсын.
ЛЕПОРЕЛЛО (қайта кіріп). Кордованың епископы келіп тұр.
ДОН-ЖУАН. Әуелі мына бір күлді сыпырып жібер де, сосын барып ана епископқа сәл кідіре тұрсын де. Бірақ, төбеден түскендей етпей, сыпайылап айт. Одан сонша қысылатындай, алты-аласы, бес-бересім шамалы. Дегенмен кім біліпті, әлде бір әжетіме жарар. Тамұққа барсаң да, шіркеуге ісің түседі.
ЛЕПРЕЛЛО. Тақсыр ием...
ДОН-ЖУАН. Сен неме безгек соққаңдай дірілдеп тұрсың?
ЛЕПОРЕЛЛО. Тақсыр ием, қанша батыр болғанмен, батырлықтың шегі бар емес пе? Ылғи от пен судың ортасында жүргеннен не шығады. Әлдеқашан сүйегі қураған өлі аруақты қонаққа шақырғаныңыз қалай болар екен. Өзім де оңып тұр едім дей алмаймын. Қу құлқынның қамы үшін бұрыс бұлтарып, бұра тартқан ылдым-жылдымым болған шығар. Қорықпауға қалғанда мен де қорықпаймын. Бірақ, сіздің кешегі зират басындағы ісіңіз, қанша дегенмен, тым сотқарлық болды. Қонаққа өлген кісіні шақырыпты дегенді кім естіп, кім көрген!
ДАУЫС. Дон-Жуан?
ЛЕПОРЕЛЛО. О тоба!
ДАУЫС. Дон-Жуан?
ДОН-ЖУАН. Сәл шыдаңыз.
ЛЕПОРЕЛЛО. Келе жатыр.
ДОН-ЖУАН. Сәл шыдаңыз дедім ғой, сәл шыдаңыз.
ЛЕПОРЕЛЛО. Аяңыз мен пақырды. Менің түк жазығым жоқ. Мен тек істе дегенді істедім. Құдай куә! Қатын-баламның көз жасына қалмаңыз! (Жер тізерлейді.) Аяңыз мені, аяй көріңіз!
ДОН-ЖУАН. Сен мұнда жалбарынуға келсең, тезірек тайып тұр.
ЛЕПОРЕЛЛО. Сол... соның даусы.
ДОН-ЖУАН. Тұр!
(Лепорелло түрегеледі.)
Онан дана епископқа барып, мен күтіп отыр де, бірақ, лақ еткізіп айта салмай, әрі-бері сөз бұдаға салып, айналдыра тұр. Маған әлі үш минут уақыт керек.
ЛЕПОРЕЛЛО. О тәңірім...
ДОН-ЖУАН. Алдына барғанда басынды жерге жеткенше иіп тағзым етуді ұмытпа! Анда не боп қалды? (Төрдегі шымылдыққа келеді, одан тас мүсін боп киінген Селестина шығады, тек басы ғана жалаң бас.) Басыңа неге бірдеңе кимедің?
СЕЛЕСТИНА. Дулыға тым тар екен.
ДОН-ЖУАН. Оны, тәйірі, кім байқаушы еді.
СЕЛЕСТИНА. Менен басқа жан байқамайды. (Дон-Жуан оған жасырын деп ымдайды.) Мен тағы да қабырғаммен кеңесіп едім..
ДОН-ЖУАҢ. Иә, немене?
СЕЛЕСТИНА. Не десеңіз, о деңіз, бар болғаны бес жүз теңге үшін құдай алдында күпір болар жайым жоқ.
ДОН-ЖУАН. Селестина, есің дұрыс па?
СЕЛЕСТИНА. Мың теңгеден бергіге келіспеймін. Бүйтіп әбігер болмай, сізді герцогиняға ұстап берсем де, тап-таза алтынның бір мыңын судыратып қалтаға баспас па едім.
ДОН-ЖУАН. Мені әбден титықтатайын дегенің ғой.
СЕЛЕСТИНА. Шырағым, маған не десең де, тек ақша берсең болды. Бес жүз тым аз.
ДОН-ЖУАН. Менде одан басқа сынық тиын да жоқ.
СЕЛЕСТИНА. Онда мен бекер әуре болмайын.
(Дон-Жуан мойнынан бірдеңе жұлып алады.) Бойтұмар ма?
ДОН-ЖУАН. Қолымда осыдан басқа ештеңе жоқ. Тезірек шымылдыққа кір!
Тамұқ сапарына тап осы жолы жолым түспесе, шын масқара болғаным.
СЕЛЕСТИНА. Тағдырыңыз осынша құрыса, ондағы менің жазығым қанша? Айтқан тілді алмадыңыз. Ақылға құлақ ассаңыз, әлдеқашан Кордова епископынан да асқан бай боп шыға келер едіңіз. Мен ол әйелдің қырық төрт бөлмеден тұратын бүкіл бір қамалға бір өзі ие боп тұрғанын да айттым.
ДОН-ЖУАН. Ол туралы естігім де келмейді.
СЕЛЕСТИНА. Әлі де кеш емес.
ДОН-ЖУАН. Мені азғырам деп, бекер әуре болмаңыз. Үйленбеуге ант еткенімді күллі Испания біледі. Сол айтқаным айтқан.
СЕЛЕСТИНА. Әй, адам не айтпайды!
ДОН-ЖУАН. Доғарыңыз! (Селестина шымылдыққа кіреді. Есіктен жалғыз Лепорелло ғана қайтып оралды.)
Не болды!
ЛЕПРЕЛЛО. Тақсыр ием, әлгіге не айт деп тапсырғаныңызды ұмытып қалдым. Ол неме есік алдында ерсілі-қарсылы сенделіп жүр.
ДОН-ЖУАН. Кірсін деңіз. (Лепрелло кетеді, есік ашық қалады. Дон-Жуан епископты қарсы алмаққа әзірленіп, креслоны алмастырып қояды, қай жерге келгенде тағзым еткен дұрыс екенін ойластырады. Сосын музыканттарға әмір береді. Салтанатты күй ойналады. Дон-Жуан айнаның алдына барып, үстін түзеп тұрғанда ашық қалған есіктен ұрлана басып қара перделі әйел кіреді. Дон-Жуан оны айнадан көріп тіксініп қалады, бірақ бұрылып қарамайды.)
ӘЙЕЛ. Сен неге шошыдың?
ДОН-ЖУАН. Сіздің сырыңыз маған әбден мәлім болған. Сен Донна Анна емессің, Донна Анна әлдеқашан өлген. Перде тағып, бетіңізді жасырып қайтесіз? (Енді бұрылып қарайды.) Онан да кім екеніңізді айтыңыз!
ӘИЕЛ. Сен мені қабылдағың келмеп еді. Есік ашық қалған соң, өзім кірдім.
ДОН-ЖУАН. Қандай бұйымтайыңыз бар еді?
ӘЙЕЛ. Мен саған бір кезде әйелдерден гөрі, шахматқа көбірек құмартатыныңызды көріп ғашық болып едім. Сен онда алдына қойған мақсатың болған соң, маған көзіңді де салмап ең. Сенде әлі де мақсат бар ма? Ол кезде мақсатым геометрия деуші едің. Одан бері де талай су ағыпты. Енді қарап тұрсам жүздеген әйелдердің төсегін таптағаның болмаса, геометрияға өліп-ешіп жүрген сені көре алмадық.
ДОН-ЖУАН. Сен өзің кімсің?
ӘЙЕЛ. Бүгінде Герцогиня Ронда боламын.
ДОН-ЖУАН. Сізді айнадан көргенде қара жамылып ажалдың өзі кіріп келе жатқандай болды. Мені, бірақ, қара жамылып қорқыта алмайсыз. Бүгінде мен әдемі әйелдерден, өлімнен бетер қорқатын болғам.
ӘЙЕЛ. Жесір әйел қара жамылмағанда қайтушы еді?!
ДОН-ЖУАН. Кімнен тұл қалып ең, менен бе?
ӘЙЕЛ. Жоқ.
ДОН-ЖУАН. Ендеше, бұйымтайыңызды айтыңыз, герцогиня.
ӘЙЕЛ. Сені құтқармаққа келдім.
ДОН-ЖУАН. Аһа, мені әлгі өзіне үйлендірмекші боп жүрген ханым сіз екенсіз ғой. Сіздің қорғаныңызда қырық терт бөлме бар деп естідім бе осы! Ендеше, сіз де бір нәрсенің соңына түссеңіз, мықтап түседі екенсіз. Әлгі айтып тұрғаныңыз да рас. Мен өзім жаратылысымда әйелден гөрі шахматқа құмар болсам да, бүкіл өмірім әйелдердің құшағыңда өтіпті. Дегенмен, сіз қателесіп тұрсыз. Мені ешбір әйел әлі күнге дейін өз ырқына көндіріп көрген емес, герцогиня, мен үгттеп неке қиып, жар құшып, жапырақ жайғанымнан гөрі, тамұқтың өзіне бір-ақ тайып тұрғаным дұрыс сияқты.
ӘИЕЛ. Менің де еркектерді құша-құша құмардан шыққаным сонша, ақырында оларды көрсем, күлкіден жарылын кете жаздайтын болдым. Сол күлкіме өліп-ешкен бір еркек мені герцогиня атандырды, артындағы ата дәулетіне мені ие қылды.
ДОН-ЖУАН. Енді тусіндім.
ӘЙЕА Рондағы қамал да қолға солай түскен.
ДОН-ЖУАН. Оның жайын естігенмін.
ӘЙЕЛ. Менің ендігі ойым: қамалдың сол қанатын түп-түгел саған беріп, оң қанатында бұрынғыша өзім тұра беру еді. Арамыз да айлапат аула бар. Фонганның сыбдырынан басқа құлақ селт етер дыбыс та естілмейді. Әңгімелесер шаруа тап болмаса, бір-бірімізбен атымен ұшыраспауға да болады. Оның үстінде менің орасан дәулетім кешегі алаңғасар күніңде белшеңнен батқан көп қарызыңнан құтылумен қоса, кісі өлтірдідеп қыр соңыңнан қалмай жүргендердің көмейін бітеуге де жетеді. Қысқасы, Ронда да сенің геометриямен шұғылдануыңа ешкім бөгет болмайды.
ДОН-ЖУАН. Өзіңізден басқа дейсіз ғой.
ӘЙЕЛ. Мен сізге ешкім бөгет болмайды деп тұрмын.
ДОН-ЖУАН. Еркек жанын сіздей терең түсінегін әйелді әлі көрген емеспін. Дегенмен, осынша жақсылығыңыздың есесін немен қайтармақпын?
ӘЙЕЛ. Ұсынысымды қабыл алғаның қайтарғаның болсын.
ДОН-ЖУАН. Одан басқа ештеңе сұрамайсыз ба?
ӘЙЕЛ. Мен бәлкім сені әлі де сүйетін шығармын. Бірақ, оған зәрең ұшпасын. Дон-Жуан, мен сенің енді маған ештеңеге керек емес екеніңді әбден түсініп болғанмын. Сен болмасаң, бір сәтте өмір сүре алмаймын дейтін ұшқыр қиялдан әлдеқашан құтылғанмын. (Пауза.) Жақсылап ойлап ал. (Пауза) Өмір бойы өзіңнен басқа ешкімді жақсы көрген емеспін, бірақ сөйте тұра сен әлі өзіңді өзің жете түсініп болған жоқсың. Бүгінде әйел көрсең, азар да безер болатының да бәлкім содан шығар. Сен бізге әрқашан әйел деп емес, кездейсоқ жолыға сап, құмарыңды бір қанды-рып алып, тайып тұратын төмен етек ұрғашы деп қарадың. Осы бір ұшқары есеппен жүріп, өміріңнің қалай өтіп кеткенін де білмей қалдың. Дон-Жуан, өмірбақи бір әйелдің сөзіне сенбей өткенің бе? Геометрияға шын құштар болсаң, көлденең әуре-сарсаңнан құтылудың жалғыз-ақ жолы әлгі емес пе?
(Лепорелло Кордова епископын ертіп кіреді.)
ЛЕПОРЕЛЛО. Жарықтық киелі әкейдің өзі кеп тұр!
ДОН-ЖУАН. Герцоганя, киелі әкей жарықтықпен біздің оңаша бір әңгімеміз бар еді. Сізді көп ұзамай дастархан басында көрермін деген үміттемін. Тек пердесіз келіңіз.
ӘЙЕЛ. Біз енді Рондада жолығармыз, қымбатгым Жуан. (Әйел епископқа тағзым етіп, Лепореллаға еріп шығып кетеді, Лепорелло ол кеткен соң есікті жауып қояды.)
ДОН-ЖУАН. Көрдіңіз ғой, киелі әкем, бір минут тыным бермейді. Мені үйлендіріп, құдайдың кәрінен құтқармаққа жан-тәнін салып, табанынан таусылып жүрген бір жұрт! Киелі әкем! (Тізе бүгеді.) Бізді де елеп, есігімізден қарағаныңызға көп-көп рахмет.
ЕПИСКОП. Тұрыңыз!
ДОН-ЖУАН. Испан шіркеуінің менің соңыма түскеніне аттай он екі жыл болыпты. Тәңірінің өзі куә, мен тек әншейін үрдісті бұзбайын деп, тізе бүгіп тұрған жоқпын, сізге разы сезімімді көрсету үшін тағзым еттім. Жөні түзу, есі дұрыс адаммен мәслихаттас болудың ақыры бір сәті түскеніне сонша қуаныштымын!
ЕПИСКОП. Тұрыңыз, тұрыңыз!
(Дон-Жуан түрегеледі.)
Маған не айтпақ едіңіз?
ДОН-ЖУАН. Киелі әкем, әуелі отырсаңызшы? (Епископ отырады)
Мен мынау әйел қауымын енді өңім түгел түсімде көргім келмейді. Жасаған иемнің өзіне бұ адам пақырды біреуін әйел деп, біреуін еркек деп несіне екі жарып жаратқанына әлі қайранмын. Қарап отырсам, әлгі бір алаңғасар нәпсінің ала бүлік азабы да, неке шырғалаңы да, екі адамның бірінің бірі бағын байлап, бірінің қадірін бірі түсіретін қиқар-қылжың дау-дамай да, қысқасы, пәленің бәрі де тек соған байланысты екен.
ЕПИСКОП. Көлденең әңгіме неге керек онан да күлбілтелемей айтар шаруаңызды айтсаңызшы.
ДОН-ЖУАН. Жарайды. Адам осы қалай аңызға айналады?
ЕПИСКОП. Не дедіңіз?
ДОН-ЖУАН. Адам осы қалай аңызға айналатынын сұрадым.
(Графинді ұстайды.) Ұмытып барады екем-ау, бәлкім, әуелі дәм татарсыз. (Епископ рахмет айтады.) Көп ұзамай әйелдер келеді, соған дейін айтып үлгерейін.
ЕПИСКОП. Айтыңыз.
ДОН-ЖУАН. Айтатыным мынау. Шіркеудің қас дүшпаны ретінде халық арасына аты тарап кеткен Дон-Жуан Тенорио, міне, гүл-гүл жайнап алдыңда отырмын, өмірбақи ұмытылмайтын мәңгілік даңқтн да дәмем бар, несін жасырайын ендігі мақсатым - біржола аңызға айналу. Сол үшін Дон-Жуан Тенорио бүгін өліп кетуге де әзір.
ЕПИСКОП. Өлем дейсіз бе?
ДОН-ЖУАН. Әуелі қоятын шартым бар.
ЕПИСКОП. Шартың қандай?
ДОН-ЖУАН. Біздің бұл әңгімемізді екеумізден басқа ешкім естімесін. Сіз, яғни, испан шіркеуі маған күн көретпей пенсия тағайындап, Андалузия туындағы еркектер ғибадатханасынан бір құжыра бересіздер. Мен сонда көйлегім көк тамағым жоқ, әйел атаулыдан атымен құтылып, тек геометриядан басқа ештеңеге алаң болмай тыныш өмір сүретін боламын.
ЕПИСКОП. Гм-м!
ДОН-ЖУАН. Ал, мен Кордова епископы Сізге, испан шіркеуі үшін алтыннан да қымбат жаңа бір аңызды сыйға тартамын. (Пауза.) Сіз бұған не айтасыз?
ЕПИСКОП. Гм-м!
ДОН-ЖУАН. Аруағыңызға құлдық! Зиратқа тасында: "Ар төккен аярдың сазасын тәңірімнің өзі тартқызсын!" деген жазуы бар тас мүсіннің орнатылғанына он екі жыл болыпты, ал сол аяр немесі, мен, яғни Дон-Жуан Тенорио, Севильге келген сайын тас мүсіннің қасынан талтаңдап талай өтем. Ау, жарықтығым-ау, маған енді елдің ішінін осынша бүлдіртіп қоясыңдар ма? Қашанғы әйелдердің арын төгіп, еркектердің қанын іше берем? Маған да бір тиым болу керек қой. Солай емес пе, епископ, мен енді бұдан былай да қағанағым қарқ, сағанағым сарқ сайран сап жүре берсем, мына еліңіздің не берекесі қалады.
ЕПИСКОП. Дұрыс айтасың.
ДОН-ЖУАН. Жайыма жүрмей жастарды бүлдіремін ғой. О немелердің енді шетінен мен болғысы келмей ме? Қашан тәңіріңіздің көзіне түсіп, сазайымды тартқанша талай сайранды салып қалуға болатынына әбден көздері жетеді де, әлгі нашар жыныстың намысын шашып, үйлі-баранды еркектердің насырына тиюді олар да кәсіп қып алады ғой. Бұған бір дәніккен кісі қоя ма, олар менен де асырмаққа тырысады. Бұл, әрине, ақымақтық, әншейін жел бастық, бірақ, мұндай індет жұрттың арасына обадан бетер тез тарайды! Одан еш күмәныңыз болмасын!
ЕПИСКОП. Гм-м!
ДОН-ЖУАН. Сіз бұған сенбейсіз бе? (Епископ графиннен өзіне бір бокал шарап кұяды.) Мені тек әйелдер ғана емес, өмірде ештеңеге сенбеу де әбден мезі қылды. Он екі жыл бойы сонау төбеміздегі көлдария көк аспандағы тәңірге қыр көрсетем деп өмірімді босқа өткізіппін. Мен істеген күнәмның тақсыретін тартудың орнына, айдай әлемге атым жайылды. (Епископ бір ұрттап қояды.) Оған езгені білмеймін, әйтеуір, өзім қайранмын. (Епископ тағы да бір ұрттап қояды.) Отыз үш жасымда аты жер жарған даңқты адамдардың санатына қосылдым, тап менің не істеп-не қойғанымды білмеппін адам бұ дүниеде жоқ, бірақ, соның ешқайсысы мен істеп жүрген нәрсенің мән-мағынасын ойлап басын қатырған емес. Кейде жұрттың мен туралы айтып жүрген әңгімелерін естігенде өз құлағыма өзім сенбеймін. Олардың айтуынша, әйелдерді көндіру ақ тауды айырып, кара тауды қайырғандай қиын шаруа сияқты.
ЕПИСКОП. Дегенмен...
ДОН-ЖУАН. Алғашқы кезде осының бәрі мен үшін әншейін бір әжуа қылжақ көрінегін. Әйел біткен маған саусағыңның сондай бір сиқыры бар, ол тиіп кетсе болды, ен бойымызды әлдеқандай бір қуаныш билеп, көңіліміз күші боп шыға келеді дейді. Некелі күйеуімізден ондай лаззатты өмір бойы сезіп көрген жоқпыз деп ант-су ішеді.
ЕПИСКОП Бұл тұспалыңыз біздің ержүрек қаһарманымыз Лопес туралы емес пе?
ДОН-ЖУАН. Дегенмен, әлгіні айтқан дон Бальтазар Лопес-тың әйелі шығар.
ДОН-ЖУАН. Мен біреумен жауғып, жанжалдасып жүргенді жаным сүймейді. Ит егінен жек көретін жалғыз-ақ нәрсем - іш пысыратын көңілсіздік. Әйел деген немелердің нәпсі билегенде дүниеде ештеңені көрмей бұлдырап кетегін бұзақы көздері мен сүліктей кадалатын тойымсыз еріндерін ойлағанда, төбе шашым тік тұрады. Бір қызығы, менің атымды осынша жайып жіберген сіз бе деп қалам, Әйелдер сіздің өсиетіңізді естіп алады да, мені қашан көрер екенбіз деп құлқындары құриды; күйеулері мен әлі әйелімен жолықпай тұрып-ақ қылыштарын қайрап жатады. Мен байғұс бір сайыстан соң бір сайысқа түсіп, мұрнымнан шаншылам да жүрем. Өйістіп жүріп, қарсы келгенді баудай түсіретін сайыскер болып алдым. Өлген неменің әйелі маған қылышымды қынына салуға мұрша бермей, мойныма асыла кетеді. Сонда мен не істемекпін? Өз даңқыма өзім құл боп, абыройымды түсірмеу үшін тағы да жанжалға ұрынуға мәжбүр болам. Менің мұндай бейшара хәлімді ойлап жаны ашитын жан Испаниядан қайдан табылсын! Енді, міне, көшеге шықсам әйелден аяғымды алып жүре алмаймын. Амалсыз, тағы да бір жесірдің күйеуін жайратып тастап, өзінің төсегін тапап шығып, желкемді бір-ақ көрсетіп, тайып тұрам. Осының бәрі оңай тиіп жүр ғой дейсіз бе, киелі әкей! Жо-жоқ... Әйел деген халықты білмейсіз ғой, олар саған өздері құлқындары құрып тұрғанда құлықсыздық көрсетсеңіз болды, өле-елгенше өкшеңізден қалмайды.
(Есік қағылады.)
Қазір?
(Есік тағы қағылады.)
ЕПИСКОП. Сіз неге таңғалдыңыз?
ДОН-ЖУАН. Міне, қызық...
ЕПИСКОП. Ол не қызық?
ДОН-ЖУАН. Сізді бетпе-бет керіп отырғаным осы. Сыртыңыздан қарағанда бұдан гөрі етті-женді сияқты едіңіз.
ЕПИСКОП. Сіз, бәлкім, мені менен бұрынғы әріптесіммен шатыстырып тұрған шығарсыз.
ДОН-ЖУАН. Мен сіздің мынау ашушаң жүзіңізді бұрын да бір рет көрген сияқтымын. Қайда көздесіп едік? (Есік қағылады.) Міне, ғажап... (Тағы да есік қағылады.) Мен сізді мынау пәледен құтылуға қол ұшын берер ме екен деп шақырып едім.
ЕПИСКОП. Талай неке бұзылды, талай төсек ласталды, талай қыздың ары төгілді, талай әкенің қаны төгілді, талай еркек сырты бүтін, іші түтін боп тірілей еліп жүр. Ал, сіз Дон-Жуан Тенорио, соның бәріне ойран боп тиіп ап, енді мына пәледен құтқар деп көлгірсисіз.
ДОН-ЖУАН. Сіз неге қалш-қалш етесіз!
ЕПИСКОП. Сенің төсегің түгел, намысың бүтін, қалшылдағанды қайдан білейін деп ең!
ДОН-ЖУАН. Сіздің де төсегіңіз түгел, намысыңыз бүтін емес пе, әулие әкей?
ЕПИСКОП. Ал, Лопес сияқты ержүрек адамның көріп жүрген күні ше?
ДОН-ЖУАН. Сіз осы, әулие әкей, Лопеспен туыс емессіз бе, аузыңыздан соның аты түспеді ғой? Ата-дәулетінің жартысын шашып, испан шіркеуін артыма салып қойып жүрген сол емес пе еді, енді, міне, ол сонысы аз болғандай, үйімді тыңшыларға торытып қойды. Сіздің өңіңіз неге қуарып кетті. Бұл сөзімнің тырнақтай өтірігі жоқ. Қазір тіпті сыртқа шықсам тағы біреуге семсерім тиіп кетер деп, үйден шығудан да қалдым. Уа, жарықтық-ау, бұдан артық азап болушы ма еді...
(Лепорелло кіреді.)
Бар, бөгет болма!
(Лепорелло қайта шығып кетеді.)
ЕПИСКОП. Кәне, істің жөніне көшейік?
ДОН-ЖУАН. Көшсек, көшейік.
ЕПИСКОП. Аңызды қалай тарат дейсіз?
ДОН-ЖУАН. Сіз тек келісім берсеңіз болды, ар жағын жұрт өзі гулетіп әкетеді. Мен осында біреуді өлген командордың тас мүсіні боп келуге көндіріп қойдым, әлгі әйелдер өлі аруақтың даусын естігенде өзі-өзінен жым болады. Оған, сірә, күмән жоқ. Сосын енді белгілі ғой. Тас мүсін қарқылдап тұрып күлсе, әйелдердің жөн арқасынан қалай бұрқ-бұрқ тер шыққанын өздері де білмей қалады, ашуланып зірк-зірк етсе, зәрелері зәр түбіне кетеді. Сол уақытта, анау үстелдің астындағы машинадан көріп тұрсыз ғой, үйдің ішін күкірт иісі мен көк ала түтін жайлайды. Тек бәрін де тезірек істеу керек. Не болып, не қойғанын қапелімде білмей қалсын. Сол арада сіз тұрып, жаратқан ием күнәһардың сазасын осылай тартқызады деп сөз сөйлейсіз, менің музыканттарым күй тарта женеледі. Барлық іс сонымен тәмам боп шыға келеді.
ЕПИСКОП. Ал, сіз қайтесіз сонда?
ДОН-ЖУАН. Сіз ана едендегі тесікті көріп тұрсыз ба? Содан үй астына бір-ақ ырғимын. Сырт көзге сенімдірек болу үшін Аристотель трагедияларының соңындағыдай қып, бақырып-шақырып, жылап-сықтап бағам ғой. Үйдің астында тақуалар киетін қоңыр шапан жатыр. Сол арада менің мынау атышулы әсем сақалымды мұнтаздай қып қырамын да, қолыма таяқ ұстап бейтаныс дәруіш боп жолға шығам.
ЕПИСКОП. Түсінікті.
ДОН-ЖУАН. Жалғыз-ақ шарт, бұл құпияны ешкім білмейтін болсын. Алда-жалда біреу-мінеу біліп қойса, екеуміздің де абыройымыз айрандай төгілгені. Мені тәңірінің кәріне ұшырап, табан астында жер жұтып кеткені сол сәтте күллі Испанияға жайлады. Мұны өз көзімен көрген кісі онша көп болмаса да, жұрттың бәрі де мұны өз көзіммен көрдім деп дақпыртып бағады. Сонда мен тастап кеткен тұл қатындар да, алданған ерлі-зайыптылар да, қарызын қайтарып ала алмай жүрген қалтамандар да төбелері көкке жетіп қалады. Олар үшін бұдан асқан қуаныш бар ма?
ЕПИСКОП Түсінікті.
ДОН-ЖУАН. Дон-Жуан өрем қабады. Ал, мен ың-жыңсыз геометриямен боламын. Шіркеу адамдары, сіздер де, жаратқан иемнің жазасынан ешкім қашып құтыла алмайтынын көрер көзге дәлелдеп, жұрт алдында беделдерің өсіп шыға келеді.
ЕПИСКОП. Жөн, жөн. (Лепорелло кіреді.)
ЛЕПОРЕЛЛО. Тақсыр ием...
ДОН-ЖУАН. Иә, немене?
ЛЕПОРЕЛЛО. Әйелдер келді.
ДОН-ЖУАН. Олар қайда?
ЛЕПОРЕЛЛО. Аулада күтіп тұр. Шетінен ашулы. Бәрі де өзіңізбен бетпе-бет жүздескісі келеді. Қақпаға құлып салып қоймасам, лап қоятын түрі бар. Шаң-шұң боп шаңқылдасып бас қатырды.
ДОН-ЖУАН. Міне, дүрыс,
ЛЕПОРЕЛЛО. Ол дегеніңіз болды. Енді қазір тынышталып, желпуіштерін алып, желігініп тұр.
ДОН-ЖУАН. Ендеше, оларды... (Епископқа қарап қойып) бес минуттан кейін кіргіз. (Лепорелло кетіп қалады.) Ал, жарықтығым, маған қай ғибадатханадан құжыра бермексіз?
ЕПИСКОП. Сіз әлгі жоспарыңыздың іске аса қоюына күмәныңыз жоқ па?
ДОН-ЖУАН. Әрине! Шіркеуге енді бұдан артық не керек? Сіздің қобалжып тұрғаныңызды да білемін, бірақ, бұған ешкім күмән шығарып жатпайды. Мен бұл жоспарды ойластырғанда ескі аңыздарды негізге алдым. Тас мүсіннің өзін өлгірген кісіден кек алуы ерте дүние әдебиегінен келе жатқан ежелгі сюжет, ал енді өлі аруақтың өшін қайыруы біздің жауынгерлеріміздің аузынан түспейтін бретон балладаларында күнде айтылып жүрген жәйіт. Біз тек сол аңыздарға жаңаша әр бітіреміз.
(Епископ, калпағын, көзілдірігін алып, Дон-Жуан жүзін бұрады.)
Мынау Дон Балтазар Лопес пе?
ЛОПЕС. Иә.
ДОН-ЖУАН. Сөйтіп...
ЛОПЕС. Мен сені бір-ақ рет көргенмін, онда да бір көзді ашып жұмғандай асығыс сәт еді. Ақ жібек пердеге шырағданның оты тиіп өртеніп барады екен, жалма-жан есікті ашсам, әйелімнің төсегінде сіз жатырсыз... Есіңізде шығар, мен амалсыз өртті сөндіруге мәжбүр болдым.
ДОН-ЖУАН. Есімде.
ЛОПЕС. Сайысқа шығатын мұршам болмады. (Дон-Жуан қылышын суырып алады.) Мен енді біздің кегімізден құтылу үшін қандай айла жасалмақ екеніңді әбден біліп алдым; енді қазір мынау имансыздығыңды әшкере етем. Тезірек әйелдерді кіргіз! Жоқ, Дон-Жуан Тенорио, мынау баршамызды бақытсыз еткен өлкеден сізді ешқайда жібермейміз. Сіздің де әйел алып, пенде болғаныңызды көрмей, менің кегім қайтпайды.
ДОН-ЖУАН. Ха-ха!
ЛОПЕС. Алғанда тап менің әйелімді аласың!
ЛЕПОРЕЛЛО. Әйелдер келе жатыр. (Лепорелло кіреді.)
ЛОПЕС. Тіпті шебер шахматшының өзі ара-тұра жүрем деген жүрісін жүре алмай, жеңіліске ұшырайтын сәттері болады.
ДОН-ЖУАН. Оны әлі көрерміз.
(Он үш әйел буырқанып кіреді де, епископты көріп, жым болады. Лопес епископтың киімі мен көзілдірнігін қата киіп алыпты. Әйелдер оның етегін сүйеді. Бұны істегенде олар шетінен маңғаз кейпін жоғалтпайды, дегенмен де...)
ДОННА ЭЛЬВИРА. Киелі әкем, бұл неме алдап кетті.
ДОННА ТЕЛИЗО. Бұл сабазда ұят деген болсайшы.
ДОННА ЭЛЬВИРА. Мен оны өлім аузында жатқан шығар деп едім.
ДОННА ИЗАБЕЛЛА. Мен де солай ғой деп едім.
ДОННА ВИОЛА. Бәріміз де солай ойлағанбыз.
ДОННА ЭЛЬВИРА. Әйтпесе, есігінен қарармыз ба?
ДОННА ФЕРНАНДА. Иә, деймін-ау...
ДОННА ЭЛЬВИРА. Мен командордың жесірімін.
ДОННА ФЕРНАНДА. Мен де өлейін деп жатыр ғой деп ойлап ем.
ДОННА ИНЕС. Мен де солай ойлағанмын.
ДОННА ЭЛЬВИРА. Мен оны ендігі тәубасына келді ғой деп ем.
ДОННА БЕЛИЗА. Бәріміздің де ойымыз сол.
ДОННА ИЗАБЕЛЛА. Мен енді бұнысынан өзі де безінер деген ем.
ДОННА ВИОЛА. Апырай десейші!..
ДОННА ЭЛЬВИРА. Киелі әкей, мен зиялы әйелмін.
ДОННА БЕЛИЗО. Немене, сонда біз кімбіз?
ЕПИСКОП. Донна Белиза...
ДОННА БЕЛИЗА. Сонда, киелі әкем, біз немене, қаңғыған қара сүйек біреу болғанымыз ба?
ЕПИСКОП. Сабыр етіңіз, Донна Белиза. Сіздің ержүрек Лопестің әйелі екеніңізді танып тұрмын.
ДОННА БЕЛИЗА. Менің сол бір жексұрын атты естігім де келмейді.
ЕПИСКОП. Неге?
ДОННА БЕЛИЗА. Лопес ержүрек деген атты өзіне-өзі тағып жүр... Оның ержүрек боп мен үшін сайысқа шыққанын көрсем, көзім шықсын. Қалған еркектер қатындары үшін қан боп жатады. Осылардың ішінде әлі күнге жесір атанбаған жаңғыз менмін.
ЕПИСКОП. Әдептен аттамаңыз!
ДОННА БЕЛИЗА. Ержүрек Лопес!
ДОННА ЭЛЬВИРА. Мен мұнда, киелі әкем, тап мынандай опасыз қатындардың опыр-топыр жиынын көрем ғой деп ойламап едім. Бұл бетсіздер менімен тең болғысы келеді әлі.
ӘЙЕЛДЕР.Ах!
ДОННА ЭЛЬВИРА. Өңшең жексұрын жезөкшелер! Сендердің сөз не теңдерің, онан да ана желпуіштеріңді желпіп, жайларыңа қарап тұрыңдар! Мен сендердің бұл үйге не құлқындарың құрып келгенін жақсы білем!
ДОННА БЕЛИЗА. Өзіңізді не айдап келіп еді?
ДОННА ЭЛЬВЙРА. Әлгі сендердің бастарыңды айналдырып жүрген жады неме қайда өзі? Қап бәлем, керінсінші осыдан, көзін ойып алайын.
ДОН-ЖУАН. Мен мұндамын. (Тореддор құсап ортаға шығады). Өңшең, нақсүйерлерім, келгендеріңіз үшін көп-көп рахмет. Рас, шеттеріңнен түстеріңіз бұзылып, түтігіп тұрсыздар. Ол ештеңе етпейді, қазір сендер менің тамұққа аттанар салтанатыма жиылдыңыздар.
ЛЕПОРЕЛЛО. Тақсыр ием....
ДОН-ЖУАН. Ал, кәні, ғашықтарым, дастархан басына келіндер.
(Әйелдер сұлқ тұра береді, желпуіштерін де желпімейді.)
Бар ғашығыңның бәрімен бір залдан ұшырасу аса сирек кездесетін жәйіт. Өмірде бұндай да жолығыс болады деп кім ойлап көрген. Қапелімде аузыма сөз де түспей тұр. Енді міне бір-біріңе атымен жат болғанмен де, бәрің бірдей мені сүйіп, менің қырсығымнан жесір қалған он үш әйел бастарың қосылып келе қалыпсыңдар; маған тіпті ашуланып та тұрған түрлерің бар; ешқайсысың бетіме жөндеп қарамайсыңдар... (Әйелдер желпуіштерін желпи бастайды.) Қадірлі ханымдар, біз бір-бірімізді өлердей сүйдік. (Бір әйел аяғының астына түкіріп жібереді.) Иә, донна Виолла, сол махаббатымыздың соңы тап осындай боп шыққанына мен де қайранмын.
ДОННА ИЗАБЕЛЛА. Мен Виола емеспін.
ДОН-ЖУАН. Кешір.
ДОННА ВИОЛА. Ол мынаны Виола деді ме?
ДОН-ЖУАН. Сен де кешір.
ДОННА ВИОЛА. Жоқ, бұған төзе алмаймын!
ДОН-ЖУАН. Иә, соның бәрі адамның әлгі тылсым дүниеге кірпік қаққанша аттанып жүре бететіні сияқты, көзді ашып-жұмғанша өтіп кететін тым бір келте сәт қой, бәр-бәрінің жөн-жосығы есінде жөнді қала бермейді, донна Фернанда.
ДОННА ИЗАБЕЛЛА. Мен Фернанда емеспін.
ДОН-ЖУАН. Ау, сәулешім-ау...
ДОННА ИЗАБЕЛЛА. Сен жұрттың бәрін "сәулешім" дейсің.
ДОН-ЖУАН. Сендердің бәрің де маған сүйіктісіңдер. Енді есіме түсті, сен донна Изабелла екенсің ғой. Сен сондай шыдамсыз, сезімтал едің. Ылғи ыңырсып жылап жататынсың. (Епископқа бұрылады.) Еркек кісі жарықтық шетінен ұмытшақ келеді ғой. Қайдағы бір осындай кездейсоқ нәрселер ғана есіңде қалады. Мәселен, әлгі бір шырағданнан өрт шығып кете жаздағаны сияқты.
ДОННА БЕЛИЗА. О, тоба, мынау нені айтып тұр?
ДОН-ЖУАН. Әйтпесе, бірде қамыс сыбырынан қатты сасқаным бар. Төсектен атып тұрып, киінуге де мұрша жоқ, қылышыма жармастым. Өзі бір ай жарық түн еді. Сөйтсем, қорқытқан үйрек екен.
ДОННА ВИОЛА. Мына сабаз қайдағыны қайдан айтады!
ДОН-ЖУАН. Кісінің жадында осындай-осындай қай-дағы бір ұсақ-түйек болымсыз нәрселер қалады. Талғамсыз арбиған құмыралар, кебежеқарын кебістер, оңды-солды ыбырсыған фарфор бұйымдар, осынша қоқырсыған дүниенің ішінде бір күңірсіген күлімсіиіс мұрнымды жарып кете жаздады. Сол кімнің үйі еді?
ДОННА ИЗАБЕЛЛА. Тандайына шоқ түскір, тағы нені көкіп тұр.
ДОН-ЖУАН. Сонау бозбала кезімде бір күн түні бойы тотының даусынан құлағымның сарсығаны бар!
ДОННА ЭЛЬВИРА. О, тәңірім!
ДОННА КЛАРА. О, тоба-ай, ә!
ДОННА ИНЕС. Түу, құдайым-ай!
ДОН-ЖУАН. Менің есімде бар қалғаны осы.
(Әйелдер желпуіштерімен беттерін басады.)
Лепорелло, шам жағып жібер.
(Лепорелло шырақтарды жаға бастайды.)
Еркектердің бәрі осындай ма, жоқ па, ол арасын білмеймін.
Бәлкім, басқа еркектер көп әйелдердің қасына қайтып түнегенін өмірбақи ұмытпайтын шығар. Әйтеуір, өзім өткен өмірімді ойласам, айран-асыр болам. Мен, құдды, бір өзенге шомылып жүрген жан сияқтымын, артында із қалып жатқан жоқ. Кейде жас жігіттер кеп, әйелдің құшағында жатқан деген қандай нәрсе болады деп сұрағанда, не деп жауап берерімді де білмей қалам. Ол да бір қарның ашқан сияқты, я ішің ауырған сияқты, тұсында біле қоясың, өтіп кеткен соң ұмытып қаласың. Бірақ, біржола ұмытпайсың, әлгі сөзім артынан тағы оралады. Бір-бірінен ешқандай айырмасы жоқ.
(Лепорелло барлық шыраққа от береді.)
Дон Бальтазар, енді бет-пердеңізді аша беруге бола ма, жоқ әлі де біраз кідіре тұрасыз ба?
ДОННА БЕЛИЗА. Мынау не деп тұр-ау?
(Епископ бетін көрсетеді.)
ЛОПЕС. Менің атым - Лопес.
ДОННА БЕЛИЗА. Тәңірім-ау, сенбісің?
ЛОПЕС. Дон Бальтазар Лопес.
ДОН-ЖУАН. Қателеспесем, Толедо қаласының қазынасы осы кісінің қолында, омырауы тола орден. Ол барша опық жеген еркектердің кегін кектеп, намысын жоқтауды ержүректілікпен өз мойнына алды.
ЛОПЕС. Дон-Жуан, сіздің ойныңыздың осылғаны осы шығар.
(Аяқ дыбысы естіледі.)
ДОН-ЖУАН. Тыныш! ,
(Аяқ дыбысы естіледі.)
Толедолық, Дон Лопес, құлағымыз сізде.
(Аяқ дыбысы естіледі.)
ЛОПЕС. Қадірлі ханымдар, ештеңеден қорықпаңыздар. Ол әншейін сіздерді әжуа қылмақшы.
ЛЕПОРЕЛЛО. Тақсыр ием...
ДОН-ЖУАН. Тыныш!
ЛЕПОРЕЛЛО. Есіктер тарс жабық.
(Әйелдер зәресі ұшып үрейлене бастайды.)
ЛОПЕС. Мені тыңдаңыздар...
(Әйелдер есікке ұмтылады, есік жабық. Дон-Жуан столдың бір шетіне отырып, өзіне бір бокал шарап құйып алады.)
ДОН-ЖУАН. Ау, сөзін тыңдасаңыздаршы!
ЛОПЕС. Қадірлі ханымдар...
ДОН-ЖУАН. Ғафу етіңіз, тағы біреуін ішпесем, әбден қаным қатып қалыпты. (Ішеді.)
Ал, енді айта беріңіз!
ЛОПЕС. Қадірлі ханымдар, Дон-Жуанды тиесілі жазасын алмай тұрып, осы үйден ешқайда шығармауымыз керек. Оның барлық жайын өзім ойластырып қойғам. Оның қаныпезерлігі әбден шектен асты, сазасын тартатын уақыты әлдеқашан болған.
ДОН-ЖУАН. Сәл тоқтай тұрыңыз. (Ішеді.) Бұл айтып тұрғанымның еш қалжыңы жоқ... Лепорелло, кеше зиратта марқұм командордың аруағын қорлағанымыз рас қой?
ЛЕПОРЕЛЛО. Тақсыр ием...
ДОН-ЖУАН. Менің оны қонаққа шақырғаным да рас қой?
ДОННА-ЭЛЬВИРА. Менің күйеуімді ме?
ДОН-ЖУАН. Соңда оның шақыруымды қабыл алып, бас изегенін менің ержүрек қызметшім өз көзімен көрді. Сіздің зайыбыңыз бүгін осы үйге кіріп шықпақшы болды. Неге кешікті екен? Түн ортасынан ауып барады. Тәңірінің әділ жазасын тартуым үшін тағы немене істеуім керек. (Аяқ дыбысы естіледі).
ЛОПЕС. Донна Эльвира, қайда барасыз, тоқтаңыз! (Аяқ дыбысы естіледі.) Бұл айтып отырғаны шып-шылғи өтірік. Бізді тағы да мүзға отырғызып кетпек қой. Анау столдың астындағы машинаны көрдіңіз бе? Ол қазір Дон-Жуанды тәңірінің қаһары соғып, жер жұтып кетті дегенге сендіру үшін күкірт пен түтікті бұрқыратып, зәрелерінді ұшыруға арналған. Бұнысы тағы да жазадан жалтарып кетудің бір амалы. Бұл сұмырай бүкіл Испанияны ақымақ қылып, жазадан біржола құтылып кетпекші. (Дон-Жуан күледі.) Немене, осы айтып тұрғаным өтірік пе?
ДОН-ЖУАН. Еш өтірігі жоқ.
ЛОПЕС. Әне, естідіңдер ме не дегенін?
ДОН-ЖУАН. Бұл әншейін әжуа ғой.
ЛОПЕС. Мына жердің астына түсіп кетуге арналған тесіктің қақпағы. Нанбасаңыздар, келіп көріңіздер. (Дон-Жуан күледі.) Имансыз неме, тағы да тәлкек қылмақшы бізді.
ДОН-ЖУАН. Дұрыс айтасыз. (Ішеді.) Менің он екі жыл бойы айтып жүргенім де осы емес пе? Мақшар да, тамұқ та, тәңірінің қаһары да әншейін әңгіме, ешқайсысына сенбеңдер демеп пе едім. Енді, міне, осының бәрі әншейін әжуа деп сеньор Лопес те айтып тұр.
ЛОПЕС. Ханымдар, естідіңіздер ғой?
ДОН-ЖУАН. Ендеше, міне... (барып төрдегі шымылдықты көтереді, арғы жағынан командордың тас мүсіні көрінеді.) Өтінемін! (Әйелдерде зәре жоқ.) Неден қорықтыңыздар?
ДАУЫС. Дон-Жуан?
ДОН-ЖУАН. Бұл әншейін Жуан ғой.
ДАУЫС. Дон-Жуан!
ЛЕПОРЕЛЛО. Тақсыр ием, ол қолын ұсынып тұр...
ДОН-ЖУАН. Ғашық жарларым, мен онан тіпті де қорықпаймын, міне, оның тастай қолын да аламын... (Дон-Жуан статуятен қол алысады, күкірт иісі мен түтін бүрқ етеді. Дон-Жуан мен ескерткіш тесікке құлайды. Музыканттар үйді бастарына көтеріп, даңғырата жөнеледі.)
ЛОПЕС. Қадірлі ханымдар, бұл шып-шылғи етірік, шоқынбай-ақ қойыңыздар!.. (әйелдер жер тізерлеп, шоқына бастайды.) Ай, қатын деген халықтан пәтуа қайдан шықсын! (Есік тарс ашылып, Лопестың тыңшылары кіреді.) Оңбағандар, неге орындарыңда тұрмайсындар?
ТЫҢШЫ. Ол қайда кетті?
ЛОПЕС. Қашып кетті. Айырылып қалдық.

 

 
Интермедиа 

 

Сахна алдына Селестина мен Лепорелло шығады.
СЕЛЕСТИНА. Менің онымен көзбе-көз сөйлесуім керек. Күймеге барып, делебесін өзің ұста. Мен сені білем ғой, ғибадатхананың бақшасына кіріп, қоңыраудың күңіренген даусын естігенде аузыңды ашып қаласың. Дон-Жуанның тамұққа кеткеніне езің де сенетін бол. (Тақуа әйел шығады.) Эльвира сіңлім! (Лепорелло кетіп қалады.) Ал, сіңлім Эльвира, мен саған құдайдан қорқып келіп отырмын. Менің ол жолғы істеген ісім әбден күпірлік болды. Оған өзім әлі өкінемін. Міне, енді күні бойы жасағанға жалбарынумен өміріңіз өтіп барады; әлгі жас мейманнан қорыққандықтан осындай күйге ұшырадыңыз. Мен, бірақ, тап осыған ешкім сене қоймас деп ойлап ем. Сөйтсем, бүгін күллі Испания жағасын ұстап отыр. Лопес бейшара жайына қарап жүрмей, бұл командордың тас мүсіні емес, әншейін көзбояушы айлакердің істегені деп айтамын деп, аузынан қағынып, елден қуылып кетті. Эльвира сіңлім, сонда командордың тас мүсіні боп келген мен едім. Әлгі Лопес бейшараны айтам-ау, бүкіл атағы мен дәулетін жолына құрбаңдық қып жүрсе де, испан шіркеуі сенбей қойды, ақыры Мароккода асылып өлді. Испанияда ақиқатты айтқан адамды неге осынша қуғындайды? Мен осында үш сағаттық жол жүріп келгендегі мақсатым бар шындықты айту еді. Сол бір сұрқия оңиғаның егжей-тегжейін білетін енді менен басқа ешбір куә қалған жоқ. Сіз де сол оқиғаның қырсығынан осында тап болдыңыз. Жан баласына тісіңізден шығармаңыз, Дон-Жуанды жер жұтып, тамұққа кеткен жоқ. Оның бүгінде қайда екенін де білемін, бірақ айтуға қақым жоқ. Ол үшін қыруар ақша алғанмын. Әйтпесе, өйістіп, қызметші ұстай аламын ба? Эльвира, мен мұны атымыз әйел болған соң, айтып тұрмын, Дон-Жуан тірі, өз кәзіммен көрдім. Қайдағы тамүқ, оның қазіргісіндей өмір ұжмақта да жоқ шығар. Оның амандығы үшін қанша дұға оқимын десеңіз де болады...
(Кешкі намазға қоңырау қағылады. Тақуа әйел шоқынып кетіп қалады.)
Бұларға не істерсің! (Лепорелло кіреді.) Ұста делебеңді! Қайдағы бір былшылға сеніп, көзсіз көбелек болып алған бұл жаны қастарға ес кіргізем деп, есіл уақытымды қор қылмайың. Сен де шоқынып қой!
ЛЕПОРЕЛЛО. Селестина!
СЕЛЕСТИНА. Дон-Жуан тамұқта.
ЛЕПОРЕЛЛО. Ендеше маған жалақы төлеп жүрген кім?
СЕЛЕСТИНА. Бар, делебеңді ұста!
ЛЕПОРЕЛЛО. Ол өлді деп естігелі қорланған аруақ, бұзылған заң-жосық, опық жеген қыздар мен ойрандалған үйлер де, абыройы тегілген ата-аналар мен алданып қалған әйелдер де, олардың қанына қарайған күйеулері де шат-шадыман, мәз-майрам. Қожама пәлен жыл қалтқысыз қызмет қылған менен басқа оның орынсыз от басам деп опат болғанын білетін бір де бір пенде жоқ.

шымылдық

V акт  


Лоджия. Алдыңғы планда екі кісіге жасалған стол. Дон-Жуан біреуді күтулі. Сәл кідіріп барып қоңырау соғады. Қызметші кіреді.
ДОН-ЖУАН. Қашан жұрт дастархан басына түгел отырып болғанша мені асқа шақырмаңдар деп айтпап па ем саған! Енді, міне жарты сағат бойы жұмысымнан қалып тосып отырмын. Онсыз да уақыт жеткізе алмай жүргенде бұның не? Жарайды, Алонсо, бұған сен кінәлі емессің. (кітап оқуға кіріседі.) Ол өзі қайда жүр? (Қызметші "білмедім' дегендей иығын қиқаңдатады.) Рахмет. Жарайды, бара бер! (Қызметші кетіп қалады, Дон-Жуан кітапқа қайтадан шұқшияды да, сәлден кейін лақтырып тастайды.) Алонсо! Кешкі тағам шамалыда келмейтін болса, мен құжырама кеттім.
(Дон-Жуан кетуге бет алғанда, бау ішінен сейілдеп шығып келе жатқан, қолына гүл ұстаған Кордова епаскопы, Диего әкей қарсы жолығады.)
ЕПИСКОП. Сіз қайда барасыз?
ДОН-ЖУАН.А!..
ЕПИСКОП. Біз сізді бақшада күтіп жүрсек. Бүгін күн неткен тамаша. Тек менің қазір кететінім өкінішті боп тұр. Аркаданың ар жағынан Ронда шатқалы көрінеді екен, алқызыл және күлгін қырмызылар батар күннің қызыл жалқын нұрына малынып, қалай жайнап кетеді, ал сонау төмендегі аңғар бойын көлеңке көміп, бір салқын леп еседі. Мен осында келген сайын нағыз жұмақ осы ғой деп қалам. Көрмейсіз бе тап табаныңыздың астыңда нағыз пейіштің өзі жатыр.
ДОН-ЖУАН. Иә.
ЕПИСКОП. Алайда, күз сыңайы әбден білініп қалыпты.
ДОН-ЖУАН. Диего, бәлкім, шарап ішерміз.
ЕПИСКОП. Ішсек ішейік. (Дон-Жуан графиннен екі бокалға шарап құяды.) Бір кезде осы жерге бақ еккен маврлар, қарап тұрсаңыз, табиғаттан қаншама тән тоятын ала білген. Осынау аула, мынау тылсым тыныштық, қоңыр салқын көлеңке көмген көкжасыл қойнау қандай рахат; бірақ, бұл әлгі салқын қабірге тән меңіреу тыныштық емес, сонау көк аспаннан көшіп кеп, осында орнаған пейіш сияқты. Төңірегіңдегі нәрсенің бәрінде сондай бір сұлу наз, ерке қимыл бар. Бәрі де ләззатыма қан, рахаттан деп тұрғандай. Анау сылдыраған үніне құлақ тосыңызшы... Оны жаныңызға мөлдіреп кеп өзі құйылғандай етіп, соншама ет жақын қып табыстырып жіберген, осынау кездейсоқ нәрселердің бәріне де мәңгілік сипат беріп тұрған не сиқыр, не құдірет... Өлі табиғатқа жан бітірген қандай ұлы өнер!
(Гүлді иіскейді.) Герцогиня қазір келеді.
ДОН-ЖУАН. Солай ма?
ЕПИСКОП. Ол жаңа әлденеге мең-зең боп жүрмін деп отырған.
(Дон-Жуан епископқа шарап толы бокал ұсынады.) Геометрияда қандай жетістігіңіз бар?
ДОН-ЖУАН. Рахмет, жаман емес.
ЕПИСКОП. Сіздің анада бір айтқан әңгімеңізді әлі ұмыта алмай жүрмін. Әлгі, адам білмек түгілі, қиялдай алмайтын ақиқаттарды айна-қатесіз алдыңа жайып тастайтын өлшемдер жайлы әңгімеңізді айтамын.Сызық, аудан көлемі деп пе едіңіз... Сонда төртінші өлшем деп нені айтып едіңіз. Сіз дүниеде соңдай өлшемнің шыннан да бар екенін дәлелдей аласыз ба? (Дон-Жуан шараптан сіміріп қояды.) Дон-Жуан, сізге не болған?
ДОН-ЖУАН. Нені айтасыз? Маған ештеңе болған жоқ. (Өз бокалына тағы да шарап құяды.) Ол туралы сөз етпесек те болады. (Екінші бокалды ішеді.) Маған не болушы еді?
ЕПИСКОП. Сіздің денсаулығыңызға!
ДОН-ЖУАН. Сіздің денсулығыңызға. (бокалына тағы да шарап құяды.) Менің күнде-күнде құлақтарына қырық рет құйып отыратын жалғыз-ақ өтінішім бар, ол-жұрт дастархан басына қашан түгел келгенше мені жұмысымнан бөлмеу. Бірақ, соның сәті бір түспей-ақ қойды. Әуелі қоңырау кінәлі деді, аңғардағы шегірткенің шырылына дейін жақсы еститін герцогиня қоңырауды ести алмай қалатын болды. Сосын бүкіл Ронданы басына көтеретін басқа қоңырау қоңдырттым. Енді бізді асқа шақырып жатқанын күллі Ронда еститін болды, тағы да жалғыз-ақ герцогинясы естімейді.
Ақыры, қызметшіге астың әзір болғанын әуелі герцогиняға өзің барып хабарла, мені сосын шақыр деп тапсырдым. Ол тағы жоқ.
Сіз неге күлесіз? Иә, бұл әншейін ұсақ-түйек қой, бірақ, жүйкеңді жидіретін де көбіне осындай ұсақ-түйек емес пе! Енді қайт дейсіз? Мен де бір тұтқынмын. Қамалдан аттап шыға алмаймын. Жұрт көріп қалса, баяғы аңыз тағы да өтірік боп шығып, баяғы дәуренге қайта түсуге тура келеді. (Үшінші бокалды ішіп қояды.) Жә, соны сөз етпей-ақ қояйық...
ЕПИСКОП. Тамаша херес! (Дон-Жуан түнеріңкі.) Керемет дәмді!
ДОН-ЖУАН. Ғафу етіңіз! (Епископқа шарап құяды.) Менің әлгі сөзімді мен айтпаған болайын, сіз естімеген болыңыз.
ЕПИСКОП. Сіздің денсаулығынызға.
ДОН-ЖУАН. Сіздің денсаулығыңызға.
ЕПИСКОП. Герцогиня тамаша әйел ғой. (Шарапты сораптап отырып.) Ол сонша бақытты бола отыра, ақылынан бір жаңылған емес, оның маған қайта-қайта айта беретін жаңғыз-ақ уайымы бар, ол сіздің өмірден өз бақытыңызды таба алмағаныңыз.
ДОН-ЖУАН. Бұған ол кінәлі емес.
ЕПИСКОП. Сонда да?
ДОН-ЖУАН. Жә, бұл туралы сөз қозғаудың қажеті жоқ. (Епископ шарап сіміреді.) Менің осында күніне үш рет келіп тамақтанып жүргеніме бірнеше жыл болды. Келген сайын бұған бұдан әрі шыдай алмайтындай болып кетемін. Сізге бұл ақымақтық көрінер. Шынында да, шыдай алатын емеспін. Ол келгенде мен нақұрыс басым: "Ас тәтті болсыннан" басқа әңгіме айтпаймын.
ЕПИСКОП. Сіз оны сүйесіз ғой.
ДОН-ЖУАН. Бар гәп сонда ғой. Мәселен, Севильяға шаш боята кетіп, бір апта бойы оралмай қойғанда сағынғаннан жер-көкке сыймадым.
ЕПИСКОП. Дегенмен, қиын-ау.
ДОН-ЖУАН. Әрине.
ЕПИСКОП. Еркектің жалғыз болғаны жақсы емес деп кітаптың өзінде жазылған ғой. Тәңірінің дүниеге әйелді жаратып жүрген себебі де сол емес пе!
ДОН-ЖУАН. Жаратқан ием сонда еркектерді әбден жарылқап тастадым деп ойлады-ау...
(Қызметші күміс табақ көтеріп келеді.) Біз бұған әлі жете қойған жоқпыз. (Қызметші кетіп калады.) Шынын айтқанда, тәңірімнің бізді екі жынысты қып екі жарып жібергеніне өз басым онша разы емеспін. Адамның бір бүтіннің өзі болмай, тек соның бір жартысы ғана болуы қандай әділетсіздік. Адам қанша дербес кісі болғысы келгенмен, басқа жыныстың өкіліне амалсыз ісі түседі де, дымы құриды. Осыншама азап неге қажет? Мен, бұнымен қоймай, оған ырза боп, алғысымды айтуым керек. Өйтпеске лажым жоқ. Я осында тұруға тиіспін, я біржола құруға тиіспін. Мен осынау жұмақтың ортасындағы тұрмеде тұтқын боп қамалып отырғаным үшін де оған мың мәртебе алғыс айтуым керек.
ЕПИСКОП. Достым-ау, енді...
ДОН-ЖУАН. Бұның енді түрме екені рас қой.
ЕПИСКОП. Түрме болса да, қырық төрт бөлмесі бар түрме ғой. Ал, сен, Дон-Жуан, жарық дүниеде жалғыз індігештен басқа ештеңесі жоқ жандардың да өмір сүріп жатқанын білесің бе?
ДОН-ЖУАН. Мен соларға қызыгам.
ЕПИСКОП. Несіне қызығасың?
ДОН-ЖУАН. Ол ақымақтар төңірегіндегі осынша есу-астықты білмейді ғой... Мені неге ғибадатханаға жібермейді екен?
ЕПИСКОП. Ғибадатханаға жұрттың бәрін жібере бермейді.
ДОН-ЖУАН. Өсіп-өніп, өрби беріңіздер дейсіз ғой ба-яғы.
ЕПИСКОП. Хақ тәңірдің жазуы солай болса қайтеміз.
ДОН-ЖУАН. Мен ешқашан дау-шарадан да, найзадан да қорқып көрген жоқпын, Ал, мынау өзімді өліп-өшіп сүйетін әйелді көрген сайын арқама мұздай тер шығады. Қарап отырсам, күлетін нәрсеге де күлмейтін, кенбейтін нәрсеге де көне беретін көн тері біреу болып аппын. Ол, бөлкім, дүниедегі ең жақсы әйел шығар. Бірақ, бәрібір, ол әйел де, мен еркекпін ғой. Аруағыңызға құлдық, қанша тырыссаң да, бұған еш қайраның жоқ екен. Екеуміз бірімізден біріміз асырып, жақсылық істейміз деп жарысамыз да отырамыз, оған да кісі біртүрлі қысылады екен. Сіз біздің оңаша қалғанымызды керсеңіз етті. Бір ауыз қатты сөз, қатқыл қабақ байқатпаймыз. Ең болмаса арамызда бір шөлмек те сынған емес. Біріміздің алдымыздан біріміз көлденең өтпей, иіліп-бүгіліп тұрғанымыз. Сонда сіз біздің тірлігімізде заңды некелі тұрмыс болу ушін не жетіспей тұр деп ойлайсыз? (Пауза.) Әлде ол, бәлкім, мені әлдеқашан тұзаққа түсіріп үлгерген бе...
ЕПИСКОП. Сонда не айтпақшысыз?
ДОН-ЖУАН. Ол менен бала тауып жүрсе қайтем? Екеуміздің сондағы күніміз не болады? Қазір біз дастархан басында: "Ас тәтті болсын" дегеннен басқа жақ ашпаймыз.
(Ронда герцогинясы Миранда кіреді.)
МИРАНДА. Мен сіздердің сөздеріңізді білген жоқпын ба.
ЕПИСКОП. Жоға, қадірлі Миранда ханым. Біз баяғы Дон-Жуанның қалай тамұққа кеткенін әңгіме қып отыр едік... (Дон-Жуан.) Севильдағы сол қызықты сіз көрген жоқсыз ба?
(Мирандаға.) Қазір оны театрда қойып жүр.
ДОН-ЖУАН. Мен Севильяға ат ізін салған емеспін.
МИРАНДА. Апырай, олар соны театрда көрсетеді ме екен.
ЕПИСКОП. Пьесаның аты "Севилья әзәзілі, немесе Тас мейман". Пьесаны біздің монастырьдің қамқоршыларының бірі Тарсо де Молина жазған екен, жуырда мені қоярда-қоймай жүріп, өзі апарып көрсетті.
МИРАНДА. Иә, қалай екен?
ЕПИСКОП. Талай жерін ойдан қосыпты. Дон-Жуанды жер жұтқан жерде жиналған жұртта ес қалмайды. Қызық үшін, Дон-Жуан, соны өзіңіз де барып көріңізші.
ДОН-ЖУАН. Өзімді қалай жер жұтқанын көрем бе?
ЕПИСКОП. Енді театр содан басқа не керсетсін? Шындықты қайтып айтсын. Жұрт Рондада серуендеп жүрген Дон-Жуанды көрсе не болар еді? Әйелдер театрдан шыға беріп, міне көрдіңдер ме деп, әбден желпінер еді. Ал, еркектер Дон-Жуанның да басына ноқта түскенін көрдік деп сандарын шапалақтар еді. Бірақ, біздің бағымызға қарай кейде елден ерек нәрсенің өзін күнде керіп жүрген үйреншікті жәйттен айырып алу қиынға соғады. Әйтпесе, көріп отырған жұрт: "Мұнша залалдың зауалы қайда?",- деп қиқу шығармас па еді. Немесе бір боз бас ақымақ күйрек боп көрінгісі кеп: нағыз қарғыс атқан тамұқ нәрсе неке ғой деп, аузына келгенді сандалар еді. Қайта, сол жұрттың шындықты білмегені жақсы болды, бү жұрт оны білсе, қайдағы сұмдықты қайдан шығаратынын кім біліпті? (Қолын созады.) Қош тұрыңыз, Герцогиня.
МИРАНДА. Иә, сіз шынымен бізді тастап кетпекшісіз бе?
ЕПИСКОП. Қайтерсің, өзім де өкініп тұрмын. (Дон-Жуанға қолын ұсынады.) Ал, кәне, "Севилья әзәзілі", сен де аман тұр.
ДОН-ЖУАН. Ол пьеса басылмай ма екен?
ЕПИСКОП. Басылатын болар. Бұ жұртқа өзі істей алмайтын нәрсені сахнадан көргеннен артық ләззәт бар ма? Оның үстіне бұзақы кейіпкерді ең соңында жер жұтып кеткенін көру қандай ғанибет!
МИРАНДА. Диего, онда мені де керсетіп пе?
ЕПИСКОП. Жоқ.
МИРАНДА. Оған да тәуба.
ЕПИСКОП. Бір тәңірі мені де көрсетпепті, әйтпесе, ойыңды тоқтатып қоюға тура келетін еді. Театр байғұсқа бір комедия керек қой. Бірақ, менің сол комедияны тап Тарсо де Молина жаза қойғанына күманым бар. Комедияның ниеті түзу болғанмен, кейбір диалогтері оның басқа шығармаларына қарағанда тым төмен қолдау сияқты. Бірақ, кім білсін? (Құмыраға гүл қояды.) Ал, ас тәтті болсын. (Епископ кетеді. Оны Дон-Жуан шығарып салады. Миранда бір сәт оңаша қалады. Шамасы, сырқат болу керек жаңағы нық қалпынан айырылып. Дон-Жуан қайтып оралады).
МИРАНДА. Мына кітап неге жерде жатыр?
ДОН-ЖУАН. Біреу байқамай түсіріп алған ғой.
МИРАНДА. Бәлкім, сен лақтырып тастаған шығарсың?
ДОН-ЖУАН. Ол не қылған кітап өзі?
МИРАНДА. Сен жаңа бұл комедия басыла ма екен деп не сұрадың? Міне, кітап боп шығып та үлгеріпті. (Испаншалап оқиды
"Севилья әзәзілі, немесе Тас мейман".
ДОН-ЖУАН. Демек әлгі епископ бізге сыйға тастап кеткен болды.
МИРАНДА. Ендеше, сен оны жерге неге лақтырып тастадың Дон-Жуан оған кресло үсынды.) Тамақ ішетін уақыт болды ма? ( Отырады.) Сен ренжіп тұрсың ба? (Дон-Жуан да отырады.) Сен мені аямайсың?
ДОН-ЖУАН. Мүмкін, сүйіктім, о да мүмкін.
МИРАНДА. Менің жатуым керек еді.
ДОН-ЖУАН. Шарапқа тәбетің бар ма!
МИРАНДА Жоқ, рахмет.
ДОН-ЖУАН. Неге?
МИРАНДА. Тағы да басым айналды. Шамасы, біз нәрестелі боламыз-ау деймін.
ДОН-ЖУАН. Нәресте дейсің ба? (Қызметші кіреді.) Ә, әкелсең әкеле бер.
(Қызметші кетеді.)
МИРАНДА. Жуан, сен қуандым деп қазір айтпай-ақ қой. Бір күні шыннан қуанғаныңды өз көзіммен көрсем мен үшін одан артық бақыт жоқ. ( Қызметші күміс табаққа салып ас әкеледі.)
ДОН-ЖУАН. Ас тәтті болсын.
МИРАНДА. Ас тәтті болсын.
Олар үн-түнсіз ас ішуге кіріседі.

Кітапты көшеру