ВЕРНУТЬСЯ

Қатысушылар:
Кай Марцй Кориолан - Рим Ақсүйегі
Тит Ларций, Коминий - вольскілерге қарсы соғысқан Рим қорлбасшылары
Менений Агриппа - Кориоланның досы
Сициний Велут, Юний Брут - халың трибундары
Кішкентай Марций - Кориоланның ұлы
Рим жаушысы
ТуллАвфидий - вольскілер қолбасшысы
Авфидийге бағынышты қолбасшы
Авфидийді жақтайтын бүлікшілер
Анциум азаматтары
Вольскілер жасағындағы екі сақшы
Волумния - Кориоланның анасы
Виргилия - Кориоланның әйелі
Валерия - Виргилияның құрбысы
Рим ақсүйектері
Рим мен вольскілер сенаторлары, Патрицийлері, эдилдер, лекторлар, нояндар, азаматтар, жаушылар, авфидий малайлары және басқа адамдар.
Оқиға жартылай Римде, жартылай вольскілер мен акацийлер елінде өтеді.

 

БІРІНШІ ПЕРДЕ 

БІРІНШІ КӨРІНІС 

Рим көшесі.
Ашу-ызаға мінгенген азаматтар қолдарына сойыл, таяқ және басқа қарулар ұстап топ-тобымен шығып жатыр.

БІРІНІШІ АЗАМАТ
Әрі қарай бармай тұрып, маған бір ауыз сөз айтута бола ма?

АЗАМАТТАР
Айт! Айт! (Жамырай жауап береді).

БІРІНШІ АЗАМАТ
Аштан қырылғанша, нар тәуекелге бел байлауға пейілсіздер ғой?

КӨПШІЛІК
Пейілміз, пейілміз.

БІРІНШІ АЗАМАТ
Халық үшін бар пәленің басы Кай Марций екенін, әрине, білесіздер ғой?

КӨПШІЛІК
Білеміз, білеміз.

БІРІНШІ АЗАМАТ
Соны өлтірсек - нан өзінен өзі арзандайды.
Соған келісеміз ғой?

КӨПШІЛІК
Бас қатыратын не бар - көзін құртамыз. Кәне, кеттік.

ЕКІНШІАЗАМАТ
Дат, қадірлі азаматтар!

БІРІНШІАЗАМАТ
Қадірлі азаматтарды тапқан екенсің! Ығайлар мен сығайлар болмаса, біз секілді қара табан, қара тобыр қашаннан бері қадірлі болып еді. Біреулердің кекірігі азып отырса, біздің ішегіміз шұрқырайды. Ең болмаса, сарқыттарын берсе ғой, біз жерден жеті қоян тапқандай болар ек. Олар соның өзін қаралай тоналғандай көреді. Біздің азып-тозғанымызды көрмесе, тамақтарынан ас өтпейді. Сазайларын тартқызу керек пәлемдердің. Бойда қалған азқуатты солардың төбесінен сойыл ойнатуға сарп қылайық! Құдай куә, мен бұны оларды көре алмағандықтан айтып тұрған жоқпын, аштықтан өбден титықтағасын айтып тұрмын.

ЕКІНШІАЗАМАТ
Ендеше, қиғылықты Кай Марцийден бастауыңнын себебі не?

БІРІНШІ АЗАМАТ
Алдымен соны құртайық. Ол халықтың басындағы сор.

ЕКІНШІ АЗАМАТ
Оның отан алдындағы еңбегін ескермейсің бе?

БІРІНШІ АЗАМАТ
Ескергем, төбеме де көтергем, ол бірақ, менің мадақ-марапатымсыз да жұрттың төбесіне шығып бітті.

ЕКІНШІ АЗАМАТ
Жә, ызаланбай, сөйле!

БІРІНШІ АЗАМАТ
Айтсам айтайын - мақтан үшін отанға қызмет етті. Маубас тобыр оны Римді сүйеді екен деп ойлайды. Шын мәнінде оның туған өлкесіне ет жүрегі елжіреп бара жатқаны шамалы. Анасына жағыну үшін және атағын шығару үшін шайқасып жүр. Ержүрек екені рас, бірақ өркөкіректігі одан кем емес.

ЕКІНШІ АЗАМАТ
Табиғат берген мінезге қылмыстан бетер шүқшиясын! Тап ашқарақ, сараң деп айта алмассың! Әлде оған да аузың бара ма?
БІРІНШІ АЗАМАТ
Сараңдықтан да басқа күнәсі толып жатыр. (Айқай-шу шығады). Бұл не шуыл? Ә, біз мында мылжыңдап тұрғанда, ана жақтағылар ереуілге шығыпты. Әйда, тарт Капитолийге!

КӨПШІЛІК
Тарттық Капитолийге!

БІРІНШІ АЗАМАТ
Тыныш - мынау кім бізге қарай келе жатқан?

Менений Агриппа кіреді.

ЕКІНШІ АЗАМАТ
Аса қадірлі Менений Агриппа - әрдайым халықтың адал жанашыры.
БІРІНШІ АЗАМАТ
Иә, жұрттың бәрі осындай болса ғой. Онда олар әлдеқашан оңалар еді.

МЕНЕНИЙ
Ау, жарандар, қайда беттедіндер? Таяқтарың мен сойылдарың не? Не боп қалды?
БІРІНШІ АЗАМАТ
Не болушы еді! Не болғанын Сенат біледі. Білмесе, бүгін келіп білдіріп беретінімізді әлдеқашан сезіп те отырған шығар. Ондағылар жарлы-жақыбайдың төзімі ғана мықты деп ойлайды ғой. Білектерінің де осал емес екендігін бүгін көріп қойсын.

МЕНЕНИЙ
Ау, достарым, құдайы көршілерім!
Ақылға келіңдер, бостан босқа бастарыңа пәле тілеп алып жүрмеңіздер?

БІРІНШІАЗАМАТ
Әй, онсыз да оңып жатқанымыз шамалы.

МЕНЕНИЙ
Жарандар, сіздердің жағдайларың
Бекзадалардың да жанына батпай отырған жоқ.
Дүние қат, нан қымбат. Көресіні әбден көрдіндер.
Бірақ, бүйтіп өкіметке сес көрсету
Көктегі тобаға сойыл ала жүгіргенмен бірдей ғой.
Сендер өйтіп Римді сескендіре алмайсыңдар.
Бұдан жүз есе күшті болсаңдар да.
Ол бәрібір табанына сап, таптап тастайды.
Тәңірден көрмей, басқаның жағасына жармасу
Кебейтпесе, азайтпайды азапты. Құлдық ұрып иліктірмесең құдайды,
Қиғылыққа қитықтанып қалады ол. Өш алам деп таппақ жаңа зобалаң.
Елге әке әкімдерді ғайбаттау - Өз әкеңнің сақалын жұлып таяқтау.
Дау көбейтіп, жау көбейтіп Орнамайды жақсылық.

БІРІНШІ АЗАМАТ
Қайдағы әке! Әке болса, қамқорлығын көрмей жүрміз неге біз? Жоқ, ешқашан әке болып көрмепті олар біздерге. Біз мұнда аштан қырылып жатқанда, қамбалары тұрар ма еді сіресіп. Олар шығарған зандардан өсімқорлардың қалтасын қампайтқаннан басқа пәтуа жоқ. Құдайдың құтты күні байлардың пайдасына шықпайтын бір заңның күші жойылып; жарлы-жақыбайды одан сайын қан-қақсата түсетін жаңа бір заң жарық көреді. Соғыс тауысып бітірмеген шырымызды солар тауысып бітіруге айналды. Өйтіп, әке болғандарына болайын!

МЕНЕНИЙ
Әділін айттың өздерің: не әбден ашуға
Бой алдырып тұрсындар. Не ақылдан құрсындар.
Жә, бір әңгіме айтып берейін.
Бәлкім, тіпті естіген шығарсыңдар бұрын да.
Не де болса, келіп-ақ тұр орайы.
Құлақ салсаңдар, айтайын.

БІРІНШІ АЗАМАТ
Құлақ сізде, құрметті тақсыр.
Тек ертегіге алданар аңқау бала біз емес.
Сөзіңізді бастаңыз.

МЕНЕНИЙ
Бірде бүкіл дене мүшелері бас салып,
Асқазанға айып таға бастапты.
Ештеңемен ісі жоқ, қақ ортадан орын ап,
Осы неге болады, - деп, - жақсы атты?!
Тойып алып тыңқиып,
Түк бітірмей тымпиып,
Жұрттың бәрін етеді, - деп, кіріптар.
Қалғандарымыз бостан-босқа сабылып.
Біреуіміз жұрттың өзін андып;
Біреуіміз сөзін аңдып;
Тағы біреуіміз қиырман-шиырман
Ойға батып толғанып.
Біреу үшін қиналып
Жүрсек тағы, соның дегені болады.
Соның дәйім мейманасы жоғары.
Сонда асқазан сөйлепті...

БІРІНШІ АЗАМАТ
Иә, иә, - сөйлегенде не депті?

МЕНЕНИЙ
Қазір айтам. Әуелі бір мырс етіп күліп апты.
Ертегіде асқазан сөйлемек түгілі күлері де белгілі.
Сонда ол өзінің ылғи томпиып тойып тұратынынан
Көре алмай,
Сенатқа байбалам салған мына сіздердей
Қиғылық салған өзіне.
Бас-сирақ, көз-құлақ, кеңірдектерге
Қарап бүй депті...

БІРІНШІ АЗАМАТ
Иә, сонда ол немене?
Қырағы екі жанарға
Таж киетін кәлләге,
Жүрек тұрған кеудеге,
Сайыпқыран қолдарға,
Қызыл тілдей жорғаңа,
Бізді арқалар аяққа
Қай қызметіңді де ұқсатқан,
О жақ пенен бұ жаққа
Не бетімен, не деп жауап беріпті?..
Олар әлгі...

МЕНЕНИИ
Иә, айт аржағын енді өзің!
Өзің ғой бөлген сөзімді...

БІРІНШІ АЗАМАТ
Арам тамақ асқазанға
Ашынғандары айып па?

МЕНЕНИЙ
Айтқаның келді тағы не?

БІРІНШІ АЗАМАТ
Сонда олардың сауалына
Обыр құрсақ орынды сөз таба алды ма?

МЕНЕНИИ
Сабыр етсең, сәл ғана
Айтқалы тұрмын өзім де...

БІРІНШІ АЗАМАТ
Айтсаң, тезірек айт.

МЕНЕНИЙ
Есіңде болсын, сонда маңғаз асқазан
Айқай салған дұшпандарына қылп етпей.
Жайбарақат былай жауап беріпті:
«Рас, достарым, бәрімізге ортақ ырзықты
Алдыменен асайтұғын мына мен.
Бірақ, содан тарайтұғын нәрімнен
Бәрің-дағы тауып жүрсің әл-қуат.
Мен асаған ас-қорек
Қызыл қанға айналып
Миға түйсік, жүрекке от дарытып,
Мүше біткеннің бәріне тірлік таратам». -

БІРІНШІ АЗАМАТ
Онысы түсінікті, сосын тағы не депті?

МЕНЕНИЙ
«Соныменен достарым,
Маған түскен олжаның
Бар қорегін сығып беріп сіздерге
Қанағат етем қалғанын», -
Депті асқазан.
Бұнысында жөн бар ма?

БІРІНШІ АЗАМАТ
Жөн-ақ болсын жауабы,
Оның бізге қатысы бірақ, қаншама?

МЕНЕНИЙ
Сенат та - сол асқазан,
Ал сіздер - әлгі қалған мүше кіл даукес.
Егер істі байыпқа сап байқасаң,
Ұғар едің оның дағы қадірін.
Түптеп келсек, көсегесін бұл елдің
Көгертетін төбедегі солар ғой,
Төмендегі сіз емес.
Түсінікті ме енді гәп?

(Бірінші азаматқа).

Ал, не дейсің аяқтың бас башпайы?

БІРІНШІ АЗАМАТ
Қайдағы аяқ, қайдағы башпай?
Мен бе айтып тұрғаның?

МЕНЕНИЙ
Иә, сенсің. Өй деуіме себеп бар.
Көп алдына көп шығасың көстеңдеп.
Бақайды тастап, басқа шықпақ дәмемен,
Аңқау жұртты айдап салып аранға,
Алдыменен өзің тайып тұрмақсың?
Одандағы қолдарыңдағы сойылды,
Римге қарсы кесір бүлік бастаған
Егеу құйрық есерсоқтарға сілтеңдер.
Сонда ғана құтыламыз қырсықтан.

Кай Марций шығады.

Ержүрек Марций,
Есенсің бе?!

КАЙ МАРЦИЙ
Рахмет. (Тобырға). Ал, не дейсің, кіл найсап?
Миларыңа тағы қотыр шықты ма?
Тағы неден қалдың шала бүлініп?
Не іздеп келдің бұл жерге?

БІРІНШІ АЗАМАТ
Сенен қашан естір екенбіз жылы сөз?

МАРЦИЙ
Жағымпаздың - жағымпазы,
Аярдың - аяры болмаса,
Тап мына тұрған сендерге
Кімнің аузынан шығушы еді жылы сөз?!
Соғыс десе аза бойы қаза боп,
Бейбіт күнге шыға келер еліріп,
Өңшең шуылдақ көк төбет.
Тағы неге кеп қалдыңдар өкпелеп?!
Шайқасқанда арыстан болмай,

Қоян болып зып берген,
Айла керекте, еркек қаздай діттенген,
Мына сендерден кім табады пәтуа?!
Сендерге сенгенше, сенбеймін бе тас көмірдің шоғына.
Өшпейді деп көк ала мұзға төксең де,
Сендерге сенгенше, сенбеймін бе тас бұршаққа,
Ерімес деп шыжғырған шілде аптапқа
Қайдағы кәззап-қарақшылардың
Айтқандарына еріп, айдағандарына жүріп,
Ақты қаралап, пәкті табалап,
Не болса, соған сенгеннен басқа
Не келуші ед қолдарыңнан сендердің?!
Кім ақылды, кім батылды
Қараптан қарап жау санап,
Дауалыны елемей, залалдыға жүгірген,
Арам өлер науқастай.
Кемелдіні менсінбей,
Кесірліге жүгінген,
Сендерді кім медет тұтсын, қаралай
Қара суға теріс аққысы келмесе?!
Мақұлық емей, не боласыңдар ендеше?!
Қас қағымда қырық құбылып,
Кешегі пірін - ез тұтып,
Кешегі жауын - ер тұтып
Жататын сендерге кім сенер?!
Қай беттеріңмен көшені басқа кетеріп,
Тобадан соңғы көктегі
Бір-біріңді талатып жегізбей, сендерді
Жөнге сілтеп отырған
Қасиетті Сенатқа
Қалайша ғайбат айттыңдар?
(Мененийге)
Тілектері не сондағы?

МЕНЕНИЙ
Айтуларынша астық көп екен қамбада,
Қойыңдар, дейді, сондықтан нанға кем баға.

МАРЦИЙ
Сөздеріне қарай гөр...
Сүмелектер от басында отырып,
Рим ахуалына тон пішеді сыртынан,
Елеурейді ойлаған боп ел жайын.
Кім мықты, кім әлсіз,
Кімнің қызын кім алды, -
Көкитіндері кіл осы.
Көкке шығарып достарын,
Жерге соғады қастарын.
Астық көп деп оталайды малғұндар,
Сенат шіркін мықтап ұстап делбесін,
Ерік берсе, бұларды жөнге салуға,
Найза бойы тау қып үйіп берер ем
Көкімелердің кәлләсін...

(Жұрт аз-аздап тарай бастайды).

МЕНЕНИЙ
Жә, доғар!
Көрмейсің бе, көкіректері басылып,
Көр тышқандай қаша бастады жан-жаққа.
Андағы тобыр қалай екен, байқайық?

МАРЦИЙ
Сейіліпті. Өңкей ылғи хайуандар,
Аштан қырылар болдық деп,
Жылап-сықтап баққанды,
Аштық алынбас қамалды да құлатады,
Адамды да иттей шулатады,
Нан жейтін ауызды құдай
Байға да берген, жарлыға да берген
Деп қай-қайдағы мақал-мәтелді де тапқан-ды.
Соны айтып қойған талаптарын оқығанда
Бекзадалардың көздері тас төбелеріне шықты.
Көшедегі қара тобырға
Қойған талаптарың орындалады дегенде
Аспанға атқан бөріктері
Айға тиіп кете жаздады.

МЕНЕНИЙ
Сонда неге қолдары жетті?

МАРЦИЙ
Бұзақылардың бұзық ойын қолдаута
Іштерінде Юний Брут пен Сициний Велут бар
Әйтеуір өздері қалаған бесділмарды алды.
Қырғын-сүргін көрерлері!
Қара тобыр қасиетті Римді
Тас-талқан қып тапап тастар,
Бірақ, бәрібір дегендеріне жете алмас!
Бұл сұмдықтың соңы неге соғарын
Жылдар өте сезе жатар бүкіл ел!

МЕНЕНИЙ
Қайран қалар жәй екен?!

Жаушы шығады.

ЖАУШЫ
Каий Марций осында ма?

МАРЦИЙ
Осында. Не боп қалды?

ЖАУШЫ
Жаңалық сол - вольскілер қайта дүрлікті.

МАРЦИЙ
Тіпті жақсы - құтыла алмай отырған
Құл-құтаннан қалар болдық тазарып!

Көсемдер де көрінді.
Коминий, Тит Ларций, және басқа сенаторлар көрінді. Араларында Юний Брут пен Сициний Велут те бар.

БІРІНШІ СЕНАТОР
Ақкөкірек Марций, айтқаның келді.
Вольскілер тағы ереуілге шығыпты.

МАРЦИЙ
Алдарында атышулы сардар бар - Тулл Авфидий.
Сол болмаса, қиын емес індеріне су құю.
Ал ол нағыз көкжұлын,
Өзім - егер өзім болмасам,
Сол болуды армандар ем, басқа емес.

КОМИНИЙ
Ол да көрген жауың ғой.

МАРЦИЙ
Қақ жарылып күллі әлем,
Мен жағыма қосылса да Тулл егер
Бәрібір жекпе-жекке шығар ем;
Енді қашан, көргенше ондай қабыланды!

БІРІНШІ СЕНАТОР
Ер жүрек Марций!
Және сен Коминий -
Көсемдікті бердік міне, қолдарыңа.

КОМИНИЙ
Өз қалауың да солай ма?

МАРЦИЙ
Бас тартпаймын қазір де.
Тит Ларций, тағы, міне, екеуімізге
Көкжұлын Туллмен жұлқысатын көз келді.
Арығансың ба? Қалып қоймақтан саусың ба?

ТИТ ЛАРЦИЙ
Жоқ, ақ балдаққа асылып
Ақсақ-тоқсақ боп қалсам да,
Арттарыңнан ерер ем.

МЕНЕНИЙ .
Жаның жайсаң Ларций-ай!

БІРІНШІ СЕНАТОР
Капитолийге барайық -
Достар жиылып, күтіп отыр біздерді.

ТИТ ЛАРЦИЙ
Жарайды, алға түс - Коминий,
Көсем айтса, көмекшіге біз дайын.

КОМИНИЙ
Адалдықтан көше алмайтын Ларций-ай!

БІРІНШІ СЕНАТОР (жұртқа)
Үйлеріңе тараңдар!

МАРЦИЙ
Таратып қайтесің, бізге ерсін.
Іздегендері нан екен,
Үптеп қайтсын қамбаларын вольскілердің.

(Жұртқа)

Ардақты можан-топайлар,
Ерсініп тұрсыңдар ғой, ерліктеріңді көрейік
Тәуекелдерің тұрса, бізге еріңдер!

(Шығып кетеді).
Сициний мен Брут қалады.

СИЦИНИЙ
Бұл дүниеде Марцийден де асқан
Табылар ма екен мейманасы тасқан

БРУТ
Көзің түсті ме көзі менен ерініне?

СИЦИНИЙ
Көзін қайтем, сөзін естіп тұрғанда!

БРУТ
Қатуланса, тобаңа да тап беретін түрі бар.

СИЦИНИЙ
Аспандағы айдың өзіне түкіріп тұр ғой, тайынбай.

БРУТ
Соғыс жетер түбіне.
Айқасқа да сабыр керек төзіммен.
Менмендердің оған дәті жетпейді.

СИЦИНИЙ
Намаздыгердің көлеңкесіндей біздерді
Әдет қылған көзіне де ілмеуді.
Сөйте тұрып, таң қалам,
Коминийді серіктікке қалай таңдаған?

БРУТ
Атағынан жер ойылып жатса да,
Атаққа тоймас, даңқ құмар емес пе?
Жоғалтпау үшін баста тұрған даңқты
Екінші болмай, бірінші болу қауыпты.
Іс насырға шауып жатса түбінде,
Бар пәлені Коминийге жабады.
«Марций бас болса, болар ед, - деп басқаша»,
Қара тобыр шыға келер шуылдап.

СИЦИНИЙ
Жеңіп шықсаң, тағы да сол көп шуылдақ:
«Бәрі Марцийдің арқасы!» - деп, қол соғады дуылдап.

БРУТ
Түймедейін түйе қылар өзінің,
Түйедейін түймедей қып басқаның.

СИЦИНИЙ
Жә, сенат не деп жатыр екен - тыңдалық.
Марций тағы жоқтан жосық шығарар.

БРУТ
Жарайды, барсақ, барайық! (Кетеді). 

 

 
ЕКІНШІ САХНА  

Кориолидегі сенат.
Тулл Авфидий мен сенаторлар кіреді.

БІРІНШІ СЕНАТОР
Соныменен Авфидий,
Римдіктердің біздің сырымызды
Біліп қойғанына күмәнің жоқ қой?

АВФИДИЙ
Өзің ойлашы, бұл жерде
Римге білдіртпей, бірдеңе істеу мүмкін бе?
Мына, хатты оқышы. Төрт күн бұрын
Біреулер әкеп, қолыма ұстатты.
(Оқиды). «Әскер жиылып жатыр.
Неге керек екенін әзір ешкім білмейді.
Римде нан қымбаттап кетті.
Қара тобыр мініп алған ашуға.
Сенің досың Марций, Коминий,
Ержүрек шал Тит Ларций
Рим қолын әлдеқайда бастамақ,
Деген хабар бара жатыр жер жарып.
Кім біліпті, біздерге
Тікпесе қайтсын қаһарын.
Қапы қалмаған дұрыс».

БІРІНШІ СЕНАТОР
Біз дайынбыз бәріне.
Римнің бізге бас салатынына
Еш күмән жоқ.

АВФИДИЙ
Сылтау тауып берген өзің сыныққа!
Дайындығымызды білген жұрт біле берсін деген де сен.
Неге соқты түбі соның, көрдің ғой!
Рим сезіп қалды-дағы жайымызды
Алдымызды орап кеткелі тұр,
Ең болмаса, бірер қыстақты
Басып ала алмадық қапияда,
Рим мұнда аяқ баспай тұрғанда!

ЕКІНШІ СЕНАТОР
Тездетіп жорыққа аттан жаужүрек Авфидий!
Әскерді ал да, бізді қалдыр
Кариолийге бас-көз қыл.
Жау тап берсе, сырттан кеп
Құтқаратын сен барсың,
Бірақ, Рим дайын болмас тап бұған.

АВФИДИЙ
Римнің дайын екені дайын ғой.
Менің білуімше, әскерінің бір бөлігі
Бізге беттеп келеді.
Сау тұрыңдар, жақсылар.
Баяғыда Марциймен
Енді көздессек кескілескен
Шайқасқа серт байласқаның.

СЕНАТОРЛАР
Көкте тәңірлер
Бір өзіңе жар болғай!

АВФИДИЙ
Өздеріңе де жар болғай!

БІРІНШІ СЕНАТОР
Жолың болсын. Ақ күн тусын алдыңнан!

ЕКІНШІ СЕНАТОР
Көріскенше күн жақсы болғай, Авфидий!

БРУТ
Сау қайт, Авфидий!
(Тарасады).

ҮШІНШІ САХНА  

Рим. Марцийдің үйіндегі бөлме. Волумния мен Виргилия шығып, екі аласа орындыққа отырып, іс тіге бастайды.

ВОЛУМНИЯ
Өтінем, қызым, иә ән сал, иә өңіңді жылыт. Егер Марций менің күйеуім болса, оның тар төсекте менімен табысып жатқанынан гөрі, атағын асырып, абыройын тасытатын жолда, жорықта жүргенін көбірек қалар едім. Тас құрсағымды жібіткен жалғыз тал жарығымның тіпті сонау қызылшақа сәби көзінде де, сымбатына көз біткеннің бәрі емініп, тіпті патша түгіл патша екеш күн құрғатпай жалынғанның өзінде де, ешбір ана көзі қиып жанынан жарты сағат шығара алмайтындай жасөспірім көзінде де, мен оның атақ-даңқ үшін жаралғанын, егер атағын шығара алмаса, қабырғаға ілген әдемі суреттей бостан босқа қор боларын жақсы түсінгем. Сондықтан да басын, тауға ұрып, тасқа ұрып, атын шығаруына жағдай жасадым. Қан майданға аттандырып ем, басына емен жапырағынан алқа тағып, абыройлы оралды. Сенесің бе, қызым, мен ұл тапқанда да оның ер атанып, атағын шығарғандағысындай жүрегім жарылып қуанған емеспін.

ВИРГИЛИЯ.
Егер соғыста мерт болса, қайткен болар едіңіз?

ВОЛУМНИЯ.
Онда ұлымның орнына артында қалған жақсы атын медет тұтқан болар едім. Сонысының өзі көсегемді көгертіп, ұрпағымды көбейткендей көрінер еді. Егер менің он екі ұлым болып, он екісін де атынан айналатын Марцийымдай жанымдай жақсы көрген күннің өзінде де, он бірінің отан үшін ерлікпен қаза тапқандарына он екіншісінің кер жалқау ез, қорқақ сал бөксе болғанына қиналғанымдай қиналмас ем.

Қызметші әйел кіреді.

ҚЫЗМЕТШІ ӘЙЕЛ.
Сізді асыл текті Валерия көргісі келеді.

ВИРГИЛИЯ.
(Волумнияға)
Шыға тұруға рұқсат ет.

ВОЛУМНИЯ
Жоқ, осында бол.
Мен сенің күйеуіңнің
Даңғыра қақтырып,
Авфидийді шашынан сүйреп,
Вольскілердің аюдан қашқан балалардай
Алдына салып шықпырта қуып,
Солдаттарына қарай тепсініп,
«Римде туғанмен, үрейден жаралған
Үрпекбас немелер, басыңдар алға», - деп
Ақырып, көк болатқа құрсанған қолымен
Маңдайының қанын сүртіп,
Егінді түгел орып болғанша
Тізесін жерге бүкпейтін диқандардай
Құлшына ілгері тартқанын көріп тұрғандаймын.

ВИРГИЛИЯ
Маңдайынан қан көрдің бе? О тоба!

ВОЛУМНИЯ
Саспас неме, сабыр ет! Еркектің қаны
Олжалаған алтыннан бетер жарқылдайды.
Данийлардың қылышы тиіп, қан шылаған оның маңадйы
Гекторды емізген Гекубаның көкірегінен де көріктірек.
(қызметшіге)
Бар да айт,
Валерияны қабылдауға әзірміз.

Қызметші шығып кетеді.

ВИРГИЛИЯ
Уа тоба, менің күйеуімді
Авфидийдей қорқаудан өзің қорғай көр.

ВОЛУМНИЯ
Біздің Марций
Оны алып ұрып, табанымен таптап тастады.

Қасына қызметшісі мен күтушісін ертіп Валерия кіреді.

ВАЛЕРИЯ
Жақсы күндерің болғай, менің жайсаң достарым.

ВОЛУМНИЯ
Төрлет, сүйкімді Валерия!

ВИРГИЛИЯ
Сені көргеніме қуаныштымын.

ВАЛЕРИЯ
Есенсіздер ме?
Немене, үйге айналып жатыр ма едіңіздер? Тігіп жатқандарыңыз не? Е, кестелеріңіз келісті екен! (Виргилияға) Ұлың қалай?

ВИРГИЛИЯ
Шүкір, рахмет.
ВОЛУМНИЯ
Сабақ оқығаннан гөрі қылышты қызықтап, даңғыра тыңдағанды жақсы көреді.

ВАЛЕРИЯ
Демек әкесіне аумай тартқан ғой. Ант етейін, әйбат бала. Сәрсенбі күні жарты сағаттай сыртынан бақылап көріп ем, өзі сондай батыл екен. Алтын қанат көбелекті қуып жетіп ұстап алады да, қайта қоя береді. Тағы да ұстап ап, тағы да босатып жібереді. Бір рет оңбай құлап түсті. Соған ба, әлде басқаға ма, әйтеуір жаман ызаланды, қатты тістеніп ап, көбелектің дал-дұлын шығарды. Түтіп жеудей, түтіп жеді. Әттең, өз көздеріңмен көргенде болатын еді.

ВОЛУМНИЯ
Ашуланса басы-көзге қарамайтын әкесі сияқтң ғой.

ВАЛЕРИЯ
Шынында да, тамаша бала.

ВИРГИЛИЯ
Сұмдық ерке.

ВАЛЕРИЯ
Кестеңді қоя тұр. Одан да серуендеп қайталық.

ВИРГИЛИЯ
Жоқ, сүйікті Валерия, мен үйден шыға алмаймын.

ВАЛЕРИЯ
Серуендемейсің бе?

ВОЛУМНИЯ
Барады, барады.

ВИРГИЛИЯ
Жоқ-жоқ, зорлама. Қашан күйеуім табалдырықтан аттағанша, бір қадам сыртқа аттап шықпаймын.

ВАЛЕРИЯ
Жә, қайдағыны айтпа. Күні бойы тығылып отыру - ақылға симайтын іс. Жүр, одан да толғатып жатқан көрші замандасыңа кіріп шықпайсың ба?

ВИРГИЛИЯ
Тезірек жазылып шыққай. Дұғама қосайын, бірақ бара алмаймын.

ВОЛУМНИЯ
Неге олай, айтсайшы?

ВИРГИЛИЯ
Не оны жек көретінімнен, не ерініп тұрғанымнан емес.

ВАЛЕРИЯ
Екінші Пенелопа сен болып шықпасаң, жарар еді. Бірақ оның тоқыған өрмегін де Улисс келгенше, Итаканың бітесі жеп құртыпты. Жүр, кеттік! Егер қолыңдағы матаның сенің саусағыңның жанындай жаны болса, осынша піскілеуге аяр едің. Жүр, бізге ер.

ВИРГИЛИЯ
Жоқ, сүйікті Валерия, мені кешір, бара алмаймын.

ВАЛЕРИЯ
Жоқ, бәрібір ересің: күйеуің жайында айтатын жақсылық хабарым бар.

ВИРГИЛИЯ
Солай ма еді?
Ол қайдан жетіп үлгерген хабар?

ВАЛЕРИЯ
Қалжыңы жоқ, рас айтам. Түнде одан хабар келді.

ВИРГИЛИЯ
Рас айтасың ба?

ВАЛЕРИЯ
Еш күмәнің болмасын. Менің көзімше бір сенатордың аузынан естідім. Вольскілер ереуіл шығарыпты. Оларға біздің әскердің бір тобын бастап Коминий жіберіліпті, ал сенің күйеуің мен Тит Ларций Кориолды қоршауға алыпты. Көп ұзамай жеңіске жететіндеріне сенімдері нық көрінеді. Ант етейін, ақиқаты осы. Ал енді бізге ересің бе?
ВИРГИЛИЯ
Соғыс бітсін. Сосын сенің айтқаныңды екі етпеймін. Қазір қинама.

ВОЛУМНИЯ
Жарайды, зорламай-ақ қой. Әйтпесе, қарап отырып қайғыланып бітеді.

ВАЛЕРИЯ
Иә, солай болар сыңайы бар. Сау тұр, сүйіктім. Онда сіз жүріңіз, аяулы Волумния. Өтінем, Виргилия, тақ алдында тұрғандай сіреспей, бізге ер.

ВИРГИЛИЯ
Рас айтам, бара алмаймын.
Жақсы серуендеулеріңе тілектеспін.

ВАЛЕРИЯ
Олай болса, сау тұр.

Кетеді.

 


 
ТӨРТІНШІ САХНА  

Кориол қорғанының түбі.
Дабыл қағып, ту көтеріп Марций, Тит Ларций, әскер басылар мен сарбаздар шығады. Жаушы қарсы жолығады.

МАРЦИЙ
Жаңалық бар. Бәс тігем, шайқас болған.

ЛАРЦИЙ
Атымды бәске тігем, болған жоқ.

МАРЦИЙ
Мен де тіктім.

ЛАРЦИЙ
Жарайды.

МАРЦИЙ
(Жаушыға)
Айт, біздің көсем айқасқа шықты ма?

ЖАУШЫ
Әскерлер тоғысты, бірақ күтіп тұр.

ЛАРЦИЙ
Атыңнан айырылдым дей бер.

МАРЦИЙ
Жарайды, ақысын берейін.

ЛАРЦИЙ
Жоқ, сатпаймын да, тарту қып тартпаймын да,
Тек елу жылға мойнына берейін.
Қоршауды бастайық.

МАРЦИИ
(Жаушыға)
Әскер қайда?

ЖАУШЫ
Екі мильдей жерде.

МАРЦИЙ
Ендеше біздің айқайымызды естиді екен.
Олардың ұрандағанын біз де естиміз.
Уа, Марс, жалынам, жауымызға тезірек тізе бүктір.
Қаңжарымыздан қан сорғалап,
Қалған әскерге көмекке барайық.
Әй, керней тарт!

Бітімге шақырып, керней тартылады. Қорғанда екі сенатор мен нөкерлері көрінеді.

Айтыңдаршы, Тулл Авфидий Кориолда ма?

БІРІНШІ СЕНАТОР
Жоқ, одан басқа кімнің зәресі ұшады деп ойлағандарыңмен, ол сендерден қорқа қоймас.

Қала ішінде дабыл қағыла бастайды.

Естисің бе?
Біздің боздақтар шайқасқа шыққалы жатыр.
Тас қорғанға қамалатындар біз емес.
Тас-талқан қып, өзіміз бұзып шығамыз,
Қақпамызды да әншейін көз қыр қылып,
Қамыспен бекітіп қойғанбыз.
Естисіңдер ме?

Шайқас үні естіледі.

Авфидий сендердің сайыпқырандарыңды
Шабақтай қақши бастады.

МАРЦИЙ
Иә, жау жағалас басталған сияқты.

ЛАРЦИЙ
Ұрыс бар да тұрыс жоқ. Сатыны әкеліңдер.

Шолғыншы вольскілер көрінеді.

МАРЦИЙ
Төбелерін көрсеткендеріне қарағанда, тәуекелге бел буған.
Кеуделеріңе қалқан төңкергенмен,
Жүректерің шар болаттан берік болсын.
Тит, алға баста!
Жау, әйтпесе, алар бізді басынып.
Ыза шіркін, ыстық па еді мұншама,
Өне бойым қыз-қыз қайнап барады.
Тартынбаңдар, бауырлар!
Шегінгендерді дұшпаннан бетер аяман,
Семсерімнің жем болмаңдар ұшына.

Шайқас. Римдіктер шегіне бастайды.

Күнгейге біткен күллі індеттің бәріне тап болып, қырылғыр
Римнің атынан садаға кеткір су жүрек сұмырайлар кіл өңшең.
Алапес боп, арам неге қатпайсындар,
Аямақ түгіл, жуымастай боп жан біткен.
Ел жоламай, өз ірік-шіріктеріңнен
Өздерің қурып бітер ең.
Кейпің адам болғанмен,
Қаздан бетер қалтырақ па еді жандарың,
Маймыл екеш маймыл төпеп тастардай
Қу тобырдан мұнша қашып не болған?!
Бұл не сұмдық?
Омырауларың ап-аман,
Жұққан қан да ту сырттарыңа жұғыпты.
Қу маңдайларың қорқыныштан қуарған
Кейін! Қайт, кейін!
Әйтпесе, жауды қойып,
Мына сендерге салам өзім ойранды.
Еріңдер маған! Тек шыдап бағыңдар,
Орға қуып тығылған жаңағы сендер сияқты,
Оларды да қатындарының қойнына куып тығамын.

Шайқас қайта бсталады. Вольскілер Кориолаға кіріп тығылады. Марций оларды қақпаға дейін тықсырып апарды.

Қақпа болса айқара ашық. Қапы қалып жүрмейік.
Тағдыр оны қашқандарға емес, қуғандарға ашқан шығар.
Алға! Еріңдер соңымнан!
(Қалага кіреді).

БІРІНШІ САРБАЗ
Жоқ, мен ақылымнан алжасқаным жоқ, бармаймын!

ЕКІНШІ САРБАЗ
Мен де сөйтем.

Қақпа жабылып қалады.

БІРІНШІ САРБАЗ
Қақпаны жауып жатыр.

Шайқас үні қайта қызады.

БӘРІ
Ол құрыды.

Тит Ларций шығады.

ЛАРЦИЙ
Марцийге не болды?

БӘРІ
Еш күмән жоқ: құрыды.

БІРІНШІ САРБАЗ
Қашқандарды өкшелей қуалап,
Қамалға барып қойып кетті,
Сол-ақ екен тарс жабылсын тас қақпа.
Енді бүкіл бір шаһармен бір өзі шайқас сап жатыр.

ЛАРЦИЙ
Қайран менің еңіреген ер досым!
Семсерден де берік едің сертіңе,
Ол майысқанмен сен майысып көрмеп ең.
Айырылдық Марцийден!
Тап соның басындай інжу-маржан болса да,
Татымас еді тырнағының құнына.
Армандағы Катон батыр сияқты
Семсеріңнің сойқанын былай қойғанда,
Қорқынышты еді күркіреген күндей дауысың,
Дұшпаныңды бөрліктіретін қаралай.
Топалаң тиген қойдай қып...

Қан-қап Марций қайта-қайта көрінеді, соңында - қуғыншылар.

БІРІНШІСАРБАЗ
Тит, әне қара!

ЛАРЦИЙ
Біздің Марций!
Не арашалап аламыз,
Не бірге бәріміз құримыз!

Шайқас салып, қамалға қойып кетіседі.

 


 
БЕСІНШІ САХНА

Кориолдың көшесі.
Оянса арқалағап Рим сарбаздары көрінеді.

БІРІНШІ РИМДІК
Мен де мұны тастаман.

ҮШІНШІ РИМДІК
Қап, қаралай қара басқанын-ай.
Мына палені қой деп ем.

Алыстан шайқас үні естіледі.
Кернейші ерткен Марций мен Тит Ларций көрінеді.

МАРЦИЙ
Мына сарбаздарды қарай гөр.
Есіл уақытты тұрғандарын ескі-құсқыға қор қылып.
Шайқас болса, біткен жоқ,
Жендет екеш жендет те жемтігімен бірге көмер жер астына
Қайдағы қоқыр-соқырды қайда тасып барасыңдар?!
Тастау керек бастарын қағып бәрінің!
Арғы бетте біздің көсем жау жағалас сап жүрген
Шайқас үні жетеді ме құлағыңа?
Кеттік солай?
Жексұрын Авфидий сол жақта
Римдіктерге ойран салуда.
Кеттік ер жүрек Тит,
Қамалды ұстап тұратындай әскер ал,
Батылдарын мен бастап
Коминийге тартам көмекке.

ЛАРЦИЙ
Онсыз да әбден қанға малшынып бітіпсің,
Ендігі шайқас оңай тимес,
Етсең қайтер сәл сабыр.

МАРЦИЙ
Күлбілтені қой ондай,
Денем енді жайыла бастады,
Қан шыққанда қиналудың орнына
Жеңілейіп қаламын.
Авфидийге тап осы бетіммен барам да,
Тап беремін әй-шәйіне қарамай.
Сау тұр.

ЛАРЦИИ
Айдай сұлу Тағдыр - ханым - тәңір ана,
Ғашық болсын, қорған болсын, жар болсын,
Төгейін сенің жолыңа
Сиқыры мен шарапатын бойдағы.
Жау жүрекке майдан да - жынның ойнағы,
Жолың болсын, жарқыным.

МАРЦИЙ
Ол сені де қоссын пейілі түскен пенделерінің қасына.
Сау тұр.

ЛАРЦИИ
Ердің ері Марций-ай!

(Марций шығып кетеді). (Кернейшіге)

Алаңға бар да сырнай шал,
Қала басылары әмірімді естісін.
Бар, жөнел.

Кетеді.


АЛТЫНШЫ САХНА  

Коминий қосы.
Шегініп келе жатқан әскерін ертіп, Коминий шығады.

КОМИНИЙ
Демалайық, достар, азырақ.
Римнің сайыпқырандары атына дақ салмай.
Айқасудай айқастыңдар - амал не.
Шегінгенде де - сыр беруге болмайды.
Бізді талай бағады әлі тықсырып.
Шайқас үстінде жел жақтан
Біздің достардың айқайы жатты естіліп.
Уа, тобалар, олардың да, біздердің де
Оңғара көріңдер ісімізді.
Екі әскер де құрбан шалып жолдарыңа,
Жеңістен соң, тағзым етіп исін бас.

Жаушы көрінеді.

Не хабар бар?

ЖАУШЫ
Шолғын салып кориолдықтар
Ларций мен Марцийлерге тап беріп,
Орға дейін қуып тықты, тықсырып.
Соны көрдім де, мен осылай тарттым ат басын.

КОМИНИЙ
Айтып тұрғаның қанша шындық болса да,
Көңілге қонбас жай екен?
Көп болды ма көргеніңе?

ЖАУШЫ
Бір сағат бұрын.

КОМИНИЙ
Дабыл үні естіліп тұр.
Демек бір мильден қашық жер емес.
Сен соншама уақытты
Жолға қалай жібердің?

ЖАУШЫ
Вольскілердің шолғыншыларынан қашып,
Төрт-бес миль жер бүра жүрдім әдейі.
Әйтпесе, баяғыда-ақ жетем ғой.

Марций көрінеді.

КОМИНИЙ
Мынауы кім қанға батқан,
Терісін тірідей сыпырып алғандай?
Уа, тоба айнымаған Марций ғой!
Әлде, менің көзіме
Қосы көрініп тұр ма екен?!

МАРЦИЙ
Қалғам жоқ па кешігіп?

КОМИНИЙ
Қойшы егер найзағай үнін сырнай үнінен қалай айырса,
Мен де Марцийдің дауысын танушы ем ғой айнытпай.

МАРЦИЙ
Кешігіп қалған жоқпын ба?

КОМИНИЙ
Үстіңдегі өз қаның болмай, жаудың қаны болса,
Кешіккен жоқсың.

МАРЦИЙ
Ақ некелі түнімде,
Неке шамы астында
Құшырланып қалай құшсам, ақ некелі жарымды,
Құшайыншы мен өзіңді тап солай.

КОМИНИЙ
Еңіреген ерім-ау, қайда Тит Ларций жолдасың?

МАРЦИЙ
Ол Кориолда, бастан асқан шаруасы.
Біреуді қуып, біреуді жатыр дарға асып,
Біреуді кешіп, біреуге айып-құн салып,
Біреуге қақап, біреуте жаз боп жұмсарып,
Байлаулы төбеттей арпылдаған асау жұрт
Римге көндіріп
Бермек боп жатыр,
Басына ноқта,
Аяғына салып тұсауды.

КОМИНИЙ
Сендерді орға қуып тыққанын
Көзіммен көрдім деп көкіген құл
Қайда кеткен? Табыңдар!

МАРЦИЙ
Босқа әуре болма. Айтқаны рас.
Тобырда не пәтуа - топалаң тигендей
Бет-бетіне қашқаны.
Тектілер тұрып, жолдарын бөгеп,
Жауды да солар жасқады.
Тышқан да өйтіп қорқа қоймас мысықтан,
Өздеріндей құл-құтаннан қорыққан көкіме тобыр найсаптар.
Ділмарлар не деп көтерсе де шашбауын!

КОМИНИЙ
Қалайша сендер шықтыңдар онда үстем боп?

МАРЦИЙ
Көп әңгіме. Жататын кез бе көп соғып?
Дұшпан қайда? Не бітіріп тұрсыңдар өздерің,
Шегініп келе жатқаннан саумысыңдар, бұл не тұрыс?

КОМИНИЙ
Шығынға батып, шегінуте тура келді,
Күш жиып алып, күйрете соққы береміз.

МАРЦИЙ
Жау қайда жатыр?
Таңдаулы қолы қай қанатта?

КОМИНИЙ
Менің білуімше, ақиықтары - анциаттары,
Әскерге де солар әл берген,
Авфидий де сонда,
Жауына үміт өңгерген.

МАРЦИЙ
Жалынам онда,
Сан шайқаста бірге төккен қаныммен,
Достыққа берген антыммен әрі арыммен,
Авфидийдің анциаттарына
Тұтқиылдан тиісуте рұқсат бер.
Кетпесін ыстық сәт өтіп!
Көк семсер мен көк найзаны көкке көтеріп,
Көрейік тағы бақ сынап.

КОМИНИЙ
Ең әуелі сені моншаға апарып,
Үсті-басыңды бальзаммен сылап,
Жарақатыңды жазып алу керек екенін білсем де,
Меселіңді қайырмайын,
Әскеріңді ерт қалаған.

МАРЦИЙ
Мен қаламайын, өздері қалап еретіндерін ертемін.

(Әскерге).

Араларыңда ерер, әрине бар,
Бар болмауы мүмкін емес тіпті де,
Менің мынау өң-жүзіме шырай кіріп,
Жадырағанымды көргілері келетін,
Ездіктен ерлік қорлықтан өлім, тірліктен отан
Қымбат екеніне сенетін
Бір жан табылса,
Көп болса тіпті құба-құп,
Семсеріңді көтеріп,
Еріңдер менің соңыма.

(Семсерін қынабынан суырады).
Айқай. Жауынгерлер дулығаларын аспанға атып, семсерлерін сермелеп, Марцийді төбелеріне көтере бастайды.

МАРЦИЙ
Түсіріңдер! Мен - семсер емеспін, жармасыңдар семсерге,
Құр мақтанға берілмей,
Араларыңнан сайлаңыздар төрт адам, солар маған
Қас дұшпанның ортасына қасқая кіріп,
Құдіретті Авфидийдің
Қалқанына қалқанын тіреп қойып,
Жекпе-жек шайқас салуға лайық
Жау жүректеріңді таңдап берсін.
Қалғандарыңа да талай шайқас бар,
Қан майданда табысармыз әлі де,
Тағдыр бізді тастай қоймас талайсыз.
Кеттік ендеше,
Еріңдер маған ел таңдаған сүлейлер.

КОМИНИЙ
Тартыңдар алға!
Істеріңе құдай сәт бергей,
Ерліктерің бізге дәт бергей.

Кетеді.  


ЖЕТІНШІ САХНА

Кориол қакпасының алды.
Тит Ларций қалаға күзет қалдырып, сырнайлатып-кернейлетіп Коминий мен Кай Марцийге көмекке аттанады. Қасында - әскерлері мен жол сілтеушілер. Қалатын әскербасылар шығарып салып тұр.

ЛАРЦИЙ
(Әскербасыға)
Қақпаны күзет, бұйрықты орында бұлжытпай.
Белгі бергенімде цинтурийдің бір бөлігін
Көмекке мағат аттандыр.
Қалғандарымен қаланы ұстай тұрыңдар.
Шайқаста жеңілсек, шаһарды бәрібір тастаймыз.

ӘСКЕРБАСЫ
Өзіңізге сенгендей сеніңіз маған.

ЛАРЦИЙ
Біз шыққан бойда қақпаны бекіт!
Жол бастаушы, Рим қосына қарай баста бізді.
Кетеді.  

СЕГІЗІНШІ САХНА

Рим мен Вольск қостарының арасындағы ұрыс даласы. Шайқас үні естіліп тұр. Екеуі екі жақтан Марций мен Авфидий шығады. 

МАРЦИЙ
Тек өзіңмен жекпе-жек.
Сен мен үшін анттан безген азғыннан өткен сұмырайсың.

АВФИДИЙ
Сен де дәл сондайсың мен үшін.
Атың да, затың да жиренішті небір нәжіс мақұлықтан.
Сайысқа әзірлен!

МАРЦИЙ
Кім бірінші боп сыр білдірсе,
Дұшпанына құлақ кесті құл болсын!

АВФИДИЙ
Қашар болсам, аяма,
Қояндай қорлап, тапап таста.

МАРЦИЙ
Тулл, үш сағат бұрын жалғыз кіріп Кориолға
Құмардан бір шыққанмен.
Үстімдегі өз қаным емес, жұрт қаны.
Қайтарып қал өшіңді!

АВФИДИЙ
Тіпті маған сен емес,
Гектордың өзі келсе де,
Қүтыла алмас қаһарымнан дәл қазір.

Сайысып кетеді. Бірнеше вольскілер Авфидийге көмекке ұмтылады. Марций оларды тойтарып тастайды.

Жәреуке сұмырайлар. Көмек емес,
Өлім болды мен үшін.
Көздеріңді құртыңдар.

Шайқасып жүріп, екеуі де сахна сыртына шығып кетеді.

ТОҒЫЗЫНШЫ САХНА 

Шайқас үні естіледі. Керней сейілге дабыл береді. Бір жақтан римдіктер мен Коминий, екінші жақтан - колын таңып алған Марций мен жасағы көрінеді. 


КОМИНИЙ
Егер сенің қандай ерлік жасағаныңды дәл бүгін,
Айтып берсем, өз құлағыңа өзің сенбес ең.
Сондықтан оны Римге жазып жіберуді жөн көрдім,
Оқып шығып, сенаторлар көздеріне жас алсын.
Бекзадалар үрпиісіп әуелі,
Артынан бір айыздары қанып мақтансын.
Ханымдардың қандары қашып бетіңен,
Мән-жайды ұғынып, көңілденсін сосын шетінен.
Ділмарлар да мінбер тастамай көкіген,
Қу тобыр да кете бастаған бетімен:
«Құдайға шүкір, Римнің бар екен қорғаны!» -
Деп ұран тастап, айқайға бассын, ар жағын.
Бірақ, сен тойдың
Тойып ап кірдің соңына.

Жауды қуып кеткен Тит Ларций әскерімен қайта оралады

ЛАРЦИЙ (Марцийді меңзеп)
Уа, көсем, Нағыз тұлпар, міне, тұр,
Құйысқаны - біз соның,
Өз көзіңізбен көрсеңіз ғой
Оның бүгінгі сайысын...

МАРЦИЙ
Аузыңды жап, өтінем.
Сен түгілі ақ сүт берген анамның
Мені айтып, мақтанғанын көргенде
Кірерге жер таппаймын.
Мен де өздеріңдей ел үшін
Аяғам жоқ қолдан келгенін.
Жан аямай жанталасқан
Жан баласының бәрі де тең менімен.

КОМИНИЙ
Жоқ, өйтіп, өз даңқыңа өзің қабыр қазбағын,
Рим естіп, бағалай жатар ар жағын.
Кішіпейлдік жасап, ерлігі мен еңбегін айтпай өзінің,
Көп ішінде бой жасырған жақсының
Жақсылығын танымау - ұрлық пенен сатқындықтан өткен қиянат.
Сондықтан да менің сен туралы
Жауынгерлерге айтар сөзімді
Мадақ көрмей, шындық санап,
Жайбарақат тыңдарсың.

МАРЦИЙ
Өн бойым толы жарақат,
Өткенімді айтып,
Жарамды ауыртып қайтесің.

КОМИНИЙ
Айтқан жақсы. Айтпасақ,
Ірің басып жараны
Кейін орап таңады.
Қаланы алған шайқастарда
Қолға түскен тұлпарлар мен олжаның
Оннан бірін тарту еттік өзіңе.
Оны бөліске салмаймыз,
Тағы да ал, нәрсең болса қалаған.

МАРЦИЙ
Көп рахмет, көсемім,
Көк семсердің қимылы үшін
Мұнша тарту ала алман
Көппен бірге қанағат етем тигенін.

Кернейлеткен дауыс шығады. Жұрт дулығалары мен найзаларын аспанға атып: «Марций, Марций», - деп айқайлай бастайды. Коминиймен Ларций дулығаларын алады.

Керней де бүйтіп әкіреңдемей, өшсе екен,
Ұрыс даласында осынша көтерсек,
Бір-біріміздің шашбауын
Қалалар мен сарайларда ертең
Көре қоймаспыз көлгірліктен басқаны.
Жеңістен не қайыр, Қанға суарған көк семсер
Қаһардан айырылса, Ұлпа тиіп,
Жібек көйлегіндей патшаның. Жетер, тақсыр!
Талай жерде жыйюсыз қалған суйегі
Талай боздақтай мен де қанын арқаладым талайдың,
Сол үшін енді бетімді жуар-жумастан
Мадаққа беріліп, Мастанып тұрсам бұл жерде,
Масқара болып, Көмілгенім ғой тұл көрге?!

КОМИНИЙ
Тым кішіксің, өз абыройыңа өзің сонша қаталсың,
Шындық үшін жазғыра берме біздерді.
Өзіңді өзің қорлауыңды өйтіп қоймасаң,
Өзімен өзі арпалысқандардай
Қол-аяғына кісен сап,
Сөйлесуге мәжбүр етеміз сабырлы,
Ендеше жұрт естісін,
Марций тағы да басына алқа киеді.
Соның құрметіне, бәрің танитын менің тұлпарым
Барлық ер-тұрманымен
Мінгізбекпін Марцийге.
Ол аз десеңіз Кориолды аларда
Көрсеткен елден ерен ерлігі үшін
Кай Марцийге Кориолан деген
Құрметті атақ беріледі,
Аспандай берсін атағы!

Дабыл қағылып, керней тартылады.

ЖҰРТ
Кориолан - Кай Марций!

КОРИОЛАН
Мен барайын, беті-қолымды жуайын,
Өйтпесе, тіпті, қызарғаным білінбес.
Не де болса, рахмет бәріңе.
(Коминийге)
Тұлпарды алдым,
Дулығамның тұлымын
Қалай жоғары ұстасам,
Солай жоғары ұстармын
Әлгі берген атақты.

КОМИНИЙ
Шатырға барып, Римге ақпар жөнелтіп,
Тынығармыз артынан.
Тит Ларций Кориолаға қайтып,
Көсемдерін Римге аттандыр
Екі жаққа бірдей тиімді
Келу үшін бітімге.

ЛАРЦИЙ
Құп болады, қолбасшым.

КОРИОЛАН
Тәңірлер мені тәлкек етіп тұрмаса, нетті,
Патша сыйынан бас тартып тұрып,
Бұйым салмақпын көсемге?!

КОМИНИЙ
Сұра айтқаныңды екі етпен.

КОРИОЛАН
Кориолда бір кедей
Бір кезде маған меймандостық жасаған.
Сол осында тұтқында екен,
Алдыма келгенінде, Авфидийге ерегесіп,
Орындамап ем қолқасын.
Бола ма соған бостандық?

КОМИНИЙ
Ондай игі қолқаны жерге тастап болмайды.
Өз ұлымды өлтірсе де, азат бердім басына.
Ларций, бар да, орында.

ЛАРЦИИ
Марций, оның аты кім?

КОРИОЛАН
Тарс есімнен шығыпты,
Шаршағаннан мүкіс тартқан жадым да.
Шарап жоқ па бір жұтым?

КОМИНИЙ
Шатырға кеттік. Бетіне қапты қан қатып.
Таңбаса, болмас. Жүр, Кеттік.

Кетеді.

ОНЫНШЫ САХНА 

Вольскілер қосы. Қанға былғанған Тулл Авфидий кіреді. Қасында бірнеше нөкер.

АВФИДИЙ
Қала жауға берілді.

БІРІНШІ САРБАЗ
Тиімді шарт жасалып,
Қала қолға қайтады.

АВФИДИЙ
Қайдағы шарт!
Вольск болып, өзіммен өз бола алмасам,
Кетпеймін бе Римге басыбайлы пақыр боп.
Шарт дейді? Бағынғанның жүруші еді қай шарты!?
Сенімен, Марций, сайысыппын бес рет,
Бесеуінде де жығылыппын соққыға,
Тағы да жығылам,
Кездессек те күн сайын үш рет, үш рет тамақ ішкендей.
Бірақ, жаратылыстың бар құдіретімен ант етем,
Ендігі жолғы сайыста
Иә, сенің басың, иә менің басым ұшады.
Ізгілікке мұрша бермес енді ашу.
Әділ шайқаста адал алам деп өшімді
Қоямын енді көкуді
Қай жолменен қайтса да,
Кегім қайтса болғаны.

БІРІНШІ САРБАЗ
Ол дегенің пері ғой!

АВФИДИЙ
Батыл рас, емес бірақ айлалы.
Мәрттігіне лайық мәрт болам деп,
Масқараға ұшырап, айырылдым намыстан.
Енді оны қоямын.
Ауру болсын, ұйқыда жатсын, иә болсын жалаңаш,
Ғимаратта ма, Капитолий де ме,
Тіпті дұғаға тұрып, құрбандық шалып жатса да,
Ел жарасып, ескі дауды шат басса да,
Ешбір әдет, еш бір заң
Өшіре алмас оған деген ызамды.
Әкем үйінде тап келіп,
Ағам араша түссе де,
Дәм-тұзымның киесіне қарамай
Қанына оның былғамай тынбан қолымды.
Кориолаға барып,
Римге кімді аманат аттандырмақ -
Біліңдер.

БІРІНШІ САРБАЗ
Ал сен қайда барасың?

АВФИДИЙ
Қаланың күңгей жағындағы
Жел диірмендердің қасындағы
Кеттім құрма тоғайға.
Сонда тосып тұр мені.
Сонда келіп, хабар бер,
Қапы соғып қалмайын.

БІРІНШІ САРБАЗ
Құп болады.

Кетеді.

ЕКІНШІ ПЕРДЕ

БІРІНШІ САХНА

Рим. Алаң.
Менений мен халың ділмарлары Сициний мен Брут көрінеді

МЕНЕНИЙ
Сәуегейден естідім; хабар келмек кешқұрым.

БРУТ
Жақсылық па, жамандық па?

МЕНЕНИЙ
Халықтың көкейінен шыға қоймас, ол Марцийді үнатпайды ғой.

СИЦИНИЙ
Оған таңданатын не бар, аң екеш аң да досы мен қасын айыра алады.

МЕНЕНИЙ
Ендеше айтшы, бөрінің ұнататыны не?

СИЦИНИЙ
Қоңыр тоқты.

МЕНЕНИЙ
Қылғытуына жақсы ғой, аш тобыр да асыл текті
Марцийді тап солай бір-ақ қылғытуға әзір тұр.

БРУТ
Тоқтышағыңа болайын, аюша ақыратынын қайтпексің?

МЕНЕНИЙ
Аю екеш аю. Бірақ, қойдың күні көргені. Екеуің де көпті көрдіңдер. Айтыңдаршы.

ЕКІ ДІЛМАР
Сұра.

МЕНЕНИИ
Ендеше, Марцийге түйедей, сіздерге түймедей дарыған қандай кемшіліктерді білесіздер?

БРУТ
Оның бойындағы қай кемшілік те артығымен асып-төгіліп жатыр ғой.

СИЦИНИЙ
Әсіресе, өркөкіректігі.

БРУТ
Мақтаншақтығын қайда қоясың?!

МЕНЕНИЙ
Міне, жаманы. Ал өздеріңді қала жұрты, әрине, зиялы жағы не деп кінәлайтынын білесіңде ме?

ЕКІ ДІЛМӘР
Иә, не деп кінәлайды? МЕНЕНИЙ
Жаңа өркөкірекгік жәйын өздеріңіз қозғадыңыздар ғой. Ренжімейсіздер ме?
ЕКІ ДІЛМӘР
Жоқ, айта бер.

МЕНЕНИЙ
Тіпті, ренжісеңдер де, келер-кетер ештеңесі жоқ, бәрібір көз келген ұсақ-түйекке бола төзімдерің таусылғалы тұр. Ендеше, ашуға да ерік беріп көріңдер. Сонымен, Марцийді өркөкірек деп айыптайсыздар ғой.

БРУТ
Тек біз ғана емеспіз.

МЕНЕНИЙ
Білем, тек сіздер болсаңыз, одан ешкімнің ештеңесі құри қоймас еді. Шашбауларыңды көтеретіндер көп қой, олар болмаса, екеуіңнің әрекетің елге келеке болар еді ғой. Ақылға салғанда, баланың ісі, бақсының жанындай бірдеңе. Көптің көкігеніне ылыға бермей, өз қасиеттеріңді өздерің тамашалап байқасаңдар ғой. Тап сонда көрер едіңдер!

БРУТ
Нені көрер едік?

МЕНЕНИЙ
Тіптен пәтуасыз түпсіз дарақы, шектен шыққан бұзақы, әрі желөкпе, әрі көк езу, бұрын-соңды Римге бітпеген екі көксоққанды көрер едіңдер.

СИЦИНИЙ
Біз де сені білеміз ғой, Менений.

МЕНЕНИЙ
Иә, мені көп жұрт ішіне бір тамшы Тибр суы қосылмаған, жылытылған шарап көрсе, тостағанымен басына бір көтеретін сайқымазақ бекзада деп біледі. Тағатын айыптары: жарлы-жақыбайдың көз жасын көрсем, езіліп, кететін көңілшектігім, сәл нәрсеге пілтедей түтанып жүре беретін қызбалығым, күннің жалтарысынан гөрі түннің қалтарысының құпиясын көп білетін көлденең жүрісім. Жұрт секілді сырымды ішке бүкпеймін, көкейіме келген, көмейімнен бір-ақ шығады. Егер сендердей екі ел жақсы-сы (әрине, екеуінді Ликург деуге аузым бара қоймас) тап келіп, ұсынған шараптарынан жүрегім айныса, еш тайсақтамай, бетімді тыржита саламын. Егер екеуіңнің ауыздарынды әр ашқандарында, ар жағынан есек ақырып тұрса, ел ұстанар пәтуаны осылар айтып тұр деп қалай айта алам? Егер екеуіңді ел қадірлі, сыйлы адамдар деп танып жатса, оған ештеңе дей қоймаспын: ал бұл екеуіңдей ақ жүрек жоқ деп бөссе, оларының бос далбаса екенін айтпай тұра алмаймын. Әрине, менің бұл пиғылымды екеуің бет-жүзіме қарап, айтқызбай-ақ түсінулеріңе болады. Бірақ, содан сіздер мені жақсы біледі деген, қорытынды шыға ма? Екеуіңнің құскөз көріпкелдігің менің таба қылардай қандай мінімді тауып алып тұр? Әйтпесе, неге «біз де сені білеміз ғой», - деп кекжиесіңдер?!

БРУТ
Не десең, о де! Біз де сені жақсы білеміз.

МЕНЕНИЙ
Сендер мені де, өздеріңді де жалпы, ештеңені де білмейсіңдер. Сендер қайдағы бір делқұлылардың өздеріңді көрсе, бөріктерін аспанға атып, құрақ ұшқандарына мәз боласыңдар. Сендер түнді түнге ұрып, таңды таңға ұрып, қайдағы бір апельсин сататын қатынның қайдағы бір трактир ұстайтын еркекпен көк тиынға тұрмайтын ерегесі жайында қысыр дауға берілуге әрдайым әзірсіңдер. Егер сол екі ортада, біреуіңіздің ішегіңіз құрылдай қалса, беттеріңді көшедегі сайқымазақтардан бетер ыржитып-тыржитып, шыдамнан айырылып, онсыз да шырғалаң дауды одан сайын шытырманға ұрындырып, дәрет құмандарыңды қолтықтап, тайып отырасыңдар. Қолдарыңнан келетіні - өнбес дау қуу: ақты да қаралау, қараны да қаралау. Құдай бір-біріңді қалай тауып қосқан!

БРУТ
Жә-жә, дастарқан басында қанша ділмар болғанмен, Капитолийде тіл-жақтан айырылып қалатыныңды да жақсы білеміз.

МЕНЕНИЙ
Егер осындай екі жарымеспен күнде кезігіп отырса, аспандағы абыздардың өзі езулері жиылмайтын әбден күлегеш болып алар еді. Сендердің тілдеріңнің шылауынан гөрі сақалдарыңнан да көне шұлғау мен көк есектің тоқымынан асып жатқан арзымы шамалы. Сөйтіп, отырып, Марцийді өркөкірек деп кұстаналайсындар! Әрине, ол да ешкімнің шікірәсі емес, бірақ екеуіңнің сонау Девкалионнан бастап, өңшең бір жендеттерден тұратын жеті ата, жетпіс тұқияндарыңа қарағанда, әйтеуір шүкірлік қой. Жә, не де болса, өз жөндерің өзіңе! Әйтпесе, сендер секілді көкми тобырдың көк езу көсемдерімен ұзақ сөйлессең, онсыз да аз миың айрандай ақырып ашып кетеді. Осымен сөзді тамамдап, желкемнің шұқырын көрсетуге, тәуекел еткім келіп тұр.

Брут пен Сицини сахна төріне қарай кетеді. Волумния, Виргилия, Валерия көрінеді.

МЕНЕНИЙ
Аспаннан түсе қалғандай, айдай сұлу періштелер мен перизат ханымдар, қалай ғана бұл араға тап болғансыздар? Көздерің мұнша жерге түспей, қайда асығып бара жатырсыңдар ?

ВОЛУМНИЯ
Асылтекті Менений, менің ұлым Марций Римге қайтып келеді. Юнонаның атыменен жалынам, бізді бөгей көрмеші.

МЕНЕНИЙ
Немене? Марций оралып келе ме?

ВОЛУМНИЯ
Иә, асылтекті Менений? Жеңіспен оралып келеді.

МЕНЕНИЙ (бөркін аспанға атып)
Уа, Юпитер, менің бөркім мен садақамды қабыл ал! Марцийдің қайтып келе жатқаны рас па?

ВИРГИЛИЯ МЕН ВАЛЕРИЯ.
Рас, рас.

ВОЛУМНИЯ
Міне, мынау - маған жазған хаты: сенатқа - басқа хат, әйеліне - басқа хат жазыпты. Үйінде саған жазған хаты да келіп тұрған шығар.

ВИРГИЛИЯ
Иә, саған да жазған хаты бар. Өз көзіммен көрдім.

МЕНЕНИЙ
Маған да хат жазып па! Енді маған жеті жыл бойына ешқандай дәрі-дәрмек керек емес. Енді жеті жыл бойына дәрігер көрсем, мұрынымды көкке шүйірем. Мұндай дұға тұрғанда, қайдағы бір бақсы-құшынаның жазған ішірткілері не бопты?! Көп болса, көк есектің ішін өткізуге жарайтын шығар. Марций жарақаттанбап па? Ешқашан үйге жарақатсыз оралмайтын еді ғой!

ВИРГИЛИЯ
Жоқ, жоқ!

ВОЛУМНИЯ
Жарақаттанғанмен, жаны сау. Тобаға мың да рахмет.

МЕНЕНИЙ
Дұрыс айтасың. Жарақаты тек жеңіл болғай де. Жалпы оған жарақат жарасады. Сөйтіп, жеңіс атаулы оның қалтасына бұйырған ғой.

ВОЛУМНИЯ
Қалтасына емес - маңдайына бұйырған. Осымен үшінші рет емен бұтағынан жасалған алқа киіп келіп отыр.

МЕНЕНИЙ
Авфидийдің тартқызды ма екен сазайын?

ВОЛУМНИЯ
Тит Ларцийдің хатына қарағанда, екеуі жекпе-жек кездесіпті, бірақ Авфидий қашып кетіпті.

МЕНЕНИЙ
Иманым кепіл, дұрыс істеген екен. Егер дер кезінде сытылып кетпегенде, Марций оны түтіп жейтін еді. Кориоланның сандықтарында жатқан бар алтынды алып, басыңа төгем десе де, мен ондай күннің бетін аулақ қылсын дер ем. Сенат бұның бәрін біле ме екен?

ВОЛУМНИЯ
(Виргилия мен Валерияға)
Кеттік қалқатайларым.
(Мененийге).
Иә, сенат бас қолбасшы Коминийден хат алыпты. Оның айтуынша, бұл жорықтың бар абыройы менің баламның арқасы көрінеді. Оның бұл жолғы ерліктері бұрынғыларынан да асып кетіпті.

ВАЛЕРИЯ
Ол жайында талай кереметтер айтылып жатыр.

МЕНЕНИЙ
Керемет дейсің бе? Расында да солай шығар.

ВИРГИЛИЯ
Ақиқатына көктегі тәңірлердің өздері кепіл.

ВОЛУМНИЯ
Ақиқат екеніне кім күмән келтіре алады?

МЕНЕНИЙ
Рас екендігіне басымды бәске тітуге әзірмін. Қай жерінен жарақаттаныпты? (қастарына қайтып келген дос ділмарға қарап) Саламат па, құрметтілерім? Марций қайтып келеді, енді оның өр-көкірек болар жөні бұрынғыдан да көбейе түсіпті. (Волумнияға) Қай жерінен жарақаттаныпты дедің?

ВОЛУМНИЯ
Сол иығы мен сол қолы. Консулдыққа дауысқа түсерде жұртқа көрсететіндей жарақаты енді әбден жеткілікті болды. Тарквиний шабуылын тойтарғанымызда, Марций жеті жарақат алған болатын.

МЕНЕНИЙ
Біреуі - мойынынан, біреуі - санынан, бәрін қосқанда тоғыз сияқты еді.

ВОЛУМНИЯ
Оның бұл жорыққа дейін де жиырма бес жарақаты бар болатын.

МЕНЕНИЙ
Демек қазір жиырма жетіге жетті деген сөз: жарақат сайын бір жаудың түбіне жеткен күннің өзінде де...

Сахна сыртынан Керней даусы, айқай-шу шығады.

Естисіңдер ме, керней даусы ғой...

ВОЛУМНИЯ
Марцийжан ғой келе жатқан шулатып,
Оны көрсе жұртта қайдан ес қалсын!
Қолында оның ажал отыр қонақтап,
Бір сілтесе - бір дұшпаны құриды.

Керней үні.
Коминий мен Тшп Ларций көрінеді: араларында басына емен бұтағынан жасалған алқа таққан - Кориолан; соңында - әскербасылар, сарбаздар, жаршылар.

ЖАРШЫ
Біліп қой Рим, Кориоланың қақпасын
Жалғыз шауып, жалғыз тартып ашқасын,
Кай Марцийдың атына ат қосылып,
Кориолан атанып оралып тұр ортаңа!
Хош, келдің, Кориолан!

Керней үні.

ЖҰРТ
Армысың, Кориолан!

КОРИОЛАН
Жетер жұртым. Ұнамайды бұларың!
Доғарыңдар, өтінем.

КОМИНИИ
Міне, алдыңнан шығыпты анаң!

КОРИОЛАН
Кімнің көз жасы арқасында
Тәңірінің шапағаты бұйырғанын білемін.
(Жер тізерлейді)

ВОЛУМНИЯ
Түрегел, сайыпқыраным,
Айналайын, Марцийым, ардағым Кай құлыным,
Даңқыңа тағы даңқ қосып,
Қалай еді әлгі... Кориолан атанған...
Әйелің де келіп тұр... Оған да сал көзіңді.

КОРИОЛАН
Есенсің бе сары алтындай сабырлым?;
Көз жасың не, қуанышта дәл мұндай?
Табытқа сап, алып қайтса кебіндеп,
Сонда күліп шығар ма едің алдымнан?!
Жылайтын бүгін сен емес,
Кориолдың көп мұңдығы жыласын!

МЕНЕНИЙ
Тәңірі жарылқасын!

КОРИОЛАН
Амансың ба, қүрметтім!
(Валерияға)
Кешір, ханым...

ВОЛУМНИЯ
Кіммен амандасуды да ұмытыппын!
(Коминийге)
Армысың, көсем! Бар болыңдар бәрің де,
Сарбаздарым аман қайтқан жорықтан!

МЕНЕНИЙ
Мың-мың сәлем бәріңе!
Білмей тұрмын күлерді не жыларды,
Жанымда тұр бір қуаныш, бір үрей.
Үш сабағым үшеуіңе мың тағзым!
Көре алмастың үстіне шықсын алапес.
Үшеуіңді көтерсін Рим төбеге,
Көре алмастардың тұз жаласын іштерін.
Оған бола ойланудың жөні жоқ.
Қалақайдай шағып алар, жолап кетсең қасына,
Қызғаншақтан күтіп болмас пәтуа.

КОМИНИЙ
Баяғысы, айтып салар бас-көзіңе қарамай

КОРИОЛАН
Өйтпесе егер, ол Менений бола ма?

ЖАРШЫ
Ау, жолды ашыңдар, бөгемей?

КОРИОЛАН
(Волумния мен Виргилияға)
Қолдарыңды беріңдер.
Әке шаңырағына бас сұқпас бұрын
Патрицийлерге бір-бір көрініп кіріп
Батасын алып шығайын.

ВОЛУМНИЯ
Көңілімдегі көп арманның
Түгел орындалғанын көрер күнге де жеттім,
Жетпегенім бір арман
Оған да егер Рим жетсе,
Менің дағы жеткенім.

КОРИОЛАН
Жоқ, Римде қаратобырдың қалауын істейгін билік қуғанымша, өз қалауымша қызмет ететін ерлік қуғаным дұрыс.

КОМИНИЙ
Тарттық Капитолийге!

Керней тартылып, сырнай шалынады. Салтанатты шеру алыстай береді. Брут пен Сициний алға шығады.

БРУТ
Ауыз біткеннің айтары - соның аты.
Соны көрем деп, соқыр да көзәйнек киіп апты.
Жылап жатқан балаға қарар аяшы жоқ,
Күйіп жатқан қазанға қарар даяшы жоқ.
Есік-терезе, ірге-төбе, алаң, көше-қарақұрым,
Құдды бір қоқысқа құжынаған қара шыбын.
Әйел біткен - қылаң-сылаң,
Еркек біткен - ыраң-тыраң,
Көздер біткен алаң-жұлаң.
Құжыра баққан тақуалары,
Ғибадатхананың пақыраналары.
Өңмеңдеген жұртқа өлімін сатып,
Ұятты қойып, көзімен атып
Ұмтылысады соны көрмекке,
Көре қалса, бірдеңе демекке
Көше біткен азан-қазан,
Мұншама дүрлікпес, келсе де тіпті
Жердегі пенде түгілі, көктегі тобаны.

СИЦИНИЙ
Айтпады деме,
Көп ұзамай ол консул болады.

БРУТ
Ол билік құрса,
Бізге үйде жатып, ұйқы соққаннан басқа не қалады?!

СИЦИНИИ
Билік тисе, еті өсіп әбден көзінің
Қайдан бастап, қайдан шыққанын
Біле алмай қалар өзінің.

БРУТ
Содан басқа жоқ дәтке қуат.

СИЦИНИЙ
Көр де тұр, бірақ біздерді пана тұтқан қара тобыр
Кердеңдеген кекіреймеден болады ығыр.
Бүгінгі төбелеріне көтергендері далада қалады,
Кешегідей қайта оны жерден ап, жерге салады.

БРУТ
Менің көзімше ант етті:
Консул болсам, базардың алдын бақпаймын деп,
Момын көрінем деп, көпке көзімді сатпаймын деп,
Дауыс алу үшін көшедегі жалаңаяқтарға
Тәнімнің жарақатын көрсетіп,
Жоқты-барды шатпаймын деп.

СИЦИНИЙ
Айттым ғой, әне!

БРУТ
Бекзадалар өздері келіп жалынын-жалбарынбаса,
Консул боламын деп, азабым қанша, -
Дегенін естісең-ау!

СИЦИНИЙ
Сол сертіңде тұра берсін деп аман
Бізге де сол: іздегенге - сұраған.

БРУТ
Солай болар сыңайы.

СИЦИНИЙ
Солай болса, өз обалы өзіне.

БРУТ
Не ол бізді құлатады.
Не біз оны құлатамыз.
Оны қойсаңдар, көк есектей бәстерің қалмайды деп,
Қара тобырдың құлағын шулатамыз.
Ақиқаттың ауызына құлып біткені
Азаттықтың аяғына қақпан түскені,
Бұқара да бір, түйе де бір:
Айтқанға көн, айдағанға жүр!

СИЦИНИЙ
Итті мысыққа үргізу қандай оңай болса,
Марцийдің халыққа қаһарын төнгізу сондай оңай.
Жерден алып, жерден салып сыбап берсін, бәлем.
Қара сирақтардың көңілі бола қалар әлем-жәлем.
Сосын қиға тамызық қойғандай шыға келсе түтіндеп,
Тынбайды тобыр қойғанынша түтіп жеп.

Жаушы шығады.

БРУТ
Не боп қалды?

ЖАУШЫ
Капитолийге шақырып жатыр.
«Марций консул болады» - деген дақпырт бар.
Соқырлар. «Бір көрейік» - деп көздерін сатып,
Кереңдер: «Бір ауыз сөз естиік», - деп құлақтарын тосып,
Үйме-жүйме.
Кейуаналар жолына биялай төсеп,
Қыз-қатын бастарындағы орамалын төсеп,
Бекзада біткен жер тізерлер, құлдық ұрып,
Бұқара біткен бөріктерін аспанға атып, айқайға басып
Мәре-сәре.
Бұрын-соңды мұндайды көрсем, көзім шықсын.

БРУТ
Капитолийге ұтылмаймыз барғаннан,
Көз бен құлақ шықсын әбден арманнан,
Жүрек пақыр дәме күтер қалғаннан.

СИЦИНИЙ
Барсақ, барайық.

Кетеді.

ЕКІНШІ САХНА   

Рим. Капитолий.
Орындыңқа салатын екі бөстек ұстаған екі қызметші шығады.

БІРІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Тез, тезірек келіп қалды. Консулдыққа таласып жүрген қанша кісі?

ЕКІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Жұрттың айтуынша, үш кісі. Бірақ, бәрінің Кориолан болатынына ешқандай күмандары жоқ.

БІРІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Ер екені ер, өркөкірек қара бұқараны көзіне де ілмейді

ЕКІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Сен де айтады екенсің! Халыққа ұнаймын деп, өлімін сатпайтын игі жақсы бар ма?! Бірақ, халық соның біреуін аспанға шығарып жатады, біреуін жерден ап, жерден салып жатады. Не үшін екенін ешкім білмейді. Демек халықтың еш сылтау, еш себепсіз ұната салуы да оңай, құлата салуы да оңай. Кориолан соны жақсы біледі. Білгесін де, қара тобырды көзіне ілмейді. Түзу жүріп, түзу тұратын текті адам ретінде ол мінезін жұрттан жасырып жатпайды.

БІРІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Егер оған халықтың ұнатқан, ұнатпағаны бәрібір болса, оған жақсылық та, жамандық та жасамай, өзімен өзі бейтарап жүрмей ме?! Ал ол әдейі ұнамау үшін, әдейі дұшпандарына таба болу үшін не істеуден де тайынбайтын сияқты боп көрінеді де тұрады. Өйтіп халыққа ұнамай, жеккөрінішті болуға әдейі тырысудың суханың сүймейтін тобырға ұнау үшін әдейі жағынып бағудан ешқандай артықшылығы жоқ.

ЕКІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Ол Отанына жан-тәнімен қызмет етті. Ол бұл жағынан ештеңе істемей-ақ ел алдында жақсы боп көрінуге тырысып тыраштанатындарға қарағанда жұрт құрметіне әбден лайық. Ал Кориоланның еткен еңбегінің ел көзіне түскені, ел көңілінен шыққаны соншалық, ол жайында ештеңе айтпай үнсіз қалу нағыз қараниеттердің ғана қолынан келер еді. Ол жайында жаман сөз айту не суайттардың, не сұмырайлардың ғана қолынан келетін, естір құлаққа ұят қиянат болар еді.

БІРІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Жарайды, сөзді доғарайық. Шамасы, ол расында да тегін кісі болмас. Сенаторлар келеді, жолдан былай тұрайық.

Керней үні. Ликторларын алдына салып, консул Коминий, Менений, Кориолан, сенаторлар, Сициний мен Брут көрінеді. Сенаторлар өз орынына, трибундар өз орынына жайғасады. Кориолан түрегеп тұр.

МЕНЕНИЙ
Ларций Римге шақырылып, вольскілердің шаруасы бітіп,
Іс оңға әбден басқан кезде
Отанға осынша еңбек еткен ардақты жанның
Қызметін қалай бағалаудан басқа не іс бар қалған?!
Сондықтан да, ел ағасы жақсылар,
Осында отырған консулымыз, көсеміміз.
Кай Марций Кориоланның
Ел үшін қандай ерлік қылғанын
Өз аузынан айтып берсе екен.
Кориолан да, міне, ортамызда,
Ел лебізін өз құлағынан естісін.

БІРІНШІ СЕНАТОР
Сөйле, Коминий,
Зеріктірем деп қорықпа,
Бар гәп біздерде емес,
Ерлерінің ерлігін әділ бағалауда
Римнің қалтасы тым жұқа екенін дәлелде.

(Трибундарға)

Ал, қадірлі халық қалаулылары,
Барлық айтылғандарды ықыласпен тыңдап,
Артынан біздің шешімімізді де
Ел алдында қуаттауларыңызды сұраймыз.

СИЦИНИЙ
Ынтымағы үшін жалпының
Осы жиын арналған
Ардақты біз де қадір түтуға әзірміз.

БРУТ
Егер ол да бұрынғысынан гөрі халықты
Қадірлесе көбірек
Көбірек қадірлі болар еді өзі де.

МЕНЕНИЙ
Брут, орынсыз бұл сөзің,
Үндемей-ақ қоймадың ба одан да.
Жарайды, Коминийге құлақ ас.

БРУТ
Мақұл, бірақ менің оған ескерту жасауым
Сенің маған ескерту жасауыңнан
Әлдеқайда орынды.

МЕНЕНИЙ
Елін сүйсе, сондай-ақ сүйер,
Бірақ, бүкіл елмен қалай өрер бір төсектен.
Коминий, сөйле.

Кориолан кетуге оқталады.

Ал, сен сабыр ет. Тоқта.

БІРІНШІ СЕНАТОР
Өз атыңа елің айтқан мақтауды
Өз құлағыңмен естігеннің несі ұят.
Отыр.

КОРИОЛАН
Қалай жарақаттанғанымды қайтадан естігенше,
Жөн болар ед емдегенім тезірек.

БРУТ
Менің сөзім
Тимеген шығар шамыңа.

КОРИОЛАН
Жоқ, бірақ, оқтан қашпасам да, сөзден қашатыным рас.
Айтқан жоқсың мақтау-мадақ, оған неге апшиын.
Халқың қандай лайық болса қадірге,
Тап сондай құрметтеп келем әзірге.

МЕНЕНИЙ
Отырсайшы.

КОРИОЛАН
Болмашы іске бағышталған жел сөзді
Тыңдағанша, қызу шайқас тұсында
Рахаттанбаймын ба оққа тосып желкемді.

Кетеді.

МЕНЕНИЙ
Қалаулылары халықтың,
Мыңнан екеу есті шықса ортаң да,
Оған дағы мың тәуба,
Сондай өңшең жағынам деп тобырға,
Қалай тұрсын естимін деп кіл мадақ,
Онсыз да аз қан төкпеген болса елге арнап.
Баста, Коминий.

КОМИНИЙ
Менің әлсіз даусым.
Кориоланның ерлігін айтып мақтауға,
Әңгіменің расы - ел үшін жанын сарп етер екінші ерің жоқ ондай,
Он алты жыл бұрын осыдан
Римге Тарквиний тап берсе,
Сол емес пе ед тойтарған.
Сол көздегі патшамыз өз көзімен көріп, тамсанған
Ерлігіне түбіт иек баланың
Тұра қуған өңкей жауды мауыздай.
Жарақаттанған қандасын жауға жалғыз тастамай
Оған жабылған үшеуді
Жайратып салған бір өзі.
Тарквинийден шыққан да сол жекпе-жек
Түбіт иек бозбала.
Басына емен алқаны
Алғаш сонда байлады.
Тумай жатып алдына жан салмады,
Он жеті жасында
Ұқсады атқан жасынға.
Кориолды да кеше ол егер болмаса,
Масқараға қалдырар еді өңшең қорқақ далбаса.
Қашқындардың қарсы тұрып алдынан,
Кері қуып, жау қамалын қан қылған.
Тұмсығындай кеменің түре жарған толдынды,
Ол жүрген жақ омырылды, опырылды.
Әр қимылы жаудың сапын жапырып,
Желпінген дұшпанды жер қылды.
Кориолдың қамалына да қойып кетті бір өзі,
Жат қақпаға жұққан алғашқы қан да сонікі.
Жалғыз жайпап дұшпанды
Қайта жығып, қайта бастап қалың қол,
Тажал ордаға топалаңды салған сол.
Сол арадан желге төсеп құлағын,
Жер түбіндегі шайқастың бетін аңғарып,
Жалаңдатып қанжарын
Вольскілердің өлігі
Жолында қалды тау болып.
Ол көрмеді сәл мұрша
Қала мен дала өз қолымызға көшкенше
Есіл-дерті жау болып.

МЕНЕНИЙ
Ерім-ақ қой сабазың!

БІРІНШІ СЕНАТОР
Ардақтасаң ардақта
Асып туған асылды.

КОМИНИЙ
Қызықпады олжаға,
Тартудан да бас тартты,
Оны қадір тұтады.
Ол үшін сый жоғары -
Ел жолында тер төгіп,
Қан-запыран жұтқаны.

МЕНЕНИЙ
Абзал десең осыны айт.
Шақырыңдар мұнда өзін.

БІРІНШІ СЕНАТОР
Иә, кірсін бері Кориолан.

Кориолан кіреді.

МЕНЕНИЙ
Кориолан, сенат саған
Берді Консул атағын.

КОРИОЛАН
Қызмет қылам сенатқа
Семсерім мен өмірімді аямай.

МЕНЕНИЙ
Енді жұртқа сөз сөйле,
Рәсімнің шартымен.

КОРИОЛАН
Ол үрдістен бастартуға мұрша бер.
Ебіл-себіл ел алдында тұра алман.
Жарақатымды саңатып,
Дауыс бер деп жалынып.

СИЦИНИЙ
Халық дауыс бермесе, болмайды,
Ол қалады ренжіп
Қадірлемесең үрдісті.

МЕНЕНИЙ
Назаландырма халықты,
Қарсы тұрма үрдіске,
Түгел жасап ел дәбін
Атағыңды ал бұйырған.

КОРИОЛАН
Қайдағы бір шарт үшін
Қылымсудан қысылам.
Көрмесін ел сонымды.

БРУТ (Сицинийге).
Естисің бе?

КОРИОЛАН
Дауыс алу үшін жауға тосқам жоқ кеудемді,
Енді сол бір есептетіп ескі тыртықты
Ел құлағын қайтып тоздырам:
«Ана жерде бүйттім», - деп,
«Мына жерде өйттім», - деп.

МЕНЕНИЙ
Қиқарлықты қой ондай.
Трибундар, естіртіңдер ел-жұртқа
Біздер алған шешімді.

(Кориоланға).

Ал, ардақты Консул,
Аса берсін абырой!  

СЕНАТОРЛАР
Бағың тассын, атағың ассын, Кориолан!

Керней үні.
Сициний мен Бруттан басқалары шығып кетеді.

БРУТ
Халыңқа деген ыңыласын көрдің әні!

СИЦИНИЙ
Түсінбейді ғой жұрт бірақ!
Жек көре тұрып біліп тұр,
Жерге тастамасын ел сөзін!

БРУТ
Барайық, кәне, халыққа
Айталық жәйді анықтап.

Кетеді.

ҮШІНШІ САХНА 

Рим. Форум.
Жеті-сегіз қала азаматы көрінеді.

БІРІНШІ АЗАМАТ
Бас ауыртатын не бар: ол сұраса, дауысымызды береміз.

ЕКІНШІ АЗАМАТ
Ұнатпасақ, бермей де қоямыз.

ҮШІНШІ АЗАМАТ
Әрине, ондай құқымыз бары рас. Бірақ, оны қашан пайдаланып көріп ек. Жарақатын көрсетсе, аузымыздың суын ағызып, сол жайында көкіп қоя береміз. Істеген ізгі істерін айтса, оған құлақ аспауды қаражүректік көреміз. Өйткені, ізгілікке сүйсінбеуден асқан құбыжық бола ма? Еткен қызметтің қадірін білмеген халық - құбыжық халық. Халықтың өкіліміз деп тұрып, қалайша құбыжық бола аламыз.

БІРІНШІ АЗАМАТ
Е, ондай сұмырай атаққа ие болу қиын ғой деп пе ең. Баяғыда нанға бола көтеріліс шығарғанда, бізді қырық басты аждаһаға теңеп, тіл тигізген соның өзі емес пе еді?

ҮШІНШІАЗАМАТ
Е, кімнің тілі тимей жатыр?! Қырық басты десе, біреуіміздің шашымыздың қара екенін, біреуіміздің шашымыздың сары екенін, үшіншіміздің шашымыздың қызыл екенін, ал төртіншіміздің шаштан ада таз екенін айтқан жоқ шығар, әр қайсымызды әр жаққа алып қашқан, ақылымыздың аз екенін айтқан шығар. Ондай қырық саққа жүгірген сөз көп бастан шықпай, бір бастан шыққан күннің өзінде, әр қайсымызды әр тарапқа жүгіртіп, тоз-тоз қып жібермей ме?

ЕКІНШІ АЗАМАТ
Сонда қалай ойлайсың, мәселен, мына менің ақылым қалай қарай шалқыр еді?
ҮШІНШІ АЗАМАТ
Сенің шамалыда басыңнан бұзып-жарып шыға қоятын ақылың бар ма? Егер шыға қойса, дәу де болса, оңтүстікке қарай тартар еді.

ЕКІНШІ АЗАМАТ
Неге олай дейсің?

ҮШІНШІ АЗАМАТ
Жылы жақта буланып көруге оңайырақ қой. Төрттен үші шіріген қоқырсық боп ұшып кеткен күннің өзінде де, төрттен бірі басыңда қап, қайтадан қатыныңның басына қарай тартқылайды ғой.

ЕКІНШІ АЗАМАТ
Қайдағы бір қысыр сөзің қалмайды-ақ. Сонымен қандай пәтуаға тоқтадың?!

ҮШІНШІ АЗАМАТ
Не деп шешелік? Дауыс береміз бе, жоқ па? Одан келер-кетер шамалы: көпшілік бәрібір дауыс береді. Дегенмен бір айтатын нәрсе: халыққа жылы сөйлесе, одан асқан адам болмас еді.

Монтаны киінген Кориолан мен Менений көрінеді.

Мінеки, өзі де келеді. Жұртқа ұнайын деп, монтаны киіп алыпты. Өзін бізбен қалай ұстар екен. Мықтап зер сылыңыздар. Топырласудың қажеті жоқ. Оның қасына бір-бірлеп, не екі-екіден, үш-үштен барамыз. Әрқайсымызға жеке-жеке тіл қатсын. Өз дауысымызды өз аузымыздан берелік. Кәні, маған еріңдер. Оның қасынан қалай өтіп кету керек екенін көрсетейін.

ЖҰРТ
Жарайды, келістік.

Қала адамдары тарасады.

МЕНЕНИЙ
Жоқ, саған қосыла алмаймын:
Бұл тәртіпті орындайтындар - нағыз инабатты адамдар.

КОРИОЛАН
Сонда не деуім керек?
«Достым»... Арам қатсын!
Тілімді осы көндіктіре алмай-ақ қойғаным.
«Мынау, жарақатым, көріп ал,
Сенің отандастарың өз дабылынан өзі қорқып,
Дүркірей қаша жөнелгенде,
Еліме қызмет етемін деп таптым!»

МЕНЕНИЙ
Жоқ, ойбай! Олай айтпа.
Әуелі олардың өзінен еңбектеріңді еске түсіруді сұра.

КОРИОЛАН
Олардан ба? Менің еңбегімді ме?
Сайтан алсын! Абыздар айтқан обал-сауапты
Қалай оңай ойларынан шығарса,
Мені де дәл солай оңай ұмытсын.

МЕНЕНИЙ
Қиқарлығыңды қоймасаң -
Істі насырға шаптырасың.
Өтінем. Мен кеттім.
Әдепті сөйлес.

КОРИОЛАН
Әуелі тістерін дұрыстап тазалап,
Беттерін дұрыстап жуып алсын.

Екі кісі шығады.

Мына бір екеуі келеді.

Үшінші кісі шығады.

Сіздер, әрине, менің мұнда нағып тұрғанымды білетін шығарсыздар.

ҮШІНШІ АЗАМАТ
Білуін білеміз. Бірақ, сені мұнда әкелген не деп ойлайсың?

КОРИОЛАН
Елге істеген еңбегім деп ойлаймын.

ЕКІНШІ АЗАМАТ
Сенің еткен еңбегің не?

КОРИОЛАН
Иә, бірақ мен мұнда өз еркіммен кеп тұрғам жоқ.

ҮШІНШІ АЗАМАТ
Қалайша?

КОРИОЛАН
Өз еркіммен ешқашан қайыршыдан қайыр-садақа сұрамас ем.

ҮШІНШІ АЗАМАТ
Дегенмен, сен біз бірдеңе бергенмен, сенен де бірдеңе алатынымызды ұмытпа.

КОРИОЛАН
Тіптен жақсы. Ендеше айтшы: консулдыққа қанша ақы сұрайсың?

ҮШІНШІ АЗАМАТ
Достық өтініштен басқа ештеңе.

КОРИОЛАН
Достық өтініш пе?
Онда, бауырым, дауысыңды маған бер.
Жарақаттарымды саған оңашада көрсетермін.

(Екінші азаматқа).
Сен де, достым, дауысыңды бер. Не дейсің бұған?

ЕКІНШІ АЗАМАТ
Дауысым сенікі, сайыпқыраным.

КОРИОЛАН
Жарайды, уәде уәде. Міне, сүйтіп елі инабатты адамның дауысына ие болдым. Шапағаттарыңа рахмет. Сау тұрыңдар.

ҮШІНШІАЗАМАТ
Біртүрлі оғаштау.

ЕКІНШІАЗАМАТ
Қайта сұраса, айтар ек... бірақ, болар іс болды.

Үш азамат кетеді. Басқа екі кісі көрінеді.

КОРИОЛАН
Егер менің консул болуымды қаласаңдар, дауыстарыңды беріңдер. Әдет бойынша киініп келгенімді көрмей тұрсыздар ма?

ТӨРТІНШІ АЗАМАТ
Отанға адал қызмет еткенің рас, бірақ қызметің бәрібір адал емес.

КОРИОЛАН
Бұл не жаңылтпаш?

ТӨРТІНШІ АЗАМАТ
Еліңнің дұшпандарына бүйідей тидің, бірақ достарыңды шаяндай шақтың: сен жәй халықты ешқашан жақсы көрген емессің.

КОРИОЛАН
Демек сен мені кім-көрінгенмен ауыз жаласа бермейтінім үшін тіптен бағалауың керек қой. Егер де менің халқыма жағынғаным керегірек болса, онда одан ондай құрметімді аямауға әзірмін. Ал сол данышпан халқыма адал қызметімен гөрі алдында иіліп-бүгіліп құрақ ұшып тұрғаным керек болса, онда ол ұнататын жылпостарға ұқсап, көрінген көк аттының алдында көлбең қағуға мен дайын. Сондықтан өтінем: мені консул қып сайлай көріңдер.

БЕСІНШІ АЗАМАТ
Бізге дос болатыныңа көзім әбден жетіп тұр, даусымды қуана-қуана саған берем.

ТӨРТІНШІ АЗАМАТ
Оның үстіне сен Отан үшін алысам деп көп жарақаттандың ғой.

КОРИОЛАН
Оны өзің біліп тұрсаң, көрсетпей-ақ қояйын. Сіздердің дауыстарың маған өте қымбат, сондықтан жолдарыңнан қалдырмайын.

ЕКІ АЗАМАТ:
Шын жүректен тілектеспіз: абыройың аса берсін!

Кетеді.

Бүйткен дауыстарыңа болайын!
Өзің еткен еңбегіңді
Өзің алақан жайып сатып алғанша,
Арам қатқанның өзі жөн.
Ебіл-себіл елге күлкі боп,
Бұл тұрысым, не тұрыс?
Әдетті бұлай сақтасақ,
Атамзаманның айтқанынан шықпай,
Ақиқаттың ауызын буып қояр ек.
Бүйтіп атақ алғанша
Атақсыз қалғанның өзі артық емес пе?
Оның жолында өлімін сататындар-ақ
Шықсын шығар ұшпақтарына!
Жоқ, бұл масқараның
Жартысына шыдаған соң,
Жартысына да шыдау керек
Құдай салды, біз көндік.

Тағы да үш кісі көрінеді.

Міне, тағы үш дауыс -
Аяңдар мені, өтінем.
Сендердің дауыстарың үшін
Айқасқа шықтым сан рет.
Азапқа түстім талай түн.
Он сегіз рет шайқасып,
Жарақат алдым жиырма бес.
Сендер үшін еткен еңбек бола ма еш?!
Дауыстарыңды бере гөр!
Консул болғым келіп тұр.

АЛТЫНШЫ АЗАМАТ
Иә, жанқиярлықпен соғысқаның рас.
Ары таза бір де бір адам оған дауыс бермей тұра алмайды.

ЖЕТІНШІ АЗАМАТ
Мейлі, консул болса болсын. Құдай бақытын асырып, халқының нағыз досына айналдырсын.

ЖҰРТ
Әумин! Тәңірлер консулды сақтай көрсін!

Қала адамдары тарасады.

КОРИОЛАН
Мұндай дауыстың қадірі қандай десеңші!

Менений, Брут, Сициний кіреді.

СИЦИНИЙ
Іс бітті. Трибундар халық дауысын алып берді.
Енді консулша киініп,
Ел алдына шығуың қалды.

КОРИОЛАН
Сонымен болды ма?

СИЦИНИЙ
Үрдісті істедің. Халық келісті.
Консул атақ сенікі. Әуелі тек
Сайлау қорытындысын бекіту керек.

КОРИОЛАН
Сенатта ма?

СИЦИНИЙ
Иә, Кориолан, сенатта.

КОРИОЛАН
Киімімді өзгерте беруге болады ғой?

СИЦИНИЙ
Болады.

КОРИОЛАН
Барып киімімді қайта өзгертіп,
Сенатқа өзіме өзім кеп барайын.

МЕНЕНИЙ
Мен сенімен бірге барам.
Ал, трибундар сендер ше?

БРУТ
Біз халық арасында бола тұрамыз.

СИЦИНИЙ
Іске сәт!

Кориолан мен Менений кетеді.

Дегеніне жетті, жынына біраз тисе де.

БРУТ
Сол баяғы кердең кейпінде
Үстіне кебенек кисе де. Қалай, таратамыз ба халықты?

Қала адамдары көрінеді.

СИЦИНИЙ
Қалай, достар! Сайладыңдар ма?

БІРІНШІ АЗАМАТ
Дауысымызды соған бердік.

БРУТ
О, тоба,
Ертең ол бүйткен елді жер қып жүрмегей тек!

ЕКІНШІ АЗАМАТ
Әумин. Бірақ көрінеді ол маған
Бұларды әдейі келеке қып сұраған?

ҮШІНШІ АЗАМАТ
Әрине, әжуалап тұрды ғой.

БІРІНШІ АЗАМАТ
Жоқ, жоқ, әжуасыз, шыны ғой.

ЕКІНШІ АЗАМАТ
Сенен басқаның бәріне
Ол мініп тұрғандай көрінді кәріне.
Ел үшін алыстым деп айтса расын,
Неге бізге көрсетпеді жарасын?!

СИЦИНИЙ
Оны, әрине, көрсеткен шығар.

ҚАЛАЛЫҚТАР
Қайдағы? Ондай тіпті ойында да болған жоқ.

ҮШІНШІ АЗАМАТ
«Жарамды көрсетермін оңашада,
Ескі әдет бойынша
Менің консул болуым үшін
Сендердің дауыстарың керек боп тұр,
Дауыстарыңды маған беріңдер», - деді
Қалай болса солай айта сап.
«Дауыс бергендеріңе рахмет,
Енді жолдарыңнан қалмаңдар», - деп,
Қосып қойды тағы да.
Келеке емей бұл не сонда?

СИЦИНИЙ
Бала боп кеткенсіңдер ме, тәйірі,
Әжуа мен ақиқатты айырмай,
Дауыстарынды бере сап?
Ол сендерді санап тұр ғой ақымақ!

БРУТ
Немене, баяғыдан бері не құйдық құлақтарыңа.
Әлі билікке келмей тұрып,
Римнің қатардағы қызметшісі бола жүріп,
Сендерді өлердей жек көргенін, жиындарда қара тобырға
Еркіндік пен құқ беруте қарсы шығып,
Сөз сөйлегендерін ұмыттындар ма?!
Енді, міне, сол қалпында қалғанын
Көре тұрып, мемлекетте ықпалы зор
Билік алып бергендерің,
Өз бастарыңа өздерің сор тілеп алғандарың.
Ең болмаса айтпадыңдар ма -
Ел алдында еңбегіңнің сіңгені рас,
Бірақ, консул болуың біздің дауысымыздың арқасы,
Сондықтан да өштескеніңді ұмытып кешегі,
Бұдан былай бізге дос бол, қорған бол, - деп
Ақылдарың жетпеді ме соған да!

СИЦИНИЙ
Бұны айтсаңдар, әп дегеннен шарт сынып,
Ішіндегісін бір-ақ ақтарып салатын еді.
Ертең сөзінен тайып кетсе, бетіне салық қылатын
Нақты уәде алатын едіңдер.
Не баяғы мінезіне басып,
Ерін бауырына алып туласа,
Сонысын қазір сылтау қылып
Дауыстарыңызды қайтып алуға болатын еді.

БРУТ
Әлде сендер оның әдейі әжуа қып тұрғанын көрмедіңдер,
Әлде ертең қолына билік тигесін,
Бұрынғыдан бетер езіп-жаншитынын білмедіңдер,
Әлде көкіректеріңдегі жүрек емес бұлқынған,
Әлде көмейлеріңдегі қызыл тіл
Білмейді басқа ештеңе құр әншейін былшылдан.

СИЦИНИЙ
Әне, сұрағанынан біреудің
Бас тартып көрмегеннің қырсығы.
Әйтпесе, келеке қып тұрған кердеңге,
Дауысымды қор қып не жыным?!

ҮШІНШІ АЗАМАТ
Бекітіле қойған жоқ ол әлі,
Қатені түзетуге болады.

ЕКІНШІ АЗАМАТ
Ендеше, сол түзетейік қатені
Бір өзім бес жүз кісіні қайта көндіріп әкелем.

БІРІНШІ АЗАМАТ
Мен мынды көндірсем, олар өз достарын...

БРУТ
Ендеше, іске ассын сол жоспарың,
Бізді үрерге керек көк төбеттей
Құйрығымызды күнде бұрап
Отырғаннан басқа еш ұшпаққа шығармас
Озбырға алданып қалыппыз деп айтыңдар.

СИЦИНИЙ
Шақырыңдар да жарлы-жақыбайды
Құл болмай тұрып басыбайлы
Сайлауды бұзу жағын шешіңдер.
Басқаны қойып, монтаны киім киіп тұрып,
Басынғанын,
Тілге тиек етіңдер.
Ескереміз деп ел алдындағы еңбегін
Білмей қалдық деңдер
Бізді әдейі келеке қылуға келгенін.

БРУТ
Бізге аударыңдар пәлені,
Көкейдегі ренішіміз жатса да,
Дауыс беріңдер деп азғырған солардың әлегі.

СИЦИНИЙ
Өз еркімізбен дауыс бергеміз жоқ,
Біздер азғырғасын, дауыс бердік деп.
Сөйтіп, артық қыламыз деп, тыртық қып,
Төбемізге шығарыппыз дендер дұшпанды.

БРУТ
Иә, бізді сынап бағың аямай,
Тумай жатып, ел үшін алысып,
Еңбек етті деп мақтаған да біздер дендер.
Біздер деңдер ата-тегін таратқан:
Шықты деп Римге берген төртінші падиша -
Марций туған текті танаптан,
Ұлы Гостилий - қусаң атасы,
Ұлы Нума - қусаң тағасы,
Квинт пен Публидің бір тұяғы,
Римді құбыр сап суға қандырған,
Екі рет цензор сайланып,
Цензориннің соңы деп
Әділдігімен жарлы-жақыбайды таң қылған.

СИЦИНИЙ
Онымен қоса айтыңдар,
Біз екеуміз құйды деп құлаққа,
Тектілігін былай қойғанда,
Консул болуға құқ беретін
Өзге де талай сырларын.
Бірақ, артынан ойланып,
Таразыға тартып қарасақ,
Бізді өлердей жек көретін
Озбырды өзіміз сайлағанымыз,
Өзімізді өзіміз жазалағанға парапар.
Сондықтан да қайтамыз дендер шешімнен.

БРУТ
Екеумізге аударып бар қырсықты,
Оған деген жұрт көңілін ушықтыр.
Содан кейін жұрттың дауын қайталап,
Капитолийге шауып барың анталап.

ЖҰРТ
Содан басқа амал жоқ,
Жұрттың бәрі түсінеді қатесін,
Әй, оның танытамыз әкесін.

Кетеді.

БРУТ
Бара берсін!
Қу тобырды дүрліктіру түк те емес,
Қиын болар еді, ол жеңіп кетіп,
Бітсе егес.
Сайланбай қалса, Марций қиқу салады.
Оның, бірақ,
Бізге келер-кетері шамалы.

СИЦИНИЙ
Қара тобыр қаптап кетпей тұрғанда,
Капитолийге барып, жүре тұрайық сол маңда,
Сонда біздің араласымыз жоқтай көрінер,
Даурықпа топ өзі істегендей боп желігер.

ҮШІНШІ ПЕРДЕ 

БІРІНШІ САХНА 

Сырнай үні. Рим көшесі. Кориолан, Мененний, Коминий, Тит Ларций, Сенаторлар мен Патрицийлер: 

КОРИОЛАН
Сонымен, тағы бас көтерді Авфидий?

ЛАРЦИЙ
Солай болды. Соны біліп
Асықсақ та бітімге.

КОРИОЛАН
Демек ол тұрғанда орын жоқ де үмітке
Вольскілер үшін тек ілік керек бүлікке.

КОМИНИЙ
Жоқ, консул
Олар әдбен жер болған.
Біз тіріде
Оларға қиын ел болған.

КОРИОЛАН
(Ларцийге).
Авфидийді өзің көрдің бе?

ЛАРЦИЙ
Маған келіп кетіп хатын көрсетті,
Қаланы беріп қиған опасыз елін бір сыбап,
Анциумға ауып кетті біржола.

КОРИОЛАН
Мен туралы айтты ма? Л

АРЦИЙ
Иә.

КОРИОЛАН
Не деді?

ЛАРЦИЙ
Сайысқанын айтты сан рет.
Өш екенін айтты өлердей.
Аямасын айтты ата дәулетін
Күн туса тағы кездесіп,
Сан сайыста жеңердей.

КОРИОЛАН
Сонда ол әлі Анциумда ма?

ЛАРЦИЙ
Иә.

КОРИОЛАН
Маған онда солай бару керек жақындап,
Тұншықтыруға тұнған кегін лапылдап.
Құттықтаймын аман-есен оралуыңмен, ал сені!

Сициний мен Брут кіреді.

Қара тобырды желіктіруші қос ділмар,
Бұл екеуі аман тұрғанда
Бекзаттарға күн қалмады,
Сол үшін де жек көремін өздерін.

СИЦИНИЙ
Енді аттама бір аттам!

КОРИОЛАН
Неге олай?

БРУТ
Енді қауіп аттап шықсаң, бір қадам!

КОРИОЛАН
Бұларың қандай жаңалық!

МЕНЕНИЙ
Не боп қалды соншама?

КОМИНИЙ
Оны сайлаған бекзаттар мен халық қой?

БРУТ
Жоқ.

КОРИОЛАН
Сонда немене, дауыс берген бала-бажыр болды ма?

БІРІНШІ СЕНАТОР
Жолдан былай тұр. Ол базар алаңына барады.

БРУТ
Ызаландырып апты халықты.

СИЦИНИЙ
Тоқта, әйтпесе, от шығады ойыннан!

КОРИОЛАН
Қу тобырдан бұдан басқа не күтем?
Өз сөзін өзі ұмытар жетесіз.
Шуылдаққа билік тигесін не етесіз!
Ел аузына қақпақ болар екі ділмар,
Оларды тоқтатпай, сендер қайда қалдыңдар?!
Әлде өздерің бе шаптарына шоқ салған?!

МЕНЕНИЙ
Жә, сабыр ет.

КОРИОЛАН
Жоқ, бұлары әдейі істелген зұлымдық,
Қара тобырды ақсүйектерге айдап, ырың-жырың ғып,
Құртатын болды елді қаралай құрым қып.
Ел билеу қолдарынан келмейді,
Билей алатындардың тілін тағы алмайды.

БРУТ
Зұлымдық жоқ ешқандай.
Ел ызасы тілі тиді деп бір көзде,
Нанды тегін бергізбеді дейді
Халыққа жақ болғандарды
Шиге шаншып, шырақ алып түсті дейді соңына.

КОРИОЛАН
Оның бәрі көптен мәлім көкіме.

БРУТ
Сен білгенмен, жұрт білмейді.

КОРИОЛАН
Өзің болдың ғой құлақтарына қүйған ендеше?

БРУТ
Кім? Мен бе?

КОМИНИЙ
Сенен басқа кім істейді мұндайды?

БРУТ
Жақсымыз деп тұрған жайсаңдар
Маған қиғандарың осы болғаны ма?!

КОРИОЛАН
Маған онда консулдық мұндай не керек?
Аспандағы анау ақша бұлтпен ант етем,
Одан қайта сендерге үқсап
Жүрмеймін бе көкіме соғып көшеде?!

СИЦИНИЙ
Жұртты ыза қылатын
Сенің осы мінезің.
Егер рас мақсат қойсаң алдыңа
Жолды таңда соған тура жететін,
Қателіктің қатерінен аман өтетін
Әйтпесе, консулдықтың да, трибундықтың да басын ауыртпа

МЕНЕНИИ
Жетер.

КОМИНИИ
Халық әбден алданған.
Римге лайық емес мұндай зобалаң,
Қайдағы жоқ былшылға
Кориоланның жолын кестіруте болмайды.

КОРИОЛАН
Тағы да айтты-ау паж дауын,
Тағы айтқызса, тағы да сол - айтарым.

МЕНЕНИЙ
Жә, асықпа, асықпа оған...

БІРІНШІ СЕНАТОР
Сонша абыржудың жөні жоқ.

КОРИОЛАН
Жоқ, бұны осы арада қазір айтпасам,
Өзіме өзім риза болмай өтер ем.
Абзал достар, ашуыма ғафу ет,
Бірақ, қайдағы бір қара сирақ тобырдың
Қабағына қарағыштайтын жәйім жоқ.
Шамына тисе сөздерім,
Түсінсін әуелі өз жөнін,
Солардың алдында жығып беріп сенатты,
Ереуіл мен бассыздыққа
Өздеріміз жол аштық.
Қарамен қатар тұрамыз деп,
Қолдағы биліктен айырылып
Жалаңаяқтардың табанына қаламыз ба тапталып?!

МЕНЕНИЙ
Доғар.

БІРІНШІ СЕНАТОР
Енді қайтып жақ ашпа.

КОРИОЛАН
Немене, жақ ашпайтын менмін бе?
Қалың жауға қарсы шауып, қанға бөккенде
Енді қайдағы бір алабүлік алапестердің
Арам істерін айтуға тартынам ба?
Жоқ, жөнім жоқ жалтарар,
Қарсы шабам, қалың жаудай қара тобырға.

БРУТ
Халық жайлы бұл сөзге аузың қалай барады,
Бұлай дейтіндей
Жұмыр басты пенде емей, сен кім ең?
Әлде көктегі тәңір ме ең?

СИЦИНИЙ
Бұл сөзіңді ел естісе, не боларын білесің бе?

МЕНЕНИЙ
Онсыз да ызалыны ызаландырып қайтесің?

КОРИОЛАН
Ыза дейсің бе? Қайдағы ыза?
Түн ортасында ұйқымнан тұрғызып ап,
Айтқызсаң да айтарым осы.

СИЦИНИЙ
Бұндай ойың өз басыңа болар сор,
Қалғандар үшін ештеңе де болмайды.

КОРИОЛАН
Болғанда қандай болады!
«Болады», - деп қышқырып жатыр қу тобыр,
Саппастардың салын суға кетіруге!

КОМИНИЙ
Онда заңға қайшы келер түк те жоқ.

КОРИОЛАН
«Болды!»
Уа, Ақпейіл, ақ көкірек
Бірақ, сылбыр және бейқам төр алқа!
Осы сөзбен өздерің шығарған шешімді
Құрдымға сіңіріп құртпап па еді сан рет
Қу тобырды азғырып,
Қараларға қамқорсынған кілең ала аяқ?!
Егер билік шыннан көшкен болса егер де соларға,
Дірдек қағып, бас иіп тұрмасқа қандай амал бар?!
Олай егер болмаса,
Бұдан былайғы басқа шығару далбаса.
Ақылдарыңыз орынында болса, ардаңтар,
Жөн-жоқ енді қу тобырға жалтақтар,
Ақылдан рас ада болып қалсаңдар,
Бәрібір істі шешетін солар болғасын,
Орындарыңды соларға беріп,
Дұрыс болар еді жөндеріңе тайсаңдар.
Әйтпесе, мынау еліріп алған қиқу жұрт
Тауып апты сенатты көнбіс, салбөксе,
Не айтса да: «Болады!»- деп
Отыратын бас шұлғып.
Дархандықты бүй деген
Бағзыдағы гректер де білмеген.
Консулыңа көрсетері бұл екен,
Рим енді қашты дей бер берекең,
Қос өкімет бар жерде
Айдап салар біреуіне біреуін
Күш алып кетер әрекет.

КОМИНИЙ
Сөзді доғар!
Алаңға кеттік одан да!

КОРИОЛАН
Кімдер ақыл берсе де,
Анда-санда гректер де
Нанды тегін таратқан...

МЕНЕНИЙ
Сабыр етші, жарқыным...

КОРИОЛАН
Олардың рас елге ерікті көп бергені,
Бірақ, әлгі ақылды айтқандар біліп пе.
Сол арқылы күллі елді
Жем қыларын ереуіл мен бүлікке.

БРУТ
Осындайды айтқан адамды
Халық қалай қалайды?!

КОРИОЛАН
Одан да басқа толып жатыр дәлелім.
Білмейді ғой қу тобыр
Еш еңбегі сіңбеген есіл нанды жегенін.
Солар емей, кім еді,
Ел шетіне жау тиіп, Отанға қатер төнгенде,
Жалынғанда «аттандап».
Есіктен аттап шықпаған?!
Майданда да бітіргендері шамалы:
Қит етсе, ереуілдеп, қит етсе, бүлік салады.
Сенатқа да өздерін жақтап өзгеге дау шығарып,
Қорқытып алды көп құқты.
Бірақ, соның білді ме олар қадірін?
Ойларынша олардың
Көптігімен қорқытып алған нанды да!
Елірткеніміз соншама
Қолдағанынды қорыққандық деп біледі.
Бүйте берсең, көп қарға
Басып кіріп сенатқа
Мұнда отырған аз бүркіттің көзін шұқып тастады.

МЕНЕНИЙ
Доғар! Болды енді!

БРУТ
Асып кеттің тым шектен!

КОРИОЛАН
Жоқ, болғам жоқ,
Жердегі аруақ, көктегі тәңір атыменен ант етіп,
Айтар тағы сөзім бар.
Егер билік құрғандардың бір тобы
Өздерін жерден ап, жерге сап жатқан екінші топқа
Жек көргеннен басқа қылар қайран таба алмай,
Қол қусырып отырса,
Көптігіне сенген кіл қиқым
Тегіңе де, жөніңе де, ақылыңа да қарамай,
Жайына қалып ел қамы,
Қиратады отынша,
Ойран етер ордаңды,
Алдына тосқауыл тұрғызып,
Кім бар еді жеткен арманға?!
(Сенаторларға).
Сондықтан, жасқаншақ емес, абайшыл,
Өзгерістен гөрі іш тартатын тәртіпке,
Жөн көрегін абыройсыз ғұмырдан, абыройлы өлімді,
Масқараға төзгенше, пейіл тұрар заһар удың өзіне.
Асыл текті жайсаңдар,
Жалынып айтар жалғыз өтініш:
У жалап қойып, бізді де, өздерін де құртпай тұрғанда,
Мынау бұзақы тобырдың
Тілін кесіп, көмейіне керек күл құю.
Әйтпесе, олар үнін өшіріп сенаттың,
Ел ішіне іріткі сап,
Өкіметтің түбіне жетіп тынады.
Расында да, зорлық желкелеп мініп алған өкімет
Ізгілікке қызмет қып, не бітіреді.

БРУТ
Енді түсінікті болған шығар бәріңе!

СИЦИНИЙ
Тап мынасы - қып-қызыл опасыздың сөзі ғой,
Опасыздарша жауап берсін қалың көптің алдында!

КОРИОЛАН
Оңбаған! Қызғаныштан кетер шығарсың жарылып!
Мынау екі жылтыр төбе аярды
Ел азғырып, ел бұзсын деп
Шығардыңдар ма, төбеге,
Неге қойдыңдар трибун қып?!
Бұқара мұндай билікке
Жеткен көзде дүрлікпе.
Ондай көзде ақыл емес, ашу кетер күш алып,
Енді ол ереуіл басылды.
Күш алу керек қайта заң.
Жою керек трибундардың билігін!

БРУТ
Тап мынауы барып тұрған сатқындық!

СИЦИНИЙ
Жоқ, мұндайды
Қоя алмаймыз консул қып!

БРУТ
Эдилдер, мұнда келіңдер!
Эдилдер кіреді.
Тұтқындаңдар мынаны!

СИЦИНИЙ
Халықты шақырыңдар.
Бір эдил шығып кетеді.
Тұтқынға алдым мен сені
Халықтың атынан
Жауы деп біліп халықтың.
Сотқа шақырып, тартам айыпқа.

КОРИОЛАН
Жоғал, көзіме көрінбей, көк теке!

СЕНАТОРЛАР
Жоқ, біз оны кепілдікке аламыз.

КОМИНИЙ
Ақсақал,
Жөн болар бұған тиіспегенің!

КОРИОЛАН
Жөнел сүйретпей тұрғанда
Сылдыраған қу сүйегіңді
Суырып ап ішінен
Сиықсыз мынау күпіңнің!

СИЦИНИЙ
Құтқарындар, халайық!
Қала халқын бастап эдилдер кіріп келеді.

МЕНЕНИЙ
Сабаға түсіңдер, сабаздар!

СИЦИНИЙ
Мынау бізден билікті тартып алмақшы!

БРУТ
Қамауға алындар, эдилдер!

ЖҰРТ
Өлімге кесіп, құрту керек көзін тез! Сенаторлар және басқа адамдар.
Қару алыңдар қолдарыңа! Кориоланды коршап алады.
Бекзадалар!.. Отандастар!.. Трибундар!
Сициний!.. Брут!.. Кориолан!.. - Тоқтаңдар!
Сабыр етіңдер... Тыныштық керек азырақ!

МЕНЕНИЙ
Не боп барады мынау дүние!
Кетер ме екем тұншығып!
Сөйлеуге тыныс жетпей тұрып,
Іс тұр насырға шапқалы.
Кориолан, трибундар, бір ашуды беріңдер!
Елді жөнге келтіріп, келісімге келіндер!

СИЦИНИЙ
Жә, тыныш!
Жарандар, мені тыңдаңдар!

ЖҰРТ
Тыныш! Трибунды тыңдайық!

СИЦИНИЙ
Тауан туғалы тұр бастарыңа:
Өздерің консул сайлаған Кай Марций
Өздеріңді бас еріктен айырмақ.

МЕНЕНИЙ
Өртті өшіре ме десек,
Өзің өрт сап тұрсың ғой!

БІРІНШІ СЕНАТОР
Есуас, бүйтіп құртып тынарсың қаланы?

СИЦИНИЙ
Қала деген не бопты, халық құрығалы тұрғанда.

ЖҰРТ
Сициний дұрыс айтады; қала деген әуелі халық.

БРУТ
Халық, міне, бір ауыздан
Бізге қазы бол деп тапсырып тұр.

ЖҰРТ
Қазы болып қаласыңдар.

МЕНЕНИЙ
Әрине, оған сөз бар ма?

КОМИНИЙ
Иә, қаланы әбден жермен-жексен қып,
Тәртіпті де топыраққа көміп бір жола,
Дүниені қара су алдырғанша, қалыңдар солай қазы боп.

СИЦИНИЙ
Айтқандары үшін Марций өлім жазасына лайық.

БРУТ
Біз өз бйлігімізді осы жолы не қорғап қаламыз, не айырыламыз.
Бізді қалап, сайлап алған қалың бұқараның атынан қаулы етем.

СИЦИНИЙ
Опасызды желкелеп апарып
Тарпей құзының басына
Құрдымға бір-ақ лақтырыңдар!

БРУТ
Ұстаңдар оны, эдилдер!

МЕНЕНИЙ
Дат!
Мен бір ауыз сөз айтуға рұқсат сұраймын!

ЭДИЛДЕР
Тыныш!

МЕНЕНИЙ
Сіздер расында да ел қорғаны болсаңыздар,
Соны сөз жүзінде ақтаңыздар.
Ашу үсті келген шешімдеріңді
Ақылға сап, қайта бір өлшеңіздер.

БРУТ
Ажал аузында жатқан адамға
Сабырлы болам деп, уақтылы дәрі бермей қалуға болмайды.
Ондай сақтықтан, орынды асығыстық артық.
Айдап апарып, құздан құлатыңдар!

КОРИОЛАН
(семсерін суырып)
Жоқ, өлсем осы арада қалам.
Жастығымды алып өлем бірақ та.
Кәні, шығың!
Менің сайысымды қайсың едің көрмеген?!

МЕНЕНИЙ
Семсеріңді қынына сал! Трибундар!
Бір сәтке аулақ кете тұрыңдар!

БРУТ
Ұстаңдар оны!

МЕНЕНИЙ
Уа, кәрі, жас,
Кай Марцийді қойған болмас талатып,
Қолғабысқа келер қайсың бар?

ЖҰРТ
Ұстау керек! Аяма!
Жағалас. Дүрбелең. Трибунды, эдилді, халықты қуа бастайды.

МЕНЕНИЙ
(Кориоланға)
Дереу үйіңе жөнел, әйтпесе, құрисың!

ЕКІНШІ СЕНАТОР
Иә, тек тезірек.

КОМИНИЙ
Жоқ, тырп етпе,
Біздің досымыз жауымыздан аз емес.

МЕНЕНИЙ
Қан төгіс болғалы тұрғанын көрмейсің бе?

БІРІНШІ СЕНАТОР
Ондайдың бетін аулақ қылғай тәңірлер.
Ардақты достым, үйіңе бар,
Мұндағысын біз бірдеңе қылармыз.

МЕНЕНИЙ
Бәріміздің жанымызға жазылмастай жара салды,
Оны жалғыз жаза алмайсың сен таңып.
Жөнел.

КОМИНИЙ
Біз сенімен біргеміз.

КОРИОЛАН
Капитолийдің етегінде бағы бітіп,
Капитолийдің етегінде туса да,
Бұларды римдіктер деуге ауыз бара ма?
Нелері артық бұлардың
Сырттан жабылар тағыдан?

МЕНЕНИЙ
Бар.
Ашудың аузын тия тұр,
Бәрінің қайтар есесі.

КОРИОЛАН
Бір елуін кеткім кеп тұр еңсеріп.

МЕНЕНИЙ
Мен де екі әлгі заржақты
Қылжитар ем - амал жоқ.

КОМИНИЙ
Самсаған тобыр санымен құртты місені.
Құлағалы тұрған қақпаның
Алдында тұру ерлік емес, ессіздік болады.
Жаңағы тобыр қайта оралғанша кетіп қал.
Әйтпесе, арнасынан бір асып алған топан су
Күйретпей тынбас жолында не тұрса да.

МЕНЕНИЙ
Тезірек кет, ессіздерге ес кіргізіп көрейін,
Көйлек бір жыртылды екен деп,
Жамамай болмас жыртығын.

КОМИНИЙ
Кеттік.
Кориолан, Коминий және бірнеше адам шығып кетеді.

БІРІНШІ БЕКЗАТ
Ол қырсыққа ұрынды.

МЕНЕНИЙ
Қиқарлыққа қырсық таппай тұра ма онсыз да қырсыз дүние.
Қай тәңірдің сөзі де жар бола алмас ол бір қырсыққа.
Көмейіне не келсе, тілінің ұшында сол тұрар.
Миына не келсе, қолы соған ұмтылар.
Ашу қысса, ұмытып кетеді ажалды.

Сырттан шу шығады. Іс насырға айналды.

ЕКІНШІ БЕКЗАДА
Шіркіндерді дүркіретіп төсектеріне қуып шығар ма еді.

МЕНЕНИЙ
Мен Тибрге апарып, ағызып жіберер ем. Сайтан алғыр, бұлармен сыпайы сөйлескенде несі кетеді екен?!

Тобырды бастап, Брут пен Сициний кіреді.

СИЦИНИЙ
Қайда әлгі қайсар неме?
Римде билік құрғанша,
Елсіз қалдыруды жөн көрген
Есер неме қайда өзі?

МЕНЕНИЙ
Ардақты трибундар...

СИЦИНИЙ
Ол заңды мойындағысы келмесе,
Сол заңның қатал қолына беріледі де,
Өзі есептескісі келмеген заңның пәрменімен
Тарпей құзынан құрдымға құлатылады.

БІРІНШІ АЗАМАТ
Біздің қадірлі трибундар - халықітың ауызы болғанда
Біз олардың қолы екендігімізді біліп қойсын.

ЖҰРТ
Иә, біліп қойсын.

МЕНЕНИЙ
Ау, дат...

СИЦИНИЙ
Аузыңды жап!

МЕНЕНИЙ
Өзі кеп қолға түскелі тұрған бөріні
Қиқу сап, кері қуып не керек?!

СИЦИНИЙ
Ендеше, сен неге оны қашырып жібердің?

МЕНЕНИЙ
Әуелі, сөзімді айтуға мұрша бер
Мен Консульдың қасиетін қандай жақсы білсем,
Кемшілігін де сондай жақсы білем.

СИЦИНИЙ
Кімді айтасың?

МЕНЕНИЙ
Кориоланды айтам.

БРУТ
Консул дейсің бе?

ЖҰРТ
Жоқ. Ол консул емес.

МЕНЕНИЙ
Жарандар, егер трибундар рұқсат етсе,
Көп уақыттарыңды алмаймын;
Бір-екі ауыз сөзім бар...

СИЦИНИЙ
Айт, бірақ қысқа айт:
Ол сатқынның көзін тезірек құртпай болмайды.
Қуып жүрсек - құтылмаймыз үрейден.
Мұнда қалдырсақ - бізді ертең мүрдем кетірер.
Сондықтан да дәл бүтін көзін құрту керек.

МЕНЕНИЙ
Құдай кешпес, егер Рим, өзінің даңқын асырған
Ардақтарын Юпитер шежіресіне жаздырып,
Мадақтатқан ғасырлардан ғасырға,
Кенет бүйтіп, ыза қысқан тағыдай,
Өз ұлдарын өзі жұтса бір қылғып.

СИЦИНИЙ
Ол қотыр ғой. Түскен жерін ойып тастап аласта.

МЕНЕНИЙ
Иә, қотыр тиген ол мүшесі денеңнің,
Емдеу жеңіл, ойып тастау - қауіпті.
Жоқ қылардай көзді ашып-жұмғанша,
Римге ол не жазыпты.
Жауыңды қырып, қуғаны ма - жазығы?
Әлде Отан үшін қан төгіп, жарты денесін жем қылғаны ма семсерге?!
Жаудан қалған жарты қан, жарты денесін,
Ай мен жұрттың аманында, өзің төгіп, өзің көмесің,
Сосын қайтып құдай бетін көресің?!

СИЦИНИЙ
Бос сандырақ!

БРУТ
Халық оны жақсы көрсе, еңбегі үшін жақсы көреді.
Бірақ, жақсы көрген жоқ, жетсін деп ақыры түбіме.

МЕНЕНИЙ
Сонда қалай өмір бойы арқалап келген өзіңді
Екі аяқтың кесіп тастар ма еді, семік шалды деп біреуін?

БРУТ
Жетер - онан да қазір үйіне барып,
Желкелеп отырып, осында алып келіңдер,
Бойға шаппай тұрғанда, арылу керек індеттен.

МЕНЕНИЙ
Тоқтандар! Тоқтаңдар! -
Тағы да айтар сөзім бар.
Жолбарыстай жабыла қуып Марцийді,
Асығыста орнына келмес қате істеп,
Жүрмейсіңдер ме бастарыңа пәле тілеп ап?!
Оның үкімін айтса, сот айтсын.
Әйтпесе, ертең шығарып тағы ел бүлік,
Римдіктер кеп шауып алмасын Римді.

БРУТ
Оны да көріп алармыз.

СИЦИНИЙ
Бос былшылды босқа тыңдап қайтеміз?
Заңды қалай сыйлағанын көрдік қой!
Эдилдерді сабаған кім?
Трибундарды қуған кім?
Барыңдар да, айдап әкеліңдер осында...

МЕНЕНИЙ
Қолы семсерді көтере алар-алмастан,
Ел үшін жаумен қандасып,
Шайқасып өскен сабаз ғой.
Сөздің мәнін білмейді,
Араластырып дәні менен кебегін
Үсті-үстіне төгеді.
Мен де ілесіп барайын.
Құдай ақы, заң жолымен сотқа шақырсақ,
Заң жолымен байсалды жауап береді.

БІРІНШІ СЕНАТОР
Уа, ардақты трибундар,
Осылай етсек адамшылыққа келеді.
Басқа жол аса қауіпті, қалай басталарын білгенмен,
Қалай бітерін ешкім білмейді.

СИЦИНИЙ
Ендеше, Менений ардақты, халық атынан
Өзің кіріс жұмысқа.
(Халыққа)
Ау, әзірге қаруларыңды тастай тұрыңдар!

БРУТ
Бірақ тарамаңдар!

СИЦИНИЙ
Алаңда күтіп тұрамыз,
Егер Марций бірге келмесе,
Өз обалы өзіне.

МЕНЕНИЙ
Жоқ, ертіп әкелем.
(Сенаторларға)
Маған еріп журіңдер.
Оның келсе келгені,
Келмесе, істің біткені.

БІРІНШІ СЕНАТОР
Кеттік.

Кетеді.

ЕКІНШІ САХНА 

Кориолан үйіндегі бөлме. Кориолан мен патрицийлер кіреді. 

КОРИОЛАН
Мейлі мені өлтірсін жеті мүшемді жетіге кесіп, жентектеп
Мейлі мені өлтірсін ат тұяғына таптатып,
Мейлі неге он Тарпейді бірінің үстіне қалап қойып біреуін
Содан атсын құрдымға
Бәрібір пікірімнен таймаймын.

БІРІНШІ БЕКЗАДА
Ай, асыл тектім-ай!

КОРИОЛАН
Таң қалғаным, бұл жерде
Қоштамай қойды анам да,
Өзі айтушы еді оларды: қылшық басқан хайуан деп,
Қолдарынан базарда тиынға бола дауласып,
Жиындарда жалаңбас, езулері айырылғанша есінеп,
Өздеріңдей жақсылар
Ұрыс жайын айтса да, тұрыс жайын айтса да
Отырудан басқа келмейтін
Жақ ашпастан кіл мүлгіп,
Көрінгенге бас шұлғып. Волумния кіреді.
Айтып тұрмын сен жайлы.
Қайтып енді аяқ асты өзгеріп,
Сыпайы болам олармен,
Онандағы қалай тусам бұл дүниеге,
Сол қалпымда өтпеймін бе біржола.

ВОЛУМНИЯ
Биліктің әуелі киіп алған жөн торғынын,
Сосын қалай тоздырарыңды өзің білесің.

КОРИОЛАН
Соның сонша өліміңді сатардай несі бар?! ВОЛУМНИЯ
Қалай тусаң, солай болып қалар ең,
Сырынды егер сездіре бермесең ел-жұртқа,
Аз болар еді жауың да.
Қашан ешкім қарсы шыға алмастай
Күнге жеткенше, пиғылыңды да ешкімге білдірме.

КОРИОЛАН
Тобырларды түгел дарға ассам да ма?

ВОЛУМНИЯ
Түгел отқа жақсаң да!
Менений мен сенаторлар кіреді.

МЕНЕНИЙ
Сен олармен сөйлестің тым дөрекі
Бар да айыбыңды мойныңа ал.

БІРІНШІ СЕНАТОР
Басқа амал жоқ. Әйтпесе бүлік
Рим күйреп, ел бетімен тозады.

ВОЛУМНИЯ
Өтінемін, ақылдарына құлақ ас,
Мен де оларды жек көремін жегідей,
Әйтсе де, мен іс насырға бастаса,
Ақылыма жеңгіземін ашуды.

МЕНЕНИЙ
Жақсы айттың, ханым,
Ел басына әлеке төніп тұрғанда
Өз жаныңа тілей берме құрымет.
Қайтейін мен де дос үшін өлімге бас байлап,
Қу тобырмен шығар едім сайысқа,
Өз елімізді өзіміз боламыз ғой бүлдірген?!

КОРИОЛАН
Сонда менің не істеуім керек?

МЕНЕНИЙ
Менімен бірге трибундарға барасың?

КОРИОЛАН
Ал сосын?

МЕНЕНИЙ
Өз айыбыңды ал мойыныңа.

КОРИОЛАН
Жоқ, олардың алдында - олай тіпті ете алман,
Құдайлардың алдында ал демесең.

ВОЛУМНИЯ
Сонша қиқар туып па ең!
Керегінде тектілік те лажсыздыққа бас иген.
Айла мен ерлік - аға мен іні соғыста,
Деуші едің ғой өзің де?!
Ендеше ол екеуіңе
Неге тіл таппасқа бейбіт күнде?

КОРИОЛАН
Доғар!

МЕНЕНИИ
Дұрыс сұрақ. Құлақ ас.


ВОЛУМНИЯ
Қан майданда жеңіске айла жеткізсе,
Бейбіт күнде насырға істі шаптырмай,
Намысымызды төктірмей
Жүруге егер жараса,
Тәрк етеміз неге оны?

КОРИОЛАН
Қайда бастап тұрсың сен?!

ВОЛУМНИЯ
Мен айтсам, жиып тастап жүректегі ашуды,
Тереңірек көміп тастап ойыңды,
Төмен ұстап бойыңды,
Тіл шіркіннің көлденең туған ұлындай
Көбік сөзді бөстіріп,
Тым тереңге ұрынбай,
Сөйлесіп көр халықпен.
Тап бұлайша еткенің
Беріспей қойған қамалды
Қан төгіп, күш асырып
Әбден титықтатып алғанша,
Жалған лақап жар шашып,
Алдап иліктіргеннің айып ештеңесі жоқ.
Мен де достарым басы қатерге тігілсе,
Көнер ем бір сәт көлгірекке амалсыз.
Мен, ұлың, әйелің, сенат, бекзадалар -
Бәріміздің сұрайтынымыз тек осы.
Кіл кекшитіп басыңды,
Қу тобырды өшіктіргенше құр босқа.
Күле сөйлесіп бір рет,
Түзеп алған жөн болар,
Шаптырмай істі насырға.

МЕНЕНИЙ
Жар болсаң осындай бол.
(Кориоланға).
Жүр бізбен бірге.
Жылы сөйлеп, жыланды іштен шығарып,
Түзетіп қайт ауталы тұрған бағыңды.

ВОЛУМНИЯ
Ұлым, бар да, алдарына бөркіңді алып, тағзым ет.
Өздеріне ұқсап бір сәтке сен де боп көр мүләйім.
Тізеңді жерге тигізіп, Көздерінше ет бір ізет.
Естерінен олардың өткірірек көздері.
Жүрегіңнің дүрсіліне қарамай,
Құр шайқап қой басыңды,
Сосын тіл қат: жауынгермін жау баққан,
Шайқаста жүріп, ұмытыппын ізетті,
Артық кетсем, өтінем де кешірім.
Ақыр олар бұйдасын ілді мойныңа,
Құр тартынып қайтесің
Ендігәрі жел боп келмен беттеріңе
Дей сал, кейін өзің білерсің.

МЕНЕНИЙ
Істесең болды, анаңның айтқан ақылын,
Бәрі сенің жағыңа ауып шыға келеді,
Бұл тобыр деген мақұлық
Құрғақ сөзге қандай жомарт болса,
Кешірімге де сондай жомарт келеді.

ВОЛУМНИЯ
Жалынамын, жалғызым,
Айтқаныма құлақ ас,
Көлгірсуден қас дұшпаның алдында
Жеңіл екенін білсем де
Сен үшін отқа түсудің. Коминий кіреді.
Әне, Коминий де келіп тұр.

КОМИНИЙ
Алаңнан алып ұшып жеткенім осы.
Кориолан не қаш, не қарсылас, не тіл табыс.
Бүкіл қала бас көтерді.

МЕНЕНИЙ
Ең жеңілі - екі ауыз жылы сөз айтқан.

КОМИНИЙ
Өзіңді өзің жеңе алсаң, ең дұрысы, сол шығар.

ВОЛУМНИЯ
Ел мүддесі не талап етсе, сол қолыңнан келеді.
Ұлым, айтсаңшы уәдеңді.

КОРИОЛАН
Жарайды, сол жалаң аяқ тобырға
Бөркімді алып, басымды иіп барамын,
Арсыз тілге қор қып арлы жүректі
Неше қилы өтірікті айтып бағайын...
Шынымды айтсам, өйтіп аман қалғанша,
Мынау қауқиған кеудені
Күл-талқанын шығарып, желге ұшырған
Жеңіл еді мен үшін...
Барайық әлгі алаңына,
Қолымнан егер келе алса
Айтқандарыңды орындау.

КОМИНИЙ
Өзіміз көрсетіп тұрамыз.

ВОЛУМНИЯ
Балам, өзің айтушы ең,
Мақтауың деп мені бұндай ер қылған.
Сол мақтауды естігің келсе қайтадан,
Бұл жолы да айтқанымды орында.

КОРИОЛАН
Солай-ақ болсын. Мақұрым өрлік мендегі!
Жезөкшенің жүрегі бітсін кеудеме!
Дабылдардың даусын басып жер жаратын айқайым
Әтектердей тұрсын енді ыңылдап,
Бала жұбатқан аяшыдай ыңырсып,
Езуіме мүләйім күлкі жабыссын,
Жанарымды тұрсын ылғи жас шылап,
Бұзақылық жасап қойып, таяқ жеген баладай.
Қаңғыбастай тілім болсын сұрансақ,
Қайыршыдай тұрсын тізем дірілдеп!
Жоқ! Келіспен оныңа!
Мүсәпірлік жолатпаймын бойыма,
Кісәпірлік дарытпас үшін ойыма!

ВОЛУМНИЯ
Пайдам дегеніңді қыл,
Тобырға бас иіп құтыл деп
Саған жалынып, менің басым жер болды.
Енді, мейлі, бұл болмаса, күл болсын.
Анаң үшін сен тілеп алған пәленің қырсығын көруден
Такаппарлығыңның құрбаны болған көп жеңіл.
Мен де сендей қорықпаймын өлімнен.
Не істесең де, өзің біл.
Қайсарлықты бірге емдің сүтіммен,
Өркөкіректік - өзің тапқан олжаң ғой.

КОРИОЛАН
Жетер осы жер-жебіріме жеткенің.
Жұбан, анам. Барамын да базарға
Қылжақбастай бет-ауызды қисайтып,
Жалбарынып жалаң-аяқ тобырға,
Солардың берген қайыр-патихаларын қабылдап
Рим саудагерлерінің бірі болып қайтамын.
Кеттім. Жұбайыма сәлем айт.
Оралсам, оралғаным консул боп,
Бола алмасам, жұмсақ сөзден
Сен де үзе бер күдерді.

ВОЛУМНИЯ
Ол жағын өзің біле бер.
(Кетеді).

КОМИНИЙ
Кеттік. Трибундар күтіп тұр.
Сыпайылықпен иліктірмесең оларды,
Тағар айыптары тым қатал.

КОРИОЛАН
Кеттік. Уәдеміз - пәстік.
Тақсын тағар айыбын,
Жауабына - мен дайын.

МЕНЕНИЙ
Тек пәс тұрып жауап бер.

КОРИОЛАН
Әрине, пәс. Пәс боламын әрине.

ҮШІНШІ САХНА 

Рим. Форум.
Сициний мен Брут көрінеді.

БРУТ
Әсіресе, баса дәлелде
Озбыр болғысы келгенін,
Оған шықса дау айтып,
Жек көретінін айт халықты,
Сол үшін де ақиқаттардан алған олжаны
Әлі үлестірмей отыр де.
Эдил кіреді.
Немене, келетін болды ма?

ЭДИЛ
Келе жатыр.

БРУТ
Қасында кім бар?

ЭДИЛ
Менений қарт досы бар,
Және соған тілеулес сенаторлар.

СИЦИНИЙ
Дауысын қайтып алғандардың
Тізімі жазулы қағаз сенде ме?

ЭДИЛ
Мінеки.

БРУТ
Тұратын жері - «триптері» бойынша жаздың ғой.

ЭДИЛ
Иә.

СИЦИНИЙ
Халықты шақыр, әуелі әбден түсіндір:
«Халық не айтса, сол болсын», - деп жар шашам,
Айқайлаймын артынан:
«Айып», «Өлім», «Аластау».
Сол көзде жұрт: «Айып» дегенде айқайласын «айып» деп,
«Өлім» дегенде айқайласын «өлім» деп.
Сол арқылы өздерінің дұрыстығын білдіріп,
Бассын ескі еркіндіктің көріне.

ЭДИЛ
Үйретемін бұлжытпай.

БРУТ
Айқайлары айқай ғой,
Бірақ, қалмасын басылып,
Қашан біздің үкіміміз
Жүзеге әбден асқанша.

ЭДИЛ
Түсіндім.

СИЦИНИЙ
Біз қалай ишара береміз,
Солай кіріссін әрекетке.

БРУТ
Жөнел. Эдил кетеді.
Сен оны бірден шамына тиіп, тулатып ал әуелі.
Ол қайда да, тіпті дауда да дес бермеуге үйренген.
Ашуына бір тисең, абай дегенді ұмытып, -
Көңілінде не жатса, түгел төгеді лекітіп.
Сонысымен жетеді өз түбіне.
Кориолан, Менений, Коминий, Сенаторлар, Патрицийлар кіреді.

СИЦИНИЙ
Міне, келді өзі де.

МЕНЕНИЙ
Сабырлы ұста өзіңді.

КОРИОЛАН
Жарайды, қара тиын бақыр үшін
Қай сөзіңді де басынан асыратын атшыдай
Бақырайып тұра берем. О тоба-ай!
Сақтаңдар өздерің Римді!
Қазы алқасын парасатқа молықтыр!
Арамызға бірлік бер,
Храмдарда дұға оқиық татулыққа,
Көшелерде кетпей бет-бетіне алысып!

БІРІНШІ СЕНАТОР
Әумин.

МЕНЕНИЙ
Қабыл қылғай тілегіңді.
Эдил бастаған қала азаматтары кіреді.

СИЦИНИЙ
Жақынырақ келіңдер, ағайын!

ЭДИЛ
Трибундар сөз алады.
Тыныш тұрып тыңдаңдар!

КОРИОЛАН
Әуелі маған сөз беріңдер.

ТРИБУНДАР
Сөйлесін!
(Жұртқа) Тыныш тұрып тыңдаңдар!

КОРИОЛАН
Бұл арада маған тағылар барлық айып айтыла ма,
Жоқ әлде іс тағдыры да осында шешіле ма?

СИЦИНИЙ
Әуелі жауап бер: халықгың еркіне мойын ұсынуға,
Трибундардың құқын мойындауға,
Өзіңе тағылған айыпты мойныңа алып,
Қарымтасын қайыруға дайынсың ба?

КОРИОЛАН
Дайынмын.

МЕНЕНИЙ
Естідің ғой, халқым. Ол «Дайынмын», - деді.
Ел алдындағы еңбегін ескеріңдер,
Тұла бойындағы жарақаттың ізі
Киелі зираттағы құлпытастардан да
Көп екенін ұмытпаңдар.

КОРИОЛАН
Ол бос сөз. Жәй әншейін тыртықтар ғой.

МЕНЕНИЙ
Түсініңдер, сөйлегенде жаман азамат болғанмен,
Жау келгенде - одан асқан жайсаң жоқ.
Дөрекі сөзін алмау керек көңілге,
Аржағында зілі жоқ, әдепсіздігі ғой солдаттың.

КОМИНИЙ
Айта берме ол жағын.

КОРИОЛАН
Одан да халық өзі айтсын,
Мені неге бірауыздан сайлап ап,
Аяқ астынан нілдей бұзылып,
Неге төкті арымды?

СИЦИНИЙ
Жауапкер - сен бұл арада, біз емес.

КОРИОЛАН
Оның рас. Жауапкер мен. Айта бер.

СИЦИНИЙ
Сені біздің себебіміз айыптар:
Римдегі тәр мен тәртіпті тәрк қып,
Құрғың келді озбырлық.
Сондықтан да біз сені
Опасыз деп санаймыз.

КОРИОЛАН
Мен бе сонда - опасыз?

МЕНЕНИЙ
Сабыр ет. Бізге берген уәдеңді ұмытпа.

КОРИОЛАН
Керең болғыр құлағым не естіп тұр.
Мен - опасызбын. Трибун, сен - жалақорсың ендеше!
Жиырма мың өлім тұнып сенің көзіңе,
Жиырма мыңы қонып сенің қолыңа,
Жиырма мыңын жасырсаң да көмейге,
Мен иманым бүлк етпестен айтар ем:
«Жалған айтып тұрғаның!»

СИЦИНИЙ
Не дегенін естідің ғой, халық?

ЖҰРТ
Апару керек жартасқа!

СИЦИНИИ
Доғар!
Бұдан арғы сөзінің жоқ керегі,
Оның бізге кім екені белгілі:
Эдилді сабап, өздеріңе айтты балағат,
Семсерін сермеп, көрсеткен талай заңға қыр,
Бүгін міне өзін айыптаған қазының
Тіл тигізді арына.
Соның бәрі мемлекет алдындағы сатқындық деп табылып,
Ауыр жаза кесуте әбден лайық.

БРУТ
Бірақ, Римге адал еңбек еткенін ескеріп...

КОРИОЛАН
Ол жағын айтып бос былшылдау не керек!

БРУТ
Не айтатынымды өзім білемін.

КОРИОЛАН
Сен бе?

МЕНЕНИЙ
Анаңа берген уәдені ұмытпа.

КОМИНИЙ
Өтінем жи есіңді...

КОРИОЛАН
Ештеңені еске алғым да, ешкімді тыңдағым да келмей тұр.
Мейлі әлгі Тарпейге апарып, құзға лақтырсын,
Мейлі түрмеге тығып, аштан әбден қатырсын,
Мейлі жіберсін ел шетіне аластап,
Мүләйімсіп сұрай алман кешірім.
Айырылам деп бастағы бақ, дәулеттен
Трибундарға «Қайырлы таң», - деп
Мүләйімсіп тіл қатпан.

СИЦИНИЙ
Халықтың қолынан билікті тартып алу үшін
Оған шексіз өшпенділік көрсеткені үшін.
Бүгін қатал қазыға тіл тигізгенін былай қойып,
Оған қол көтеруте дейін барғаны үшін.
Біздер - трибундар,
Өзімізге халық берген билікпен,
Халық атынан
Ендігәрі Римнің қақпасына жуыса
Тарпей құзынан лақтыратынын ескертіп,
Елден аулақ аластауға ұйғардық.
Халық айтса, қалт айтпайды.
Осы пәрмен жүзеге асады.

ЖҰРТ
- Қуылсын Римнен!
- Дәл осылай болсын!
- Қуу керек!
- Қуыңдар

КОМИНИЙ
Тындаңдар мені, достарым!

СИЦИНИЙ
Үкім кесілді. Ендігі сөздің жөні жоқ.

КОМИНИЙ
Жоқ, тыңдаңдар. Мен де консул болғам,
Менің де тұла бойым кіл тыртық,
Дұшпандары салған Отанның.
Мен үшін де қымбат ел қамы,
Өмірімнен өзімнің,
Арынан да жарымның,
Бағынан да одан туған баланың...
Сондықтан да...

СИЦИНИЙ
Жә, белгілі болды көмейің...

БРУТ
Халық жауы ретінде елден қуылып тұрғанда
Енді ол жайында айтар не қалды?
Шешілді дау осымен!

ЖҰРТ
Дұрыс, болсын осылай!

КОРИОЛАН
Уа, өңшең төбет ордасы!
Демдеріңе батпаққа батқандай бара жатырмын тұншығып,
Ықыластарыңның мен үшін қадірі
Қадіріндей жау өлексесінің қалған көрге көмілмей.
Көрмегенім сендер болғай ендігі!
Отырыңдар осында күніне қырық құйқылжып,
Сәл нәрседен қашып берекең.
Жау атының дүрсілі үрейлеріңді ұшырғай!
Айырылмаңдар биліктен,
Билік шығар қорғап қалар сендерді
Құрсанып келген жаулардан.
Елім деген ерлерді қуып аластап,
Елдеріңді етерсің әбден тәуелсіз.
Сендер үшін мансұқ етем қаламды,
Теріс айналам одан да:
Мынау қос тас қабырғамен
Бітпейтін шығар бұл әлем!
Кориолан, Коминий, Менений, сенаторлар, патрицийлер, кетіп қалады.

ЭДИЛ
Ол кетті! Халық жауы аласталды!

ЖҰРТ
Жауды қуып шықтық. Әне, кетіп барады!
Бөріктерін аспанға атып мәз-мәйрам болысады.

СИЦИНИЙ
Римнің қақпасына дейін еріп барып соңынан.
Ол сендерді қалай келеке етсе күні кеше,
Бүгін сендер де келеке етіңдер тап сондай -
Ал біз күзетпен қала аралап өтеміз.

ЖҰРТ
Тобалар біздің трибундарды сақтай көр!
Қақпаға дейін масқаралап қуып саламыз дұшпанды!
Кеттік!

Кетеді.

ТӨРТІНШІ ПЕРДЕ 

БІРІНШІ САХНА 

Рим қақпасының алды.
Кориолан, Волумния, Виргилия, Менений, Коминий және бірнеше жас патрицийлер кіреді.

КОРИОЛАН
Жыламаңдар. Қоштасайық бұдан әрі ұзамай.
Өңшең сүзеген көп тобыр
Қуды ақыры мүйіздеп.
Жасыма, анам, мықтылығың қайда жайдағы?
Үлкен бейнет тек күштілердің сыбағасы,
Әлсіздерге жетеді күйкі тірлік кірбеңі, -
Деуші едің ғой әуелден.
Жайбарақат айдында
Қай кеме де жүзе алады жарқылдап.
Бұрқыраған дауылға
Төтей алар кемелердің мықтысы, -
Деп те үйреткен өзіңсің,
Әлі де төтеп бағамын.

ВИРГИЛИЯ
Тәңірлер өздері жар болғай!

КОРИОЛАН
Шыда, жұбайым, өтінем...

ВОЛУМНИЯ
Римнің күллі саудагер, іскер қиқымын
Қырса екен оба тап келіп!

КОРИОЛАН
Олай деме! Көзім жоқта білер, бәлкім, қадірімді.
Таусылма, ана, өзің ең ғой айтатын
Геркулеске жар болсам,
Азайту үшін ол шегетін азапты,
Алты ерлігін өзім жасар ем, - деп.
Сау тұр, анам, жұбайым,
Коминий, сен де бүйтіп жүнжіме.
Мен бәрібір келеке болман оларға.
Менений, достым, жасыңды өйтіп парлатпа,
Көз жасы - у ғой,
Кетер ойып, онсыз да кәрі жүзіңді.
(Коминийге)
Сыралғы кәрі қолбасым,
Жүрек мұздар сұмдыққа
Былқ етпей қарап тұра алар,
Мынау екі әйелге айтып ұғындыр.
Тағдыр салып тұрған кезде тәлкекті
Жылау деген күлгеннен бетер ерсілік.
Анам, менің ерлігімді мақтан етуші ең,
Ендеше, міне, мен де жаралы айдаһар,
Жалғыз бұғып жатпайтұғын апанда.
Әр қимылым жетер әлі үрей боп
Масайрап жатқан тобырға,
Асырдық дер айланы,
Менің үрейім олардан әлі жоғары.

ВОЛУМНИЯ
Тұла бойым тұңғышым
Қайда тастап барасың?
Коминий мырза қайырымды
Ұзатып салсын азырақ.
Не істесең де, істегейсің ойланып,
Құр бекерге опық тауып алмасқа.

КОРИОЛАН
О тобалар!

КОМИНИЙ
Бір ай жүріп қасыңда
Ұзатып салуға мен дайын.
Сонда бірге шешерміз
Не боларын арғы тағдырдың.
Қайда екеніңді біліп қалармын,
Қалмас үшін бір-біріміз қол үзіп.
Іс оңалып, қайта шақыртар күн туса,
Хабарды қалай саларға.
Үмітсіз шайтан деген ғой,
Шорт кеспейік ноқтаны.

КОРИОЛАН
Жоқ, сау тұр!
Ондай жастан кеттің ғой, бастан асқан ісің бар,
Жүрерсің қалай ел кезіп,
Қоштасармыз қақпадан.
Анам, жарым, достарым,
Асылдарым ең ізгі,
Шығар сәтте қақпадан
«Жол болсын!» - деп күлімдеп,
Қалсаңдар болды қол бұлғап.
Жүрсем егер жер басып,
Жетпей қалмас хабарым,
Айта қоймас ешкім де
Марций серттен тайды деп.

МЕНЕНИЙ
Бұдан асқан текті сөз естімепті бұл құлақ.
Босамаңдар, құр жылап.
Он жасқа, шіркін, жасарсам,
Қалмас едім қасыңнан
Барсаң да қайда, ерер ем.

КОРИОЛАН
Кәнеки, бер қолыңды. Ал кеттім.

Бәрі шығып кетеді.

ЕКІНШІ САХНА 

Қақпаға жақын жердегі көше. Сициний мен Брут көрінеді.
Қастарында Эдил.

СИЦИНИЙ
Қайтар бәрін үйіне. Құтылдық одан.
Жеткілікті осы да.
Өкініп қалды бекзаттар, іштерінен оған жақ.

БРУТ
Айтқанымызды тыңдатып,
Ел алдында бел алдық.
Енді бәсік болайық.

СИЦИНИЙ
Бар да тарат халықты,
Құтылдық дендер қас жаудан,
Бой бермес енді бұқара.

БРУТ (Эдилге)
Тарасын тек тезірек.
Эдил кетеді. Волумния, Вергилия және Менений көрінеді.
Анасы келе жатыр.

СИЦИНИЙ
Тұрмай-ақ қояйық жолында

БРУТ
Неге?

СИЦИНИЙ
Алжасыпты дейді ақылдан.

БРУТ
Жоқ, көріп қойды. Кетпейік.

ВОЛУМНИЯ
Ә, сен екеуің бе?
Ұлым менен өзімнің
Обалым үшін бүгінгі
Оба тиіп қырылғын.

МЕНЕНИЙ
Жә, сабыр ет! Жайлап айт...

ВОЛУМНИЯ
Жас тығылып тұр тамағыма,
Қиғылықты салар ем.
(Брутқа)
Барасың тайып сен қайда?

ВИРГИЛИЯ
(Сицинийге)
Сен де тоқта! О тоба!
Жарыма түсе алмадым
Жалғыз ауыз сөз араша.

СИЦИНИЙ (Волумнияға)
Әйел екенсің еркекжал!

ВОЛУМНИЯ
Онда тұрған не бар екен, ақымақ.
Мен тумап па ем еркек адам белінен?
Сендей емен Римге еткен еңбегі
Әлдеқайда көп кейбіреудің айтқан сөзінен
Жайсаңадрды қуып тұрған елінен.

СИЦИНИЙ
Тәңірлер өздері сақтасын.

ВОЛУМНИЯ
Иә-иә, оның алған атағы
Сен білетін көбік сөзден де молырақ.
Соның бәрін қиған Рим жолына.
Жарайды, бара ғой, бейшара...
Жоқ, тоқта... Пәлем, осыдан
Қатын-балаң, қара орманыңмен
Арабстан шөлдерінде жолықсаң,
Менің жаңғыз ұлыммен,
Қолында тұрса семсері,
Дәрменіңді көрер едім мен сенің?!

СИЦИНИЙ
Көрсең не болар еді?

ВИРГИЛИЯ
Тұқым-теберіңмен бір-ақ қақшып салар еді.

ВОЛУМНИЯ
Көлденеңнен туған көрдемшелеріңмен қосып..
Білесің бе Рим үшін жарақат алды неше рет...

МЕНЕНИЙ
Жарайды, қой, сабыр ет.

СИЦИНИЙ
Мен қалар ем халқына
Қалай адал қызмет бастаса,
Айырылмай сол қалпынан,
Ала берсе жақсы атақ...

БРУТ
Мен де соны тілер ем.

ВОЛУМНИЯ
Тілесеңдер, екеуің
Талаттыңдар неге тобырға?!
Сүтке тиген қос мысық,
Сендер кісі қадірін
Білмесеңдер, мен білермін
Көктегі жұлдыз құпиясын,

БРУТ
Қой, кетейік, Сициний.

ВОЛУМНИЯ
Қала ғой деп тұрған жоқпын жалынып,
Дегендеріңе жеттіңдер.
Бірақ, мына сөзді де енді ести кет:
Капитолийдың шоқысы
Лашықтан шетіндегі Римнің
Қанша зәулім болса егер,
Сонша биік сендерден
Қанша жүрсін қуғында
Күйеуі мынау әйелдің,
Баласы мынау кемпірдің.

БРУТ
Солай-ақ бодсын. Ал кеттік.

СИЦИНИЙ
Қысыр сөзге қор қылмайық уақытты.

ВОЛУМНИЯ
Тастамаспын дұғамнан енді сендерді. Трибундар кетеді.
Тәңіріден бұдан былай тілегім:
Алғысым емес, қарғысымды бере гөр.
Қалар еді іштегі шерім ағылып,
Әлгі екі сұмырайды
Күніне бір жолықтырсам мен егер.

МЕНЕНИЙ
Тартудай тартты сазайларын,
Тамақтанайық бірге отырып?

ВОЛУМНИЯ
Енді маған ыза-кек - мен тататын нәр-қорек.
Қасірет жатар-тұрарым.
(Виргилияға)
Сен де доғар мызылғанды,
Юнонадай бол көк жұлын,
Тепсініп тұр дәл менше.
Кәне, кеттік, жүр бері.
Волумния мен Виргилия кетеді.

МЕНЕНИЙ
Болар ма мұндай арсыздық!

Кетеді.

ҮШІНШІ САХНА 

Рим мен анциум арасындағы жол. Римдік пен вольск ұшырайды. 

РИМДІК
Мен сені, достым, жақсы білем.
Сен де мені жақсы білесің.
Жаңылмасам, атың Андриан ғой.

ВОЛЬСК
Рас айтасың, көз таныс.
Шынымды айтсам, ұмытыппын атынды.

РИМДІК
Мен Римнен шыққанмын, бірақ, қазір оған емес, жауларына қызмет етіп жүрмін. Рас, танымай қалдың ба?

ВОЛЬСК
Никанор емессің бе?

РИМДІК
Төбесінен түстің, достым.

ВОЛЬСК
Соңғы көргенімде сақалың бұдан гөрі жарасымды еді. Жалпы, дауысыңнан тануға болады. Римде қандай жаңалық бар? Біздің сенат сені іздеп тап деп жіберіп еді. Өзің тап болып, жолым бір күнге қысқаратын болғаны жақсы болды-ау!

РИМДІК
Римде үлкен бүлік болды: халық сенаторларға, патрицийлерге, басқа да бекзаттарға қарсы бас көтерді.

ВОЛЬСК
Болды дейсің бе? Демек басылғаны ғой. Біздің бастықтар білмейтін жаңалық екен. Егер Рим екі жарылса, қапиядан тап береміз деп, қаруланып жатыр еді.

РИМДІК
Өртті бір сөндіруін сөндірді. Бірақ, көз-келген уақытта қайталап беруі мүмкін. Бекзаттар сайыпқыран Кориоланды елден аластаған трибундарға өкпелері қара қазандай, сол реті табылса, халықтың қолындағы билікті қайтып алуға тырысады. Күл астындағы өз-өзінен маздай түскен қызыл шоқ ақыры бір от шығармай қоя ма?

ВОЛЬСК
Қалайша Кориоланды аластап жіберген?

РИМДІК
Иә, солай болды, достым.

ВОЛЬСК
Ендеше, Никанор, сені біздің жақ қуана қарсы алатын болды.

РИМДІК
Иә, сендер үшін сәті өз-өзінен түсіп тұр. Байымен араз қатынның басын айналдыру оп-оңай, - деп халық бекер айтқан бар?!
Енді ержүрек Тулла Авфидийге қас дұшпаны Кориолан ел ақтап кеткенде көзге түсу қиын бола қоймас.

ВОЛЬСК
Иә, оныңның қисыны келіп тұр. Сені жолықтырып, менің де жолым болып тұр. Менің де шаруам түгенделді. Сені Анциумға дейін шығарып салайын.

РИМДІК
Жол-жөнекей күн батқанша Римнің талай хабарына қарқ қылам. Сендердің көктен тілегендеріңді жерден беріп тұр. Тіпті әскер де жиып қойып па едіндер?

ВОЛЬСК
Жиғанда қандай! Центуримдар орнында, адамдар жүздік-жүздікке бөлініп қойды. Жалақылары төленген. Қазір жорыққа аттануға сақадай сай тұр.

РИМДІК
Бәрінің әзір екені жақсы екен. Менің хабарымды естіген бойда атқа қонатын шығарсыңдар. Сені ұшырастырғаныма, оның үстіне сапарлас болғаныма сондай қуаныштымын.

ВОЛЬСК
Мен де соны айтқым келіп еді. Мен сенен де көп қуанып тұрмын.

РИМДІК
Ендеше, бірге кеттік.

ТӨРТІНШІ САХНА 

Анциум. Авфидийдің үйінің алды. Жарлы-жақыбай боп киінген Кориолан шығады. Бетін шапанының етегімен бү-кеп алған. 

КОРИОЛАН
Қандай сұлу Анциум, әсем қала, бай қала,
Көп жесірге толтырып ем кезінде.
Мынау зәулім үйлердің
Кетеді.
Иелерін шыбындай қырып кеткенмін.
Танымай-ақ қой Кориоланды,
Жетімдер мен жесірлер
Қуып шығар тас атып. Қала адамы кіреді.
Саламат па, жарқыным.

ҚАЛА АДАМЫ
Саламат бол.

КОРИОЛАН
Атышулы Авфидий тұрады екен қай үйде?
Қалада ма өзі? Білдің бе?

ҚАЛА АДАМЫ
Болғанда қандай. Үйінде
Беріп жатыр қала басына қонақасы.

КОРИОЛАН
Қайда үйі?

ҚАЛА АДАМЫ
Тап мандай тұсыңыздағы - соның үйі.

КОРИОЛАН
Рахмет, сау тұр. Қала адамы кетеді.
Дүние қандай алдамшы!
Бір-біріне жан берердей екі дос
Баяғыдан етек-жеңі аралас
Сәл нәрсеге ойда жоқта егесіп,
Бір-бірінің бетіне де қарамас.
Кешегі дұшпан ал енді
Оғы жоқ бір-бірін атарға
Ойда жоқта табысып,
Қыз алысып, қыз беріп,
Шыға келер өзгеріп.
Шынымен кез келді ме
Сондай дәурен маған да?
Өкпем қара қазандай
Өзімнің туған қалама.
Ал мынау кеше қиратқан
Өш қалам көзге оттай басылды.
Не де, болса, кірейін,
Көп болса, Авфидий өлтірер -
Оған да, мейлі, пейілмін.
Таусылмаса жарығым,
Қызмет етем соларға.

(Шығып кетеді).

БЕСІНШІ САХНА 

Анциум. Авфидийдің қонақжайы. Музыка. Қызметшілер кіреді. 

БІРІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Ау, шарап әкеліңдер, шарап!
Қызметші болғандарыңа!
Қалғып кеткеннен сау ма бәрі де?
Екінші қызметші кіреді.
Котус қайда? Мырза шақырып жатыр. - Котус!
Кетеді. Кориолан шығады.

КОРИОЛАН
Дастархан дархан, той қызған!
Ал мен - шақырылмаған қонақпын.
Бірінші қызметші кіреді.

БІРІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Сен не істеп жүрсің мұнда, достым?
Қайдан тап болдың?
Бұл сен жүретін жер емес.
Есің барда, жөнің тап.
Кетеді.

КОРИОЛАН
Атағым болса Кориолан, Маған бұдан асқан сый қайда?!
Екінші қызыметші кіреді.

ЕКІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Сен қайдан шықтың?
Күзетшілерде көз бар ма осы
Қайдағы қу сирақты қайдан кіргізген?
Кәні, жоқ қыл көзіңді.

КОРИОЛАН
Әй, әкіреңдемей әрі тұр!

ЕКІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Әкіреңдемесең, өзің әкіреңдеме!

КОРИОЛАН
Өйтіп жынымды келтірме!

ЕКІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Мықтысын қарай гөр!
Сенің қазір еміңді тауып берейін!
Бірінші және үшінші қызметші кіреді.

ҮШІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Мынауың кім тағы да?

БІРІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Бір есалаң. Мұндайды көрсем көзім шықсын.
Кет десем кетпейді.
Мырзаны шақыртпасам болмас.
(Кетіп қалады).

ҮШІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Бұл арада өзіңе не керек? Одан да барып тұр.

КОРИОЛАН
Мазамды алма. Кімнің үйін қорып тұрсың?

ҮШІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Бұл не қылған адам еді?

КОРИОЛАН
Жай тектен емеспін.

ҮШІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Рас, тек кедей емес, қу тақыр кедей екенің көрініп тұр.

КОРИОЛАН
Рас айтасың: кедеймін.

ҮШІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Ендеше, әй, жай кедей емес, қу тақыр кедей, өзіңе басқа басқоналқы іздегенің жөн шығар. Бұл арадан кете ғой?!

КОРИОЛАН
Сен де жөніңаі біл. Одан да барып, құр қалмай тұрғанда, қалған-құтқанға ие бол. (Итеріп жібереді);

ҮШІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Қарсыласуын қарай гөр. (Екінші қызметшіге). Мырзаға барып, мынандай қонақ келіп тұрғанын айтшы.

ЕКІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Құп болады. (Кетеді).

ҮШІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Сен өзің қайда тұрасың?

КОРИОЛАН
Аспанның астында.

ҮШІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Аспанның астында дейсің бе?

КОРИОЛАН
Иә.

ҮШІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Сонда қай жерде?

КОРИОЛАН
Құзғындар мен қарғалар патшалығында.

ҮШІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Құзғындар мен қарғалар патшалығы?
(Қалтасына қарап).
Нағыз есектің миын жеген екен? (Даусын қатайтып).
Демек сауысқандармен бірге тұрасың ғой.

КОРИОЛАН
Жоқ, мен сенің қожаңның қол астындағы қызметші емеспін.

ҮШІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Мынау менің қожайыныма тіл тигізейін деді.

КОРИОЛАН
Онда не тұр екен. Қожайыныңның бәйбішесіне қол салмасам, болды да. Сен өзің тым сөзуар екенсің. Одан да барып, қалған-құтқанды жиып ал. Жоғал!
(Ұрып, әрі итереді).
Үшінші қызметші келіеді. Авфидий мен екінші кызметші көрінеді.

АВФИДИЙ
Қайда өзі, көрсетші.

ЕКІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Міне, тұр, мырза. Қонаңтардың мазасын алмайын дедім, әйтпесе итше сабап, қуып шығар ем. (Кетіп қалады).

АВФИДИЙ
Қайдан келдің? Кімсің өзің?
Не керек? Неге тұрсың үндемей?

КОРИОЛАН
(бетін калқалағанды қойып)
Егер тағы да менің бетіме тіке қарап тұрып,
Менің кім екенімді тани алмасаң,
Тулл, жөнімді өзім айтуға тура келеді.

АВФИДИЙ
Атыңды айт.

КОРИОЛАН
Вольскілер ұнатпайды атымды,
Сен үшін тіпті құбыжық.

АВФИДИЙ
Кім болғаның? Айбынды бет-әлпетің,
Өн бойыңнан сезіліп тұр өктемдік.
Алба-жұлба көне желкен жамылған
Секілдісің дәу кеме?
Кім болғаның сондағы?

КОРИОЛАН
Танып қойсаң, бұзылады реңің.

АВФИДИЙ
Тани алмадым. Жөніңді айт!

КОРИОЛАН
Кай Марциймын, халқыңа салған қасірет,
Өзіңе де жетіп жатыр шеккізген жапа-жәбірім,
Сол үшін де Кориолан атандым.
Жақсылықты білмес Отаным
Римге еткен еңбегім үшін жанкешті,
Талай басты тіккенім үшін қатерге
Осындай атақ әперді.
Ол атағым құлағыңа жақпайды,
Жаныңа салған көп қайғы.
Содан басқа ештеңем жоқ, тұлдырмын,
Қалғанын халқым бір-ақ сызып өшірді.
Қырсығынан бекзаттардың сал бөксе
Құл-құтанды төбесіне шығарған.
Туғызып солар зобалаң,
Жіберді елден аластап.
Жоқтық пен қорлық өкшелеп,
Босағаңа әкеп кіргізді.
Өлімнен қорқып келгем жоқ,
Өйткен болсам, жуимын ба маңыңа.
Тобырға кеткен кегімді
Қайтару үшін келіп тұрмын алдыңа.
Баяғыдан бергі ерік берсең ашуға,
Еліңнің де, өзіңнің де қайтарғың келсе ызасын,
Қапы қалма - пайдалан,
Қимылдап қалар шағың бұл.
Өз кегіме сенің кегің қосылып,
Көрімдерге көрсетер ем топалаң.
Күндерінің менсіз қалай боларын.
Жалғыз өзім түптеріне жетер ем
Жерден шыққан жегідей.
Қалса егер ол ашуың басылып,
Көнсең әбден тағдырға,
Онда маған керегі жоқ тірліктің.
Баяғыдан бергі өшіңді ал,
Алдыңда тұрмын
Қақпайды ешкім қолыңнан,
Мен де қарсыласпаймын.
Ұстап алып бауызда,
Әйтпесе әбден ынжықсың
Ұмытқан бәрін менен көрген қорлықтың.
Күбілеп қанын төккізген талай еліңнің.
Қапы қалсаң бұл жолы
Болғаның шын масқара.

АВФИДИЙ
Марций! Марций!
Әр сөзің аршып әкетті
Жанымда тұнған ашуды.
Бұлт арасынан шығып Юпитер
Айтса аспанның құпиясын,
Әр сөзіне ант етіп,
Тап саған сенгендей, сенбес ем.
Жүз рет тиіп қанжарым,
Жүр рет сынған сағадан
Кеудеңді әкел, құшайын
Ғашық жардай қапсыра.
(Кориоланды құшақтайды).
Бір кезде ерлік салысып,
Өтіп едік алысып,
Енді ізгілік салысып,
Көрейік тағы жарысып.
Мен де сүйгем жарымды,
Қызғалдақтай қыз еді,
Көре алмасам, тұра алмай,
Көкірегім қарс айырыла жаздайтын,
Сол да алғаш аттағанда үйіме,
Туламапты ет жүрегім тап бұлай -
Сені бүгін көргенде
Секіріп шығып кете жаздады кеудемнен.
Біліп қой Марс, әскер жидық астыртын.
Не сенің қалқаның мен қолыңды үзіп,
Не өзім киіп сол кепті -
Сынамақ ем тағы бағымды.
Он екінші рет сайыста
Жеңіліп қалған көзден бері
Күндіз еске, түнде түске
Кіретіні: екеуіміздің
Бір-біріміздің алқымымызды сығымдап,
Дулығамыз майысқанша алқынып,
Жататынымыз алысып.
Қашан демім біткенде шошып оянам,
Қаралай бойым ал-сал боп.
Егер вольскінің Риммен
Өзге себебі жоқ болса да соғысар,
Аластағаны үшін бір сені,
Жетідегіден жетпіске дейінгі еркек кіндікті
Жасақты сапқа тұрғызып,
Ондай имансыз қаланы,
Қан қасап қылсақ болады.
Үйге кір, меймандарымның қолын қыс,
Қоштасуға келген сенаторлар.
Аттанғалы жатқам жорыққа,
Римге емес, соған тәуелді бір елге.

КОРИОЛАН
Құдайлар маған мұнша қайырымды болар ма?!

АВФИДИЙ
Ендігі қожа өзіңсің.
Егер қусаң кегіңді
Басқаны қоспай, бір өзің,
Қақ жартысын бөліп берем әскердің.
Өзің шешім қабылда.
Бізсіз де жетер ақылың.
Римнің де несі мықты, несі осал -
Білетін сенсің, біз емес.
Осы қазір лап қойған жөн бе, әйтпесе,
Әуелі тиіп шетіне
Бірте-бірте қашырамыз ба үрейін? -
Оны өзің біл. Үйге кір.
Әуелі сол ойынды
Мақұлдайтындармен амандас.
Өзіңе де мың сәлем!
Өшігіп едік өлердей,
Дос болайық өлгенше.
Уәде сол. Қолың бер!
Кориолан мен Авфидий шығып кетеді.
Бірінші және екінші қызметшілер ілгері шығады.

БІРІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Қалай теп-тез өзгерді?

ЕКІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Енді болмағанда, таяқтың астына алайын деп тұр ем, бірақ, жалба тонның астында жай пенде тұрмағанын сезіп ем.

БІРІНШІҚЫЗМЕТШІ
Қолы қандай тегеурінді!
Екі саусағының өзімен-ақ мені күбі шелектей дөңгелетіп әкетті.

ЕКІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Бетіне бір қарағанда-ақ тегін кісі емесін біле қойдым.
Өңінен-ақ танылып тұр, әлгі немене деуші еді...

БІРІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Иә, иә, дәл айтасың. Егер мен оның сондай ұлық адам екенін бірден танымаған болсам, мені дарға асса да, обалым жоқ.

ЕКІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Ант етейін. Мен де сөйттім. Дүниеде ондай екінші адам болуы мүмкін емес қой.

БІРІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Одан да өткен сайыпқыран барын білсем де, мен де тап солай ойлаймын.

ЕКІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Оның кім? Біздің қожайынды айтып тұрсың ба?

БІРІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Енді кімді айтушы ем?!

ЕКІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Біздің қожайын әлгіндейдің алтауын өңгеріп әкетеді ғой.

БІРІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Біздің қожайынның да сайыпқыран екені рас. Бірақ, тым бөсіңкіреп кеттің.

ЕКІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Мұндайда кімнің күшті екенін айыру қиын. Бірақ, қаланы қорғауда біздің қожайынның алдына жан түспейді.

БІРІНШІҚЫЗМЕТШІ
Қалаларды алғанда ол да алдына жан салмайды.

ҮШІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Әй, достар, жаңалықты білесіңдер ме? Жаңалық болғанда қандай! Ой, өңшең сумақай!

БІРІНШІ, ЕКІНШІ ҚЫЗМЕТШІЛЕР Бол, бол! Айтсайшы, енді, соза бермей! Ол не қылған жаңалық?

ҮШІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Мен қазір римдік болғанша, терімді тірідей сыпырып алғанға пейіл болар ем.
БІРІНШІ, ЕКІНШІ ҚЫЗМЕТШІЛЕР Неге олай дейсің? Неге олай?

ҮШІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Не қалайы болушы еді? Біздің үйде баяғы біздің қолбасшыны төмпештің астына алған Кай Марцийдің өзі отыр.

БІРІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Кім? Кай Марций ме төмпештеп жүрген?

ҮШІНШІ ҚЫЗМЕТШІ Төмпештемегенмен, күн көрсетпегені рас қой.

ЕКІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Соқпа, достым, бұл арада бөтен ешкім жоқ. Марций біздің қолбасшыға әл бермеген жалғыз адам. Талай жерде өз аузынан естігем.

БІРІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Расты рас деу керек қой. Әл бермеуін әл бермепті. Кориолдың түбінде біздікін күл-талқан қылып күйретіп кетіпті ғой.

ЕКІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Егер адам жегіш болса, етін тірілей қуырып жей жаздапты десейші.

БІРІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Басқа қандай жаңалығың бар?

ҮШІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Біздікілер оны Марстың мұрагері келгендей асты-үстіне түсіп жатыр. Дастарханның қақ басына қақырайтып отырғызып қойды. Сенаторлардың біреуі тіл қатқысы келсе, орнынан тұрып, бас киімін алады. Біздің қолбасшы құдды бір әлгінің ғашық әйеліндей: сынып кететіндей аялап ұстап, екі көзін содан айырмайды. Бірақ, басты жаңалық ол емес. Біздің қолбасшы кеше кім болса, бүгін соның тек жартысы ғана. Ал екінші жартысы, баршасының бір ауыздан ұйғаруы бойынша, әлгі дастархан төрінде отырған Кай Марций. Ол Рим билеушісінің құлағын кесіп, жолындағының бәрін жермен-жексен қып тапап, аяғы тиген жерді қу тақыр қып қуратып кетпекші.

ЕКІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Несі бар, мұндай іс басқаның қолынан келмесе де, оның қолынан келеді.

ҮШІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Қолынан келіп қана қоймайды, істейді де. Істейтіні: білесің бе, достымның елінде жаулары қандай көп болса, достары да одан аз емес, тек олар бұл айдауда жүргесін, бұған дос екендерін байқатпауға тырысады. Әйтпесе, жаманат жабыстырып аламыз ба деп қорқады.

БІРІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Жаманаты қалай? Бұған қалай түсінуге болады?

ҮШІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Түсінбейтін несі бар? Бұның дулығасының төбесінің қайтадан көкке мұрынын шүйіріп, жер тәңірісіп, кердең басқанын көргенде, ін түбіндегі үй қояндарындай, атып-атып шыға кеп, төңірегіне жиыла қалады.

БІРІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Ол қашан болады сонда?

ҮШІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Ертең, жоқ бүгін, тіпті осы қазір. Ас желініп біткесін, дәл келердегідей, дабыл-даңғыра қағылып, біздікілер ауыздарын суртіп үлгерместен, аттарына мінеді.

ЕКІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Демек қайтадан көңілденеміз деген сөз. Бейбіт көздің неменесі жақсы? Темір біткенді тот басады, тігінші біткен есіріп, өлең шығарғыштар құрттай құжынап кетеді.

БІРІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Мен де солай ойлаймын. Күннен гөрі түн қандай жақсы болса, тыныштықтан гөрі соғыс та тап сондай жақсы. Соғыс болса, тірлік көңілденіп кетеді: не жаңа оқиға болады, не жаңа өсек тарайды. Ал бейбітшілік деген не пәле: сал болған адамдай, сарсыласың да отырасың - әрі көңілсіз, әрі мұңлы, әрі мәнсіз. Соғыс кезінде адам топырлап қандай көп қырылса, бейбіт кезде де тап солай топырлай, көлденеңнен бітіп қалған көрдемшелер көп туады.

ЕКІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Дәл айтасың. Әрине, соғыстың тұсында біреудің әйелін біреу зорлап кету көп. Оның есесіне, бейбіт кезде өз әйелің өз көзіңе шөп салады.

БІРІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Төбесінен түстің. Біреуді біреу жақтырмай, қаралай қырық пышақ боп, қырылысып жататыны да сондықтан.

ҮШІНШІ ҚЫЗМЕТШІ
Неге олай екенін білесің бе? Өйткені, адамдардың бейбіт күнде бір-біріне керегі шамалы боп қалады. Соғыстың жөні бөлек. Байқаймын, римдіктердің көп ұзамай вольскілерден де гөрі бәсі түсіңкірейді. Естисіңдер ме, дастархан басынан тұрып жатыр!

БІРІНШІ ЖӘНЕ ЕКІНШІ ҚЫЗМЕТШІ.
Ойбай, тезірек барайық!

Кетеді.

АЛТЫНШЫ САХНА 

Рим. Алаң. Сициний мен Брут шығады. 

СИЦИНИЙ
Қорқатындай не бар? Одан хабар-ошар жоқ.
Бүлік басылып, елде тыныштық орнаса,
Жұрт көңілінен аластайды үрей де.
Елдің қайтіп көркейгенін көргенде,
Өркөкірек Марцийдің
Достары да шерменде
Өле жаздар ұяттан.
Өздері қанша қорлық көрсе де бүліктен,
Көруге құмар көшелерді дүрліккен.
Тамағы тоқ, көйлегі көк ән салып,
Жайбарақат өз ісімен өзі боп,
Жайдары жүрген жан көрсе
Жандарына жақпайды.

БРУТ
Дер кезінде құтылыппыз пөледен. Менений көрінеді.

Көрдің бе - анау Менений?

СИЦИНИЙ
Иә, сол. Баяғыдай емес ол қазір,
Бізбен сыпайы сөйлеседі.
Саламат па, кәрі дос.

МЕНЕНИЙ
Екеуіңе бір сәлем.

СИЦИНИЙ
Кориолан кетсе, құритындай көріп ең,
Тұр ғой дүние орнында.
Көркейіп жатыр мемлекет!

МЕНЕНИЙ
Бұл да жақсы, әрине.
Иліккені дұрыс еді оның да.

СИЦИНИЙ
Қайда екен, білдің бе?

МЕНЕНИЙ
Білмедім. Еш хабар жоқ. Әйелі мен шешесі де бейхабар.
Үш-төрт қала адамы кіреді.

ҚАЛА АДАМДАРЫ
Екеуіңе құдайым берсін есендік.

СИЦИНИЙ
Қайырлы кеш, көршілер!

БРУТ
Қайырлы кеш баршаңа!

БІРІНШІ ҚАЛАЛЫҚ
Бүкіл үй-ішімізбен
Екеуіңіз үшін тізерлеп
Дұға оқимыз күн сайын.

СИЦИНИЙ
Тәңірлер болсын разы.

БРУТ
Кездескенше қайыр хош!
Кориолан да сендерді
Сүйгенде ғой біздердей.

ҚАЛАЛЫҚТАР
Жасаған сіздерге жар болғай!

ЕКІ ТРИБУН
Көріскенше күн жақсы!

Қалалыңтар кетеді.

СИЦИНИЙ
Бұрынғыдан әлдеқайда тыныш өмір орнады.
Көше бойы азан-қазан боп жатыр,
Ереуіл-бүлік басылды.

БРУТ
Кай Марций шайқаста батыр болғанмен,
Менмен еді, тұмсығын көкке көтерген.
Ешкімді көзге ілмейтін...

СИЦИНИЙ
Жан еді ғой шенқұмар -
Шексіз бүлікке ұмтылар.

МЕНЕНИЙ
Әй, қайдам...

СИЦИНИЙ
Консулдықтан айырмағанда біз оны
Көресіні көрер ең.

БРУТ
Тәңірлердің түскен шығар рахымы
Бағы тасқыр Римге. Эдил шығады.
Ардақты трибундар,
Жерден шыққандай бір құл кеп,
Салып қойдық түрмеге.
Вольскінің жер қайысқан екі әскері
Рим жеріне екі тұстан тап беріп,
Қу тақырдай құртып келеді деп бөсті.

МЕНЕНИЙ
Авфидий онда біліп Марций аласталғанын,
Қайтадан бас көтерген,
Қайта салмақ қажалған бір көз тырнағын!

СИЦИНИЙ
Марций, Марций, - деп қиқылдауынды қоймадың.

БРУТ
Соққыға жыққын суайтты!
Вольск бітім бұзбайды.

МЕНЕНИЙ
Бітімді неге бұзбасын?!
Аз күйіп пе еді аузымыз?!
Үш рет көргем бұзғанын.
Дүрелемей тұрып жазғанды,
Біліп алмайсыңдар ма хабарын.
Расында да қауіп жоқ па екен?

СИЦИНИЙ
Не деп көкіп тұрсың сен?
Мүмкін емес бұнысы!

БРУТ
Келмейді еш қисынға.
Жаушы шығады.

ЖАУШЫ
Патрицийлер жиылып жатыр сенатқа,
Өздерінде өң-түс жоқ.
Жайсыз хабар алыпты.

СИЦИНИЙ
Әлгі суайттың лаңы.
(Эдилге)
Дүрліктірмес үшін халықты,
Халық алдында дүре сал.

ЖАУШЫ
Асыл тектім,
Құл өтірік айтпапты,
Хабар келді тағы да
Бұрынғыдан да үрейлі.

СИЦИНИЙ
Үрейлірек дейсің бе?

ЖАУШЫ
Кім білген анық-қанығын,
Марций мен Авфидий ауыз жаласып,
Қалың қолмен шықты дейді -
Римнің үлкен-кішісіне
Көрістірмек болып көкесін.

СИЦИНИЙ
Бұның бәрі ертегі.

БРУТ
Марций қайтып келсе деп,
Тілейтіндердің дақпырты.

СИЦИНИЙ
Тапқан екен қисынын!

МЕНЕНИЙ
Иә, мен сенбеймін.
Марций мен Авфидий табыспас,
Табысса да өзгелер.
Екінші жаушы шығады.

ЕКІНШІ ЖАУШЫ
Сенаторлар жіберді.
Кай Марций мен Авфидий
Қалың қолмен біздің жерге бас салып,
Жолдағыны таптап табанға
Қырып, өртеп келеді.

Коминий кіреді.

КОМИНИЙ
Шаптырдыңдар істі насырға

МЕНЕНИЙ
Елде нендей хабар бар?

КОМИНИЙ
Екеуің жеттің елдің түбіне.
Енді, міне,
Көздеріңше төгіп қыздарыңның арларын,
Үйіңнің өртеп төбесін,
Төбелеріңнен құймақ қорғасын.
Әйелдеріңді алдарыңда зорлатып,
Арларыңды баспақ аяққа...

МЕНЕНИЙ
Не хабар бар? - Жауап бер.

КОМИНИЙ
Ғимараттар күлге айналып,
Қылқылдап еңдер «құқы» деп!
Сол тілеп алған құқыңның,
Шығармақ ұйқы-тұйқысын.

МЕНЕНИЙ
Не хабар бар?
(Трибундар)
Ши шығарып алдындар ма деп қорқамын!
(Коминийге)
Ау, жауап бер: әлгі Марций
Вольск жаққа шықты деген не сөз?

КОМИНИЙ
Не сөз болсын, рас сөз.
Вольскілер оны екі аяқты пенде емес,
Көктем түскен тәңірдей
Көтеріпті төбеге.
Енді міне келіпті,
Көбелек қуған баладай,
Ел шетіне еліріп,
Есерсоқ жұртты кешегі
Жібергелі жеміріп.

МЕНЕНИЙ
Сарымсақ жеген сасық ауыз қолбала
Жұрттың айтқанына даурығып,
Не істегендеріңді біл енді.

КОМИНИЙ
Риміңді іріген күбідей итеріп
Төбелеріңе бір-ақ төңкеріп тастайды.

МЕНЕНИЙ
Геркулестей таптаған піскен миуаны,
Бұл енді - мына екеуіңнің лаңың!

БРУТ
Соның өзі сенетіндей хабар ма?

КОМИНИЙ
Әрине. Оны жоққа шығарғанша, өзің жоқ боп кетерсің.
Римнің жаулап алған жерлері - бәрі кетті бөлініп.
Беріспейміз дегендерді өліспей,
Бәрі күлкі қылады.
Марцийге кім айып таға алар?
Жау мойындаған қасиетін
Мойындамаса өз елі?!

МЕНЕНИЙ
Алдына барып құлдық ұрмасақ,
Қырылғанымыз қаралай.

КОМИНИЙ
Кім бар бара алар бас ұра? Трибундар ма?
Бұлар ұяттан аяқ баспайды. Халық па?
Оларды көрсе, елірер.
Қотанға шапқан бөрідей.
Достары ма? Римді аяп,
Бас ұр деп ата-жауыңа,
Араша түспей тобырдан,
Олар да болған қарабет.

МЕНЕНИИ
Бәрі рас.
Үйімді өртеп жатса да,
Ая деп қолқа ете алман.
Құл-құтанның тілін ап,
Құриды деген осы екен!

КОМИНИЙ
Римді тықтыңдар әкеп тығырыққа -
Құдірет те араша тұрмас енді оған.

ЕКІ ТРИБУН
Сондағы біздің айыбымыз не?

МЕНЕНИЙ
Сендер айыпты болмағанда,
Кімдер айыпты болмақшы?
Біз бе?
Біз де қорқақ лақтай,
Бұғып бұзақы тобырдан
Қыла алмадық еш дәрмен.

КОМИНИЙ
Сондағы тобыр айқайы
Ашындырған оны да.
Жат әскерге бас болып,
Қосшысы дейді Авфидий -
Айтқан сөзін екі етпес.
Римге тірек баспана -
Өкініш пен масқара.
Қала адамдары шығады.

МЕНЕНИЙ
Мыналардың дүрліккеніне қарағанда
Авфидий де қасында.
(Тобырға)
Бас пәле тілеген
Сендер еңдер бөріктеріңді атып аспанға,
Кориоланды қуған аластап.
Ол келеді оралып,
Қалың қолға соңдағы
Сендерді олжа қылмаққа.
Бөріктерің емес бұл жолы
Бастарың ұшар аспанға.
Айқайың емес елірген
Жан даусың шығар сасқанда.
Тірілей үйітіп жесе де,
Біздерге де обал жоқ.

ҚАЛА ЖҰРТЫ
Бұл не сұмдық!

БІРІНШІ АЗАМАТ
«Қуайық» дегенде «Апырай» деп айтып ем!

ЕКІНШІ АЗАМАТ
Иә, мен де сүй дегем.

ҮШІНШІ АЗАМАТ
Мен де айтқам, әрине.
Шынын айтсақ, бір біз емес бұны айтқан.
Елге жақсы бола ма деп істеп ек.
Аузымыз айтқанмен, іштей қосылмай тұрып ек.

КОМИНИЙ
Дауыс беруге құмар еңдер ғой!

МЕНЕНИЙ
Ә демей жатып көрсетті-ау өзін ку тобыр.
(Коминийге). Барасың ба сенатқа?

КОМИНИЙ
Басқа қайда барамын?
Менений мен Коминий кетеді.

СИЦИНИЙ
Үйлеріңе тараңдар, көршілер!
Жығылмасын үнжырғаң!
Жақтастары ғой Марцийдің,
Тілегендері осы ғой,
Көлгірсиді қорыққан боп.
Түсірмеңдер еңсені.

БІРІНШІ АЗАМАТ
Тәңірлер ғана жар болсын!
Үйімізге барайық. Бекер қудық
Соны деп, баяғыда-ақ айтпап па ем.

ЕКІНШІ АЗАМАТ
Бәрімізде айтқанбыз. Үйге кеттік тезірек.
Жұрт тарайды.

БРУТ
Ұнамайды маған бұл хабар.

СИЦИНИЙ
Маған да ұнап тұрған жоқ.

БРУТ
Капитолийге барайық.
Жалған болса бұл хабар
Дәулетімнің жартысын
Сүйіншіге берер ем.

СИЦИНИЙ
Жарайды, бұл арадан кетейік.
Шығып кетеді.

ЖЕТІНШІ САХНА 

Рим маңындағы қос. Қасына бір әскер басын ерткен Авфидий шығады. 

АВФИДИЙ
Сонымен, әскер римдікке бауыр басыңқырап тұр де?

ӘСКЕРБАСЫ
Оның бір кісі баурап алар сиқыры бар,
Солдаттардың аузында ылғи соның аты.
Жеңіске дұға оқығанда да - алдымен соны ауызға алады,
Дастархан басында да ол айтылмаса ас өтпейді,
Тіпті тамақ жеп болғасын да, «рахмет» демей, «Марций», - дейді,
Бұл жорықта, көсем, сіз
Барасыз қалып тасаға.

АВФИДИЙ
Не істеуім керек?
Мақсатымыз не болмақ, екеуіміз кетсек егесіп?
Келгендегідей емес баяғы,
Маған да асқақ қарайды.
Әуелден солай мінезі
Ешкім тезге сала алмас.
Кешір, менің жүрмейді еш қайраным.

ӘСКЕРБАСЫ
Көсемім, менің ойлағаным - өз қамыңыз,
Оныменен бөліспеңіз билікті.
Не күллі әскерді соның қарауына беріңіз,
Не тізгінді қолға алыңыз.

АВФИДИЙ
Түсіндім сені, бірақ, болсын есіңде:
Кетісер күн келгенде
Қандай айып тағыларын
Ол өзі де білмейді.
Оның ойлайтыны да, оған ғашық тобырдың ойлайтыны да -
Жорықтың да, вольск қамының да
Шаруасын үйіреді ұршықтай. Айқаста да аждаһадай атылып,
Семсерінен серпіліп қоя береді қалың жау.
Бірақ, түптің түбінде
Өзін де, мені де
Құртатын пәле - әлі алда.

ӘСКЕРБАСЫ
Ол Римді ала алады деп ойлайсыз ба?

АВФИДИЙ
Барлық қала қарсылассыз берілді.
Римдегі барлық бекзат - достары.
Трибундар - солдат емес шайқасар.
Халық бір көзде қууға қандай асықса,
Сондай ынтық шақырып енді алуға.
Шағалаға шабақ ілу қандай қиын болмаса,
Сондай оңай алу оған Римді.
Оны әуелден әулие түтып үйренген.
Ерлігін біледі кәрі-жас,
Датқа шыдай алмаған өзінен,
Бәріміз де мардымсимыз мақтауға,
Немесе құртады қызбалық.
Сөйтіп жүріп өзі келген абыройды
Өзіміз үркітіп аламыз.
Оның үстіне қиқарлығы тағы бар.
Бейбіт күнде де шайқастағыдай сұстанып,
Сенаттың өзінде дулыға киіп отырар.
Сондай-сондай батпан қырсық болмай-ақ,
Көрсетсең сәл мысқалын,
Масайрайды дұшпаның.
Ол да сүйтіп өз түбіне өзі жеткен-ді.
Даңқ деген - ықыласы халықтың,
Оны тепсең - өз бағыңды тепкенің.
Сондықтан да ел көзіне түсіп, тапсаң абырой,
Ақырында ел сөзі құртып тынады.
Билік пен даңқ - мадақ пен лақап құрбаны,
Сонымен ұтып шығарады деген сол сананы.
Кәні, кеттік.
Уа, Кай, аласың қалай Римді,
Солай сенің мен шығамын төбеңе.

Кетеді.

БЕСІНШІ ПЕРДЕ 

БІРІНШІ САХНА 

Рим. Алаң. Менений, Коминий, Сициний, Брут және басқалар кіреді. 

МЕНЕНИЙ
Жоқ, бармаймын. Туған әкесіндей қамқор болған Қолбасысын, естідіндер ғой, қалай қуып шыққанын. Мені де солай сыйлаған. Мені де солай қуады. Одандағы ұсынған басты балта алмас. Қуған сендер, бас ұруға да сендер барыңдар, Табалдырығына жатып алып жалбарыныңдар, Мен ешқайда шықпаймын.

КОМИНИЙ
Мені тіпті білгісі де келмейді.

МЕНЕНИЙ
(Трибундарға) Естіп тұрсыңдар ма?

КОМИНИЙ
Абайламай атымды атап қалғанда,
Баяғыдан бергі достығымызды айтып жалбаңдап,
Қоя беріп ем, самүрықтай саңқ етті:
«Кориолан емеспін, бар атақтан бас тартам,
Қашан Римді қанға бөктіріп, Алғанымша басқа атақ!»

МЕНЕНИЙ
Рахмет, сендерге, қос ділмар,
Сендер барда керегі не көмірдің,
Рим сендерді ұмытпайды өмірі.

КОМИНИЙ
Кешірімге татымасты кешіру, -
Деп едім мен, - адамгершіліктің ең зор биігі.
Өз қылмыскерінен өзі аяушылық өтіну -
Ондай мемлекет - деді - көздің күйігі.

МЕНЕНИЙ
Солай демегенде не десін?

КОМИНИЙ
Ең болмаса, ая, - деп ем, - достарды.
Бір-екі дән табылар деп ішінен.
Өртемеу - күнә - шіріп кеткен сабанды, -
Деп қайтадан сазарды.

МЕНЕНИЙ
Бір-екі дәннің бірі - мен,
Қалғаны - ұлы, анасы мен әйелі,
Мына тұрған қолбасы.
Қалғандарың - шіріп кеткен сабансың,
Аспан астын күңірсітіп сасытқан.
Сендер үшін біздер отқа түспекпіз.

СИЦИНИЙ
Қолдамасаң қолдама,
Ел басына екі талай заман туып тұрғанда.
Бірақ, өйтіп, қорлама.
Тілің жорға, сөзің майда еді ғой,
Көрсең қайтер тәуекелге бел буып,
Сол болар еді пәтуалы,
Мына біздердің жатқанымыздан
Әскер жиып, қол жиып.

МЕНЕНИЙ
Жоқ, араласпан бұл іске.

СИЦИНИЙ
Өтінем, илік тілекке?

МЕНЕНИЙ
Не үшін?

БРУТ
Ең болмаса, білейік,
Достығыңыз қорғар ма екен Римді.

МЕНЕНИЙ
Ал егерде Коминийдей мені де,
Қуып салып жөніме,
Жан досымнан қайтып келсе меселім,
Шыға ма сенің мүйізің?

СИЦИНИЙ
Отан бәрібір ұмытпайды ондай абзал қылықты.

МЕНЕНИЙ
Ендеше, бақты сынайын.
Коминийге қырын қарап, ерінін тістеп
Үндемесе, маған, бәлкім, жақ ашар.
Одан, бірақ не қайыр!
Әлде Коминий тап болды ма
Көңілінің хошы жоғында?
Қарының ұлып, қаның суып, отырса шекең құрыстап,
Қайырым қылмақ түгілі, қарыз бермек түгілі,
Тілдеспессің де дұрыстап.
Тіпті ораза ұстаған сопы да
Сұстырақ қой, шарапқа қанып, тамаққа тойған кісіден.
Оның да жайын түсінем,
Түстігін ішсін, жайлансын,
Әр нәрсені ойға алсын.
Барсам, барам сол кезде.

БРУТ
Ендеше, досың мінезін
Білетұғын бір өзің.

МЕНЕНИЙ
Не болса да, тәуекел.
Не боларын көп ұзамай білеміз.
(Шығып кетеді)

КОМИНИЙ
Кориолан құлақ та аспайды сөзіне.

СИЦИНИЙ
Оған сенімің кәміл ме?

КОМИНИЙ
Көзіммен көріп келдім ғой:
Алтын шатыр төріңде көзі оттай маздайды,
Лаулаған Рим алауының нұры түсіп тұрғандай.
Қайырым мен мейірімнің тырнақтай да жоқ нышаны.
Тіземді бүгіп, қусырғанда қолымды,
«Түрегел», - деп иегімен сілтеп берді жолымды.
Сосын хатпен айтып берді қыларын, не қылмасын,
Вольскілерге берген антын бұзбасын.
Ендігі қалған бар үміт -
Анасы мен әйеліне бару жалынып.
Солар барса - иліксе, бәлкім, илігер,
Отан үшін олар да
Ондай жолдан тартынбас.
Кәні, кеттік соларға.

Кетеді.

ЕКІНШІ САХНА 

Рим түбіндегі қостың қақпасының алды. Сақшылар тұр. Менений келеді. 

БІРІНШІ САҚШЫ 

Тоқта! Қайдан жүрген немесің?

ЕКІНШІ САҚШЫ
Тоқта! Кейін қайт!

МЕНЕНИЙ
Қызметтеріңе адал екенсің, жарайсың!
Мен ақсүйек ем, Кориоланмен тілдескелі келіп ем.

БІРІНШІ САҚШЫ
Қайдан келдің?

МЕНЕНИЙ
Римнен.

БІРІНШІ САҚШЫ
Онда кейін қайт! Біздің көсем Рим деген сөзді естігісі де келмейді.

ЕКІНШІ САҚШЫ
Сен көсеммен сөйлескенше Рим өртеніп те бітер.

МЕНЕНИЙ
Шырақтарым, көсемдерің,
Сөз еткенде Римдегі достарын
Естіген шығарсыңдар
Менің де атымды қосқанын.
Менің атым - Менений.

БІРІНШІ САҚШЫ
Бәрібір қайт кейін.
Ондай атпен мұнда аттаудың өзі айып.

МЕНЕНИЙ
Айналайын, мені жақсы көруші еді көсемің.
Ол жасаған ерліктердің тірі шежіресі едім.
Соны оқып, менің отандастарым,
Аспандатып әкеткен еді атағын.
Өйткені, мен дос болғасын, әрине,
Үстемелеп азырақ
Даңқына қосам дабыра,
Жел үрлеген қарындай
Лақапқа қостым лақап,
Сондай досы едім мен,
Келіп ем бір көруге.

БІРІНШІ САҚШЫ
Тіпті оны мақтағанда да әлгінде өзіңді мақтағандағыдай бөстірсең де, бәрібір жібере алмаймын. Өтірік айту ерліктің ең үлкені боп есептелсе де, есігінен аттата алмаймын. Сондықтан - келген ізіңізбен кері қайтыңыз.

МЕНЕНИЙ
Апырай, шырағым, түсінсейші: менің атым - Менений, мен сенің кесеміңе әрқашан да жақтас болдым.

ЕКІНШІ САҚШЫ
Дұрысырағы, жаңағы өзіңіз айтқан ғой: ол жайында талай өтірікті жылытпай соққан жылпоссыз ғой. Ендеше, мен оның қызметінде жүрген нөкері ретінде шындықты көзіңе айтайын: мұнда ондай көкімеге жол жоқ. Қайт кейін!

МЕНЕНИЙ
Ендеше, бір нәрсе айтшы: ол түскі тамағын ішті ме, ішпеді ме?
Егер ішпеген болса, онда өзімнің де сөйлескім жоқ.

БІРІНШІ САҚШЫ
Сен - римдіксің ғой. Солай емес пе?

МЕНЕНИЙ
Иә, Сенің көсемің де римдік.

БІРІНШІ САҚШЫ
Олай болса, сен де оған ұқсап, Римді өлердей жек көруің керек еді. Енді не деп көкіп тұрсың? Әуелі ең мықты қорғандарыңды, ең берік паналарыңды қайдағы бір қаратабан тобырларға жағыну үшін кеудесінен итеріп куып шықтыңдар, енді кеп қайдағы бір кемпір-кепештеріңнің жылап-сықтағанына бола, қыз-қырқындарыңның қолдарын қусырып қылымсығандарына бола, жылай-жылай көзі іскен әйелдеріңнің мүләйімсігеніне бола, ол райынан қайтады екен деп қалай ойлайсыңдар?

МЕНЕНИЙ
Абайлап сөйле. Егер менің кеп тұрғанымды бастығың білсе, әлдеқашан шақыртып алған болар еді.

БІРІНШІ САҚШЫ
Барып көр. Менің бастығым сені білгісі де келер ме екен.

МЕНЕНИЙ
Мен сенің Цинтурийыңды емес, қолбасшыңды айтам.

БІРІНШІ САҚШЫ
Ал оның сендегі шаруасы қанша? Қайт кейін! Мен кімге айтып тұрмын? Кет, әйтпесе, бойыңдағы соңғы тамшы қанынды сығып алармын. Бар, жөнел!

МЕНЕНИЙ
Ау, сөзге дауа бер, тоқта...
Кориолан мен Авфидий кіреді.

КОРИОЛАН
Бұл не айқай?

МЕНЕНИЙ
(Бірінші сақшыға),
Қарап тұр, достым, сазайыңды аларсың бәлем. Мұндағылардың мені қалай сыйлайтынын көріп дағы бір жалаңаяқ сақшы мені Кориоланнан айырып алады дегенді кім көрген?! Ол мен үшін өзім туған баламдай ғой. Ендеше, оның менімен қалай сөйлесетінін тыңдап көр, сондай-ақ, әлгің үшін басыңа қандай бүлік тілеп алғаныңды өзің біле бер. Ал қара да тұр: осы арада қорыққаннан есің ауып, құлап түсетініңе мен кепіл. (Кориолонға) Тәңірлерім сағат сайын мәжіліс құрып, сенің төбеңе шапағат жаудырсын, олар да сені, мына мен секілді, кәрі әкең Менений секілді өліп-әшіп жақсы көрсін. Айналайын жан балам! Сен бізге өрт қойғалы жатырсың, оны біздің өшкір көзіміздің көлдеткен жасы бәрібір өшіріп тастайды. Римдіктердің саған мені жіберуге ұзақ уақытқа дейін дәттері шыдамады, бірақ сенің менің сөзімді жерге тастамасыңды біліп, өзім келдім. Маған қара, жалбарынам - кешір Римді, жалынып қарап тұрған отандастарыңды кешір. Құдіреті күшті тәңірлерім көзіміздің жасын кептіріп, олардың кәрін жаңа менің жолымды бөгегісі келген мынау бір сүмелектің төбесіне зауал қып төндірсін.

КОРИОЛАН
Кет!

МЕНЕНИЙ
Кет! Маған айтасың ба?

КОРИОЛАН
Анам, ұлым, жарым - оларды да енді білмеймін.
Оларға емес, жаным пида басқалардың жолында.
Мен кегімді алам. Кешірім жасау -вольскілердің қолында.
Ескі достық не ете алмақ жаңа қастық Жөніңді тап!
Тас боп қатқан жүрегім, Қанша жалынып-жалбарынсаңдар да,
Сақшылар күзеткен қақпадай сендерге ендітарс жабық.
Бір кездегі досым болғаның үшін мына хатты жазғанмын,
Кейін өзің оқырсың.
Жіберуге үлгермеп ем, өз қолымнан ала ғой.
(Хат ұсынады).
Енді, Менений, шығын қылма сөзіңді.
Римде Авфидий.
Өлердей қорғаштаған Римім ғой,
Амал қайсы, жазмыш сол.

АВФИДИЙ

Сенің де баяғы қалпың сол.
Авфидий мен Кориолан кетеді.

БІРІНШІ САҚШЫ
Сонымен, құрметтім, атың Менений болды ма?

ЕКІНШІ САҚШЫ
Апырай, атағыңыздың зорын-ай!
Үйге баратын жолды өзің таба аласың ба?

БІРІНШІ САҚШЫ
Айтпа деймін, мұндай ардақты адамды аттатпай қойғанымыз үшін, көрдіңдер ғой, төбемізге қара аспанның қалай құлағанын!

ЕКІНШІ САҚШЫ
Бірақ, қорыққаннан есім ауып, құлап түсе жаздадым деп айта алмаймын.

МЕНЕНИЙ
Сендерде де, сендердің көсемдеріңде де, тіпті жарық жалғаныңда ісім жоқ. Ал сендер секілді нақұрыстарға бола басымды қатырғым да келмейді. Өз жанынан түңілген адам жендетіңе түкірсін бе? Көсемдерің шығып бітсін арам ойларының шетіне! Сендер де осы қалыптарыңда қалыңдар! Жыл өткен сайын бола түсіп бұрынғыдан да өткен сұмырай. Жаңа сендер маған не десеңдер, мен де сендерге соны айтам: «Жоғалыңдар көзімнен!» (Шығып кетеді).

БІРІНШІ САҚШЫ
Расын айтсақ- адамдай-ақ адам ғой.

ЕКІНШІ САҚШЫ
Адамдай-ақ адам деп біздің көсемді айт: құз жартас, не алып бәйтерек сияқты, ешбір дауыл жыға алмас.

Бәрі шығып кетеді.
Кориоланның шатыры. Кориолан, Авфидий және басқалар кіреді.

КОРИОЛАН
Сөйтіп, елең-аланда әскерді Римге жабамыз.
(Авфидийге)
Ал, жорықтас жолдасым,
Вольск сенатына жеткізуді өтінем.
Антымда мен тұрдым деп.

АВФИДИЙ
Сертіңнен еш айнымай, біздің жақтың пайдасына іс қылдың,
Жылап-сықтап келген достарға да
Көрген жоқсың, қобалжып.

КОРИОЛАН
Тұрса да жүрегім қан жылап, кері қуып жіберген
Манағы бір кәрия әкемнен бетер тұтушы еді мені ардақ.
Сол болатын Римнің үміті ең соңғы.
Бір кездегі достығымды еске алып,
Жылытпасам да жүзімді,
Бітім үшін шартты ұсындым бұрынғы,
Өздері қабылдамай тастаған.
Қабылдай қоймас бұл жолы да.
Көп үмітпен келген кәрия ғой,
Қия алмадым біржола үзуге күдерін.
Енді, бірақ Римнен
Кім келсе де, көргім келмейді бет-жүзін.
Сахна сыртынан абыр-жабыр дауыс шығады.
Бұл не жанжал андағы?
Маған тағы сұрамсақтар келді ме,
Бұздырмаққа жаңа ғана берген антымды.
Жоқ, бәрібір айныман.
Қара киінген Виргилия, кішкентай Марцийді жетектеген Волумния, Валерия нөкерлерімен кіреді.
Келе жатқан әйелім!
Артындағы немересін жетектеген
Қасыңдағы мынау тұрған алыпты
Осындай қып әуелде жаратқан қалып-ты.
(Өзін көрсетіп)
Жоғалсын жүрек сүйе білер елжіреп!
Қуыс өзек жандарды ілік-шатыс жаратқан құрып кетсін туыстық.
Жасасын тек маған біткен мызғымайын мықтылық!
Пай-пай, қандай көркем бала көгершінім!
Мұны көрсе, тәңірлер де серттерінде тұра алмас!
Жүйе-жүйем бара жатыр езіліп,
Мен де жанмын жаратылмаған көк тастан.
Анам байғұс, әне, маған бас иді,
Бас игендей құзарт шың шөкім шоқыға.
Баламның да барады көзі жаудырап,
«Аясаңшы», - деп жаратылыс салды лаң.
Жоқ жоқ! Мейлі, басқыншылар Римді жер қып, соқа сап,
Италияны түгел шықсын тырмалап,
Шыдап бағам, осалдыкқа бой бермен.
Өзімді өзім жаратқандай, жаратылмағандай өзгеден,
Бұлжымаймын, сертте тұрам, өзгермен!

ВИРГИЛИЯ
Жарым, әрі қожам, бізді танымай тұрсың ба?

КОРИОЛАН
Менің көзім Римдегі сендер көрген көз емес.

ВИРГИЛИЯ
Танымай тұрсың тауқымет тартып,
Тарыққан біздің әлпетті.

КОРИОЛАН
Тегі менен актер шықпас,
Рольден тағы жаңылдым.
Құдай қосқан қосағымсың,
Өзің кешір, бірақ менен
Римдіктерге кешірім сұама.
(Виргилиямен сүйіседі).
Бір сүйгенің оралған қуғындай ұзақ, қайтқан кектей тәтті екен.
Ант етемін көктегі тәңір-ана атымен,
Менің ерніме баяғы өзің қоштасқаннан бері ерін тиіп көрген жоқ.
Уа, тоба,
Тұрып босқа мылжыңдап,
Ұмытыппын абзал анама тағзым етуді!
(Тізесін бүгеді).
Иіл, тізем, жер ойылып кетердей,
Ешбір перзент еш анаға ете алмас
Етейін терең құрмет.

ВОЛУМНИЯ
Түегел, риза болғай тәңірлер.
Жастыққа емес, жартасқа бүгем тіземді,
Жалғызыма етем сондай мен де ізет.
Анаға емес, балаларға бағышталсын мұндай құрмет.
(Жер тізерлейді).

КОРИОЛАН
Бұның қалай? Бала алдында ана тізе бүге ме?
Таудың өзі онда аспанға тас атар,
Жұлдыздарды ұрып-жығып көктегі.
Желдер онда қу бұтамен шықпыртар
Күннің бетін шиедей қып осқылып.
Анам бүгін істеместі істедің.

ВОЛУМНИЯ
Сайыпқыраным,
Сені мен ем жаратқан.
(Валерияны көрсетіп).
Танисың ба сен оны!

КОРИОЛАН
Публиколаның қарындасы ғой асылтек,
Күллі Римнің аспандағы айы ғой.
Әулие Диана төбесінде тұрған мұздай тап-таза..
Валерия, аман ба!

ВОЛУМНИЯ
(Кориоланға баласын жақындатып)
Мынау сенің көшірмең,
Жылдан жылға
Аумай қалар өзіңнен.

КОРИОЛАН
Соғыс тәңірі Юпитердің өзіңе жаусын мейірі,
Қан шайқаста қай дұпшан да сындыра алмасын сағынды.
Қара дауылда самаладай жарқыра,
Адастырмай аман алып өт,
Бір өзің деп өзегін үзген жұртыңды.

ВОЛУМНИЯ
Тізеңді бүк, балақай.

КОРИОЛАН
Көгершінім кішкентай.

ВОЛУМНИЯ
Валерия, әйелің, мен және балаң,
Жалбарына келдік алдыңа...

КОРИОЛАН
Ашпа аузынды!
Болмаса басқа амалың,
Есіңде болсын: мен сертімнен айныман.
Таратпаймын соңымдағы әскерді,
Римнің құл-құтаны күтпесін менен жақсылық.
Мейлі мені қанішер деп даттасын,
Шер боп қатқан жібіттірме кегімді,
Ашуды жең деп ақылға.

ВОЛУМНИЯ
Жә, болды!
Кешпесінді білдік біз,
Кешпесең де келдік біз.
Бірақ, егер аттай алмасаң сертіңнен,
Бәрібір бетіңе өшпес дақ боп жұғар талап бар,
Тындап алуыңды өтінем.

КОРИОЛАН
Авфидий, вольскілер, бері таман келіңдер.
Жалғыз тұрып тыңдамаймын сөздерін.
Иә, ол не талап?

ВОЛУМНИЯ
Сен айдауда жүргенде біздің көрген күніміз,
Біз айтпай-ақ, жүзімізден белгілі.
Жер бетінде біздей мұңлық табылмас.
Сені көрсек, көз жасымыз тыйылып,
Бақыт орнар дейтін едік жүрекке.
Бұрынғыдан да асқан тауқыметке тап қылдың:
Балаң, анаң, жарың - мына тұрған үш мұңлық
Шыққыр көзді көрер күнге жеткіздің -
Туған елдің көкірегін қара пышақтай тілгілеп
Бара жатқанын бізге біткен
Баланың, жардың, әкенің.
Сенің мұндай шектен асқан кегіңді
Көру бізге қиынырақ басқадан.
Бұдан бұрын дұға қып көңілге басу табушы ек
Бұдан былай дұға қылуға да жасқанам.
Не деп дұға қыламын, кімге тілек тілеймін,
Егер жақсы десем ұлым, жер болғаны елімнің,
Егер жақсы десем елім, жер болғаны ұлымның.
Демек бізге басқа таңдау қалмады:
Иә талақ етеміз, бәрімізді жаратқан
Мына туған елді біз.
Иә талақ етеміз, бәрімізді талатқан
Мына тұрған сені біз.
Қай тілегімізді құдай берсе де,
Көретініміз бір қайғы:
Не сен мынау көшелермен
Қолыңда бұғау, сатқын болып айдалып өтесің,
Не басыңда алқа
Жеңімпаз боп масайрап,
Жайрап жатқан қалаңмен бірге
Ұлың мен жарыңның да қанын төгіп,
Мына менің де түбіме жетесің.
Мені қойшы, күте алмаспын бұл соғысгың біткенін,
Кетермін үзіп қу тағдырдың шылбырын.
Егер бүгін осы арада, осы жерде,
Мына сені екі жақтың егескен
Біреуін жығып соққыға, біреуінің соғып сойылын,
Сыңар езу болмасқа Екеуіне де бірдей рақым қылуға
Көндіре алмасам, біліп қой, Римге аттап баспас бұрын
Әуелі мына мені - Тумай тұрып тоғыз ай жатқан кеніңді
Аяғыңмен таптап өтесің.

ВИРГИЛИЯ
Мен де бермен пұрсатты - Әуелі теуіп кетесің ұлың жатңан құрсақты.

БАЛА
Тептірмеймін мен оған, Қашып кетіп, өсемін де,
Керсетемін зобалаң.

КОРИОЛАН
Қатын сияқты қатын болып кетпеу үшін еркекке -
Қатын-балаға қарамай, сыймау керек жер-көкке.
(Орнынан тұрады).

ВОЛУМНИЯ
Жоқ, сен кетпейсің.
Сұрасақ егер біз сенен римдіктерді құтқар деп,
Вольскілерді қыр, жой деп -
Улаған болар ек арыңды, аттаған болар ек оларға берген сертіңді.
Сұрашынымыз сенен біз: жауласқандарды келістір, өштескендерді табыстыр.
Вольскілер айтсын «Жарылқадық, - деп, - сіздерді»,
Римдіктер айтсын: «Қабылдадық, - деп,- оныңды!»
Екіжақта айтсын өзіңе: «Құткардың - деп, - егестен!»
Уа, менің, ұлағатты перзентім,
Сен білесің баянсызын жеңістің.
Егер біздің жөнсіз болса қолқамыз,
Қысылмастан шық қуып.
Егер осыдан жөн болса,
Қаһарына тәңірдің
Қалатұғын бір өзің.
Қайтарып ана меселін,
Кеттің теріс айналып,
Бәрің де жер тізерле,
Бәлкім, содан ұялар. Бәрі де Кориоланның аяғына жығылады.
Аты оның Кориолан ғой.
Бұл сөздің түбірі - мейірім емес,
Бұл есімнің - түбі лаң ғой.
Не де болса, ең соңғы рет
Аяғына жығылып, жалынайық.
Онымызға илікпесе,
Үйімізге қайтып, көріне алмай жұртқа
Пұшайман қылған өлім лайық.
Көзіңді сал, ең болмаса, балаңа қара,
Кет демей, не деп жалынарын,
Жайғанын титтей алақанын,
Соның өзі күштірек сенің
Бас тартып айтқан дәлеліңнен.
Жоқ, бұл неме вольскінің
Туған шығар қатынынан.
Әйелі де Кориоладан шығар,
Немерем кездейсоқ тартқан болды.
Не де болса, қуып шық өзің,
Әйтпесе мен жақ ашпаймын,
Қашан Римді от шарпығанша.
Сосын айтам айтарымды
Егер Римді күйретсең, лағнат қосыларын атыңа?
Шежірелерде жазарын: «Ұлы екені ұлы еді,
Бірақ, кейінгі істері Бәрін зая қып жіберді.
Отанын сатып ол енді - Мәңгі бақи масқараға бөленді».
Ендеше, ұлым, бер жауап: Айтушы ең ғой өзің де -
Ашулансаң, тәңірідей зілсіз бол,
Көк аспанды қақыратса да күркірің,
Күйдіріп барып тынатын кәрі еменнің түбірін.
Енді неге өзің содан аттадың,
Сонша неге өштескенге қаталсың?
Керең болып қалғандай, үндемейді ол маған -
Ар жағын, қызым, өзің айт.
Балапаным, сен сұра, бәлкім сенің шүлдірің
Тас жүрегін жібітер, жібіте алмаған жасымыз?!
Бір жан үлкен қарыз болса анаға,
Менің балам сияқты еді.
Бірақ, бүгін маған да тұр мелшиіп,
Елікпей бір сөзіме.
Бүгін білдім анасына тым мейірімсіз екенін
Мекиендей ол байғүс
Асты-үстіне түсседағы қыт-қыттап,
Шертпесе де маңдайдан,
Баулыса да майданға,
Тосса да оны екі көзі төрт болып,
Қан шайқастан қаһарман боп келгенше...

КОРИОЛАН
Уа, анашым, бұл не істегенің?
Көрмейсің бе, көктегі хақтар
Қақыратып аспанның төсін,
Сен салған мынау масқараға
Күліп жатыр,
Қатқанша әбден шек-сілесі.
Бейшара анам, бейбақ Римге
Оңай жерден әпердің жеңіс.
Бірақ, ұлыңның ойсыратып атын,
Еткенің не бағын кеміс?!
Не болса да, болсын енді!
Авфидий, маған енді қалған жол -
Бітімге келу Римменен.
Соғыстың шырқын кетірдім мүлде.
Айтшы достым, болсаң өзің,
Бүгінгідей күні орнымда менің -
Ананды қуып шыға алар ма едің,
Құлағыңа ілмей бір де бір сөзін?

АВФИДИЙ
Менің де тұр сай-сүйегім сырқырап.

КОРИОЛАН
Ант етемін, айтқаның рас,
Дымданып кетті менің де көзім.
Азапқа мұндай шыдап болмас,
Ендігі ақылды айтшы өзің.
Риммен тұрып бітімге келмей,
Қинайтын шарттар қоямыз нендей?
Мен енді атымен Римді көрмей,
Кетемін еріп өздеріңе.
Не ақыл айтасың?
Қалайсың маған дем беруге?
Қинадыңдар-ау анам мен жарым
Шығып кетпей әзер тұр жаным.

АВФИДИЙ
(Қырын қарап)
Арың мен күдік жаныңды қинап,
Иә, бөлем, тарттың ба азап,
Жанғалы тұр-ау енді менің бағым!
Әйелдер Кориоланмен қоштасуға оқталады.

КОРИОЛАН
Асықпаңдар! Тоқтаңыздар!
Шарап ішіп әуелі біздер Бекітейік әлгі әңгімені.
Барарсыңдар сосын Римге айтып,
Римнің бағының озғаны болар.
Бұл үшін сендерге ғимарат соғар.
Әйтпесе күллі Рим семсері
Мұндайдың қарасын көрмес те еді,
Жүріңдер, ханымдар.
Бәрі шығып кетеді.

ТӨРТІНШІ САХНА 

Рим. Алаң. Менений мен Сициний шығады. 

МЕНЕНИЙ
Капитолийдің оқшауланып шығып тұрған әне бір бұрышындағы тасты көріп тұрсың ба?

СИЦИНИЙ
Иә, көріп тұрмын. Онда не тұр?

МЕНЕНИЙ
Егер оны шынашағыңмен тұрған орнынан жылжыта алсаң, Кориоланды манағы әйелдер, әсіресе шешесі бірдеңе ғып иліктіре алуы мүмкін. Бірақ, ол да мүмкін емес қой. Ендеше, ондай үміт те құр бекершілік. Мойнымызға бұғалық салынды, енді соны шірене тартуы ғана қалды.

СИЦИНИЙ
Қалайша адам аз уақыттың ішінде осынша өзгеріп кете алады?

МЕНЕНИЙ
Шылаушын көбелекке ұқсамайды, бірақ көбелек те бір көзде шылаушын болған ғой. Марций де адамнан аждаһаға айналды: қанат біткесін бауырымен жылжып қайтеді.

СИЦИНИЙ
Бірақ, анасын өлердей жақсы көруші еді ғой.

МЕНЕНИЙ
Маған да солайтұғын. Ал қазір ол бесті айғыр енесіне қалай қараса, ол да анасына солай қарайды. Қабағынан қар жауып, үстіңе жар құлардай, түнере қарайды. Басқанынан жер ойылатындай. Көзінің сұғы көк сауытты тесіп өтетіндей. Дауысы күннің күркіріндей. Әр сөзі зеңбірек атқандай. Төбесіне шымылдық керген терге адам емес, Ескендірдің тас мүсінін орнатып қойғандай. Айтқаны аузынан шықпай жатып, жүзеге асып жатады. Тағын көкке орнатып, өзін өлмейтін қып жаратсаң. құдайдың өзі болады да шығады.

СИЦИНИЙ
Егер әуелгі суреттеуің рас болса, оған құдай болу үшін тағы да бір нәрсе аз-мүз мейірім, керек қой.

МЕНЕНИЙ
Көзім нені көрсе, сөзім соны айтып берді. Анасының қалай жетісіп келетінін қазір өзің көресің. Жолбарыстан сүт дәметпесек, одан мейірім күтпе. Біздің бейшара қаланың оған көп ұзамай көзі жетеді. Бәрі де сендердің қырсығың.

СИЦИНИЙ
Тек құдайлардың өздері жар болғай!

МЕНЕНИЙ
Жоқ, олардың да бұл жолы бізге көңілдері құлай қоймас. Кориоланды қуарда біз оларды еске алған жоқпыз ғой. Енді ол қайтып келіп қиғылықты салғанда, құдайлар да бізді еске алмайды.

Жаушы көрінеді.

ЖАУШЫ
Трибун, көзің құрымай тұрғанда, үйіңе жетіп ал,
Жолдасыңды көп тобырымен бірге қамауға алды.
Көше тастамай сүйретіп келеді,
Егер әлгі әйелдер иліктіре алмаса,
Тас-талқан қып, бұтын бұт, қолын қол қып,
Жайратып салар түрлері бар.
Екінші жаушы шығады.

СИЦИНИЙ
Қандай хабар білесің?

ЕКІНШІ ЖАУШЫ
Жақсы хабар білемін: айтқанға жетті әйелдер -
Марций вольск әскерін алып кетті қаладан!
Римнің төбесіне нұр жауды,
Тарквиньяны қуғанда да қуанбаған шығар тап мұндай.

СИЦИНИЙ
Жаңылып тұрған жоқсың, ба, достым? Рас па бұның?

ЕКІНШІ ЖАУШЫ
Аспанда күн жарқырап тұрғаны қандай рас болса,
Айтып тұрғаным да сондай рас.
Бұған сенбейтіндей, сен өзің қайда болдың баяғыдан?
Көрмейсің бе селдей қаптап,
Қала қақпасына қарай ағылып жатқан
Қарақұрым халықты. Құлағыңды сал!
Сахна сыртынан керней-сырнай, дабылданғыра үні, Қуанышты дауыстар.

Дабыл-дабыра, керней-сырнай, шадыман жұрттың үнінен
Күннің көзі билей жөнелмей,
Әзер-әзер тұр шыдап. Тыңда, тыңдап бақ.
Қуанышты дауыстар.

МЕНЕНИЙ
Мынау шыннан жақсы хабарға ұқсайды.
Барып өзім қарсы алайын әйелдерді.
Волумния артық болды бір өзі
Бір қаладағы сенатор, консул, кілең шонжардан қаптаған,
Аһ сендей, сендей көкімелер
Қаптаса да бүкіл қара жердің жүзіне -
Татымайсыңдар жаңғыз басқан ізіне.
Бүгін мықтап оқысаңдар дұғаны,
Ал таңертең күдерді үзіп тұрып ем.
Рим қандай қуанышты,
Рим қандай мәз-майрам!
Айқай-шу. Музыка.

СИЦИНИЙ (Екінші жаушыға)
Әуелі тәңірлер төбеңе сенің нұр жаудырсын,
Сосын өзім шексіз алғыс айтамын
Аузыңнан шыққан хабарға.

ЕКІНШІ ЖАУШЫ
Қайсымыздың да тап бүгін
Жүрегіміз жарылар жөні бар.

СИЦИНИЙ
Алыс па еді олар қаладан?

ЕКІНШІ ЖАУШЫ
Қақпа алдына келген-ді.

СИЦИНИЙ
Қарсы шығайық алдынан,
Халықпен бірге қуанып.

Кетеді.

БЕСІНШІ САХНА 

Рим. Қақпаға жақын көше. Волумния, Виргилия, Валерия және басқалары сенаторлардың, Патрицийлердщ, қарақұрым халыңтың арасында келеді. 

БІРІНШІ СЕНАТОР
Көріңдер мына құтқарушысын Римнің,
Жандарын аман алып қалған жалпының!
Аймақ-аймақ алақотан жиылып,
Самала жағып, от маздатып, құтыртыңдар шаттықты.
Тәңірлерге тағзым қып,
Гүл шашыңдар әйелдердің жолына.
Мадақтаңдар Марцийді туған ананы,
Оларың бәлкім ұлының орнын толтырар:
«Сәлем, - деңдер, - әйелдерге кейуана!»

ЖҰРТ
Сәлем кейуана әйелдеріне Римнің.
Кернейлетіп, сырнайлатып, жұрт сахна сыртына шұбырады.

АЛТЫНШЫ САХНА 

Кориол. Алаң. Тулл Авфидий нөкерін ертіп кіреді. 

АВФИДИЙ
Сенаторларға айтқын, мен оралдым ортаңа,
Мына қағазды осы, алаңға тез жиылсын.
Сол арада айдай жұрттың алдында
Оқып берем жазғанымды мен онда.
Мен айыптаған бір адам
Кіріп келеді қалаға.
Өзін ақтап алмаққа,
Сөйлескісі келеді жұртпенен.
Асығындар! Тездетіңдер! Болыңдар!
Нөкер кетеді.
Авфидий тобындағы үш-төрт бүлікші кіреді.
Армысыздар ?

БІРІНШІ БҮЛІКШІ
Хал қалай, көсем.

АВФИДИЙ
Өз мейіріміңнен өзің шексең тауқымет,
Ақ көңілдіктен ұрынсаң егер аранға,
Халық жақсы бола ма?

ЕКІНШІ БҮЛІКШІ
Егер өзің қайтып қалмасаң райдан,
Ерік берсең біз ойлаған істерге,
Онша бола қоймас жағдайың.

АВФИДИЙ
Халықтың ауызы қалай қисаярын біліп алғың әуелі.

ҮШІНШІ БҮЛІКШІ
Егер екеуіңнің таңдау керек болса біріңді,
Әлде қалай деп, артын күтеді,
Біріңнің бірің көзін жойып,
Қолдау үшін тіріңді.

АВФИДИЙ
Білемін олайын онсыз да,
Мен Марцийді ұлықтап,
Беріп ем жолына кепілдік.
Енді, міне, ол дегеніне жеткесін,
Даңққа әбден бөленіп,
Достарымды өз жағына шығарды.
Сол үшін тіпті өз мінезін ұмытып,
Жұрттың бәріне жалпақшешей боп алды.

ҮШІНШІ БҮЛІКШІ
Қиқар болам деп ол бұрын
Консулдықтан қалып еді-ау мақұрым.

АВФИДИЙ
Мен де тұрмын соны айтып,
Қуғын көріп жүргенде, өзі келіп үйіме,
Аяғыма жығылып, мойынын тосқан пышаққа.
Жазалаудың орынына,
Бауырыма қыстым құшақтап.
Әскерімді беріп ең жақсы,
Мақсатыңа жет дедім.
Өзім болдым көмекші.
Екі етпедім айтқанын,
Сүйтіп алған абыройды
Менімен бөліспей,
Иемденді бір өзі.
Ал мен болсам, мәз болдым,
Жарылқадым деп біреуді.
Қалырды білмей, сүйтсем ол,
Жандайшабындай көріп өзімді
Ілмейтінді шығарды көзіне.

БІРІНШІ БҮЛІКШІ
Тура айтасың,
Таңғалатын оныңызға әскер де.
Соңында біз Римге барып жеткенде.
Абырой түгіл,
Алатұғын қып-қызыл
Олжамыздан айырды.

АВФИДИЙ
Сол үшін де енді төгем оған кәрімді,
Қайдағы бір қатындардың
Қимай аққан сорасын,
Ақырыңда сатып кетті
Баяғыдан бәріміз салпақтаған
Ұлы жорық жорасын.
Сол үшін де өзі құлап,
Мені көкке шығарар.
Естіп тұрсыңдар ма?
Сахна сонында дабыл, Керней, шуылдасқан жұрт дауысы шығады.

БІРІНШІ БҮЛІКШІ
Сен болсаң әншейін жаушыдай
Қалаңа кірдің үн-түнсіз,
Халық қалай қарсы алып жатыр Марцийді?!

ЕКІНШІ БҮЛІКШІ
Жетесіз жұрт жатыр ғой,
Боздақтарын баудай түсірген
Қарақшыға айтып қошамет.
Аямай жыртып өңешін.

ҮШІНШІ БҮЛІКШІ
Сонымен уәде былай болсын,
Ол жұртты көлгір сөзімен
Өз жағына шығарып алмай тұрғанда,
Әй мен шәйге қаратпай,
Семсеріңе жел бер де,
Жайратып сал қапияда,
Артынан айт дәлелді,
Оның айтар сырлары
Бірге кетсін қабірге.

АВФИДИЙ
Ашылмасын енді жақ.
Сенаторлар келеді.
Сенаторлар кіреді.

СЕНАТОРЛАР
Саламат бол!

АВФИДИЙ
Сәлемдеріңе татысам,
Оқыдыңдар ма менің дұғай сәлемімді
Ел билеген кіл жақсы.

СЕНАТОРЛАР
Оқыдық.

БІРІНШІ СЕНАТОР
Өкінішке орай, еңбегін ескеріп бұрынғы,
Кешіруге де болар ед,
Бірақ бастайтын жерде аяқтап,
Істің артын тәрк қып,
Қалдырып бізді шығынға,
Шығарып жауды ұрысқа,
Берілгеннен жаман бітімге
Мәжбүр еткені үшін де
Ақтай алмайды оны ештеңе.

АВФИДИЙ
Әне өзі де келеді. Өз аузынан тыңдаңыз.
Дабыл қағып, ту көтеріп, қала халқын ерткен Кориолан көрінеді.

КОРИОЛАН
Армысыздар, жақсылар!
Еңіреген елі үшін
Жасағың жаудан оралды,
Адал болса қандай кеткенде,
Адал қайтты тап сондай.
Айтқандарыңды екі етпей
Қара қанды ағызып
Қақпасына жеттім Римнің.
Жолда тапқан олжамыз
Асып түсед шығыннан.
Бейбіт бітім жасадық
Вольскінің асар абыройы,
Римнің түсер қадірі.
Сенаттың мөрі басылып,
Консул мен шонжарлар
Жапатармағай қол қойған
Шарт қағазы, мінеки.

АВФИДИЙ
Жақсылар, жолдан қалмаңыз
Оқимыз деп ондайды.
Опасыздан сұраңыз:
Неге тәрк еттің, - деп -
Біздер берген билікті?

КОРИОЛАН
Опасызың кім? Менмін бе?

АВФИДИЙ
Иә, Марций, сен сатқынсың.

КОРИОЛАН
Марций дейсің бе?

АВФИДИЙ
Сен емессің бе, Кай Марций?
Күтіп пе едің әлде мен
Кориолан деп атар деп
Кориолдың атын былғайтын.
Жақсылар мен жайсаңдар,
Ол сөзінде тұрмады
Әйелі мен анасының
Көз жасы үшін бір тамшы
Қолға түскелі тұрған Римді
Бітімге қиды қыршаңқы.
Әскери кеңес шақырмай,
Сертіне берген түкірмей,
Бір кемпірдің сөзі үшін
Жау алдында еңкілдеп,
Жеңісімізді қор етті,
Намысты басты аяққа,
Сайыпқырандар түгілі аяулы
Жас нояндар қалды ұятқа,
Тірідей жерге көміліп.

КОРИОЛАН
Марс, мынау естисің бе сұмдықты?

АВФИДИЙ
Марстың атын аузыңа алуға ұял, боқмұрын?

КОРИОЛАН
Не дедің, қане? Қайтала!

АВФИДИЙ
Сен боқмұрын баласың жыламсақ!

КОРИОЛАН
Қап, сен суайт, қорладың,
Бәсімді түсіріп бала деп?!
Бұған қалай шыдайын -
Не дейді мынау шұнақ құл?
Кешірім ет, жақсылар.
Алғашқы рет ауызымнан
Шығып тұр мұндай балағат.
Мұндай итке шып-шыли
Жала жапқан өтірік
Өздерің үкім айтыңдар.
Дүрелейін сосын мен
Өшпейтіндей өлгенше
Жонынан таспа тілдіріп!

БІРІНШІ СЕНАТОР
Екеуің де доғарыңдар!
Енді мені тындаңдар!

КОРИОЛАН
Мейлі, мені кескілеңдер өлтіріп,
Қолдарынды жуыңдар қара қаныма,
Бұл суайттың қорлығына шыдаман.
Шежірешілерің егер өтірік жазбаса,
Өз көздеріңмен талай-талай оқыдың
Көгершінді қуған бүркіттей
Тоз-тоз қылып әскерін
Кориолды бір өзім алғаным.
Бала болсам, сонда қайда қалдыңдар?!
АВФИДИЙ
Бұған қалай шыдайсыңдар, жақсылар,
Мынау суайт имансыз
Басына соқыр бақ қонып,
Дақ салып тұр сүйекке?

БҮЛІКШІЛЕР
Сол үшін керек өлтіру!

ЖҰРТ
- Не күтіп тұрмыз!.
Бұтын-бұт, қолын қол қылып, итке тастайық боршалап!
Ұлымды өлтірген ол менің!.
Қызым сонда қорланған!
Айырылғам Марк ағамнан!.
Әкемнен мен де айырылғам!

ЕКІНШІ СЕНАТОР
Өшіріңдер! Тіл тигізген өздерің!
Оның ержүрек атағын
Біледі бүкіл шартарап.
Артқы істеген айыбын
Талқылау керек байыптап.
Авфидий, сен де аптықпа!
Қиянатқа елді бастама!

КОРИОЛАН
Шіркін, мұндай жетпіс жеті жексүрын,
Тіпті бүкіл Авфидий тұқым-тұзың
Көрсе мынау көк семсерден дәм татып!

АВФИДИЙ
Не дейді мынау оңбаған!

БҮЛІКШІЛЕР:
Өлтіру керек! Тураңдар тұрған жерінде!
Семсерлерін суырып ап, тап беріп Кориоланды өлтіреді. Авфидий оң аяғымен өліктің кеудесіне шығады.

СЕНАТОРЛАР
Тоқта! Тоқта!

АВФИДИЙ
Жақсылар, дат!

БІРІНШІ СЕНАТОР
Уа Тулл!

ЕКІНШІ СЕНАТОР
Бұл қылығың ездікке ұқсас ерліктен.

ҮШІНШІ СЕНАТОР
Тарт аяқты, қорлама!
Семсерді сал, қынапқа!

АВФИДИЙ
Жақсылар, егер бұған дейін ол бөгеп,
Айтқызбай келген сендерге,
Бұл сатқынның қырсығынан
Елге қандай қауіптің
Білсеңдер туғалы тұрғанын,
Өздерің тәубе дерсіндер
Істің бұлай тынғанына.
Сондықтан мені тыңдандар да сенатта, -
Анықтаңдар ол ақ па, әлде мен ақ па,
Сосын қандай жазаларыңа да пейілмін.

БІРІНШІ СЕНАТОР
Әкетіңдер денесін.
Аза тұтайық Марцийді.
Сүйекшілер бұндай абзал денені
Көрмеген шығар бұған дейін сауаптап.

ЕКІНШІ СЕНАТОР
Қиқар еді тым асау,
Сонысымен азайтты Авфидий айыбын.
Кім біліпті, жөн болар
Істің осылай біткені.

АВФИДИЙ
Кегім енді тарады. Шын қайғыны сезіндім.
Бұл сабаздың денесін.
Ең қадірлі үш көсем менімен бірге көтерсін.
Қаттырақ соқ, дабылды.
Түсіріңдер төмен найзаны,
Жер сүйгенше желегі.
Кориолды қанға батырып,
Талай ананы боздатып,
Қырса да талай боздақты
Атағы асқан ер даңқын
Аза тұтпай болмайды,
Көтеріңдер өлікті!
Кориоланның денесін көтеріп сахна сыртына беттейді. Азалы күй тартылады.

 

Кітапты көшеру