ВЕРНУТЬСЯ

             Гулрухсор Сафиеваға

             «Қара көз, қара кірпік, қара бұрым -

Мен қазақ қыздарынан табар ұғым.»

Дедің де, қиылдырып бояп бердің

Иілтіп екі қастың аралығын.

Қара қас болғанымды қалап едің,

Ерінбей қара сүрме жаға бердің,

Тәжікке ұқсатқың-ақ келіп тұрды,

Бірақ мен сол қалпымда қала бердім.

Көрсеттің алма, жүзім бағы ішін

Көңілін жақсы достың табу үшін,

Ал менің одан сайын үдей түсті

Өзімнің кең далама сағынышым.

«Ат табам таудан елік қусаң» - дедің,

«Бетіңді ақ бұлақ бар жусаң» - дедің.

Кешір дос, жүрегімді сәл қысып тұр,

Ауасы ыстығырақ Душанбенің.

Дедің «мен қол ұсынсам алам Айды,

Мұнда ешкім бетіне ақын қарамайды.

Көресің біздің жерде тәжік халқы

Қыздардың таланттысын бағалайды.»

Досым-ау, сонша неге мазаландың,

Дедің бе сағынышты жаза алармын?

Өзгенің айналайын дегенінен

Артық қой шапалағы өз анаңның.