ВЕРНУТЬСЯ

"Ұлы көш" романы мені ала бөтен баурап алды. Айтар сөзді романның өзіме қатты әсер еткен қызықты жерінен бастағым келіп отыр.Әйелі, балалары тұрып, суық жолға жүрген жас жігіт сұлу келіншекпен төсек рақатын көріп жатқанда келіншектің күйеуі үстінен түсіп, ашу үстінде оны тартып тастайды. Тірідей қор болған Көпжасар әйелден де, баладан да айырылады. Соның дертін ащы судан алғысы келіп, әкесінің үйінен де безіп қаңғыбасқа айналады. Оның неге осы жолға түскені басқаларға құпия. Ал мұны тартып тастаған жігітті дәрі шөп қазып жүрген қытайлар өлтіріп, үйін тонап кетеді. Көпжасар жесір қалған көңілдесіне де жолай алмайды. Енді аңсары Қазақстанға ауып, Қытайдан кеткісі келеді. Ауылда бала кезінен бірге өскен сабақтасы Қанатқа "маған шекара аттауға қол ұшыңды бер" деп жалынышты болып жүреді.Көпжасар түсінде өледі. Мүңкір-нәңкүр дейтін екі періште көрге кіре салысымен сұраққа тартады. Аузынан шыққан сөздерін қалт кетірмей, қағазға тәптіштеп жазып алған екен. Сонан бір заманда бейіш пен тозақтың шекарасына апарады. Қанатты періштелер ерте заманның қаруларын асынып, айналасында мұздай қатып тұрады.Көпжасардың о дүниедегі тағдыры періштелердің қызу талқысына түседі. Біреуі ақтаушы, бірі қаралаушы көрінеді. "- Тірлігінде Құдай жолына адал болмаған. Ақ некелі әйелі тұрып оның көзіне шөп салған. Маскүнемдікке салынып, арақ-шараптың соңына түскен. Күнәсі тым ауыр. Сөзсіз тозаққа баруға үкім етілсін, - дейді қаралаушы періште.- Мен оған қосылмаймын. Бұл көзінің тірісінде ешкімге қастандық жасамаған. Қайта өзі қастандыққа ұшыраған. Озбырлық, әділетсіздікке жаны қас пенде болатын. Мұның күнәсінен гөрі арының тазалығы басым. Сондықтан бұның пейішке барғаны оң, - дейді ақтаушы".Екі періштенің айтысы ұзаққа созылады. Айналасындағы өзге періштелер де қақ жарылады. Осы кезде Көпжасардың тірлігіндегі күнәсі мен ізгі істері жазылған дәптерге жаратушының қолын қойғызып, тағы бір періште келеді. Үкімде әуелі Көпжасарға тозақты көрсетіп, пейішке апару айтылыпты."Біз - ұлт азғындарымыз. Басқалардан нені көрсек соны істегенбіз. Сол күнәміз үшін тозақтың азабын тартып жатырмыз", - дейді.Періштелер Көпжасарды тағы да тозақтың басқа өңірлеріне апарады. Ол жерде айдаһар, кесерткі, таз тауларды кеулеген қараңғы үңгірлерді көреді. Тірлігіндегі тойымсыз жемқорлар азғындап, жеті басты жалмауыз кемпірге айналыпты. Пенделер ұлтына, дініне, жынысына бөлінбепті. Тозақтағы азап та, пейіштегі рақат та шексіз.Енді бір жерде басы бөксесіне біткен, қасқыр пішінді пендені жыртқыш хайуандар талап жатады. Қанды іріңге батқан пенделдердің басы ғана көрінеді. Көпжасар солардың арасынан өзі кинода көрген Гитлерді кезіктіреді. Оның соңында мұрты едірейіп, кәдімгі ұлы көсем Сталин көзге түседі. Қытайдың ұлы көсемі Маузыдұңдың тоқалы Жаңшиңның да басы қылтияды."Күллі Қытай халқын екіге бөліп қырқыстырған, қан төккен көсемнің өзі еді ғой? Әділет қайда?" деген дау айтып, бажалақтаған әйелдің ащы зары естіледі."Дүниенің тең жартысын қанға бояған Шыңғыс хан тозақта неге жоқ? - деген ойға шомады Көпжасар. - Мүмкін жер бетіндегі тарихшылардың ол туралы таласы аяқтамай жатқанынан болар?" - дейді. Сол маңнан есірткі саудасын жасаған біреуді танып қалады."Бақи дүниенің адамдары жерге, мал мен басқа, қазына-мүлікке, ақшаға бола қан төгіп, соғыс бастап, сойқан шығармайды. Руға, ұлтқа,  қоғамдық топтар мен жіктерге бөлінбейді. Біздің арамызда тек қана қанағат, рақым, мейір, махаббат қана өмір сүреді", - деседі олар.Ұлы көсемдер пейіште де, тозақта да неге жоқ? Сүті арам, күші адал есек пейіштегі Қожанасырдың астында жүргені қалай? Қытайдың ұлы ойшылы Кұңзы пейішке кіргенде, көсем болмағаны қалай? Осындай сұрауларды жалғастыра беруге болады. Көпжасардың пейіш жаққа бейімделуінде қандай мән жатыр? Ал тозақта шайтан көрінбейді. Мүмкін ол мәңгі өлмей, алдамшылық пен екі дүниеде өмір сүре бере ме?! "Адам өлмейтін шайтан емес" деген халықтық нақыл жазушы қаламынан қайталай төбе көрсетеді.Жазушы сол замандағы қоғамды, әлеументтік жағдайды, ұлтымыздың басына төнген ауыр дертті, алапат қатерді жалпылама жалаң баяндамай, жеке адамның, ұрпақ жалғасты­ғын тағдырымен матастыра айтады. Сол арқылы адам образы терең ашылып жатады.Заман ауқымын, ел мұңын күйші Әшім қоңыр домбырамен қалай жеткізгенін, жазушы көркем тілмен алыстан орағытып айтады. Күйші де, домбыра да қазақ халқы болып, тіл қатады. Тіпті елдің арғы-бергі тарихы іспетті болып, сарғыш тартқан беттері парақталады. Бірімен-бірі ымдасып, қабақ қағысып, ой арнасы тоғысып кеткендей."Ақтоты әжей, әйнек қорап ішіне құлыптанған қолжазбаға әйнек сыртынан еңкейіп, екпеттей үңілді. Осыдан бір ғасырға таяу ілгері араб әрпімен жазылған жазу екен. Әжей соны соқалап оқи бастады.- Қазақтың жазуын қазақ танымаған сұмдық екен! Әр патшаға қараған қазақтың көрген күні осы-ау! - деседі.- Бар қазақ бір патшаға қараймыз, бір жазуға көшеміз десіп, атажұртты аңсап келдік қой, - деп Қанат Абай ескерткішіндегі жазуларды дауыстап оқып берді..."Басты кейіпкер Ақтоты әжейдің жүрегіне жылы тиген ұлағатты бабалар сөзі. Екі қазаққа бір қазақтың аудармашы болып жүргені, бір ғана қазақ ұлтының үш түрлі жазуды қолданып жатқаны жалған ба? Қазір де сыртта жүрген бес миллиондай қазақ қанша патшаға қарайды? Осы ащы шындықты Рыскелдиев романында бір оқпен екі-үш қоянды аңдып атады."Ұлы көштің" атамекенге оралған кейіпкерлерін Рыскелдиев енді Қазақстан тәуелсіздігінің бес жылдық тойына қатынастырады."Бұл той жайшылықтағы мәре-сәре емес. Қуаныш пен қасіреттің тоғысқан тойы. Ұлт-азаттық  көтерілісінің  сексен  жылдығы, "Желтоқсан оқиғасының" он жылдығы, Қазақ елі тәуелсіздігінің бес жылдығы, Қазақ мемлекетінің ірге тасын қалауының бес жүз қырық жылдығын тойлағалы отырмыз..."Осы тойда Сансызбай қажының шетелге шілдей шашылған ұрпақтарымен Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қан­дастары бас қосады. "Желтоқсан оқиғасында" түрмеге түсіп, жындыханаға қамалған Гауһар да келіп шер төгеді. "Желтоқсан оқиғасы" жазушы қаламынан өзіндік бояуымен оқырманның көз алдына келеді.Жазушының "ой ағысы" олай-былай шалқи қалықтап барып, Іледегі ұлт тағдырын ойлап, көтеріліс жасауға бел буған ер-азаматтың басын қосады."Ұлы көш" романының оқиғасы шытырман, оның бәрін жіктеп айтып отырудың қажеті аз. Қызайдың елбасы Махсұт, ақыны Таңжарық бастаған алашшыл арыстардың түрмедегі азабы, жан дүниенің қопарылысы, түрме өмірі - қайғылы да, қызықты хикая тәрізді.Романда дүниеге тарыдай шашылған қазақтардың тап болған тағдыры мен атажұртта қалғандардың басынан өткен кешулері қазіргі тәуелсіз Қазақстанның хал-жағдайы ел өмірімен сабақтасып жатады.