ВЕРНУТЬСЯ

Төртінші бөлім

Айқас 

Жарға біткен. жантақты
Жанынан безген нар жейді.
Халық мақалы.

Жер түбіне жортуылдап барып қайтқан ауыр қол наурыз басында елге оралды.
Қақаған қаңтарда Борсыққұмнан үн-түнсіз суыт аттанып кеткен бұл жорықтың басталуы қандай жұмбақ болса, аяқталуы да сондай жұмбақ еді. Одан ой жарымдай салақтап ат үстінде жүріп қайтқан екі мың адам атымен бейхабар-ды. Білетін тек Батыр сұлтанның өзі ғана.
Тең-тең олжа артып, үйір-үйір жылқы айдап қайтпаса да, сұлтан бұл жорығына риза. Қыстың көзі қырауда ат ерттеген ауыр қолдың жолына кім қызылды-жасыл дүние жайып, көк алалы жылқы үйіріп қойсын... Ел арасынан жал асып шығар-шықпаста-ақ жұрт арасында күбір-сыбыр күңкіл көбейді. Қырын қарап, қырыстана сөйлеуді шығарған кішкене шектінің батыры Бақтыбай. Оттан-судан тайынбайтын көк жұлын неме кемді-күнгі тауқыметті ауырсынбаса да, ит арқасы қияннан барғанда алдымыз құр, қанжығамыз жұтаң қайта ма деп қоңылтақси бастады.
- Бір қолын Хиуаға, бір қолын орысқа жайып телмендеп отырған Қараған түрікпендерін жылда ақ түйе бас қылғанда не табамыз? Одан да мынау Жайық пен Жем бойындағы ызғындай құба қалмаққа неге тиіспейміз? - деп қыңқылдайды.
Шабдар қасқа шалқұйрық айғырдың үстінде түйенің жарты етіндей боп шалқалап жатып алған Батыр сұлтан кеңірейіп құлақ аспай қойды.
Бақтыбайдың бір дәметер жері - Асмантай-Матайдың құмы еді, Жәуміттер кей жылдары ойға құламай, сонда қыстап қалатын. «Жер түбіндегі Маңғыстауға аяқ салақтатып жүрмей-ақ, құм сағалаған түрікпендердің сылаң мойын арғымақтарынан бірер үйір қуып қайтсам да, ішім майлы», - деп дәметіп келе жатқан батыр еш-қайдан жас тезек ұшыраспай, құлазып жатқан қу шағылдарды көргенде шалқақ басы көкірегіне қарай біржолата үзіп, жан-жағына жалбыр қабақтың астынан керенау көз тастап үнсіз келе жатты.
Жөңкілген қол сол бетімен Манатаның ернегіне жетті. Жалғыз аяқ тау соқпағына тіреліп, алды-артына амалсыз көз салды. Арттарында мың бір жылан ирелеңдеп ойнақ салғандай жаяу боран үйдей соққан жадағай Үстірт, алдарында - ішіне құйрық бауыр салып құдаларға ұсынған қара тегештеЙ дөңгелек алқап, ақ шыңдар мен қара шоқылар ай құшақ қауып жатқан Маңғыстаудың қара ойы. Ақ таулардың етегінде ойдық-ойдық сор жалтыраса, қара шоқылардың күнгей баурайында кемпірдің қолынан жел алып қашқан шүйкедей боп шөкім-шөкім тұман кілкиді. Арлан бөрінің азу тістеріндей андыздаған ақ тұмсықтардың арасынан жалғыз сабақ ине жіптей ширатыла құлаған жіңішке жол тақтайдай тықылдаған тақыр сорды басып өтіп, ойдағы ақ шоқы, қара шоқыларды орағытып бұлғақтай қашып отырып, қазір көзге көрінбей тұрған, бірақ анау түтіндей жатқан көкжиектің қүшағындағы күркіреген кек теңізге барып бір-ақ тіреледі.
Ұшы-қиырсыз қара ойдың әр жер, әр жеріндегі жылымшы бұлақтардың басында бүрісіп-бүрісіп отырған егдір, шәудір, абдал, салдыр, бозашы түрікпендердің қара үзік ауылдары. Анадай-анадайдағы ақ шоқы, қара шоқылдардың басында қысы-жазы қарауыл. Алыстан шаң көрінді-ақ, бөріктерін бұлғалап белгі береді. Етектегі құрым үйлер ұйқы-тұйқы болады да қалады. Азғантай малы мен дүниелерін құз-қиядағы ұры кеуектерге тығып, өздері жан-жағы шаппа шың ойдық, таулардың басына көшіп алады. Хиуаның да, қалмақтың да, орыстың да қол астына түгел қарап болмаған осы өлкеге қазақтар айдап кетсең, артында сұрауы жоқ тұтқындары мен шалқұйрық аруаналарына, серең аяқ, серек мойын арғымақтарына қызығып үсті-үстіне жортуылдап тұрады. Соңғы бесалты жылда Батыр сұлтанның өзі мынау қуаң түбекті әлденеше рет ала тозаң етті. Әншейінде ол мұндай жорыққа сонау Қарағантүптегі айлаққа жан-жақтан саудагерлер шұбыратын мамыр мен қарашаның тұсында аттанушы еді, бұл жолы қыстың көзі қырауда не түлен түрткенін кім біледі?..
Қолдың алды қасқа шыңнан ирелеңдей түсіп жатқан жалғыз аяқ жолмен шұбалып төмен құлай бастады. Бақтыбай пәлен күннен бері омырауына түсіп кеткен сұлқ басын сол арада көтеріп алды. Соңындағы үркердей топ - өз жігіттеріне бүрылды. Айналасы екі жүз елудей ғана жолшора шектінің жігіттері нояндарының одырая қарағанынан бірдеңе анғарғандай аттарының басын тежеп іркіле түсті. Басқа қол ернектен түгел құлап, төмен асып кеткенде Бақтыбай аттың басын кері бұрды.
Батыр сұлтан тағадай иіліп қоршай ораған аппақ шыңның етегіндегі ақ тақырға жете беріп кідірді. Қолдың алды-артының түгенделгенін тосты. Жұрт жанына тегіс жиылып болғасын жоғарыдағы қасқа шыңға қарап біраз тұрды. Бақтыбай көріне қоймады. Әккі сұлтан қияс батырдың арам ойына бірден түсінді. Кеуде кергісе, бес қаруы белінде келе жатқан қалың қолдың көз қырынан ілігеді. Мынандай тар жерде енді ешкім қиямет шыңға қайта өрмелеп, азғантай қиқар топтың артынан қуып жатпайды. Бұл жорықтан елге қайтып оралғанша кім бар, кім жоқ. Ертең ызғындай ел-жұрттың алдында көрер зобалаңын көріп алар. Ал, қазір Жем, Сағызға төтелеп тартып, қалмақтың шет ұлысына тиіседі. Шашау шыққан жылқысы болса, қуып кетеді. Бұл сапардан Батыр олжалы орала ма, Бақтыбай олжалы орала ма - оны бір алла біледі...
Сұлтан оң қолындағы Тәңірберді би бастаған қабақтар қолынынан екі жігітті шақырып алды. Оны Жем бойындағы Лобжы тайшыға жұмсады. Бақтыбайдың бара жатқанын хабарлады. Екі жаушы жаңа өздері түскен Маната құлауының күн батыс бетіндегі Қаратүйе асуынан әбден көтеріліп кеткенше күтіп тұрды да, аттарына қамшы басты.
Жолдарында кесекөлденең сұлап жатқан үздік-создық Қаратаудың екі бетіндегі түрікпен ауылдарын кезек-кезек дүрліктіріп сүзіп щықты. Бірақ ешқайсысынан іздеген хабарын шығара алмады. Қай-қайсысының да айтатыны: «Былтырғы қарашадан бері әрлі-берлі өткен керуен керсек, көзіміз шықсын».
Қара жұрт, қара үзік ауылдарды қан жылата отырып, кек теңізге орап кіріп жатқан Қарағантүпке барып бір-ақ тірелді. Суға сұғынған тар көсенің басында о жер, бұ жерде қалқиып-қалқиып қарауытып тұрған түрікпендердің жел қайығынан басқа ештеңе көзғе түсе қоймады. Қорғантастың басындағы тас қоймадан да көңілге сезік қашыратындай ештеңе табылмады. Былтыр күздегі кемелерден қалып қойып, енді көктем шығып, су аяғы кеңігенін тосып қыстап жатқан дағара сәлделі алабажақ шапанды үнді, парсы, ауған, қызылбас саудагерлерін көкіректерінен бір-бір итеріп омақастырып тастап кетті. Жылқының қартасындай қыртыс-қыртыс қара ойдың қай қойнауын да аралап шыққанмен Бұхара мен Хиуаға беттеп бара жатқан сезікті керуеннің хабары естілмеді.
Елден шықңалы екі кезі шоқтай жанып, өз-өзінен алабұртып, аруақтанып келе жатқан Батыр сұлтан аяқ астынан қыңырайып сала берді. Мынадай ақ шұнақ боранда осындай ит арқасы қиянға жол шығуында, шынында да, бір мән бар еді. Ақ патшаның әлгі кергіме елшісі ел шетіне аттамай жатып, мұның көкірегінің басына орнай қалған көкше мұз жібісе, осы жолы жіби ме деп еді. Енді, міне, оның да неғайбыл боп бара жатқаны...
Қайып өлгелі қайнағасының қасында келе жатқан Батыр оның қай айтқанын да екі етіп көрмепті. «Бар!» - деген жағына барыпты, «шап!» - деген жауын шауыпты. Бірақ оны Әбілқайыр ешқашан қол бала санап көрген емес. Терезесін тең ұстады. Күллі жанарыс өз қолында болғанмен, мұның қарауындағы алты шектінің ешбір шаруасына килікпейтін. Оны Батыр өзі билеп, өзі төстейтін. Қайып баласын қағынан жерінген құландай өз әулетінен осынша қол үздіріп кеткен Әбілқайырға Жәдік тұқымының да атарға оғы жоқ-ты. Батыр сұлтан оны да іштей сезіп-біліп жүрді. Сыр бермеді. Қайта олардың солай күйіп-піскендеріне айызы қанатын. Оның да себебі бар-ды. Тәуке өлгесін аға хандықтың жолы Қайыпқа түсіп тұрса да, алдын кескестеген сол өз ұяластары еді. Ақ патшамен одақтасып, жоңғарға қарсы күреске шықпақ болғанда да, тұяқ серіппей тым-тырыс жатып алған тағы солар-ды. Тіпті кісі қолынан мерт болған әкесінің түсініксіз ажалын да Батыр ішінен сол өз тұқымынан көретін. Ал Әбілқайыр Қайып өз ағайындарынан құқай көріп жүргенде, елден бұрын қол ұшын берді. Оның орыстан одақ іздеу ниетін де елдің ең алдымен сол қүптады. Қайып ойда жоқта опат боп кеткенде баласын қасына алып қарасқан тағы сол. Екеуі қостас болғалы бүған ешқашан қоқырайып, қоқан-лоқы жасап көрмепті. Қайта бұның атағын дабырлап, абыройын асырып бақты. Бұл да аға ханның қасы мен қабағына қарады. Күні кеше қол ұшын бермей кергіген ағайын енді мұны сыртынан «күшік күйеу» деп құстаналайтынды шығарды. Өзара әңгімелерінде мұның атын да атамай, «әлгі Әбілқайырдың қол шоқпары», «Өсеке тұқымының ит аяғын жалап кеткен жалаңбұт», - деп отырады дейді. «Жаман қатын байсақ, жаман күйеу қайынсақ» деуші еді, Батыр қайнағасы түзге шыққанда дәрет құманын өзі ұстап тұратын көрінеді, - деген пыш-пыш та құлағына тимей қалып жүрген жоқ. Жәдік тұқымы бұл екеуінің арасына қырбайлықтың қара сынасы қашан қағылар екен деп, қанша сығыраңдасып, оңды-солды сөз гулетіп баққанмен, оған Әбілқайыр да, бұл да апши қоймады. Қайта екеуі де дұшпандарының өйтіп өттері жарыдғанына іштей масаттанатын. Жәдік әулеті батырды: «Намысына қанша шоқ салсаң да, былқ етпейтін жігерсіз неме», Әбілқайырды: «Шайтанның да басын айналдырып ала алатын жады неме» - санап, ел екеуін атыстырып-шабыстырмақ ниеттерінен өздері торығып келе жатқан-ды, бірақ қүдай олардың көктен іздегенін жерден берді.
Батыр сол бір күнді әлі ұмыта алмайды. Қаракесек Келдібеқұлы Қазыбектің қаңқылдақ дауысы:
- Қазақ ғаскерінің бас сардары Әбілқайыр хан Мұхамбет қазы баһадүр! - деп саңқ ете қалғанда Ордабасының адамы түгілі тау-тасы жаңғырыға айқайлап қоя берген-ді. Неге екені белгісіз, аяқ астынан тамағы құрғап, жағын аша алмай қалды. Қапелімде, ол мұны жүрек жарды қуаныштан шығар деп ойлаған-ды. Тісі-тісіне желімделіп қалғандай көзі алақтап жан-жағына қарай берді. Жұртта ес жоқ. Желекті найзаларын шошаң-шошаң көкке көтеріп желпілдесе шуылдасып жатыр.
- Әбілқайыр хан Мұхамбет қазы баһадүр!
- Әбілқайыр хан Мұхамбет қазы баһадүр!
- Әбілқайыр хан Мұхамбет қазы баһадүр!
Оған бір сәт тіпті көктегі күн көзіне де тіл бітіп:
- Әбілқайыр хан Мұхамбет қазы баһадүр! - деп күркіреп тұрғандай көрініп кетті.
Жұртқа қосылып айқайлағысы келіп еді, тамағы қыжылдап үн шығара алмады. Ұран төбенің басындағылар ауыз жаппай қақылдаи жатыр. Хан қайтып тұр екен деп Болатқа қарады, о да Қазыбекке қосылып ауызын жыбырлатқан болады. Бірақ екі иығы қуышып, еңсесі жерге кетіп шөге түсіпті. Сәмеке күйек сақалы жылтырап, көзін жұмып, тісін ақситып апты. Мынау қошаметшіл көптің айқайын мақұлдап тұр ма, жоқ еліріп алған ессіз топты мазақтап күліп тұр ма - біле алмайсың. Топ арасынан Барақ пен Әбілмәмбетті іздеді. Олар да манадан бері мұны бағып тұр екен. Мынандай мелшиген қалпын көріп бір-біріне жымың ете қалысты. Бұл жалма-жан жанарын ала қашып, топ алдындағы Әбілқайырға бұрылды. Қызыл көрген қырандай емініңкіреп алға шығып кеткен Әбілқайырдын беті шүберектей боп-боз. Атын атап еліре айқайлап жатқан қарақұрым халыққа да, түксиген-түксиген жақпар тастарға да көзі түспей, сонау көктегі күн көзіне қарап тұрғандай, иегі тым әуелеп қапты. Бұған дейін талай шайқас, талай айтыстарда, талай жаудың беті, желдің өті тар жерлерде көріп жүргенде әрдайым сырын шашпай, өте бір үсынақты шебердің қолынан шыққан мінсіз бұйымдай жып-жинақты, жып-жылмағай жүретін осы бір ұстамды, ақылды кісіге ылғи риза болатын-ды. Оның дене бітімінен, бет-әлпетінен, жүріс-тұрысы мен айтқан сөзінен ешқандай мін таба алмайтын. Ол не істеп, не қойса да, бұл таңғалып бітетін. Ал, бүгін... бүгін оның бойынан тап осынша ел болып, жұрт болып таңдай қата боп тамсана қалатындай оқшау ештеңе таба алмай тұр. Кемсіту мен қорлық, жәбір мен жапа керіп жүрген кезінде соншалықты асқақ, соншалықты сырбаз берік кісі бүгін етек жеңін жия алмай жайдақтанып кеткен сияқты. Құрмет пен бақыттан ылғи қағажу көріп жүретін жарым кеңіл неме ақ түйенің қарыны жарылған күні әншейіндегі ұстамдылығын жоғалтып алған секілді ме, қалай... Бүгінгі мынау көкке қарап кекшиіп кеткен басы да, құлағы бітіп қалғандай мәңгіріп тұрысы да, боп-боз еңі де - түгел ерсі, түгел сөлекет көрініп кетті. Бұрын ылғи сүйсініп жүретін адамына бүгін ол бір түрлі мүсіркей қарады. «Апырай, мына сабаздың тіпті есі шығып кетіпті ғой», - деп ойлады ішінен. Бірақ ол арада бұл ойының мүсіркеушілік емес, кенет қау тамызықтай лап ете қалған қызғаныш екеніне, адамдар арасындағы өшпенділік пен бақастықтың бықсып жатар пілтесі де сол болатынына әлі жөндеп түсіне қойған жоқ-ты. Оны кейінірек сезді. Бірақ, бір ғажабы, Ордабасындағы жиыннан кейін-ақ Әбілқайыр Батырдың көз алдында бұрынғы қадір-қасиетінен айырылып сала берді. Оның ат устінде де, тақ үстінде де сарсаң кесек секілденіп суық отыратыны, қас пен достың арасына айырма салмай, екеуімен де қабағына сыз жиып самарқау сөйлесетіні, сен арызшы, өзі қазы секілденіп, қашан айтарыңды айтып біткеніңше жақ ашпайтыны, көкірегіңді жарып жіберердей боп қыстықтырып келген сырыңды лақ еткізіп ақтара салғаныңда не езуін жиырмайтыны, не көзі күлмейтіні, мелшиіп отырып тындайтыны - бұрын ойлап келгендей сарқылмас сабыр, тұңғиық ақыл емес, өзімнен басқа неме жоқ, су ішінде кеме жоқ деген астамшылық пен өркөкіректік қана екенін енді-енді аңғара бастағандай. Жұрттың оны қараптан-қарап жек көретіні де осы шығар!
Жер көрмей де қайтсін! Бұл далада кім-кімге сәлем бергендей. Құлазыған қу даладағы қой баққан қазақ та, жол шыққан қазақ та жападан-жалғыз. Оның көз шоласындағы кеңісте өзінен басқа қыбырлап-қимылдап жүрген тірі пенде кездесе бермейді. Оған «әй дер әже, қой дер қожа» да көп жолыға қоймас-ты. Сондықтанда жапан түздегі кез келген жалба тымақ өзін ешкімге тәуелсіз бай-батшамын деп сезінеді. Шетінен намысқой, шетінен өркөкірек келетіні де осыдан. Сәл нәрседен кеуіп күпілдеп шыға келулері қандай оңай болса, сәл нәрседен талақтары тарс айырылып тас-талқан боп шыға келулері де сондай оңай. Алдыңа ісі түсіп келген кез келген пақырана айтқанын қылмасаң, ендігәрі сені көрместей боп бетіңе түкіріп кетеді. Бұрын Батырға Әбілқайыр жайында айтылып қап жүретін әр қилы алып-қашпа қаңқуды ол әлгіндей өкпешіл жұрттың орынсыз бопсасындай көруші еді. Енді, міне, одан өзінің де көңілі екі жерде мықтап қалып отыр. Біреуі - баяғы Аңырақай шайқасы тұсында. Сол кездегі Әбілқайырдың бет-бейнесі әлге дейін көз алдында.
Ханның әншейінде жымпиып тұратын жылмағай беті сол күні өз-өзінен ісініп желіндеп апты. Бас сардардың сары ала шатырына талтаңдай енген сұлтандар мен батырларға тұнжырай көз тастады. Сөйлегендердің не айтып, не қойып жатқандарымен де ісі болмады. Жүзін қырын салып немқұрайды тыңдады. Бұның көкірегіне: «Мынаның мейманасы тасайын деген екен!» - деген суық ой алғаш рет сонда қашқан-ды. Тап сол сөйлеп, сол араласпаса, қара су теріс ағатындай, ауызы жалпылдап қыстырылмас жерге қыстырыла кететін Барақты төтеден тойтарып тұқыртып тастағанына іштей қыбы қанса да, артынан іле-шала өзі де дәл соның кебін кием деп ойламап еді. Әбілқайыр оны онсыз да «күшік күйеу» деп сыртынан сыпсыңдап жүретін дұшпандарына оңдырмай жығып берді. Айтып тұрғанын ақымақ баланың бос былшылындай құлағына ілмеді. Әншейіндегі ішінде ит өліп жатса да, байқатпайтын көрбеттігін қойып, желбезегі желп-желп етіп осқырына тыңдады. Әлгінде ғана маңдайларын тасқа ұрғандай болып отырған Жәдік тобына құдай берді де қалды. Баяғы Ордабасынан бері көкірегіне шым-шымдап жиылып жатқан түсініксіз кірбің аяқ астынан қорғасындай ауырлап, зіл-заһар өшпенділікке айналып бара жатқанын тұңғыш рет сонда аңғарды. Әбілқайырға көзі түсіп еді - сол баяғы сұп-сұр қалпы. Бұның қадала қараған қату жанарынан түк тайсалған жоқ. Ештеңе болмағандай. Әр сөзін талмап дәмін алып тұрғандай өзінен өзі рақаттанып тамсана сөйледі. Сосын бүл да ішінен тынып, екі иығын қомдап, бойын жиып ала қойды. Сыртынан мысқылдай қарап отырған өз аталастарынан да қысылған жоқ. «Қап, бәлем...» - деп сазарып, бедірейіп алды. Ол арада бұл ашуын Әбілқайырға ма, жоқ өзімен көптен дүрдеараз ағайындарыиа ма - кімге бағыштағанын өзі де дұрыстап аңғармаған-ды. «Мені бір жүндеуге жақсы жуас тайлақ санапжүр екенсіңдер, көрерміз!» - деп кіжінді. Ертеңіне Аңырақай даласындағы шайқасқа әбден битін салды. Ала шаңыт ішінде ханнын өзіне масаттана қарап тұрғанын әлденеше рет көзі шалған. «Қап, бәлем, солай ма екен!» Одан әрі Әбілқайырдың иегінің астында жүре алмайтынын сонда сезген. Әбден өзімсініп, бұның бар-жоғын елеуден қалған астам немені мықтап тұқыртудың да, тойған жерін сағалап кетті деп табалап жүрген аталастарының көмекейіне құм құюдың да жалғыз жолы - өз ноқтаңды өзің ұстау екенін сонда түсініп қайтты.
Осындай күпті көңілмен елге оралған Батыр сұлтан көпке дейін Әбілқайырмен хабарласпай үн-түнсіз жатып алды. Оған: «Не істеп, не қойып жүрсің?» - деп іздеп барып жолыққан Әбілқайыр, сірә, жоқ. Сүйтіп жүргенде ханның ақ патшаға «бодан болам» деп елші аттандырған хабары шықты. Бүндай алмағайып түста онсыз да іргесін аулақ салғысы кеп жүрген Батыр қайнағасына қайдан жоласын! Жұрттың көбі: «Ханның бұнысынан не шығар екен?» - деп әліптің артын бақты. Талайы: «Тәуке мен Қайыпқа илікпеген керік патша бұған қайдан қайырыла қойсын, тек әншейін мәңгінің қиялы да?» - деп ойлады. Іштерінен Әбілқайырдың осы жолы тұмсығы тасқа тірелер болса, ел алдындағы абыройы айрандай төгіліп, бас сардарлықпен де біржолата қоштасар еді деп дәметті. Болат өлгелі бос тұрған бас тақыттың төңірегіндегі әңгіме де пышақ кескендей тыйылды. Әбілқайырдың әлгіндей аяқтан шалдырар кезін тосты. Содан да ма, «арқар» ұрандылар бүрынғыдай жоқтан өзгеге ат терлетіп жүріп тұрмай, ұлыс-ұлыстарына барып бұғып-бұғып жатып алды. Батыр сұлтан да қайнағасынан неғұрлым алыс көшіп, неғұрлым алшақ қонуға тырысты. Кенет «Әбілқайырға елші келе жатыр!» деғен хабар шыққанда, неге екені белгісіз, екі күн қатарынан тамағына бірдеңе көлденең тұрып алғандай ас жүрмей қойды. Баяғыда әкесі «одақ болайық» деп жалынғанда, патша түгілі Тобыл ұлығының көп шабармандарының өзі жер тәңірсіп ат ізін бірде салса, бірде салмай, кекірейіп бағушы еді. Енді мынаған алтын таққа алшысынан конжиған қатын патшаның өзі артынтып-тартынтып елші жібертті деседі. Бағың жүрейін десе, дауа жоқ деген осы да!
Батыр қараптап-қарап жүдеп сала берді. Енді Әбілқайыр астамсымағанда кім астамсиды?! Қазақты орысқа қаратып берсе, бас ноқтаны ақ патша Әбілқайырға ұстатпағанда кімге ұстатады? Болат өлгелі қалған төрелер Әбілқайыр иемденіп кетпесін деп ауыздарына алмай қойған бас тақыт та бәрібір соған бұйыратын болды. Қазақ сұлтандарының қызғыштай қорығанын ақ патша неғылсын!
Шіркін, мұндайда қазақ ұлыстары ауыз біріктіріп, аға хан сайласа, ақ патшамен келіссөз жүргізуге құқы бар адам сол болар еді де, Әбілқайырдың мына өлермендігі әншейін бос әуреге айналар еді. Бірақ, қазаққа ондай пәтуа қашан бітті! Бас тақытқа отырғызам дегенде де, отырғыза қояр кімі бар? Сәмеке, Әбілмәмбет, Барақ, Күшіктер бірін-бірі тірсектен тістеп, тақ түгілі атқа әзер мінгізіп жүр. Ең болмаса, өз алдына дербес ұлысы жоқ бұл ешкімнің де ауызына түсе қоймайды. Әбілмансүр болса, әлі жас. Оның үстіне, күні кешегі атасы білмес арсыз құл аты өше қойған жоқ. Қайтсең де, Өсеке тұқымының осы баласының жолын бөгей алар «арқар» ұранды азамат тумай тұр ғой! Сыз қабақ, сұп-сұр неменің маңдайы неткен жырта қарыс еді! Бағзыдан бері ешкімге тізгін ауыстырмай келе жатқан Жәдік тұқымы тап бүйтіп тозып, құрт-құмырсқа, бақа-шаянға айналып кете қоюы мүмкін бе!.. Жоға тәйірі... Осы күні жер басып жүргендердің өздерінің Әбілқайырдан қайсысы кем? Басқасын былай қойғанда, анау арыстандай арпалысып, қолы ылғи біреудің жағасында жүретін қызылкөз Барақтың өзінің одан байлығы кем бе, батырлығы кем бе? Сәмеке мен Әбілмәмбет ше? Олардың соңына ерген қарақұрым қолдың өзі неге түрады? Жарайды, Әбілмансұр жас бола қойсын. Күшікті санда бар да, санатта жоқ бір жан дейік. Ал, бұл, бұның өзі ше... Бұның өзі кімге сәлем бергендей? Бір кезде қазақтың Тәукеден кейінгі бетке ұстары Қайып емес пе еді? Ендеше, сол Қайыптың тігерге тұяқ жалғыз ұлы Батырдың жөні бір бөлек тұрмас па?! Жәдік тұқымы мұның сыртынан күңкілдегенде де, сол өз жөнін өзі білмей, Өсеке әулетінің қанжығасында кетті деп қаң-қулайтын шығар. Ал, бұл өзімен-өзі болсын-ақ делік, сонда Жәдік тұқымы аға хан мінер ала тақты бұған қияр ма еді...
Патшаның елшісі Уфаға келіпті хабар жетісімен-ақ Жәдік тұқымы бұған ат ізін жиілетті. Кешкі алакөбеңде келіп, таңғы алакөбеңде аттанып жататын суыт жүргіншілер Қайып баласының Өсеке тұқымынъгң тап бұлай бастан секіріп жатқанына қалай қарайтынын білгісі кеп келеді. Батыр олардың өз көмейлерінің қандай екенін қаузастырып келіп еді, аңыс аңдай тұрғылары келетін сыңайларын аңғарды. Ол да қаралай қызылға ұрынбай, әліптің артын баға тұруға бел буды. Сөйтіп жүргенде, бір күні апақ-сапақта Нияз сұлтан келе қалды. Әбілқайыр жіберіпті. «Әкесі Петр патшамен хат алысып тұрған кісі, орыс елшісінің алдынан шықпай ма екен?» - депті.
Сұлтан мына сөзге ойланып қалды. Әккі хан мұны бостан-босқа айтпайды ғой. Ақ патшадан алар абырой-атаққа босқа «арқар» ұрандыны тіріде ортақ-тастырар ма! Шамасы, патша сарайының Қайыптың атын да, хатын да ұмытпағаны ғой. Өсеке балаларынан елші барғанда: «Баяғы Қайып ханнан тұқым бар ма?» - деп сұраған да шығар-ау! Әйтпесе, Әбілқайырдың бүған қайбір ет-бауыры елжіреп барады дейсің! Патша ұлықтары өйтіп ездері іздеп жатса, бұл неге тартынады? Жәдік тұқымынан басқа ешкімді де емес, тек езін ғана сүрастырып жатса, бүл неге озып тұрған маңдайын жария жарыққа қарай созбай, құпия келеңкеге тығылады?!
Қол астындағы алты шектінің жақсылары мен жайсаңдарын түгел ертіп, Нұралымен бірге Мәмбет мырзаның алдынан шықсын...
Сары ала күймеден домалап түсе қалған тығыншықтай қызыл шырайлы ұлық бұны да, қасындағы қақыра қалпақ киіп, жарқырап барған қайқы төс билерді де ит екен, кісі екен деген жоқ, кекірейіп ханзадамен болып кетті. Жүрегінің басына әлдекім кірш еткізіп біз сұғып алғандай болса да, сыр бермей шыдап бақты. Бірақ ол аңғарғанды қасындағылар тірі де аңғармас па!
Ұлы шеру орынынан қозғала оң қолында келе жатқан Жалтыр би:
- Итпен құда болсаң, тойында боқ асарсың деген осы Әлгі көргенсіз неме бізді құйрығына да қыстырмады ғой! - деген.
Апай тес, қайқы маңдай, қара сүр жігіт қырғыштай қыр мұрнының астына ала бөтен ызғар жиып, көзінің қиығын ғана салғырт тастап, сынай қарады. Сөйтсе, оның ар жағындағы құж-құж бет кұжбан қара Қосыбай ағасы да екпелеген баладай бұртия қалыпты. Атақты Әйтеке бидің азу тісі балғадай төрт ұлының қазір ат мініп аруақ қуып жүргені осы кенже екеуі еді. Екеуі де Әбілқайырды елердей жек көреді. Бір кезде күллі Жанарысты ауызына жығып, айылын жидырған атақты бидің көзіне түсіп, соның батасымен ұлысбегі атанған жас сұлтан қолына билік тиген соң, өзін кісі еткен әулетпен шаруасы болмай кетті. Алдында малы көп байлар мен соңында қолы көп батырларды сағалап, бір кезде иісі алшынның ағасы саналған әлімдерден гері, қара да болса, ақтылы-қара қойымен көк алалы жылқысымен қатарға қосылып, әкесі Абдолламөн кіндіктес Құттыбикені құшып, талтаңдап өткен табын Қара батырдың баласы Бөкенбай билеп-төстейтін жеті ру мен өзінің ауызын майлап, бауырын жайлап алған, Бопайдың төркіні - он екі ата бай ұлын көбірек арқа тұтып кетті. Әлімнің де ежелдең қолдарынан қамшы түспеген, бекселері төрден кетпеген жуан аталарын емес, қатарға кейін қосылған, тоқалдан туса да, топылтып баланы кәп өрбіткен, үрыдан жиса да, шұбыртып мал көп әргізген кіші аталарын ішіне тартып. Азуы алты қарыс шектінің сүлейлерін оң қолына отырғызбай, кірме күйеу баласы Батырдың соңында сумеңдетіп қойғаны да соның бір белгісі. Осының бәрін сүйектеріне түскен дақ деп білетін екі би, міне, Әбілқайыр түгілі оған сонау жер тубінен ат сабылтып әзер жеткеы ақ патшаның елшісінің өзін місе тұтпай келеді.
Жалтыр мен Қосыбайдың қас-қабағын аңғарып қалған өзге әлім билері де тоңторыс бола қапты. Нұралыға еріп келген он екі ата бай ұлы ақсақалдарының да тап қағағаны қарқ, сағанағы сарқ боп жарқылдап жатқандары шамалы. Содан олар Маңтөбеге жеткенше әкелері бүгін өліп отырғандай қабақтарынан қар жауып түксиіп келді. Жат-жұрттық елшіні алдынан арнайы тігілген ақ боз үйге кіргізіп жайғастырған соң бәрі бірінің ауызына бірі түкіріп қойғандай: «Ханға барып алдынан әтейік. Елшімен біз жоқ жерде кездеспейтін болсын. Әйтпесе, мынау аузы түкті сары кәуір бір-бір атаның тізгінін беліне байлап жүрген дуалы кемей билерінді ит жуадай керетүғын түрі жоқ қой», - дескен.
Әбілқайыр олардың мына талаптарына, қапелімде, жауап таба алмай сазарып отырып қалды. Билер оған одан сайын масаттанды. Артынан бір жал асып кеткен соң да, иіріліп түра қалып қайта қауқылдасқан. Әсіресе, дау десе, жанжал десе, астындағы атын түсіп беретін Баймұраттың екі шекесі білемденіп шыға келді.
- Жаман ноғайдың мына қылғанын тіріде түгілі, әлсем, көрде де үмыта алмаспын. Боқмүрын баладан басқамызды көзге ілмеді-ау! Шікірейген неме қайда келгенін білмей тұр ғой. Қатын патшаның алдында борсалаңдап қалған майбексе ұлық бұл елде жұртты кім аузына қарататынын біліп алсын. Өзіне көресіні керсетіп, көзіне кек шыбынды үймелету керек.
Құйрығына ер батып бара жатқандай ырғальш қояды. Қып-қызыл шоң мұрыны бұрынғыдан бетер қампиып кеткен.
Оның сөзіне қалғандары құба-құп десті. Жұрт онсыз да қаралай алақанына түкіріп тұрған мақтаншақ биді одан сайын купілдетті.
- Пәлі, дұрыс айтасың. Басымен қайғы қылу керек.
- Ноғай ноғайлығын істесін, Бар пәле Әбілқайырда ма деп қалдым.
- Итарқасы қиянға кеткен елшісінен елді кімдер билейтінін айтып жібермес пе?
- Пәлі, ол қазақтарды хан билемей билер билейтінін айтып өле алмай жүр дейсің бе?
- Онда патша ханға емес, билерге елші салады да...
- Ендеше, хан айтпағанды біз айтайық. Өзіміз жоқ жерде бір-біріне аттап бастырмай қояйық.
- Ханның қауқарының қандай екенін білсін.
- Ол рас. Бірақ, ол екі орданы біреу торьшаса, әлгі әккі сұм құмырсқа боп жорғаласа да, бір ебін тауып кетуі мүмкін.
- Ендеше, бұл шаруаны мен қолыма алайын, - деді Баймұрат. - Құмырсқа түгілі маса боп ұшып кетсе де, екеуін кездестірмеймін.
Жау десе, сауытын киюді ұмытып жалаңаш шабатын, дау десе ішкен асын жерге қоятын, оның үстіне аузынан абайсыз іыьгғып кеткен сөзінің өзін орындатпай қоймайтын қасарыспа Баймұрат хан маңындағыларды елшінің қасына аттатңызбай қойды. Тегі Байұлына жатқанмен, нағашысы Қыпшақ, қонысы Тосынның құмы мен Торғайдың суы, Бекарыс пен Жанарысқа телі тентек боп өскен алтын Жаппас әулетінің бүйда устары Баймұрат әлгіндей қызыл шатаққа өзі сұранып тұрғасын Әйтеке балалары Батыр сұлтанға:
- Әзір ештеңе демей тұра тұралық. Мына қызылкөз не тындырар екен? Ханның өз қол астындағы байүлы ауыл-дарынан шатақ шығып жатқанда құйысқанға қыстырылып қайтеміз. Тек мұндай кеппе немелердің ауық-ауық шабынан түртіп қойып отырмасақ, желі басылып қап жүретіні бар, - дескен.
Баймұрат көктен тілегенін жерден бергесін әбден шаршысына толды. Ханның қолына абайсыз түсіп қалған екі жігітін қайтып бермегенде патшаның елшісін ат көтіне өңгеріп кетуі әбден мүмкін еді. Әбілқайыр райынан кезінде қайтты. Мақтанып-ақ би елші мен ханның көзін байпақтай қылғанына мәз болып жөніне кетті. Бұрынғыдан бетер үрпиісіп отырған елшілік қосы мен хан ордасын тағы бір тулақтай сілкілер кім табылар екен деп отырғанда Жалтыр биге құм арасынан қоян аулап қайтып келе жатқан жақайым шектінің жел өкпе жігіті Байқараның жолыға кеткені. Жүйрік ат, сылаң тазы дегенде есі қалмайтын әумесер неменің көңілдегі қызыл құртты әккі би айтпай біліп тұр.
- Байқара, сен осы хан ауылына соқтың ба?
- Онда не жыным бар?
- Ақ патшадан елші келіп жатыр ғой.
- Ол неме қақпан құруға, қоян аулап жүрген мені қайтеді. Маған еріп, қызы бар үйдің сықырлауығын сылдарататындай бозбала жігіт бола қоймас.
- Соңындағы қалың нөкердің мініп келген аттарын көрсең ғой. Таң атқалы кекірейіп тұрған Байқара ер үстінен ентелей еңкейді.
- Әлгі Қап тауындағы Қарабақ пырағы дейтін темір тұяқ нағыз сол көрінеді. Жылқының сұлтаны! Оның қасында бір әз-әулие көретін теке жәуміт тек әншейін қылқұйрық екен.
Арсалаң жас жігіт бидін тізгініне оратылды, - Ағаке, оны қайтып қолға түсіруге болады?
Би мырс етіп мұртынан күлді.
- Кім көрінген шауып барып айдап кетіп жатқан тегін малдың қолға түспейтін несі бар? Қасыңа елу-алпыс жігіт ерт те, қараңғы түсе қаралай зәрелері ұша бастайтын қоян жүрек елшілікті тыпыр еткізбей қоршап ал. Сен түгілі анау айғайшьг Баймұрат та жуықта жиырма сәйгүлікті бір түнде қуып кетіпті. Асықпасаң, жұрт мынау қүдай өзі айдап әкелген оңай олжадан саған сыңар түяқ та қалдырмайды, - деп жөнінде тайып тұрсын...
Ертеңіне даңкөкірек Байқараның оққа ұшқанын естіп жымысқы би Батыр сұлтанға келді.
- Әбілқайырдың құйысқанына бір күйген шала мықтап қыстырылды. Шектіде Сырлыбайдай көппе, Бәбидей қасарыспа ешкім жоқ еді. Енді екеуі де ханның соңынан сүмеңдеп түсіп береді. Хан мен елші қайда қашып құтыла алар екен, көрейік! - деді.
Арада апта өтпей жатьш Әбілқайырдың ауылының көшіп кеткен хабары шықты. Жалма-жан Батыр да орынынан көтерілді. Қарақұмның бытқыл-бытқылын бойлап құбылаға қарай шұбалған хан көшін араға бірер бел тастап өкшеледі де отырды.
Байқараның кегін қайтармақ болған Сырлыбай көш жөнекей елшінің қосына тиісіп, бір башқұртын тартып әкетті. Мынандай көлденең оқиғаның дау-шарынан өзін жырақ ұстағысы келген сұлтан хан ауылын одан әрі өкшелемей, Борсыққұмға қона салды. Бірақ ел арасындағы сыпсың Сырлыбай оқиғасына бүның да араласы барға сайыды. Оған көрші ұлыстардың әбден иланып қалған сыңайы бар. Тіпті Хиуа мен Бұхара да апта сайын бір жансызын сүмеңдетіп: «Ақ патшаға бодан болуға қарсы шық!» - деп азғырды. Жәдік әулеті де бірінен соң бірі кісі салып: «Әбілқайыр ордасындағы орыс елшісін қорқытқан үстіне қорқыта беру керек», - деп сыбырлап бақты.
Батыр олардың ешқайсысына ішін ашпады. Бірақ белден салған құс төсекте талай түнді төңбекшумен өткізді. Бұрынғыдай емес көңілі көтеріліп, бойына бір түсініксіз желпініс біткен. Атқа мінгісі, әлдебір жақтарға саятқа шыққысы келеді де тұрады. Қашаннан жортуылда жүріп қалған неменің қараптан-қарап тақымы қышиды. Бірақ, дәл қазір ұлысынан ұзап шықса, жан-жақтан қарауыл қойып, іргеден аңдып отырған жұрттың ойына не қашатынын білмей, тағы да тоқтап қалады. Егер жұрттың түн жамылып кеп айтып кететін қолқасын ашықтан-ашық мақұлдаса, арты не болып кетері белгісіз дүдамал шаруаның күйтін күйттеймін деп жүріп, босқа арам тер болып, ертең ақ патшаның алдында жалғыз айыпты өзі болып шыға келуі де мүмкін ғой. Ал егер әлгіндей әзәзіл қолқашылардың бетін бір-ден қайырса, қазақ арасында куннен-күнге дабырайып бара жатқан абыройынан қайта айырылып қалары сөзсіз. Әншейінде түксиіп жүретін сұлтанның соңғы кезде қабағын жадыратқан сиқыр да осы ел арасында атынын шыға бастағаны еді. Енді сол ойда жоқта өзінен-өзі тап бола кеткен беделін абайсыз төгіп алудан қаймығып, қараптан-қарап қорқасоқтап, ештеңеге тәуекелі тұрмай, әліптің артын баға түсті.
Оның осынша сақтанса, сақтанатындай да реті бар. Құдайға шүкір. Жәдік әулетімен жүзін біржолата жылытып алды. Құдайға шүкір, көрші хандықтар да санаса бастады. Қанша аспанға түкіріп, астамсығанмен Әбілқайыр мен Мәмбет мырза да қайда кетер дейсің!
Ақыры бір кез кәз қиықтарын салар. Мұндай жағдайда ол төңірегінде болып жатқан қуды-қашты оқиғаларға қайтып араласа алады! Олардың ешқайсысына өзі кіріспей, Әйтеке балаларын салып қойды. Солардың ауызымен тал түсте елшінің керуеніне тиісіп, көмекшілерінің бірін ат көтіне өңгеріп әкетіп, кезсіз батыр атанып, бүтқа толып отырған Сырлыбайдың құлағына: «Хан мен елші қашан өз аяқтарымен келіп бас ұрғанша қолыңдағы тұтқынды босатушы болма!» - деп күні-түні құйып бақты. Солардың ауызымен ел арасына тұтқындағы Таймастың басына төніп тұрған қауіп пен қатер жайында неше түрлі алып қашты лақаптар таратты. Сол әсер етті ме екен, әлде тек ханға ғана арқа сүйегенінен ештеңе өнбесін білді ме екен, елші оған Нұралы сұлтан мен Бөкенбай батырды жұмсапты.
Бұл - Батырдың күтпеген оқиғасы еді. Бармаса - елшілікке жасалып жатқан баяғыдан бергі зорлық-зомбылықтардың бәрі ез мойынына алып шығады. Тап онша құлқыны құрып тұрмаса да, Мәмбет мырзаның қосына бас сұғуға амалсыз көнді.
Шікірейген неме әлі ештеңе ұға қоймапты. Нұралы мен Бөкенбайды жұмсап отырған ол емес, хан екен. Бедірейген елшінің бет алдын кеңіліне ауыр алғанмен, оның қасында қандай сияпат көргенін ешкімге тісінен шығарған емес. Бірақ, өзінен ханның шындап қаймыға бастағанын сезіп қайтты. Жұрт арасында: «Хан мен елші Батыр Сұлтанға кішірейіп өздері сөз салыпты», - деген әңгіме гуледі. Сол қаңқуға сенген, әрі бір жағынан шектілердің солқылдақтау ауылдарының бопсасына шыдай алмаған Сырлыбай тұтқын башқұртты ез қолынан апарып үйіріне қосты. Батыр оған да тырс етпеді. «Алаштың арты жоқтаусыз азаматы болушы ма еді? Азуы алты қарыс алты шекті қыршын кеткен Байқарадай арысының кегін сүраусыз жібере қояр дейсің бе? Сырлыбайдың иі жұмсарғанмен, әкесі кеп жалынса да, өз дегені болмаса, былқ етпейтін Бәби иліге қоймас. Ертең-ақ ақ сойылды өзі ұстап, айқайды өзі салып шыға келер», - деп ойлады. Қосыбай мен Жалтырдың арғы аңғары да сол тәңіректен шықты. Бөкенбай мен Есеттің көп жылқысы мен көп жігітін сағалап, өзі алаш алдына оздырған Әйтеке тұқымының еңбегін ұмытып, меселін қайырған ханның тасын өрге бастырмай, ойға домалатар қандай іске де, ынты-шынтын салып кірісетін екі би батырдың ауылынан шықпайтын болды. Енді олар Әбілқайырдың жер түбіндегі орыстан қолдау іздеп, қазақ алдындағы беделін күрт төмеидетіп алған мынандай ұрымтал тұсында Қайып баласының асығын алшысынан түсіруге биттерін салып бақты. Кіші жүзде Батырдың наны жүргені өздерінің наны жүргені деп ойлайды. Біреуді жылатпай, біреуді күлдірмейтін, біреуді құлатпай, біреуді оздыртпайтын опасыз бақыттың бір кезде ойда жоқта ойсырап налып қалған Қайып шаңырағына қайтып оралғанына күллі Жәдік тұқымының қуанатынын іштері білді. Оған қазір исі қазақтың: «бәрекелді!» демесе, «Әттеген-ай!» - демейтін түрі бар еді. Ендеше, Әз Тәуке көз жұмғалы үш арыс алаштың алдында ай мүйізін әлдекім қағып ап, тоқалдап тастағандай қоңылтақсып жүрген айтулы түқымының баяғы ел үсті дәуреніне қайтып оралар, орала алар бір сәті де осы еді. Олар Батырдың қолтығына дым бүркіп бақты. Сырлыбай тұтқынын өз қолымен апарып, қамқа шапан киіп, қарқылдай күліп қайтқанда, өз-өзінен булығып, жарылардай болып отырған бүны сабырға шақырып, етегінен басқан да солар-ды. Елші мен Әбілқайыр бұның алдын орап, Сәмекеге ат шаптыртып, ант қағазға қол қойдыртқанда, абдырап қалған Батырға кеп ақыл айтып, күлдей боп көгеріп кеткен бетіне өң кіргенде - солар-тын. Сәмеке орыстың елшісі мен қоса бұған да елші шаптырып: «Ант бер деп алдыма келгенде, қолымды қоймасам, ақ патшаның қаһарына өзім жол ашатын болғасын, амалсыз істедім. Бірақ, үміт әлі де үзілген жоқ. Елшіні еліне тірі жіберуғе болмайды. Енді оның басына төнген қай қауыпқа да дұрыстап пана бола алмаған Әбілқайыр жауап береді. Ақ патшаның алдында біз бен сіздің арымыз таза» - деп мәймөңкелегенде де, әліптің артын бағуға көндірген де солар-ды. Олар қазақ, қарақалпақ шонжарлары қол қойған ант қағазын ақ патшаға алып баратын асығыс шабармандар аттанып кеткенше көлденен көзге түспей тым-тырыс жатып алуға ақыл берді. Ақ патшаға кеткен қағаздардың ішінде Сәмеке мен батырдың да қолхаттары бар еді. Ол Мәскеуге аман жетсе, патша ағзамның мархабатынан Жәдік тұқымының да құр қалмасы көміл. Сондықтан да орыс шабармандарын жол-жөнекей шауып алмақ боп қопаңдаған содырларды тыйып тастаған. Ақ патшаның елшісінің шабармандары аман-есен осы ұлыстан аттанып кетсе, бүның қолын байлап отырған қыл арқан шешіледі. Қол астындағы тентектердің бірінен соң бірін айдап салып, хан ордасы мен елші қосына зобалаңды күшейтеді. Қашан елші мырза жанынан баз кешіп, қазақ арасында беделі қалмаған қырсық ханның қасынан өзі безіп шыққанша қоқан-лоқысын тыймайды. Мәмбет мырзаға қазақ даласынан аман құтылудың жалғыз жолы - Әбілқайырдан безініп, Жәдік түқымынан пана іздеу. Оны қашан өзі түсінгенше ешкім айтпайды. Әйтпесе, хан орда мен елшілікке жасалып жатқан қысастықтың қайдан шығып отырғанын өздері білдіріп алады. Мәмбет мырза гәптің неде екенін өзі сезіп, қатерлі ханның қасынан өзі безіп, Жәдік тұқымының панасына барып құлағы тыныш табар болса, Әбілқайырдың баяғыдан бергі еңбегінің бәрі зая кеткені. Ол халқына қадірі жоқ, ешкіммен келіспей елші салып, ақ патшаны алдап жүрген алаяқ атанады. Елшінің басын аман алып қалған да, қазақтарды көндіріп берген де Жәдік тұқымы боп шыға келеді. Өйтпеген күнде қазақтарды өз боданым деп танитын ақ патшаның алдында баяғыдан бері бас бұйданы ұстап келе жатқан Жәдік әулеті абыройынан көрер көзге айырылып қалады. Сөйтіп, күллі әулеттің бүгінгі абыройы мен ертеңгі бағы Батырға тіреліп тұр. Қанша дегенмен діні бөлек, тілі бөлек елге бодан боламыз деген хабардан қаралай дүрлігіп жүрген қара халықтың да бүйректері бұра бастаған-ды. Кіші жүздің әуелден іргелі тұқымдары бұны сағалайтынды шығарыпты. Кешегі жортуыл жылдарда жорыққа ерткізер жігіттерінің санына қарап кейін қатарға қосылған кенже ауылдардың қас-қабағына көбірек қарап кеткен күнбағар Әбілқайырға деген қара қазандай өкпелерін бір қайтарса, осы Қайып баласы қайтарар деп ойлайтын секілді. Ресейдің патшасы бүгін қазаққа қол салса, ертең бізді де тыныш тастамас деп жүректері лүпілдеп отырған көрші мұсылман хандықтары да Әбілқайырдан безініп, бұның шашпауын көтере бастады. Не керек, батырдың абыройы аяқ астынан аспандап шыға келді. Тап осы жолы бірдеңе шығара алса, Кіші жүздің тізгіні түп-түгелінен өз қолына өтетініне еш күмәні қалмай барады. Әбілқайырдың ығынан біржола бездіріп, өз қанатының астына алар болса, Мәмбет мырза да ақ патшаға ертен ең беделді, ең ықпалды сұлтан да осыны айтып барар. Ақ патша да, кім біліпті, боданына жаңа өткен жұртты басқаруға бірден бір қолайлы кісі екен деп осыған тоқтар. Бұған дейін өңі түгілі түсіне де кіріп шықпаған аға хандықтың ала тағы тап онша қол жетпейтіндей алыс арман көрінбей кетті. Егер ақ патша қалап жатса, Жәдік әулетінің қай баласы бұған қарсы шыға алады?! Шынында да, бүгін таңда қазақтың екі арысының ноқтасы ұстап отырған Өсеке балаларының мәселін қайтарып беретін бұдан басқа ешкімнің реті шықпай тұр екен ғой! Батыр сұлтанның қимылдаса қимылдап қалатын тұсы осы екені даусыз. Әншейінде бірінен соң бірін алып әуресарсаңға түсірер көп асу бұл жолы бір-ақ асуға айналып тұр. Ол - күллі Жәдік әулетіне түгел жеккөрінішті, сүтке тиген күшіктей кіші атадан өрбіп тұра бас тақытқа өңмеңдеген өлермен Әбілқайырды орға құлату. Оның жолы - баққұмар неменің орыс патшасының алдында абыройын айрандай төгу.
Батырдың жатса-тұрса басынан шықпайтыны сол. Өз тұқымдастарының алыстан ымдап бағатыны - сол. Әйтеке балалары бастаған айтулы ата өкілдерінің де құлағына күні-түні құйып бағатындары - осы.
Ақ патшаға хабар алып кеткен шабармандардың ауылдан қара үзіп шығуы-ақ мұң екен, қазақ арасы қайта қимылдай бастады. Онсыз да ілік іздеп отырған Батыр сұлтанға қызыл танау боп Әбілқайырдың шабарманы жетіп келді. Хан Сұлтанға: «Қарақалпақтардың қолындағы башқұрттарды тұтқыннан босатып әкел», - деп тапсырыпты.
Бұны естігенде Батыр бір қызарып, бір бозарды. Айлакер хан жанды жерден қауып отыр. «Ақ патшаның алдында берген антыңа адал болсаң, оның бағыныштыларын барып қорлықтан құтқарып ал!» - демекші ғой. Ал, ол айтқанын орындап, жорыққа аттанса, өзінің Әбілқайыр ханның алдында тәуелді екенін мойындаған боп шығады. Сұм ханға керегі де осы. Оның үстіне Хиуа мен Бұхараның түнделетіп келіп жүрген қыбыр-сыбырын көрмей-білмей отыр дейсің бе? Олардың алдында бұған ақ патшаның сойылын соқтырып, бетін күйелеп қоймақшы ғой. Бірақ, хан қанша сұңғыла болса да, Батыр сұлтанның байлаулы қолын өзі кеп шешіп беріп отырғанын бақамай қалыпты. Бұл да көзі бар, құлағы бар жұрттың алдында Өсеке балаларына атымен тәуелсіз екенін көрсетіп беретін ұрымтал сәтті көптен күтулі еді. Оның орайы енді келді. Шабарманды жалма-жан кері шаптырды. «Башқұрттардың жоғын жоқтап, сүттеи ұиып, судаи сіңіп отырған көршілеріммен жаманаттасар жайым жоқ», - деді. Бұнысын, аман болса, күллі Кіші жүз де, патшанын елшісі де, Жәдік әулеті де, көрші хандықтар да түгел естиді.
Әрине, оның бұл шешімі де артында зілі бар шешім. Ол Әбілқайырға да, өзіне де оңай тимейді. Ханға оңай тимейтіні - ақ патшаның алдында табаға қалмай, бағыныштысын бүйтіп бастан секіртіп қоймай, дереу жазалауы керек. Өзіне оңай тимейтіні ауызынан әлгіндей асау сөз шыққасын, шын тәуелсіз екенін ісімен дәлелдеуі қажет. Ол үшін елшілік пен хан орданың басынан зобалаң айырмай, не Әбілқайырды тізе бүктіреді, не елшіні Өсеке әулетінен басқа біржола бездіреді. Екінің бірі.
Әйтеке балалары шектінін барлық ру басыларьш жиып тұрымтай мәслихат өткізді. Оған Батыр сұлтанды әдейі қатыстырмады. Қақаған қыста күбідей-күбідей боп үйге сыймай отырған көп би Бәбиді ортаға алды. «Байқарадай арыстың артын сұраусыз жіберіп, қалай жер басып жүреміз!» - десті. «Жақайымның басы артық азаматы бар болса, бар шығар, берісі шектінің, әрісі алаштың жерге тастай алмай отырған жігіті жоқ», - десті. Жиынның бас жағында атасы әлімнің жуан жерінің билері гүпілдеп сөз бермесе, арт жағында кіші ата балалары қайыртпай кетті. Басы Жалтыр мен Қоңысбай болып, ілгері ауылдардың билері әдейі кіші ата балаларының жанына шоқ тастай сөйлеген-ді. Байқара шектінің тілеу мен қабақтай тоқымы қаннан, тақымы терден кетпейтін зілойыр жуан аталарынан емес-ті. Жасы үлкен болғанмен Жақайым алты шектінің арасында көбіне-көп қақ-сұқта жүретін. Тіпті кешегі жоңғардан босып кеп Арад мен Жайықтың арасын қалмақ пен башқұрттан тартып алып, алты шекті қоныс бөліскен жиында да иненің көзінен өтетін жылмаң төс інілері аңқау ағаларын жерге отырғызып кеткенді. Үстірттің кеңінде, ағаның ауылында өзара кеукеулесіп отырған інілерінің не айтып жатқанын естіп келсін деп жұмсап жіберген жансызы: «Орыс, Бәубек, Мәку балалары «Жер көкесі Беларан ғой. Жарықтықтың басына шығып, желге қарап бір желпініп алғаныңның өзі неге тұрады! Бірақ Жақайым ағалығын жасап, алдымызды орап бермей кетеді ғой деп отыр», - деп келіпті. Ертеңіне жиында Жақайымның биі қонысқа Беларанды сұрайды. Інілері желкелерін қасып қиналғансиды. «Айтқанымды істетпесем, ағалығым қайсы!» - деп Жақайым шіренеді. Сүйтіп оган суы беліңнен, шөбі көкірегіңнен келетін не Қарақұм, не Борсық құм тимей, екі теңіздің арасындағы азынаған ай тақыр тиіпті. Әккі інілері аңғал ағаларын алдап түсіру үшін Бедаранды әдейі мақтапты.
Шынында да, бір қызығы, алты шектінің ішіндегі ең даңғойлар да жақайымда, ең момын да жақайымда, қасарған жерінен қан алатын ерегіске де жақайымда, елді ауызына қаратқан би де жақайымда.
Соны білетін қалған шекті аңғал Байқараның абыройсыз ажалының артын қаузап, жақайымға бар салмақты салып бақты. Жақайымның сабыры көбі мен ақылы молы ақ патшаға ақ сойылмен қарсы шауып абырой таба алмастарын біліп бүгежектесе, даңғойы мен қасарыспалары Жалтыр мен Қонысбайдың сөзінен қаралай танаулары қусырылып, тыныстары тарылып бітті. Қағынған қара талақтай қарауытып алған Бәби: «Ал, не дейсіңдер?» - дегендей руластарын көзімен жеп барады. Мұндайда алдымен дүрлігетін Сырлыбай анадағы асығыс қылығынан ауызы байланып шөғе түскен. Қыр мұрын, сыз қабақ Бәйімбет мына желөкпе сөзге желпілдеген аталастарына қаралай жыны келіп сазарып алыпты. Бәбидің де, Жалтыр мен Қонысбайдың да, абажадай қоңыр үй тола билердің бәрінің де көзі Байжан би мен Сартай батырға қадала қапты. Оның да мәні бар еді. Бір кезде Әбілқайырдың атағын асырған Бұланты бойындағы шайқасқа қызыл тілдің ебімен Хиуадан он мың атты қол қостырған Байжан би де, сол ұрыста жауға айқай салып бірінші тиген, оның мына отырған батыр баласы Сартайтұғын. Хан үшін қалған шектінің жөні бөлек те, бұл екеуінің жөні бөлек-ті. Бұл екеуінің қарсы шыққаны оған қабырғасын сөккендей қатты тиері сөзсіз. Қазір атар таң қайтып атар екен деп, батар күн қайтып батар екен деп, аңыс аңдып шөре-шөре болып отырған көп ауыл бұл екеуі аунап кеткен жаққа аунап кетуі ықтимал. Өйткені, бүлар Асан бидің Тоқбикеден туған бес ардасынан емес, Қалдыбикеден туған бес томар басынан. Ханның арқа сүйейтіндері де ылғи осылар секілді өз ағайындарына есесі кетіп жүргендер тұғын. Бұлар тартынса, хан соңындағы қара-құраңнан талай көткеншек табылары даусыз. Әккі билер соны біліп, міне, өз ақыл, өз білектерімен қатарға қосылған атақты би мен атақты батырдың жанын әдейі қинап отыр. Сүйегіңе тартасың ба, жоқ салпаңдатып соңына ертіп жүретін еді деп ханға тартасың ба?..
Мынау үнсіз сұқты көздердің шыңырау түкпірле-рінде жатқан жымысқы сауал әлгі!
Оны би де, батыр да бағана-ақ мықтап аңғарған. Аңғарған сайын жандары қинала түсті. Маңдайларынан тер шықты. Өлген тумалас бұлардікі, Байқара Тоқбура болса, бұлар Ақбура. Намысын жығып, сүйегін қорлап, жараланып қойған ел бұлардікі. Енді, міне, сол ел, сод ағайын екеуінен жауап тосады. Қазақтың, қай азаматы әуелі ағайынның, сосын елінің жоғын жоқтамаушы еді? Өз ағасын ағаламай, кісі ағасын жағалаған қай азаматты қазақ тектіге санап еді? Өйтіп, ақылды болғанда, батыр болғанда бәрібір абырой таба ала ма? Әбілқайырдың бір басында қырық кісінің ақылы бар хан екені рас болса, бүлардың орта көңілін толтырсын, жыртық көңілін жамасын. Айлатапсын! Өйте алмаса, өз обалы өзіне...
Әуелі Сартайдың мұртына жыбыр бітті. Сосын Байжанның әжімді маңдайы білемдене түсті. Екеуі де ағайын жағына шықты. Қара талақ Бәбидің бетіне сонда барып қан жүгірді. Енді жұрт арасында гуіл-гуіл әңгіме көбейді. Бір жақтан кеңірдектеп Жантума шықты. Оны Есмембет пен Өтеғұл қостады. Бәтжан, Малыбай, Өтеп батыр, Ақша батырлар да: «Бір жігіттің кегін кектей алмасақ, енесін ұрайын, несіне ел атанамыз!» -десті. Ол жиыннан іш ашпай аттанысқан билер Бәйімбет, Қара, Балтабек қана. Қалғандарының атқа қонғасын да, қауқылдары екі-үш асқанша естіліп тұрды.
Жұрттың арасына: «Шектілер ханды да, елшіні де өлтіргелі жатыр екен», - деген хабар дүңк ете қалды. Ол - ханның қауқарын сынап көрумен қоса, қалған қазақтардың мұндай қанды шараға қалай қарайтынын білмек айлатұғын. Көп рудың басшылары мұндай арты даулы іске араласқылары келмей тайғақсып шыға келді. Бірақ, бірден Әбілқайыр жағына да аунап кете қоймады. Батыр төңірегінің бітірген шаруасы - әдетте ханның шашпауын көтеріп шала бүлінетін кіші ата балаларының арасына іріткі салды. Олар әуелден ел үстінде күн көріп, әдіс алып қалған санаттағы салауатты аталардьш балаларындай емес, ел арасына сыбыс жүгіртіп, іргеден тың-тыңдап жату дегенді білмейді, «Қайда қылыш, қайда найза?!» - деп жалаңдап шыға келеді.
Мынадай алмағайып жағдайда қан төгілмей тынбайтындай іс шығып жатқанда, жаманатын әлгі ұрыншақ ауылдар арқаласын деген аталы тұқым өздері салған өртке өздері отын болғылары келмейді. «Ақ патшаға өкпеміз жоқ. Өкпеміз басымыздан секірген Әбілқайырда. Сол үшін де, Мәмбет мырза Өсеке ауылында отырғанда өз аяғымыздан іздеп барып ант бере алмаймыз. Ант алғысы келсе, Әбілқайырды тастап, ез қасымызға келсін!» - деп тайсақтады. Бұлары әрі шындық, әрі айла еді. Ақ патша, шынынан да, мейірбанды боп шығып, желеп-жебеп жатар болса, шарапатынан құр қалғылары келмейді. Ал арты шикі ес боп кетсе, алданған қазақтың обал-сауабын түп-түгел Әбілқайырдың мойнына арта салмақшы. Екі ортада ауыл арасының тентек-телісі шақырусыз қонақ елші мен алаяқ ханның жандарын жаһанамға женелтіп жіберіп жүрсе, оған ешқандай араластары жоқ, сүттен ақ, судан таза боп шыға келгілері келеді.
Батырдың жағындағылар мынандай өздері тұтатқан өртгің кекала түтіні көзді ашыта бастаған қиын-қыстау тұста бұл мацайдан қараларын жоғалта тұрғанды жөн көрді. Ол үшін көрші Хиуаға да, қарақалпаққа да, қалмаққа да тиіспей, сонау ит арқасы қияндағы түрікпен ауылдарын тонағаннан басқа амал жоқ-ты. Астық пен шүберектің зарын тартып отырған қазақ ауылдарына тіске басар түйір дән мен әбүйір көлегейлер лыпаны қайдан тауып әкелсең де, бәрібір-ді. Оның үстіне, алдында ғана: «Қарақалпаққа аттан!» - дегенде аттанбай, айдаладағы түрікпенге қарсы жорыққа шыққаны Батырдың Әбілқайырға атымен тәуелсіз екендігіне таптырмас айғақтұғын.
Ертең жолға шығамыз деп отырған күні мұрттарына мұз қатқан төрт-бес жолаушы Батырдың үйінің белдеуіне кеп ат байлады. Калмақтар екен. Жем бойындағы Лобжы жұмсапты. Аюке шаңырағымен алысып жүрген асау тайшы Батырды өзіне мұңдас санайтын секілді. Құпия хабар жіберіпті. Астраханьнан орыс керуені аттаныпты. Бағыттары - Бұхара мен Хиуа дейді. Керуенді бастап бара жатқан - әскери ұлық көрінеді. Қазаққа көрші екі мұсылман хандығын да патшаға бағын деп азғырмақ секілді. Оған жол-жөнекей Кіші жүздегі Тевкелев мырзамен жолығып, әлгі екі хандыққа өзіңмен бірге ала кет деген тапсырма беріліпті. Шамасы, Тевкелев мырзаның мындағы күнінің мәзді емес екені ақ патшаның да құлағына жетіп жатса керек. Елшіден айырылып қалса, Батыр сұлтанның баяғыдан бергі арманының желге ұшқаны. Ондай кесепатты керуенді бұл төңірекке аттап бастыруға болмайды. Сонда күні кеше ант беріп отырып бүгін керуен тонағаны томпақ боп шығып жүрмес пе екен? Бірақ, басқа амалы қайсы? Оны тоқтата алатындай бұл маңайда тағы кім бар? Қалмақтар олай ете алмайды, Қанша дегенмен, ақ патшаның боданы. Хиуа мен Бұхараға өткізіп жіберсе, олардан да бір Әбілқайырдың шыға келмесіне кім кепіл? Тевкелев қазір аман-есен құтылып кетсе, баяғыдан бері керіп келген қорлығының бәрін басқа ешкімге де емес, тек бұған, Қайып баласы Батыр сұлтанға жабады. Ол сөзсіз. Сөйтіп, Әбілқайырдың көктен сұрағанын құдай жерден береді. Жоқ, жоқ... Ол қырсық керуен мынау жапан далада із-түзсіз жоғалған құтсыз керуендердің жолын құшуы керек!
Бұл жәйді білетін тек сұлтанның әзі ғана. Қажет десеңіз, алыс жорыққа өзімен бірге еріп бара жатқан өзге ру басыларына да айтқан емес. Ертең жол-жөнекей көре қалса, айдалада қызылды-жасыл дүниеге жолығып тұрып, құр алақан қалар қазақ па? Қолдарын бір былғап алғасын артынан келер қай зобалаңына да пейіл болады ғой. Бірақ алдын ала дабырламайды. Шын жағдайды естіп қойса, қасындағы мынау далаңбай көптің біразының тәуекелі тұрмай қалулары да мүмкін. Ондай хабар құлағына тисе, Әбілқайырдың қарап жатпайтыны сөзсіз. Содан соң да, Батыр дымы ішінде болып тұншығып алды. Қажет десе, Қосыбай мен Жалтырға да тіс жармады. Ол екеуін арттағы елге бас-көз болуға тастады. Хан мен елшіге қандары қатып отырған жақайымдарды шаптарынан шабақтап бағатын біреулер керек еді. Кім біліпті, бұлар қайтып келгенше ол шаруа да бір жақты боп қалар...
Әрі үміт, әрі күдікпен жолға шыққан Батыр сұлтанға іздеген керуеннің не езі, не ізі жолықпады. Анадағы түнделетіп келген қалмақтардың айтқанына қарағанда, орыстар бұл жолы керуенін Сарайшық арқылы жіберуге Лобжы ұлысынан сескенсе керек еді. Астраханьдағы ұлық Аюке шаңырағын қолдаймын деп Доржы мен Лобжыны мықтап өкпелетіп алыпты. Ренішті ұлыстардың үстінен әлгіндей керуен жөнелтуге, қанша дегенмен, сене қоймас. Мүндайда теңізден басқа жол жоқ. Қазір су қатып қалды. Еділ мен Жайықтың орыстары оған бола бас қатырып көрген емес. Жүктерін шанаға тиеп, мұз үстімен бергі бетке өткізеді де, Маңғыстау түрікпендерінен түйе жалдап, Хиуаға тартады.
Батыр қалмақтардың бұл хабарын естігенде тіптен қуанып кеткен. Ел ішіне алдын ала жайып қойған лақабы өтірікке шықпады. Маңқыстаудағы түрікпендерге деп еді, аттанатын болды.
Сорлатқанда, түрікпен жайлаған үш түбектің үшеуі де орыс керуенінен атымен бейхабар екен.
Қаратау бойынан күдер үзген Батыр сұлтан теңізді жағалап Жемге беттеді. Бір жағы - шыныдай жалтыраған көкше мұз, бір жағы - ала тағанақ сор Жапан түзде қаралай құлазып келе жатыр еді, көзіне жер түбінен еміс-еміс қараңдаған бірдеңелер шалынды. Қайдағы бір қарақұстар қанаттарын сермеп далбаңдай үша жөнелғендей. Сұлтанның жүрегі шым ете қалды. Иә... Ондай-ондай «қарақұстардың» сырын басқа білмесе де, бұл біледі. Көшпенді жұрттардың қай-қайсысында да бар белгілі қулық. Қарауыл қарағандар биік-биіктің басына шығып ап, төңіректі шолып тұрады да, көздеріне сезікті бірдеңе іліксе болды, қарақұс боп далбаңдап тасаға қарай жүгіре жөнеледі. Демек анау айнала сордың ортасындағы шөгіп жатқан ақ үлектей жеке шыңның ар жағында ел болды. Аттарына қамшы басты.
Жаман Айрақты тауының құйрығынан аса бере алдарынан тығырық таулардың ығында отырған көп ауыл қылт етті. Қапыда жау басып қалған ауыл, қапелімде не істеп, не қоярын білмеді. Олар талай сүргінді керіп жүргенмен, тап бұлай қыс ортасында төбеден түскен басқыншыны көрмеген-ді. Қатын-бала қара үйлердің есік-тесігінен сығалап, сыртқа бастарына дудыратып сеңсең бөрік киген селкілдек шалдар шықты.
Қара ағаштай қақшиған-қақшиған тарамыс шалдар таяқтарына сүйеніп кекірейіп тұр. Қақ ортадағы біреуі анадайдан тісі ақсиып күліп жіберді.
- Тоқха, - деді Тәңірберді. - Мынау Меңлібай бек қой.
Екеуі бірін-бірі таниды екен, Құшақтасып керісті. Емініп келген қазақ қолы жалаңдаған көк найзаларын жалма-жан тартып ала қойысты, үйді-үйге тығылған қалың жұрт сау етіп сыртқа шықты. Бір-бірімен қауқылдасып көрісіп жатқан екі шалдың қалған жұртпен ісі жоқ. Әсіресе, қанжардай қатқан түрікпен шал сеңсең бөркі селкілдеп мәз боп тұр.
- Ау, жөндеріңді айтсаңшы, - деп айқайлады Батыр сұлтан.
Тәңірберді жөнін айтты. Бұл - түрікпеннің бозашы руының бегі Меңлібай деген кісі екен. Баяғыда Ақтабан шұбырындының тұсында Хорезмнің ойында танысыпты. Он ұлды бектің бір баласы Хиуаға қарайтын бір кішкене қалада атқамінер көрінеді. Сол Тәңірбердімен көже тамыр боп, қиын кезде қол ұшын беріпті.
- Ендеше, тамырыңнан сұрап біл. Бұл маңайдан Хиуаға қарай орыс керуені өткен жоқ па екен?
Батыр сұлтанның іздеп жүрген керуенінен Меңлібай бек хабардар екен. Шерін Дөндік орыс керуенін Хиуа мен Бұхараға бастап апар деп Меңлібайға сөз салыпты. Ол белінің құяңы ұстап қалып, баласы Қыдырды жіберіпті. Керуен Астраханьнан шығып, теңіз айналып қара жолмен келе жатқан көрінеді. Ендігі Жемнен өтіп қалар уақыты бопты. Қыдыр керуенді Асмантай-Матай арқылы Арал теңізіне апарып, содан құбылаға беттеп, Амударияны бойлап Хиуаға, Бұхараға бармақ дейді.
Мұны естігенде, Батыр сұлтанның кезі жайнап қоя берді. Түрікпен бегінің қонақасысына да қарамай, үстіртке көтерідіп, тұп-тура Асмантай-Матайға тартты. Жайдақ құмның Жем жағынан кеп із кешкен қол айғыр шағылдардың арасында жіпсіз қамалып жатқан керуеннің үстінен шықты. Шұқыр ойда қаз-қатар шөгерулі жатқан түйелердің ығында қалың тонға оранып алып отырған жез мұрт орыстар жер астынан шыға келгендей сау ете түскен қалың жасақты көргенде әпірейісіп қалысты. Көздері жаутаңдап аттарының түгіне боз қырау қатқан қатулы жандарды ішіп-жеп барады. Шыр айналдыра түйе шөгеріп, ортасына тіккен жабындыдан біреулер шықты. Алдарындағы екі беті нарттай алпамса еркек - Бақтыбай... О тоба! Бұл сабаздың да жүрмейтін жері жоқ екен ғой!
- Жағдайларың қалай? Олжалы қайттыңдар ма? - дейді қарап тұрмай.
- Өзің ше?
- Көріп тұрсыңдар ғой!
Шөгерулі түйенің саны бес жүзден асады. Жүзден астам ұзын сирақ арғымақ дірдек қағып тағы тұр. Жүз шақты сең-сең бөрік түрікпен жігіттерін қолдарын арттарына байлапматап тастапты. Осылай ошарылып жатқандарына бірнеше күн өтіпті.
Бақтыбай сұлтанның жүзіне ұрлана қарап күліп қояды. Қияңқы Батыр анада Күйкеңнің тұмсығынан аса бере көз ұшында сылаңдап бара жатқан қос арғымақты шырамытқан. Шырамытқан да, аттың басын бүра қойған. Енді Ложбы ұлысына басына тауан іздеп бармаса, олжа түсіріп оңдырмасы белгілі болды. Құм арасын сағалап, елге қайтып келе жатыр еді, көлденеңдеп көп із жолыққаны. Ізге түсіп салып бересің. Салып ұрып жетіп барса - керуен. Жалақтаған бейсауат жүргіншілерден қорғалақтап, осы бір тығырык, құмға келіп тығылыпты. Керуен бастап келе жатқан түрікпендер ойда жоқта тап болған барымташылармен шайқасқа ұмтылған екен, орыс ұлығы: «Босқа қан төғіс жасамалық. Көп болса, дүние-мүлкімізді олжалатып құтылармыз», - деп оқ атқызбапты. Содан бері Бақтыбай оларды ешқайда аттап шығартпай қамап отырған көрінеді. Ондағы ойы - көп ұзамай Батыр да оралар, мына керуенге не істеу керек екенін сол шешер...
Жер түбінен қанжығалары қаңсып келе жатқан ауыр қол аяқ астында бос жатқан оңай олжаны көргенде өз көздеріне өздері сенбеді. Теңкиген-теңкиген теңдерді түртіп көріп:
- Ішінде не бар екен? - деп қояды.
Көбі мынау тегін дүниені талап алып, қолға өздері келіп түсіп тұрған көп тұтқынды ауыл-ауылдарына таратып әкетпек. Алақандарына түкірген бір жігіт. Екі жақтың көзі бір-бірінде. Қаралай ішіп-жеп барады. Батыр сұлтан ойда тұр. Анау еңгезердей қоңқақ тұмсық қызыл сары, дәу де болса, керуен басы шығар. Мынау дудар бөрік ақ тондылардың Жайықтың казак орыстары екені айтпай-ақ белгілі. Жағаласа кетсе, Бақтыбайға әл бере қоймас шамалары бар. Жау жағаластар қашқан-дарына қарағанда, анадағы қалмақтардың айтқаны рас секілді. Жол-жөнекей қан төгіп келген елшіліктің әңгімесін кім тыңдасын! Қазақтарға ойран салып келгендерге Хиуа мен Бүқар қүлақ асар ма! Мұрыны аузына түскен мынау нән сарының білмейтінін ит жесін... Тегі, жөн сұраспағандары дұрыс шығар. Айдалада бейсауат кездескен қандыбалақ қарақшылар бола салады. Қажет десе, өзі сейлеспей, Тәңірбердіні сөйлетеді. Бақтыбай мен керуеннің арасына сол делдал болсын. Бес жүз түйе керуеннің жарты жүгін бұларға қалдырсын да, қалғандары кейін қайта ма, Хиуасына бара ма - өздері білсін, бірақ қазақ ұлыстарына қарай аяқ басушы болмасын...
Бақтыбай мынау тегін олжадан тіріде айырылсын ба! Тәңірбердінің айтқанын құлағына қыстырар емес. Бес жүз түйе жүк, жүз түрікпен, елу шақты орыс солдаты қазақтың жаламына жүғын болып па! Әлде өздері қүр тақым қаңғып келе жатқанда мынандай көлкөсір байлыққа тап қылған абыройды Бақтыбайға қимай тұр ма екен? Айдаладағы сары орысқа неғып ет бауырлары елжірей қалды? Орыстар мен түрікпендер өжендескен екі қазаққа қарап аң-таң. Тәңірберді ақсақал күңгірлеген қоңыр даусын созып байсалды сөйлесе, Бақтыбай нарт қызыл жүзін шоқтай лаулатып, қабағын түйіп, қамшысын үйіріп саңқ-саңқ етеді. Анадай жерде тымпиып тұрған Батыр сұлтан бірдеңе демей көнетұғын түрі керінбейді.
Сұлтан да қу. Әңгімеге өзі араласпай, қасындағы қызыл шырайлы, төртбақ кісіні - Абағайды жұмсады.
- Айт, анау Бақтыбайға! Дауды қойсын. Жарты керуен олжаға қанағат қылсын. Қалғандарын басы-көзіміз аманда жөндеріне салып, бұл арадан тезірек аттанайық. Сұлтанның бір ойлағаны бар де!
Қызыл кеңірдектесіп тұрған екеу араларына Абағай киліккесін де біразға дейін бой бермеді. Дау ұзап бара жатқасын Батыр сұлтан қасындағы бір топ жігітпен Бақтыбайдың қасына барып кимелей тоқтады.
- Ау, қойсаңшы енді! - деп күңк етті.
Бақтыбай салаңдаған дойыр қамшысын салбыратып, түрікпендердің қасына барды.
- Басқасын жіберсем де, дәл мына күшікті жібермеймін. Не байлап әкетем! Не бауыздап кетем!
Қақ ортадағы екі көзі жүдырықтай боп ісіп кеткен талдырмаш қара жігітке тап-тап берді.
Сүйтсе, анадағы Меңлібай бектің баласы сол екен. Құм арасына он күн бойы қамалып өлерге келгесін барлық пәленің осы бір күдірейген немеден болып тұрғанын байқап, матаулы түйелер мен байлаулы тұтқындар арасында әрлі-берлі талтаңдап жүрген Бақтыбайдың ту сыртынан қанжар лақтырғалы жатқан жерінен қазақтардың бірі жүгіріп барып аяғынан шалып жығыпты да, буып тастапты. Местей қып сабапты. Енді ат көтіне өңгеріп ауылына апарып, көк шыбынды көзіне үймелетіп, ит қорлықпен өлтірмек...
Тепсініп тұрған Бақтыбайдың қасына Тәңірберді жүгіріп барды. Тентек батыр бұл жолы бәрібір илігер емес. Әңгімеге Батыр сұлтан араласты.
- Жарайды, аяқ-қолын байласын да, алып жүрсін!
Екі жүз елу түйені жетелеп алған қазақ қолы пәлен күннен бері тұяққа тапталып, жермен-жексен болуға айналған жапырақ құмның арасынан асығыс аттанып кетті. Әлгі тығырық ойда қалып қойған орыс керуені кері қайтты ма, жоқ Хиуаға қарай ілгері тартты ма - шаруалары болған жоқ. Құм арасынан бір күншілік жер ұзап шыққасын Тәңірберді Бақтыбайдың тұтқын түрікпенін өзіне тиесілі жиырма түйе жүкке айырбастап алды. Ауылына апарып, жарақатын емдеп, есін жиғасын астына ат мінгізіп әкесіне қайтармақ.
Батыр «уһ» деп көңілін бір бірледі. Кесір керуен енді қазақ ұлысына қарай өзі де беттей қоймас. Тевкелев мұның уысына біржола түсті. Әбілқайыр екеуін бір тайдың шідерімен бірге матайды да, бір ұшынан шым-шымдап тартып қылғындыра береді, қылғындыра береді. Елшіге жан керек болса - жанықас ханның қасынан безіп шықсын. Ал, әлгі талапайға түскен екі жүз елу түйе жүк үшін ақ патшаның алдында жауап беретін бұл емес, Бақтыбай. Ол қайта құмның арасында бостан-босқа қырылуға айналған мұңлық керуенге төбеден түскен қызыр Ілияс құтқарушы боп елестеген шығар. Қазақ арасына, түрікпен арасына сондай лақап тарамас дейсің бе...
Соңындағы қалың қолдың сұлтандарының не ойлап, не қойып келе жатқандарымен шаруалары жоқ, езулері құлақтарына жетіп мәз-мәйрам боп келеді. Әркім өзінің олжасын айтып күпілдеседі. Әсіресе, кертік мұрын, жайын ауыз Сағалбайда тыным жоқ. Қолындағы жылтыраған бірдеңені анаған да апарып, мынаған да апарып көрсетеді. Мұндай үлкен жорыққа алғашқы шығуы еді. Әлгінде құм арасынан аттанып бара жатып мұрыны аузына түскен нән орыстың күйек қапқа ұқсатып мойынына асып алған былғары дорбасын ат үстінен жұлқи тартып ала қашқан. Еңгезердей орыстың тырп етпей қала бергеніне бір мәз болып еді; былғары дорбаның ішінен сопақша қара қорапшаны тауып алып екі мәз болды. Шалдардың сақал-мұрттарын бастыратын ұстараларын осындай мүйіз қорапшаға салып алып жүретінін көрген. Сонда ұстара шығар деп ашып көріп еді, ішінен бұның өзі түгілі, жеті атасының бір де бірі көрмеген жылтырақ бірдеңе шыға келгені. Әрі қарады, бері қарады, не екенін біле алмағасын әркімге бір апарып көрсетті.
Біреулер: «Іскек қой», - десті. Олай дейін десе, әлгі аша темірдің екі жағы бірдей ине. Инемен мұрт іскектелуші ме еді?! Енді біреулер: «Тіс шұқуыш шығар», - деді. Мынандай тебен инемен шұқу үшін темір тіс керек шығар! Бақтыбай: «Боқмұрын, қамшы жемей тұрғаныңда, басымды ауыртпай тайып тұр», - деп ақырды. Тәңірберді: «Барғасын Әбілқайырдын шоқыншақ ноғайынан сұрап аларсың, алып қой!» - деді. Әуестік жеңген бала жігіт ұятты қойып Батыр сұлтанның өзіне келді. Сұлтан әуелі оның не деп келе жатқанын түсінбей, едірейіп біраз тұрды. Сосын: «Орыстар тамақты темірге шаншып жейді дейтін. Сонысы осы шығар», - деді.
Бала жігіт мәз болды. Қанша дегенмен, қараның аты қара да, төренің аты төре ғой. Қарайған халықтан мына темірдің не екенін ешкім тап басып айта алмап еді, Батыр сұлтан ойланбастан сарт еткізді. Әрине, мына екі істікке ет шаншылады. Сыпайы орыс бұның бір инесіне шаншып жейді де, қомағай орыс бұның екі инесіне бірдей шаншып жейді.
Ол тезірек үйіне жетіп, мынау орыстың жарқылдақ темірімен қазанның үстінен бөтеке шаншып алып жеп көргісі келіп кетті.
Ұзын шұбақ шеру Борсықтың құмына кеп ілікті. Батырдың ойына тағы да артындағы ауыл түсті. Жақайымдардан не шықты екен? Елші мен хан бұл дүниеде бар ма екен, жоқ па екен?
Қалың құмның арасына шүбырып кірген шұбалаң қолдың сол жағында елу түйені бір өзі жетелеп бара жатқан Бақтыбай бірдеңе деп айқайлады. «Қап, бәлем, шоқыншақ ноғай, көрерсің!» - дей ме? «Сені де өстіп шауып алып, қасыңдағы есірік естектеріңді қой соңында қаңғыртармын!» - дей ме? Ауынан жарылған мақтан-шақ неменің ел қарасы керінгесін еліре бастағанын қарасайшы! Апырау, сонда... Елшінің әлі аман болғаны ма? Қаратүпті тастап, құм арасына кіріп алған екен ғой. Сонда Бәбиден де ештеңе шықпағаны ма? Қасарған жерден қан алады дейтін ол сығырға не болған? Апырмай, мына жақайымдарды-ай! Бауырларынан айырылып отырып осынша бор сүйек болар ма! Әлде бұның жағындағы біреу-міреулер ерегіспе неменің жел жағынан шығып қалды ма екен? Ендеше, бұлардың жол-жөнекей орыс керуенін тонаған хабары көп ұзамай елшінің құлағына де жетеді десейші! Ендеше, бұтадан-бұта асқан сайын ұлғая, дабырая, даурыға түсер ұзынқұлақтың алдын алмаса болмайды. Елші хабарды өзі барып айтады. Қырылғалы жатқан керуенді құтқарып жібердім дейді. «Бақтыбай айтқанымды тыңдамай, жарты жүгін жұртқа пышақ үсті таратып берді. Оған тырнақтай да араласым болған жоқ», - дейді. Жоқ... Оған әуелі өзі бармағаны жөн. Абағайды жібергені дүрыс. Кіші жүзбен баяғы ақтабан шұбырынды тұсынан бірге көшіп келе жатқан кірме. Арғы сүйегі Ұлы жүз. Көлденең ағайын. Әлгі хабарды әуелі сол айтады. Артынан өзі әдейі іздеп барады.
Батыр анадай жерде әлденеге қарқылдасып мәз-мәйрам болып келе жатқан Абағайды қасына шақырып алды.
Құба сұр даланың астын үстіне шығаратындай боп бұрқырап қыс пен көктемнің тоғысы да өтті.
Ай бойы біресе қар жапалақтап, біресе мұздай қара жаңбыр төпелеп, біресе шағыл құмдарды уыстай шашып көзге ұрып шаңыт борап шат-шәлекейі шыққан жапан тұз қайтадан тыншыды. Басы сидаланып, түбі сояуланып әбден қара қылтанақтанып қалған өлі шепке жан жүгіріп, мұрты бөртіп, бірер күн шуақтан соң тозған киіздей ылым-сылым боп қуарып жатқан қырқа-қырандар түлеген бөрінің жон арқасындай көк шуланданып шыға келді. Боз қылшық далада ойдық-ойдық көк майса көрінді. Өз түтініне өзі бықсып тұншығып отырған қара үйлердің оң жағынан жаңа жаздың жас төлі маңырайды. Қазақ аулы ертелі-кеш азан-қазан. Аттың да екі қапталындай - байтаба дорбадан бастары қылтиып бара жатқан бауырсақ құлақ қошақандар. Түйелердің де екі жағына теңдеген кебежеде - бастары қылтиып бара жатқан бауырсақ құлақ қошақандар. Мынау аспан асты тіршіліктің өзге дырдуын солар тыйып тастағандай. Қайда құлақ тоссаң да - қой қоздатып жатқан ауылдың ызы-қиқы үнінен басқа ештеңе естімейсің. Жұрттың да есіл-дерті сол ауыз жармаған құлында, аяқтанбаған ботада, үсті-бастары сілекей-сілекей қозы-лақтарда ғана сияқты.
Міне, екі аптадай болып қалды, орыс елшілігінің босағасынан ешкім аттаған емес. Бәби анада олар құнын алып тынғасын ба, жоқ қазақтар мынау еріс пен ауыл арасында ертелі-кеш тырп-тырп аяқ тозды жүрістен мұршасы болмай, жандары мұрындарының ұшына келіп шаршап жүргендіктен бе - төңіректен ешқандай хабар жоқ. Ауыл-ауылға аяқ ізін сала бастаған елшілік адамдары да сол мал төлдетудің абыр-сабырынан басқа ештеңе көрдік, ештеңе естідік демейді. Құр құлақ отырған елшіліктің біраздан бергі бойкүйез тіршілігін бұзғысы келгендей марттың жиырма тоғызы күні сондай жерден улап-шулап бір қара-құраң өтті. Шашақтары жалбыраған жүз елу найзаға қарап, біраздан бері тыншып қалған қызыл кездер дүрбелең салып тағы келіп қалды ма деп еді, теңкиіп-теңкиіп жүк артқан елу түйе және көрінді. Не көш емес, не керуен емес, не жортуыл қол емес сол бір қара шоғыр бұлар жаққа қарап әлдене деп айқайлап бара жатты.
- Шоқыншық ноғай, тұра тұр бәлем! Көп ұзамай күліңді көкке ұшырамыз!
Бейуақта бейсауат адамдардың әлгі айқайына үрпиісіп қалған елшілікке арада бір сағат өтер-өтпесте бір суыт жүргінші кеп тоқтады. Басында алтайы бөрік, үстінде қасқыр ішік, қолында қайың сап дойыры бар бейтаныс жолаушы өзін Ұлы жүз қазағы Абағаймын деп таныстырды. Тевкелев, қапелімде, сонау жоңғар боданында жатқан Жолбарыс ханнан елші келіп қалды екен деп қуанып еді. Сөйтсе, мынау қызыл іңірде келген жолаушының жүрісі тіптен бөлек екен. Ол әңгімеден ұққаны: Батыр сұлтан қыстыгүні аяқ астынан аттанып кеткен жұмбақ жорығынан оралыпты; орта жолда шектінің бір кек жұлыны Бақтыбай батыр қамап жатқан орыс керуеніне тап болыпты; Батыр сұлтан керуенді жөніне жібер деген екен, Бақтыбай тыңдамапты, жарты жүгін тартып алып, қалған керуенді жөніне жіберіпті; егер үстінен сұлтан шықпағанда, орыс керуенінің көретін күні беймәлім еді...
Абағайдың келісі қандай суыт болса, кетуі де сондай суыт болды. Ол не қылған керуен? Оның хабарын неге бүған айтады. Жаманат хабар деп естірткені ме, жоқ жақсылық жасадық деп мардамсығандары ма... Түгіне түсінсе бұйырмасын... Не де болса, әлгі кергіме қияс сұлтан келіпті... Тағы қандай зобалаңдар қоздағалы жатқанын кім білген? Тевкелев бір түрлі қараптан-қарап жиырылып қалды. Біраздан бергі тыныш ұйқысы қайта бұзылды. Аш бүргедей мазасыз ойлар қайта қамап алды. Таң атқанын тосты.
Ертеңіне сиыр сәскеде айғыр топ адам кеп дүрс етіп түсе қалды. Әбілқайыр, Бөкенбай... Имене аттап Батыр да көрінді. Он бес-жиырма адамы тағы бар.
Сөзді Әбілқайыр бастады. Кіжіне сөйлеген хан тоналған керуен жайын айтып, ақ патшаның алдындағы антымыз бұзылып, кірерге тесік таппай отырмыз деді.
- «Бір қарын майды бір құмалақ шіртеді», - деген осы. Қайдағы бір ашкөз сұмырайдың қырсығынан ақ патшаның қаһарына ұшырайтын болдық, - деді.
Шыннан қорқып келіп отыр ма, жоқ қасындағылардың үрейін ала түсейін деп әдейі айтып отыр ма, өзінен-өзі таусыла сөйледі.
Бөкенбайдың да қарыс қабағы ала көзін айқара жауып алыпты. Қалғандарында тырс үн жоқ. Бәрі көзінің астымен Батырға қарап қояды.
Тевкелев олардың тым-тырс жатып алмай, қолайсыз хабарды естіген бойда бастарын құрап келе қалғандарына, бір жағынан, іштей масаттанып қалды. Дегенмен, ақ патшаның ығына жығылып, оның алдындағы айыптарының арты сұраулы боларын сезіне бастағандары ғой. Мұндай пиғылдарын құптау керек. Қашан еттері үйренісіп кеткенше үркітіп алмай, кешірімді болғаны жөн. Қашан біржола мойын ұсынып, әбден тәуелді болып алғасын тәр мен тәртіпке көшіріп алсақ та, кеш бола қоймас! Сондықтан да, мынау үрпиісіп келіп отырған қазақтарға басу айтқаны дұрыс болар.
- Аса мархабатты да шапағатты ақ патша ешкімді жазықсыз жазғырып асығыс айыптамайды. Керуен тоналса, оның жәй-жапсарын түгел тексеріп, анық-қанығын түгел біліп алғасын, шын жазықты, шын кінәлі кісілерге тиесілі жазасын бере жатар. Оған бола, алдияр хан, абыржымаңыз. Сіздің ақ патшаға адалдығыңызға өз басым ешқандай күмән келтіріп көрген емеспін, - деді.
Әбілқайыр оң қолын көкірегіне апарып тағзым етті. Енді Батыр сөз алып, не көріп, не қойғанын баяндай бастап еді, Бөкенбай дүңк ете қалды.
- Бақтыбай мың жерден тентек болса да, жүз елу жігіт қолмен тұрып, екі мың кісі ерткен сұлтанға қарап қыңқ ете алатын ба еді, тәйірі! Онанда бұзақыға тыйым салуға тап онша зауқым бола қоймады десеңші.
- Иә, ақ патшаға, «міне, құран, міне, шыным» деп ант берген адам оның бағыныштыларына көзалара зорлық жасап жатқандарды көре тұра қарап қалар ма?
- Иә, десейші-ау, ондайдан келген он түйе олжамен неше күн абыройыңды жабармын дейсің!
Батыр керуен тонауға ешқандай араласпағанын, керуеннің жарты жүгін беріп, бостандық алуға керуен басы мен Бақтыбай өздері келіскенін, бүл киліксе, істің арты насырға шауып кетуі мүмкін болғандықтан үндемей қалғанын, керуенге жол бастап келе жатқан түрікпенді бауыздап өлтірейін деп жатқан жерінен, Тәңірберді екеуі ара түсіп, зорға алып қалғанын айта бастады. Зіп-зілдей боп сазарып отыратын неме өз-өзінен жұлынып, көкірегін төмпештеп, ант-су іше бастады.
- Таланған орыс керуенінен соқыр тиын бойыма сіңірсем қара орманымның қызығын көрмейін...
Анада ант бере келгенінде басқасынан жер ойылардай боп бәлденіп біткен мынау еңгезердей қараның өз-өзінен қарғанып-сіленіп тұлынын түте бастағаны тек Тевкелевке қана емес, ханға да, қасындағыларға да ұнап отырса керек. Ешқайсысы ләмим үндемеді. Сол сазарған қалыптары тыңдап отыра берді.
Тевкелев Батыр сұлтанға басу айтты.
- Мәмбет мырза, патша ағзамға көңілімде зәредей де арамдық жоғын айтсаңыз болды. Қазір қазақ баяғы базарларынан айырылып, құйын көтеріп бара жатқан бір шаршы шүберек көрсе, қуып жетіп ұстардай боп, әбден зарығып отыр. Мұндай жоқ-жітік жағдайда, айдалада өзі кезіккен тегін олжаны қолдарынан қайтып шығара қойсын. Төрт-бес туйенің басы тіркелсе шауып барып, талап алып әдеттенген халық үйреншікті әдетін әзір ұмыта алмай жүр. Ертең ел ақ патшаға басыбайлы қарағасын мұндай бассыздықтан тыйылады ғой.
Уақытша болып жатқан іс екенін түсіндіре көріңіз, - деді сұлтан, елшінің бетін бері қаратам ба деп таусыла сөйлеп.
- Жарайды, сұлтан, патша ағзамға ол жағдайлардың бәрін жеткізем.
Тевкелевтің мына сөзіне риза болды ма, жоқ әуелде ойлап келгендері сол ма, иін тіресіп отырған көп жақсы қуана бас изесіп, жапа-тармағай:
- Біздің халықтың басшысынан кещесіне дейін жылына асыға күтетін бір мерекесі - құрбан айт. Ертең - шек, арғы күні - айт. Сізді соған шақыра келдік, - десті.
- Айтпақшы, - деп күлімсіреді Әбілқайыр Бөкенбайды нұсқап, - мына батырдың әйелі тағы бір ұл туды.
Ол айтпен жарыстырып шілдехана жасамақшы.
Елші сандығына қол созып, Бөкенбай алдына жаңа босанған әйеліне бір көйлектік қамқа, нәрестесіне екі сом елу тиынның төрт аршын қырмызы шұғасын тастады.
Қазақтардың өмірінде, шынында да, айттан үлкен қуаныш болмайтыны рас болса рас шығар. Ертең айт дегеннен бастап қазақ ауылдары «айт құтты болсын» айтамыз деп ерсілі-қарсылы шүбыра бастайды екен. Айттаған жұрт үстіне бар жақсысын киіп, астына бар жақсы атын мінеді екен. Сосын ана ауыл, - мына ауылдан топ-топ болып шығып, жолға қарасып, атасы үлкен ең сыйлы ауылдан бастап қыдырады екен. Айт күні ғарып екеш ғарыптың өзі қырық үйдің есігін ашып шықпағы шарт көрінедт. Ол күндері үй біткен бар дүниесін жарыққа шығарады. Төр сайын адал бақан құрылып, оған сол үйдегі ең асыл киім, асыл жаға ілінеді. Теңде, кебежеде жатқан қымбат жиһаздың бәрі алынып, жұрт көзіне түсетін көрнекті жерге қойылады. Қазан біткен ертелі-кеш оттан түспейді, кірген-шыққан жұрт ертелі-кеш сапырылысады да жатады. Айт күні қазаны толмаған үйдің ырысы кем болмақшы. Айт күні көзғе түспеген дүниенің игілігіңе бүйырмағы екі талай.
Тевкелев барған ауылдарының бас көтерерлерінен аттың жай жапсарын қадала сұрап бақты.
«Биылғы айт төл жас, жер сыз, күн әлі жылынбаған беймезгілдеу уақытқа тап больш отыр ғой. Айт деп баяғы үш жүздің басы бір жерде Қаратау бойында отырған кездегі айтты айтсаңшы! Ол кезде әншейінде құлазып бос жататын құба сұр дала әрлі-берлі жөңкілген қыдырма жұрттан қызылды-жасыл шалқар теңізге айналып кетуші еді. Жал-жалдың басына жарқырай қонған ақ жұмыртқа ауылдардың арты қаңтарулы аттан, алды асулы қазаннан көз тұнатын. Үй-үйдің арасына адалбақан керіліп, үйге төселіп, тұтылып ұсталған жиһаздардан ауысқан дүние-мүліктің бәрі соған жайылатын. Қалы кілемдер, жібек, торғын, патсайы, қырмызы, шұға - сан алуан маталардан, бұлғын, сусар, құндыз, түлкі, жәннат - сан алуан асыл терілерден тігілген жағалы киімдер, көйлектер мен орамалдар - бәрі-бәрі самсап ілулі тұратын. Ауылдардың желкелерінде алтыбақан қызып, қыз бен жігіт мәз-мәйрам күлкі, әдемі әнге қарық болатын. Ақсақалдар жағы ду-ду мәжіліс құрып, кеудесіне жаны бардың бәрі бір жадырап қалатын. Онда мынандай шағыл-шағылдың арасына тығылып отырған ел көрмейтінсің. Жұрттың бәрі кеңге, көзге түсер биікке ұмтылатын. Ауыл мен ауыл, ру мен ру, ұлыс пен ұлыс бәсекеге түсіп, бір-бірінен сән-салтанат асырып бағатын. Ұлы жүздің үлкендеріне барып сәлемдесіп, Орта жүздің ділмарларымен сөз қағыстырып, Кіші жүздің палуандарымен бел сынасатын. Әр ұлыс, әр ауылдардың әні екеш әндерінде де айырмашылық болушы еді. Ұлы жүз қыздарының қылқылдатып салған қылықты әндері Орта жүздің үкілі жігіттерінің үзілдіре шырқаған назды әуезіне қосылып, құлағыңның құрышын қандыратын. Сол бір бал дәурендей тәтті мәжіліске Кіші жүз жырауларының қайдағы бір ықлым заманның өксік зары мен ашу-ызасын арқалаған ащы айғайы мен тепсінген тентек сарыны араласқанда, әлгінде ғана бал-бұл жанып, балбырап отырған рақат жүздер бірден томсарып, бірін-бірі ішіп-жеп бара жатқан ләззатты көздерге аяқ астынан шатынаған айбар тұнып аруақтанып шыға келетін. Үш арысқа аралас жайылған айт дастарқанының басында отырғанда үш ен тапқан бір ененің үш баласындай осы бір үш ауылдың мәжіліс екеш мәжілісі де тек бәріыің басы қосылып түгел отырғанда ғана бар қызық, бар көркімен құлпыра қызатындай көрінетін; ал үшеуін үш жаққа бөліп жіберсең, әлгі қырық құлпырған жылты мен шырайы, керкі мен ажары аяқ астынан жүдеп-тозып шыға келетін секілденетін, кешегі алды дарқан, арқасы жазық кеңпейілің - қой Зузынан шөп алмас көнтері момынға, жігерсіз ынжыққа, кешегі қызылсөзден түйін түйген кемеңгер ділмарың - әншейін жағын сауып зар қақсаған арзымсыз бәдікке, кешегі ерке шора ерің - өз жағасын өзі жыртып, көрінгенге көз алартқан арсыз ұрыңшаққа айналып шыға келер-ді. Қазақтың ажары майдан даласында үш жалауы қатар желбірегенде, қарашоқыдан үш жүйрігі қатар оралғанда, дастарқан басында үш тарабының әнші, күйші, ділмары қатар отырғанда кіреді екен ғой.
Үшеуден біреу қалып қойғанда, көрер көзге жүдеп, бір ұпайы кем түсіп шыға келетін жұрттың үшеуі үш жаққа қаңғып жеке-жеке кеткен кезінде қай тойы оңып, қай айтының шаршысы толатын еді! Биылғы айттың әйтеуір айт деген аты ғана ғой. Шіркін, мынау тұрымтай тұсына, балапан басына тоз-тоз боп жүрген қилы заман да өтіп, үш арыс қайтадан қатар көшіп, қатар қонар күн туса, нағыз айтты көрер едіңіз. Бірақ, оған дейін кім бар, кім жоқ. Ондай заман қайта туғанда да ұйытқысын бір шайқап алған елдің сабасы баяғыдай боп уыздай қата қала ма, жоқ тауда туып, таста өсіп, ағайыннан басқа өсіп бет-бетіне би болып қалған жат бауыр кейінгі үрпақ баяғы жол-жораның бәрін ұмытып, мынау азған заманның арсыз пысықтарының керін ұстап, бір-біріне бұта түбінен бұқпантайлап оқ атып, бірін-бірі аяқтан шалып, олақ қатын ұйытқан айрандай құс-құс ыдырап, бастары бірікпей қоя ма!»
Асарын асап, жасарын жасап боп қалған кәриялар айт туралы сұрасаң, міне, осылай зарлана сөйлейді.
Соған қарағанда бұл халықтың баяғы болған-толған кезіндегі айттары мына биылғы айттарынан әлдеқайда қызық, әлдеқайда салтанатты өтетін болса керек. Ал, Тевкелевтің серіктері осы айттарының өзіне ауыздарын ашьга, көздерін жұмды. Әсіресе, Сергей Костюковте ес жоқ. Қай үйге кіріп барса да, жағалай жайылып қойған қызылды-жасыл жиһазды көріп: «Неткен тамаша! Тап мұнандай бояулар тасқынын ешқашан көрген емеспін! Мына көшпенділер әдеміге неткен әуес! Не ұстап, не тұтса да әлекейлеп-күлекейлеп бағады екен!» - деп таңдай қағады. Ал, оның қасынан екі елі шықпайтын Сидор Цапаев та не көріп, не естісе де, ауызы жалпылдап бір сөйлеп қалады. Бірақ, ол Костюковтай жеті атасына жеті жұрттың қаны араласқан «ілім соққан» тұқымнан емес, өгіз айдап, соқа ұстаған түс шаруаның ұрпағы-тұғын. Сондықтан да оның мақтағаны мен тандағаны да Костюковтың мақтағаны мен таңданғанына атымен ұқсамайды. Ол: «бұл шіркіндерде ес болсайшы, сірә! Кез келген жалба тымағының ерінің қасын күмістен қақтаған: кез келгеннің басында не түлкі, не сусар бөрік; кісесінің өзі сап күміс! Сонда ол шіркіндер өздерінен гөрі астындағы ері, қолындағы қамшысы, беліндегі белбеуі, басындағы бөркі қымбатырақ екенін біле ме өкен!» - деп мәз болады.
Не де болса, айттың болғаны жақсы болды. Той дегенде қу бас домалайды деп санайтын жұрт бұндайдағы жүрісті тергеп-тексеріп жатпайды екен. Елшіліктегі орыстар мен башқұрттар топ-топ боп айттап, біраз ауылды сүзіп шықты. Бұрын оңашадан-оңаша қамалып жатқанда көре алмаған көп нәрсені көрді, байқай алмаған көп нәрсені байқады. Оларға қазақ ауылдарының да көзі үйренейін деді. Ылғи мойынын көкке созып, қол-аяғы ерең-серең етіп көстеңдей басып келе жататын Сергей Костюковке «сары тайлақ» деп ат қойып алыпты. Ал сынаптай сусылдап біресе о жағыңнан, біресе бұ жағыңнан шығып, шырқ үйірліп тұратын сұңғақ бойлы, ақ құба өң, жылмаң төс жігіт Юмаш «Ұры тазы» атаныпты. Ол екеуінің соңында талтаңдап келе жатар домалақ қарын, келте аяқ шәртік Цапаевқа «балпақ» деген айдар тағылыпты.
Костюков пен Цапаевтың көзі жүйрік болса, Юмаштың құлағы жүйрік. Құдайдың естімесін естіп келеді. Қалған нөкерлерінен гөрі осы үшеуі олжалы оралғыш. Қай ауылға барып келсе де, Тевкелевке бір шәй ішім уақыт айтар әңгіме тауып қайтады. Бірі айтып болғанша екіншісінің тағаты жетпей тықыршып бітеді. Әншейінде созалаңдап қимылдап болмайтын Костюков көрген-білгенін айтуға келгенде ылғи қасындағы екі серігінің алдын орап кетеді.
Ертең айт деген күні ылғи хан ауылынан бір жал алыс отыратын Тәлебайдың ауылына Зердебай зергерге барып қайтқан Костюков табалдырықтан аттай сала таңдайын тақылдата бастады.
- Апырай, адамда да мұндай сұлу болады екен-ау.
Беті қандай аппақ! Көзі қандай қап-қара! Тостағандай-ау, тостағандай. Көзінен ұшқын ұят, иман төгіліп кетердей боп мелдіреп тұр-ау, мөлдіреп тұр! Бұлтиған етті еріндері май айының қызғалдағындай үлбіреп тұр!
Қаз мойын, аршын тәс! Көрерге көз керек. Құм мен желдің ортасында шаң-шаң боп көшіп жүрген қарақұрым киіз бен шидің арасында да мұндай перизаттар туады деп кім ойлаған! Мен кіріп барғанда тағы киіктей сыртқа ата жөнелді! Әттең, ең болмаса, сәл кідіре тұрсашы!
- Сәл кідіргенде не істейтін ең? - деді осындай болымсыз хабарға бола босқа уақыт алып отырған Костюковке жыны келіп отырған Юмаш.
- Көзі қарауытып жүрген мұндай неме тарпа бассалмай тұрғанда құтылып кеткен ол өзі ақылды қыз екен, - деді Цапаев көзін қысып, мұртын сылап.
Костюковтің бір нәрсеге таңдай қата болып талып түсуі қандай оңай болса, жоқтан өзгеге өкпелей салуы да сондай оңайтұғын. Цапаев пен Юмашқа қолын бір-бір сілтеп бұлтиып отырып қалды. Юмашқа да керегі сол, еріні ерініне жұқпай жалпылдап сөйлей жөнелді.
- Анадағы қазақтар тонайтын керуеннің басшысы әскери ұлық екен. Оны патша ағзам Арал теңізінің маңында жүрген сізбен жолық деп жіберіпті. Батыр сұлтанды жақтайтындар сізбен ұшыраса алмасын деп әдейі тонапты. Оның мына сөзіне Тевкелев түгілі әлгінде ғана өкпелеп, енді көрместей болып отырған Костюковтың өзі құлағын түре қалды. Елшінің бірдеңеге абыржығанда қан ойнап шыға келетін жүзі аяқ астынан күреңітіп сала берді.
- Ал, сен не айтасың? - деді Цапаевқа.
- Мен кеше хан орданың қызметшілеріне насыбай сұрай барып едім, малайлар жататын шошалада киіз жамап отырған бір бойжеткеннің үстінен шықтым.
Үстінде түгі қырылған мақпал бешпент. Басында бояуы оңып кеткен шарқат орамал. Қыр арқасына жарыса құлаған білемдей-білемдей екі бұрымы көзіме оттай басылды. Біздің орыс бойжеткендерінің алтындай жарқыраған жуан бүрымы. Тіл қатып үлгергенімше болмады, сырттан ханның төлеңгіті кіріп келді. «Ішінде еркек отырмаған уйге кіруге болмайды. Тамыр басың пәлеге қалады», - деп қолтығымнан ұстап, сыртқа сүйрелей жөнелді. Қазан-ошақ басындағы еркектерге барып, насыбай атып, біраздан соң соларға еріп, шошалаға қайта бас сұқсам, әлгі бойжеткен үштігөйлі жоқ, - деді.
Елшінің көгілдір кәзінен бір жұмбақ ұшқын жарқ ете қалды.
- Мынауың бір ойланатын жәйіт екен. Босқа жүрмей, барған ауылдарыңда орыс тұтқындары жоқ па екен, қарай жүріңдер. Ал, әлгі қыз енді қайтып көзге түспес пе екен, байқап бағыңдар. Бірақ, хан төңірегіне сездіріп алмаңдар. Ол жайында онымен кейін сейлесерміз, - деді.
Тевкелев көкірегін қос шаншу қадалғандай сыздап қоя берді. Айтқа шақырған үйлерде де төңірегіне көз жүгіртіп, құлағын түріп бақты. Бөкенбайдың үйінде де, Есеттің үйінде де, Құдайназардың үйінде де, хан ордада да әлгі қызметшілері айтып келген әңгімелерден ешқандай нышан байқалмады. Ол ауылдардың ошақ қасында, күл басында жүрген адамдарының арасынан шашы сары, көзі көк ешкім шалына қоймады.
Бұйығы даланы бір дүрліктіріп айт та өтті. Ауыл-ауылдағы топ-топ аттылар тарады.
Қасына кеп анадағы қызметшілер айтқан хабарды сарапқа салып отырған Тевкелевтің көңілінде не барын біліп қоғандай, дәл тоғызыншы апрель күні Уфадан сау етіп жеті атты кісі жетіп келді. Қасында алты серігі бар Мың болысының түрғыны Мәулет Ілімбетов. Сыңси сөйлейтін секпіл бет башқұрт жігітті воеводаның өзі жұмсапты. Шалбарының бөлтірлігіне бір қабат мақтаның астынан қайып тігіп берген астыртын хат әкелді. Онда Сыртқы істер коллегиясы Тевкелевке Арал теңізінін маңында артиллерия полковнигі Гарбер мырзамен жолығысуды, әрі қарай Гарбер мырза апарған нүсқау бойынша әрекет жасап, керуенге ілесіп Бұхара мен Хиуаға баруды, ол екі хандықты билеушілермен Россияның қол астына өту туралы келіссөз жүргізуді тапсырьшты. Әнеугүнгі сумақай Юмаштың айтқаны аумай-төкпей келді де қойды. Тоналған керуен сол полковник Гарбердің керуені болып шықты. Ол қайда? Қайтадан Астраханьға қайтып кетті ме, жоқ алған бағыт-тарымен Хиуаға тартты ма - белгісіз. Сыртк,ы істер коллегиясының нүсқауы бұның қолына тимей жатып жүзеге аспай қалды. Онымен жолығыспақ түгілі құм арасындағы елшіліктен аттап шыға алмай отырысы мынау...
Сонда анадағы Батыр сұлтанның кезінің жасын көл етіп сүттен ақ, судан таза болып сөйлегені әншейін көлгірлік екен ғой! Қасындағы қазақтардың оның айтқанына сенбей қызарақтап бағуларында бір мән бар еді-ау! Төңірегіне манаурай көз тастап әкіреңдеп сөйлейтін беті-ауызы белдей сұлтанның осынша қулық қай жеріне сыйып жүр? Әңгімесіне қарасан - әкіреңдеген әупірім. Бет-ауызына қарасаң - не айтсаң да, шамалыда мыңғырына, дыңғыр ете қоймаста маубас. Жүріс-тұрысына қарасаң - ұйқыдан жаңа тұрғандай енжар. Ендеше, одан мүндай қулық қайтып шығады? Ал, әлгі оқиғаға ешқандай араласы жоқ дейін десең, ауылдан бірге аттанған Бақтыбай жол-жөнекей неге бөлініп кетеді? Бөлініп кеткесін, айдаладағы керуенге жолығып, алатынын алып, жөніне тайып түрмай, Маңғыстау асып кеткен Батырлардың қайтып келуін неге тосады? Пәлен күн бойына жалынып-жалпайғанға көнбеген Бақтыбай Батыр мен Тәңірбердінің айтқанына неге көне салады? Егер, ол, Батыр сұлтан айтқандай, айдалада жолыққан керуенді ақ патшаға ешқандай қастандық ойламастан, үйреншікті әдеттеріне басып, пәтуасыздықтарынан жаулап алған болса, қайтып келе жатып, мұның қосының қасынан: «Қап бәлем, тоқтай түр, көп ұзамай көкеңе көрістіреміз», - деп неге қоқиланып қиқулап өтеді? Ол да, Батыр сұлтан айтқандай, парықсыз кісінің дарақылығы ма? Жоқ, даңғойлық пен дарақылықтан гөрі астыртын қастандыққа келіңкірейтін секілді. Ондай істің басында Бақтыбайдай бір ру, бір ауылдың басшысы қайдан жүрсін? Қомақты істің басында жүруге қомақтырақ дәреже керек емес пе?! Ендеше, бұл шаруаға Батырдың ешқандай араласы жоқ деген жәй әншейін сөз. Анадағы Бақтыбайдың өндіршегін созып, өңешін жыртып айқай салғанына қарағанда, бұл әлгіндей қастандықтың тек басы ғана... Шын зобалаң алда... Батыр сұлтан да атын танаулатып тегін келіп жүрген жоқ. Ертең басталып кеткелі тұрған зобалаңға өзінің ешқандай қатынасы жоқ боп көрінуі үшін әдейі келіп жүр. Ендеше, ол бәрін біледі. Бәрі соның айтуымен, соның басқаруымен болып жатқан шаруа. Бірақ, ол Астраханьнан керуен шыққанын қайдан біледі? Оның мұнымен жолықпақ екенін қайдан біледі? Бұның ар жағында жатқан мынау үшан далада қайдал болды, қайдан кезіктісі жоқ кездейсоқтық па, жоқ алдын ала ойластырылған, қапысыз қамдастырылған қасақана әрекет пе?
Анада ғой, қарсы партия қыс ортасында хан орда мен елшілікті шауып аламыз деп елді дүрліктіріп жатып, су сепкендей тыйыла қалды? Артынан жиылған қолдың жер түбіндегі Қараған түрікпендеріне жорыққа аттанып кеткені мәлім болды... Соның бәрін тегін істемеген екен ғой! «Ертең шауып аламыз!» деп бүларды қорқытып, өздерінің алыс жорыққа әзірленіп жатқанын жасырды. Есептеп қарағанда, ол түс әлгі керуеннің әлі Астраханьда жүрген кезіне түстас келеді. Сонда полковник Гарбер сапарының мән-жайы Батыр сұлтанға басталмай жатып-ақ белгілі екен-ау! Бұл мүмкін бе? Неге мүмкін болмасын! Орыстың Бұхара мен Хиуаға қарсы қандай жорығына да не түрікпен, не қалмақ араласады, солардың даласы арқылы өтіп, солар жол көрсетуші болады! Батырға да хабар солар арқылы жеткен. Жер түбіндегі түрікпенді шабуға кеткен қазақ қолының жол-жөнекей жолыққан орыс керуенінің екі жүз елу түйе жүгінен басқа олжасы жоқ дейді. Сонда олардың түрікпенді шапқаны әншейін жәй әңгіме боп шықпай ма! Демек, бұларға Гарбер керуенінің хабарын жеткізген түрікпендер! Әлгі керуен бастап келе жатқан түрікпенді ала келулері де тегін емес! Жоқ, Батыр сұлтан тап анау айтқандай қулығына найза бойламас сұм емес екен. Оның барлық жоспары олақ қатынның көктеген көрпесінің тігісіндей мен мұндалап көрініп тұрған жоқ па!
Жарайды, Батыр сұлтан түрікпендерден хабар алып тонайтын керуенін тонады делік, полковник Гарбердің мұнымен жолықпақ жоспарының күлін көкке ұшырады делік: Ендеше дегеніміз жетті емес пе? Олай болса, әлгі Бақтыбайдың: «Тоқтай тұр, бәлем, көкеңе көрістіреміз!» - деп көкіп жүргені қай қылығы? Сонда не істемек! Бір құтылып кететін жеріңнен қағылдың? Сырлыбай мен Бәбидің амалын тапқаныңмен, біздің амалымызды таба алмайсың, енді сенің тағдырың біздің қолымызда!» дегені ме? Ендеше бұның көзін тезірек құртып тынуға асығады десейші. Бұрынғы бірер жалдың астында жатып қоқан-лоқы жасағандарын қойып, ашық шабуылға көшпекші екен ғой. Ашық шабуылға шығатын болса, Батыр неге осынша мәймөңкелейді? Әлде ертең ақ патшаның алдында көп қол жаулықтарының бірін ұстап беріп, өзі аман құтылып кеткісі келе ме екен? Сонда Батырға бұдан не түседі? Елшінің опатқа ұшырағаны - Әбілқайырдың абыройдан айрылғаны! Оған керегі де сол «Қайнағасының орынына хан болғысы келеді», - деп Бөкенбай анада айтпап па еді! Оған хан болудың қанды жолынан басқа қандай жолы қалды! Соған бас тіккен ғой...
Ендеше, мына хабар Әбілқайыр мен Бөкенбайға да жетіп жатқан шығар. Олардың не ойлағаны бар екен. Уфадан келген башқұрттар кеше ұлыстарының үстімен өтті. Хабаршы шаптырмаса да, келер. Бейсауат жүргіншелер көздеріне түспеді дейсің бе?
Айтқанындай-ақ, ертеңіне ауылдың желкесіндеғі шағылдың ар жағынан қауқылдасқан көп дауыс шықты.
Қасына бір топ билер ерткен Әбілқайыр мен Бөкенбай екен.
Келе сала:
- Кешегі Уфадан келген башқұрттарың не айтады?
Анадағы Мәскеуге кеткен елшілерден не хабар бар? - деп сүрады.
Әсіресе, Бөкенбай қадала қарады. Ханнан елші боп кеткен Бақай батыр соның туған балдызы деп естіп еді. Соны уайымдап отыр ма екен...
- Елшілер аман-есен жетті. Ақ патшаның қамқорлығындағы кісінің неден уайымы болушы еді. Жағдайлары жақсы дейді.
Бөкенбайдың сынық қабағы жазыла қоймады.
- Жақсы болғаны дүрыс қой, - деді ерінінің ұшымен салғырт күбірлеп. Аң-таң Тевкелев ханға қарады.
- Қазақтар мен башқұрттар тағьг да шекісіп қалыпты деген не сөз? - деп сұрады Әбілқайыр.
- Бір топ аң аулай жүрген башқұрттарға қазақтар тиісіп, аулаған аңдарын тартып ап, жиырмашақтысын жаралап, астындағы аттарын айдап кеткен көрінеді.
Іштерінде мерт болғандары да бар деседі. Біразын тұтқын қып әкетіпті.
Хан басын шайқады.
- Болмаған шаруа екен. Бірақ мамырдағы құрылтайға дейін ештеңе істей алмаймыз. Сонда тентек-телілеріңді тыйып, башқұрт жағының шығынын қайтар деп Орта жүз билеріне шарт қоярмыз.
Хан қасындағы қазақтардың да қабағы түсіңкі. Кешегі айт күндергі аңқылдаған жағасы жайлау жайбырақат кісілерге ұқсамайды. Бәрі де маңдайларын шытынып түнжырай қалыпты.
Елші енді не дер екен деп жүздеріне үңіліп еді, біраз отырып барып, Бөкенбай сөйледі:
- Мәмбет мырза, - деді. - Анадағы керуеннің жағдайы біздің де қабырғамызға қатты батып жүр. Бірақ, болар іс болып қойды. Әлгі екі жүз елу түйе жүкте тап ешкімнің қабырғасын жаба алмас. Соны таптырып бер деп сіз де ешкімге салмақ салмаңыз.
Онсыз да жел қуық, қос үрей жұртпыз ғой. «Керуенімді тонапсың, дүниемді тауып бер», - десең, қүлағымыз шекемізге секіріп, не істеп, не қоятынымызды кім біліпті? Зәремізді алмай түра түрыңыз.
Етімізді үйретейік. Қаралай қашқақтап жүргендердің беті бері қарасын!
Елші аңырып қалды.
- Оған сөз бар ма! Анада келістік емес пе! Ақ патша анық-қанығына жетпей ешқандай шара қолданбайды. Оған бола уайымдамаңыздар?
Хан мен Бөкенбай бүл сөзіне онша селт ете қоймады. Қалғандарының маңдайы жазылып сала берді.
Хан мен Бөкенбай аттанып кеткесін де Тевкелев көп ойланды. Бұл екеуінің бүл жүрісі қай жүріс? Қабақтары неге түсіп кеткен? Әлде қарсы партияның анада басын қайтарғандай болған қызыл құрты тағы да қыбырлайын дегені ме!
Қүлағына Бақтыбайдың анадағы ақ пен қызылдың арасындағы әжептарқы даусы келгендей болды.
«Шоқыншық ноғай! Тоқтай түр, бәлем! Көп ұзамай көкеңе көрістірерміз!»
Айт өткелі Сергей Костюков үста Зердебайдың қасынан шықпайтын әдет шығарды. Әбілқайыр тағы да бір қарындасын аралдықтардың ханына ұзататын болып ордасына ұсталарды, зергерлерді, шеберлер мен ісмерлерді жия бастады. Қай ауылға барса да, іші-бауырына кіріп, араласып кетпей, үріккен торғайдай оқшау отыратын кірме Зердебайдың төрт қанат жаппасы абыр-сабыр хан ауылының елшілік жақ шетін ала тігілді. Талай байдың үйін жиһаздап, талай бикештің үстін әшекейлеп атағы шыққан зергердің алдына мал түспейді емес, бірақ сол баяғы төрт қанат шатпа, көк ала түтін, әбеқоңыр күн көріс. Соған шебердің өзінің де, әйелінің де әбден еті үйреніп алған. Зердебай енді зергер болғасын көрік баспай, сексеуіл бықсытпай, тық-тық балға соқпай қайдан отырсын! Ал, әйелі Жаңыл ұстаның жыл сайын тауып жатқан қарайған малын кәріп, үйге жаратуды, үстіне жаратуды білмейді. Қашан көрсең, үйдің ық жағында жалба-жұлба жабындының астында жүн сабап, тері шелдеп отырғаны. Ол жүн, ол терінің де қайда кетіп жатқаны белгісіз. Төрт қанат қоңыр үйдің үзік-туырлығын сол баяғысынша ылым-сылым; төрі - сол баяғысынша тырдай жалаңаш; қақ ортаға төсей салған жүқа жалаң алаша, қашан көрсең де, көк долы қатынның маңдайындай жиырылады да жатады. Кіре беріске төселген тұлақтың беті-жүзі қыл-қыбырдан көрінбейді.
Мынау түйе-қаздың еркегіндей қоқиған орыс жігіт сонда да осы үйден шықпайды. Қақ төрдегі жалғыз алашаға көлденең түсіп ап, Зердебайдың іш пыстырар жыбыр-жыбыр қимылына қарайды да жатады. Қалтасынан қағаз шығарып әлденелерді шимайлай бастады. Тық-тық балға соғып отырған Зердебай да қақ төрде етпеттеп жатып ап қағаз шимайлаған орыс жігітке көзінің астымен қарап қояды. Екеуі де таңдайларын қағысады. Орыс жігіті мынау қара бұжыр қазақтың мынадай от басында бықсып отырып, қайдағы бір болмашы құралдармен не керемет сүлулық жасай алатын асқан өнеріне таң қалса, зергер аяқ-қолын алдына сыйғыза алмай жүрген мынау ерең-серең жігіттің сексеуілдің шырпысындай ебедейсіз саусақтарының арасына қыстырылған әне бір сиқыр таяқшаның ұшынан түсіп жатқан шимайларға қайран қалады. Бұның манадан бері көзінің майын сарқып, итшілеп отырып әзер жасап шығарған жүзігін не алқасын ол әлгі сиқыр таяқшасының үшын төрт-бес қозғап айңытпай сала қояды. Оған таңғалмағанда, қолынан тірі адам жасаудан басқаның бәрі келетін Зердебай неге таңғалады? Ерең-серең сары жігіттің қолынан шыққан әр шимайға басын шайқап қайран қалып отырғаны. Сосын жарықтық көзіне не түссе, соның бәрін сұрап, ауызына не түссе, соның бәрін әңгіме қыла береді екен! Алты айшылық жол жүріп келер ақ патшаның астанасы түгіл, бір жалдың астында отырған көрші ауылдан келген мейман қазақтың аузын ашуы бір түлік шаруа. Қараптан-қарап пәлденіп манаурап бітер еді. Аузын ашқан ғұрлы да, әңгімесін баяғы әлімсақтап бастап, осы заманның ат мініп, алшаң басқан төре-мырзаларының төңірегіндегі пыш-пыштан басқаға аяқ баспас еді. Ал мынаның айтпайтыны, сұрамайтыны жоқ. Оған сексеуілдің қайтып өсетіні, қайтып оталатыны, қайтып отқа жағылатыны да әңгіме; мынау қыртыс-қыртыс қара көріктің ненің терісінен қалай тігілетіні де әңгіме; ана жайнап жатқан қызыл шоққа ұсталғанда күмістен қасық түбіне неге қақ қалатыны да әңгіме... Екеуі ертеден қара кешке мылжыңдасады да отырады. Зердебай өзінің қазақ тілінде сөйлеп отырғанын біледі. Ал, мына Сартайлақтың қандай тілде сөйлеп отырғанын өзі білсін! Бір жері ноғайшаға маңайлағандай сияқтанады да, бір жері әлдеқайда лағып кетеді. Ондайда бұл түк түсінбедім деп басын шайқаса, анау қолымен, көзімен ымдап әлек-шәлек болады да қалады. Не де болса, ішін пыстырмайды. Не де болса, қарақұрым күркеде көктүтіннің қасында көзі удай ашып бықсып отыратын Зердебайды кісі деп елеп-ескеріп келетін тек сол ғана. Не де болса күнде сиыр сәскеде ол келгенде қолындағы балғасын қоя қойып күліп амандасады. Не де болса, күнде бесін ауа ол кеткенде қауқылдасып күліп қоштасады. Өзі бір қызық жігіт, Зердебай күнде қажыға барып келіп отырғандай, көрсе болды, құнжыңдап қолын ала жүгіреді.
Мамыр туды. Қозы-лақ аяқтанды. Құм арасы ала бөтен ысып, ірге көң сасып, жұрт кеңді аңсайтынды шығарды.
Хан аулының қызылды-жасыл ирелең көші жылдағыдай Ырғыз, Торғайға тартпай, биыл Мұғаджардың күн шығыс жақ сілемдерін бөктерлеп, мысық табандап терістікке беттеді. Әдетте хан ауылдарының батыс жағын ала көшетін жеті ру биыл екі жарылып, Есет Мұғаджардың арғы бөктерін ала жылжыса, Бөкенбайдың көк ала жылқысы Ырғыз алқабын бір өзі шаңдатып сел дариядай жөңкіліп келеді.
Ханның қалмақ бетін ала жүретін екі батырдың көші-қонын биыл бүйтіп өзгертіп жіберуі тегіннен-тегін емес-ті. Мыж-мыж Мұғаджардың жыра-жылғасында жылымшы бұлақ, шоқ-шоқ тоғай мен ойдым-ойдым жыныстар қанша жеткілікті болғанмен тұнықтан су ішіп, шалғында аунап қалған хан үйірлеріне бақасы қаздай шулаған, балығы тайдай тулаған Ырғыз, Торғай бойындай, екі судың арасында бірінің етегінен бірі ұстап жалғасып жататын жуздеген шұбыртпа көлдердей қайдан болсын.
Әбілқайыр жайласа жазығы, саят құрса қалыңы мол жылдағы қонысын қайбір жетіскендіктеи тастап отыр дейсің.
Биыл Жәдік тұқымының, жылдағыдай емес, ымы-жымы бір. Анада көктемде Батыр құм арасында патша керуенін тонап алып жатқан тұста, Арқадағы қандастары аң қуып жүрген башқұрттарды талады. Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады деп Уфа екі ортаға кісі бастыруды қойды. Тевкелевтің қасындағы башқұрттар мен солдаттар хан ауылынан басқа тарапқа аяқ аттап шығудан қалды. Мәмбет елшімен әрі ақылдасып, бері ақылдасып анадағы қарақалпақтан шыққан жүз алпыс үйді көктем кіре бойларына күш жүгіріп қайтадан жорта бастаған барымташыларға қолды болып кетпей тұрғанда ішкі жаққа аттандырып жіберуге ұйғарысқан. Еліне беттеген башқұрт көшін хан мен Бөкенбай Ырғыз бойына дейін шығарысып салысты. Оларды жол-жөнекей қызылкөздерден қорғау үшін Бөкенбайдың інісі Құдайназар атқа мінді. Әбілқайыр, елші, Бөкенбай өткелден әрі өтіп елдеріне бет түзеген ұзын тізбек көшке қош-қош айтып кері қайтулары-ақ мұң екен, сонадай-сонадайда желдеген түйедей сәңкиіп-сәңкиіп тұрған саяқ жалдардың таса-тасасына бөлініп ап ұрымталды күтіп тұрған үш жүз атты лап қойыпты. Арт жақтарында шаң қойылып кеткенін байқаған Әбілқайыр мен Бөкенбай табынның тағы бір көк жұлыны, Бөкенбай батырдың тағы бір немере інісі Төлебайды қастарындағы қолдың тең жарымын қосып беріп, көш соңына аттандырған-ды. Сөйтсе, әлгілер оларға да бой бермей, ертеңіне таң атқанша ұрыс салыпты. Оны естіген Әбілқайыр мен Бөкенбай іздерінше кері қайтып, Ырғыздан әрі өтіп алған көшті тағы да үш күндік жерге шығарып салды. Көздері қорқып қалған көшке Уфаға жеткенше бас-көз болсын деп Құдайназардың қасына Төлебайды да қосты. Содан хан мен Бөкенбай батыр қарсы жақтың дәл мынандай ақ көздігіне ауылдарына жеткенше бастарын шайқасып, қайран қалумен болды.
Шынында да, қайран қалса, қайран қалғандай еді. Мәмбет елшіні жол-жөнекей қасына қосып ап, Хиуаға өтіп кетем деген патшаның сары ала иық ұлығын елсіз шағылдың арасында он күн бойы қамап, түйенің бауырынан шығатын ащы дыммен таңдайларын шылайтын халге жеткізіп, бастарымен қайғы қып жібергендері анау. Қазақ сұлтандары мен ру басыларынын бір қатарынан ант алып, қағаздарын ақ патшаға жөнелттім, қалғандарымен мамыр айында өтетін құрылтайда кездесіп сөйлесем деп іштей тоғайып отырған елшіні қараптан-қарап іш құса қылып қойғандары мынау! Сонда Жәдік түқымының екі бірдей өкілінің анада ақ патшаның елшісінің алдында құлдық ұрып берген анттары қайда! Бұрынғы іргеден ши жүгірткен бұқпантайды қойып, ашықтан-ашық ұстасайын дегені ме? Бұларға бұндай желік қайдан бітіп жүр? Ел арасына құлақ тосса - айтпайтындары жоқ. Анадағы Бақай батыр бастап кеткен елшіліктен ештеңе шықпапты дейді. Уфа мен екі ортада екі рет қазақтардың шабуылына ұшырап, жұлған торғайдай болып ит сілікпесі шығып барған ол немелердің балдыр-батпақ әңгімесін ақ патша не қылсын! Көзі шатынап: «Ресейге қарағандарың рас болса, қолдарыңдағы орыс тұтқындарын неге босатьш әкелмедіңдер! Сендер бодан болайын деп жүрген пәтуалы жұрт емессіңдер, әшейін сыйлық көріп, тарту-таралғы алуға келіп жүрген суайтсыңдар!» деп ұстап ап абақтыға қамап қойыпты деседі. «Қазақ арасында тұтқын боп жүрген орыстарды бірін қалдырмай босатып әкелгендеріңше жібермейміз», - деп аманат қып алып қапты деседі. Оның үстіне орыс керуенінің тоналғанын естісе, ақ патша, қанша көнтері болса да, шыдай қоймас, салар ала бүлікті деп үрейленіседі. Бәлкім, бұлары алақашпасы көп сара елінің ойдан шығарып алған өз лақабына өзі сеніп дүрлігіп жүргені де шығар. Бірақ бұның бәрі тек құзғын құлақ халықтың қайдағыны қайдан қиыстырып жүрген қысыр қиялы ғана ма?! Осының бәрін ойлап тауып, ел арасына жайып бағушылар жоқ па екен?
Осындай қатпар-қатпар ауыр ойға белшесінен батып күйзеліп отырған ханның үстіне қасында мысық мұрт, теке сақал, сығырақ көз біреуі бар Бөкенбай кірді. Қолп-қолп аяқ-басысы, қамшысын зірк еткізіп тастай салғаны, тұнжырап көзіне мініп алған жалбыр қабағы оның жақсылық хабармен келмегенін сездіргендей. Қасындағысын көзімен нұқып «отыр» деп ымдады. Онысы оң жаққа кеп сылқ етіп отыра кетті. Киім киісінен, жүріс-тұрысынан қалмақ екенін айтпай біліп отыр. Қалмақтың елшісін кермей жүрген Әбілқайыр ма! Бірақ мынаның бүгежектеген қимылы, ауызыңа қарап жалтақтаған жаутаң көзі оған таңсық еді. Бұрынғы қалмақ елшілері кергіп, кісімсіп бітетін, ал мынауың «үп» десең ұшып кетердей боп қаңбақтай елпілдеп тұрған бірдеңе.
- Сөйле! - деді Бөкенбай, оған есігіндегі құлындай зеки тіл қатып.
Әлгі мысық мұрт, теке сақал, сығырық көз қойынынан қолын күйдіріп бара жатқандай күйбеңдеп бірдеңе суырды. Шиыр-шықтап оралған қағаз екен. Онысын не ашып оқымастан, не Әбілқайырға ұсынбастан ынылдап сөйлей жөнелді.
- Менің аты жөнім - Мөңке. Мені сізге, алдияр хан, Назардың Доржысының баласы Лобжы тайшы жіберді.
Доржы тайшы мен Шерін Дөндіктің арасында кикілжің шықты. Шерін Дөндік жаны қысылғасын патшадан әскер сұрады. Патша оған жиырма мың әскер жіберді, бірақ ол әскері атты қалмақтардың тегеурініне шыдай алмай быт-шыт боп жеңілді. Енді әкелі-балалы екеуі бәрібір ашылар бетіміз ашылды деп Ресейге қарсы соғыс ашпақ боп жатыр. Мені олар Алдияр тақсыр мен Әбілқайыр ханды орыстарға қарсы одақтасып бірге соғысуға қалай қарайды екен, біліп кел деп жіберді.
Хан мынаны естігенде қайран қалды. Доржы мен Аюкенің ұстасып келе жатқанын біраздан білетін. Баяғыда Аюке жоңғардың қонтайшысын құшақ жая қарсы алмақ болғанда жолын кескестеген де осы Доржытұғын. Оның бірақ ақ патшаға қарсы қол көтере бастағанын естіп отырғаны осы. Сөйтсе, Доржы мен Лобжы Аюкенің ұлы Шерін Дөндікпен ит пен мысықтай көрінеді. Шерін Дөндікпен өштесем деп жүріп, ақ патшаға да жауығып алғанға ұқсайды.
Мынау мысық мұрт, теке сақал бет ауызы бүлк етпей:
- Қатын бастаған көш оңатын бе еді! Петр патша барша қалмақ ұлыстарына бірдей қарайтын еді. Мынау әйел хан тұқымынан басқаны көзге ілмейді. Зеңбірегі бар, добы бар деп қанша дабырайтқандарымызбен патшаның әскері қазақ пен қалмақтың алдында тай мінген баладай болып қалады екен. Талай жерде көріп жүрміз. Егер қазақ пен қалмақ тізе қосып соғысар болса, патша ханымыңпың талай сыры белгілі болып қалар түрі бар. Алдияр тақсыр, айтқанына келісер болсаңыз, Лобжы тайшы бүлдіршіндей қызын қара ормандай қалың дәулетімен сізге ұзатпақшы. Бөкенбай мен Есет батырға да екі жүз жылқы, жүз түйеден тарту-таралғы дайындап отыр. Енді патшаға жалтақтайтындай нелеріңіз қалды. Елшілеріңіздің киген кебін өзіңіз де естіп жатқан шығарсыз, - дегені.
Әбілқайыр ләмим үндеген жоқ. Ұмсынып қолындағы хатын алды. Сырттан Бәйбек төлеңгіт кіріп, Мөңкені басқа үйге ертіп әкетті.
Әбілқайыр мен Бөкенбай бір-біріне қарасты. Батырдың бұрынғыдай емес бұл күндері қабағы салыңқы жүр. Қай ауылға барса да, жұрттың сыртынан: «Байғұс ақ патшаның елшісі дегенде ішіп отырған тамағын тастай беріп, атына мініп, аяғы салақтап шаба жөнелуші еді. Кәпірлердің падишасы ол еңбегінің хиуазын қайтарудай қайтарыпты ғой. Онсыз да бір күн ауру, бір күн сау отыратын қатыны қазір екі күннің бірінде құлап қалатын талма ауруға ұшырапты. О бейшара, өйтпегенде қайтсын! Ызғындай төркін жұртынан қалған жалғыз інісін, ақ патша абақтыға салып тастапты. Бөкенбай босқа шапқылап, Бақайдың басын жұтатын болды», - деп кеңк-кеңк күліп жатқандарын естімей-ақ сезетін. Үйіне барса, жаз ортасында қағынды алып бара жатқандай тарс бүркеніп, әйелі теріс қарайды. Бөкенбай бүгінде үйі екеш үйіне де сазарып кіріп, сазарып шығады. Ешкімге қабағын ашпайды.
Міне, Әбілқайырдың қасында да ұртына су толтырып алғандай үн-түнсіз тырысып отыр. Оның мынау салғырт жүзі мен салыңқы қабағына қарағанда жұрттың әлгі айтып жүрген қаңқуына Әбілқайырдың өзі сеніп қала жаздайды. Шынында да, сенбейтүғын несі бар? Қыстың көзі қырауда жер түбінен барған елшілікті ақ патшаға шимай-шимай ала қағаздан басқа алып барған қай бетжүздігі бар?!
Құрғақ сөз, құр уәде. Оның үстіне Уфа ұлығы патша ағзамға Мәмбет елшінің мұнда қандай нәпақа көріп жатқанын айтпады дейсің бе? Мәмбет мырзаның тағдырын ойлап тынышсызданбаса, анадағы керуенді аттандырар ма еді. Оның немен тынғаны белгілі. Соның бәрін көріп-біліп отырған ақ патша қолындағы қазақ елшісін қайдан аман-есен қайтара қойсын. Ашу үстінде абақтыға салса, салған да шығар. Бірақ, енді Батыр сұлтанның мына сорақылығын естісе, ол байғұстардың күнінің не болатынын бір алла біледі. Бақа батырдың бар тумаласы Бөкенбайға еріп жорыққа аттанып оққа ұшты. Бүкіл бір әулеттен қалған жалғыздың жәйі батырдың жанына батыңқыраған сияқты. Оның үстіне осы ала шабуыл жүрісіміздің соңы неге ұрындырар екен деген күман да ойында жоқ дейсің бе! Бұрын біреуі жақтырар, біреуі жақтырмас, әйтеуір, ауызымызға жұрт қараған алаштың азаматы едік, енді, міне, кім көрінгенге күлкі болуға айналдық. Алдымыздағы жұрт тоз-тоз боп бөлініп кетті. Біреулері құйрық-жалдарын бір-ақ кесіп безіп кетсе, біреулері «әй, осыларыңның түбі қайыр болса, жарар еді», - деп сенбей қарайды.
Шынында да, ойланса ойланатындай-ақ жағдай. Ақ патша қаһарына мінсе, мінуі де мүмкін. О заман да, бұ заман әйел билеп көрмеген елде өскен бұларға қатын патшаның не істеп, не тындыратыны атымен беймәлім. Ақыл қысқа, шашы ұзын нәсілдің өкілінің қолына өкімет бергенде қандай сұмдықты шығаратынын кім біліпті? Аюке тұқымының қалмақ арасындағы ықпалының жылдан жыдға әлсіреп бара жатқаны да құлаққа тимей жүрген құпия емес. Ақ патшаның Аюке баласын қорғай алмай, әлгіндей күлкілі жағдайға ұшырағаны рас болса, оның қазақ арасындағы беделінің құлдырап шыға келері сөзсіз. Ақ патшаның беделі өйтіп аяққа тапталса, Әбілқайырға не жорық! Соны біліп әккі Доржы мен Лобжы бұған әдейі салмақ салып отыр. «Бізге ерсең қазақтың да, қалмақтың да арасында айдының асады» - демекші. Қыз бен қылқүйрықты да сол үшін ауыздарына алып отыр. Қазақтың да басы мынау желді күнгі бидайықтай толқып тұрған кезінде Әбілқайыр да найзасын орыс шекарасына қарай түре созар болса, «Әттеген-ай!» - деушілерден гөрі «Е, бәсе!» - деушілердің көбірек болары белгілі. Ондайда жырылып жырақ көшкендердің жиылып қасына қайта қонуы да ғажап емес-ті. Табалаушылардан гөрі мақұддаушылардың көп болары да рас. Жаңадан көсем іздеуден гөрі көзі үйренген құлағы үйренгенге айналып үйірілуге қашан да әзір тұратын бойкүйез халықтың: «Қашанғы кәрі тарлан ғой!» -деп тағы да алдарына салуы мүмкін. Бүгін таңда әлгінде ғана алдында болып кеткен мысық мұрт, теке сақал, жылан көз елшінің айтқанын орындаса, кейінгі кезде іргесін сиретіп кеткен қалың қазақ қарындасының ертең-ақ қауқылдасып кеп қайта қаумалары күмәнсіз.
Хан орданың маңының да мынау ай далада жалғыз қалған ұрының үйінің іргесіндей құлазып тұрмасы кәміл. Иә, ойланса, ойланғандай. Бөкенбайдың қабағы түссе, түскендей. Жіберген елшің абақтыда отырса, бастаған ісің адыра қалса, ағайының сырт айнала бастаса, қайтып қабағың түспес. Сондайда құдай әлсірей бастаған шырағыңның астына қайта май құйып, алдыңнан тағы да бір үміт сәулесін төксе, қайтып ойланбассың, қайтып басың қатпас...
Жарайды, бүл райынан қайтсын-ақ! Бүгін теріс қарап кеткен жұрты қайта айналып қасына келіп: «Әп, бәрекелде!» - десін-ақ. Қалмақтың ханы қызын берсін, алдына алалы-құлалы жал-құйрығын қаптатсын-ақ. Ал, сосын... Сол қарқаралы дәурен қашанға созылады? Ертең шығыстан қонтайшының көзі қанталап қайта шаппасына кім кепіл! Сонда, «Қап, бәлем, сенің кешегі ісің бе!» - деп ақ патшаның көк жаға ғаскерінің тап бермесіне кім кепіл! Екі оттың ортасында онсыз да шыжғырылып жатқан жұрттың екі жағының да ошағына өзің тамызық тастап, тамұқ отын қаралай тілеп алған сор маңдай сонда болмайсың ба!
Жарайды, бүл райынан қайтсын-ақ! Патшамен әмпейі болдың деп шешек шыққандай қып айналасын тыр жалаңаштап кеткен қалың қазақ қайта жиналсын-ақ! Бірақ, ол ынтымақтың қаншаға созылатынын қайдан білдің!? Бүгін топырласып сені тапқан тобырдың баяғы Аңырақай жеңісінен кейінгісіндей қылып ертең-ақ кекжиіп-кекжиіп кекірейіп кетпейтініне көзің жете ме?! Жәдік тұқымының қайта таламайтынына көзің жете ме? Түркістандағы ақ сарайдағы аталарының жамбасын шірткен бас тақыты көздері қиып саған бере қоятындарына көзің жете ме?! Бас тақыт қолына түспей тұрып мынау алаусыз жұрттың алдына шыққан қай азаматтың басына бақ баяндап еді? Іріген айрандай ұйтқыма еліңді ұйтқылы қылам десең, ең алдымен, сол бас тақытқа талас. Бастағы бақыт - тақымдағы тақыт! Оны саған бір берсе, сол ақ патша береді! Ендеше, сен райыңнан қайта адмайсың. Ол райыңнан қайтқаның тірілей масқара болғаның! Қысық көз қалмақтарды сенің жауларыңның айдап садмай отырғанын қайдан білдің! Олар сені сүйтіп райыңнан қайтқызып, қазақтың да, орыстың да алдында масқара қылғысы келіп отырмағанына көзің қайдан жетеді? Райыңнан қайтсаң, қазақ береді дегеннен күдеріңді үзіп, енді ақ патша бере ме деп жүрген есек дәмеңнен де бір жола айырылғаның. Қоқан-лоқыдан ештеңе шығара алмаған аяр жау енді айлаға басар. Сенің бүгін ақ патшаның алдында бетіңді бір шіркеулі қылып алса, бақ пен тақтың жолында бастарын құрбанға шалуға бар Жәдік әулеті илікпей кекірейіп отырған патша сарайының алдында ертең өздері елпіл қағып шыға келмесін кім біліпті? Анада қыста Мәмбет мырзаның елшісі барғанда Сәмеке сүйтпеп пе еді! Елші шақырып жатыр дегенде шаңырағына қақырып отырған шалқақ бас Батыр жем жеп үйренген жетім қозыдай телмеңдеп жетіп келмеп пе еді. Ендеше, мынау Мәмбет елшінің етегінен бір ұстадың екен, айрылма! Өлсең бірге өл, тірілсең бірге тіріл! Ендеше, Доржы мен Лобжының сатқындығын әшкереле!
Қазір ақ патшаның елшісін шақырып алып әлгі сүмелек әкелген хатты қолына ұстат! Не дер екен, тыңда! Сосын ақ патша саған сенбей көрсін!
Бұл үшін енді мынау жан-жағынан бірдей қаптап келе жатқан топан судан аман қалудың жалғыз жолы - орыс елшісінің етегінен тас қып ұстап алып айрылмау. Мына хабарды естісе, оныңда зәресі зәр түбіне кететін шығар.
Қазақ арасында Сартайлақ атанып кеткен қаңғыбас Сергей Костюковтың жүрмейтін жері жоқ. Таңертең сиыр сәскеге дейін, кешке бесін ауа азан-қазан боп мал сауып, қозы айырып жататын ауылдың көгенінің басында сол жүреді. Қатын-қалаш қазық қағып өрмек құрса, қолына бір домалақ ұстап ап, жіп керіп сол жүреді. Кемпірлер күмп-күмп май шайқап жатса, балалармен қосылып екі алақанын кезек жалап сол отырады. Кейде томар келіні қайың келсаппен тарс-тарс ұрып тары түйісіп жатса, кейде ши шыптаға құрт жайып жатады.
- Қазақ қатындарының етегі алты қанат үйдің ішіндей айлапат келеді екен. Бір кіріп кетіп, адасып қап шыға алмай жүрме! - деп қостағы серіктері әжуалайды.
Оның біріне пысқырып қарайтын Костюков жоқ. Тәңертең төсегінен тұра қазақ аулына қарай аяңдайды. Ол күні ұстаның үйіне енді жете бергенде ауыл балаларының бір-бір тай мініп әлдеқайда аттанып бара жатқанын көрді. Өзіне бала үйір еді. Бір-екеуі бүрылып шауып келді.
- Сартайлақ! Алақай, Сартайлақ! - деп айқайлап келеді.
Жолдарын сермеп тау жақты нұсқағандарына түсінбесе де, біреуі атынан түсе қап, серігінің артына, міңгесіп, тайының жүгенін ұстатқаннан «Бізбен бірге жүр!» - деп тұрғандарын түсінді. Ойнақшыған құла тайға ырғып мініп, шуылдасқан көп баланың соңынан салды.
Мыж-мыж қоңыр таудың бір жүлгесіне келіп кіріп еді, екі бауырдай тырбық бұталардан көрінбейді екен. Бұта басы мөлтектеген қарақат, бүлдірген, ит жидек, бәрі жидек. Балалар тойларын тау етегіндегі көк майсаға тастай салып, қалың бұтаның арасына сүңгіп кеткен. Әлгінде ғана бірге келген екі серігінен адасып қалған Сартайлақ біресе ана жынысқа, біресе мына жынысқа қойып-қойып кетеді. Бірақ екі серігін таба алмай қалды. Оларды соңыра тайларын тұсап кеткен жерлерінен ұшырастырармын деп ойлаған Костюков тікен-тікен бүталардың басында әбден пісіп мөлтеңдеп тұрған қап-қара, нарт қызыл жидектерге бас қойды. Мынадай айдалада тап бұлайша қаптап тәтті миуа өседі деп кім ойлаған! Көздің жауын алар көп тәтті моншақты көргенде балалығы ұстап кетті. Жұлып алып аузына сала берді, сала берді. Бір уақыттарда әлгінде ғана ауызында шие татып тұрған тәтті дәм кермек татып бара жатқанын байқап, үстіндегі кенеп бешпетін шешіп ап, бір жеңін түйіп, ішіне терген жидектерін сықап сала бастады. Әуелі бір жеңін толтырды, сосын екінші жеңін толтырды. Көз алдына тәтті десе құныға тиісетін Цапаевтың семіз әукесі елестеп кетті. Қотыр сөзден басқада шаруасы жоқ немені соңыра бір қарқ қылсын да тастасын! Енді бешпетінің етегі мен жағасын да бүре түйіп, ішін жидекке толтыра бастады.
Шырқау кекке шығып алған күн маңдайын қыздырып, көзіне күлкі үйірді. Қалың бұтаның арасындағы кішкене алаңқайға шалқасынан түсіп жата кетті. Құлағында әлдеқайда бұтаның басына қонып ап дамылсыз сайрап отырған әлдебір құстардың үндері, қалың жынысты жара сүңгіп жидек теріп жүрген балалардың сыбдыры. Қандай рақат! Баяғыда бала кезінде дәл осы уақытта жидек теретін қалың орманның қақ ортасында жатқандай. Дүниеде аспан біреу, жер біреу, күн біреу. Олардың ортасьшдағы тіршілік те ортақ. Жидек қайда да дәл осылай өседі. Оның дәмі қайда да осындай. Оны балалар қайда да осылай құныға тереді. Жидек терген балалар қайда да осылай есі қалмай қуанады. Әйтеуір, бүған салсаң мынау жапан түздегі жарық өкше жалба тымақтардың өз еліндеғі жалаң ерін, жыртық шарықтылардан ешқандай айырмасы жоқ сияқты. Бұлар да дәл солардай аңғал! Бұлар да дәл солардай секемшіл! Жаман ойың жоқтығына көздері жетсе болды, бұлар да дәл солардай ішек-қарынын жайып салады. Ал, Цапаевқа айтқызсаң, бұлар шетінен сұм, шетінен суайт, шетінен сені алдап арам қатқызып кеткісі келеді де тұрады. Екеуі жатып алып дауласады. Бұл кінәнің бәрін оның өзіне, өзінің секемшілдігіне жабады. Ол бұған: «Сен әлі бозауыз баласың, ештеңе білмейсің», - деді. Бұған салса, оның өзі ештеңе білмейтін сияқты. Ол бірдеңе білсе, мына жидек теріп жүрген балаларға қарасыншы. Мұғад-жардың бауырында жидек теріп жүрген мына қара сирақтардың Орал тауының бауырайында жидек теріп жүрген сары сирақтардан несі өзге? Олардың да еріні тілік-тілік. Олардың да шашы жалбыр-жалбыр. Олардың да тұмсығының асты сауыс-сауыс...
Қиялшыл Костюков қайдағы-жайдағыны ойлап жатып көзі ілініп кетіпті. Кенет дүние тым-тырыс тына қалғандай болды. Басын жұлып алды. Күн еңкейген. Көлеңке ұзарған. Бауырай жым-жырт. Манағы сытыр-сытыр сыбдыр түгел өшкен. Алақтап жан-жағына қарады. Ештеңе көрінбейді. Орнынан тұрды. Қалай қарай жүрерін білмеді. Әрлі-берлі жыныс кешіп көріп еді, ештеңе таба алмады. Көңіліне бір қорқыныш кірді. «Адасып кеткенім бе!» - деп ойлады. Тұра қалып жоғарыға көз салды. Жатаған мыжық шоқыларға қарап, еңіске қарай салды. Сүйтіп сай табанына шықты. Сай табанындағы көктемде жүрген судың жырып кеткен ізіне қарап, ағыс бағытын аңғарды. Біраздан кейін шықыр-шықыр тас азайып бір көгал тепсеңнің үстінен келіп шықты. Тепсеңде, о жер, бұ жерде жас тезек жатыр. Мана тайларын тұсап кеткен жері. Балалар, шамасы, ауылдарына қайтып кетсе керек. Улап-шулап жүріп бұны ұмытып кеткен ғой.
Күн шығысқа қарай салып келеді. Көп ұзамай өзен кезігетін сияқты еді. Мана тәңертең әр жер, әр жеріне ойдым-ойдым қара су жиылып қалған ырсиған аңғар сайдан өткен-ді.
Сай табанына түскенде тұла бойы түршігіп кетті. Жан-жақ жым-жырт, Ең болмаса, суға жабылып жатқан мал көрінбеиді. Түздің әлдебір күңірсіген қышқыл шөбінің исі мұрнын жарып барады. Кенет бірдеңе сытыр ете қалды. Селк ете түсті. Жалт қараса - анадай жердегі ойдым қара суға аяғын мальш біреу отыр. Бұнымен ешқандай шаруасы жоқ. Бар назары суда. Еңкейіп үңіліп алған. Бұл аяғын еппен басып жақындай түсті. Әлгі адам селт еткен жоқ. Бұл оның ту сыртына барып тоқтай қалды. Мынау бейтаныс адам неге қарап отыр екен деп суға үңілді. Бір шиедей еріні үлбіреген ақша жүз нәркес көз қыз жәудірей қарап тұр екен. Су бетіне түскен бұның суретін көріп жалт бұрылды. Баяғы - зергер Зердебайдың үйінде көрген сұлуы. Содан бері көзіне түспей кеткен. Орнынан атып тұрды. Сосын иығындағы орамалын қолына ұстай-мұстай қаша жөнелмек болды да, бұны көріп тоқтап қалды. Әлгінде ғана ақ шүберектей боп қуарып кеткен жүзіне қайтадан қан жүгірді. Әлгінде ғана шарасынан шығып кете жаздаған отты жанары орнына түсті. Сосын бұның тұла бойына, тікен қонақтап қалған үсті-басына қарап бір жымиып қойды. Онысынан қайта үркіп дереу орамалын басына байлап, анадай жердегі серейген ала қапшығына жүгірді. Бұл бүрын жетіп қапшықтан ұстай алды. Іші қаудыр-қаудыр етеді. Бұл оны да өзі құсап, балалармен бірге жидек теріп жүріп қалып қойған ғой деп еді. Сөйтсе, тезек теріп жүр екен. Бұл қапшықты иығына сала беріп еді, қыз жүгіріп кеп қолынан жұлып алды. Сүйтті де апыл-құпыл жардың басына өрмелей жөнелді. Аңырып біраз тұрып алған Костюков сай бойынан шыққанда анадай жердегі ауылға қарай жүгіре басып бара жатқан қызды көрді. Ала қапшықтың тасасында судағы балықтай сылаң қағып бара жатқан сұлу дене көзіне оттай басылды. «Неткен сұлу! Неткен үркек!» - деп ойлады.
Кенет ат пысқырды. Анадай жерде жалы тізесіне түскен қара атты біреу ауылға қарай емпеңдей басып бара жатқан қызға бір қарап, аңырып тұрған бұған бір қарап, басын шайқап сай бойына түсіп кетті.
Әбілқайырдың хабарын естігенде Тевкелев орнынан ыршып түсті. Батыр сұлтанның қолтығына баяғыдан бері кімнің су бүркіп келе жатқаны енді белгілі болды. Гарбердің керуенінің қашан шығатынын хабарлаған да басқа ешкім емес, тап сол екеуі Доржы мен Лобжы. Әкелі-балалы екі қорқау Шерін Дөндікте кеткен еселерін қазақты орысқа айдап салып қайтармақ. Ол суайттардың сөзінде тырнақтай қисын болсайшы, сірә! Ресейдің әскери дайындықтан өткен жиырма мың солдатына ол екі қарақшының қара таяқтары түгілі күллі қалмақ жұрты, қалмак, түгілі мынау ұшарын сай, қонарын жел білетін баріна көшпенділерін төтеп бере алар ма! Құдайдын жоғына сенетін ашық ауыз аңғал жұртты оп-оңай алдай салғылары келген ғой. Мынау ханның да, көрмейсің бе, көзі төрт бүрыштанып кетіпті. Әншейінде әлдекім желкесіиен тартып тұрғандай кекшиіп көкке қарайтын неме бүгін кірпігімен жер шұқып, тұқшиып кетті. Ішінен әлгі көбік ауыз көкімелердің айтқанына сеніп қалған түрі байқалады. Бұлардың басынан бұндай есірік ойды осы қазір қуып шыққаны жөн. Әйтпесе, бұндай қаңқудың арты насырға шауып кетуі әбден мүмкін.
Мамық төсекте үрген доптай тырысып, томпиып отырған елші, қапелімде, не дерін білмей, қолындағы хатты отқа лақтырып жібере жаздады. Бірақ ертең патшаға апарып көрсетуі қажет екені ойына түсіп, ханға қайтармай, жалма-жан қойынына тықты. Сосын ауызына сөз түспей, екі тізесін сарт-сарт қойып қалды.
- Россия жер қозғалса қозғалмас алтын діңгек болғанда, қалмақ дегенің үп десең ұшып кетер қаңбақ емес пе! Оны ормандай орыс түгілі Жайық қазақтары мен башқұрттың өзі-ақ оп-оңай төмпештеп тастамай ма! Мұндай суайттардың соңынан халық қайдан ерсін! Сондықтан да торғауыттар олардың айтқанын тыңдамай Шерін Дөндіктің жағына шығып кеткен ғой! Өз жұртын дегендеріне көндіре алмаған соң, енді сендердің құлақтарыңды тоздырмақшы. Біреудің қолымен от көсемек! Анада Гарбердің керуенін тонатты. Енді сендерді патшаға қарсы айдап салмақ. Патша оларды бүйтіп талтаңдатып қоймас. Ертең-ақ көкелеріне көрістірер. Ол ант аттаған арамзаларды патша неге қолдасын, ал анау антқа адал Шерін Дөндіктердің бетіне тірі шыбын қондырар ма! Мына хатты әкеліп бергендеріңе көп-көп рақмет!
Елшінің бүйтіп күйіп-піскені ханға қатты әсер етті. Егер ол бұлай тызалақтамай, сабыр сақтап сөйлегенде, әлгі сөздерінің бәрі әншейін көз арбау, көңіл алдарқату болып көрінер еді. Оның мынау өз шашын өзі талдап жұлардай болып, отырған жерінен ыршып-ыршып түскені, аузына, қапелімде, сөз түсе қоймай, біреу қылғындырып жатқандай, ықылық атып тұтыққаны, шырылдақ даусының шаңқылдап қатты шыққаны ашуына шындап мініп отырғанына, жапан даладағы жалғыз елшісінің өз жалыңа қол апартпай осынша тұлданғанда азу тісі балғадай патшаның кім көрінгенді басынан секіртіп қоя алмайтынына, әлгі әңгүдік тайшыларды түйе тарпыған бақадай бір-ақ тылпитып түсеріне, осындай айбынды билеушіге қарсы шығып жүрген Доржы мен Лобжының, расында да, әумесер немелер екеніне көзін әбден жеткізе түскендей болды.
- Елші мырза, біз олардың бұл былшылына сенген жоқпыз. Сенсек бүйтіп жазған хатын өз қолыңызға әкеліп бермейміз ғой, - деді Әбілқайыр. Тевкелевтің сонда да иегі-иегіне тиер емес.
- Жоқ, ол бөспебайларды көкесіне көрістіру керек. Әлгі екі сөлімбай елшіні ат көтіне өңгеріп осы бойда Уфа воеводасына айдатып жіберу керек.
Шатынаған суық жанары Әбілқайырдың көкірегін қарып өткендей болды. Сырбаз хан, қапелімде, не деп жауап берерін білмей мүдіріп қалды. Елші тап бүйтіп қатты кетеді деп ойлаған жоқ еді. Қалмақ хабаршыларын қол-аяғын буып воеводаға айдатып жіберсе, онсыз да сырт айналып тұрған халықтың не істеп, не қоярын кім білген?..
- Мәмбет мырза, - деді Әбілқайыр жайбарақат тіл қатып. Мына хаттың ар жағында қандай пиғыл жатқанын қайдан білеміз. Бәлкім, оларға біздің бүйтіп қатты кеткеніміз, хат әкелген елшілерге қол көтергеніміз керегіп отырған шығар, соны сылтауратып тағы бір бұзықтықты бастап кетсе қайтеміз. Мынандай алмағайып кезде абайламай іс қылғанымыз келіспес.
Арғы көмейлерін әбден білгенше сөз бұйдаға салып, елшілерді қайтармай тұра тұрайық. Ал егер қоңсы жатқан қалмақ ұлысының одақтас бол деп келген елшілерінің қолын артына байлап, айдатып жіберер болсақ, қарсы топ түгілі біздің жағымызда жүрген ру басыларының өзінің көңілдерін суытып алуымыз мүмкін ғой. Мына хатты патшаның қолына апарып тапсырсаңыз, жазаларын өзі-ақ тартқызбай ма? Мен сіздің етегіңізден бір ұстадым, енді өлсем де, өзіңізбен бірге өлемін. Менен көңіліңізге секем алмай-ақ қойыңыз. Мені патшаға берген антымнан ешқандай қыз, ешқандай пара, ешқандай әзәзіл айныта алмайды. Құр босқа ант-су іше беріп қайтемін. Ертең, құдай дегенге жеткізіп, еліңізге қайтар болсаңыз, балам Ералыны қасыңызға аманат қып ертіп жіберем.
Манадан бері төсегінің астынан тікен өскендей қиқаңдап отыра алмай отырған елші мына сөзді естігенде шатынаған көзіне нүр ойнап, көгіс тартып кеткен дөңгелек жүзіне шырай теуіп орнынан атып тұрды. Жүгіріп кеп Әбілқайырдың иығына қолын салып:
- Көп-көп рақмет! Міне, дұрыс! - деді.
Әбілқайыр елшінің қосынан әлденеге ауырлап шықты.
Ақ ордалардағы күбір-сыбырлардан бейхабар жұрт үйреншікті тіршіліктерінде еді. Мамыр орталап, бұта басы малдың балақ жүніне толып, қыста жанға сая болған жабағы түктің дене ауырлатар артық азапқа айнала бастаған шағытұғын. Қай-қай ауылдың да ту сыртында қой қосақталып, шақыр-шұқыр қырықтық қайралып, екі білектерін түріп, бастарын орамалмен буып алған алпамса еркектер жаңа көктемнің көк майсасына тойынып бүйірлері бұлтиып қалған жануарлардың төрт аяғын мықтап буып, көтеріп ұрып кеудесіне албастыдай қона-қона кетіскен-ді.
Қырықтықшыларын маңына жолатпаған тек хан ауылы ғана. Ірге шуаш сасып кетеді деп, малдарын елсіз түзге иіріп, сонда қырықты. Қырықтық басына иірілген жұрт кеш құрым аттарына мініп ауылдарына қайтады да, тау-тау боп үйілген жүннің қасындағы қоңыр үйде Итжемес пен орыс қызы Мәриям ғана қалады. «Құдайдың бергені ғой!» - деп қояды Итжемес, қырықтықшылар жал-жалдың тасасына сіңіп, қараларын батырып, тағы да екеуден-екеу оңаша қалғанда. Оның мына сөзін естігенде Мәриям да ыржың етіп бір күліп қояды.
Итжемеске құдайдың бергеніне, міне, екі айдың жүзі болып барады. Құрбан айттың қызып жатқан шағы еді. Қас қарая ауыл шетіндегі ас үйде ак, үйден келген табақтардың бірінің сарқытын біріне қосып, білекті сыбанып тастап, малшынды етке тиісіп берғен кезінде есіктен қызыл танау боп кіріп келіп:
- Сені Бәйбек төлеңгіт шақыртып жатыр дегені.
Әлі еңсеріле қоймаған сары тегешті қия алмай жалт-жалт қарап табалдырықтан зорға аттады. Алдындағы ұзын тұраға томпаңдап еріп келеді. Ол бір үйге келіп сүңгіп кетті. Әлгі үйге соңынан Итжемес те бас сұқты. Қақ төрде қайқы мұрты тікірейіп Бәйбек отыр. Көзі шатынап кеткен.
- Әй, сүмелек, - дейді бұған амандық жоқ, саулық жоқ зеки тіл қатып.
Итжемес созалаңдап оң жаққа өтті.
- Қазір мынау үй сыртында тұрған шолақ тұғырға мінесің де, қасындағы шегерулі жатқан қара атанды жетектейсің. Сосын мынау ұзын тұраның соңынан ересің. Ар жағын бұл өзі айтады. Бірақ, қара атанның үстіндегі кісінің қасына жарты қарыс жақындаушы болма. Өйтпейді екенсің анау солаң басын кертіктанауы таңқиып күл басына бір-ақ лақтырылады, - деді.
Орақ мұрын, қайқы мұрт қара кісінің ала көзі ызғарлана жылт етті.
Сырттағы шолақ тұғырға өзі бастап апарды. Колтығынан демеп көтеріп мінгізгелі жатқан кісідей қолын сумаң еткізіп оң жақ аш бүйірінен үзіп шымшып алды.
- Әлгі айтқанды ұмытқан жоқсың ғой?
- Иә, - деді Итжемес міңгірлеп.
Содан бүлар қара түнді жамылып әлдеқайда тартып келеді. Алдындағы ерең-серең қара көлеңке - мана мұны ас үйден ертіп әкеткен ұзын тұра. Соңында салп-салп желіп қара атан келеді. Қара атанның үстінде қаққан қазықтай боп үн-түнсіз біреу келеді. Итжемес оған тіл қатпақ түгілі бұрылып қарауға қорқады. Төңірегінің бәрі түнек, бәрі жұмбақ.
Олар таң атқанша жүреді. Таң құлақтана бір қазан шұқыр қара түлейге кірді. Құмақ бауырдан емпеңдей қүлаған екі атты бір түйелі жүзген мен сексеуіл өскен ну жынысқа кеуделеп кіре бастады. Бұлар ілгерілеген сайын арбиған-арбиған сойдауыл бүталар жиілей түсті.
Ну жыныстың шудадай ұйысқан қалың тұсына келгенде оймақтай алаңқай жолықты. Алаңқайдың қақ ортасында шөккен түйедей боп бірдеңе бұлтияды. Ұзын тұра соның қасына барып атынан түсті. Бұл да соның қасына жеткесін атынан түсті. Ұзын тұра қара атанның бұйдасын қолынан жұлып алып, анадай жерге апарып шөгерді. Үстіне әлем-жәлем бірдеңе киген бейтаныс адам анандай жерге барып состиып тұрып алды. Ұзын тұра жүгіріп барып түйенің теңін шеше бастады. Аузын тырситып буған екі ала қанар дүрс етіп жерге түсті.
- Неғып тұрсың, көмектессейші! - дейді ұзын тұра айқайлап. Бұл қасына барып ала қанардың бір жақ басынан ұстады. Екеуі ырсылдап-күрсілдеп ала қанарды әлдеқайда ала жөнелді. Әлгі шөккен түйедей бұлтиып жатқан жер төле үй боп шықты. Төбесінен әлдене өлеусірейді. Ол қарын тұтқан жарық түсер жаңғыз саңлау. Оң жақта опырайып қазандық тұр. Айқұш-ұйқыш сексеуіл бұталарын салып, арасын шағырмен жапқан жермен-жексен төбеге ыс тұрған ба, өрмекші ұя салған ба сүмелектеніп қапты.
Ұзынтұра қолындағы қанарды сылқ еткізіп оң жақ босағаға қоя салды. Екеуі жермен-жексен есіктен еңкейіп зорға шықты. Жатқан түйенің екінші қапталындағы ала қанарды ыңқылдай көтеріп тағы да жер үйге беттеді. Оны да сылқ еткізіп бір босағаға қоя салысты. Содан екеуі үсті-бастарын қағып қайтадан жарыққа шықты. Әлгі бір әлем-жәлем бейтаныс адам сол орынында состиып әлі тұр. Ұзын тұра шөгерулі жатқан қара атанды орнынан тұрғызды. Оның бұйдасын, бұл мініп келген шәлтік тұғырдың шылбырын қосақтай ұстап, барып атына мінді. Бұнымен сол ат үстінде тұрып сөйлесті.
- Бұл арадан ешқайда аттап шығушы болмаңдар. Қашан өзім қайтып келгенше тырп етпеңдер. Анау туралы манағы төлеңгіттің не айтқанын өзің естідің ғой. Ал, сау түрыңдар.
Едірейген қара атан бір мыңқ етіп керенау басып екі аттың соңынан ерді. Үш қарайған ну жыныстың арасына батып жоғалды. Аңтарыла қараған екі адам сілейіп әлі тұр. «Иә, құдай бергеніңе шүкір!» - деді Итжемес жағы жыртыла бір есінеп алып. Сол-ақ екен қарын тұсынан әлдене шұрқ ете қалды.
Есіне кешегі тауыса алмай кеткен сары тегеші түсті. Әлгі ала қанардың ішінде не бар екен? Итжемес еңкейіп аяғының астында шашылып жатқан қу бұтақтарды жиыстыра бастады.
Бір құшақ отынды опырайған қазандықтың қасына тастай салып, екі қанарға бас қойды. Аузын бүріп байлаған шуда жіпті тісімен үзіп еді, ар жағынан салаң етіп бір көк ала шүберек шықты. Ішінде ораған ештеңесі жоқ па екен деп жазып қараса - ауы салаңдаған әйелдің тіз киімі. Итжемес ол қанарды бір теуіп, екінші қанарға бас салды. Әлдене қаудыр ете қалды. Сөйтсе, қатырлаған жарғақ шалбар. Тозған түйе жүн шекпен. Ұлтарған көн етік. Итжемес аңтарылып тұрып қалды. Әлгі бас төлеңгіт бүларды тері-терсек талмайтын көртышқандар ғой деп ойлады ма екен. Сол-ақ екен әбден зығырданы қайнап кетіп, етіктің басымен бір беріп еді, зіп-зілдей бірдеңеге тиіп, башпайын ауыртып алғаны. Қоқыр-соқыр ыбырсып жатқан қос қанарға қайтадан бас қойды. Әйелдің қоқыр-соқыр шүберек-терінің астынан екі үйіткен қой шықты. Еркектердің қоқыр-соқырының астынан бір дорба арпа мен бір дорба тары шықты. Итжемес мұртынан күлді.
Тұмсығының астынан әлденелерді айтып ыңылдап ну жыныстың арасына сүңги түсті. Қалың сексеуілдің арасында жасырулы жатқан көн қауға мен тас астауға тап болды. Өңшең қу сексеуілдің тасасына тығып тастаған бұл не қылған қауға мен астау екеніне жақын тұрған жүзгеннің бүтағынан шірене тартып, қанша ұзақ отырып ойланса да, түсіне алмады. Қабат-қабат киімнің барлық бау шуын байлап жатып та, көн қауға мен тас астаудан көзін айырған жоқ. Сосын асықпай аяңдап басып, көн қауға мен тас астау жасырулы жатқан көп томардың қасына келді. Әуелі аяғымен түртіп көрді. Қауға да, астау да бүтін. Желкесін бір қасып, жер төлеге қарай бұрылып кетіп бара жатып, қайтып келді. Қауғаны қолына алды. Қаудырлап қатып қалған көн тулақты қолтығына қыстырып, енді аяңдай беріп еді, әлдене аяғынан қағып қалып мұрттай ұшты. Сөйтсе жер астынан соқиып бір таяқтың ұшы шығып тұр екен. Бұл не қылған таяқ деп үңіліп еді, әлгі жерді біреу қолдан топырақ үйіп көмген сияқты. Итжемес қуанып кетті. «Мына жерде көмбе болды ғой. Мынандай ұры-қары жүруге лайық қалың жықпылдың арасында талай қазына тығулы жатқан шығар-ау», - деп ойлады. Әлгі соқиып шығып тұрған таяқтан ұстап тартып еді, қалың жыныстың арасындағы бұлтиған қызыл төмпек жыбырлап қозғалайын деді. Опырылып ойылып барады.
Итжемес мойыны салбырап жер қазбаға беттеді. Келсе - сыз жер қазбаның іші бұрынғысынша қоқырсып жатыр. Бақыр қазанның іші сол баяғысынша ит жалап кеткендей жылтырап тұр. Итжеместің көңіліндегі әлгі бір жұмбақ тоқтық басылып, қайтадан қарыны ашып қоя бергендей болды. Жем тілеп тұр. Сәл бос қалса, қыңсылап бітетін құрмағырдың ындынын басу үшін мына қазанды ана қазандыққа орнату керек. Сосын одан әлгі үйткен қойдың еті мен не арпа, не тары салуы керек, оған су керек...
Сол-ақ екен Итжеместің көзі қайтадан жайнап қоя берді. Әлгі құдықты тауып алғаны қандай жақсы болған! Қаудырлақ қауғаны иығына асып ап кері жүгірді. Ол күні бір тыным таппады.
Оттың жарығымен сығыраңдап отырып манағы бірге қалған бейтаныс адам екеуі тамақ ішті. Мыжық табаққа құйылған қоймалжың бірдеңені екі кетік қасықпен малшыласып бақты. Қасындағы бөтен кісіден қымсынған Итжемес көзін табақтағы ботқадан көтермеді. Ауызы босаса әңгімелесуге тура келеді деп қорық-қандай, ысылдап-пысылдап ыссы тамақты тыққыштап бақты.
Тамақтан соң Итжемес ас қайтарғанның ырымын жасады. Серігі қолын жайған жоқ.
Белін босатқысы кеп сыртқа шыққан Итжемес үйге қайтып кіре алмай күйбеңдеп көп жүрді. Қара түлейдің іші тастай қараңғы. Ана жерден де, мына жерден де шабынған бурадай әлденелер қарауытады. Қап-қара аспан да қара жабағыдай ұйысып қалыпты. Мынау елсіз түлейде оны не күтіп тұр? Мына бір бейтаныс кісі екеуін мүнда әкеліп тастауларының себебі не? Қасындағы неғылған адам? Түсінсе не деисің? Бірақ, соны кеше бас төлеңгіттен, мана ұзын тұрадан батылы барып сұрай да алмапты. Енді, міне, жан-жағынан анталаған қорқау сауалдардың ындынын бітейтіндей қомақты жауап таба алмай дал болып тұрғаны. Қиналғанда не қиналмағанда не... Құдайдың салғанын көреді де... Осы кезге дейін талай қысталаңнан құтқарып келген құдай бұл жолы да қол ұшын бермес дейсін бе... Бір күрсініп ішке кірді. Қазандықтың ішіндегі от қып-қызыл қоламтаға айналыпты. Жер төленің іші бұлыңғыр. Серігі төсек салып жатып қалса керек, төр жақ бұлаңытады. Ғұмыры босағадан жоғары озып көрмеген Итжемес, жер төленің ішінде орын жеткілікті болса да, есіктің қыр көзіне төсегін салып, шидемін жамылып, ішінен: «Иә, құдай, өзің жар бола көр!» - деп күбірлей-күбірлей көзін жұмды.
Жамбасы қатты ұйып қалған екен. Астына сыз өтті ме, сыртқа шыққысы келіп кетті. Таң әлдеқашан атыпты. Түнде шабынған бурадай ентелей төнід тұрған айғыр бұтадар қазір бұға-бұға қалған. Қорқынышты қап-қара реңінен айырылып, тосапқа түсіп шыққандай, күп-күлгін тартып бозарып кетіпті. Тығырық түлейдің бір жақ кенерінен сексеуіл бұталарының біреуіне ілініп қалған қызыл шарқат орамалдай боп бірдеңе күреңітеді. Шығып кеде жатқан күн екен. Кеше мынау ернектің қай тусынан кеп құлағанын есіне түсіргісі келіп еді. Айыра алмады. Демек хан ауылының қай түста екені белгісіз. Өздерінің қайда екенін өздері білмейді.
Итжеместің ұйқысы шайдай ашылды. Денесін суық қармап, дір-дір сілкініп алды. Жер төбеге қайтып келе жатқанда қасындағы серігі жадына түсті. Сонда ол кім болғаны? Төр жаққа барып жатқанына қарағанда бұдан гөрі бағы зорыраң, дәрежесі үлкенірек біреу. Мына жалғанда бұдан дәрежесі төмен жан болуы мүмкін бе? Сондықтан да ол кешегі күні бойы тырбыңдап құдық аршыды. Кеш бойы тұқшаңдап от жағып, тамақ пісірді.
Бірақ, ол адам кім? Оның қасына бұны неге қосты? Ас-суын әзірлеп, қызметін қылсын деген шығар. Ендеше, тап сондай қадірлі кісі мынандай елсіз тұзге аластап әкеліп тастайтындай неден жазды екен! Оны жазалап, жазғырып отырған кісі кім? Сонда бұл оның сақшысы ма, қызметшісі ме? Әлде ол бұның сақшысы ма! Итжемес жер төлеге қайтып кіруге айбынып тұр. Ту сырты тызылдап барады. Бірақ, құдайдың салғанын көреді де...
- Иә, біссімілдә! - деп есіктен аттады.
Төрдегі төсек әлі жиылмапты. Сауыс-сауыс көк көрпенің арасынан әлдене ағараңдайды. Жаңа қатқан сары ірімшіктей әлдене дір-дір етеді. О тоба! Мынау әйел ғой! Анау жастықтың үстінде салбырап жатқан сары үйек жылан емес, бұрым ғой! О тоба!
Итжемес төр жаққа көзін сатып қарап тұрғанымды біреу-міреу көріп қалды ма дегендей, ізінше кері қайтып, сыртқа шықты. Төңірекке тағы да көз тастады. Құдықтың басына барды. Күйбеңдеп жүрді де қойды. Сәске тұсында жер төлеге беттеп еді, мыжық мұржадан будақтап шығып жатқан түтінді көрді.
Содан екеуі әлгі түлейдің ішінде бір айдан астам уақыт тұрды. Әуелі бұл оның әйелі екенінен қымсынып бір аптадай тіл қатыспай қойды. Сосын оның ханша үйінде жүретін орыс қызы екенін біліп, қазақшаға түсінбейді ғой деп бір аптадай сөйлеспей жүрді. Бір күні қанша аунақшыса да, ұйқысы келмей қойғаны. Қозғалатын сияқты, уһілейтін сияқты. Енді аңғарды, - тыпыршып жатқан қыз екен. Сол-ақ екен, бұның кекірегіне бір сұр көжек кіріп кеткендей жүрек тұсы лүпілдей ала жөнелді. «Апырай, менде де ес жоқ екен, - деп ойлады. - Сендей көн тулағы бұтына қатқан жаман жалшыны ол қайтсын! Найсаптың көк демесең, көзі қандай жайнап тұр! Салып ұрып қасына жетіп барса, не болар еді? Әй, бірақ, сырын білмеген аттың сыртынан жүрме деген бар емес пе!? Жанынан пышақ суырып алып, қарнап алса, текелік құрам деп жүріп, текке көмусіз қалар... Одан да осы басының амандығына, қарнының тоқтығына тәубе деп тыныш жүргені тәуір шығар!
Соны ойлап еді, көзіне ұйқы үйірілгені. Бір есінеп ап, теріс аунап, қор ете түсті. Бірақ, ертесіне де көпке дейін ұйықтай алмай шықты. Төрдегі қыздың аунақшыпжатқанын құлағы шалды. Енді күндіз тамақ пісіріп отырған бойжеткенің бетіне жалтақ-жалтақ қарайтын-ды көбейтті. Бір күні төңіректен томар жинап келсе - ол кір жуып отыр. Омырауы түгел ашылып, бүлкіл салып билеп тұрған екі алмасынан Итжемес, қапелімде, көз айыра алмай қалғаны. Кенет қыз жалп-жалп еткен маңдай шашын жинап жатып:
- Жарымағыр, сонша неге бажырая қалдың? - дегені.
Итжеместің екі көзі атыздай боп тас төбесіне шықты. Мына қыз қазақшаға судай ғой! Қуанғаннан ыржың етіп күліп жіберді.
Сол күні кешке Итжемес қанша зорланса да, ұйықтай алмады. Көкірек тұсы толып, демі бітіп барады. Ойына нелер түсіп, нелер кетпеді. Біресе, сары сайтан қыз алмас кездік суырып ап кезеніп жүреді. Біресе, бас төлеңгіт сегіз өрме қамшысын сумаңдатып ауыл айналдырып сабап жүреді. Біресе басы дағарадай молла сәлдесі селкілдеп теріс бата беріп қарғап жатады. Қараңғы үйдің ішінде көз алдынан ию-қию өтіп жатқан сол елестердің өңі екенін, түсі екенін айыра алмай басы қатып барады. Одан әрі шыдап жата алмады. Басын оқ жыландай бір көтеріп, бір бұғып, әрі-бері сергелдеңге түсті. Сосын: «Не де болса, құдайдың салғанын көреміз де!» - деп төрдегі төсекке қарай жылжыды. Теріс қарап жатқан қыздың жұп-жұмыр сауыры имиген Итжеместің іші бауырына кіріп кетті. Омырауын оттай жандырып барады. Қу қыз өп-өтірік ұйықтағансып, ештеңе білмегенсиді. Итжемес бұдан әрі кідірсе, бір жола балқып кетердей, жалма-жан теріс қарап жатқан қыздың иығына қолын салды. Өзіне қарай тартып, бауырына қысты. Сол-ақ екен тым-тырыс жатқан қыз:
- Мына жарымағыр қайтеді-ай! - деп иығын жұлып алды. Бірақ шалқасынан аударылып түсті.
Ертеніне Итжемес сиыр сәскеде барып бір-ақ оянды. Ірге жағында ешкім жоқ. Босағадағы бұның төсегі жетім тоқтыдай бұлтиып бос жатыр.
- А, құдай, бергеніңе шүкір! - деп қояды.
Содан бұлардың дәм-тұзы жарасты. Хан отырған үй мен ханша отырған үйден алты көш алыс жүретін Итжемес осы бір жайын ауыз жалақ ерін жайнақ көз қызды бұрын да көзі шалып қалатын. Ол ылғи ханшалардың үйінің маңынан шықпайтын. Оның тұтқынға түскен орыс қызы екенін де естуі бар-ды.
Бірақ, орыс қазақ тілін біледі деп кім ойлаған. Жалғыз Итжемес қана емес, осы даладағы шұбырып жүрген қаймана қазақтың қайсысын шақырып алып сұрасаң да, орыс қазақтың тілін білуі, қазақ орыстың тілін білуі мүмкін деп ойламады, қайсысының да айтатыны: «Қазақтың тілін ноғай біледі, ноғайдың тілін орыс біледі». Соған қарап Итжемес мына қыз да ноғай емес пе екен деп қалып еді. Сөйтсе, орыс қызы екен. Қайдан шыққанын, қайдан келгенін өзі де білмейді. Әйтеуір, бұл тумай тұрғанда әке-шешесін барымташылар тұтқындап әкетіпті. Әкесін бір жылдай ұстап бір жақтан келген саудагерлерге сатып жіберіпті. Екі қабат шешесін хан ауылына сауғаға апарып беріпті. Ол босанып қыз туыпты. Атын қазақтар Мәриям қойыпты. Шешесі Мария дейтін. Марқұм тұтқында жүріп тапты ма, жоқ әуелден солай ма, көкірегі сырылдап жүретін дімкәс кісі еді. Қызымның аяғына мініп, оң мен солын танығанын көремін, елінің қай жақта екенін сілтеп беріп өлемін деп жанталасып біраз жүрді. Ол Мәриядай емес аршыл екен. Ауыл маңынан шашы сары, көзі көк жолаушылар өтсе, барып жолығып қалам деп, шыж көбелек болады екен. Бірақ, аждаһадай ысқырынған атақты ауыл қайдағы бір күннің дегенін жасатып қоя ма! Бейсауат жолаушылар көрінсе болды, оңаша күркеге қамап тастайды екен. Бейшара өле-өлгенше арпалысып өтіпті. Анасынан сегіз жасарында қалған Мәриям оның тірісінде үйренген бірен-саран орысшасын түгел ұмытқан. Енді, міне, одан бері де тоғыз жыл өтті. Есінде ештеңе қалмапты. Содан ба, жоқ жасынан орыс көрмегендіктен бе, сары шашты біреу көрінсе болды, хан орданың көп күңі отыратын қоңыр үйге өзі зып береді. Ешқайсысынын көзіне түскісі келмейді. Анада айт күні абайсызда еңгезердей сары кісі үстіне кіріп келгенде көзі тас төбесіне шыққан. Іле-шала Бәйбек керінгенде-ақ мұның арты тегін қалмайтынын іші біле қойған. Хан: «Орыстың елшілері керіп қалса біздің бойжеткен қызымызды тұтқындап отырсың деп шатақ шығарар. Пәлесінен аулақ. Көзін жоғалта тұрайық», - деген шығар. Енді, міне, хан ордасының тәңірегі сыртынан шек-сілелері қатып жүретін осы бір күлкілі адам екеуі мына ну жықпылдың арасынан кеп бір-ақ шықты. Бұрын қыз мына жалшыға жұрттың бәрі тікенектей жабыса қалатынын кәріп, сыртынан аяп жүруші еді. Оны да өзі секілді басқа бір жұрттан келген тұтқын шығар деп ойлайтын. Сөйтсе, қазақ көрінеді.
Шынында да, өзі күлсе күлерліктей. Екі апта бойы қасындағы мұны көрмей, айдалада жалғыз қалған адамдай меңірейді де жүрді. Күнде бұл жатып қалғасын келіп, қараңғыда төсегін салып, босағаға барып жатып алады. Тәңертең бүл оянбай тұрып, киініп шығып кетеді. Жалба тымақты жалшыдан да бұндай әдептілік шығады деп кім ойлаған! Бопай бәйбіше күңдеріне қаталтүғын. Қазан-ошақ басында жырқылдап жүргеніңді көрсе, шашыңды жұлып қолыңа беретін. Сондықтанда қарайған көп құл мен көп күң бір-біріне жуымай, алыстан ығысып, аяғының ұшынан басып, құр сүлдер көлеңкедей жымып бағатын. Оның үстіне бұл күні кешеге дейін бала еді. Мұның омырауының тырсиып тола бастағанын алғаш байқаған Бәйбек төлеңгіт. Қос қабағы бүркіттің қанатындай жалбырап, көзінің қызыл тамыры шатынай қанталап түксиіп жүретін осы бір орақ тұмсық айбатты адамнан хан орданың қызметшілері қаралай сескенетін.
Мәриям бір күні сай бойына тезек теріп жүргенде сол Бәйбектің сап етіп үстінен түскені. Сұмырай төлеңгіт атынан қарғып түсіп, қызды тезек-мезегімен көтеріп алып, анадай жерде өсіп тұрған қараған бұтасының көлеңкесіне қарай ала жөнелді.
Көп ұзамай жал-құйрығы сүзілген еңгезердей қара атты сай бойынан ыңылдап әндетіп шығып кетті.
Қалқиған қараған бұтасының көлеңкесінде өне бойы алсал болып бүлдіршін қыз қалды. Не болып, не қойғанына түсінбегендей жан-жағына есеңгірей қарады. Дорбасын алайын деп еңкейе беріп еді, әлгінде ғана қауқиып тұрған ала қапшық жермен-жексен жанышталып қалыпты. Қыз манадан бері тұқшыңдап тезек терген есіл еңбегінің зая кеткеніне өкінді ме, әлде басынан қандай сұмдық өткеніне енді түсініп, өзін-өзі аяды ма, бүктүсіп отыра кетті. Солқылдап ұзақ жылады. Одан бері де бір жыл өткен-ді. Бәйбектің мүңкіген әжептарқы ашқылтым исі жадында қапты. Сол есіне түскенде бір түрлі құсқысы келетін. Сол бір иіс енді, міне, мынау жер төленің ішіне бір жола орнап алған. Түн баласы тұмсығын қыдықтап шығады. Әуелгі кезде тұла бойы дүр түршігіп, қараптан-қарап жиырылып жүрді. Сол бір оспадарсыз иіс дәл қазір қасына жетіп келіп омырауын мытқылардай, көкірегінен басып жаныштардай көрінді. Бірақ, босаға жақтағы жығылған жетім тоқтыдай томпақ төсек қыбыр етпейді. Бір күн қайран қалды, екі күн қайран қалды. Әлгі бір жексұрын иіс мұның осы кезге дейін өзі де байқамай келген бір жұмбақ аңсарын түрткілеп оятқандай. Бұрынғыдай одан жиіркенбейтін, тыжырынбайтын сияқты. Енді мынау босаға жақтағы тып-тыныш төсекке әрі таңғалып, әрі бір түрлі елегізіп қарайтынды шығарды. Еркектің мұндайы да болады деп кім ойлаған. Бұл оларды шетінен арсалаң, шетінен қол сала кететін озбыр санаушы еді. Мынау қылп етпейді. Әлде бас төлеңгіттің анау күнгі абай-қоқаңынан сескене ме екен! Ол еркек болғанда, бұл еркек емес пе! Одан несіне сескенеді?! Шірік неме, бұны қаралай қызғанып тызалақтап қалды. Бұған да оның сүйтіп тызалақтағаны керек. Одан өшін өзі қайтара алмайды. Бұның оған кеткен өшін өзге бір еркек қайтара алады. Ол еркек, бәлкім, мынау елсіз түлейде өзімен бірге тұрып жатқан үнсіз серігі шығар. Ендеше, ол неден жасқанады? Мынандай бостан дәурен ертең де басында тұратынына көзі қайдан жетіп қойыпты? Неге қимылдап қалмайды? Бір күн тосты, екі күн тосты. Енді үмітін үзе де бастап еді. Қасына кеп, ту сыртынан қапсыра құшақтап жатып алғанда жүрегі тоқтап қалғандай болған. Ол иығына қолын салып, өзіне қарай тартқанда таңырқағаны екенін де, әлде, шынымен, шамданғаны екенін де өзі білмейді, «мына жарымағыр қайтеді-ай!» деген сөз ауызынан абайсыз шығып кетіп еді. Сол бір беталды құлатүз бейсауат сөз екеуінің арасындағы тас дуал шекараны біржола күл-талқан қып бұзып жарып жүре берді.
Екеуден-екеу тұрғандарына бір айдай уақыт болған шамада баяғыда бұларды осы елсіз түлейге әкеліп тастайтын ұзын тұра соқты. Келді де бұның бетіне бір қарап, Итжемеске бір қарап ыржың-ыржың күле берді. Итжемес бір шаруамен сыртқа шығып кеткенде, бұған төне еңкейіп:
- Ауылда жүргенде бетіңді безеу қаптап кетіп еді. Мына жаман сауабыңды алған білем. Айнадай жалтырап қалыпсың ғой. Қап, әлгі төлеңгіттің салымы судан қайтатын болғанын қарашы. Мына біздер қайдағы бір қақпыш құшақтап қор болып жүргенде, сен секілді ақ жұмыртқа қатынды оңаша құшып Итжеместі құдайдың оздырғанын-ай, - деді.
Әншейінде еркек адам бетіне қарап бірдеңе десе ду ете қалатын Мәриям бұл жолы түк тайсалған жоқ, езу тартып күлді де қойды. Ұзынтұра жерге бір түкіріп атына мініп жүріп кетті. Ала көз төлеңгіттің ішіне бүгіннен бастап бір от түсті дей бер! Түссе түссін! Табаға түскен шыжықтай шыжғырылып неге кетпейді!
Араға көп уақыт салмай аяғы салақтап бас төлеңгіттің өзі де келді. Бұны көрді де, жым болды. Қарашығының білектей-білектей жуан тамырлары қанталап, алара қарап біраз тұрды, бүл қылп етпеген соң, иегімен меңзеп Итжеместі сыртқа шақырып әкетті. Бір уақытта әлдеқайда дүрсілдете шауып бара жатқан тұяқ дыбысы келді. Әлі келер Итжемес жоқ, бері келер Итжемес жоқ. Сыртқа шықса - Итжемес жер төленің желкесіне ұзынынан сұлап түсіпті. Жүгіріп қасына келсе - маңдайы даладай қан. Қарымды кісі құлаштап бір тартқан бұзау тіс қамшының ізі қасқаны қақ маңдайдан ырситып тіліп кетіпті. Аяғанынан Мәриямның көзінен жас шығып кетті. Бір көзін қан басып кеткен Итжемес сыңар көзімен соны көрді ме, ыржиып күлді.
Ол күн Итжемес үшін қандай болғанын өзі білсін, Мәриямның төбесі көкке жеткендей болды. Өзі біреудің есігінде жүрсе де қалған дүниенің қонышынан басқысы келетін қайдағы бір әумесердің аяққаптай көкірегінің аяқ асты болған күн еді. Мәриямның жүрегінің басын сары шаяндай шағып жатқан бір ызаның қайтқан күні еді. Сол куннің ертеңіне-ақ бұның қараптан-қарап жүрегі айнитынды шығарды. Ақтаған тарыға да, қауызын аршып қуырған арпаға да, үйіткен қойдың етіне де пейілі шаппайды. Әлденені аңсайды. Нені аңсайтынын езі де білмейді. Оның ауызына ас алмай, басы айналып құлап қалардай боп, ілініп-салынып әзер жүргенін көріп Итжеместің де шығарға жаны басқа. Қаңғалақтап сыртқа шығады, қаңғалақтап ішке кіреді. Ауық-ауық қалың жынысты аралап қайтады. Бірақ, көзіне ештеңе түспейді. Түздің тағы аңдарының күнгейден әлі орала қоймаған шағы. Жер астынан өсіп-өнер көсік, қоян тобық, жуа, мондалақтардың әлі түйін салып үлгірмеген кезі. Мәриямның аңсарының неде екенін біле алмай әбден дал болды. Сүйтіп жүргенде бір күні апақ-сапақта ұзын тұра келе қалды. Соңында бір ат, бір түйе. Сол күні қонып шықты. Ертеңіне тәңертең төсегінен тұрарда қайыс белбеуін таба алмады. Шыр айналдыра қарап шықты. Оған қосылып Итжемес те біраз жерді қорс қылды. Бір уақытта Мариямның астындағы алақандай тоқымның астына қолын жүгіртіп еді, қайыс белбеудің салаң етіп шыға келгені. Тоға жағы бар да, қалған жартысы жоқ. Бұл Мәриямға қарады. Мәриям жерге қарады. Ұзын тұра қалтасынан насыбай алып, оны тілінің астына басып:
- Ымм, - деп бір ыңыранды.
Түс қайта олар азғантай қоқыр-соқырын бір түйе, бір атқа теңдеп әлдеқайда жол тартты. Қайда келе жатыр, неге келе жатыр, оны біліп жатқан, ол жағдайды сұрастырып жатқан Итжемес жоқ. Тағы да бір шәлтік тұғырға мініп, бұл жолы баяғыдай қара емес, бір мыңқ етпес сары атанды жетелеп келе жатып:
- Иә, құдай бергеніңе шүкір! - деп бір есінеп қойды.
Сол бетімен олар тоғыттың қасынан бір-ақ шықты.
Тоғыттан онша алыс емес тепсең жазыққа көген құрылып, оған қой қосақталып, хан ауылы жабағы жүн қырқа бастапты. Айдаладағы тау-тау жүнге бас-кез болатын адам керегін оған осы Итжемес мен Мәриям қолайлы деп табылыпты.
- Ақ патшаның елшілері аттанып кеткенше мына қызды ауылға жуытар түрлері көрінбейді. Әй, бәсе, ауызың әуелден де итаяқтай еді-ау. Сөйтсе, ырысың мол пақыр екенсің ғой. Тек қапы қалып жүрме! Мына пәлеңнің қайыс қажауы жаман. Талғақ шығар. Енді бірер айда ішін бұлтитып шығарсаң, сенің мұртыңды балта шаппайды, - деген Ұзынтұра.
Одан бері де бірталай уақыт өтті. Мәриямның қайыс қажағаны басылып келеді.
Екі қалмақ елшісінің Әбілқайыр ханның ауылында сазарып жатқан да қойғанына жарты айдың жүзі болып барады. Төңірекке құлақтарын қанша төсесе де, әкелген хаттарына не бүк, не шік жауап ала алмай әбден іштері пысты. Доржы мен Лобжы тым-тырыс. «Әбілқайыр хан енді не істер екен?» - деп әліптің артын бағып жатса керек. Әншейінде тасыған қазандай бұрқ-сарқ қайнайтын да жататьш қарсы топтан да ешқандай хабар жоқ. Ауыл-ауылдың үсті киіздей ұйысқан ала шаң. Ол бірақ қырықтыққа айдалып келе жатқан, қырқылып қайта айдалып бара жатқан мың-мың тұяқтан ұшқан тозаң.
Хан ауылынан анда-мында жоқ қарап барып қайтатын жансыздар да төңіректен тап онша құлақ селт ете қоярдай ештеңе естіп келмейді. Тап мынандай тылсым тыныштыққа хан да, елші де қатты қайраы. Бәрін айт та бірін айт - қарсы топтағыларға неғып тыйым бола қалғанын айт. Әлде олар суға батып кеткендей тым-тырыс жоғалған қалмақ елшілері Әбілқайыр мен Бөкенбайдың әлдеқашан ауыздарын алып қойған шығар деп жатыр ма екен? Әлде бұлары ақ патша жағына шығып кеткен Әбілқайыр мен Бекенбайдың алдынан ең соңғы рет өткендері ме екен? Жоқ, тіпті осы арқылы орыс елшісінің көңіліне үрей қашырғылары келе ме! О да мүмкін ғой. Бір жақ иығын тіреп отырған қалмақтар арасында алауыздық тұтанып, енді олар қазақтардың да арасына сөз жүгіртіп, Әбілқайыр мен Бөкенбайдан сыр тарта бастағанын естіген елші Өсеке тұқымынан секем алып, Жәдік тұқымынан пана іздеуге мәжбүр болар ма екен деп ойлайтын шығар.
Көп күмәннің талауына түсіп, жан-жақтан мұнарытып тұрып алған кек белдерге көз сүзген көп күндер өтіп жатыр. Елші хан ордаға кімдер келіп, кімдер кетіп жатқанын аңдиды. Біресе түрулі іргеден, біресе түрулі есіктен тінтіне қараған екі тіміскі көзге ошаң еткен оқшау ештеңе түсе қоймайды.
Сол жалтаң-жалтаңмен саратан да өтіп барады. Бір күні қула бесінде күн шығыс жақтан жолбарыс жон шабдар ат мінген жолаушы көрінді. Соңына ерткен қырық шақты нөкері бар. Хан ауылына бұрылмай, бірден елші қосына тартты. Бір өңкей аттары, ер устіндегі отырыстары, қамшы ұстағандары алыстағы арғыннан келе жатқандарын байқатқандай. Жылда жазда Торғай мен Ырғызды бойлай көшіп, Бесшола атанып кеткен Толыбай, Жантай, Қошалақ, Қызылжар жайлап, Өлкейек бойындағы арғындармен, Қабырға бойындағы қыпшақтармен қатар кешіп, қатар қонып, майлы қасықтай араласып қалған хан ауылы ту сырттарынан қырындай өтіп бара жатқан қырық қылаңның арғын екенін, арғын ішінде де жеті момыннан тарайтын шақшақтар екенін бірден біле қойды. Жәнібектің аты айбынданыңқырай түскен сайын төс сүйектері қайқайыңқырап бара жатқан әупірім ауылдың еркек кіндіктері әрдайым осылай сән түзеп, сайқыланып жүруді әдетке айналдырып алып еді.
Әбілқайырдың көз алды бұлдырап бара жатқандай болды. Жазда Сыр бойынан шұбыртып хан ауылы көшіп келгеңде басқа ұлыста болса да, шақшақтар марқасын сойып, саба-саба қымызын алып алдарынан шығушы еді. Күзде күңгейге қайта көшкенде қозы көш жерге дейін ұзатып салушы еді. Хан ауылының тұстарынан көштері өтіп бара жатса, жан біткені жер түбінен көліктерінен түсіп, жаяу өтуші еді, әйелдері тізелерін бүгіп сәлем етуші еді. Қатар көшіп, қатар жайлаған рулардың жылқылары жоғалып малдары арадасып кеткенде болмаса, бір-бірін жер түбінен киімдерінен танып, желпілдесіп қалар алабәтен сыйластығы болушы еді. Сол дәуреннің де еткені ғой. Әйтпесе, анау қырық қылаң бұның ауылын танымай бара жатыр дейсін бе! Бір қайырылып қарамай қыңырайып-қыңырайып өтіп барады. Кісі өлтіріскен жерлері жоқ еді. Бұл неткендері? Ақ патшаның елшісі келгенде Орта жүз ру басыларының ішінде әлі сырын байқата қоймағаны Қошқар ұлы Жәнібек демейтін бе еді? Мыналардың қырындап өткені оның да қыдиықтанып қалғаны ма? Ендеше, елшіден не алам деп бара жатыр? Бәрі де бұның төбесінен секіргісі келеді де тұрады. Сонда Жәнібектің де Сәмеке манындағы керауыздарға қосылғаны ма?! Ол сілекей ауыз сүмелектер ханға да басын иіп сәлем бермейтін керік неменің ауызын қалай алып жүр екен? Сұлу қатыннан басқаға көзі түспейді дейтін еді, Сәмеке әлде баяғы бұл сыйлаған қалмақ сұқсырынан да асқан перизат тапты ма...
Қырық қылаң бұның ауылының тұсынан өтіп кетті. Хан іргеден көзін тайғызды. Ішіндегі бұлқан-талқанды байқатпайын деп тығыз өскен қара сақалын бір сипап қойды. Манадан бері байқамапты. Оң жақта Мырзатай отыр екен. Жездесінің ойын желкесінен аңғарып қойғандай үн-түнсіз орынынан көтерілді. Сол-ақ екен елші қосы жайғасқан күн батысқа қарай шауып бара жатқан ат тұяғының дүсірі шықты.
Әбілқайыр ханның көзі алайьш барады. Іштей тымырсық ашуға булыққанда, өзіне-өзі ие бола алмай сабыры сарқылар түста ғана сөйтуші еді. Апырай! Апырай! Көңіліне сөз оралмай, көмейіне әлдебір сиқыр қыл арқан тығып жібергендей қылғынып бара жатты. Жәнібектің де олардың жағына шыққаны бұның өрісінің біржола тарылайын дегені ғой. Қарсы топ Бөкенбай екеуінен күдерін үзген ғой. Қалмақ елшілеріне оң жауап қайтармайтындарын білген ғой. Сосын буған дейін бет пердесін ашпай келген Жәнібекті салып, елшіні Сәмеке ұлысына шақырып алып кетпек қой. Сөйтіп бұны бұйыра ма, бұйырмай ма деп қаралай, күпті болып отырған есек дәме үміттен де айырмақ қой! Жан-жақтан сығалай қарап отырған қызылкөздердің алдында біржола масқара қып кетпек қой! Жоқ, ол дегендері бола қоймас. Егер елшінің көмейі ондай солқылдақтық байқатар болса, азғырғанға еріп, мұның іргесін қүлазытып көшіп кетер болса, онда оның да жолына жуа бітер. Оны істейтін көктегі құдай емес, жердегі өзі. Жәдік тұқымын өйтіп масайратып қойғанша, көрер масқараны көріп, Доржы мен Лобжының тентектеріне қосылып, асырды салып өтеді. Ендігі гәп елшіде! Бұ да бір қылпылдай бермей сынап көрсін! О неме де басы болса, қалмақтан елші келіп жатқанда, айдаладағы Жәдік тұқымының айтқанына көне қоймас. Егер олардың айтқанына көнер болса, Әбілқайыр ұлысынан асар-аспаста қанды кездікке жолығар, сосын оның обал-сауабын ақ патшаның алдында кергіме тұқым өз мойындарына көтеріп алар. Мейлі, сөйтсе, сөйтсін. Мынандай бола ма, болмай ма деген екі ұдай хәлден сонысының өзі артық! Құдайдың мана тал түсінде көздеріне біреу құрым киіз байлап қойғандай оң мен солын таба алмай, керінгенге соқтығып жүретін көрсоқыр қазақ Жәдік тұқымының да көкейін тескен, өздері айтатындай, кең далада армансыз көсіліп арсалаңдап жүретін бұла халықтың еркіндігі емес, үш арыс алаштың бас ноқтасы мен бас тақыты екенін, оны ұстатып жатса бүгін өздері пәлекеттеп отырған орыс патшасының аяғын жалауға олардың да ындыны құрып отырғанын білсін... Бірақ бұл езіне бұйырмаған алтын тақты оларға бұйыртып қоя ма! Өздерінің істемегін өздеріне істейді.
Әбілқайыр бұл жолы елшінің үйінің іргесінен сығалап суқақтамайды. Не де болса, өзі білігіне салады. Пайдам дегенін қылсын...
Орта жүзден елші келгелі хан ауылымен арадағы жалғыз аяқ соқпақтың шаңы тағы да басылып қалды. Ертелі-кеш сұқақтап шықпай қоятын орыстар мен башқұрттардың да қарасы құрыды. Ондай-ондайды елең етпейтін тек Сарытайлақ қана. Сәске болар-болмаста ерең-серең етіп сол келе жатады. Ымырт үйіріле ебіл-себіл боп кетіп бара жатады. Ол қазір бұрынғыдай ертелі-кеш балға тықылдатып отыратын Зердебайды ғана жағаламайды. Табалдырықтан аттамай жатып жан-жағына жалақ-жұлақ қарайды. Көзіне Торғын түссе болды - салбырап сыртқа айналып кеткен жаялық ерінін жия алмай ыржың етіп күліп жібереді. Торғын әуелде оның осы бір арсалаң мінезінен сезіктенуші еді. Қазір бойы үйреніп келеді. Қанша дегенмен, атасы еркек қой, осы бір жайын ауыз жігіттің көрсе болды, ыржыңдай кететіні ме, жоқ бірде ол әкеліп сыйлаған айна мен тарақ па - әйтеуір не әсер еткені белгісіз, бұрын шешесі құсап балағын жинай алмай, қалай болса солай жүретін салпы етек қыз кейін үсті-басына көп қарағыштайтынды шығарды. Қолы қалт етті-ақ сандық ақтарады. Шешесінің көптен бері қоқыр-соқырдың арасына тығылып қалған әлекей-күлекей дүниелерін шығарып ап, үсті-басына өлшеп көреді. Сыртынан біреу қарап тұратындай ойқы-шойқы жүріс-тұрысы да түзеліп қапты. Онсызда ақ пен қызылдың жарастықты үйлесімінен тұратын әдемі жүзі кейінгі кезде тіпті бал-бұл жанып кеткен. Ұшқын атқан тостағандай жанарын бір төңкеріп қарағанда, кім-кімнің де көкірегі дауыл шайқап өткендей алай-түлей болады. Сарытайлақ жігіт келген-кеткенінде мынандай періште сұлудан көзін ала алмайды. Тіл қатуға жүрексіне ме, жоқ айдалада ескен қыр қызы сезіме түсінбейді ғой деп сескене ме, көмекейіне тығын тығып қойғандай, көзі көкшірейіп үн-түнсіз телміреді де отырады. Онсыз да жалақ еріні тозған жаялықтай жалбырап барады. Сонсын қызықтай ма екен, қыз да оны көргенде, оң жақ мықыны бір бүлк етіп, мырс етіп күліп жібереді.
Бұрын ұстаның үйінде үсті-басына қайдағы бір алба-жұлбаны іліп ап күл-күл болып жүретін бала қыздың мына езгерісін Сартайлақтан басқалар да аңғарып қалған сияқты. «Бопай ханша өй деп жатыр, бүй деп жатыр», - деп бас төлеңгіт келгіштейтінді шығарыпты. Шалғы мұрты жылтырап, орақ мұрыны салбырап, әйел көрсе әукесі салақтап кететін бұл неме кіріп-шыққан сайын Зердебай ішіне мүз жиып жиырылып қалады...
Мәмбет мырза оңаша қалды-ақ, темір сандықтың түбіне тығып, жұрт көзінен жасырып сақтап келген қатырма қалың дәптерін алып ақтара бастайды. Оны оқыған сайын мынау қазақ даласына келгелі өз басынан өткерген көп тауқыметі көз алдында сайрап келе қалады.
Кейде ақ қар, көк мұз қыста, ақ түтек боранда тас төбеңнен бір жылт етіп, қайта жоғалып кететін күн көзіндей баянсыз үміт әуре-сарсаңға сала-сала енді, міне, әбден торықтырыпты. Қалың дәптерге қосылып жатқан әр бетті оқыған сайын бір күрсініп қояды. Күрсінбей қайтсін, кеңіл орнықтырардай бір жылт еткен жылы шырайлы сөйлем кездессейші. Бәрі де үрпиген жүрегіңнің басына су бүркіп шошынта түседі.
«Майдың жиырма бірі күні Орта жүзден жылда осы уақытта әтетін қазақ ру басыларының дәстүрлі құрылтай жиыны жуырда қалмақ қонтайшысы қол жиып қазақтарға қарсы жорыққа шықпақ деген хабар келіп, әр ұлыс өз басымен қайғы боп кеткен себепті биыл жиылмайтынын айтып, Тевкелевті Орта жүзге ертіп кетуге шақшақ арғынның биі Бөкенбай келген-ді. Бұл қазақ та кім көп, Бөкенбай-ақ көп екен. Бұған дейін Тевкелев өзінің досы табын Бөкенбай Қара ұлын ғана білуші еді. Енді, міне, шақшақ Бөкенбай келіп отыр. Ол: «Атым - Бөкенбай» - дегенде бұл қайран қалып еді. Мейман: «Таңданбаңыз, Найманда қанжығалы Бөкенбай тағы бар!» - деді. Тевкелев оған екі-үш апта жол жүріп жететін жерге елшілігін көшіріп баруға, келігінің бәрінен айырылып, құр тақым отырғанын, егер Орта жүз билері өздері келіп ант берер болса, құшақ жайып қарсы алатынын айтты. Шақшақ Бәкенбайдың хабарына қарағанда, Лобжының елшілері Орта жүзге де барған көрінеді. Олар ол тарапта да жұртты Шерін Дөндік пен орыстарға қарсы жорыққа шығуға азғырып жүр дейді. Тевкелевке анада Әбілқайырға айтқанын шақшақ Бөкенбайға да айтып берді. Бөкенбай орыс елшісінің жүйелі сөзіне мойын ұсынып, қасына еріп келген бір қазақты «Қалмақтардың азғырғанына еріп опа таппайсыңдар!» - деп айтуға Орта жүзге қайта шаптырды. Ол қайтып келгенше өзі орыс елшісінің қосында жата тұратын болды.
Майдың жиырма бесі күні тілмаш Тевкелевке Бекшора деген башқұрт келді. Оны қазақтар тарапынан қайта-қайта барымтаға ұшырап, талан-таражға түсіп отырған Сібір башқұрттары жіберіпті. «Қазақтардың мынандай еліріп жүргеніне қарағанда, ақ патшаның елшісі аман бола қоймас, елі ме екен, тірі ме екен, біліп кел!» - деп жұмсапты.
Майдың жиырма сегізі күні Тевкелев Бекшораны еліне аттандырды. «Хат берсем, жол-жөнекей қазақтар ұстап алса, басыңа қауып төндірер. Менің мындағы хәлімнің қалай болып жатқанын аман жетсең, ауызекі де айтасың ғой!» - деді шығарып салып тұрып.
Майдың отызы күні қарсы топтағылардан екі адам Әбілқайырға келіп: «Орыстың елшісін басыңның аманында бізге бер. Берсең бергенің, бермесең қара-құрым қол жиып кеп тартып аламыз. Шаңырағыңды ортаңа түсіріп, басыңды күлге домалатып кетеміз!» - деп қорқытыпты. Хан қаһарына мініп, екеуін де ұстап алып, аяқ-қолдарына кісен салып байлатып тастапты. Екі-үш күннен соң біреуінің кісенін шешіп: «Сені жұмсағандарға барып айт. Өз бастары әз мойындарына салмақ боп жүрсе, келіп керсін. Әбілқайыр да қолына бүйен байлап отырғаы жоқ. Кімнің басының күлде домалайтынын бір алла білер. Өйтіп, жал астынан жұдырық түйгенше, ол немелер келіп сейлессін. Егер әлгіндей ойларынан тыйылар болса, сығай-сыйды Әбілқайыр да біледі. Хан ауылынан құр иін аттанамыз деп қорықпасын. Ал мына серігің солардан жауап келгенше осылай темір тістелеп жата тұрады», - депті.
Июннің он үші күні елшіге Әбілқайыр, табын Бөкенбай, тама Есет батырлар келді. Олар Доржы Назаров пен оның баласы Лобжының жіберген елшілерін елдеріне қайтармақ көрінеді. Айтар жауаптары: Шерін Дөндік пен орыс қалаларын шабуға ешқандай әскер бермейміз. Егер ұлы императрица ағзам қазақ әскеріне қалмақ бұзақыларын тыйып бер деп бұйрық етсе, ондай жорыққа аттануға әрқашан да әзірміз.
Әбілқайыр елшіге: «Ұлы патша ағзамға адалдығымызды білдіру үшін мынау қалмақ ұлысбектерінін бізді азғырып жазған хатын апарып тапсыруға арнайы кісілер аттандырсақ қайтеді?» - деп ақыл сұрады.
Оны тілмаш Тевкелев қуана мақұлдады.
Бекенбай батыр елшіге еткен февраль айында кейбір қазақ руларының қалмақтарды шабайын деп жатқанын айтып жеті жігітін Доржы Назаровқа жұмсағанын айтты. Ол кезде Доржының орыс патшасына опасыздық жасап жүргенін білмепті. Сөйтсе, ол жіберген жеті жігітті жолда Жайық казактары ұстап алыпты. Батыр елшіге: «Сол жазықсыз жеті жігітті тұтқыннан босату керек деп Мәскеуге хат жазбас па екенсіз», - деп өтініш қылды.
Июньнің жиырмасы күні тілмаш Тевкелев қолына хат беріп Иван Курчевті Уфаға аттандырды. Әбілқайыр қалмақ ұлысбектерінің хатын апарып беруге шақшақ арғын Жабай деген қазақты қасына ертіп жіберді.
Июньнің жиырма бесі күні Россияға бағынамыз, оны айтып Мәскеуге барып қайтуға әзірмін деп жоғары қарақалпақтардың бас пірі, Хиуа ханының қайын атасы Ұланқожа келді. Жоғарғы қарақалпақтардың саны отыз мың түтіннен аспайды. Қалалары, қыстаулары жоқ, бәрі бір жерге жиылып ірге ажыратпай отырады. Жер жыртып, егін егіп күн көреді.
Ұланқожа Тевкелевке соғыс қыларсың деп қабырғасы ырсиған бір аңғал-саңғал арық бие жетелеп кепті. Әкелген сыйлығының сиқы сол.
Тевкелевтің қапшығының да түбі қағылып қалған кез еді. Оған бір бас қызыл былғары, екі шаршы қытайы жібек берді.
Июньнің жиырма тоғызы күні көңілдес ру басылары қарсы жақтың адамдары үш топ болып барып башқұрттардың жылқысын айдап кеткелі жорыққа әзірленіп жатқанын айтты. Тевкелев башқұрттарға қапы қалмасын деп астыртын адам жіберіп хабар салды.
Июльдің үші шақшақ Бөкенбай Тевкелевке тағы да жолығысқа келді. «Маған еріп жүріңіз. Орта жүз билерінен ант алуыңызға қолқабысымды аямаймын», - деді. Тевкелев: «Күні кеше ғана Уфа башқұрттары Орта жүз барымташыларынан отыз кісіні өлтіріп, екі жақтың арасында қан төгіліп, шалқайысып тұрған кезде қайтып барам?» - деп жағдай айтты. Шақшақ Бөкенбай өз ұлысына жалғыз қайтуға мәжбүр болды. Шақшақ Бөкенбай ұлыстас ру басыларын орыс патшасының қол астына өтуге үгіттеуге уәде берді. Тевкелев бидің ол сөзіне разы болып, Жәнібек батыр екеуіне отыз сомға тарту тартты.
Июльдің тоғызы күні қарақалпақ тұтқынынан босаған башқұрттарды Уфаға апарып салған Құдайназар мырза қайтып оралды. Оны Әбілқайыр мен ханды жақтайтын ру басылары орталарына алып көп әңгімелесті. Құдайназар мырза өте көңілді екен. Уфаның жаңа воеводасы Кошелев тақсыр құшақ жая қабылдап, тарту-таралғыны мол тартыпты. Құдайназар Уфаны айтқанда ауызын ашып, көзін жұмады. Қаланы күзетіп тұрған атты әскер мен жаяу әскердің өзі жиырма мыңнан асады дейді. Бұл хабарды естігенде ру басыларының жақтас жағының көздерінде жылт ойнап, қарсылас жағы үрпиісіп қалысты.
Июльдің он бірі күні Тевкелевті Бөкенбай батыр қонақасыға шақырды. Онда Әбілқайыр хан мен оның жағындағы ру басылары түгелге жуық жиналды.
Июльдің он екісі күні кеше Бөкенбай батырдың ауылында қонақта болғандарды баяғы ақ патшаға елші боп баратын Құттымбет би шақырды.
Июльдің жиырма төрті күні Әбілқайырға Сәмеке ханнан хабаршы келді. «Қалмақ қонтайшысы отыз мың әскермен жорыққа шыққалы жатыр, қапы қалмасын», - депті. Әбілқайыр өз ұлысының пұшпақ-пұшпағына кісі шаптырды.
Июльдің жиырма алтысы күні Әбілқайыр қонтайшы әскерінің саны қандай екенін, қай жерге келгенін, бастап келе жатқан кім екенін біліп келуге Ақжігіт деген кісіні Орта жүзге жұмсады.
Августың он бесі күні Тевкелев капитан Дубровиннен полковник Гарбердің керуенінің қалай тоналғанын естігенін, бұны қазақтар тұтқынынан босатып алу үшін ақша жібергелі жатқанын жазған хат алды.
Августың он алтысы күні Орта жүзге кеткен Ақжігіт қайтып оралды. Қалмақтар мен қазақтар арасында тағы да шайқас бопты. Оған қалмақ жағынан Шақпақ басқарған жеті мың әскер қатысыпты. Қазақтар жиырма үйінен, қарайған малынан айырылыпты. Тевкелев башқұрттары былайғы қазақтардан қонтайшы бұл жолы 200 үйді, алты мың жылқыны, он мың қойды алдарына сап айдап әкетті деп естіді.
Августың жиырма бірі күні бұларға жақтас қыпшақ биі Төле батырдан адам келді. Ол Төле ауылдарына Орта жүз қазақтарынан қырық шақты кісі келіп қонғанын, төрт орысты тұтқын қылып айдап бара жатқанын, егер оларды құтқарып қалуға Әбілқайыр мен Тевкелев көмек жіберсе, өзінің де қолғабысын аямайтынын айтыпты. Әбілқайыр қасына Құдайназар мырза мен жиырма кісі алып, Тевкелев отыз башқұртты ертіп әлгі қазақтарды қуып жетуге аттанып кетті...».
Қалың дәптерді қанша ақтарып оқыса да, осыдан басқа айтары жоқ. Тевкелев өзінің тышқанның ізіндей ұсақ жазуына қарап отырып ойға батты. Жан-жақтан көзіне көрсетпей жайылған қыл тұзақ бұрынғысынан да тарыла түсіпті. Қалмақтар ереуілінен іс шықпаған соң Орта жүз әміршілері іргелеріндегі башқұрттарға соқтығуды көбейтті. Башқұрттар да қанға қан, жанға жан деп қазақтардың өрістегі жылқысына тиіп, қуып кетуді жиілетті. Уфамен екі ортаға адам қатысудан қалып барады. Орыс шекарасына тиісіп, малдарынан айырылып, көп жігітін тұтқынға қалдырып әбден қандарына қарайған Сәмеке қол астындағы рулар сонау Уфадан жолаушылап келе жатқан орыс пен башқұрт көрсе, төбе астынан бұрқ етіп тусе қалып, ноқтасынан ұстай алып, өз ұлыстарына жетелеп кетеді. Кіші жүздегі Әбілқайырға қас қарсы топтағы ру басылары да Тевкелевтің маңындағы орыстар мен башқұрттарды оңаша шықса, ат көтіне өнгеріп әкетіп, Сәмеке ұлысына асырып жібергілері келіп жаланып-ақ отыр. Енді Тевкелевке қалған қазақтардан да ант алу былай қалып, мынау құтырына бастаған есер даладан басын аман алып кетудің өзі арман бола бастады. Ол баяғы келгендегідей қып, қара нөпір нөкерімен аттанып кете алмайды. Ал, биылғы жер қатқақта құтылып алмай, келесі қысқа қалса күнінің не болары белгісіз.
Тевкелев қолындағы дәптерді темір сандыққа салып, орынынан тұрып, аядай киіз үйдің ішінде ерсілі-қарсылы сенделіп кетеді. Сонда не істемек керек. Әуелі мынау қасындағы нөкерден құтылғаны жөн. Оларды өзі осында отырғанда Уфаға аман-есен бір жеткізіп салса, артынан өз басына не күн туса да, көріп алар еді. Тіпті болмай бара жатса, бір күні түнде қашып кетер! Қасындағыларды қырып алмай аман апарса, ақ патша қашып кеткенін кешпес дейсің бе?! Енді, не де болса, ебін тауып аман құтылғаннан басқа амалы қалмай барады. Аз де, көп де, қазақтың екі арасының басында отырған екі хан, екі сұлтанның анты бар. Жүздеген қазақ билерінің орыс боданы болуға ризамыз деп қол қойып берген қағаздары тағы бар. Қазақ жеріне бағыт түзегісі келіп жатса, ақ патшаға соның өзі де аз сылтау, аз ілік емес. Енді мынау бір жақтан жоңғар тіріліп бір жақтан қалмақтың аузы бөлініп, бір жақтан башқұртпен екі орта бүлініп тұрған кезде Орта жүз билері жер түбінен ант береміз деп келе қоймас. Ал, өзінің Әбілқайыр мен Бөкенбай маңынан аттап шықса, күнінің не болары беймәлім. Мұндай қиын-қыстау кезде Батыр сұлтан бастаған қарсы топ та ымыраға келе қоймайды. Қайта былтыр күзде құдай айдап Батырдың езі келіп ант бергені қандай абырой болған десейші! Енді сол антынан айнып қалған сыңайы байқалады. Бұндай жағдайда антты бұзудың жалғыз жолы - елшіні өлтіру. Енді, бұл далада әр күн, әр сағат қауыпты. Сондықтан қасындағы Уфадан ертіп келген нөкерін амалын тауып аттандырып жіберіп, өзі қазақтардың қолында әзірге аманат болып қала тұрғаны жөн. Кешегі шақшақ Бөкенбайдың да не пиғылмен келгенін бір тәңірдің өзі біледі! Башқұртпен алыс-жұлысты күннен-күнге кебейтіп, орыс шекарасымен шиеленісті күнненкүнге күшейтіп отырған Сәмеке қарауындағы ұлысқа өз аяғынан барып, бұны еле алмай жүр дей ме екен! Алдап ертіп әкетіп, баяғы Дәулеткерей мырзаның кебін кигізбек шығар! Жоқ, онысы бола қоймас. Бірақ, екі қолын танауына тығып, бос барғанын көргесін, Орта жүз билеушілері қараптан-қарап отырар дейсің бе! Бұрынғы бұрынғы ма? Шын шиқыман енді басталар.
Мынау жым-жырт тыныштық тегін ғой дейсің бе? Бұлар осылай үн-түнсіз жатып алады да, төбеден түскендей қып бірдеңені бұрқ еткізе салады. Айтушылардың хабарына қарағанда, маңайдағы ауылдарда тағы да баяғы Маңтөбенің қасындағыдай астыртын жүріс-түрыс, жиын-мәжіліс, күбір-сыбыр көбейіп тұрған секілді. Төбе-төбенің тасасымен суси жылысқан суыт жүргіншілер бұны мен Әбілқайырға соқпайды. Екеуін тағы да бөлектей бастады.
Елші күні бойы көзін іргеден айырмайды. Бірақ ешқайдан қылт еткен бөтен жолаушы көрінбейді. Көк мұнарға көмілген дөңбек жалдар өкпелеген кісідей дөңкиіп-дөңкиіп теріс қарап кетіпті. Мына даланың адамы түгілі жеріне дейін жымысқы. Көзін сатып отырған жатжұрттыңтың ызасына тигісі келгендей еш шырай танытпай көк сағымға малынып қырық құбылып күлміңдейді де тұрады. Міне, жеті күн болды, төңіректен ешкім ат ізін салған емес. Құдды бұларды әлдеқашан жоққа санап санаттан шығарып тастағандай. Кейде бүйтіп пұшайман қып қойғандарынан қаумалап кеп шауып әкеткендерінің өзі дұрыс көрінеді. Бірақ, мынау қаскөй жұрт айтқанға көнбейтін қыршаңқы елшінің өкініштен еті жарылып, өз зәріне өзі тұншығып өлсін дегендей тұяқ серіппей тып-тыныш жатып алды. Дәл мынандай қыршаңқылық тек осылардың ғана қолынан келер.
Жаз да өтіп барады. Көкжиектің көзді алдайтын көлгір сағымы да сұйылайын деді. Бедірейген құла түздің үстіндегі безерген сұп-сұр аспаннан басқа көзге түсетін де ештеңе жоқ. Қарай-қарай төңіректе қанша адыраспан, қанша итсигек өсіп тұрғанын жатқа білетіндей болып алды.
Терістік бетте көз ұшындағы көк тастақтың тұмсығынан екі бұта қарауытатын. Кесірткеден басқаға сая болып жарытпас қос тапал қараған мынау көсенің иегіндей жылмық жазықтағы жалғыз көз қуаныш еді. Бүгін түс қайта, міне, сол екі бүта аяқ астынан төртеу болып шыға келгені. Тевкелев керегенің көгінің маңдайына батқанына қарамай ашық іргеден телміре түсті. Көзіне қос көрініп отыр ма, жоқ анау екі қарайған шынында да қимылдай ма? Қимылдайтын сияқты. Төрт қарайған біресе бір-біріне қосылып, біресе төртеуі төрт жаққа бытырай қашқандай болады. Екеуі жүргінші болсын, олар қозғалсын-ақ. Ал, бірақ баяғыдан бері көк тасқа жабысып жер бауырлап өскен екі бұта қалай, қимылдайды?! Шамасы, бұның ақылынан алжасайын дегені шығар. Көзі жасаурап барады. Әлгінде ғана көкжиекке қадалып тұрған төрт қарайған төрт қара шыбын болып көк аспанға көтеріліп барады. Ол жалма-жан көзін сүртіп қайта қарады. Әлгі төрт қарайған, шынында да, жұп-жұптан екіге бөлініпті. Арғы екеуі бурынғысынан да құрдымдана түссе, бергі екеуі күдірейіп ірілене түскен сияқты. Мыналар, расында да, жүргінші болды. Бұл жападан-жалғыз ыржың етіп күліп жіберді. Неге күледі, неге қуанады... Әйтеуір, бір тірі жанның аяқ басқанына ма...
Қайдан шыға келгені белгісіз, жылмаңдап Юмаш жетіп келді.
- Тілмәш мырза, терістік жақтан екі атты көрінді.
Оның да дауысында қуаныш бар. Шамасы, мынау жым-жырт тыныштықтан жұрттың да іші пысайын дегені. Не де болса, анау екі атты көз ұшында ербеңдеп тұрып алмай тезірек жетсе екен...
Көрші үйлерден де қауқылдасқан дыбыстар шыға бастады. Енді бәрі іргеден көз алмай екі жүргіншіні тыпыршып тосты. Екі баран атты жүргінші елші қосының өздерін асыға күтіп отырғанын сезгендей баяғы сол бүлкек желісінен танбай қойды. Ауылға жақындағасын аяңға көшті. Аттарын маңғаз бастырып желкеге кеп тоқтады. Алдарынан шыққан башқұрт жігіттерге жүгендерін керенау ұсынды. Аттарынан шіреніп түсіп, қамшының сабымен үстерін қақты. Сосын башқұрттардың біріне: «Алға түсіп, өзің баста», - деп белгі берді.
Қақ төрге шірене жайғасқан екеу әуелі қымыз ауыз тиді. Тақуалықтары қыстап бара жатқандай, қолдарын жайып ағарғанға бата қылды. Бір-біріне қарап қойды. Төр жақтағы сида сақалды сөз бастады. Оның әр сөзін оң жақтағы бұйра сақал бас изеп қостап отырды.
- Бізді ру басыларының кешегі өткен жиыны жұмсап отыр, - деді олар. - Ақсақалдар бір ауыздан елші мырзаның адамдарын өзінен бөлек жібермейміз, керек кезінде бәрін бірге аттандырамыз деп пәтуа қылды.
Тевкелев мынаны естігенде төбесінен жәй түскендей болды. Әлгі екі хабаршының сосын не айтқанын, өз қосынан қашан кеткенін, өзінің не істеп, не қойғанының еш бірін анық білмейді. Тек қасына қамшысын тізесіне басып еңгезердей боп Бөкенбай жайғасқанда барып есін жинады. Батырдың күн қақты қоңыр жүзіне, тозаң қонған бозғылт қас-қабағы мен сақал-мұртына қадала қарап біраз отырды. Дүниедегі ендігі сенері осы бір еңгезердей адам. Мына тамұқтан құтқарса тек осы ғана құтқара алады. Бірақ кейінгі кезде бұның да иіні салыңқы, қабағы түсіңкі жүр. Тек, әйтеуір, қайдағы пәлеге қайдан тап болдым деп опынып жүрмесе болғаны!
Елші әлденеден қаймығып отырғандай даусы дірілдеп сөз бастады. Сөйтсе, Бөкенбай бәрін біледі екен. Кешегі жиында өзі де болыпты. «Елшінің өзін ұстап қалайық та, адамдарын елдеріне жіберейік», - деп қанша айтса, өңшең өжеңдеген қызылкөз бой бермепті. Даурықпа тобырдың бір тобы: «Бұл шоқыншық ноғай біздің арамызға келгелі көргені зорлық пен қорлық. Оның адамдары ертең елдеріне барады да, мында не көріп, не қойғандарын айтып көздерінің жасын көл етеді. Оған ашынған ақ патша зеңбірегін күркілдетіп бізге салады. Оларды жылдан аса бірге қаңғып қай сайымызда құдық, қай жылғамызда бұлақ бар екеніне дейін түгел біліп алған мына сығырлар бастап келеді де, сайда санымызды, құмда ізімізді қалдырмай түгел қырып кетеді. Одан да сүмырай елшінің көзін қүртып, су мүрын башқұрттарын ауыл-ауылға бөліп әкетейік», - деп бой бермесе, Орта жүзден келген төрт би: «Мәмбет мырзаны нөкерімен бізге ертіп жіберіңіз. Елдеріне қайтарамыз ба, жоқ па, барғасын өздеріміз білеміз» - деп өзеурепті. Бөкенбай батыр қайта сөз алып: «Орыстарды ойларына не келсе, соны істейтін біздің қазақ екен деп қалмаңдар. Олар өз басшысының бұйрығынсыз тышқан мұрынын қанатпайды. Қазір елдеріне жіберсек, баяғыдағыны қазбалап жатпайды, қайта риза болып аттанады. Олар мынау жылқымен бірге жусап, қоймен бірге жайылып жүрген біздің жұртымыздан ештеңе дәметпейді. Ал, егер ақ жолтай елшісін өлтірсек, ақ патша бізді бүйтіп алшаңдатып қоймайды, бір күнде жетіп келіп көкемізге кәрістіреді. Ондай арам ойларың болса, басқаңды білмеймін, мына мен қол қусырып қарап отыра алмаймын. Елші түгілі қасындағы қара таяқ нөкерінің тұмсығын қанататын кісі табылып жатса, қолында елем. Қол астымдағы ұлыстан тігерге тұяқ қалмағанша шайқас салам. Егер ақ патшаның елшісіне қол көтереміз деп, өз ағайындарымыздың қанын арқалағыларыңыз келсе, өздеріңіз біліңіздер!» - деп орынынан тұрып, шығыпты да жүре беріпті. Содан кейін не болып, не қойғанын білмеді. «Шамасы, әлгі сөздері әзір мынау қасыңыздағы нөкерден айрылып қалмау үшін ойластырған айла-шарғысы болар. Бұл желөкпе халықтан ондай сұмдық шығады деп те, шықпайды деп те айта алмаймын. Бірақ, кешегі сөзім сөз. Мен сендерді көзім тіріде ешкімнің зорлығына беріп қоймаймын!» - деді, қара торы жүзі одан сайын қабарытып.
Мұны естігенде елшінің көзіне дөңгелеп жас келді. Шашала тіл қатты.
- Батыреке, мың да бір рақмет. Шынында да, ендігі бар үмітіміз өзіңізде. Сіздің бұл жақсылығыңызды құдайдың да, адамның да алдында ұмытпаспын.
Аманшылық болып, ақ патшаға жетер күн болса, аузыма алдымен өзіңіз түсерсіз. Сіздің бұл артықша қызметіңізді ол да аяқ асты қалдырмас.
Бұл сөзіне Бәкенбай да толқып кетті.
- Айтқаным айтқан, Мәмбет мырза. Мен сіздерді ол қорқаулардың тырнағына талатпаспын. Өз қолымнан жетектеп жеткізсем де, Уфаға аяқ асыртармын, - деп орнынан тұрды.
Елші кеңілі біржолата орнықпаса да, батырдың мына сөзінен бір түрлі сабасына түсейін деді. Бірақ онысы көп ұзаққа бармады. Көкжиектен ерең-серең тағы да бір төрт салт атты көрінді. Олар - Орта жүзден келген билер болып шықты. «Біздің ұлысқа жүрмесеңіз, Уфаға жібермейміз. Нөкеріңізбен бізге жүріңіз. Бізге соқпай қазақ жұртында болдым деп ақ патшаның алдын қалай көресіз!» - «Ау, Кіші жүзде болғанда бізге соқпай, олар бәйбішеден туған да, біз тоқалдан туыппыз ба!» «Аты жер жарған ақ патшаның елшісі бола тұра өйтіп сүйегімізге сынық түсірмеңіз». Бірінен-бірі өткен төрт сұңқылдақ қанша сылап-сипағанмен Тевкелев те илікпеді. Оларға да әнеугүнгі Бөкенбайға айтқанын айтып, күні кеше башқұрттардың қолынан отыз бірдей арысынан айрылып отырған ордаға қазір барса, ашу үстіндегі халықтың қаһарына ұшырап қалармын деп сескенетінін айтып сылтауратты.
Төрт би аттарына түнеріп мінді. Әнеугүннен бері іш пыстырады деп қарғап-сілеп келген жым-жырт тыныштық көзден бір-бір ұшты. Елшінің күндіз күрсінуі, түнде уһілеуі көбейді.
Сергей Костюков қаннен-қаперсіз. Тал түске дейін ұйықтайды. Сиыр сәскеде тұрады. Жан-жағындағы жапыр-жұпыр әңгімемен ешқандай шаруасы жоқ. Жуынып-шайынып, ысылдап-пысылдап шай ішіп алады да, хан ауылына қарай аяңдайды. Хан ауылы да үрпиісіп отыр. Ол ауылдың да ашық іргелерінен жан-жаққа тіміскілей қарап отырған бір көз. Үй-үйде сыпсың-сыпсың әңгіме. Ол ауылдағы ештеңемен шаруасы жоқ кісі Зердебай. Баяғы сол төрт қанат шатпаның ішінде баяғысынша көк ала түтін сап отырғаны. Бір күні жан-жағы ағаштың жаңқасына толып жатса, бір күні қиқым-сиқым былғарыға толып кетеді. Өзі ұста, өзі зергер, өзі етікші, ағаштан түйін түйетін шебер. Аспаннан қар жауып, дүниені қаран су алса да, өзінің керегі барын біліп болған адамдай айналадан хабар да сұрамайды, хабар да айтпайды. Біреу бірдеңе айтып жатса тыңдайды, ездігінен ешкімнен «не естіп, не көрдің?» - деп сез қаузамайды. Мынау Сартайлаққа да әбден еті үйреніп кеткен. Ол келмесе елеңдеп отыратынды шығарыпты. Табалдырықтан аттаса, ыржың етіп басын бір изейді де, өзімен-езі болып кетеді. Сартайлақ та нағыз жалықпас саппастың өзі. Тер алдына етпетінен түсіп ап, жағын таянып оның қимыл-қыбырына қарайды да жатады. Кейде күн батқанша ауыз жаппай әлденелерді сұрастырумен болады. Кейде күн батқанша ләмим тіл қатпайды. Кейінгі кезде ауыз жаппауды азаитып, тіл қатпауды көбейтіп барады. Ауық-ауық есік жаққа қарап қояды. Есіктен бүгінде одан басқа ешкім аттап жарымайды. Анда-санда екі босағаны бірдей сықырлатып, сатыр-сұтыр аттап Бәйбек төлеңгіттің кіріп-шығатыны бар. Оны көрсе, Сартайлақ өз-өзінен тыжырынып қалады. Бәйбектің жүрісі де бір түйе жоғалтқан кісінің жүрісіндей. Алым-берімі жоқ, сәл тізе бүгіп отырып, жағдай сұраған боп қайта шығып кетеді. Зердебай ұста ол келгенде сазарып қалады да, ол кеткенде бір жымиып қояды. Орақ тұмсық неменің діңкесінің неге құрып жүргенін біледі. Орда маңындағы қараша ауылдын қыз-қырқынын жағалау - хан төлеңгіттерінің үйреншікті әдеті. Бұл үйге де сол Торғын көзіме түсер ме екен деп келеді ғой. Торғын бүгінде ол түгілі бұның көзіне түсіп жарымайды. Соңғы айларда қараптан-қарап сылана беретін әдет шығарыпты. Күні кешегі бала, о да бой жетейін дегені ғой. Өтіп бара жатқан заман-ай! Зердебай оны ойласа бір күрсініп қояды. Бет-ауызы шешесіне тартқан ажарлы, мінезі бұған тартқан орнықты. Қол қусырып қарап отыруды білмейді. Осы үйдің отын-суы соның мойынында. Азғантай жандықтарына қарайтын да сол. Кәсіпқорға біткен мал отарға қосылмайды. Ауыл маңында жеке жайылады. Оны өріске айдап салатын, айдап әкелетін Торғын. Иығынан дорба түспейді. Тезек тереді, әкесі көрік қыздырар томаша отын жияды. Әйтеуір күні бойы үйге тұрмайды. Қолды аяқтай бала боп, кісінің көкесі боп өсіп келеді. Құдайдың тек тілінен байлағаны болмаса, басқа міні жоқ. Жалғыз қызы көзі жаутаңдап үйге кіріп-шыққан сайын Зердебайдың көкірегін бір уәйімнің суық ызғары шарпып өтеді. Бірақ, онысын баласына байқатпайын деп бір жымияды да, тық-тық балғасымен болып кетеді.
Күнде осы бір сарынды тіршілік. Сарытайлақ та осылай жатады-жатады да, бесін ауа Торғын келген соң, онын бет-ауызына бір қарап ап қосына қайтады. Есіктен қыз кіріп келгенде жымың етіп орынынан көтеріліп қағаз-қаламын суыра бастайды. Тақтайға қадаған қатырма қағаздың бетіндегі шимай күннен-күнге бір таныс кейіпке көшіп келеді. Сарытайлақ Торғынды оң жаққа тізе бүктіріп отырғызып қойып, оған бір қарап, қағазға бір қарап шимайлай жөнеледі. Қанша дегенмен, жас немелер ғой, бір-біріне қарағанда беттеріне қантеуіп күреңітіп алады. Бірақ, екеуінің беттерінде балаға тән аңғалдақ пен адалдықтың табынан басқа ештеңе білінбейді.
Бүгін де Сарытайлақ бесін ауғанша жатты. Бесін ауғасын тыпыршып отыра алмады. Зердебаймен қоштасып қосына қайтып кетті.
Зердебайдың үйінен шыққан Костюков аяғына жем түскендей ілбіп келеді. Ауық-ауық артына жалтақ-жалтақ қарап қояды. Иығына бір дорба тезек асып ап үйіне қайтып келе жатқан Торғын бәрібір көрінбеді. Костюковтың кеңілі құлазып не істер, не қоярын білмеді. Қосқа қарай беттеген сияқты еді, бірақ аяғы әлдеқайда алып қашып беті ауған жаққа лағып келеді. Қайда келеді, оны өзі де білмейді. Мынау құла түзде сенделгенде де, маңдайыңды түзер нысана табыла бермейтін. Елшілік қосынан да, хан ауылынан да желке жақтағы қос қарайған кезге ұрып тұратын. Бұл да, міне, солай беттеді. Қос қараған ескен көк қасқа тастақ сиырдын тіліндей салпыншақтана созылып барып терең сайға жалғасады екен. Сай басы жақпар-жақпар тастан басталып, аяғы жайдақ қара қолқаға ұласып кететін болса керек. Сергей Костюков, неге екені белгісіз, сол сайды көргісі келіп кетті. Тастаққа жаңбыр жауғанда су түсетін көрінеді. Ірілі-ұсақты малдардың қураған тезегі көп ұшырасты. Еңсесі төмен түсіп келе жатқан Костюковтың көзі жылт ете қалды. Торғын тезекті осы арадан теретін шығар-ау!.. Алақтап жан-жағына қарады. Бірақ баланың алақанындай кішкене тастақ құлазып бос жатыр. Маңайда анау жымпиып жатқан жұмбақ жүлгеден басқа көз тоқтатардай ештеңе жоқ. Костюков соған беттеді. Жақпарланып басталатын жіңішке сайға жалғыз аяқ қасқа соқпақ қүлайды екен. Қасқа соқпақ сай табанына апармай тоқтамаймын дегендей сумаңдай жөнелді. Сай бойынан бір дымқыл леп есті. Шамасы, маңайда бұлак, бар тәрізді. Екі қапталдан түнере төнген көлеңке ұзара түсті. Костюков бір түрлі елегізіп кетті. Бірақ не де болса, ілгері жүрді. Аңғар сайға тереңдеген сайын тұла бойы тітіркеніп, мынау қара көлеңке тар қамашаудан кеңге шыққанша асықты. Кенет алдынан орағыта қүлаған жақпар мүйіс ұшырасты. Жақпар мүйістен әрі қарай сай табаны жайдақтанып сала берді. Жайдақ қолатқа қалын ши өсіпті. Қалың шидің арасынан тысыр-тысыр дыбыс шығады. Ауыл маңынан ұзамайтын азғантай жандық малдың осында жайылатын түрі бар. Шамасы, Зердебайға біткен тұяқ та осы арадан қорек айыратын шығар. Ендеше, Торғынды осы маңда ұшырастырып қалуы мүмкін...
Бала жігіт жүрегі лүп-лүп етіп асыға аяңдады. Қалың ши төңіректі көлкештеп алған. Жайылып жүрген малдың пысқырғаны, тұяқ тысыры естілгенмен өздері көрінбейді. Кенет алдыңғы жақтан ат пысқырғандай, ауыздық сылдырағандай болды. Костюков қалт тоқтады. Қасындағы жуан түп шидің тасасына барып ілгеріге көз тікті. Бір жал-құйрығы төгілген баран ат жайылып тұр. Аяғын тұсап, жүгенін сыпырмай, ауыздығын бос салыпты. Өзі ерттеулі. Сай бойынан өзі ұнататын шөп көрді ме екен, анда-мұнда шапшып жайылады. Бұл неғылған ерттеулі ат? Елсіз сайға кеп ат жайған бұл неғылған жолаушы? Костюков аңтарылып тұр. Ілгері жүрерін де, кейін қайтарын да біле алмады. Ілгері жүрер еді - мына баран аттың иесінің неғылған адам екенін, не істеп жатқанын кім біліпті? Кейін қайтар еді - мынау елсіз сайда жалғыз жайылып тұрған баран аттың жай-жапсарынан бірдеңе білмей тұрып қалай қайта алады?! Баран ат қаннен-қаперсіз, ауыздығы сылдырап шапшып-шапшып қояды. Бұл әлгі шидің тасасында тырп ете алмай әлі тұр. Кенет аттың арт жағындағы қалың ши қозғалғандай болды. Әлдекім келе жатқандай. Әне бірдеңе қылаң етті. Боз шекпенді біреу. Қазақтардың шиді топтап-топтап беліне салып тартып қалатынын, сонда бір уыс ши күтір етіп суырылып шығатынын, оның қабығын аршып, сыртына қызылды-жасыл жүн орап, ақ бақанды көлденең құрып, оның екі жағына қалақ-қалақ тас теңдеп, үйге ұстайтын әдемі жасау тоқып шығатынын Костюков талай жерде көріп жүр. Шиді көбіне еркектер тартып, әйелдер тоқитын. Бірақ мынау қалың шидің арасында басы ғана қарауытып жайбарақат кезіп келе жатқан боз шекпенді адам ши тартып жүрген кісіге ұқсамайды. Біреумен сөйлесіп келе жатқандай арғы жағына шұқшия бұрылып апты. Әне қалың шидің арасындағы алаңқайға да шықты. Қасында біреу ілесіп келе жатыр. Көйлегі шұбатылған әйел. Боз шекпенді оны бауырына тартып құшақтай ұстапты. Ар жағындағы әйелдің тек делеңдеген көйлегінің етегі ғана көрінеді. Екеуі жайылып жүрген баран аттың қасына барды. Әйел аттың тасасында. Боз шекпенді еркек еңкейіп атының түсауын шешті, әйел буырыл аттың жалынан ұстап жаяу барады. Екеуі жайдақ сайдың бір жақ қапталына шығып жатқан жалғыз аяқ сүрлеуді бойлап кетіп барады. Сайдың жиегіне жете бере тоқтай қалысты. Аттың тасасындағы кісі қасындағы әйелге құшағын созып еңкейіп сүйді. Әйел артына бір бұрылып қарап сайдан шығып кетті. Баран атты әлғі орынында қалқиып біраз тұрды. Сосын атына мініп, сайды бойлап төмен тартты.
Костюков қалың шидің тасасында ербиіп әлі тұр. Тысыр-тысыр ат жүрісі де естілмей қалды. Жым-жырт сайдың бойында жападан-жалғыз қалғанына көзі әбден жеткен соң барып ізінше кері қайтты. Манағыдай ентелемей ілбіп жай басып келеді. Мынау аран қара сайдың қара көлеңкесіне де елегізген жоқ. Бірақ бір түрлі қараптан-қарап көңілі құлазып қоя берді. Әлгі адамдар мұңда неғып жүр? Әлгі әйел кім? Баран атты кім? Көкірегіне ойда жоқ орныққан осы үш сауалға ол ешқандай жауап таба алмады, өз ойымен өзі болып келе жатып төңірегіне көз де салмапты. Күн еңкейіп қалған екен. Хан ауылы жаққа қарап еді, Зердебайдың үйінің алдында жер ошақ басында әрлі-берлі көлеңдеп Торғын жүр. Ол үйге енді баруға кеш. Амалсыз қосына қайтты. Кешке жатарда Костюков манағы көргенін Цапаевқа айтып еді. Дөкір неме мазақ қылды.
- Қатын мен еркектің елсіз сайдың бойы түгілі үй алдындағы шошалада екеуден-екеу оңаша қалса, не істейтіні белгілі емес пе? Соған да ақылың жетпей ме, маубас неме?
Сергей Костюков бір бұрқ етіп теріс аунап түсті.
Өз іргеңді өзің қымтап, өз қайғыңмен өзің болған тағы бір ай өтіп барады. Төр алдында жата-жата жамбасы ұйып қалған Тевкелев аяқ-қолын созбаққа сыртқа шығады. Сыртқа шыққанмен көз тоқтатар, көңіл алдарқатар ештеңе таба алмай, қайтадан ішке кіреді. Ішке кіргесін де көңілі байыз таппай, не істеп не қоярын білмейді. Баяғы сол сыңғырама сандығын барып ашады, баяғы сол былғары қапты қалың дәптерін тауып алады. Ішін ашып оқи бастайды. Бәрі де сол белгілі хикая. Оқымай-ақ көңілінде жатталып жатқан оқиғалар. Кейінгі сентябрь айында жазу түсіп жарымапты. Оған қарап ол айда ештеңе болмаған екен деп ойлауға болмайды. Қайта бұны қақпанға түскен бөрідей қан жылатқан ең ауыр ай, ең пәлекет ай сол болды. Бұрын әйтеуір ілуде біреу соғып тұратын. Бұрын әйтеуір анда-санда шығып қайтқан серіктері ауыз толтырарлық хабар айтып келетін. Ал сентябрьде оның ешбірі болған жоқ. Әйтеуір ине жұтып қойған иттей тызалаңдаған тіршілік. Қасындағы нөкерлері елге әне қайтамыз, міне қайтамыз деп көптен күбінулі. Бұның көзін ала беріп сыпсыңдаса жөнеледі. Айтатындары - сол баяғы Уфаға қайтып аман-есен аяқ асырып алатындарының жайы. Ал бұның сол іргеге телмірген, есікке телмірген басыр күйі. Бұрын күн ыссыда іргені түріп қоятыны бар еді, енді таң суып, сол түрулі есіктен басқа төрт болған көзіңді төңірекке салдырар саңлау қалмай барады. Үй сыртында қашанғы қалқиып тұрарсың. Сентябрь солай сенделумен өтті. Бүкіл ай бойына белдеуіне бар болғаны екі рет қана ат байланды. Бір рет Шерін Дөндіктің Сәмекеге тұтқын даулап бара жатқан екі елшісі соқты. Ол екеуі бұны біраз хабарға кенелтіп кетті. Доржы Назаровтың Шерін Дендікпен ашықтан-ашық айқасқа шыққаны рас керінеді. Бүкіл ұлыс атқа мініп ереуілдеп кетіпті. Екі елші күндіз қалқа-қалтарыстарға тығылып, түн бойы сәуір салып, ереуілшіл ұлыстың үстінен итшілеп зорға өтіпті. Бір байқағандары - Доржының еліндегі өрттің исі қазақ даласында да көңірси бастапты. Батыр сұлтанның қол астындағы ауылдардың қай-қайсысының да желкесі қаңтарулы аттан көрінбейді. Қазақтардың бүйтіп тал түсте ат қаңтарып жүргендері тегін емес сияқты.
Қалмақтың екі елшісі Сәмеке ұлысына аттанып кеткен соң екі күннен кейін қасында үш кісі жолдасы бар Қосбармақ деген қазақ келді. Көктемде қалмақ ұлысына барып сауда жасап қайтамыз деген сегіз адамын жолдағы Жайық казак орыстары ұстап қалып жібермей отыр, соларды босат деп қолхат берсейші деп жалынды. Елші де безеріп алды. Кейінгі кезде Жайық бойында да, Тобыл бойында да қазақтардың орыс қоныстарына тиісуі көбейіп кетті. Әулекі біреулер бұған қыр қылып орыс тұтқындарын қолдарын қыл арқанмен буып, ауыл сыртынан айдап өтеді. Анада Әбілқайыр аңнан келе жатып сондай төрт орысты шырылдатып ат кетіне өңгеріп бара жатқандарды көріп қап, соңынан қуып жетіп екеуін әзер айырып алыпты. Елшінің есіне сол тусіп, Қосбармақтың жалынып-жалпайғанына илікпей қойды.
- Зорлықты батпан бексе жуан ауылдар жасайды да, зардабын жүдеубас біздер тартамыз, - деп күйініп, ол кетті.
Содан соң ешкім ат ізін салмады.
Енді, міне, сентябрь өтіп, октябрь туды. Жылмаңтөс Юмаш тағы бір тосын хабар тауып әкелді. Қазақтарға Доржы мен Лобжыдан тағы да бір елші келіпті. Аты - Бөлек. Сол Бөлек: «Ақылдарың болса, Әбілқайыр мен Бекенбайдың айтқандарына ермеңдер. Есет үшеуінің көзін құртыңдар. Ақ патша жарылғаса, баяғыдан бері қол астында отырған қалмақтарды жарылғамай ма? Аюкеден қалған жалғыз шаңырақты қарқалази еткенмен, қалғандарымызды қан қақсатып отырған жоқ па?! Ертең сендерге де соны істейді. Әлгі Әбілқайыр, Бөкенбай, Есет - үш жәреукелерінің ауызынан ақ майды ағызады да, сендерді көк мұзға жалаңбұт отырғызады. Желкелеріңнен көк сүңгісін оқтап тұрып алғанда мына күндеріңе зар болғандарыңды бір-ақ білерсіңдер. Одан да бізге қосылып, патшаға қарсы соғыс ашайық. Олай ететін болсаңдар, біз сендерден алған тұтқындарымызды түгел қайтарып береміз. Арамыздағы өткен-кеткен ашу-араздың бәрін ұмытамыз», - деп үгіт таратып жүрген көрінеді. Бұл жолы қазақтардың әлгі арапшының айтқанына едәуір ылығып қалған түрлері байқалады. Екі арыстан жиырма мың әскер жиып қалмақтарға қолғабыс береміз деп желпініп жүрген қызылтанаулар жеткілікті көрінді. Олар ақ патшаның елшісіне енді ешкіммен кездестірмейміз, ешкімге хат жазғызбаймыз, ешқайда аттап шығартқызбаймыз, жасырынып еліне қашып кетуіне жол бергізбейміз деп жағалай қадағалау қойғызыпты. Бәсе, соңғы күндері алыс-алыс жалдардың басынан әлдеқайда әлдеқандай бір жүргіншілер өтуші еді. Ешқайсысы не бұның қосына, не хан ордаға бұрылып соқпайтын. Көкжиектен қылт-қылт көрінетін де, қайтадан жоқ боп кететін. Хан ауылынан анда-мында шығып тұратын Нияз сұлтан тағы да қап-қап хабар өңгеріп қайтатын боп жүр. Күйеу баласының аулын күні-түні ат қамайды да жатады дейді. Бұны бұрынғыдай жалбырай қарсы алмай, ерқашты аттай қыржыңдап қалатынды шығарыпты. Ұры тазы құсап Барақ ұлысының жігіттері сұқақтайды да жүреді. Әйелдердің де талай өсекке кенеліп қалған түрлері бар.
Батыр сұлтан баласы Қайыпқа Барақ сұлтанның қызын әйел үстіне алып бермекші көрінеді. Сонда Қайып қарындасын алып отырған Кіші жүз ханы Әбілқайырға да, қызын алғалы отырған Орта жүз сұлтаны Бараққа да бірдей күйеу, бірдей жұрағат болмақшы. Өткен қыста Батырдың Өсеке тұқымымен сүйек жаңғыртуға сонша неге өліп-өше қалғанының сыры да енді анықталды. Күйеу бала боп сызылып-мызылудан құтылып, құдандал боп терезесін тең ұстауға асыққаны екен ғой. Баласына Өсеке тұқымынан тағы бір қызды қосақтап, өз басына бостандық алса, енді оған Тұрсын тұқымынан қыз алып беріп, баласының басына бостандық алып бермекші. Бір ауылдың дербес күйеуінің қайын жұртымен қажасып жатпағы әдепсіздік, ал екі іргелі ауылдың ортақ күйеуінің қай қайын жұртына қырын қарап, қай қайын жұртына оң қарауы өзінің еркі. Соны жақсы білетін сұңғыла сұлтан әуелден бір-біріне тіс қайрап өткен екі әулеттің екеуімен де құда боп, екеуін алма кезек саялап, екеуін алма-кезек қарап қыт-қытпен күн көрмекші. Біраздан бері іргесі ажырамай бүтін отырған жанарыс ауылдарына алыста жатып азуын айға білеген Барақтың ықпалының өте бастауы көп ұзамай бір топалаңға ұрындырмай қоймады...
Қандай атқа мінсе де, аяғы салақтап жерге түсіп кететін, қуанышта да, қайғыда да - қандай жағдайда да, аузын ашса, көмекейі көлкілдеп көрініп тұратын осы бір мылжыңбас сұлтанның әңгімесіне Тевкелев те көп илана қоймаушы еді, бірақ осы жолы қай сөзі де, көңіліне тебен инедей қадалып-қадалып тұрып алғаны. Хан ауылына қайта-қайта адам жүгіртеді. Күні-түні құлағы түрік. Бірақ, жіпсіз маталып отырған көр құлақ елшіге мардымды ештеңе естіле қоймады. Бәйбек Ағлұқ Бөкенбайдың ауылына соғып қайтқан екен. Уфадан келіп жатқан саудагер қазақ Жаубасар Қасболатовтан қоржынның екі басын толтырып үнді шәйін әкеліпті. Оны өзіне шақыртып алып, воеводаға хат беріп жібермек. Күндіз бұл ауылдан ешкім хан ордадан басқа жаққа аттап шыға алмайды, Тымырайып жатқан қара жалдардың ар жағында оларды қандай қауып күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Ай бата Таймасты Бөкенбайға жұмсады. Астына меңсіз қара мініп, үстіне мөлттей қара киіп, қара сойылды тақымына басып, талай барымтаны бастан кешкен Таймас батыр қара түнге сүңгіп жоғалды.
Ертеңіне күздің күні жылдай ұзарып батып болмағаны. Тевкелев те тызақтап кіріп-шығып отыра алмағаны. Башқұрт билерін жиып ақылдасты.
- Таймас, аман-есен жетті ме екен?
- Жетпесе, ендігі бір хабары шығар еді ғой.
Жан-жақтың тым-тырыс жатқанына қарағанда, аман-есен жеткен болар.
- Ал, бүгін екеуі торушыдан қапысын тауып өте алар ма екен? Жолдан ұстап ап, бізбен сөйлескізбей кері қайтарып жіберсе қайтеміз?
Башқұрттар әрі ақылдасып, бері ақылдасып амал тапты. Текелев пен Юмаш жарық барында киімдерін өзгертіп хан ауылының қой тоғытып жүрген адамдарына қосылып өзен бойына барады да, жұрт ауылдарына қайтқанда тоғыттың маңындағы шоқ тоғайға жасырынып қалып қояды. Қараңғы түсе Юмаш қалтарыстан шығып, Бөкенбайдың ауылынан келе жатқан Таймастың жолын тосып, Жаубасар екеуін тығылып жатқан Тевкелевке апарып жолықтырады.
Күн батып, ымырт үйіріле елшілік қосы мен хан ордасы отырған тепсеңнің ту сыртындағы құныс бел қара ормандай қарауытып шыға келді. Кейінгі кезде елшілік қосына да бір қозғалыс біткені қарсы жақтың назарына ілініп қалса керек.
Бір жағы жарлауыт, бір жағы ойпаң жылаишық өзеннен қырға қашып сексие біткен бір шоқ талдың арасына етпеттей жығылған Тевкелев пен Юмаш қауқылдасып хан ордаға қарай жылысып бара жатқан шолғыншы топтарды көріп жатты. Маңайда аяқ басылып, түн қоюлана Юмаш Бөкенбай ауылынан келетін адам осы маңнан өтеді-ау деген түсқа барып қарағанды қара жүлгенің арасына жатып алды. Түн ортасы ауа екеуі де қара киініп, қара мініп, аттарының тұяғын дүсір шықпасын деп киізбен таңып, үнсіз жылжып келе жатқан екі елесті Юмаш сонадайдан көзі шалып ңалды. Бұқпақтап барып тізгіндеріне жармаса кетті. Шошып қалған, талдың арасында үсті-басы әлем-жәлем боп күтіп тұрған Тевкелев Жаубасарға жағдайды келте баяндап, қойын қалтасынан көнетоз әптиек шығарды.
- Кошелев мырзаға апарып бер, - деді.
Воеводаға хатын әптиектің соңғы бетіндегі ашық жерге кітаптың өз жазуынан аудармай әдемілеп арап хәрпімен орысша жазып еді.
Жаубасар қою қараңғыға қайта сүңгіді. Елші екі серігімен сай бойынан шыға берді. Әлдеқайдан шаң-шұң дауыстар шықты. Жаубасар бұта-бұтаның тасасында тығылып жатқан торуылшылардың төбесінен түссе керек. Шаң-шұң әңгіме көп ұзамай басылды.
- Енді қолыма түссең, көзіңді құртам. Бұл араға аяқ басушы болма, - деп біреу кіжінді.
Жаубасарды босатқан секілді. Тұла бойынан киелі кітаптан басқа сезікті ештеңе таба алмаған сияқты.
Қарашаның қара суыққа ұрынбай май тоңғысыз боп өтер түрі бар. Аспан ашық. Көз жетер жерде көңіліңді жабырқатардай ештеңе жоқ. Керілген дала кенезесін кептірген ыстықтан құтылғасын етек-жеңі кеңіп далия түскен. Мизам шалған шөп басы күміс шашқандай күнге шағылысып жарқ-жұрқ етеді. Ауылдар тағы да көген құрып, қой қосақтап күзем алуға кірісті. Бірақ қай ауылға барсаң да, қырықтық басынан қатын-қалаш пен кәрі-құртаңды ғана көресін. Тепсе темір үзетін тегеурінді жігіттер жым-жылас. Олардың бәрі ат үстінде. Бірақ жағаласып жатқан жаулары жоқ. Ауыл мен ауылдың арасын шаңдатып, ер үстіндегі изеңдескен ерсілі-қарсылы бір жөңкіліс.
Күні-түні топылған қара нөпір аттан талай ауылдың үсті тозып, үзіктерін тозаң көмді. Бірақ, ондай топылысқа басқа ренжісе де, Батыр сұлтанның ренжи қояр түрі көрінбейді. Қиыр-қиырдан жарақтанып келген жау түсірер жігіттердің қарасы көбейген сайын көңілі тоғая түседі. Олардың кеңк-кеңк күлкісі мен кергіме дауы да құлағына майдай жағады.
Бір төлеңгітін әдейі жиылып жатқан жігіттерді санауға қойды. Екінші төлеңгіті кермедегі аттардың оң тақымындағы айқұш-ұйқыш таңбаларға сығыраңдап әлек. Жігіттің саны төрт мыңға жетіп қапты. Кермедегі аттардың санынан тек алты шектінің ғана емес, исі алшының талай руының таңбасын табуға болады. Әзірге көзге ілікпей тұрғаны жеті рудың ғана таңбалары. Соған қарағанда хан маңайының тақырлана түскен сыңайы бар.
Кейінгі жылдары Қайыптан қалған көне орда қақырадай боп ағарды. Қашанғы қайың шаңырақтан басқаның бәрі жаңарған. Сырдың аяғындағы қарақалпақ миясарлары басып берген қан күрең тор көз керегелерді көрерге көз керек. Қыпша бел бойжеткендердей сылаңдаған сүйрік уықтар да иінді-ақ. Есік пен төрі ен жайлау сегіз қанат ақ орданың іші қызылды-жасыл. Оның көбі осы соңғы жылдары жиылған. Көрші Бұхара, Хиуа хандықтарынан келген тарту-таралғы. Кейінгі кезде қошаметшіл жұрт: «Хан орда сіздің ордаңыздың қасында жетім қыздың үйіндей екен», - дегенді көп айтып жүр.
Батыр өз ордасына жұртты көп кіргізе бермейді. Келім-кетімді басқа үйде қабылдайды. Мұнда қадау-қадау сенімді кісілер ғана аттайды. Бұрын өз ауылына туралап келе жатқан кісі көрсе, алдынан шығып қарсы алғысы кеп табаны қышып тұрар еді. Қазір іздеп келген мейманды қоналқы үйде саржамбас қып күткізіп қоятынды шығарып жүр. Міне, екі-үш күннен бері сый қонақтар түсетін жасаулы үйде Барақ ұлысынан келген екі-үш жігіт алдын көре алмай сарғайып жатыр. Олардың неге келгені де белгілі. Сондықтан да күткізе түсті. Өйткені, бұл ойланбай жауап қайтара салар оңай шаруа емес-ті.
Анада көктемде шаруасы шығып Әбілқайырдың ауылына барып қайтқан Барақ ұлысының кісісі Жансары жол-жөнекей бұған соғып бір тосын хабар айтқан-ды. Оны естігенде бұл ішін тартқан. Ақ пен қызылдың арасында солаң етіп кіріп келген әлгі қаба сақал суық хабарын Бараққа да жеткізіпті. Көкейіндегі қызыл құрт көмекейінен басын қылтылдатып тұратын көкіме неме араға апта түсірмей, бұған бір сенімді жігітін жұмсапты. Қалтасына хат салып беріп жіберіпті.
Ол жігіт ез ағайындарынан қысастық көріп қашып шығып, Батырдың панасына кеп бассауғалаған рай танытты. Сабазың менің балам болсын дейтіндей сүйкімді неме. Жазық маңдай, қыр мұрын, жайнақ көз.
Батыр сұлтан оны жеке ұстайды. Көп ешкімге қоспайды. Оңаша шақырып тапсырма береді. Оның не істеп, не қойып жүргенін бұл ауылда Батыр, ана жақта Барақ қана біледі. Қонақ үйдегі үшеу сол шаруадан не өнетінін білмек. Батыр үйінен шықпай қабырғасымен кеңесті. Қанша дегенмен, өзі бір кісінің жүрегін тітіркендіретіндей тосын шаруа еді. Бірақ, бұл жолы тәуекел етпесе, қолына бірте-бірте бой үйретіп келе жатқан бақыт құсы пыр етіп қайта ұшып кетуі әбден ықтимал. Қазақтың бас ноқтасына қолымды енді жеткізем бе деп отырғанда, ол бақытынан өзі айырылып қалғысы келмейді. Онысын мынау төңірегіне төрт тараптан жиылып жатқан қарақұрым жұрт бет-бетіне шашырап безіп кетеді ғой. Сосын оларды маңына қайта жинап алып көр! Мансап деген де етегін жел ашпаған балапан бойжеткеннің уыз ықыласындай өтпелі неме көрінеді. Дер кезінде қапы жібермей қауып қалмасаң, өмір бақи өкінумен өткенің. Ал, бұл жолы ойланбай-толғанбай көз жұмбайлыққа басуға тағы болмайды. Ел алдында біреуді масқара етем деп жүріп, өзің масқараға ұшырап қалып жүрсең...
Батырдың ойы олай бір көлбеп, былай бір көлбеп, ақыры бір шешімге келген сияқты. Не де болсә, елшіні тап осы қалпында еліне аман жіберіп қоя алмайды. Не де болса, Өсеке тұқымын бүйтіп басқа секіртіп қоя алмайды. Ендеше, бір қанды оқиғаға бел бумай болмайды. Ол үшін тек ел үстіндегі игі жақсылардың ауызын алу аз. Жалпақ жұрттың өзі сенің жағаңа шығуы керек. Әбілқайырды сыртынан қанша ғайбаттағанмен дегеніңе жете алмайсың. Ол үшін одан жұртты біржолата түңілтуің керек. Сонда ғана сенің қан төккен қылмысың қасиетке, қараулығың ерлікке айналып шыға келмекші. Міне, сонау мамыр айынан бері жер түбіндегі Барақтың күнара кісі шаптырып құлағына құйып баққаны осы. Оны қайтып жүзеге асыратынын да өзі айтып берген. Бұл жайында ешкімге тіс жарып көргеі емес. Тіпті Жалтыр мен Қосыбай да білмейді. Ертеі болары болып, бояуы сіңген соң барып төбелерінен бір-ақ түсірмек. Егжей-тегжейлі хабардар тек Барақ екеуі ғана. Барақты бұрын арам шеміршегін аспанға төсеген әңгүдік біреу көретін. Сөйтсе, білмейтін қулығы жоқ қырык, қалта қырқылжыңның нағыз өзі екен. Батыр сұлтанның шалғайына қолым тиді ме, тимеді ме дегендей Қайыпқа қызын теліп жүрген де өзі. Оны да төбеден түскендей қылмай, жер түбінен тұспалдап жеткізді.
- Өзіңді де, балаңды да Өсеке тұқымына кіндіктен байлап тәуелді қып қоямысың. Жігіттің жеті мүшесіне жеті әйел деген. Қайыпжанға қалған әулеттерден де бір-бір төс жегіз. Өсеке балалары саған сосын қалай кекірейе алар екен!
Барақтың бұл сөзі де көңіліне бірден қонды. Құшақтасып құйрық-бауыр асаспаса да, жекжаттықтан қаша қоймайтын рай танытып еді, екі арыс ел бұлардың құдандылығынан құлақтанып үлгерді. Құлақтандырып жатқан да бұл емес, еріні епсекті барақтың төңірегі. Одан, бірақ, айылын жиып отырған бұл жоқ. Күні кеше «Өсеке тұқымының қол баласы» деп кекетіп жүргізбейтін кергімелердің бірі бүгін өзі кеп, қызынын етегін бұның баласының шалғайына байластырып, онысына ақ түйенің қарыны жарылғандай алақайлап қуанып, өткен-кеткеннің тізгініне оратылып сүйінші сұрап жүрсе, масаттанбаса, неге ренжісін!
Болашақ құда жатса-тұрса мұның қамын ойлап, күнара бір атшабарын аяғын салақтатып жібереді де тұрады. Кешегі келген үш жігіттен жіберген хатын оқығанда қайран қалды. Бәрін қолмен қойып, көзбен көргендей қып мөлдіретіп жазыпты.
«Егер сөйтіп жатса, бүйткеніміз дұрыс», «ал бүйтіп жатса, өйткеніміз дұрыс». Әйтеуір қапы қалмайтындай қып барлық жағын қарастырып бағыпты. Төңірегіне топтасып жатқан қату қолдың көптен кіжінгенмен аттап өте алмай келе жатқан ала жібін қазақтың кіндік араласы шешіп бермек. Егер бұл ойлағандары іс боп шықса, мен қазақпынның бәрі Әбілқайырдан теріс айналып шыға келетіні сөзсіз. Бірақ оған дейін де солқылдақ ру басыларын ушықтыра, өшіктіре түсу керек. Ол жолда қандай тәсіл, қандай айладан да тайынуға болмайды.
Батырдың енді ойланып-толғанатын реті де жоқ екен. Жарақты көптің басын құрап алғасын не ойланатыны, не толғанатыны бар! Енді тек тәуекелге мінуі ғана қалды. Дауыстап сырттан төлеңгітін шақырды. Едірең басып телеңгіт кірді.
- Бар, әлгі кірмені шақыршы...
Төлеңгіт ештене аңғармасын деп жайбарақат сөйледі.
Үстінде құс таңдай сап тоқыған түйе жүн шекпені бар, сусарбөрікті, сұрша жігіт табалдырықтан еппен аттады. Сексеуілдің шоғындай жылт-жылт еткен екі көзін сабаудай-сабаудай қою кірпіктің астына көміп, оң қолын көкірегіне апарып тағзым етіп тұра қалды. «Еркек адамның мүләйім болғаны неткен жексұрын! - деп ойлады ішінен мынау тал бойында бір міні жоқ сұлу жігітті жақтырмай қалған Батыр. - Бұндай жылысу немелерді кергенде он екіде бір гүлі ашылмаған бала қыздарда ес қалады дейсің бе? Барақ қу қайдағыны қайдан тауып жіберген!..»
- Қалай, айтқан тапсырма орындалды ма?
Мәймөңке жігіт басын изеді.
«Үн қатпауын қарашы... Бірақ үндегенде де не дейді бұл сығыр...»
- Қанша рет жолықтыңдар?
Жігіт қапелімде тамағы құрғап қалғандай шашала тіл қатты.
- Сол... төрт-бес рет...
Екі беті ду қызарды.
- Бара бер!
Жігіт зып беріп шығып кетті.
«Төрт-бес рет кездессе, екеуі оңаша сайдың бойында көсік қазып жүрмеген шығар» - деп ойлады Батыр мұртынан күліп.
Май тоңғысыз шуақ көзден бір-бір ұшты. Аспанның көкірегі аяқ астынан ит талағандай жұлмаланып шыға келді. Әлдебір құдірет терістіктен күнгейге қарай шудаларын желкілдетіп мың-мың бура айдап өткендей, қара сұр бұлттар ертелі кеш түйдек-түйдек көшеді де жатады. Жерге кейде ақ жалқаяқ бірдеңелер түсіп, олары сол бойда еріп кетеді. Олардың неге жөңкілісіп жүргені белгісіз. Ал жердегілердің неге астарынан су шыққандай сергелдеңге түсіп жүргенін әркім-ақ білетінғе айналды. Жал-жалдың тасасына тығылып тың тыңдаған құлақтарды селт еткізер жаңалық күн әткен сайын көбейіп барады. Уфадан елшіге Қауым Топаров деген башқұрт келіпті. Қасына ерткен он кісі саудагері бар. Орта жүздің жерінен асып, Кіші жүздің жеріне жете бергенде бір терең сайдан тондарын теріс айналдырып киіп алған елу қаралы әлем-жәлем біреулер шыға кеп, соңдарындағы керуендерін жетелей жөнеліпті, өздерін местей қып сабап жол бойына тастап кетіпті. О; бұзықтардың екі арыстың қайсысына жататынын да ешкім білмейді. Қауым Топаровты воевода Кошелев Тевкелевтің хабарын біліп кел деп жұмсапты.
Арада он шақты күн өткесін Шерін Дөндік пен Лекбайдан үш салт атты хабаршы келді. Екі қалмақ билеушісі Әбілқайырға хат жолдапты. Онда қалмақ тайшыларының арасында алауыздық барын, бірақ оған қалмақ ханының еш қысылмайтынын, өйткені орыс жандаралы Борятинскийдің қол астында елу мың атты әскер, отыз мың жаяу әскер, үш мың зеңбірек қай жақтан «аттандаған» айқай шығар екен деп жаланып тұрғанын жазыпты. Оны өңшең қоқан-лоқының ортасында қалған Әбілқайырға қобалжымасын деп орыс әкімдері әдейі жаздыртып отырғаны белгілі болды.
Бірақ жер түбіндегі генерал-губернатордың мұндай жұбату хаты ханға да, елшіге де басу бола алмады. Өйткені, қазақ ұлыстарының қай пұшпағынан да келіп жатқан хабарлар бұл екеуінің мойынына қыл тұзақ бүгін түспегенімен ертең түсетінінен сыңай танытып баққан-ды. Батырдың маңындағы әскер күннен-күнге көбейіп барады. Алты шектіні былай қойғанда, Әлім мен Бай ұлының басқа ауылдары да Батыр сұлтанмен ауыз жаласа бастапты. Қайып баласы Сәмеке, Әбілмәмбет, Барақ ұлыстарымен де ат құрғатпай хабарласып тұрады деседі.
Хан орда мен елші қосы мынау аламан-асыр сең жүре бастаған ұлы дарияның ортасындағы қос аралдай. Қай күні топан басып қылғытып салары белгісіз. Жан-жақтан еміс-еміс жетіп жатқан хабардың бәрі үрейлі, бәрі қорқынышты. Белдеуге кеп тірелген ат дусірінің қай-қайсысы да төбе құйқаңды шымырлата келеді.
Аралдың етегінде отырған Шатемір ханмен бірігіп Хиуаны жаула деп жіберген Нұралы сұлтан ел жаулап алмақ түгілі өз басымен қайғы боп төрт ай жатжұрттың ортасында пенде боп отырып-отырып елге зорға аяқ іліктірді. Ол Нұралының қырсыздығын емес, Әбілқайырдың одақтастарының алдында қадірінің кете бастағанын көрсетеді.
Күнгейдің хабары әлгіндей болса, теріскейдің хабары одан да сөлекет. Жаны ашитын азғантай ру басылардың бірі Есенбай бидің айтып келген хабары бұлардың басындағы қара бұлттың бұрынғыдан да бетер қоюлана түскенін байқатқандай. Мың атты башқұрт жарақтанып келіп Орта жүзді шауыпты. Қырық жігітті мерт етіп, екі мың жылқы, жүз тұтқынды айдап әкетіпті.
Бәрінен де осы башқұрттың барымтасы жанға батып тұр. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен», - дегендей, Тевкелев пен Әбілқайырдың жандары онсызда мұрындарының ұшында жүргенде мынандай күйге тап қылды. Әлде олардың арасынан да осының бәрін қасақана істеп жүрген қаскөй біреулер табылды ма екен...
Тевкелевтің күйінгені сонша, бөксесін жерге тигізе алар емес. Отырса болды, қол-аяғы қалтылдап қоя береді. Екі қолын көкірегіне айқара қаусырып алып сенделеді де жүреді. Әбілқайырды шақыртып еді. Оның да жетісіп жүргені шамалы екен. Көзінің алді жалқылдап ісініп кетіпті. Мынаны естігенде ішін тартып, шөгіп отырып қалды. Онсыз да сұп-сұр беті онан сайын бедірейіп, бұдан көзін айырмай тесірейіп алды. Егер қазір көзі тайып кетсе, бұның өзі де одан жалт бергелі тұрғандай.
- Бәсе, - деді хан ыңырсығанға да, ышқынғанға да ұқсамайтын біртүрлі әжептарқы үн шығарып. - Мана сары ала таңнан Орта жүзден бес кісі біз келгенше Тевкелевті қолыңнан шығарушы болма деп, ігір де жоқ, мігір де жоқ, дәм ауыз тиместен кері шаба жөнеліп еді-ау.
Бұны естігенде Тевкелевтің екі көзі төбесіне шықты. Мың күн сынбас шөлмектің бір күн сынар сын сағаты жақындап қалғаны ғой. Онсыз да түтіп жеуге дәлел таба алмай отырғандарға дәлел табылды. Енді не істемек керек?
Бір-біріне не дерін білмеген екі үрейлі адам меңіреуленіп әлі отыр. Екеуі тек тілден ғана емес, ес-түстен түгел айырылып қалғандай. Екеуі де бірінің бетінен бірі көз айыра алмай бажырайып қарайды. Екеуі де бірін-бірі жұбатқысы келеді, бірақ ауыздарына сөз түспейді. Біраздан кейін барып естерін жинасты. Алдымен, Әбілқайыр тіл қатты.
- Ендеше, Орта жүзден қол жеткенше, қарап отыруға болмайды. Тезірек Бөкенбайға адам жіберіп ақылдасайың. Жауға шабылып қанына қарайып отырған ұлыстан қол келсе, ол ешкімді де аямайды. Не істеп, не қоятындарын бір алла біледі! Бірақ олар не істеп не қойса да жаманатын арқалайтын мына менмін. Сондықтан, мен сендерді олар келгенше елдеріңе қайтаруым керек. Ақ патшаға берген антыма адал екенімді өзіңіз де көріп тұрған шығарсыз. Бірақ, мынау жалына қол апартпайтын жабайы жұрт діңкемді әбден құртып болды. Дәл қазір оларды бұғалықтай алар дәрмен менде жоқ. Сондықтан алдияр патшамызға айта барыңыз. Біріншіден, жер түбінен жіберген ақ жолтай елшісіне ұлы ағзамның ұлық дәрежесіне лайық сый-сияпат көрсете алмағаныма ұяттымын, екіншіден шарапатты да шапағатты патша ағзам біздей мұңлық үмбетінің қол астындағы жұртты дегеніне көндіріп жөнге сала алмағанына ашуланбасын. Бұл қазақ осы бетімен кете береді екен деп ойламасын. Егер ұлы алдияр өзі қол ұшын берер болса, бұл жұртты да жөнге салуға болады. Ол үшін мынау көзіңіз көріп отырған қиқар ру басыларының бірсыпырасын жазалап, бірсыпырасын Ресейдің алыс шаһарларына жер аударып бұл арадан аластау керек. Басы Батыр сұлтан қып көздерін құртқан жөн. Сонда олардың орынын алатын жас билер әлгілер құсап дәліріп кетпей, тізгіндерін тарта ұстап, аяқтарын аңдап басатын болады. Бұның бәрі әуелі бір алланын, сосын ақ патшанын пәрменімен ғана жүзеге аса алатын шаралар...
Әбілқайыр өз сөзіне-өзі сенбей тұрғандай бұның көзіне алақтай қарайды. Іші қан жылап отырса да, Тевкелев ханның мынау таусыла сөйлеп тұрған түрін көріп біртүрлі аяп кетті.
- Қапа болмаңыз. Ресейге аман жетер күн болса, сіздің адалдығыңызды, ұлы императрица ағзамның ақжолтай елшісіне еткен ақ, қалтқысыз еңбегіңізді түгел айтам. Егер әлгі ниетіңізді расында да жүзеге асыратын болсаңыз, қазақ жұртының да жөнге келіп, салауатты ел боп кететініне мен сенемін.
Хан елшінің жүзінде кекесін жоқ па дегендей, жалтақ-жалтақ қарап қояды. Бірақ Тевкелевтің көзінен де, жүзінен де ондай кекесін нышанын таба алмады. Сосын барып жүрегін басып орнықты сөйледі.
- Егер алдияр патша біз пақырдың өтінішімізді құп алып, Ор өзенінің бойынан қамал тұрғызып, сол қамалдың ішінен маған арнайы үй, қора жай салып берер болса, әлгі әулекі билерді тарту-таралғы таратамыз деп алдап-сулап жинап алар едік те, көк желкелеріне көк сүңгі қадап қойып, ішкі Ресейге айдатар едік. Олардын көзі құрыса, қалған елдің жым болатынына мен кепіл.
Тевкелев ханның бұл өтінішін де мізбақпай тыңдап, ақ патшаға бұлжытпай айтып баруға уәде берді. Бірақ ханның ұлы императрица ағзамға әле-өлгенінше адал болатынын айғақтайтындай бір ишара жасағаны дұрыс болатынын сездіртті.
Әбілқайыр, бәрін үйінен алдын ала кесіп-пішіп келгендей, тез жауап берді.
- Алдияр патшаға елшілікке ұлым Ералы сұлтан мен немере ағам Нияз сұлтанды өзіңізге ертіп жібергелі отырмын. Бұдан былай ұлы ағзамның қарауына жыл сайын бір баламды аманатқа жіберіп тұрмақпын. Ақ патшаның алдындағы адалдығымды бұдан басқа немен дәлелдей аламын. Сізден жалғыз өтінішім, ұлым мен сұлтанды көп ұстамаи, елге тезірек қайтарарсыз. Әйтпесе, мұндағы ауызымен орақ орған көп кергіме жұрт алдында тағы да табаға ұшыратып жүрер. Алдияр тақсыр әлгі айтқан өтінішімді қабыл алып, мені үй-ішіммен қалада тұрғызар болса, әрі бүкіл әулетіммен сенімді аманат болар едім, әрі мынау бұзақы жұрттың тарапынан ешқандай қауіп-қатер көрмес едім, олардың тізгін ұстарларын сескентіп, тентек телісіне тіземді мықтап батыра алар ем. Не де болса, ақ патша өзі шешеді ғой. Мен әйтеуір алдияр патшаның айтқанын екі етпеймін. Елші мырза, ақыл айтқаны несі деп ашуланып қала көрмеңіз, Ералының қасына Бөкенбайдың немере інілерінің біреуін, бізге жақтас ру басыларының не өздерінен, не балаларынан біреу-міреуді ерте кеткеніңіз жөн сияқты. Қанша дегенмен, мынау ұйтқыма халық өз ұйтқысынан да бірдеңе араласпаса, айдаладағы төре тұқымның қай төлінің қайда шашырап жүргеніне бас ауыртып неғылсын! Ертең көз тайғасын кешегі уәделерінен айнып кетіп жүрмес үшін олардың кіндіктерінен де мықтап-мықтап матап ұстап отырмаса болмайды.
Тевкелев мынаны естігенде қуанып кетті. Екеуінің бұл сүхбаты бір тентектен әлімжеттік көрген екі момынның бірін-бірі жұбатқанындай бірдеңе еді. Бірақ, беттеріндегі үрей табы әлі түгел тарай қойған жоқ.
Әбілқайыр елшінің қосынан қайтып келе жатып Зердебайдың үйінің белдеуінде тұрған төрт-бес аттыны көргенде көңілі мұздап қоя берді. Ордаға жеткесін төлеңгіттерін шақырып сұрастырып көріп еді, Барақ ұлысынан шебердің сақау қызын бала жасынан айттырған құдалары келіпті. Үндемес зергер мен оның қашан көрсең де, самай шашы қопырап, алау-далау боп жүретін жырым балақ қатыны жүректері жарыла қуанып жатқан көрінеді.
Тевкелевтің хабарын естігенде Бөкенбай сазарып отырып қалды. Онсыз да ауыр денелі адам бөксесі жерге сіңіп бара жатқандай сәл ілгері итініп барып тіл қатты.
- Бұған Әбілқайыр хан не дейді?
- Ханның айтқаны: Орта жүздің қара-құраңы көп. Әрі қазір башқұртқа мал алдырып, жан алдырып өте ызалы. Кешегі башқұртқа кеткен еселерін сендерден қайтарғылары келуі мүмкін. Олар келмей тұрып елдеріңе асырам, қастарыңа балам Ералы сұлтан мен немере ағам Нияз сұлтанды елші қып қосып жіберем, - деді.
Батыр ерінін жымқырып біраз отырып барып бір бүлк етті.
- Мұнысы ақыл екен.
Бөкенбай басындағы дағарадай бөркін алып, барқыт тақиясының астына қамшысының сабын жүгіртіп бірер қасып қойды. Онысы, шамасы, қатты ойланғаны болса керек.
- Жөн, жөн, - деді әлден соң қайта тіл қатып. - Мен де қасыңызға бір немере інімді ертіп жіберем. Құдайназар Уфаға дейін шығарып салады. Бірақ, оны Уфаға барғасын әрі алып кетпей, елге қайтарыңыз.
Тевкелев құптап басын изеді. Тамағын кенеп тіл қатты.
- Батыреке, әнеугүнгі Шерін Дөндіктен келген екі елшіні сізге қалдырам. Өз ұлыстарына аман-есен жеткізіп салыңыз.
- Жақсы айттыңыз, - деді Бөкенбай. - Ол екеуін елдеріне жеткізіп салуды өз мойыныма алайын. Бірақ, қастарына Шөребай деген немере інімді қосып жібергелі отырмын. Ол былтыр керуен тартып келе жатып қалмақ ұлысында тоналып қалып еді. Соған жәбір көрсетпей, алған дүниелерін қайтарсын деп Шерін Дөндікке қағаз жазып беріңіз.
Тевкелев батырдың ол өтінішін сол бойда орындады.
Бөкенбай батыр ауылына енді қайтқалы жатқанда терістіктен бір қарайған көрінді. Көкжиекте аттылыдан гөрі түйеліге ұқсаңқырайтын тәрізді. Біраздан соң түйе жетелеп келе жатқан жаяу адам екені көзге анық шалынды. Бұнысы қалай? Қолында бүйда тұрып, түйеге мінбей жаяу келе жатқаны несі?
Елші қасындағы аң-таң жұрт одан әріге шыдай алмай, бір-екеуі атқа мініп алдарынан кетті. Қалғандары әлгі жұмбақ түйелі қастарына келгенше тарамай көлеңкеде тұрып алды.
Жырық мұрын қара нар елшінің үйінің оң жақ бетіне: «Уһ, жеттім бе?» - дегендей сылқ шөге кетті. Үстіне екі адамды мінгестіріпті. Екеуінің де тұла бойы айғыз-айғыз қан. Жер түбінен ілесіп келе жатқан көк шыбындар әлі айырылғысы келмегендей құж-құж жабылып жатыр. Түйе жетелеп келе жатқан жаяу жігіт әбден болдыртып жалп етіп отыра кетті. Қолымен ымдап бірдеңе дейді. Жұрт арқасы қырдай қара көрттің үстіндегі, екі кісіні шандып, буып тастаған қыл арқанды әрең шешіп, тусіріп алып көрші үйге алып кетті. Ал екі тізесін топыраққа көміп сұлқ отыра кеткен жігітті екі қолтығынан демеп тұрғызып елшінің үйіне алып жүрді. Оң жаққа әкеліп отырғызып, үстіндегі шаң-шаң сырт киімін шешкізіп, беті-қолын жуғызды. Алдына апарған жез құманның шүмегіне шап беріп еді, су құйып тұрған жігіттер зорға айырып алды.
- Әбден қаталап келген екен, бойына түсіп кетіп жүрер.
Әлсін-әлсін ауызын шайғызыңдар.
Жігіт біраздан соң барып есін жинады. Уфа маңындағы тұратын Бораш деген қазақ екен. Бұны да полковник Кошелев Тевкелевке хат апарып беруге жұмсапты. Қасына осыдан екі ай бұрын Уфаға кеткен ханның бір жігіті мен Бөкенбайдың бір жігітін қосыпты. Үшеуі үш ат мініп, бір-бір аттан бос жетектеп, алты атпен шыққан екен, алдарынан сексендей атты кісі қарсы жолығыпты. Ешқайда қашып құтылуға жағдай жоқ. Амалсыз тоқтапты. Сөйтсе, әлгілер башқұрттар боп шығыпты. Орта жүзден жылқы қуып қайтамыз деп барып, соққыға ұрынып, бірер жігіттерінен айырылып, өштерін кімнен аларын білмей келе жатқан ызақор топ құдай айдап тап қылған үш қазаққа бөрідей шүйлігіпті. Үшеуінің аяқ-қолын буып ат көтіне өңгеріп алыпты. Жол-жөнекей тоқтаған жерлерінде бұлардың кім екенін анықтап, воеводадан келе жатқан Борашқа көп тимепті. Ал хан мен Бөкенбайдың жігіттерінің тұла бойында найзаның ұшы мен дойырдан түскен жарақаттан саутамтық жер қалмапты. Ол екеуін ішін кептіре сабап арқасы қырдай көртке мінгестіріп, жол-жөнекей құлап қалмасын деп қыл арқанмен шандып байлап, бұйдасын Борашқа ұстатып жіберіпті.
Ит қорлықты көріп келген үш мұңлықтың сөзін тыңдап отырып Бөкенбай мен Тевкелев бір-біріне көздерін көтеріп қарай алмады. Елші қосындағы мына қарбаласты көріп Әбілқайыр да келген екен. Үшеуі ақ патшаның елшілігі қазақ ұлыстарынан аман-есен аттанып кеткенше мына жәйді ешкімге айтпауға, жарақатты екі жігітті ел көзіне шығара бермей оңаша бағып-қағуға пәтуаласты.
Содан елші қосы, сыртынан қарағанда, баяғысынша жым-жырт тұрғанымен, іштей буынып-түйініп жолға жинала бастады. Әбілқайыр мен Бөкенбай да алыс жолға аттанатын адамдарының жол жабдықтарын әзірлеп әлек.
Хан мен елшіден қалыспағысы келгендей шет жақтағы Зердебайдың үйі де абыр-сабыр. Ертелі-кеш балға тықытып отыратын неменің қара керікті атымен жиып тастағанына бір апта болып барады. Күні бойы қараша үйіне бір кіріп, бір шығып тыным таппайды. Самайы қопыраған бәйбішесінің де етек-жеңі жинақталып қалыпты. Анадағы қүдалар келіп кеткеннен бері қашаннан бері ауызы ашылмаған сандық-кебежелері мен жібі шешілмеген теңдерін түгел ақтарып шықты. Бар жылтырағын әуелі қызына, сосын өзіне жапсырып әлек. Әншейінде жалғыз үй кірменің мұндайда ағайын-жекжаты да көбейіп шыға келеді екен. Күйеудің үрын келетін хабары шыққасын-ақ, қоңсылас рулардың арасынан ағайын табылып, екі-үш үй әкеп тікті. Соғым жетелеп, саба өңгеріп келген ағайындар Зердебайдың өзін ортаға алып кеу-кеулесе, үй тігіп, жиһаз әкелген абысын әйелін ортаға алып сампылдасады. Әйтеуір, Зердебайдың үйінің маңы ертелі-кеш жапыр-жұпыр әңгіме. Белдеуінде ертелі-кеш қаңтарулы ат. Жалғыз үй ұстаға жан-жақтан құйылып келіп жатқан жүргіншілерге елші де, Әбілқайыр да жақтырмай қарайды. Мынау абыр-сабырдың бәрін қарсы жақ әдейі істеп отырғандай. Осы арқылы хан мен елшінің не істеп, не қойып жатқанын білгілері келгендей. Анау жер ошақ басында топылып жүрген қаба сақалдар тек қазан қуып, пышақ қайрап, мал сойып жүрмегендей, сонымен қоса хан орда мен елшілік қосын сырттан бағып, тың тыңдап жүргендей. Сондағы көрген-түйгендерін төсеніш іздеп, ыдыс-аяқ сұраттырып жан-жаққа шаптырып жатқан салт аттылардан айтып жіберіп жатқандай.
Не де болса, сақау қыздың той-томалағының дәл осы түсңа сәйкес келуі тегіннен-тегін емес. Әбілқайыр сыр тартқысы келіп телеңгіттерін жіберсе, тойлы ауыл аяқтарын тартып, ауыздарын тыйып, сыртқа тебетін көрінеді. Тевкелевтің адамдарынан Зердебайдың үйімен әуелден араласы бар Сергей Костюков. Ол Сартайлақ десе сартайлақ, жоғалған түйедей қаңғалақтап барып қалады да, аңырайып тұрып-тұрып кері қайтады. Оған зергер мен қызынан басқа жұрт онша жылы шырай таныта қоймайды. «Сұқақтап мынау қайдан шыға келді?» - дегендей, теріс айналып тыжырынысып қалады. Зергердің онымен бұрынғыдай ерінбей-жалықпай мылжыңдасып отыруға уақыты жоқ.
- Ә, Сартайлақ, келдің бе? - деп бір ыржиып қояды да, не мал сойып жатқандар, не үй жасаулап жатқандар шақырып, кетіп қалады. Жалғыз қызының жөнін тапқанына мәз болған еңгезердей кісі мынандай шаруаның тұсында қол ушын беріп жатқан ағайындардың бір сөзін қаза жібермей, елпек-ұшып жүр.
Торғынның да мұршасы жоқ. Біресе ана жеңгесі шақырып алып, жаңа тігіп жатқан көйлегін кигізіп көргізеді, біресе мына жеңгесі шақырып алып, ертең келін боп барғанда киіп баратын әшекейлерін қаратады.
Сергей Костюковтың абыр-сабыр тойлы ауылдан күні бойы төңіректеп жүргенде айтып келетіні: «Зердебайда ес жоқ, сондай қуанышты. Торғын бұрынғысынан да әдемі болып кетіпті.
Гүл-гүл жайнайды. Қазақтардың қыз ұзатқаны қызық... Әншейінде алау-далау болып жүретін шешесіне дейін құлпырып кетіпті».
Мұны естіген Цапаев тағы да шағып алады:
- Сен енді қызынан күдер үзгесін, шешесіне көз салайын дедің бе?
Не де болса, хан ауылының о шеті мен бұ шетінде күні-түні мігір жоқ, абыр-сабыр.
Іргеден аттанбай жатып жер төмпештей жөнелген көп дүсір бірер қыр асқанша құлағында тұрды. Сол бір қияңқы дыбыс басылғасын да көңілі орнықпай, Әбілқайыр үйге кіре алмады. Желтоқсанның екілене соқпаса да, дене түршіктірер ызғар желін ең күздігүні қоңыр жусанның тарам-тарам сілті шашағы бой көтере алмай дірдек-дірдек етеді. Ханның іші бауыры да қыс алдының сол әлем-жәлем қара шөбіндей бебеу қағып қалтыратып алып барады. Бірақ, енді басқа амалы бәрібір жоқ. Не де болса көріп алады. Әлгінде ғана көкжиекке сіңген үш жүз аттының ала тозаңы аспанға айналып әлі түр. Ежіреңдей сөйлеген дәукес билердің қабарыңқы жүздері көз алдында, сөздері қүлағында. Ешқайсысы ақырып-бақырған жоқ, былайғы даулардың тұсындағыдай қамшыларымен жер сабамады да. Сыздана, тістене сөйлесті. Ауыздарынан шыққан әр сөздерін қорғасынмен қаптап қойғандай, көңілінде опырып түсердей ап-ауыр. Алдарынан шығып, аттан түсіріп алған жігіттерімен де жөндеп амандаспапты. Үйге кіріп жайғасқасын, сырттан қарш-қарш пышақ қайралып жатқанын естіп:
- Жігіттеріңізге айтыңыз, әуре болмасын. Көп отырмаймыз. Әлгі шоқыншығыңды шақыр. Екі ауыз сөзіміз бар, айтамыз да қайтамыз, - деді топты бастап келген қабақ Тәңірберді.
Хан сәл ойланып барып, Бәйбекті шақырмай, Мырзатайды шақырды. Мыналардың келмей жатып кергіген қатал жүздерінен көңіліне бір үрей қашты. Өткен жолы елшімен оңаша мәслихатта: «Енді екеумізді де тыныш қоймас. Қарсы жақтан біреулер келер. Қайбір ағайындық әңгімемен соғады дейсің, қоқан-лоқы жасап қоқаңдай келер. Сонда хабаршы жібергенде қапы қалмайтындай боп ойланып алайық», - деп пәтуа байласқан. Егер бұл Бәйбекті, ол Юмашты жіберсе: «Қауіп-қатер ештеңе жоқ, келе бер», - дегендері, ал бұл Мырзатайды, ол Таймасты жіберсе: «Ойлан, қапы қалма» - дегендері.
- Елші мырзаға барып, билердің шақыртып жатқанын айтшы, - деді хан балдызына.
Мырзатай үй-ішінде отырғандарға алара бір қарап шығып кетті. Көп ұзамай қайтып оралды. Соңына елші емес, Таймас ілесе кірді.
Билер мынау өндіршегі сорайған құс тұмсық башқұрт биімен сөйлескісі келмей:
- Әлгі ноғайың қайда? Өзі неге келмейді? - деп еді, Таймас ханның оң тізесінен кеп орын алып:
- Ұлы императрица ағзамның алдияр елшісі қазақ билерінің өз ғұзырына жеткізбек өтініш-ғарзаларын естіп қайтуды маған, башқұрт биі Таймас Шаимовқа тапсырды, - деді.
Онысы: «Мен, немене, тақияларыңа тар келіп отырмын ба? Мен де тап сендердей қамшы ұстаған қадау бимін. Патша ағзамның ақжолтай елшісімен тізе тиістіріп қатар отыратындай теңдікті сендерге кім беріпті, өңшең жыртық шидем, жалба тымақтар!» - дегені еді.
Ханның сол тізесіндегі ат жақты айыр сақал Тәңірберді ажырая қарады.
- Біз өтініш-ғарзамен келіп отырған жоқпыз.
Талаппен келіп отырмыз. Талабымызды мына Әбілқайыр ханның алдында елшінің өзіне айтқымыз келеді, - деді.
Таймас та ызғарлана сөйледі.
- Ханға айтар талабыңызды қайда айтатындарыңызды өздеріңіз біліңіз. Елшіге айтар талабыңызды маған айтыңыз. Тевкелев мырза қазақ сұлтандарымен, билерімен өзі сөйлесе ме, жоқ өкілін жіберіп сөйлесе ме, оны сендердің мынау жиындарың емес, езі шешеді.
Керегенің көгі басына бір-бір биден иін тіресіп отырған қарақұрым жиын түгел күреңітіп алды, бірақ бәрі де ұяттан емес, ызадан қызарып отыр. Таймастың мынау батыл жауабына айызы қанып отырған тек Әбілқайыр ғана. Бұлардың бәрібір илікпейтіні белгілі болды. Кетісу керек екен, осылай шекісіп кетісу керек. Ендігі мәймөңкеден бәрібір опа жоқ.
Қазықтай қағылып қақ төрғе жайғасқан еңгезердей Тәңірберді қызарыңқы көзін төңірегіне шола тастап сөз бастады.
- Ендеше, біздің бұл келісіміз Ресей патшасының қол астындағы башқұрт жұртының бассыздығына байланысты болып отыр. Олар осы биылдың өзінде Орта жүз ұлыстарына бір емес, бірнеше рет шабуыл жасады. Тек соңғы жортуылдың өзінде Орта жүздегі ағайындарымыз қырық арысына өлідей, жүз азаматынан тірідей, екі мыңнан астам жылқы мен түйеден, қарайған дүние-мүліктен айырылып қалды. Біз қарындасымыз бүйтіп басына иүн туып, отқа түсіп жатқанда ақ патшаның елшісін алшаңдатып еліне аман-есен жіберіп қоя алмаймыз. Башқұрттар алған жесірі мен жетімін түгел қайырып, өлтірген арыстарымыздың құнын төлегенше, екі жұрттың арасында бітім болғанша, Әбілқайыр ханға келген елші аманатқа алынып қалынады. Біз соны ескерткелі келдік.
Таймас манадан оң көзін сығырайта тыңдап отыр еді, мынаны естігенде басын көтеріп ап, оқыс саңқ ете қалды.
- Бұндай талапты қойып отырған кім?
- Біз. Кіші жүз руларының билері.
- Ендеше, Кіші жүз ұлыстарына башқұрт тиді деген хабар естілмеп еді ғой. Ресей патшасының қол астына ез еркімізбен бағынамыз деген Кіші жүз руларына орыстар тарапынан да, қалмақтар тарапынан да, башқұрттар тарапынан да ешқандай қысастық болған емес. Ал, ресей патшалығының қол астына әлі өтіп болмаған Орта жүз ұлыстарының тыныштығына ақ патшаның елшісі ешқандай кепілдік бере алмайды және ол үшін аманат боп басын қатерге тіге алмайды. Егер анттарыңнан айнып, ақ патшаның елшісін қайдағы бір башқұрт шапқыншылығына ұшырап отырған ұлыстарға аманатқа ұстап берер болсаңыздар, ертең ұлы императрица ағзам мен оның айбынды ғаскерінің алдында әлгі Орта жүз ру басылары емес, мына сіздер, ант қағазға қол қойған күннен бастап Ресей мемлекетінің боданы болып есептелетін Кіші жүз ру басылары жауап бересіздер. Бұл қылықтарыңыз біздің мемлекетіміздің заңында патша тағының алдындағы опасыздық, сатқындық саналады.
Жұрт сілтідей тына қалды. Тәңірбердінің қолындағы төрт ерме қамшының былғары шашағы дір-дір етіп қалтылдап тұр.
- Сонда, - деп сөз алды оң жақ қапталдан Бақтыбай батыр, - ақ патша біздің ағайынымыздан айыра ма?
- Бәсе, десейші-ау, - деп, оны төменірек отырғандар құптай жөнелді. - Ақ патшаға бағынамыз деп, сүттей ұйып, судай сіңісіп отырған ағайындарымыздан бөлініп бөтен жұрт болып кетеміз бе? Қарындастың басына күн түскенде, біз қалай қабырғамыз қайыспай, қол қусырып қарап отыра аламыз!
- Сонда бір шоқыншақ ноғайдың басы қазақтың елі қырық, тірі жүз азаматының бастарынан артық бағалы болғаны ма?
- Қалған елшілікті аман-есен қайтарамыз. Ұстап қалсақ, тек елшіні ғана ұстап қаламыз. Онда да ақ патша башқұрттардың бассыздығын тыйдырсын деп ұстап қаламыз ғой!
Таймас жұрттың жапыр-жұпыр әңгімесін түгел тыңдап алды. «Айтарларыңды әбден айтып болыңдар», - дегендей әрқайсысының аузына қадала қарады. Бірақ билер кеңге көсіліп кетпей, бүгежектеп отыр. Шамасы, осынша бидің бәрі бір ауызды әңгімемен келіп отырған жоқ. Көбі шарпысқан екі жақтың ауыз ләмін өз көздерімен көріп, өз құлақтарымен естиін деп әдейі аңыс аңдып келгендей. Сыр шашпай тымпиып-тымпиып қалыпты. Әбілқайыр екі жақ босағадан бастап иін тіресе отырған билердің әр қайсысына көзін сүқтап үнсіз тергеп-тексеріп шықты. Мына жиынның алдында бүгежектей бермей, айбын көрсетіп қалған дұрыс екен деп ойлады.
Таймас қайта сөз алды.
- Осында жаңа тек тілмашты ғана ұстап қаламыз, қалғандарыңды елге қайтарамыз дедіңдер. Мен өзім Мәмбет мырзаны мында тастап, елге қарай жарты қадам аяқ баспаймын. Менен басқа башқұрттар да сөйтеді. Біз ұлы патшамыздың аты мен абыройын арқалап келіп отырған ақжолтай елшіні өйтіп аяқ асты ете алмаймыз. Бірге келдік екен, бірге кетеміз. Жаңа осында тағы бір әңгіме болды. Ағайынымыздан айырмақсыңдар дедіңдер. Сендерді ешкім зорлап ағайындарыңнан айырмақшы емес. Соншалықты бауырмал болсаңыздар, әу бастан-ақ Сәмеке ұлысындағы ағайындарыңызға біз қол астына қарап отырған елге тиіспей тыныш жүріңіздер деп айтпадыңыздар ма? Барымтаны бастаған кім? Солар ма, башқұрт па? Баяғыдан бергіні былай қойып, осы сендер ант бергеннен бермен қарай қазақтардың орыс мемлекетіне қарсы істемегені қалды ма? Ақ патшаның керуенін айдалаға сусыз қамап, тонап алған кім? Сендер! Жайық бойындағы орыс қаласынан казак орыстардың қатын-баласынан он алты адамды ат көтіне өңгеріп алып, қашып кеткен кім? Сендер. Башқүрттардың қырық кісісін өлтіріп, алты мың жылқысын қуып кеткен кім? Сендер. Ал, енді шеттеу шыққан жалғыз-жарымды қымқырып кетіп бара жатқандарың өз алдына. Оның есебін ешкім білмейді. Сонда кім кімге обал жасап отыр? Егер Сәмеке ұлысы өзі тыныш отырса, башқұрттар тисер ме еді? Жоқ. Олар да анада шеккен тауқыметінің қарымтасын енді қайтарып жатыр. Ендеше, ұлы императрица ағзам қол астындағы қай халықтың да бүйтіп жылап жүріп зорлық жасағанына шыдап отыра алмайды, ешкімді өйтіп басынан секірткізіп қоймайды. Егер, ақ патшамен тату-тәтті болғыларың келсе, мынау елшісін бір күнде кідіртпей еліне қайтарыңыздар!
Үнсіз сазарып отырған қалың топтан тағы біреу тіл қатты:
- Дәл қазір қазақтардың елшіні еліне қайтара алатындай жағдайы жоқ. Алдияр тақсырдың атына лайық сый-сияпат жасамай, қайтып құр қол жібере аламыз?
Таймас: «Осыны да сөз деп айтып тұрсыңдар ма?» - дегендей кекете жымиды.
- Ақ патшаға сендердің адал көңілдеріңнен артық сыйлық керегі жоқ. Іргелі мемлекеттің басшысы өздері етек-жеңдерін дұрыс қымтай алмай отырған жарлы-жақыбай жұрттан не дәметуші еді! Тағы да Бақтыбай дүңк етті.
- Сендерді аман-есен жіберсек, осының бәрін ақ патшаға жылап-сықтап айтып барып, ертең жыл өтпей жатып, біздің құлағымызды кесіп алуға қайтып келесіңдер ғой.
Таймас оңан жалт бұрылды.
- Ақ патша ешкімге өзі тиіспей тиіспейді. Тыныш отырсаңыздар, сендердің құлақтарыңды қайтсын! Ал, егер соқтықпаларыңды қоймасаңдар, әр тентектің маңдайынан бір сипап отыратын ақ патша сендердің нағашы әжелерің емес, құлақ түгілі бастарыңды қырқып алады. Бірақ, естерің болса, ондайға әздерің де ұрынбассыңдар. Ұрынып жатсаңдар, сендерді тезге салатын айбынды әскерін бастап әкелетін адамды бізсіз де табады. Онан да әр гәпке бір соқтықпай, әлі де басымыз іспей, істің байыбына бара алмай отырмыз деп ашық айтпайсыңдар ма?
Манадан сілтідей тынып тыңдап отырған жұрт мына тұста гу ете қалды.
- Әй, басымызда нең бар?
- Абайла!
- Мына жаман естек қайтып-қайтып көстеңдейді-ай!
- Ақ патшаның бауыр еті, көз нүры өзі құсап, шекемізден шертіп тұрып сәйлейді ғой!
- Орыс нанын бұрын жегеннің бәрі бүйтіп әкіреңдей беретін болса, ақ патшаға қараған күніміз де күн болмайды екен.
Сұлқ отырған Тәңірберді: «Жә, қойыңдар енді!» - дегендей қамшысын жоғары көтерді.
- Біз елшіге айтарымызды айттық. Елшінің айтқысы келгенін естідік. Енді біздің сенде ешқандай сөзіміз жоқ. Ендігі сөзіміз мына Әбілқайыр ханда. Бірақ, сен де естіп ал. Ал, хан, исі алшының айтары қашан башқұрттар Орта жүзге салған ойранының орынын толтырғанша елшіні ешқайда шығарушы болмайсың. Бұл айтқанды орындамайды екенсің, төрелік түгілі тірлігіңнен күдеріңді үзе бер.
Әбілқайыр ыршып түсті.
- Өйтіп, қоқилана берме, Тәңірберді. Сенің ышқырыңа қыстырылып тұрған сары шаянның да құйрығы көрініп қалды. Сақалыңды сапситып осындай өнбес дауға кім жұмсаса да, айтып бар. Менің ақ патшаға берген антым ант. Кейбіреулер құсап бүгін биенің құйрығы, ертең түйенің құйрығы болып қырық құбылып отырар жәйім жоқ. Ондайлар бүгін шолжаңдағанмен, ертең шолжаңдай алмайды, ақ патшаның алдында саза-йын тартады. Олардың опасыздығы үшін бар айыпты бір мойныма артып ап, мен де өле алмай жүрген жоқпын, Егер елшіні аманатқа ұстаймын десеңдер, өздерің ұстаңдар да, обал-сауабын өздерің көтеріңдер. Елші - менің тұтқыным емес, қонағым. Қайтам деген күні қайтарам. Қасына балам Ералыны ақ патшаға елшілікке жіберем. Егер бұл қылыгым үшін қатын-баламмен түгел қырып тастасаңдар да, артым сұраусыз қалады екен деп ойламаңдар. Ералыжан орыс патшасына тірі жетсе, біздің кегімізді сол қуады. Егер оның да періште қанына қолдарыңды былғамай құмарларыңнан шыға алмайтын болсаңдар, бұл опасыздықтарыңды ақ патшаның өзі-ақ із-түзсіз жібермейді. Ол кім-кімнің де кеше бағындым, бүгін қағындым деген шайпаулығын көтере қоймайды. Әуелде жайына қарап жүре алмай, өз аяғынан келіп ант беріп, енді бүгін онысынан жалт беріп отырғандар жазасыз қаламыз екен деп ойламасын. Бастарыңда ми болса, әлі де қабырғаларымен кеңессін. Менін айтқаным айтқан, елшілер елдеріне жүреміз деген күні жүреді. Мен оларды қайдағы біреулердің қапы кеткен ұпайы тугелденгенше ұстап отырар жәйім жоқ. Ойланам-толғанам деген кісіге аз ойлану, аз толғану болмаған сияқты!
Әбілқайыр орынынан өзі бүрын көтерілді. Онысы: «Сөз осымен бітті!» - деген еді.
Үй толы жиын сол сазарған қалыптары сыртңа шықты. Сол сазарған қалыптары аттарына мінді. Сол сазарған қалыптары «қош» айтыспастан журіп кетті. «Қап, бәлем, сені ме!» - деп кеткендері бірден белгілі болды.
Бел асып бара жатқан қатулы шоғырды көріп тұрып Әбілқайыр: «Тіресер жерге енді келдік, - деп ойлады. Үйіне қайтып кіргісі келмей құла түзді бетке алып жүріп кетті. Мәреден енді оралып, тұяғы әбден қызып алған бәйге атындай бір жерге тұрақтай алар емес. Қарсы ескен суың леп те бетін шымылдатқанмен етіне өте алмай келеді, сонау көкірегінде өртеніп жатқан қордалы күйікті үрлей түспесе, сөндіре алар түрі керінбейді. Әлгі айтқанына еш өкінген жоқ. Бірақ «енді не болар екен» деген бір желік әуестік бар. Ертең, тіпті бүгін түс қайта мынау жым-жырт ауылға тап болар зұлматты бір сәт көз алдына елестеткісі келеді. Бірақ, кезінің алдын жыбырлатып келе жатқан соқыр ыза көңілінде ешқандай көрініс оятпады. Қайда қараса да, сол құлазыған тұлдыр кеңістік. Аспан асты, күллі дүние, алай-түлей көңілі бәрі-бәрі құлазып бос қалғандай.
Ауылдан біраз ұзап шығып кетіпті. Кенет көз алдындағы көкжиектен қылт-қылт бірдеңелер қарауытты. Қалт тұра қалды. Әлгі баяғыдан бергі қорқытып келе жатқан топалаңдары осы болмасын. Жаңағылар ауыр қолын жал астына иіріп қойып, өздері тағы да бір бұның алдынан етіп мезірет жасауға келіп жүрмесін. Ат құйрығын үзіскен әңгімеден соң барып, манадан бері жаланып тұрған жарақты қол қанша айтса да көнбеген қайсар ханның шаңырағын ортасына түсіргелі қаптағайлап қоя бермесін...
Көңіліне бір түсініксіз діріл жүгірді. Өкініш деуге өкінішке ұқсамайды, ыза деуге ызаға келмейді, қорқыныш деуге қорқыныш тәрізді де емес. Айлап-жылдап ауырып, әбден сүлдері қүрып, онсыз да күдерін үздірген күлдікөмеш тіршіліктен кетер алдында иегін кемсеңдеткен үмітсіз науқастың далбаса наласындай бір әлсіздік бойын билеп барады. Талай топаланды көріп-біліп жүрсе де, тап мынандай сергелдең халді бастан кешіп көрмеген екен. Аяғының тиген жерінің бәрі шоқ боп қарып жатқандай. Бетіне қырын тиген терістік желі де тандырдың деміндей күйдіріп бара жатқандай. «Маған не болған? Маған не болған?» - деген мазасыз сауал құлақ шекесіне қадалып ап, қазанның түбін тесетін темір бұрғыдай зыр көбелек айналып, нелер көрмеген мәңгір басты үн-түнсіз үңгіп жатқандай.
Көкжиектегі қылт-қылт қарайғандар андыздап-андыздап жалбасына көтерілді. Бар болғаны он шақты ат. Қол емес... Тағы да бір бейуақ жүргіншілер... Бұлардың кім болғаны?
Хан жолаушылардың жолында тұрмайын дегендей ауылдың күн шығыс қапталын бетке алып баяу басып жүріп кетті...
Өңшең қара сүлік ат мінген бейтаныс меймандар ауыл шетіндегі Зердебайдың үйіне қарай беттеді.
«Е, әлгі күйеу жігіт осы екен ғой. Бұ да қалың ойнай келетін уақытты тапқан екен!»
Қыз ұзатқан ауыл - қашан да қызық құмар жұрттың көзінің құрты. Әлгінде ғана сазарып-сазарып атқа қонған зілді топты шығарып салып, бүгежектеп қалғаі үрегей ауылдың ендігі назары түп-түгел Зердебайдың үйі жаққа ауыпты. Қатын-қалаштың құдайы берген. Еріндері еріндеріне тимей сыпсың-сыпсың.
- Күйеу жігіт Барақ сұлтанның жекжаты көрінеді.
- Тәйірі-ай, ұлыс билесең, қол астындағы елдің адамы түгілі иті шешем мырзаның үйінің қаншығымен ұялас еді деп мақтанатын әдеті ғой.
- Төренің жекжаты болса, кер сақауға ұрындап оні не құдай ұрыпты?
- Бесіктен атастырған дейді ғой. Жөргектегі нәрестенің ертең қандай боп шығарын қайдан білсін!
- Сонда немене, қалың малын төлеп қойған ба?
- Қалың малын кім білген... Бірақ, құда - құдайдың аты демей ме? Ант аттай алмағандары да.
- Бір пайдасына жарамайтын болса, Барақ ант түгілі алланың басыңан аттап кетпес пе?! Басқа бір есебі бар шығар...
- Иә, деймін-ау, жігіттерді қойшы. Жеті мүшесіне жеті қатын ала салады. Бұнысы сақау болғанмен, басқасы сақау болмас. Беріп қойған малын неге зая жіберсін!
- Тілі жоқ демесең, бұ жазған көрерге көз керек сұлу ғой!
- Күйеуі қандай екен? Сұлулардың су мұрынға жолығатын әдеті еді.
- Сұлу кеседегі сүтке ит өш. Қаймағынан айырылғасын қай итаяққа төгілгенде не...
- Қандай күйеу болса да, бұл байғұстың тақиясына тар келе қоймас.
- Зердебай пақырда ес жоқ.
- Қайтсын, тірілей көз күйік бола ма деп уайымдап жүргенде, баласы құтты орынын тауып жатса, ол қуанбағанда кім қуанады!
Жұрт үйді-үйіндегі мұндай әңғімені місе тұтпай, күйеу келіп жатқан төрт-бес үйдің маңына жиыла қалған. Әсіресе еріні қайқайған қарасұр қатындар есік алдында иін тіресіп тұрып алып, ошақ басынан табақ әкеле жаққандарға жол бермейді.
Тойлы ауылдың адамдарының мұндайда айбындары асып шыға келетін әдеті. Әншейінде аз үйліктен бетегеден биік, жусаннан аласа болып жүретін зергердің ағайындары бүгін едірең-едірең етеді.
- Әй, қатын, бөксеңе сорпа төксін демесең, былай тұр!
- Жалақ ерін бейбақ, аулақ кет, ауыңа шоқ түсіп кетер!
Қызыққұмар халық оның бәрін кешіреді. Біресе ана жақтарынан, біресе мына жақтарынан қақсоқтаған даяшы жігіттердің алдында әрлі-берлі жөңкіліп, бәрібір сол маңайдан кетпей толып жүр.
- Күйеу баласы қайсысы?
- Төрдегі анау екі күйек сақалдан басқасы еңшең бір қылқандай жас, қайсысы екенін кім білген?
- Әне бір есік жақтағы шоң мойын дейді ғой.
- Шіркіннің сүзетін бүқадай аларған көзі жаман екен...
- Қой, қасындағы сабау кірпік шығар.
- Не де болса, сол екеуі былайғы жұрттан ала бетен мызыла қапты.
Осы бір жапыр-жұпыр жиынның арасында Сергей Костюков та жүрген-ді. Мойынын қанша созып қараса да, иін тірескен жұрт ештеңе керсетпейді. Кенет бір қарулы қатын үйдің оң жақ беттегі үзігінің шетін ырсита түрді. Жұрт жапатармағай солай жүгірді. Елден бұрын Костюков жетті. Оң жақ босағаға бес-алты жігіт тізіле қапты. Арасынан желкесі шоттиып кейін шығып кеткен, қабағының астынан алара қарайтын торсық шеке нән бас біреу бұған: «Сен сығырға не жоқ?» - дегендей ежірейе көз тастады. Баяғы қара сайдың бойындағы боз шекпенді осы болғаны ма? Мүмкін емес. Мұндай немеге Торғынның көңілі қайдан құласын... Ал, әне біреу... Әлгі ала көздің сол қолындағы сабау кірпік қиғаш қас аққұба жігіт ше... Күйеу жігітке соның сыйы келіңкірейді ғой. Торғыннан сұрар ма еді. Бірақ, оны бүгін күйеу жігітке көрсетпейді дейді. Өңшең қыз-келіншектің ортасында оңаша үйде отыр.
- Ау, мына Сартайлаққа мұнда не бар? Сораң-сораң етіп осындайдан осы-ақ қалмайды екен!
Жұрт екі жағынан тықсыра бастады. Костюков амалсыз топтан шықты.
Ол күні күйеу қайын жұртынан қонақасы жеді. Зердебайдың үйінің маңындағы абыр-сабыр ертеңіне де тарамады. Ертеңіне күйеу жігітті ортаға алып отырмақ жасалды. Қаз-қатар тігілген төрт үйден домбыра безілдейді, біресе асқақ дауысты жігіттер шырқайды, біресе қыз-келіншектің күміс қоңырау үндері сылдырайды. Кешке дейін ойын-күлкі басылған жоқ.
Зердебай үйінің маңындағы топыр қараңғы түсе тарады. Кешеден бері дуылдатқан төрт үй енді оңаша қалды. Бірақ, ол маңайда әлі де қыбыр-қимыл жеткілікті. Әсіресе, келіншектердің сылқ-сылқ күлгені бір басылмай қойғаны. Қолдарына бірдеңе ұстап үй-үйдің арасында ерсілі-қарсылы жүгіріп жүр. Қалған үлкендерде дыбыс жоқ. Тек сол күлегеш келіншектер ғана мынау жалғанның жалғыз қожасы боп қалғандай.
Бүгін - ұрын келістің ең жауапты күні. Қалыңдық пен күйеудің алғашқы жолығысы. Егер бір-бірінің көңілінен шығып жатса, соңыра түн ортасында әлгі күлегеш келіншектер алақайлап жүгіріп, қыздың шешесінен сүйінші сұрайды. Онда қызықтың көкесі ертең басталады. Мына ауылдың барша қатыны, қыз-қырқыны, жігіт-желеңі жиылып күйеу таламақ жасайды. Үсті-басындағы ұнатқан нәрселерін сыпырып алады, атымен үй-үйдің алдындағы күлді тасиды, құдаларды шаңыраққа кереді. Қыз беретін ауыл қыз алатын жаққа, әйтеуір не істегілері келсе, соны істейді. Сондықтан да мынау жан-жақтағы жым-жырт үйлер түн ортасынан ауғанын тосып жатыр. Түн ортасында «сүйінші» шықты-ақ, ертең тағы да тойға түсетіндерін білдіріп, оң езулері тартып, қаннен-қаперсіз ұйқыға кетеді.
Күздің түні осыншама ұзақ болар ма... Сол күні жұрт тыпыршыды да жатты. Бір уақытта тойлы ауыл жақтан оқыс ойбай шықты.
- Қап, атаңа нәлет-ай қылған қорлығыңды ма?
- Қап, мына масқарасын-ай!
- Жыртық тоқашын шелпек деп сатып көңілімді арамдағанын-ай! Бір әжептарқы гүжбан дауыс жер төбелеп өкіріп отыр, өкіріп отыр.
Мынау бір ел естімеген сүмдық болды. Қыздың үйі түгілі маңайдағы ауылдар, сілті жүтып қойғандай, қапелімде үндерін шығара алмай қалды. Жұрт түгел оянса да, ешқайсысы сыртқа шықпады. Әлгі бір өғіздей өкірген неме әлі балпылдап отыр.
- Қап, көріңде өкіргір-ай. Жер қылдың-ау, әбден!
- Қап, ақ-адал малым-ай!
- Қап баяғыдан бері есек дәме боп келген есіл үмітім-ай!
Өлген әкесіне жоқтау айтып отырғандай жұрттың бәрі естісін деп әдейі даусын соза түседі. Төңірек тынышталған сайын өршелене айғайлайды. Кенет қақпанға түскен аюдай арсылдаған басқа бір дауыс шықты. «Қу, құдай-ай, мұнша жерге кіргізетіндей неңді алып ем!» Сол-ақ екен; «Ойбай, ойбай! Ұста! Шауып тастар!» - деген әжептарқы айқайлар естілді. Зердебайдың үйінің маңында гүж-гүж дауыс көбейді. «Жібер деймін, жібер! Оны да өлтірем, өзім де өлем!», «Жібер деймін, жібер!» Зердебайдың дауысы. «Қап, жүзіқара, қап!» Қызы жатқан үйге ұмтылып жүр. Қауқылдасқан еркектер ашулы ұстаны қызы мен күйеуін салған оңаша отауға жібермей, қолына жармасады.
Жұрт жылы көрпенің астынан-ақ сыртта не болып, не қойып жатқанын біліп жатыр.
Таң атқанша сол бір абыр-сабыр басылмады. Ел ол күні ұйқы көрген емес.
Ертеңіне күн шығар-шықпаста күйеудің тобы қарабет ауылдан дүрсілдетіп шауып шықты. Көкжиектен асқанша артына қарамай шапты. «Масқараға ұшырадық!» -деп намыстанып бара жатқан адамдардан гөрі «Құдай берді!» - деп қуанып бара жатқан адамдарға келіңкірейді екен. Бастарын асқақ ұстап, шалқая шабады. Солардың атқа отырыстарынан-ақ Әбілқайыр көңіліне секем алып еді, бесін ауа жан-жақтан жиналған ақсақал-қарасақалдар әлгі күмәнінің үстінен шықты.
Қаумалаған ағайын төр алдында теріс қарап жатып алған Зердебайдың бетін бері қаратыпты. Қызыл тіл неткен епсекті еді. Қара тастай боп қатып қалған ұстаның қасіретті көңілін де жібітті. Алақандай қос жанарға дөңгелетіп жас келтіріпті. Бұл шаруаны бұл күйінде тастамайтын болыпты. Құдайдан зекет тиетіндей боп бақытсыз туған тірі мүскіннің періште көңілін аяққа басқан әзәзілді тауып, мына айыбын мойнына алдыртып, қаралай бетпақ болған мұңлыққа некелестіретінге серттесіпті. Оны орындамай тірі жүрмеске бүкіл ағайын боп ант-су ішісіпті. Сосын кешқұрым батар күннің жалқынында қарақұрым ауылдан ірге ажыратып алшақ қонған хан орда жаққа жалтақ-жалтақ қарап қойып елді-еліне тарасып бара жатты.
Төбеге тау құлағандай зіп-зілдей тағы бір күн тағы өтті. Ол күні ешқайдан хабар шыққан жоқ. Үшінші күні күн шығар-шықпаста сау етіп отыз атты Әбілқайырдың іргесіне түсе қалды. Өңдері қату, иіндері салыңқы. Бұның есігінен бір түрлі қаймыжықтап аттады.
Қақ төрге алшиып Қонысбай отырды. Әйтеке тұқымын алға салып келгендеріне қарағанда, бұл келістері окай келіс болмады. Атақты бидің балаларының отырыс-тұрысында, сөйлеген сөздерінде аталарына тән ірілік бар еді. Қонысбай да қалған дәукес билердей шаршы төрге шығып ап, шақшақай құстай шақылдай жөнелмей, қоңыр домбыраның үніндей күмбірлетіп сөз бастады.
- Алдияр, сары ала таңда түскенімізге қарап та, жайсыз хабармен жүргенімізді біліп отырған шығарсың. Оразамызды ашпай тұрып әңгімелесетін төтенше іс тап келді. Табалап келіп отырғанымыз жоқ, өзіңмен бірге сүйегімізге дақ, бетімізге таңба салатын сұмдық оқиғаның бетін әрі қылғай деген ақ тілеумен жиылып отырмыз. Зердебайдың қызының кешегі абыройсыздығын жұрт мына іргесіндегі орыс қосынан келген пәлеге жориды. Ішінде бір ерең-серен жас жігіт бар дейді. Соны жұрт талай рет бейуақта Зердебайдың үйінің қасынан көріпті. Мұсылман болса, бір сәрі, қайдағыны қайдан шақырып, аузы түкті кәпірге қызымыздың етегін ашқызды деп сені пәлекеттейді. Ағайындықпен алдыңнан өтейін деп келдік. Салмақ салайық деп келген жоқпыз, ақыл айтайық деп келдік. Мынандай масқарадан құтылудың үш жолы бар. Біріншісі: «Адал көңіліммен, ақ дастарқаныммен қарсы алғанымда кәпір-кәпірлігіңді істедің!» - деп, бізді жиып пәтуамызды алып, әлгі Сартайлақты дарға астырасың да, қалғандарын бір күн кідіртпей еліне қайтарасың. Екіншісі, атасы кәпір орыс елшілігінің мұндай қылмы-сына ешқандай араласым жоқ деп ел алдында іргеңді аулақ сап, оларды ызалы жұрттың қолына бересің. Үшіншісі, әлғі Сартайлақтың ешқандай күнәсі жоқ деп ата аруағы жатқан қызыл үйіктің басына барып ант бересің.
Әбілқайыр мынаны естігенде шөжіп отырып қалды. Қонысбай да оған ес жиғызғысы келмей үстемелетіп түйдек-түйдек сөйледі.
Хан тамағын кенеді.
- Оразамды ашпай тұрып, айтар адал сырым, Зердебайға да, қызына да қысастық ойлаған жерім болған емес. Жұрт гу ете қалды.
- Әлбетте. Ондай ой бізде де жоқ.
- Көзсіз көбелек бейшараны отқа итеріп жүрген орыстар деп тағы айта алмаймын. Олар да тірі пенде. Анық-қанығына көзім жетпей тұрып, бекер обалдарын көтергім келмейді.
- Әрине. Анығына жету керек.
- Дәл қазір аруақ басына барып ант-су ішуге де әзір емеспін.
- Ойлан. Сарапқа сал. Асықпа. Болар іс болып қалды. Патшаның елшілігін мынандай жағдайда жұрт бәрібір аттап шығартпайды. Өз бетіңше тергеп-тексер.
Сосын келген шешіміңді хабар салып бізге айт. Бірақ бір ескертетін жағдай, ант беруге бел бусаң, антқа басыңдағы бағыңды, алдыңдағы малыңды, кеудеңдегі жаныңды тігесің. Ағайынды ренжіткен жәбірдің емес, аруақты апшытқан кесірдің тұсындағы анттың шарты сол. Ол деген сөз бағым деп басыңдағы тажыңды антқа ұстайсың, малым деп астыңдағы тұлпарыңды антқа ұстайсың, малым деп астыңдағы тұлпарыңды антқа ұстайсың, жаным деп тек өзіңнің ғана жаныңа бататын емес, күллі елдің қабырғасы қайысатын ең қадірлі, ең аяулы кісінің балиғатқа толмаған періште перзентін антқа ұстайсың. Өз тұқымын, Есет пен Бөкенбайдың тұқымы ол санатқа кірмейді. Антқа баласын ұстайтын адамың олар да болмасын, олардан кем де болмасын. Ал, біз жүрдік. Ойлан, мықтап ойлан!
Әлгінде бұған елжірей қарасқан отыз би үн-түнсіз шығып, аттарына қонып жүріп кетті.
Соңғы екі жылдың ішінде бұның төріне сабырмен аттап, есігін сабырмен жапқан тек әлгілер екен. Неге бұлар мынандай аруаққа тіл тиген кезде терілеріне сыймай күйіп-піспейді? Киені үркіттің деп туырлығын тіліп, төрін неге сабамайды? Неге қиястанып кіріп, қыжырына сөйлемейді? Неге бәрі кеңпейіл, кешірімді бола қалған? Неге, неге, неге ойбай... Неге...
Әбілқайыр астындағы ала-құла кілемді өзі төмпештеді. Не негесі болушы еді! Белгілі ғой бәрі де! Бүгін таңда бұл өңірде бұдан қор, бұдан мүсәпір кім бар дейсің? Онсыз да мүсәпір кісіге кім қиястанып, кім қырсығады? Өзі жер болып отырған кісіні кім тебесінен төмпештейтін еді? Қазақтан шапағат көргің келсе, мүсәпір бол! Сәл дәулет, сәл қасиет, сәл абырой, сәл бағыңды көре алмай қыржыңдап қалғыш жұрт, мүсәпірлерге дегенде қандай кешірімпаз, қандай кеңпейіл, қандай шапағатшыл! Әлгілердің бүйтіп жібектей есіліп тұрғаны да ертеңнен бастап бұны кісінің қоры, мүсәпір санағандары ғой. Әлгіндей сұмдық, қылмысты бұдан көріп отырып, бұны қайтып кісәпір санамай, мүсәпір санайды екен? Өйткені, бүгіннен бастап ол ешқайсысының жағасына жармаса алмайды, жолында түра алмайды. Сонда мүсәпір болмаған несі қалды. Аруақтың көңілін бүтіндеп, рулы елдің ұпайын түгендейін деп жүрген олар жоқ. Оларға керегі бұның осылай тірілей жер болғаны. Алдына қойған үш шартының өзі соны көздемей ме? Қайда барсаң да, Қорқыттың көрі деген осы ғой! Сартайлақты дарға астырып, қалған елшілікті еліне қайтарсаң, ақ патшамен бәрібір ат құйрығын үзіскенің. Сосын оның шарапатына Жәдік тұқымының бір жылмаң төсі оп-оңай ие болып шыға келеді. Ертең ел алдында орыс елшілігімен ірге ажыратып, оларды мынандай қысылтаяң кезде тағдырдың тәлкегіне тастасаң, тағы да сол ақ патшаның алдында қара бет боп шыға келгенің. Бұл айырылған абыройды Жәдік тұқымы тіріде мақұрым жіберер ме! Бұны антынан айнытып, бағын тайдырады да, бөтен елде қорғансыз қалған елшілікті сын-сағатта өз қанатының астына алғансып, тағы біреудің жұлдызы жанады. Ал ант берсе ше? Алдымен, айдалада осынша уақыт бойдақ жүрген жат-жұрттық еркектерден не шығып, не шықпайды деп кепіл бола алмақшы? Абыройын айрандай теккен сұмырайдың кім екенін мылқау бейшара бәрібір айтып бере алмайды. Сонда ештеңеге көзі анық жетпей тұрып, ант алдына қайтып бармақшы? Ал, ата-бабаның аруағы басындағы бағын атсын! Онда баяғыдан бергі өз етін өзі жұлып жеген әуре-сарсаңның не керегі бар еді!? Ал, алдындағы дәулетін атсын... Ел алдында бәрібір қарабет болмай ма?! Ал, кеудесіндегі шыбын жанын атсын... Сонда біреудің жазықсыз періште перзентінің шырылдатып көзіпара обалына қалай қалмақшы!
Бұл қазір тор жайып ұстап алған арлан қасқыр сияқты. Алдына үш қақпанды қатар құрып қойып: «Осының біреуін таңда! Өлсең - өлгенің, өлмесең - шойнаңдатып, құр сүлдеңді тірі жібереміз. Бірақ азу тісіңді өз қолымыздан қағып аламыз!» - деп тұрғандай. Сонда арланға азу тіссіз тіршіліктің қажеті қанша! Арлан арлан ғой! Өзінің ындыны болмаса, арттағы ұрпағын ойламайды. Мұндай тығырыққа тірелгенде қаның қайнап, қара сойылға қарсы атылып, ез еркімен ажал құша алады. Ал, бұл ше... Бұл мынандай масқарамен қара жердің қойынына қалай кіре алады?! Артындағы ызғындай ұрпағын қалай қарғысқа тастап кете алады? Оның үстіне, бұл осының бәрін тек өзі үшін ғана істеп пе еді? Мына маубас қандастары бұдан аяған бақ пен абыройды қызыл итке жем қылғанда, қаралай есі шыққан үрей жүрек бейшара жұртты тағы қандай кесепаттарға бастамақшы? Жел етек ұрғашының абыройының ашылғанына осынша тұлынып тұтып жатқан есер елдің ертең бір-бірімен не деп ұстасып кететінін кім біліпті?! Жоқ, басқа түскен тауқыметті ақырына дейін көріп алады. Сонда қарсы алдында құрулы жатқан үш қақпанның қайсысына пейіл болғаны жен. Алдыңғы екеуіне жоламайды. Өйтіп, тірілей өліп жүре алмайды. Ендеше, үшіншісі... Тақтан, дәулеттен, жаннан баз кештіретін үш серіппелі болат қақпан. Оны басуға әуелі тәуекелі тұра ма? Тәуекелі тұрса, тірсегі шыдай ма? Үш серіппе бірдей қаппай-ақ, бір-екеуі қарш етіп қармап алғанда, қақсал сүйек омырылып кетіп жүрмес пе екен? Не де болса, нар тәуекел... Ол үшін бірақ патшаның елшісімен сөйлесіп, Сартайлақтан сыр тартып көру керек емес пе? Сол бір аш ішектей немеге түтін-түтін құрым күркеден шықпай не көрінді екен десейші? Елші де бір маубас неме... Соңына ертіп келген қу сирақтарын ауыл-үйден тыйып ұстамас па! Қайдан тыйып ұстасын! Қайта оған керегі де, олардың сол жүріп-тұрғаны, естіп-білгені емес пе... Ендеше, міне, естіп-біліп қарқ болды! Ал, жарайды, ол неме адал-ақ болсын! Қызы бар үйге кім сүйкенбейді, ауыл-үйдің ұры тазылары-ақ қарап жүрмей қара жақсын! Сонда Қызыл үйіктің басындағы ант ошаққа басындағы тажын тастасын, астындағы атын ұстасын, ал әлгіндей бүкіл рулы жұрттың тілегі бір өзінің үстіндегі ала бөтен аяулы перзентті қайдан табады? Бөкенбай ол санатқа кірмеді. Есет ол санатқа кірмеді. Мұның өз тұқымы ол санатқа кірмеді. Сонда кім? Әлгілерден кем болмасын дейді? Ондай кім бар еді?
Әбілқайыр мүдіріп қалды. Есіне ештеңе түспеді. Бұның төңірегіне тек өз тұқымы ғана емес, қайын жұрты, нағашы жұрты, бүкіл зәузаты түгел жатады. Сонда бұның өзі де, елі де жанындай жақсы көретін тағы кімі бар?
Е... е... Сол, сол ғой! Ол қырсықтардың тұспалдап отырғаны соның дәл өзі. Бұған да, ел-жұртқа да аяулы. Аяулы болғанда қандай? Бұл төңіректе, тіпті, бұл білетін жерде одан аяулы, одан қадірлі кім болушы еді? Қой, қой, бұлардан сұмдык, артылған ба?
Біраздан бері мынау өз төңірегіндегі итырқылжыңмен әбден басы қатып, өткен-кеткенді көп есіне ала бермейтін болған Әбілқайырдың жадына тағы да сол ұмыт бола жаздаған алыс оқиғалар оралды.
Апырай, ә! Бұл тағдырға сөз жоқ екен ғой. Баяғыдан бері екі ортада талай жүйрікті болдыртып, талай сүңғыланы жаңылтып, талай патша мен талай ханның құлағын талай мәмлегердің таңдайын жауыр қылған мына мәселе күндердің күнінде бесіктен белі енді шыққан тап соның тағдырына кеп килігеді ғой деп кім ойлаған?! Дүние жаратылып, су аққалы иті қырын жүгіріп, маңдайы бір ашылмай қойған кем талай халықтың ежелден тартып келе жатқан тауқыметі, бүгін де белшесінен кешіп отырған батпан-батпан бейнеті мен азабы, ертеңге деген есек дәмесі бәрі-бәрі жиылып кеп тап соның қылқандай мойынына қылыштың жүзіндей қылпылдай төніп тұрып алады деген үш ұйықтаса түсіне кіріп пе еді?! Пәлен уақыттан бері екі жақтың да жер түбіндегі көрмей біліп отыратын көсемдері қанша өлшеп-пішіп, ауызымен орақ орған шешендері қанша жақтарын сауып пәтуасын таба алмаған қырсың түйін тап сол әке-шешесінің жылы бауырында қаннен-қаперсіз мажыра боп ұйқы соғып жатқан бейкүнә сәбидің кеңірдегіне кеп кептетіле тұрып алады деген ой кімнің басына келіпті?!
Соны ойлағанда тұла бойы дір ете қалды. Онсыз да ол тұқымның алдында бұл аз қарыздар емес еді. Қыршаңқы жұрттың ортасында қиқалаң ғұмыр кешкен бұл оның тұқымының білігіне аз жүгініп, білегіне аз сүйенбеп еді. Соларының қарымтасын бір қайтарсам, осы балаларының тұсында қайтарған шығармын деуші еді. Енді, міне, сол там-тұм жақсылығы қарлы қаратау қиянатқа айналмақшы. Дүниеде бір кісі бұған қарыздар боп әтсе, сол бір баяғыда о дүниелік боп кете жаздаған шикі екпе шарана қарыздар боп өтетін шығар деп ойлайтын. Құдай бүған оны да кеп көріпті. Мынау екі талай шаруаның арты насырға шауып жүрмей, жақсылығымен бітсе, оған тек бұл ғана емес, исі қазақ түгел қарыздар қалмақшы.
Оразаларын ашпай жатып опыр-топыр кіріп шыққан отыздың меңзегені басқа ешкім де емес, тап сол. Баяғы бір оқиға олардың да есінде. Әбілқайырдың бір кісіге жаны қатты қиналатын болса, тап соған қатты қиналатынын олар да жақсы біледі. Сондықтан да мұны жанды жерінен қауып отыр. Ақ-қарасы анық емес мына даудың тұсында антқа оны ұстап, біреудің көзінің қарашығындай жалғыз ұлының басын қатерге тіксе, Әбілқайыр ертең елдің көзіне не бетімен керіне алмақ? Соны біліп әдейі қинап отыр. Бұны ертеңгі көлкөсір бақ пен дәрежеден ғана емес, кешегі аз-мұз абыройынан да айырмақшы. Халықтың көкірегінен бір кездегі батыр Әбілқайырдың, ақылды Әбілқайырдың, әділ Әбілқайырдың атын қағынды тиген қара түйнемедей біржолата сылып тастамақшы. Бұған кәңілін күпті қылатын ертеңді ғана емес, көңіліне медеу тұтып, ауық-ауық шүкіршілік қып қоятын кешегіні де қиғылары келмейді. Жоқ, ол оқиға мұның қос шырағы өбден өшіп, қара керге түскенше, көкірегінде сайрап жата бермекші.
Баяғы сол алай-дүлейдің тұсында Әбілқайыр бастаған ауыр қол жыра-жықпылы ай құшақ қауып құшақтаса жығылған қазақ пен жоңғардың өлігіне толы Қаратауды шырқ айналып шықты. Әуелі Көсегенің көк жонынан көтеріле бере бұлардан бөлініп, алды-артына қарамай салдырта жөнелген Тайланның көз ұшында бұлаңытып бара жатқан қарасына ілесіп біраз шапқыласты. Бірақ, кекірегін қасірет құрсаған қайсар батырдың бәрібір көңіліне алған нәрсесін орындап шықпай, қайта оралмасын білғен Әбілқайыр аттың басын құбылаға бұрды.
Қайда барса да - ойран болған ошақ, ортаға түскен шаңырақ. Қайда барса да - ұлып қалған ит пен үйіліп ңалған елік. Асу-асу, ұрымтал тосқауыл тұстардың бәрінде де жастықтарын мол қармап жер қауып жатқан қазақ қолдары. Теңкие құлаған аттардың қара санынан Ұлы жүз бен Орта жүздің талай руының таңбасы көзге ұрады. Талай жерде Әбілқайырдың артындағы қалың қол талай жорьщта үзеңгі соғысып бірге шайқасқан көз таныс сүлейлерін көріп, іштей егіліп келеді. Ең болмаса, қара жердің астына беттерін жасырып, бір уыс топырақ тастаута мұршалары болмай суыт жөңкіліп келеді.
Соның бәрін көре-көре әбден қандарына қарайып келе жатқан ызалы қол жақпар-жақпар шоқылардың қоршауынан құтылып, күнгейге де ілікті. Жұрт аттарын тебіністі,
Әншейінде далиып жатар кең жазық бүгін бір түрлі мұнарға көміліп кіреуке шалып тұр. Жер түбінен көзге ілігетін Қожа Ахмет күмбезі де ғайып боп кеткендей. Еңкілдей шапқан ереуіл қол жан-жаққа көз тастап, жау әскерінің қайда бекініп, қазақ қолдарының қайда қорғаныс құрып жатқанын біле алмай келеді. Кенет көз ұшынан бір үйдек-түйдек қарайған көрінді. Ол бұларға беттемей көлденеңдей жылжып бара жатқан тәрізді. Онсыз да ақ тер, көк тер аламан одан сайын өлермендене әлгі бір қалың шоғырға қапталдай шапты. Қалың шоғырдың ұлы нобайы енді айқындалайын деді. Бір түрлі сары ала, қызыл ала. Ортадағы қызылды-жасыл керуен де, жан-жағындағысы найзасын көкке білеген ауыр әскер болып шықты.
Көздеріне қан толып келе жатқан ауыр әскер алдарынан жау тап болып, алақайлай қуанып, қиқулап дүрсе қоя берді. Сарт та сұрт шайқас басталды да кетті. Ақ семсер, көк найзаның тілегендері де осы еді. Аман қалудың жағдайын атымен ұмытып екілене соғысқан екі жақ бірін-бірі із-түзсіз құртпай тынатын түрлері көрінбейді. Құлатқан сайын құныға, өлтірген сайын өшіге түскен аусар желік қапелімде басылар емес. Қазақ жағы тіпті кімінің оққа ұшып, кімінің топқа түсіп жатқанына да қараған жоқ. Соқыр ыза оларға бәрібір ештеңені көрсете қоймас еді.
Қалың ойнай бара жатқан сәнқой күйеудің салтанатты шеруіндей маңғаздана басқан жоңғар қолы манағы ажар-көркінен түгел айырылып, бесін ауа қозы жамыратқан қойлы ауылдай бытысып кетті. Ойламаған жерден қапталдан тиген қалың жауға, қапелімде, айла таба алмай қалса керек, бықпырт тигендей жайрап қалыпты. Енді жәндәрмен жүк артқан түйелерді қаз-қатар шөгеріп тастап, бекініп жатып алды. Қара атандар мен қара нарларды бық-бық бақыртып гүрс-гүрс мылтық ата бастады. Ет қызуымен анталай шапқан қазақтар тең-тең жүктердің тасасынан сары масадай жауып кеткен садақ оғынан баудай түсіп жатыр.
Әбілқайыр желкесін қасып тұрып қалды. Мынау ойран көлгір ойсыл қараларға не айла істегені жөн! Жандарын аямаса да, малды аяйтын қазақтарға түйелерді көздеп, көздегенде де көзден көздеп оқ жаудыруға пәрмен қылды. Көздері ағып түскен талай түйе матаулы екендеріне қарамай орынынан атып тұрмақ болып, бақырып-шақырып тулап жатыр. Талайы жан-жағына ақ жын атып арпалысып кетті. Түйелерді қалқалай шайқас салғылары келген жоңғарлар бұйдамен алысып, бастарымен қайғы болды. Олар жақтан төпеп тұрған қара нөпір оқ та сирейін деді. Соны пайдаланған қазақтар түйелі бекіністі ту сырттарынан айналып өтіп, қылыштаса, найзаласа жөнелді. Бұны көріп бергі беттегі қазақтар да лап қойды. Жандары мұрындарының ұшына келген жиырма шақты жоңғар түйеге теңдеулі кебежелерден сықитып ораған бірдеңелерді қолдарына алып ап, құйғытып қаша жөнелді. Қашқанда да кері қарай қашты. Әбілқайыр шайқас басына Бөкенбай, Есет, Батырларды тастап, өзі қасына елу шақты жігіт ертіп әлгі жиырманың соңынан салды. Жоңғарлардың тақымындағы ен қазақтың қаран малынан таңдап мінген сәйгүліктер бұлардың пәлен күннен бергі борбай созды аттарына жеткізе қояр емес. Бұлар енді қорамсаққа қолды мол салып, аттан көздей бастады. Талай жүйрік мұрттай ұшты. Домалап түскен жоңғарлардың бір қатары атып тұрып жаяу жүгіріп барады. Қолдарындағы түйіншектерін бәрібір тастар емес. Бұлар қуып келеді, бірақ қайран қалып келеді. Не де болса, қолдарындағы буыншақтарды атқан жоқ. Аттарынан айырылған бір-екі жанықас жоңғар әлгі түйіншектеріне анадай жердегі күнгей жақтағы әлдебір қарлы таулардан бас алып ақ айрандана сапырылыса жөнелген көктемгі көк дүлей дарияға лақтырды. Әбілқайырға қазір дариядан әлдене гүрс ете қалатындай көрінді. Баяғыда жасырақ кезінде ойраттарда тұтқында болып келген кәриялар айтатын еді. Олар жиын-тойларының артында бала құсап орап алған түйіншектерін отқа лақтыратын көрінеді, сонда күллі дүние төбеңе тау құлағандай гүрсілдеп қоя беретін көрінеді. Бірақ, мына түйіншектері олай болмай шықты.
Бұл соңына түскен ақ боз атты қашып құтылудан күдерін үзсе керек, ат-матымен дарияға қарай салды. Бұл да емініп қуып келеді. Дарияның жағасына жете беріп, әлгі ақ боз атты қалмақ артына жалт бұрылып, қылыш сермеп қалып еді, бұның оң иығы салдырап қоя бергені. Иығын жуып бара жатқан қызыл қанға қараған жоқ, сол қолымен қайқы селебесін суырып алып, қарсы алдында қайқая шауып бара жатқан ақ боз аттыға қарай атып жіберді. Ақ боз атты жоңғар шалқалаған күйі ат-матымен жардан домалап жөңкіліп жатқан ақ түтекке күмп берді. Көзіне қан толып келе жатқан бүның астындағы қара кер де тік жардан бір-ақ секірді. Мұздай су кеңірдегінен келсе де, үзеңгіден аяғын суырған жоқ. Атының қайда кеткенін білмейді. Құла аттың жалындай көпірген сары ала толқынның үстінде алшысынан түсіп алшайып отыр. Әлдене тақымынан тартып құрдым түбіне батырып барады. Кенет қалқып су бетіне қайта шықты. Бет-аузын жуып кеткен лай суды сүртуге мұршасы болмай, жан-жағына көз салды. Қарсы алдынан қара кердің қалқиған екі құлағын көріп көңілі орынына түсті. Аты аман екен. Малтып келеді. Анадай жерде ақ боз ат бос жүзіп барады. Сауырындағы қаба сақалды шұнақ құлақ жоңғардың қайда сыпырылып қалғаны белгісіз. Кенет қапталдаса жүзген екі аттың ортасында қалқып келе жатқан бір түйіншекке көзі түсті. Манағы ақ боз атты жоңғардың қолындағы түйіншек. Қолын соза қармай алды да, қолтығына қысып, атының басын көлденеңдей киліккен қызыл мүйіске қарай бүрды. Бұның дарияға қойып кеткенін көрген тәрт-бес атты алдынан жолықты. Қара кер жануар саздақ жағаға шатқаяқтай тырмысып әзер шыңты. Жағада тұрған төрт-бес атты секіріп түсіп, бұны көтеріп алысты. Оң қолы салбырап қалған хан қолтығындағы буыншақты қасындағыларға ұстата берді. Сол-ақ екен жас нәрестенің шырылдаған дауысы шықты. Опыр-топыр ұрт қимылдан шошып қалған бала есін жинады ма, әлде бұрқ-сарқ дарияға малшынып жүріп, Әбілқайырдың құлағы бітіп қалып енді ашылып тұр ма, мына дыбысты манадан бері бірінші естіп тұүр.
- Ойбай, мынау бала екен ғой!
- Алда, мүсәпір-ай!
- Өлім ауызынан қалды-ау!
Серіктері түйіншекті шешіп, жәндеп су өте қоймаған баланы қойындарына тықты. Хан құрғақ атқа ауысып мініп шайқас болып жатқан жаққа қарай салды. Майдан орыны жайрап жатқан өлік пен шашылып қалған дүниеге толып кетіпті. Тіздеулі түйелер тіздеуін ағытқан соң алды-артына қарамай бет-бетіне безіп барады. Керуенде көзінен тізіп айдап бара жатқан қазақ тұтқындары да бар екен, қандастарының аяғын құшып шұрқырасып жатыр. Түркістанды әлдеқашан жау алыпты. Жоңғарлар осылай олжа артып күніне он-сан керуенді елдеріне жөнелтіп жатыр дейді. Кешегі керуенмен жүздеген тұлымдыны шулатып айдап өтіпті. Қазақтың қыз-қатынының шырайлыларын шырылдатып күңдікке алып кетіпті. Бүгінгі керуендегілер Түркістан, Сауран, Қарнақ, Иқандағы он қолынан өнер тамған шеберлер екен. Қаратаудың екі бетін жайлаған қазақ ауылдарының талай дәулетін бастыра артқан бұл шерудің қақ ортасына да екі-екіден кебеже теңдеген он түйе келе жатқан-ды. Ол ойраттар шапқан іргелі ауылдардан алынған бір-бір тұяқ еді. Қазақтардың ең атақты билері мен батырларының қолға түскен бір-бір нәрестесі ертең жоңғардың қолындағы мықты қаруға айналары сәзсіз. Сол бір күшпен алынған аманаттарды пайдаланып ертең қонтайшы қазақтардың ауызы дуалыларын өз жағына шығармақ боп саудаласып бағары анық. Сондықтан да олар жаңа қалған керуенге қарамай, әлгі жиырма түйіншекті кері қарай алып қашты. Енді, міне, сол сәбилердің көбі әлгі бір алыс-жұлыстың үстінде шәйіт кетті. Ал, әлгінде хан қолтығында келген кішкене түйіншек жеркөкке сыймай бұлқынып жатыр. Жұдырығын түйіп ап қып-қызыл боп жылаған қара шұнақ балаға ханның көзі түсіп кетіп еді, жүрегі дір ете қалды. Апырау, мынау Тайланның баласы ғой. Тұяқ қой...
Әбілқайыр кішкене түйіншекке қайта ұмтылды. О, тоба! Әншейінде мықты кісінің бойын сол арада бір бусаңдық жеңіп, құйтақандай жып-жылы түйіншекті омырауына қыса түсіпті. Тұяқ! Кіндігін өзі кесіп, атын өздері қойған. Сол күнгі Мәтінің қуанышы да көз алдында. Күні кеше Кәсегенің көк жонына шығар жерде бетін өздері жасырып кеткен жарықтық екі тұяғының да жер басып тірі жүргенін білсе, о дүниеде де мұңсыз жататын шығар. Қайран Мәтекең бұл туғанда жүрегі қалай жарылып еді. Әншейінде лекілдеп көп сөйлеуді білмейтін сыншыл қария осы туғасын қабағы ашылып, кім-кіммен де жарқылдай амандасып, жалпылдай қалатынды шығарып еді. Елден шеттеп кеткен жалғыз үйлі бұйығы мінезін тастап, той-думандарға баратын болған. Жомарттың ауылындағы бір жиында артық дәулетке көкірегі азып, астамсып сөйлеген бір әулекінің Мәтіге төрді қимай:
- Апырай, жер тырмалап, індігеш баққан мына жаман жатақтың той не теңі екен, кіммін деп, қай қалың ағайынын, қай мол шашуын бұлдап келеді екен! - дегенін естігенде кәрі би айтыпты деген бір сөз исі алашқа түгел тарап кетіп еді.
- Жарлығымды сұрасаң жалғыз қара бурамен елден бөлініп көшкенім рас; мырзалығымды сұрасаң, сол жалғыз бурамды сұраған мүсәпірге түсіп беріп, күркем жұртта қалғаны рас, ерлігімді сұрасаң, Тәуке ханды жау қамағанда туын ұстап, қапияда туым жығылып, жау қолына түскенім рас; билігімді сұрасаң, сол жауды қызыл тіліммен балқытып, өлімнен құтылғаным рас; барлығымды сұрасаң, тістелеп баққан жалғыздың соңына қара еріп, жылқысы жайса белге, жапса көлге сыймас Садыр Жомартпен құда болғаным рас; бар малым бір бура болғанда жарлық бұдан өтіп не болсын; сол бураны мүсәпірге түсіп беріп жұртта қалғанымда, мырзалық бұдан өтіп не болсын; ту үстап жауға шаптым, батырлық бұдан өтіп не болсын; қызыл тілдің жүйріктігінен ажалдан құтылдым, билік бұдан өтіп не болсын; жалғыз балама Қаратаудың терісін бір өзі малға толтырған Жомарттың жалғыз қызын ап бердім, байлық бұдан өтіп не болсын, қаршадай ұлым қарқарадай отау тігіп, торсық шеке немере сүйдім, барлық бұдан өтіп не болсын, өзім батыр, өзім бай, өзім би де, өзім бар, мен бұл тойға не бетіммен келмеймін, қотаның толып, қойыртпағың молайғанда бұтқа толып отырған жаман қойшы мен тұрғанда саған төр қайда! - депті Мәтекең.
Айдалада басыр боп жалғыз үй қалған кәрі бидің ауызын астам ашырып, еңсесін тіктеткен осы бір қызыл шара шаранатұғын. О да, міне, енді болмағанда, шешесі құсап жауға қолды боп кете жаздапты. Бүгін құдайдың осынау ұлы шоғырға тап қылғанына мың шүкір! Исі қазақтың абыройын арқаласып келе жатқан айтулы тұқымның мына тұяғының аман қалғанына мың шүкір!
Содан Әбілқайырға ерген қалың қол әлдеқашан жау алып қойған Түркістанға беттей алмай, Сауранды бір айналғанда үй айналып шырғалаңға түскен Кіші жүз ауылдарының бас-аяғын жинап Хиуа ауған... Ата-анадан тірі айырылған кішкене Тұяқ хан көшінде кете барған. Ай өтті. Тайлан мен Пәйтшайымнан хабар шықпады. Жыл өтті. Тайлан мен Пәтшайымнан хабар шықпады. Екі жыл өтті - кішкене Тұяқтың әке-шешесінің тірлігінен еш белгі ұшыраспады. Сүйтіп жүргенде бір күні Бөкенбайдың көшіне қапталдан бір бейтаныс әйел мен бір бейтаныс еркек кеп қосылды. Мынандай алмағайып заманда талайды бастан кешкен қазақ көші айдалада жалғыз атқа кезек мініп келе жатқан әйел мен еркекке еш таңданған жоқ. Қашан қастарына кеп жөн сұрасқанда барып, ұлан-асыр ұлы дурмек гу ете қалды.
- Ау, мынау Тайлан ғой.
- Қасындағы Пәтшайым ба...
- Жоқ, ол емес...
- Алда жазған-ай, тірі екен ғой...
Күнгейден теріске қарай шеру тартқан ұзыншұбақ көш кілт кідіріп, тайлы-таяғымен Тайлан батырға жылап көрісті. Екі жылдан бері ел қарасын көрмей жат боп кеткен Тайлан бір түрлі кеңірейіп илікпей тұр. Қос самайы қудай боп ағарып, қобаған мұрынының үстінен шаншылып, бір сызық әжім түсіпті. Жүріс-тұрысы делсал. Көзқарасы суық. Қаумалаған қарындастың: «Алда, асылым-ай, азаматым-ай!» Иірілген халык, күні кеше алдарына үстап, төбелеріне көтерген азамат-тарының бүйтіп тасбауырланып тапжылмай тұрғандарына еш таңырқаған жоқ.
- Қайтсын, көрмеген қасіреті бар ма?
- Тақсірет деген осы ғой, күллі дүниеден көңіліңді қалдырады ғой!
- Айтпақшы, одан сүйінші сұрамайсыңдар ма?
- Иә, Тұяқ тірі!
Сонда ғана Тайланның тас кесектей көк сұр жүзі қыбырлағандай болды. Екі жылдан бері тілі байланып қалғандай ешкімге тіс жарып көрмеген үндемес батыр қинала езу жиырды.
- Тұяқ тірі ме? Қайда өзі?
- Тірі. Балаң қазір Әбілқайыр ханның қолында.
Тайлан мынаны естігенде кезін жүмып теңселіп тұрып қалды. Не істер, не дерін білмей жапа-тармағай жалпылдасып жатқан ағайынға жалтақ-жалтақ қарай берді. Қасындағы бейтаныс әйел де әлгі хабарды естігенде көзі дымданып, батырдың жүзіне жаутаңдады. Тайлан сол арада ат аударып мініп ханның ауылына тартты. Хан ордаға еңкейіп кірген еңгезердей батыр құшағын жая ұмтылған құрдасының иығына басын тығып тұрып қалды. Күн исі, тер исі аңқыған қылшық-қылшық беті Әбілқайырдың жағын оттай күйдіріп барады. Бопай бәйбіше көтеріп әкелген кекілі жалпылдаған екі жастан жаңа асып бара жатқан қара баланы «келе ғой» деп шақырмады. Ебіл-себіл үсті-басымнан қорқа ма деп, ауық-ауық көз қиығын тастап қояды. Хан мен ханымның ортасында отырған қара бала: «Мына бір бейтаныс еркек қайдан келді», - дегендей көз алмай қарап қапты.
Содан Тайлан хан ордада бір айдай жатты. Кекілі жалпылдаған қара баланың да оған бойы үйренейін деді. Шақырса барып тізесіне отырып алады. Батыр баласын түнде қойынына алып жататынды шығарды. Енді екі жетім бір-бірінен бір елі ажырамайтындай күйге жетті. Хан досынан сосын барып жағдай сүрады. Сөйтсе, Тайлан баяғы Көсегенің кек жонынан бұлардан бөлініп кеткесін жоңғар ұлыстарын бетке алып бет алды құла дүзге лаға беріпті. Күндіз қалтарыста жатып, түнде қараңғыны жамылып жорта беріпті. Не істеп, не қоймаң екенін өзі де білмейді. Төрт жағын түгел қоршап турған асқар тауларының бәрі құлап, аяқ астында мынау аңылжыған айдалада жаңғыз қалған неме әйтеуір көкірегін бірдеңенің жарып бара жатқанын біледі. Сол қыжылдың бір тетен қимылсыз басылмасын біледі. Анада өзі топырақ салып кеткен шәйіт әкенің, қазір мына жердің үстінде бар-жоқтары белгісіз пұшайман жары мен тірі жетім ұлының кегін қайтып қайырарын білмейді. Жоңғар ұлыстарына керуен шубырып жататын ұлы жолдын бойындағы бір жақпар құз қапыны торып екі жыл жатады. Әрлі-берлі өткен талай жоңғар керуенін дүрліктірді - өші қайтпады. Талай-талай жоңғар қолына қапияда тиісіп қанға бөктіріп кетті - өші қайтпады. Не де болса, мынау жарық жалғанда тыныш жүргісі келмеді. Екі жыл тау тағы боп кеткен тентіренді қара іздемеді. Жоңғардын не марқасқа батырларының қапысын тауып қанын ішті, бірақ іші-бауырын өрттей жалап бара жатқан ыза бәрібір қайтпады. Ақар-шақар құз жартастардың арасынан әлем-жәлем боп бұл шыға келгенде жұрт жын көргендей қашатын болды. Тасты тәсек қып, тағыны тамақ қып сол бетімен жүре берер турі бар екен, бір күні елсіз бұлақтың басына кеп атын суарып, езі шөлін қандырып құз арасына қайта сіңіп бара жатқанда бір кеу-кеулескен бес-алты аттыны көзі шалыпты. Атынан түсіп, бір жақпар тастың тасасына тығылып, әлгі бейсауат жолаушылардың өтіп кеткенін тосыпты. Ол бұл кезде кез келген жүргіншіні үркітпей, олардың да аттарының алшаң басына қарап, менменсінген сүлейлеріне ғана тиісетін болған-ды. Әлгінде ғана бұтқа толып келе жатқан сабаздарды бөрі тигендей бөрліктіріп, тым-тырақай еткенінен бір түрлі кеудесінің басына кептеліп тұрған зіл сәл де болса, жеңілейгендей көретін. Мынау алты атты оған тап ондай айдынды дұшпан көрінбеді. Қазір елсіз тұмаға ат суытып жөндеріне кетсін деп, тым-тырс тосып жатты. Алты атты қаннен-қаперсіз қауқылдаса жақындап оңаша бұлақтың басына келгесін аттарынан түсті. Қол-аяғын шандып матап тастаған біреуді сылқ еткізіп ерден түсірді. Суат басында отырып, қоржындарынан азық алып тамақ-танды. Елсіз таудың тұнық ауасына әлдеқашан ұмыт бола бастаған қара қазанда піскен үй тағамының исі аңқып қоя берді. Тайлан жұтынып қойып тұра берді. Алты атты қауқылдасып бірдеңе туралы таласады. Тамақтанып болған соң сайдың арғы бетіндегі жақпар тастардың тасасына бір-бірлеп барып, іш босатысып қайтты. Ол алтаумен ешқандай шаруасы жоқтай қол-аяғы байлаулы біреу тасқа сүйеніп сұлқ отыр. Буған теріс қарап отыр. Бет-бейнесін көре алмады. Әлгілердің біреуі оның қасына барып тамақ ұсынды. Сайдың арғы бетіне барып шаруасын тындырған біреу жүре ышқырланып қайтып келе жатып бергі беттегілерге бірдеңе деп айқайлады. Оған бергі беттегілер қарқ-қарқ күліп мөз болды. Әуелі солай мәз-мәйрам басталған әңгіме бірте-бірте өңмеңдеген дауға айналып барады. Тіпті бірінің бірі қолынан қағып, жағасынан жұлқылап қояды. Бұл не туралы талас болып жатқанына, қапелімде түсіне алмады. Бар түсінгені - анау әрі қарап тасқа сүйеніп отырған қол-аяғы шандулы мүсәпірден басқаның бәрі өжеңдесіп кеткен. Әлгілер әрі қарап отырған адамға бірінен соң бірі тап-тап береді: оның қолын екіншісі қағып тастап, өзі еңмеңдейді. Әне, әне... Бір қаба сақал қасқа бас қанжарын суырып ап әрі қарап отырған адамның қол-аяғын матап тастаған қыл арқанды кесіп жіберіп, қолынан сүйрелеп көгалға алып шықты. Оған қалғандары дүрсе қоя берді. Осылай әзді-өздері алысып-жулысып кеткен кезде шеткерірек турған біреуі әлгі қол-аяғы арқаннан босаған мүскіннің үстіндегі лыпасын жұлқып қалып еді, дар айырылды.
Мәссаған... Әйел екен. Жалма-жан қос көкірегін көлкештей алды. Шашы уда-дуда боп, қос бұрымы қопырап алдына түсіп кетіпті. Манағы қасқа бас маңына ешкімді жолатпай, оң келгенін оң ұрып, сол келгенін сол ұрып аламан-асырды салып жатыр. Шалбарының бір балағы шешіліп, бір балағы тілерсегіне жабысып жалпылдап тұр. Әлгінде ғана тұтқын қыздың омырауын жалаңаштап тастаған ұзын тұра опыр-топырға қосылмай оқшау барып, кеудеден төменгі жағындағы киімдерін енеден туғандай тыржалаңаш сыпырып тастады. Саны жарқылдап қызға қарай ұмтыла беріп еді, қасқа баспен жағаласып жатқандар аяғына оратыла кетті.
Бұл одан әрі шыдап отыра алмады. Атын әлгі жерге қалдырып, құз бауырайды қиялай құлаған ұзын жақпар тастың тасасымен мысық табандап опыр-топырға қарай жақындай берді. Жақындап барып алдындағы сандық тастың үстіне ырғып шығып, анадай жерде асыр салып жатқандардың ортасына топ ете қалды. Айқай салып ақ семсерін суырып алды. Көзіне қан толып оңды-солды сермеленіп бақты. Жан-жағынан жабыла кеткендерді біреуін шынтағымен түйіп құлатып, біреуін теуіп құлатып, біреуін түйреп құлатып ойран ботқаларын шығарды. Көзді ашып-жұмғанша оңаша бұлақтың басында мүрдем қатқан екі-үш өлік пен ыңыранған екі-үш ауыр жарақатты сұлап жатты. Тайлан қылышын қынабына салып, жан-жағына қараса, әлгі тұтқын қыз зым-қайым жоқ. Құлағына шақыр-шұқыр тас дыбысы келді. Сөйтсе, көкірек жағында еш лыпа жоқ уда-дуда қыз анадай жердегі құс тұмсық жартасқа қарай салып барады. Жетсе - мынау масқарага арланған қыз құздан құлап өлмек!
- Тоқта!
Жоқ, тоқтар емес. Бұл қуғанмен кеш болып қалды. Енді сәлден кейін құс тұмсық тастың төбесіне қарғып шығады да...
Тайлан не істеп, не қойғанын өзі де білмеді. Қорамсағына қол салды да, балағы далаңдап жүгіріп бара жатқан қыздың тірсегінен көздеп тартып жіберді. Қыз баж етіп жеткен жеріне отыра қалды. Тайлан жүгіріп барып ұстай алды. Қыз қалш-қалш етіп, қолын тырналады:
- Ағеке, мені осы араға өлтіріп кет. Маған енді тірліктің қажеті жоқ. Болды бәрі, құрыды. Ағеке, өлтіріп кет!
Қазақ қызы! Сорлы мұңлық! Әлгінде ғана арыстандай арпалыс салған батыр делсал шөгіп отыра кетті. Солқылдай жылаған сорлы қыз керіп келе жатқан азабынан, әлгі масқарадан, мынау ұяттан әбден болдыртып, дауысы да шықпай, иегі кемсеңдеп талып жығылды.
Тайлан үстіндегі түйе жүн шекпенін қыздың жалаңаш иініне жауып жерден көтеріп алды. Бұлақ басына кеп қыздың қара санына қадалған садақ оғын жұлып ап, жарасын жуып, үстіне исі күнірсіген нарпоздың жапырағын жауып таңып салды. Сосын қаңтарулы тұрған екі аттың екі қоржынын иығына салып, жаралы қызды құшақтай көтеріп атына жетті.
Сосын Тайлан бұрынғыша тау тағы боп жүре алмады. Ойда жоқта тап болған әлгі қызды тастап кете алмады. Ызақор неме бұның көзі тайды-ақ, өзін-өзі өлтіргісі кеп арпалысып бағады. Бұның екі қолына жармасып жарасын таңдырмай отырып алады. Тайлан күшке салып, зарлаған қыздың ұялғанына қарамай, тәнін жалаңаштап, қара санындағы жарасына шөп бастырды. Ай жарымдай ешқайда аттап шықпай тас үңгірде отырды да қойды. Ай жарымдай айдалада кездескен екі мұңлық бір-біріне ләмим тіл қатпады. Тек жарасын таңарда ғана қыз: «Құрысын, керегі жоқ, жоламаңыз!» - деп бақырады. Тайлан: «Тәйіт!» депзекіп тастайды. Содан басқа ауыздарынан бір ауыз сөз шыққан емес. Қайдан жүріп, қайдан тұрған адамдар екенін айтып жөндерін де сұрасқан емес. Ай жарымнан кейін қыздың жарақаты жазылды. Тайлан үйреншікті аңғарды тастап, басқа бір ұры мекенге көшіп алды. Енді қыз өзімен-өзі арпалысқанды қойды. Бұл кеткенде қу тізесін құшақтап отырып қалады. Бұл қайтқанда - қу тізесін құшақтап қарсы алады. Бір-біріне ләмим үн қатпайтын екі мылқау үн-түнсіз тамақ ішеді. Екеуі екі жаққа телміріп теріс қарап жатып алады. Жаз өтіп, күз сылайы біліне Тайланнан маза кетті. Бұрынғыдай қасқа жолдың бойына қалаған уақытында шыға кеп, аламан-асырды сала алмайтын болды. Елсіз қуыста өзін сарыла күтіп отырған сол бір бейбақ есіне түсіп кетеді. Биылғы қыста мына қүзқияда қала алмайтын түрі бар. Күн жылы жер қарада ел қарасына жетіп алмай болмайтынын сезді. Күні кеше жалғыз жүргенде оған тірі жан керек емес еді. Ел де, баяғы дәурен де есіне түспейтін. Әкесін, әйелін, баласын ойлағанда ғана көкірек тұсы шаян шағып алғандаи тыз ете қалатын. Ондайда көзіне қан толып, жолға қарай тұра шабатын. Ойранды салып, ойынан шығып қатқасын тояттаған бүркіттей елсіз таудың басында түнеріп кеп отыратын. Енді сөйтіп өзімен-өзі бола алмайды. Қасыңа адам жолады-ақ, көпшілік керек, ел керек болады екен. Ол қыс түсіп кетпей тұрып мына бейбақты қазақ арасына жеткізіп салудың талабын жасады. Әрі ойлап, бері ойлап Қаратаудың маңына жоламауға бел буды. Бетпақтың шәлімен башқұрт асып кетпек. Әнеугүнгі Бөкенбайдың көшіне солай тап болыпты. Ойламаған жерде өлгені тіріліп, өшкені жанды. Енді не істейтінін біле алмай отыр. Әрине, мынау жалғыз тұяғының қасынан қарыс қадам ұзап шыққысы келмейді. Ол үшін ат үсті жортуылдың бәрін тастайды. Бір кездегі атасы құсап жер бауырын еміп, бір оңаша судың басына барып, алақандай жер көгертіп, соны бағып-қағады. Тұяғын балапанын шіркей аулап асыраған қарлығаштай қасынан шықпай көз алдында өсіреді. Ендігі арманы - баласының ат жалынан тартып мінгенін көрмек. Ендігі арманы - баласының соңына қарайып қалып бара жатқанын көріп кез жұмбақ.
Хан оның бұл сезіне ештеңе деген жоқ.
- Ал, әлгі әйелді қайтпексің? - деді, біраз үнсіз отырып барып.
- Білмеймін, - деді Тайлан да аңтарыла қарап.
- Қайдан білейін, - деді хан. - Балаң екеуіңнің кір-қоңдарыңды жуып берсе де...
Содан Тайлан баласын алдына мінгізіп хан ауылынан аттанып кетті. Содан Тайлан жолда Бөкенбайдың ауылына соқты. Баяғыда соңына еріп келген бейбақ қыз соңынан ере жүрді. Үшеуі Шерубай Нұра үстіртінің күн батыс жақ кемер ернегіндегі бір оңаша бұлақтың басына барып қоныс тепті. Шешесінен кезін ашпай жатып айырылып, бет-бейнесінің қандай екенін ұмытып қалған кішкене бала мынау қастарынан қалмай ербеңдеп жүрген ебіл-себіл әйелді: «Апа!» - дейтінді шығарды. Бауырына басын тығып ұйықтайтынды шығарды. Қараңғы түнде омырауына тұмсығын тығып пысылдап жатқан кішкене сәбидің кекілін сипап кемсеңдеп жылап шығатын атымен бөтен бейтаныс әйелдің көкірегіне сүт жүгірді. Соны ұйқылы-ояу ыңырсып соратынды шығарды. Кішкене Тұяқ беске дейін емшек емді.
Тайлан әуелі баяғыдан бері тіл қатыспай келе жатқан әйелге сол тіл қатыспаған күйі біраз жүрді. Бірақ талай түнде қайдағы бір бөтен әйелдің қасына барып жатып алған баласын жоқтап тыпыршып ұйықтай алмай қойды. Сосын баласының бер жақ қасына жақындап жатып көз жұматын болды. Бір күні түнде баласының маңдайынан сипап көрем дегенінде қолы әйелдің ыстық білегіне тиіп кеткені. Қапелімде, жалма-жан тартып ала жаздады да, Тұяқжанның асты-үстіне түсіп жүрген бейшараның жанын жарақаттап алармын деп қолын қозғамады.
Сол күні екеуі де көз жұмбай шықты. Әйелдің не ойлағанын өзі білсін. Ал, Тайлан көрген түстей баяғы келте дәуренін ойлады. Өзін тістедеп жүріп жеткізіп кеткен әкесін ойлады. Мына жердің бетінде бары-жоғы белгісіз Пәтшайымды ойлады. Оның жарқылдаған жанары көз алдына келді. Сол-ақ екен жарық жалған қайтадан аңылжып сала берді. Бір уақытта баласы ар жағындағы бөтен әйелге қарай аунап түсті. Әйел оттай лаулап жатқан ыстық білегін тартып алып, баласын қымтады. Құдая, жалғызымды қасымда қалдырғаныңа да шүкір! Енді саған ешқандай екпем жоқ», - деп ойлады Тайлан сол күні таң атқанша кез ілмей жатып.
Бір шаңырақтың астындағы үш адам бір-бірімен солай үн-түнсіз табысып, бір үйлі жан болып кетіп еді. Бәрінің ортасындағы дәнекер, бәрінің де тірлігінің мағынасы - сол кекілі жалпылдаған жалғыз Тұяқ-тұғын.
Енді, міне, Әбілқайыр сол құдайдан бір сұрап, адамнан екі сұрап алып қалған Тұяқтың басына өз қолынан зобалаң төндіргелі тұр. Бұған деген өштестіктің бар қияпаты ақыры айналып соған тірелмек.
Әбілқайырдың бағын соңғы рет сынайтын жері жалпақ алаштың алдында айрандай төгіліп бара жатқан абыройын қайта жиып алса, бір жиып ала алатын жері, ала алмаса мәңгілікке біржола айырылатын жері осы. Осы жолдан қалса, баяғыдан бергі есек дәмесінің бәрі желге ұшып, мойынына қияметтің қыл арқаны тірідей байланып, ат құйрығында кетеді. Мынау жанын талай шүберекке түйіп талай жаумен шайқасқа шыққан құба сахарада көзі де, аты да біржола өшеді. Енді ешкімнің жадына да, ауызына да оралмастай боп жым-жылас құриды. Баяғыдан бері осының бағының жанбағанына тілектес боп сырттай көз сатып отырған талай қара жүректің құдайлары береді де қалады. Жұрт мұны талай қиында оқ өтше шығарып, алға ұстағанын, ел басына күн туған қилы заманда екі рет ақ киізге мінгізіп төбелеріне көтергенін, атынан айналып, аруағына сиынғанын - бәрін-бәрін ұмытады. Күні кеше Қарақұмның қалың жықпылында, Ордабасының қара шоқысында күндей күркіреп қошамет айтқан жұрт енді ауызы-мұрындары қисаймай қарғыс айтады. Сол кездегілеріндей бұл жолы да басын қатер мен қауіпке байлап, тек өзі үшін ғана емес, солар үшін де, өзінің абыройы, солардың игілігі үшін де нартәуекелге бел буғаны үшін лағнат естімек. Арғы-бергіде қазақтың талай ноқта ұстарының көкейін тескен, бірақ ешқайсысы соңына мықтап түсіп, Іс қылып шығара алмаған шаруаға бас тіккені үшін сөз естіді. Ол қарғыстың қияпаты тек бұған ғана емес, айдаладағы кінәсіз сәбиге тимек. Бұның басындағы қырсықтан ешкімге ешқандай жазығы жоқ бейкүнә адамдар зардап шекпек. Бұның дүниедегі ең бір іші жылып еміренетін адамының талай өртеңнен соң қайта бой көтеріп келе жатқан жас терегін мына жарық жалғаннан қармап қалған жалғыз талын жасыл боп түсіп жайратып кетпек. Жоқ, жоқ... Беті аулақ... Үрім-бұтағымен қарғысқа ұшырап кетсе де, Тайланның жалғызын антқа ұстамайды. Мынау қорқау жұрт не істесе де, бүның өзімен болсын.
Әбілқайыр өз төріне өзі үйелеп, шөкедей шөгіп отырып қалды. Жан-жаққа ешкімді шаптырмады да. Тіпті орыстың елшісі мен Бөкенбайга да хабар бермеді. Оның мынау ештеңеге көзі жөндеп түспей, әлемтапырақтанып кеткен бет-ауызына ешкім дұрыстап қарай да алмады. Әншейінде сабырлы Бопай бәйбіше хан ордаға қаздай мамырлап бір кіріп, бір шығады. Жүрегі дауалап ешқандай сұрақ та қоя алмады. Ханнан дін ашып ештеңе біле алмасына көзі жеткен соң Мырзатайды Бөкенбайға жұмсады.
Мырзатай барса, Бөкенбай да жер-көкке сия алмай отыр екен. Билердің кесігі оған да жетіпті. Аяғы салақтап Есет те келді. Ағалы-інілі екі жақайым Бәйімбет пен Қара да іргесіне кеп ат байлады. Алты шектінің ішінде біржола Батыр жағына шығып кете қоймаған осы екі би. Ол екеуінің айтуынша, қарсы жақтың қабағы тым қату көрінеді. «Кәпірді іргесіне шақырып ап, қой ауызынан шөп алмас момынның қызын қойынына салып береді дегенді кім көрген? Сүйекке түскен бұл даққа бейшара Зердебай да, бейбақ қыз да емес, анау сұмырай хан жауапты. Енді ол бір басына бақ қондыру үшін неден болса да, тайынбайын дегені. Осы жолы ата-баба аруағының алдында ол кісәпірдің көзін біржола құрту керек. Әрине, Тайлан сорлыға обал болатын болды. Бірақ, обалы досына, Әбілқайырға...» - деп желпінісіп жатыр дейді. Бұған дейін аңдап екі жақ бірдей көз сүзіп отырған тыныш ауылдардың талайының аты Батырдың іргесіне барып байланып та үлгеріпті.
Ағайынды екі шектінің айтып келгендері төбе құйқаңды шымырлатады. Ертең қарғыс атқан ханды нәлеттеуге Кіші жүздің жиырма бес атасынан жиырма бес биді осы күннен іріктеп жатқан көрінеді. Батырдың ауылындағы қызды-қызды жиында біреу: «Кәпірдің қолынан сарқыт асаған Әбілқайырды әлгіндей қылғанда, бала құсап алақандарын жайып құлақ жеген Бөкенбай мен Есетке не істейміз?» - деген екен. Жалтыр: «Жадының өзін аластасақ, жадыға арбалғандарға қол көтеріп қайтеміз. Жұрттың басын айналдырып алмаса, жадының аты жады бола ма! Есет пен Бөкенбайға ештеңе де жасамаймыз», - депті дейді. Олары қулық. Әбілқайырдан енді Бөкенбай мен Есеттің де іргелерін аулақ салдырмақ. Көзінің қарашығындай жалғызын антқа ұстауға Тайланның көнер-көнбесі белгісіз. Онсыз да тау тағы боп қалған неме ақ-қарасы белгісіз қиямет-қайымға бас тігіп, тұқымсыз қалғанша, бір күн түнде тып қойып Орта жүз асып кетсе де, башқұрт асып кетсе де, күнін көрмей ме!.. Енді онда күнкөрістен басқа не мұрат қалды... Бейшара мынау қасындағы қаңғып келген әйелмен қанша жыл тұрса да, бір шарана сүйе алмады.
Бөкенбайдың үйінде айтылмаған сөз қалмады. Оның үстіне батырдың шешесі Құттыбике де зарлап жатыр. Тере тұқымынан туып, ағасы Ұлы жүзге ұлысбек болып, одан туған екі бала екі арыстың тізгінін ұстап, ез құрсағынан шыққан Бөкенбайы ханнан кем қадірсіз болмай тұрса да, өмір бақи: «Енді қайтып кетер екенбіз?» - деген қос үрей тіршіліктен әбден қажыған бәйбіше кейінгі жылдары төсек тартып жатып алды. Құдай қосқан қосағы табын Қара батыр Ырғыздың арғы бетіндегі бір оқшау төбенің басын бұлтитып ол жатыр. Кәрі кісінің ендігі тілегі баласы мен бауырларының үстінде. Былтырдан бері Әбілқайыр мен Бекенбайға жан-жақтан жасалып жатқан қоқан-лоқыны ести-ести әбден жүрегі шайылығып болды. Екі-үш күннен бері байғұс түн баласы: «Ойбай, Әбілқайырдың үйі өртеніп жатыр ғой! Бармай, неғып отырсыңдар!» -деп айқайлап шығады. Ертеңіне оянғасын: «Ол ауылдан хабар алдыңдар ма? Аман ба екен?» - деп қайта-қайта қақылдап сұрай береді. «Аман», - десең, сенбейді. Әлгінде ғана Бөкенбай Мырзатайды жетектеп апарып: «Мынау Бопай келініңнің інісі. Ханның ауылынан жаңа келді. Аман көрінеді», - десе, төсекте тек құр қаңқасы жатқан тірі аруақ: «Әй, жаман адай, алдап отырған жоқсың ба, аман ба, тек шыныңды айт!» - деп қадала кеткені. Өлім аузындағы кәрінің мына сандырағы одан сайын зәресін кетіріп отыр. Бөкебай мен Есет әрі ойланып, бері ойлаңып, Әбілқайырдың алдынан өтпей-ақ, Тайланға баруға бел буды.
Тау аңғарында отырған жалыз үй аяқ асты келген сыйлы қонақтарға, қапелімде, қапылып қалды. Бөкенбай мен Есет көптен көрмеген достарымеи қүшақтасып көрісті. Баяғы жайбарақат кездегідей асықпай отырып амандык, сұрасты, асықпай отырып қонақасы жеді. Сосын ат басын ауылдарына туралайтын кезде үй иесін ертіп анадай жердегі оқшау төбенің басына шықты. Қазақтың бас білікті азаматтарының талай оңаша сұхбаты осындай домалақ төбенің басында өтетін. Өткен жылы Әбілқайыр да осылай амандаса келіп, Тайланды дәл осы домалақ төбенің басына жетелеген. Міне, Есет пен Бөкенбай да бұны дедектетіп солай қарай жетектеп келеді. Бұл келістері тегін келіс емес. Екі күннен бері бұның ұйқысы қашып кетті. Тек бүгін түнде ғана таң алдында көзі ілініп кеткен екен, баласы ақ боз ат мініп бір ақ шаңқан бауырына өрмелеп барады екен. Оған қуанып оянған. Көптең аяқ ізін салмаған Есет пен Бекенбайдың келе қалғанын да жақсылыққа жорыған.
Енді байқаса... Екі мейманының да қабағында қаяу бар. Бұлар екеуі бірдей қосақтасып неғып жүр? Әлде жаманат хабар естіді ме екен? Бұның жаманат хабары шығатындай да кімі қалды?! Пәтшайім енді бұл үшін құрыған кісі. Анда-санда көкірегінің бір шаншып ететіні болмаса, осы күндері ойына көп ала да бермейтін бопты. Ол жәйінде жаманат естісе, оның несін оңашалап айтады! Жаманат хабарды ез төрінде, өз шаңырағының астында естіртуші еді ғой. Бұндай оңашаға не бір бұйымтайы бар кісі, не бір төтен шаруа жайында ақылдаса келген кісі сүйрелетін сияқты еді ғой! Ендеше, бұлардың бұнда қандай бұйымтайы болмақ? Құда түсетіндей қызы жоқ. Кәрі аруағын қозғап, жорыққа шақырғылары келсе, шабарман жіберсе де болады. Бірақ, қазір бұл ондай-ондайына шақырса да, бармайды. Тұяғын тұлымшағын жалбыратып қалай жалғыз тастап кетеді. Ол мұны жорыққа жібермек түгілі екі адым аттатып шығармай, шалғайына оратылып еріп келеді.
Бұлар тасы шықырлаған оңаша төбенің басына да шықты. Үш батыр қаршадай қара баланы ортаға алып, тізе бүгіп отырысты. Сөз бастаған Бөкенбай. Есет пен Тайлан тек тыңдаушы. Тайлан әуелі ештенеге түсінбеді. Айдаладағы ақ патшаның елшісінің Зердебайдың қызына қандай қатысы бола алатынын ұға алмай бір дағдарды. Әлгі Сартайлақ баланың құдайға болмаса, адамға ешқандай жазығы болмаса, оған Батыр төңірегіндегілердің сонша кәрін төгетіндей несі бар екенін түсіне алмай екі дағдарды. Жар түбіндегі Барақ ұлысындағы атыкелді күйеудің намысына бола Батыр сұлтанның шабына қалай шоқ түсетінін біле алмай үш дағдарды. Сол бір шым-шытырыққа бола Әбілқайырдың жаны неге күйзелетіні де миына тіптен кірмей қойды. Кенет Тұяқтың аты аталғанда селк етіп шошып кетті. Екеуі екі жағынан жүрелей жайғасқан екі батырға алақтай қарады. Олардың бастарына бір қарлы қара тау тауқымет түсіп отырғандай түнере қалғандарын көріп қайта ойланды. Бұл екеуінің мұнша күйзелгені, шынында да, анау-мынау емес қиын шаруа болғаны ғой. Бұл тауқымет, бұл масқарадан тек Тұяқ қана құтқара алады дейді. Бірақ, Тұяқтың өзіне де қауіп бар дейді. Абыройсыздыққа ұшырап қалған бейшара қыздың бақытсыздығына орыс елшілігінің де, Әбілқайырдың да ешқандай араласы жоқ дейді. «Соған сенсең аруақтың әділ екеніне сенсең, Тұяқжанды антқа ұстауға ертіп кетейік деп келдік», - деді.
«Жалғыз балаң, зорлығымыз жоқ. Өзің пейіл болмасаң, ертпей-ақ қой», - дейді. Сонда не болмақ! «Құтырынған жұрт Жәдік тұқымының тілін алып, Әбілқайырдың нақақтан нақақ қанын ішпек», - дейді. Мынаны естігенде Тайланның тұла бойы дүр түршігіп кетті. Ойына қай-қайдағылар түсті. Толғатып жатқан Пәтшәйімнің алдында қынабынан қанжарын суыра алмай абдырап тұрған Әбілқайыр көз алдына келді. Енді болмағанда жау қолында кете бармақ баласына құдай айдап Әбілқайырдың тап келгені есіне түсті. Егер оның тәуекелі тұрмағанда, мынау тұлымшағы жалбырап қасында отырған жалғыз баласының қорқау дарияның түбінде шіріп қалуы мүмкін екені есіне түсті. Елден, жерден, өмірден безіп, адамшылықтан безіп, тағы боп түзге қаңғырып кете жаздап тұрғанда мына жарық дүниеге, адамдар арасына, ағайын-дос жаранның ықыласына қайта оралтқан да сол Әбілқайыр екенін ойлады. Көз алдына хан мен бәйбішенің ортасында көзі жаутаңдап өзіне қарап отырған қызыл шақа нәресте елестеп кетті. «Дүние-ай!» деп ышқынды ішінен. Ол екеуін, Тұяқ пен Әбілқайырды тағдыр әуелден кіндіктерінен матастырып жаратқандай екен ғой. Тұяқжанға мына тіршіліктің жарығы бұйырар-бұйырмас боп екі талай тұрған кездін бәрінде де Әбілқайыр тап бопты да отырыпты. Енді сол Әбілқайырдың өзінін көрер жарығы сынға түсіп тұрғанда, Тұяқты бейтарап алып қалғаны бүгін былай ұйтқыса, ертең олай ұйтқитын бейпәтуа екі аяқтыларды былай қойғанда, ертең жаратқан алланың алдында бетіңе шіркеу түсірер қиянат емес пе! Жігітті достың назарынан, көптің назарынан сақта дейтін еді. Достың назарын, көптің назарьш қалдырған жігіт оңбас дейтін еді. Тұяқжанның Әбілқайырдың басына іс түскен сын-сағаттан қалып көрген жарығының қалай болып бұйырарын кім білген! Ендеше, екеуі де пейілдерінен көріп алады да! Бұл дос назарын, жұрт назарын жығып қайтеді. Жердегі аруақтың, көктегі бір алланың көзі оң болса, кісінің қара ниеті не істей алады дейсің! Жазмышы солай болса, қашқанда не істей алады?! Оның үстіне тек қара ниеттілердін есесі ғана ылғи түзу боп шыға беретін болса, мына дүние әлдеқашан қараң қалар еді ғой. Оның әлі өз орынында тұрғанына қарағанда аспан астында шындыққа да орын бар шығар!
Тайлан қапелімде қарысқан жағын аша алмай, ыңыранып барып:
- Сонда бүгін ертіп кеткелі отырсыңдар ма? - деп сүрады.
Түнеріп отырған Бөкенбай мен Есеттің жүзінде үміт нышаны лып ете қалды.
- Иә.
Тайлан орынынан көтерілді. Жолай ши арасында жайылып жүрген Әбілқайыр мінгізген меңсіз тобылғы торыны жетелей жүрді. Ләмим жақ ашқан жоқ. Баласының атын өзі ерттеді. Өзі киіндірді. Атқа өзі мінгізді. Сосын оң жақ жауырынына алақанын апарып:
- Ал, жолың болсын! - деді.
Ештеңеге түсіне алмай қалған әйелде үн жоқ. Көз ұшындағы қара жалдан асып кеткенше Тұяқ ауық-ауық артына қарап қояды. Үйдің қасында әкесі мен шешесі ербиіп әлі тұр. Көзі тостағандай қара бала мына дүниеде өзіне ең ыстық екі жанды тасасына тығып көлбей сулаған қара жалға бір сәт тесіле қарап келе жатты да, жүзін тіктеп алды. Содан хан ордаға жеткенше үндемеді. Мұншалық текті балаға сүйсінген Бөкенбай, Есет, Мырзатайлар бір-бірімен тіл қатыспай үнсіз жортысты.
Олар жолда келе жатып шөмекейлердің ауылына қонған түні Әбілқайыр бір түс көрді. Түсінде осы Нұра үстіртінің үстіндегі көлкөсір кең жазықта қалың қолмен құйғытып құлан қуып келе жатыр екен. Дүркірей қашқан есер тағы қайырмалағаныңа қарамай топырағы қызарып шығып жатқан аранға қарай тартып бергені. Тайсалатын түрлері жоқ. Хан қос құлағын жымып алған қалың нөпірдің мұншалық соқыр ызасына, ештеңеге қайырылмайтын есер қайсарлығына риза болудың орынына, ыза боп келеді. Кенет артына бір қарап еді, өзі қуғыншы емес, қашқыншы сияқтанып кетті. Бір қызығы әлгінде ғана алдында кетіп бара жатқан қалың дүсір соңында келеді. Жер қайысқан қара нөпір құлан басқа ештеңемен шаруасы жоқ, өңмеңдеп мұны қуып келеді. Апырау «бық» дегенде зып беретін қоян жүрек тағыларға мынандай қасиет қайдан біткен?! Бүрын жалғыз ат пен жалғыз тазы көрсе, дүркірей жөнелетін ессіз мақұлық қуғыншыны алдына салып ап өзі сүркіте жөнелгені не сұмдық? Көздері аларып кеткен. Бұны өзі қаздырған аран шұқырға айдап апарып құлатпай тынатұғын түрлері көрінбейді. Тұяқтары қара жерді қарш-қарш шайнап обып барады. Енді, міне бір қараса, өзіне шұбатылған құйрық бітіпті. Иығында да бірдеңе жалпылдайды әлдене бетін тырналап желп-желп ұрады. Сөйтсе, құлан болып кеткен екен дейді. Мына қашқын дүсірді өзі бастап келе жатыр екен дейді. Сол бір соңындағы есер топ өзін қуып жетіп тапап кетер ме екен деп қорқып келеді. Міне, тажал аранға жете беріп жандәрмен қарғып кетті. Бұның соңындағы қалың дүсір омақатып құлап жатыр, құлап жатыр. Кенет жалт бұрылып артына қараса, әлгінде ғана ырсиып жатқан аран жым-жылас жоқ. Қара жер қайта желімделіп қалғандай. Әлгінде ғана дүсірлей шауып келе жатқан қара нөпір де жоқ. Бөрін жер жұтып кеткендей. Бұл жалғыз қалыпты. Ешқандай құйрығы да, жалы да жоқ. Ешқандай құлан да емес. Кәдімгі екі аяқты адам. Кәдімгі сұлтан Әбілқайыр. Өзіне-өзі танданып жатып оянып кетті.
Сол күні ұйқысынан сергек тұрды. Бірақ күндегі әдетімен үстіне ешкімді жібермеді. Ешкіммен тіл қатысып сөйлеспеді. Бесін ауғанша маңдайшаға телміріп отырды да қойды. Бесін ауа ауыл адамдары абыр-сабыр болды да қалды. Үй сыртынан Мырзатайдың қауқылдаған дауысы шықты.
Бөкенбай мен Есет алдарына Тұяқты салып хан үстіне кіріп барды. Әбілқайыр алая қарап отырып қалған. Тұлымшағы жалбыраған қара бала жүгіріп барып алдына тізерлей отыра кетіп, маңдайын тосқанда, сұп-сұр хан итініп ілгері ұмтылды. Қос қолын бірдей созып, баланың басын омырауына қысып, екі иығы үнсіз селкілдеп біраз тұрды да: «Жоқ, жоқ. Беті әрмен!» - деп шалқалап құлай берді.
Үй-іші онын қатты жүйкелеп шамырыққанда осылай құлап қалатын талма ауруға тап болғанын біраздан бері байқап жүрген. Жана кісілермен бірге жарыса ішке кірген Мұханбет қожа Әбілқайырдың қасында қалды. Қалғандары тысқа шығып: «Біз ант беруге әзірміз!» - деп Батырдың ауылына хабаршы аттандырды.
Қыста қар басып, жазда шөп өсіп, біресе ақ, біресе кек, біресе сарғыш тартып қырык, құбылып тұратын осы бір он екіде бір гүлі ашылмаған бала қыздың енді-енді қылтиып келе жатқан ұялшақ көкірегіндей бұлтың төмпекті жұрт «Қызыл үйік» деп атайды. Бауырайындағы әр жер, әр жерден ұшырасып қалып отыратын қыш кесектер ме, ұшар басындағы айналысын таттандырып быт-шыт сынған көне қарудың жұрнағы ма, етегіндегі сәл су түссе қан күрен боп қалқып шыға келетін қызыл саз ба - не себеп болғаны белгісіз - әйтеуір атам заманнан әлгіндей атанып кеткен көрер көзге сондай жұпыны осы бір жапырайған болмашы биікті ел әулие тұтады. Анадайдан аттарынан түсе қап құран оқиды.
Сол жаққа қарап: «Сақтай көр!», «Қолдай көр!» - деп қол жайып жалбарынады.
Томпақ төбенің басындағы ойылып, топырағы ортасына түсіп кеткен беймәлім қабірге біреулер күні кешегі ноғайлы замананың аты жер жарған батырларының бірі жерленген десе, екіншілері: «Жоқ, баяғы Жошы заманынан қалған мола», - деп жеңістік бермейді. Ақсақалдарды сөйлетсеңіз, ол қабірді мынау ұлан-асыр даланы бізден бұрын жайтапты-мыс жеті жұрттың жетеуіне де телиді.
Олар: «Бұл төбенің шын аты «Қызыл үйік» емес «Дәурен биік», ата дұшпан осы маңға да жетіп, әлгі төмпектен бір уыс топырақ алар болса, онда ол жұртыңның басынан дәурен ауғаны. Баяғыда Шәйбан тұқымына көңілдері қалып, ірге суытысқанда Жәнібек пен Керей осы «Қызыл үйікке» келіп, бір уыс топырағын ала кеткен екен. Содан түкірігі жерге түспей тұрған үстем әулет қоныс жаңартып, бастарындағы бақыттан айырылып, бақа-шаянға айналғанда, бұл өңір бір кезде солардың тізесі батып, ел ауып, жер ауып кеткен Орыс хан әулеті екі сұлтанның қол астындағы қазақ жұртына қайта бұйырыпты, - деседі.
Оларға айтқызсаңыз - «Қызыл үйіктің» топырағын алдырғаның ата-бабаның аруағына қас дұшпаныңның итін сарытқаның, етегін жел ашпаған бойжеткеніңнің уыз көкірегін басқыншы дұшпанның озбыр қолына басакөктеткенің. Оларға айтқызсаңыз - жұрт болар жұрт қызыл өңешінен гөрі ата-баба аруағы мен қыз баласының абыройын көбірек күйттейді: ата-бабаның аруағын салғыртсынғаның - жұртыңның кеше кім болғанын ұмытқаның; қыз балаңның абыройын қастерлемегенің - жұртыңның ертең кім болатынын ойламағаның.
Оларға айтқызсаңыз - жұрт болар жұрт ата-бабаның аруағы мен қыз баланың абыройы жолында халықты ұстаған атан жілікті азаматтың алтын басын садағаға шала алады.
Оларға айтқызсаңыз - бізден бұрынғы жеті жұрт бұл өңірден осы «Қызыл үйіктің» топырағын қори алмағандықтан айырылып қалған.
Бұл әңгіме өтірік пе, шын ба - анығын айтып бере алар ешкім жоқ. Оның анық-танығын тіл бітсе, тек жұмбақ биіктің басынан ертелі-кеш бір кетпейтін тарғыл бүркіт қана айтып бере алар еді. Талай ғасырды көзі көрген тарлан бүркіт бір кезде осы арада опат болған баһадүрдің қолындағы саят құсы екен. Әлгі жалғыз моланың жан-жағында шашырап жатқан қып-қызыл таттар сол баһадүрдің қару-жарағының жұрнақтары екен. Төбенің етегінде шашылып жатқан көп сүйек оның тұлпары деседі. Дүниеден бәрі өтіп, бәрі жоғалғанда тек бүркіті ғана қалыпты. Осы бір нысаналы бүркіттің мойыны мен тұмсығындағы ерекше сарғыш жолақ иесінің сыпыра алмай кеткен томағасының орыны көрінеді. Сол бір тарғыл бүркіт қонып отырғанда төмпектің астында жатқан беймәлім ата-баба аруағына еш нұқсан келмекші емес. Ата-бабаның аруағы ренжісе, тарғыл бүркіт әлдеқайда ұшып кетеді-мыс.
Мынау ұшан даланың иесі тарғыл бүркіттің «Дәурен биіктің» басында отырғаны жұртыңның басынан әлі дәурен өтпегені. Оның жүрегін шошытып, көңілін қалдырмаған жұрттың басындағы бақ мәңгі аумақ емес.
Әйтеуір мынау сағым шалған далада көзге түсер жалғыз нысана көнелікті обаның басында жұдырықтай түйіліп мізбақпай отырған қашанғы тарғыл бүркіт қылауытады.
Көл-көсір кеңістікте сүйелдей боп қана қылаңытар қалжасы бар оқшау төмпектің басында ертелі-кеш қанатын қомдап отырған тарғыл бүркіт ай асты тіршілікте өткіншілік пен өкініштен, үміт пен тәуекелден, күдік пен кұманнан басқа тұрақты ештеңе жоғынан хабар бергендей.
Жұрт басына сәл іс түссе, осында ағылады. Беймәлім молаға кеп шырақ жағып түнейді. Жақсы түс көрсе, ақ түйенің қарынын жарып ұлан асыр той жасайды. Не бір жылдан жылға ұласып келе жатқан шытырман көне даулар осының басында шешіледі. Не бір мойынына жала артқандар күнәсыздығын дәлелдеп берер куә таба алмағанда, осында келіп ант береді. Аруақ шамданар қара істің тұсында ант ауызға алынғанда құдайдың күнінің өзі бұрқ-сарқ бұзылып жүре береді деседі. Қараға бола ант беріп тұрған талай қарабет табан астында тобан аяқ болып та қапты. Талайының төбесіне қызыл көргендей тарғыл бүркіт шаңқылдап тап-тап беріпті. Қара істің түсында ант берген адам да, антқа ұсталған адам да оңбайтын көрінеді. Сондықтан да антқа халыққа әрі қадірлі, әрі ешкімге қиянаты тимеген бейкүнә адамның әлі балиғатқа толмаған ер баласы ұсталады. Егер ант беруші қара іске ант берсе, антқа ұсталған адам да қияпатсыз қалмайтын көрінеді. Ондай жағдайда қараға бола ант беріп, біреудің обалына қалған кісі әлгіндей қияпатқа ұшыраған сәбидің ата-анасына жеті батырдың құнын төлейді. Қараға ант берген қара беттің басы қырқылып, дүние малы талауға түседі. Сондықтан да жұрт қанша ештесіп жүрсе де, ант жайын ауызға ала бермейтін.
Бұл жолы Әбілқайырға жеке бірен-саран кісінің емес, бүкіл ел тарапынан сенімсіздік туып отыр. Қараға бола ант берсе, одан келер қияпатты өзі көтеріп алады. Ел-жұрттың алдында да, Тұяқ пен Тайланның алдында да, Зердебай мен қызының алдында да тек сол ғана қара бет боп шығады. Егер әулие онын ешқандай жазығы жоқ, адалдығын меңзеп нышан білдірсе, хан ешкімге маған нақақ жала жаптың деп өштесе алмайды. Өйткені, билер кесігі - бүкіл елдің үкімі. Сондықтан да, Әбілқайырдың ендігі тағдырын бүгінгі ант шешеді. Сондықтан да жұрт бүгін «Қызыл үйікке» қарай тайлы-таяғы қалмай шұбырып келеді.
Омырауларын желге төсеп қызыл үйікті бетке алған топ-топ жүргінші бұта басының сәл қимылына дейін жіті бағып, әр жер, әр жерден бұрқ-бұрқ көтерілген оқшау шаңдардан қаралай шошынып жағаларын ұстап келеді. Біреулері Тұяқты аяса, біреулері Әбілқайыр ханның мынау арам іске, шынында да, қатынасы болған жоқ па екен деп қуыстанып келеді. Көбі мұндай кесір істің артынан елге тигізер кесепатынан қорқады. Бопай бәйбіше сол бір ылдырмақ-шылдырмақ жасалмағанда байсыз қалатындай, қайдағы бір саяқ кірмені іргесіне амалсыз қондырғызған, ертең күйеуге кеткелі жатқан өз қайынсіңлісін іштей қарғап-сілеп бақты. Жер түбіндегі ақ патшадан елші шақыртқан Әбілқайырды біреулер аяп мүсіркесе, біреулері ашына кұстаналайды. Не де болса, айдаладағы жалғыз төмпекке жапа-тармағай жөңкілген жұрт табандарының астына ине шаншып қойғандай қаралай қалтырап-дірілдеп келеді. Қазір олардың сәл нәрседен жүрегі ұшып талып жығылуы мүмкін. Бәрінің де көздері аларып кеткен, қосүрей.
Қызыл үйік бірте-бірте жақындай түсті. Шаңыт бірте-бірте басылайын деді. Лек-лек шоғыр оқшау шығып, Мұханбет қожаға құран ұстатып, киелі әулиенің құбыла бетіне қырық құлаш ала арқанды көлденең тастап, бір басына қап-қара ат мініп, қап-қара киім киген Тұяқты, бір басына жауға мінер ақбас жиренінің тізгінін қарына ілгізіп, басындағы алтын зермен қайыған асыл қалпағын қолына алғызып, Әбілқайырды тұрғыза бергенде, сонау теріскей дөңнен инедей шаншылып шыға кеп, тұп-тура бұларға қарай бұралаңдай тартып келе жатқан түйдек шаң желкедегі қара ойға келіп, жерге сіңіп кеткендей ғайып болды. Көздері бақырайып кеткен жұрт қайтадан ақ сәлделі қожаға қарады.
Қоңқақ мұрын қожа танауын желге төсеп, мынау жан-жағынан анталай төніп тұрған қара нөпір жұртқа емес, сонау көктегі тәңірдің өзімен тілдесіп тұрғандай бір бейтаныс мақаммен сөз бастады.
- Уа, құдайдың пендесі Әбілқайыр Абдолла оғлы...
Күні кешегі жұрттың ауызынан ащы ішектей шұбатылып шығып болмайтын айтулы ханның атақ-лауазымы бүгін ұры иттің құйрығындай бір тұтам боп шолтаң ете түсті.
- Мына жұртыңның саған дін аттап, ата-бабаның ғұрпын аттап, Мұхамбетке үмбет емес, Шәдиярға дос емес теріс оқулы жаттың шылауына іліғіп, тірінің мерейін, өлінің үрейін қорлап, аруаққа тіл тигізіп, жүрегі теріс, жүзі бөтен жады кәуірге біреудің ақ жұмыртқа сары уыз перзентінің абыройын тонатты, басындағы бақ пен абыройдан, кеудесіндегі жаннан, алдындағы мал-дәулеттен айырылуға лайық ел құлағы естімеген қылмыс жасады деген айып тағып тұр. Оған не дей аласың?
Хан жер тізерлеп қос қолын көкірегіне апарып үш рет:
- Нақақ, нақақ, нақақ! - деді.
Мұхаметжан қожа: - «Естідіңдер ме!» - дегендей жұртты шолып біраз тұрды. Жым-жырт. Адам түгілі жылқы екеш жылқы да осқырынбай, пысқырынбай сілтідей тына қалыпты.
- Ендеше киелі кітапқа қолыңды тигізіп, аруаққа бас иіп, ел-жұртыңның алдыңда әлгі сөзіңді растап, басыңдағы бақты, алдыңдағы малды, кеудеңдегі жаныңды пидаға шалып ант беруге пейілмісің.
Хан сол жер тізерлеген қалпы:
- Пейілмін, пейілмін, пейілмін, - деп үш рет басын иді.
- Құдайдың пендесі Әбілқайыр Абдолла оғлы тағылған айыптың нақаңтығына басындағы бақытын пидаға шалып ант су ішіп тұр. Уа, құдая, тірі әулие, өлі аруақ, көрдіңдер ме, естідіңдер ме! Әбілқайыр Абдолла оғлы киелі кітапқа маңдайын тигізді. Басындағы тажын антқа тікті.
Хан қолындағы зер қалпақ ала арқанның үстіне қойылды.
- Адалмын, - дейді.
Хан арасын сиретіп:
- Адалмын, адалмын, адалмын, - деп үш рет ант су ішті.
Күнге шағылысқан зер қалпақтың не өзі, не маңындағы топырақ бүлк еткен жоқ. Үш би зер қалпақты жерден көтерді.
Мұхамбет қожа тамағын кенеп, тағы да мақамдай жөнелді.
- Уа, жасаған, тірі әулие, өлі аруақ! Көрдіңдер ме, естідіңдер ме! Құдайдың үмбеті Әбілқайыр Абдолла оғлы алдындағы әулеті мен ұрпағының ырзығын пидаға шалып ант су ішеді.
Хан тағы да құранға қолын тигізіп, үш рет:
- Адалмын, адалмын, адалмын, - деді.
Ала арқанның қақ ортасына қойылған шабдар ат көзі жасаурап жайбарақат тұр. Еш жері бүлк еткен жоқ. Ең болмаса, жал-құйрығын жел тарамады.
Мұхамбет қожаның желкесінде тұрған жиырма бес бидің үшеуі тағы да бөлініп шығып, шабдар атты ала арқанның қасынан аулаққа ап кетті.
Мұхамбет қожаның дауысына діріл жугірді. Жұрт бір қозғалақтап қойды.
- Уа, жасаған ие, өлі аруақ, тірі әулие! Көресіңдер ме, естисіңдер ме! Құдайдың үмбеті Әбілқайыр Абдолла оғлы қара іске ант беріп тұрса, кеудесіндегі шыбын жанынан айырылуға пейіл боп, бұл күнаға ешқандай қатысы жоқ ақ адал Тайлан Мәті оғлының балиғатқа әлі толмаған перзенті Тұяқ Тайлан оғлының обалынан сескенбей пидаға шалып «адалмын», «ақпын» деп ант су ішеді.
Қожа жайлап басып ханның қасына жақындады. Әбілқайыр қожаның қолындағы құранды алып үш рет маңдайына тигізді. Содан соң тамағына бірдеңе көлденең тұрып қалғандай қырылдай, қылғына тіл қатты.
- Адалмын, ақпын! - Адалмын, ақпын! Адалмын, ақпын!
Қара ат мінген қара баланы ала арқанның үстіне әкеп тұрғызды. Әлгінде ғана селк етпей жатқан жіп арқан енді әб жыландай суытып, қиралаңдап қозғалып кетердей үрейлі көрінді. Жұрттың бәрі бозарып кеткен. Жер тізерлеп отырған ханның екі самайына шып-шып тер шыға кепті. Аспанда алақандай бұлт жоқ. Тарлан бүркіт анадайда жайбарақат қалықтап жүр. Не қара аттан, не қара баладан селт еткен бір қимыл байқалмады.
- Құдайдың құлы Әбілқайыр Абдолла оғлы сөзінде тұрды. Жаратқан ие, тірі әулие, өлі аруақ оның айтқанын теріске шығарған бір де бір нышан байқатқан жоқ. Құдайдың құлы, Мұхамбеттің үмбеті, Шәдиярдың досы Әбілқайыр-Мұхамбет Ғазы баһадүр ханға тағылған айып нақақ деп табылады.
Майда топыраққа тізесі қарыс кіріп, жерге шөгіп отырып қалған ханды Есет пен Бөкенбай екі қолтығынан демеп тұрғызып алды.
Ала арқанды қақ ортасынан қанжармен қырқып, ханның, Тұяқтың шабдар ат пен қара аттың басынан бір-бір айналдырып анадай жерге лақтырып жіберісті.
Мұхамбетжан қожа тағы дауыстады.
- Билердің құран ұстап пәтуаласқан кесігі бойынша, Әбілқайыр ханға тағылған айып нақақ боп шықса, Зердебай Ерен оғлының аяқ-қолы аман, ақыл-есі дұрыс, балиғатқа толған қызы Торғын төгілген абыройына әуелі өзі, сосын әкесі Зердебай Ерен ұлы жауап беруге тиісті. Талапкер Сүлей Күшікбай оғлы құдай жолы, ата-баба үрдісі қалыңның аманатын аттап, ант бұзған қайын жұртынан ақ адал малының үстіне айып төлетем десе де, қара бет жесірін жар қылып құшам, күң қылып жұмсаймын десе де, оны төгілген арымның құрбандығына шалам десе де өз еркі. Не жан десін, не мал десін! Не де болса, өз ауызынан айтсын! Ешкім ақыл қоспасын.
Әлгінде ғана жапыр-жұпыр гуілдесе бастаған жиын қайтадан жым болды. Әлгінде ғана шайдай көкжиектің әр жерінен қылтиып ала бұлттар шыға келді. Терістік беттен ызғырық жел тұрып, жұрттың етек жеңін желпілдете бастады. Бір күнде қырық аунақшып тұратын күздің күнінің құбылмалы мінезі ме, жоқ шын күнаһардың аты енді аталғасын аруақтардың шамыр-қанғаны ма, жұрттың қабарынқы жүзін мұздай леп қарып, айнадай жарқырап тұрған төңірек қайтадан алашағырмақтанайын деді. Дөнбек жалдардың бауы-рай-бауырайынан бүлкілдеп тозаң жортақтай бастады.
Жұрт тағы да қанын ішіне тартып алған. Батыр сұлтанның мол тобынан бөліне тұрған жиырма-отыз қара атты бар еді. Ол күйеудің жұртынан екен. Барақ сұлтанның әдетіне басып, жалын төгілдіріп қара ат мінген сәнді топтың қақ ортасындағы алақандай көзінің қызылы мен ағы шарпысып жатқан гүжбан қара гүж ете қалды.
- Мал керек емес, жан! Жан, жан, керек!
- Жан керек болса, ал!
Анадай жерде бетіне күл жағып, маңдай шашын кесіп, бұлқынтып ұстап тұрған Торғынды ортаға алып шықты. Зердебайдың ағайындары қорқарын, не қуанарын білмей үрпиісіп қалыпты. Жұрт от пен суға салуға жаудан түскен етекбасты ұрғашыны да алып жатады ғой. Кім біліпті, мынау күжбан күйеу Торғынды жар қылып қасына жатқызбағанмен, күң қылып есігінде ұстауға көнетін шығар.
Үрпиісіп тұрған жұрт ат үстіндегі гүжбан қараға анталай қарай қалысты. Ұйпа-тұйпа шыққан бейшара қызды қара атты гүжбан қараның алдына апарып зорлап тізе бүктіреді. Бұрым қып өргізбей бос салдырған қолаң шашы алдьша төгіліп бет ауызын көрсетпей тастады. Бейбақтың тек екі иығы ғана бүлк-бүлк етеді. Оны аяуға аруақтан қорыққан еркектер сыр бермейін деп тістеніп-тістеніп апты.
Айыптан құтылып, өз дүрмегіне барып қосылған сұп-сұр хан әлгінде ғана өзінің екі тізесі қазып кіріп кеткен ұлпа топырақтың үстінде жүгініп отырған бейшара қызға есеңгірей көз тастап тұр. Әлгінде ғана өз басынан өткен мүсәпір халдің соншалық қорлық кейпін енді аңғарып, енді танып тұр. Ішінен: «Тәуба, тәуба!» - деп сан рет қайталады.
Жұрттың көзі қол-аяғы тоқпақтай жалды қара аттың үстінде ентелей тебініп тұрған гүжбан қарада. Ол да шойыннан құйылғандай мол денесін бір қыбыр еткізбей қаққан қазықтай қақшиыпты да қалыпты. Ту сыртындағы өңшең қара аттылар мен Батыр сұлтанның тобы: «Мынау неғып тұр-ай!» - дегендей жабыла қарап телміре қапты. Гүжбан қара жан қалтасынан шақша суырғысы келгендей қолын ербендетіп, жан-жағына қармана қаранып, анадай жерде ер-тоқымсыз екі қара құнанды ұстап тұрғандарға иек қақты.
Мана Батыр сұлтандарға ілесе келген қарақұрым топтың ішіндегі екі ер-тоқымсыз құр атты біреу көрсе де, біреу көрген жоқ еді. Енді жұрттың бәрі соған қарады. Өздері шу асау екен. Жер табандап тартынып ортаға әзер шықты. Жұрт қақ жарылып жол берді. Қара киімділер тобынан тағы бір екеу қолдарына қыл арқан ұстап ортаға озды, біраз кісі еріксіз ышқынып қалды. Әсіресе, Әбілқайыр ханның көзі атыздай боп барады. Мынау қыл арқан әу баста бұған бағышталған ғой. Мана ант бергенде бұл қара боп шықса, мұның шаруасын осы қыл арқан мен мына екі шу асау бітіреді екен ғой.
Аршынды жігіттер қыл арқанның ортасынан тұзақтап гүжбан қараның қолына ұстатты, қалған екі ұшын тұзақтап екеуі екі шу асаудың қасына барып тұрды.
Гүжбан қара қолындағы тұзақты әуелі Мұхамбет қожаға, содан соң билерге, содан соң ту сыртына бұрылып, Батыр сұлтанның тобына, ең артында былайғы тобырға көрсетті. Жұртта үн жоқ. Бірдеңеге қатты толқығаны екені де, жоқ әлденеге көңілінің хошы келіп құлшынғаны екені де белгісіз, тайға бас білдіріп, асау жуасытып қалған әдетіне басып шалт қимылдап, шұғыл еңкейіп, қолындағы қыл тұзақты басын иіп жер тізерлеп отырған Торғынның мойынына көз ілеспес жылдамдықпен кигізе салды. Екі жігіт қолдарындағы тұзақты көз ілеспес қимылмен асау құнандардың мойынына іле-іле салысты. Сосын екі шу асаудың ноқталарын жып еткізіп сыпырып ап, сандарынан құлаштап тұрып бір-бір тартты. Екі құнан құйрығын теуіп тулап ала жөнелді. Жұрт жан-жаққа тым-тырағай қашты. Торғынның: «Апа!» дегені де, «Алла!» - дегені де белгісіз, жан дауысы бір-ақ шықты. Құйғытып бара жатқан қос шу асаудың соңында буырымен жер тырнап бара жатқан құр сүлдер әп-сәтте-ақ көзден алыстап кетті.
Жұрт аттарына мінді. Манағыдай қарақұрым лек құрмай шоғыр-шоғыр боп жан-жаққа бытырай бөлінді. Әлгі сұмдықты көргендер мынау қанды оқиғаның орынынан да, бір-бірінен де тезірек безіп кеткілері келгендей суыт жортақтасты.
Батыр сұлтанның маңындағы қара манағысындай емес азайып қапты. Алды-арттарына қарамай шығысқа салды.
Әлгі сұмдықтан әбден есеңгіреп қалған Әбілқайыр сәлден соң көзін ашып қайта қарап еді, көкжиектегі күн көзіне аяқ бітіп, әлгі бір қанжынның соңынан қызыл тазы боп тілін салақтатып, қуып бара жатқандай көрінді.
Ертеңіне Әбілқайыр кешегі бастан кешкенінің өңі екенін, түсі екенін біле алмай біраз уақыт дел-сал отырды. Сәске шамасында сыртқа шықты. Анадай жердегі қараша ауылдың шетіндегі Зердебайдың үйінің жұрты таздың басындай тықырайып бос жатыр. Демек, кешегі көргені түсі емес, өңі екен. Аршыл ағайындары Зердебайды бір түннің ішінде хан орданың қасынан көшіріп әкетіпті.
«Сонда... сонда...»
Әбілқайыр әлденеге ойы мүдіріп, жан-жағына алақтай қарады. Сонау көз ұшындағы елшілік маңында ат бар. Бұл йығына жаба шыққан жағасын қамқамен әдіптеген жұқа шапанының жеңін киіп, солай беттеді.
Келсе - Бөкенбай мен Есет сонда екен. Көзі шарасынан шығып үрпиіп қалған елші Әбілқайырды көре сала орынынан атып тұрып құшақтай алды. Балпылдап бірдеңе деп еді, хан ести қоймады. Жәй басып төрге өтті.
Патшаның елшісі кешегі оқиғадан хабардар болып шықты. Торғынның не күйге ұшырағанын естігенде Сартайлақ талып қалыпты. Көзін жаңа бір әзірде ашыпты. «Мүмкін емес, мүмкін емес!» әлі сенбей жатыр дейді. Оған қылжақбас Цапаев: «Мен саған баяғыда айтпап па ем. Бұл тағылардан бәрі де шығады. Не сенбейтіні бар!» - деп өжеңдейтін көрінеді.
Не де болса, орыс елшілігінің зәрелері зәр түбіне кетулі. Бөкенбай мен Есет ой үстінде.
- Енді не істейміз? - деп Мәмбет мырза қылғынады.
Не істейтіні бар? Кеше қарсы жақ оңбай омақасты. Әбілқайырды сүріндірем деп жүріп ездері қалай шалқаларынан түскенін білмей қалды. Бүгін олар естерін жия алмай есеңгіреп жатыр. Бірақ ертең жамбастарын бір-бір сипап қайта түрегелер. Тағы бір дауды бастайды. Олар сол жаңа дау, жаңа сылтауын таппай тұрып, елшіліктің қарасын бұл арадан өшіру керек. Әйтпесе, кешегі гүжбан қараға мал керек болмай, ар керек бола қалғаны тегіннен-тегін емес. Оларға кеше қалай да біреудің қанын төгу, сәйтіп ескі дауды біржолата тындырмай жаңа дауға ұштық шығарып беру керек болды. Зердебайдың қызының мұндай масқараға ұшырағанын аузы жүйрік Жәдік әулеті ертең көрші ұлыстарға жаяды. «Жалғыз үйлі ағайынға жасаған қысастығы анау!» - деп бұлар жаққа күнде қол шошайтады да отырады.
Мейлі, олар ертең нені істесе оны істесін! Тек мына елшілікті тезірек бұл арадан аттандыру керек. Кеше қапы қалған қас дұшпан қайта есін жиып алғанша бұлар орыс шебіне бір жетіп алса, ар жағын көре жатар.
Ханның бұл ойын Бөкенбай да, Есет те, елші де қостады.
Елең-алаңда атқа қонған қалың түйдек күн кештете Найзакескеннің құлауына еңкейді. Баяғыда Қарақұмдағы құрылтайдан кейін үш жүздің қара ормандай көк сүңгісіне сап тауып берген қалың жыныс, бүгінде арасына қол жасыра алмастай боп әбден сиреген. Бірақ уәделі ауылдар кеше бір-біріне ат шаптырысқанда, ызғыған далада аз да болса ықтасыны бар ғой деп, осы араны қолайлы көрген.
Хан ауылы бүгін күні кеше қақырайып-қақырайып тұрған елші қосының қаңырап бос қалғанын бір-ақ көреді. Әбілқайыр елшілік жайғасқан ақ отауларды жыққызбай, әдейі тігулі күйлерінде қалдырды. Елшіліктің бір күн түнде көшіп кеткенін жұрт қапелімде сезбей қалсын деді.
Бүгін Сәмеке, Барақтарға шабарман кетіп, олар хабар тигізгенше елшілік орыс шебіне жетіп те үлгереді, Бұл жақтағы Батырдың кешегі масқарадан кейін қылар қайраны шамалы. Сондағы дүрбелең Қызыл үйіктің басында-ақ тарап кеткен.
Найзакескеннің басына әуелі Есеттің тобы қеліп, тосқауылдай тұрды. Оған көп ұзамай тек жеті рудың ғана емес, басқа да тілеулес ауылдардың ру басыларын жинап, Бөкенбай қосылды.
Бір күншіліктей жол жүріп, елдің ең соңынан жеткен хан мен елші тобы алдарынан қайың арасынан жамырай шыға келген қалың қолды көргенде жүректері жарыла қуанысып қалды. Олардың арасында көптен бері ат ізін салмай кеткен ауылдардың да ақсақалдары бар екен. Шамасы, кешегі Қызыл үйік оқиғасы қай тарапқа шығарын білмей, шөре-шөре болып жүрген біраз жұртқа жөн сілтеп берсе керек.
Күн еңкейе селдір қайың арасындағы дөңгелек алаңқайға жиналған билер ақ патшаның елшісінің алдына ақ дастарқан жайып, ақ сарыбас марқаның басын ұстатып, ақжол тілесті. Мәмбет мырзаның қасына қазақ жұртының елшілері боп он екі жасар Ералы сұлтан, Нияз сұлтан, Кіші жүзден Шәдік би, Құдайназар мырза, Бөкенбай батырдың немере інісі Мырзакелді батыр, Масқар Төлебай би, Орта жүзден Қыпшақ Күдері, Байкенже батырлар, бірсыпыра қызметші жігіттер еретін болды.
Дастарқан жиналған соң Әбілқайыр елшіні оңаша шығарып әкетті.
- Ал, Мәмбет мырза, - деп сөз бастады былайырақ шыққан соң. - Сөге жамандамай аттанасыз ғой. Біздің арамызда болған бір жылдың ішінде басыңыздан жақсы да өтті, жаман да өтті. Жағдайды өзіңіз білесіз. Әйтеуір, ақ патшаға берген уәдеме адал екеніме, ол жолда ештеңеден тайынып, тайсалмайтыныма көзіңіз әбден жетсе, оны алдияр тақсырға бұлжытпай айтып барсаңыз болғаны. Сіздей ақжолтай елшінің қанжығасын бүйтіп қаңсытып құр қол қайтарамыз ғой деп ойламап едік. Мынандай қилы заман кез келіп, жоқтық жомарттың қолын байлап тұр. Кездесуіміздің алды-арты бір бұл болмайтын шығар. Бұдан былай сіз бен біз қалқыған дарияның ортасыңда қалтылдақ қайыққа бірге мінген жандай, бір-бірімізге тілектес боп жүреміз ғой деп ойлаймын. Мұнда көргеніңіздің бәр-бәрін жіпке тізіп айта бермей, жақсысын асырып, жаманын жасырып, патша ағзам көңіліне секем алып қалмайтындай ғып жеткізгеніңіз дұрыс шығар. Өйткені, бұл шаруаның абыройы да, ұяты да екеумізге бірдей ортақ қой. Қазақтың бәрі кешегілердей тентек-телі екен деп ойлап қалмаңыз. Халық болған соң аласы да, құласы да жеткілікті болады. Азын-аулақ сотқарлардың сотанақтығына күллі халықты күйдіріп қайтеміз. Қазақ жұрты қанатының астына алар рақымды қамқоршы табылып жатса, қуанбаса қашпайды. Сырттан жұдырық түйген жаудың қоқан-лоқысынан да, өз тентектерінің ырың-жырыңынан да әбден титықтап отырған жәйі бар. Сондықтан сіздің бұл сапарыңыз, не де болса, із-түзсіз қалмайды. Айтқанымыз айтқан! Не көрсек те сертімізде тұрамыз.
Әбілқайыр ханның мына сөзін естігенде Мәмбет мырзаның кірпігі шыланып бара жатқандай болды. Бүгінгі күн - оның да бір жыл бойы армандаған күні еді. Ханның қос қолын қаусыра қысып:
- Ол не дегеніңіз, алдияр. Сіздің ұлы мәртебелі императрица ағзамның алдындағы адалдығыңыз, орыс елшілігіне жасаған қалтқысыз қызметіңіз адамға да, құдайға да аян шығар. Ол жағынан ешқандай қам жемеңіз, - деді.
- Мына баламды бір өзіңізге сеніп жіберіп отырмын. Көз қырыңызды сала жүрерсіз. Үстіндегі киімі патша сарайына кіріп-шығуға жұпынылық етер ме екен деп те сескеніп тұрмын.
- Ол жағын уайымдамаңыз. Өзім реттеймін. Маған осы алған бағытыңыздан айнымағаныңыз, қарсы жақтың қиянаты мен қысастығынан қаймықпағаныңыз қажет. Ақ патша сіздің ақ-адал қызметіңізді аса жоғары бағалайтынына менің сенімім кәміл. Тек шыдап бағыңыз.
- Сіз де қам жемеңіз. Орыс шебіне жетіп алсаңыз, ол немелер аяқтарын өздері-ақ тарта жүрер. Ал, ертең көрсек те, аман тұрайық! Көріскенше күн жақсы!
Хан мен елші мұсылман ғұрпымен төстеріне төстерін тигізіп, құшақтасып қоштасты. Әбілқайыр елшіге еріп келген башқұрт ру басылармен қоштаса бастады. Елшінің қасына қазақ ру басыларын ертіп Бөкенбай келді.
- Ал Мәмбет мырза, алдыңыздан ақ күн тусын дейміз. Ақсақалдар оның сөзін қағып алып кетті.
- Ұшан далада ұшып-қонып жүрген қиқуқұлақтау жұрт едік. Ерсі мінез көрсеңіз, ертең ұмытыңыз. Жақсы қылық көрсеңіз, өмір бақи ұмытпаңыз. Азын-аулақ тентек-теліге бола жалпақ көптің көлдария көңіліне түкірмессіз.
Тевкелев ру басыларымен жеке-жеке қол алысып, құшақтасып, қоштасып шығып:
- Өздеріңіз де сөге жамандай көрмеңіздер. Қай-қайсыңыздың да адал ниет, ақ пейілдеріңізді, еткен қызметтеріңізді тәрк қылмай, ақ патшаға айтып барамын. Сұрайтыным - азғырынды әңгімелерге ермеңіздер. Бүгіннен бастап патша ағзамның құлағына жайсыз хабар тимейтіндей боп, жақсы жүрерсіздер деп сенем, - деді.
- Уәде - құдайдың аты. Құран ұстап айтқан сөзден неге айныйық! Екі жағымыз да сертке берік болайық, - деді ақсақалдар. Бізді ақ патша мынау жоңғардың құқайынан құтқарса жеткілікті. Басқа ешқандай қолқа салмаймыз.
Елші елдің ең соңында кеп, Бөкенбайдың қолын алды. Тығыншықтай Мәмбет мырза алпамсадай Бөкенбайдың құшағына көміліп, көрінбей қалды.
- Құдайназарды Уфаға барған соң елге қайтарарсыз, - деді батыр.
Жұлдыздай ақ меңі бар күрең тебелдің устінде құлағы қалқиып ырғай мойын ақ сұр бала Ералы отыр. Кезіне түсе берген сусар беркін қамшысының сабымен жоғары көтеріп, жаутаң-жаутаң әкесіне қарап қояды.
- Ал, балам, қадамыңа гүл бітсін, - деді Әбілқайыр Ералыны арқасынан қағып.
Баланың кішкентай қорамсағындағы жалғыз тал қызыл жебені түзеп қойды. Ол - Ералының ханзада екенінің белгісі еді. Бала зорлана жымиған болды.
Жүзден астам салт атты қайың арасынан саудырап шыға берді.
Хан тобы кетіп бара жатқандардың соңынан сексие қарап әлі тұр. Қасындағылар: «Қайтамыз ба?» - дегендей ыңғай танытып еді, Әбілқайыр тұрған жеріне желімделіп қалғандай тырп етпеді. Жүргіншілер қашан көкжиекке көтерілгенде барып, атын тебінді. Баласын тағы бір көріп қалайын дегендей артына бүрылып қарап еді, қара жалдың тасасына қылт-қылт сіңіп бара жатқан көп атты қайсысының кім екенін ажыратып болмастай жерге ұзап кетіпті.
Әбілқайыр енді ешқайда кез салмады. Астындағы атының ербеңдеген екі құлағына телміре қарап үнсіз келеді. Қасындағыларда да сыбыс жоқ. Дүсір-дүсір тұяқ дыбысынан ештеңе естілмейді. Жұрттың бәрі бір тұңғиық ой дариясына шым батып кеткендей. Әншейінде екеуінің жолы бір түссе, қауқылдасып кең даланы бастарына көтеріп ала жөнелетін қазақтардың ауыз-дарына бүгін не тиырым бола қалғаны белгісіз. Тек түн жамылып барымтаға аттанғандар ғана тап осылай тіл мен жақтан айырыла қалатын еді. Ал, алыс жолға кісі шығарып салғандар аламан көрген құр аттай біразға дейін тұяқтары қызып, желіктерін баса алмаушы еді. Бұл жолы олай болмады. Бұған келгенде қай нәрсенің де тонын теріс киіп шыға келетін әуелден әдеті. Жеңісі жеңіске, қуанышы қуанышқа, тойы тойға ұқсамай кете барады. Әйтпесе, бүгін Әбілқайыр үшін ақ түйенің қарны жарылған күн емес пе? Бір жылдан бері жанын тырнағының ұшында дызылдатып келген мына бір шаруа жақсылығымен бітті. Айтқанын істетті. Дегеніне жетті. Жолын кескестеген дұшпанның еткені ем болмады. Осы ара сын болады-ау деген жердің бәрінен құдай тағала сәтін салып, сүрінбей өтті. Аруақ екеш аруақтың өзі бұны жақтады. Ендеше, мына жұрт нағып әкелері бүгін өлгендей түнере қалған?! Бұны іштері жаратпай келе жатса: «Тап осы шаруаға жиыла көріңдер!» деп тап осы жолы ешкім жалынбаған еді ғой! Өздері келмеп пе еді? Көпшілігі Батыр сұлтаннан күдерлерін үзіп, бұның жағына біржола шыққан сияқты боп келген еді ғой. Тіпті әлгінде орталарында ақ патшаның елшісі тұрғанда бірінің аузындағы сөзді бірі қағып ап жалпылдасып жатпап па еді? Ендеше неғып көмейлеріне құм құйыла қалған? Әлде бүгін бұл қайтер екен деп, әдейі сынап келе ме екен...
Жоқ, ешқайсысының бұнымен шаруасы жоқ. Бәрі де аттарының жалының қылын санап келе жатқандай тұқшиып-тұқшиып алыпты. Бәрі де түнеріңкі. Ой үстінде. Ойланғанда бұлар не ойлайды? Бұдан басқа барар жер, басар тауларының қалмағанын неғып түсінбейді? Жан-жақтан анталаған сояу тіс сойқандардың ортасында отырып, қайтып пана іздемессің?! Анталаған арыстандардың аузында кеткенше, оларды тайсалтатындай айбың іздегеннің несі айып!? Егер оған түсінбейтін болса, баяғыдан бері бұны айналсоқтап не жындары бар еді? Енді, ойлан мейлің, ойланба мейлің, болар іс болды емес пе! Бұйда, бәрібір, ақ патшаның қолына өтті. Тек ол оңға бастағай деп тіле!
Бәлкім бұлар да соны ойлап тұнжырап келе жатқан шығар. Тұмсығын тестірген нар қоспақтай өз бұйдамызды өзіміз қолына апарып ұстатып, салпақтап соңына ергенде, діні басқа, тілі басқа, түрі басқа, түсі басқа патшайым көлге бастай ма, шөлге бастай ма? Оның не ойлап, не шарапат тигізерін, шынында да, кім білген? Мәмбет мырзаға айтқызсаң, ауызымен орақ орып, қарық қылады да салады. Онысы рас па, өтірік пе? Көп ұзамай белгілі болады ғой...
Шіркін, мұндайда қасыңда Тайлан болар ма еді! Осындай дағдарып келе жатқанда ол шөп басындағы мизамға қарап, ат үстінен еңкейіп жұлып алған жусанның тармағының айыры мен бітеуіне қарап, көктегі жұлдыз, жердегі сағымға қарап бал ашып беретін еді-ау. Сонда балы жақсылыққа түссе, қараптан-қарап желпініп қалатынсың. Қанша дегенмен, үміттің аты үміт қой! Қолыңа ұстап тұрған ештемең болмаса да, алдыңда жақсылық бар деген далбасаның өзі-ақ төбеңді көкке бір жеткізіп тастамай ма!..
Апырай, күн бүгін неткен тымық! Желтоқсанның ортасы бүйтіп сауыны болған биенің желіндей балбырап тұрмаушы еді ғой?! Әнеугүні қарап тұрып ызғып тұрар Қызыл үйіктің басында құдайдың ұйтқыма шаңыты аяқ астынан сап болып басыла қалып еді. Осының бәрі тегін дейсің бе? Істің оңға басайын дегені шығар. Құдай мынау бейшара жұрттың күнде көлдеткен көз жасын көрейін дегені шығар. Бұл осынша азап, осынша тауқыметті тек бір басының бағы үшін тартып жүр ме? Елі үшін, халқы үшін де өліп-өшіп жүрген жоқ па? Еліне не керек, не қардар екенін бір кісі білсе, осы-ақ білер. Сол білгендігінен де осындай тәуекелге мінбеп пе еді? Қоянның құйрығындай күнде қыпылықтап отырғаннан обал-сауабыңда біреуге артып, тыныш отырғанды жөн көрмеп пе еді? Аз жұрт та бір бойжетіп, толықсып отырған қыз секілді нәрсе екен ғой? Оның да біреудің білегінен ұстамаса, күні қараң көрінеді. Әңгіме тек оның алжаспай кімнің білегінен ұстай білгенінде... Құдай тек содан жаңылыстырмаса болғаны...
Түһ, түн неткен қараңғы еді! Жұлдыздар да шілде ортасындағыдай шүпірлей қапты. Анау - темірқазық, анау - жетіқарақшы. Анау - ақбоз, көкбоз... Анау... Апырау, мынау ат құлағының арасынан қылаңытқан күлдей бозаң шоғыр үркер ғой! Жарықтық, бұдан ұсақ, бұдан солғын жұлдыз жоқ шығар. Бірақ, соған қарамастан, қаншама самала шырақтар самсаған түнгі аспанда оны көзің бірден шалып тұр-ау! Оның сиқыры неде екен? Әлде жұп ажыратпай бірге туып, бірге бататынынан ба? Жұлдыз екеш жұлдыз да неғұрлым саны аз, неғұрлым жарығы солғын болған сайын жиі тұрмаса, көзге түсе алмайтындарын білген ғой! Өздері неткен ыңғайтөк еді! Жаздың жаңбырлы, құрғақ, қыстың жайлы, жайсыз боларын жұрт осы Үркерге қарап біле қояды. Бәрін алдын ала осы бір шөкім солғын шырақтар сезіп қоятындай. Бәлкім, мынау бірін-бірі иықтап, бірін-бірі төбеден нұқып жатқан әумесер дүниеде аз халықтарға да осы Үркер мінез керек шығар! Бәлкім, олар да мынау ұйтқымасы көп аласапыран дүниеде тек Үркердей тығыз тұрып, дауыл мен боранды Үркердей алдын ала біліп, алдын ала ыңғайға аунап отыра алса ғана, аман қала алатын шығар...
Жол шыққанда Үркердің маңдайынан туғанын жақсылыққа жорымаушы ма еді! «үміт артсаң Үркерге қара!» деуші еді ғой. Желтоқсанда да Үркердің ат құлағынан асып көтерілмегені алдағы қыстың жайлылығы шығар. Алдың жақсылықтан асқан бақыт бар дейсің бе!
Үркердің қарсы алдыңнан туғаны маңдайынан ашылайын дегені ме екен?! Не де болса, үміт бар ғой. Қаршадай Ералы көз көрмеген алыс жолға сол үмітпен аттанды ғой. Бұрын қайда аттап басса да, үрей анталап тұрмаушы ма еді. Жоңғар қайтер екен, қалмақ қайтер екен, башқұрт қайтер екен деп қаралай қылпылдап бітуші ек ғой. Енді, не де болса, бір үміт бар емес пе. Үрейден үміт қашан да жақсы емес пе. Ендеше, мынау Үркер де жақсылығымен туған шығар. Тек бұның, тек мынау талайды көріп, талай тауға басын соққан көнтері жұртының алдынан ылғи осылай үміт шырағы туып тұрғандай!
Хан ішінен: «Е, жаратқан, бүныңа да шүкір! Тәуба, тәуба!» - деп сан рет қайталады.

 

ҮРКЕР (Бірінші бөлім)

ҮРКЕР (Екінші бөлім)

ҮРКЕР (Үшінші бөлім)

 

Кітапты көшеру