ВЕРНУТЬСЯ

 
  Жоғарыдан төменге 
Жүйесін тауып су ағар
Жазғытұрым болғанда,
Жердің бетін бу алар.
Күн жадырап, күн шығып,
Жан, жануар қуанар.
Жапырақтары жайқалып,
Ырғалы желмен шайқалып,
Түрленіп гүлдер қызарар.
Бұлбұлдар сайрап бағында,
Байғыздар тасқа ұялар.
Батырлар жауға шапқанда,
Қолына жасыл ту алар.
Найзасын қарға асынып,
Алмасын қанға суарар.
Палуан топта тұрғанда,
Балтырын түріп, болысып,
Ақ білегін сыбанар.
Алысқан жерден аударып,
Әлі келген жыға алар.
Қияға тартсаң, қайыспас,
Дулығалы құба нар.
Наз белдеу аттың тұяғы
Тасқа тиіп тұралар.
Екі талай жер болса,
Ердің басы сыналар.
Жесірдің қамын ойласаң,
Жетімнің қөңілі жұбанар.
Екі мұңды бас қосса,
Тарқатып шерін шығарар.
Жабырқап досың қайғыңа,
Дұшпаның сырттан сығалар.
Өнбейтін даудың ізінен,
Өспейтін жігіт қуалар.
Айбаты кетсе ауылдың,
Әдепсіз жұртта ажуаның
Жиналып басы құралар.
Амалын жұрттан асырған,
Ұрлығын еппен жасырған,
«Екі өсті - бір қой» деп,
Есебін тапқан сұм алар.
Жан кеудеден кеткен соң,
Жайнаған көзің жұмулы,
Ақша бетің қуарар.
Тіріліктегі істерің,
Қараңғы көрге кірген соң -
Бастан аяқ сұралар.