ВЕРНУТЬСЯ

XI. "Аламанға жел бердік, аса жұртты меңгердік"


Ханмен өштестікті асқындырмай, әңгімені Қарауыл қожадан құтылумен
тындырып, ел
ішіне қайта тыныштық орнатпақ талабынан нәтиже шықпай, жазған арызынан,
дос-жарандар арқылы айтқан базынасынан, тіпті, азаматты отта
қалдырмайтын
қайырымды ағайынның ауызынан жырып, жиып берген парасынан еш нәтиже
шығара
алмай, күйзеліп жүрген Исатай қасына әуелі Махамбет, сосын "Өтемістен
туған онның" қалғандары да келіп қосылған соң, иығын қомдап алған түрі
бар. 1836 жылдың басында ханға жазған хатында: "Уа, билікшіміз, бізге
бас-көздік ететін ешкім болмағаны ма? Қысым көріп, қорлық көрген шарасыз
адам
шағымын айтса, әділін айтар кісі табылмағаны ма? Біз Қарауыл қожаның
өзін
әміршідей сезініп, халықтан жанға батар алапа салмауын сұраймыз. Егер
сіз
тағайындаған басқарушылар басқа рубасыларымен ақылдасқысы келмейтін
болса,
ондайларды қызметтерінен босатқан әлдеқайда жақсы болар еді. Оларсыз да
күнімізді көріп алар едік. Халық өз дүниесіне өзі ие болғысы келеді,
басқа
біреудің оңды-солды алапа алып, қол салғанын қаламайды. Жауапсыз
қалдырмауды
өтінеміз. Бұл жолы тағы да жауап ала алмасақ, тағы да өзіңізге
шағынамыз. Оған
да жауап болмаса, ойланамыз: бәрібір бізге ешкім бастық емес екен деп,
елге бас
болып жүргеніміз баспанамыздан, қалғанымыз тапқан-таянған
мұқаммалымыздан
қаралай безініп, қолымызды төбемізге қойып, бетіміз ауған жаққа беземіз
де,
қайтеміз?!" - деп, тұқырта сөйледі (А.Ф.Рязанов. Аталмыш еңбегі. 21-б.).
Бұған дейін тырс етпей келген хан бұл жолы жауап беріпті. Еруліге қарулы
дегендей жауап: "Сенің хатыңды алып, бетпе-бет жүздесіп, қай жақ әділ
болса, соның талабын қанағаттандырсам ба деп едім. Бірақ, өкінішке орай,
әркімдерден елді азғырып жүргеніңді, тіліңді алған кейбіреулердің шырық
бұза
бастағандарын естіп жатырмын. Сенің ақылың мен ықласынды білемін,
сондықтан
сенбейтін ретім жоқ; бірақ соған көзімді жеткізу үшін, тез арада келіп,
өз
аузыңнан түсіндіруіңді талап етемін. Егер келмесең, беті шіркеулі
болғандықтан
келмеді деп есептеймін. Әрине, мен сенің көңіліңді түсінем, бірақ әуелі
сабаға
түсіп, сосын қолқаңның орындалғанын дәметкен жөн ғой. Алайда, өзің
сыйластық
дәмете тұра, ханмен терезең тең кісідей тайталасып жүріп, кімнен шарапат
күте
алмақсың?, Жарайды, бұдан көп жазу әдепке жатпас" (Бұл да сонда. 21-б.).
Бұндай жауаптан соң, ханды іздеп бару құрулы қақпанға жүгірумен барабар
еді. Ал
бармау - ашық сайысқа шақыру еді.
Шегінетін жер қалмады. Исатай қасына жігіт жия бастады. Соны пайдаланған
Қарауыл қожа "Исатай ханды өлтірем депті" деген қауесет таратады. Ол
Жәңгірдің құлағына жетеді. Хан 1836 жылдың 17 наурызында Исатайды, Ұса
Төлегеновты, Махамбет Өтемісовті, Тінәлі мен Үбіні Ордаға айдап әкелуге
бұйрық
берді. Қарауыл қожа Беріш, Адай, Тама ауылдарынан 522 кісі жинап, Исатай
қосынына аттандырды. Исатай да қол қусырып қарап отырмай, 200 жігітімен
ауылын
шыр айналдыра ор қазып, топырақ үйіп қорғана бастайды. Қарауыл қожа 4
сәуірде
жолға шығып, "қатын-баланы қорқытып қайтеміз, Қиялы моласына келсін"
деп, Исатайға адамдар жіберді. 200 жігіт сонда аттанды. Тұтқындалмақ бес
кісі
дулыға, сауыттарын киіп, алға шығып, Қарауыл қожаны жекпе-жекке
шақырады.
Қарауыл қожа ауылына кері қайтып, қасындағы жігіттерді таратып жібереді
(Бұл да
сонда. 22-б.).
Сөйтіп, бұл жолы жекпе-жек болмағанымен, ұлы сайыс басталғалы тұрғаны
белгілі
еді. Исатай қаруға жүгінбек ойы жоқ екенін, бірақ Қарауыл қожаның
орашолақтығынан осындай болып шыққанын хабарлап, ханға хат жолдады. Бұл
оқиға
Исатайдың беделін көтерді. "Қарауыл қожаны ықтыратындай панамыз бар екен
ғой", - деп ойлаған жұрт Исатай ауылына ағылды. "Шешінген судан
тайынбастың" кебін киюге тура келді. Батыр Қарауыл қожамен қоса Балқы
бидің де қызметтен қетуін талап етіп, хат жазып, Қарауыл қожа оқиғасын
тергеуге
келген Сүйінішқали сұлтанның қолына ұстатты. Ол 12 күннің ішінде бір
жауабын
жеткізуге уәде берді. Бірақ, жауап болмады. Исатай ханның бұл оқиғаны
өзінің
абыройын түсіретін болған соң, Орынборға хабарламай жатқанын білді.
Бірақ,
қапысын тапса, аямайтынын түсінді. Жасағын көбейте түсті. Хан күйе
жақпай
тұрғанда, орыс әкімшілігінің жүзін жылытып қоюды ойлады.
Сол жылы мамыр айында Жайық казак әскері полкінің жүзбасы Донсков қазақ
арасында солдаттықтан қашып жүрген орыс, татар, башқұрттарды ұстауға
шықты.
Ондайларды паналатып, малай қылып алуға, әсіресе, Қарауыл қожа мен Балқы
ауылдары үйір еді. Донсков өзі ұстаған қашқындарды Құлпы бекінісіне
көлікпен
жеткізіп беруге Исатайдан көмек сүрады. Батыр бұған қуана келісті.
Жол-жөнекей
оларға 70- 80 қарулы кісі килікті. Сөйтсе, олар айдалып бара жатқан өз
малайларын айырып алып қалуға жұмсалған Қарауыл қожа мен Балқының
адамдары
екен. Олар бұл жолы да қапы соғып қалған соң, Исатайдан қайткен күнде де
өш
алуды ойлады. Іздегенге сұраған дегендей, алдында ғана Исатайлар болып
кеткен
бір ауылда төрт күннен соң Күшік Жаппаров деген шал жауын кезінде
найзағай
түсіп өледі. Соның ажалын Исатайға жаппақ болады. Оны отарынан бір қой
бермегені үшін Махамбет қамшымен ұрып өлтірді деп, жоғарыға арыз жазады.
Бұдан
хан төңірегінің Исатай маңының көбейіп, айбыны аса түсуін Махамбеттің
барып
қосылғанынан көре бастағанын байқаймыз. Бұл - жалғыз Исатайды ғана емес,
Махамбетті де қармаққа іліктірудің қамы еді. Олар бұны да қанағат
тұтпай,
Исатаймен қарым-қатынасы бар ауылдардың соңына түседі. Жәрмеңкеге апарып
малдарын сатуға да рұқсат бермейді. Ел арасын Исатай мен Махамбет ханды
өлтіргелі жүр деген лақап кеулейді. Бұндай жағдайда қол қусырып қарап
отыруға
болмайтынын жақсы білетін Исатай Қ.Жаппаровқа байланысты өзіне жала
жабылып
отырғанын айтып, Жайық казак әскері атаманына хат жазады. Ол оны
Перовскийге
жөнелтеді. Махамбет Исатайға: "Бұнымен де тынбай, Жәңгір ханға барып,
Қарауыл қожа мен Балқының барлық былықтарын өз аузымен айтып беру
керек",
- деген кеңес береді.
Жалғыз барса, қамап қоятынын біліп 17 адам ере жүреді. Жол-жөнекей ел
арасына
жар шашып отырады. Оның соңына ерген топ көбейе түседі. Хан тарапынан
қастандық
жасалса, қапы қалмас үшін бес қаруын асына шыққандар да табылады. Жазғы
жайлауында
жайбарақаттау отырған хан мынандай аяқ асты хабардан қатты қобалжыды.
Хан
кеңесі қара нөпірді орта жолдан кері қайтаруға кеңес береді. Жәңгір
Астраханнан
казактарды шақыртады. Сұлтандардың бірінен соң бірін Исатайдың алдынан
шығып,
сөйлесуге жұмсайды. Батыр әкеле жатқан хатын сұлтандарға тапсырып,
қолхат алып,
атының басын кері бұрады. Он екі күн ішінде жауап берілетіні уәде
етіледі.
Жәңгір жауап берудің орнына Шекара комиссиясына шағымданады. Бұрын
К.Жаппаров
өліміне байланысты жауап беруден жалтарып келмей қойған Тайманов
қасындағы
Махамбет Өтемісов деген "тәртібі жаман бұзылған адамның" айтқанына
еріп, қарулы қарақшыларын бастап, есауыл Бабажановтың үстінен арыз
айтамыз
дегенді сылтауратып, ханға қарсы жорыққа шығып, бұрын-сонды болмаған
өрескел
күш көрсету әрекетіне барды деп хабарлайды. Тайманов пен Өтемісовті
бүндай
бағынбаушылық және бүлікшілік әрекеті үшін қол-аяқтарына кісен салып, ел
арасын
бүлдірмеу үшін Төменгі Жайық шебінде қалдырмай, Орынборға айдап әкетуді
өтінеді. Болашақта бұндай бассыздық қайталанар болса, қарауындағы 3
офицер, 175
жауынгерден тұратын шағын әскери топты өз бетімен пайдалануға қақысының
бар-жоғын сұрайды (Народно-освободительное движение казахов в 1836- 1838
годах.
А., 1992. 73-74-бб.).
Жәңгірден жауап болатынынан күдер үзген Исатай оқиғаның жәй-жапсарын
түгел
баяндап Шекара комиссиясына хат жазады. Бөкей Ордасындағы жағдайға
ерекше көңіл
бөліп, жүгенсіз езгіге түсіп отырған жұрттың көзсіз ашуға мініп, заң
бұзып
алмауына қам жасау керектігін ескертеді. Істің егжей-тегжейін ел арасына
келіп
тексеруге тілек айтады. Перовский хатқа үлкен мән берді. Оны, расында
да, ел
арасына барып тексеру керектігі жөнінде бұрыштама соқты (А.Ф.Рязанов.
30-31-бб.). Бірақ, Петербургқа хабарлап, дүрліктірмеу керек деп тапты.
Алайда, бір
күні патша Перовскийдің неге үндемей отырғандығы турасында сұрау салды.
Сөйтсе,
Астрахан губернаторы Тимирязов онымен кеңеспей, Жәңгірге көмек
жібергенімен
тынбай, Азия комитетінің төрағасы Родофиникинге хабарлапты. Ол
министрге,
министр императорға шығады. Бұл, әрине, Перовскийдің шамына тиеді. Ол -
аталмыш
кикілжіңнің Ішкі Орданың ішкі шаруасы екендігін, соған қарамастан
Астрахан
әкімшілігі жүзеге асырған әрекеттерді басқаның шаруасына қол сұғу деп
қарайтынын ашық мәлімдеді. I Николай бұған қүлақ асып, Тимирязевке
тиісті
ескерту жасады (Бұл да сонда. ЗЗ-б.). Сөйтіп, екі губернатордың арасына
араздық
түсті. Перовский Жәңгір тарапынан түсетін арыз- шағымға салқын қабақпен
қарайтынды шығарды. Оның хатын Жайық казак әскері атаманы Покатиловқа
жөнелтті.
Ол Шекара комиссиясымен ақылдасып, старшина Сиротинин мен есаул
Өзбековті ел
арасына барып тергеу жүргізуге жұмсап, Тайманов пен Өтемісовтердің
айыптары
мойындарына қойылса, дереу тұтқындап, хан үстінен шағым айтылса, оған
әзір
құлақ аспау тапсырылды (Бұл да сонда). Тергеушілер Атырау жағасындағы
балықшы
батағаларының бірінде жұмыстарына кірісті.
Ол тергеуде берілген жауаптардың бір тобы 1992 жылы Алматының "Ғылым"
баспасы шығарған "Қазақтардың 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық
қозғалысы" дейтін жинаққа енді. Олардан Шеқара комиссиясының нұсқауы
мүлтіксіз орындалып, істің бір жақты қаралғанын аңғару қиын емес.
1836 жылдың 7 желтоқсанында Исатай мен Махамбет қарауындағылар қорқып
дұрыс
куәлік бермей отырғандықтан Қарауыл қожа Бабажановты қызметінен
алыстатуды
талап етіп хан депутаты Медетқали Сығаевқа арыз берді. Хан ол талапты
қанағаттандырмапты. Соны пайдаланған Қарауыл қожа Исатайға "Кетепов,
Бояров, Жантоқовқа жәбір көрсетті, Жайық казагы Мурзаевтың қаруларын
тартып
алды" деген жаңа айыптар тақты. Жәңгір Перовсқийге Исатай мен
Махамбеттің
Қарауыл қожа, Балқы, басқа да қол астындағы ауылдар мен азаматтарға
жасап
отырған қысымын айтып, өзінің Астраханнан тағы да көмек сұрауға мәжбүр
болғанын
мәлімдеді (Бұл да сонда. 34-б.).
Исатайдың Жәңгірге хат тапсырып оралған соң, ауыл аралап Жайық казак
әскері мен
сұлтандар иелігіне ауысқан жерлерге көшіп алуға, Қарауыл қожаға қарсы
шығуға
шақырғаны рас еді. Өзі Жәңгір тартып алған бұрынғы қонысына қайта көшіп
барған-ды. 1836 жылғы қазанда оған қасында жиырмадан астам ауыл еріп
жүрді
(В.Ф.Шахматов. Аталмыш еңбегі. 151-б.). Ханға да, Қарауыл қожаға да,
сұлтанға
да бағынбады. Қазақтар арасындағы дау-шарды өзі шеше бастады.
Қашқындарды енді
өз панасына алды.

Жер туралы әңгімесі ұнаған ауылдар Исатай маңына шоғырланды. Оларды қайта бездірмек
болған хан жағындағы старшындар Исатайға жақтас ауылдарға аламаншылықты
күшейтті. Оған ерегіскен Исатай жігіттері байлар мен старшындардың іргесіне
тыныштық бермеді. Өзара барымта қайта күшейді (Бұл да сонда. 152-153-бб.).
Жағдайдан тіксінген Сиротинин мен Өзбеков Гурьевке безіп кетті. Исатай мен
Махамбет Астраханға барып арызданды. Покатиловтың қатаң әмірімен Сиротинин мен
Өзбеков ақпан айында Нарынға қайта оралды.
Бірақ, Исатай олар қанша шақыртса да бармады. Оны көріп басқа куәлар аяқ
баспады. Енді Исатай маңындағылар тек хан, сұлтандар ғана емес, орыс
ұлықтарынан да қыңбайтынды шығарды. Исатай мен Махамбет қастарына отыз- қырық
жігіт ертіп, ауылдарды аралап, жұрттың арызын қарады. Жазықтыларды жұрт көзінше
қатаң жазалады. Бұл халықтың оларға деген ырзалығын, хан мен сұлтандарға деген
ызасын арттырды (А.Ф.Рязанов. Аталмыш еңбегі. 38-б.). 17 ақпанда Исатайды ұстап
алып, Орал қаласына жеткізу туралы бұйрық келді. Оны орындау мүмкін емес еді.
22 ақпанда жаңа тергеушілер Бородин мен Мизинов іске кірісті. Исатай қүшейген
сайын Орынбор үрейлене түсті. 30 наурызда Поқатиловқа қандай жолмен болса да
Исатай мен Махамбетті ұстап алып, әскери сотқа беру тапсырылды. Атаман
К.Жаппаровтың ісін сылтауратып, Исатайды Глинянскіге келген жерінде ұстап
қалуға шешім қабылдады. Батырлар бекініске бармай, тергеушілердің Шолақ құмға
келуін талап етті. Шолақ құмға жіберілген Мойнақ Сейітовты Исатай жігіттері
соққыға жығып, енді ханға бағынбайтындарын айтады. Тергеушілер бастарымен қайғы
болып, 26 мамырда Оралға қайтып кетеді (В.Ф.Шахматов. Аталмыш еңбегі. 155-б.).
Сұлтан Шокиннің "Исатайдың қонысы ешкімге бағынбайтын өз алдына
республикаға айналды" деп жүргені сол түс еді (Бұл да сонда. 153-б.).
Жәңгір хан Исатаймен өзі ұстасуға қорықты. Ереуілшілерді орыс қаруымен басқанды
қалады (А.Ф.Рязанов. Аталмыш еңбегі. 40-б.) - Генс әскери шараларды қолдамады.
Перовский де соны қуаттады (Бұл да сонда. 39-б.). Көтеріліс өрши түсті.
Байбақты рубасшысы Жүніс Жантелин де 200 жігітімен атқа мінді. Айғырқұм мен
Өзен бойындағы ата қоныстарын құдасы Шынғали Ормановқа тартып алып берген
Жәңгірге қарсы айқасқа шақырды. Мамыр айында Исатай батырға қосылды. Бұны
естіген Шекара комиссиясы ханның байбақтылардың жерін тез арада қайтып беруін
талап етті. Жәңгірдің ол бұйрықты орындамасқа шарасы қалмады. Бұл ереуілшілерді
қанаттандырды. Мамыр аяғында Жүніс пен Исатай бас қосып, 500 жігітпен Жәңгірге
"бітімге баруға" келісіпті делінеді. Бірақ, 26 мамырда Балқы
Құдайбергеновтың Исатай ауылын шапқаны оларды бұл ниеттерінен айнытып тастайды.
Исатай Жәңгірден біржолата ірге ажыратып, старшындарына бағынатын башқұрттар
сияқты өз алдына кетуге бел буады (Бұл да сонда. 41-б.). Бұл туралы Покатилов
Исатайды жақтап жазғанына қарағанда, Жайық казактарының жаңа бір әдіске көше
бастағаны байқалғандай. Енді олар Ішкі Орданы да ру-руға бөліп, ыдыратып
жіберуді көздеген тіміскі әрекеттер жүргізе бастамады ма екен деген ой қашады.
Әйтпесе, Исатайдың ауызына "башқұрттар өнегесі" түсуі тектен-текке
емес шығар.
31 мамырда Жәңгір жағдайды өз аузынан баяндауға Орынборға аттанады. Оған ол
кезде Ұялыда жүрген Исатай мен Жүніс қоныстарының үстімен өтуге тура келетін
еді. Бірінші маусымда Көлтоғанға жетіп қонғанда, анадайдан 200 жігітімен
торуылдап жүрген Исатайды көреді. Ертеңіне ол бір шақырым жерде тұсынан өтіп бара
жатқан хан шеруіне қарап тұрады. А.Ф.Рязанов: "Бәлкім, Исатай ханмен
келісімге келгісі келген шығар. Бірақ, Жүніске ұқсап, өзі ұсыны жасамай, ханның
рай танытуын күткен шығар", - дейді (Аталмыш еңбегі. 42-б.). Шамасы, бұл,
хан қайтер екен деген қыр көрсету болуы мүмкін. Жәңгір бұны өзіне қарсы қару
көтерген қылмысты әрекет деп бағалағаны белгілі (Бұл да сонда. 50-б.).
Ол кезде Исатай мен Махамбет ауыл-ауылды аралап, жұртты Жәңгір ханға қарсы
жаппай көтерілуге үгіттеп баққан-ды. Кейбір көнбегендерге күш те қолданылған-ды
(Бұл да сонда). Ал, Жәңгір Исатай мен Махамбетті ұстап әкелуді талап етті.
Перовский Покатиловтан бұны "далаға қарулы кісілер жұмсамай" жүзеге
асыруға әмір етті. Покатилов екі батырды қалай ұстаудың амалын таба алмай басы
қатты. Бұл кезде Исатай Балқы бидің ауылын шауып өшін қайтарды. Тек онымен
шектелмей, қалған дұшпандарынан да өш алып бақты. Сөйте жүріп, Перовскийге жаңа
үндеу жазып, оған 600 кісінің қолын қойғызды. 1837 жылдың 11 шілдесінде
жазылған бұл құжатта халық басына түсіп отырған тауқымет туралы таусыла
айтылып, соның бәріне жауап беруге тиіс Жәңгір Бөкеев жеріне жеткізе
айыпталады. Одан құтылу үшін қазақтар Жайықтан әрі асып, босып кетуге де, тіпті
казак қатарына кіруге де пейіл екендігі мәлімделеді. Жайық бойы қызметші қауымының
қатарына іліктіріліп, Император тақсырға жәрдем етуге сенім көрсетілсе,
Ново-Александровск бекінісі секілді шалғай жерлерге жорықтар жасауға да әзір
екендіктері айтылады. Ресейдің адал бодандарына тән жанқиярлықпен қызмет етуге
уәде етіледі. Тек, барлық жағдайда да Беріш руының старшинасы Исатай
Таймановтың қол астында қалдырса, қандай міндет, қандай талап та мүлтіксіз
орындалатынына сөз беріледі. Оған 615 адам қол қойып, хан мен сұлтандар жасаған
зорлық-зомбылықтардың тізімі тіркелді. А.Ф.Рязанов қазақтардың арасында ешқашан
Жайық бойы қызметші адамдарының, яғни казактардың қатарына өту ниеті байқалып
көрген емес, бұл Исатайдың далаға жазалаушы әскер жіберуі ықтимал орыс өкіметін
жаңылыстыру үшін жасаған айласы деп түсіндіреді, Жәңгір де жоғарыдағылардың
осылай түсінуін өтінеді. 1827 және 1829 жылдары қазақтарды қазақ қатарына алады
екен деген лақаптың өзінен халықтың қалай дүрліккенін дәлелге келтіреді. Бұның
бәрі Исатайдың қайткенде де ханның қол астында болмауды көздегендігінің
көрінісі екендігін мойындайды (Бұл да сонда. 43-45-бб.).
Расында да, бұл жылдары Нарын даласында "қос өкімет" орнап еді. 1837
жылы даланы картаға түсіретін топографтар кезіп кетті. Соған байланысты Орда
екіге бөлініп, бір жағы Жәңгірге, бір жағы Исатайға беріледі екен деген өсек
шықты. Екінші жағынан, топографтарды қоршап жүрген әскери команда жұртты да,
Исатайды да сескендірді. Исатайдың қолындағы ауыл мың үйге жетті. 600 адам қару
асынып жүрді. Бұдан өкімет те секем алды. Төменгі Жайық шебінің командирі
Акутин Исатайды өзіне шақырды. Исатай өзінің де, былайғы қазақтардың да
"өз бостандығынан айырылып қалмауы үшін" бұндай шақыруға бара
алмайтынын мәлімдеді. Ал, Махамбет: "Менің бұл бетте үйім де, күйім де
жоқ. Орыстарға барғанша, Жайықтан әрі өтіп кетпеймін бе?" - деп ашық
айтты.
Жәңгірдің де мазасы кетті. Біраздан аңыс аңдап үнсіз жатқан ол қайтадан хат
жаудырды. Көтерілісті қарумен басудан басқа жол жоқ екенін қайталап бақты. Ол
үшін мамырда Орынборға кетіп бара жатқан өзін Исатайдың қарулы қолмен
торуылдаған қылмысты әрекеті де жеткілікгі заңды негіз бола алатынын еске
салып, тағы да сондай 18 оқиғаны атап көрсетті. 2 қырқүйектегі хатында
Исатайдың ісін есаул Сумкинге тексертуге қарсы болды. "Мен Сумкин мен
Исатайдың жақын таныстар екенін білемін. Ең бастысы, жайықтықтар Ішкі Орданы
жер мәселесіне және менің олардың үстінен айтқан шағымдарыма байланысты
жақтырмайды. 1828 жылғы Жайықтан қазақтарды көз жұмбайлықпен өткізген көп
офицерді қайтадан қарапайым казак қылдырғанымды айтсам да жеткілікті", -
дейді. "Мен Исатайдың шағынған арыздары мен қағаздарын кім және қайда
жазылғанын анықтауды қалаймын, сонда шын заң бұзушылардың зұлымдығы ашылар
еді", - дейді (Бұл да сонда. 50-б.). Бұл Исатайдың бүлігіне Жайық
казактарының астыртын араласы бар деген сөз еді.
Покатилов Жайықтан әрі өтуге тырысқан ауылдарға қарсы зеңбіректі де қолдануға
рұқсат берді. Перовский де Ішкі Орда жағдайына қатты аландап, "алты жүздің
арызына" байланысты тиісті міндеттер жүктеді. Қол қойғандардың бір тобына
жазбаша жауап берді. Исатайдың өзіне келуін өтініп, хат жазды. А.Ф.Рязанов ол,
шынымен де, хан мен батырды бітістіргісі келді десе (Аталмыш еңбегі. 45-б.),
В.Ф.Шахматов губернатор Исатайды шақырып алып, қаматып тастауды көздеді деп
санайды (Аталмыш еңбегі. 162-б.). Алайда, губернатор басқа емес, атаман
Покатиловқа қасына әскер ертпей, Исатайға өзі аяқтай барып, арнайы шақырып
келуге кеңес берді. Покатилов Исатайдың келе қоятынына сенбей, алдымен Акутинді
жұмсады.
"Мен айтылмыш жерге келгенде, сіздің берген нұсқауларыңыздың нәтижесін өз
көзіммен көрдім", - деп жазады өз сапары жөнінде Покатилов. "Тобыр
тарай бастапты. Тіпті Таймановтың төңірегіндегі старшындар да азайыпты. Мен
алдымнан шығып жолыққан қазақтарға істеп жүрген қылықтарының қаншалықты қатерлі
екенін, Таймановтың тілін бекер алып жүргендерін айттым. Сөйтіп, өзім де қырға
аттандым. Ротмистр Акутинді менен бұрын барып, Таймановпен сөйлесіп, көндіріп,
алдымнан алып шығуға жұмсап жібердім. Тайманов әуелі бас тартыпты. Акутин онсыз
кетпейтінін айтыпты. Сонда Исатай: "Егер зорлыққа баратын болсаң,
қол-аяғымды байла да, алып жүре бер", - депті. Артынан бірге жүретін болып
келісіпті. Қырық шақырымдай шыққан соң, қараңғы түсіпті. Сол кезде Исатай
серіктерімен аттың басын кері бұрып, шаба жөнеліпті. Акутин қуып көрген екен,
жете алмапты. Біраз босқа әуре болған соң, шепке қайтып келеді. Исатайдың ауылы
шептен 150 шақырым қашықтықтағы Самал Айдар деген жерде екен. Қасында 300-ден
аспайтын адам бар. Одан көп қара-құранды ешқайдан кездестірмедім". Бұдан
кейін Покатилов Исатайдың қасындағы қара-құраң азаяр, сол кезде ұстау оңайырақ
болар деп, біраз күтуге бел буыпты.
Исатай ауылына қайтып келген соң, губернаторға хат жазып, бара алмайтын
себептерін айтыпты. Соның арасында Қарауыл қожа Бабажанов қарулы адамдар ертіп,
ел тонап жүргенін, бұндай жағдайда ауылдарын тастап кете алмайтынын да
мәлімдепті. "Біздің халық бауыр бауырға сенбейтіндей күйге жетті".
Сондықтан, бейшара жағдайымызды түсініп, халық қасіретін жан-жақты зерттей
алатын адам жіберуді, атап айтқанда, подполковник Дальді жұмсауды өтініпті.
Бұған қарағанда, Исатайдың казак орыстармен араласы бар деп жүрген Жәңгірдің
сөзі текке айтылмаған сияқты. Орынбор әкімшілігіне бұл хаттан бірнеше күннен
соң Исатайдың Акутинмен кездесуі жан-жақты баяндалған екінші хат түседі
(А.Ф.Рязанов. Аталмыш еңбегі. 50-51-бб.). Онда Акутиннің бір топ казактармен
келгенін және маңайда торуылшы әскерлер жүргенін көріп, Бабажановтың
"орыстармен бірге ойрандарыңызды шығарамыз" деген қоқан-лоқысы еске
түсіп, артындағы ауылының тағдырын ойлап, орта жолдан қашып кеткенін айтыпты
(Бұл да сонда. 52-б.).
Бұл Исатай тобын бұрынғыдан бетер біріктіре түссе, Жәңгір тобын одан әрмен
үрейлендіре түсті. Ол Орынбордан да, Астраханнан да тездетіп әскер жіберуді
сұрады. Исатай өкімет орындарын өзінің адалдығына үсті-үстіне сендіретін хаттар
жаза отырып, Жәңгірден барлық өшін түгел қайтарып болған соң Жайықтан әрі өтіп
кетудің жолдарын ойластырды. Жәңгірдің төңірегінде қайрат қылып жүрген жалғыз
Қарауыл қожа еді. Ол Исатайға іш бұратын ауылдарды ат құрғатпай шабуылдап
бақты. Исатай жоғарғы жақты ол жайында да егжей-тегжейлі құлақтандырып, өзі
Қарауыл қожадан өш алуға аттанады. Қас дұшпанының өзін таба алмай, ауылын тонап
қайтады.
Генерал Перовский Исатайға 18 қырқүйекте тағы бір хат жазып, өз еркімен келіп
жолығуын талап етіп, әйтпесе, қылмысқер деп тауып, күш жұмсап ұстауға мәжбүр
болатынын мәлімдейді. Жәңгірге хат жазып, Қарауыл қожаның тәртібіне мән беріп,
өзін қызметтен алуды тапсырады. Покатиловқа дереу қырға аттанып, Исатай мен
жақтастарын тұтқындауға әмір етеді. Сыртқы істер министріне Бөкей Ордасындағы
тәртіпсіздіктің белең алып бара жатқанын, әскери күш қолданудан басқа амал
қалмағанын баяндайды (Бұл да сонда. 53-54-бб.).
Қырға жіберілген Покатилов жасағы Нарын шағыддарынан кезіккен әр қазақтан бір
жөн сұрап, олар жұмсаған жақтан Исатайды таба алмай, біраз салпақтайды. Ақыр
аяғында Тауасар деген жерде мылтық, найза, қылыш, балта, сойыл - қолдарына не
түссе, соны ұстаған үш жүздей қарулы топты кезіктіреді. Бірақ олардың арасында
да Исатай жоқ болып шығады. Олар Жәңгірден, хан-сұлтандардан, Қарауыл қожадан
көрген зорлық-зомбылықтарын айтып шағынады (Бұл да сонда. 55-б.). Бұл жайында
Покатилов Перовскийге Исатайдың хан мен төңірегінен жәбір көргендерді жиып
алып, күшті күшпен тойтарғысы келіп жүрген адам деп мәлімдейді. Ақырында Исатай
өз-өзінен баз кешіп, орыстарға берілуге кетіпті деген хабарды естіп, Покатилов
Глинянск бекінісіне қайтады. Бірақ Исатай ол тарапқа да бас көрсетпей қояды.
Қайта ол мың кісілік қолмен Тәуке, Медет, Қуаныш, Айдалық сұлтандардың ауылын
тонап жүргені дүңк-дүңк естіле бастайды. Шөке Нұралиев, Тәуке Бөкеев, Жанбөбек
Биғалиевтердің Исатай ауылдарымызды шауып, өздерімізді тұтқындап әкетпек деп
дабыл қаққанына көп болған. Енді сол шын болуға айналды. Покатиловтың босқа
салпақтап құр қол қайтқаны ереуілшілерді бұрынғыдан бетер жігерлендіріп
жібереді (Бұл да соңда. 56-б.).
Жәңгір бұрынғыдан бетер байбаламдай бастайды. Исатайдың жанұясын аманатқа алуға
ақыл қосты. Қарауыл қожаны Покатиловтың қарауына жіберді. Ел арасын неше түрлі
өсек кеуледі. Ереуілшілер мал-жайларын сатып, Жайықтан асып кеткелі жатыр екен
десті. Ана сұлтанның, мына сұлтанның ауылын шапқалы жатыр екен деп гуілдесті.
Халық қайсысының шын, қайсысының өтірік екендігін айырудан қалды. Біреулер
Исатай мың сарбазымен Хан Ордадан 60-70 шақырым жерде тұр екен десті. Сұлтандар
Глинянск бекінісіне барып тығылып, жан-жаққа үндеулер тарата бастады. Хан
ағайындарының кері оралуын талап етті. Олар құлықтары соқпаса да, құлақ асуға
мәжбүр болды. Покатилов жіберген барлаушылар Исатайдың Хан Ордадан 40 шақырым
жерде тұрғанын, қасында 1500 сарбазы барын баяндады. Тайманов ханға бітімге
адам жіберетінін, егер келіспесе, Орданы талқандап, Жайық асып кеткелі
жатырғаны туралы өсектер көбейді (Бұл да сонда. 58-б.).
Оқиғалардың бет алысы Орынборды да, Астраханды да, Петерборды да қобалжыта
бастады. Перовский көтеріліс аймағына айырықша тапсырмалар жөніндегі офицері
Гекені 400 казакпен жөнелтуге шешім қабылдады. Оған Исатай Таймановты, Махамбет
Өтемісовты, Ұса Төлегеновті, Имантай Қалдыбаевты, Сарт Еділевті ұстап,
қалғандарын қуып жіберу тапсырылды. Ол үшін қамшы мен сойыл да жеткілікті деп
саналып, оқ жұмсауға рұқсат етілмеді. Гекенің қол астындағы 400 казакті
Покатиловке қажетті азық-түлікті Жәңгір әзірлейтін болды. Бұл іске Қарауыл
қожаны жолатпауды әдейі ескертті. Орал мен Гурьев арасындағы шептегі күзет
күшейтілді. Геке 26 қазанда Глинянскі бекінісіне келді. Исатайдың 1500-2000
адаммен Хан Ордасын қоршап тұрғанын естіді. Ол жасағын күтпестен Ордаға
аттануға бел буды. Жұрттың айтуынша, Исатай қыс түсіп, мұз қатқанша уақыт ұту
үшін Жәңгірмен бітімге отырмақ, сосын не істейтінін өзі білмек. Геке 30 қазанда
Хан Ордаға келді. Исатай қосыны Ордадан сегіз шақырымдай жердегі Теректі құмда
екен. Үрейленіп отырған хан төңірегі Гекенің келгеніне қатты қуаныпты. Исатай
ханнан барлық сұлтандарды орындарынан босатуды талап етіпті. Геке келе сала
Исатайды өзіне шақыртып хат жазыпты. Хан Исатайдың көңіліне келіп қалмайтындай
қып, жұмсарта айтуды өтініпті. Геке оның тілін алмай, қасындағы старшындардың
да өзіне кеп жолығуларын талап етіпті. Олардан жеті кісі келіпті. Хан олардан
Исатайға ермеуді, ереуілді тыюды талап етіпті. Олар уәде бергенмен, сөздерінде
тұра қоймапты. Исатай шақырғанға келмепті. Геке Махамбет Өтемісовтің ағасы
Бекмұхамбетті Исатайға жұмсап, оның келсе, келгені, келмесе, бастығына
бағынбаған адам ретінде қатаң жазаланатынын, хан ара түскен соң, сөзін қимай,
ақырғы рет алдынан өтіп отырғанын айтып баруды тапсырыпты.
Геке Ордаға келген соң, мұңдағы жағдайдың Орынбордың ойлағанынан әлдеқайда қиын
екендігіне көзі жетіпті. Оған берілген 400 сарбазын Исатайды қазір Орда түбінен
қуып жіберуге жеткенімен, оны қуалап жүріп, қолға тусіруге аздық ететінін
ұғыпты. Ол Меркульевке Теректі арқылы келіп, Исатай қосынын басып алуды, ал
Горская бекінісіндегі әскерге тікелей Хан Ордасына келіп, өзімен бірге
Меркульевке көмекке аттануға бұйырыпты. Бұл арада да хан әңгімеге араласып,
өзін Ордаға жалғыз қалдырып кетпеуді өтініпті (Бұл да сонда. 63-б.).
Ұзақ уақыт Астраханнан да, Орынбордан да күткен көмегін ала алмай, екі аптадан
астам уақыт жер қайысқан қарулы қолдың қоршауында жалғыз қалған ханның бұл
қорқынышы түсінікті еді. Түсініксізі - кез келген уақытта оп-оңай жайрап
қалғалы тұрған Орданы Исатайдың Орынбордан әскер келгенше неге шаппағаны еді.
Соған қарағанда, Исатайда Жәңгір хан орындай алмай отырған талабымды,
Орынбордан келген әскер амалсыз орындатады деген аңғал түсінік ақырына дейін
болған сияқты. Оның көздегені сонда Жәңгірді түсіру емес, қасындагы Қарауыл
қожа мен сұлтандардың бәрін қызметтерінен қуғызып, орыңдарына халық сайлайтын
старшындарды, өз жақтастарын қойғызу болған секілді. Ондай жағдайда,
А.Ф.Рязанов айтқандай, Жәңгірдің қолындағы билікті шектеу қиын емес еді (Бұл да
сонда).
Расында да, екі апта бойы Хан Орданы қамап, Жәңгірді қорқытып, айтқанымызды
қылдырамыз деп, орыс әскери көмегі келіп қалады-ау деп сескенбегендеріне
қарағанда, бір кезде ханның Перовскийге ашық жазғанындай, орыс әскері
басшыларының арасында да Исатайды айдап салушылардың бар болғаны
аңғарылатындай. Біздіңше, зерттеушілер бұл мәселеге әлі де болса жеткілікгі мән
бермей келген. Исатайдың сол күңдердегі қылығынан Исатайдың хаңдық билікке
түпкілікті қарсы бола қоймағандығы, тек орыс ұлықтарынан тәуелсіздеу ханды
керексінгендігі, атап айтқанда, ұлттық автономия үшін күрескендігі байқалады
Деген А.Ф.Рязанов сөзінің жаны бар (Бұл да сонда. 64-б.). Алайда, бұл арада да
Исатай мен оның жақтастары мәселенің мән-жайына түгел қаныға қоймағаңдығы
байқалады. Сол күндердегі Махамбет пен Исатай арасындағы өткір талас та содан
туындап жүрсе қерек.
Бұған сол жылғы 2 қарашада 300 адамның қол қойып, Жәңгірге жазған хаты дәлел
бола алады. Олар Исатай мен Махамбетті кінәсіз деп есептейді. Қарауыл қожа
сияқтылардан қорлық көргендер жылап-сықтап соларға барды. Олар айтса,
бәріміздің тілегімізге тиісті ұлықтар құлақ асып, жағдайды түзейді деп сенді.
Сөйтіп, олар көптің ісі үшін күйіп кетіп отыр. Сондықтан, оларды орыс сотына
бермей, мұсылман заңы және қазақ әдет-ғұрыптары ережелері тұрғысынан тексеруді
өтінді. Сондай-ақ, елді осынша лаңға салып жүрген Қарауыл қожа сияқтыларды енді
билікке жолатпауды сұрады. Әйтпесе, Орда жағдайы түзелетінен әбден күдер үзіп,
орыс тарапынан алыс кететіндерін мәлімдеді (Бұл да сонда. 64-б.).
Бұл қүжатты жазуға сол кездегі қазақ, казак, орыс саясатшыларының араласы бар
болса, бар шығар, алайда, қазақ қауымының басым көпшілігі сол күндердегі
көңіл-күйін дұрыс жеткізе алғандығына күмән жоқ. Бірақ, А.Ф.Рязанов айтқандай,
ереуілшілердің бұндай талабына өз алдына билікші емес, орыс үкіметінің
қарауында отырған Жәңгір хан не жауап бере алмақ? Өзі өкімет жарлығын орындап
отырып, халық талабын қалай қанағаттандыра алмақ? Ол әлгі шағымды оқи
бастағанда көк желкесінде Ордадағы билікті оз қолына алып, көтерілістің ендігі
тағдырын өзі шешетін подполковник Геке қарап тұрды. Шын мәнінде, Исатай мен
Гекенің арасындағы делдалдық қызмет етіп тұрған Жәңгір хат иелеріне "қол
астындағы халықтың жазықсыз қырылмауына жоғарғы басшылықтың оң көзбен
қарауына" қолынан келгеннің бәрін істеп бағатынын айтты. Исатайдың хатына
да іс насырға шаппай тұрғанда жөн-жөндеріне тарап кетуге, орыс өкіметін күшпен
қорқыта алмайтынын айтып, енді дауды көбейтпей, бастары аман тұрғанда,
қасындағы топты ауылдарына қайтаруға ақыл берді. Ханның бұндай жауабы Исатайды,
әрине қанағаттандырмады. Жәңгірдің одан басқа амалы болмады. Ереуілшілерге
"Не өлім, не өмір" деп аяғына дейін айқасудан басқа жол қалмады
(Аталмыш еңбегі. 65-б.).
Исатайдың жағдайы мүшкіл екендігі енді сезілді. Жоғарыдағы автор дұрыс
байқағандай, Сырымды түгел Әлім мен Жетіру, Қаратайды түгел Байұлы, Арынғазыны
түгел Шекті қолдап қорғаған болса, Исатайға бірде-бір ру тарапынан ондай түгел
қолдау көрсетілген жоқ. Көпшілігінің тек наразы топтары ғана ілесті. Сол
себепті оларға да наразы топтар көп еді. Өйткені, ереуілшілердің де талайға
тырнағы батты. Ондайлар қарақалпақ, қалмақ, кондаур татарлар арасыңда да аз
емес еді. Бұл Астрахан губерниясында да қатты аландаушылық туғызған. Сөйтіп,
ереуілшілерге барар жер, басар тау қалмай бара жатты, Орыс үкіметі көтерілісті
күшпен басуға бет алды.
Исатай сол баяғы қалпы тұрған жерінде тұра берді. Бәлкім, бұған Исатайдың өз
ауылы қасында бірге жүргендегі себепші болған шығар. Ол қарашаның 5 пен 6-на
қараған түнде кенет орнынан қозғалды. Сөйтсе, Меркульев тобы батырдың өз ауылы
мен оны жақтайтын кейбір ауылдар қонып отырған Теректі құмына аяқ іліктіріпті.
Ол ауылдар үйлерін жығып, аяқ астынан теңізге қарай көше бастапты. Меркульев
сол ауылдардың соңынан салып, қырық үй бірге көшіп бара жатқан көшке жетіпті.
Исатайдың үйі де солардың арасында екен. Қуып жетқен әскер оларды дереу
қоршауға алады. Жаманқұм деген жерде аялдап жатқан оларды ереуілшілер қамап
алады. Жолаушы әскердің аттарын азықсыз қалдыру үшін жан-жаққа от береді.
Меркульев Исатайдың үйін сол арада қалдырып, кері шегінуге мәжбүр болады.
Перовский Гекеге Исатайға бұдан былай старшын деп емес, қарақшы деп қарап, оны
атып тастауға да рұқсат береді. Ал, Астрахан губернаторының ханға көмек
жібергенін есітіп, тағы да тұлынын түтеді. Геке хан төңірегіндегі үрейлері
ұшқан сұлтандар арасынан тек Шынғали Ормановты ғана таңдап алып, қазақ жасағына
бастық қояды (Бұл да сонда. 67-70-бб.). Бұл жасаққа бетке шығар ақсүйектер
түгел кірген еді. Оны басқарған Шынғали Орманов 1831 жылға дейін Кіші жүздің
батыс бөлігін билеген-ді. Қайыпқали Есімовтің түрмеден қашуына көмектесті деп
орнынан алынған-ды. Орнына Баймағамбет Айшуақов қойылған- ды. Уфаға жер
аударылған жерінен Жәңгір ара түсіп, өз қарауына көшіріп
алған-ды.
Геке 13 қарашада 700 казак, 400 қазақ сарбазы және екі зеңбірек алып Теректі
құмына беттеді. Соған жетіп қонып, ертеңіне Бекетай құмына тартты. Бірақ,
Исатай көрінбеді. Өртенген жерлерден басқа ереуілшілердің ізі де байқалмады.
Тек Тастөбеге жете бере қыр басында тұрған 500 аттыны көздері шалды. Олар
сескене қойған жоқ. Бірінші боп өздері оқ атты. Геке зеңбірекке доп салдырды.
Екі жақ та бір-біріне қарсы лап берді. Ереуілшілер жазалаушы әскермен жан
аяспай айқас салды. Зеңбірек картечпен оқталды. Ереуілшілердің талайы оққа
ұшты. Сонда да тайсалмастан ілгері ұмтылды. Алайда, зеңбірекке сүйенген
қазақтар тықсыра бастады. Жеті шақырым жерге дейін қуғанмен көтеріліс
басшыларының ешқайсысы қолға түспей, құтылып кетті. Бұл шайқаста оның бір
әйелі, бір баласы оққа ұшты. Көптеген мал-мүлік, әлденеше отбасы қолға түсті.
Тастөбе шайқасынан кейін көтерілісшілер жан-жаққа бытырап кетті. Көбі бастарына
күн туған жанұяларын тауып алуға тырысты.
Геке жан-жаққа шолғыншы топтар аттандырды. Бірақ, Исатайдың хабарын шығара
алмады. Олар Жайықтан әрі асып кетпесін деп, жер-жерге пикеттер қойылды.
Алда-жалда әрі өтіп кетсе, соңдарынан 200 казакпен Баймағамбет Айшуақов қуатын
болды. Көтерілісшілердің қолға түскен дүние-малы мемлекет пайдасына тәркіленді.
Таймановты тірі тауып әкелген кісіге 500 сом, өлігін тапқан кісіге 250 сом
бәйге жарияланды. Күні-түні жортуыл көп нәтиже бере қоймады. Тек, Қара Тоғай
Қарағай деген жерде орыс қосынына бір қазақ келіп, Исатайдың қасында Сарт
Еділев, Махамбет Өтемісов, Қалдыбай мен тағы да бірнеше көтеріліс басшылары,
қатын-балалары, бәрін қосқанда қырық шақты адам қалғанын, өзі осы манда
жүргенін хабарлады.
Ол рас боп шықты. Истомин тобы Бидай Даладан бес шақырымдай жерде 30 шақты
адамның қарасын көздері шалады. Жіберген барлаушылар енді көшкелі жатқан Исатай
ауылыньщ үстінен түседі. Жүктелген түйелерін тастап, аттарына қарғып мініп,
бет-беттеріне безе жөнеліседі. Исатай олардың соңына қуғын түсірмес үшін бір
өзі айдалаға қашады. Осы жаппай қуғын кезінде Махамбет қолға түсіп қала
жаздаған жерде астындағы құс жастығын жарып, келіп қалған қуғыншыларға қарай
мамық шашып, әзер құтылып кетеді.
Жазалаушылар Нарынды тегіс сүзіп шығады. Сөйтіп жүріп, Тастөбе маңында
көтеріліс көсемдерінің бірі Қабыланбай Қалдыбаевты кездейсоқ қолға түсіреді. Ол
Исатай мен Махамбетті тауып беруге уәде береді. Бірақ, Исатайлар қашып
құтылғанша ізшілерді әдейі адастырып, жол шиырлап жүріп алады. Оның айтқан
дерегі бойынша, Исатайдың 3,5 мың әскері болыпты. Ханмен бітіспек екен.
Бітіспесе, Жайық әскерінің қатарына өтпек екен (А.Ф.Рязанов. Аталмыш еңбегі.
76-б.). Тастөбе шайқасынан 11 кұн өткен соң, көтеріліс басшылары Қаныш моланың
басында кездесіп, Жайықтан әрі өтіп кетуге бел буыпты. Исатай ешкімге
жеткізбейтін екі атынан басқа дүние-мүлкін ешкім таба алмайтындай қылып, құмға
көміп кетіпті (Бұл да сонда). 4 желтоқсанда далада боран көтерілді. Геке
әскерді босқа қырып алмас үшін Жайық бойына оралды. Ол қыс кезінде іздеу жұмыстарын
тоқтатқысы келіп еді. Шынғали Орманов келіспей қойды. Ондай жағдайда Исатай
қайта бас көтеріп, Жәңгірді біржолата шауып алар еді (Бұл да сонда).
Перовский көтеріліске қатысқандарды түгел дүрелеткісі келді. Геке қарсы болды.
Ереуілшілер ауыл-ауылдарына тарап кеткен-ді. Оларды іздеу үшін ауыл- ауылға
бес-алты казактан жіберіп іздету керек еді. Ақ қар, көк мұзда өйтіп ел кезіп
жүрген әскердің өзінің нендей жағдайға ұшырары белгісіз еді. "Әр
солдатымыздың өмірі Ішкі Орданың бас бермей жүрген бүкіл халқынан әлдеқайда
қымбат", - деп жазды Геке (Бұл да сонда. 77-б.). Оның ұсынысымен Перовский
жалпы халыққа кешірім жариялап, көтерілістің шығуына бастамашы болғандардың
айыбын анықтауды әскери сотқа тапсырды.
Геке Нарыннан 11 желтоқсанда шығып, 13 желтоқсанда Кулагин бекінісіне келді.
Жайық бойындағы пикеттердің алынғанын сол арада есітті. Дәл сол қүні таңғы
сағат 4-те Исатай бастаған 38 адам Жаманқаладан 1 шақырым, Бақсайдан 11 шақырым
жерден Жайықтан мұз үстімен шығыс жаққа өтіп еді (Бұл да сонда. 82-83-бб.).
Сөйтіп, Бөкей Ордасындағы көтеріліс жеңіліс тапты. Оған қатысқандардың қолға
түскендерін Геке екі топға бөлді. Біріншісі - әншейін дүрмекке ергендер. Оларға
қамшымен дүре соғылып, Жәңгірдің қарауына жіберілді. Екінші тобы қолдағы
қаруларымен қолға түскендер. Олардың ісін әскери сот қарады. Ұса Төлегенов
мылтық сүңгісімен мың дүре алып, Сібірге айдалды. Р.Жәнібеқов мың дүре соғылып,
қара жұмысқа жіберілді. Құдайбеков, Қалдыбаев, Ысмайл Өтемісов, Жеделбай,
Сәрсенбайлар мың дүре соғылып, солдатқа алынды. Сұлтан Айшуақов тұтқындаған
Исатай жанұясы соның қарауына берілді. Подполковник Геке қолға түсірген
Исатайдың үйінен табылған бір арыздың (мазмұнына қарағанда, 1837 жылдың 10
шілдесіндегі 100 кісі қол қойған арыз. - Ә.К.) алғашқы нұсқасын Жәңгір хан 1838
жылдың 31 қаңтарында Шекара комиссиясына жөнелтті. Онда көптеген қолдар мен
мөрлер жалған болып шығыпты. Атымен старшын емес адамдар старшын деп
көрсетіліпті. Сондай адамдар Жайықтан әрі өтіп кету үшін бүкіл халықтың атынан
Жайық казактарының құрамына кіреміз деп өтініш жасапты-мыс. Осыдан-ақ бұл әлде
бір көлденең адамдардың көмегімен, ақылымен, құпия байланыстарымен істелген іс
екені көрініп тұр. Осындай жалған қүжатты тіркеуге алып, заңды ханға қарсы іс
көтеруге қолғабыс жасаған Жайық әскері басқармасы кеңсесінің тиісті
қызметкерлерін жауапқа тартуды талап етті (Бұл да сонда. 84-б.).
1838 жылдың басында Жайықтың батыс беті тыншығанмен, шығыс беті ереуілдей
бастады. Кенесары Торғай бойына келіп, Орта жүз руларымен қоса Кіші жүз руларын
дүрліктіре бастады. Табын Жоламан Тіленшиев "Ресейден ірге айырып"
Торғай бойына кетті. "Бүлікші қашқын" Қайыпқали Есімов Хиуа қол
астындағы қазақтардың ханы боп отырды. Хиуа мен Орынбор губерниясының
шекарасына жайғасқан шектілер арасы, А.Рязановтың тілімен айтсақ, "қазақ
үшін Запорожье Сечесіне айналды" (Бұл да сонда. 85-б.). Бұндай ортаға тап
болған Исатай мен Махамбеттің бірден жуаси қалуы мүмкін емес еді. Оның үстіне,
арттарынан Науша батыр қашып келіп қосылды. Орыс шебіне шектес жердегі алаша
арасында Сарбөпе батыр қашқындарға қатынасып тұрды (Бұл да сонда).
Бұл кезде Исатайдың алдында тұрған міндеттерді ол туралы бірінші болып көлемді
еңбек жазған А.Ф.Рязанов үш топқа бөледі. Біріншісі - Жайықтың арғы бетінде
қалған бала-шаға, ағайын-тумалармен байланыс орнату. Шығыс тараптан жаңа
одақтастар тауып, шекара шебін баса-көктеп, Жәңгірден өш алу. Екіншісі -
Қайыпқали Есімовтің ықпалындағы Адай, Шекті, Шөмішті Табындармен тізе қосыса
отырып, бүкіл қазақтың басын біріктіріп, ұлттық автономия үшін күресу. Үшіншісі
- орыс шекарасы бойындағы жәбір көріп отырған қандастарға қол ұшын беру (Бұл да
сонда. 86-б.). Әзірге бет-бетіне жүрген бұл үш топтың үшеуі де Исатай мен
Махамбетті өз жақтарына тартқылары келеді. Алғашқы екі топтың қызметі соңғы
топқа қарағанда белсендірек. Үшінші топтағылар әзірше сырттан тілеулес болудан
аса алмай отыр. Көктем туа Ішкі Орда қайта көтерілмек деген хабар шықты. Жүніс
Жантеліұлына әскери өкімет орындары тағы да назар аудара бастады. Покатиловқа
сенбей қалған Перовский қарауындағы офицер Данилевскийді Төменгі Жайық бойына
жұмсайды.
Данилевский Төменгі Жайық бойынан дүрбелеңдеп жатқан ештеңе көре қоймайды.
Исатайдың қайда жүріп, қайда тұрғанынан да көп жұрт хабарсыз. Баймағамбет
Айшуақовтың естуінше, ол Үстірттегі Қайыпқалимен көңілдес Есет Карипов деген
ағайынының ауылыңда жүрген көрінеді. Бұл арада айта кететін бір нәрсе, орыс
құжатында бірде Карипов, бірде Карин деп жазылып жүрген бұл Есетті Ә.Сарай
Хиуаны мекендеген Тумаштарға баласа, Б.Аманшин Исатайдың аталастары деп біледі.
Ал, ол шын мәнінде, қаратоқай Есет Қараұлы еді. Баяғыда Пугачев көтерілісі
кезінде Сырым, Саржала, Қара, Атақозы, Той Оғлы батырлардың Астрахан түбіндегі
қалаларды шауып, Еділден әрі өтіп, Кавказ беттегі қалмақтарға барымта жасауға
ұмтылып жүретіні белгілі (Русско-казахские отношения. II -том. 27-31. 36-бб.).
Сырым Датов - Байбақты, Саржала - Беріш, Атақозы Айтқұлов - Адай, ал, Той Оғлы
Сейітқұлов Нұралы ханның күйеу баласы Қарабай төре ұлысындағы Тұрмамбет
Басурманов (дұрысы Пұсырманов. - Ә.К.) деген рубасының қарауындағы ауылдың
қазағы дегеніне қарағанда Шеркеш болса керек. Ал, Қара Итемгенов - Қаратоқай
Беріштің әйгілі батыры. Беріштер Қара Итемгенов пен Адай Атақозы Айтқұловтың
орыс жазалаушы әскерінен қашып 1774 жылы ауылдарын мұз үстімен алып өтіп,
Маңғыстаудағы Айрақты тауына барып қыстағаны Пугачев көтерілісіне байланысты
Нұралы ханға келіп жолыққан майор Вагановтың рапортында көрсетілген (Бұл да
сонда. 56-б.). Кейін адайлар мен беріштерді Маңғыстауға апарып орнықтырған да
солар. Есет - сол Қарабатырдың ұлы, әрі би, әрі ақын. Ахмет Байтұрсынов пен
Мұхтар Әуезов тамсана мақтайтын: "Тауға біткен қайыңның солқылдар басы жел
өтсе, тоғайға біткен жоңышқа солғын тартар күн өтсе, еңкейіңкі тартады ер
қолынан мал кетсе, арбадан үркіп жаман ат ер салдырмас жал бітсе, Хан бұрылып
қараған, би бұрылып сұраған көркі болмас арудың екі он бестен жасы өтсе"
дейтін әйгілі толғаудың авторы.
Қуғында жүрген Исатай мен Махамбеттің Маңғыстаудағы Итемген ұрпақтарын іздеп
барып сәлемдескені, біраз уақыт олардың арасында тұрғаны тарихтан белгілі.
Ендеше, орыс құжаттарында ұшырасып қалып отыратын Исатайдың Хиуадағы ағайыны
Есет Карин - сол Есет Қараұлы еді. Данилевскийдің: "Исатай Қаратау,
Ақтауда жүр. Бөкей Ордасының қашқындары сол маңайға жиналып жатыр"
(А.Ф.Рязанов. Аталмыш еңбегі. 87-б.), - деуінің де жөні бар. Аталмыш көтеріліс
жаншылған соң талай Беріш шаңырағы жендеттердің құрығынан қашып, Қара батыр
тұсында Маңғыстау ауып кеткен қара тоқайлардың арасына келіп паналады. Олардың
жаңа қоныстары - расында да Ақтау мен Қаратау арасындағы жіңішке алқапта еді.
Ал, Есет Кариннің Хиуа жақта тұрады деп көрсетілуін қалай түсінуге болады?
Пугачев қозғалысына қатысқан қазақ рулары Суворов құрығына ұстатпау үшін Жайық
бойынан Үстірт пен Маңғыстау асып кеткен кезде бұл араларда Хиуа ықпалы мықты
еді. XIX ғасырдан орыс ықпалы күшейе бастады. Адайлар екі оттың ортасында
қалды. Әсіресе, Хиуа 1831 жылы Сүйінқара батырдың ауылын да сол орыс шебіне
қарай көшіп кеткендігі үшін шапқан-ды. 1834 жылы Ново-Александровск бекінісі
салынғанда қасында отырған Мая Анетов бидің, 1846 жылы Форт-Александровск
бекінісі салынғанда сол маңдағы Баймамбет Маязевтің ауылы шабылған-ды. Екеуін
де орыстарды шаппадың деп жазалаған-ды. Қараған түптегі теңіз жағасын жайлайтын
Шәбек батырды Атырау теңізінде балық аулап жүрген орыстарды ұстап ап, Хиуаға
әкеп сатса, хан қоямын деп азғырған. Шәбек әскерден қашқан астрахандық солдат
Стрельцов дегенді теңізге жұмсап, тұтқын алдырып тұрған. Ондаймен түбектегі
түрікмен қайықшылары да шұғылданған. Мәселен, 1839 жылы хиуалықтар 200-дей
балықшыны ұстап әкеткен (В.Ф.Шах-матов. Аталмыш кітабы. 212-б.). 1838 жылғы 5
саратанда Адай арасындағы молда Батырхан Шахмарданов та "Мағриб қысымының
войсковой старшын сұлтан Баймағамбет Айшуақұлына "Маңғышлақ тарапындағы
Адай халқының бас кісісі Жайық (Шәбеқ) баһадүр о һәм әрбір рулардан көп кісі
болып түрікпен халқының томпақ тайпасы, ғабдул тайпасы болып Қараған түп деген
иерден теңіз үстінен жетпіс орыс алыбдүр", -деп "ағлам етеді"
(Қазақтардың 1836-1838 жылдардағы халық азаттық қозғалысы. 68-б.).
Бұл - аталмыш кезеңде Хиуа ықпалының қаншалықты күшті болғанын аңғартса керек.
Хиуаны шектес Кіші жүз руларына әскер жіберіп, зекет жинатқан. Зекет бермеген
ауылдарды шауып кеткен. Маңғыстау қазақтары да көп уақытқа дейін Хиуа ханына
зекет төлеп тұрған. Шариғат бойынша, қай патшаға зекет төлесе, сол патшаның
бағыныштысы болып есептелген. Сол ретпен, Маңғыстау, Сыр бойындағы қазақтар
кейде хиуалық болып та есептелген. Жайық шебіндегілер, соның ішінде Ішкі Орда
қазақтары да Жемнен арғы жердің бәрін Хиуаның жері деп ойлаған. Сол себепті де
Маңғыстауда Ақтау, Қаратау арасында тұратын Есет Қараұлы кей құжатта Хиуадағы
Есет Карин болып көрсетіліп жүрсе керек.
Аталмыш кезенде Кіші жүздің көп рулары екі ұдай жүрді. Көбі Ресейге де, Хиуаға
да зекет төлеп, құлақтарының тыныштығын ойлады. Ал, Адай Сүйінқара, Шекті
Көтібар сияқты батырлар зекеттерін Ресейге төлеп, Хиуаға жақпай қалып отырды.
Табын Асау Барақ та Хиуа қойған хан Қайыпқали Есімовке" Орыс қойған хан
болсаң, зекетіңді ала бер. Өйткені, мен Ресейдің боданымын. Ал, бөтен патшаға
зекет төлейтін жайым жоқ", - деп араздасып қалып еді. Бірақ, Ресейдің
шекара шебіндегі жерлерінен алыстап, күнгейге ығысқан көп рулар өріс тарлығынан
Хиуаға кіріптар еді. Оның үстіне орыс отаршылдығының көпе-көрінеу зорлығын
көріп отырғандықтан қанша дегенмен мұсылман елі ғой деп Хиуаға
іш бұратын. Исатай көтерілісі күшпен жаншылған кезде қазақтар арасындағы мұндай
сезім едәуір күшейгені рас. Сырым Датов көтерілісі жеңілген кезде де солай
болып еді. Патша Бөкеймен бірге Еділ-Жайық арасынан жер беріп, бар жағдайын
жасайын деп тұрса да, Хиуа асып, ойлаған ісін жалғастырған. Одан бергі
Қайыпқали Есімов те солай еткен. Сырым жасағының қолынан 1797 жылы мерт тапқан
Есім ханның түңғышы әкесі өлгенде сегіз жаста қалып еді. Барлық бауырларымен
бірге әкесінің ағасы Бөкей қолына көшіріп алып еді. Тумай жатып естіген
"ханзада" атағы құлағынан кете қоймап еді. Жетім болса да, қып-қызыл
көмір шоғындай, көкірегінде қыз-қыз қайнап жатушы еді. Немере інісі Жәңгір тақ
мінген соң өз-өзінен қоздап, қаралай күйдіре бастады. Әсіресе, 1826 жылы
Мәскеудегі I Николайдың таққа отырған тойына қатысып оралған соң, Жәңгір
еқеуінің жолы бір түсе бермеді. 1827 жылы жұртты ханға салық төлемеуге, демек,
бағынбауға шақыра бастады. Өзен шебінің бастығы есаул Логинов Орынбор түрмесіне
айдап апарып салды. Жұрт бопсасына шыдай алмаған Жәңгір бір айдан соң босатып
алды.
Қөңілі бір қалған Қайыпқали бәрібір райынан қайтпады. 1829 жылы қайта ереуілдей
бастады. Атаман Бородин Ырсалы сұлтан екеуін әуелі Текеге, сосын Орынборға
апарып қаматты. Жыл өткен соң, күзетшілердің ауызын алып, түрмеден қашып шығып,
Жайықтың шығыс бетіндегі ауылдарға тығылды. Бес ай ішінде қасына қарайған қол
жиылды. 1831 жылы Маңғыстауда Сүйінқара ауылын Хиуа шапқанда, қолда кеткен
қатын-бала, тұтқын, малдарын қайтарамын деп, соңынан қуды. Көп жау еңсертпей
кетсе де, ниетіне риза болған қалың адай соңына еріп, қолпаштай бастады. Бопай
әжесінен қуып, нағашыларым деп, оларға бұл да еркеледі. Қарауындағы жұрт хан
көтерді. Орыстың жаңа реформасына ұшырап, Қаратай өкімет жағына шығып кетіп,
жаңа жүйеге көндікпей, ескі жүйені ұмыта алмай, екі ұдай жүрген Кіші жүз
арасындағы еңсе көтеріп шыққан ендігі тұлға сол болды.
Оның хан болам дегенін де ешкім ауырсынған жоқ. Хан баласы хан болмағанда, кім
болады десті. Екі дүркін түрмеден қашқаны да, екі дүркін тозақ отынан тірі
шыққандай аруақтандыра түсті. Кәпірлердің тауқыметінен тірі шыққан кісіні аруақ
қолдамағанда кімді қолдайды. Ата жолын аттап жатқан жоқ. Шариғат жолын қастер
тұтады. Тесік кемеге теріс мінгізіп жатқан мына заманда мұндай хан табылып
жатса, ол да шүкіршілік десті. Елдің бұндай ықыласына бөленіп, шаршысына тола
бастаған Қайыпқали 1836 жылы Қаракөл маңында құм арасында қыстап отырғанда сау
етіп бір топ бейсауат қонақ кіріп келді. Ішіндегі жүзін танитыны - Сырымның
Хиуада қалып қойған баласы Жүсіп. Хиуа ханы тарту-таралғысын жіберіп, қонаққа
шақырыпты.
Қыс көзі қыраулығына қарамай, ақпан айында қол астындағы рулардың басшыларын
ертіп Хиуаға барды. Аллақұлы хан құшақ жая қарсы алды. Екі жылдай Кіші жүз
арасында Хиуа ханының өкілі болып, Жүсіп екеуі зекет жиып беріп жүрді.
Бірен-саран қыржыңдағандарға күш көрсетіп те қойды. Асау Барақпен бет жыртысып
қалуы да сол себепті еді. Шөмішті табындар 600 адамымен зекет жиып жүрген
Қайбалды (Қайыпқали) қолына тап берді. Ол да, бірақ есесін жібермеді.
Аллақұлына айтып, 1500 түрікменді жиып барып, табындарды шапты. Енді шектідегі
Жүсіп Құлмановқа тиіскелі жүргенде, ол орыс шебіне қарай жылысып кетті.
Ново-Александровск бекінісінің комендантына айтып, орыстармен шырай түзетісіп алғысы
келіп еді, Шекара комиссиясындағылар әуелі өз аяғынан келіп, айыбын мойындасын
деп кергіпті. Ол Хиуаға бұрынғыдан бетер жақындаса түсті. Ендігі мақсаты - Кіші
жүз арасындағы Хиуаға ыңғайлас ауылдардан өз алдына хандық құрып алып, оған
орыстың жол-жорасын жолатпау. Шектідегі Көтібар, Есет, Дәрібай, Табындағы
Жоламан бой көтерулері ондай дәмесін одан әрі күшейте түсті.
Дәл осындай кезде тағдыр айдап Ішкі Ордадан Исатай мен Махамбет келе қалды.
Қайыпқали оларды бұрыннан білетін. Әсіресе, 1829 жылы Шыңғали Орманов екеуінен
жылы қабақ көрген Махамбет Қайыпқалидың көзіне оттай басылды. Бөкей үйінде
жүргенде Бабашағылда отырған Тайман мен балаларын да көйлекгің ішкі бауындай
көріп кеткен. Оның үстіне үшеуі де Жәңгірден жәбір көріп, жұртты ереуілдетіп,
елден қуылғандар. Бастарындағы бір хәл, көкіректеріндегі бір зіл. Олар тіл
табыспағанда, кім тіл табыспақ?! Шүйіркелесе ұшырасты. Оның үстіне Исатайдың
тапсырмасымен Алла-құлына жолығып келген Махамбет талай жәйтке қанығып қайтса
керек. Тізе қосысып бірге күресетін болды. Бұл енді Ішкі Ордадағыдан едәуір
бөлектеу күреске айналмақшы. "Ақсүйектер" мен "қара
сүйектер" арасындағы емес, отаршылдыққа мойын ұсынатындар мен мойын
ұсынбайтындардың күресі болмақ. Соған орай, хандық билікке байланысты көзқарас
та өзгермек. Отаршылдықтың сойылын соққан ханның басына ойнатқан әңгіртаяқты
хан атаулының бәрінің басына ойната беруге болмайды. Қандай халық болмасын өз
мемлекеті болмай ұлттық езгіден құтыла алмайды. Ұлттық езгіден құтылу үшін
ұлттық мемлекет керек. Ендеше өз ханың, өз мемлекетің болу керек. Өз ата
жолыңды, өз дініңді сыйлайтын өз билікшің болғанына не жетсін?! Олай болса,
күні кеше Ресей жазалаушы әскерінің көк сүңгісіне арқасын осқылатқан екі
көтерілістің екі көсемі екі бөлек күреспей, бірге күресуі керек қой. Бұл орта
күресте ханға да, қараға да орын жетеді. Бір кезде: "Исатай - басшы, мен -
қосшы", - деп Махамбет айтқандай, Қайыпқали мен Исатайдың біреуі басшы,
біреуі қосшы болуы керек. Бұл жақта да "хан ұлына қас болып, қара ұлына
дос болып", екі ұдай жүрсе, қазақ дұшпанда кеткен кегін ешқашан қайтара
алмас еді. Ондай бір-бірінің жағасынан алған екі ұдай халыққа ешкім де жарытып
көмек бере алмас еді. Ол кездегі қазаққа жуық маңында ондай жанашыр ел де жоқ
еді. Жан ашитын ел де белгілі бір жөнге жүгінбесе, бет алды қол соза салмайды.
Хиуа қол созса, шариғатқа сүйеніп қана қол соза алады. Шариғатқа қол созса, бір
кезде Қырым мәселесіне байланысты келісім-шартта Ресейдің өзі мойындауға мәжбүр
болғандай, мұсылман елінің ханы не мұсылман халифтың бекітуімен не бата беруімен
ғана заңды билікші бола алмақшы. Олай етпеген жағдайда билікші "патшаңа
қарсы шықпа" деген қағидаға иек арта алмайды. Халықтың өзі сайламаған,
шариғат жолымен бата алмаған ханға қарсы күрес, ол сойылын соғып отырған
отаршылдыққа қарсы күреспен бірге қарастырылады. Ондай күрес азаттық жолындағы
күрес болып табылады. Мұсылман жағдайында ондай күресті кәпірлерге қарсы
"ғазават" деп атайды. Ондай күреске көмек беру - Алла алдында парыз,
адам алдында сауап.
Хиуа ханы Аллақұлы "мұсылман Хорезм шахы" ретінде тек осындай жосынға
жүгініп қана қазақ көтерілісшілеріне көмектесе алар еді. Өйткені, ол суннит
мазғабының үмбеті еді. Ал, сунниттер билікке ие болғандарды тегін емес адамдар
деп есептейді. Демек, олардың сакральды беделін мойындайды. Шииттер тек
пайғамбар әулетінің ғана билігін мойындайды. Сондықтан, олар кез келген зайырлы
билікті уақытша билік деп түсінеді. Бірақ, сунниттер зайырлы жолмен келген
билікті мойындай отыра, оның Алла шарапатымен жарасуын шарт тұтады. Алла
шарапаты түскен жердегі өкіл - пайғамбардың орынбасары болып саналады, халиф
болып табылады. XVI ғасырда Аббас әулетінен шыққан халифтер билеп отырған
Египетті I Селим патша жаулап алғаннан кейін Халиф мәртебесі түрік сұлтандарына
көшіп еді. Түрік сұлтанының мұндай діни лауазымын 1774 жылы Күшік-Қайнар
келісімін, 1779 жылы соған байланысты түсінік конвенциясын жасасқан кезде Ресей
де мойындап еді.
1772 жылы келіссөз басталғанда II Екатерина Қырым хандығын тәуелсіз деп тану
мәселесін көтергенде түрік жағы өре түрегелген-ді. Бұрын да әлденеше рет христиан,
шиит елдері бейбіт түрде ірге ажыратып кеткен-ді. Ол кезде түріктер салқын
қандылық танытқан. Ал, алғаш рет өз қарауындағы суннит елін мұсылман халифіне
атымен тәуелсіз ел деп тану мәселесі көтерілгенде, ақылға сыймастай
көрінген-ді. Бұл шариғатқа қарсы екендігін дәлелдеген. Дүниеде халиф біреу де,
мұсылман халықтары мен елдері көп. Бірақ, олар халифтың жалғыз екендігін
мойындайды. Ендеше, одан тәуелсіз бола алмайды. Сондықтан, бұдан былай түріктер
Қырымның ішкі істеріне қол сұқпайды, бірақ ханын халиф бекітуге тиіс деп
санады. Түріктердің бұл талабымен Ресей келіспеді. Ақырында екі жақ Қырымның
ханын Ресейдің де, Түркияның да араласынсыз, халықтың өзі сайлайтын боп, ал,
Ресей түрік сұлтанының халифтік мәртебесін мойындайтын болып пәтуаласты.
Ал, 1774 жылы III Күшік-Қайнар келісімнің артикулында "татар
халықтарының" тәуелсіздігіне байланысты мұсылман ретінде олардың өздерінің
дінін әдет-ғұрыптарында мұсылман заңының Жоғарғы халифы аса-мәртебелі Сұлтанның
айтқандары мен заңдық кесімдерін саяси және азаматтық еркіндіктеріне
орайластыра құлақ асып отыратындықтары көрсетілген-ді. Алайда, шариғат бойынша,
халиф өз басы ешқандай билік иеленбесе де, мұсылман дүниесіндегі билік
атаулының түп иесі, қайнар көзі деп есептелетін де, билікші атаулыны өзі беркітіп
отыратын. Ресей бұл қағида хандық тәуелсіздікпен сыйыспайтын болғандықтан
келісе алмады. Алайда, 1779 жылғы "түсініктемелік конвенцияда"
"бекіту" деген термин "рухани бата беру" деген терминмен
алмастырылды. Сөйтіп, халық сайлаған "татар билікшілері" арнайы
хатпен өкілдерін жіберіп, Түрік сұлтанынан ең Жоғарғы халиф ретінде бата
сұрайтын болды. 1783 жылы Қырым Ресейге қосылған соң бата сұрау тармағы алынып
тасталды. Бірақ, сұлтанның Жоғарғы халифтік мәртебесі жөніндегі бапқа ешқандай
өзгеріс енгізілмей, сол күйінде қалды (В.В.Бартольд. Работы по истории ислама.
74-76-бб.).
1788 жылғы Бұқар аталығы Шах-Мұраттың қазақ қауымына жазған үндеуі де осы
әңгімелерден туындап жатқан-ды. Өйткені, алдында ғана түрік елшісі Хиуа мен
Бұқарда болып кеткен-ді. XIX ғасырда да бұл әңгіме аяқсыз қалған жоқ. Сөз болып
отырған кезде Орта Азияға бола ағылшын-орыс бәсекесінің өрістеуі аталмыш
әңгімелердің қайта тірілуіне әсер етті. Ол, әсіресе, Хиуа саясатшылары мен дін
басылары арасында өте күшті болды. Олар қазақ даласындағы саяси ахуалға
араласуды шариғат жолымен негіздеуге мүдделі болды. Ол үшін отаршылдыққа қол
жаулық болып отырған билікті мансұқтап, оларға қарсы күресті заңдастыратын
қағидалар керек болды. Біздіңше, Бұхара, Хиуада оқығандар ғана емес, Қазан,
Қарғалыда оқыған діндарлар да бұл әңгімеден аулақ тұра алмады. Қарғалы діни
орталығында оқу тауысқан Едіге Шерғазыұлының 1831 жылы Орынбор губернаторына
дейін дүрліктіріп Кіші жүз арасында таратып жүрген үндеулері соған дәлел бола
алғандай. Ендеше, отаршылдарға да, оларға кіріптар болып отырған ханға да
жұлдызы қарсы Махамбет те ондай ізденістерден атымен қалыс қала алмайды. Ол,
әсіресе, Ішкі Ордадағы көтерілістен соң Жайықтың Шығыс бетіне қайта өтіп, Кіші
жүз арасына қайта келгенде анық байқалған сыңайлы. Хиуа атырабына аяқ басқан
Исатайдың Аллақұлына өзі бармай, Махамбетті жіберуінде де сондай гәп бар
сияқты. Олай болса, Исатайдың Қайыпқалимен табысуына Махамбеттің және ол
жолыққан Хиуа ханы Аллақұлының ықпалы болмады дей алмаймыз.
Өйткені, Исатай Қайыпқали қозғалысына қосылды. Ал, Қайыпқали бұл күресті
Аллақұлының айтуымен және соған сеніп жүргізіп жатқан-ды. Оның мақсаты,
жоғарыда айтылғандай ата жолы мен шариғатты ұстанып, отаршылдықты мойындамайтын
мемлекет құру еді. Исатай мен Махамбеттің қосылуы бұл қозғалысты Қайыпқалидың
қасындағы рулармен тынбай, қалған руларға да, Ішкі Ордаға да, тіпті жалпы
қазақты тартуға қолайлы жағдай жасар еді. Сондықтан да, оларға Аллақұлы да,
Қайыпқали да ерекше құлық танытқан-ды.
Біздің заман тарихшылары Исатай-Махамбет көтерілісінің алғашқы кезеңін асыра
дәріптеп, кейінгі кезеңін тұқырта жамандап жүрді. Одан көтеріліс тарихын
зерттеу мен зерделеуге көрнекті үлес қосқан В.Ф.Шахматов та аулақ тұра алмады.
Ол бұл кезең туралы: "Исатай Таймановтың көтерілісі мұнда өзінің феодалдарға
қарсы сипатынан айырылып қалды", "жалпы халықтық мақсаттар бүкіл
мұсылманды исламға барынша адал Хорезм шахы Аллақұлының туының астына жиылып,
кәпірлерге қарсы күресуге шақыратын "ғазават" ұрандарымен алмасып
кетті, Ішкі Ордадағы көтерілісте көзделген элементтер күрес бағдарламасынан
түсіп қалды" (Аталмыш еңбегі. 215-б.), - деп жазды. Бұған келісе қою қиын.
Ішкі Ордадағы көтерілістің алдын ала ойластырылған бағдарламасы болмағаны
белгілі. Ол объективті қайшылықтар мен қиындықтардан стихиялы түрде туындап,
көбіне-көп утопиялық кездейсоқ мақсаттар қуалағандықтан жүйелі өрістей алмады.
Салықты азайту, жер мен билік бөлісуде азғантай топтың ғана емес, көпшіліктің
мүддесін ескеру, патша әкімшілігі ғана емес, халықпен де санасу, шалқыған
байлық пен сіңірі шыққан кедейлік бейбіт өмір сүре алмайтынын ескеріп,
әлеуметтіқ әділетке көп көңіл бөлу, атамекенге өз қожалығымыздан айырылып
қалмау сынды мұраттарды Исатай мен Махамбет Жайықтың шығыс бетіне өте сала
ұмытып кетті деудің қисыны келмейді. Бар өзгеріс - бұрын ханға қарсы шыққан
Исатайдың енді ханға одақтас болғаны. Бірақ, әуелде Жәңгірмен өштесіп атқа
мінген Исатайды барша хандарға қарсы еді деуге болмайды. Ол Жәңгірге қарсы
болғанмен, хандық билікке қарсы еместігін, ханның отаршыл өкімет пен пайдакүнем
шашбау көтерушілерін тастап, халық жағына шығуын қалайтынын Орданы қамау
күндерінде көрсетті. Ендеше, ол мақсатын жаңа жерде ұмытып кетті деуге әлі
ерте.
Ал, Аллақұлы мен Қайыпқалиға келетін болсақ, оның тарапынан Исатай мен Махамбет
әзір Жәңгірден көрген қиянатты көре қойған жоқ. Олардың ең басты ойы - қазақтың
отаршылдыққа қарсы автономиясын құру. Елін ойлаған ер мұндай мұрат жолында
неден де болса тайынбайды. Исатай да сөйтті. Нарында басшы болса, мұнда келіп
қосшы болды. Ол оның биік азаматтығын көрсетеді. Әзір мұнда оны "қайдағы
бір "казактар қатарына қосылып кету" сынды ашу үсті ағаттықтарға
ұрындырған ешкім жоқ. Ендеше, Исатай Ішкі Ордадағы көтерілістен кейін
"ұсақтап" та, "тышқаншылап" та кеткен емес. Қайта ірілене,
кесектене, кескектене түсті. Битке өклелеп, тонын отқа салатындай, ханға
өкпелеп, хандық билікке қол көтерген жоқ. Тәуелсіз мемлекеттілік жолында
күресуді бірінші орынға қойды. Өз тізгінің өзінде болуды бірінші орынға қойды.
Сондай жаңа сипатты хандық, жаңа сипатты мемлекеттілік жолында басшы болмаса,
қосшы болып күресуге пейіл білдірді. Исатайдың ақырғы жылдарын -адасушылық
жылдары деп қарау қасаң тапшылдықтың салдары еді. Патшаға қарсы шықпасаң, күрес
емес деп есептейтін солақай әлеуметшілдіктің салқыны еді. Ұлттық мүддені
бірінші орынға қоя алмайтын кешегі әлеуметтік мәңгүрттіктің әлі талайға
созылатын тақсыреті еді.
Бұл жөнінде кейін де сөз қылармыз. Сонымен, Исатай мен Махамбет жаңа аймақта,
жаңа айқасқа әзірлікке қызу кірісіп кетті. Олардың қайда жүргенін анық білмесе
де, осылай боларын Орынбор, Жайық, Ішкі Орда, Батыс Кіші жүз әкімшіліктері
жақсы білді. Шекара бойын тарс бекітіп, қатерлі қашқындарды тезірек ұстап алуға
күш салды. Барша ру-басыларына хат жазылып, екі қашқынды паналатқандардың қатаң
жауапқа тартылатынын, 1836 жылы ала қыста теңізбен шанамен келіп Мансұров шауып
кеткен Адай ауылдарындай қан жоса болып қансырап қалатындарын айтып қорқытып,
ал, Исатайды ұстап берген кісіге 2000 сом сыйлық (В.Ф.Шахматов. Аталмыш еңбегі.
217-б.) берілетінін айтып қызық- тырып баққанмен, ешкім көтеріліс басшыларына
қол көтере қойған жоқ. Ол кезде де қазақ арасы оңып тұрмағанымен, әлі ондай
кісәпірлікке түгел көше қоймап еді. Бірақ, ол мүмкін де емес еді. Отыз жетінің
қатерлі желтоқсанындағы жаппай аңду мен қуғыннан аман алып қалған қарға тамырлы
қазақ енді қашқын қонақтарының қайтадан атқа мінуін қамдай бастады. Олар рудан
ру, ауылдан ауыл асып, жақсының төріне шығып, жайсаңдардың мәжілісіне араласып
жүрді.
Бірақ, бұның бәрі орыс шебінен тым алыста Хиуаға шектес аймақтарда болып жатты.
Сондықтан, Төменгі Жайыққа жағдай білуге келген Данилевсқий әзір Исатай
тарапынан келер қауіп сезілмейді, тіпті оның қасында қарулы нөкері де жоқ
көрінеді деп Орынборға мәлімет жөнелтті. Өткен көтерілістен көпке дейін жүрегі
ойнақшып үркесоқ болып, Астрахан күзетін қасынан шығармай отырған Жәңгірдің
өзі: "Ордада алаң туғызатындай ештеңе байқалмайды" деп мәлімет
беріпті (Бұл да сонда. 218-б.). Тек адайлар арасына жіберілген татар молда
Батырхан Шахмерденов қана шырық бұзыпты. Ол көрген-білгенін Баймағамбетке
жеткізеді. 1838 жылдың 4 мамырында Қайыпқали Есімовпен бірге көшіп-қонып
жүретін Адай ауылдарына Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов келіп жиын
құрған. Оған Ысық Достан Сариев, Шеркеш Кенжәлі Балықов, Таз Наурыз сынды көрші
рулардың басшылары да қатысқан. Бәрі Ресейге қарсы көтерілмек болған. Қайыпқали
әр рудан 100 кісі талап еткен. 8 мамырда Ново-Алексаңдровск бекінісінің
коменданты да Қайыпқали Есімовтің қол жиып жатқанын, оған Исатай Таймановтың да
қосылғанын мәлімдейді. Сондай-ақ, комендант Исатай, Махамбет, Қайыпқалилардың
Хиуа ханы тапсырмасымен көптен жанжалдасып жүрген Әлім мен Адайларды
татуластыру үшін Самға кеткенін хабарлайды. Сондай-ақ, көпес Деев те Шекара
комиссиясына Исатайдың Тілеуқабақ батыры Есет Көтібаровқа барып, Баймағамбет
сұлтанның қолындағы қатын-баласын босатып алу үшін ауылындағы бес-алты орыс
тұтқынын бұйымшылағанын айтады (А.Ф.Рязанов. Аталмыш кітабы. 89-б.).
Тек осы мәліметтердің өзінен-ақ екі батырдың жаңа өлкеде де баяғы Нарындағы
көтеріліс кезіндегідей мігірсіз іске кірісіп кеткенін байқаймыз. Ел аралап, қол
жиып жүріп, олар Есет Көтібаровтың қолында бес орыс тұтқыны бар екенін естиді.
Мамырдың ондарында Шекті арасына тығылып жүрген Құлту деген Таманың батыры ішкі
бетке өтіп, Подгорный қамалының жайылып жүрген он бір атын айдап бара жатқан жерінде
арттарынан қуғыншы жетіп, жылқыларын алып қалады. Қамалға қайтып келе жатып,
олар тағы да барымташыларға тап болады. Бұлар шаппа-шап ұрыс салады. Хорунжий
Шустиков бастаған алты казакты қолға түсіріп, алып кетеді. Оларға тағы бір
барымташы топ жолығып, олжаларын тартып алады. Сөйтіп, Шустиков тобы бір күнде
әуелі Шектілердің, сосын Тілеуқабақтардың, ақырында Назарлардың аламандарына
ұшырасып, қолдан-қолға өтеді. Тілеуқабақтар жолдарын кескестеген жортуылшы
Назарларға жөнін айтады. Бұларды Орынборда абақтыда жатқан Жандәулет деген
кісілеріне айырбастамақ екен. Назарлар оларды жөніне қоя береді. Тілеуқабақтар
Кіші Ырғыздағы ауылдарына келеді. Сол бойда Отаралы Сарышоңқаев деген керуен
басшысы биді ертіп, Маненбай төре (патша қарауында қызмет атқарған Шерғазы
Қайыпұлының Хиуаның Шекті арасындағы ханы болған Жанғазы деген ұлы. - Ә.К.)
жетіп келеді. Олар: "Мынау орыстарыңды Хиуаға апарып бәрібір сата
алмайсыңдар. Бұрынғы тұтқындарын қайда сыйғызарын білмей отыр. Одан да бізге
беріңдер", - дейді. Тілеуқабақтар бермепті. Оларға іле-шала әлгі ауылға
Есімов, Тайманов, Өтемісов келіп түседі. Бұлар да әлгі әңгімені айтқан шығар.
Бірақ, Тілеуқабақтардың оларға не жауап қылғаны әзір белгісіз.
Бұл - қолды болып кеткен хорунжий Шустиков тобының хабарын шығару үшін ел арасына
келген, қазақтар "қара тілмаш" атап кеткен Шекара комиссиясы
қызметшісі Мұхамед Шариф Рахматуллаұлы Аитовтың өз басшыларына Назар Жүсіп
Құлановтың ауылынан берген хабары.
Шекара комиссиясы 1838 жылғы 9 маусымда Аитовқа әлгі тұтқындарды босатып
әкелуді тапсырады. Ол жол-жөнекей әлім ауылдарынан тұтқындардың жәйін
сұрастырып, біліп келе жатады. Олардың біреуі - Запевалов деген казак қашып
кетіпті, Жүсіп Кенжалин дегеннің үйінде түтқында болыпты. Оларды алып барғаннан
кейін ауыл қазақтары тағы да барымтаға аттанып, бір көпесті тонап, артып келе
жатқан тай-тай маталарын бөліп алыпты. Содан соң азғана күн тыныс алып, Жүсіп
Құлановтың ауылына барымталауға қайта аттанып кеткен түрі бар. Сол күні ол
ауылдың оңашалығын пайдаланып, аяғындағы темір кісенді бір үзім қайыс таспамен
бұрап ашып, белдеудегі атқа мініп, бет алды құла түзге безе жөнеледі.
Запеваловтан қалған жолдастары туралы мәліметті біліп балып, Аитов жолға
шығады. Жол үстінде Исатай мен Махамбеттің Баймағамбет ауылын шабамыз деп Ойыл
бойында қол жиып жатқанын естиді. Бұл жайында қасындағы серіктерінің біреуін
Айшуақовқа хабар жеткізуге жөнелтеді. Исатайлардың қосынына келіп, үш күн
жатады. Қайыпқали мен Исатай сол маңдағы рулардың дауларын шешуге келгендерін,
қолға түскен бес орысты босатып алуға күш салғандарын, бірақ ештеңе шығара
алмағандарын айтыпты. Былайғы қазақтар олардың Хиуа ханына зекет жинап
жүргендерін құлағына салады. Оларды бақылайтын Жаңабай деген бір түрікмен
салпақтап соңдарынан қалмай еріп жүрген көрінеді. Қайыпқали Хиуа қарауында
амалсыздан жүргенін, Ресей алдындағы күнәсін жуып, кешірім алуды көбірек
құнттайтынын сездіріпті.
"Қара тілмаш" одан әрі Әлім ауылдарын аралай жүріп, беделді адамдарын
тілеуқабақтарға жұмсап отырыпты. Тілеуқабақтарға да жетіп сыйлы адамдарға шаруасын
айтып, Есет Көтібаровтың туыстары Ақпан, Тоқпанға жұмсапты. Олар барымтаға
кеткен Көтібарды күтіп отырғандарын жасырмапты. Есет келген соң, ананы-мынаны
бір айтып, біраз қасарысып отырып, ақыры тұтқындарды босатыпты. Бұйымтайы
біткен "қара тілмаш" қарабастар уәделерінен айнып қалмай тұрғанда ол
арадан қрасын батырып, тұтқындарын алып кері қайтыпты.
Аитов рапортын өз көзімен оқыған Б.Аманшин "қара тілмаш" өзіне
көмектескен адамдардың ішінде Махамбетті атамағанын - пәлесінен аулақ деп әдейі
қашқандық деп бағалайды. Әйтпесе, Аитов 1841 жылы сотқа берген куәлігінде
"тұтқындарды босатуға Махамбеттің көп көмек көрсеткенін" мәлімдегені
белгілі.
Біздіңше, Исатай мен Махамбет Есетті тұтқындарды қайтарып беруге көндірген.
Аитов оларды Баймағамбет қолындағы Исатайдың жанұясына айырбастауға уәде
берген. Бірақ, олардың Айшуақовтың ауылын шаппақ ниетін білгеннен кейін, дымы
ішінде болып, бұл істі жабулы қазан жабулы күйінде қалдырған. Арты пәлелі іске
араласып, атын былғағысы келмеген.
Исатайлардың ел арасындағы үгіті ел құлағын елеңдетіп баққан. Біреулері тағы да
шекара шебінен алыстап, қиян түпкірлерге қарай көшсе, біреулері Қайыпқали мен
Исатай қосынына келіп қосылған. Исатайдың бұрынғы серіктерінің біразы ел асып,
жер асып келіп, қайта табысқан. Олар әуелі Жүсіп Құлановтың ауылын паналап
жүрген. Жүсіп Құланов 500 адаммен Үш Бөкенбай басында Қайыпқали жасағына келіп
жалғасқан. Маусым айында 350 шаңырақ алаша ауыл-аймағымен ауа кешіп келген. Сол
кезде Темір өзені бойына Адай, Шекті, Табыннан 2000 мың адам қаруларын асынып,
қауқылдасып жатқан.
Жоғарыда айтылғандай, Аитов Шустиковты іздеп шыққан сапарындағы
көрген-білгендерін Баймағамбетке де, Шекара комиссиясына да табан астында
хабарлап отырған. Ел құлағы, онсыз да, елу. Секем алған Баймағамбет Орынбордан
500 солдат сұрайды. Қазы Сырымовқа (Сырым батырдың ұлы. - Ә.К.), Елжан
Есерғалымовқа, Сарбөпе Кенжеғаринге Исатайды ұстайтын жасақ ұйымдастыруға
бұйрық береді (А.Ф.Рязанов. Аталмыш еңбегі. 90-б.). Бірақ, Исатайды ұстауға
қатысқысы келетін қазақ табыла қоймайды. Ақырында, аталмыш старшындар 16
шілдеде Айшуақовқа тапсырмасын орындай алмайтындықтарын ашық мәлімдейді
(В.Ф.Шахматов. Аталмыш еңбегі. 223-б.).
Бұны естіген Перовский бұл жолы қапы қалмасқа тырысады. Кіші жүз жеріне
шығыстан Кенесары, оңтүстік батыстан Қайыпқали мен Исатай киліксе, ереуілші екі
топтың бірігіп кету қаупі оны қатты шошындырады. Шығысқа - атаман Подуровты,
батысқа - подполковник Геқені аттандырады. "Қарақшыларды тоз-тоз қылып
қуып, көсемдерін ұстап әкелуге" бұйырады (А.Ф.Рязанов. Аталмыш еңбегі. 93-б.).

XII.
"Желпілдеген ала ту жиырылып ойға түскен күн"


Ереуілшілер ерегісіп жүрген дұшпандарына тұтқиылдан бас салуға тырысты. Ол үшін
Қайыпқали Қиыл бойында қалып, айқасқа әзірлене беретін, ал, Исатай 500 қолмен
Баймағамбеттің ауылын шауып, оны өлтіретін, не тұтқындайтын болды. Бірақ, бұны
жұрт сезіп қоймас үшін; "Қайыпқалидың жасағы өзара тіл табыса алмай,
бет-бетіне тарап кетіпті", - деген өсек таратады. Бұл хабар ұлықтарды да
біраз дүрліктіреді. Геке Орынборға қайтып, Перовскиймен ақылдасады. Екеуі
ұшқалақ қазақтардың зәресін алу үшін бәрібір ел ішіне әскер шығарған жөн деп
табады (А.Ф.Рязанов. Аталмыш еңбегі. Бұл да сонда).
9 шілдеде Геке Електен шығып, 60 шақырым жүріп, Үлкен Қобданың жағасына кеп
түнемелікке тоқтайды. Ертеңіне кешке Ешкі қырған өзені бойында Айшуақов
жасағымен табысады. 160 казак пен шағын қазақтар тобы. Қалған 100 қазак Горская
бекінісінен шығып, 14 немесе 15 шілдеде Қиыл бағытында ұшыраспақ. Ереуілшілер
сол тарапта деседі. Бірақ, дәл қайда жүргендері Гекеге белгісіз. Олар бұлардың
жолға шыққанын білмейді. Айшуақов Балта деген біреуді Қайыпқалидан хабар білуге
жұмсайды, Ол Қайыпқалиды Ойыл бойындағы Қисықтам маңынан тапты. Хабар
сұрағандарға Баймағамбет Байұлының наразы жүрген ауылдарынан зекет жинауға
кетті деп айтты. Бұны естіген көтерілісшілер сұлтанның ауылын осы кезде
шаппаққа оқталды. Балта жолды өзі көрсететін болды. Әскер тап сол
Баймағамбеттің ауылына баратын жолдың бойында тасаға тығылып жатқан-ды.
Жақындай бергенде жол бастаушы жігіт атына қамшы басып, шауьш ала қайқайды.
Барып сұлтанға ереуілшілердің келіп қалғанын хабарлайды.
Исатайлар үлкен қосыннан оқшау жерде тұрған Сейдалин сұлтанның шолғыншы тобының
үстінен түседі. Олар тырағайлап қаша жөнеледі, Исатай жігіттері тырқыратып қуа
жөнеледі. Бұны көріп тұрған қалған әскер дабыл қақты. Сөйткенше болмай, қыр
басына 500 сарбазымен Исатай шыға келді. Қасында Махамбет пен інісі Қожахмет
бар. Олар еңіске түсіп, Ақбұлақтың жарлауыт жағасына келіп тірелді. Геке
зеңбірекке доп салып, атып қалып еді, ереуілшілер тырағайлап қаша жөнелмей,
тура лап қойды. Геке бір жүздікті ғана көрінетін жерге қойып, қалғандарын
жүлге-жүлгелердің тасасына тығып тастаған. Исатай бұл арада тек Баймағамбеттің
әскері тұр деп ойласа керек, зеңбірек үсті-үстіне күркіреп, казактар өзеннен өтіп,
айқасқа ұмтылғанда, ереуілшілер кейін шегіне бастады. Бүйте берсе, қоршаудан
шығып кетер түрлері бар еді. Баймағамбет жүз жігітімен соңдарынан тұра ұмтылды.
Азғантай қолды көрген ереуілшілер бұрыла сала шайқаса жөнелді. Баймағамбеттің
жігіттері сол арада жалт бұрылып кері қашады. Ереуілшілер қуа жөнелді. Сол
кезде екі жүздік екі қанатқа шығып үлгерді. Қалғандар қақ маңдайдан ұрыс салды.
Қапы қалған ереуілшілерге қашпасқа амал калмады. Әскер де атқа тақым салды.
Балта қашып бара жатқан Исатайды қолымен нұсқап жұртқа керсетті. Оны өлтіріп
сыйлық алмақ болған 16 казак пен сұлтан ертіп келген қазақтардың бір тобын
соңынан салып берді.
Алда кетіп бара жатқан Леонтий Зеленин Исатайдың атына оқ тигізді. Қуғыншылар
жетіп қалды. Исатай бір казакты атып түсірді. Қазақтардың біреуі найза сілтеп,
батырды аттан құлатты. Ол жаяу арпалысып бақты. Сол-ақ екен Жанар Елекбаев,
Сәтпай Байжігітов, Көбен Сүбелиндер аттан секіріп, секіріп түсіп, ту сыртынан
бас салды. Сол арада урядник Богатырев батырдың қолынан түсіп кеткен қылышты
қағып алып, қақ маңдайдан беріп қалып, басын жарды. Ол аз болғандай, бір казақ
тап көкірегінен көзден тұрып атып салды. 70-80 ереуілші мерт тапты. Қожахмет
Өтемісов, Өтебай Күшіксов Бекей Сарин, Таңырық Нұржанов, Құдайберген Елемесов
түрікмен Балабек Бекбатыров қолға түсті.
Махамбет пен Исатайдың баласы Жақия шауып келіп қайғылы хабарды айтқанда,
Қайыпқали: "Сендерге еріп, орыстарға бекер жаманатты болғаным-ай!" -
деп өкініпті. Соған қарағанда, Исатай мен Махамбет Қайыпқалиға емес Қайыпқали
әлгі екі батырға еріп жүрген болып шығады. Олай болса, 1838 жылғы Кіші жүздегі
көтерілісті де Исатай мен Махамбет бастағаны көрініп тұр. Аллақұлы мен
Қайыпқали оларды тек қолдап отырған.
Исатайдың өлгенін естіген көтерілісшілер бет-бетіне тарады. Қайыпқали Хиуасына
қайтты. Махамбет пен Исатайдың баласы Жақия бастаған бір топ Адай Мұртаза-Ғали
Өзбеққалиев пен Табылды Шерғазиевтің ауылын шапты. Бірақ, Беріш ақсақалдары екі
сұлтанды ауылдарына жасырып, ашуға мінген екі батырға бермей қалды. Қалған жұрт
көтерілістің басылуына байланысты ақ патша берген марапатқа бір қарық больіп
қалды (В.Ф.Шахматов. Аталған еңбегі. 223-224-бб.).
Ақбұлақтағы жеңілістен соң Махамбет Отемісов тағы да Хиуаға қетті.
Сол кеткеннен жыл аяғына дейін хабары шықпай қойды. Тек 1839 жылдың қаңтарында Атырау
теңізі жағалауында көшіп-қонатын қазақтардың басқарушысы Асфендияр Сейдалинге
қол астындағы кейбір рубасыларына жазылған Махамбеттің хаттары жеткізіледі. Ол
Баймағамбетқе, Баймағамбет, Шекара комиссиясына жөнелтеді. Одан Махамбеттің
көтерілістің әлі жалғасатынынан күдер үзе қоймағандығы байқалады. Осы жазда
Хиуадан әскер барады деп дәметтіреді. Бармай қалады деп ойламаңдар деп
сендіреді. Әскер шығарда ханмен жолығамын дейді. Орыстарға жүгініп,
өздерінді-өздерің қорламаңыздар, қыса бастаса, бері қарай көшіңіздер деп
үгіттейді. Қазірдің өзінде Қайыпқалидың қолында азын-аулақ әскер барлығын,
соның күшімен Адай, Табын бұзақыларын бұғалықтап, біраз зекет жинағанын айтады.
Орыстан қашқандарға онда құрметпен қарайтынын, Аллақұлына бізді қолдаңыз
дегенде, қуанып қалғанын сөз етеді. Сәлім келсе, шай-қант беріп жіберуді
сұрайды.
А.Ф.Рязанов, бұл хатқа қарап, Махамбет Аллақұлымен де, Қайыпқалимен де, Хиуаға
шектес қазақ руларымен де жақсы қарым-қатынаста, шалғайдағы ауылдар Ресейге әлі
де тістерін қайрап отыр деген қорытынды жасайды (Аталмыш еңбегі. 100-б.).
Бірақ, ол жазда Хиуадан ешқандай әскер келе қоймаса керек. 1839 жылы қазанда
Махамбет Ішкі Ордаға оралыпты деген сыбыс шығады. Бірақ, із-түзі табылмайды.
Соған қарағанда, не атымен келмеген, не ізінше кері қайтып кеткенге
ұқсайды.
1840 жылы желтоқсанда Махамбет бірнеше серіктерімен Беріш Ақтай Мұнаевтың 35
жылқысын айдап, Теректі бекінісінің маңынан Жайықтан өтіп, Сарыкөл атырабына
сіңіп кетеді. Соған қарағанда Кіші жүздің батыс бөлігіндегі Ішкі Ордаға шектес
аймақта көптен жүрген сыңайлы. 1841 жылдың қаңтарында әскери губернатор Жайық
әскері атаманы мен Айшуақовқа Махамбетті іздеп тауып, ұстау жөнінде бұйрық
береді. Олар өз қарауындағылардың екі аяқтарын бір етікке тығып, бүкіл аймақты
тегіс сүздіріп шығады. Махамбет Атырау жағасында - Жайық, Жем арасындағы
ауылдарда тығылып жүр деген хабар тиеді. Қырық қазақ, бір офицер әлгі маңайдан
ауыл қоймай тінтіп жүріп, Махамбетті Қаратоқай Дәду және Текіш Тілекеевтер
ауылынан табады.
Казактар Махамбет отырған үйді қоршап алады. Үйге кіріп барып, қолында пышағы
бар Махамбетке бас салады. Ол бір казакты қеңірдегінен қармап үлгереді.
Қалғандары пышағын тартып алып, қол-аяғына кісен салады. Ағайынды Тілекеевтер
бірге айдалады. Орынборда Тілекеевтер Махамбетті құдайы қонақ болғасын
қондырғандарын, бірақ кім екенін білмегендерін айтады. Губернатор жазадан
құтқарып, ауылдарына қайтарады.
1841 жылы 17 наурызда Махамбет Орынбор түрмесіне қамалады. Сол арада оның бойы,
тұлға-тұрпаты, кескін-келбеті қағазға түсіріледі (А.Ф.Рязанов. Аталмыш еңбегі.
100-б.).
Кейбіреулер сол жолы Орынборға айдалып бара жатқанда Баймағамбеттің ауылына
кідіріп, атақты толғауын толғапты деседі. Орынборда оның ісі әскери сотқа
беріледі. Тергеуде Махамбет "өз бетімен ешкімді талап, тонап, өлтірмегенін,
ұрлық жасамағанын, егер ондай-ондай істеле қалса, Таймановтың бұйрығымен
істегенін" айтады (В.Ф.Шахматов. Аталған еңбегі. 244-б.). Оның есесіне
орыстарға көрсеткен қызметтерін егжей-тегжейлі баяндайды. 1838 жылы Есет
Көтібаровтың бауыры Дәрібай қолға түсірген хорунжий Шустиков пен серіктерін
құтқаруда тілмаш Аитовқа Исатай екеуі қасына жолбастаушы ертіп, тұтқындардың
қайда, кімнің қолында екендіктері туралы деректер беріп, Шектінің жақсы
адамдарының бәр-бәріне хат жазып көмектескендерін айтып береді. Исатайды
Аитовқа тимей, қайта қолғабыс жасауға көндірген Махамбет болып шығады. 1839
жылы Аитов келіп, Хиуаға жұмсағанда, өзі ауырып қалып, орнына інісі Хасан
барып, барлық тапсырманы орындап қайтыпты.
Соттың сұрауы бойынша, 1841 жылдың 2 мамырындағы рапортында Аитов: Өтемісовтің
1838 жылы, расында да, Тайманов, Қайыпқали Есімовтермен бірге өзін теріс ойлы
адамдардан қорғап, тұтқындағы хорунжий Шустиковті, қасындағы урядник пен
қазақтарды босатып алуға көмектескендерін айғақтайды. Сыңайы, ол кезде Исатайдың
қатын-баласы Айшуақовтың қолында ұстауда еді. Оны шектілер түсірген тұтқындарға
айырбастау жөнінде Есет Көтібаровпен келіссөз жүргізілсе керек. Бұнымен
шұғылданып жүрген Өтемісов бұл істе Аитовты да пайдаланғысы келіп, оған барынша
болысқан тәрізді. Ал, Аитов көтерілісші батырлардың қолғабысы болмаса, әлгіндей
бүлікші аймақта әр түрлі қолайсыздыққа ұшырап қалуы әбден мүмкін еді. Әккі
барлаушы бұл жайында Махамбеттің соңына қуғын түсіп, жағдай ушығып тұрған кезде
айта алмай, енді болары болып, бояуы сіңіп қойған соң, ештеңені жасырмай
айтқанды жөн көрген тәрізді.
Шекара комиссиясы да дауды көбейте бермей, мәселені тез бітіріпті. Тіпті
Жәңгірді шақырып, куәлік алуды да ескермепті. Махамбетті шекара шебіне және
Ішкі Ордаға жақындауға тыйым салып, Кіші жүздің Орта бөлігін билейтін Арыстан
Жантөриннің қарауына жер аударғанды жөн көріпті. Жәңгір бұл шешімге риза
болмай, Шекара комиссиясына хат жазады. Көтерілістің басты ұйымдастырушыларының
біреуіне бұндай жаза "тым жұмсақтық көрсету" деп санайды. Шекара
комиссиясына содан 1845 жылға дейін Махамбет туралы ешқандай мәлімет түспейді
(В.Ф.Шахматов. Аталмыш еңбегі. 246-б.).
Алайда, ол екі ортада Махамбет қойдан қоңыр боп жуасып қалмапты. Оны жоғарыда
Е.Ковалевский кітабынан келтірілген үзіндіден де байқауға болады. Оның үстіне,
бұл жолығыс тек қазақ даласын ғана дүрліктірмеген әйгілі Хиуа жорығының тұсында
болып еді. Ол кезде Ресей мен Англияның Орта Азия мен одан арғы Күнгей Шығыс
үшін текетіресі әбден ушығып тұрған кезі еді. Индияны емін-еркін кезе бастаған
британ солдатының етігі көстеңдеп Ауғанстанға да жеткен-ді. Үнді беттен
басталған британ үстемдігіне Ресей Иран беттен тосқауыл қойғысы келді. 1837
жылдың қазанынан 1838 жылдың қыркүйегіне дейін созылған Гератты қоршауға
парсыларды айдап салып жүрген орыстар еді (Л.Н.Харюков. Аталған кітабы. 22-б.).
Бұған ызаланған Британия 1838 жылдың қазан айында Ауғанстанды түгел жаулап
алмақ боп, әскери әрекеттер бастады. Қандағар, Ғазна, Қабыл, Желалабадты басып
алды. Ауған тайпалары жандарын пидаға шалып қарсыласып бақты (Бұл да сонда.
25-б.).
Ағылшындар ауғандармен тынбай, сол кезде өмір сүрген неміс тарихшысы
К.Ф.Нейманның айтуынша, "Орта Азияның басқа жерлеріне де көз алартып,
Амударияның арғы бетіне, Самарқанд пен Бұқарға жорыққа шыққысы келеді. Оған
"адам көрмеген суық пен қалың қар" кедергі келтіріпті"
(Сочинения Карла Фридриха Неймана. М., 1848. 101-б.) - Ағылшын агенттері өзбек
билікшілерінен келісім-шарт жасасуға британ елшілерін шақыртқан хат алып, соны
пайдаланған барлаушылар Амударияның арғы бетіне аяқ басады (Бұл да сонда.
102-103-бб.). Хиуаға әуелі Хусейн деген молда келеді. Аллақұлынан ағылшындармен
достық қарым-қатынас орнатқысы келетіндігі жайында хат алады. Іле-шала астыртын
мақсаттармен артиллерия капитаны Джеймс Аббат, полковниқ Чарльз Стоддарт,
капитандар: Артур Конолли, Ричмонд Шекспирлер ат құрғатпай келе бастайды. Бұған
Орынбор назар аудармай тұра алмайды. Перовский Хиуа жорығы мәселесін қайта
көтерді. 1839 жылғы 11 наурызда I Николайдың үкімімен құрамында Сыртқы істер
министрі Н.В.Несельрод, Соғыс министрі А.П.Чернышев және В.А.Перовский бар
арнайы комитет аталмыш мәселені қарайды. Ауғанстандағы жағдай бір жағына
шыққанша жорықты кідірте тұрған дұрыс деп табады. "Поиск" әскери
операциясы 1840 жылдың көктеміне қалдырылады. Алайда, В.А.Перовский 1839 жылдың
майында, келесі көктемді күтпей, қазан айында жолға шығуға шешім қабылдайды.
Бұрын ойластырылған Аллақұлыны орыс боданы қазақ сұлтанымен алмастыруға күмән
туғызады. Одан да Ресейге теріс қарамайтын Аллақұлының інісін қойып, орыстарға
қарсы орекеттерден, қазақтарды орыстарға айдап салудан, қазақ арасы мен Ресейді
ыңғайлайтын түрікмендерге үстемдіқ етуге тырысушылықтан, керуендерді міндетті
түрде Хиуаға соқтыруды талап етуден, орыс бұйымдарына үстеме салық салудан бас
тарту, Сырдария бойындағы Хиуа қамалдарын қирату, Хиуада Ресейдің, Орынборда
Хиуаның консулдығын ашу туралы келісім-шарт жасасу тиімді деп табады. Перовский
ұсынысы 1839 жылы 10 қазанда қаралып, 17 қазанда I Николай оны бекітеді
(Н.А.Халфин. Аталмыш еңбегі. 274-276-бб.).
Алайда, Перовский келесі жазды күтпестен, әзірлікке кіріседі. Жорыққа 13 мың
түйе керек болды. Әр түйеге 10 сом күміс ақша, әр бес түйеге бір кірекеш, оған
күніне екі қадақ жарма, жарты қадақ ет, түйелеріне 15 қадақ қара ұн берілді.
Бұндай "қып-қызыл пайдаға" қазақтар қызықпады. Атышулы "қара
тілмаш" Аитов екі мың түйе жинау үшін Атырау жағалауындағы ауылдарға
аттанады. 538 түйені зорға жинайды. 90 адам жалдайды. Бірақ, ол бұл түйені Ембі
бекінісіне жеткізе алмайды. Еламан деген Адай басқарған алты жігіт жолда
Аитовты аттан қағып түсіріп, аяқ-қолын буып, сол манда аламандап жүрген Хиуа
бегіне апарып бермек болады. Қостағы атақты Адай батыры Сүйінғара
Үргенішбаевтың баласы Мұрын, оның жолдасы Құлбатыр түнде Аитовты қашырып
жібермек болып, қасына барғанда, ол: "Қүдайдың салғанын көрермін", -
деп бас тартады. Мүратәлі Аитовты Хиуаға жөнелтеді. Онда бір жылдан астам
тұтқында болады. Аллақұлы сарайында Қайыпқали Есімов пен Жүсіп Сырымовты
кезіктіреді. Тұтқында жүрген 500 орыс бар екенін анықтайды. Аитов Хиуада дарға
асылмақ түгілі, тұтқындарды босатып, Ново-Александровск бекінісіне апарып
тапсырып, Орынборға оралады. Хиуа елшісіне тілмаштық етіп, Петербургке барып,
поручик шені мен бір мың сом сыйлық алады. Оны тұтқындаған Еламандар қамалып
жатқан Орынбор түрмесіне барып: "Мені тұтқындаған бұлар емес", - деп
босаттырып жібереді. Осы қылығына бола, марқұм Б.Аманшин: "Бұл да
Махамбеттің досы башқұрт жігіті Мұхамет-шариф Аитовтың үлкен адамгершілігін
танытады. Махамбет досты таңдай білмесін бе?!" - деп риза болады
(Махамбеттің бабалары мен ұрпақтары. Қолжазба. 65-б.). Біздіңше, Аитовтың әуелі
Хасанды Хиуаға жүмсап алуы, сосын түйе жинап, Атырау маңына баруы, ойда жоқта
тұтқындалып, Хиуа бегіне жолығуы, орыс тұтқындарының санын анықтап, хан
сарайына тап болып, оларды елге қайтартып, Орынборда өзін тұтқынға алғандарды
түрмеден босатып жіберуі әдейі істелген операция сияқты. Бұны адамгершіліктен
гөрі барлаушылық шеберлік деген әсте дұрыс. Өйткені, оның 1838 жылғы мамыр,
маусымдағы рапорттары, Шустиковты босатып алуға келген сапары Исатай, Махамбет,
Қайыпқали қозғалысының жәй-жапсарын көзбен көруді көздегені, ол жинаған
ақпараттардың Гекенің "Ақбұлақ" операциясының "табысты"
аяқталуына аз себепші болмағаны көзге ұрып тұрған жәйт.
Ембі бекінісіне Аитов жете алмағанымен, ол жинаған түйелер жетті. Төрт мың
әскер, 12 зеңбірек, 10 мың түйеге артылған жүк 1339 жылдың 20 желтоқсанында екі
мың түйені зорықтырып, жолда қалдырып, Орынбордан Ембі бекінісіне жетті. 1840
жылдың 1 ақпанында Шошқакөлге қарай қайта жолға шықты (Қ.А.Халфин. Россия и ханства
Средней Азии. 277-б.). Тағы да 5 мың түйе өлді. Көп адам қол-аяғын үсітті. Алда
- белуардан қалың қар басқан ұшы-қиырсыз Үстірт жатты. Жем таусылған. Шеп қар
астында қалған. Бұл беттерімен босқа қырылулары ғажап емес (Бұл да сонда.
277-278-бб.). Шыдамы таусылған үш жүздей кіреші қазақтар Ақбұлаққа жете бере:
"Біз енді бұдан әрі бармаймыз", - деп жолды кес-кестеп тұрып алды.
Керуенмен бірге келе жатқан Баймағамбет секілді әкім-қараға құлақ аспады. Қалың
топ Перовскийдің шатырына бет алды. Губернатор шатырынан шыға кеп, оларды:
"Қамаңдар!" - деп бұйырды. Сосын сөз сөйлеп, шыдап бағуға үгіттеп,
әйтпесе, қатаң жазалайтынын айтып қорқытты. Жұрт тарады. Бірақ жеті қазақ
қасқайып тұрып алды. Ашуға мінген генерал: "Мыналарды атыңдар!" - деп,
әлгі жетеудің үшеуін атқызып тастады. "Адайдың үш ер жігіті туған жердің
суық топырағын құшып, айдалада оқшау төмпек болып қала берді" (Б.Аманшин.
Аталмыш қолжазба. 65-б.).
Бұл - М.И.Иваниннің "Описание зимнего похода в Хиву в 1839-1840 гг."
(СПб, 1874.) деген кітабынан алынған дерек. М.И.Иваниннің айтуынша " Адай
қырғыздардың екі жүз адамы 12 балықшы кемені өртеп жіберіп, Перовскийдің
жорыққа азық-түлікті Жаңа Александровск бекінісі арқылы іштен жеткізбек
жоспарын күл-талқан етті"(Аталмыш кітабы. 134-б.) Әу бастан жұтқа ұшырап,
қырсық шалған керуен 1840 жылдың 15 қаңтарында өліп-талып Шошқакөлге жетті. Бұл
жорықтан әбден мән кеткенін енді сезген В.А.Перовский 1 ақпан күні Орынборға
кері қайтуға бұйрық берді. Ақпанның ортасында Ембіге жетті. Сол арада қыстап,
қар кете жолға шығып, маусымда Орынборға оралды (Н.А.Халфин. Аталмыш кітабы.
278-б.).
Бұл жорықтың хабарын Махамбет көп бұрын естіген. Жаз шыға-ақ ел арасына ғылыми
мақсатпен үлкен экспедиция шығады екен деген лақап тараған. Махамбеттің қас
жауы подполковник Геке алдында ғана Берг белгілеп кеткен екі жерге - біреуі
Орынбордан 500 шақырым қашықтықтағы Аты жақсы деген шағын өзеннің Жемге құяр
сағасында Ембі, екіншісі содан 140 шақырым қашықтықты, Үстіртке көтерілер
жиекке таман Шошқакөл деген жерде Ақбұлақ қамалын тұрғызды. Бұндағы максаттың
не екендігін жақсы білетін Махамбет тыныш жатқан жоқ. Кешегі көз таныстарына өз
ойын айтып, қатерлі іске қолдан келгенше бөгесін болуға шақырды. Байұлы
ауылдары әскердің қару-жарақ оқ- дәрісін артуға көлік бермей, жанталасып-ақ
бақты. Жол бойындағы Әлім ауылдары әскерге талай рет шабуыл жасады. Табын мен
Алаша жігіттері Ембі- Ақбұлақ қамалдарын салып жатқан әскердің аттарын сыпырып
айдап әкетіп тұрды. Оларға Махамбеттің де араласы болған сияқты. Ембі қамалын
салып жатқанда Геке "Махамбет келе жатыр" деген хабарды есітіп, 30
қазан күні 30 атты казак ертіп, 1 зеңбірек сүйретіп, 1 қарашада Махамбет
тығылып жүрген ауылға барады. Сөйтсе, ол алдында ғана кетіп қалыпты. Оған еріп
кетуге үлгере алмай қалған 10 жолдасын ұстап алып, қамалға қайтады. Бұл деректі
де Б.Аманшин әлгі М.И.Иваниннің Хиуа жорығы туралы кітабынан алған. Сол жолы
тек екі жолдасымен қалған Махамбеттің Е.П.Ковалевскиймен қалай жолыққанын бұрын
әңгімелеп бергенбіз.
Бұл - Махамбет үшін ең күйзелісті жылдар еді. Қазақ ішіндегі сенгендерінің күрт
азаюымен қоса, сырттағы ықпалдасы Хиуа хандығының да іргесі солқылдай түсіп
еді. Тақау барып қайтқан орыс әскері - соның бір көрінісі еді. Саясатшылар
әлемі оған едәуір қобалжып калды. 1840 жылғы қыста Хиуаға британ агенті Джеймс
Аббот келді. Ол "орыстардың кәпір" екенін, кәпірден қамсыз отыру
мұсылман үшін күпірлік болатынын ұқтырып бақты (И.А.Халфин. Аталмыш кітабы.
282-б.). Маңғыстаудағы орыс бекіністерін көруге бара жатып, 1840 жылы 1 мамыр
күні сәске кезінде Сүйінқара Үргенішбаевтың қолына түседі. Сүйінқара жігіттері
Абботтың бір саусағын кесіп тастап, керуендегі дүние-мүлікті, қасындағы
саудагерлердің қалталарындағы ақшаларын сыпырып алып, өздерін Хиуаға жөнелтеді.
Сол керуенмен бірге тұтқындағы корнет Аитов та Хиуаға жеткізілген (М.Н.Галкин.
Этнографические и исторические материалы по Средней Азии и Оренбургскому краю.
СПб. 1868. 244-255-бб.). Бұдан іс шықпаған соң, мамыр ортасында капитан Ричмонд
Шекспир Гераттан Хиуаға келеді. Оған орыстар мен хиуалықтар арасында
"делдал" болу тапсырылған еді. Ол хиуалықтардың онсыз да құтыла алмай
отырған орыс тұтқындарын Орынборға жеткізіп бермек болады. Аллақұлы орыстардың
жаңа лаңына қалмас үшін Хиуада жүрген корнет М.Аитовқа қолдарында қалған
тұтқындардың хаттарын беріп, екі тұтқынды ертіп жібереді. Олар хатында өздерін
босатқалы жатырғандығы, сондықтан Ресейдегі Хиуа көпестерін босатуды сұрапты.
Аитов жуырда Хиуа елшілігі келетінін де айтып келеді. Ол елшілік Орынборға
Р.Шекспирді ерте барады. Хиуа елшілігі дереу Петербургке аттандырылады. Орыс
жағы елшіге былтырғы Хиуа жорығы тұсында жасалмақ болған келісім-шарттағы
талаптарды қайталап қояды. Хиуадағы тұрақты агент болып М.Аитов бекітіледі.
1841 жылы 22 сәуірде Перовский К.В.Несельродқа Хиуаның беті бері қарап, сауда
түзеліп, сыйластық күшейе бастағанын хабарлады (Бұл да сонда. 286-293-бб.).
Бұл - Махамбет үшін қос қанаттан бірдей айырылу еді. Бұндай жағдайда ол Хиуа
көмегінен біржолата күдер үзер еді. Бірақ, үмітсіз сайтан дегендей, аңыс
андады. 1841 жылдың 23 мамырында Бас штаб капитаны П.Никифоров қасына поручик
М.Аитовты ертіп Орынбордан Хиуаға беттеді. 11-13 тамызда оны Аллақұлы
қабылдады. Әңгіме ұзаққа созылды. Әсіресе, қазақтарға байланысты жерлерге
келгенде Аллақұлы шүкшия түсті. Ресей көзқарасын қанша егжейлеп баяндаса да,
елшіге үн қатпай сазарып алды. Әңгімені бітірмей, аң аулауға кетті. Қайтып
оралғанда кенеттен қайтыс болды. Оның орнына баласы Рахым отырды. Ол Ресей
ұсынған талаптардың қазақтарға ықпал етпеу мен тұрақты агент жөніндегі екі
баптан басқасына келісті. Елшілік қоңылтақсып елге оралды (Бұл да сонда.
317-323-бб.).
Міне, асқар таудай тірек көріп келген Хиуада әлгіндей жағдай болып жатқанда ол
қияндағы қиыр-шиыр соқпақтарын тастап, Жайық пен Жем арасына кеп, теңізден көп
ұзамай бұқпақтап жүргенде қолға түсті. Ол жолы Құдай қарасып қақпаннан құтылды.
Борсық құмға жіберілгенде нағыз "қаумаласқан қарындас қазақта бар да,
менде жоқтың" күйін кешті. "Атай, Матай - екі құм, шауып келсем
басыңа, көзім түсер елім жоқ, елім-күнім - екі атым, еңіреп келсем тілің
жоқ" дейтін жүрек-қолқаңды суырып алардай шетін сырлар мен жетім жырлары
сол жылдары, сол араларда туса керек.
Осы жалғыздық қандай қауіп-қатерді де көріп алуға пейіл қып, елге беттеткен
шығар. Оның үстіне - "қатын-бала, қара орман" да қабырғаны сөгіп
барады. "Әуелден де жарына секіріп, көп ойнаған ерке лағы едім ғой",
- деп нағашы қауымға ат басын бұрды. Қиян Үстіртте жүргенде де, қиыспастықпен
жүздеп-жүздеп шаңырақтарын көшіріп кеп, шашбауын көтерген ене жұртқа барып,
адам қағытып, заман налытып дал-далын шығарған жыртық көңілін күзді күнгі көне
туырлықтай жамап-жасқап алғысы келді. Обалы не керек, алашалар арасында құла
жүзден құйғытып кеп, қораға кіріп кеткен құландай, қанша қиғылық салса да,
"әй" деп бетіне қарап, "қой" деп басын шайқаған ешкім болмады.
Ол кезде Махамбет - сап бастаған сардар емес, топқа жоламас саяқ күн кешіп
жүрсе керек. Жоласам біреуге қаралай қырсығым тиер деп, тек өзі сияқты онсыз да
жаман аты шығып кеткен "белгілі бегейлердің" ауылын іздейтін. Бір
күні Тұрланның үйіне келеді. Аты әйгілі - Асау Тұрлан. Ол да өзіндей кісікиік.
Үйінде жоқ. Балалары елпіл қағып қарсы алса да, бейтаныс қонақ өз жастығы мен
көрпесін ала кіріп, төрде төселген көрпенің үстіне жайып жіберіп, жата кетеді.
Ауылының сыртынан ән салып, не қауқылдасып өтіп бара жатқан жолаушыны "кімді
басынасың" деп сабап жіберетін Тұрланның төрінде бұлай шалжиюға да жүрек
керек шығар! Балалар аң-таң болады. Ертеңіне қонақ: "Тұрлан қашан
келеді?" - деп сұрайды. "Екі-үш күнде келеді", - деген жауаптан
соң: "Тұрланға сәлем айтыңдар", - деп шығып кетеді. Тұрлан екі-үш
күннен кейін үйіне оралса, балалары әлгі бейтаныс қонақтың жәйін таңырқай да,
шамырқана да айтып береді.
Тұрлан: "Ол осы маңайда жүрген болды-ау!" - дейді. Содан ауылынан
ешқайда ұзамай, анадайдағы қоңыр төбенің басына шығып, жан-жаққа қарап отырады.
Екі-үш күн өткенде жеке салт атты көрінеді. Екі батыр құшақтасып көріседі.
Екі-үш күн бірге болып сыр тарқатысады.
Ат мініп, шапан киіп аттанған Махамбет еліне барғанда: "Кімді көрдіңіз,
кімде болдыңыз, кімде паналадыңыз?" дегенде, Тұрланды ғана аузына алыпты.
"Апырай, ешкім бабын таба алмайтын тентек кісі деп еді?" деп
таңырқағандарға Махамбет: "Ер жігітке үшеуден артық бақыт бітпейді",
- деуші еді, Тұрланның бақыты төртеу екен. "Батыр екен, би екен, дәулетті
екен, перзентті екен". "Артық бақыт көпке жетпейді", - деуші
еді", Тұрлан да маңдайға сыймай, менің кебімді киіп жүрмесе,
қайтсін?" - депті. Расында да ол, Есет Көтібаровқа қосылам деп жүріп,
қырық тоғызында түрмеде мерт тауыпты. Саркөлде биік шошақ мазары бар деседі
(Б.Қорқытов. Атырау билері мен батырлары. 51-52-бб.).
Міне, Махамбет заманының адамының бейнесі. Осындай кілең кесек тұлғалардың
дәуірінде оқшау көзге түсу де оңай болмас. Ондай перенді жендет көзінен қымтап
ұстау да қиынның қиыны шығар. Кейде бұндайды басынан кешіп көрмеген ағайын
ақынның ақтық күндері жайында сөз қылғанда "анау өйтіпті, мынау
бүйтіпті" дейтіндері бар. Оларды түсіну үшін де әуелі сол "анау"
мен "мынау" болып көру керек. Тағдыр мен тарихқа сын жүрмейді.
Олардың кейінгілерге ащы тағылымынан басқа берері де жоқ.
Қалыпқа сия алатын кісі Махамбет бола ала ма? Сол заманның тағы бір марқасқасы
Абыл ақын: "Қайтпады қайран ерлер қауымына ажалға өзі барып
сүйкенгеннен", - дегендей, алыптар ажалына сүйкенбей жүрген бе?! Өйткені,
қалыпқа сыйса, алып болмайды. Ал, қалыптан шықсаң, қашан да қауіптің
құшағындасың.
Өліп-талып жанұясымен нағашы ауылында жолыққан Махамбет Орынборға баласы
Нұрсұлтанды оқуға апарам деп жатқан жыланның құйрығын басады. Өткен-кеткені
қайта егжей-тегжейленеді. Сорлы әке баласының бағын асырам деп жүріп, өзінің
жанын жасырар жер таба алмайды. Жасақтанып келген жаманнан араша бола алмайтын
ағайын, жасанып келген заманнан қайдан араша бола алсын?!
1846 жылдың күзінде қашқын Махамбетті айдатып жіберудің әңгімесі қайта қоздады.
Оны ұстап беруге Айшуақ сұлтанның өзі де қаймығып, жекжаттарына ысырады.
Жекжаттарын аяп, өзі қайтадан саяқ кетуді қарастырады. Жайықтың Шығыс жағындағы
Индер тауының күнгей бетінде Қаройда оңаша отырған жалғыз үйге ауыл арасының
жоқ қараған ағайыны болып, біреулер ойда-жоқта сау ете қалады. Олар Баймағамбет
Айшуақовтың жұмсауымен келген Ықылас Төлеев, Жанберген Боздақов, Төрежан
Тұрымов, Мұса Нұралиев, Жүсіп Өтеулиев. Барлығы 20 адам. Олардың ата-тегін
айтып қайтеміз. Заман асырап, қоғам емізген қорқау перзенттердің қылмысы үшін
жер түбінде өткен ата-бабаның жазығы нешік?! Беймәлім, жолаушылар жарты
шақырымдай жерге кідіріп, Махамбеттің үйінде бар-жоғын білуге Төрежан Тұрымовқа
ертіп екі адам жібереді. Сол кезде үйде отырған Махамбет, інісі Хасен және
бір-екі адам сыртқа шығады. Анадайда тұрған топ адамды көріп, Махамбет тұсаулы,
бекітулі атына қарай жүреді. Тұрымов атына қамшы басып, бұрын жетіп, аяғын
босатып, айдап жібереді. Махамбет мылтығын алып, Төрежанды атады. Тимейді.
Екінші рет атайын деп жатқанда, Төрежан: "Адай Мұраттың 4 жылқысын
қайтарып бер дегелі келдік", - деп басу айтады. Сабасына түскен Махамбет:
"Оларың рас болса, үлкендерің өзі келіп сөйлессін", - дейді.
Серіктері хабар айтуға кетеді. Төрежан, Ықылас, Мұса, Махамбет үйге кірді. Ақын
қасындағы төрт адамды бөгде біреу кіріп кетпесін дегендей, тысқа тастап кеткен.
Ол қонақтарына шай ұсына отырып, шаруаларын сұрады. Ықылас ұрланған малдың
құнын төле деп жанжал шығарды. Махамбет ешқандай мал ұрламағанын айтты. Айқай
арты алыс-жұлысқа ұласады. Сыртта тұрғандар Махамбеттің өліспей беріспейтінін
айтып, айқайлағанын естиді. Мұса Махамбеттің қанжар ұстаған қолына жабысады.
Сырттан кірген Жүсіп Өтеулин Махамбеттің басын қылышпен шауып түсіреді
(В.Ф.Шахматов. Аталмыш кітабы. 250-б.).
Тарихшы ғалымның ақын өлгеннен дәл жүз жыл кейін, 1946 жылы жарық көрген
еңбегіндегі бұл деректерді кейінгі жылдары табылған Б.Аманшин, Н.Шаяхметов
деректерімен толықтырған Ә.Сарай "Исатай мен Махамбет" кітабында бұл
оқиғаны толығырақ көрсетеді. Жиендерінің қолды болып кетпеуін көздеген алашалар
ақынды Қаройдағы бажасы Беріш Асаубай Құдайкеловтың ауылына жібереді. Ол жерде
де өзін қауіпсіз сезінбеген батыр Сағыз бойындағы Тоғыр Дәріұлы мен Байнақ
Тілеуке ұлына көшпек болады. Немере інісі Жәміл Төлемісұлын соларға жіберіп,
өзі Қаройда қалады, 19 қазан күні сәске түсте ошақ қасында жүрген Типан
жүлгелердің бірінен шыға келген жиырма шақты қісіні көзі шалып, үйдегі
еркектерге хабар береді. Оны естіп Махамбет пен Хасен, қастарындағы Бітімай
Шөкеұлы мен Меңдібай Еспембетұлы есік алдына шығады. Суыт жүргіншілерді көрген
батыр інісіне үйдегі мылтықты алдырады да құдық басындағы атына беттейді.
Жүргіншілерден бөлініп шыққан үш адам атты босатып жібермек болады. Махамбет
оларды тоқтатпақ болып, төбесінен оқ атады. Бірақ, әлгі үшеу атты босатып
үлгереді. Олар - Ықылас Төлеұлы, Жүсіп Өтеуліұлы, Мұса Нұралыұлы екен. Сол
арада Жәнібек Бодақұлы мен Төрежан Тұрымұлы бастаған тағы бір топ келіп жетеді.
Төрежан Адай Мұраттың жоғалған малын іздеп келе жатқанын, басқа шаруалары жоқ
екенін айтады. Махамбет олай болса деп, жасы үлкен Ықыласты үйге шақырады.
Үйде Махамбет Мұратты білмейтінін, малын алмағанын айтады. Ықылас
Баймағамбеттің бұйрығымен ұстауға келгендерін білдіреді. Махамбет тірілей
берілмейтінін айтып қанжарға жармасады. Типан Ықыласқа қылыш ала ұмтылады.
Есіктен Жүсіп Өтеуліұлы кіріп келіп, Мұсаны итеріп тастап Махамбетті қақ
шекесінен екі рет шабады. Бірақ батыр құламайды. Шалғайына жармасқан Мұсаға
бұрыла берген кезде Жүсіп бар пәрменімен қара құстан қылышпен тартып қалады.
Махамбет сұлап түседі. Жүсіп сұлап жатқан Махамбеттің басынан тағы бір рет
шабады. Мұса да көк желкеден үш рет шауып, батырдың басын кесіп
алады.
Жендеттер онымен қоймай, сандықты ашып, ішіндегі ақша, дүние-мүліктерді алып,
батырдың басын қанжығаға байлап, 8 жылқы, 4 түйені қуып кетеді. Батырдың
өлімінің жәй-жапсары әр түрлі айлашарғымен 7 жылға созылып, ақыры жабылып
қалады. Бажасы Асаубай Баймағамбетке барып, кесілген басты алып, денесінің
қасына көмдіреді. Жым-жылас болып жоғалып кете жаздаған моланың қалай
табылғанын бұрын айтқанбыз.
Ал, кейінгі кезде ақынды үйінде өлтірмеген десіп жүр. Өтеміс ұрпағынан көзі
тірі Хадиша, Сәлима және Раушан Қариқыздарының айтуынша, керілдесіп қалғандар
"бала-шағаны шошытпайық" деп сыртқа шығып, ақынды төбенің басында
ымырт иірілгенше ұстап тұрыпты. Қас қарайғанда тарапты. Орындарында қарайып
қалған нәрсені барып қараса, бас жоқ дене екен. Оны төбесіне үй тігіп, сол
арада көміпті. Ақынның кейінгі әйелі Типан ұрпақтарға солай жеткізіпті
("Ана тілі"). Ал Хадиша Қариқызы бала кезінен естіп келе жатқан - бір
гәпті еске салады. Ақын өлерінен аз-ақ бұрын түс көріпті. Түсінде бір досы
басын кесіп алып кетіпті. Сөйтсе, әлгі бас аздан кейін қайтып келіп,
Махамбеттің құран оқып жаназасын шығарыпты. Ақсақал кісілердің біреуіне
жорытса, ол жақсы ырымға жорыпты ("Инфо-Цес". № 22. 2003.). Түс
дегеннен, жұмбақ дегеннен шығады. Махамбет те есесін жібермейді. Өз түбіне
жеткен Баймағамбетті ол да тірісінде бір, өлісінде екі рет өлтіреді.
Тірісіндегі өлтіргені сұлтанды жерден алып, жерге салған атақты толғауы. Өліде
өлтіргені - халықтың Баймағамбеттен оның өшін алғаны. Елдің айтуынша, әрі
бажасы, әрі туысы Асаубай Баймағамбет сұлтанның соңына түсіпті "Бір кісіні
екі бөлек қоймақ жоқ", - деп, ақынның кесілген басын Баймағамбеттің
қолынан алып, шын жендеттің кім екенін айдай жұртқа паш етеді. Онымен де
қоймай, Петербургке барып, шен алып, қуанышы қойнына сыймай, қайтып келе жатқан
сұлтанды тасып жатқан Електің өткелінде салға мінгізіп, өткелшінің ауызын алып,
арқан үзілді деп, жора-жолдастарымен суға ағызып жіберіп, патшадан алған
сыйының қызығын көрсетпейді. Баймағамбеттің өлмей тұрып көрген және бір өлімі -
өзінің үкілеп баптап жүрген орда ақыны Шерниязға өзін мақтатам деп, тірілей
масқара болғаны. Ондай өлтіре табалаған сөзді өзі мерт еткен Махамбетке бола
естігені. Тірі өзіне дәріпші бол деп жүрген ақынының өлі дұшпаны Махамбетке
жоқшы болып кеткені. Ал, сол Махамбет бірде Шернияз шешенге қонақ болыпты.
Аттандырып жатып, Шернияз Махамбетке бір ауыз сөз қатады. Оған Махамбет бір
ауыз жұмбақ айтады. Мұнан соң екеуі жолыға алмапты. Шернияз кейін:
"Батырдың жұмбағын шеше алмадым, дегенмен өзіне айтармын", - деп
отырады екен. Шернияз: "Көк үйрек көлде отырған жергілікті ғалымдар
шариғаттан жол біліпті. Жолдасы ер Исатай - ер Махамбет, бар ма тыңдайтұғын
ескілікті", - деген екен. Махамбет: "Көп қағып дауылпазды көл
шайқаған, арғымақ бір шапқанда айналасы алты айшылық жер шайқалған; күн бұлт,
ай қараңғы, жортар құлжа; Шернияз, шешен болсаң - бұл сөзімді жылдам болжа:
түйіліп таң мезгілі, мұнар шалып, төрт лашын бір сұңқарды ортаға алып, қылған
олжа; он бүркіт, отыз аққу көлде жатқан, лашын қанат қақпай дәмін татқан;
телегей теңіз тасып шамданғанда жемсау құс тұғырдағы қайда жатқан? Хат жаздым,
қалам тартып, қыл әзір деп, тар жерде сөйле дедің бол әзір деп; осыдан өзім
қайтып келгенімше, би Шернияз, жауабын үшбу сөздің қой әзірлеп", - деген
екен (Махамбет. "Арыс" баспасы. 135-б.). Ал, екінші бір аңызда,
Шернияз бұл жұмбаққа Маңғыстаудағы Абыл ақын не дер екен деп, ат шаптырып, адам
жібереді. Сонда Абыл шешіпті дейді. Бірақ, оған жіберілген жұмбақтың мәтіні
бөлектеу. Онда: "Әліп, ләм, һаймен тұрады әлхам басы, мүімнің, бимен
тұрады бисмилләсі, мүімнің құйрығы имек, ортасы ақ, білсең айт: осы ненің
нышанасы? Он бүркіт, отыз аққу көлде жатқан, лашын қақпай қанат дәмін татқан,
Арқадан қайта айналып келгенімше, Шернияз, шеше алмасаң, өзің сақтан", -
делінген. Айтыстың шарты бойынша, Шернияз шариғаттан сөз сұрағасын, Махамбет те
жұмбағын шариғаттан айтуы керек еді. Бұл жағынан екінші "Әліп дегені бір
Алланың аты еді, Ләм дегені Періштенің аты еді, Ай дегені Пайғамбардың аты еді
"Мүйімнің" құйрығы имеқ, ортасы ақ дегені Пайғамбардың өз үмбетіне
икемдігі, жүрегінің ақтығы еді. "Он бүркіт" дегені Мұхамбет
пайғамбардың өзіне жақын кеңесшілері еді. "Отыз аққу" дегені Дәуіттің
өлген отыз ұлы еді."Лашын қақпай қанат дәмін татқан" дегені сәждеден
басыңды көтеруге мұрса бермей жаныңды алатын жаналғыш Әзірейіл еді, - депті де,
Шерниязға айта бар, жұмбақ сөзінің мәнін ұғынсын. Әкімдіктің буына мастанып,
тоғышар тіршілігіне мақтанып, астамшылық сөз сөйлеп, іс істеуден бойын аулақ
салсын, жараның ауызын тырнамай, жөніне жүрсін" ("Рыскелді
батыр". Атырау. "Aturau Print" баспасы, 2003. 204-б.) - деп
сәлем айтыпты. Өйткені, ол кезде кете Жарылғас бидің шешен ұлы Шерниязды
Баймағамбет өзіне сарай ақыны қыламын деп әлектеніп жүреді екен. Сол Шернияз
Махамбет ұстазының әлгі жұмбағына жауапты оның көзі жұмылған соң дұшпаны
Байғамбетке ендігәрі есінен шықпастай қып дұрыстап тұрып берген сияқты. Асылы,
Баймағамбет бірінен-бірі өткен екі дүлдүлдің, бірінен-бірі өткен екі толғауының
тууына себепші бола алғаны үшін-ақ тарихта қалуға лайық.
Не де болса, Жайықтың екі бетін он жылдан астам опан-топан қылған ұлы дүрбелең
әлгіндей айдалада саяқ отырған жалғыз үйдің желкесінде беймезгілдегі бейберекет
қауқылдасқан даумен біте салды. Ел дүрліктірген ереуілдің екі көсемі де қапияда
қаза тапты. Ал, олармен алысып өткендердің бірі Баймағамбет сұлтан да естіген
құлақ қанбайтын, айтсаң ауыз толмайтын, ойнап жүріп от басқандай оқиғадан опат
болыпты. Оның бұл көтеріліс тұсында жұлдызы әбден жарқырады. 1837 жылы оған
3-дәрежелі Станислав ордені берілді. 1838 жылы Исатай өлгенде аспаннан орден,
медаль, атақ жауғанда бұрын әскери старшина болса, енді подполковник болды
(В.Ф.Шахматов. Аталмыш еңбегі. 229-б.). 1846 жылдың шілде айына дейінгі кезеңде
тағы да бір орден және полковниқ атағын иеленіпті. Ал, 1846 жылы 1 шілдеде
2-дәрежелі "Қасиетті Анна" ордені берілді. Демек, ол Махамбет
өлімінен кейін I Николайдың шарапатына мықтап кенелген. 1847 жылдың 27
ақпанында генерал-майор атанды. Бірақ оның қызығын көп көре алмады. Патша
марапаттап, Орынборда губернатор арнайы қонақасы беріп, төбесі көкке тиердей
болып келе жатып, ауылға жеткенше шыдай алмай, тасып жатқан өзеннен қайықпен
өтем деп, су түбінен бір-ақ шыққан. Ал, бұл жайындағы ел аузындағы әңгімені
жоғарыда айттық. Қайткенде де, сол оқиға болған күні өткел басында Асаубай
Құдайкеұлы мен төрт-бес серігін ерткен Үбі батыр да болыпты (Ә.Сарай. Аталмыш
еңбегі. 396-397-бб.).
Ал, екі батырдың екеуі бірдей оқ кезеп өткен Жәңгір хан Бөкей хан ұлы ше?
Бәлкім, бұл қайғылы әл-қиссаның ең соңында бай болып, барша мұратына жеткен сол
шығар?
Қайдағы!.. Бір кезде Ұялыда осы даудың бәрін бастап, өзіне өжеңдеген Исатайдан
кейін, жеті жыл жарық көрді. Бұның "Атандай даусын ақыртып, лауазымын
көкке шақыртып, басын кесе алмай" ол кетті. Оның сүйегін баяғы Сырымдай
қылып Үргеніште шіріте алмай бұл қалды. Бірақ, ол да дегеніне жете жаздады.
1837 жылы 26 қазанда Исатайлар Ордадан сегіз шақырым жерге келіп күркіреп тұрып
алғанда: "Шынында да, алтын тәжді басыммен атқа сүйретіліп кете барар ма
екенмін?" - деп ойлағаны, көз алдында жібек перденің аржағында тамақтары
балапан қаздың мамығындай үлбіреп тұрған тана көз ханымдарының күл басында
қауқылдаған көп аусардың кергісіне түсіп жатқаны елестегені рас. Исатай да ел
асып, жер асып, Үргеніш пен Хиуаның азан шақырғаны естіліп жататындай ит
қияндарда ит мініп, ирек қамшылап жүргенде баяғыда Ұялыда Жәңгірдің айтқан
ашулы сөзі жадына оралып: "Соққанның сол сандырағының келгені осы
болмағай!" - деп, қараптан-қарап сай-сүйегі сырқырамады дейсің бе? Ондағы
айтқандары келмесе де, екеуі де о дүниенің есігінен бір сығалап қайтқандай, көр
азаптарын тірілей-ақ көріп кетті. Исатайдың сүйегі өз топырағында
қалды.
Жәңгір алтын тәждің астында, ақ төсектің үстінде өлді. Бірақ екеуі де жаралы
арыстандай "аһ" ұра күрсініп, көз жұмды. Бәлкім, екеуі де:
"Бәріне де жеткілікгі кең дүниеде неге осынша сыйыса алмадық?" - деп
өткен шығар. Ажалдың қапшығындай шынжыр сауыт, болат дулығаның астында атылған
оқтан мүрдем қапқан Исатайдың жанын қайдам, салқын жай, мамық төсекте бейуақ
тап болған беймәлім дертке дауа таба алмай қаралай қарқараға келген Жәңгірдің
жаны қашан көзі жұмылғанша өткен-кеткеннің қиыр-шиырларын шарлап сенделгені
даусыз.
Бақса, Исатай он жас үлкен ағасы екен. 49 жасында - мүшелінде булықсып жүрген
буыршындай бұлқына-бұлқына ол да өтті. Қырықтың төртеуінде қинала-қинала Жәңгір
көз жұмды. Одан бір жыл кейін оған "хан баласы, ақсүйек, ата дұшпан - сен
едің, ата жауың - мен едім" деп күркірегін Махамбет те күл қасында көміліп
қалды. Ол үшеуінің дауына өз еркімен емес, замананың зобалаңымен араласқан
Айшуақ баласы Баймағамбет те Исатайдан тоғыз жыл, Жәңгірден екі жыл,
Махамбеттен бір жыл кейін, елу жетіге толып егдерген шағында Електің асау
толқынына жем болды. Алды тайға енді мініп жүргенде, арты емшек еміп жатқан бір
ұрпақтың, бірінің шаңырағынан бірі тумай жатып дәм татысқан бір қауымның
өкілдері. Ат құйрығын үзісіп, бірінің басын бірі тірілей мүжісіп өткен неткен
тағдыр?!
Сол айтыс, сол тартыстан не көрді? Жә, оған кейін оралармыз. Жәңгір өмірінің
аяқ-жағының қалай қиқы-жиқы бола бастағанын жоғарыда-ақ айтқанбыз. 1837 жылдың
қазанындағы қаһарлы күндер оған оңайға түскен жоқ. Халықпен екі ортаға кірбің
түсті. Ереуілшілер құлақтарын үйретіп үлгерген жаманат жұрттың жадына ғана
емес, санасына да мықтап із тастап үлгерді. Оны жуып ағартқанша қанша ғұмыр,
қанша еңбек керек. Патшаның алдында да бетіне шіркеу түсті. Бұрынғыдай емес,
именіп кіріп, именіп шығуға тура келер түрі бар. Астрахан мен Сарытау
басшыларына да бұрынғыдай екі туып, бір қалғанындай еркін сөйлесе алмайтындай
болды. Олар да бірден жалп ете қалмай, "тағы бір пәлесіне ұшырап
қалармыз" дейтіндей, сақтанып тұратынды шығарды. Орынбордан Генс кетті.
Қалғандары: "Қап, бәлем, өзіңе де керегі сол еді", - дейтіндей. Бұл
ізіне шырақ алып түсіп жүрген Махамбеттің сотына тіпті шақыртқан да жоқ. Болары
болып, бояуы сіңген соң, хабарын почтамен жіберді. Губернатор бұны ешкімнің
бетіне тура қарай алмайтындай қылып, күйеуі сабаған қатындай күйбендетіп
қоймақшы. 1838 жылғы 5 ақпаннан бастап патша Ішкі Орданы Сыртқы істер
министрлігінің қарамағынан шығарып, Мемлекеттік меншік министрлігінің қармағына
бағындырған. Бұның арғы жағында не тұрғанын іші сезсе де, Жәңгір сыр бермеуге
тырысты.
Хан жаңа министрлікті Петербургпен қарым-қатынасын қайта жандандырып қалуға
пайдаланып қалуға күш салды. Ол 1839 жылы 31 қаңтарда Астраханға барып, жаңа
бастығы Мемлекеттік меншік министрі генерал-адъютант граф П.Д.Киселевке мамыр
айында барып, өз қол астындағы хандықтың жағдайын айтып бергісі келетінін хабарлады,
Министр алдын ала императормен келісіп, бұл жайында Орынбор губернаторын
қүлақтандырып, ханды Петербургке шақыртты (История Букеевского ханства.
173-174-бб.).
Бұл сапарында Жәңгір I Николайға жазып қойған хатын да ала барды. Онда Ішкі
Ордада барлық алаңдаушылықты туғызып отырған жер мәселесін қайта көтерді. Әкесі
Бөкей тұсында 1801 жылы қазақтардың көшіп-қонуына бөлінген жерді қайтарып
беруді өтінді. Сол ауқымда 10 елдімекен тұрғызып, онда мектеп, аурухана,
мәдениет ошақтарын ашып, орда халқына қызмет көрсететін мамандар шоғырландыру
қазақ қауымының біртіндеп отырықшылыққа көшуіне оң ықпал етер еді деді.
Қазыналық оқу орындарына, атап айтқанда, қатынас жолдары корпусына - 2, орман
институтына - 2, техникалық училищеге - 2, азаматтық инженерлер институтына - 2
қазақ баласын қабылдатуға қолғабыс сұрап, оларды қалай пайдаланатынын баяндады.
Өзінің 16 жасар ұлы Зұлқарнайын мен 9 жасар ұлы Сақыпкерейді де қазына оқу
орындарында тәрбиелеп келетінін білдірді. Сондай- ақ, қазақтың әдет-ғұрып заңы
бойынша, Шыңғыс ханның тікелей ұрпақтары болып табылатын сұлтандар әулеті
жоғарғы қауым болып саналатынын ескеріп, оларды орыс дворяндарындай империя
қызметіне алудың орындылығын дәлелдеп, он екі кісінің тізімін ұсынды.
Хандықтағы Исатай Тайманов шығарған дүрбелеңдердің көпшілігі халықты, ханға
бағындырмай өзіне бағындыруды көздегендіктен болғандықтан, орда халқы қазір
хандықты мұрагерлік жолмен иеленуді заңдастыруды дұрыс деп тауып отырғанын
мәлімдейді. Мұндай қағиданы император ағзамның қалмақтар арасында сақтап отырғандығын
еске салып, өзінің хандық дәрежесін мұрагерлендіруді өтінеді. Сондай-ақ, хан
Орынбордың алыстағы Ішкі Орданы басқаруда көп қиындықтар туғызып отырғанына
тоқталып, өздерін Астрахан губерниясына қаратуды ұсынады (Бұл да сонда.
374-378-бб.).
"Біздің Орданың тағдырындағы оңға басу нәтижесінде қазақтардың мінезі
шұғыл өзгеруде: қиындықтардың қырсығынан қиқарлық пен жыртқыштыққа үйренген
ызалы халықтан бастықтарының айтқанын екі етпейтін, өздеріне бөлінген жерде
белгіленген тәртіпті бұзбай, ұдайы көшіп-қонып жүрсе де, көрші шаруалармен,
басқа халықтармен тіл табыса білетін бейбіт бақташыларға айналды", - дейді
хан (Бұл да сонда. 378-б.).
Біз бұдан көтерілістің Жәңгірдің жүйкесіне тигенімен, көзқарастарына ықпал ете
алмағанын байқаймыз. Хан П.Д.Киселевпен әңгімесі кезінде сот, тергеу ісіне,
Жайық казактарымен екі ортадағы жер дауларына, жергілікті өкімет пен хандық
арақатынасына байланысты пікірлерін де ортаға салды. Онда да бұрынғы өз бағыты
тұрғысынан, хан қолындағы билікті көбейту мүддесінен сөйлейді (Бұл да сонда.
379-380-бб.). Министр Жәңгірдің бір топ игі жақсыларды марапаттау туралы
ұсынысын қолдап, ханды I дәрежелі киелі Анна орденімен марапаттау туралы
император ағзамға ұсыныс енгізді.
Жәңгір Петербургке қобалжып барып, иығын тіктеп қайтты. Келе-сала Перовскийдің
Хиуаға, Сырдарияға аттандырмақ экспедицияларын көлікпен қамтамасыз ету істеріне
білек сыбана кірісті. Сырттағыларға ұнау, іштегілерге иық көрсетуге тырысатын
әуелдегі мінезіне қайта оралды. Одесса көпесі Искардан орманы жоқ, тұлдыр жерлерді
шаң борасынынан сақтайтын топырақ таптағыш машина барын есітіп, соларды алдыру
үшін Новоресей губернаторы граф М.С.Воронцовқа хат жазды (Бұл да сонда.
385-б.). Астрахан губернаторы И.С.Тимирязевке болашақта қатынас жолдары, орман,
техника инженерлігіне оқитын он-он екі жастағы 6 қазақ баласын Астрахан
гимназияларында оқытуды сұрап еді, ол Қазан оқу округінің қамқоршысы М.Н.Мусин
- Пушкинге хат жазып, аталмыш балаларды I Қазан гимназиясына алуға қолдау
көрсетті. Сондай-ақ, Астрахан түбіндегі Қаражар мен Орда арасында почта
қатынасы жолға қойылды (Бұл да сонда. 385-386-бб.). Могилев көпесі
Ш.Б.Белинскиймен бірге сауда компаниясын ашуға, Қазанда шығыс қолжазбаларын
бастыруға, бөкейліктердің ішкі Ресей қалаларына еркін барып келе алуына,
қазақтардың татарлар мен башқұрттармен некелесуіне салынған тыйымды алып
тастауға, хан Ордасында уақытша жорық шіркеуін, Торғын өзені бойында бөгет
салдыруға, Бөкей Ордасында малдәрігерлік қызметін енгізуге бастамашы болғаны
алыс-жақынға дүңк-дүңқ естіліп жатты (Бұл да сонда. 398-416-бб.). Жәңгірдің
оқыған монарх атағына қызыққан батыс әуесқойлары Жасқұсқа ағылып келе бастады.
Қазан университеті құрметті мүше етіп қабылдады (Бұл да сонда. 417-б.). Ол
Қазан университетінің шығыс тілдері фақультетіне аса сирек кездесетін араб, парсы,
шағатай, түрік тілдеріндегі қолжазбаларды сатып әперуді қолға алды. Оған сол
университеттің ординар профессоры, белгілі шығыстанушы және Ресей барлау
қызметінің атақты маманы Мирза Александр Казем-Бектің ықпалы болғандығы
байқалады (Бұл да сонда. 432-437-бб.).
Жәңгірдің Жасқұстағы ордасында ауыл арасының қонақтарынан гөрі империяның
Европа бөлігінен келген меймандар көбірек болған сыңайлы. Ханның көтеріліс
кезінен әлем-жәлем жан дүниесін бір сәтке болса да сергітіп, сейілтіп
кететіндер тек сол бейтаныс қауым өкілдері еді. Олардың бұның салған ордасы мен
ойға алған істеріне берген бағасын қанша жан селбеу еткенімен, қол астындағы
халықтың бетін түгелдей өзіне бұра алмай қойғаны жанына бататын. Тоң торыс
ағайындар көбеймесе, азаймады. Исатайдан құтылып, Қайбалданы Хиуа асырып,
Махамбетті құлатүзде қаңғытып қойып, Петербург барып, енді көңілімді бірледім
бе деп отырғанда, жау іргедегі ноғайлар мен масқарлардан шықты. Екі ауылдың
Аббас Көшеев пен Лаубай Ментаев деген екі "қағынғаны" қайнап жатқан
қазанына жапа тастап жібергендей қылды. Аббас - баяғы Қайыпқалидың көзі.
Харитонов деген көпесті өлтірді деп, тұзаққа ілініп тұрып, құтылып кетті. Сол
1839 жылы Орынборға арыздануға бара жатыр дегенді естіп, хан кордондағы
"казематқа" қаматып қойған. Қашып еді, қармап алып, қайта қаматқан.
Ноғай ақсақалдары аманатқа сұрағасын босатқан, 1842 жылы күзде ақсақалдар қайта
келіп тұр. "Әлгі Аббас дегенді, ханды жамандап қайта қара басып жүр.
Аманатымызды қайтып алдық", - дейді. Іздетіп еді - Текедегі наказной атаманнан
бір-ақ шыққан. Бизянов Шекара комиссиясына жөнелткен. Олар мылтығын салақтатып
Ордаға тергеушілерін жіберген. Айтпағаны, таппағаны, тақпағандары жоқ. Хан жер
иеленушілерден жер кесіп алып, әр сажынды 1 сомнан басқаларға сатады. Жыл сайын
ноғайлардан 40 мың, Алашадан 40 мың, Жаппастан 30 мың, Адайдан 25 мың,
Масқардан 10 мың, Танадан 20 мың, Есентемірден 10 мың, Жетірудан 20 мың ақшалай
алапа алады. Соғымға әр шаңырақтан 70 сомға не аттай, не ақшалай алады. Пішенге
пұл, тебінге пұл, киіз салық, түйе салық, молда ұстағанға, писарь ұстағанға
салық, кеңсе қажетіне салық, базарға мал сатсаң, әр басына 1 сом салық салады.
Жәрмеңкеге барған жақсы жылқыңды тартып алады. Зекетті өзі тағайындаған
молдаларға жинатады. Салықты ағайын-жекжатына жинатады. Балдызы Әміржан
Құсайыновты ноғайларға салықшы қылып қойды. Ел: "Хан бәрімізді орыс
алпауыттарының мұжықтарындай басыбайлы құл етіп алатын көрінеді", -
деседі. Оларды естіген соң Масқар Лаубай барып, жаңағыны айтып, ол да көз жасын
көл еткен. Бұл - Исатайдың тобынан. Үбі Ұсаұлы, Тінәлі Тайсойғанов (Тәни
Түменов), Қали Қалдыбаев күзетшілерін буып тастап, 12 адам болып қырға қашып
кеткен. Бір жыл Нарында тығылып жүріп, Жайық өткен. Ол жақта Махамбетпен,
Қалдыбай Иманбаевпен кездескен. Солардың жұмсауымен 1842 жылы Ішкі Ордаға өтіп,
баяғы әңгімені басқалардың ауызымен айтқызып жүр. Аббас - соның бірі.
Жәңгір осы пікірін жазып, Шекара комиссиясына арызбен барған Аббасты, Мұсаны,
Лаубайды абақтыға қаматып қойды. Шекара комиссиясы оларды ханның өзіне
жөнелтті. Глинянск бекінісінде оларды қастарына күзетші қоспай, өздерін
жіберген. Олар келе сала ел жағалап кеткен. Жәңгір оларды ұстап әкелуге
сұлтандарды жұмсады. Олар ауылдарын тонап, өздерін хан алдына айдап әкелді
(В.Ф.Шахматов. Аталмыш еңбегі. 234-238-бб.). Тұтқындаған кезде қойындарынан 250
адам - 91 масқар, 24 ноғай, 45 беріш, 4 қызылқүрт, 25 алаша, 1 қете қол қойған
арыз табылды. "1843 жылғы 2 желтоқсандағы Ішкі Ордадағы әр рулар мен
бөлімшелерінің қазақтарының өтініштері" деп аталатын бұл құжатта да баяғы
сол ханнан құтқару, Аббас Көшеевтің тергеуін тездету, бәрін Жайық әскері
қызметіне казактар қатарына алу сұралған (История Букеевского ханства. 342-б.).
Бұл арызды арнайы тексерген полковник К.Х.Бабет 1845 жылы 12 маусымда
В.А.Обручевқа арызға қол қойған, мөрін, таңбасын басты деген адамдардың бәрімен
сөйлескен. Олар бұндай әңгімені бірінші рет естіген болып шықты. Сондай-ақ, ол
хан Ордадағы әр рудан жәрмеңкеге жиналған 300 адаммен кездескен. Олар Көшеев,
Айболатов, Ментаевқа ешкім Жайық әскерінің қатарына алу туралы ұсыныс жасауға
тапсырма берген емес деп, ат-тондарын ала қашады.
Демек, Жәңгірдің 1843 жылы 31 қаңтарда В.А.Обручевқа "Ішкі Ордадағы екі
бүліктің тұсында басты күнәкарлар болып шыққан Жайық әскерінің 200 офицері сот
шешімімен шендерінен айырылып еді, қазір де Жайық әскерлерінің офицерлері
сондай ниетте жүр ме деп ойлаймын. Өйткені, Жайық әскерінің екі штаб офицері -
біреуі Қамыс-Самар, біреуі теңіз жағасы қыстауларын аралап, менің үстімнен
деректер жинап кетіпті", - дейтін дабылы рас болып шығады (Бұл да сонда.
533-534-бб.). Әсіресе, қанша ереуілші болса да, қатардағы қашқан- пысқан үш
қазақ сонша мәліметті қайдан біледі? Бұл үлкен кеңселерде дайындалып, үлкен
жақтан туындап жатқан онсыз да айыпты ханның онсыз да белгілі қылмыстарын
пайдалана отырып, онсыз да дәурені өтіп бара жатқан хандықты Жәңгірге наразы
күштердің қолымен төңкеруге тырысудың тәсіліне ұқсайды. Өлер хан өліп кеткен
соң, 1848 жьшы 4 қаңтарда әскери губернатор В.А.Обручевтың А.Көшеевтің
арызыңдағы ханға қойылған сегіз айыпты дұрыс деп тауып, мұндай шектен шығушылық
жағдайында кейбір ордалықтардың, не Аббас Көшеев пен серіктері секілді заңды
өкімет орындарына арызданып, не сұлтан Қайыпқали мен старшина Тайманов сияқты
ордалықтардың наразылығын оятып, ақырына дейін айқаспасқа шара қалдырмайтынын
айтып жатудың басы артық деп, ағайынды Көшеевтер мен Пірәлі Жәнібековті сот
кескен қатаң жазадан босатып, ендігәрі бүлікші әрекетпен шұғылданбауды
ескертіп, ауылдарына қайтаруы да көңілдегі әлгіндей күдікті күшейте түсетіңдей
(Бұл да соңда. 568-569-бб.). Соған қарағанда, Исатай көтерілісіне қатысқан Тәни
Түменов, Лаубай Ментаевтардың 1843 жылы қаңтардың 19, 24 жұлдызында Шекара
комиссиясына берген жауаптарында Исатай Тайманов серіктеріне манифест бойынша
кешірім берілгенін Баймағамбет және Арыстан Айшуақовтардан естігенбіз, ондай
цирқуляр бүкіл Ішкі Ордаға таратылыпты деген мәлімдемесі де таңғалдырады (Бұл
да сонда. 532-533-бб.).
Соған қарағанда, патша өкіметінің мұндай түсініксіз
"мысық-тышқанының" ар жағында түсінікті бір саяси мақсат - шыннан да
айыпты ханның ашуын, шыннан да наразы бұқараны тұқыртып алуға пайдалану тұрған
сияқты. Сол арқылы отаршыл империяға атымен керегі жоқ бұратана халықтардың
ұлттық мемлекеттілігін өз-өзінен шайып тастау мақсаты көзделгендей. Олардың
естияр адамдарын бірінің қолымен бірін бауыздатып, өз-өзінен жойып жіберу
көзделгендей. Наразы күштерді өз ханынан өзі жеріп, казак болып кетуге
қайта-қайта итермелеп бағуда да сондай бір зымиян пиғыл жатқандай. Алайда, ол
кезде мұндай шытырман есептің арғы астарына елшіл ереуілшілер де, өзімшіл хан
да қаныға қоймаған сыңайлы.
Бұл жағына бергі заман зерттеушілері де тереңдеп ене қоймаған. Оған түсінікті
де, түсініксіз де себептер көп еді. Дегенмен, Исатай көтерілісі күшпен
жанышталған соң, қауіп көбейе қоймаса, азая қоймағанын ол кездегі Жәңгірдің өзі
түсінбесе, қазіргі біз түсінетіндей деректер өте көп. Алдымен, Ішкі Орданың
Сыртқы істер министрлігінен Мемлекеттік мүлік министрлігіне берілуі оның
түбегейлі қайта құрылатынынан хабар бергендей еді. Бұрын халықаралық қатынастың
нысаны болып келген аумақтың енді ішкі қатынастың нысанына айналуы ол
өзгерістің қандай бағыт алғанын сездіргендей еді. Алайда, Жәңгір қанша білімді
дегенімізбен, өз заманындағы тұрмыс-салт пен шаруашылықтағы, билік үрдісі мен
саяси мінез-құлықтағы өзгерістерге сырт үйірсектікпен ғана шектелгендей. Қанша
мемлекеттік дербестік үшін күресті дегенімізбен, оның бойынан шынайы елжандылық
пен ұлтжандылықтан өрбіп жатқан толыққанды мемлекетшілдік байқала қоймайды.
Басыңдағы бақ пен дәулетті көбейте және нығайта түскісі келген өр көкірек пен
билік құмарлық қана көзге ұрады. Ол Петербургте болғанда патшаға беріп кеткен
ұсыныстарынан да айқын көрініп еді. Оның да тек ұсақ-түйек жағы ғана назарға
алынып жүзеге аса бастаған түрі бар. Ал, ел үшін өзектілері болып табылатындары
жайында жоғары мәртебелі кеңселер жұмған ауыздарын ашпаған күйлері қалды.
Бұл, әрине, оның жанына Аббас пен Лаубайдың "қиғылықтарынан" кем
батқан жоқ. Бірақ, дәл сол жылдары жанына одан да гөрі көбірек батқан бір
жағдай бар еді. Ол астанадан қайтып оралса, Орынбордағы "құрлық
Магелланы" А.Перовский өзінің "ұлы географиялық жаңалықтарына"
әзірленіп жатыр екен. Торғай, Ырғыз, Сырдария бойлары мен Хиуаға жорыққа
шығамын деп, әзірлікке кірісіпті. Жәңгірді де соған жұмылдырып бақты. Хан қазақ
ауылдарынан оқ-дәрі, азық-түлік артып, арбалар мен зеңбірек сүйрететін мыңдаған
түйе жинатты. Соның арқасында Хиуа жорығы ойдағыдай аяқталмаса да, ойдағыдай
басталды. Орынбордан дер кезінде аттанып кетті. Сол үшін 1848 жылы 9 қарашада
генерал-майор атағына ұсынылды. 8 желтоқсанда Шекара комиссиясы арнайы
цирқулярмен Ішкі Орда ханы Жәңгір Бөкеевке генерал-майор шені берілгенін
хабарлады. Аса жоғары өкімнің 749 данасы Ішкі Орда тұрғындарына тарату үшін Хан
қеңсесіне жөнелтілетін болған. Ел арасы бұны естіп, бір гуілдесіп қалған.
Бірақ, сол хабар сол күйінде суға батқандай жым-жылас жоғалды. Бір жыл күтеді -
генерал куәлігі жоқ. Екі жыл күтеді жоқ. Енді ел арасы басқаша гуілдей бастады.
Шыдамы сарқылған Жәңгір бір кезде Шекара қомиссиясы мен Мемлекеттік мүлік
министрлігі бірдей құлақтандырған әлгіндей хабардың аяқсыз қалғанын айтып,
Орынбор әкімшіпігіне хат жаудырады. Оларына әрнемені бір сылтауратқан сүйкей
салды жауаптар алды. Ал, тұжырымды жауап тек 1843 жылы 7 қазанда жаңадан ғана
губернатор болып тағайындалған А.Обручевтан келді. Онда Соғыс министрлігінің
инспекторлық департаментінен жаңа келіп түскен аса мәртебелі қол қойылған
патент жіберіліп отырғандығы, алған-алмағандығын тез арада хабарлау керектігі
айтылыпты.
Жан-жақтан құттықтау көбейіп, қошамет-қолпаш қарша жауып, жадырап сала берген
"жаңа жандарал" темірді қызған кезде соқ дегендей, қолына қайтадан
қалам алады. Жаңа губернатордың император ағзамның алдына енді бұған мінсіз
қызметі үшін белгі (алтын медаль) беру туралы ұсыныспен шығуын өтінеді. 1845 жылы
19 мартта Сыртқы істер министрлігінен Орынбор Шекара комиссиясына, әскери
губернаторға және генерал-майор Жәңгір Бөкеев тақсырға бірдей мәтінде жазылған
хат келіп түседі: "Генерал-майор шенін алғаннан бергі екі аралықтағы
қызмет істеген жылдарыңыздың тиісті мөлшерге жетпейтіндігінен Сізді мінсіз
қызмет үшін белгіге ұсынудың ыңғайсыз болатындығын баяндаған Мемлекеттік мүлік
министрлігінің пікірін тыңдап, ұлы мәртебелі император ағзам Сіздің
қызметіңізді Ішкі Орда ханы болып тағайындалған күніңізден бастап есептеп, Георгий
таспабауына тағылған үздік белгі беру туралы ұсыныс енгізуге кеңес берді"
(Ж.Қасымбаев. Государственные деятели казахских ханств XVIII - первой половины
XIX вв. Жангирхан (1801-1845). А., 2001. 155, 160-162, 165-166-бб.).
Қайта-қайта оқып, өз көзіне өзі сенбеді. Жүрегінің басы шым ете қалды. Соңғы
өтініші ағаттық болған сияқты. Бірақ, бұндай ағаттықтар оның өмірінде тек бір
ғана бұл емес тәрізді. Бәлкім, соларды ойлады ма екен, ол үшін 1845 жыл өңшең
күйбең мен күйзеліспен басталды.
Бұрын ат сабылтып Петербургтен, Мәскеуден, Дерптен, Сарытау, Астрахан, Самардан
келіп жатқан қонақтарды көргенде бір жадырап қалушы еді. Енді олар әлдебір
жайсыз хабар әкеле жатқандай абдырап қалатынды шығарыпты. 1844 жылы жазда
генерал-майор Н.А.Бутурлин, Жайық және Астрахан қазақтарының атамандары,
дипломат, тарихшы, барон Ф.А.Бюлер, камер-юнкер, Мемлекеттік мүлік министрі
граф П.Д.Киселевтің хатшысы Л.Д.Львов келді. "Осы ұлықтар құда түсетіндей
қайта-қайта неге келгіштеп кетті?", - дейтін сыбыс шыға бастады. Әсіресе,
министрдің хатшысының бір ай жатып, серуендеген болып, бүкіл Нарынды түгел
аралағаны үйреншікті күңкіл-сүңкілді көбейтіп жіберді. Оған Жәңгірдің өзі де,
әрине, назар аудармай қоймайды. Оның үстіне, Орынбор, Орал қеңселерінен
сыздықтаған сыпсыңдар, ұлан аурудай тым созылып бара жатқан ағайынды Көшеевтер
дауы - бәрі қосылып, жүрегінің зілін ауырлатып, жүйкесінің тінін жіңішкерте
түскендей. Ол 1844 жылғы ақпанда Камышин қаласына барғанда ойда жоқта талма
ауруға шалдығып, құлап қалады. "Әне кетті, міне кетті", - деп,
омбалап жатқанда Сарытаудан дәрігерлер келіп, әзер құтқарып алады. Оның үстіне
"алтын медаль" жайындағы жаңылтпаш жұмбақ көкірегінің басына тағы бір
сыздауық болып орнады. Жығылғанға жұдырық дегендей, Фатима 1842 жылдан бері
қанша дәрігерге көрінсе де, емі табылмаған дауасыз дертке ұшырады. Онсыз да
тұнжыраңқы қабағы былтыр Зылиха ханым Ордаға келін болып түскелі бір ашылмай
қойды. Оны көріп балалары да әкелерінен қаралай суысып барады. Ақ патша, оның
Астраханға қарату жөне мұрагерлік туралы ұсыныстарын су аяғы құрдымға
айналдырғандай. Соны естіген бе, Орынбор ханға одан әрі өшігіп алғандай. Оның
көңілінде әлдебір кірбің барын Львов пен Бюлер де байқапты. Содан ба, әлде 1845
жылы айрықша ыстық болып, күн өтті ме, Торғындағы саяжайына көшіп барып, Петерборда
Паж корпусында оқитын баласы Сақыпқерейдің демалысқа келгеніне той жасаймын деп
шапқылап жүргенде ыстылы-суықтан миын қабынтып алды ма, кенет төсегіне құлап,
бас көтере алмай жатып қалады.
Камышинде келіп қараған дәрігері, медицина докторы Н.Троицкий Сарытаудан
жеткенше сырқаты бет қаратпай кетіпті. Дәрігер он тоғыз сағат бойы аурумен
арпалысып, еткенін ем қыла алмады. Жәңгір төсегіңде омбалап, қояншық болған
адамдай арпалысып бақты. Қайта-қайта ес-түсінен айырылып талықсып кетеді. Тілі
оралғандай болғанда, әрдеңені бір айтып сандырақтай жөнеледі. Ауру Фатима мен
баласының тойы, қайдағы бір түйе жарыс, ат жарыстар аузынан түспейді. Ақырында
11 тамыз да кешкі сағат алты жарымда есінен танып, содан беті бері қарамаған
(История Букеевского ханства. 686-б.).
"Ойбай, хан ием, шынымен кеткенің бе?" - деген оқыс дауыс шыққан
бойда-ақ, жан-жақтағы ауылдардан жұрт шапқылап жетіп келген. Кейбір қызыл
көздер: "Бар пәле орыстардан келді", - деп байбаламдай бастаған екен,
Н.Троицкийдің өзі, қасында болған хан төңірегіндегі адамдар дерттің жағдайын
айтып, әзер басыпты. Бірақ, хан өлімі жайындағы пыш-пыш бәрі бір тыйылмапты.
Біреулер берілген емге күдіктенеді. Біреулер ханның көз жұмған күннің ертеңіне
асығыс қойылғанын сөз етеді. Әйтеуір әңгіме шырық айналып келіп, марқүмның
ауруына суық қол араласқанға жори береді. Бірақ, бәрінен де қайдағы бір
беймәлім адамның жазған "жеке хат" деген қағазы жұртты көбірек
елеңдетті. Петербургке жеткен бұл хаттың жекелеген үзінділерін Мемлекеттік
мүлік министрлігінің басқарушысы Н.М.Гамалай 1845 жылы 21 қыркүйекте Орынбор
әскери губернаторы В.А.Обручевқа жөнелтеді.
Онда марқұмның өлімі туралы ел арасында әңгіме көбін хабарлай отырып, хат иесі
"азиялықтардың екі жүзділігін, олардың әйелдерінің дүние-қоңыздығын біле
отырып, кеп айтылып жүрген өсектердің біреуін шындыққа көбірек сәйкеседі"
деп есептейді. Ол бойынша, хан өткен жылы бір қарапайым, сауатсыз, жас қазақ
қызына үйленіші. Онысымен қоймай, соған көбірек назары ауып, ауырып жатқан
үлкен әйеліне көңіл бөлмей кетеді. Ал, ол дүние-мүлікке қожалық етіп, ағайын-
жекжатқа сөзі өтіп, әбден билеп-төстеп үйренген өр көкірек, өктем мінез әйел
еді. Оның ағайын-тумалары, балалары жас әйелді жақтырмай, ханға салқын қабақ
таныта бастайды. Тіпті бұрын әкесін өлердей жақсы көретін Паж корпусындағы баласы
да, көңілі қалғандықтан, ауырып жатқан әкесінің жағдайын сұрап бара қоймайды.
Ал, Жәңгір балам оқудан келіп, той жасаймын деп шапқылап жүргенде кенет
іш-қүрылысының қатты ауырып бара жатқанын байқайды. Ол бұны күнде ішіп жүрген
қымыздан көріп, шақыртылған дәрігер келгенше құстыратын нәрсе ішіп, істі одан
әрмен насырға шаптырып, ақыр аяғында талма ауруға шалдыққандай құлап түседі.
Дәрігердің қан ағызып, құстырып, іш тазартқанынан еш көмек болмайды. Әлсіреп,
бойын жия алмай, шөлдеп бара жатқан соң, бір шыны аяқ шай ішкен де жан
тапсырған (Бұл да сонда. 693-694-бб.).
Одан әрі хат иесі әңгімені ханды өкпелі Фатима, балалары және сол кезде ойда
жоқта келе қалған балдызы Әміржан Хұсайынов улап өлтіргенге тірейді. Алайда,
сол тұспалды дәлелдейтін айғақтар келтірудің орнына, хан төңірегіне сеніп
болмайтынын, жалпы, хандықтың күні өткенін, тіпті қазақтардың өздері де шаңырақ
басына бір жарым сом салығын төлеп, орыс қол астына тікелей көшкенді әлдеқайда
тиімді санайтынын айтады. Қазір ханның туысқандары Паж корпусындағы ханзаданы
оқуына қайта жібермей, хан қып тағайындап, баяғыларынша өмір сүре бергілері
келіп тырысып жатыр деп шағынады (Бұл да сонда. 694-695-бб.). Демек, бұл -
ханмен бірге хандықпен де қоштасатын кез келді деген дабыл еді.
Бұл хат көп әңгіме туғызады. Хан Ордасының Іс басқарушысы, Қазан университетін
бітірген археограф маман С.И.Матвеев граф П.Д.Киселевке Жайық казактары
қазақтар туралы, қазақтар олар туралы ешқашан әділ сөйлеп келе жатпағанын,
екеуі де бір-бірінің тек жаман жақтарын көріп, сәл нөрседен бірін-бірі жеқсұрын
етіп көрсететінін, хан өлімі төңірегіндегі әңгіме де содан өрбіп жатқанын
жазады.
Бұл оқиға хақында қазақтардың ауызы да тыныш қалмапты. Жәңгір Камышинде
жүйкесінің талмасы ұстап, ауырып қалған соң, әрқилы емші- домшыларға да көріне
бастайды. 1845 жылы Неплюев корпусында оқитын балдызы Әміржан Хұсайынов
Орынбордан бақсылығымен аты шығып жүрген бір дағыстан жігітін Торғынға ертіп
әкеліп, Фатима мен Жәңгірді қаратады. Екеуінен де қан ағызады. Екеуі де одан
тәуір болады. Риза болған хан қонағына аң атқызып, саят құрғызады. Емші
кетерінде ханнан екінші рет қан ағызады. Арада апта өте бере хан іші-бауыры
бүріп омбалап жатып қалады. Дәрігер келгенше ашудас ішіп құсады. Қояншық
ұстағандай қолды-аяққа тұрмайды. Шөлдеп бара жатқан соң, бір шыны аяқ шай ішіп,
көзін қайта жұмады. Сол-ақ екен, аяқ-қолы мұздап, жан тапсырады. Біреулер аң
аулап жүрген дағыстан емшіге Исатайдың досы Үбі Ұсаүлы іздеп барып жолыққан
екен дейді (Ә.Сарай. Исатай мен Махамбет. 394- 395-бб.). Қысқасы, Исатайдың
кегі алыныпты-мыс.
Не де болса, Жәңгір өлген соң, оның шаңырағына өлім үйір болып алады. Өзі өлген
соң, көп ұзамай әуелі Фатима, сосын Зылиха көз жұмады. Үшеуі бір жылда опат
болады. Паж корпусын бітіріп, Орынбор әскери губернаторының арнайы істер жөніндегі
офицері болып жүрген Сақыпкерей (Шыңғыс князь) 1848 жылы, Неплюев корпусында
оқитын Исмаил 1850 жылы дүние салады (История Букеевского ханства. 798-б.).
В.А.Перовскийдің 1852 жылғы жазғанына қарағанда, соларға ілесе Сейіткерей де
бұл дүниемен қоштасқан сияқты. Артындағы екі сәбиін қазына қамқорлыққа алады.
Сөйтіп, ханның үш ұлы, екі қызы, екі немересі қалады. Ибрагим Паж корпусын
бітіріп, лейб-гвардиялық гусар полкіне корнет болып орналастырылыпты. Князь
атағын алыпты. Ахметкерей мен Ғұбайдолла да Паж корпусында оқуда көрінеді. Ал
үлкен қызы Зылиха лейб-гвардиялық қырым- татар эскадронында қызмет істеген
подполковник Тевкелевке (баяғы Әбілқайырға елші болып келетін Мәмбет
Тевкелевтің ұлына. - Ә.К.) күйеуге шығып, сіңлісі Қадишаны Уфа губерниясына өзімен
бірге ала кетіпті (Бұл да сонда. 819-б.).
Сонымен, Жәңгірдің өзіне мұрагер санаған Сақыпкерейі өкпе ауруына ұшырап,
Ордаға қымыз ішіп емделуге келе жатып, Талды бекінісіне жете бере 1849 жыддың
11 маусымында түнгі сағат екіде ұстамалы аурудан қайтыс болады. Сүйегін нағашы
ағасы Әміржан Торғынға апарып, әкесінің қасына жерлейді (Бұл да сонда. 774-б.).
Сақыпкереймен бірге Ішкі Орда хандығы да бірге жерленді. Бұлай болатыны 1844
жылдың өзінде-ақ шешіліп еді. Сол жылы Мемлекеттік мүлік министрі граф Киселевтің
Ішкі Орда туралы бір баяндамасына император I Николай: "Бір патшалықта
басқа бір патшалық бола алмақ емес" деген бұрыштама соққан-ды. Соның
нәтижесінде министр өз хатшысы Л.Ф.Львовты 1844 жылдың жазында Астрахан және
Орынбор губернияларына Ішкі Бөкей Ордасына шолу жасап, хан мен сұлтандардың
салық пен алапа алу жүйесін, хан билігінің дәрежесін және қазақтардың Ішкі Орда
билік орындарына қаншалықты бағыныштылығын сипаттап беру мақсатымен іссапарға
жұмсаған болатын. Сондай-ақ, оған генерал-губернаторлармен кеңесіп, керекті
мәліметтер жинап қайту міндеттелген еді. Қазақтар мен хан шын мән-жайды біліп
қалмас үшін, арнайы тапсырмамен жүрген адам емес, серуендеп жүрген адамға
ұқсап, әйелімен баруға кеңес етілген-ді (Бұл да сонда. 875-б.).
Сондықтан да, Жәңгір дүние салған соң жаңа хан сайлауға ешкім асыға қоймады.
1845 жылдың 17 тамызында В.А.Обручев Ішкі Орда сұлтан, би, старшындарының
"өтінішімен" хан мұрагерлері ер жеткенше деген сылтаумен Жәңгірдің
бауыры Әділ Бөкейхановты Ішкі Орданың басқарушысы, ал бұрын Жәңгірдің кеңсесін
басқарып келген С.И.Матвеевті оның көмекшісі етіп тағайындады (История
Букеевского ханства. 673-674-бб.). Жұрт Паж корпусындағы ұлы Сақыпкерей оқуын
бітіріп келген соң хан болатын шығар деген өсек дәмемен жүре берді. 1846 жылы
23 қаңтарда В.А.Обручев Орынбор Шекара комиссиясына Ішкі Орданы басқаратын
Уақытша Кеңес туралы тиісті өкім әзірлеуге тапсырма берді (Бұл да сонда.
736-б.). Бұл - сонау Неплюев заманынан патша әкімшілігіне арман болып келе
жатқан хандық билік институтының келмеске кетуінің бірінші қадамы еді. 1852
жылы 12 қарашада Мемлекеттік мүлік министрі граф П.Д.Киселев Орынбор мен
Самардың генерал-губернаторы боп қайта тағайындалған В.А.Перовскийге патшаның
тапсырмасымен князь Ибрагим Чингисті - Ибрагим Жәңгірұлы Бекейхановты Ішкі
Орданы басқару жөніндегі Уақытша Кеңестің төрағасы етіп тағайындаудың
мүмкіндігі жөнінде пікірін сұрады. Оның камер-юнкер Л.Ф.Львов айтқандай
"қазақтар өте қадірлеп, өте сүйетін" бұл генералдың көктен сұрағанын
жерден бергендей болды. Тағы да сол Львовтың айтуынша, оның орнына
генерал-губернатор болған В.А.Обручев бұрынғы әріптесінің жақсы көрген
адамдарын жұмыстан қуумен қоса, жоғарғы жақ ойластырып отырған қазақтарды
билеудің жаңа тәртібін қолдамақ түгілі "көшпенділердің ызасын туғызатын
пайдасыз ғана емес, зиянды іс" деп бағалапты (Бұл да сонда. 876-б.). Сол
пайдасыз ғана емес, зиянды істі көптеп, дәріптеп кеңірдегін жыртып баққан
В.А.Перовский қолы қышып жүрсе керек, министрге беретін жауабын көшқұлаш
трактатқа айналдырыпты. Ішкі Орда мен Жәңгірдің жәй-жапсарынан ештеңе
қалдырмай, бәрін жоққа шығарып, хан әулетін ол аумақты басқарудан атымен
аулақтатуды жақтады (Бұл да сонда. 770-828-бб.). 1853 жылғы 26 қаңтарда граф
П.Д.Киселев Самар генерал-губернаторы В.А.Перовскийге ұлы мәртебелі император I
Николайдың оның пікірімен толықтай келіскенін хабарлады. Бұл Ішкі Орда
хандығының көзіне су құйған бірден-бір адам В.А.Перовский екендігін айғақтай
алса қерек. Сол құжатта көрсетілгендей: "Ханның ошақ басы тарапынан әр
қилы теріс пиғылдарға жол бермеу үшін аталмыш шаңырақтың адамдарына ордадағы
ешқандай лауазымды иеленуге құқық берілмей, оның орнына тұқымымен бекзада
әулеттің өкілдері ретінде Ресейде әскери немесе азаматтық қызмет атқару
ұсынылды" (История Букеевского ханства. 824-б.). Бұл - хандық биліктің
толығымен келмеске кеткендігінің айғағы еді. Кейін 1868, 1874 және 1889 жылғы
өзгерістердің нәтижесінде Ішкі Орда Астрахан губерниясына бағындырылып,
мемлекеттік дербестігінен, ұлттық және аумақтық тұтастығынан жұрдай айырылған
қазақ елдігінің ең соңына дейін арпалысып келген ақырғы жұрнағынан Ресей
империясының жергілікті-аумақтық басқару жүйесінің ең төменгі бунағына дейін
құлдырайды.
Оның тарихтан кетуі ежелгі ұлттық мемлекеттігімізбен қоштасуымыздың соңғы сәті
болды.
Ол мемлекеттік дербестік енді қайтып қалпына келе ме, келмей ме, келсе, қандай
сипатта оралады?
Бұл - ол кезде алыс арман, құрғақ қиял ғана еді. БӘРІН АЙТ ТА, БІРІН АЙТ
(түйін)

Өмірбақи өзі кіжініп өткен Жасқұстағы Хан Ордаға осылай қара күн туып тұрғанда
Махамбет әлі тірі еді. Бірақ, барар жер, басар тау таба алмай, басымен қайғы
болып жүр еді. Жайықтың біресе арғы бетінен, біресе бергі бетінен біреу жылқы
жоғалтып, біреу істі болса, оған күдік көбейетін. Ол кездегі дүрілдеп тұрған ең
үлкен дау ағалы-інілі Көшеевтер мен Лаубай Ментаевтар жанжалы тұсында да оған
сыртынан саусақ шошайтқандар аз болмаған түрі бар. Алайда әлгі азаматтар алғаш
атқа мініп, арыз қуа бастаған 1839-1840 жылдары Махамбет қияндағы Хиуада жүрді.
Екіншіден, әкім-қараның араласуымен әділет орнайды дегенге Махамбет өлсе де
сенбейтін. Тіпті баяғы Нарында жүргенде Исатай сеніп қол қойған кей қағазға,
Махамбет сенбей қол қоймай қойған-ды. Ал Аббас Көшеев пен Лаубай Ментаев әуелі
біреуі Жайық әскерінің атаманына, біреуі Шекара комиссиясына хан үстінен аяқтай
барып, арыз айтудан бастағандары белгілі. Ұлықтар оларды ханның өзіне қайта
жөнелтеді. Глинянск бекінісі басшылары Орынбордан күзетпен келген арызшыларды
қабылдап алып, әрі қарай күзетшісіз жібереді. Олар Ордаға соқпастан елге
тартып, жазып келген жаңа арыздарына жұртқа қол қойғыза бастайды. Онымен
қоймай, ел естиярларына айтқандарына Орынбордың құлақ асқанын, көп ұзамай патша
арнайы адам жіберіп, ол жұртпен жолығып, анық-қанықты тексеретінін айтып, хат
жазып, соған жақсы аттарын мініп, жақсы киімдерін киіп Глинянскіге келіп,
ештеңеден қорықпай, не біліп, не қоятындарын жасырмай айтып беруге шақырады.
Осыдан-ақ, оларды ұлықтардың алдап түсіріп, өз мақсаттарына пайдалана
бастағандарына күмән қалмайды. Ал, Махамбет ондай тұзаққа оңай түсе қоймаса
керек еді. Сондықтан, оларға сырттай тілектес болса да, қолма-қол араласпаған
сияқты.
Оған бір дәлел - хан оларды Оралға айдап, үстерінен іс көтерткізіп, абақтыға
отырғызып қойғанда, Махамбет баласы Нұрсұлтанды оқуға түсіруге аттанады. Егер
Аббас, Лаубайларға араласы болса, іштей қуыстанбай ма? Шекара комиссиясына өз
аяғынан іздеп барып, өле алмай жүр ме?! Шамасы, 1841 жылғы соттан соң бетіне
шіркеу түсетіндей ештеңесі болмаған соң да, баласын оқуға түсірем деп
дәмеленген шығар. Алайда, ол дәмесі өзіне пәле болып жабысты. Шекара комиссиясы
арызды губернаторға жолдады. Ол бір кезде істі болған кісінің қазіргі тәртібін
білгісі келді, Батыс Орданың басшысы Баймағамбет сұлтанға сұрау салды. Бұл оған
да оңай тиген жоқ. Ол қезде Махамбетті паналатып отырған Сатыбалды Кенжеғарин
жан-жағына жақпай жүр еді. Оның ауылына баяғыдағы көтерілісшілердің қайта үйір
бола бастағанын сұлтан да байқап жүретін. Сондықтан, Нарындағы Жәңгірдің басына
қайтадан қиқу төніп жатқан тұста пәледен аулақ болуды ойлады. Махамбетке сене
алмайтынын айтып, оны Батыс Ордадан алып кетуді өтінді.
Иіс шыққан жерді індетіп бағатын патша ұлықтары сұлтаннан бұл ұсынысының
дұрыстығына айғақтар талап етті. Баймағамбет хатты Сарбөпеге итеріп,
Сатыбалдының қиқарлығын қойдыруын, күмәнді қонақтарынан құтылуды қолқалады.
Сөйтіп жүргенде жан баласына көкірегін бастырғысы келмейтін қыршаңқы ақынға
айтқызбасты айттырып, ауызынан қағынды. Жәңгір өліп, ел ішіндегі тыныштыққа
елеңдеп баққан Орынбор Махамбет жайында қайта-қайта сұрау салып, дігірлей
түсті. Жан-жақтан жылқы алдырған ауылдар көбейді. Соның бәрін
қашқын-пысқандардан көрген қаңқу тарап барады. Қиқар Сатыбалды старшын інісін
тыңдамай, қиғаш түкіріп, жалына қол апартпай, қоқилана түсті. Махамбет өзі
біліп, өз жөнін өзі таба қоймады. Жәңгірдің артына түсіп, ақыры ақыретке жөнелтіп
тынған ашулы топ енді өзіне ауыз сала ма деген қауіп те жоқ емес шығар.
Баймағамбет одан әрі ұзын арқан, кең тұсаумен жүре алмады. Қарауындағы билерге
Махамбет жайында қағаз түсірткізуді құнттады. Оны алған Шекара комиссиясы
Махамбетті ұстап әкеліп тапсыртқызуды Баймағамбеттің өзіне тапсырды. Енді
бұлтаратын жер қалмады. Бір жағынан Орынбордағылар жан алқымға салды. Бір
жағынан барарға есік, кірерге тесік таба алмай жүріп, кісіге тиісетін
тентіренді неменің бұралқы сөзін былайғы жұрт ат басындай алтын тапқандай
ауыздан-ауызға қағып алып, дақпыртып барады. Қашқынды ұстап ап, Орынборға
апарып беруге жұмсаған адамдары өліспей беріспеген өлермен сабаздың көзін
құртып тынды.
Он жылдан астам уақыт Жайықтың екі бетіне кезек көшіп, ел көкірегін кеулеп
алған өшпенділік өрті кімнің көсегесін көгертсін?! Бәрінің де түбіне жетіп
тынды.
Баяғыда жерұйықты іздеп шыққан Асан қайғы бабамыз Желмаясын суарған Ақбұлақтан
12 шақырым жердегі Шейітсай дейтін шетқақпай жүлгеде 1838 жылы 12 шілдеде тумай
кеткір қандастары ту сыртынан тап беріп, қолын қайырып, қайран Исатайдың қайсар
кеудесін кіжініп келген дұшпанының оғына, қасқиған ай маңдайын қайқы қылышына
тосты.
Ертедегі дастандағы Ер Тарғын Қартқожақтан қашып әзер құтылған Ақ жүніспен
ақырғы рет аймаласатын Тарғын судың бойындағы кек жайлауда 1845 жылғы 11
шілдеде бесін ауа беліме ешкімді шығармаспын деп жүрген Жәңгір кездейсоқ
ауырып, бейсебеппен дәмі таусылып, бейуақта тәжі төңкерілді.
Талайды көріп, талайдан торыққан "адыра қалғыр көк Жайықтың" (Мұрат
Мөңқе ұлы) күн шығыс бетіндегі көлбеп жатқан Қаройда тарих көшінен ұмытылып
қалған жетім күркедей жапа-жалғыз Махамбеттің бейіті тұр. Оны да ойдан оймауыт,
қырдан торғауыт келіп өлтіріп кеткен ештеңесі жоқ. Арғы түбі бір тамырдан
таралып, бір емшектен сүт емген, ағайын-тума, құда-жекжат болып, күнде араласып
жүрген, көзі де, жүзі де таныс айғыр топ адам 1846 жылғы 19 қазанда сары
сәскеде келіп, қызыл іңірде жан-жағынан жабыла қылыш сермесіп, қасаптың
малындай қиқы-жиқы кескілеп кеткен-ді. "Еңселігі екі елі, егіз қоян шекелі"
қайсар басын көкпардың лағындай қанын сорғалатып, қанжығаға өңгеріп ап, Қарой
мен Ақбұлақтың арасында әрлі-берлі салпақтатқан-ды.
Акыр замандағыдай аламан-асыр тұсында айласын асырып баққан Айшуақ баласы
Баймағамбеттің талайды көрген тарлан басына да алтын оқа көмкерген шоң мойыны
ие бола алмай, баяғыда Едігеге еріп, Тоқтамысқа төніп келе жатқан Әмір Темір ат
жалдап өткен Бөрілі өткелге жете берістегі жерде 1847 жылы 30 наурызда еліріп
жатқан Електің жынды көбік лайсаңымен бірге ағып кеткен-ді.
Сол бір сормаңдай оқиғаны қанша рет еске алып, қанша рет толғансаң да көптік
етпейді. Өйткені, Ұялыдағы жанжал мен Қаройдағы қараулыққа дейін, бір мүшел
ғұмырға созылып, бүкіл өлкені діңкелеткен сол бір дүрбелеңнің қыр-сыры уақыт
өткен сайын айқындалып, ойланған сайын ойсырата түспекші. Халық маңдайындағы
сор мен қоғам бойындағы қырсықтың түптөркіндеріне қанықтыра түспекші. Оның
бойында танданып таңдай қағатындай ештеңе жоқ еді де, өткен мен бүгін туралы
таусыла ойланып, тағылым алар тұстар көп еді. Оның әлеуметтік сипатына сол
тұстағы көлденең көздер көп сұқтанды. Әркім өз дүрбісімен үңіліп, өз
кекірегімен тебіренді. Алыс Батыс пен Таяу Шығыс, әсіресе, мұсылман дүниесі
оған көбірек көңіл бөлді. Алыс Батыс оның іргедегі Ресейдің Орта Азия мен одан
арғы Шығысқа өңмеңдеуін белгілі бір кезеңге дейін бөгесін бола тұрғанын қалады.
Таяу Шығыс, әсіресе, мұсылман дүниесі әлгіндей мақсатқа дін арқылы ұмтылатын
ғазауат пен күллі кәпірлер дүниесіне кезекті соққы беретін жиһатқа - дін
соғысына айналғанын тіледі. Оған жеткілікті алғы шарттар бар деп ойлады. Оқиға
әуелден исламның оппозициялық ағымдары үстемдік құрған кеңістікте жүріп жатты.
Ол кездегі исламның халифі атанып отырған түрік сұлтанының бұрынғы аумақтарына
шектес жайлайтын тегі мен мәдениеті жағынан туыстас халықтың арасында болып
жатты. Сондықтан, шығыста Мұхамбет пайғамбарымның өзі исламның басты қорғаны
болатын түрік деген халық бар, ендігі пайғамбар содан шығады деп кетіпті дейтін
қисынды желеулетіп, түрік сұлтанының бүкіл мұсылман дүниесін біріктіріп, кезекті
исламдық дәуірлеу жолында бастамақ күресімен ұштасады деп дәметкен күштер де
көп болды. Исатай көтерілісіне ондай пиғылдың қайдан, қалай өрістеуіне қандай
тарихи негіз болғанына жоғарыда тоқталғанбыз. Ондай ықпал үстемдік құрды деп
айту ақиқатпен қандай сыйыспаса, ондай ықпал атымен болмады деп айту да сондай
сыйыспас еді. Сондықтан да, патша әкімшілігі аймақтағы әр молданы есепке алып,
басына сәлде ораған әр діндардан әзірейіл көргендей шошынды. Хиуаға тезірек
жетіп алуға тырысуы оның тек транзиттік маңызына ғана емес, әлгіндей исламдық
қауіп ошағы болғандығына да байланысты еді. Алайда, Нарындағы қозғалыста ислам
факторы анау айтқандай бой көрсете алмады. Кавказ тараптан болуы мүмкін ықпалды
таулықтардың ғазауатына әскери тойтарыс берілуі бөгеп қалды. Оның үстіне, ол
тараптағы үстем мазғаптар мен қазақтарға дәстүрлі болып кеткен мазғаптың өзара
ықпалдастығы әлсіз еді. Еділ бойы, Орал таулары арқылы тарайтын діни ықпалды
аталмыш аймақтардың қазақ даласынан бұрын отарлануы салдарынан патша саясаты
әлдеқашан өзіне оңтайландырып алып еді. Хиуаны агрессиялық жолмен басып алу
Ресейдің Шығысқа және оңтүстікке бағытталған барша саяси мақсаттарының негізгі
көпірі болып табылатын қазақ далаларын қалған ислам орталықтарынан атымен
аулақтатып тастайтын еді. Шоқан Уәлиханов байқаған қазақтарда діни сыйымсыздық
мінездің байкалмауында осындай себептер бар еді. Ішкі Орда мен Батыс Ордадағы
қозғалыстар ол мінез-құлықты айта қаларлықтай өзгерте алмады.
Патша идеологтары Исатай-Махамбет қозғалысының "діндер соғысына"
айналмауын қалай құнттаса, ұлт-азаттық қозғалысына айналмауын да солай
құнттады. Сондықтан, олардың бір тобы оны үйреншікті "феодалдар
соғысы" ауқымына қарай ойыстыруға тырысты. Қазақстандағы патша
отаршылдығының үш іргелі тұлғасы - Неплюев, Игельстром, Перовский қазақтардың
Ресей озбырлығына қарсы күресінің үш кезеңінде үш кейіпті саясат қалыптастырды.
Әбілқайыр тұсында басталған әскери, аграрлық отаршылдыққа қарсы күресті Жәдік
пен Өсеке әулеттері арасындағы династиялық бақталастықты қоздыру арқылы
тойтарып отырды. Ол кездегі әулет аралық тайталас жалпы қазақтық
мемлекеттілікті қайтадан қалпына келтіру жолындағы Әбілқайыр мен Абылай
талпыныстарын жүзеге асыртқызбай тастады.
Қазақ мемлекеттілігін ежелден құрап келе жатқан үш арыс үш ұлысқа қайта бөлініп
кетті. Енді сол "ұлыстық" хандықтарды одан әрі ыдырату керек болды.
Оны барон Игельстром қолға алды. "Қара сүйек" шонжарларды
"ақсүйек" шонжарларға айдап салды. Бұл тәсіл хандық билікті оп-оңай
қақыратып берді. Алайда билер, батырлар, старшындар хансыз қалғандарына қинала
қоймағаңдарымен, мемлекетсіз қалғандарына қиналды. Жаңаша мемлекеттесудің
жолдарын іздестіре бастады. Оны жүзеге асыра алатындай өз көсемдерін де
туғызды. Сырым Датов қозғалысы тарих сахнасына солай шықты.
Ақсүйектер үстемдік еткен хандық бірте-бірте феодалданып, билікті бір қолға
шоғырландыратын ұлттық монархия болуға тырысса, батырлар, билер, рубасылары
көшпенді дүниеге көбірек тән тайпалық әскери жасақтардың ерікті одағы болып
табылатын әскери-демократиялық республика құруға ұмтылды. Бұл Ресей монархтарын
қатты шошынтты. Игельстром кері шақырылып алынды. Сырым Хиуаға қуылды.
Француз революциясы жеңісінен қатты қобалжыған патшайым Кіші жүздегі хандық
билікті қалпына келтіргенді жөн көрді. Ол, бірақ, Кіші жүздің одан әрі ыдырауын
жеделдетпесе, баяулатқан жоқ. Бұрын әр тайпаны би немесе батыр билесе, енді
сұлтан билейтін болды. Олардың әр-қайсысы өз алдына хан болғысы келіп, Кіші
жүзді әуелі екіге, сосын төртке бөліп әкетті. Қазақ қауымын қақыратуға әбден
төселген отаршылдық саясатының технологтары енді сол төрт бөліктің әрқайсысын
Ресейдің ішкі аумақтық билік жүйесіне сәйкестендіріп, одан әрі бөлшектей түсуге
құлшынды. Кіші жүздің Батыс, Орта, Шығыс бөліктерінде хандық биліктің жойылуы
себепті дистанциялар жүйесінің енгізілуі олардағы аумақтық құрдымдануды
бұрынғыдан бетер күшейтуге соны мүмкіндіктер туғызды.
Ал, Ішкі Ордада патша әкімшілігі аса қарқынды әрі жемісті өрістеп жатқан
феодалдану процесіне тап болды. Шаруашылық жүргізуде, мәдени-тұрмыстық салада
Ішкі ресейлік стандарттарға ұмтылған Жәңгір хан хандық билікгі сақтап қалуда
табандылық танытты. Мұндағы бұрынғы рулық элитаны биліктен аластау, аумақтық
майдалануды одан әрі жеделдету, жерге меншіктілік енгізу феодалдануды мейлінше
қарқындатты. Жаңа жағдайда ақсүйектер әулеті бұрынғы таққа таласатын
алауыздықтан гөрі төрелер үстемдігін нығайтатын "ақсүйектер ынтымағы"
әлдеқайда тиімді екенін түсіне бастады. Бұл отаршылдық идеологиясы көздеген
түздіктерді мемлекеттік дербестікті қайтадан қалпына келтіретін мүмкіндіктердің
бәрінен айыру қағидасымен сәйкеспеді. "Патшашыл",
"ресейшіл" Жәңгір билейтін Ішкі Ордада хандық билікті жою жолындағы
одан арғы әрекеттерді астыртын жүргізуге тура келді.
Жәңгір жүзеге асырған жаңаша жер бөлісу мен билік бөлісу Ішкі Ордадағы ішкі
наразылықты өте-мөте күшейтіп жіберді. Бұрынғы рулық элита жоғары дәулетті топ
болу түгілі орта дәулетті топ бола алмай қалды. Қауымда екіге жарылу қаупі
туды. Нарын бойында бүрк ете қалған Қайыпқали Есімов көтерілісін билікке
таласқан "феодалдар соғысына" жатқызуға болғанымен, одан он жылдан соң
бас көтерген Исатай көтерілісін ол санатқа ойланбастан қоса салу қиын еді.
Өйткені, бұл көтерілісте халықтық сипат басым болды. Сондай-ақ, оны таптық
күреске жатқызу да ұшқарылық болар еді. Өйткені, марксшілдік мағынадағы таптық
күреске көптеген сипаттары бойынша үйлесе қоймайтын.
Оған біраз уақытқа дейін Орынбор әкімшілігі де онша мән беріп жарытпады.
Генерал-губернатор В.А.Перовскийді одан гөрі Жәңгір ханның саяси өркөкіректігі
көбірек алаңдатқан түрі бар. Өйткені, ол орыс үкіметі қанша оқытып, қанша баулыса
да мемлекеттік дербестік пен мұсылмандық мәселесінде өз дегенінен басқаға
илікпеді. Сондықтан да, генерал-губернатор жер бөлісуі мен салық салуда
көпе-көрінеу жіберіліп отырған өрескелдіктер салдарынан туындап жатқан қара
сүйек рубасыларының наразылығына біразға дейін көз жұмып қарады. Тіпті ол
жайында Петербургке ешқандай хабар да бермеді. Одан гөрі Астрахан губернаторы
көбірек аландаушылық білдірді. Бір кезде қазақтардан келген қауіпті қазақтардың
қолымен бөгей тұру үшін құрылған Бөкей Ордасының өзі бүлікшілік орталығына
айналып кете ме деп абыржыды.
Ал, Перовсқий әзір ештеңені байқамағансып, аңыс аңдай тұруды жөн көрді.
Өйткені, бұл көтеріліс баяғы Әбілқайыр, Нөралы, Сырым төсындағыдай күні-түні
әскери бекіністердің мазасын алып жатқан жоқ еді. Тастөбе шайқасындағы
жазалаушы топпен айқастан басқа бірде-бір рет орыс қарулы күшіне қарсы қимыл
көрсеткен де емес еді. Не Орынбор әкімшілігі, не шекара әскері үстінен шағым
айтып, талап қойып, талас тудырған жері де жоқ-ты. Сондықтан, бұл Ішкі Орданың
ішкі қатынастарынан ғана өрбіп жатқан әлеуметтік кикілжің ретінде қарастырылды.
Одан зардап шексе, тек Жәңгір мен оның төңірегі ғана зардап шегетіндей көрінді.
Сондықтан да, генерал Перовский мұндай жергілікті ауқымдағы текетірес арқылы
Жәңгірді біраз тәубеге келтіріп алғысы да келді. Өйткені, Жәңгір дербесшілдігі
күшейе келе көшпелі қоғамдарға тән аймақтық гегемонизмге ұласып кетуі ғажап
емес еді.
Қысқасы, ол кезде В.А.Перовскийді қара сүйектердің наразылығынан гөрі Ішкі
Ордада ашық бой көрсете бастаған ақсүйектік астамшылдық көбірек ызаландырып жүр
еді. Бұқара тарапынан көрсетілген әлгіндей қарсылық ақсүйектер желбуаздығын
едәуір тежейтініне сенді. Өз қауымынан қолдау көрмеген саяси элитаның амалсыз
отаршыл өкіметтің қолтығына кіре түсетін әдеті бар еді. Ондай коллаборационизм
бодан қауымды мемлекеттік дербестік, ұлттық тұтастық, әлеуметтік ынтымақтан
адаландыра түсер еді. Бұл - кез келген отаршыл режимнің ең көкейтесті арманы
еді. Сондықтан, олар саяси элитаны көрер кезге сатып алу арқылы қалың бұқараның
наразылығын туғызып, бодан қауымдарды оқтын-оқтын әлеуметтік соғыстарға айдап
салып отыратын-ды.
Нарын көтерілісі, В.А.Перовскийдің көзқарасынша, ұзақ уақытқа дейін шаруалар
көтерілісі сипатында өрістеді. Жер мен салық төңірегінде өрбіді. Оған бірден
бір айыпты хан, сұлтандар және оларға ерген жәреуке рубасылары деп табылды.
Барлық наразылық соларға қарсы бағытталды. Ол әрекеттер де көшпенді қауымдарға
ертеден етене экономикалық реваншизм - барымта-сыдырымта дәрежесінен аса
қоймады. Ондай кезде әлгіндей жанжалдарға араласу -патша әкімшілігі үшін жайына
жатқан жыланның құйрығын өзі келіп басу болар еді. Соңдықтан да, Перовский аңыс
аңдап бағуға тырысты.
Бірақ, көтеріліс пәрмендене түсті. Наразылар қатары көбейе берді. Жәңгірдің екі
губернаторға бірдей қол жайып, ешқандай көмек ала алмағаны көтерілісшілерді
жігерлендірді. Хан қалың төмпештің астында қалды. Отаршыл әкімшілік ол кезде де
тергеушілер жіберумен ғана шектеліп, Ішкі Ордадағы кикілжіңнен бойын аулақ
ұстады. Ол тек Исатай қозғалысы, Шөке Нұралиев айтқандай, өз алдына республика
болып, дауларды өзі қарап, жазықтыларды өзі жазалап, шын мәніндегі қос өкімет
орната бастаған тұста ғана қозғалақтай бастады. Мұндай ашық бағынбаушылықты
одан әрі асқындырып жіберуден сескенді. Баяғы Сырым Датов қозғалысының кейінгі
кезеңі естеріне түсті. Ереуілшілер хан Орданы қамап алғанда, В.А.Перовский
тартысты қарумен реттеуден басқа амал қалмағанын түсінді. Бұл - тек әлеуметтік
бой көрсету емес, нағыз қарулы саяси әрекет еді.
Қалыптасқан жағдайда, Жәңгір баяғы Торғындағы тойда Исатай айтқандай, кейін
ақын Махамбет жырға қосқандай, "атандай дауысын ақыртып, лауазымын көкке
шақыртып", "ат көтіне өңгеріліп" кете барар еді. Ондай жағдайда
Ішкі Ордадағы билік жеңімпаздардың қолына көшер еді де, жағдай не Кавказдағыдай
"шәмілденіп", не баяғы Хиуа шебіндегідей "сырымданып" шыға
келер еді. Олай болмаған жағдайда, жанынан қорыққан Жәңгір көтерілісшілер
жағына өтер еді. Исатайшылдарда ондай да ой болғандығын қоршаудағы Жәңгірге
соңғы рет жіберілген талаптарынан анық көрінді.
Қасындағы жағымпаз сұлтандар мен билерді, қожалар мен молдаларды түгел қуып,
патша әкімшілігі жарлықтарына атымен құлақ аспай, халыққа ғана құлақ асатын хан
болу деген сөз - көтерілісшілер жағына біржолата шығу деген сөз еді. Жанын
сақтау үшін көтерілісшілер жағына шыққан хан бұл айтқандарын да екі ете алмас
еді. Бұндай жағдайда да көтеріліс не "шәмілденіп", не
"сырымданып", не "кенесарыланып" кетер еді. Патша өкіметі
үшін, әсіресе, соңғысы тіптен қауіпті еді. Ұлттық мемлекеттілікті қайтарып алу
жолындағы күрес қазіргідей бөлек-бөлек хандықтардағы оқшау-оқшау қозғалыстардан
тұрмай, қазақ даласын түгел қамтыған тұста майданға айналып кетсе, Ресейдің сол
кездегі геосаяси жоспарларының көбінің күлін көкке ұшырар еді.
Перовский шындап абыржиын деді. Геке Ордаға келгенде, хандық биліктің хәлі
қаншалықты мүшкіл екендігін көрді. Емшектегі баладай етегіне жармасқан ханды,
орыс солдатын ертпей, түзге отырып келуден де қорқатын сұлтандарды қайта-қайта
мазақтап жазып, жоғарыға ақпар жөнелтіп бақты. Бірақ, бұл - Жәңгірдің дәрменсіздігінің
емес, ол сүйенген отаршылдық саясаттың шексіз озбырлығы мен аярлығынның
нәтижесі еді.
Хандық биліктің мұншама қауқарсыздығы халықты аздырып-тоздырып жіберіп еді.
Сондықтан да, ол басындағы бақытсыздықтың басты себебін бірден түсіне қойған жоқ-ты.
"Ит ашуын тырнадан аладының" кері келді. Бірақ, ондай көп ашудың итті
де, тырнаны да жер жастандырып тынатынын әп дегеннен сезе алған жоқ-ты. Соны
байқаған қазақтар иемденіп отырған жерлерді қайтадан қолға түсіріп алуды
ойлаған Жайық әскери күштері мен қазақ мемлекеттілігінің түбіне біржолата жетіп
тынғысы келген Петербор мен Орынбор саяси күштері де әр түрлі әрекеттерге
жүгініп, көтеріліс бағытын айдалаға бұрып жіберуге мүдделі болғандығы белгілі.
Әуелі азғантай өкпелі топтың ашу-араздығы ауқымында басталған наразылық
біртіндеп өрісін кеңейтіп, қатарын көбейтіп, мақсатын айқындап нағыз халықтық
қозғалысқа айнала бастады. Бұлай болуына шешуші ықпал ете алатын тарихи
тұлғалар да табылды.
Солардың ең алдыңғы шебінде ақын Махамбеттің де тұрары сөзсіз. Өйткені, өзіне
қарсы бағытталған бұл әлеуметтік қозғалыстың жәй-жапсарын жетік білуге
бірден-бір мүдделі адам - Жәңгір хан екендігі даусыз. Ал, ол өле-өлгенінше
Махамбетті Исатайдың ең бірінші одақтасы әрі ең басты дем берушісі санап өткені
белгілі. Соның дуалы аузына сенген патша ұлықтары да өз құжаттарында Махамбетті
дәл осылай "ұлықтайды". Расында да, осылай екендігіне ең даусыз дәлел
- жауынгер ақынның жалынды толғаулары еді. Ұлттық поэзиямыздың ең қастерлі, ең
асыл інжу-маржандары болып табылатын Махамбет жырларының шағын топтамасынан
күллі халықты қайратына мінгізген қаһарлы күрестің түп-төркіні өрістеу жолы,
кезеңділігі мен жүйелілігі, ішкі рухани эволюциясы бар болмысымен бой
көрсетеді. Бұл жағынан ол тек бір автордың төл перзенті ғана емес, қазақ ұлт-азаттық
қозғалысындағы елеулі кезең болған атақты көтерілістің ортақ манифесі - басты
байыптамасы мен бағыттамасы сияқты еді. Акын жырларын мазмұнына қарап, үш топқа
бөлуге болады. Біріншісі - Ордада жүргендегі өлеңдері. Олар сан жағынан өте аз.
Бұл ақынның Орда маңындағы дәурені ұзақ созылмағанын байқатады. Бұл кезеңдегі
өлендерінен "Арғымақ, сені сақтадым", "Орай да борай қар
жауса", "Хан емессің, қасқырсың", "Он екі төбет, шұнақ
құл", "Есіл ерді" атауға болады. Олардан халыққа жаны ашымайтын
билікген түңілу, ашыну, айқас аңсау, тақ иесімен ашық кетісу сарыны бетке
ұрады.
Екінші топ - Нарын жырлары. Бұл - Махамбеттің көтерілісшілер қатарына келген
кезінен Жайықтан асып өткенге дейінгі кезеңде туған толғаулары. Оған
"Ереуіл атқа ер салмай", "Беркініп садақ асынбай",
"Арғымақтың баласы", "Еңселім екі елі", "Атадан туған
аруақты ер", "Азамат ердің баласы", "Нарын",
"Еменнің түбі сары бал", "Жалған дүние", "Еңіреу ұлы
емшекбоз", "Исатай деген ағам бар", "Кел, кетелік",
"Сөйлесем, даусым аңқыған", "Аспанда ұшқан ақ сұңқар",
"Мұңайма", "Әрайна", "Мен едім", "Белгілі
туған ер едім" өлеңдері жатады.
Бұл топтамада әуелі Ордада жүргенде басталған ереуіл аңсау сарыны жорыққа
шақыру сарынына ұласады. Ел үшін істелер ерлік, оған кімдер ұмтылып, кімдер
қашатыны, азамат ердің сойы туралы өлеңдер кіреді. Сосын күрескерлікті
дәріптеу, оның алғашқы жеңістеріне шабыттану, жеңілістеріне күйіну, жорық
өмірін әспеттеу, ел үшін егесуден тартынатындарды мошқау, көтеріліс көсемі
Исатайды ұлықтау, арттағы қалған Орданың ел арасына өзі туралы таратып жүрген
қауесеттеріне жауап әуеніңде туған оптимистік толғаулар енген. Халықтың қамын,
елінің мұңын ұмытқан сұлтандар мен билерге наразылық пен ыза енді ашық әжуа мен
әшкерелеуге ұласқан. Нағыз ерлік толғаулары.
Үшінші топ - Жайық сыртында туған шығармалар. Оған "Жақия", "Әй,
Махамбет, жолдасым", "Мінгені Исатайдың Ақтабаны-ай",
"Соғыс", "Жабығу", "Мінкенер",
"Тарланым", "Мұнар күн", "Желк-желк еткен ала
ту", "Тайманның ұлы Исатай", "Қайда бар?",
"Абайламай айырылдым", "Өлең айтып толғадым", "Алтын
жақса жарасар", "Аймақ көл", "Күн қайда?",
"Айныман", "Жайықтың бойы көк шалғын" "Алты күндей
алаулап", "Біз неткен ер", "Біз ер едік", "Ұл туса",
"Ай астында бір көл бар", "Аспандағы бозторғай", "Қалы
кілем, қара нар", "Күмісті мылтық қолға алып", "Шамдансам,
шалқамнан түсер асаумын", "Міне алмаған алаға",
"Тілек", "Нарында", "Біткен істің міні жоқ",
"Арғымаққа оқ тиді", "Мен ақ сұңқардан туған құмаймын", "Мен
- тауда ойнаған қарт марал", "Пыр-пырлай ұшқан қасқалдақ",
"Күн болған", "Мен едім", "Баймағамбет сұлтанға
айтқаны", "Қызғыш құс", "Менің атым - Махамбет",
"Жалғыздық", "Жайықтың бойы енді су", "Туған ұлдан не
пайда?", "Бағаналы терек жарылса", "Арқаның қызыл
изені", "Қақақулап шақырмай", "Белгілі туған ер едім",
"Адыра қалған Нарынның", "Қарағай шаптым шандоздап",
"Әй, Шонты би", "Мен Нарыннан кеткенмін", "Құлжа қуған
текешік", "Желден де желгір ақбөкен", "Қылыштай қиғыр алмас
ем", "Шерниязға айтқан жұмбағы" кіреді.
Бұл топтағы шығармаларды хронологиялық жағынан екі кезеңге бөлуге болар еді.
Исатай өлгенге дейінгі жырлар, Исатай өлгеннен кейінгі жырлар.
Алғашқы топтағылар - Нарын көтерілісінің жеңімпаз күндерін еске алу, жеңілген
күндеріне тебірену, қайтадан жігерлену, басталған істі аяқтап шығуға деген
құштарлықты оятып, тәуекелге мінгізуді көздеген нағыз жол сілтеуші жырлары. Дем
берушілік жырлары. Екінші топтағылар - ойға алғандарына жете алмағандарына
өкіну, оған жеткізбеген күштер мен құбылыстарға ашыну, ел қамын жеп шәйіт
болған ерлерді жоқтау мен мадақтау, елдік пен ерлік төңірегіндегі тебіреністер.
Өрттей өкінішқе, ұдай ызаға толы ерлік жырлары. Намыстана отырып егілген, егіле
отырып тебіренген, тебірене отырып жігерленген, келер ұрпаққа өзі бастан кешкен
кер тағдыр жайында сыр шертіп еміренген өсиет жырлары.
Махамбет жырларын оқи отырып, оның көтерілісшілер қауымы мен көтеріліс
тағдырына қандай ықпал ете алғандығын анық аңғара беруге болады. Ол Исатай
көтерілісінің көп көсемдерінің бірі емес, нағыз рухани пірі екендігі айқын
көрініп тұр. Ол тек жалынды үгітші, қызыл тілімен, қызба мінезімен қиын жерде
алға түсетін алғадай ақылман ғана болып қалмаған. Көп жағдайда көтерілістің миы
мен жүрегіне де, стратегі мен тактигіне айнала алған. Оны алдымен көтеріліс
жаулары байқаған. Мәселен, Жәңгір Махамбеттің барып қосылуы Исатай қозғалысына
жаңа жігер мен қоса, жаңа бағыт беретінін бірден түсінген. Сондықтан,
губернаторға хат жазып, жендет жебесін, ең алдымен, Исатайды ең ұрымтал
бағыттарда қимылдап, ең батыл шешімдерге бастайтын Махамбетке көздеу керектігін
дер кезінде ескертіп қоюға асыққан. Көтерілістің сипат өзгерткен, ең батыл
қадамдарға барған өткір де өктем тұсының бәрін Махамбеттен көрген.
Өйткені, ол басқаны қойғанда, қолына келіп түсіп жатқан Исатай хаттарының сөз
ләмінің атымен өзгеріп кеткенінен-ақ әлгі жағдайды жіті аңғарған-ды. Оның
үстіне, Махамбеттің сөз саптасын басқа білмесе де, Жәңгір жақсы білетін еді.
Мәселен, біз осы кітапта келтірген Махамбет барғанға дейін болған Зұлқарнайын
сапары жөніндегі хаттың мәтіні мен Махамбет барғаннан кейінгі Жәңгірді жауап
беруге мәжбүр еткен әйгілі хаттың мәтінін өзара салыстырып көріңізші. Ондағы
терезесін тең ұстап, қандай жауап боларын алдын ала біліп, намысшыл ханның
насырын қасып сөйлеп, қолына қалам алдыртқан тегеурінді сөз қағазға Махамбеттің
қолымен түскен екендігі бірден білінеді.
Соны сезінген Жәңгір егер Исатайдың қасынан Махамбетті алып кету мүмкін
болмаса, онда Махамбеттің қасынан Исатайды алып кетуге күш салды. Исатайды
дереу өзіне шақыртты. Екі батырдың екеуін де қасында ұстап, екеуін де жақсы
білетін хан Күшік Жапаров өлімінен кейін көтеріліс тығырыққа тіреле жаздаған
кезде Исатай арызымды өз аузымнан айтып беремін деп көтерілісшілерді бастап
Торғынға бет алғанда да, аузына алдымен Махамбетті алады. Бұл жолы да
губернаторға Исатайға бұндай кеңес беріп отырған Махамбет екенін айтып
шағынады. Шамасы, Махамбеттің бұндай пиғылын ол баяғы Ордада жүрген кездерінен,
Орынборда баласына тәрбиеші болып жүргендегі сөздері мен мінез- құлқынан
аңғарса кереқ. Сондықтан да, күні кешегі өзінің сарай ақыны, орда биінен
құтылғанша қандай асық болса, енді оның жорық ақыны, көтеріліс көсемі болуынан
да сондай қорықты.
Ал, Махамбеттің хан-сұлтандармен жұлдызы қарсы болғаны дәлелдеуді қажет
етпейді. Бұның айғағы оның өлеңінен де оңай табылады. Бұл жек көрініш оған
әкесі Өтемістен дарығанын жоғарыда айттық. Өтемістің де, Махамбеттің де жеке
бастарына ханның тырнағы қатты тиген ештеңесі жоқ еді. Біреуі Айшуақтың
көрнекті билерінің бірі болды. Біреуі Жәңгірдің ордасында отырды. Сөйте тұра,
екеуі де тақ маңындағыларға қөңілдері толмай өтті. Өтеміс Сырым қасынан,
Махамбет Исатай қасынан табылды. Өйткені, олар көріп отырған хандық билік олар
көксейтін хандық билікке атымен ұқсамады. Олай болатыны екеуі де жаугершілік
заманындағы басты тұлға - батырлар қауымынан еді.
Олардың сыйлайтыны - көппен бірге "қу толағай бастанып, темір қазық
жастанып, тебінгісін терге шірітіп" жүріп, шайқастағы ерлігімен, жорықтағы
ақылымен, дау-шардағы әділдігімен адал бедел жинаған сайыпқыран сардар хандар
еді. Олардың ақылын түсінеді, ашуын кешіреді. Қуанышын бөлісіп, қайғысына
ортақтасады. Отқа бастарын бірге тіккен жорықтастардың ынтымағы оларға еріксіз
бас игізеді. Сөз болып отырған кезеңде ондай хандардың соңы Айшуақ болған-ды.
Ал, одан бергідегілерде Есім, Жантөрелердің де жас кездерінде алақандарын найза
қажағаны бар еді. Бірақ, қалай таққа отырды, солай жорықтан қалды. Жорықтан
қалып еді халықтан да қара үзді. Естияр қауыммен түн қатып, түс қашып, бірге
жүрмегендіктен қаралай қақтарынан жерініп, жұртшылыққа жат болып сала берді.
Үзеңгілестерін бесіктестерінен бетер үздіге жақсы көріп өткен жауынгер қауымға
Бөкейден бастап бөксесін ер теспеген бағылан хандар басшылық еткені атымен
ұнамады. Олардың тұсында қаруластар қадірлестігі әлсіреп, әркім қарына тартатын
қарау мінез белең алды. Ол індет тақ маңынан өрбіді. Әсіресе, Жәңгір тұсында
тіпті жеңістік бермей кетті. Жер мен билік бөліскенде қазақты ғасырлар бойы
бірінің қасынан бірін табылтып, бірінің ерлігіне бірін табынтып келген қанжар
сүйіп анттасқан, қан құйысып достасқан жауынгерлік ынтымақ жайына қалды. Айқын
көрегендік көрсетіп, анық ерлік танытып, әділ олжа бөлісіп, орнында қала алып
отырған хан түзулігі атымен ұмытылды.
Жортуыл кезінде қалың жорықтастар ортасынан табылып, қатаң әлеуметтік бақылауда
болатын хандардың бармақ басты, көз қыстыға мұршалары да болмайтын еді. Ол
кезде кез келген сарбаздың жәбір көруі бір рулы елдің жәбір көруі деп
бағаланатын. Сол қағида кез келген бес қаруы беліндегі азаматты ханның да,
қараның да жәбірінен сақтай алып отырды. Ал, ондай жорықта жүріп, түн қатпайтын
бейбіт кезеңде билікке таласып, бірінің соңына бірі шоқ ала жүгіретін аш көздік
пен алаауыздық індеті әуелі тақ төңірегінен туындады. Оның зардабын бүкіл ел
тартты. Жік-жікке бөліну, ұлыс-ұлысқа ыдырау басталды. Түркі дүниесінде
бірде-бір мемлекет қытайдан жанышталған жоңғарлардай болып, басқаның қаруынан
тып-типыл жойылып кеткен емес. Ылғи балық сияқты басынан шіріп, азып-тозған
еді. Басқыншыға жеңдіртпейтін көшпенділер өзді-өзі оңаша қалса болды, бірінің
насырын бірі қаситын ішкі қырқыстарға беріледі де, ақыры өздерінің түбіне өздері
жетіп тынады. Қытайлар іргелеріне тыныштық бермей қойған хундардан жер қайысқан
әскерімен емес, әлгіндей алауыздық отына май құятын саяси айла-шарғысымен
құтылды. Біреуіне жылы қабақ танытып еді қалғандары соған жабылып жүріп,
өздерінен-өздері ақтүйе бас жасап, өздерін- өздері типылдап шықты. Егер хун
заманының жырлары табыла қалса, олардан да осы Махамбет сарыны аңқып тұрар еді.
Бір халықтың отаршыл саясаттың салдарынан бірнеше хандықтарға бөлініп, біреуі
қытайшылдыққа салынып, біреулері ата жолын жақтап, заманға лайық жаңа жол
іздеудің орнына, екі жарылып бірін-бірі төмпештеуі хундардың тарих сахнасынан
біржолата алас-талуымен тынды.
Олар жайлаған кеңістікте олардан кейін пайда болған көне түріктер де дәл сол
себеппен өз көздеріне өздері құм құйды.
Өйткені, ол заманның тарихи деректеріне қарап отырсаң, не шығыстағы
қытайлардан, не батыстағы ұрымдықтардан, не түскейдегі парсылардан сілейте
соққы жеген жері жоқ екен. Қайта өзінің жойқын жорықтары мен ойсыратқан
ойрандары көп болыпты. Сөйте тұра, бастарынан қырсық ауып көрмепті. Ол да
әлгіндей себептің салдарынан сияқты. Сырттағы озбырлық іштегі алауыздықты
өршіту арқылы дегеніне жетіпті. Құдай сақтағанда, ол кездегі қоғамдық ойдың
шет- жағасы тасқа қашалып, біздің заманымызға дейін жетіп отыр.
Күлтегінге айтқызсаңыз: Түрік қағандығын қалыптастырған Бумын мен Естемидің
үрдісі ұмытылып, ара жалғаспай қалғандықтан, "қаның судай ақты, сүйегің
тау боп жатты, беқ ұлдарың құл болды, пәк қыздарың күң болды. Тізесі барды
бүктірдік, басы барды игіздік, еліміз қайта ел болды, халқымыз қайта халық
болды". Күлтегінге айтқызсаңыз: "Біліксіз қаған отырғандықтан",
"бұрыс бұйрық берілгендіктен", "бектердің де, халықтың да
түзуліктен ауытқып", "ұсынған маталары майса, айтқан сөздері майда
табғаштардың алдауына оңай иланып, өтірігіне көзсіз көншігендіктен,
інілі-ағалының дауласқанынан, бекті халықтың жауласқанынан түркі халқының
елдігі жойылды". Күлтегінге айтқызсаңыз: "Өлімші халықты
тірілткен", "жалаңаш халықты киінткен", "жарлы халықты
байытқан", "аш халықты тойынтқан" солардың жолында "түнде
ұйықтамаған, күндіз күлмеген" ағасы Білге қағанның есіл еңбегі босқа
кетіпті.
Ал, енді Тоныкөкке айтқызсаңыз, былай болатын: "Жұқаны бүктеу оңай,
жіңішкені үзу оңай, ал енді жұқа қалыңдаса, оны білегі күшті алып қана бүктей алады,
жіңішке жуандаса, тұтымы мықты алып қана үзе алады".
Махамбетке айтқызсаңыз, тап сол кер заман тағы да аумай-төкпей қайта орнап тұр:
"Маң-маң басқан сары атан маңғыстап шығар өріске; баяғыдай қарыштап қона
алмадық қонысқа, келе алмадық келіске, тағыдай таңдап су ішкен, тарпандай
тізесін бүкпей от жеген, тағы сынды жан едік, тағы да келдік тар жерге,
таңдансаң тағы болар ма, тәңірім салған бұл іске?!" Демек, ол өзінің
басынан өтіп бара жатқан дәурен үшін емес, елінің басынан өтіп бара жатқан дәурен
үшін күйзеліп жүр. Бұл - оның өксігені. Ал көксегені не? "Айналайын, Ақ
Жайық, ат салмай өтер күн қайда? Еңсесі биік ақ орда, еңкеймей кірер күн қайда?
Қара бұланның терісін етік қылар күн қайда? Күдеріден бау тағып, сауыт киер күн
қайда? Күмбір-күмбір кісінетіп, күреңді мінер күн қайда? Толғамалы ақ мылтық
толғап ұстар күн қайда?
Алты құлаш ақ найза ұсынып шаншар күн қайда? Садақ толған сай кез оқ, масағынан
өткізіп, басын қолға жеткізіп, созып тартар күн қайда? Кет Бұғыдай билерден
ақыл сұрар күн қайда? Бізді тапқан ананың, асыраған атаның ризалықпен жайланып,
қолын алар күн қайда? Еділдің бойын ен жайлап, шалғынға бие біз байлап, орнықты
қара сабадан, бозбаламен күліп-ойнап, қымыз ішер күн қайда?" Ендеше, оның
көксеп отырғаны - кешегі еркін күні. Еркіндігі. Ол үшін елдік - еркіндік. Ол
барлық пәле сол бостандығымыз бен еркіндігімізден айырылып қалғандығымыздан
екендігін жақсы түсінеді. "Қаршыға деген бір құс бар, қанаты айдың
астында: ұясы оның саяда - қарағай, қайың басында; аңқау өскен ер едім, бұла болып
жасымда; бұл қонысқа қондырған ата-бабам оңбасын таңда сират басында". Ол
кездегі қазақтың басындағы қасіретті бұдан асырып айту мүмкін емес.
Олай болса, Махамбеттің жүрегіндегі ең басты шер-шемен - сол бір қайырсыз
қоныстағы сормаңдай халқының келеңсіз тағдыры. Жатса да, тұрса да ойынан
кетпейтін жаңғыз уайымы да сол: "Арғымақтың баласы аз оттар да, көп жусар
- талаудан татқан дәмі бар; азамат ердің баласы аз ұйықтар да, көп жортар -
дұшпанға кеткен ары мен барымтаға түсқен малы бар". Оның басты мұраты да сол:
дұшпанға кеткен ары мен барымтаға түскен малы, демек, жат қолындағы жері мен
езгідегі елі үшін аз ұйықтап, көп жортатын мігірсіз күрес. "Ереулі атқа ер
салмай, егеулі найза қолға алмай, еңку-еңку жер шалмай, қоңыр салқын төске
алмай, тебінгі терге шірімей, терлігі майдай ерімей, алты малта ас болмай,
өзіңнен туған жас бала сақалы шығып жат болмай, ат үстінен күн көрмей ашаршылық
шөл көрмей, арып-ашып жол көрмей, өзегі талып ет жемей, ер төсектен безінбей,
ұлы түске ұрынбай, түн қатып жүріп, түс қашпай, тебінгі теріс тағынбай, темір
қазық жастанбай, қу толағай бастанбай, ерлердің ісі бітер ме?!" - дегенде
де сол сормаңдай тағдырға қарсы соқталаң күресті айтып отырғаны.
Жабыққан жаранын да: "Қоғалы көлдер, құм, сулар кімдерге қоныс болмаған?!
Саздауға біткен құба тал кімдерге сайғақ болмаған? Басына жібек байлаған арулар
кімнен қалмаған!? Таңдап мінген тұлпарлар иесін қайда жаяу салмаған!? Құландар
ішпес бұршақ қақ кімдерге шәрбат болмаған?! Садағына сары шіркей ұялап, жау
іздеген ерлердің бастары қайда қалмаған?! Ішелік те желік, мінелік те түселік,
ойналық та күлелік, ойласаңдар, жігіттер, мынау жалған дүние кімдерден кейін
қалмаған?!" - деп жұбатып, соңдай өрелі күреске шақырады. Қамыққан қауымын
да: "Желп-желп еткен ала ту жиырып алар күн қайда? Орма мылтық тарс ұрып,
жауға ататын күн қайда? Елбең-елбең жүгірген, ебелек отқа семірген, арғымақтан
туған асылды баптап мінер күн қайда? Алаштағы жақсыдан батасын алып, дәм татып,
түлкідейін түн қатып, бөрідейін жол тартып, жауырынға мұз қатып, жалаулы найза
қолға алып, жау тоқтатар күн қайда?" - деп қайрап, күреске жігерлендіреді.
"Беркініп садақ асынбай, біріндеп жауды қашырмай, білтеліге доп салмай,
қорамсаққа қол салмай, қозы жауырын оқ алмай, атқан оғы жоғалмай, балдағы алтын
құрыш болат, балдағынан қанға боялмай, қасарысқан жауына қанды көбік жұтқызбай,
халыққа тентек атанбай, үйде жатқан жігітке төбеден түсер тегін атақ болар
ма?!" - деп кез келген бөріктіні намысқа шаптырғысы келеді.
Сонда, үсті-үстіне төкпектей төбелеп айтып отырған жауы кім? Күні кешеге дейін
жағымыз жауыр болғанша айтып келген өзіміздің үстем тап па? Балағына сүрінген
балпаңдарымыз бен шонданайын көтере алмас шонжарларымыз ба? Олай болса,
"Орай да борай қар жауса, қалыңға боран борар ма?! Қаптай соққан боранда
қаптама киген тоңар ма?! Туырлығы жоқ тұл үйге ту байласаң тұрар ма?! Ту
түбінен тұлпар жығылса, шаппаған нәмәрт оңар ма?! Қарындастың қамы үшін, қатын
менен бала үшін, қайырылмай кеткен жігіттің өзін "кәпір", алғанын -
талам деп айтсаң болар ма?" - дегендегі "тұлпар жығылса, шаппаған
нәмәрт" пен "қарындастың қамы үшін, қатын мен бала үшін қайырылмай
кеткен" жамандарымыз кім болғаны?! Әлде "лашын құс, бүркіт шайқаған
шілдейін" өз елін өзі бүлдіріп жүрген "Нұралыдан қалған көп
тентек" пе? Оларды "түн қатып жүріп, түс қашпай, тебінгі теріс
тағынбай, темір қазық жастанбай, қу толағай бастанбай-ақ" Орданы
қоршағанда оп-оңай тымақша сілкіп тастай жаздаған жоқ па еді? Бірақ, одан
"ерлердің ісі біте" қалды ма?!
Жоқ, Махамбеттің "тоқтатқысы" да, "біртіндеп қашырғысы" да
келіп отырған жауы - ондай-ондай ауыл арасының аусарлары емес, ордалы жыландай
шыр айнала қоршап алып отырған отаршылдар еді. Бірақ, бұл жайында күні кешеге
дейін күлбілтелеп, күмілжи сөйлеп келдік. Ол үшін тіпті қолымыздағы көздің ағы
мен қарасындай ақын мұрасын тым қырнап-жонып жоңқалап тастаған түріміз де бар.
Мәселен, Хәлел Досмұхамедұлы құрастырған "Аламан" жинағындағы
үзіндіде келтірілген "ауызы түкті кәпірді шетінен сүйреп жеп едік"
("Аламан". 71-б.) деген тіркес кейінгі құрастырылған жинақтарда
"ерегіскен дұшпанды шетінен сүйреп жеп едік" (Махамбет. //
"Арыс". 2001. 100-б.) болып өзгертіліпті. Сондай-ақ, көптеген
жолдардың орындары ауыстырылыпты. Шамасы, кеңес жылдарындағы идеологиялық
ұйытқымалық Махамбет мәтіндеріне де өз салдарын аз тигізбесе керек. Ереуілші
ақынның бірде-бір толғауында "патша", "орыс",
"кәпір" деген сөздердің атымен кездеспеуі де таңғаларлық жағдай.
Соған қарағанда, дауылпаз ақын жырлары әлгіндей-әлгіндей
"тентектіктерден" "мұқият" адалана түскен түрі бар. Ақын
жырының әлеуметтік зілін әріге асырмай, Жасқұс пен Жәңгірдің маңымен шектеуге
тырысу әнтек байқалады. Сонда Махамбет бар ерлігі мен өрлігі тек Жәңгір хан,
Баймағамбет сұлтан, Қарауыл қожа хәкім, Балқы билерді сілейте балағаттаумен
тынған ауыл арасының көп тентек-телісінің бірі болады да шығады. Бұл - ақынға
да, тарихи шындыққа да үлкен қиянат. Сондықтан, ақын жырларын әлі де болса
жинақтай түсіп, ел аузындағы төңкеріске дейінгі, төңкерістен кейінгі, соғыс
жылдарындағы тоқырау тұсындағы жарияланымдық нұсқаларды өзара салғастырып, бастапқы
қалпына келтіру - ақын алдындағы әлі атқарылмай келе жатқан парызымыз.
Бірақ, бұдан Махамбет өз тұсындағы хан-төрелермен майлы қасықтай
аралас-құралас, араларынан қыл өтпестей тату болды деген қорытынды шықпайтынын
жоғарыда айтқанбыз. Махамбеттің қай тұстағы басылымдары мен ел аузындағы
жырларының бәрінен де ақсүйеқтермен ат құйрығын үзісіп, өштесіп өткендігі анық
сезіледі. "Өздеріңдей хандардың, қарыны жуан билердің атандай дауысын
ақыртып, лауазымын көкке шақыртып, басын кессем деп едім, еңсесі биік ақ орда
еріксіз кірсем деп едім, керегесін қиратып, отын етсем деп едім, туырлығын
кескілеп, тоқым етсем деп едім; тақта отырған хандардың, төрде отырған ханымын
қатын етсем деп едім; әлдилеген баласын жетім етсем деп едім; хан сарқыты -
сары бал, сұраусыз ішсем деп едім, Тінекейдей тектіңді қалыңсыз құшсам деп
едім, Қаныкейдей көріктіңді ителгі көзін төңкертіп, күшіктей даусын қыңсылатып,
аш күзеңдей белін бүгілтіп, ат көтіне үңілтіп, артыма салсам деп едім; тілекті
тәңір бермеді, өздеріңдей хандарды осындай бір қылсам деп едім", -
дейтіндей сөз келіспеске кеткендердің ғана аузынан шықса керек. Неге бұлай
болды?
Оның жауабы да дәл осы бір азу тісі сықырлаған айтулы толғаудың өзінен
табылады. "Мен, мен едім, мен едім. Мен Нарында жүргенде еңіреп жүрген ер
едім. Исатайдың барында екі тарлан бөрі едім, ерегіскен дұшпанға қызыл сырлы
жебе едім, жақсыларға еп едім, жамандарға көп едім, хан баласы ақ сүйеқ,
ежелден табан аңдысқан ата дұшпан сен едің, ата жауың мен едім; ежелгі дұшпан
ел болмас, етектен кесіп жең болмас", - деген сөздер кешегі қанжоса болып
жеңілген көтерілістің қасіретті ызасынан туындап тұрғаны айтпай-ақ көрініп тұр.
Жарайды, от көмей, орақ тісті Махамбет мұндай сөзді Баймағамбет сұлтанға кешегі
жеңілістері үшін ызаланып айтып тұрсын. Ал, ондай көтеріліс әлі басталмай тұрып
Жәңгірге: "Хан емессің, қасқырсың, хас албасты басқырсың; достарың келіп
табалап, дұшпаның сені басқа ұрсын; хан емессің, ылаңсың, қара шұбар жылансың;
хан емессің, аярсың, айыр құйрық шаянсың", - деп неге айтты? Бұның айқын
жауабын ақынның Ордадан кетердегі ханға айтқан екінші бір сөзінен табамыз:
"Он екі төбет, шұнақ хан, шабатының ел екен, күндейтінің мен екен, хан
ұлына қас болу, қара ұлына бас болу - мендей ерге жөн екен?" Оны аз
көргендей, өршіл ақын: "Айтса дағы айныман көлденеңнің сөзіне. Әшкере
болған ісім бар жиылған жұрттың көбіне. Кеткенім жоқ олжа үшін, кетіп едім
елімнен атаңа нәлет Жәңгірдің бір ауыз айтқан сөзі үшін. Баданамды басқа
бөктеріп, қасыма жаттан жолдас ертіп, күн-түн қатып жүргенмін ана Нарында
жатқан жас баланың қамы үшін", - деп ежіктей түседі. "Менің атым -
Махамбет - Жасқұстағы Жәңгірдің ісінен болдым құса-дерт. Атасы өткен Айшуақ,
соның көзі көрді ғой. Менің атам Өтеміс елдің қамын жеді ғой", - деп тағы
үстейді.
Демек, Махамбет Жәңгірдің жүргізіп отырған саясатына риза болмай кеткен.
Шамасы, ол саясаттың отаршылдыққа қарсы сипатына қанағаттанбаған. Соған бола
ханнан: "Айдаладан қаңғып келіп, әкең екеуің-ақ қазаққа жоқшы бола қалғыш
екенсіңдер", - деген сықылды сөз естіген түрі бар. Әйтпесе, Айшуақ пен
Өтеміс бұл әңгімеге қыстырылмас еді. Ал, бұл Жәңгірдің де, Махамбеттің де
шамына тиетін тақырып еді.
Алайда, Махамбеттің ханмен тек өз намысы, өз мүддесі үшін емес, ел намысы, ел
мүддесі үшін кетіскені рас еді. Тек өз намысын күйттесе, Махамбет бүкіл ағайын-тумасы
болып, жиырма екі жыл бойы қырбайы болып келген Исатаймен қайта табыспас еді.
Қанша айтса да, Жәңгір селқостық таныта беретін елдің қамы, ел намысы,
отаршылдық озбырлық тақырыбына бір адам оң қараса, Исатайдың оң қарайтынын
Махамбет баяғы Торғын оқиғасынан аңғарған. Оның үстіне, аталмыш кезеңде Исатай
ханмен ашық кетісіп жүр еді. Ханды райынан қайтара алмаған Махамбет Исатай
жағына ашық шығып еді. Жеке мүдде таласынан емес, саяси көзқарас шалғайлығынан
ат құйрығын үзіскен Махамбеттің барып қосылуы ереуілшілер әрекетінің бұрынғыдай
тек хан төңірегіне ғана емес, ханның өзіне де қарсы бағытталатынын Жәңгір елден
бұрын сезіп, елден бұрын байбалам салды.
Оның бұл қорқынышы орынды болып шықты. Махамбет араласқаннан бастап,
көтерілістің хан-төрелерге қарсы сипаты айқындала түсті. Ақынның:
"Арғымақ, сені сақтадым, құлағың сенің серек деп, азамат сені сақтадым,
бір күніме керек деп; жабыдан туған жаман ат шаба алмайды бөжектеп, қырдан қиқу
төгілсе, Еділге таман үңілсе, арғымақтың баласы шабушы еді безектеп, жақсыменен
дос болсаң, айырылмас күні қос болсаң, басыңа қиын іс түссе, алдыңнан шығар
өбектеп, жаныңа не керек деп; жаманменен дос болсаң, айырылмас күні қос болсаң,
басыңа қиын іс түссе, басқа кетер бөлек деп; қолдан берер есептеп, сыртыңнан
жүрер өсектеп; ат - жігіттің майданы, қылыш -жанның дәрмені, өлім - хақтың
пәрмені; атақты ермен бірге өлсе, жігіттің болмас арманы", - дейтін
толғауы тап осы Жәңгірмен кетісу, Исатаймен бекісу кезеңінде туғанына еш күмән
жоқ.
Бұндағы "қырдан қиқу төгілсе, Еділге таман үңілсе" "безектеп
шабатын" арғымақтың баласы Исатайды, ал "бөжектеп шаба алмайтын
жабыдан туған жаман ат" Жәңгірді меңзейді. Демек, Махамбет Жәңгірдің
күрескерлігіне көңілі толмайды. Ханның да ұлықтарға Махамбетті "ойы бұзық",
"тәртібі жаман", "оңбаған" адам қылып көрсетіп бағуының ар
жағында да әлгіндей емеурін жатуы ықтимал. Ақынның "ту байласаң тұрмайтын
туырлығы жоқ тұл үйі" - хан ордасы, ал "ту түбінен тұлпар жығылғанда
шаппаған нәмәрт", "қарындастың қамы үшін, қатын менен бала үшін
қайырылмай", "кәпірге талам болып кеткен жігіті" - ханның өзі
тәрізді. Өйткені, бұл тұспалын басқа бір өлеңдерінде ақынның өзі айқындап
береді. "Атадан туған аруақты ер, жауды көрсе жапырар үдей соққан
дауылдай, жамандарға қарасаң, малын көрер жанындай, жүйрік аттың белгісі тұрады
құйрық-жалында-ай; айтып-айтпай немене - халық қозғалса, тұра алмайды хан
тағында-ай". Ендеше, Махамбет Жәңгірдің басындағы бағын, астындағы тағын
көпсініп отырған жоқ, ел басына іс түскен кездегі жасқаншақтығы мен жалтақтығын
айыптап отыр. "Алтын тақты хандардың хандығынан не пайда қарып пенен
қасірге туралық ісі болмаса?" Бұл арада ханның "еліңді жау шапса,
өзің бірге шаптың" кебін киіп отырған көпе-көрінеу қараулығы сөз болып
отыр.
Ақын бұндай әлеуметтік қараулықтың астарын хан мен төңірегінің халықтан қаралай
алыстап кеткен ақсүйектк өркөкіректігінен, жалпыға жаны ашымайтын
өзімшілдігінен көреді. "Ай, тақсыр-ау, ай тақсыр, боз орданы тіктім деп,
боз ағашты жықтым деп, "ханым, ханым" дегенге кетере берме бұтыңды,
көптіре берме ұртыңды; күндердің күні болғанда өзіңнен мықты жолықса, ту
сыртыңнан жармай алар өтіңді; тәуекел хаққа бел байлап, қималы найза өңгеріп,
бозбалаға жел беріп, атқа мініп шыққанда, ұлым қалмақ, сенің де, көрер едім
көтіңді", - деп қаһарланатыны да сондықтан. "Қалмаққа шатыс
хандардың, қабыландай қайранға соғып, етін талай жеп едік", - деп
қиқарланатыны да сондықтан. "Бағаналы терек жарылса, бақыраш жамап болар
ма?! Қарағайға қарсы бұтақ біткенше, еменге иір бұтақ бітсейші қыранға тұғыр
қыларға; ханнан қырық туғанша, қарадан бір-ақ тусайшы, халықтың кегін қусайшы,
артымыздан біздердің ақырып теңдік сұрарға", - деп намысы қозып,
назаланатыны да сондықтан.
Қысқасы, Махамбет отаршылдыққа қарсы қайран табудың орнына, өздері билік пен
байлық қуалап, басқыншының сойылын соғып кеткен ақсүйектер қауымын өз тұсындағы
қазақ қоғамы үшін қасірет деп білді. Әуелі солардың үстемдігінен құтылмай
тұрып, отаршылдықтың құрығы ұзара түспесе, қысқармайды деп ойлады.
"Жапанға біткен бәйтерек жапырағын байқасаң, жайқалмағы желден-ді, түбіндегі
балаусасы белден-ді; хан, төренің кешігіп кідірмегі елден-ді; кешіп өтпек
сайдан-ды; шығынды болмақ байдан-ды; ақ киіктің орғытып жүгірмегі майдан-ды;
батыр болмақ ойдан-ды; айқай салып жауға ти, тәңірім білер, жігіттер, ажалымыз
қайдан-ды". Дауылпаз ақынның барша ақсүйек қауымнан баз кешкен бұл
базынасының қасындағыларға қаншалықты әсері болғанын Исатай атынан баяндалатын
"Әй, Махамбет, жолдасым" толғауынан молынан аңғаруға болады.
"Қорлықта жүрген халқыма, бостандық алып берем деп, қырық бір жасқа келгенде,
ауыр әскер қол ертіп, Жасқұсқа барып кіргенде, арыстандай ақырған айбатыма
шыдамай, хан баласы жылады-ай, "жанымды қи" деп сұрады-ай; ақ қөңіл,
аңқау жүрекпен "беремін" деп мен тұрдым; көк бедеуді бауырлап,
"шабамын" деп сен тұрдың; "Исатай басшы білсін" деп, ауыр
әскер қол тұрды; қырық бір жасқа келгенде, өз дегенім болмаса, өзгенің тілін
алмаған, кісі ақылы қонбаған, қанша айтсаң да болмадым, сөзіңе құлақ салмадым;
бұрала біткен емендей қисық туған сорлы ағаң хан сөзіне сенгенім; он күн срок
бергенім; әскерімді таратып, он бір күнге қаратып, Бекетай құмға келгенім;
сүйткен бір қайран халқым-ай, қасыма бір келмедің; сол халқымды көрмей өлгенім
- не салса да Алланың тағдырына көнгенім. Қапыда өткен дүние-ай, ақырында еш
болды-ау ел үшін еткен еңбегім; атаңа нәлет, хан ұлы-ай, тілегін сұрап
алғансын, ойлағаны болғансын, патшаға хабар салдырып, патшадан солдат алдырып,
құрсағымнан шалдырып, айтып-айтпай не пайда, егеулі найза өңгерген, азды көпке
теңгерген Қабыланбай мен Қалдыбай, Рсалы, Кебек жолдасым, жаудан өлді
жолбарысым. Сол ерлерден айырылып, Исатай мен Махамбет екі арыстан ер қалды-ау!
Қапыда өткен дүние-ай, халқымның көрген қорлығы, хандардың еткен зорлығы, ақ
жүрегін тербетіп, ер көңілін желдетіп, ақсүйектің баласын қара ұлына теңгеріп,
қоңыраулы найза өңгердім, жетімдерге - жем бердім, жесірлерге - жер бердім;
ақырында дүние-ай, сол ерліктен не көрдім?!"
Бұл толғау баяғыдағы Күлтегін айтқан, "өлімші халықты тірілткен",
"жалаңаш халықты киінткен", "сол жолда түнде ұйықтамаған",
"күндіз тізесін бүгіп отырмаған" Білге қағанның есіл еңбегінің босқа
кеткенін есіңе салмай ма?! Ол да, ең алдымен, жат жерлік зорлыққа қарсы
бағышталған болса, бұл да сондай ғой. Ол кезде де бар пәле биліктің білігі,
халықтың бірлігі қашуынан болмап па еді?! Бұнда да сондай. Махамбет өз
толғауында халықтың бірлігі де, биліктің білігі де үстемдікке ұмтылған аздың
емес, қорлық көріп отырған көптің өз тізгінін өз қолына алуымен түзеледі деп
түйіндейді.
Бұл қеңес қисыншылары айтқандай тапшылдық емес. Махамбеттің ұғымындағы "қара"
- бүкіл халық. Бай да, батыр да, би де, бақташы да. Бодандық жағдайындағы
"қара" - бостандығынан айырылып отырған бүкіл ұлт. Ендеше, ел басында
бүкіл елдің қамын қамдайтын ел баласы отыруы керек. Ал елдің қамын қамдамаса,
"болат найза, ақ семсар, бойлата сұқ жүрекке, ханның кетсін аты
өшіп". Өйткені, "қарада да қара бар хан ұлы басып өткізсіз".
Махамбеттің көзі керіп отырған ондай "хан ұлына бергісіз қара ұлы" -
Исатай Тайманұлы. Ол: "Исатай деген ағам бар, ақ кіреуке жағам бар, хан
ұлымен қас болып, қара ұлымен дос болып, хан үстіне барғанда, шабайық ханды
дегенде, шапқандай, ханды амал бар. Амал барда хан шаппай, тәңірден қылды, не
амал бар? Ат туады байталдан, айт деңіз, лебіз қайтарман, халық қайғысын айтуға
хан ұлынан тайсалман. Төрт-бес жылдай алысып, мына тұрған Исекем, ханның бір
тауын қайтарған. Ат туар ма шұбардай, ер туар ма бұлардай?! Мына отырған
Исекем, дулығалы бас кесіп, дұшпанының қанына ақ алмасын суарды-ай", -
дейді Нарыннан Жайық ауып барған жерінде. Ал, ол дүниеден өткенде: "Таудан
мұнартып ұшқан тарланым, саған ұсынсам қолым жетер ме? Арызым айтсам өтер ме?
Арыстаным, көп болды-ау, саған да менің арманым? Кермиығым, кербезім?
Керіскідей шандозым! Құландай ащы дауыстым! Құлжадай айбар мүйіздім? Қырмызыдай
ажарлым! Хиуадай базарлым! Теңіздей терең ақылдым! Тебіренбес ауыр мінездім!
Садағына сары жебені салдырған, сағасының кірісін сары алтынға малдырған, сұр
жебелі оғына тауықтың жүнін қойдырған, мандайын сары сусар бөрік басқан,
жауырынына күшіген жүнді оқ шанышқан, айғайласа белдігі байланған, астана
жұртын айналған, атына тұрман болсам деп, жұртына құрбан болсам деп, адырнасын
ала өгіздей мөңіреткен, атқан оғы Еділ, Жайықтан тең өткен, атқанын қардай
боратқан, көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан арыстан еді-ау, Исатай! Бұл
фәнидің жүзінде арыстан одан кім өткен?!" - деп теңселе тебіренеді.
Махамбеттің Исатайға арналған өлеңдері әлемдік әдебиеттегі аса сирек құбылыс.
Адам ретінде жолдасқа, бауыр ретінде ағаға, күресқер ретінде көсеміне,
саясаткер ретінде одақтасына, жауынгер ретінде қарулас досына мұншама адалдықты
соншама шынайылықпен жеткізе алған поэтикалық туындылар кемде- кем шығар. Қанша
қасірет кешіп, қан түкіріп жүрсе де, Махамбет тап Исатай өлгендегідей егіліп
те, сөгіліп те көрмепті. Сол күндерде: "Тайманның ұлы Исатай ағайынның басы
еді, алтын ердің қасы еді, Исатайды өлтіртіп, қырсық та шалған біздің ел",
"серкесінен айырылып, сергелдең болған біздің ел", - деп сенделуі де
тегін емес-ті.
Махамбет ханға қарсы шығуды халыққа, елдікке, мемлекеттіліқке қарсы шығу деп
түсінген жоқ. Исатай да солай ойлаған сыңайлы. "Халықтың тілегін
орындамаған ханмен бітім болмайды", - деп өткен сыңайлы. Ағайыны Жақсымбет
би: "Жәңгірмен келістіріп, басыңа дәреже алып берейін", - дегенде,
тас-талқан болып ашуланып, көнбей қойыпты. Тілін алмаған Исатайға кетерінде:
"Берішке тиме - ауылың ғой, Жайыққа тиме - үйің ғой. Жеңіліп қалсаң -
басыңа қорған болар", - деген екен, оны да құлаққа ілмепті
("Аламан". 72-б.). Ендеше, ондай адам не бір басының, не рулы ел,
ауыл-аймағының, не табының жоқшысы емес, бүкіл халқының жоқшысы болып өткеңдігі
даусыз.
Ендеше, ол - таптық та, топтық та емес, нағыз ұлт-азаттық қозғалыстың көсемі.
Оны атқа мінгізген тек бір басының емес, езгіге түскен елінің, ұйытқысынан
айырыла бастаған ұлтының мүддесі. Бұл жағынан келгенде, Махамбеттің жат жерлік
басқыншылық аярлықпен тықпалап бағатын әр қилы коллаборационистік
айла-шарғыларға билікші топтың оңай түсіп, халықтық күштер табандылық танытады
деп ойлауының дұрыстығына тарихтан талай мысал табуға болады. Алайда, сол тарих
талай ұлттардың ақсүйектерінің де нағыз ұлтжандылығы мен отаншылдығын
дәлелдейтін талай айғақ тауып бере алады.
Бұған байланысты тап сол Исатай мен Махамбет Нарын мен Қиыл бойында
"ереуіл атқа ер салып" жүрген кезде Сарыарқада Кенесары мен Наурызбай
да "егеулі найза қолға алып" жүргендігін айтсақ та жеткілікті.
Алайда хан-сұлтандарға көңілі толмай өткен жаңғыз Махамбет болмаған тәрізді.
Марғасқа жыраудың хан Тұрсынға, Жиембеттің Есімханға, Бұқардың Абылайға,
Қазыбек пен Бекболаттың Бараққа, Сырымның Нұралыға не дегенін білеміз.
Қожаберген жыраудың дастанына қарағанда, Әйтеке би де "арқар"
ұрандыларға азуын аз салмапты.
Бұл бір жағынан қазақ билері мен ақындарына тән ақиқаттан аттамайтын рухани
қайсарлықты танытса, екінші жағынан қазақ даласындағы хандық биліктің көп
нәрседе, расында да, мықтап сыр білдіре бастағанын байқатқандай. Оған, әсіресе,
Махамбеттің көзі көбірек жете түскені дәлелдеуді қажет етпейді. Өз көзімен
көріп, өз басынан өткерген өрескел шындық оған басқаша пікір түюге мүмкіндік
бермегені хақ. Отаршыл озбырлықтың алдында ұлттық билік өзінің оралымсыздығы
мен дәрменсіздігін әбден әйгілеп берді. Оған дәлел сенім сетінеп, үміт үзіле
бастады. Қауым өз тағдырын қауіпті межеге жеткізген билк тозғындығына қатты
алаңдаулы еді. Хандық билікгің тарихи келешегіне күмәнді күшейте түсетін
объективті де, субъективті де жәйттер баршылық еді. Ол тек сөз болып отырған
кезде ғана көзге түскен келеңсіздіктер емес еді.
Қазақ хандықтары, негізінен, Шыңғыс ханның тірі кезінде балаларына еншіленген
далалық ұлыстардағы XVI-XVIII ғасырлардағы саяси өзгерістер нәтижесінде пайда
болып еді. Еуразия жазираларында әлденеше ғасыр бойы айылын жимай үстемдік
еткен Шыңғыс хан түзген билік-әкімгерлік жүйесінің мықтап сыр алдырған тұсы
Алтын Орданың құлауы болды. Соның нәтижесінде, бұрын әлемдік империя күшпен
біріктіріп отырған отырықшы дүние мен көшпенді дүние қайтадан ірге ажыратып,
екіге бөлініп кетті. Отырықшы дүниеде феодалдық қатынастар нығайып, діни
идеология үстемдік құрды. Ал, көшпенді дүние ежелгі үрдістер ауқымынан тұрмыста
да, саясатта да көп алшақтай қоймады. Оның түпкілікті күйреуі отырықшы
империялардың отаршылдық дүмпуінің күшеюіне байланысты болды. Ондай тегеурінді
соққыларға үстемдік құрып отырған билік жүйесі төтеп бере алмайды.
Бұны ең бірінші боп отаншыл күштер аңғарды. Олар отаршылдық ықпалының қол
жаулығына айналып бара жатқан байырғы билікші әулетке алдымен қол салды.
Өйткені, бір кезде қолындағы биліктен айырылып қалғысы келмей, патшалық езгіге
қарсы алдымен бас көтерген әлеуметтік топ енді жымысқы отаршылдықтың
жылпостығына ылығып, оның құрған шырмауығына өзі шырматыла түсті. Бұл тарихи
қалыптасқан төл мемлекеттікті екі оттың - сырттағы басқыншылық пен іштегі
наразылықтың ортасында қалдырды.
Бөкей Ордасы да тап сондай күйге түсті. Ол өз мемлекеттік дербестігін сақтап
қалу үшін ақыр аяғына дейін арпалысып бақты. Патша өкіметі қазақ даласын
билеудегі саяси тәжірибе алаңы ретінде өзі құрған бұл хандықтың соңғы билеушісі
Жәңгір отаршыл режимнің өзі ұсынып отырған саяси, экономикалық, үрдістік
өзгерістерін пайдалана отырып та феодалдық мемлекеттілікті сақтап қалуға
болатынына шынымен сенген түрі бар. Бірақ, ол бастамалар қалың бұқара тарапынан
бәрібір қолдау таба алмады. Әсіресе, әлгіндей өзгерістерден ең көп зардап
шеккен әлеуметтік топтар белсене қарсы шықты. Олардың негізгі көзқарастық
жүйесіне жоғарыда Махамбет өлеңдерін талдағанда тоқталғанбыз.
Бұл топтың басында әйгілі батыр Исатай Тайманұлы мен аса талантты ақын Махамбет
Өтемісүлы тұрды. Екеуі де көшпелі қоғамдарда үлкен беделге ие әскери және
руханияттық күштердің көрнекті өкілдері еді. Бұл топ жұртты шынайы
елжандылығымен баурады. Олар билік тізгінін қалыптасып қалған билікші топтан
тартып алып, отаншыл күштерге алып беруді көздеді. Сол арқылы оны тек құрамдық
жағынан ғана емес, құрылымдық сипаты жағынан да түбегейлі өзгерткілері келді.
Көшпелі-жаугершілік қауымдарға тән азаматтық-еркіндік пен тендікті, әлеуметтік
әділеттілікті, адамгершілік мәрттікті мұрат тұтатын халықтық демократияны
қалпына келтіруге күш салды. Исатай Тайманұлы сол жолда шайқасып өлді. Махамбет
Өтемісұлы өле-өлгенше осы жолды көксеумен өтті.
Ол Исатайдың қазасын халықтың басынан бақ тайғанының нышанына балап, қан жылап
қайғырды. Исатай бастаған істі жалғастыруға жан-төнін салып бақты. "Алтын
жақса жарасар жылтыраған күміске, он екі ата Байұлы жиналып келсе бұл іске,
алты сан алаш ат бөліп, тізгінін берсе қолыма, зулар едім бір көшке".
"Еріскендей ер болса, соғысқандай жер болса, бірме-бірге келгенде, әлі де
болса бір тәңірге жылармын" "Жалаулы найзам майырылып, жау тауымды
шаққанын, дұшпаным қайта қайырылып, туымды менің жыққанын енді қайтып
ұмытармын?! Алайда бір шендессем, ауыр жүкке кездессем, қара нардай саздауға
қарсы жұлқармын" "Палуан жолбарыс секілді алысқанды алып ұрған
білегім; қамалаған жаудан қайтпаған қайнаған қара болаттай қайсар біткен
жүрегім; ертеден қара кешке дейін зарлансам, бермей ме екен, құдайым, біздей
тарыққан ердің тілегін?!."
Неткен айбынды тұлға! Неткен аянышты тағдыр! Айбындылығы - қансырап жатып та
қарсыласады. Жете алмай кеткен мақсатын көзі тірісінде жер жастандырғысы
келмейді. "Халық үшін қанды төгем деп, қараны ханға теңеп берем деп, ол
мақсатқа жете алмай, дегенімді ете алмай, қор болдым-ау, шырақ-ай!" - деп
аһ ұрады. Бірақ, қанша арпалысса да, қайрансыз еді. Тіпті қасына ерер қарасыз
қалып еді. "Қалы кілем, қара нар жарасады қатарға, аруана жисаң жарасар,
ұлы күнде сапарға, қаумалаған қарындас қазақта бар да, менде жоқ, арызымды
айтарға!" Бұл аянышты болмағанда, не аянышты болмақшы?!
Ең өкініштісі - бұл көпті Махамбетке дейін де талай ер, қазаққа дейін де талай
ел бастан кешіп еді. Бірақ, ай астында көп ештеңе өзгере қойған жоқ-ты.
Өйткені, адамда да, қоғамда да күнделікті күнкөріс қамынан артылып қалатын көп
күш-жігер бар еді. Өкінішке орай, ол бар кезде жасампаздыққа жұмсала
бермеген-ді. Сондықтан да, әлемдік тарих әлі күнге ірілі-ұсақты соғыстар мен
ұрыс-жанжалдардың шежіресіне көбірек ұқсайды.
Ондай келеңсіздіктен салқар сахараларда өмір сүргендер де аулақ тұра алмапты.
Онда да бақташылық емес, жаугершіліқ үстемдік құрыпты. Аңшылық кезеңде із
жолыққыш қолбасшы көсемдік етіпті. Екеуіне де бес қаруы беліндегі
бексауытты қауымдасына ешкім өз бетімен қол көтере алмапты. Басынғанға
төзбейтіндер бағынғанға да шорқақ келеді ғой. Ондағы әлумет тек тендікті ғана
мойындап, әділдікке ғана жүгініпті. Ерлігіне әділдігі сәйкесетін адамдардың
ғана мерейі үстем тұрыпты. Сондықтан, жұрт мал жиғаннан гөрі абырой жиғанға
көбірек пейіл танытыпты.
Алайда, атының аяғына жығылған жортуылшы қауым өзімен-өзі томаға-тұйық қалып
өзгелерге жанаспай тұра алмайтын еді. Оларда да бір кездегі сайыпқыран
нояндықтан, көрсе басар аламандық басым түсе бастапты. Одан алауыздық пен ала
көздік өршіпті. Орхон мен Енесей бойында Күлтегін мен Тоныкөк заманынан қалған
мылқау тастардағы әлі күнге өксігін баса алмай тұрған өкінішті өсиеттер де
осыны аңғартқандай.
Ондай батпандап кірген бас бұзар дертті мысқылдап шығарамыз деп мысықтабандап
отыруға жаппай қаруланып алған жауынгер қауымның зауқы соға қоймайды ғой.
Сондықтан, қиянатқа қарсы қылыш ала жүгіру көшпелілік дүниесінде де көптен бар
қылық көрінеді.
Шындығына келсек, Махамбеттің Жәңгір мен Баймағамбетқе айтқандарына қарап,
қаралай төбе шашың тік тұрғанымен, іс жүзінде халықты ойламағандықтың қайда
апарып соқтыратындығын қатулана айтқан жәй әншейін саяси қоқан-лоққыдан әрі
асып кете алмаған. Ереуілшілер дөң айбат көрсеткендердің кейбірі жылқысынан
айырылса да, ешбірінің басы түгілі шашына да зақым тимеген. Оның есесіне
ұстасып жүрген дұшпандары орайы келген бірінші сәтті қапы жібермей, оларды
аяусыз жер жастандырып үлгерген.
Ақсүйектерді биліктен аластатуға келетін болсақ, ол да әлемдік тәжірибеде
көптен талқыланып келе жатқан мәселе екендігі аян. Ол Шыңғыс хан билік жүйесі
кеңістігінде де талай рет талайдың басын ауыртқан-ды. Әсіресе, Алтын Орданың
ақырғы жылдарынан бастап өткірлене түскен. Тіпті, оған кей ретте Шыңғыс
әулетінің өзі мұрындық болған. Тақтан айырылып қалудан қорыққан Тоқты
(1290-1312), Өзбек (1312-1341), Бердібек (1357-1359) хандардың бауырынан шыққан
балаларына дейін барлық тұқымдастарының көздерін тұздай құртуы, ол үшеуінен кейінгі
жиырма жылдың ішінде жиырма бес хан алмасатын атақты аласапыран халықты Шыңғыс
тұқымынан қаралай безіндіріп, ол жасап кеткен билік жүйесін қайта қарауды күн
тәртібінен шығарған еді. "Қарадан шығып хан болу" да сол тұстан
бастап үрдіске ене бастаған-ды. Мауеренахрда барлас Темір, Алтын Ордада аңғыт
Едіге сол кезде ханның тізгініне жармасып, билікті өздері тартып алған-ды. Олар
өздерінің жоғарғы билікке құқылығын дәлелдейтін әр түрлі лақаптар таратып
бақты. Ақсақ Темір Шыңғыстың бабасы мен езінің түпкі бабасының бірінің баласы
хан болса, бірінің баласы әмір болады дескен бір кездегі пәтуасын көлденең
тартса, Едіге өз тегін Баба Түкті Шашты Әзізден таратып, жер түбіндегі
пайғамбар әулетіне апарып бір-ақ теліді.
Өзбек хан Шыңғыс ханның "Жасағынан" ("Жосығынан") шариғатты
жоғары қойды. Ақсақ Темір мен Едіге тұсынан бастап билікгің исламдық
легитимдігіне үстем маңыз беріле бастады. Ақсақ Темірдің баласы Шахруқ өзін
тіпті "халиф" деп жариялауға дейін барды. Сөйтіп, бұрын Шыңғыс әулеті
билеген көп елдерде биліктің исламдық қағидалары негізге алынып, Шыңғыс
өсиеттері қосалқы орынға ысырылып қалды. Орта Азия хандықтары осы тәжірибеге
сүйеніп, ақсүйек әулеттерді биліктен аластатып, жергілікті ықпалды әулеттерді
таққа отырғызды. Бұл ағымнан өзін мұсылман жұртымыз деп есептейтін қазақ қауымы
да тысқары тұра алмаған сияқты.
Ондай пиғылдың Нарын аймағында көрінуінде де кездейсоқ ештеңе жоқ еді. Бұл
аймақ бір кезде Едіге мен оның тұқымы билеген аумақ еді. Оның халқы, негізінде,
бұрынғы Ноғай Ордасында болып, кейін қазақ хандығына қосылған тайпалар еді.
Сондықтан, олар ежелгі түркілік, жалпы қазақтық үрдістермен қоса, өздеріне
мейлінше етене ноғайлы дәстүрлерін де ерекше қастерлейтін. Әсіресе, күллі түркі
дүниесіне ортақ "Қырымның қырық батырындай" ұлы дастан, Жезбаян Балашықұлы,
Кетбұғы Найманлы, Сыпыра Шөпбасұлы, Парыздық Шабанұлы, Құба Қыпшақ, Қаңлы Қара
Уәйіс, Қоңырат Ұзын Айдар, Шырын Сұлу Мәмбет, Маңғыт Мөңқе мұраларын сақтап,
Асан қайғы Сәбитұлы, Шалкиіз Тіленшіұлы, Доспамбет жырау, Қазтуған Сүйініш-ұлы
сынды жыр сүлейлерін туғызған ноғайлы заманын өз тарихи тағдырынан бөле-жара
қарамайтын.
Бұл, әсіресе, Махамбет шығармашылығынан анық көрінетін. Ол көне және орта
ғасырлық түркі әдеби дәстүрлерінің ноғайлы жыраулық мектебіне айрықша құштарлық
көрсетті. Оның толғауларынан ноғайлы ақындарына тән әуендер, тақырыптар,
ұйқастық, ырғақтық, әуездік ұқсастықтар, тіпті тікелей қыстырмалар мол
ұшырасады. Ол тек жалғыз Махамбеттің ғана емес, қазақ хандығының бастапқы
кезеңінде өмір сүрген ақыңдардың көбіне тән қасиет еді. Абылай тұсында өмір
сүрген Ақтанберді ақында да Шалкиіз, Доспамбет, Қазтуғандармен үндестік айқын
байқалады. Бұл ауыз әдебиетіне әуелден тән құбылыс екенін әлемдік
фольклортанудың талай білгір мамандарының пікіріне сүйеніп дәлелдеуге болады.
Алайда, Махамбеттің ноғайлы заманының тақырыптарына, поэтикалық үлгілеріне,
идеограммалары мен пайымдамалық жинақтауларына жиі жүгінуін тек дәстүр
жалғастығымен түсіндіру аздық етеді.
Өйткені, Махамбет заманында әдебиетте де, саясатта да, тұрмыста да ноғайлы
заманындағы ұстанымдардан ауытқушылық мол еді. Қазақ хандығы тұсында
ақсүйектердің қоғамдағы орыны Алтын Орданың ақырғы кезеңіндегіден анағұрлым
күшейді, жоңғарлармен соғыста көзге түскен хандар мен сұлтандар қайтадан ұлт
қаһармандарына айнала бастады. Соған орай ақындық еңбектің әлеуметтік маңызында
да едәуір өзгерістер болды. Орда ақындары Жәңгірдің Жанұзақ, Байтоқтарындай жәй
ғана мадақшыларына айнала бастады. Жорық ақындарына, ең асқанда, Кенесары,
Наурызбайдың ерліктерін шыншылдықпен жырлаған Нысанбай ақындай тек жорықнамашы
ғана болып қалуға тура келді. Махамбетті бұл қанағаттандырмады. Бәлкім,
Жәңгірмен қырбайы болып кетуіне бұл да аз әсер етпеген шығар.
Ол ақындықты көптің көңілін табатын өнер деп емес, көптің көзін ашып, жұртты
оңға бастайтын әлеуметтік қызмет деп түсінді. Сондықтан да, оның ежелгі елге
жол сілтеушілік маңызының қайта оралғанын қалады. Ал, ақындық ежелгі
қоғамдардағы абыздық қызметтің төл тумасы екендігі белгілі. Көшпенді дүниеде
жорықта сардар қол бастайтын көсем болса, абыз жол бастайтын рухани пір болған.
Ол әлеуметке тікелей тіл қатқан. Ханға кеңес берген. Халыққа ақылшы болған.
Көктүрік заманындағы Тоныкөк, Оғыз заманындағы Қорқыт, Алтын Орда заманындағы
Сыпыра, Асан қайғы, Ноғайлы заманындағы Шалкиіз, Доспанбет, бергі замандағы
Бұқар дәстүріне адалдық асау көңіл Махамбетті Жасқұстағы сауық-сайран ортасынан
Бекетайдағы жорық-майдан арасына алып келген түрі бар.
Өз дәстүріне ата-баба тәжірибесіне орай бағыт сілтеп отыратын ежелгі абыздық
үрдіс Махамбетке де өз жүрген орта мен өз қаруластарына өткендегілер өмірінен
ең оңтайлы өнеге іздеткені көзге көрініп тұр. Сонда оның таңдауы ноғайлы заманы
мен ноғайлы әдебиетіне түскені де дау тудырмаса керек. Замана құлқын дұрыс
пайымдай алмаған билікшілердің ырың-жырың тоз-тоз болып кеткен Алтын Орданың
көпке дейін жалын жықтырмай келген жалғыз бөлігі Ноғай Ордасы еді. Ол, ноғайлы
жырауларының ұғымынша, өз бақтарын қызықтап, өз бастарын сағалап кеткен Бату
мен Тоқа Темір балаларынан дер кезінде баз кешіп, дер кезінде "ел қамын
жеген Едігенің" етегінен ұстағандықтан жетіп еді. Доспанбет жырау қарадан
шығып хан болған "Ер Мамайдың алдында шахит кетіп" бара жатқанына
масаттанып: "Азаулының Аймедет Ер Доспанбет ағаның хан ұлынан несі жоқ, би
ұлынан несі кем?" - деп мақтанбайтын ба еді?! Жалпы, хан мен қараны
шендестіріп, қараны ханға теңдестіре сөйлеу ноғайлы ақындарына айырықша тән
еді. Махамбет, біздіңше, ол дәстүрге әдейі жүгініп отыр. Өйткені, бір кезде
Алтын Орда киген таз телпекті енді қазақ хандықтары да киеді. Көне сүрлеумен
көш бастағандарға сенемін деп, елдік керуеніне ілесе алмай, болдыртқан түйедей
жолда шашылып қалды. Әзір ерқара болып ілесіп келе жатқаны - Ішкі Бөкей Ордасы
ғана. Енді " ел қамын жейтін Едігесін" таппаса, оның да қалғандарға
ұқсап, қарасуға теріс ағатыны белгілі бола бастаған-ды.
Оның үстіне, Ноғай Ордасының Махамбеттің көзіне де, көңіліне де жылы ұшырайтын
бұдан басқа да әр қилы себептері бар еді. Ноғай Ордасы бір кездегі Алтын
Орданың тікелей мұрагері ретінде Ресеймен терезесін тең ұстауға тырысты. Оған
салық төлеген жоқ. Ресей заңдары Ноғай Ордасында күшін жүргізе алмады. Ноғай
Ордасы ешқашан орыс ведомстволары құрамына кірген жоқ, сондықтан, өз аумағын
уездерге бөлініп тілімдеткен жоқ (В.В.Трепавлов. История Ногайской Орды. М.,
2002. 638-643-бб.). Ендеше, сол Ноғай Ордасы аумағына толығымен орналасқан Кіші
Орда Ресеймен қарым-қатынасын, ең болмағанда, әлгі шарттар аумағында жүргізе
білсе лазым еді. Бұл - Махамбет өмір сүрген орта мен кезең үшін ең өзекті
мәселе еді. Ол Жәңгірмен осындай азулы саясат жүргізбей отырғандығына бола
кетісіп, өз Едігесін іздеп, Исатай тобына қосылса керек. Қарадан шыққан би
Темірді: "Сен алтынсың - мен пұлмын, сен жібексің - мен жүнмін, сен
сұлтансың - мен құлмын, сен сұңқарсың - мен қумын" деп дәріптеген
Шалкиіздей, Махамбет те: "Исатай - басшы, мен - қосшы" деп қарадан
шыққан өз сардарын дәріптейді. Ол да: "Қоғалы көлдер, қом, сулар кімдерге
қоныс болмаған, саздауға біткен қара ағаш кімдерге сайғақ болмаған, жағына
жалаң жібек байлаған арулар кімнен қалмаған, жағы түкті жылқы айуан иесін қайда
жаяу салмаған. Күлелік те ойналық, киелік те ішелік, мынау жалған дүние
кімдерден кейін қалмаған?!" - деген Шалкиіз сөзін құбылта қайталап, тандап
тапқан сардарымен бірге ел қамы жолында жан пида етуге бас
тігеді.
Міне, Махамбет жырларындағы "ноғайлы" әуені мен "қарада да қара
бар хан баласы басып өткісіз" дейтін идеограмманың ар жағында осындай
тарихи ыңғайластық пен заманалық үндестік жатса қерек. Нарын ереуілінің
басшылары саяси пиғылдарының көбін аталмыш өлкедегілердің бәрі жатқа біліп,
жақсы білетін поэтикалық тұрақты ұғымдар арқылы жеткізуге тырысқан сыңайлы.
Өйткені көшпелі қауымда баяғыға сілтеме жасап, бабаларға ұқсап бағу көргенділіқ
есептелген.
Исатай мен Махамбет те ойға алған мақсаттарын сол психологияға сүйене отырып,
көп көкейіне қонымды емеуріндерімен жеткізсе керек. Бірақ, бұл сарынға баса мән
беріліп, үсті-үстіне айтыла беруі тек Исатайға тән батырлық аңғырттық,
Махамбетке тон ақындық албырттық қана емес еді. Заман озып, заң тозып
кеткендігінен туындаған тарихи драма еді. Бұның бәрі - таза көшпенділік үрдіс
жағдайында жасақталған саяси-әкімгершіліқ жүйенің атымен кереғар отырықшы
үрдіспен бетпе-бет шарпысудан асқындаған терең дағдарыстың көрінісі еді.
Әйтпесе, барлық гәп, бағзыдан бері айтылып келе жатқандай, билік пен текте ғана
тұрған жоқ еді.
Мәселенің бәрі, Исатай мен Махамбет, одан бұрын Сырым айтқандай, Шыңғыс хан
әулетінен тарайтын ақсүйектерге тіреліп тұрса, төрелер билеген Алтын Орданың
тағдырын оның орнына орнаған Едіге тұқымы билеген Ноғай Ордасы қайталамас еді
ғой. Қара сүйектер билігі барлық пәледен аман алып қала алатын болса,
"арқар" ұрандыларымен әлдеқашан қоштасып, қоңыраттар билеген
бұқаралықтар да, мың әулеті билеген қоқандықтар да, тіпті ешқандай хан сайлап
көрмеген түрікмендер де қазақтар киген кепті бәрібір киді ғой.
Сондай-ақ, биліктегі тұқым қуалаушылық мемлекет орнықтылығының бірден-бір
кепілі болса, үш жүз жыл Романовтар әулеті билеген Ресей империясы құлап қалар
ма еді?! Ондай "ғұмырлы билік" Батыс пен Шығыстың талай ұлы
империяларын азып-тозудан аман сақтап қала алмаған. Өкінішке орай, ондай кер
тағдырдан қазақ хандығы мен оның орнына пайда болған хандықтар да қашып құтыла
алмаған. Алайда, Сырым, Исатай, Махамбеттердің жер бетін әлі корольдер,
шейхтер, шахтар, хандар, сұлтандар, императорлар билеп тұрған заманда биліктегі
тек қуалаушылыққа қарсы шығып жүруі адам таңғаларлық жәйт. Өйткені, бұндай
саяси ағым бүкіл әлемдік ауқымда өріс алып, теқ біздің тұсымызда ғана кеңінен
жайылған үрдіске айналып отыр. Далалық республиқашылдықтың тарихи төркіндеріне
бұрынырақ тоқталғанбыз.
Алайда, қазақ қауымының ол кездегі қайғылы халі тек саяси келеңсіздіктерден
ғана емес еді. Бар пәле бой бермеске айналған өркениеттік дағдарыстан өрбіп
жатыр еді. Сорлатқанда, мұны тек билікші орда ғана емес, бүкіл қауым әлі
түсініп үлгерген жоқ еді. Бұл тек қазақтардың ғана басындағы ахуал емес еді.
Индустриялық дамудың пайда болуы әуелі әлемдік, тек бір құрлығының бағын
жандырып, қалғандарына қасірет болып жармасып еді. Өйткені, ол өзгенің
базарына, шикізаттарына, жұмыс қолдарына көз алартуды күшейтіп еді. Бұрын тек
көрші саяси кеңістіктерді ғана қамтитын отаршылдық басқыншылық, енді бүкіл
әлемді тегіс шарпи бастап еді. Бұл халықтардың сыртпен ықыластыққа, іштегі
ынтымаққа мейлінше мұқият қарауын талап етіп еді.
Бодан елге де, тәуелсіздік тұғырына енді көтерілген елге де әлеуметтік
кикілжіңдерден гөрі азаматтық татулық қымбатырақ екендігі бүгінгі әлем
айқынырақ көз жеткізіп беріп отыр. Өйткені, қандай болмасын ұлт тек тәуелсіздік
жағдайында ғана өз мүддесіне жете алады екен. Тәуелсіздік қана оған өзінің көп
ғасырлық саяси-рухани тәжірибесін заманалық өзгерістер тұрғысынан қайта
зерделеп, бүкіл адамзаттық дамуға орайлас өркениеттік сәйкестілікке қол
жеткізуге жол ашып бере алмақшы. Махамбет бізге, ең алдымен, осы тұрғыдан аса
қымбат.
Себебі, оның өмір сүрген дәуірінде қазақ даласы отаршыддықтың аяусыз алқымдаған
аймақтарының бірі болды. Оның есесіне, ол сол кездің өзінде-ақ, кейін әлемдік
ауқымдағы ең басты шешуші саяси процесқе айналған ұлт-азаттық қозғалысының ең
алғаш қанат жайған кеңістігіне айналды. Өтқен XX ғасырда ғана дегеніне
түбегейлі жете бастаған бұл өміршең қозғалыстың іргелі көсемдері бола білген
бірегей тұлғалары бізде сол заманның өзінде-ақ ереуіл атқа ер сала білді. Олар
күллі адамзаттың ұранына айналған "Еркіндік, Азаттық, Бостандық, Теңдік, Тәуелсіздік"
туын алдымен қолға ұстап, аспандата биік көтерді. Адамдарды қанаумен қорлауға,
халықтарды өгейсіту мен кемсітуге, мәдениеттер мен дәстүрлерді басынуға, діндер
мен тілдерге қол сұғып, елдік пен мемелекеттікті аяқ асты етуге қарсы күреске
шықты.
Қазақ даласындағы азаттықшыл ақыл-ойдың бас сардарларының санатында айбынды
ақын Махамбет те алдымен ауызға ілігеді. Оның жан-жүрегіңді түгел баурап алатын
өжет те өктем жырлары әлі күнге сай-сүйегінді сырқыратар бостандық дұғасындай
пәрменді естіледі. Олар күні кешеге дейін бізді Елдікке, Теңдікке, Бостандыққа
шақырып келсе, енді соларды мәңгілік баянды ететін Бірлікке, Өркениеттік
Өрелілік пен Рухани Кемелдікке шақырады.
Оның өмірі мен өнері Ақиқат пен Әділетке бас ұрып өтер барша адамзатқа әрдайым
түсінікті, әрдайым қастерлі.

Сәуір - тамыз. 2003 жыл.
Нарын - Алтай - Арқа

 

Шандоз I-IV

Шандоз V-VII

Шандоз VIII-X