ВЕРНУТЬСЯ

Бекеннің
ресторан табылдырығынан аттағаны бүгін. Онда да қоярда қоймай жетелеп
жүрген Мәлік. Мана институтке түскендердің тізімі оқылғанда-ақ: — Бала
бұны кешке бір оқсатып жуалықшы, — деп
қойған.

Бекен Мәлікті бала күнінде бірер рет сыртынан көріп шырамытқаны болмаса
жыға танымайтын. Осылай шығарда көкесі: «Бекенжан Алматың о шет, бұ шетіне жетіп болмайтын үлкен шаһар
көрінеді. Көзтаныс біреу болмаса, сен құсаған аузы аңқиған қара баланың
қай мәшіненің астында қаларын бір алланың өзі білсін. Ана Сыдықтың
баласы сонда қызметте қалыпты ғой. Қары нағашымыз еді, хат жазғызып
берейін. Сол панасына алсын. Нәйістік жасап жоламай жүрме. Сенің
бір жетім тайлақтай меңірейіп шеттеп жүретінің бар. Онда арам өлесің.
Барған бойыңда тауып алып, таныс», — деп
қатты тапсырған.

Сөйткен Мәлігі сексеуілдің томарындай шымыр қара жігіт екен. Танауы
тәмпіш, шашы да тістескен бұйра. Ұшып-қонып
тұрған көзіне қарап, жылпос біреу ме деп қалып еді. Жоқ. Астанада
жүргенімең ауыл жігіттерінен көп ұзап кете қоймаған аңқылдақтау адам боп шықты.

Бүгін түс қайтқалы бері бұны сылап-сипап әуре. Кетерде көкесі ауыл
дүкеніне түскен жаңғыз габардин
костюмді бұған алып бергенді. Чемоданның ең түбіне тыға салған
киімде не сықиыт қалушы еді. Мыж-мыж. Оны да ретке келтірген
Мәлік. Дүкеннен дүкен қоймай аралап, жағасы қаңылтырдан да қатты
вьетнамның ақшаңқан көйлегін әперді. Керуетінің басында
самсап тұрған көп галстуктың біреуін мұның мойнына тағып көріп еді, бұл қылғынып қалатындай қашқақтай
берді. Мәлік бәрібір күштеп таққызды.

Қазір үйренген сияқты.
Қозғалып кетсе, әлденені күйретіп алардай, шеткерірек столда
сіресіп отыр. Мәлік тағамдардың аттары жазылған қағазға
тұқшиып қалыпты. Бекен көзімен ресторанның бұрыш-бұрышын түгел тінтіп шықты.
Көзі ешқайда аялдамады. Біржаққа ұзақ үңілсе,
екінші жақта бір қызық болып жатып, содан құр қалатындай, жортақтата көз салады.

Бақтың ішіндегі бұл
көк жасыл үйді ол бұрын тек сыртынан көретін. Анау ән салатын жердің бергі жағындағы алаңқайда оқшау
ақ қайың бар. Сабаққа әзірленіп шаршап кеткенде сол жерге кеп отырып демалатын-ды. Осы бір темір тор
шарбақтын маңы сапырылысып жатушы еді. Ара-тұра тәлтіректеген біреулер де шығатын. Сонда көкесінің: «— Ондай үлкен шаһарда
не жоқ дейсің,
шырағым. Әсіресе, шайханасына жолама, өңшең маскүнем...» — дегені есіне
түсетін.

Сүйтіп, сыртынан тітіркеніп жүргені самаладай жарқыраған сәулетті жер
боп шықты. Ішіндегі адамдары ірі
өтеді. Өңшең сызылып, мызылып қалған ибалы адамдар. Киімдерін
айтсаңшы. Әйел шіркіндердің де не келбеттілері болады екен ғой.

Сол арада залдың бір басындағы сахна сияқты биік тұғырдың үстіне бес-алты жігіт шыға келді.
Әжептәуір үлкен үй селкілдеп кеткендей болды. Ың-жың. Сәл мазасыздау.
Бірақ, қызық.

— Бекең
не жейсің, не ішесің?

Мәліктің даусынан жалт бұрылса, столдарының жанында бүлдіршіндей қыз тұр. Сәлемдескені болар,
иек тұсы
сәл иілгендей болды.

— Өзіңіз
айта беріңіз.

Қыз бұның
дәл шынтағының тұсына
блокнотын қойып, жазып алып жатыр. Бұндай білекті Бекен бұрын-соңды көрген
емес. Сүйегі жоқтай жүмсақтығы көрер көзге беп-белгілі. Аппақ-ау
аппақ. Мәліктің айтқанын жазып алды да, тық-тық басып келесі
столға беттеді. Онша иіліп-бүгілген артық тағзымы жоқ. Өйтіп бағатындар қалтаңды
қайтсем көбірек қағам деп жүретін көз бояушылар ғой. Мына қыздың
қимыл-қозғалысында ондай бөтен-бұдыр
ештеңе байқалмайды. Жүзі де бап-байсалды. Сол тық-тық адымымен
асханаға кіріп кетті.

Шамалы уақытта шыға қоймады. Сахна жақтың тарсыл-тұрсылы, шаң-шұңы кебейді. Залда сәл түтін көтерілген
бе қалай... Бағанағы аппақ перделер кәгіс таратқан сияқты.

Мәлік көрші
столдарды көңілсіз шолып, салғырт отыр.
Бекен бірдеңе сұрап мазалағысы келмеді. Ас тасып жүрген даяшылардың үсті-басын, әсіресе аппақ мекиеннің келте айдарындай бастарына таңып алған бас киімдерін қызықтай бастады.

Бір уақытта барып бұлардың даяшы қызы да шықты. Ақ уыз
өңі күреңітейін депті. Темір табақша көтерген нәзік саусақтары сынып кетердей майысып
тұр. Ешкімге, ештеңеге тіке қарамай, ұяң көз тастап,
бұлардың столына бағыт алды. Жаңағы жазып алған жеріне, бұның дәл шынтақ тұсына өкеп
табақшасын түсірді. Дастарханды түзеп, тез-тез шанышқы, пышақ қойып, бір ибалы
бап-пен табақ таратты. Шампанды ашайын деп еді, Мәлік өзіміз-ақ ашармыз
дегендей ишара қылды. Ол асхана жаққа қайта кетті. Бекен шанышқыға қол созды...

Бұған дейін аузына шарап алмағандықтан ба, әлде қазір әлденеге ала
қызып отырғандығынан ба, Бекенге шампан тез әсер етті. Тісіңді сындырардай мұп-мұздай суық өңешті қарып
кетердей болып еді, көкірек тұсы оқыс жылынып барады. Мәліктің алдында жатқан
ақ құйрық
сигареттің бір талын тісіне қалай қыстырып үлгергенін өзі де байқамай қалды.


Міне, жігіт, — деп Бекен тамызық тосты.

Оркестрдің қасындағы микрофонға тұла бойы буылтық-буылтық, тарғыл көйлек
киген тарғыл әйел барып тұрды.

Мохорка күйдірген мұрттай жіп-жирен шашын бір желп еткізіп тағзым
етті. Басын қайта көтере беріп, қос құйрығын
көк сиямен тіле тартқан қиғаш көзін залға бір жүгіртіп алды. Қыдырымпаз жанарын
кілт кідіртіп, ебедейсіз үлкен аузын кере, темекі тартқандықтан сарғайып
кеткен ірі тістерін көрсете күліп, ән бастап кетті. Тарғыл әйелдің
даусы да тарғыл сияқты. Бекеннің құлағына
түрпідей тиді. Мынау әйел ән
салған соң залдың түтіні бұрынғыдан да көбейіп кеткендей.
Адамдардың күңгірт жүздері әр қилы киім көк ала түтіннің арасынан су ішіндегі
нәрседей алашабырланып көрінеді. Бас айналдыратындай.

Бекен тағы да даяшы қызды іздеді. Ол алыста емес, тап
қастарында, терезе түбіндегі бос столда отыр екен. Залмен кеп ісі жоқ.
Күңгірттеніп бара жатқан кешкі көкке,
барған сайын аралары жиілеп, тұтаса
қарауытқан қарағайларға қарап терезеге үңіліпті. Сырттағы тор шарбақтың
ішінде де жұрт көбейген. Бекеннің беті ауған жаққа лаға беретін қаңғыбас жанары
терезеден секіріп түсіп, шарбақ ішінде сыра сораптан отырғандарды кесіп өтіп,
қара ала, сары ала киінген кәрия күзетіп тұрған темір қақпаға барып
тіреліп кері қайтты,

Даяшы қыз қыбыр етпей әлі отыр. Кішкене жұмырығына жағын таяныпты. Толық
болғанмен қысқа емес сағақты мойны бір ерекше сәнмен иіліпті.
Мөлт қара шашты желкеде, самайда — еш
жерде қобыратпай төбеге қарай кетере түйген.

Баста сызданып баққанмен келе-келе мінезін таныта алатын жеңілтек
адамдай ресторан іші бағанағы байсалды сәулетінен айырыла бастады. Оркестрдің тап түбіндегі шеткі столда
отырған біршөкім үшкіл мұрты бар сұр кительді
қып-қызыл адам қолқалап «чечен вальсін» орыңдатқызып еді, ас үйдің
есігіне тақау столдағы арық қара орнынан атып тұрып, кең балағы
тірсегіне оратылып, тәлтіректеп барып, оркестрдің сол қанатында рояльда
отырған бұйра шаш әйелдің
білегінен ұстай алды.

— А-ақ
маңдайлым, — деді қырылдап, қалтасынан жалма-жан қызыл ала қағазын суырып алып.

Оркестр ойнап кетті. Қылқылдаған қунақы әуен төгіле жөнеліп еді,
бұлармен көрші столда отырған жуан сары мен шиқан қызыл мықыр адам таң атқалы
қызыл кеңірдектесіп
отырған дауларын тия қойып:

— В
диких степях... — деп гүж ете қалысты.

Одан арғы столдағы тұмсығы кегіс, желке шашы уда-дуда
семіз бәйбіше жұдырығымен
столды қойып қалып еді, иін тіресіп тұрған шынылар бір-біріне соқтығысып
баж ете қап басылды.

Оркестр бір желдіртпелеу әуенді безектетті. Жаңағысыны бәріне селқос құлақ сап, сигареттерін түтіндетіп отырған
талдырмаш қара торы жігіт пен жалбыр шашын қақ маңдайдан шорт кесіп
кекіл қойған көбелек етек қара қыз орындарынан атып-атып тұрып,
билей жөнелді. Арбасқан теке лақтардай бір-біріне біресе шап беріп, біресе
кейін шегінісіп кетеді. Екі иық, мықың тірсеқ екі қол — бәрі де делебе қоздырар жүйткіме ырғаққа
ілесе алмай жанталасып бағуда.

Осынша дырдудың ішінде бағзы бір салтанатты тыныштықтан қалған
жаңғыз жұрнақтай
даяшы қыз міз бақпай бұрынғы орнында әлі отыр. Өзге даяшылар дуылдатып
жатқандарға я тістерін жарқырата күліп, бастарын изеп қошамет
білдіреді, я еріндерінің бір
қиығына салмақты салыңқырай күлімсіреп,
кекесінді нышан білдіріп жүр. Даяшы
қыз оның бәрінен аулақ. Әдепті жанарында бір буалдыр мұң бар сияқты. Қарашығы тым керенау
қозғалады.

Бұлар отырғалы да біраз болыпты. Мәлік
қызды есепке шақырды. Ақша ұсынып
жатып, әлдене айтып еді, қыз бағанадан бері осы арада ғана езу
тартты.

Залдан шыға бергенде:

— Бекең
сен анау эстрада жаққа бара бер, мен бір таныс адамды көзім шалып қалды, сәлемдесе шығайын, — деді Мәлік. Бекен тор шарбақтан шыға
беріп, артына бұрылып қарап еді, бұлар тұрып кеткен ашық терезенің жанында даяшы қызбен Мәлік сейлесіп тұр
екен.

Бекен өзіне таныс ақ қайыңның жанына келді. Ар жақтағы эстрадада ойын
көріп отырған жұрт әлденеге қыран топан күліп жатыр.

Бір-бірімен бой таластыра тығыз өскен көп теректің ішіндегі сәл ашық
алаңқайда алтын шаш екі қайың әлденеғе жетімсіреп жалғыз тұр. Оның қап-қара
түнгі аспанның астынан алыстағы шамның сүйқылт нұрына шомылып, баданадай-баданадай боп
мөлдіреп көрінетін жапырақтары бірдеңеге өте-мете ұқсайтын
тәрізді. Дәл неге ұқсайтыны
қанша ойланса да, есіне түсіре алмады.

— Бекен, неғып тұрсың?

Шамасы, қуып жеткен Мәлік болса керек.

— Ой,
бала, ағаң қатырды. Әлгі қызды көрдің ғой. Анада біздің бір
қаққан жігіт айтып еді. Көнді. Ертең демалысы көрінеді.

Бекен тыңдаған да жоқ, ұққан жоқ. Мәліктің аузынан шыққан сөздер
Бекеннің көңілінде суға батпаған шөп-шаламдай қалқып жүр. Көзін ақ қайыңнан айырар емес. Ә, есіне енді
түсті. Көз жасына ұқсайды екен. Түнжыр қара алып жанардан ағып келе жатқан алып тамшылар секілді.

Жүріп кетті. Мәлік қатарласып, қолтығынан алды.