Сөздің шыны керек: «Жер саудасы»

Видео: 

Аукцион өтпей жатып, жерге талас басталып кетті...

Көп қожайын қайдан, қалай, неге  жылдам табылып жатыр?

Себебі - қазақтың жері саудаға шығарылды...

 

СЕРІК ҚАБИ

- Қайтіп жан бағу керек. Енді не істейміз. Қазір арық мал, сатып жіберсең, алатын адам да жоқ.

 

Алматы облысына қарасты, Жамбыл ауданы, Көкдала ауылының тұрғыны Серік Қабидың ауылдастарымен бірге біраздан бері мазасы кетіп жүр. Оған себеп - таяуда жайылым жерлер аукционға сатылады деген хабар. Себебі, қойын жайып жүрген жердің аяқ асты қожайыны пайда болды дейді.

 

БАҚЫТХАН ӘЛДИБЕКОВА, "Ақсеңгір" ауылының тұрғыны:

- Кешегі күні біреулер кеп, милициямен кетіңдер деп жаман бір сөздермен айтып жатыр.

 

Жергілікті жұрт "Жирен айғыр" атап кеткен бұл жайылымда мына секілді алты қашар бар. Тұрғындар бір жерге шоғырландырылған бірнеше шаруа қожалығын осылай атап кеткен.  Осы күнге дейін жайылымды бөліске салып көрмеген, қойы-қоралас, малы аралас жайылатын қойшы ауылдың маңайынан бір жарым метр тереңдікте ор қазылып тұр. Тұрғындардың айтуынша,  өз телімінің шекарасын осылай бекітіп алған кісі өзін "Жирен айғыр" ЖШС директорымын деп таныстырып, енді "қазылған ордың бергі бетіндегі телім де түгелімен - өзімдікі" деген көрінеді. Содан бері мазасы қашқан "жирен айғырлық" қойшылар малымызды қайда бағамыз деп қапалы...

 

СӘЛИХА АЙТАҚЫНҚЫЗЫ, "Көкдала" ауылының тұрғыны:

- Менің бес баламды әкім бағып бере ме? Мен ақша сұрап отырғам жоқ, тек әділдік, жайылымдық жер. Сол менің талабым.

 

КҮЛӘЛ ҚАСАБАЕВА, "Ақсеңгір" селолық округі әкімдігінің Бас маманы:

- ТОО "Жирен айғыр" Айбасов Елдос дегеннің жері. Менің бар білерім сол. Қазір уақытша әкім отпускіде. Жиналысқа шақырып кетті. 

 

Жиналысқа кеткен әкімге қояр сұрағымыз көп еді. Өйткені, есігінің алдында ауылдық округ аумағында  25 838 гектар жайылым жер бар деп жазылып тұрған Ақсеңгірде ауыл тұрғындары малын жайғайтын өріс таба алмай сарсылып жүр. Оған себеп....

 

ЕРЕЖЕП СҮЛЕЙМЕНОВ, "Ақсеңгір" ауылының тұрғыны:

- Анау Жайсаң, мынау Ақсеңгір, анау тұрған қашар Алматының әкімінің күйеу баласы. Қай әкім? - Бұрынғы.

 

Аукцион басталмай жатып, телімдері таласқа түскенін айтқан ел, ішетін судың да, жердің де қожайыны бар, соның салдарынан жан бағатын жағдайымыз қалмай барады деп, жыларман күйде.

 

ШӘРІПБАЙ ӘУЕЛХАНҰЛЫ, "Ақсеңгір" ауылының тұрғыны:

- Жер-судың бәрі Аңсардікі дейді. Бесінші айдан кейін бізге бір құлақ су келмейді мына ауылға. Аңсардың жоңышқасынан босағанда дейді. +Байлықтың түгелі сатылып, енді су-жер қалыпты сатылмаған. Бұл не деген сұмдық. Бұл болашақ ұрпақты біздің мемлекет қалай асырағалы жүр.

 

Ауылдағы ағайын өз ауылының маңайынан жайылым жер таба алмай жыламсырап, қойшысына қашарынан айырылып қалу қаупі туып жатқанда, күні кеше ғана үкімет  аукционға шығарылатын жердің кадастрлық құнын жария етті.

 

САМАТ СӘРСЕНОВ, ҚР Ұлттық экономика министрлігі басқарма басшысы:

- Жайылым жерлер 2000-4000 теңге тұруы мүмкін. Ең бағалы жерлер бір гектары 125 мың теңгеге дейін барады.

 

Бұл баға белгілі болмай тұрып-ақ, яғни ҚР Ұлттық экономика министрі  Ерболат Досаевтің 1 шілдеден бастап, 1 миллион 700 мың гектар жердің аукцион арқылы саудаға шығарылатыны туралы айтқан мәлімдемесі қоғамда үлкен дау тудырды. Елдің елең ететіндей, көңілі күпті болатындай-ақ жөні бар. Өйткені,  сатылымға шығарылған жердің көлемі 11 ауданы бар Оңтүстік Қазақстанның Түлкібас, Сайрам, Ордабасы, Мақтарал, Төлеби, Қазығұрт сияқты алты ауданына Кентау мен Шымкент қалаларының аумағын, оған Алматының тең жарты жерін қосқандай аумақ. Көз алдыңызға елестете беріңіз.

 

САТЫЛАТЫН ЖЕР КӨЛЕМІ - 17 000 км²

Аудан, қала аттары:          км²

ТҮЛКІБАС                       2 338

САЙРАМ                         1 665

ОРДАБАСЫ                    2 726

МАҚТАРАЛ                   1 769

ТӨЛЕ БИ                         3 151

ҚАЗЫҒҰРТ                    4 093

 

Кентау қаласы                 528

Шымкент қаласы           356

Жалпы көлемі:    16 626  км²

 

Қаншама телімнің тауарға айналатынын естігелі еліміздің әр аумағында қазақ жерін сатуға қарсы ниеттерін білдірген топтар құрылып, бейбіт митингке рұқсат сұрап, әзірленген азаматтардың саны күрт көбейе бастады.

 

ГЕРОЙХАН ҚЫСТАУБАЕВ, "Алаш жолы" қозғалысының мүшесі:

Жер кеткеннен кейін тәуелсіздік деген сөз болуы мүмкін емес. Сондықтан біз жерді қалайда қорғауымыз керек.  Мен ойлаймын рұқсат беретін шығар деп. 21 мамырда. 

 

21 мамыр күні республиканың барлық қаласында жалпы қазақстандық бейбіт шеруге рұқсат сұрап, жер сатуға қарсылығын білдіруге ниеттеніп жатқан  бұл топ жаңа құрылған "Алаш жолы" қозғалысының алматылық өкілдері. Астаналық белсенді Мақсат Ілиясұлының бастамасымен құрылған қозғалыс өз мақсатын "саудаға түскен жерімізді, шабуылға ұшыраған тілімізді, сарсаңға түскен жұртымызды қорғау мақсатында құрылдық" деп түсіндіреді.

 

МАРАТ УАТҚАН, "Алаш жолы" қозғалысының мүшесі:

- Ал егер біз осы жерімізден айырылып қалсақ, жеріміз бен бірге мемлекетімізден айырыламыз. Онда жаңағы күрестердің мәнісі қалмайды.

 

Қозғалыс мүшелері ҚР Жер кодексінің 3 тарау, 20 бабында көрсетілген талаптың күдіктерін күшейткенін айтады.

 

Онда «Республика аумағындағы жерге мемлекеттiк меншiк құқығының субъектiсi - Қазақстан Республикасы; Осы Кодексте белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жер учаскелерiне жеке меншiк құқығының субъектiсi - азаматтар және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар. Бұл ретте, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, азаматтар деп Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар ұғынылады» деп көрсетілген. Яғни "Алаш жолы" қозғалысының өкілдері, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ азаматтар жердің меншік иесі бола алатын болса, аукционға түсетін жерді де екінші қолдан сатып алады деген күдікте.

 

ТАЗАБЕК СӘМБЕТБАЙ, "Алаш жолы" қозғалысының мүшесі:

- ҚР жер кодексінің 20-бабында көрсетілген Қазақстанда түрлі мақсаттардағы жерлерді сату, жалға алу мәселесі, шетелдіктерге сату нақты көрсетілген.

 

Бірақ үкіметтегілер,  ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің бір миллиметрі де шетелдіктерге сатылмайды деп сенімді. Дегенмен шетелдік және азаматтығы жоқ азаматтардың иелігінде басқа мақсаттағы жер телімдері бар екенін жасырмады.

 

ЖАНАР ҚАРЖАНОВА, ҚР Ұлттық экономика министрлігі  Жер ресурстары инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы:

- Шетелдіктердің жеке меншік құқында 1464 жер учаскелері бар. Бұл үйлерге, құрылыстар ғимараттар, өндірістік немесе өндірістік емес мақсаттағы және  құрылыстардың маңайындағы жер учаскелері.

 

Ал "Алаш жолы" белсенділері, жер - тек шетелдіктерге ғана емес, жалпы ел азаматтарына да сатылуына түбейгейлі қарсымыз. Өйткені, оның себебі көп дейді.

 

ӘНУАР ШОТБАЙ, "Алаш жолы" қозғалысының мүшесі:

- Қазақстанның барланған байлығы жер асты 10 триллионға жуық. Барлаудан өткені ғана. Біз қарсымыз!

 

Дегенмен  жерді шетелдіктерге сату керек деп, Ауыл шаруашылығы министрі Мамытбековтің экс-орынбасары жерден жеті қоян тапқандай қуанып отыр.

 

 

МАРАТ ТОЛЫБАЕВ,Жеке кәсіпкер:

- Менің ұсынысым шетелдіктерге ашық ақшаға сату керек. Қазір шетелдіктерге тыйым салынса, олар ашық келмейді. Қазақтар арзанға сатып алады да, қосып пайдасын шетелдіктерге сатып жібереді.

 

Ал, жердің ешкімге сатылмауын қамтамасыз ету керек деген ұстанымда жүрген топ, бұл кісі айтып тұрғандай, жерді сатып, жыртығымызды жамау деген  - елдігіңді бірге сату деген сөз дейді. Ал жер саудаға шығарылатын аукционға қатыспақ түгілі, ол сауда басталмай жатып, жайылымының орнын сыйпап қалған  ауылдағы ағайын болса, сататыны бар екен, қарапайым елге осы күнге дейін жерді неге бермеді деп ашулы.

 

АМАНГҮЛ САЯХАТ, "Көкдала" ауылының тұрғыны:

- 49 жыл аренда болса алайық, бізге еш жер сатылмайды, Ақсеңгір халқына ортақ жер, малын қарап отырады деп алдап келді.

 

Жер аукционға түспей жатып, жайылым іздеп сабылған елді, ешқашан малының өрісін ор қазып, қоршап қоятын қылығы жоқ қазақтың  оғаш әрекетін  көргенде, 1 шілдеден кейінгі даудың ушығуы  қәзірден-ақ байқалып тұрғандай. Сондықтан елдің әр өңірінде жерді сатуға қарсы азаматтар қатары көбеюде. Әдетте мемлекеттік маңызы бар мәселе қоғамда үлкен дау тудырғанда, халықтың даусына салынады.  Республикалық референдум туралы заңның екінші бабында "Референдумның талқысына:  1) Республика Конституциясын, конституциялық заңдарын, заңдарын қабылдау, оларға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу;  2) Республиканың мемлекеттiк өмiрiнiң өзге де неғұрлым маңызды мәселелерiн шешу қойылуы мүмкiн" делінген. Яғни мұндай үлкен көлемдегі жерді сатпас бұрын, халықтан сұрап, референдум өткізілуі керек. Өйткені, ел бекер дүрлігіп жатқан жоқ.

- See more at: http://31.kz/video/show/id/12620/show/ib#sthash.xhLl8vIs.dpuf

Поделиться: 

Добавить комментарий

Filtered HTML

  • Адреса страниц и электронной почты автоматически преобразуются в ссылки.
  • Разрешённые HTML-теги: <a> <em> <strong> <cite> <blockquote> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Строки и параграфы переносятся автоматически.

Plain text

  • HTML-теги не обрабатываются и показываются как обычный текст
  • Адреса страниц и электронной почты автоматически преобразуются в ссылки.
  • Строки и параграфы переносятся автоматически.
CAPTCHA
Подтвердите, что Вы не робот.