ВЕРНУТЬСЯ

Алматыға қайта оралған соң, Сансызбай қажының Америка, Германия, Түркия, Ираннан келген үрім-бұтағы ұзақ тұрмай қайтып кетті. Ақтотының Қытайдағы жалғыз інісі Мәдияр мен қайнысы Маралбай ғана екі айдай аялдап, жақында аттанған. Оларды енді көремін бе, көрмеймін бе деп әжей өксігін тыя алмай, қатты жылап қалды. Абай тойының арты жиыстырылғанша, Қазақстанда тағы бір үлкен тойдың төбесі көрінген болатын. Сол тойдың да болғанынан боладысы қызық болды да, Алматы талайдан бері қанжілік қарбаластықта қалды.Тоқсан алтыншы жылдың желтоқсаны да жетіп келді. Қанат базардан келісімен, оны асыға күтіп тұрғандай, телефон шыр ете түсті. Әлқыдыр екен:- Ертең Республика алаңында өтетін тойға баратын шығарсыздар? Бір күндік сауданы құрбандыққа шаларсың?...- Барамын ғой. Бірақ, емшекте бала бар, Маңлықтың жайы келмейтіндей.- Ай, Қанат...- Ау, естіп тұрмын.- Бұл той жайшылықтағы мәре-сәре емес. Қуаныш пен қасіреттің тоғысқан тойы. Біреу емес, бірнеше той бірге өтпек. Ұлт-азаттық көтерілісінің сексен жылдығы, желтоқсан оқиғасының он жылдығы, Қазақ елінің тәуелсіздік алғанының бес жылдығы, Қазақ мемлекетінің ірге тасын қалауының бес жүз қырық жылдығын құттықтағалы отырмыз емес пе?- Я, ол түсінікті Әлқыдыр аға. Радио да, теледидар да ауыз құрғатпай айтып жатыр ғой. Кәрі кісі, жас баланың жағдайын қайтеміз?- Жағдайды қайырып таста. Ертең Республика алаңында­ғы Қазақ елінің тәуелсіздік мұнарасы биіктейтін күн бүгін. Жат жұрттың суық бауырында өгейлік көрген халықтың сексен жылдық шерін төгеді. Тәуелсіздіктің құдіретін танытып, жалпақ әлемге әйгілейді! Әжей мен Таңжарықты да тастамаңдар. Жабыла ие болармыз. Біздің үйдегілер түгел барады,- деп еді Әлқыдыр. Қанат досының көңілін қимай:- Жарайды. Бәрін де апарайын,- деді. - Кездесетін аялдаманы да келісіп алайық.- Жарайды. Абай мен Әуезовтің қиылысы.Сол күннің ертеңінде екі үйдің адамдары табысқан соң, Ақтоты әжей мен Сұңғыланы жетектеп, Таңжарықты Қанат пен Маңлық кезек-кезек көтеріп, Республика алаңына қарай бет түзеген. Құмырысқадай қайшалысқан қазақтар иін тіреседі. Жол тауып жүру де қиын екен. Қабат-қабат қарауылға тұрған әскер-сақшы. Бәрі де мұздай қаруланған. Олар да үргілжің қазақтың қара домалақ жігіттері. Соларды көре салып, Ақтоты ішінен: "Баяғыда... баяғыда..." дей берді. Баяғы он алтыншы жылғы оқиға есіне келгендей. Сондағы ақ патшаның әскер-сақшылар ылғи орыс болатын. Қазір де көз алдында тұр. Әжей бала кезінде көргенін әлі ұмытпапты. Әйтеуір Әлқыдыр кимелеп жүріп, бұзып-жарып жол бастады. Арнайы ұсыныс арқылы шақырылғандар болмаса, Қазақстан азаматы еместерді, алаңдағы жиналысқа кіргізуге рұқсат етілмейді екен. Бір көрімі Қанат пен Маңлықтың азаматтық паспорты шыққан. Ал әжейді қайтер екен? Қолында ықтиярхат қана бар. Әлқыдырдың балалары ересектеу. Ауаша болса, әжей де аса таяғына сүйеніп, өзі жүре берер еді. Адам теңізінің толқыны қағып кетсе басы жерге жетіп отырған өлмелі кемпірді кусетіп алмаса де. Біреу басып-жаншып кетпесін деп, Сұңғыланы да әкесі мойнына мінгізіп алды. Таңжарыққа Маңлық, әжейге Әлқыдырдың әйелі ие болды. Олар әрең дегенде, алдыңғы қатардағы адамдардың қасынан орын алған.- Айналайын, қазағым-ай! Айғай шықса тайлы таяғы қалмай, атқа бірге қонатын мінезің бар-ау! Астана-Алматыны бүгін бір сұраған екенсің...- Қазақтан өзге ұлттар бұл күнді тойламай ма екен?- Қазақтың қасіретіне ортақ болмағандар, қуанышын әйгілемейді ғой...Ақтоты айналасындағылардың күңкіл-сүңкіл сөздеріне онша құлақ қойған жоқ. Алматы аспанын ән мен күйге бөлеген әнші-күйшілердің қайда тұрғанын көре алмай, жан-жағына жалтақтай берген. Желтоқсан зары, әнмен де айтылып жатыр. Тәуелсіздік мұнарасының ұшар басындағы қанатты аттың үстінде қаруын серт ұстаған алтын адамның батыр тұлғасы барша жанға: "Қазақ елінің қас батырымын! Елімді, жерімді қорғау жолында қанға - қан, жанға - жан беруге әзірмін!"дегендей айдын танытады.Бір кезде жанартау атылғандай "күрс" еткен ұланасыр жойқын дүмпу шықты. Абайсыз тұрған әжей де, бала-шағалар да селк етіп қалған. Тойдың салтанатына атылған салют екен. Соның соңынан іле-шала Қазақстанның мемлекет әні орындалып, қазақтың тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сөз берілді. Алаңға сыймай, тұс-тұстан ағыл-тегіл ақтарылған Қазақтардың «қара теңізінің« толқыны тына қалды. Жым-жырт үнсіз алаң ойға батты.Теледидарда күнде көріп жүргенімен, елбасының дидарын, Ақтоты әжейдің өз көзімен анықтап көргені Абай тойында еді. Амал қанша! Алыстау тұрған. Осы жолы жақыннан көрді. - Патшаға лайық жаратылған жан екен-ау! Халықтың бағын аша гөр!- дейді қарт ана бәсең үнмен өз алдына тілеу тілеп.Назарбаевтың сөзі ұзаққа бармады. Тәуелсіздіктен енді айырылмау, елдіккке, ерлікке сын екенін баса айтып, көкірегіне қолын қойып тұрып, халқына басын иіп, тағзым етті. Дүркіреген шапалақ үні ішінде, алыстан құйрығын бұлаңдатқан түлкі тектес әлде нендей хайуанға көзі түскен сары бүркіттей саңқылдап алып, орнына қомданып отырған елбасынан Ақтоты ұзаққа дейін көзін алмады. "Маңдайы кең, нұрлы екен... өмірі бақытты өтетін адам ғой..."- деп оның тағдырын іштей жақсылыққа жорып тұр ана.Осыдан соңғы сөздердің тобықтай түйіндері де қазақтың басынан кешкен ащы зар, азабы мол жан жараның тыртықтары, бүгінгі қолға келген тәуелсіздіктің қадір-қымбаты, осы қасиетті бойтұмарды қалай сақтау туралы ұлтымыздың мойнындағы борыштары тілге тиек боп жатты. Өткенге өкініш те, кек те, садақа, салауат та бар соның ішінде.Қазақ елінің көк туын тулата желбіретіп, батыстан жел тұрды. Долы әйелдің шашындай қобырап, көкжиектен көтерілген қара қошқыл бұлт түте-түтесі шығып, түнеріп келеді. Қыстығып, шерін шығарғысы келгендей. Оның өксік жасы да тамшылай бастағандай боп, сіркіреп жаңбыр жауды.Әу баста, ақ боз, арада қан жирен соған құйрық тістесіп, мақпал қара қаз мойын, қамыс құлақ, әдемі арғымақ аттарға мінген әскери парат басталды. Соның соңынан көлденең көшені бойлап, автомат, пулемётпен қаруланған әскерлерді алып, автомобильдер жосыды да, Республика алаңының жүрегін дүрсілдетіп, шынжыр табан жүйрік танкілер жүйткіді. Адам шошитын айбынды, сұсты соғыс қару-жарақтарының бірталайын Ақтоты өмірінде көрмеген екен. Көктен көлбей жауған жауынды қылыштай қырқып ұшқан қырғи ұшақтар Алматы аспанына қара қарғадай қаптап кетті. Соған іле-шала ұзаққа ұша алатын катюшалар атқан оқтай зуылдайды. Өз елінің осыншалық қуаты бар екенінен онша хабары жоқ біреулер:- Мұның бәрі Кеңес үкіметінің дүниелері шығар? Жұртына тастаған.- Қайдан, кімнен қалса да, Қазақстандікі ғой. Оңай емес екенбіз...- Ел болайық деп қалғандаймыз...Күңкілдесіп, күбірлесіп тұрғандардың қатарында, қытымыр, қызыл шал Дулатқан да тұр екен. Қытайдан Алматыға алғаш көшіп келгенде Қанаттың отбасына үйінің бір бөлмесін жалға беріп, құлағынан қиқу қоймаған жайын жақсы білетін Ақтоты, оны иттің етінен жек көретін.Ол екі қолын сабалап, әлде нелерді айтып тұр. Қызыл қоңыр балшық беті сазарып, бурыл мұртының астынан сілекейі көбік шашып, көзінің көгілдір тартқан ағына қан тола түседі де, сона жабысқан өгіздей, айналасына алая қарайды.Қотарыла жөңкіген күздің бұлты, алабына мұнарлы перде жапты. Жаңбыр суының асфальт көшені жуып-шайған лай шалшық ағыны аяқтың астынан еңіске қарай жосып жатыр.Күн райына қарап, Қанаттар екі қолшатыр алып алған. Әжей мен екі үйдің балаларын соның астына паналатып, басқалары нөсерге амалсыз тоғытылып тұр.Алланың нұры ғой! Жаусын...- "Желтоқсан оқиғасы" құрбандарының көз жасы шығар?!- Ұл-азаттық көтерілісінің шейіттері ші?!Республика алаңына жиналған қарақұрым қалың жұртты, дауыл да, нөсер де ыдыратып, жігін жаза алмастай қып, жұдырықтай жұмылдырған бір керемет күш бар сияқты. Соның тәуелсіздік мұнарасы да қан мен жастан құйылған құрыш көкірегін кереді. Жиналған көптің төбесінде, көксұр аспанды астарлап, батыстан шығысқа қарай қанатын жайған сұр бұлттар жосиды. Жел айдап ыдыраған шоғыры жиылып кеп, Алматы үстінен көлбей өтіп, бұлт қанаты астынан от қылышын ойнатқан найзағай жарқ етіп қалды. Бір заман ол ирек күміс кестеге ұқсап, соңы шұбатылып барып, ғайып болады. Биікте соққан боран бұлтты бейне бір қақ жарғандай. Оның қойнауынан нөсерін төгіп жіберген жел жаңбырды көлбетіп, ақша толқындарын Алматы көшелеріне селдетіп тұр. Шаң-тозаңнан жуып-шайып, қаланы ұйқыдан оятып тастағандай.Алаңдағы адамдардың көңілі көтеріңкі. Көздері шырадай жайнаған. Тәуелсіздіктің нұрына шомылғандай боп, ақ жаңбырдың астында қутыңдасқан құрбылар жадырап, жайтаң қағады.Өткінші нөсер онша ұзаққа бармай басыла қалды. Жиналыстағы елдің алды тарап, алаңдағы адамдардың иін тірескен шоғыры жазыла бастаған еді. Қуанышты жандармен бірге жандай шапқан, біраз кірбең кісілер де бар көрінеді. Солардың арасында өзгеше көзге түскен тағы да Дулатқан шал. Оны мазалаған дауы: "бүгінгі кешегіге жетпейді. Отқа қарап жер сүзіп қалдықтан" басталады. Бүгінгі ұланасыр той күні де, сол дауды сабап, қоқсып жүргендей. Күнге күйіңкіреген, күрең түсті маңдайы термен бусанып, қып-қызыл жүзінде аясы кеңейген, ашулы, қанталаған көздері сондай қаһарлы құмарлықпен, егерге құныққан сыңай танылады. Ол жоқ болса алаңдағы жиналыс ашылмай қалатындай-ақ, немесе бірдеңе бүлініп кеткендей жұлына жұлқынып қояды. Көзіне бүгін де ештеңе көрінбей тұр. Әлде нендей ересен ерлік, сүйкімділік өзіне ғана тән сияқты. Оның жүрегіне, бүгінгі заманға мейірімсіз өшпенділіктің қаны қатқан, үлкендігі сәбидің басындай қоңыр жұдырығын түйіп алып сұмдық ашумен сермеп қояды. Алаңның шетіне таман барып, ішіп-жем сатқандарды төңіректеп тұр. Аяғының астындағы құмыраның сынықтары, мүжілген ұсақ сүйектер, шылым тұқылдары, тапталған газет жыртықтарына қарап та, екі қолын ербеңдетіп сөйлеп кетті. Үнемі көріп жүрген осындай таныс жерлерге мұңдана көз жіберіп, күйіп-пысады.- Тікенекті қара бүлдірген ылғалды жерді қалың шырмап алады. Әсем ағаштардың басына қара қарғалар мен сауысқандар ұя салады,- деп сарнап келеді.Оңашалау бір қалтарыста сексеуілдің отына жаужүрек пысырып жатқандар да бар екен. Жаңбырдан соңғы азынаған жел есіп, жалынды шалқыта, ала күйік шалаларын үрлеп, алқызыл жапалақ алауларын ала қашып әкетіп жатты.Қанат пен Әлқыдырлар балалармен әжейді ауашаға тынықтырып, сусындатып алғалы осы араға келе қалған. Дулатқанның қасында ұзын бойлы, кесек мұрынды қара сұр келіншек жүр екен.- Қызыл шалдың қасындағы әйелді танимысың? - деп еді Қанат.- Танымағандашы. Өзінің әйелі оның. Жақында үйленіп алған,- деді Әлқыдыр. - Бұл келіншек бір жап-жас жігіттің әйелі болатын. Күйеуіне қыжал мінез көрсетіп, қысып-қымытып ұстайтын. Қытымыр, ас пен дүниеге көзі тар, қолы сараң жан еді. Тегінде зілді, зәрлі болатын. Соның аяғынан күйеуімен келісе алмай ажырап тынған.- Енді ерге жарыған екен. Екеуінің мінезі сай келіп, баиитын шығар. Қытымырлық қызыл шалдан аспаушы еді. Көрім болыпты...- Әлгі біздің жерлесіміз Тұнғатты да көптен бері көрмедім. Осы шалға күйеу бала болғалы бізден қашқалақтап жүр.- Келіншегі сұлу емес пе?- Менен қызғанып жүрген болды да? Әлеке, өзіңізден қалай екен?Әлқыдыр мен Қанаттың әзіліне келіншектері де қосылып, бұлар өздерінше бір дуылдасып алды. Ақтоты қызыл шалдың қызы Батиқанды көрші отырған кездері өзгеше жақсы көретін. Оның әйел затынан бөлекше сұлулығына жарасқан жібектей жұмсақ мінезі, кімде-кімге болса да сүйкімді сезілетін.Дулатқан шал жап-жас келіншекпен үйленіп алғанын көргенде Ақтоты қайран қалды. Өң-форымы ірілеу, еркек пішінді болғанымен, шалдың өз қызынан да жастау байқалды.Аралары жақын тұрғандықтан, Дулатқанға аман-сәлем жасамаса тағы бір аяқтамас дауға қалады. Соны ойлап, Қанат пен Әлқыдыр қызыл шалға қарай жылжуды жөн көрген еді. Ол да, Ақтоты әжейді көріп, қарама-қарсы жүрді.Дұшпан көзі болса да, көне көршілеріне қалбалақтап амандасып, ол да жалбалақтап қалды.- Үйің құтты болсын! Тойыңа шақырмадың ғой?- деп даудың шетін әжей шығарып еді.- Сіздер де Қанаттың туылған күніне арнап, мейрам­ханада өткізген тойға елеп-ескермеген соң, біз де шалқая тұрайық дедік. Еңкейсеңіздер иілетін едік, - деді ол да.- Кім біледі. Балаларыңыз тойға келген. - "Даудың басы Дайрабайдың қызыл сиыры" дегендей, тойға шақырылмаудан басталған өкпе назды, қызыл шал қыздыра түсті:- Осы біз жанымызды баға алмай жатып, тәуелсіздік алдық деп неменемізге бола шошаңдай қалдық? Назарбаев өзі не деп тұр бүгін?- Не деуші еді? Тәуелсіздіктің қадіріне жетуді айтты. Елді берекеге шақырды. Одан артық не деуші еді? Осы алаңды қанға бояған "желтоқсан оқиғасының" құрбандарына құрмет білдірді,- деді, тегінен қызыл шалды қыртысы сүймейтін Әлқыдыр.- Елді берекеге шақырған адам, тойды жалғыз қазаққа жасап, жиналысты қазаққа ғана аша ма екен? Орыстарды, өзге жұртты неге молынан шақырмайды?- Сіз бен бізді қашан Назарбаев шақырыпты? Әлде сізге арнайы шабарман жіберді ме? Бәріміз де теледидардан естіп келдік қой. Орыстарды қолқалап әкелмекші ме екен?- Па, мынаның айтып тұрғанын қарай гөр! Деген ұлтшылдың өзі екенсің. Одақ кезі болар ма еді. Қайтер екен?!...- Арманыңыз сол ма? Қара топырағын қанға бояп, еліңіздің алған тәуелсіздігіне риза болмай тұрсыз ба?- Тәуелсіздік не мұратқа жеткізді? Пенсияға жарыма­ғанымыз ба? Иесіз қалған бұралқы ит ұрлық жасап, өлмес тірлік етеді. Осы күнгі адамдардың күні белгілі. Тәуелсіздіктің қарқ қылғаны сол ма? - Кеңес Одағы қанша қазақты түрмеде шірітті? Қанша­сын аштан өлтіріп, басын алды? Нешеуін ит жеккенге жер аудартты? Кешегінің жақсылығы сол екен ғой? Желтоқсан оқиғасы кезінде мына алаңды қанға бояған кім? Төгілген кімнің қаны? Мұсылманшылық - қаза көрген халыққа рақымшылық етуді парыз етеді. Сонда қайда қалып едің? Дулатқан шал мойнын сырт қайырып, қолындағы тақиясын қайта киіп, қызарақтап тұрып қалды. Әлқыдыр сөзін тағы жалғастырды:- Көзіміз көрмесе де, көре қалған көне көздерден, ұлы дала тарихынан естіп, оқып жатырмыз. Жиырмасыншы, отызыншы, қырқыншы жылдар жылап өтпеді ме? Кең даласында ен жайлаған іргелі ел одақ тұсында не боп кетті? Жаз жайлауда, қыс қыстауда арқа-басы кең елдің ірге тасы бүтін, белі бекем еді. Жұт пен жоқшылықты, ашаршылықты әкелген "кеңес" емей, кім? Қолындағы малын тартып алған соң, сояр, сатар, киер, баспанасы да соған қараған елдің, алдағы бар талшығынан айырылғаннан кейін не болмақ? Көшпелі көп жұрттың панасыз, қорғансыз қалғаны осы мезгіл емес пе? Ел тірлігінің барлық қайғылы халы, қанмен жазылған тарихын оқымайсың. Естісең де, есіңе алмайсың. Сенің арың ел мұңы емес, ақша ғой.Әлқыдыр, қызыл шалды әйелдің көзінше жерден алып, жерден сала бастап еді. Кесек мұрынды, қара сұр келіншек Дулатқанды дедектетіп, іліп ала жөнелді.- Жүр былай. Өзіңнің балаң құралпы жігіттен жерден ауыр сөз естіп, кеңес-пеңесте нең бар еді?- деп еді. Қызыл шал Әлқыдырды көзімен жеп қоя жаздап, жалтақ-жалтақ артына қарап қойды да, кете барды.- Мына шалға, қара келіншегі татымаса, басқаның сөзіне қылшығы қисаятын емес қой.- Өлетін өгіз - балтадан тайына ма?Дулатқан мен Әлқыдырдың дауына тұс-тұстан бірталай қазақтар жинала бастаған. Енді Республика алаңының әр жерінде басқосқан шоғыр көбейіп, "желтоқсан оқиғасының" шерін төгушілер микрофонда саңқылдап, сайрай бастады. Солардың қатарында, Әлқыдыр араға түсіп, ажалдан арашалаған Гауһарда бар екен. Оңғарсынның үлкен ұлы Баймолданың баласы Жанұзақ, Алматыда өтетін жиналыс­тың хабарын ұғып, ұзатылған қызына Семейден кісі жібер­ген. Гауһар сонау Шыңғыс тауының бөктерінен әрең үлгіріп, алаңға жиналыс басталып жатқанда келген болатын.Бүгінгі республика алаңындағы адам теңізі соншалық, біреуді-біреу тауып алу, кездесу кездейсоқ болмаса, мүмкін емес. Бірге жүргендердің өзі, аттам жер ажырап қалса адасатындай еді. Адам сәл саябырлаған кезде ғана, кім бар, кім жоқ? Айналасын байқай бастаған бәрі де.Бір тілшінің микрафонын қолына ұстаған, бүйрек бетті, әдемі, қара торы келіншек "желтоқсан оқиғасының" шерін төгіп жатыр. Тыңдаған адамның сай сүйегін сырқыратады. Ол Жамалбектің келіншегі Гауһар болатын. Осыдан он жал бұрын Алматы көшелерін Қазақ жастарының қанға бояп "желтоқсан оқиғасы" салған жүректегі жарақат жазылар ма?! Сол сұмдығы мол, қаһарлы күндерден талай жастың денесінде тыртық, көкірегінде шер шемені қалған емес пе?! Соның зар-наласы, өксікті өлең-жыры, мұңды сазы кеңістікті кернеп кетті...Сексен алтыншы жылы, желтоқсанның он сегізі. Бұл күндер Гауһар, Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық университетінің бірінші курсында оқитын студент. Он алтыға енді келген уылжыған жас қыз еді.Көшеден тұтқиыл айғай-шу шықты. Гауһар үшінші қабаттағы кластың терезе тұсындағы партада отырған. Шұрқан шыққан жаққа мойнын созып қарады. Көше бойында топ-топ қыз-жігіттер үріккен жылқыдай ұйлыға топтасып, қораланып, қолдарын сермеп, әлде неге ашу шақырған бейне байқатады. Бірақ олардың не айтып, не қойғаны анық естілген жоқ. "Қонаев, Колбин" деген есімдер ғана аталады.Бұл күні бір сұмдықтың боларын Құдай оған сездірді ме екен? Жүрегі зу ете түсіп, өз-өзінен көкірегі қысылған. Сол көзінің асты тартып, талайға дейін тоқтамады.Көшедегі айғай шуға көңілдері елігіп қалған студенттер түстен бұрынғы сабақ аяқтай бере, түгел дүркіреп көшеге шықты.- Республика алаңы жаққа жүріңдер. Жиналыс болып жатыр.- Ұлтымыздың тағдырына қатысты, маңызды жиналыс,- деседі көшеге шоғырланғандар.Сабақтан тарап, үйлеріне қайтқалы тұрған студенттер:- Жүріңдер, барсақ барайық.- Не жиналыс екен? Ұғайық, - десті. Осы дүрмекте Гауһар да солардың қатарында болған. Олар алаңға жақындағанда, Фурманов көшесінен Республика алаңына қарай ағылған қалың адамды көрді. Дабырлаған дауыстары ашулы, айдынды шығады. Соның арасынша бірнеше қыз-жігіттер алаңдағы мінбеге шығып, біреуі сөз алды. Алаң ұйыған сүттей тына қалған. Әскер-сақшылар да алаңдағы лықсыған қалың адамның арасына сынадай сіңіп, бұзып-жарып, кеулеп кетті. Түстері суық ызғар шашып, терілеріне сыймай тысыраяды. Онша ұзаққа бармай, алаңды айналдыра қоршап алды.Көңілдерінде ештеңе жоқ жиналған жұрт әлі де алаңсыз болатын. Гауһар қасындағылардан қамшы салым ілгері шыға қалған екен. Еңсегей бойлы, алпамсадай сақшы жігіт оны білегінен шап беріп ұстай алды да, дедектетіп сүйрей жөнелді. Соңындағы қыздар арашаға түскен-ді. Сақшылардың тағы біреуі киліге кетіп, қыздарды кеудесінен итеріп, кері шегіндірді. Қарап тұрып қаны қайнаған Әлқыдыр олармен мектептес болмаса да, араласпай қалуды ары көтермеген.- Ай, ағайындар! Бұларда не жазық? Ештеңені бүлдірген жоқ қой?- деп Гауһарға таласа кетіп еді. Сол-ақ екен, соққының көкесін өзі көрсін. Қарулы сақшылар қаптап кетіп, оны қанжоса қып есеңгірете ұрып соқты. Қыздарды шаштарынан сүйрелеп, тепкілеп, өлмеші қып машинаға басты. Әлқыдыр айналаға көз жүгіртіп еді, жалғыз бұлар емес, алаңның әр жерінде осындай шу-шұрқан басталып кетіпті. Қара нөпір қарулы әскер, сақшылар қарусыз студенттерді қанжоса етіп, ащы айғай, аттан Республика алаңын басына көтерді.Мұндай сұмдықты туада көрмеген жас қыздар мен балауса жігіттер өмірлеріне төнген қатерге қарамастан, ар-намыс, әділет алдында, бастарын бәй тіккен сияқты.- Қазақстан - қазақтікі! Өзін-өзі басқарсын!- Колбин Ресейге қайтсын!- Қонаевтың орнына қазақ қойылсын! - деген ащы айғай, көтеріңкі дауыстар көшелерді ұлар шуға бөлеп, Алматы аспанын кернеп кетті. Әлқыдыр Гауһарларды басқан машинаның үстіне желілі тұзаққа түскен шілдердей торға матап, қыз-жігіттерді үйме-жүйме қып тастап жатыр. Тордан шығуға әрекет еткендерді аяқпен теуіп, таяқпен соғады. Бір сақшы Гауһардың шашынан қайыра тартып, шапалақпен осып- осып жіберген. Әлқыдыр оған ашынғанынан:- Ей, сен де қазақсың ғой? Қандасың, қарындасың емес пе?! "Бөрік кигенннің- намысы бір" деген аталы сөз қайда?- дегені мұң екен, өзін де өлмеші қып, тепкілеп, тізелерімен нығарлап, үнін өшіре салды. Өңі ме, түсі ме? Талықсып кеткен Әлқыдырдың есі кіресіл-шығасыл еді. Гауһармен бірге кетіп бара жатқан қыздар, біріне-бірі сыбырлап:- Аты-жөнімізді жазып, көшеге тастай берейік. Біреу болмаса, біреу бізден хабардар болсын...- Сөйтсек сөйтейік... - деседі.Тордың арасынан аты-жөндері жазылған қағаздар шиыр­шықталып, әр жерде көбелектей қалықтап ұшып көшеде қалып жатты.Қан қасапқа апара жатқан қосақтағы қойдай боп, көген көз студенттер: "не болады күніміз?" деп еді. Бұларды басқан машина айналасы темір тормен қоршалған, ұлкен қара сұр қақпалы бекінісі қамсыз аулаға кірді. Қарама-қарсы салынған жатағандау үйлердің біріне жігіттерді, біріне қыздарды қораға қамаған қойдай нығарлаған екен. Әуелі еңсегей бойлы сақшы жігіт Гауһарды алып кетті. Бір кезде ол ботадай боздап, қайта келді. Оған үрке қараған қыздар:- Не қорлық көрдің?- Тағы таяқ жедің бе?- деп еді. Гауһар қыстыға жылады.- Жаңағы дойсал орыс сақшы: "Маған көн. Әйтпесе, атамын!" деді. Мен: "атсаң ат!" дедім. Бір қазақ әскер үстімізге кіре қалды... Әйтпесе...- Мына хайуандар қайтеді?! Өзге көргеніміз аз болғандай...- деп есін әрең жиған Әлқыдырдың қаны қарайып, шиыршық атты.Бұлардың камераға сыймаған бір бөлімін басқа жаққа ала қашқан. Өлім мен өмір тайталасып, еркіндік, әділет аяққа тапталған сын сағатта кімнің ұлтқа жанашыр, жақын, кімнің жатбауыр жау екені екшеліп, ара жігі ашыла бастағандай.Әлқыдырға түсі таныстау, қара домалақ қазақ әскер оның құлағына етті, әрі кеберсіген еріндерін жақындатып:- Біз жоғарының бұйрығын атқарып жатырмыз. Солдат деген қашанда қылыштың жүзінде тұрады... Қарсыласудан пайда таппайсыз,- деді, бір ебін келтіріп.Аңқалақтаған адуын машина тағы бір тасадағы қара қоңыр қақпаның қарсы алдына әңіреңдеп келіп тоқтаған. Мұнда да қолды болған студенттерден өзге ересектерде бар екен. Камераның іші-сырты бет-аузы қызыл ала, жаралы жандар. Қан қасаптай жалаңдаған әскер-сақшылардың дені орыстар. Олардың түсі тіпті өзгеше сұсты. Көкшіл көздер көк түтінденіп, тұтап тұр. Өмір олар үшін ойыншық. Адам жаны тышқанның өлімінен де әтуерсіз көрінеді."Бұл сорлыларға да жоғарының сойқан сұмдық бұйрығы қынынан суырылған қылыштай жарқылдап, желкелеріне төніп тұр-ау, е?!."- дейді Әлқыдыр іштей сөгіліп.- Аға, сіз мен үшін отқа бекер түстіңіз ғой. Обал болды-ау!- деп, Гауһар арада ақырын ғана тіл қатып қалды.- Бұл иттер обал-сауапты біле ме?!... Ұлт сатқындары да жандайшауып жатса...Камерадан орын шықпай, ұсталғандарды шетінен қинап, сұраққа тартып жатқан сияқты. Әр бөлмеден шыңғырған адамдардың азабын алыстан естіген жас қыздардың жаны мұрнының ұшында тұрған. Тұла бойы түршігіп, жүректері шошына шым етіп қалады. Әйтеуір қатарға қарадай ілесіп қалғандардың да, көкесіне көрсетіп, "күнәсін" мойындаған. Кейбіреулерін қолын қойғызып, босатқандары да бар көрінеді. Оларды ешкімнің бетіне тура қаратпай, қайтарып жатыр.Әлқыдырды абақтыға қарай ала жөнелгенде, қасындағы қыздар еңіреп жылап, ботадай боздап қалған. Гауһарды сонан қайтып көре алмаған. Ол байғұс қызға жазықсыздан-жазықсыз нендей азап көрсетті? Жаны қалды ма, қалмады ма? Сонан қайтып Әлқыдыр хабарсыз қалған. Өзін абақтыдан ауық-ауық шығарып алып, тергеушілер сұраққа тартады.- Заңсыз митінгіні кім бастады?- Білмеймін.- Мақсаттарың не еді? Қонаев не деді сендерге? Артқы тіректерің кім? - Біз Қонаевтың жоғын жоқтамадық. Колбинді де танымаймыз. Қазақққа - қазақтан секратар болуға біреу шықпады ма? Не үшін орыстан қойылады? "Әр ұлт өзін-өзі басқарсын" деген Лениннің саясаты бар ғой? Студенттердің талабы да сол емес пе?- деп Әлқыдыр міз бақпады.Әлқыдыр абақтыда жатып, оңашада ойға шомды: "Бұның аты не? Елдік пе? Ерлік пе? Далалық еркіндік пе? Әлде тобырлық, әулігу ме? Бұл бұлқынудың артында не жатыр? Бірдеңе тындырдық па? Ұрыншақтық, алды-артын ойламаушылық па? Күпсіме дарақылық, әумесер балалық па? Босқа дүрлігу шариғатта да харам, ақылға теріс. Сыртпен тартыстық-ақ, жаға жыртыстық. Алыстық. Жығылдық. Неге? Іштей ірідік. Өзімізді өзімізге салғанға мәз болдық. Жүректегі қайғы, күйік, күдікті қанша қазақ түсінді? Жатпен жақындасу ұялатындай, жиренетіндей боп, күнә дариясына батты. Өзін де, өзгені де түсінбейтіндер өз ішімізден шықты. Ақырында мазақ пен қорлыққа, азапқа қарқ болдық мінеки!"Түрмедегілер қинау көріп, азаптанып қан жұтып, қасірет шегіп жатқанда, Кеңес үкіметінің үгіті де абақты тұсынан андағайлап, еміс-еміс естіліп қалды. "Бұзақылар", "ішкіштер","нашақорлар", "машиналарды қиратқан, дүкен өртеген...", "мақсаттары тереңде жатыр... сынықтан сылтау іздеген..." дейді.- Ой сұмдық! Жалған жала...- Суқита берсін. Тояттаған мысықтың, шалажансар тышқанды ойыншық етіп кінәлағаны ғой,- десті тұтқындар.Әлқыдыр алты күн қамауда жатты. Төрт тәулікке жуық нәр татырмаған. Құлақ естісе де, көз көрмеген неше қилы қинау басынан кешті. Екі тізесі күп болып ісіп, аяғы басуға келмей қалған. Гауһарды арашалағаннан өзге Әлқыдырдан басқа кінә таба алмағандықтан, оны түрмеде үстап тұра беруге ыңғайы келмеді ме? Әлде алаңға шыққандардың бәрін түгел қамауға түрме де жетіспеді ме?Әлқыдырды босатарда түрме бастығы:- Бұл жерде не көріп, не білгеніңді аузыңнан шығармайсың.- ...Жарайды.- Жолда ешкімге бұрылып қарамайсың. Қайдан келе жатқаныңды айтпайсың.- Я, - деді ол амалсыздан.Өзі де жол-жөнекей біреуге кезігуге беті шыдамады. Түрмеде отырып қайту оған ауыр қасірет арқалатып жібергендей болған. Ешқайда мойын бұрмастан жатағына суыт келді. Жүрегінің түгі болса да, оқытушы, студенттер түгелдей қаймығып қалыпты. Әлқыдырға бәрі де үрке қарайды. Алаңға барғандардың тізімін алып, анықтап, үкімдерін шығарып жатыр екен. Әлқыдыр бірге жатқан сабақтасынан оңашада жіпселеп, Қайраттың жағдайын сұрады. Бастабында қолға түспей кетіпті. Оны "Көктеректегі" нағашыларының үйінде ұйықтап жатқан жерінен ұстапты да, Сейфуллин мен Ташкент көшелерінің қиылысындағы қауіпсіздік комитетінің түрмесіне жауыпты.- Оған тағылған қылмыс не екен?- Кісі өлтірген, заңсыз митінгі ұйымдастырған дей ме, толып жатыр...- Кімді өлтіріпті?- Сабитски деген бір орысты...- Пәле-жала жабуға әбден дәнікті ғой бұлар. Басқа кім бар, кім жоқ?- Алматы музикалық училищесінің оқушысы Ләззат Асанова деген қызды әскерлер бұрымынан сүйреп, өлмеші етіп ұрыпты. Ол аз болғандай, оны жазықсыз оқудан қудалағандықтан биік қабақтың терезесінен ұшып өліпті деседі. Жанқалтасынан "өмір сүргім келмейді!" деген хат шығыпты...- Қай жерлік екен?- Талдықорғанның Ақжазық ауылынан.- Онан басқа, біз танитындардан кімдер бар көрінеді?- Алматы энергетика иниститутының студенті Ербол Сыпатайевты жауыздықпен қинап өлтіріпті...- Баяғы декабристер еске келеді-ау! "Алдын дарға асып, Сіберге жаяу айдаған деуші еді. Талабы: демократиялық жаңарумен қарапайым адам бостандығы болатын. Соның аяғын құштық қой біз де!- Қазір де сойыл сөйлеп, сана сөнді. Әділетсіздікті айтуға тіл кесілді. Құрлыс-жол иниститутының студенті Сабира Мұқаметжанова қайсарлықпен бас имей, ол да өлім жолын таңдапты...- "Ауылдастың аузы сасық" болған соң сөзі өрге баса ма? Әлқыдыр бірге жатқан сабақтастарынан ұққаны осы ғана. Ертеңінде өзі де оқудан қуаланып, Семейге қарай бет бұрған. Оның отбасындағылар үркердей екен. Республика алаңындағы қанды оқиға жамалып-жасқалып, жаңа тон киіп жетіпті ауылға. "студенттер құрал алып, үкімет үйіне басып кірген. Көше тәртібін қорғаған сақшыларды жазықсыз өлтіріпті. Үй өртеп, тыныш тұрған машиналарды шағыпты..." десе, енді бір хабарда: "митингіге шыққан оқушыларға әуелі орыс әскерлері оқ жаудырыпты. Оққа ұшқандар алаңды қанжоса етіпті..." деседі. Оқиғаның шырылдаған шындығы: "Дінмұхамет Ахметұлы Қонаевтың орнына орыс Геннади Колбиннің тағайындалуы себеп болған көтеріліске үш жүз мың адам қатынасыпты. Көтеріліс жалынын басу үшін жетпіс мың орыс солдатын апарыпты"- дегенді де естіген.- Жоғары оқу орнының аспиранты Әлқыдырдың қудандалып барғаны ауылдағыларды елең еткізді. Оған үржарлықтар үрейлене томсырайып, тоңази қарасты бәрі де. Бірі өтірік, бірі шын алыпқашты лақаптардың анығын да онан ешкім сұрамады. "Қылмысқа белшесінен батып барған" баласы түгіл, совхоз деректрі болып тұрған әкесі де, қарауылға іліне қалды. "Байтал түгіл бас қайғы" деп мансабын алғанына әкесі өкінген жоқ. Ұлының аман келгеніне садақа етті оны. Әлқыдырдың ауылда істемегені қалмады. Совхоз не бұйырса соған жүгірді: Қой бақты. Қора тазалады. Құрлысқа кірпіш құйды. "Баласын ұлтшыл етіп тәрбиелеген" деген кінә әсіресе әкесіне аса ауыр тиді. Отырса опақ, тұрса, сопақ болды. Отызыншы жылдар осы ауылдағылар "халық жауынан" қандай үдере қашса, қазір де Әлқыдырдың отбасынан дәл солай үрікті. Аудандық партия комитетінің бюросында әкесіне қатал сөгіс беріп, партия мүшелігенен босатқаны оған оңай тиген жоқ. Жығылған үстіне жұдырық болған.           Көңілі құлазып, ауылдағы ауыр жұмыстан қатты қажып жүргенде, ол аз болғандай, тағы бір пәле жабысты. Оң жақ бүйірі уақ-уақ ине шаншығандай шымылдап ауыра беретін. Ауыл дәрігерлері:- Бүйрегің зақымдалған сияқты. Қалаға бар, дәрігерге анықтат. Сәл қарама,- деген. Желтоқсан көтерілісі кезінде, сақшылардың ішке тепкілегені есінен кетпесе де, ашық айта алмады. Көрген-білгенін аузынан шығармау керек. Құнсыз өлім, құпия қорлық- зорлықпен суаяғы құрдымға кетсе де қузаусыз болу. Бәрі де құла түздегі құмға төгіп өткен өткінші нөсердей ғайып болғаны жөн. Әділетсіздікті айту да күнә. Кінәсіз төгілген қан, аққан жасты көре тұра, көзді тас қып жұмып алу ғана тар соқпақтан жол табу.Сырқаты жанына бата берген соң, Әлқыдыр ауылдан облыс орталығы Семейдегі дәрігерлерге келіп жүр еді. Емхананың коридорындағы ұзын арқалықты орындықта ойға шомып отырған болатын. Атжақтылау қызыл сары кісіге сәлем берді. Жөн сұраса келгенде, Гауһардың әкесі Жанұзақ екен. Бұрын бірін-бірі танымаса да, көптен бері іздеп жүрген жоғы табылғандай, екеуі сырласа кетті. Қасіреті мен арманы тоғысқан жандар, іштегі шер тасқынын ағыта бастаған. Желтоқсан көтерілісіне қатынасқан қызы Гауһар, бұл күндері жындыханада екен.- Бауырым-ау, бұл не деген сұмдық!? "Қасапшыға мал қайғы, қара ешкіге жан қайғы" деген осы ғой. Билікке, таққа таласамыз деп, қасапшының алдындағы қара ешкі болмады ма қазағың?- деді Жанұзақ өкпесін босата күрсініп. - Қазақстанның секратарлығына кімді қойса да, шылбырдың ұшы орталықта емес пе? Неміз бар еді бұл пәледе? Жастарды желіктірген біреу бар шығар? Соры арылмаған қазақ-ай!...Түйіліп отырып қалған Жанұзаққа, Әлқыдыр ұялығы ішіне тартып, шүңірейген, оқты көздерімен барлай қарады. - Ағасы, бұл сұмдықты бар қазақтың өзі тілеп алған жоқ. Бірақ "кімнің тарысы бұрын піссе соның тауығы болатындар" да жоқ емес, "Кәрі Қытай мұсылман болмайды" дегендей, патшадан шен алған соң, өз халқының қасіретін ұмытып кететіндер бізден де шықса, оған не амал? Жүрегінде оты бар жастар уланбай қайтеді?!- Солай ма?- деп елең етіп, бүгілген белін жазып, кеудесін көтерді. Алқымындағы күре тамырлары білеуленіп, болымсыз бүлкілдеп тұр.- Қазақстанға Қонаевтан өзге қазақ секратар болуға жарамай, жатжұртқа мідуар боп, жантартқан жайымыз бар екен, я?- Суға кеткен тал қармайды, Жаке! Ағайынды өкпеге қиса да өлімге қимайды қазекең.Жанұзақ Әлқыдырдың ойының шүңетіне онша бойлай алмай, оның күнге күйіп, сәл тотыққан, ашаң ақ сары жүзіне көз қиығын тастап, қою, қоңырлау сарғыш мұртының сапсиып, басылмағанын да байқады.- Жөн-жөн... шырағым. "Арқаның қысы жақсы болса, арқар неге ауады?" деп, шымбайына батпаса, азулымен алысып, қан төгіске бара ма, қара халық? Таздан тарақ қалғалы қашан? Қазақтың тізгін-шылбыры қолынан кеткелі көрген күні осы да,- деді ол жан дүниесінің қоймасына ұры түскендей опырылып отырып.- Құдай-ау! Әлгі әншейінде үзеңгісін үзіп жіберердей шіреп жүретіндер, өзінің ұрпақтары қанға боялып жатқанда, жымысқылана жалған жымиып күлгеніне күйеді жаның! Ұлттық ар-намысы жоқ, мүттәйімдер!- Ит сорлысы көшбасшыға ереді, Жаке. Орталықтың аузы қисық болған соң, асыранды иттер иесіне еркелеп, қыңсылай береді емес пе? Бұл заманға ойсыз, опасыздар қажет!Жанұзақ, тамағын қырнап қойып, әлдене айтқысы келіп еді. Коридордағы оңаша орындықтарға кісі қарасы көбейіп қалғанын байқады да, сөзін ірке қойды. "Үй артында кісі бар". Екеуі де аңдудағы жаралы бөрі. Жаза басса тақымында сойылы барлар соғып алады.- Ал менің кезегім келіп қалды. Бұйымтайым 7-бөлмедегі дәрігерде. Мен шыққанша кетіп қалмассың?- Жанұзақ орнынан шошынғандай атып тұрды. - Кешіге қоймаспын...- Менің кезегім әлі ерте. Күтемін сізді,- деген Әлқыдыр.Айтқанындай Жанұзақ жедел оралды. Қолында дәрі салған басбармақтың басындай қоңыр құмыра.- Шаруам бітті. Ой жалған! Қаншелек жендеттер! Қылмағаның қалмады-ау!- деді ол, қызыл күреңдеу жүзі өрт шалғандай алаулап. Ызадан қаны басына шапшып тұр. Әлқыдыр оның өң-сиқына таңдана, аңырып қалыпты.- Не дәрі екені анықталып па?- Анықталғанда қандай! Сау адамды есалаң етіп, еліртетін пәле екен мұнысы. - Жанұзақ қолындағы құмыраны үгіп жібере жаздап, уыстап алды да, тістене қысып-қысып жіберді. - Менің сап-сау қызыма осы дәріні зорлап ішкізіп, жындыханаға апарып тастап, үйге жібермей, жүйкемді тоздырмады ма. Мұндай да сұмдық болады екен-ау, е!?Әлқыдыр не дерін білмей мелшиіп, сәл іркілді де:- Сонымен Алматыға төте тартатын болдыңыз ғой?- деді.- Енді қайтем? Қызыма ішкізген дәрінің қалғанын анықтап алдым. Осының соңына түспесем, жер сипап қалатын шығармын?- Дұрыс айтасыз. Менің кезегім келіп қалды. Бұл жердің анықтау қағазы қолыма тисе, мен де Алматыға барамын. Сапарлас болайық. Гауһарға кезігуім керек. Кемеге түскеннің жаны бір ғой. Бір апанның бөрілері сияқты...- Жә, келістік. Есім шығып, есеңгіреп жүргенде, ақыл қосатын азаматқа кездескеніме қуанып тұрмын бауырым.Бұлар сол күні түскі пойызбен Семейден Алматыға қарай жол тартқан болатын. Екеуі оңаша купеде отырып, ұзақ әңгімеге түсті де кетті. Қасіреттері қазақтың соры. Опық өкінішке айналсоқтап соға береді.Әлқыдыр ауылға келгелі қайда жүрседе, кішкене радиосын ала жүріп, "Желтоқсан көтерілісі" жайлы хабар-ошарды қалт жібермей, құлақ түретін. Оның есіне халықаралық хабарларды беретін мезгілдің өтіп бара жатқаны түсе қалды. Сағат тілі бес минут озған екен.- Қазақстан жоғарғы сотының үкімімен қылмыс кодекісінің 60-65 және 173-баптарымен айыпталып, өлім жазасына кесілген Қайрат Рысқұлов туралы шетел ақпараты  шындыққа ара түсе бастады,- деп еді Әлқыдыр. Жанұзақ оншалықты сеніңкіремеді ме екен, сүле-сапа басын изеді де:- Олар айта беретін шығар? "Тышқан ініне кіре алмай жүріп, құйрығына қалжуыр байлапты" дегеннің кері ғой, - деді.- Ал, сонда олар не тындырыпты?- Батыс Германияның еңбек министрі мен Сыртқы істер министрі хат жолдап, халқаралық адам құқықтарын қорғау орнына өтініш қылыпты. Олар Қайратты өлім жазасынан құтқару жөнінде қаулы алыпты.- Сосын?- Сосын, соған үн қосып, біздің елдегі Батыс Германия елшілігінің Қайратты өлімнен құтқаруға бүйрегі бұрылғанын айтып жатыр.- Олардың өкпесі қызып, желпінгенімен, біздің "құдайлар"онан ары қыңыраятын шығар? Отқа май құйғандай болмаса игі? "Ежелгі жау атысқанға жақсы". Қарумен қан төгіп, Совет Одағының шаңырағын шайқалтып барып, аузы-мұрны қанжалаған Германия, енді саяси шабуыл жасап, не тындырды дейсің? Еті үйренген, ит шайнас қой баяғы...- Біздің "құдайлар" шап беріп шаужайынан ұстап отырған, Польша, Венгрия зиялылары да Горбачев пен Громыконың атына, көп адамның қолы қойылған хат арқылы Будапешттегі Кеңес елшілігіне, Қайратты өлім жазасынан арашалап алып қалуды өтінген екен. Полшадағы "бостандық және бейбітшілік үшін күрес ұйымы да" Қайратты ақтап жатыр. Мынаны тыңдап көріңізші!- Жарайды,- деп Жанұзақ та, Әлқыдыр мен иықтаса отырып, радиоға құлағын төседі."Аустрияның астанасы Венадан хабарлайды: "Орыстар өлім жазасына үкім еткен, қазақ Түркі жасына байланысты Мажарыстанда қырық бір адам қол қойған мәлімдеме жаряланды. Будапешт зиялылары телефон арқылы Венгриядағы АП агентігінің тілшісіне Қайрат Рысқұловты өлім жазасына кесуден кешірім етуді талап еткен. Мәлімдемеге қол қойған Венгрияның атақты жазушысы... Сексен жетінші жылы, шілденің жиырмасыншы жұлдызы"- Мінеки обал-сауапты ойлайтындардың жүрек сөзі. - Әлқыдыр радионың үнін өшіре салды да, айналасына көз жүгіртті. Купенің есігін күдіктене ашып еді, сыртқы босағада тұрған пойыздың амандық сақтауға жауапты болып жүрген сақшы, сыр білдірмегенсіп, сырғи берді. Қисыны күдікті жолаушылардың қыбыр-қимылын барлаушы КГБ-ның қызметшісі көрінеді. Отызды еңсеріп қалған, еңгезердей ұзын сары. Екі көзі адамды ішіп-жеп қоярдай боп, тұздай көгеріп, тұнжырап тұр екен.Сол ұзап кете бере:- Көрдіңіз бе, соңымызға түскен салпаң құлақ машкелердің сақтығын?- деді Әлқыдыр күрсініп. Оның мойны ырғайдай боп, жағы суалып, ойылған алақанына мүйізгек пайда болғанын да, Жанұзақ осы жолы анық байқады. "Әй, байғұс бала-ай! Мына тағдырдың татасы саған да оңай тимеген екен-ау! Арашашыға алты таяқ оңдырмай тиген ғой. О, дүние! Қасқыр да өз күшігін- өзі құтырмаса таламайды. Құтырған шығар бұл үкімет?! Отан-отан! деп отқа түсетін жас ұландарыңа көрсеткен сыйың осы ма?..".Оқу орнынан қудаланып, ұясын жылан торыған торғайдай жалғызсырап, іштей тынып жүрген Әлқыдыр мен жалғыз қызының күйігі жанына батқан Жанұзаққа тағы бір жанашыр табылғандай сезілді. Шетелдіктер жүрегінен де орын алған Қайрат рухы бір сәтке көңілі жаралы жолаушылардың үміт шырағын қайта тамызғандай еді. Күмілжіген күңгірт сәуле алыста болса да, жылтыраған әділет нұры тәрізді ол.- Әлсізді, шындықты жақтайтындар, дүниенің түкпір-түкпірінде бар екен-ау! Уа, Жасаған ием! Озбырдың қан шелегі қанға қашан тояр екен?! Жалғыз жаратушының көз қыры бізге де түсер! - деді де, Жанұзақ, бір қауым үнсіз сілейіп отырып қалды. - Гауһарды жындыханадан құтқарудың сәті бұл жолы да түспей ме, қайтеді?- "Желтоқсан көтерілісінен" бұрын үкіметке сенімді шығарсыз?- деп қалды арада Әлқыдыр.- Кім біледі? Үкіметтің жағасынан алған жайым жоқ. Бір ғана мініміз бар.- Ол не?Шынжыр балақ-шұбар төстің тұқымымыз. Жиырма мың жылқы біткен ұлы әкеміз Сансызбай қажыға барған адам мен сол кісінің немересімін. Туған әкем Оңғарсын деген кісі колхоздасу кезінде, итжеккенге жер аударылып, ұшты-күйді қайта оралмаған. Өлімі де  жұмбақ...- Әкеңіз неше ағайынды еді? - Ұлдан үшеу, екі қыз.- Әкемнің тете інісі Оңдасын оқымысты болыпты. Мәскеуде университетті орыс тілінде тауысып, ақ патшаның алқымының астында қызмет істеген.- Кейінгі тағдыры не болды?- Не болушы еді? Алаштың құшағынан табылды да, атылып тынды. Ол кісінің ұрпағы қазір Германияда...- О...о...! Онда сіздің маңдайыңызға басқан таңба айшықты екен...Алқын-жұлқын әңіреңдеп келе жатқан пойыз озандатып жіберіп, кідірді. Қарағанды қаласына келген сияқты. Жанұзақтар отырған купеде өздерінен өзге жан болмағандықтан, әңгімені ауыздықтайтын көлденең көк аттыны кездестірмей келе жатқан. Әттеген-ай! Купенің үстіңгі төсектері бос болатын. Соған егделеу екі орыс жайғасты. Біреуі қазақшаға желіп тұр. Ішіңнен кіріп, сыртыңнан шығады.Ендігі әңгіменің желісі амалсыз бұзылатынын сезді де, Әлқыдыр төсектеріне жантая кетіп, бір уақ мызғып, көзінің шырымын алған...  * * *Дәл осы мезгілде жындыханадағы Гауһар көрген түсінен шошып оянды. "Желтоқсан көтерілісі" қайталанған екен. Қапалақтап жауған қар бұлыңғыр сұрғылт аспаннан желсіз тымық шақта ақ қаздың жұлынған мамығындай бұрқырап төгіліп тұр. Алаңда атты-жаяу ереуілшілер, ат тұяғының екпінімен жапалақ қар енді жел үрлегендей боп, бетке, көзге ұрады. Қалаға атты қазақтар қайдан келе қалды? Қала мен дала түгел көтерілген сияқты. Гауһар үлкен ойлы көздерін айналасына төңкере қарады. Көшедегі қуаң тартқан ағаштар жапырағынан айырылған. Серейген бойларымен, арбиған бұтақтары өзінше бір шытырман сұрғылт дүниені танытады. Қала аспаны қобыраған бұйра бұлттармен көмкерілген. Меңірейген жүдеу ортаны ырғай сабаулармен сабалағандай. Сатыр-сұтыр, айғай-шу құлақ тұндырады. "Аыблай хан, Қабанбайлаған..." көтерілісшілер атаның аруағын шақырып, алаңға құйындай түйілген. Көкбөрі суреті бар ақ ту көтерген ақ боз атты алдыңғы лекте. Қарсыластарын қақ жарып, соңындағы топтың ықсырған жойқын күшімен, қарулы қалың шоғырға сынадай сіңіп барады. Аттылар да, жаяулар да түгелдей дулыға киіп, шашақты найза, серт ұстаған семсер, қылыш, Гауһардың да қаны қызып, қатардан қалғысы келмеген. Жындыханадан ебін тауып қашып шыққан болатын. Алаңдағы көтерілісшілер қосынына енді ғана қосыла бергенде, әуеден тік ұшақ арқылы тасталған бомбы, жерде танкі үстінен атылған зеңбірек үні естілді. Зілзала жанартау жарылғандай орасан зор дүмпу қанға бөккен қаланы қатты сілкіп қалған. Жан ұшырған жас қызды әлдекімдер шашынан жұла тартып, жығып сап ақ қардың үстінде ит жұмарлаған тулақтай сүйреп барады. Гауһардың көз алдында сумаңдап ирелеңдеген қызыл жыландай жосылған қан іздері қалды."Ой, Алла-ай! Өңім бе десем, түсім екен ғой! Мұнысы несі?! Студенттердің жазықсыз төгілген қаны, далалық қазақтарды да кектендірген шығар?! Тағы да тасып тұр-ау қанымыз!?." Гауһар атқалақтаған жүрегінің тұсын сол қолының алақанымен басып, басын көтерді. Өзімен бірге жатқан жеті-сегіз қыз шырт ұйқыда екен. Ауруы салмақты қара қыз ғана ояу. Оның бүгін осы бөлмеде үшінші түнеуі. Бас-аяғы жоқ, аяқталмас, өткен күндердің хикаясы. Кіммен сөйлесіп жатқанын, неге қарқ болып күлгенін сайтан білсін. Әйтеуір ауыз жаппай сарнайды. Түн ортасы ауған мезгіл. Ол сорлы әлі ұйықтамаған сыңайлы. Кейде сау адамның сөзін сөйлейтін. Әділетті, ащы шындықты да айтады.Қара қыз Гауһардың шошып оянғанын біле қойып:- Ей, сені қара басты ғой, я?- деп қадала кетті. Түстікке қараған терезеден, бөлмеге манаураған толық Айдың сәулесі, сүттене нұрын төгіп тұр. Ашық аспанда жамыраған отты жұлдыздар жарыса жайнап, Ай сәулесін ақшелдіріп, нұрландыра түскен.- Қорқынышты түс көріппін...- деді Гауһар, сұрағына жауап алмай тынбайтын қатпа қара қызға.- Түсіңді айтшы маған. Жорып берейін. Менің нағашы шешемнің "көріп келі" бар, айтқаны-айтқандай келетін әулие адам екен. Мен де құр жаяу емеспін. Сол кісінің ақ сайтаны иектеп жүр...- қара қыз өз-өзінен сықылықтап, ұзақ күлді.Гауһар онан құтылудың оңай жолын ойлады да:- Түсімде тағы көтеріліс болыпты. Мен де солардың арасында жүрмін. Милициялар ұстап алып, шашымнан сүйрелеп жүр, - дей салды.- О...о.. бұл сұмырайлар сөйтеді! Бірақ олар озбырлығын қоймаса, ұзаққа бармай, одақтың шаңырағы ортасына түседі... Солай ғой ақсайтаным? - қара қыз біреумен сөйлескендей, өз алдына күбірлеп алды. - Орыстар да ұлы халық қой. Өлер жерін біледі. Деседе патшасы соқыр болған соң, бір көзін қысып алады. Енді патшаға да ес кіреді. Өзі төккен басқаның қан теңізіне өзі тұншығатынын біліп қалды. Қорықпа түсіңнен! Қазақтың да айы оңынан туатын күн жақын!.."Әй, сорлы-ай! Сенің-ақ, айтқаның келсін! Есалаңның естелігі деші, Құдай жынды қылмасын, - деп іштей тынды Гауһар. - Жынды демесе, мені жындыханаға неге әкеледі? Ту! Жендеттер-ай Желтоқсан көтерілісіне қатынасқандарға жындандыратын укол салып, дәрі ішкізіп, мәңгүрт жасамақшы екен ғой. Онан бас тартқаным жөн болған екен. Әйтпесе, мен де қояншық болар едім. Бұған да "тәубе!" дейінші. Бәрінен де сау адамды "пәңгі" деп, жындыларға қосып қойған не деген қорлық еді! Мұнан да, түрмеде жатқаным абзал ғой. Құлағым тыныш болар ма, әлде? Әкем нағып келе алмай жатыр? Сау адамды есалаң ететін дәріні анықтата алмай жүрген шығар? Анықталған күнде, бұл сұмырайлар мойындайды дейсің бе?.."Қара қыз қара жапырақтатып, әр шөптің басын бір шалып, тағы да тантып кетті.- Қыз-қатындардың обалына Отан соғысы қалды. Көріңде тыныш жатпағыр Сталин! Жігіттердің ат жалын тартып мініуге жарағанын Герман соғысында қанға бояп, қынадай қырдың. Соның кесірінен қатын қаралы боп, қыздар байсыз қалды... ха...ха...ха...о...о... айда деген, соғыстан тірі қалған еркектер жасасын! У...ра...! - деген қара қыздың қатты шыққан дауысынан ұйқыдағы өзге қыздар да оянып кетті. Бөлменің электр шырағы да жарқ етіп жанған. Жынданған қыздардың біреуі енеден туғандай тыр жалаңаш төсегінен атып тұрды. Қара қыздың ащы шыққан дауысынан шошынған іспетті. Мұндайды кім көрген? Гауһар ұялғанынан, жалаңаш қыздан жүзін тайдырып, теріс қараған. Құдайдан келген зауал емес, адамның қолымен жасалған қояншық ауру екенін мұндағылардың бәрі біле бермейді. Сұмдық-ай! Абиырын жасыруға да ақылы жетпей тұрған қыз бет біткеннің сұлуы болатын. Тірсегін соққан сүмбіл қара шашы, аршыған жауқазындай ақ тәнін жартылай жасырған. Өңі сұлудың, мүсіні де сұлу бола ма әлде? Құс көкіректі, бөкен санды, қыпша бел қыздың, омырауы да өзгеше бітімді қос күмбез сияқты екен. Мұндағы есалаң ұрғашыларға онша әтуерлі болмағанымен, еркек атаулыны екпетінен түсіретін, әйел затының жасырын сұлулығы Гауһарды да қайран қалдырды. Әлгі қыз жалаңаш тәнін Ай астында жарқылдатып, далаға қарай тұра қашқан болатын. Қара қыз да қарап қалған жоқ. Сылқ-сылқ күліп, соның соңынан қуа жөнелді. Ақ сұлудың бөксесіне "шарт-шарт" тиген, қара қыздың шапалақ үні ашық қалған есіктен анық естілді. Гауһардың қасындағы қыздардан күндіз де, түнде де осындай ақылға сыймайтын, сұмдық-сұмдық, сөлекет қылықтар шығып тұратын. Соған мезі болып, осы тағдырға тап қылған арамза айлаға оның жаны күйеді. Жүзінен ауыр қайғы, улы жас мөлдірейді. Қатты жасып, қасірет меңдетеді. Жіп-жіңішке қастары түйіле шытынап, танаулары дірілдей түсіп, өксіп жылап жіберген. Жынданған қыздарды көргісі келмей, теріс қарап, біраз үнсіз жатты. Бойын жиып, өз-өзіне сырылдай сыбырлады: "Ереуілге шыққандардың көрген күні осы ғой. Мені ажалдан арашалаған ағайдың тағдыры немен тынды екен? Обалына мен қалдым-ау! Тұтқындардың ішінде атылатыны да бар шығар?.." Гауһардың құйы қатты бұзылып, ауыр ой шырмауынан шыға алмады. Жастықтың астына еті қашқан жүдеу қолдарын тығып, шошына тілек тіледі. Ойының сырдай құпия шындығын қиялдап кетті: "Жеке бастың мұңы ғана емес, елдің мұңы ғой. Көптің арманына жете алмау бәрінен ащы у ғой..." Оның жүдеген сартап жүзінен кесек-кесек тамшы жастар жиі-жиі ағытылып, жастығына тырс-тырс тама берді. Азыңқы, арық денесі төсекке жабысып қалғандай, бір уақ сұлқ жатып қалды. Азаптан жүдеуліктің алуан тақсіретін тартқан Гауһар өзінің салқын, ащы ойын таратты. Аңдып, арбасып тұратын жауы, қазақтың өз ішінен де шықты. Елдің бәрі жарасын жарыққа салудан қорқады. Өзі ғана біліп, іштей тынып, жалап жазуға тырысады. Осындай күй өзінің басында да бар. Қарсыласып, әділетті айтамын деп, түрмеде тартқан азабы да аз емес.- Сен қыз тарғақ сияқты екенсің. Ол қара торғайдай ғана кішкене құс болғанымен, кеудесі үлкен. Шөптің арасына бұғынып алып, "дар-дар" еткен жаман дауысымен сайраудан бір жалықпайды. Қолға бағуға көнбейді. Тамақ берсең жемей қойып аштан өледі. Оған басқалардың несі кетіпті? Жарық дүниеден жалтаратын өзінің асқан қырсығы, - деген қасқа бас сұрақшы.Соның айтқанының да жаны бар көрінеді. Гауһар абақтыда жатып, үш тәулік аштық жарялаған. Мұнан бұрын да мандымды жарытып тамақ ішпеген, ұрып-соғудан қалжыра­ған жас қыздың жаны сірі болса да оған қалай төтеп бере алсын? Көзі қарауытып кетіп, отырған орнында жығылып түскен болатын. Қамауда бірге жатқан қасындағы қыздар аузына су тамызып, жабыла жалбарынып жүріп, талшықтап тамақ беріп, жанын әрең алып қалған.Жындыханада жатып, Гауһардың есіне сол қасқабас түрме бастығы түсті. Сол жақ езуі күлімсірегенде зымияндықпен жиырыла түсіп, оң көзін болар-болмас, сығырайта қысып сөйлей­тін. Оның қаһар-зілі жүзінен емес, сөзінің қалың қатпарында жататын, сұраққа тартылғандар бірден біле бермейтін. "Көнсең де, көнбесең де, көретінің осы" дегенді астарлап айтады.Гауһарды сұраққа тартып отырып, түрме бастығының көз алдына шытырман кестелер келді. "Мына пәлекет қыздың ойы да, сөзі де шым кестедей шытырман ғой! Мұны жындандырып, ес-ақылын алғаннан басқа амал жоқ екен..." - деп ойлады бұл жолы.Ол Гауһардың жара түскен қоңырқай сұрғылт жүзіне жымия қарап отырды да, көздерін тайдырып кеттті. Тұтқын қыздың шырайында сәл толқын қызыл нұр алаулап барып, өңі қашты. Қобалжыған көңіл күйін жасыра алмаған. Күз аспанында бірін-бірі қуалай, қабаттасып қалыңдай түскен ауыр сұр бұлттай суық, ойлар иектеді. Жылы үйде безілдеп шертілген мұңлы күйге өзі де күңірене қосыла кеткендей боп, өкініші мол, қанжылаған армандар, қиялын жетектеп кетті.Тергеуші ақырында ойлағанын орындады. Оны басқалардың қолымен істеген болатын.- Бетің де жарақаттаныпты. Жүрегің шошынып қалған. Инемен дәрі жіберу керек,- деді заң дәрігері.- Қажеті жоқ... инеден өлгенше, таяқтан өлейін!- деп күдікті Гауһар алған бетінен қайтпаған.- Жынданыпты мына қыз...- Жындыханаға апару керек.- Әкетіңдер түрмеден!- десіп жатты.Сол күні-ақ Гауһар жындыханаға жеткізілген. Байғұстың тәлейіне, есалаң қыздарға дәрі тарататын әйел қалайдан-қалай Жанұзақты таниды екен. Ол кісінің бір жақсылығы өткен сияқты. Бәлкім, жазықсыз жандарға мұндай сұмдық қастандық жасауды ары көтермеді ме? Әйтеуір Гауһармен оңаша сөйлесті де:- Мына дәріні ішкен сап-сау қыздар пәңгі болып қалды. Олар да сен сияқты Колбиннің Қазақстанға секратар болуына қарсы болып, ереуілге шыққандар. Саған да ел көзі қып берейін. Бірақ ішпе! - деген. - Аузыңа мықты бол! Мен айтты деуші болма, жарай ма?!Кішкене қоңыр құмырадағы сыры өзіне беймәлім күдікті дәріні анықтату үшін Гауһар оны әкесіне берген болатын.* * *Семей қалалық емхананың сенімді дәрігеріне анықтатып алып, Жанұзақ сорлы ашуы алқымына тығылып, кіжініп келеді. - Әй, білмей тұрмын, осыдан бірдеңе өне ме? -  Әлқыдырдан ақыл сұрап келеді. Шер, нала куәсіндей, күдік, үміт, арман сұраулары қайталана береді. Сырласып тіл қатысар, жантартар адаммен табысқанына риза болған.- Жуан ауылдың иті де жуан ғой, Жаке, - дейді Әлқыдыр, Купенің үстіңгі төсегінде ұйқыға басқан екеуіне шалқалай қарап. Көкірегінен күбір-сыбыр әлсіз шығады. - Ең қауіптісі бүкіл елді мәңгүрт ететін саяси дәрі! Халқымыз әуелі осыны түсіну керек... Қайратты өлім жазасынан құтқарып қалуға шетелдіктер шырылдап жатқанда, мүйізі қарағайдай қазақтарда әлі үн жоқ...Университетте аспиранттық оқыған Әлқыдыр - сыншыл, ойшыл, қабілетті жігіт екенін Жанұзақ енді түсініп қалды. Ел қамы үшін ауыр ойларды толғайды екен.- Сонау он алтыншы жылғы көтерілістен бері халықтың жүрегі шайылып үркіп қалды ғой... Кенесары, Наурызбай да күшті жаумен жағаласып көрген. Тәуелсіздік үшін қанша бодау берді қазақ?! Қазір де орталықтан жеткен хабар өте суық естіледі. Барлық жанды шошытты. Шошынған халқың қыбыр етпей жым-жырт бола қалмады ма?Үстіңгі төсектегі сапарластарының біреуі тамағын қырнап еді, Жанұзақ төбеге көтеріле қарағанда көздері шатынап кетті. Жүзі қуқыл тартып, не дерін білмей өзгеше үркіп қалған болатын. Сасқанынан оның жүзінде күрең толқын қызыл нұр ойнап шыға келді. Алматыға жеткенше, жападан-жалғыз қалған жандай қайғыда, ауыр қасірет тебіренткен күйде, толас таппай ойсоқты болып отырған.Пойыздан түскенге дейін желтоқсан салған жарақат жайлы екеуі де жақ кірісін аша алмаған. Терезеден айналадағы сары адырлы, алыс сары жазыққа телміре қарап, талай ойдың тұңғиығына батып келе жатқан-ды.- Жаңағы жанымыздағы сілімтіктер біздің соңымыздан қарап қалды ғой. Ізімізге салып қойған салпаң құлақтар болмасын?- деп Әлқыдыр ұзай бере артына бұрыла көз жүгіртті.- Кім біледі бұл сүмелектер тағы не кінә тағып, қандай сойқан шығарғалы жүргенін? Бұлар тырнақ астынан кір іздейді...Жындыханадағы Гауһар әкесі мен Әлқыдырді көргенде, қуанғанынан қыстыға жылап жіберді. Алғашында өзіне арашашы болған арық, мұртты сары жігітті танымай қалған. Толықтау, мырза киінген, келбетті еді ғой. Бір жылға жетпей нағып соншалық азып кеткенін. Артынан байқап, шырамытты. Жанұзақ, қызының маңдайынан сүйді де:- Балам, мына ағаңмен амандас. Сен үшін тұтқын болып, қуғын-сүргін көріп, қудаланып жүрген ағаң Әлқыдыр емес пе?- деді. Сол-ақ екен Гауһар оны бассалып құшақтап, қатып қалыпты. Жас жуған жүдеу жүзін жігіттің көкірегіне төсеп, қалш-қалш етеді. Әлқыдыр, қыздың бұл қылығын сәл ерсі көріп, қатты сасқан. "Шынында есі ауысып қалған ба?.." деген ой да, сайтандай сап ете түсіп еді.Бірақ Гауһардың шын көңіл, адал ниетімен барынша бауырмалдық, аға-қарындастық жақындықпен жантартқаны екен.- Аға, сізді танымай қалдым. Кешіріңіз! Недеген жүдеп кеткенсіз!- деді ол, біраз мауқын басқан соң.- Менің кесірім тиді- ау сізге!...- Жо...жо...жоқ, Гауһар олай деме! Бәрімізге бірдей келген зауал ғой бұл. Су ішкілігіміз бар екен. Қайта жанымыз қалды. Қыршын жасы жазықсыз қиылғандар да баршылық, - деп, Әлқыдыр шүңірек көздерін жыпылтатып, өксігін баса алмай тұрған бауырмал қыздың, кінәлі болып тұрғанына жұбату айтқан болды.Осы кезде қара қыз бастаған жындыхананың бойжеткен­дері де, олардың құшақтасып көріскенін қызықтап, алқа қотан қоршап алды. Қара қыз аппақ маржандай әдемі тістері ашыла түсіп, сыңғырлай күліп, сұлу үнмен әзіл айтты:- Үйбай-ау! Осындай сырбаз, ақылды жігіт іздеп келгенде жылай ма екен? Мұндай бақытқа қолымыз жетпей жүр. Күлмеймісің онанда...- деп, қоңыраудай сыңғырлы, күміс үнді сұлу кұлкісімен бөлмені басына көтерді. Жанұзақ не дерін білмей, есалаң қыздың ерсі сөзінен үркіп қалды. "Құдай-ау! Сақтай гөр! Жынды қылмасын де!.." - дейді ішінен. Пәңгі қыздар үшін осы өмірлері аянышты сезілмейтін сияқты. Айнымаған қызық та, қымбат, ыстық шақтай білінетін көрінеді. Бұларды қор еткен тағдырдың кінәсі ме? Жеке адамның сұрқиялығынан ба? Әйтеуір бір айыпты, күнәкар бар шығар. Кімнен кем еді бұл жазғандар? Әрі ісмер, әрі сұлу, бар мінезі, зейін-зердесі өзгеден озбаса, кем бе еді? Бұлардың арасында "Желтоқсан көтерілісінің" тірі қаһармандары да бірнешеу. Бірақ бірін-бірі ұғысып, түсіне алған жоқ. Қуаныш пен қасіреттің жүзінен айғыз-айғыз аққан кесек-кесек жасын тоқтата алмай, Гауһар да ыңғайсыз күйде тұрып:- Аға, жауыздықпен кездесу, табандылықпен белдесу әмісе осылай бола ма? - деді Әлқыдырға, сұлу жүзді, сезімтал жүректі, сыпайы мінезді, батыл қыз, бағып тұрған көздерді де елемеді. Пәлеге тойымсыздықпен асқындай түсіп, айып тілейтін аңдушылар да, бұл арада жоқ емес екен. Жұмысшы кимін киген, жындыхананың бір-екі саққұлағы да келе қалды. Тайпақ қара мен көселеу шикіл сары түк білмегенсіп, есалаң қыздардың қылығын тамашалап тұрғандай.- Әділеттің артын бағайық. Көз жасымызды көретін шығар орталық? - деді Әлқыдыр әдейі. Талайды жаманатты етіп, айықтырған ауыр тартыс, қанды қырғынның талай зілін кейінге сақтап қалғанын сездіргісі келмеді. Шоқтығы биік, шыдамға бекіген өз мінезін сақтап тұр. Соншама кең тыныс алып, күрсініп қойды. Демі дір-дір еткен өксу тәрізді. Ауыр күйінішпен жалын атты. Үлкен адамдықпен достық қасиеттерін жиған кең кеуде де аса бір ащы шермен өзгеше күйзелген мұң бар екенін Гауһар да байқаған. Мұрнын тартып, жасын үнсіз төге берді.Жанұзақ, "аһ" ұрып, ашық дабыстап күрсінді. Үнсіз жым-жырт күйде басын төмен салып, ауыр уайымға батып тұр. Ашық күннің сәскедегі сәулесі оның қастарының арасындағы екі терең тарау әжімдерін ереуілдетіп, кейіс, нала елесіндей айқындай түседі. Ішкі санасы қасіретін зорлықпен тежеп, түйілген қабағымен ғана ишарат етеді. Қиналған жүзінен бір нәрсе демекші болып, айта алмағаны байқалады. Жалғыз қызының мына көрген күніне бола, неден болса да тайынбайтындай. Зор адамшылығын ауызбен айтып жеткізе алмай, адал серті көкіректе шиыршық атады. Көңіліндегі тереңде жатқан арман-өкініш уы меңдете берді оны.Әкесімен сарғая сағынып табысқан Гауһардың, айналасына үйірілген шағын топ, бұлардан да жалыққандай жадырай бастаған еді. Қыршын жастардың мына күйін көрген Жанұзақ, қатты қобалжып, бір толқын оймен түйіліп қалды. Реңі қашқан еріндерін жымыра тістеніп, өте ащы шер жұтқандай, айтылып жетпейтін арманмен үзілердей, көзін жұмыңқырап, үнсіз сілейіп ойға шомған: "Өз-өзінен жынданып кететін қояншық ауруының микробы тарады деймісің? Гауһарға берген адамды құтыртатын дәріні осы балаларға ішкізген ғой, сұмырайлар!? Өз қызымды осы жолы қайтсем де жындыханадан шығарып әкетермін, кеудемде жаным болса. Ал мына ақылы ауысқан көген көздерді қайту керек?.."Жанұзақ, осы ойын Әлқыдырға оңашалап айтты.- Менің университетте істейтін ұлтжанды үстаздарым бар. Солармен сырласып көрейін. Не айтар екен? Бұл сұмдықтан олардың хабары бар ма, жоқ па? Менше төмендегі кейбір жүгенсіздікті орталық білмейді. Көтерілісті үнін шығармай, жалынын өшіруді ғана айтып, бұйрық береді. Қарсыласқан тентектерге инемен дәрі шаншып, жындандырып жіберіңдер демеген шығар? Түрмеде жатқандар мен жындыханадағы студенттердің ата-анасының, басқа да жаны ашыған жандардың қолын қойғызып, Горбачевтің өз атына арыз жазылғаны жөн. Жығылсақ та түйеден жығылайық, - деді Әлқыдыр. - Басқа амал жоқ. Өзгелерге соқтығып барқадам таппаймыз...Жанұзақ та қарсы болмаған. Ол осы бекімге тоқтады да, жындыхананың жауапты адамына жолығып:- Менің қызымда ешқандай ауру жоқ. Сау адамның сөзін сөйлеп тұр. Бастабында есі шығып, біраз қиялсоқ болып қалған шығар. Қазір жақсы болыпты. Алып кетейін,- деп еді, іркілдеген ерепайсыз семіз денесін селкілдеткен орыс әйел сылқ-сылқ күлді.- Сіз қызық екенсіз! Жындыханаға қызыңызды әдейі алып келген біз емеспіз. Оны түрме бастығының төңірегінен сұраңыз. Сізге қызыңызды табыстай ма әлде түрмеге әкете ме? Оны біз білмейміз, - деп иығын көтерді.Амалы таусылған Жанұзақ, жындыханадан кетерінде, қызын оңашалап:- Балам, басым кетсе де, сені құтқаруға арнайы кіріскелі келдім. Алмай кетпеймін. Мықтағанда менің де тиянағым түрме болар. Мына Әлқыдыр ағаң да аурушаң болып қалыпты. Сенің жұмысыңа да ақыл қосып жатыр. Мен енді кіретін есік, сығалайтын тесік, жолығатын бастықты сағалаймын. Арыз-арманымды айтамын, - деді Жанұзақ.Әлқыдыр Гауһарға шетел ақпаратының өлім жазасына кесілген Қайратты құтқарып қалу үшін шырылдап, ажалға ара түскенін айтты. Дәл осы мезгілде Чехославакияның адам құқықтарын қорғау жөніндегі "Хартия-77" атты тобы да, Қайрат Рысқұловқа байланысты мәлімдеме жарялап жатқан. Соны Әлқыдырдың кішкене радиосынан Гауһар ет құлағымен естіді.- Ақылға сал, тым құсалана берме, қарындас. Жазықсыз аққан қан, төгілген жас тегін кетпес. Әділеттің ақ туы көтерілер бір күні. Мүмкін Қайратты ататын болар? Бірақ оның рухы қалады ел жүрегінде. Аты сақталады тарих бетінде. Көтерілісшілер күйресе де, озбырлықтың шаңырағын шайқалтып кетті олар,- деді Әлқыдыр жүрерінде.- Сен ұзаққа бармай, ауылға қайтасың. Бірақ оқуыңды қайта жалғастыра алмайсың. Сені мұнан былай тұтқындайтын сылтаулары жоқ. Көтерілістің құрбаны болғандардың аруағы риза болсын, ендігі ғұмырымызда соларды ұмытпай жүру  қарыз да, парыз бізге. Олар кім үшін, не үшін жанын қиды?- деген болатын ол.Әкесі мен Әлқыдыр кеткен соң, Гауһар өзі жатқан бөлмеге кіріп, төсегіне жантайып еді. Қара қыз жетіп келді.- Қарайгөр өзінің түк білмегенсіп, тымпия қалуын. Жігітің не деп кетті? Тойларыңды қашан жасайсыңдар? Мені шақырасың тойыңа,- деді сылқ-сылқ күліп.- Ондай деме! Ол кісі ағамыз болады.- Ой, үзіліп кет! Алдайсың. Жақсы жігіт екен. Менің сондай күйеуім болса, Құдайдан онан өзге тілегім болмас еді. О, дариға теңшелмеген дүние-ай! Оһ... жалған!...Қара қыздың кеудесін сілкінте қалтырата шыққан ыстық жалынды күрсіну аса күйікті естілді. Енді бір сәт сыбырлай күбірлеп, әлденелерді айтып кетеді. Оқта-текте зар шерінің қайырмасындай етіп, алыстағы ауылдағы туыстарының атын соншалық ынтызарлықпен атап, шұбырта бастайды. Ойына шерден туған қасіретті ән оралады да, сұңқылдата сыңсып, зарлана өлеңдетеді. Ара-тұра күрсіну, жалбарыну, шарасыз сенделуден қоздаған өксікті саз сарыны еседі. Жан жалыны лаулайды. Жүректен атылған ыстық қаны бусанып, толқып аққан шер бұлағы жосиды. Түйдкетеліп келіп, ағыл-тегіл ақтарылады. Көкіректе булыққан зар тасқын атады. "Қара таудың басынан көш келеді..." деп басталатын "ақтабан- шұбырындының" аса зарлы "Елім-ай!" әнінің қайырмасын сыңсиды.Гауһар басын көтеріп, қара қыз айтқан халық әнінің әсем, сиқырлы құдіретіне жадыланып қалғандай табынады соған. Шошынған жүректі қатал тұяқпен қатты сығымдап алған сияқты боп, шеңгелдеп қысып, сәт сайын зар-зарын төктіреді. Оны есалаң деуге кімнің дәті барсын?! Осы сорлы жүректегі құпия шерін таратуды ермек ететіндей. Ендігі өмірінде көңіл-күйі қайғылы болатын, соның гөй-гөйін өзі өлең құрап, "елім-ай!" мен қайырады.Қара қыздың қылығына Гауһар бір уақ іштей өртеніп, күйіп-піскенімен, оның мұң-зарына ортақ болатын кездері көп. Қабырғасы сөгіліп, жаны ашитын. Осыдан бір жеті өткенде, қайда барды, қалай жол тапты, әйтеуір омыраулап, отқа түсіп жүріп, Жанұзақ, қызын жындыханадан алып кеткен. Қисыны - Әлқыдырдың да септігі тиген көрінеді. Алматы қалалық орталық емханада бүйрегін емдетіп жатқан жерінде, Гауһар өлердегі рақмет, алғысын жаудырып, қоштасып аттанған. Көкейіне білім шырағын жағып, ой-санасын нұрландырып жатқан әсем қала Алматы қалды артында. * * *Тарпаң мінезді тағы бір жыл желіп өтті. Сексен сегізінші жылы, мамырдың жиырма бірінші жұлдызында, "Семей түрмесіндегі Қайрат Рысқұлов жұмбақ өліммен дүниеден өтіпті" деген суық хабар сұр жыландай сумаңдап жетті ауылға.Әлқыдыр өз құлағына өзі сенбеген. Өңі ме, түсі ме? Шын естіп тұр ма? Аяулы сырласы, жанкүйер досы еді ғой ол. Жүрегі тас төбесіне шыққандай, меңірейіп, есеңгіреп қалған. Тірі Қайрат көз алдында күлімсіреп тұр. Өлі деуге қалай қисын оны!? "Есілім-ай! Еңіреген ер едің-ау! Жо...жо...жоқ... сен тірісің! Сені өлімнен құтқару үшін жер шарының түкпір-түкпірінен азынаған ақ тілек, шындыққа шырылдағандар қайда қалды?! Әділет деген осы ма? Сталиндік қаншелек саясаттың бұғалығы бүгінгі нояндардың қолынан түспеген екен-ау, е! Қайран Қайрат! Шын кеттің бе арамыздан?!..".Тағаты кетіп, өрекпи соққан жүрегінің дүрсілін баса алмай, ауылдан Семейге жедел жүріп кетті де, басқа ешқайда бұрылмай, Жанұзақтың үйіне төте тартты Әлқыдыр.Гауһар ауласынан шығып, қос қанатты, жасыл сырлы қақпаның сыртында жалғыз тұр екен. Көзі домбығып, шерін ақтара жылағаны бесенеден белгілі. Қабағы қатыңқы. Томсарған бейнеде.- Е... ағай, сіз екенсіз ғой?...- Танымай қалдың ба?- Жоқ, неге танымаймын? Құдайдан безбеймін бе сізді танымасам? Көзімнің алды мұнартып, тулап жатқан қан теңізінің жағасында тұрғандаймын...- Неге?- деді Әлқыдыр түсінбеген сыңаймен.- Естімедіңіз бе? Қайрат ағаның түбіне жетіпті ғой сұмырайлар!...- Естіген соң, есеңгіреп жеткенім.- Әлқыдырдың де көздері боталап, өкпесіне өрт кеткендей, ыстық ағын көкірегін күйдіре кеулеп кетті. - Қалай өлгендігі жайлы сыбыр-сыбыс бар ма?- Кім біледі? Құрдым құпиялығын сездіре ме, сұрқиялар?!- Қайратты әшкере атып, жұмыр жерді шулатқанша, жасырын жайлады да...- Бұлардан шықпайтын сұмдық бар ма? Жамандықтың бәрі қолынан келеді.- Жакең үйде ме?- Жоқ. Қайрат ағаның өлімін естіген қаладағы есі бар қазақ үйінде жата ма? Түрме жаққа кеткен болатын. Мен де солай барайын,- деді Әлқыдыр, боталаған көзінің жасын жасыруға тырысып, теріс айналды.- Мен әкеммен жарыса баруға тартындым...- Оның да жөн.Туған ағасы дүниеден өткендей боп, жүрегін жалын қапқан Гауһар, Әлқыдырдың соңынан біраз қарап тұрды да, ауласына жыламсырап кіріп кеткен еді.Сол күннің ертеңінде, марқұм Қайраттың жаназасына көп қауым жиналды. Досының қазасына қабырғасы қатты сөгілген Әлқыдыр егіле елжіреген. Сүйек салынған табыттың бір жағын көтеріп, мешіт имамының қасына жақындата бергенде, аяғы шалынысып, жығылып кете жаздады. Қайырымсыз, ажалынан бұрын келген қаза-қасіреті ортақ достарына аса ауыр тиген-ау! Өксік шер, күңіренген көп көңілде, мол қасірет лықсып, улы тасқын лоқсиды.- Жақсы адам ба?- деді жаназа шығарған молда.- Жақсы адам!- Шейіт!- десті жамағат, сәл бөгеліп.- Алашақ ақыларың бар ма?- Жоқ.- Жоқ.- Оның қан қарызы басқада бар!- деп қалды бетіне безеу шыққан, кеудесі есіктей, еңсегей бойлы жігіт.- Қан қарызы парасат майданына барғанда өтелетін шығар? Бұл жалған дүниенің теңсіздігі дес бере ме?!- деп күңкілдеді Жанұзақ.- Көзі кеткен соң не керек!? Қалай айдаса солай төңкерілетін момын қазақ-ай! Аңғал-саңғал мінезің қашан қалар екен?! - деушілер де болды жаназадан жұрт тарай бере.Жанұзақ, Әлқыдыр бейіт басына жаназаға жиналған мол қауыммен бірге барды. Әлқыдыр көр құдығына өзі де түсіп, табыттағы Қайраттың мәйітін ақымға екі адамның бірі боп кіргізді. Еті қашып, сүйегі өзгеше жеңілдеп кеткен екен Қайраттың. Жаны кеткендікі ме, бойы ұзарып, шылғи қайыстай созылған сияқты. Жүзін кағбаға қаратып, оң жамбасын жерге тигізді. Ақыреттің басқа жерін ашып, денесіндегі өзге жарақат-дақтарды көре алмаған. Бетінде, маңдайында, алқымында көк теңбілдер бар. Әлқыдырдың байқағаны сол ғана."Топырағың торқа, жаның жаннатта болсын, арысым!.." деп күбірледі көр ішінде. Қойны сұсты-суық, сызды, тас бауыр қара жер, үңірейген, обыр бауырына Қайратты алып қала берген сол күні. Оның Семейдегі туған топырағы томпайды да, сар даланың сағымы жортып, аңызғақ желі аңырай соқты.Жас бейіттің жанынан ауыр-ауыр қайғы, мұң арқалап қайтқан қауыммен бірге Жанұзақ, Әлқыдырлар да өзгеше күйзеліп, күңіреніп аттанған.Келесі жолы Қайраттың басына дұға оқығалы, әкесі Гауһарды да ерте барды. Зират басындағы мәрмәр тасқа Рысқұловтың бейнесі түсіріліпті. "Әкімшілік, әмірлік жүйеге қарсы күрестің құрбаны 1986" деген жазу бар. Тақта таста:"Қайрат деген атым бар,Қазақ деген затым бар.Еркек тоқты құрбандық,Атам десең атыңдар!"- деп елінің тәуелсіздігі үшін қыршын жанын қиюға қара басын бәй тіккен өз өлеңі жазылыпты. Жанұзақ марқұмның аруағына арнап, "Құлқуалланы" үш қайырып, "Құллағузы бира біл нас" пен "Құллағузы бира біл палақи" сүрелерін оқып, өліге иман, тіріге береке, жақсы күн тілеген.Сол жылы Қайрат Рысқұловқа арналған қаралы жиын ашылды. Жұртшылық түс ауа Абыралы ауылына баратын жол үстіндегі мұсылмандар зиратына жиналған. Қарақұрым қалың қауым - илеудегі құмырысқа дерсің. Елі үшін шейіт болған азаматтың рухына тағзым еткен жұрттың жүрегінде сұмдық суық ызғар, сұсты кек бардай. Түңіле түнерген жүздерде, қанға қарайған қатал қарғыстың сызы білінеді.Қаралы жиында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атына жазылған хатты Әлқыдыр оқыды. Хатта, Қайрат Рысқұловты жедел ақтап, еңбегін әділетті бағалау, Қазақстанның халық батыры атағын беру, ата-анасына қамқорлық жасау, оның қазасына қатыстыларды жауапқа тарту сынды өр мінезді талаптар қойылған болатын.- Уа, алақай! Елбасының емеурінімен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты үкімімен Қайрат ақталды! Шүйінші! - деп, Әлқыдыр әуелі Гауһар мен оның әкесіне жеткізген.- А, Құдай! Ақсарбас! Елі үшін құрбан болған еркек тотым-ай! Жасасын рухың!.. - деп Жанұзақ қуанғанынан айғайлап жіберді.Желтоқсанның мезгілсіз аққан жұлдызы қайта жанғандай боп, оның рухы қазақ елінің аспанында жарқ ете қалған мезгіл еді.- ...Бірақ...бірақ... Жиырма жасында тұтқын болып, бес жыл өткен соң ақталған Қайрат қайда бүгін?! О... дариға! - деп күңіреніп бір күрсініп алды Әлқыдыр.Тоқсан бірінші жылы "Жас қазақ" газетіне "Қайдасыңдар құйынның құрбандары?" деген тақырыпта азаматтық құқық сақтау орындарына Әлқыдыр, сияқты бір топ жастардың суреті басылып, үн қатуды сұраған мақала жарық көрді."Қазақстан - қазақтардікі. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болу құқығын талап етеміз! Қазақстанға шынайы тәуелсіздік берілсін!... Мыңдаған адамның тағдыры күні бүгінге дейін белгісіз. Тұтқындау, оқудан, жұмыстан қудалаудың сұрауы бар ма?!... Қастандық жасалып, жындыханаға апарылғандар шы?.." деген намыскер талап бой көтерді.Шерменде боп аққан жас, жазықсыз төгілген қанның бодауы ма? Әлде Алланың шапағаты шығар? Әйтеуір асатыдан қолға келген тәуелсіздік - Қазақ еліне аспаннан түскендей боп, теңдессіз бақ-тәлейдей сезілген. Жұлдызы жанған алматылық қазақтар сол күні Республика алаңына тайлы-таяғы қалмай, жойқын тасқындай ақтарылды. Қала сыртындағы аяғы жеткендер де, жел өкпесін аузына тістеп, алқына кеп, алаңға ат басын тіреген.- Алақай!... Алақай!... А, Құдай!- Я, Алла! Оң жолыңа баста! Тәубе!... Тәубе!...- Аруағыңнан айналайын, Қайратым-ай!... Еркек тоқты құрбандығым- ай! Қайдасыңдар желтоқсан дауылпаздары?! - Қасиетті қара жұртым-ай! Қазағымның маңдайына сыймап еді кең далам, қайта оралғаның шын ба, өтірік пе?!- Акау, мына желтоқсан құрбандарының қанымен жуылған Республика алаңы, бүгін үргілжің қазаққа қалай ауаша тие қалды, ә?!...- Тәуелсіздіктің арқасы шығар бұл да болса?..Талай ғасыр жүректеріне ауыр мұң, кейісті кек, қанаты талған қансоқта арман ұя салған қазақтар, бұл күнгі қуаныштарын қайтып жеткізерлерін білмей, көктемнің ашық күнгі көбелегіндей гулейді. Бірімен-бірі кеуде соғыстырып, көкіректерін өбістіре құшақтасып жатыр. Іштеріндегі зар-шері, шертілер күй-шежіресі көздерінің қуаныш жасымен бірге жосығандай.Осы күні алаңға алдымен үлгіріп келген Жанұзақ пен Әлқыдыр болатын. Іле-шала Қарқарадан Сансызбай қажының немере жиені Дарқан үлгіріп жедел жетті. Бұл мезгілде бір шаңыраққа ие болып, отбасының тіршілігінен шыға алмаған Гауһар Шыңғыс тауынан кезінде аяғы жетпеген екен.- Ойпыр-ау! Жиен аға, мұндай күнді де көреді екенбіз ғой?! Мың өліп, мың тіріліп еді сорлы қазақ. Қажы әкеміздің ұрпақтары да жер бетіне құмалақтай шашылған, - деп Жанұзақ, Дарқанның орта бойлыдан биіктеу, мол денесінен құшағын жаза берді де:- Ол қандастарымыз да қайта оралатын күн туар,- деп екі иығы селк-селк етіп, кеңк-кеңк күлді.- Құдай жаратқанда, ананың құрсағынан барлық адам - күнәсіз сәби болып дүниеге келеді. Қулық-сұмдықты да, жауыздық, зорлықты да, пенденің бәріне осы сайтан мінезді жалған дүние үйретеді. Бәрін де Алла тағала өзі теңшейді. Бұл дүниеде болмаса, о дүниеде. Алаңға жиналған жұрттың бәрінің де бүйірі қызып алған екен. Әсіресе талай алапат жылдарды көзімен көріп, арғы-бергі аласапыран шежірені ет құлағымен естіп келе жатқан көне көздер: "Сөйтіп едік-ау!... Солай болмады ма?..." десіп, өткен заманның көлеңкелі беттерін көз алдына келтіріп, соны айта береді. - Е, Құдай-ау! Қазақ деген даланың тағы қыраны сияқты ғой. "Ақ сұңқар жемін шашып жейді. Қара құс қанатының астына басып жейді" емес пе? Аңғал Қазақ, жерін де, байлығын да қанатының астына басып көрмеген. Сұңқар боламын деген. Мына заманда, қара құстан үйренетін жеріміз де бар-ау!- Жолбарыстай жүрек, арыстандай айбат, қасқыр мінез, түлкі қулық керек бүгін. Әйтпесе, әлі де азулының аузында, әлдінің алқымында кетеміз. Айырылып қаламыз әрең қолға келген тәуелсіздіктен, - десіп, гу-гу етеді.Аңызғақ ызғарлы жел аймалап, күнге қақталған шіркеу мұнарасындай мелшиіп қатып қалған, ойсоқты бейнедегі көсемнің көшедегі тас мүсініне арлы-берлі өткендер суық қарап, томсара жылыстайды. Ішінара біреулер неге екені беймәлім, сырт буын тартып, сыздап тұр. Алғашында алаңда жорта түсіп, соңында суыта қалған бірен-саран өзге жұрт та жоқ емес. Әулекі самал желпігендей құрақ ұшқан тағы біреулер:- Мерекелерің баянды болса екен!..  - деп қазақтардың ішкі дүниесінің қақпасын қағады. Алматы бүгін өзгеше бейнеге еніп, жыл құстары қайта оралған орманды өзен алқабындай ду-ду, мәре-сәрені жаны жақтағандай жай-жадыра.Сол күні кештен басталған қарттардың ұзақ-ұзақ әңгімесі жылап аққан өзендей жосып, келесі түнге жалғасып жатты. * * * Қазақстан тәуелсіздік алған күні Алматыға аяғы жетпеген Гауһар, "желтоқсан көтерілісінің" он жылдық, тәуелсіздіктің бес жылдық тойында сәті түскен. Бұл жолы күйеуі Жамалбек ертіп келіпті. Желтоқсан салған жарақаттың аузы алынғандай боп, қатты ашынып, әсерлі сөйлегендердің бірі Гауһар болатын. Тыңдаушыла­рын тамсандыра таңғалдырып, тағы да шешіле көсіліп, жын­дыханадағы хикметтерді айта бастаған. Анадай жерден Ақтоты бастаған топты көре сала: - Ай, Гауһар, ақ самайлы әпекең, Әлқыдыр ағаларың келе жатыр, - деп еді Жамалбек келіншегіне. Ол сасқанынан тілшінің микрофонын қолына ұстата салды. - Кешіріңіз! Туыстарымның алдынан шығайын...Қуанған да, қорыққан да бірдей-ау! Гауһардың есі шығып, жасқа толы, шаралы қара көздерінің алды мұнартып кетті. Ақтоты апайы мен Қанат, Маңлықтарды бір жылдың алдында Абай тойы кезінде ауылдарына барғанда көргенімен, Әлқыдырды, Қайраттың өлімінен кейін кездестіре алмаған. Он жылдың алдында өзін жендеттерден арашалап алған, тағдырлас жанға қаншалық қарыздар екенін ұмытпаған еді.Жақын қандастармен қаһарлы күндердегі тағдырластар­дың тәуелсіздік мереке күні табысқанның жөні бөлек екен. Үйірін тапқан жылқыдай шұрқырасып, кісінесіп, мәре-сәре болды да қалды. Қайғы мен қуаныш, жылау мен күлкі тоғысқан кездесу уытты сезімдерді ұйқы-тұйқы, аласапыран етіп, өткінші нөсер, бұршақ аралас төгіп өткендей сезілді. Жүректің терең түкпірінен шер шемені ауыз алғандай боп, көздерінен ырық бермей ытқып шыққан жас тамшылары-ақ, талай мұңлы саздың, шерменде шежіренің, сағына айтылған өксік әннің куәсіндей боп, "елім-айлап" тұрғандай. Бастан өткен бар кешудің зары, уыты әсіресе ұзақ жасаған ана көзінің ащы жасымен бірге домалап, алаңның  даңғылына тырс-тырс төгіліп жатыр.- Аманбысың жарығым, жаным!- деп әуелі Ақтоты әжей Гауһарды оңашаға тартып, толқып тұр. - "Туған жерде тұрағың болсын" дейді екен. Тұрағым, атбайларым - сендер ғой менің. Өлі арыстаннан, тірі тышқан артық. Арыстандар, арыстар дүниеден өтіп кетті. Көне көзден қалған тірі тышқанның бірі болып, жорғалап жүрміз әйтеу.Ақтоты Гауһардың сүйрік саусақтарын, әжімді алақанына алып, жұмсақ қысып-қысып қояды. Күлімсіреп, кемсеңдейді. Сөз арасында мақалдап-мәтелдеп кетіп, қиялының тұс-тұстан тасқын атқан селін қалай ағызарын білмей тұрған көрінеді.Екеуі ыңғайлана қалғанда, Жанұзақ күйеубаласы Жамалбекке, Әлқыдыр туралы, өзінің ықыласы қалай түскенін айтып кетті:- Көзін көріп көлгірсіп тұрғаным жоқ. Имандай шыным. "Туыстан жүріс жақын" дегенде, сол жүрісті жақындататын өзгеше бір керемет күш бар. Ол - жүректің сырластығы, мұңның ортақтығы екен. Қызыл империяның қылышынан қан сорғалап тұрған заманда да, Әлқыдыр бауырыммен мұңдас болдық. "Ақыл - ауыс, ырыс - жұғыс" дегендей Гауһарымның басына іс түскен кезде басымызды оңға қаратуға тілеулес болған еді. Бір апанның бөрісі болғанбыз ғой. Жақсылығын ұмытпаспыз. Елінің қамын жеп, тәуелсіздігін жанқиярлықпен аңсаған азаматпыз!- деп Әлқыдырді арқаға алақанымен қағып қояды.Оның көзі Гауһардың оң жақ бетіндегі танадай тыртыққа түсе берген. "Желтоқсан көтерілісі" кезінде орыс әскердің темір нәлі қаққан өкшесі тиіп, жарақат алғаны есіне келді Әлқыдырдың. Келіншек те сондағы жанкүйер жанашырын қиялдап кетіп, не деп алғыс айтарын білмей, көздері жаутаңдап, ыңғайсызданып қалды. Қыз кезіндегіден көрі сәл толықсып, омырауы өскен, гүлді ақсары көйлектің көкірек жағын көтере шертіп тұр. Сол күні Республика алаңынан жұрт арылған соң, Дарқан, Жанұзақ пен оның қызы, күйеу баласы да, Қанаттың үйіне барған. Ұлы әкесі Сансызбай қажының үрім бұтағынан өзі отырған шаңыраққа біреуі бас сұқса да бір жасағандай боп қалатын Ақтоты, бұл күні де, өлгені тіріліп, өшкені тамғандай болған. Айналасына әжім үйірілген мұңды көздерін қысыңқырап қойып, арғы-бергіден шешіле айтады:- Талай патша заманын бастан кешіріп келемін. Көңілі, пиғылы соқырлар, ханда да, қарада да болады, - деп арада жеңіл күрсініп қояды.-  "Бүкірді көр түзейді", оларды да о дүниеде көр түзейтін шығар. Әжей бірде өзі айтып отырған мақалына өзі қарсы шығып алып, рақаттана күледі. Осыдан бір жыл бұрын Шыңғыс таудағы ауылдарына барғанда Ақтотының әңгімесіне Гауһардың күйеуі Жамалбек қатты қызығып қалған. Жасында шаршы топта қар бұзып, шешендік танытып, елді аузына қаратқан кездері де болғанын, аңыз, шежірені де аса қызықты етіп, майын тамызып айтатынын ет құлағымен естіп еді. "Бүгін бұл кісіден не естиміз" деп, әр сөзіне ден қойып, аузына қарап аңырып отыр.- Нағашы апай, сізді бүгінгі үлкен тойда тағы бір сөйлетіп алмақшы едік. Тіл-көз болып қала ма деп қорықтық, - деді Дарқан. Әдейі қызық әңгіме шығарғысы келіп:- Ой, әдіра қалсын! Сексенді аралағанша тимеген тіл-көздің енді несі бар менде. Өлетін өгіз балтадан қорықпайды. Бір теңге беріп жырлатып, мың теңге беріп қойғыза алмағанның аяғын құшарсыңдар? - Ақтоты тағы да дауысын көтеріңкі шығарып күлді.- Өміріңізде дәл бүгінгідей қуанбаған ба едіңіз?- деді немере інісі Жанұзақ. Ақтоты сәл ойланып қалып, көсіле шешілді:- Қуандық қой әрине. Бүгінгі тойдың жөні басқа. Бүкіл жер жүзіндегі Қазақтың қуанатын күні! Бірақ қуаныштан гөрі Құдайға "тәубе!" жасаған жақсы. Алланың құлы жеңіске жеткенде, асып кетпей, нәпсіні тежеу керек. Ақтотының сөзі аяқтамай жатып, немере сіңлісі Айшаханның арақкеш қос қоңыры Қожабек пен Қожақан жетіп келді. Ол жазғандарда қатты қуанған сияқты. Қазақ елінің тәуелсіздік алғанын құттықтап, қуаныштары қойнына сыймай, ащы судан тәуірлеп тартып алыпты. Бұрын көрмеген Жамалбек оларға таңдана қараған. Сөз емеуріндерінен әлгілер өзіне балдыз болып қалатынын байқады да, жұмған аузын ашпады. Олардың сырттан естіп, көздеген нысаналары да таныспаған жезделерінен бірдеңе дәмету болатын.- Я, апай әңгімеңіздің жалғасы?- деп еді Дарқан.- Рухы өлген адам хайуаннан парықсыз, - деді Ақтоты. - Адамдық қасиетті жойып, нәпсіні қоздыратын пәле арақ, темекі-насыбай, наша сияқты нәжістер. Нәпсіге қуат беретін нәрсе - мақтаншақтық, өзін өр санау, көрсеқызарлық (құмарлық) пенен аузы босамай, мағынасыз бос сөйлеу. Нәпсіні ақыл ғана жеңеді, қарақтарым. Адам рухы деген асыл нұр ғой. Рухтың мекені жүрек. Жүрегінде жылуы, нұры бар адам тегінде иманжүзді болады. Ұятты біледі. Таубадан танбайды. Қазағымыздың жат жұртқа көз түрткі болмай, өзіне-өзі қожа болғанына "тәубе!" дейік Құдайға! - деп тоқтаған.- Әжей медіресе оқыған ба? - деп сұрады Жамалбек Қанаттан.- Бала кезінде ауылдағы Нұркелді деген молдадан сабақ алыпты. Ол кісі Семейдегі медіреседен оқыған адам екен,- деді Қанат.- Сендер жассыңдар қарақтарым. Жақсы заманға кез болдыңдар. Көрер қызықтарың алдыда. Неге осы?.. - деп Ақтоты қонақ отырған үйге баса көктеп қызулау кірген қос қоңырға шаншыла, суық қарады. Әжейдің жер түбінен қазып айтатын өсиетінен именуші еді олар. Ақ түтек бораннан ыққан бөлтіріктердей бастарын төмен салып, салпиып отырып отырып қалды да, сәлден соң үн-түнсіз үйден шыға жөнелді. Олардың неге келгенін, "бұйымтайларын" сұраған ешқайсысы болмаған.Ой түбіне өңез болып қатып қалған мұң-шерін Ақтоты қырғышпен қырғандай қып, көңілдің кірін, қазып айтып тазартқысы бар. Ақбас шыңның тамағының астынан бастау алған, тау суындай мөлдіреп, әңгіме бұлағы көкірегінен жосыла берді.- Ұйқыларың келген шығар?- деп еді әжей бір заманда.- Жо...жо...жоқ. Нағашы апай, айта беріңіз. Бозтарланның бүйрегі енді қызып келеді,- деді Дарқан мол денесін сілкілей күліп.- Айтқаныңыздың бәрі сап алтын ғой. Мына отырған жастар, халықтың басынан не өткенін кітаптан оқып ұққанымен, сіз сияқты көзімен көрген жоқ,- деп қалды Жанұзақ.- Оның бер жағында қазағыңыздың шын тарихы кітап бетіне толық түсе қойды ма? Шынайы шындықты жазуға жазушылар да батылдық етпеген...- деді үлкендердің сөзіне кимелегісі келмей, сақтанып отырған Жамалбек.- Еститін құлақ болса, айтуға әңгіме табылады ғой, - деп Ақтоты терең тыныс алып, күрсініп қойды. - Сәті кеткен дүниенің беті ары қарайды, қарақтарым. Еліміздің беті бері қарады. Болашағын біле-білсе адамның бәрі әулие. Өспейтін елдің баласына келіспейтін кесел жабысады. Құдай осы кеселден сақтасын!Әжей ара-тұра, арғы заманның әсерлі аңызымен немесе мақал-мәтелмен әңгімесін тұздықтап алып, желісін алысқа тартты. - Ақ иық ақын Таңжарықты ұстап кеткенс соң, Іледегі ел іші тыныш болмады. Қытайдың патшасы сан құбылып, қарауындағы аз ұлттарға сайқалдық жасады. Елдің сорпа бетіне шығар қасқа мен жайсаңын, оқыңған көзқарақты кісілерін бірінен соң бірін тұтқын­ға алды. Халықтың қолындағы суық қаруды жинады. Алтайдағы Ырысхан төңкерісі, Оспан батыр бастаған көтерілістердің дүмпуі ақырында үш аймақты шарпыған, балаларым...Ақтоты Қазақстан тәуелсіздік алған күні қатты шабыттанды ма, шынында қыза жүгірген боз тарлан болды бұл түні. Ұшы- қиыры жоқ ұзақ әңгімеге түсті де кетті... Ол заман әжей айтса айтқандай болған еді. * * *Ақын Таңжарық пен Махсұт гуандай (аға сұлтан) тұтқын болғалы, олардың атажұртының қара шаңырағы, теңізге дауыл тұрған күні сапарға шыққан алып кемедей кенет шайқалды.Күнес өзені жағасындағы күзеулікте тары қаралап отырған Сасан ауылы "тағы да адам ұстайды екен" деген суық хабарды естіп үркердей боп отырған.Жолдыбай бала күнінен жұлқынып, жұлымыр болып өскен. Ауыл арасы сотқар-содырлармен де үзеңгілес болып өсті. Жақын жылдардан бері, Күнес басы Желдікезең, Дағыты асуларын асып, торғауыт қалмақтарынан жылқы барымталап әкеліп, суық жүрісті жортуылшы жігіттердің қасынан табылатын. Ұлының осындай қыңыр, бөгде жүрісін жақатпайтын Жарылқасын жасы келіп қалғанда тіпті ерсі көріп, оған жат ажар көрсететін. Дегенмен Жолдыбайдың, момын, жалғыз-жәутік, қайратсыз, қорғансыз шаңыраққа жанашырлығы өзгеше. Ауыл арасы жырым-шеттік, көген, ноқта, арқан-жіп, көр-жар дүниені іле қашатын ұсақ ұрлыққа баспайтын талғамы да бар болатын оның.Бірде әкесі онымен оңашада сыр тартып, мұңдасатын.- Балам-ау! Бір аруақ, бір Құдай! Біздің тұқымымызға жамандық жақпайды. Қажы әкеміздің тірлігінде айтып кеткен аманаты: "біреудің алажібін аттағың келгенде, Құдайдың алдына баратыныңды ұмытпа!" дейтін. Сен де осы өсиетті есіңе ала жүрші!- деуші еді.- Бөрі келсе бірігетін ауыл иті құрлы жоқпыз ба, әке? Қазақтың кегі кеткен жат жұрттан бізде жұла қашып, жеп тұрмасақ тісіміз қышиды ғой. Екі қолы алдына сыймай, түстік аңдыған жай қыдырмашылар да Құдай алдына ұялмай барады-ау! - деген-ді, әкесінің шұнақ құлағына көз жүгіртіп.- Қазақтың басқа жұртқа кеткен қайсы кегін қайтарып аламыз, балам? Өткеніңе түңілесің. Алдыңа қарап, сабыр етіп, тоқтайсың, - деді. - Ауыл итінің құйрығы қайқы. Бірін-бірі ұстап, жығып бергенге мәз. Сен осы бір қатерге басыңды байлап жүргеннен саумысың?Егделеп қалған Жарылқасын, Жолдыбайдың қанталаған іспетті қасқыр көздеріне күдіктене қарады.- Төңкеріске қатынасамыз! - деп еді Жолдыбай шолақ жауап қайырып.- Аса қайрат - жанға қас,- деді әкесі ауыр күрсініп.- Көтеріліс жасаймыз деп, қаншасы қанға боялды қазақтың? Таусылып кетерміз?!- Қанды - қанмен жуу керек!..- Биыл сенің жиырма бес мүшел жылың... жасың өтіп барады. Үйленуді қайтесің? Бой жетіп отырған қалыңдығың бар ғой?- Асықса, күйеу табылмай қалмас жас қызға. Таңдаған байына тие берсін.- Үй, сен тантыма! Қалыңдық деген жас баланың қуыршағы емес, ойыны қанған соң лақтырып тастап кете беретін. Не деп тұрсың?!Жарылқасын ұлының салбыраңқы ителгі тұмсығына, оттай жайнаған көздеріне қалжырай қарап, бас-аяғын сүзіп шықты. Желкесі бұж-бұж жуан мойнын әкесіне зорлана бұрып:- Соғыстың аты соғыс қой... жесір қатындарды көбейте беріп қайтеміз?- деді Жолдыбай. Жейдесінің жағасын жүре түймелеп, далаға шығып бара жатыр еді.- Тоқта!- Я?- Тізеңді бүкші. Кел бері менің қасыма. Тыңда сөзімнің соңын! Неге бұртия қалдың? Соғысқа қатынасқан соң желің басылар...Жарылқасынның бурыл мұрты салқын көтеріліп, астынан кекесін шырай жылт бергендей болды. Жолдыбай, көселеу бетін жымия қыржитып, ибалы шыраймен монтаны күлімсіреп, көнетоз қайқы бас төсекте отырған әкесінің аяқ жағынан орын алды.- Құлағым сізде. Не дейсіз тағы да? - Жарылқасынның самайындағы жіңішке тамырларына қарады - Нылқыда Акбар, Сейіттер көтеріліс бастап кетті. Ынжықтар, әлі де от басынан оза алмай жатырмыз...- Біз ескі әдеттен арыла алмаймыз балам. Ерте заманнан солай. Кенеліп те болғанбыз. Кеміріліп те тозғанбыз. Ендігі дүниенің қызығы да, шыжығы да жастардың сыбағасы. Алдыңды тоспаймын балам. Тек бір ғана тілегім бар: Ақсарбас қой сойысып, ақ бата жасасып, айттырып қойған қалыңдығыңды табалдырық аттатып, оң жақ босағамды қызартып кет! Бет алдыңнан жарылқасын! Құдайға аманат! "Алаштың" туы жығылмасын илаһім!...Жолдыбай әкесінің әжім басқан үлкен қоңыр құлағына (сау құлағы) қолының бадырайған айқыш-ұйқыш тамырларына қарап отырып, ойланып қалды. Кәріліктің қоңыр дақтары басқан жуан, салалы саусақтарының сыртына үрейлене қарады. Тумысынан бірбеткей, қаталдау кісі, қартайған соң не сорым! Көңілі бұзыла кірпігін қаққыштай берген. Алақанын оң жая ма? Әлде теріс жайып, қара дауылын қаптатып қала ма? Жолдыбайдың күдігі де осы жағы. Ол, қымсына, әзілге сүйеп айтты ойын:- Өзіңді сыйлап, ыңғайына көнетін келін керек болды-ау, сірә?- Әрине.- Солай деңіз?- Ол жағы да бар. Дегенмен өзіңнің де, қалыңдығыңның да бағын байлама! Ақ бата қолжаулық емес!..- Жаман айтпай, жақсы жоқ. Жат босаға аттаған соң, қияға қонған қыздың бағы шынайы байланбай ма? Алда-жалда қаралы келінге қарап қалсаңыз қайтесіз?! - әр жерін ұстара кесіп, көкпеңбек етіп қырған жалтыр басын сипалай берді.- Обалдарыңа қалармын...Түйіліскен сезімдерінің әсерімен көздері жасаураған Жарылқасын қарауытқан қабағын түйіп, көзінің алдына көлеңке түсірді.- Құдайдың басқа салғанын көре жатармыз. Әкеңнің еңістеген шағы. Ажалды да ардақты қонақтай күтетін кезім жуықтап келеді. Бір тілегін орындап кет!...Осы күнге дейін Жолдыбайдың асыранды бала екенін Жарылқасынның отбасындағылар аузынан шығарып көрмеген. Бірақ, ол өзі, әкеге де, шешеге де, жалғыз ағасы Жарболға да мүлде ұқсамайтын оң-парым мінездеріне іштей күдіктенетін. Ол өмірдің теріс жақтарына ерте көз салды. Жарамсыз, әр нәрсеге әуестенетін құштарлығы да ерте өсті. Қарлығып, барылдаған жуан дауысы гүр-гүр етіп, әке ақылын алмайтын кеудесі де, Сансызбай қажының тұқымында жоқ мінез. Мекіреніп сөйлейтін, сықсима сұм көздері де тым уытты да, отты. Батыр тұлға, өр көкірек, алып дене бітіміне, неден болса да тайынбайтын қанқұйлы батылдығы да бар еді. Оның осындай қылықтарына түйткілденіп қалған әке басына оның өзгешелеу балалық махаббат уы запырандай төгілетін. Бұл жолы Жолдыбай әкесіне нағып оңай жіби қалды екен?- Мақұл. Көндім, - деді. - Мынадай аттың жалы, түйенің қомында, қазақы ырым-жырымды қайырып тастап, келініңізді жеделдетіп, тұғырға қондырып алыңыз! Аяқ бауын үзіп, зытып берсе, обалыңыз өзіңізде.Жүрек түкпірінде қалған араның уындай өткір нәрсе, қан ұйыған жарасына қадалып барып, қайта суырылғандай болған Жарылқасын жадырап қалды.- Ризамын, балам! Рақмет жөніңе келгеніңе!Жолдыбай үйден шыға бергенде, кимешегінің жағынан қобырап шыққан бурыл шаштарын, абайлап қымтай кірген шешесі байқаусызда баласына соғылып қала жаздады.- Апа, қамдана бер...- Неменеге?- Келін түсіруге.- Рас па?- Сенбесең, әкемнен сұра.Екеуінің есік алдындағы сөзін, үйде отырып естіген Жарылқасын қақырынып қойып, тамағын қырнады да:- Ай, Ғазиза, мән-жайды менен ұқсаңшы. Ұлың қарбалас жұмыспен жүр. Шүйінші! - деді. Бес биенің сабасындай кең-мол, етті-женді бәйбіше кеңк-кеңк күліп, іркілдей басып, табалдырық­тан асыға аттады.- А, Құдай-ай! Көнді ме әйтеу?- Көнбей қайда барады дейсің?- Көрім болған екен. Қамданайық. Енді құдаңды көндіре алсаң...- Тумысынан көргенсіздеу, сіңірі шыққан кедей отбасы ғой. Құдаң да оңып тұрған жоқ. Үндемей қабатын төбет сияқты. Бірақ жомарттық мінезі де жоқ емес.- Алдап-сулап, еркіне жіберіп барып, алыстан қайырмаймысың?- Бір жөні болар. Жындыбас ұл жөнге келді ғой әйтеу.- Ой, Жолдыбай ма, бұл оңбаған, бәрін біліп істейді. Сөз ұғатын тентек...Сол күннен бастап, бас-аяғы бір жетіге жетпей, айттырып, құда түсіп қойған қалыңдықтың тойы өтетін болды. Құда жақтың руы шоқпар. Оларда он алтыншы жылғы дүрбелеңде арғы беттен келген. Сасан ауылына сіңбелердің бірі. Жұмабек, Ажыбек, Нұрбек дейтін ағайынды үшеу. Үйленіп, бала-шағалы болған үлкені Жұмабек. Өзі де, үндемес әйелі Үрім де шешектен болған, ине шаншар жері жоқ шұбар. Мәңкілдеп сөйлейтін пұшық шешелері де жөн-жосықты білмейтін нақұрыстау, шатпақы кемпір. Екіншісінің жасы келседе, үйленуге шамалары жоқ. "Әттең тонның келтесі-ай!" деп жүрген сүр бойдақтар. Өздері шетінен мырза сүрей. "Таңғы нәсіп тәңірден" деп, бүгін тапқанын ертеңге жеткізбейді. Ұзап шығып, көлденең табыс таппаса да, ауыл арасы суық қолдықтары да жоқ емес, кісі есігінде жүріп те жарытпайтын жалқаулар. Керіліп жатқан кең даладан егіншілік ететін алақандай жер де тимепті. Қысы-жазы аудан орталығы Бестөбе қалашығынан шықпайтын. Жайлау-қыстаумен жұмысы болмайды, отарлататын малы, шаңырақ көтеретін киіз-кешекке жарымаған соң, там жастануға бауыр басып қалған. Жақын жылдардан бергі тіршілік тынысы қырғыздардан боза ашытуды үйреніп алған еді. Үндемес Үрімнің сарала-салпы етек болып, түн жарымына дейін сылбыр қимылымен тындыратыны бір күбі толы бозаны баптау. Бошық кемпір Ырысхан да мыңқ-мыңқ етіп жандай шабады. Ал ағайынды үшеуінен бекер адам ілуде бір кезігетін шығар. Жаздың ұзақ күнінде үйден шығып, көлденең табысқа аттанбаса, Ажыбек пен Нұрбек те, қыс қылаң берген соң, ағаларының үйінен алыс кетпейтін. Ермектері кезек-кезек тыңқылдатып шертетін қалақтай қара домбыра. Онан қалса, боза ішуге келгендермен бірге отыра қалып, қарта, дойбы ойнау.Бозадан түскен тиын-тебен болмаса, бұл отбасының өзге кірісі болмайтын. Бұттары жылтырап, жалбыр-жұлбыр киінген қызыл сирақ балалары үй іргесінен ұзап шыға алмайды. Оқу жасына келгендері де мектеп табалдырығын аттауға жағдайы жоқ. Жұмабектің тұңғыш қызы Қымбаттан басқасы, пұшық кемпірден бастап түгел сауатсыз. Жүдеу, шоқпыт жоқшылық иектеп алған отбасы болатын. Бастауыш мектеп тауысқан соң оқи алмай қалған Қымбат биыл он жетіге шықты. Аққұбаша, сұңғақ бойлы, момақан мінезді бойжеткен, көрер көзге онша көрікті де емес. Жүрегі таза, қылтың-сылтың, елең-селеңі жоқ, жабырқау, ибалы мінезімен жағымды. Астыңғы ерні салпиыңқы, шықшытында сөлкебайдай қып-қызыл қалы бар.Бастабында әке-шешесі, аға, әпекелері құда болатын жақтың күй-жайын білетіндіктен, құдаласуға бірден төңкеріліп түспеген. Жолдыбайдың өзі ұнатқан қыз баланың басы жақсы болған соң, кет ары болмаған еді. Оның бер жағында он екіде бір гүлі ашылмаған Қымбатты өсекке қалдырып, арына дақ келтірген де Жолдыбайдың өзі. "Ақылды тентек" аталып жүріп, "содыр тентек" атанған жері бар. Қазіргі қалыңдығы осы Қымбат болатын.* * *Қоңыр күз. Іледегі ақын Таңжарық бастаған бірнеше зиялы қауым қудаланып, түрмеге отырғанына бір жылдан асқан. Шинжиаңды шеңгеліне ұстаған Шиңшысәй үкіметінің құйы бұзылып, өзі шығарған "әділетті алты саясатынан" жалтара бастаған кезі еді. Бестөбе қалашығындағы мәдениет үйінде істейтін ешкім қалмай, қазақтың сорпа бетіне шығар атқа мінерлері арт-артынан қолға алынып, қуғын түсіп жатқан. Балапан басына, тұрымтай тұсына тағы да ауыр күн туды да, Ақтоты Күнес ауданының мәдениет үйіндегі міндетін өтей алмаған. Атақты күйші Әшім, Құлжа қаласындағы аймақтық көркемөнер үйірмесінен, Күнестің мәдениет үйінен келіп, жасөспірімдерге домбыра үйрететін үйірме ашып жүрген. Соған қатынасқан балалдардың қатарында Жұмабектің қызы Қымбат та бар еді. Әшімнен күй, Ақтотыдан ән сабағын алатын.Ақтотының көңілі қатты құлазып, үйде жалғыз өзі Абайдың өлеңдерін оқып отырған. Есікті асығыс ашып Қымбат кірді үйге. Шырайында әлденеге қуанышы белең береді. Қолындағы қымтып ұстаған сары конверттің сыртын кір шалған.- Тәте, мына хатты сіздердің орыс жеріндегі туыстарыңыз жіберіпті. Біздің бір жақынымыз ала келіпті, - деді Ақтоты, конверттің сыртындағы жазуды оқыды: "Оңғарсынұлы Баймолдадан, Ақтоты Жарылқасын қызына тиеді" - депті. Кіші әкесінің баласы Баймолда Ақтотыдан бір жастай ғана кіші еді.Екі бет шақпақ сызықты қағазға құмырсқаның ізіндей қып ұсақ жазылған хатты оқып отырып, Ақтоты өзін тоқтата алмай, өксік ата солқ-солқ етіп еңіресін. Жүздері мен кірпіктерінде қалың қорқыныш пен ауыр уайым басқандай боп, жүрегі тоңазып, қатты бүрісті. Жасқа толы қара көздерінде панасыздық байқалып, мұң-шер үйелегендей.- Тәте, жыламашы! Неге?...- деп жапақтады Қымбат.- Арғы бетте ұлкен соғыс болып жатыпты...- Орыстар мен қазақтар ма?- Жоқ. Германия дейтін мемлекеттің патшасы Гитлер деген адам Совет Одағына шабуыл жасапты.- Олар да орыс па?- Немістер.- Қазақтар қайтеді?- Қазақтан әскер алып, соғысқа апарады екен. Кіші әкемнің баласы майданнан жазыпты мына хатты, - Ақтоты конверт сыртындағы "Баймолда" деген жазуды көрсетті. - Осы кісі.- Сіздің ініңіз бола ма?- Я.- Оған неге жылайсыз?- Хаттағы сөздің қайсыбірін айтам саған? Біздің арғы беттегі қалған туыстарымыз да, басына күн туған соң басқа елдерге босқын болған. Кіші әкелерімнің біреуі атылған, бірі жер аударылған. Ол кісі де елсіз-күнсіз жерде дүниеден өткен. Басқа да о дүниелік болғандарды жазыпты...- Кіші әкеңізді неге атады?- Үкіметке қарсы болдың деп...- Не үшін қарсы болады?- Қазақтар бұрын хандық құрған өз алдына жеке ел емес пе? Кейін орыстар өзіне қаратып алған. Енді бөлінеміз десе жау болады ғой, әрине? Қымбат көк тамырлары көрінген арық саусақтарын айқастырып, бір сәтке үнсіз отырып қалды да:- Біздің үкіметіміз де, аға сұлтан Махсұт пен Таңжарық ақын, Жайырбек әкім сияқты көп кісілерді абақтыға қамады. Оларды да ата ма? - деді көздері алара түсіп. - Шыңдубән: "Совет Одағымен доспыз" деді ғой?- Кім біледі қайтетінін? Қазаққа қайда барса, Қорқыттың көрі болып тұрмай ма, көкем-ау!... Орыс пен Шыңдубән ауыз жаласа қалып еді. Қазір олар қыңырайысып қалғандай...Ақтоты мен Қымбаттың сөзін бөліп, Жолдыбай жетіп келді. Апайының жанарындағы жасты көріп, тасырайған сұрғылт көздерін сығырайта қадап, қарап қалыпты. Оның қаны қаша бастаған бетіне таңдана ойланды да:- Көке, (Ақтотыны көке дейтін) нағып жылап отырсың?- деді шошынғандай. Ақтоты арғы беттен келген хатты үнсіз, мұңайған қалпында Жолдыбайдың қолына ұстатты. Ол газет қағазына оралған шылымның тұқылын еденге тастай салып, табанымен тарпыды да, ернін жымыра, қозғалмай, хатқа сарыла үңілді. Өкініш өзегін тырнап, ызалы ашумен тістеніп қояды. Ренжулі аузынан темекінің иісі бұрқырайды. Күнге күйген етті, жуан мойнын жейдесінің жағасы қажап қызартқанын да Қымбат анық байқады. Сол көзі жыпылықтап тартып тұр. Бірнеше күннен бері ұстара тимеген, сирек сақал-мұрты тікендей тік тұрып, іштегі ызғардың найза іспеттеніп кеткенін байқатады. Үнемі көріп жүрсе де, еңсегей бойлы, алып денелі жас жігіттің қара жылтырлау, қою қасты, сұлу бет пішінін аңғармаған екен. Бойжетіп қалған Қымбат оған іштей таңырқап, қалайша аңыра қарап қалғанын өзі де сезбеді. Оны Ақтоты ғана байқады. Арғы беттен келген хатты оқып болған соң, Жолдыбай:- Ұқтым. Түсінікті бәрі де...- деді де, әлдекімдерді жек көрген пішінмен бір көзін сығырайтып, мырс етіп күліп қойды. - Жылағанда не өнеді, көке?! Жолыбай торсықтай екі шекесі мен қара құсының ортасындағы құж-құж құжырлы құйқаларын, оң қолының саусақтарының басымен сипалай отырып, Қымбаттың жібек талындай құлын жал, ұзын шашын төбесінен қақ бөлген ақ сызығына қарады. Салпиған аңқау еріндеріне, сәл бүріскен кішкене құлағының қауметі астындағы қынадай қып-қызыл қалына да сәп салып, көз тоқтатты. Ойнақы да, сабырсыз көзбен жас қыздың бас-аяғын шолып өтті...Сол күні Сасан ауылының жылқы қостарына кеткен Досжан ел орынға отыра келген болатын. Күйеуі жоқта жалғызсыраған соң, Ақтоты, Қымбатты қасына жатқызып жүрген. Ол өзінің отбасына ертерек кеткісі келіп еді, Жолдыбай Қымбаттың үйінен боза ішуді сылтауратып, іркілмей ере шықты. Екі үйдің аралығы бір жарым шақырымдай ғана. Бірақ, төте жол айналасы соқпа таммен қоршалған алма бағын аралап өтетін.Ай қораланып қалған. Аспан ала бұлтты. Үп еткен жел жоқ, май тоңғысыз қоңыр күздің қоңыр түні. Қымбат үйден шыққан соң, көзін жыпылықтатып, қараңғы түнге қарады. Күндіз тіршілік қамына тоғытылған қалашық тым-тырыс мүлгіп тұр. Бұлт жыртығынан өшкіндеген ажарсыз жұлдыздар жылт етіп, тез сөнеді.Алма бағын аралап өтетін жалғыз аяқ жолмен сан рет жүріп дағдыланған Қымбат қымсынбай-ақ, алдына өзі түскен. Орғып басып, бұрымдары арқасында бұлаң-бұлаң етеді.- Аға, алыс та болса, қорықтың сыртымен жүрмегеніміз- ай! Не деген қараңғы еді ағаш арасы, - деп қалды, ақсары сәтен көйлегінің етегі ағараңдаған қыз артына бұрыла қарап. Жолдыбайдың еңгезердей сұңғақ бітімі төбеден төніп тұрған, үңірейген биік жартастай көрінді оның көзіне.- Қорқып келесің бе?- Жо...қ...сіз барсыз ғой қасымда.Сәл сарала тартқан алма ағаш жапырақтары су астынан сыбырлағандай сыбыс беріп, ну арасынан шырылдауық шегіртке шырылдайды. Алдынан сумаңдап шыға келген ақ қаншық "арыс" етіп қалып, сасқанынан жалт беріп еді, алаңсыз келе жатқан Қымбат шалқасынан түсе жаздады, соңындағы Жолдыбай оны құшақтай алып, сүйеп қалған. Үйіккен қаншық екен. Сүмеңдеген он шақты төбет тілдерін салақтатып, қызғанышпен қыңсылап, ар-гүр етеді. Ала-құла киінгендей өңкей қарала, сарала, ақ төс тарғыл өңкей дөкей төбеттер. Дүлей тағылықты әлденендей әзәзіл құмарлық бұғалықтап алған сияқты. Сол сұмдық ынтызарлық төбеттерді де жанталас-жанқиярлыққа итермелегендей. Иттер ұзай бере у-шуға басып, әлдеқандай әлсіздеу төбеттің біреуін алып соғып қаңқылдатып талай бастады.Қымбат жігіттің бауырына тығылып, бүрісе түсті. Ып-ыстық алақанында майда діріл бар. - Кәне қорықпағаның? Торғайдың жүрегіндей-ау, жүрегің!- Абайсызда...- Қасыңда келе жатқан мені ұмытып қалдың ба?Қымбат өз қылығына ұялғанынан жұтынып, ақ тістерін жарқ еткізіп езу тартты. Қушиған беттерінің шұңқырында тер тепшіді. Ағаш арасында пысуы жетіп қалған әредік-әредік ақ ерменнің елітерілік ащы иісі аңқып тұр. Аспанда долы жел түткен бұлттар сылбыр көшіп, өгіз аяңмен жылжиды. Алмағаш арасында таптаурын болған үрпек-шүрпек өңі қашыңқы қара көк шалғын айқыш-ұйқыш. Арық, сұңғақ бойлы Қымбаттың жасы он беске биыл ғана толғанымен, серендей екен. Қыз-келіншектерге қырғидай тиетін жындыбас Жолдыбайдың өрескелдеу батылдығы да бар еді.Бойжетіп қалыпсың ғой? - деді Қымбаттың қыпша белінен қапсыра құшақтай алып. - Не деген сүйкімдісің!Өмірінде өз басы жігіттерден әлі мұндай өкпек қылықты көрмеген жас қыз абыржып қалды.- Қойыңызшы, ағатай! Екі бетін оттай жандырып, өне бойы балбырай түсті. Жұлдыздар қоламта арасынан жылтыраған шоқтай бұлт жыртығынан талмаусырай жыпылықтайды. Қыздың жанары қапастағы құстың көзіндей жылт-жылт етті. Қымбат жігіт құшағынан құтылғысы келіп бұлқынады. Жүрек соғуы еселеп, ащы өкініш тынысын тарылтты. Жігітті қитұрқы сайтан күлкі кернеп, екі ұрты бұлтиып, жуан дауыспен:- Ой-бой, бесіктен белің шықпаған бала емессің ғой, - деп қыр-қыр етті. Қыздың енді ғана бұлтиып келе жатқан омырауы мен салпиыңқы еріндері дір-дір қағып, қыңқылдап жыламсырай бастаған. "Жаным тыныш, жүрегім таза, қойным толған қуаныш!" дегендей Жолдыбай лапылдаған айдаһар сезімнің арбаған өңешінен қалай өткенін өзі де ұққан жоқ. Ұрыншақ, аңғал жүрек, өрескел болса да, тоңмойын батылдыққа басты... Жас қыздың кешеуілдемеген балауса махаббаты қызғалдақтай құлпырып ашылмай, ащы иісті, кермек еліткіш күзгі даланың жусаны секілді сезілді. Адуын, тебіні тентек жігіт, бетіне оңдырмай күйдіріп таңба салғандай. Бықсыған қурай, күйген жапырақтың қоңырсы иісі шыққандай боп, жүрегі лобыды. Әлденендей асылынан, қызығынан айырылғандай көңілі құлазып қалды. Екі беті оттай жанып ду-ду етеді...Қара түнек тұңғиық аспанға ажар беріп, таусылуға айналған қылдырықтай Ай туды. Соныңда таңырқап, тамашалағандай төне қарағаны Қымбатты онан арман ұятқа қалдырғандай. Бордай әппақ еріндері тынымсыз дір-дір етіп, ұсқынсыз езу тартты да, қасындағы дөңкиген томардай, бірақ, бір түрлі сүйкімді жігіттің жүзіне сұқтана қарады. Беттерінің тотыққан терілері көкшіл тартыпты. Буалдыр көрінгген шанақты қара көздер жайнап от шашады. Көзінің алдындағы шұңқыры қорқынышты қарауытып тұр. Ісіңкі, құмартқыш еріндері тағатсыз жыбырлайды. Салқын, жуан, қара қошқыл қолын мойнының астына салып шалқасынан жатыр жігіт. Жұмыстан күстенген саусақтарымен тақыр басын сипалайды. Сәл жадырап, жел айдаған бұлт арасынан сығалаған қылдырықтай жіңішке Ай, жігіт жүзін жылтыратып, көмескі көрсетті. Өзінің кінаратқа, кінаға батқанын іштей мойындап, ұзақ толғанған Жолдыбай тұншыға тіл қатты:- Мен қылмыстымын! Тұнжырамашы, жаным! - қабақтары салбырап, қастары көзін жауып тұр. Маңдайынан қиғаш түскен болымсыз әжім тереңдей түсті.- Айыптымын алдыңда, кешіремісің мені?! Алма бақшасы арасына салғырт түн салқыны күңгірт тартты. Жүзіне бадырайған көлеңкелер түсті. Қыздың қиылған қасындай иілген имек Ай бұлт қойнына тағы да сүңги бастаған. Өлеусіреп сәулесі өшіп бара жатты. Алма ағаш түбіне көлеңкелер қалыңдап, шырылдауықтардың үні жарыса шығып, әупілдек күмпілдейді тұнжыр жуан дауыспен.Қымбат әлі де тіл қатпады. Жанарсыз көздерін меңірейген, мылқау түнге қадады. Жігіттің сезім тасқыны ұстамдылық бөгетін жұлып әкеткенін іштей сезіп жатыр. Күңгірт көрінген Жолдыбайдың жүзіне, көздеріне мұңая қарады. Бірдеңе дегісі келіп, сол жақ қасын шүйіреді. Не дерін білмей үні тарылып, кеудесі қысылған. Иығынан баса, кемеліне жете қайнаған кек кернеді көкірегін. Аға-қарындастық дәнекер болған иба-құрметтің қылы үзілді. Бүгінгі өкініш опығы оны ылдиға қарай жорғалаған аттай еріксіз құлдилатып, асығыс алып бара жатқандай. Шалқақтаған ақ жарқын қалпынан жұрдай болып, аянышты халде қалғанын, орны толмас уайыммен іштей сезінуде. Бұлт арасынан қынама бел, имек Ай тағы жылтиды. Жолдыбайдың жүзінде қымсыну бар. Тояттаған көңілі енді бір өзгеше үрейлене түскендей. Таңға жуық ескен салқын жел ермен жусанның қышқылтым иісін аңқытады. Қыздың көнтектеу еріндері қимылсыз қатып қалыпты. Көзінен жансыз да, үрейлі ұшқын дірілдейді. Қайтерін білмеген жігіт, күдікпен, сабырсызданып, қыздың бетінен қомағайлана сүйді.- Қалай екен? - Қымбат көзін кілмитіп, қуаныш тақылетті шырай көрсетті. Оның әлі күнге дейін қауашығын ашпаған гүлін Жолдыбай келіп, ұйқы-тұйқысын шығарып, таптап тастағаны өзіне күнә тәрізді. Ал қыз іштей бейне бір алабота түйетікен басып, елі көшкен қыстаудай қаңғырап, аңырап қалғандай. Байқатпай бармағының басын батыра тістеп алды да, тамағын кернеп:- Мен енді өлуім керек! - деді. Өзінің көз жасына, қалап тапқан қайғы-азапқа, басқа шапқан қара түнекке тұншықты. Тек жүрегінің терең түкпірінде ғана шөгірдей қадалған, бір уытты нәрсе өзгеше тырнай түсті. Мүмкін, ол жас жаңа маххаббаттың қуанышы мен қайғысының қатар батқан тікені шығар?...Кеудесімен кимелей төніп, жанарының жалынымен өртеген өкпек жігіт, дауыл бұлтындай түнеріп келіп, жарқ ете түскенде қыз көзіне тіпті ыстық көрініп кетті. Алдыңғы шиеленіскен күмәнді өшпенділік пен қарсылық түйіні өздігінен шешіліп қалғандай. Ақ жейденің омырау түймелері ағытылған еңгезердей жігіттің көкірегіне маңдайын сүйеп, қатты өксіп жылап алды да, бауыр басты. Жолдыбайдың болар-болмас мүңкіген тер иісін де сезді...Бірақ үйінің тұсына келгенде салқындау қоштасты да, теріс айналып қайшылаған аяғын шалыс басып кете берді. Артына қайырылып қарамады да.Жолдыбай үйіне қайта оралғанда, жездесінің ауласы алдындағы атағашта байлаулы қалған аты есіне түсті. Бір қараңғы, бір жарықта тіміскілеп жүріп, ат қораның ішінен ер тоқымын тапты. Досжан өзінің мініп жүрген тор төбелімен матастырып оның атын да жоңышқа айдаған шағын қорықтың ішіне кіркізіп отқа қойыпты."Зымиян қылықты мына құйын, таң атқанша қайда жүр дей ме?" - деген күдікпен Жолдыбай бурыл атты жеделдетіп ерттеді де, жездесінің үйіне кіруге дүркіні бармады. Аттың бұлшық-бұлшық омырау еттерін бұлтитып, үзеңгіге шіреніп көтерілді. Ердің үстіне нығыз, маңғазсып отырды да, Қымбаттың әкесінің жәпірейген жер үйі жаққа жалтақ-жалтақ қарап қойып, таңғы ұйқыдан мажаураған шағын қалашықтан, бурыл атты тайпалта жорғалатып, су жыландай суырыла шығып ұзап бара жатты. Балапанын астына басқан кәрі тауықтай үрпиіп, үлкен қоңыр төбе таң қараңғысында дөңкиеді. Көкірегін өкініштен гөрі, мақтаныш, қуаныш кернесе де Жолдыбайдың көз алдынан, ойынан Қымбаттың мұңға батқан бейнесі кетер емес. Бұлаң басып, бұлықсыған жас қызды не күйге түсіріп барады? Азу тістерін шықыр-шықыр қайрай түсіп, жол шетіндегі бал қурайдың басын, қамшысымен қылыш шапқандай осып ұшырады. Мұндай жаманаттың сыбысын естісе, зілді әкесі Жарылқасын сөгіс сөздерін улы жебедей түйрей шұбыртып, ашудан қатты тұтығып қалатыны қақ. "Мұның соңы немен тынар екен? Неде болса бір ерлік, жігіттік істедім ғой... Әйелге сенген патша да ақымақ болған. Есемді неге жіберемін әйел затына?!... Ондай қотыраш қыз кімде жоқ..." Қымбаттың ат жақты, ашаң, қаны қашқан шырайы, салпиыңқы астыңғы ерні, шықшытындағы қынадай қызыл қалы да Жолдыбайдың жүрегіне күңгірт сызат түсіргендей. Илаһім қара жүрекке айналып кетпесін де! Сонан бастап, ұзаққа бармай қыз жүрегінде оны бір түрлі аңсау пайда болды. Иесіз қалғандай боп, ұзақ сары таңда уақ-уақ оянып, дөңбекшіп шығады. Қасында жататын мұрны кемтар кәрі әжесі соны сезіп: - Неғып сезіктеніп жатырсың? - деп мыңқылдай күңкілдейтінді шығарды.Қалашық қалың қар жамылды. Сақылдаған сары аяз тіршілік тынысын тарылтып, әр отбасын бүрістіре түскен. Жұмабектің бозасы осындай мезігілде қатты ашып, ақыра бастайды. Бірлі жарым қысырдың тайын байлап бие сауған байлар болмаса, қымыз деген қыста қасқалдақтың қанындай. Жанқалтасында соқыр тиыны болмаса да, құнығып алғандар Жұмабектен несиеге боза ішетін. Ондайлар қыс бойы Алыбай қырғызбен Жұмабек шұбардың үйінен табылады. Бозаға бөртіп қызып алған ересек еркектер қарта мен дойбыдан қалса, қатын өсекке үйір. Бозбала шағында қызды ауылдың итін шулатып, жігітшілік істегендерін, жырдан қызық қып аса мақтанышпен, өтірік-шынын араластыра жамап-жасқап суқитатындар да жоқ емес. Солардың бәрін аузына қаратып жүрген сапылдақ Өтеген. Ол ұзақ жыл Сасан ауылының жылқышысы болған. Жолдыбайдың жуас жездесімен құрдассынып қатты ойнайтын. Досжан Ақтотымен үйленген жылы Жұлдыздағы қалмақ жеріне жылқы отарлатып бірге барғанда Ақтотыдан жерден ауыр сөз естігенін ұмытпай іштей кек сақтап жүретін. Бірақ ол неше жерде қымызға қызып алып, өтірікті шындыққа жақындатамын дегенімен, оның өсегі ақын Таңжарық пен Ақтоты жайлы жайылған лай судың тасқынындай сыбыстың қайраны астында қалады. Ақынның ғашығы Ақтоты болғанын бүкіл ел біледі. Бірақ оны кейінгі жылдар Ақтоты масқаралықтан гөрі, мақтаныш қып, басын өрлікпен жоғары ұстаған. Қазақы қалжыңмен сындыруға келмейтін, домбыраның ішегіндей созылып, тырнақ тисе де дыңғырлап, күмбірлі күй болып кететін құлаққа жағымды сазға айналған. Ал сапылдақ Өтегеннің сөзін ешкім де әтуерге алмайды. Ол бір күні шімірікпей  Жолдыбайдың көзінше апайының арына тиетін өрескел өсекті көститіп отыр еді. - Ей, құтырған төбет, не деп ұлып отырсың?!- деп Жолдыбай оның үстіне міне түскен. Қыр-қыр еткізіп қылқындырып еді, қымызға жиналғандар арашалап, жанын әрең алып қалған болатын.Сол Өтеген қоңыр күзде, таңға жуық таң асырған атын көше бойындағы алсын көгалға отқа қойып жүріп, Жұмабектің қызы мен Жолдыбайдың алма бақшасының арасынан бірге шыққанын көзі шалып қалады. Ішінде иіріліп жылан жатқандай, уыттанып жүрген Өтеген, қарсыласының сөдегей жүрісін құрақ көрпедей күлдібадам түр шығарып, жалпақ елге жайып жібереген.Қымбат жайлы өсек ұзаққа бармай қазанның қара желіндей гуледі. Бас қоса қалған әйелдер кекетіп, қыздар қызғана ажуа-сықақ етті. Масқаралығы өзіне аян жас қыз қатты жасып, үймелеген топқа барудан да именетін болған. Тарамыс саусақтарын жұдырығына жинап қысып, бозарған сүйір жағына сүйеп ойсоқты болып отырып қалады. Бұрын Жолдыбай үйіне келгенде жарқылдап, ағалап тұратын ерке қыз, енді өз-өзінен бүгежектеп, бұрышта бүрісіп, пұшық әжесі түйе жүнінен иірген жіптен шұлық тоқуды ермек ететін болды. Әйтеуір бір көрімі, Өтегеннің өсегі, дүлей әкесінің құлағына әлі шалына қоймағандай. Қағытып айтқан қалтарысы бар кекесін сөзді оңай түсіне қоятын ішті кісілер емес еді. Олар бәлкім сезбегені де содан болар. Қыстың тағы бір қытымыр суық күні, Жұмабектің үйінде Жолдыбай мен Өтегеннің басы қосылып қалды. Бозаға жиналғандар да үй толы болатын. Бірақ Қымбат өзі жайлы қаңқу сөз естімеді. Сапылдақ Өтеген аузын сүйреңдетіп сарнап отыр.- Құдайға шүкір! Әйтеуір ел аман, жұрт тыныш. Шекараның ар жағындағы қазақтар қанға бөгіп жатпай ма? Гитлер деген бір қанішер шығып орыс еліне шабуылдапты. Орыстар қазақтан алынған әскерлерді әдейі алдыға салады екен. Қырылып жатқан баяғы қазекеңнің боздақтары. Еңкейген кәрі, еңбектеген бала демей, түгел соғыспен әлек дейді. Мешіттер мен орыстың шіркеулері жабылып қалыпты. Сталиннің шолақ етек коммунистері: "Құдай жоқ" деп, дінге сенетіндерді түрмеге жабады дейді, - деді де, көзінен жансыз да, үрейлі ұшқын шашып, Жолдыбай жаққа төңкеріле қарап қойды.- Біз де естіп жатырмыз. Тым асырып жібердің-ау!- деді Жұмабек көздерін сықсита күліп.- Кейде молдалар да шариғатты ойдан соғады ғой деймін? Өзіміз тарыдан ашытып тап-таза қып жасаған бозаны да "харам" дейді. Бозаның тиген жерін арақпен жуып тазартуды айтады. Онда арақ нағып харам болыпты?Үй толы боза ішкіштер ду-ду күліп дүрілдесіп жатты. Артық ішкен тамақтың бәрі харам екен ғой. Құспасаң, мас болмасаң болды емес пе?- Іше берсең қымыз да мас қылады. - Айранға мас болып, пішен шабатынын ұмытып, бір тәулік ұйқы соққандар да бар...- Ха...ха...хық! Қымыз бен айран да харам болды ма? - Қалжыңды қайыра тұрыңдаршы. Бергі бетте ел аман, жұрт тыныш болғаны қайсы? Игі жақсыларымыз абақтыда жатса? Қолыңдағы көсеуіңе дейін қи сыпырып жинап алса, Алтайдағы қантөгіс анау, - деп Жолдыбай әңгіменің бетін бұрып жіберді. Онан жүрегі қатты қаймығып қалған сапылдақ Өтеген жарамсақтанып сөзін қолпаштай бастады. - Я...ие... ол жағы өзінше бір төбе. Әйтеу, әзірше Іле жақта үлкен соғыс жоқ болғасын, соған да "тәубе" дегенім ғой. Әйтпесе, Шинжиаң қатты үрлеген қарын сияқты тыңқиып алды. Бірдеңе сызып кетсе тарс етіп жарылғалы тұр-ау! Кеше Алтай жақтан Үрімжі айналып келген біреумен тілдесіп қалдым, соның айтуынша Алтайдан Оспан деген батыр шығыпты. Ол ақ боз атымен құйындатып жүріп атысқанда атқан оғы жерге түспейді екен. Бұршақтай жауып борап тұрған жау оғы дарымайды дейді оған. Алтай аймағының қазіргі уәлиі Жәнімхан дейтін, сақшы бастығы бір қытаймен ымыраға келіп, бұрынғы көтеріліс басшысы Есімхан төңірегіндегі он үш адамды алдап қолға түсіріпті. Осындай қылқұрттар бізден де шығады ғой. Оспан батыр сарбаздары Қобының құмына жасырынып, аман қалыпты,- деп бір тоқтады. - Әйтеуір сенің құлағың есектің құлағынан да ұзын. - Қашырдың десеңші...хы...хы...- Оны қайтесіңдер-ей, айтсын. Мынау тың хабар екен, - десті боза ішіп бөртіп отырғандар.- Сөйтіп,- деп Өтеген айналасына қыдыра қарап қойып сөзін қайта сабақтады,- атақты ақын Ақыт қажыны тірідей құмға көміпті. Құран кәрімдей қасиетті кітаптарының өртенген кезде шала жанған беттері абақтының айналасында шашылып, аяқтың астында жатыр дейді. - Ойбай-ау! Ондай болғанда, өзімізден қолды болған Мақаң, Такең, Жакеңдерді қайтті екен?- Махсұт пен Таңжарық Үрімжі түрмесінде ғой. Жайырбек әкім Құлжа абақтысында жатпай ма.- Қайда болса да, қазанның құлағы төрт...- Үкіметтің алқымының астында жүрген Әбеуіміз не болды деші, жаманат бар ма?- десіп, Өтегеннің аузына қарағандар үрпиісіп қалған еді. Ол бастап қозғаған әңгіме осы араға келгенде, етегін бір сілкіп тастап, Жолдыбай қамшысын екі бүктеп ұстады да орнынан атып тұрды. Сұрғылт жүзін сәл жадыратып:- Ағалар,- деді,- қазір бір ауыз сөзден бас кететін заман. Ыңғай өзіміз болғандықтан бейпіл кетіп бара жатқан шығармыз. Үй артында кісі бар дегендейін...- Оның да жөн. Бірақ, "бозадағы сөз боққа тұрмайды", шырағым,- деп Жұмабек қамсыз-қапырықсыз күлсе де, өзгелері тас тыйылған. Мінез-құлқы дарақы Өтеген Жолдыбай шығып кеткен соң:- Әлгі бір шыпжықай жігіт-ау! Ақкөт торғай құсап қипалақтап отыр еді. Біздің сөзімізді жақтырмады білем, ойдайт деген! Әкесі жер жылыса жылымайтын адам. Ағасы да орнықты. Әйтеуір осының қаны бөлек сияқты, - деп бұрыш жақта шұлық тоқып отырған Қымбатқа оттай тұтанған қитұрқы көздерін төңкере бір қарап қойды.- Бұл өзі неден болса да тайынбайтын жігіт... Қолынан жамандық та, жақсылық та келеді-ау, сірә!?.Жолдыбай мен Қымбат жайлы Өтегеннің өсегін естіп жүргендер іштей түйіп, қип етіп қалды. Өзгелері ештеңе сезбеген еді. Осыдан көп ұзамай, Қымбат пен Жолдыбай оңаша сөйлесті. Әбден қаңқу сөзге мезі болған жас қыз, ашынып, ашылып алыпты. "Сізді" қойып "сенге" көшіпті. - Сен, менің алшаң басқан еркін өмірімді ойрандап, таптап тастап итке тастаған сүйектей лақтырып кете бермекшімісің?! Өз қолыңмен өлтір онан да!- деді төтесінен қалш-қалш етіп. - Ызыңдама! Өміріңнің несі бүлініп кетіпті?- Ұялмайды екенсің я?! Еркектерге мақтан, әйел затына намыс! Абиырымды, арымды айрандай төгіп алып... елге күлкі қып... Жолдыбай мұрт астынан кекесін шырай танытып мырс етті.- Сөзіңді аш ішектей соза берме! Не демекшісің?- деді.- Кешіктірмей, маған құда түсір. Өмір сүрсін десең...- Ие... сол-ақ, па? Мен де...- Қаншымақ өсектен өлетін болдым. Әкем естісе...- Қымбат өзін тоқтата алмай жылап жіберді. Жолдыбай көзін қулана сығырайтып, жүдеу жүзінен боздағы шыққан арық қызды, жас балаша тік көтеріп, маңдайынан сүйді де: - Әлди-әлди! - деп еді. Қымбат күліп жіберді. Беті-қолында көк тамырлары білінеді. Жігіттен именген жүзіне болымсыз қан ойнады. Құп-қу ұзын жағында әлсіз қайғының табы бар. Кез құйрықтан қорыққан балапандай, пана іздеп жігіт құшағына бүрісе тығылады. Боздағы шыққан жүзі жадырап, жасқа толы көздері күлімдеді. Түйілген көңілін басқаша жадыратып, бір өзгеше ұшқын шабыт алғандай, көріксіз күйкі тірліктен құтқарушысы шыққандай болған еді.- Алғашқы жауапты өзіңнен күтіп жүргенмін. Қамданайын ендеше. Қыз бен жігіт бірге ұйықтаған қандай жақсы!- деп Жолдыбай Қымбатты құшағынан жерге түсірді де қарқ-қарқ күлді. Тентек кеңес құрып, қыңыр қорытынды жасай салған аусарсоқ жігіттің қылығына Қымбат та мәз болып қалған болатын.Жауыр атқа саяқ ат үйірсек болғандай, жүрісі сөлекет, мінезі бөлек Жолдыбайдың, қазақтан шыққан бозашы Жұмабекті тауып бергеніне Жарылқасын онша таңғалған жоқ. "Бұйрық шығар? Баланың басы жақсы болса, өзгені қайтеміз?" - деген ойға келген. Құдалықтың көп жұмысына әкесі үшін Ақтоты жүгірді. Жөн-жосықты білмейтін, кедейдің жеті қырсығы желкелеп алған ағайынды үшеуінің мылжыңы-шылжыңы да мол болды. Қара басты адамын алатын болған соң, кедей екен деп кемсітпей, қарғыбауға су жорға сар бауыр ат, қалыңға жиырма бес ірі қара, елу қой беріп құдаласып қойды да, Жарылқасын жамбастап жатып қалды.Осыдан екі жыл ілгері, Жолдыбай Ластай жайлауындағы үзеңгілес досы Сейіттің үйіне барып жүріп, Қызайдың Едіге руымен аралас қоныстанған албан, суандармен де танысып қалды. Олар да 20-жылдардағы аштықта арғы беттен келген екен. "Бөрік кигеннің намысы, кемеге түскеннің жаны бір" дегендей, атақонысы алыста қалғандардың мұңы да ортақ еді. Бастары қосыла қалса-ақ, үйірін тапқан саяқ жылқылардай шұрқырасып тұратын. Албан ішінде Қоңырбөрік аталатын Жұмахан, Шәріп дейтін ағайынды екі жігіт пен Жолдыбай үйір-айқас дәмдес болып жүрді. Екеуі де ағынан ақтарылған, ашық-жарқын азаматтар еді. Байлаған бір желі биесі, шағын бір қора қойы, сауындық, мінерлік, түсерлігі жетерлік тірлікті жандар көрінеді. Үлкені Жұмаханның келіншегі қырғыздың қызы екен. Орта бойлы, толық, екі көзі қарақаттай қара торының әдемісі. Аты Зейнеп. Қаз тұрып жүрген бір жастағы сүйкімді ұлы бар. Шәріптің келіншегі Қызай ішінде төре-Төленгіттің қызы болатын. Ақша қарға аунаған түлкідей қылаң ұрып тұратын. Аласа бойлы, езуіне күлкі үйірілген, аузы оймақтай, ашық қызыл арай өңді, қылықты сұлу. Түскеніне екі жылдай болса да құрсақ көтермепті. Аты Жақан екен.Өңді әйел көрсе, арқар құлжаның бағылан қозысын иектеген көкбөрідей көзі тұнып кететін Жолдыбай, үйлеріне барып, қона, түстене жатып, қымыз ішіп қыдырып жүріп, екі келіншекті де қиырттап қырына ала бастаған. Әсіресе көңілі ауғанын кейін білді. Екі өкпеден ентіктіре қысып, тынысын тарылтқан қыл бұраудай ынтықтырған бұлаң сезім оны бір түрлі құштарлыққа итермелей берген. Бірақ, темір соқпасын ішінен іліп алғандай боп, келіншек сыр бермейді. Әзіл-шыны аралас, қарақұрық қалжыңнан басы айналатын оның.Екі үйдің қайсысында қымыз құйылып, қазан шегеленсе де, Зейнеп пен Жақан жұбын жазбай сол от басында болатын. Желі басында біреу күнделеп бие сауса, бірі құлынға ие болып, қолына құрық түспейді. Жігіттермен қалжыңдаса қалса бірі атып, бірі қағады. Сейіт досы бастап, Жолдыбай тұңғыш рет барған күні екі үйлі жан Жұмаханның отбасында екен. Бұл үйде қымыз қыдыра келген басқа да бес-алты бөгде жігіттер отырған. Көк жайлаудағы ойын-күлкі іздеген сүр бойдақ бозбалалар: "Қайсы түтінде сұлу қыз, әдемі келіншек бар, қайсы ауылда өлең той болып жатыр?" - деп мойны ұзақ өзге жайлаулардан да келіп қайтатын. Жұмаханның үйіндегі қымызға қызған жігіттер, біреуі қымыз құйып, біреуі саптаяқ алып беріп отырған қос келіншекке көздерінің құрты түсіп, өлеңге қоса бастады. Біраз тыңдаған соң, Зейнеп пен Жақан тізе қосып, іліп әкеткен оларды. - Біздің елдің қыздары алма мойын,- Бұқа мойын жігітті мұнда көрдім...Өлеңді екеуі кезектесіп бастайды. Сөздің оғы кімге дарып жатыр? Жүйеге жығылатын жігіттер көрінеді. Біріне-бірі қарап, сасып қалысты. Арасында келіншектерден көз алмай, сұқтана қараған жуан қара жігіт, күжірейген бұқа мойын, ала көз екен. Ал Жолдыбайдың мойны да одан кем соқпайды. Бірақ оған қарағанда қасы қою әдемі, жүзі жылтыр шырайлы, еңсегей бойлы, алып жігітке қайыңның тұғылындай құж-құж жуан мойны да сиқын бұзбайтын. Қалайда қос келіншектің өлеңдерінің оғы, оның да бір шекесінен сүйкеп өткендей болған. Сол қағытпа қалжың болдырған шабан аттай жүйкелетіп жүріп, бір күні Жолдыбай жалғыз келіп қонып еді сол үйге. Жұмахан елең-алаңда жылқы жинап келуге аттанып кетті. Жолдыбай ояу жатқан. Түңлік ашылмағандықтан, үйдің іші тастай қараңғы. Шала жабылған ергеншек сәл көтеріліп қалыпты да, киіз есіктің бір шеті болар-болмас ашық тұр. Таң жарығы тайталасып, жартыланып қалған бозамық айдың өңі қашқан. Жұлдыздар сиреп, андыздапты. Ұрлана сығалаған күңгірттеу сәуле сол ашық саңлаудан оң жақ босағаны өрлеңкіреп, Зейнеп жатқан төсекке жуықтап қалған. Келіншек бір аунап түсіп күрсінді. Керіліп-созылып, есінегені де естілген. Төр алдында жатқан жігіт пен Зейнептің аралығындағы бесікке бөленген сәбидің мұрны пыш-пыш етеді. Онан өзге ызың еткен дыбыс жоқ. Жолдыбай құлашын кере, аяқтарын созып, қимылсыз күйінде ұйықтаған болып, болымсыз қорылдады. Қимыл әрекетін ойнақы көзқараспен өлшеп бағып жатыр. Келіншек жеңі түрулі күлгін торғын көйлегінің омырауы ағараңдап басын көтерді. Шапанын желбегей жамылып, қонышына сүт шашырап шыбарланған етігін жалаң аяғына сұға салып, ілби басып далаға шықты. Ергеншек шалқая ашылғандықтан таң жарығы үйдің ішіне еркін еніп, төр жақты да аймалаған-ды. Зейнеп айналасына жалтақ-жалтақ қарап қойып, үй артындағы мойыл ағаштың түбіне отырды. Көкірегінде атқалақтаған тау суындай тасқын сезім селі алас ұрады. Ағаштың ар жағында қарауытқан орманды қара шатқал түксие түнеріп тұр. Бұтаққа ілініп қалғандай боп сәулесі өшкіндеген жартыкеш Айға қарады. Үйге қайта кіргенше біраз уақыт өткен. Жылқы айдауға кеткен күйеуінің ұзап бара жатқанын байқады. Іргелес тігілген қайнысының үйі жақта да дың еткен дыбыс жоқ екен. Бәрі де көңілдегідей... "Әншейінде күйлеген құнажынға көзін сүзген дөнен бұқадай телміретін жігіт, жалғыз қалғанда не албасты басып жатыр? Жер құшақтап қалғыр! Ынжық неме ғой өзі!.." Қиялының соңы аузынан тұншыға шығып күңк етіп қалғанын артынан байқады. Ызалы көзін екпеттеп жатқан жігіттің шой желкесіне қадады. Иректеу қара мұртының бір жақ шалғысы ербиіп, ұйпаланып қалған екен. Үй ішінде теңбіл-теңбіл, дел-сал көлеңке ірге жаққа ығыса берді. Тағаты мұнан былай тартынуға таусылған келіншек, ергеншекті де, есікті де саңлау қалтырмай қымтап жапты да жігіттің қойнына сып етіп өзі кіріп кетті... Жолдыбайдың жуан, созылмалы дауысы үзіліп-үзіліп естілді. Келіншектің іште қыстыққан күлкісі сыртқа теуіп, мықынын сипалап үндемей қалды... Ойын осылайша басталған. Әйелдерде шанда бір болмаса кезіге бермейтін мұндай батылдықты жігіттің естігені болмаса көргені осы еді. Қалай екен? Әйтеуір бастабында лапылдап жанған құштарлық, қу қарағанның бұтағындай лау етіп жанып барып ұзаққа бармай бықсып қалды. Зарықтырып, өмешегін үздіріп қол жетпеген оңай олжа оған онша таңсық болмағандай, көріксіз күйкі күйлердей әсер етті.Екі үйдің іргесінен ойнақтап ағып өтетін тау суы бар еді. Жолдыбай тәңертең ерте тұрып, тұп-тұнық салқын суға беті- қолын жуып жатқан. Екпінді аққан тау суы жағаға сылдырлай соғып, жыламсырай жосылады. Мұнартқан бұлақ үстінен кердің кезбез самалы еркелеп соғып өтеді де, толқынды бұйра бұлақты жалдандыра түседі. Құлын мойнындағы қоңырау үнін салқын жел әлдеқайда ала қашады. Адыр-бұдыры мол, қалың орманды, бітеу шатқал кісінеген жылқы, желіні сыздап мөңіреген сиырлар, маңыраған қой-қозының шуылымен даңсапа. Жолдыбай отырған суаттың өр жағынан, сырты ашық қызыл сырмен боялған ағаш шелекпен Жақан келіп су алып жатты. Қызыл барқыт кеудешесінің етегіндегі сөлкебай мен күміс білезігі, тау жақтан алауы көтеріліп келе жатқан Күннің буалдыр түскен сәулесіне шағылысып жарқ-жұрқ етеді. Су беті бұйраланып, шиыршық атады. Жеңімен су шашыраған дымқыл бетін сүртті. Жолаушылап жүрген Жолдыбай, оңашада жолыққан қыз-келіншекке қырғидай шүйіліп, қырына алатын әдеті. Оның өжет көздері күлмің-күлмің етіп:- Шіркін-ай!- деп келіншекке аңыра қарады. Аузының да сәл ашылып қалғанын да байқаған жоқ. Жақаннаң сүт түстес болымсыз ұсақ гүлі бар шыт көйлегінің етегіндегі толқынданған көрінісі де ұмытылмастай көз алдында қалды. - Ыстығың асып, шөліркеп тұрсың ба? Біздің таудың суы жетерлік, - деді қызыл келіншек қылмың қағып. Қалжыңға шорқақтау болғанымен, төтесінен қойып қалуға әдеттенген Жолдыбай үйреншікті әзілге басты. - Шөлдеттің-ау! - Жалған... тояттаған бүркіттей көтеріліп ұша алмайсың... Жолдыбай аузы буылған өгіздей ыңыранып барып әрең тілі шықты:- Амалымды құртып, күзетшің сені інінен қыратқа шығармай тұр ғой, іліп түсіп, бауырына басқанда көрер едің қыранның өнерін!- Жалт бергенде кеудесі тасқа соғылып жүрмесін?- Сол үшін мерт болуға бармын! - Көрерміз, өзгеден аса алмассың, ә?- Көрсең көр...Күйеуі желі басына қарай айдаған сауын биелердің қырқадан асып келе жатқан қарасын көріп, соны көзімен ымдап, Жақан су алған шелегін шайқалта көтерді де жүріп кетті. Күлімсіреген сүп-сүйкімді жұқа еріндерімен қоңырлау қой көздері бір түрлі қызықтырып, шоқ тастап кетті ол."Абысындардың алаяқ күндестігі қозған екен. Недеген пәле келіншек еді!?"- деп Жолдыбай тамсанып қалған еді.Арада бірталай күн өтті. Тым қылықты Жақан, Зейнеп сияқты қызарған көрсе қолға өзі келіп қонатын тексіз құс сияқты еместей. Қызықтырып барып, адастырып кететін нағыз қырдың қылаң ұрған қызыл түлкісі көрінеді. Жақанның күйеуімен жас сұрасып отырып, Жолдыбай екеуі құрдас шығып қалған. Олардың қалжыңы күннен-күнге күшейе түсті. Оның келіншегіне көзінше қыңырттаудың да қисыны келген.  - Ей, сен тізеңді құшақтап қашанғы жүресің? менің әйеліме қылжақтағанша, ауылыңа қалыңдық тауып қайтсаңшы, би шыққан, тегеурінді, текті елден,- деп еді Шәріп. - Қалыңдығым бар,- деді Жолдыбай. - Сұлу ма?- Сенің келіншегіңе жетпейді. Әттең Жақандай болса жарым!- Қыздың аты қыз ғой қашанда...- Айырбастаймысың әйеліңді, қалыңдығымды берсем?- Үстеуіне бір қыздың қалыңын бересің онда.- Келісемін, Жақан үшін аяйтын ештеңем жоқ! Бәрін де...- Аспандағы қаздың сорпасына саудаласып отырған шығарсың?- келіншек күйеуіне қарап қойып. - Шылғи өтірік. Рас болса, қалыңдығыңның аты кім? - деп қадала кетті Жақан Жолдыбайға. - Қымбат,- деді ол жұтынып қойып.- Бәсе, Қымбат қыздың бағасы да өр болады. Шамаң жетпейді, - ойнақы, отты көздерін күлімдетіп келіншек күйеуіне тағы қарады. - Біреудікі біреуге қыз көрінеді, я?...Бұлардың қыран-топан күлкілерінің үстіне Жұмахан мен кішкене ұлын көтеріп Зейнеп кіріп келді де, құрдастар ара әзіл-қалжың тастай тыйылған. Сол күннің кешінде, ағайынды екеуін де ертіп, Жолдыбай қозыкөш жердегі досы Сейіттің үйіне бастап барды. Оның ағасы Әкпар да сонда екен. Инабатты кісілерден Әбілқайыр төре, Жолымбет Оразхан, Солтанкелді Қарымсақ ақалақшылар бар еді. Арғы беттен бірер жылдың алдында келген ақ сары татар Патих Акбардың өр жағынан орын алыпты. Есік пен төрге дейін қошқар мүйіз өрнек салып, қатты пісіріп басқан қарала текемет, Қашқардың ұсақ гүлді әшекейлі кілемі төселген. Ортаны оңаша тастап, отыз шақты кісі арқаларын керегеге сүйеп алқақотан отыр. Сарала тектен кең-мол жасалған дастарқан, екі шетке ендей жетіп жайылған.Үстінде қымыз толы кішігірім қазандай күмістеген қызыл қоңыр қайың тегене. Омартадан жаңа алынған балдай қою сары қымызды көтере сапырып, шойындай мығым денелі, екі иығына екі кісі мінгендей отағасы Сейіттің өзі отыр. Даладағы тас ошаққа он екі қарыс құралай қазан асылып, тайдың еті қанды көбіктеніп қайнай бастапты. Абажадай алты қанат ақ үйдің киіз есігі шиыршықталып, көтере түріліп, маңдайшаға байланған. Басілген шоқысынан баса соқан ызғырық жел ақгүл ашқан балдырған мен сарқурай жапырақтарын сыбдырлата еппен сілкілейді. Төрдегілер ашық есіктен еңіс жақтағы қип еткен қыбырды түгел бағып көріп отыр. Екінті еңкейіп барады. Ошақ басынан бұйраланған қою түтін созыла ұшады. Батар күннің алауымен қызарған ақша бұлттар суырылып, бес-алты жаңасы болған Айдың жіңішке жиегі көрінді. Тау жақта ұйықтап бара жатқандай мүлгіген мылқау орман, бауырына көлеңке жинап қарауытып келеді. Бірталайға дейін бірін-бірі бағып, үлкендер де үн қатқан жоқ. Көзінде тайсалмайтын сотқарлық нұры жайлап, Жолдыбай үйдегілерге қыдыра шарлай қарайды. "Не айтады? Не істейміз?" дегендей, бәрі де аңтарылып, сұңғақ, екі көзі алақандай, аққұбаша келген Әбілқайыр төренің аузына қарайды. Алдыңғы айтылып отырған әңгіме кейінгі топтағылар келген соң қайта жалғасты.- Сонымен Алтайдағы Ырысхан, Есімхандар бастаған көтеріліс, Шыңдубәнді қатты састырды, - дейді Әбілқайыр. - Ол, қырқыншы жылғы (Көктоғай бітімін) жасауға амалсыз болған ғой. - Көтерілісшілер қалайша тізгінін тартты?- деді ұзын қара.- Ақыт қажы бастаған тұтқындағыларды босатып алу үшін патша да сайтандық қып сөзінде тұрмады. Тұтқындардың түбіне жетті ақырында.- Әрине, қытайлық қулық қынапта қылышын жасырып тұрып, мұртынан күледі емес пе?- Түрмедегілерді босатқаны сол, қандай сұмдық, сұрқиялықпен қинап өлтіріп жатқаны Құдайға аян, - деп қостады Акбар, отты көзін ойнатып, жиналып отырған жігіттерге жағалай қарап шықты. Қызыл сары жүзінде іштегі ызаның таты білініп тұр. - Алтай қазір де қарап жатпаған шығар?- Бұға берсе сұға береді ғой...- Алтай қайта көтеріліпті дейді. Енді Оспан деген батыр бастапты. Бірақ керей ішінде Қарақас пен Шеруші арасында жік кетіп, сатқындар шығып жатыпты.- Бөлініп бөріге жем болатынымыз бар-ау!- десіп, жағалай сөйлеп күңкілдесіп қалып еді. Әбілқайыр төре қаз дауысын көтере шағарып:- Бөліп-жарылу бізден басқа ұлттарда да бар, - деп тамағын қырнады. - Қытайлар ішкі жақта қырқысып жатқанда, жапондықтар киіп кетті де, қытайларға ой түсті... Қызыл орыстар ақтарды жеңіп тынып еді, енді немістермен соғысып қанжоса болып жатпай ма?- Ал өзімізді билеп-төстеп тұрған Шыңдубәнның не білген ойы бар? Қызыл орысқа нағып қырын қарай қалды, - Оразхан ақалақшы, орнынан көтеріліп қойып, - ішкерідегі қызыл қытай мен қара қытайдың қай жағына шығып алды олар? - Жүні қызылға қыңырайған соң, қара қытай жақта болады да? Қазіргі дүние миша былығып барады. - Демек, қазақтың алдағы күні не болады? Өзгенің ақ-қара, қызылында неміз бар?- деп қалды жалпақ бет талпақ танау, мұрты едірейген сары, тақыр басынан тақиясын алып жұмарлап, тізесінің үстіне қойып, оң қолына уыстап ұстап отырды. - Әй, осы сөздің жаны бар. "Қойшының билігі де - билік" дегендей, өзіміз илейтін терінің пұшпағы осы емес пе?- деді Сейіт тегенедегі қымызды көтере сапырып қойып. Көбігі көпіршіп, қою сары қымыздың ортасынан орайдай үйірілген шұңқыр пайда болды. Сейіттің қасында отырған Жодыбайдың көзі соған түскен. Көтерілген көбіктер бұрқырап, шымыр-шымыр қайнаған іспеттеніп барып, орайлар ұйқы-тұйқы болып жадырады. Бір қауымнан соң, сары қымыз сабасына түскендей мелмиіп түнере тынып қалды. - Іледегі қызайлар соғыс көрмеген ел. Бірақ біз де тірі жанбыз ғой? Ояту керек елді! - Соны айтам, бір жетім қозыны қораға шапқан қасқыр алып қашса да, сойыл алып соңынан шабатын халықпыз. Махсұт сияқты елдің серкесін, Таңжарықтай ақынын абақтыда жатқызып қойып, дәтіміз қайтып шыдайды?! Алтай халқы құсап біз неге бұлқынбаймыз?- деп Акбардың туған інісі Науан жуан, түкті білегін жалаңаштап түріп, босаға жақтан дүр ете түсті. - Дұрыс айтады Науан!- Қашанғы құлдыққа төзе береміз?!- Малымыз - жанымыздың, жанымыз - арымыздың садағасы!- Сабыр етіңдер! - Акбар өзінің өр жағында отырған Патихтың қолынан сыртқы мұқабасы жоқ, қара қожалақ болып кірлеген, сарғайыңқы кітапшаны алды. Басылым көрмеген қолжазба күйінде сақталған екен. "Қазақтың қысқаша шежіре тарихы" деген жазуаға жақын отырғандардың көзі түсті. - Халқыңның ендігі күні не боларын мөлшерлеу үшін- бұрын басынан не өткенін білу керек қой? Мына кітап не айтады? Біраз тыңдап көрсек қайтеді?"Тыңдайық!" деп керегені кере шалқайып жағалай отырған жігіттер жарыса дүр ете түсті. Шежіре тарихты сұлу жүзді, ұзын қара мұртты, ақ сұр мұғалім жігіт оқыды. Үй іші жым-жырт қатып тыңдады. Күн еңкейіп, үйдің іші күңгірттене бастағанда, керегенің басына ілінген аспалы шам төңкерілген келінің үстіне қойылып, мұғалімнің алдына жақын апарылды. Соншалық жан тамырды солқылдатқан қандай ғажап шындық сөздер! Тыңдаушының қиялын алысқа әкетіп түн ұйқысын ашады екен. Кәрі заманға сын айтады. Кекшіл қыран нәсіліндей боп, ел ұясынан саңқылдап, шабытты қыран ұшқандай. Ел ордасынан шыққан әділғазының сөзі. Жұрт жүрегінде жұмарланып түйілген тас түйінді айтады. Жылаған елдің жасымен бірге жылайды. Күнби, үйсін заманынан түсіп, "Қасымханның қасқа жолы", "Есімханның ескі жолынан" бері қарай, Қақназар, Абылай хан, Әбілқайыр дәуірін бір соғып өтіп, қазақтың соңғы ханы Кенесарының кесілген басы қайда барғанына дейін айтыпты. Соңында алаштың тағдырына да азырақ аялдаған екен. Акбардың ширақ, сергек қайратына ызалы жүрек оты араласқандай боп, үлкен қара көздерінде сәл қанталаған шабыт оты маздады. Оқылған шежіреден елдің әділет жоқшысы туғандай сезілді. Ойшыл, сабырлы сұлу жүзі алғызыл тартып, ауыр күрсінді.- Ақ жүрекке қанат бітіріп айтыпты-ау!- деді өзі де сүйсініп. - Мінеки қазақтың өткені мен кеткені!... - Бұл шежірені кім жазыпты? Шәкәрім қажының шежіресіне де ұқсап кететін жерлері көп екен. - Кім екені белгісіз. Әйтеуір арғы беттен келіпті. Ақындардың бірі жазған көрінеді. - Жә, осы Шинжиаңдағы аз санды ұлттардың сорпа бетіне шығарын түрмеге жаптыруда, Шыңдубәннің өкпесіне жел беріп, қолтығына су бүркіп отырған, арғы беттің қызылдары-ау, сірә? - деді Оразхан ақалақшы дөңгелек, бұйра қара сақалын уыстап отырып, алаулаған қызыл күрең бетін шамның түбіне жақындата еңкейді де, мұғалімнің қолындағы тарихи кітапшаны сұрап алды.- Әй, осы жазып қалдырған мүмкін Шәкәрім қажының өзі шығар? Ақын, тарихшы, ғалым адам ғой ол кісі. - Абайдың немере інісі емес пе?- Я, солай. - Ол кісі де басын ажалдан арашалап, бергі бетке қашқанда, жақын бір туысы атып құдыққа тастап жіберіпті,- деді Патих.- Абайға да қамшысы тиген қазақ-ай! Жақсыларыңды жардан ұшыруға дәтің қайтып барады екен я?!- деп күрсінді Әбілқайыр төре, кеудесін көтеріп, басын шайқады.- Қазақтың басын оңға қаратып, шылбыр-тізгінін өзіне ұстатамыз деген алаш арыстарын да, қызылдарға қыл мойнынан бұғалық салып ұстап бергендер өзімізден шығыпты ғой,- деді Оразхан ақалақшы.Қалайдан-қалай қарымсақ ақалақшы әңгімеге онша араласпады. Төмен қарап, түнеріп, анда-санда бас изеп қойып, ашық сыр бермеген. Тайдың еті желініп болып, қымыз қайталай құйылды. Әңгіме шар тарапқа шарпып барып, "енді не істейміз?" деген үлкен ойға ойысты. Түн ортасы ауып қалған. - Зар заман салып, қан түкіруден не өнеді? Атқа міну керек!- Жетер енді желкемізге мінгізіп қойып қалай түземіз?!- Көтерілейік! - Бастаңдар! Ердім соңдарыңнан,- деген Жолдыбайдың тарғылдау, жуан дауысы да жарыса шығып қалды. - Әкеліңдер, әзірленген ақсарбасты!- деп Акбар, қисайып қалған мұртын тез түзетіп қызғылт жайдары жүзбен айналасына шарлай қарап, балаша күліп, орнынан атып тұрды. Қойға батаны Әбілқайыр төре жасап, көне мыс елегенге құйылған ыстық қанды көтеріп, Сейіт төрдегілерге қарай жүрді. Бетінен буы бұрқырап, қанды көбігі қайнап тұр. - Көтерейік ендеше, Абылай ханның ақ туын! - Көк бөрілі Қабанбайдың көк туын!- Серттен тайсақ қызыл қанның киесіне жолығайық!- десіп ақсарбас қойдың қанына әуелі төрдегілер қолын матырып, серт жазылған табақтай сарғыш реңді қағазға сұқ қолдарының басын былп-былп еткізіп басып жатты. Ең соңғы кезек Жолдыбайға келгенде қанға қос саусағын малып, қатты басқандықтан қағазды жыртып жібере жаздады. Отыздай адамнан айналып жеткенше, елегендегі қан қара күрең тартып, қанды көбігі басылып қалған екен. Осыдан көп ұзамай Қарымсақ ақалақшы бар сырды Құлжа қалалық қоғам қауыпсіздік мекемесінің тергеу бөліміндегі Қалды қараға жеткізген болатын. Махсұт пен Таңжарықты түрмеге өз қолымен шығарып салған алаяқ Асқар Таласпайов - осы адам еді. Сталиннің Шыңдубәнге қолқанат қып жіберген парлаушы коммунистерінің бірі болатын. Алашқа азуын басқан адам. Бірақ бұл мезгілде Шыңдубән Совет Одағынан жалт беріп, Жаңгайшымен ауыз жаласа қалған еді. Алашшылдарды Сталин қудаласа, коммунистерді Гоминдаң қудалайды. Былай тартса өгіз өліп, олай тартса арба сынып, Қалды қараның басына да күн туа бастаған. Ал, естігенін мәлімдемесе Қарымсақ қарап жататын емес, қатердің қара бұлты төбеден төніп тұр. Бір жетіге жетпей, Әбілқайыр төре мен Оразхан ақалақшы Құлжа қалалық ішкі істеріне шақырылып, тергеуге алынды. Акбар,Сейіт, Жолдыбайлардың соңына түсіп, олар Ластай тауының шатқалына бекінді. Патих Құлжадағы Совет консулының көмегімен аңшы киімін киіп, шекарадан қашып өтті. Акбарлардың соңынан Түбекбай сияқты тыңшылар тіміскіледі. Ластайдың бітеу шатқалында оңаша отыратын ағайынды албан жігіттер Жұмахан мен Шәріп, тау арасында жасырынып жатқан Жолдыбайларға пісірілген ет, ақтаған тары, құрт, май, қымыз жеткізіп беріп тұрды. Акбарлар хабар-ошарды осы екеуінен еститін. Бәлкім артын ойлады ма? Әбілқайыр төре, Оразхан ақалақшыны сұраққа тартқанда аймақтық сақшы бастығы қасқа бас қытайдың қасында Асқар бар екен. Өзі аудармашы болып, бірге тергепті. Олар көтеріліс жасамақшы болып, қолдарын қанға малғанын қанша қысып көргенімен мойындамағандықтан екеуін де тұтқындаудан Таласпайов өзі бас тартқан көрінеді. - Қазір жағдай сынаптай құбылып тұр. Бұдан былай сақ болыңыздар... "Патша - Құдайдан бір жас кіші деген". Сұраған патшаңа жалтақтамасаң, жан қалмайды,- деп Әбілқайыр мен Оразханға өзі сыр беріпті. Шыны ма, аққаптал айласы ма? Қайсы қыры екені беймәлім. Ел басыларынан түгел айырылып қалсақ, халыққа ие бола алмаймыз,- деп сақшы бастығын иландырған болатын.Ластай тауында бекініп жатқан Акбар бастаған көтерілісшілер жағдайды ұққан соң, артқа қарап, күй­кілжімей, алдыға қарап қанат қақты. Зар мен қатер таудай. Сыртқа сыр бермегенімен, Жолдыбайдың іші тыныштық таппады. Күрсінуі молайып, жабығып, жадай түскен. Көз алдына бірде қалыңдығы Қымбат, кейде қара торы келіншек Зейнеп, әсіресе ойнақы қылықты, өзгеше сезімтал Жақан сұлу келе береді. - Біз тағы да інге кірген суырдай жасырынып жата береміз бе?! - деді Жолдыбай, Акбарға аузындағы шайнап отырған бауырсақты қылғына жұтынып.- Қайтеді? Қалыңдығыңды сағынып қалдың-ау деймін?- Қатын жолда, бала белде ғой, аға? Мен басқаға емес, соғысты асығамын! - Неге?- Соғысамыз деп, серттесіп қызыл қанға қол матырдық қой?! - Құр қолмен қудаланып жүріп қалай соғысасың? Қару әкелу керек.- Қайдан?- Арғы беттен.- Ашынған ойдан сергек оянғандай боп Жолдыбай қуанғанынан қарқылдап күліп жіберді.- Мені тастамаңыз! - Сен де барасың.Бұлар тебіні қатты тентек бұлақтың бойындағы бауыры үңірейген, биік қара жартастың қапталындағы көгалда отырған. Тау суы күркіреп күңірене ағады. Жағаны соққан толқын қамшыдай осып тиеді. Жолдыбай барбиған жуан саусақтарымен темекі орай бастады. Назарындағы буалдыр ой алысқа жетелейді. Аяғына шідер салынып, тұмсығына шіркей кірген аттар алысқа сапар шегуді сезгендей кезек-кезек пысқырады. Сол күні ымырт байлана, Ластайдың басындағы жасыл көлден Жолдыбай бастап, Акбар, Сейіт, Науан үшеуі ауаша отырған Жұмахан, Шәріптердің үйіне келді. Дайын еттері болса да ағайынды екеуі ақылдасып тілеу қып, бір бағландарын айтып сойды. Бастабында әңгіме құрдастардың қағытпа қалжыңынан басталған. - Мені іздегендер бар ма?- деп еді Жолдыбай Шәріпке. - Сені қайтеді үкімет? Бір өзіңе түрменің бір бөлімі қажет. Тұтқындардың тамағына ортақ қып не қылады? Көлеңкеңнен қорқып жүрсің. - Сен сияқты қатынжандылар отбасынан озбайды. - Көреміз сені де, қалыңдығыңды алған соң...- Қымбат жоқ жерде мықты боп жүр ғой Жолдыбай,- деп шай құйып отырған Жақан күйеуінің сөзін сөйлеп, күлмің қақты. Жалт еткен жанарының найзағайы, өзіне ынтыққан өзге жүрекке от тастап отыр. Екеуінің әзіл шоты аса тиіп, кейде Жұмаханның да мінін қағып өтеді. Әйеліне шынайы қызғаншақ сол болады.Жолдыбай мен Зейнептің суық жүрісін әлі жан пенде сезген жоқ. Бірақ, абысынының сырын білетін Жақан сәл іш жиып сезіктеніп қалғандықтан, қызғаныштан болса да, Жолдыбайдың қылжағына төтеп беру үшін жеңер ақынға ілгіштеп қалатын.Ал Шәріп ағасына қарағанда, айтса сөз, ұрса таяқ өтпейтін көнтерілеу, көгала қырт. Мылжыңды шылжың жеңедінің өзі. Жындыбас Жолдыбайдың қыңыр әзіліне, оның жүні де жығылмайтын. Былпылдап сөйлеп, мырс-мырс күліп, қазақы қалжыңға бүлік етпейтін. Әй, бірақ ол Жақанның өз көзіне шөп салғанына көрнеуде көзі жетсе қанын қасықтап ішуден тайынбайтын қаншелек дүлей. Жолдыбай екеуі қара күштен де, бірінен бірі қалыспайтын сыңайлы. Шәріптің бойы аласалау болғанымен, құйған құрыштай төртбақ, жуантұғыр жігіт. Май басқан жұмылыңқы көздері қызыл жиектеніп тұтанып тұрады. Күйеуінің сырына қанық Жақанның айласы қырық есектің жүгінен де ауыр. Шәріптің көзінше тұйғындай түйілген жігіттерді, әзіл-шыны аралас жер соқтырып кетеді. Шәріп соған мәз.Жолдыбай сапарға аттанарда оны байқап көргісі келіп, Акбарлардың алдында әзіл бастады:- Қатынжанды болмасаң, бізбен бірге атқа мін. Арғы беттен суық қару әкелеміз. Ақсарбас қойдың қаны жібермейді, серттен тайсаң! - Сен барған жерге, мен жете алмайды деймісің? Мінсем  мінемін атқа. - Ер жігіт серттен тая ма?- Сейіт қостап көтермелеп қойды Шәріпті.Ет жеудің алдында еркектер далаға шыққан. Ай толып қалыпты. Күн шайдай ашық. Тұнық қара көк аспанды алауымен қоздатып жұлдыз сайрап тұр.Жолдыбай мен Шәріп қалжыңның аяғынан күш сынаспақ болып, алыса кетті. Шәріптің шаттан алып көтеретін әдісі бар екен. Ішке кіріп алыпты. Онан кесер басы асып тұратын еңсегей бойлы Жолдыбай арбаң-құрбаң етіп оны бойымен баспақшы болды. - Ей, қатынбысың? Аяқтан алма! - Сен де киімнен ұстама, шалбар жыртылады...Екеуі бірін-бірі ала алмай, ұзақ алысты. Жолдыбайдың қара күші басым көрінеді. Оны түбінен қопарған томардай дөңгелетіп ұршықтай үйіріп жықса да, бұлт-бұлт етіп, аунап түсіп Жолдыбайдың астында жатпай қойды Шәріп. - Енді қойыңдар. Екеуің де - мықты шықтың. Сапарға аттанарда мертігіп қалмаңдар. - Ту! Мыналар қайтеді? Сиырдың жас тезегіне былғанасыңдар- ау!.Еркектердің дабыр-дұбыр дауысын, дүрс-дүрс, күрс-күрс еткен дыбысты үйден естіп Зейнеп пен Жақан да далаға шықты. Келіншектердің өз көзімен көруін күткендей, дәл осы сәтте Жолдыбай, Шәріпті гүрс еткізіп, көтеріп ұрды да, кеудесіне мінді. Екеуі де лайсаң жолда арба тарта алмай, титықтаған аттардай ырс-ырс етеді.- Мойнында тұмары бар, басынан аттама! - Жақан оларға жақын келіп, зыр ете түсті.- Осы да жетер! - деп, Жолдыбай көтеріле беріп еді, жамбасының ауырып қалғанын ет қызуда білмей, тағы да жармаса түсті Шәріп.- Болды. Қой енді!- Арманда қалдым...- Жығылған күреске тоймайды...- Ер кезегі үшке дейін. Екеуі бұл жолы аңдысып қалды. Ентіктері сәл басылып, Шәріптің сол жақ жамбасы қиралаңдай бастады. Соған көз қырын салып тұрған Акбар өзі араласып, бұларды әрең зорға ажыратып қойған.Ертеңінде елең-алаңнан арқандап, шідерлеп қойған аттар жайылыстан әкелініп, ерттеле бастады. Жолдыбайдан қалмай бірге жүреді болған Шәріп үйінен шықпады. Осы аралықта Зейнеп тығыршықтай толық бөксесін бұраңдатып барып, абысынынан қайнысының жайын ұққан еді. Шәріп бір жамбасынан баса алмай қалыпты.- Қап, әттеген-ай! Әлгі қара аю мені тағы желкелейтін болды-ау! "Сапарға бірге шығуға жарамадың", - дейді ғой. Әйтеу, сүйек сынғаннан аман шығар. Мен де кетейін,- деп еді. Келіншегі мен жеңгесі:- Қойшы, асқындырып аласың!..- Жол азабын тартасың. Сапарластарыңа да әуре тауып бересің,- десті. Оның қазіргі хал-жайын Зейнептен ұққан соң, Жолдыбай өзі келіп:- Әй, ақымағым-ау! Айтпадым ба, қатынжандысың деп? Қал енді. Жақанды қасқыр жеп кетеді,- деді де, құрдасының намысын қоздырып барып, ақылын айтты. - Екеуміз де қымызға қызып алып, ағалардың айтқанына көнбедік. Ойыннан от шығарып алдық. Біз бұл жолы Акбар ағаның бастауымен арғы бетке барып келейік. Суық қару алуға жол тапсақ, Сейіт екеуміз қайта ораламыз. Басілгендегі кез аттардан сығайлап, шекара аттауымыз мүмкін. Сен оған дейін сақадай сай тұр!- Жамбасымның құяңы бар еді. Сол кілт етіп қалғандай.- Арша, қарт талдың қабығын қайнатып бұлауға түс. Ыстық өткіз...- Жолымбет ішінде бір құяңшы шал бар. Соны шақыртамын.- Жақанға өңмеңдеймін деп, беліңді тағы кілт еткізіп алма.- Былжырай бермеші! Ақжол берсін бәріңе! Жаным тірі болса, сені де бір жығармын. Сені Қымбатпен үйленген соң көрейін бәлем!..- Әлі жетпеген ақыретшіл, - деп Жолдыбай сылқ-сылқ күлді де, құрдасының, саусақтары быртықтау, етті, жуан, алақаны шуашты тершең қолын қатты қысып, қоштасып аттанды оның үйінен.Жүрердегі Жақанның жалт етіп, аспандағы жарық жұлдыз ағып өткендей, лезде ғайып болған сүйкімді көзқарасы мәңгі ұмытылмастай боп, көз алдында қалды. Жолға шыққан соң да Жолдыбайдың көңілінен оның таңдана қасын керіп, күлкісін жасыра жымиғаны, назды, ерке қылығы шықпай қойды. Өзегін өртеген отты жанар жүрегіне тікендей қадалды.Бірден қосар ат жетектеп, ағайынды Акбар, Сейіт, Науан үшеуі алдыда келе жатқан. Соңындағы Жолдыбайда жетек жоқ, салт ат, сабау қамшы, оңаша ойсоқты. Айдың қалғыған сәулесі таң шапағымен балбырап, ағарыңқы тартқан су бойындағы ағаш бұтағынан ұшқан шыбындар ызыңдап гу-гу етеді. Өзен үсті болымсыз буалдыр тұман. Тарыдай шашылып, андыздап қалған жұлдыздар, аспан тұңғиығына бата бастады. Аттар аяғын аңдып басады. Жағада қырылдаған үйректер оқта-текте мыңқ-мыңқ етеді. Тоғай аралаған иір-қиыр жолда шіріген ағаш иісі мен саздың ылғалды иісі аңқиды. Жолдыбайдың астындағы жұлдыздай төбелі бар, ұзын, кеуделі қара көк ат аяғын ойнақши басып, ауыздығын сүзіп, кейде қарш-қарш шайнап, мазасыз жұлқынады. Аттардың тұяғымен май тозаңды топырақ будақ-будақ көтеріліп, желе шоқыртады. Жібектей бозғыл тартқан қоңырлау топырақта жайдақ тағалы жалпақ тұяқтың баданадай бадырайып ізі қалып жатыр.Жолдыбай үйден ұзап шыққаннан кейін де, артына анда-санда, жалтақ-жалтақ қарап келеді. Әлі де көз адында: жел кеулеген көйлегін тізесінің арасына қыстыра қойып, үлпілдек ұзын бұрымдарын арқасына бос тастап, жұмған ернін ашпай, сараңдау езу тартып қалған Жақан тұрғандай. Енді бір сәт үлбірек ерні сүюге тойымсыз, қанағатсыз мөлдіреген тұнжыр қара көзді Зейнеп елестей берді.Ол бір уақ қалың беріп, айттырып қойған қалыңдығы Қымбатты зорлана ойланды: жүдеу, қаны қашқан, әппақ қудай ажары сынық. Момақан қой көздеріне жас үйіріліп, мұң ұялаған. Ашаң жүзінде кінәсіз қысылғандықтың кінәраты бар, кірбеңдік байқалады. Оған жаны ашығаны ма? Әлде өз көңілінің жүдегенін жұбатқаны ма? Күрсініп қойып, тізгінін тістеп тұрып, ат үстінде темекі орап, тұтатты. Сіріңкенің талы байқаусызда қара көктің қайратты жалына түсіп, быж етіп барып, өзі өшті.Соңдарына түскен сезікті біреулер ұшырасып қала ма деген күдікпен, жүргіншілер еңіс жақтан қашқалақтап, тауға қарай тартып еді. Күнді-түнге жалғап, Сүйдің, Қорғас қалашығын соқпай, ертеңінде таң ата кіші Ақсудың аңғарындағы құмға бекініп жатып, дамылдап алды. Қас қарая қайта атқа қонып, суыт келе жатып, мөлшері отыз метрдей биік мұнараға кезікті.- "Тесік қарауыл" деген осы, - деді Акбар. - Мұнда әскери күзетші тұрады. Байқаңдар...Бұл арадан аман өтіп, Қорғас суына жетті. Айсыз қараңғы, мылқау түн меңірейген. Судың жел көтеріп сабалаған толқындарын жағаға үсті-үстіне атып жатыр. Кең дала әлдене күткендей тым- тырс. Күндізгі аңызғақта танабы тартылған жерге сіркіреп жаңбыр себеледі. Судың бір білек жері болғандықтан өте терең екен. Ағынды су үзеңгіліктен өрге шапшиды. Аттар үркіп, танауларын делдитіп, езуіндегі жұтылмай қалған суды көбіктендіріп төгіп келеді.Жолдыбай сескенген көзбен жан-жағына жалтақтай қарайды. Дуылдаған көк сағал бетіне, жейдесінің жағасына тамшы тамған. Сәл салбыраңқы иықтары дымқыл тартқаны білінді. Ұш жағы шиыршықталған қара мұртының жиегін тілінің ұшымен жалағанын да байқаған жоқ. Кірпігінде дірілдеген жаңбыр тамшысы іркіліп те қалды.Соның арасынша бұлттың қара қанатының астынан жаңбыр үдете сорғалаған. Аттар судан суырылды. Су бетіндегі үйірілген толқынға найзағай сәулесі түсіп, жарқ-жұрқ етіп, ұйтқиды. Желдеткен нөсер, жердің қара алақанына қайыр сепкендей бүркіп қояды. Өзеннен өткен соң арғы жаға қара жыныс қалың орман екен. Жүргіншілер күрең жапыраққа толған жырамен желе аяңдап келеді. Қатты жүрістен терлеген аттардың сауырынан, омырауынан буы бұрқырап, оқта-текте пысқырып қояды. Ұзақ жол қажытып-ақ тастағандай Жолдыбайдың астындағы қара көк әлі де аяғын ойнақшытып, мойнын доғаша иіп, лекіте басады. Құлағын тігіп, жалтақтай береді. Бұлар, су тесіп, опырылып қалған жыра-жықпылы бар жолды байқай-байқай орманға ілінді. Жиегінде қарауытып, бір мая пішен дөңкиеді. Соған таяу жерде иен қалған ескі қыстаудың дал-дұлы шыққан, жәпірейген жатаған қора үңірейеді.- Шекараға жақындадық, - деді Акпар, атының басын іркіп. - Осы жерде аялдайық. Арғы бетке таңғы тәтті ұйқы кезінде өтеміз.- Темір торды қайтеміз?- Амалын табамыз...- Түн жамылған тәуір емес пе?- Қатерлі!...Төбесіне шөп шыққан ескі қораның астынан пана тауып, аттардың ертоқымын алды да, астыларына қойып, қонақтаған тауықтай отыра қалысты. Жолдыбай тартқан темекінің тұқылынан жылтыраған оттан өзге, жылт еткен жарық сәуле жоқ. Анда-санда аспанның бауырын осқылап, найзағай ойнап өшеді.- Шәріптің жамбасын қираттың-ау деймін? - деді Сейіт. (күлімсіреп, езу тартқанын ешкім көрмеді). - Сапарлас болатын еді.- Ол ынжық бізбен соғыста бірге болса да жетер. Қатын жанды байғұс, қасында қалсын Жақанның.- Келіншегі сені жақсы көріп қалғандай? - Науанның жымиғаны оның обырлана сорған шылымның жарығымен байқалды. - Елжіреп тұр ғой саған!- Тәуір келіншек екен... Шәріпке қимайтындай...Ағайынды үшеуі де оның сөзіне қарқ болып, иендегі меңірейген ескі қораны бастарына көтере күлді.Жерге жарық түсе жаңбыр да толастады. Бетін бассаң астынан жұмсақ жері былқ-былқ еткен саздауытпен, жыраның борпылдақ түбін көлденең кесіп, Жолдыбайлар екі елдің шекарасынан өте шықты.- Иінтал деген осы жер. Совет Одағының қырық бірінші полкі тұрады, - деді Акбар. - Әскери казарма. Соның арасынша жуық арадан атылған мылтықтың дауысы естіліп, күмп-күмп етті де, әпсәтте екі қасқыр тектес ит арсылдап жетіп келді. Ат үстінен жұлып алардай үзеңгіге шапшиды. Иттердің соңынан жирен қасқа арғымаққа мінген үш орыс әскер келіп, бұларды алдына салып айдап бара жатты. Оқтаулы мылтықтарын серт ұстаған. Қия басса, атып тастаудан тайынантын емес. Оларды полк казармасына апарып, оңаша шатырға түсірді. Бейтаныс жігіттердің тіл білмейтінін байқады ма? Аласа бойлы, қаңылтақтай қара торы қазақ әскер келіп, жөн сұрады да, шығып кетіп, бір сәттен соң қайта оралды.- Қазірше демала тұрыңыздар. Түскі тамақтан кейін сіздерді қабылдайтын бастық келеді, - деді.- Түсі жылы көрінеді. Түңілмеңдер, - деп сыбырлады Акпар Жолдыбайларға.- Я, сәт!...- Қанына тартып тұр-ау, өзі!?- Қызылдардың әскері ме?- деп сұрады Жолдыбай соңынан.- Әрине, - деді Сейіт. - Көрмеймісің орақ, балғаның суреті бар қызыл туды?- Онысы қалай?- Үніңді өшір! Ұғасың асықпай...Түс қия бере ұзын бойлы орыс пен етті-женді шар тартып қалған көк иек, тұмсықты қазақ Акпарды ғана қабылдады. Екеуінің де әскери шені бар сияқты. Қорғаушылары қасында. Мысық пен жыландай арбасып қалған екі жағы да сыр бермеді.- Сендер жақтағы Қазақтар мен ұйғырлар көтеріліс жасай қалса, Ішкі Қытайдың қайсысын қолдайсыңдар? Қызыл қытайды ма? Әлде...?- Адам аласы ішінде ғой? Дегенмен әділетті жақтаған үкіметтің қызыл, қарасына қарамай, қол ұшын беруіне мұқтаж...- Қазіргі қарауындағы үкіметтерің әділетсіз бе?- Сондықтан, - деп Акпар сәл бөгелді.- Шинжиаң тыныш емес...- Түсінікті...- Бізден не талап етесіңдер?- Құр қолмыз. Сорпа бетіне шығарларымызды тұтқындап, халықтың қолындағы қару-жарақты жинап алды. Істік темір де жоқ қазір қолымызда.- Сендер бізге жарамды әскери ат жеткізіп беріңдер. Саудаласамыз. Қалай? - деп, ұзын тұра орыс суықтау түсін сәл жылытты.- Жарайды. Бәріміз де қайтамыз ба?- Жоқ. Өзің осында қал. Жолдастарыңды жібер.- Жетектегі аттарды да қалдыр, - деді тұмсықты, қызыл күрең қазақ. - Шөкіманов деген мен. Мына кісі (ұзынтұра орысқа төңкеріле қарады) полковник. Мен осы кісінің орынбасары боламын, - деп нығызданды.Сол күні қас қарая, Сейіт, Науан, Жолдыбай үшеуін бір қазақ, екі орыс әскер өздері шекарадан шығарып салды.Үшеуі Қорғас қалашығының теріскейімен тау бөктерлеп, Атікей қысанын бауырлап Рақаттың асуынан асты да, қалың қамыстың арасына бекінді. Келесі күні кеш бата қайта атқа мініп, Шолақайдағы егінші ұйғырдың үйіне қонған болатын. Қалаға базаршылап барып қайтқан ауыл жігіттері болып жасанып, оған сыр бермеді. Оның үйінен ымырт жабыла аттанған Жолдыбайлар Ластай тауындағы Көксайда отырған Жұмахан мен Шәріптің үйіне таңға жуық қайта оралған.- Пәле-қазадан амансыңдар ма?!- Акпар қайда?- десіп, ағайынды екеуі де үдірейісіп қалған-ды. Оларға барған, келген мән-жайды Сейіт әбден ұғындырып, жөндерін айтты.Шырт ұйқының құшағынан оянып, оңаша отырған екі үйлі жан, оттарын жылтыратты. Көздерін уқалап қойып, арып-шаршап келген жолаушыларға ақырып ашып тұрған дөнен қымыз қойды.- Көк жайлаудың қасиетін білмейді екенбіз-ау! Ұһ!- деп, Жолдыбай үлкен саптаяқты басына бір-ақ көтерді.- Недеген бал татып кеткен!- Көлдегі бақа, шөлде қалғанда бір тамшы судың қадірін білген екен,- деді Сейіт қостап.- Айтпақшы, Шәріптің жамбасының жағдайын сұрауға да мұрсамыз келмеді-ау! Шөлден қаталап қалыппыз. - Науан ыңғайсызданып, тамсанып қойды. - Сарайымызды шайдай ашты мына қымыз!- Әуелі қара тұлыптың көні жібіп алсын. Бір саба қымызды қылғып салмай, оның қыртыс-тыртысы жазылмайды, - деп қағытып еді Шәріп. Екі құрдастың аяқталмас әзілі тағы қоздады.- Жақанның жанынан екі елі ажырай ма? Артын көріп ауырған тышқан сияқты бұл.- Не бітіріп келдің сонда? Көксайдың қымызымен жаныңды шақырып отырсың. Мен де тегін жатқамын жоқ...- Сен не тындырдың?- Шекара аттата алатын өнерің болса, Майтөбенің басын жайлаған үкіметтің кез атынан отыздай саңлақ сайгүлікті Білікшінің бітеу тұйығына айдап апарып, ауашалап қойдым.- Суқита салдың ғой деймін? Сенің де қолыңнан сондай жігіттік келе ме?- деп еді Жолдыбай:- Рас айтады. Жамбасының құяңын үздіріп, ертеңінде атқа мінген. Сендер қайта оралғанша, дайын тұрсын дедік,- деп Жұмахан қостады. - Мен де шет жағасында болдым...- О...о...һо! Ағаның ерен еңбегі екен ғой ол. Бәрекелде! - Жолдыбай Шәріпті жеңер ақынға енді басқа қырдан шықты. - Бәсе, Жүкеңнің арқасы екен ғой...- Ей, енді екеуің қалжыңды қайыра тұрыңдар! Үлкен іске мойын бұрайық, - деп, Сейіт әңгіменің арқауын ширата түсті. - Жаңа өмір басталғалы тұр. Шешінген соң судан тайынба. Бірақ соғыс көрмеген халқың қалай қисаяды? Оның ойлары судың ағынымен жарысқан қайықтай зырлады да, кенет құмға қайрандап қалғандай болды.- Қырсық қойды бастаған серкеден шығады, - деді Жұмахан. - Ақсарбас қойдың қанына қолын матыра салып, сақшының құлағына сыбырлаған Қарымсақ зәңгіге не дейсің?- Оның қаны бір саба арам қан. Бойында өз халқының бір тамшы адал қаны жоқ! - Жолдыбайдың ойнақшыған көздері тұтана түсті. - Ондайлармен жұмысымыз не? Шегірткеден қорыққан егін екпейді.- Бұл жолы мені тастамаңдар. Ат айдасып барып, арғы бетті көріп келейін. Бала кезімде жүрген жерлерім есіме келер ме екен?- деп Шәріп өзі белсенділік танытқан.Бұлар екі күн еру болып, Науан мен Сейіт түнделетіп жүріп өздерінің отбасының амандығын ұғысқалы кетті. Жолдыбай құрдасының үйінде қалған. Жақанның күйеуі жылқы жиғалы таң аппақ атқанда аттанып кетіп еді. Келіншегі де ерте тұрып, ұзын, қызыл күрең барқыт шапанын желбегей жамылған. Шошаймен түңліктің бір шетін күңгейлеп көтеріп жатты. Көбелек гүлдері бар, ақ шұбар шыт көйлегінің омырау түймелері түймеленбепті. Қызыл келіншектің тамағының асты, тысырайған қос анарының ортасындағы шұңқыры аппақ қардай екен.Жолдыбайдың құтырық көздері шала жұмылып жатып, соған түсті. "...Мынау да Зейнеп құсап, жынданбайды-ау, е!? Әй, бұл нағыз ақша қарға аунаған түлкі... Бұған ынжықтық еткен жараспайды...Шүйіліп түсетін бүркіт керек!" Әлде нендей сайтан сезім жігіт жүрегін шеңгелдеп, бүріп барады. Қомағай құштарлық обырландырып, ақыл-есін жадылап алғандай. Өжет тәуекелдік екі өкпеден қысып, тынысын тарылтты. Тістеніп, азу тістері шықыр-шықыр етіп қалғанын соңынан байқады. Басқа уақытта ешбір ыңғайын келтіре алмай жүрген Жолдыбай, үй ішіне таң жарығы толық түскенін де есіне келтірген жоқ. Жалаң аяғына киген кебісін тастап, жамылған шапанын бақанға іліп жатқан Жақанды, оң қолымен тығыршықтай тығыз, дөңгеленген бөксесінің төмен жағынан, сол қолымен қыпша белінен қапсыра құшақтай алып, тік көтерді де, көзінен, тамғынан шоп-шоп сүйіп алды.- Қойшы!... Жындымысың?!- деп, тұзаққа түскен торғайдай тыпырлады ол. Аласа бойлы, кішкене келіншек­тің  аш белінен жуан білек айдаһар жыландай оралып қалыпты. Оның ұлпадай еттері былқ-былқ етті.- Ұйбай! Еркек көрмегендей... мұның аты не?!- Қайтеді?- Таң аппақ атқанда...- Ауаша ғой?- Ақылдас (абысынын айтады) келіп қалады...Құрыштай батыл секімге бекіген аусарсоқ жігіт, кері шегінбеген-ді.- Бәрі бір... көнесің!...- Аясаңшы! Зорлықтың  ләззаты болмайды!- Мені де ая! Жүректің бұйрығы...Көзінің алды мұнартқан Жақан, үнсіз ғана, көлігіп талықсыған су жыландай сұлқ жатып қалды...Сүт пісірім уақыттан соң, Жақан қобыраған шаштарын тарамаған қалпында Зейнепке, ішінен ілінген қос қанатты, оюлап сырланған ағаш есікті ашып берді...Осыдан үш күн өткен соң, Жолдыбайлар Шәріпті де қатарларына алып, Сейіт бастаған төртеуі сығайлаған он жеті атты түнделете айдап, шекарадан өткізгенде, Акпар мен Патих алдыларынан шықты. Олардың бастарында көк сұр делегей қалпақ, көрер көзге сауда-саттықпен айналысып жүрген саудагер бейнесінде жасанған екен.- Аман жеткендерің көрім болды. Сендер қолды болып қалды ма деп, қатты сасқан едік.- Әмісе абиыр берсін! Аллаға шүкір!- десті олар.Қырық бірінші полк казармасына келгенде, бұрын бетон жол, машина көрмеген аттар ышқына ішін тартып, осқырып, құлақтарын қайшылай тігіп, арқа, сауыр, сан еттері дір-дір етті. Арасынан жұдырық әрең өтетіндей, үстіңгі жағы істік, керегенің сағанағындай жұмыр темірлермен қоршалған төрт шаршы шағын қорғанның ішіне кіргізді аттарды. Үстіне ақ шапан, бастарына ақ шүперек тақия киген орыстар (мал дәрігері сияқты), аттардың езуінен сілекейін алып, біреулері биіктігін, ұзындығын, көлденеңін өлшеп әлек. Екі жирен төбел қара байыр арғымақ шалысты бөлек әкетіп, қалған жуан тұғыр, біріқ жорға, жүрісті нағыз қазақы аттарды да реңіне қарай бөлектеп жатыр.Сол күні кешкі апақ-сапақпа Акпарлар, алты жәшік оқ, екі темір қобдишаға салынған шойын гранат, он төрт германка, алтауы бірден жанқұрал алып шекара аттаған.Бұлар "Тесік қарауылдан" өте бергенде, тағы да қалың нөсер жауып, сұрша тұман басты. Қарыс жер көрінбейді. Түнеп қалса қауып-қатер төніп тұр. Неде болса алға қарай тарта берген. Кәнігі жолдың сорабынан жаңылғандықтан ба, жыныс орманды, қой тастары көлденең сұлаған қия беткейдегі жалғыз аяқ жолдың сорабымен келе жатқан болатын. Үстіне екі сандық оқ-дәрі артылған қара кердің жайдақ тағалы табаны тайып кетіп, терең шатқалға қарай арсы-күрсі құлап бара жатты. Жаңбыр суына малшынып көк соқта болған қайыс шылбыр ноқтаның сулығынан үзіліп, Жолдыбайдың қолында қалды. «Әттеген-ай! Қырсық шалды-ау!... - Енді қайттік?- Бір-екі адам қалсақ қайтеді?- Қолды болып қаласыңдар.- Ат мертіккен шығар?- Бастан құлақ садаға, бізге қажеті оқ, дәрі...- Күн ашылып, жер сергігенде қайта оралармыз.Жүргіншілер, Мың марал, Шыбар аршаны басып, Ластай тауындағы Ақ қысаң дейтін жердегі Сейіттің оңаша отырған үйіне түн ортасында жетті. Бұл араға да аудандық сақшы мекемесінен қару асынған бес-алты қытай, жол бастап жүрген екі қазақ келіп кетіпті. Әскер ме? Сақшы ма? Ел ішіндегі тыңшы ма? Белгісіз. Кейбіреуі әдеттегі бұқараша киінген. "Шындығыңды айтпадың" деп, Сейіттің келіншегін байлап алып кетпекші болыпты. Бірақ, отбасындағы кішкене балалары қараусыз қалатындықтан, амалсыз болған көрінеді.Айналасы бір жетіге жетпей көтеріліс бастамақшы болып, қолдарын ақсарбас қойдың қанына матырып, серт бергендерден Қарымсақ зәңгіден өзгесі түгел бас қосып, Ластай тауының басындағы Аққысаң мен Жиенбайдың Ақтасын, соғыс базасы етіп, "Азаттық" атты штаб құрылған. Ел ішінде отырған Әбілқайыр төре мен Оразхан ақалақшы өздері көш басы болып, ауылдағы аңшы-мерген, ер-азаматты бастап, көтерілісшілер қосынына қосылды. Үрімжі түрмесінен қашып шыққан Ғайни деген (қазақтар Қайнам дейді) ұйғыр Үрімжіге бәжі ат айдап барғандарды тапқан екен. Солармен ілесіп Ілеге жетіпті. Оның Қарабақ деген жерде жасырынып жүргенін естіп, Акпар Жолдыбайды жіберген. Қайнам батыр тұлғалы, үйіндісі үйдей, алып адам екен. Қазақы қалжыңға да жүріп тұр.- Осы екеуміздің әкеміз, бір адам болып жүрмесін? Қандай ұқсаймыз, ә?!- деп қарқ-қарқ күлді.- Мен сенен гөрі қаралтқым екенмін.- Шешеңіз қазақ арасында болған ба еді?- деді Жолдыбай да оған әзілдеп.- Шешемнен гөрі, әкем қазақтармен көп араласқан көрінеді. Ха... ха...ха...- Әйтеуір өң-форымыңыз қазаққа бейім екен.Әзіл-қалжың аш ішектей созылып барып, шорт үзілді. Жолдыбай келген бұйымтайын айтты.- Қазір қанша адамдарың бар?- Үш жүзден асып қалды.- Қару-жарақ?- Арғы беттен әкелдік. Халықтың қолында да үкіметтен қалтқалап қалған аңшының мылтығы дегендей... Айтпақшы Үрімжі түрмесіндегі тұтқындардың жағдайы қалай екен?- Қытайдың түрмесіне бардым дегенше, "о дүниеге аттандым!" деген жөн сияқты. Қашып құтылмасаң жан қалмайды...- Іледен қамалған ел басыларынан көзіңізге түскендері бар ма?- Ақын Таңжарықты жақсы танушы едім. Абақтыдан далаға шығарған кезде сыртынан көріп қалдым. Аяғында кісен, қатты жүдепті.- Өлкеде қызмет істеген Әбеу, Махсұт гуандайларды қайтты екен?- Әй, олардың көзін жойды-ау деймін?... Хабарым жоқ. Саяси қылмыстыларды біріне-бірін анда-санда болмаса көрсетпейді. Қайнам Жолдыбайдан хал-жайды ұққан соң, қасына сенімді деген екі ұйғыр жігітті ертті де, бірге жол тартты. Акпар, Сейіттің Ластай тауының басындағы Ақтаста соғыс базасын құрып, қарулы көтеріліс жасағалы жатқанынан хабар тапқан аудандық сақшы мекемесі қатты сасқан-ды. Құлжа қаласындағы аймақтық уәли мекемесі мен ішкі істерінің жауаптыларына хабар беріп, олар өлкеге телефон соғып, алашапқын әлекке түсті де қалды.Ақтас шатқалының басы құзар шың. Еңіс жағы аққысаң. Үй ағаш артқан жалғыз түйе әрең өтеді. Терең сайдың екі беткейі де жалама жартас. Аққысаңның екі босағасын иелеп алса болғаны, жүгіріп өткен тышқанды да жібермейді.Әуелі алыстан арбап, жұмсақ тәсіл қолданған Нылқы ауданының қытай әкімі, Әуелхан төре мен Акпарға хат жазып, Әбділда дейтін ақсақ тілмашты қосып, елші жіберген еді. Акпар әкімнің хатын жыртып тастап, Әбділданы алып қалды да, елшілерін қайтарды.- Қан төгілмесін десе, аудан қалашығын босатсын! Түрмедегілер түгел елге қайтарылсын! - деп жауап берген. Құлжа мен аудан қалашығының аралығында сабылған сақшылар күндіз-түні үзілген жоқ. Ары-бері жүрген жолаушылар да албаты тергеліп, кім көрінгеннен күмәнданып, әй-шәй жоқ, алдыларына салып айдап кетіп жатқан.Қаладан елу шақырымдай шалғайдағы Қарабақ қыстағы­нан ел орынға отыра аттанған Жолдыбай, Қайнамдар Қас өзенінің бойында қару асынған екі қытай сақшыға ұшыра­сып қалды. Жүрістері сөдегей сезілді ме? Қайнамдармен айқаса кетіп алдын тосты. Әлденені айтып, қытайша былдырлайды. Абақтыны көп көрген Қайнамның қытайшадан біраз хабары болғанымен, сыр беріп аламын ба деп, ұйғырша сөйлеп тұрып алған болатын. Жолдыбай мылқау адамша тіс жарып, тіл қатқан жоқ. Бұлардың тегін жүрмегенін байқап қалған сақшылар да, оларды үнсіз алдыларына салып айдап келе жатқан-ды.Қайнам сабаудай кірпіктерінің арасынан ойнақшыған көздерін аларта артына қарап қояды.- Аттың құйрығына жабысқан "шоңайнаны" қашан аламыз? - деп қалды ол.- Ығы келгенде, - деді Жолдыбай сыбырлай сөйлеп.Өзен бойындағы орманды шеңберлеп қысып тұрған тыныштық. Ың-дыңсыз бос әлем, қызыл талдың арасынан шыға алмай, айналып қалған Айды басып озған қараңғылық түнеріп тұр. Әлдеқайдан әлсіреп жеткен байғыз үні зарлана сұңқылдайды. Сақшылардың қолында оқтаулы мылтық. Айдаған адамдарының соңында қамшы салым ғана жақын келеді. Тұра қашқанмен тырс еткізіп ата салса қайтеді? Қолды болғандар бір амалын таба алмай, мәңгіріп, титықтап тұрғанда, жол бойындағы томарға қонақтап отырған үкі жалп етіп ұша бергенде, аттар қорсылдап шалқалай шапшуырлаған. Әйтеуір ажал түртті ме екен? Екі қытай да қатарласа қалып еді, Қайнам мен Жолдыбай тақымдарының астына қысып келе жатқан шойын шоқпармен шекеден, шүйдеден қағып-қағып жіберіп тұмақтай ұшырды. Қорқыраған дыбысқа құлағын тіккен аттар "не болып қалды?" дегендей қалш-қалш етіп, осқырып тұр. Жедел жерге түсіп, Жолдыбай өткір көздерін сақшылардың бас-аяғына жүгіртті. Қамыт аяқтарын екі жаққа талтайтып жіберген қытай сақшылар бастарын тас жол үстіндегі ұйыған қанға батырып жатыр. Қорғасындай ауыр қолмен ұрылған шойын шоқпар оңдырмаған көрінеді. Сақшылар жайнаған қызықты дүниемен қоштасып бара жатқандай болды. Жолдыбайдың имек қасы шытынап, ессіз күлкі қысты. Жүрегі кеудесін қағып, дүрс-дүрс соғып тұрғанын, өзін тоқтатып барып байқады. Қайнам етігінің ұзын қонышынан қынапты пышағын суырып алып, қытайлардың көкірек тұсынан қорс-қорс сұғып алып суырды да:- Ал қарап тұрмаңдар, - деп өзен жаққа иегін көтерді. Жолдыбай сүйек мүштектен ащы темекісін тарта жүріп, сақшының біреуін сирағынан сүйреп су бойына апарды. Қан тілегендей Қас өзені ойнақ салып, өкіре ағып жатыр. Алақабдан бұлтты аспанға, көкжиектен көмескі көтеріліп келе жатқан кетік Айдың бозалаң сәулесі түскен өзен айдынында жалпылдап жанған оттай қаулап, тулаған ақсары толқындар жөңкіледі. Қытайлардың мәйітін жарқабақтан домалата салып, Жолдыбайлар Ластай тауын бетке алып, суыт жүріп кеткен... * * *Қайнамдарды Акпар, Сейіттердің сарбаздарының қосынына қосып қойып, Жолдыбай Күнестегі өзінің ауылына келген болатын. "Елім!" деп еңіреп жүрген ер-азамат төңкеріс ошағына тұс-тұстан төгіліп жатқан. Нылқы ауданының Ластайынан басталған көтеріліс дүмпуі Іле өңірін дүр сілкіндірген болатын. Аяғы жеткен аудандарға, жаңбырдың арасымен жүргендей қып, жасырын жалғыз атты жүргінші жіберіп, елеңдеген елді екі жақ та өздеріне тартып жатқан-ды.Алажаздай ауылға қарасын көрсетпей кеткен Жолдыбайдың түк білмеген кісі құсап, аяқ астынан жетіп келуі бірталайларға күдікті күмән тудырып еді, Бірақ Жарылқасынның үйіне апыр-топыр келін түсіріп, өзге абыр-сабыр, күбір-сыбырды басып кеткен. Екі жылдың алдында қызының қалыңын алып, құда түсіріп, құйрық-бауырын асап, жырғап қалған Жұмабек шұбар, Қымбатты ұзатарда оншалық керги қоймады. Кедейліктен ыңыршағы шығып жүргенде қызынан қалың алып, сөл жүгіргендей болған. Бірақ, көн қатса - дағдысына барғандай, ағайынды үшеуі бәсекемен сатып-сойып, құралып қалған малдың басын азайтып алған еді. Жалғыз атпен қотыр тай, бір бұзаулы сиырға қараған мезгілі еді.Келін түсірерде де Жарылқасын жомарттық істеді. "Қара басты адамын бергелі отыр. Мың жылдық құда ғой. Разы болсын", - деп, тағы да бір ат, бір бұзаулы сиыр, бес тұяқ қой берді. Той малына ту бие апарған. Көңілі түссе көл болып қалатын Жүкең, айналасы бір жетіге жетпей, қызын үйден шығарған болатын.Қымбаттың арына кір келтірерлік сыбыс қара сырдың жаңа қақпаға жағылғанындай болып, ғазез басын бір мезет тұқыртып барып, әрең сергіген. Бірақ, жаманат жедел жайылып, құмға сіңген судай тез басылған. Жағада кір жуған әйелдерге де тура қарай алмай, бетімен жер басып жүргенде, Жолдыбай ұрын келген соң, өткелден өткен Қымбат, кекететіндермен кездескенде маңғазсып, оларға басын изеп паңданып өтетін. Қапелімде сына қоймайтын қайсар мінез қалыптаса бастаған. Оның бұл батылдығы келін болып, табалдырық аттағанша ғана еді. Күйеуінің өзіне салқын қадалған көзінің тұңғиық мұнарына батып бара жатқанын байқады. Үйленгеніне үш күн өтпей жатып, Жолдыбай:- Мен енді соғысқа кетемін! Мүмкін тірі оралармын. Әлде... - деген торығу, қорқуға ызақорлық қосылып, Қымбат не дерін білмей, сазарды да қалды. "Борбай еті борша, арқа еті арша болып өткен жоқшылық өмір мына қорлықтан әлде қайда артық-ау!.." Күйеуі соғысқа кеткен соң, тірі жесір болып жүрген жас келіншек тағы нендей сыпсың өсекке ілінерін есіне келтіргенде, жүрегін аяусыз қысқан қатал шеңгел тырнағын батыра түскендей болатын. Көздерін тұнжыратып, өзгеше уытты өмір ұршықтай айналып бара жатты. Әзіл-оспақ, астары жоқ, бояуы солғын сұрақтарын бере бастаған: - Менің күнім сен кеткенде не болатынын ойламадың ба?Жолдыбайдың жиектері қанталаған сұқты көздері қулана жылтың-жылтың етіп:- Не болушы еді?- деді.- Сенсіз өмір қалай сүрем?- Қарның қампиғанша, ішіп-же, қамсыз ұйқыңды қандыр. Ең жақсы өмір -  осы.- Өлең шөпке тойғанына семіретін соқыр өгіз болғаным да?- Маған сонда неғыл дейсің? Сен ғана емес, ел басына күн туған заман!... Мен қатын емеспін ғой? Мұндайда атқа мінетін еркекпін!Солқылдақ құба талдай нәп-нәзік Қымбаттың жеңін түрген қызыл көйлегінің астында, кішкентай солыңқы емшегі дір-дір етіп, үнсіз қалды. Күйеуімен ендігі ары сөз таластыра беруге батылы бармаған. Ұзатылмай тұрған кезінде де, жаз бойы соны ойлап, қатты жүдеп, оған көңілі кеткен Қымбат, Жолдыбай соғысқа аттанарда тіпті өзгеше ойсоқты болған. Көзі ұйқыға бармай, түн ортасы ауды. Сүйегі арсиған, жылуы аз көкірегін күйеуінің жардай арқасына сүйеп, ұзақ ойланды. Көңілін ешбір ажарландыра алмады. "Мен нағып ошағандай жабысып алдым осыған?!". Өзінің қылығына өзі әрі ұялып, әрі қуанып, біресе ызаланды. Екі беті ду-ду етіп, демін күрсіне жиі-жиі алған. Бір кезде от жаққа аунап түсіп, екі қолын екі жаққа жіберді. Қой көзді ақсұр жүзін тыржита қалды бір мезет.Жолдыбай бір ұйықтап оянған. Түсіне Шәріптің қылықты қызыл келіншегі Жақан кіріпті. Күлтеленген қоңыр сары шашы келіншектің топ-толық, әппақ қардай екі иығын жауып тұр. Кішкентай сүйкімді құлағының түбінен иіскелеп жатып, Жолдыбай оянып кеткен. Талайға дейін сол ләззат, сұлу бейне мен өзі тұңғыш рет өлтірген адамы қытай сақшы көз алдынан кетпей қойды. Махаббат пен өшпенділік қос бөрідей қыңсылап ұлып, көкірегін үңгіп жатқандай сезілді. "Тартып алған нәрсе тәтті болады... Жауыңды өлтіргеннен кейін де кегің қайтпайтыны сияқты..." дейді ішінен. Сол күні таң атпай, Ақтотының күйеуі Досжан, қайнысы Марқа мен өзінің ағасы Жарбол бастаған он шақты ауыл жігіттері Жолдыбайға ілесіп, Ластай тауындағы Аққысаң шатқалын бетке алған болатын. Құлазыған жазық дала тым-тырыс. Бүкірейген дөңестер, бұзаушық төбелер томсарады. Суына бастаған ауаның ылғалды лебі бетке салқын тиеді.- Қамыт аяғыңды шіреп, үзеңгі бауыңды үзерсің! Онан да өнеріңді жауға шығар.- Өзің оңып тұрмысың? Ұсқынсыз қалмақ бетің соғысқа бармай жатып құрысып қалыпты ғой!? - десіп сақараның жайсаңдары әзілдесіп барады.  Суырдай үйінен аттап шықпай қалған ынжық біреулері, ауыл тұсынан дүрілдесіп өткен ат тұяғының дүмпуіне құлақ түріп, елеңдесіп қалған. Кейбіреуі елеуреп тұрып, кимелеп есіктерін сықырлата асығыс ашып, сыртқа шығып, суыт кетіп бара жатқан бір топ аттыларға аңтарыла қараған-ды. Күбір-сыбыр көбейіп, үй ішінде әлденеге шошына жылаған баланың дауысы шырылдай шығады.Күздің гулеп соққан суық желі таң салқынын тоңазытып тұр. Қызарып солған қурайлар, бүрінен айырылған бұта-бүргендер қуқыл тартқан. Ұзарып, сарғайған ақселеу, бозғыл көде мен өңі қашқан боз жусан үрпие қалтырайды. Бас шұлғып, елеуреп, елпек қағады. Қураған қаңбақ даланы тынымсыз кезіп, әлдеқайда жосып өтеді. Салқын түннің қалың шығы ат тұяғын жылтыратып, шашасын суландырады. Күн райының сүркей мұңды көңілсіздігіне қарамай, таң азаннан атқа мінген ауыл жігіттері қобырасып, дүрілдеспей, сыбырлай сөйлесіп, суыт жүріп кеткен.Әлде бір суық сарын ескендей ауыл маңындағы жатаған, аласа төбенің селеуі мен көдесі қалтырап, үрейлене үркіп, сары желектей желпінеді. Баяғы ескі зардың шеріне куә болғандай, ел басынан өткен зарлы дастанның сазын шерткендей боп, Күнес өзені күрсініп ағып, мұңлана шулайды.Елең-алаңнан ауылдан аттанғандар астындағы аттарын үріккен қалың құландардай жосылтып, түйілген қабақпен, шошынарлық жүзбен артта қалып бара жатқан ел жаққа жалтақ-жалтақ қарап қойысады. Бір-біріне асығыстау, шолақ тіл қатысады. Суық, тылсым дүние ортасында, тасбауыр адамға айналғандай. Алыс-жақыннан әлдеқайда жырақтауға бет түзегендей сезіледі. Ел мойнына батқан заман шынжырын жұлқып, күшпен үзуге серттесіп, әлденендей тоңмойын батылдыққа басқан іспетті. Кеуделері қозданып, тұтанған. Әр жүздің сыр толқыны көп. Әсіресе Жолдыбайдың көздері бабына келген қаршығаның қарашығындай оттанып, оқыс бір оймен өртеніп келеді.- Жауыз болмасаң, жауыздықты тыя алмайсың!- дейді ол.Қатарындағы жігіт:- Елден артық қызық орта бар дегенді ойламаған едік... осынымыз қызбалық болып жүрмегей?!- деді көңілсіздеу.- Солқылдама! Енді бос қиялды жұлқып лақтырып тастап, басқаша дүниеге көшу керек! Ауылдан аттап шықпай жатып, шала күйген шірік ағаштай бықсыма! Халқыңның қасіреті  қайсы үкіметке дәрі?! - Жолдыбай қатарындағы сапарластарына мысқылдай қарады. - Елбасың Мақаң қайда? Бұлбұл ақын Такең қайда? Жалғасты санай бер. Қазағыңның қанша боздағы түрмеде жатыр? Кеше ғана ауданыңның әкімі Жайырбекті ұстап кетті. Ендігі кезек кімге келер екен? Жап аузыңды! Қыңсылама! Бұралқы ит емессің, - деді де, Жолдыбай жүзін теріс салып, томсарып алды. Қасындағы ұзынтұра жігіт те үзеңгі бауды үзіп жібере жаздап, бір шіреніп қалды да, теріс қарап, ер үстінде бір жамбастай отырды. Көп сөйлемейтін Досжан да бүгін тіпті үн жоқ. Бірақ іштей ол да тұтанып келеді. Көздері қара дәріні молынан салып, қорғасын оқты әлде неге кезеп атқалы тұрған қосауыз мылтықтың түтігіндей сұсты. Түсі өзгеше суық. Астындағы жалдас орауыз, кеудесі есіктей қаракер ауыздығын сүзіп тастап, желе аяңдап келеді. Екі езуінде жеген шөбінің жынына араласқан жасыл көбік көпіршіп тұр. Төртбақтау келген, сом сүйекті, шойындай ауыр дене аттың белін солқылдатып, шоқтықтан нығарлай басқан.Марқаның көңіл күйі де күндегіден өзгеше. Сылқ-сылқ күліп, сыр бермей, үнемі көңілді жүретін жайдары жігіттің көкшіл көздеріне мұң ұялаған. Қызыл күрең жүзі қарауытып, күлбеттене қалыпты. Оның жайбарақат күндері, жатып атар жымсыма әзіл-қалжыңы болушы еді. Одан да тас тыйылған.Осы мезгілде жасы қырықтан аса жығылған Жарболдың кемеліне келген кезі. Әкесі Жарылқасынға аумай тартқан екен. Алған бетінен қайтпайтын, ішті, алыстан арбап, ұзақтан қайырып алатын сырбаз мінез қалыптасқан екен. Ол ат үстінде ешкіммен тіл табысқан жоқ. Қиялы тым ұзаққа кетті. Бала кезіндегі арғы беттің үркін-қорқынын, қан жосыған қашқындар көшін көз алдына келтіре береді.Бұл жолы суық сапарда келе жатқан жас жігіттердің бірі Маралбай, жиырмаға жетпеген бозбала. Қақпайлап, қайда әкетіп барады? Онымен жұмысы жоқ. "Туған таудың қай беткейімен қияласаң да біргемін!" деген өжет ой оны да дедектетіп, жетегіне алған. Отты көзінен ұшқын шашып, алдында келе жатқан ағаларының басынан аса, жорғалай қарайды. Әйтеуір өзіне де бейтаныс, көкірегін алып ұшқан, қызба желік бар.Осылардың бәріне мұрындық болып, аса қатерлі тәуекелге келтіріп, басын құрап, бастап бара жатқан да Жолдыбай. Оның нәресте кезіндегі үркін көштің жолында, өлі ананың емшегін кергілеп, қансоқта сүтін сорып жатқаны тегін емес екен!Ластай тауындағы көтерілісшілердің дүбірі Іле аймағындағы бүкіл елді үріккен қойдай дүрліктіріп, тыныш тірліктен ықсыратып тұрған. Бір ұшқын жел айдап келіп, қураған қамысына түссе, Іле алқабы лап етіп, өртенгелі тұрғандай еді. Жолдыбай тұңғиық аспандағы алақабдан бұлтқа қарады. Елең-алаңнан ұшқан тырналардың күміс қоңыраудай сыңғырлаған үніне құлақ түрді. Күзгі қураған шөптің жансыз, жабырқатарлық иісі келеді. Дала талмаусырап жатыр. Күреңітіп кеткен құлағын қамшы ұстаған қолымен уқалап қойып, аңызғақта жарылып кеткен тарғыл беттері, салқын сызды ауада құрыса жыбыр-жыбыр етеді. Беттері сәл балбырап ісінген. Шаршағандықтың табы бар.Жолдыбайдың есіне, бір уақ, үйде тірі жесір болып қалып бара жатқан келіншегі түсті. Жүзіне тұйықтықтың көлеңкесі түскен, күзгі жапырақтай бозарып солған Қымбаттың көзінде, бір түрлі аянышты жаңалық пайда боп, жүдеп қалған. Жүрегін жылытарлық, бар қуатын жұрдай етіп кеткен қуыс кеудесі бос даладай қаңғырап еді-ау, сорлы әйелдің!Соны ойлап, тақыр басындағы қалпағын бұжыр құйқалы желкесіне қарай сырып, тізгінін тарта ұстады Жолдыбай.Ал Ақтотының күйеуі Досжан уайым-қайғыдан бейғам сияқты. Астындағы кеудесі есіктей күрең төбелдің үстінде, үн-түнсіз ескі әуенді әннің ырғағын іштей айтып, анда-санда ыңылдап қояды. Осылардың ішіндегі ең үлкені де сол. Өзінің саргідір тартып қалғанына қарамай, өзгедеріне ақыл-кеңес айтқаннан гөрі, "мақұлға" бейім. Жолдыбай оған: "жүр" десе жүріп, "тұр" десе тұрады. Сөз бұзбайтын момын жездесінің осы қылығын, балдызы онша жақсы көрмегенімен, оған жаны ашып аяйтын. Оның құрдасы Өтеген сапылдақ өтіріктің түбін тесіп, оның мысқылдап отырғанын түсінбейтін Досжан сылқ-сылқ күліп, жер бауырлап қалушы еді. Соған Жолдыбайдың намысы қозып, араға түсетін. Қасында отырса, шынтағымен қағып қалып:- Неменеге мәз боласың? Есейгенін білмейтін адам суайт келеді. Өтірікке де күле ме екен? - дейтін. Сол момын жездесі, апайы Ақтотыны қаңғырған ауаша үйде жалғыз тастап, соғысқа кетіп бара жатса да, кәперінде ештеңе жоқ. Бесікте тербетілген баладай, жорғалай басқан аттың шайқалта ырғағанына мәз сияқты.- Жезде аға, енді есіңді жи! Соғыс деген Өтеген құрдасыңның мылжың әзілі емес, қасқыр жұлыс, қан төгіс! - деді де, Жолдыбай тебініп қойып, Досжанның қатарына келді. Ол, ұстамды кекпен, ісіңкі жұдырығын түйіп, санын қатты қысып ұстады.- Соғыс болса қайтеміз? Қашанда бір өлім бар,- деп қиық-қиық күлді. Қалың етті беттері тыржың етіп.- Дегенмен, тегін өлмей, жауыңның бірнешеуін жастанып жатып, қанына тояттап өлсең, - тісіңнің қышуы қанып кетесің о дүниеге!- Мен де тегін өлмеспін!..- Жарайсың! Қазақ жеріне қаңғып келіп, әупілдеп үретін шолақ төбеттерді көзден, қара құстан, шүйдеден соқ!..Жолдыбай сол күні Күнес ауданынан өзінің ауылындағы еркіне көнген ер-азаматты елсіз жермен Ластай тауына бастап барған. Ертеңінде-ақ, отаршыл Қытайға қарсы алғашқы шайқас басталып та кетті. Аққысаңға әуеден бомбы, жерден оқ жауды. Нылқы ауданының орталығына бір күнде алты автомобилмен Құлжадан қытай әскерлерін әкеліп төгіп жатқан. Көшелерін шаң қапқан шағын қалашықтағы  жатаған жер үйлерге үнсіз үрейлене қараған шеріктердің көздері алақ-жұлақ етеді.Жел шұрықтап, қара қошқылдана тулап аққан Қас өзені жағадағы сұрғылт малта тастарды толқынымен шайып өтеді. Сағым көтеріп, бұлдыраған жазық дала тағыланып тұр.Әр есіктің алдында мұңлы көздері ілмиген әйелдердің тастай түйілген қастарының арасынан шып-шып тер шығады. Дала желі көйлектерінің етегін кеулеп кетеді. Қысырдың тайындай тығыз етті, бірақ, құмырсқаның беліндей қынама бел қазақ қыздарына сұсты бейнеде сұқтана қарап өткен, жирен қасқа атты, шенді шерік (бәлкім офицер шығар), ақилана тесіліп көз жүгіртті. Үрпиісіп тұрған, көз жанары солғын қатындар зәресі ұшып, жамырай қарасып қалды оған.Ауданның балпиған семіз әкімі Жаңдәйіңнің қасында Қарымсақ зәңгі бастаған төрт-бес елу басы, күнде шарлаушы, шабармандар еріп жүр.Құмайт, қыраттау дөңес үстінде бауыздалмаған өлімтігі теңкиіп жатқан ту бие, ту сиыр, атан өгіздерді қытай әскерлердің өздері сойып, жәркемдем жатыр. Құмай-құзғынның өлексеге үймелегені сияқты.Түн ортасында шеріктер жатқан клубтың түстігіндегі шолақ көшеден ащы айғай, шу-шұрқан шықты. Өлеусіреп шырқыраған үн өңменіңнен өткендей.- Сиқыршы мыстанды алып шық!..- Бұрымынан сүйре қаншықты! - деп ақырады әлдебіреу.Осы маңда албан Шәріптің қайынатасының үйі болушы еді. Соның келіншегі Жақан Ластай жақтан төркініне бір жетінің алдында ғана келіп, үйіне қайта алмай қалған болатын. "Күйеуі Шәріп пен қайнағасы Жұмахан бандылар тобында екен" деген сыпсың сыбыс қытай әкімінің құлағына тиген болатын. Аймақтық сақшыдан келгендер ел ішінен қойған тыңшылары Түбекбай, Манапхан дейтін екі желаяқты өрлі-қырлы шапқылап, күмәнді отбасыларына күні бойы тінту, қинап, қысымдап сұраққа тарту, тұтқиыл ұстап түрмеген жабуды ойластырған. Бет-аузын әжім басқан арық қара кемпір қызына таласып, шаңқ-шаңқ етеді.- Мұсылман емес, кещесіңдер ғой деймін? Құдай-ау! Не жазығы бар еді мұның?- деп Жақанның оң қолының бау тағарынан ұстап қатып қалыпты. Көйлекшең келіншектің бұрымын білегіне орай ұстап, дедектетіп, аспалы шам әлсіз жанған күңгірт бөлменің шығар есігіне қарай дөңкиген ұзынтұра біреу сүйрелеп жүр.- Жібер деймін кәрі сайтан! Бандының қаншығын соғымға соймақшы ма едің?!- деп кемпірді кеудесінен итереді.Соның арасынша қарсы бөлмеден жейдешең, дамбалшаң Жақанның тете ағасы, орамалын басына іле салып, желеткесін желбегей жамылған жеңгесі де жетіп үлгірген.- Ойбай-ау! Бұл не сұмдық? Қай басынғандық?!- Қайтеді-ей, мыналар?!...Сыртқы есік алдында тұрғандардың біреуі киіп-жарып үйге кірді де, сусылдап жалаңдаған қылышын төбелерінен үйіріп, түбектей тыңшымен жағаласып қалған Жақанның ағасының сол қолын иығынан шауып түсірді. Еденде тыржыңдаған қолдың саусақтары жыбыр-жыбыр етеді...Іле төңкерісінің ындынын ұққан өлкелік үкімет бұлан-талан болды да қалды. Құлжа мен Үрімжі аралығында ерсілі-қарсылы жандайшаптары алашапқынға түскен. Зеңбірек, миномет бөлімдері де жетіп үлгірді.Қайнағасы қанжоса болып, келіншегін тұтқындаған түні Шәріп, Жолдыбаймен бірге күзетке тұрған еді. Дүрліге жанған сирек жұлдыздар алақабдан бұлт арасында жылтың-жылтың сығыраяды.- Жақаннан айырылдың-ау! ә? Төркініне бекер жібердің, - деп, тамсанды Жолдыбай. - Қызғанғаның қызыл итке жем болмасын...- Қайтеді, түс көрдің бе?- Әншейін айтқаным ғой.- Кім біледі, менің түсім жайсыз. "Жаманның айтқаны келмейді, сандырағы келеді" деп, сенің сандырағың келер ме екен әлде?- Қандай түс көрдің?- Түсімде Жақанды құтырған қасқырлар талайды екен...- Дәтің шыдап, қарап тұрдың ба?- Қолыма сойыл алып, ұмтылдым.- Сонан соң?- Шошып ояндым...- Түсің түлкінің боғы болсын, илаһім!Таң ақшелденіп атып, көкжиек күлгін қызыл алаумен боялып келе жатты. Шалқыған шаруашылық, көлденеңін жуандатып жүрген Шәріптің, бет-әлпеті мен ширақ сырт пішіні өзгеріп қалғанын байқады Жолдыбай. Оның басы қатып, назары сүзіліп, үрпиіп тұр. Осы мезгілде етек жақтағы, жабынды бір түп сарыағаштың басына қонған сауысқан, әлденеден шошып абыржи ұшты.- Әй, Шәріп, абайла! Қалтарыста тұрайық. Қаңғыған оқ қағып кетпесін.- Жарайды.- Бері таман кел. - Екеуі де түйе тастың тасасына таман барды. - Ал енді дүрбіңді анау сауысқан ұшқан сары ағашқа турала.- Жасырынып жатқан адам бар сияқты.- Тегін емес. Жау жақтың барлаушысы бар.Соның арасынша, басына темір қалпақ киген, жасыл киімді біреуі жарым денесін шығарды. Неде болса тәуекелге келген Жолдыбай, әлгінің жүрек тұсын қарауылға алып, қолындағы германканың шүріппесін басып қалған. Оқ тиген заман әлгінің шөкесінен түсіп, сылқ ете қалғанын Шәріп дүрбімен ап-анық көріп тұрды. Ширек сағаттай уақыт өтті. Бірін-бірі бағып, екі жағы да көрініс бермеген-ді. Тағаты таусылған Жолдыбай мен Шәріп, жау жасырынған сарағашты бетке алып, оқ жаудырды. Тағы бір темір қалпақты жалт етіп, қара көрсетті де, одан ары еңістеп, қалың тоғайға сүңгіп қарасын үзді.- Қап! Біреуі тірі кетті-ау, е!- Мылтығы жоқ қой деймін? Бұлар неге оқ шығармады?- Жанқұралы бар... Барлаушының міндеті қарсы жақтың қимылын, жайғасқан жер жағдайын байымдап қайту.- Енді қайтеміз?- Жүр. Оқ тиген неме өлген шығар?Жолдыбайлар аяқтарын аңдып басып, қасына таяу барғанда, жаны әлі толық шықпаған Қытайдың қорқырап, ыңырсығаны естілген. "Қарсыласып өлгенше, жаным қалсын" деді ме? Жапалақтай жалбаң етіп, жаралы аяғын сүйрете орнынан тұрып, Манапхан тілші қолын көтерді. Оның балағынан сорғалап қан жосиды. - Қасықтай қанымды қиыңдар! Жаңылдым, жаздым...Шаршы денелі, таңқы танау, бидай өңді, қаулап өскен қалың қара сақалды Манапхан қалш-қалш етеді. Көздері оттай жайнап, қалақ жақ сүйегі бет терісін тыржыңдатып, кемсең-кемсең етеді. Өрескелдеу езуін ырситып, тістері жартылай ақсияды. Жамбасы­нан оқ тиіпті.Жолдыбай қылышын қынабынан суырып алып, шауып тастауға оқталып еді. Шәріп жеңінен тартып тоқтатты.- Штабқа тірі апарайық, - деп сыбырлады.- Жанқұралыңды тапсыр! - деді Жолдыбай тұтқынға ақырып. Жапалақ көзденген Манапхан қолын көтерген күйі, шалбарының оң жақ жанқалтасын сақалымен нұсқады. Жанқұралына оқ басулы екен.- Неге атпадың бізді? - Шәріп оның жыпылықтаған көздеріне шаншыла қарады. - Өз қандасыңды аяған болдың да?- Я...- Халқыңды шы?- Айыптымын! Жанымды қи!Тау жақтан жөңкілген тұман етекке қарай ығып, терең жыраларға құлап келеді. Қойтасты шоқаттар, қазан шұңқыр көлшіктер, шыққа малынған тоғай, салқын таң шапағына шомылып түн түнегі аттанып кетті. Күннің көзі шықпай жатып, шық түскен жапырақтар тау желімен дүр сілкініп, сергіп қалды.- Бұл жерге неге келдіңдер? - деп сұрады Жолдыбай, Манапханнан.- "Бандыларды" сырттай барлап келуге жұмсаған.- Кім жіберді сені?- Өлкеден келген сақшы бастығы. Және...- Және кім?- Аудан әкімі.- Қанша әскер келді?- Мыңға жуық.- Бәрі атты ма?- Жаяуларын да, ауданға машинамен әкеліп, атпен қамдап жатыр.- Қасыңда басқа кім бар?- Екі шерікті мен бастап келгенмін. Бірі мына жақтан қытай, біреуі дүңген. Тіл біледі екен.- Ол қайда?- Әзір менің қасымнан қашып кетті.- Аттарыңды қайда жайғастырдыңдар?- Төменіректе. Тоғай арасында.Жолдыбай сатқын қандасының көзінше, жаны толық шықпай, қансырап жатқан аққұбаша, жап-жас қытай әскерінің темір қалпағын теуіп ұшырып қылышпен маңдайынан қасқалата шауып қалды. Пышақпен тілінген қауындай екіге бөлінген бастың миы да жарқ етіп қақ жарылды.- Штабқа барған соң, көрген-білгеніңді сарқып айт! Құдайға тәубе қып, туған халқыңа бас и! Күнәң кешірілер бәлкім?Аққаптал айласы ма, шыны ма? Манапханның көз жасы қара сақалына мөлт-мөлт тамды.- А, Құдай тәубе! Алжасқанымды кешіре гөр!- деп кемсең-кемсең етті ол.Қытайдың қыл тұзағына қылқа мойнынан түсіп, қанды мойын тыңшысы болып жүрген Манапхан жаны қалғанына мәз бе? Жау жақтың өзі сезген бүге-шігесін бүкпей жеткізуге ант-су ішкен оның оң жақ жамбасынан сәл төмен, санының қалың етін оқ түйреп өткен екен. Дәрігерліктен хабары бар сарбаздардың біреуі, жарақатын емдеп-домдап, қанын тыйып, таңып тастаған. Ол есін жиып, жүрегі орнына түскен соң, көтеріліс басшысы Акпардың өзі оңаша сөйлесті онымен.- Сен қашаннан бері ел ішінде тыңшылық істедің?- Жеті жыл.- Ә, дегенде саған аймақтан тапсырыс берді ме?- Жоқ. Әуелі аудандық сақшы шақырып алып, міндет берген.- Сені кім таныстырып жүр?- Түбекбай деген тыңшы.- Ол сенен бұрын жансыз болды да?- Я, солай.- Не еңбек көрсеттің?- Ел арасында үкіметке қарсы "өсек-аяң", дүрбелең туғызу жайлы қандай сыбыс бар? Түрмеден қашқандар, арғы беттен келген "алашшылдар" не істеп жүр? Тағы сол сияқты...- Кімдердің үстінен мәлімет бердің?Үсті-үстіне қойылған сұрау Манапханды меңдете бастаған. Акпарға үрейлі көзінің қиығымен қарады. Әлдеқайда сұрғылт тұман ішінде қалғандай боп, қалай аттап басарын білмей, мәңгіріп қалды да, сасқанынан:- Ақын Таңжарық туралы...- деді міңгірлеп. - Оның не күнәсі бар екен?- Арғы беттегі Қойдым дейтін әйел ақынмен айтысқалы барғанда, "Алаш" партиясына мүше болыпты...- "Алаш" не істепті?- Қазақты орыстардың қарауынан бөліп алып, жеке мемлекет құрмақшы болған дейді.- Оны кімнен ұқтың?- Асқар Таласпаев деген сол жақтан келген кісіден. Ол Махсұт Іле аймақтық "Қазақ-Қырғыз ұйымының" бастығы болып тұрғанда, сол кісінің хатшысы әрі орынбасары болған екен. Кейін Құлжа қалалық сақшы бастығының орынбасары міндетін өтепті.Акпар, шанақты, отты көздерін қысыңқырап, қалың қасты қабағын түксите түйіп, маңдайынан тік түскен әжімін тереңдете бастады. Оның қисық-қисық кір тістерін ақситып, қалың қара сақалының астындағы жұтқыншағы бұлтиып тұрғанын да анық байқады. Жау жақтың тыңшысынан жіпселеп сұрап отырып, Акпар недәуір мәлімет алды да:- Сен енді бізге адал болып, күнәңді ақтай аласың ба?- Өле-өлгенше... өлла-білла!- Қасыңа бір адам қосамын. Ашығын айтқанда біздің тыңшымыз боласың. - Жарайды. Шыбын жаным шыққанша...- Тағы да сатқындық істесең, өз обалың өзіңе. Басыңды кесіп алып, Аққысаңға апарып, ағаш басына іліп қоямын!- Құлдық! Ризамын.Манапханмен бірге жасы қырықтар шамалы, Нылқы еліне бейтаныс, Ақтотының ағасы Жарбол кетті. Денелі, ірі қара торы жігіт әкесі сияқты ұстамды, ақылға салып, аңдып басатын аңғарлы азамат еді. Ол арқа сүйегін сытырлата керіліп қойып, таңмен таласа атқа мінді. Бұлар аудан қалашығына жақындағанда, қоңыр дөңдегі моланың ар жағынан күн көтеріліп келе жатқан. Жолдың езуінде телеграф бағанасының басындағы шыны тостаған үстінде бір бозторғай зарлана шырылдайды.Жарбол бір шеткі үйде жолаушылап жүрген болып, жасырына тұруға келісті.- Сен қытайлардан күндіз иелеген ахуалды ел жатпай жеткіз маған, - деді Манапханға. Отағасы қырма сақал, ұзын мұртты, бір аяғы сыртына қарай қисық кісі екен. Жас шамасы Жарболдан сәл үлкендеу көрінді. Жауырыны күжірейіп, тұғырдағы құстай, екі иіні құрысып отыр. Көзін үш бұрыштандыра күлімсіреп:- Қайдан жүрсің?- деді.- Жолаушымын. Күнес басынан...- Қайда бармақшы едің?- Жоқ қарап жүрмін. Ішінде ала байталы бар, жирен төбел қысырақтың үйірі жоғалып, әбден сандалтты діңкемді құртып.- Недеген жүрек жұтқан жігітсің! Үкімет адамдары, сақшылар өрлі-қырлы тіміскілеп "бандылардың" шашырап шыққанын шетінен тарпа бассалып, ұстап жатқанда, қамсыз, жоқ қарауға қайтып батылың барды? - Жарболдың бас-аяғына көздерін қиғаштай жүгіртіп, тінте қарады ол. Жолаушының екі бетіне қоп- қою, қызыл күрең қан шапшыды да, немкеттілеу езу тартты.- Құдай сақтайды ғой...- Сөдегей жүрісті, бөгде біреуді көрмесін де. Көзі түссе, саққұлақ машкерлер-ақ ұстап береді оны.- Бандылардың мақсаты не екен, е?- деді, Жолдыбай түк білмегенсіп.- Не болушы еді, озбырлыққа қарсылық та!? Алтай халқы бұлқынғалы қашан...- Осылардың қолынан бірдеңе келе ме? Бес-алты "ұрылардың" ісі дейді ғой?- Халқының қасіретті тағдырына ашынған соң, жанпида емес пе!?... "Сол бес алты ұры" үкіметтің үрейін ұшырды!..Жарбол қисық аяқтың көкейтесті ойына нанып қалды. Бірақ әлі де ішкі сырын бергісі келмеген.- Бұл көтерілісті бастаған бір мықты бар шығар? ("көтеріліс" деген сөз Жарболдың аузынан байқаусызда шықты) - Әйтпесе, халық албаты дүрлікпес еді.- Тірлігінде арыстандай айбарлы, Есбосын деген қызай елінен атақты батыр шыққан. Қалмақ пен қазақ қасқырша таласып тұрған кезінде, Есекең Қалмақтың үш бірдей батырын жекпе-жекте найзаласып өлтірген екен. Ол, жиырма бес мүшеліне де жетпеген қыршын жас кезі болса керек. Ішінде уытты кегі кеткен қалмақтар Есбосын батыр егде тартқан шағында, амалын тауып, үйінде ұйықтап жатқан жерінде інісі Көпесбай екеуін байлап әкетіп, басын кеседі де, ауылдың маңындағы биік шоқыға шыққан ағаштың басына іліп кетеді. Қазіргі "Басілген" деп жүргеніміз сол шоқы. Осы Есбосын батырдан қаршадай екі бала қалады. (Акбар, Науан дейтін), Көпесбайдан Сейіт, ол аяғын апыл-тапыл басып қаз тұрғанда қалыпты. Ластай шатқалына бекінген бес-алты жүздей сарбаздың басын құрап, көтеріліске бастап жүрген осылар көрінеді.- Мұздай қаруланған қытай әскеріне төтеп беретін қолдарында бірдеңесі бар ма екен? Үкімет халықтың қолындағы суық қаруды жинап кетпеді ме?- Шекара асып, арғы беттегі орыстардан неше қилы мылтық, оқ-дәрі әкеліпті дейді...- отағасы астаудың аузындай кішкене терезесінен далаға барлай қарады.- Қытай шеріктерін жанталасып, Құлжадан тасып жатпай ма? Менің қасыма кел. Қарашы анаған.Жарбол да терезеден көз жүгірткен еді.Қорықтың ар жағында жоңышқа танабы көгеріп көрінді. Жоталанып жатқан дөңес үстінен жол кесіп өткен екен. Қолдарына дүрбі ұстаған екі атты әскер күзетте жүргендерін аңғартып, сәл аялдады да, еңістеп кетті.- Көрдің бе?- Көрдім. Қытайлар ғой?- Я, қытайлар. Аудан қалашығын айналдыра, ін қазған суырдай шұрқ-шұрқ тесіп, окоп қазып жатыр. "Бандылар" баса көктеп кетпесін деп, сақтанғаны шығар?Тозығы жеткен жез самаурынды боздата көтеріп, етті-женді сары қатын талтақтай басып, шай қайнатып әкелді. Әңгімешіл қисық аяқ отағасы шайқұмар көрінеді. Түзде жүріп, қанық шыққан үй шайының дәміне құныққан Жарбол екеуі жастыққа шынтақтай жатып, қаймақты көме қаттырып, ұзақ ішті. Ұлттық мақтаныш сезімін қоздыруға ұмтылып, Жарбол да өзінің бала кезінде босқындар көшімен арғы беттен келгенін, казак орыстардың, қазақ жерін қан төгіп иелегенін айта отырды. Түсінісе келе, ішкі сырларын ашты. Қисық аяқ отағасы да едіге руынан екен. Көтерілісшілердің тілеуін тілеп, солардың жеңісі үшін ішкен асын жерге қойып отыр.Ел жатқанша, Манапхан Жарболмен келіскен жеріне келмеді. Әлде Акпардың алдындағы сертіне опасыздық етіп, қытайларға қайта сатылды ма? Немесе қарсы жақтан міндет алғаны сезіліп қалып, өзі қолды болды ма? Әйтеуір беймәлім. Жарбол ыңғайсыздана бастаған еді. Алда-жалда әскер, сақшыларды сау еткізіп бастап келсе қайтеді?Жарболдың етене өз мүддесі есіне түсті: үйелмелі-сүйелмелі бойжетіп қалған екі қызы, аурушаң әйелі, жасы келіп қалған кәрі әке-шешесі, қораға тасылмай қалған пішен, жоңышқасы, күзеуде тары қаралап жатқан ауылдың қыстауға көші-қоны, өзінің де, өзгенің де қайғысын ысқақтайды.Манапханнан түн ортасы ауғанға дейін ешбір хабар болмады. "Соның өзі шикілігін шығарып алды-ау, е! Егер құйы бұзылса, осы уақытқа дейін не албасты басты дейсің? Қытайларды бастап келіп, мені ұстатып жібермес пе еді? Әй, арам ойдан аман, бәлкім бақылауда қалған шығар?.."- деген ойға келді Жарбол. Отағасы да осы уақытқа дейін ұйықтамаған екен. Ояу жатқанын білдіріп, қақырынып, тамсанып қойды. Бұлардың күдікті ойлары күбірмен тағы жалғасты:- Бұл нағып кешікті?- Қытайлар еңбек көрсеткендігі үшін, сый-сияпат жасап жатқан шығар бәлкім?- Несіне бола марапатталсын? Ертіп жүрген екі қытайдың біреуін оққа ұшырып, бірінен айырылып қалып, өзі ғана барса, кім сенеді оған?- Қолды болған ғой деймін?- Енді қайтуім керек?- Манапханнан таң атқанша сыбыс байқалмаса, оның тұзаққа түскені. Аяғым жеткен жерге дейін мен қыбырлап көрейін. Сен ауырмаған жамбасыңмен жатып тұр. Жау жағдайынан сезгенімді саған жеткізіп тұрамын.Ойланып көріп, отағасымен келісті де, Жарбол ертеңінде жалғыз қалды. Зілдей уайымнан діңкесі құрып, үйге бір кіріп бір шықты.Жатаған жер үй мен үстіне жоңышқа жинаған ат қораның қалтарысында тұрып, бір уақ айналаға көз жүгіртті. Тымырсық ауа, қышқыл шаң, аңызғақ күн де сұрғылт тартып, тынысты тарылтады.Артық-ауыс сөзі жоқ, үй күйбіңіне шөгел, балпанақтай сары қатын есік алдында күні бойы өрмек тоқумен болды. Қонағына түскі шайды да үн-түнсіз отырып құйды. Бұл үйдің бала-шағасы қайда? Әлде ұрпаққа зарлы отбасы ма? Жарбол оны қузап сұраудан да жасқанған. Мылқау адамдай үн қатпауға ыңғайсызданған қонағы:- Төркініңіз қай туған?- деп сұрады.- Дейбіс, - деді сары қатын сәл бөгеліп. - Е...е... қызай ішінде дербіс болғанда, бегімбетпен бір туысады ғой. Менің туған қарындасымды бегімбетке бергенбіз. Жұрағат болып қалдық. Онда сіз ақын Таңжарықтың руынан болдыңыз. - "Бәсе, бұл байғұс сақау болған соң, сөйлеуден жасқанатын болды да..." - Туыстық жағы жақын шығар Такеңнің?- Таңжайық сады ұюынан, біз баян боямыз...- Жөн-жөн. Сады, баян аталас рулар.- Әкеңіздің аты кім болады?- Атам аттас... Маңияма...- Е, аталарының атын тергейтін қазақ әйелдері: Қойды "маңырама" деп жатушы еді. Қойлыбай, әлде Қойшықара ма екен?- Айдыңғысы,- деп, сары қатын сасқанынан, күнге күйген, жуан, қызыл қоңыр білегімен маңдайының терін сыпырып сүрте бастады. Оны орынсыз қинағысы келмеген Жарбол, ендігі ары жақ кірісін ашқысы келмеген. Қас қарая қисық аяқ үйіне өң-түсі қатты қашыңқы келді.- Қалың қалай, қонағым?- Тәуір...- Дереу табаныңды жалтырат! Әлгі Манапхан сүмелек өзі бақылауда қалыпты. Бәлкім жанына қысым келсе, борбайына жіберіп қойып, тышқақтап жүрмесін. Аудан қалашығындағы әр үйге шабарман шапқылатып, тінту жүргізіп жатыпты. Аудан әкімі елді қойша иіріп алып, кімде-кім бандылардың жақындарын, сөдегей- солпы адамдарды үйіне жасрса ауыр жазаға тартылатынын айтты. Үрімжі жақтан Қарашарды көктей өтіп, Дағыты асуынан асып, қалың атты әскер келе жатыр дейді. Аудан әкімінің қасында Қарымсақ зәңгі бастаған бес-алты шелқарындар жүр. Жемтікке тойған құмайдай құйқаң-құйқаң етеді. Бүркітші, аңшы-қақпаншыларды жинап алыпты. Қытай шеріктеріне жол бастатып, Ластай шатқалындағы "құйыршықтарға" жорық жасайды екен. Әуеден айроплан шүйілетін көрінеді...- деді отағасы екі иығынан дем ала, қылғынып қойып.Апыл-ғұпыл атын ерттеп, Жарбол көп аялдамай жүріп кеткен. Бара сала, көтеріліс басшысы Акпарға көрген-білгенін, қисық аяқтан естігенін жеткізген-ді.Айтқанындай сол күннің ертеңінде-ақ, сұрапыл соғыс болды. Бір тік ұшақ Ластай шатқалының үстіне гүрілдеп, қызыл көрген кез құйрықтай айналып жүріп алды. Оқ жетпес тым биікте жорғалай түсіп, бірде шығысқа қарай шүйіледі. Оның астында жарылған шырапнелдің боз шаңқан түтіні бұрқ-бұрқ етеді. Терең шатқалдың екі жақ қапталының заңғар биігінен ауаны қақ жара шақырлап снарядтар ұшып жатты.Сарбаздар бұйрық алып, шартарапқа шашырай шапқылап, ажалға қарсы атқа қонған. Барлаушылар жау әскерінің төрт тараптан түйілгенін хабарлады.Жолдыбай мен Жарбол тоғай арасында шолғыншы міндетін өтеп жүріп, жаудың барлаушыларымен қақтығысып қалды. Ұзын бойлы, еңкіштеу, иегі ілгері шыққан, жас болса да қасқа бас қытай әскер қапелімде оқ шығара алмай, Жолдыбаймен қылыштаса кетті. Қарсыласы да, ә, дегенде өктем келген. Болат қылыштардың көгілдір нөсері үдей түсіп, шабысқа түскенде, найзағай ойнағандай жарқ-жұрқ етеді. Бір ығы келгенде Жолдыбай, қылышын дұшпанның жауырын ортасынан сүңгітіп жіберген. Ұзынтұра қытай шалқайып барып, ердің артқы қасына құлады. Оны бастан шауып жібергенде, қылышы құлақшекеден жарып түсті. Оның сарғыштау жейдесінің жағасына қаны мен миы аралас ақтарылып, аттың сауырына шашырады. Екі қолын, қанатын жайған қара құстай далитып жіберіп, құлап бара жатқанын көрген Жолдыбай, есеңгіреп қалған есін жиды. Айнала гүріл, қарауыта күңіренген құзар шың, қалың орман. Пулеметтер үсті-үстіне оқ жаудырып, құлақ тұндырады. Ентігін сәл басып, сарбаздарға көз жүгіртті. Қатты сайыста өзі де қалжырап, басы айналып, жүрегі лобыды. Дөңгеленіп, орман жамылған қара жер зымырап, оған төніп келе жатқандай. Құлағының түбінде тұяқ дүбірі, астындағы атының осқырынып, мойнын бұрғанда делдиген танауын көрді. Анадай жерде ағасы Жарбол атының тізгінін ердің қасына іліп қойып, терлеген күрең қасқаның басын жеңімен сүртті де, мылтығын көтере ұстап сығалай бастады. Оның ар жағында аттың мойнын құшқан бір сарбаз жан делбесі кеудесін көтеріңкіреп барып, көк дүзін қолымен қармай құшақтап, тулап бара жатты."Өлді-ау!" деген ой, сұр жыландай сумаң етіп, Жолдыбай, жауынгер серігіне қарай желе шоқыртқан. Ат тұяғы оққа ұшқан қытайдың сүйегін сықырлата, кеудесін жаншып өтті. Айқаса жығылған үшеуі далиып жатыр. Танаулары күліп тұрып, жыртқыш аңның желбезегінше делдие көзге түседі. Ерсілі-қарсылы атылған оқтар қарағайдың қылқандарын жалай өтіп, ызыңдаған созылмалы әуенмен зу-зу етеді. Тау арасындағы қалғыған тыныштықты ер-тұрмандардың сылдыры, үзеңгіге тиген қылыштың кездейсоқ сыңғыры ат тұяғы астындағы қу шырпының күтірлеп сынған дыбысы бұзып тұр. Ластай шатқалының, тілмен айтып жеткісіз мұңды бояуын, одан сайын қоюлата түсіп, қалың қара бұлт орман үстіне төне берді. Арттағыларға гуілдеген, жер солқылдатқан үздік-үздік ұлыған айқай естілген. Жарбол мен Жолдыбай бірінен-бірі адасып қалды.Сарбаздардың дені мұндай ауыр соғысқа қатынасып көрмегенімен, аң-құс, қораға шапқан қасқыр атып жүрген мергендер болатын. Кейбіреулері қос атарды қараға тигізгені болмаса, жан иесін жаралап, тірі тышқан өлтірмегендер еді. Досжанның інісі Марқа сондайлардың бірі болатын.Жолдыбай қасына келгенде, еңсесі түсіп, есеңгіреп қалыпты. Мылтығын қалай кезеп, кімді атарын да білмей тұрған тәрізді. Өлеусіреген көзімен сүзіп қарайды.- Кісі өлтіргің келмей тұр ма?- Жүрегім атқалақтап кетті,- деді Марқа тырнағын шұқылай беріп.- Адам өлтіріп көрмгендігің ғой. Ажалдан қорқып есуастанба!- Менің жүрегім қатал емес екен...- Сен де жауынгермін дейсің-ау! Қоян жүрек!.. Атқан оғың жауыңа дарыса, күрсінбе!Ер-тоқымын сықыр-сықыр еткізіп, Марқаның қасынан абдырай шоқытып жүріп кетті. Орманның ар жағынан, Ақ қысаң босағасының үстінен жиі-жиі атылған зеңбірек үні құлағына біздей қадалып, жүйке тамырларын ширықтыра түсті. Оның кейде жойқын қатты естілген күрсілінен бойына электр тогі жүргендей тітіркеніп те қалады. Ішкі сарайынан тірек табуға тырысып, басын шайқайды. Ол ағаш арасындағы әжімденген жіңішке жолмен тағы да өрлей шаба жөнелген. Тағалы атының табанына қатқан доңғалақ ыршып барып, жас қайыңның жапырағын осып түсірді. Тоғайдың оң жақтағы сиректеу жиегінен қылт етіп көрініс беріп, қайтадан қалың жынысқа сүңгіп кетіп, ғайып болған атты қазақтарды көзі шалып қалады. Сайдың сары топырағы ырсиып, тілім-тілім биік жарлары түнере түскен. Сарқырап ағып жатқан салқын сулы өзен де өксігендей боп, қанды көбіктене, ызғарлана жосылады.Жолдыбай, Ластай шатқалының алқымындағы төріне жайғасқан штабқа жеткенде, құлағына сусылдаған ысқырық, жоғарыдан ұшқан оқ тыз-тыз етті. Көтеріліс көсемі Акпар, кең аңғардың екі жақ аш бүйірінен қадалған жау әскерінің қимылын, әуе шабуылының мөлшерін көзімен сүзіп, дүрбімен ұзақ қарап, бәрін бағып тұрған. Шолғыншылардың жауға килігіп қалып, бір-екі сарбаздың шығын болғанын естіп:- Сақ болайық! - дегеннен өзгеге мұрсасы келмеді. Тау басынан түнере төніп келе жатқан сұрша бұлттың астынан сүңгіп келіп, бомбы тастап жіберіп, қайта көтеріле берген тік ұшақты дәлдеп атып, далитып түсірді. Ұшақ әуелі жартасқа соғылып, ат сүйреткен адамның шалбарындай пәре-пәресі шыққанын сарбаздардың бәрі ап-анық көріп тұрды.Пасықтық пен аңғарсыздық жау жақтың сезімін қасқыр талағандай жұмарлап тастаған секілденді. Қара құрттай қаптаған қалың шерігімен келіп, "құйыршықтарды" құртып жібермек болған әскер басы төбесіне қорғасын құйғандай, ой-санасы қараңғыланып қалды. Күзеннің інін қазған төбеттей айналасындағыларды қазбалап, ызалы езу тартып, тістерін ақситады. Даланың қышқыл ермені, аттың тер иісі аңқиды. Көкжиекте көмескі жанған жұлдыздардай қол жетпеген арманы бұлдырайды. Оның ой-қиялы да жүдеп, әлдеқайда сұрғылт тұман ішінде қалғандай болды. Күміс түсті сүйем келетін сүйек мүштегін саусақтарының арасына қатты қысып тұрып, шылымын сорғаны сұмдық обыр еді. "Соқыртеке ойнаудың қажеті қалмады" деп іштей тұтанды. Айналасында жиналып болмаған өліктер жатыр. Қалтарысы мол қалың орманды терең шатқалға бекінген қазақ сарбаздары қатты шығынға ұшыратқанын енді сезген қытай полковник, қырғыннан қалған әскеріне шегіну бұйрығын жасаған. Бұл күнгі әскерлерінің Ластай тауына бекінген көтерілісші қосынға жасаған шабуылы өздерін қанжоса етіп, тең жартысынан айырылып қайтқан.Нылқы қалашығын алу жолындағы соғыс жорығы сол күннің ертеңі елең-алаңда дайындала бастады. Қалашықты айнала шартараптан шүйілу, жаудың ту сыртынан шоғырлы түйілу, алды-артынан орап соғу, қашып барып, қайырыла қадалу, жауды жаяу қалдыру сияқты далалық соғыс тәсілін Акпар батыр сарбаздарының құлағына қорғасындай құйған болатын.Сейіт бастаған сарбаздарға жездесі Досжанды қатарына алып, Жолдыбай қосылған еді. Бұлар шабуылды орманды өзен жақтан бастау бұйрығын алды. Акпар мен Патих оң қанаттан, Науан мен Қайнам сол қанаттан сұғына шабуылдамақ болған. Әуелі Акпар бастап, қалашық жаққа, дөңде тұрып дүрбімен қарады.- Әне олар...- Әскери аттар өзен жақта екен. Жауды атсыздандыруға оңтайлы болды.- Құрттай құжынаған қытайлар көрінбейді ғой? Олар қайда?- Жаңа қазылған окоптарда, клуб, үкімет үйі, сақшы мекемесі жаққа шоғырланған сияқты жау әскері. Қолында дүрбісі жоқтар да қалашық төңірегіне көз жүгіртті. Сарбаздарды басқаша сезім билеп барады. Тағадай иіліп, төрт қатардан сапқа тұрды да, бірден аттары аталып, үш топқа бөлінген соң атқа қонған болатын сарбаздар.Жолдыбай жездесіне:- Соғыс деген жынымызды қағып алады. Айналаңа аңырма! - деп қалды үзеңгіге аяғын салып жатып.Қылыштың бозаң тартқан көкшіл көздері жарқ-жұрқ етіп, таңғы алагеуімде көзге күңгірттеу ұрады. Қалашыққа қарайлап қойып, шешілген түйіншектей жадырай жазылып, шашырай ұмтылған. Сансыз тұяқ кере таптаған қара жер күңірене ыңқылдағандай сезіледі. Көп жылқының тасқынындай жосылған екпініне ілесіп, Жолдыбайдың астындағы аты да ұша жөнелді. Сұрғылт дала үстінде бұлдырап бара жатты. Жердің қуаң тартқан қоңыр құйқасы қарсы жосып келе жатқандай. Аттар аяғын жұмарлай түйдектеп көсіле шабады. Сейіт бастаған Жолдыбайлар тобы әуелі жау әскерлерінің ат бақташыларын атып тастап, мініс аттарды екі сарбаз аралға қарай айдап кетті. Тас жол көрмеген дала жылқылары қалаға кірерде құлақтарын қайшылап, осқырынып қалады да, жаңа тағаларын қарш-қарш еткізіп, елеңдей шоқыртады.Кешегі Ластай шатқалындағы шайқаста ойсырай жеңіліп қайтқан қытай әскерлері қатты қалжырап қалған. Оның үстіне мұндай тұтқиыл шабуылды елең-алаңнан күтпеген еді. Дегенмен әр терезеден қатер сығалағандай, ашық есіктерден жауыздық аран аша бастады. Қысқы көкше түндерде қора аңдыған қасқырлардай басбағып, күзетте тұрған қытайлар қалтарыста бұқпантайлап оқ шығара бастаған.Досжанның қатарында келе жатқан бадырақ көз, өжет жігіт екен, ә, дегенде аттан құлады. Гүрілдеп, селкілдеген автомобилдің қасында күйбеңдеп жүрген шоферді Жолдыбай ат үстінен алғашқы рет атып сұлатты. Қалашық көшелерінен қою, ащы шаң көтерілді. Шатырда, клубта шырт ұйқыда жатқан қытай әскерлер шошына оянып, шала киіне, шашыла қашқандар да жоқ емес. Тұтқиыл бақытсыздық қайғысы көкейіне кеулеп кірген, ұрты дорбаланған генарал көзін уқалап, қолына жанқұралын ала бергенде, ту сыртынан тиген болат оқ оны да жұлып әкетті. Алыстан аңдып атысуға мұрсасы келмеген қытайлар атты қазақтармен қоян қолтық қылыштасып та қалған еді. Жолдыбай аттың жалын құша, жатып алып, тығырық жіңішке көшеге сүңгіді. Атын дауалдан қарғытып, орғытып түсті. Дөңгелек ителгі көздерін қадап, еңгезердей қытайды бастан шауып жіберіп, ұшырып түсірді де, аттан түсіп, кеудесімен төне берді оған. "Көзінде ұяты жоқ, төбет екен!" деген ой орала кетті. Бөденедей домаланып, өліп бара жатса да, оқты көзімен ойып жіберердей боп, шаншыла қарайды. Беті іркілдек саз балшық түстес, дақ сияқты тұтасып көрінді. Қоңырқай кір алақанын созып жіберіп, сұлық қалды. Ауыр қасірет тартқан жан ба? Әлде қуанышсыз тіршілігінен зар шеккен жан ба? Бейне бір шама жетпес ауыр нәрсені арқалап, арғы дүниеге де алып бара жатқандай.Жолдыбайдың алақаны шып-шып терледі. Ат терінің, өліктің күлімсі иісі бұрқ етті. Бір қырылдақ дауыс кеңірдегінен гуілдей естіледі. Соның арасынша алдын орай өтіп, окопқа қарай қашқан жаумен айқасып қалды. Өзен аңғарын құлдай соққан желдің екпінімен көзінен жас сорғалап жатыр. Оның сопайған ат жақты беті шойындай қап-қара болып түтігіп, қылышын қиғаштай көзін шала жұмып, сілтеп қалды. Біреуінің бас сүйегі қақ айырылып, қолдарын жайып, көше тасына күңгірт күрс ете түсті. Ұзын, қайыс шылбырының ұшынан ұстап тұрған аты осқырып, аз жерге сүйреп барып, тоқтады. Өліктің денесі құрысып, сұп-сұр еріндері дір-дір еткен. Аузы қисайып, көзі ұясынан шығардай боп, бадырайып кетті.Окоптың бурыл жоталарын бұрқылдатып, оқтың бұршақ­тай шашырап, таралған ызыңы тынымсыз естіліп тұрды. Қаңғыған оқтар аттың алдында, аяқтың астында, тозаңды, тулақтың үстінде сабаумен сабаған жүндей бұрқыратып тұр. Жолдыбай құлағының ызыңдағанын естіп, есеңгірей есінеді. Айналадағы жалпы абыржу, басқалардың басындағы қайғы, оның өз қайғысын саябырлатқандай сезінген-ді. Мұндайда жауыздық пен кінәдан кім кенде қалады дейсің? Ажал шіркін мойнында дұға жазылған тұмары барларға да дарып жатқан. Нәзіктік, сыпайы құштарлық, ізгілік, қайырымдылық, парасаттылық дегеннің бәрі адам бойынан әншейінде табылатын сияқты. Жанталаста жауыздық қана Жолдыбайды қан төгуге құлшындырып тұрғандай. Айналасынан күлімсі қан иісі аңқи бастады. Оқ тиген уыздай жап-жас жігіттер екі жақтан да жер құшақтап, далиып жатыр.Өз өмірінде кешелі бері ғана адамға қаратып оқ атқан Досжан бүгін өзіне бір түрлі жауынгерлік қайсар қайрат дарығанын сезінген. Кәдімгідей ат үстінде еңкейіп алып, қараға алған жауын аңдып атады. Тізгінін жұлқи тартып, тасада тұра қалды. Өртенген клубтан шығып тым-тырақай бірнеше қытай қашқан. Ол енді абыржымай, мылтық серіппесін тартып қалып, оқтың зу етіп ұшқанын байқады. Олар қашқан жақтағы Ботайдың топырағы бұрқ-бұрқ етеді. Бас киімдерінің темір төбелері қылтияды. Қалашықтың мелшиген таңғы тыныштығы қатты бұзылып, пулементтердің қақала қарлыққан дарақы күлкіге ұқсаған бытыр-бытыры да еміс-еміс естіледі. Өлілер мен тірілер арасын айырып тұрған ессіздік деген осы шығар?!"Менің рақаттанып адам өлтіргенім осы болар-ау!" - деген ойға келді Досжан. Қасындағы қанға бөккен өліктің ақшыл жүзіне көз қиығын салды. Оның бір жақ шекесімен кеңсірігін қылыш қиғаштай кесіп түсірген екен. Шелпекше жапырайған сар шәпкісі қанға шыланып қасында жатыр. Сейіт оның көзінше екі офицерді ат үстінен қылышпен шауып өлтірді. "Алға!" деген Акпардың суық айғайы анық естілген-ді. Сол-ақ екен, сарбаздар аттылы-жаяу аудандық үкімет, сақшы мекемесі мен окопқа тығылған қытайларға қарай лап берген. Соғыс майданы бейнебір ажал аранындай ашылды. Бензин шашып жау жасырынған үйлерге от қойылып, окопқа гранат тастады.Нылқы ауданының орталығы, Қас өзені жағасындағы шағын қалашықты алғашқы жолы Акпар, Сейіт бастаған қазақ көтерілісшілері осы күні алған болатын. Жүзге жуық жау жақтың әскер, сақшылары ақ ту көтеріп тірідей қолға түсті. Қаншалаған қару-жарақ олжаланды. Тұтқындарды Акпар атқызбады. Қалашық бір жетіге дейін қан сасып жатты. Жараланған сарбаздар арбамен аудандық емханаға апарылған. Солардың қатарында Жолдыбайдың жездесі Досжан да бар еді. Ол сорлының жаны қалары екіталай. Үш жерден оқ тиіпті.Қытайларға сатылған Қарымсық зәңгі, Түбекбай тыңшы сияқты төрт қазақ, бір бай сібе, бір қалмақ үкірдай осы күнгі соғыста оққа ұшып өлген. Аудан қалашығы алынған соң, штабтарда Іле аймағының орталығы Құлжа қаласына шабуыл жасаудың үлкен жоспары жасалып жатты.Қытайдың Үрімжі жақтан келе жатқан атты әскерлер двизиясы Күнес басынан асып түсіп, Ілеге қарай тартыпты деген хабарда сұр жыландай сумақ қаққан.Акпар, Сейіт, Науан, Қамит, Патих, Жолдыбай - "алты ұры - құйыршық" делінген азаматтар, енді тәуелсіздік аңсаған халқының батырлары атанып, даңқтары шыға бастаған. Солардың тобына Үрімжі түрмесінен қашып келіп алты-жеті серігімен қосылған ұйғырдың Ғайниы (Қайнам) батыр да, Нылқыны алуда өзгеше көзге түскен ді. Осыдан соң ұйғырлар да, қазақ көтерілісшілеріне қосылып, лек-легімен арт-артынан ағылған. "Нылқы ауданын қазақ көтерілісшілері басып алыпты" деген ұлы дүбірдің дүмпуі, Ішкі Қытайдағы өзара қырқысып жатқан Гүңшәндаң мен Гоминдаңға жетті. Осы екі партияның көсемдері де ұқты. Үш милион бес жүз мың әскермен шабуыл жасаған Германиямен кескілесіп, жаны мұрнының ұшында тұрған Совет Одағы да хабар тапты.Соғыс сәл тыныстап, төңкерісші сарбаздар демалған, ашық бір күні ағайынды Жарбол мен Жолдыбай, Досжанның тете інісі Марқа үшеуі Қас өзені бойына суға шомылғалы келген. Бұлар аттарын отқа қойып, шешіне бастағанда, қастарына Жұмахан мен інісі Шәріп келді. "Байтал түгіл бас қайғы" болып жатқанда біреуді-біреу білмей, әзіл-қалжың да, қауіп-қатердің, үлкен үрейдің үйіндісі астында қалғандай болған бір мезгіл. Көңілашар күлкі шығарып, екі құрдас әзілдесе кетті.- Салымың бар екен-ау, я? Жақанды Құлжадағы түрмеге алып кетсе, саған жоқ еді. Енді қасыңнан екі елі тастама,- деді Жолдыбай.- Келіншегіңді алған соң, бес күн қызығын көре алмай сен де тастап келдің ғой? Жығылып жатып, қисайғанға күлме!- деп Шәріп танауынан жымиды.- Сен қатынжанды, қызғаншақсың емес пе?- Өз атын өзі шақыратын сасық көкек!- Ой, әлгі Манапхан сорлы да түрмеде екен ғой?- деп Жарбол құрдастарды әзілдескенде айтатын қыңыр қалжы­ңын бөгеп, сөзін бөлді.- "Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді" дегендей, екі жаққа да тыңшы боламын деп, қытайдың тұзағына түсті емес пе Манапхан.- Жауға қайтадан сатылмаған болды да? "Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң" дегендей. Бұрынғы күнәсін кешіру керек,- десті.Қыркүйектің орта шенінде Қас өзенінің суы салқын тартып қалатын. Бірақ түс ауа ашық күн шағырмақ жылы болды. Жағадағы майда құмның беті кәдімгідей ып-ыстық екен. Шешінген жігіттердің табанынан өтіп, тыз-тыз еткізді. Ағаш көлеңкесі түскен саз топырағынан дымқыл иіс шығады.Жейдесінің тігісінен битін теріп сыға отырып:- Біздің жақтан келген-кеткен ешкім жоқ па екен?- деді Марқа. Дауысы бір түрлі зарлы. Шытынаған қызыл сары, қыртысты маңдайынан қиғаштай тартылған бейтаныс, әлденендей бір ауыр соққының езгісімен шошынарлық бейне байқатып, терең әжім қатпарлана түскен. Асыға сөйлеген кекті дауысы қайта бәсеңдеп, бекіне бастады.- Аш қасқырдай ашулы жаумен алысып, біз де қасқырдан аумай қалдық-ау! Өлтірген адамдарым түсімнен шықпай, шошынып жүрмін! Неге өлтірдім екен?!.- Оған сен кінәлі емессің. Көндігесің әлі. Сабасына түседі бәрі, - деді Жарбол. - Қытай патшалығы қанша қазақтың басын алды? Ол күнә емес пе? - Қанды қан жібермеді-ау деймін?! Ағамның жарақаты ауыр. Жаны қаларына көзім жетпейді. "Ажал албырт адамды алдымен аңдиды" деуші еді. Жер жылыса жылымайтын жандарды да аңдитын сияқты ажал.- Дәм-тұз таусылғанда, бәрімізді де аямайды. Құдай сақтасын. Ағаңды уайымдай берме! Момын еді ғой Досжан байғұс! Қызыл ет ауырмаққа. Жазылып қалар...- Жауласқандарға момындық жараса ма тәйір! Момын да жауыз болып кетеді екен қанды көргенде...Жарбол мен Марқаның әңгімесі аяқталмай жатып, Жолдыбай мойнындағы тұмарын жейдесінің төс қалтасына жасыра салып, суға көміп кетті. Суға сүңгіген жерінің үстінде ауыр толқын қабысты да, шымырлап жан-жаққа айдындай жайылды...Шомылып шыққан соң құрдастар құмды жағаға шығып, қатарынан сұлады да, шынтақтарын тиістіре шалқаларынан жатты.- Келіншегің жүдемепті ғой?- Неге жүдейді, біз сияқты соғысқа қатынаспаса?- Түрменің дастарқаны көрініп тұр...- деп Жолдыбай бетін сыртқа бұрып, езуіндегі күлкісін жасырды.- Жақанның қолынан татқан тәтті қымызды ұмытқан шығарсың, я? Халын сұрауға да жарамадың!- Шәріп оған көздерін сығырайта қараған еді. Оның терісі құс еттеніп бөртіп кетіпті.- Ұмытқам жоқ...- деді ол кекете күлімсіреп.- Жаңа түскен жас келіншегіңді сағынбадың ба? Ауыл жақтан келгендерден хал-жайын сұрап та қоймайсың...- Әйелдің бар сырын ашатын көзі. Менің келіншегімнің көзі кісіні іш тартып, есіркеуді білмейді...- Жас иіс деген жақсы ғой. Қадірін білмейсің, ақымақ!- Әйел де, махаббат та бұтыңдағы шалбар сияқты бәрібір тозады. Ғашықтықтың сырында қаншалық мән бар екенін түсінесің бе сен?! Жүрек деген өзіңді саздай илеп, сайтаныңды лоқсытады!...Жолдыбайдың соңғы сөзін Шәріп түсінбеді ме? Үн қатқан жоқ. Құрдастар жалаңаш арқаларын күнге қыздырып ұзақ жатты. Өзен бойындағы орман арасынан шырылдаған торғайдың әлсіз дауысы мұң төгеді. Жарбол, Марқа, Жұмахандар анадай жерде киініп алып, бір қызық ертегінің өрімін өріп отыр.Ағаларының әңгімелерін құмның үстінде күнге қақталып жатқан екі құрдас та естіп, ішектері түйілгенше, шынтақтарымен құмды есе аунап, ішек-сілесі қатты.Жер татының көгерген астық іспетті қоңырсы иісі аңқиды.- Тегін тамақты, өлең жеген өгіздей соға беріп, күжірейіп семіріп алғанын қарашы!- деп Шәріп, Жолдыбайдың екі иығы кере құлаш, желкесі бұжыр-бұжыр, сәл еңкіштеу, жалпақ жауырнына көз жүгіртті. "Нағыз түйе!" деді ішінен.- Ей, еріншек, енді тұр. Киінейік. Күзетке тұратын кезегің келіп қалды, - Жолдыбай кең жауырынға лайықтап орнатылған жуан мойнын созып орнынан тұрды да, дүрбімен батысқа, тоғайдың ар жағындағы дөңге барлай қарады.  * * *Күйеуі Досжанға оқ тиіп, жаралы болған түні Ақтоты бір түрлі алақызып, ұзаққа дейін ұйқысы келмеді. Көз алдына өткен-кеткен дәуреннің үрейлі көріністері елестеп, қорқынышты оқиғалар есіне оқтын-оқтын орала берген. Біресе сонау он алтыншы жылғы қанды көш, өлі ананың емшегінен қаншымақ сүтін еміп жатқан жас бала Жолдыбай, бірде отыз үшінші жылғы дүңген үріккен, өзі асырап алып, ауырып өлген сүйкімді дүңген қыз, Сасан ауылына келін болып түскен жылы, Қалмақ жеріне жылқы отарлатып барғанда, боранды түні адасқаны, қойшы әйтеуір арғы-бергі, ащы-тұщы көп көріністер көңіл өлкесінен үздік-создық керуен боп, көшіп жатты.Досжан Нылқыдағы көтеріліс қосынына аттанарда:- Соғысқа барғандардың бір аяғы жерде, бір аяғы көрде болады екен. Жаман айтпай жақсы жоқ. Мен оны-мұны болып кетсем, бағыңды байлама!- деген болатын.- Не дейді!? Қайдағыны айтпашы!- деп Ақтотының жүрегі зырқ ете түсіп еді."Көтерілісшілер Нылқы қалашығын алыпты. Қытайдың бес жүз әскері қырылып, ірі қару-жарақ олжа түсіпті. Бірақ қазақ сарбаздарынан да недәуір салмақты шығын бар екен" деген хабар жеткен Күнес еліне. Соны әлем-жәлем етіп бояп, жамап-жасқап жүрген сапылдақ Өтеген болатын. Досжан кеткелі Нылқы жақтағы сыбысты өтірік-шынды екі күннің бірінде келіп гулетіп кетіп жүрген. Бірақ Ақтоты оның қудыр-судырына онша илана қоймайтын.Онсыз да "күйеуі, қайнысы, аға, інісі құйыршықтар тобына қосылып кетіпті" деген дақпырт құлағына тигелі, Күнес аудандық сақшы мекемесі Досжанның үйіне уақ-уақ тыңшы жіберіп, аңыс байқап, сырттай бақылауға алғанын, көпті көрген, зерек әйел іштей сезіп жүрген. Өтегеннен де іш жиятын. Шерден, санадан солған жүдеулік, ой-қиялын түршіктіреді. Көп сорлыны бұғаулықтан босату үшін тамам қазақ даласы күңренуде. Соны ойлағанда, шарасынан шыға жаздап, үлкейе түскен ойлы көздеріне еріксіз жас үйірілетін. Кеткен өмір, өткен бейнет жемісі қайсы? Соры қайсы? Түйелі көштің жүрісіндей сақара сағаты тоқтап қалғандай болған. Енді уақытпен таласып, тез жүргендей. Қатер, бейнетпен тайталасқан қуаныш пен тәтті үміт ұшқыны жылтырағандай сезілетін.Ақтоты ұйқылы-ояу жатып, күндізгі Өтегеннен естігенін есіне келтірді. Ой елегінен өткізіп, екшеп бақты бәрін.- Әлгі, "алты ұры, құйыршық банды" деп жүргендер арыстандай алты батыр болып шығыпты. Қытайдың мыңнан аса әскерін қынадай қырып, он шақты соғыс аэропланын атып түсіріпті. Әйтеу біз атын естігеніміз болмаса өмірі көрмеген соғыс қару- жарағын олжалапты дейді. Ал, автомат, пулемет, гранат, зеңбірек дегенді, ана жылы "дүңген қашқан" соғысы кезінде өзіміз де істетіп көргенбіз, - Ақтотының сұлу жүзіне сүйсіне қарап, салпы еріндерін сылп еткізіп, тамсанып қойды. - Дүңгендер Ілені өрлеп, Күнес басына қарай қыс ішінде, аттылы-жаяу шұбырғанда, біз Дағыты асуында тосып жатып, бәлемдердің қанын судай шашқанбыз. Ол кезде Махсұттың гуандай мәнсабын алып, әскер ұстап тұрған кезі. Сталин жіберген орыс капитан келген. Оның тізесінен асатын ұзын қонышты қызыл етігі бар еді. Ойпырмайдың түсі сондай суық болатын. Сапта қисық тұрып қалғандарда "екіден қатарланған!" дегенде, етікті жүз пар аяқ дүрс-дүрс ете қалатын. "Оңға, солға!" десе, әлгі жүз пар етікті аяқ, бір кісінің жүргеніндей, тық-тық басатынбыз. Елсіз даланың жұмсақ қарына ізіміз ап-айқын түседі. Әбден қалжырап, ұйықтар алдында шым-шытырық ойға батасың. Түбіт орамал астынан жылтыраған әйеліңнің көзі елестейді. Әскери аттардың жаңа тышқан тезегінің, күйген шүберектің иісі келеді мұрныңа. Аспалы шамның әлсіз жарығы сарғыш тартып, түні бойы жанып тұрады. Әйелсіреген өңкей  бойдақ жігіттер ұйықтап жатып, мекіренетін...- Ей, сенің қайдағы-жайдағы, басыңнан өткен мантырағыңды сұрағамын жоқ қой? Оның керегі не маған? Айтсаң, мына заман не болып барады? Арғы бет-бергі бетте не жаңа хабар бар? Үрімжідегі тұтқындардың тағдыры қалай екен? Ұзын құлақсың ғой. Осы жағынан сырқырамаймысың? - деген-ді, шыдамы таусылған Ақтоты.- Айтамын ғой, айтамын оны да. Құрдасымның қазіргі өмрінен сен хабар тапсын деп, әскери тірлікті көз алдыңа келтірейін дегенім... Сонымен сүйтіп, не деп келіп едім? Е, әлгі орыс капитанның тырнағы батқанына шыдай алмай, әскерден қашқан жайым бар. Құдайдан жасырмағанды кімнен жасырамын? Қашып келе жатып, түн ішінде бір жүдеу лашықтың кішкентай терезесін қақтым. Байғұстар тәтті ұйқысын бөліп, есігін ашты.- Үйің тар ма? Қонақпын,- дедім.- Орын табылар. Кіріңіз,- деді отағасы.- Қатты тоңып кеттім.- Кел, жылытайын, - деп үй иесі тозған қаңылтыр пештегі шала жанған қу шетенді қағыстыра бастады. Ақсай басқан қара қаншық көзі кемпірдің көзіндей жасаурап, шам жанған үйдің есігі ашылғанда, тұмсығын көтеріп, ет ілінген салдауға бір қарап қалды байғұс. Отағасы ұзын бойлы, сида, арық қара жігіт екен. Ойпырымайдың әйелінің семіздігін атама! Ақ шошқа сияқты. Жуан мойнына, шошақ төбесі, семіздігі сай! Ақ шошқа сияқты. Онсыз да қолағаштай мұрын сиқын бұзып, әйел адамға өрескел көрінеді екен. Төмен түсіп бара жатқан ышқырын көйлегінің сыртынан көтеріп қойып, бүйрегі жыртық мештің үстіне, күйесі бес елі қара шәугімді шайқалта көтеріп апарып, тарс еткізді. Беті қызыл, әрі бұжыр әйел сұрқия, еркекжанды келеді емес пе? Ойындағысын ойнақы көздерімен үнсіз жеткізіп, көздерін көргенсіз ойнақшытты бәлекет! Шайдан соң қазан шегеледі. Мен сияқты, отағасы да жылқықұмар жан көрінеді. Жылқыда болатын қара өкпе, маңқа, қолау болуды емдей біледі екен. Екеуміз бозала таңмен таласып, кірпік айқастырдық. Сықырлаған таңғы аязда құзғынның қанатының суылы терезеден естілді. Өтегеннің бір сөйлесе тоқтамай, әр шөптің басын бір шалып, сырқырата беретінін бұрыннан білетін Ақтоты, енді оны еркіне қоя бергісі келді бір сәтке.- Сонымен қонған үйдің әйелінің көзіне-көзің түскен болды ғой? - Айта көрме! Өзіне күйеуі қарағанда, көзіндегі жанып тұрған отын өшіре қояды екен. Тегі, соның саудагер сарттан туған-ау, деймін. Қасы-көзі, мұрны, тамағындағы кердендей бұғағы қашқарлық қатындарға ұқсайды. Сонымен, сүйтіп, солайда-солай әлгі құлағалы тұрған жаман лашықта жасырынып үш күн, үш түн жатқанмын.- Сонда маған не айтпақшы едің?- Саған ба?- Я.- Соғыс деген сұмдық үрейлі ғой. Ойлап кетсең, жаның шошиды! Жаман құрдасым аман келсін әйтеу. Ондай кең пұшпақ, сабаз жан өмірден табыла бермейді... Түсіме кірбең кіріп жүр өзі. Соғыста қиналған шығар?- деген еді Өтеген.Сол күннің кешінде Ақтоты, ұйқылы-ояу жатып, күйеуін көз алдына келтірді. Кәдімгідей есік ашып, үйге кірді. Үстіне кигені, аппақ болатындай кең-мол жейде-дамбал. Жуан тұғыр денесі ашаң тартып арықтаған. Қан-сөлі қашыңқы. Үй ішін тінте қарап, сілейіп тұрып қалды.- Әй, Ақтоты.- Ау,- деді ол сәл бөгеліп, өңі-түсі екенін парықтай алмай.- Мен пәни дүниеден бақи дүниеге аттанғалы жатырмын. Парасат майданында кездесерміз... "Орнында бар оңалады. Ағасы өлсе жеңге мұра, ат өлсе сауыр мұра деген..."- Қойшы, не дейді?! Қайдағыны айтып...- Рас айтып тұр, - деп, енді есіктен өзінің ұлы әкесі Сансызбай қажы кірді. Басына ақ сәлде ораған. Үстіне ұзын ақ шапан киіпті, соғыста қаза тапқандар - күнәдан пәк шейіт болады, балам...Қажының соңынан асыл әжей де еркелейді екен. Аппақ шатырдай кимешек-шылауыш салып, етегі жер сызған желбірлі ақ торғын көйлек киіпті.- Мен де куәмін. Күйеу бала бейіштің төрінен орын алады. Алаң болма, Ақтоты!.."Бұл не сұмдық!? Өңім емес, түсім шығар? Әлгі Өтеген сапылдақтың түсіне де тегін кірмеген екен, Досжан... Құдай-ау, шынымен айырылғаным ба?..".Сансызбай қажы, аппақ қудай, кеудесін жапқан мол сақалын салалап қойып, сөйлей жөнелді:- Арнасынан буырқана асып, өмір сансыз тарауларға бөлінеді, балам. Бірақ ол өзінің опасз, жәдігөй, қитұрқы ағысын осы тараулардың қасіретімен жөңкілетінін болжау қиын. Өмірдің өзені өксіп-өксіп жатып, кейде суалады. Арнасы қаңсып қайрандап қалса, тіпті түбіндегі қиыршық, малта тастары көрінетіндей боп жүдегенімен, ертең ол нәрлі, құнарлы айдын боп шалқиды түбінде бір. Жеке адамның да, бір халықтың да ғұмыры қалыпты тұрмайды, балам! Болашақтан күдер үзбеңдер. Үмітсіз шайтан! - дейді басын изеп.Ақтотының баяғы бала кезі сияқты, қажы атасының он екі қанат ақ ордасы екен дейді. Бір шеті шошаймен көтерілген түңліктің ашығынан, шаңырақтың күлдіреуішіне, түсіне көп кіретін көгала үйрек ұшып келіп тағы қона қалды. Мұңайыңқы, кірбең екен.- Сырты жылтырағанымен, бес биенің терісінен жасаған үлкен қара қоңыр саба босағада қаңсып жатыр.Досжан көзден ғайып болды. Қажы атасы:- Әй, балам, - деп еді.- Ау, ата!- деді, бес жастағы бала Ақтоты.- Шаңырақтағы үйректі көрдің бе?- Я, көріп тұрмын ата.- Бұл көгала үйрек қызыр пайғамбардың аруағы. Жарықтық тірлігінде ел-жұртын тегін араламайтын. "Қызыр дарысын! Бақ қонсын!" дейтін. Халқыңның батасы бекер айтылмаған. Қызыр ата келген отбасына бақыт, байлық, шалқыған шадыман өмір қуанышын сыйлайды екен, балам... Менің қара шаңырағыма, аруағы құс болып қонғаны ұрпақтарымды жебегені, түбі жаман болмас. Қара сабаның қаңсып, ішінде үйрек жүзетін қымыздың қалмағанына, қамыққаны шығар оның мұңайғаны!..Соны айтты да, қажы атасы үйден шығып кетті. Соңында асыл әжей: "Аман бол, қарғам!"- деді.Бала Ақтоты атасының күрделі сөздерін толық ұға алмағаны­мен, ойының жүлгесін түсінген.Енді көгала үйрекке тіл бітті:- Сенің күйеуің қазір хал үстінде...Ақтоты айналасына көз жүгіртті. Қажы атасының ақ ордасы да көзді ашып-жұмғанша ғайып болған. Келіншек кезіндегі өзінің отбасында жатыр. Сол күні Қымбат келіп қонған еді. Екеуі ұзақ әңгімелесіп, жай жатқан болатын. Сапылдақ Өтегеннің қудыр-судыр қу сөзінің қызықтарын айтысып, соған да бір уақ мәз болысқан еді. Қасындағы жаңа түскен жас келіншек шырт ұйқыда. Мұрны пыш-пыш етеді.- Жаны қала ма?- деді Ақтоты үйрекке шалқалай қарап.- Екі талай... саған бір сәлем айтты күйеуің.- Не деп?- "Мен бұл жалған дүниеден сәл ерте өтетініме өкінбеймін. Бірақ артыма ұрпақ қалмады. Сол ғана арманым! Басың әлі жас қой. Өлгенмен бірге өлмейсің. Көз жасыңды көлдете берме! Маған ауыр келер. Қош-қош асыл жарым, ақ некем!.."- деді саған.Ақтоты аң-таң. Ернін құсалықпен сылп еткізіп, булыға селкілдеп, жылап жіберді. Мұң басқан бетінен тер жосып, көз жасы арт-артынан домалады. Әрі қорқып, әрі аяныш сезімі асқақтай түсті... Ол өзгеше қыстығып, өксіп жатып оянып кетті. "Ой, тәубе! Бұл ненің нышаны?! Өңім мен түсімнің тоғысып кеткені ғажап! Оп-ояу жатқанымда-ақ, Досжан аруақтармен бірге үйге кірмеді ме? Осындай да елес бола ма екен? О, тәңірім! Көгала үйрек не дейді, Құдай-ау?!..".Түннің қай уағы болғанын, Ақтоты мөлшерлей алмады. Бір ұйықтап оянған сияқты. Енді қайтып кірпік айқастырар түрі жоқ. Қиялы сан-саққа жүгірді.Ауылдағы ер-азаматтың бірталайы өз еркімен Нылқыдағы соғысқа кеткелі іргелес отыратын Бегімбет пен Дербіс руы үрпиісіп қалған. Құстың екі қанатындай қағысы қатар сермелетін қос қыран Мақсұт пен Таңжарық екеуі де түрмеде. Олардың өлі-тірісінен хабар жоқ. Әйтеуір сапылдақ Өтеген оларды да бір өлтіріп, бір тірілтеді. Әсіресе, "құйыршық", "бандылардың" отбасы, ауылы атанған түтін түзу ұшпай қалған. Екі бірдей баласы "банды" делініп, Ақтотының әкесі Жарылқасын шалды да, аудандық сақшы мекемесіне дүркін-дүркін шақырып, сан рет сұраққа тартып қайтарған. Сақшы, тыңшы, атарман-шабарман дегеннің күні-түні тіміскілеп, ауыл үйдің итін шулатып, баласын шошыту олар үшін әдетке айналған. Әскердің қажеті деп, еті күйлі ат-көлік, сойыс мал, астық бірінен соң бірі үкіметтің обыр көмейіне нығалып жатқан мезгіл. Ауыл адамдары "тісті тіске қайрап отырған шақ" жүдеу-жадаулықта отырған ашпа-жалап елдің ортасын Нылқыдағы жаңа хабар жер қозғалғандай дүр сілкіндірді. Біреулер жағасын ұстап, шошынып тыңдасты. Біреулер ішін тартып, сүйсініп құлақ асты. Әйтеуір ел ішіне тағы бір тынымсыз үлкен әлек әкелгендей болған. Кейбіреулер: "қан жосын пәле келді" деп үрке қараған еді. Әрқилы қауесет ұлғайып, өртке айналды. Қазақ ішінің мінезі емес, жымысқы қытай қулықтың тегеуріні батқан ел, мұндай үлкен соғысты көрмесе де, өзгеше өшіккен жауына қотарыла көтерілген болатын. Бетке қатқан қанның дағы сүртілмей, жаулық ұранын айтып, бір-біріне шағына жыласып, дүрілдесіп жатқан.Жуан ауыл, мықты атқамінер, ірі бай, төре атаулы түгел тұқыртылып, ішінара сатылғандар ғана шырғаға тартылып, күні үшін үкімет қанатының астына қайта оралды. Бай саудагер, басқа жұрт та құлдыққа қарсы көтерілген жаққа ойыса бастады. Нылқы аудандық үкімет пен сақшы мекемесін көтерілісшілердің басып алған хабары, Ілеге қарасты аудандарды ғана емес, бүкіл Шинжиаңды қатты шошытты. Қытай империясына қарасты аз ұлттар бірінің қолтығына бірі дым беріп жатқанда, кіжініп жүрген Совет Одағының коммунистері де, "алашшылдардың" артынан түскенін қойып, бұғып қалған. Өйткені: Шиңшысәй қызылдардан бет бұрып, Гоминдаң көсемі Жиаңжиешінің қолтығынан табылды да, ақтарды қайыра тұрып, Шинжиаңдағы аз ұлт көтерілісшілерінің күдікті адамдарымен қоса қабаттап, бір жүз елу коммунисті де түрмеге жапты. Оның орнына келген өлкелік үкімет те Гоминдаңның қолқанаты еді. Ол да қызылдарға қырын қарай қалған.Малына ашпа жалап ұры шабудан үрейленіп жүрген жуан ауылдар, енді үкіметтің бәжі шығыны, әскери салықтың астында тұншықты. Жуандар арасындағы жұлқыс оты өше бастады. Ал Нылқыда шыққан "пәлені" кім құшақтайды? "Бүліктің аты бүлік. Пәледен машайық қашып құтылыпты" деген ойға келіп, қара басын алып қашқандар да жоқ емес еді.Қазанның қара дауылы тұрғалы күзеулікте отырған ауқатты ауылдардың кейбіреуі етек-жеңдерін жинап, отарға қарай ошарыла көшуге қанаттарын қомдап отырған.Ақтотының әкесі осы күнде айдалада жалғыз жортқан көкжалға ұқсап қалды. Азуы алты қарыс Сасан ауылының қыры сынып, Махсұт пен Жайырбек тұтқын болғалы қатты есеңгіреген еді.  Жарылқасынның ендігі ақылдасар, сүйенер ордасы қызы Ақтоты ғана. Кешірместей кекке толы жаңа үкіметтің салған шеңгелі Күнес елінде қатты алқымдап тұрған. Тізені кімге батырарын білмей, құтырған қасқыр сияқты қызылкөзденіп қалған болатын. Елден салық жинаушылар да, қанатты жыландай ысқырып жүр. Қос өкпеден қысқан қабат-қабат қинау көбейді. Күндіз күлкі, түнде ұйқы жоқ. Екі ұлы соғысқа кеткелі көзі алақтап, қаны қашып, сұрлана беретін Жарылқасын, күйеубаласы Досжанның ауыр жаралы болғанын естіп, тіпті мәңгіріп қалды. Ақтотыға айтарын да, айтпасын да білмей, екі ойлы халде қалған.Осы алай-дүлей күндерде ауылға тағы бір әлек төнді. Пәлелі күндерде, бұрын жерге, өріске таласып арыздасып, ұстасатындар, енді өздерінен өзге жақын шықпай, шүйіркелесіп қалған. Малды қыстауға жайғанды үнем көріп, жылдағыдай күзеуде отыра беруде үркінді кезде қатерлі сезілді.Нылқыдағы көтерілісті жаныштау үшін өлкелік үкімет Үрімжіден бір полк әскер аттандырған суық хабар жеткелі жарты айдай уақыт өткен. Бастабында сапылдақ Өтегеннің көп суқитының бірі ме деп, елемеген елдің көзі кеше ғана жетті. Атты әскерлер Дағыты асуынан асып түсіп, Күнес басынан құлдаған хабары да келген.Ақтоты көрген түсінен де, болдырған аттай титықтап, тұйыққа тірелген қиялынан да қатты сескенді. Өзінің ұрпақсыздығын, жалғыздық басына шынайы келгендігін сезінгендей. Көзінің жасымен жуылып болмаған бір түрлі жасырын қасірет жанын жегідей жейді. Өксігі алқымына тығылып тұрса да көзіне жас келмеген-ді. Іштегі тас қайғы үйіндісі үлкейіп бара жатқандай. Бір уақ түрмедегі ақын Таңжарық есіне түсті. Қайғы-қасірет еңсесін басқан әйел, мұнан былай не істерін білместен, ұмытылып қалған барлық бұрынғы қызу құштарлығы мен аңсарын аударған сезімге еңсеріле берді. Жаманның айтқаны келмей, сандырағы келді ме, ел басына күн туғалы ауданның мәдениет үйінің де шаңырағы ортасына түсті. Ойын-сауықпен көңіл көтеріп, желпініп қалған жұрт: "ер-азаматымыз не болады?" деп ертеңгі күніне үрейлене күдікпен қарайтын. Заман құйыны Ақтотыны да ұйқы-тұйқы етіп, от басы, ошақ қасына қайта оралтқан. Жығылған үстіне жұдырықтағандай боп, енді соғысқа кеткен күйеуінің жаманатын естісе, оған оңай тиер ме? Соны ойлағанда оның мейірімді көзі ұясынан шығып кете жаздап, бір түрлі қорқынышты үрей иектеп алды. Өзін шыншыл жүрегімен сүйген адал жарының өмірі үшін қауіпсіну үрейі миын бұрғылай берді Уайымын ақыл-қайрат арқылы ғана ауыздықтады. Жолдыбайдың келіншегі тұрған соң Ақтоты:- Әбден шаршаған екенсің-ау! Жақсы ұйықтадың. Көзің домбығып қалыпты, - деді оған.- Түсіме Жолдыбай кіріпті... - деп, Қымбаттың қас-қабағы дір-дір етіп, сықылықтай жөнелгелі тұрған күлкісі, сығырайған көзінің құйрығындағы болымсыз әжімдерін сәуледей шашыратты. Көзінде, қимыл-қозғалысында, жүріс-тұрысында әлдебір беймазалық барлығы аңғарылып тұр. Оның өзіне тиеселі дертіне құсаланып, көз жанары түнеріңкі жүргенін Ақтоты да іштей түйетін. Күйеуі өзін жақсы көрмей, кемсіткелі, жүрегін жегідей жеген зор пиғыл-құлық азабын тартып жүретін. Онымен алма бағында алғашқы кездесу кезіндегі отты қызбалық кейін орала ма? Күңгірт жұбанған көңіл, сезімнің дүмпуімен тұтқиыл бекінген, арманға толы шешімін тезірек жүзеге асыруға асығатын сияқты. Әзәзіл тосқауыл-кедергіні бұзып, шын сүюді күтетін күйеуінен. Сол тілегі кейде күн нұрының селіне бөленгендей боп, жаны шуақтап қалатын-ды. Оның түсіне кіргені де көңілін сәл де болса сергітіп, үлкен медет, жұбаныш сыйлағандай еді. Көкірегінде қала беретін бір түрлі ащы қаяу сейіліп, жалынды сезімі оттай лаулаған. Оның осы кездері Жолдыбайға деген махаббаты тіпті өзгеше құлпырып өсе түсті. Тұнжыраңқы, тұйықтау қара көздері назары алдында тапжылмай елестеп тұрып алатын. Қалайдан-қалай бүгін Қымбаттың түсіне күйеуі аса жарқын, шаттанған бейнеде кірді. Сөзін соза мысқылдай жауап қатты:- Ішіңдегі бала менен екеніне анық көзің жете ме?- О не дегенің, мен күлге аунап жұмыртқалайтын мекиен болып кетті дейсің бе?- Кім біледі. Күйеуі жоқта жас келіншектер еркексірейтін шығар? Күлге аунамасаң да, Күнес бойындағы көк шалғынға аунасаң да жетер. Оған менің қызғанышым жоқ. Жастық дәурен екі айналып келмейді,- деп ішек-сілесі қатады. - Сен де кәдімгідей пендесің ғой, ақ қанатты періште емессің. "Оралыңның барында ойна да күл!" дегенді бұрынғылар неге айтты дейсің?Қымбат не дерін білмей, сілейіп, еріндерінің жиегіне жасырған жымию белгісі ғана байқалады. Жолдыбайдың қарсы қараған адамды имендіретін, күлімдеген көздері жайнай түсіп, солғын жарқылынан айнымай, безерген күйінде. Түрінің сыр-бояуы сұсты, сараң сабырлы қалпынан өзгерген сияқты. Нағыз Күнес бойының салқын шырайлы жерінің тұнық суын ішіп өскен, нығыз, шымыр жігіттің шырайы ашық. Оң қолының жалпақ алақаны ердің шытыралы қасының үстінде, сол қолындағы жаңа тұтатқан темекінің түтіні бұрқырап бықсиды. Ат терінің шайыр иісі аңқиды. Қолының сыртындағы қара қоңыр түктеріне де келіншегінің көзі түсті. Тоғайдан шеткерек егіз өскен бала қайың оқшау тұр. Оның ар жағында балапан қарағайлар сыңсиды. Қалың түскен қара шалғын шықты бойына сіңіріп жалтырайды. Ұзамай солатынын аңғартып, алқызыл тартқан шырмауық ағашқа жабыса өрмеленген екен. Орманның ар жағында адырлы шөл мұнартады. Ұлыған оқтардың шашырандысы жас қайыңдардың жапырағын шұрқ-шұрқ тескен. Атына сүйеніп тұрған Жолдыбайдың төмен қарай қиғайштау, иығына ілінген мылтықтың түтігі аузына бір ара келіп қонды.- Әй, аңғал сорлы-ау! Сен нені білесің! Біз мұнымен қан төгеміз. Қанымыз қарайып жүр... Ал сенің міндетің - гүл шырынын сорып, бал жинай бер тіршілігіңе, - дейді күйеуі араға. Ол жазған қарапайым жәндік қайдан ұқсын, үнсіз ұшып кетті беталған жағына.Шырайын қара бұлт көлеңкесі шарпығандай аңғарсыз тұйықтық әлденені жасырып, Қымбат ішкі сырын ашпады. Тіл жетпес қасіреттің қара тасы жаншығандай боп, ешнәрсе ойлануға да шамасы жетпеген. Күйеуінің көңілі қайда тұрғанын іші сезеді. Келіншектің сарқылмас кегі көкірегінде аласұрып тұрғанын өзі ғана ұққан. Көзінің құйрығын мерзімнен бұрын әжім сызықтары айғыздағанын енді аңғарды. "Мазақта, қорлай бер!" деді ішінен. Аңызақ қаққан еріндерін кеберсіген тілімен жалап, көйлегінің сусылдаған сыбдыры естіліп, артына бұрылды да, сәл жүріп тоқтады.- Саған бала керек емес пе?- сөзі тасқа тамған жаңбырдай сараң тамшылады. Иығы қасіретке жаншылып, жүрегінен қан сорғалатқандай халде қалды. Көн етігінің үстін қою шаң басқанын да байқап, соған көз жүгіртті. Дүрдиіңкі еріндерінің жиегіне есейген қасірет ұялады.. - Мен не деген сорлы едім!..- Қанша бала тауып бере аласың? Жиырмаға жеткізе алсаң тіпті жақсы! Маған бәрі керек, - деп Жолдыбай қарқ-қарқ күлді. - Үнемі қан төгуге құмартып қалдым. Адам өлтіру ойыншық болып барады. Соғысу - қоржынға салып, ажал артып жүру екен...Қымбат артына қайта қайтып, күйеуінің көкірегіне маңдайын сүйеді. Үнсіз булыға көз жасын бұлап, діңкесі құрығанша жылаған. Көзінің жасын көйлегінің етегімен сүртіп, ерінің көңілін жүрегімен сезінуге тырысқан болатын. Ащы мұңнан аз да болса айыққандай еді.Қоңыр таудың балақ жағында айырық жол жасырына шұбатылып жатыр. Сонау көкжиектің түс секілді бұлдыр, шаңытқан қаншымақ сағымына оранып, қазақтың қара қорда қалың көші кетіп бара жатады екен... Қымбат төсегінен тұрғаннан кейін де сол түсіндегі көріністер көз алдынан кетпеді. Жолдыбайдың не дегені, өзінің не айтқаны көкейінде сайрап тұр.Ақтоты екеуі таңертеңгі шайларын іше отырып, біріне-бірі түнде көрген түстерін айтты. Жүздерінде сәл үміт оянғандай. Ақ боз үйдің ортасында сары қидың отын жағып, шай қайнатқан. Күздің суық күндеріне бейімделген айнала ұстаған қалың текемет, тұскиіз, кілемдер. Оюлы сырмақ үстіне салынған арқар терісі, жүні ұзын сеңсең бөстектер жатыр. Іргеден жел соқпастай етіп, қымталып, шымқалған жылы жайдың төрі де сыз өткізбес қалың. Маздап жанған сары қидың оты, қызуын кең жайып, дала салқынын бұл мекенге кіргізбей тұр.- Жолдыбай соғысқа кеткелі түсімнен шықпайды, - деді Қымбат. Оның көкірегінде аса бір ауыр арман тасығандай, әлденеге ашынған бейнеде.- Сені көп ойлайтын шығар?- деп еді Ақтоты. Ол үнсіз күрсініп, сілейіп қалды да, жүдеген жүзбен, мұңая тіл қатты:- Мен оны көбірек ойлаймын...- Уайымдай берме. Жадап барасың. Тамаққа тәбетің тартпай ма, немене? Алсаңшы астан!- Зауқым жоқ.- Ей, осы сен ауыр аяқ болып қалғансың ғой. Ұялма! Неге жасырасың? Анаң да, енең де басып өткен жол емес пе? - Өзім де білмеймін... ұйқы баса береді. Ештеңеге көңілім соқпайды. Қойдың еті де күлімсі сасып, асқазаным айнып тұрады.- Жарығым-ау! Ертерек айтсаң болмай ма? Ит жерік болып қалған екенсің ғой онда. Не ішкің келеді?- Шұбат жоқ қой қазір бұл ауылда... Соны аңсағандай боламын.- Қайдан болса да табамыз оны. Түйенің етіне жерік болған әйел уақытынан асып босанады дейді. Шұбаттың жолы қалай екенін естімеппін.Ақтотының отқа жақындау отырғандықтан өңі ажарла­нып балқығандай қызара түскеніне Қымбат таңырқай қарады. Оның қалың қара жібек тысты пұшпақ ішігінің айналасына жалпақ құндыз ұсталған екен. Бұрама күміс түйме орнатылған үлкен қызыл маржандар ерекше ажарланып көзге ұрады. Басқа да киім-кешек шаршысы да ұқыпты санмен тартылған. Ағы - ақ, қызылы - қызыл нұрлана түсіп, сұлу ажары онша таймаған болатын. Күміс қоңыраудай күлкісі де көңіл кірбеңін жасырады. Жаздың мамыражай ашық таңындай мінез байқатып, Қымбаттың ауыр аяқ болып қалғанына қатты қуанды. "Жаман айтпай, жақсы жоқ. Соғыс деген ойыншық емес қой. Оған аттанған ер-азамат өлімге басын байлап барады. Жас та болса, ұрпақты болсын байғұстар!.." - дейді ішінен.- Жолдыбайлар қытайлармен неге соғысады, тәте?- деп сұрады Қымбат.- Мұның себебі көп қой, қалқам... озбырлықтан, құлдықтан құтылу үшін соғысады да...- Қытайлар көп дейді ғой. Оны қазақтар жеңе ала ма?- "Аққа Құдай жақ" деген. Асқанға да бір тосқан бар. Алла біледі. Бұл соғыстың түбі неге апарып соғарын...- Қытайлар қазақтарды соғыста жеңсе қайтеді, тәте?- Оның бетін ары қылсын!..- Жолдыбайлар түрменің түбіне кетеді деңізші?!- Жаны қалса де...Ақтоты мен Қымбаттың сөзін бөліп, киіз есікті кимелей, көтеріле ашып, сапылдақ Өтеген сөйлей кірді үйге.- Ту...у... жанның рақаты мұнда екен ғой, ақ сұлу! Әлгі менің ынжық құрдасым Досжан сенің қадіріңді білмей-ақ, өтер ме өмірден?- Немене, тау қопарып келгендей дүр-дүр етесің өзің? Әйелдің қадірін білгендіктен, айналшық жегендей отбасынан оза алмай қалдың ба?- деді Ақтоты оны әдейі қағыта әзілдеп.- Ұйбай-ау! Еркек кіндіктілер мұндағыларға да қажет шығар? Байы соғысқа кеткен қатындарға обал емес пе? Мал, жанға кім қарайды? Қылышын сүйретіп қыс келе жатыр,- деп Өтеген, күстенген қолын отқа жылытты.- Сен соғысқа барып та жарытпассың. Үйден шықпасаң да, үрпің ұшып тұр екен байғұс!- Биыл қыс ерте түсетін сияқты. Қазанның қара дауылының соңы, қара суыққа ұласып барады. Жердің бетіне доңғалақ тоң жүріп қалыпты әуелі. Еркектер елең-алаңнан атқа мінеді. Өрістегі малды көздейді. Сары қиды маздатып жағып алып, іргеден жел кіргізбей, қымтанып отырған әйелдер, далада не болып жатқанын біле ме? Шалшық судың бетіне қабыршық мұз қатыпты. Бүкіл Күнес өлкесі аппақ қырау жамылыпты. Ат үстінде жүрген адамның екі бетін тыз-тыз еткізіп, өзенді құлдай соққан суық жел өңменіңнен өтеді.- Жетер енді. Сенен өзге елде де көз бар. Бір жылдың төрт мезгілі қандай болатынын біз де білеміз. Құлағың ұзын еді ғой. Айтатын басқа жаңалығың бар ма? Күйеуі соғысқа кеткен келіндерің қамкөңіл болып жүр. Жеткізетін жақсы хабарың болса, айт. Әр шөптің басын бір шалмай,- деп Ақтоты, Қымбатқа қарап, қабағын көтеріп қойды. - Жоғары шық. Шайға кел.- Саған айтар жаңалығым болмаса, елдің түңлігі ашылар- ашылмастан нағып жүр дейсің.- Көрімсің ғой, бәсе, танауың желпініп тұр. Құрдасың жайлы ма?- Е, оны қойшы. Досжанды Құдай алмас. Қытайлардың оғы да жақсы адамдарға таңдап тиеді. Онан алаң болма, ақ сұлу. Құр жаяу емессің. Мен бармын ғой.- Тағы да қоқсып барасың, е? Өзге не айтпақшысың?- Айтамын. Аяғын күтсеңші сөзімнің. Елдің бұлбұлы еді-ау! Ондай ақын дүниеге мың жылда бір келетін шығар. Көзімізден бұлбұл ұшып еді. Тірі екен, Такең. Шүйінші! - деді Өтеген көзін сығырайта күлміңдетіп, сарғыш күрең тістерін көрсете езу тартты.- Шүйіншіні өзің неге бермейсің? Мен деген арғы беттен келген албанның қызымын. Таңжарық - қызай елінен шыққан ақын, өзіңнің замандас інің.- Ой-бой, неменеге тәлімсисің!? Такең сияқты алты алашқа әйгілі ақынның ғашығы болғаныңа мақтаныш ет! Екеуің албан, қызайды шулатқандарың өтірікпе еді? Амал не! Тағдырдың да көзі соқыр-ау! Таңжарық сенің маңдайыңа сыймады ма? Әлде ақынның маңдайына сен сыймадың ба? Әйтеу, қосылғалы тұрған қос аққудың жұбы жазылып кетпеді ме?- деп Өтеген қиқ-қиқ күлді.Ақтотының өңі бір ағарып, бір қуарды да, сөзіне ызалы мысқыл араласты:- Қанша жыл айтасың, әлі тозбады ма қатын өсегің? Қызайдың сусылдаған ділмәрі, су төгілмес жорғасы болып, қызыл тілден май тамызғаның неге керек? Шешендік күші ақылға саяды. Қу сөзден қуырдақ қуырғанды білесің. Елім деп еңіреп, қан кешіп жатқан қайсы ер-азаматтың қатарынан табылдың? Жаман да болса, Досжан қан майданда жүр. Мақаң сияқты елдің көшбасын, Таңжарықтай көкірегі ояу, оқыған зиялы қауымын түрмеге жауып, басын алып жатқанда, өзің қайсы қырат белден көріндің? Күндіз үні шықпай, түнде сұңқылдайтын байғыз құстай, қатын-қалаштың алдында сылқ-сылқ күліп, сусылдағаның кімге дәрі? - деп еді, Өтеген тынымсыз қиналып, отырған орнында қозғалақтап қалды. Әйелдің сөзі өзегін шоқтай күйдіріп түсірген. Айтарға жауап таба алмай, қысылғанда, оның орағытып, өзге бір әңгіменің сорабына түсіп кететін жымысқы айласы да бар еді.- Айтпақшы, арғы беттен келген біреумен шүңкілдесіп қалып едім, ол жақтағы қазақтар да оңған тәңірі жоқ екен. Герман деген бір пәле шығыпты. Сонымен қызыл орыстардың соғысы өрттей қаулап, қызыл қырғын болып жатыпты. Қазақтан алған әскерлерді қайдағы-жайдағы қатерлі майданға апарып, алдыға салады дейді. Құдай басқа салмасын де! Соғысқа кеткен күйеуі өліп, жесір қалған келіншектер, қалыңы беріліп, ұзатылмай қалған қалыңдықтар жүнін жейді екен. Әйтеу, соғысқа бара алмай, ауылда қалған шал-шауқандар қарқ болған көрінеді, - деген Өтеген. - Е, онда солардың қасына сен де барғаның жөн сияқты. Аузыңның суы құрып, сілекейің шұбырғанша, - деп Ақтоты тағы бір түйреп қалды оны.- Ойпырым-ай! Осы сенің ілмелеп отыратын, пәле мінезің бар-ау, е! Бұл қылығың, мына жас келіндерге жұқпасын илаһім! Я, сонымен, солайдан-солай, не деп келіп едім? - Жесір әйелдерге қарқ болған шалдарға келгенсің.- Егін егу, орақ орып, пішен шабу, мал бағу, қойшы әйтеу, ауылдағы көр-жар шаруаның бәрі қатын-қалаш, бала-шаға, шал-шауқандарға қалыпты. Әуелдесең, еті тірі, жігерлі қыздарды да, жас баласы жоқ келіншектерді де әскерге алып жатыпты.- Сені шаужайыңнан ұстап, ауыздықтап тұрмаса, бірді айтып бірге кететінің бар. Түрмедегі Таңжарықтың тірі екенін кім сыбырлап кетті саған?- Нылқы ауданынан, менің әйелімнің бөлесінің қайынжұрты­нан, бір жігіт келген. Сол айтады: қытайлармен соғысқан сарбаздардың тобында Қайнам деген ұйғыр азаматы бар екен. Соның батырлықтан атағы шығып жатыпты. Ол Үрімжідегі түрмеден қашып шығып, кез ат айдап барған қазақтарға ілесіп келіпті де, көтерілісшілерге қосылыпты. Таңжарықпен бірге жатыпты абақтыда. Аман-есен дейді. Бірақ, қайран ақын, ел-жұртын тірі көрудің ауылы алыс сияқты әлі де. Махсұтты жадыға басып, тірідей турап өлтіргенін Қайнам батыр көзімен көріпті, - деп суқитып отыр Өтеген.Ақтоты оның айтқанына сенерін де, сенбесін де білмеді. Ол кеткен соң Қымбатқа:- Жаңағы суқит не деп кетті? "Жаманның айтқаны келмейді, сандырағы келеді" дегендей, соның сөзінің қисыны бар, - деп еді.- Ел ішінде үкіметтің жалдамалы тыңшылары болады дейді ғой, тәте. Жаңағы кісі нағып келе береді? Сөз аңдып жүрмесін? - деді Қымбат.- Оның қолынан ондай жұмыс келмейді. Заң орындарына да аузы берік адам керек. Өтеген сияқты көмекейінен ішкі өлкесі түгел көрініп тұратын жандарға есі бар қытай құпия міндет бермейді ғой.- Естігенін көрінген жерде көйітіп жүрсе де, қауіпті емес пе?- Ол жағы бар. Бірақ, біреуге жамандығы, сөзінің зілі жоқ, аңқылдаған ашық ауыз байғұс қой ол. Досжанмен құрдас болған соң, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықса да көтеремін. Ашуға басып та көрдім. Онан ары отқа май құйғандай лаулайды. "Сапылдақ" десе сапылдақ, - деп күрсінді Ақтоты.- Бәрінен де түздегі ер-азамат аман болса екен! Түсімізден шықпай қойды, әйтеу. Ол аузын жиып алғанша, інісі Мадияр келіп, есіктен басын сұқты да:- Тәте, сендерді әкем шақырып жатыр, - деп, үйге кірмей қайтып кетті.- Кенжем нағып асығып жүр? - деді Қымбат таңданған бейнеде тамсанып.- Кім біледі... Бір өзгеше тосын хабар еститіндей, жүрегім зырқ етіп қалды-ау!...- Құдай сақтасын! Уайым иектегенде үрей де жандай шабады екен. Мен де өз-өзімнен әлденеге асыққан адамша, тағатым таусылып тұратын болып жүрмін.Көп ойланып, соңғы байламға келген Жарылқасын, Досжанға үш жерден оқ тиіп, ауыр жаралы болғанын Ақтотыға ашық айтуға бекінген болатын. Жаңағы Мадиярдың келіп, шақырып кеткені де осы шаруа еді. Темір тордың арғы беті мен бергі бетінің қыр-сырына қанық Жакең, қытай мен орыстың ұзын құрығы қазақтың қыл мойнына қашан, қалай ілінгенін қанық білетін. Алпысты алқымдап қалған сұңғыла қарт, көкірегін қорқаудай кеулеген қайғы-қасіретін әрдайым ақылға жеңдіретін.Отауын бөліп қойған ұлы Жарбол мен қолындағы ес қатып тұрған Жолдыбай қан майданда жүр. Оңғарсынның басына ауыр күн туған кезде, "қайда жүрсе де жаны қалсын" деп, босқын елдің көшіне ілестіріп жіберген қаршадай Мадияр да, биыл он үшке шыққан. Үш үйдің ортасындағы қолқанатқа жарап қалған еркек кіндікті де сол болатын. Атамекенінде қарағандай дүрілдеп, төрт әйелден он шақты бала бала көрген, азулы болыс, өз отбасындағы ұрпағы қалмай барады. Енді сол қыңырайған тірліктің тауқыметі аз болғандай, қасындағы қара тартқан жалғыз қызы Ақтотының күйеуі жаралы болып, хал үстінде жатқаны әуелі ата-анаға ауыр тиді.- Сабазым-ай! Арысым-ай! Жаның қалса екен! "Ботам!" дегізбеші Жаратқан ием! - деп Жарылқасын, күйеубаласының суық хабарын естігенде көзіне жас алған. Жалған жалпағынан келмейтін, кең пұшпақ, алаңсыз әйел Ғазиза бәйбіше де, қатты босаған болатын.- Ей, Алла-ай! Ақтотымның күні не болар екен? Сақтай гөр, тәңірім! "Шынар аман болса, шыбық жетіледі" деуші еді. Бір тал шыбыққа зар болып жүргенде, шынары жығылса, не болмақ сорлы қызың!?- деді сықсыңдап. Бірнеше күннен бері әке-шешесі іштей тынып, бұл жайсыз хабарды Ақтотыға айтуға батылдары бармаған-ды. Соғыс әлі де сұрапыл жүріп жатыр. Үрімжіден Қытайдың бес жүздей атты әскері келе жатқан дақпырт тағы жетті де, бүкіл Іле өңірі дүрлігіп қалған.- Балам,- деді Жарылқасын қызына.- "Қызыл ет ауырмаққа" деген. Досжан жаралы болып қалыпты. Халын сұрап баруға қазір жағдайдың ең қиын кезеңі. Қайту керек? Ақылға салып көр, - деп ой тастады. Онсыз да жүрегі аузына тағылып, бір түрлі үрей билеген Ақтоты не айтарын білмей, меңірейіп қалды. Әйелдің ащы қайғының уымен уланған өмір өрмегінің арқауы ағытыла берді. Тосын естіген сұмдықтан жаншылып, күйреуік көңіл жалындатқан қайғыда құлази бастады.- Әке, шыныңызды айтыңызшы! Тірі ме екен? - деп, қыр мұрнының жұқа танаулары желпініп, қаны толық, еріндері дір-дір етті.- Жаным-ау! Қайдағыны айтпашы. Емханада дейді ғой, - Қазиза бәйбіше де сасқалақтап қалды.- Оқ қай жерінен тиіпті?- деді Ақтоты жыламсырап.- Санның қалың етіне тұрып қалған сияқты. Ауру - жанның садағасы ғой балам, дәрігерлер құтқарар. Дәм-тұзы таусылса, ешкім де ажалдан қашып құтылмайды. Жалғыз біздің басымыздағы мұң емес бұл. Ел басына ауыр күн туды. Абыржып кетпе! Алдыңғы соғыста күйрей жеңілген қытайлардың ішінде күйік кетті. Алдағы шайқас тіпті ауыр болуы мүмкін. Жау да қарап жатады деймісің? Құдайға қарап, артын күте тұрайық, балам,- деп еді әкесі.Ақтоты еріндерін тістеп, көздің жасын күшпен ғана тыйып тұр. Ол тағы да ақын Таңжарықты көз алдына келтірді.* * *Таңжарықтың Үрімжі түрмесінде тұтқын болғанына төрт жылға жуықтады. Сонан бері неше қилы қинау көргені өзіне аян.Түс мезгілі еді. Орта бойлы, арықтау, сіріңке қара кілітші жігіт күндегіден өзгешелеу қабақ танытып, сұсты кірді абақтыға. Қара киізбен қапталған темір есіктің құлпы да бөлекше ызғар көрсеткендей, шақыр-шұқыр ете түсті. Ол жүгері кебегінен жасаған ботқа әкелген екен. Таңжарыққа тиесілі жыңмоманы(буға пісірілген нан) үйреншікті ыммен ұсынып, құпия белгі берген-ді.- Итаяқтарыңды тез босатыңдар! Ширек сағаттан соң, "сапарға" шығасыңдар, - деді кілітші тұтқындарға қарап.- Қайда барамыз? - деп еді қаба сақал, бадырақ көз тұтқын:- Онда шаруаң болмасын. Ботқаңа бас қой, сорлы неме! - Оның бас-аяғын көзімен сүзіп шыққан сақшы жігіт, қолындағы біріне-бірі маталған қалың кілітті сылдырлатып, сілкіп қалды, - барғанда көресің. Атау кереңді ішіп ал әуелі... - деді.Кілітші есікті серпе жауып, жедел құлыптап, шығып кеткен соң, Таңжарық, басқаларына байқатпай, шала бүлінген жыңмоманың арасынан тұмардай бүктелген, бармақтың басындай сарғыш қағазды қағып алып, шалбарының жанқалтасына сүңгіте салған болатын.Тұтқындар түскі астарын обырлана, апыл-ғұпыл, үнсіз оты­рып ішті де, күбірлесіп жатты.- Мүмкін бүгінгі түскі ас-атау кереміз шығар шынында!..- Болса болар. Қарасұрдың қабағы жаман!- Таңжарық, сен ақынсың ғой. Тірі қалсаң, ащы шындықты айтарсың өлеңмен...- Тағдырдың бір жазғаны бар ғой. Кімнің жаны қаларын қайдан білейік. - Бәріміз де қасапханада қамаулы тұрған қоймыз бұл күнде. Шетімізден сүйреп апарып, басымызды кесе береді... Оны кім сұрап жатыр?Тұтқындарды шерік сағаттан соң, үсті жабулы үлкен автомобилге нығарлай басты да, Үрімжінің шығысына қарай өңкілдетіп ала жөнелген. Тұтқын тиеген автомобил алтау екен. Мөлшермен біреуінде отыз шақты күнәкар бар көрінеді. Бәрінің басына бүркітке тұмаға кигізгендей қып құрсаулы бүркеніш салды. Суық қару ұстаған сарала сақшылар оларды бақылауға алған. Мұнан бұрын да аяқ астынан абақтыдан шығарып ала жөнелген тұтқындардың зым-зия жоқ болып, қамалған камераға қайта оралмайтыны белгілі.Таңжарық іштей тілек айтып, жасағанға жалбарына бастады: "Я, Алла, зүлжал тілегімді қабыл көр! Қамығып қанға толған жүрегіммен, шын көңіліммен тілеймін, Алла, даргайыңа тұттым жүзді! Қолдай көр ғарыптарыңды! Жалын боп жалмап жатыр көкіректі, шемен боп байланған шер-тілектерім. Көрмеймісің міне, үмбетіңді көгендеген қойдай тізді ғой? Басқан ізді соқыр тұман басты-ау!  Шыбын жаннан күдер үзіп барамыз.Ақ басыңды қараға айландырып,Жалғыз жанды шыбындай шырылдатса.Қыл бұрау, құрсауменен қамыс палақ,Отқа күйген сіңірдей шыжылдатса...Таңжарық іштей егіліп, өзгеше толқып барады. "Талай ойшылдар өткен. Ақын шындықты айту керек. Қорқаулық, жауыздықты, қиянатты көргенде, не дейді? Ол өзін мына қияметтің қылкөпірінде сынағандай. Бір басының намысын ел намысындай сезінді. Жазықсыз жандардың өмірі тоналып жатыр. Ел көш басынан, арысынан айырылды. Оның арты беймазалық дерт болар ма? Жылап өте ме халқы? Ақын күйікті  ашумен іштей түйіліп, тістерін шықырлатып, қалш-қалш етті. Құтылар, көз ашылар күн бар ма бұл пәледен? Тегеурінді тепкі, көзі ашық зорлық елді де, ерді де еңіретті. Іш қазандай қайнап, қапалы тұтқынның кесек, жүдеу жүзіне діріл кіріп, көздері намыскер ызадан жасаурап кетті.Тұтқындар тиелген ауыр автомобил Боғда шыңының босағасына таяп барып, әлденеден шошына осқырып, ішін тартқан аттай ойқастап тоқтаған. Автомобилдің алды-артында жеңіл машинаға отырған Қытайдың әскери шенділері мен өлкелік қоғамқауыпсіздік мекемесінің дөкейлері. Ең соңында мұздай қаруланған Гоминдаң армиясының тоғызыншы полкінің сығайланған шеріктері, он шақты сұрғылт сары түсті кішілеу автомобилмен келіп түсті. Бейне соғысқа әзірленгендей автомат, пулемёттерін құрып тастап, қынаптарынан қылыш суырып, сапқа тұра қалды.Осы кезде тұтқындардың басына кигізілген құрсаулы бүркеніш алынған болатын. Бәрінің аяғында кісен, қолдарында кузір. Таңжарық томағасын сыпырған аш бүркіттей айналасына тінте қарап шықты. Кілітші жігіттен ұғуынша, Үрімжідегі түрмелерде ұлт азаттық көтерілісіне қатысты сексен мың тұтқын бар екенін біледі. Бүгін Боғда шыңының бөктеріне алты автомобилмен әкелген қылмыстылар екі жүзге жуық көрінеді. "Бұл жерге бізді саяхат жасатқалы әкелді деймісің? Өлімге басымызды байлап отыр ғой, е?.." Ақынның ойына өлең селі тасқын атып, толқыны ақ жалдана буырқана бастады: "Шалдыққан көңіл жүдеу, тәнім арық,Болғандай суға батып, кеме ғарық.Сұм бастан ақыл қашқан, қиял басқан,Тітіреп улы оймен жүрек қарып..."Таңжарықтың көзі әуелі Махсұтқа түсті. Сұңғақтау, қызыл арайлы, аққұбаша, сұлу жүзді оның отты жанары тұтанып тұрғаны болмаса, қатты жүдеген екен. Шоқша сақалы үрпиіп,  инеліктей ілмиіп қалыпты. Мелшиген, ойсоқты Боғданың шаңыт басқан салқын ажарына шарлай қарайды. Кең дала, жарық дүниені сағынған ынтазар аңсау байқалады бейнесінен. Таңжарыққа шылбыр бойы жақын тұрса да, тілдесерге орай жоқ. Қылыш суырып, қыр желкеден төнген жаналғыштар жалаң қағады. Аңқылдаған аңызғақ жел тау жақтан ентігіп, баса соғып тұр. Қураған жапырақты сапыра желпіп, үйіріп кеп, кісенді аяқтардың астына тықпалайды. Кімнің басы қалай алынады? Ата ма? Жадыға баса ма? Тірідей жерге көме ме? Өртеп өлтіре ме? Үрей мен күдік көп тұтқынның көкірегін кеулеп, қорқау қасқырдай тіміскілейді.Махсұт бастаған жеті тұтқынның жан шошырлық шыңғырған ащы дауыстары ақын құлағына айқын естілген. Басы айналып, көзі қарауытып, қарауға да дүркіні бармай, жүрегінің дүрсілін, тұла бойының түршіккен дірілін сезді.Туралған аяқ-қол секіріп түсіп тыржың-тыржың етеді. Ақтарылған қарынның буы бұрқырап, кесілген кеңірдектер қорқырап жатыр. Шұбатылған ішектің шумақталған бір жақ шеті құмға былғанып, жыландай ирелеңдеп барып, жиырылып жуандай түседі. Бүкірейген иықтар бөлек түсіп, қара санның туралған бөлектері тыржыңдайды. Сақал-мұрты желпілдеп, қанға тоғытылған бастардың, жанары өшкіндеген көздері алайып, қаны қашқан еріндер жыбырлайды. Әуелі аш белінен бөлінген жарым дене жанталасып, екі қолымен тырбаңдап, еңбектемек болады да, дауыстары кенет үзіліп, мейірімсіз қара жерге беттерін басып, қимылсыз дірілдеп қалады."Маған кезек қашан келер екен?"- деп ақын ішінен иман айтып тұр:"...Қол жайып қыбылаға тұттым жүзді,Мен құлың сұм жалғаннан үміт үзді... "Таңжарықтың сұрқыл тартқан ақша жүзі мен қанталай бастаған шаралы көзінен өшпенділік пен тәңірге шағым тәрізді ажар аңғарылады. Асығыс, суыт жүріспен кетіп бара жатқан жалғыз атты жолаушыдай абыржу сезімі ала қашып тұр көңілінТұтқындарды қинап өлтірудің тағы бір тәсіліне көшкен қытайлар, енді өлімге үкім етілгендерді алдын ала әзірленген шұңқырларға тірідей көмуді бастаған. Әуелі солардың өзіне, жаңағы жадыға басылғандардың туралған дене бөлшектерін жинатып, ұраға салғызады да, сонан соң, "қылмыстыларды" қысыммен құлатып түсірді соған.Солардың арасынан Таңжарықтың танығаны Алмахан деген азамат. Ол Совет Одағынан қуғын көріп, Моңғолия арқылы қашып келген Алаш ордасының адамы еді. Өзі батыр, мерген, балуан болған алып денелі, көзі отты жігіт болатын. Үрімжі түрмесіне жатқанына алты-жеті жылға аяқ басқан. Ақынмен абақтыда бірге болған кездерінде, көп сырласып, арғы-бергіден талай әңгімені сапырысқан-ды. Оның атағын арғы бетке барып, Қойдыммен айтысқан кездерінен біледі екен. Екеуінің емеурінін тіміскі шпиондар сезіп қалды ма? Кейінгі жылдар оны басқа камераға алып кеткендіктен көптен бері көрінбей кеткен болатын.Бұл жолы да өлтірілетіндердің тобында аты шықпаған соң, Таңжарық сәл есін жинап, түгендей қарап, таныстарын шырамытты. Тұтқындардың түсінен адам шошырлық. Кейбіреуінің сақал-шашынан, ішіне тартып шүңірейген көздері мен қоңқайған мұрындары, бет томпағы ғана көрінеді. Біреуге лақтырған тасы өзіне тигені ме? Алашшылдарды құзғындай қуып, соңына түсіп жүрген Малинов дейтін орыс болушы еді. Сталин десе ішкен асын жерге қоятын. Ол Қытайға қашып өткен ақтардың да ізін қуып, соларға тұзақ құрып жүрген. Сол орыс, Таңжарық алғашқы рет Іледегі Топадөң түрмесінде жатқанда сұраққа тартқан жері бар. Ол кезде соның қасында Уголин дейтін орысша білетін коммунис қытай бірге жүретін.Қазір осы екеуінің қылмысты бола қалып, тірідей көмілетіндердің қатарынан табылғаны қалай? Ойлап көрсе, Шиңшысәй Совет Одағымен дос кезінде, Қытай коммунистік партиясы қызыл орыстармен ауыз жаласып еді. Енді Шыңдубән өткен жылы жалт беріп, Гоминдаң партиясының құшағынан табылған мезгілде, Шинжиаңда айқұлақтанып, атой салып жүрген коммунистердің соры сорпадай қайнаған екен. "Е...е... солай емес пе еді?"- деді ішінен. Таңжарық таңырқап барып, есіне түсірді. - Біреуге қазған көріне, өзі түскен болды да!.."Тұтқындарды ұзыннан-ұзақ төрт қатар тізіп тастағандықтан қасында жақын тұрғандарды болмаса, бірін-бірі көре алмаған. Бір кезде Алтайдағы ұлт-азаттық төңкерісін бастап, қолды болған Есімханның, атақты дін ғұламасы, әрі ақын Ахыт қажының аты аталды да оларды сақшылар сүйрелей жөнелді.Өлкелік ішкі істер тергеу бөлімінің бастығы қасқа бас, жылтыр қара, кең танау қытай, атқарушыларға бұйрық беріп тұр. Аласа бойлы, жыпық көз дүңген тілмаш оның аузынан шыққан сөзін қығып алып, жапалақтай жалбаң қағады. Бұл күні өлімге үкім етілгендер дерлік үкіметке қарсы, халықты көтеріліс жасауға желіктірген, ұйымдастырғандар екен. Солардың қатарында алашшылдар да жоқ емес көрінеді. "Айналып келгенде, отаршыл саясаттың ойыны, орыс пен қытайдың өз ішіндегі атаққа таластан туындаған зобалаң болды-ау, е!?" - деген ойға да келді Таңжарық. Төрт жылдан бері түрмеде отырып, қол-аяғы байлаудағы ақынның басынан қандай қапырық ойлар өтіп, не жазып жатқанын олар қайдан білсін. Білмесін де! Оның удай ашыған сезімдері қанаттанып, азаптан қиналғанды, құсамен жылағанды, тағдыры тәлкекке тап болған көпті ойлап, жүрек басына зәрдей болып түйілген шер тасқыны өлең болып ағытылғалы тұр. Бір аяғы көрде, бір аяғы жердегі елінің болашағын да есіне алды. "Қыңыр мінез көрсетіп, қиястанғанда не тапты? Тентек ел атанып, патшаның қаһарына жолықты міне. Шығар жолы қайсы? Діні басқа патшадан алған өнегеміз осы ма? Адамды бұзатын, аса жауыз қарғыс жолы ғой бұл!.."Жиырмадай тұтқынның тірідей көмілгенін көргенде, Таңжарықтың дүркіні шыдамай, тұла бойы шымырлап кетті де, бір сәт көзін тас қып жұмып алды."Қалғанымызды қандай өлім күтіп тұр? Я, Алла! Жауыздықтың түбі жамандықпен тынатыны рас болса, қанды - қан жібермес!.."- дейді іштей тұтанып.Қалайдан-қалай, енді қалған "күнәкарларды" үштен-төрттен қабаттап қойып, оққа ұстаған. Қандай бақай қулық екені беймәлім, Таңжарық бастаған елудей тұтқын ажалдан аман қалды. Соның ішінде ақын ауылынан аудан әкімі болған Жайырбек те бар еді.Ойқой, дүние, бұл не қылғаны екен?! Өлтірілген тұтқындардың (жадымен туралған дене мүшелері) мәйіттерін, тірі тұтқындарға жинатып, бұта-бүргенді терең жыраға  тастатқызды. Қалайша байқамай қалды екен? Махсұтты жадыға басқан сәтте-ақ, Таңжарықтың көзінің алды тұманданып, жасқа бұланып, көрмей қалған-ау! Өліктердің мәйітін жинап жүріп, Әбеу Құдыш ұлының басын таныды. Нұрлы өңді, қара торы, жылтыр, қыран көзді есіл ердің шала ашылып қалған аузына, қарыса ақсиған тістеріне де қан шашырапты. Қарауытқан жүзі қызыл шұбарланып, кеңірдектен кесілген жеріне құм аралас топырақ баттаса жабысып қалыпты. Соған көзі түскенде, жүрегі зырқ етіп, сілейіп қалған Таңжарықты, сақшылардың апайтөс тарғыл иті басына шапшып, иығынан жұлқи тартып қалған. Шошынғаны соншалық, кісенін шалдырлатып, шалқалай шегіне берді. "Мұнысы несі?! Қытайлардың иті де, өлілердің мәйіттерін тездетіп жинамадың дегені екен ғой, е!..".Сол күні тірі қалған тұтқындарды түрмеге екінті еңкейе алып қайтқан еді. Әуеде тырналардың қиқулаған дауысы ақын жүрегінің нәзік пернесін басып, көкірегіндегі мұңлы  күйге ұласқандай. Іштегі өксік шерін ұшқан құстан, елге сәлем айтқысы келгендей ме? "Елге хат" атты толғауының шумақтары ойына орала берген. Сезім аспаны селдетіп жіберердей, құрыштап, тұтасқан сәуірдің бұлтындай түнере түсті."...Өлімің тышқан құрлы болмай жатыр.Жаныңа осы қорлық батпады ма?Кең өскен ұйқылы-ояу, аңқау елім,қаныңды судай қылып шашпады ма?!. . . . . . . . . . . . . . . . . . . .Тереңде түпсіз шыңырау жатамыз ба,Шыға алмай биік шыңның асарына?Ер болсаң атой салып атыңа мін,Оянар сенің таңың атпады ма?!.."Ұйқыдан оянғандай үлкен қаланың дүбірі ақын қиялын бөліп жіберді. Тырнадай тізіліп өткен жаяу әскерлер шұбырады. Атты әскер бөлімдері де, көшелердің қиылысқан жерінде топтасып тұр. Есіктерінің алдында сығылысқан жандардың, абыр-күбір топтардың гулегені байқалады. Бір ұзын сақалды ұйғыр арбакеш теңселе түсіп, салпаң құлақ мәстекке делбесін үйіріп қойып шықпыртып барады. Қаланың зілді көңілсіздігіне Таңжарық онша таңданған жоқ. Бірақ жаза алаңынан өзін өлтірмей аман алып қалғанына, басына құрсаулы бүркеніш салмай, Үрімжінің сыртқы көшелерін көрсетіп келе жатқанына қайран асыр. Бәлкім қала халқын үрейлендіру үшін, қалған қылмыстыларды жұрттың көзінше дарға асып өлтіре ме? Олай да болмады. Үрімжі қалалық үшінші түрменің екінші бөлмесіне кірерде, кілтші жігітті көріп, оның жыңмоманың арасына салып берген құпия қағазы есіне түсті. Дәретханада тұрып, тұмарша бүктелген тілдей қағаздағы жазуды жалтақтай оқыған еді. "Іле қозғалды. Акпар, Сейіт бастаған көтерілісшілер Нылқы ауданының орталығын иеледі. Соның дүмпуімен Іленің басқа да аудандары тыныш емес. Алтайда Оспан батыр алған бетінен қайтқан жоқ...".Таңжарық, соңындағы тарпылдаған табанның дыбысын естіп, сасқанынан жаңа хабар жазылған қағазды жедел жұмарлап, аузына салды да, асыға шайнап жұта салды. Бүгінгі өмірден өткендердің қайндай өліммен көз жұмғанын көрген ақын түйсігі алай-дүлей еді. Ел жақтағы жаңалықтан хабар тапқанда қапырық, қаратүнек түнді ықсыртып, көкжиектен күн көтеріліп келе жатқандай сезінген. "Е...бәсе, дауыл тұрардың алдында қарғалар қаңқылдап, қанаттарын сусылдата ұшып, көк жүзін шимайлап асыр салатыны бар. Өзіне төніп келе жатқан зауал алдындағы жанталасы-ау, сірә қытайлардың!?."Таңжарықты түрме кілтін ұстаған сіріңке қара жігіт жылы қабақпен қарсы алып, абақты есігін асықпай ашты да:- Жаныңыз қалғанына қуаныштымын,- деді.- Рақмет, бауырым! Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі кетпейді. Ұмытпаспын жақсылығыңды...- Атар таңыңыз жарық болсын!- Илаһым, періштенің құлағына шалынсын!Кілтші жан-жағына жалтақтай қарап, Таңжарықты есіктен итеріп кіргізді де, асыға құлыптап, қатал бейнеде қайта артына бұрылды. Даладан кірген адамға, абақтының ерсі сезілетін күлімсі сасық иісі кеңсірік жарып тұр. Қандала мен бүргенің ойнағына айналған аядай бөлмеге суырдың ініндей тар тесіктен ұясына батып бара жатқан Күннің болымсыз сәулесі күңгірт сығалайды. Ірге жақта жарыса ыңырсыған екеу жатыр. Дерті күшті ме, әлде ауыр соққыдан күйрей жығылғаны ма? Әйтеуір, жан азабын әбден тартқан сормаңдайлар көрінеді. Таңжарық, қызылдардың досы болған Шиңшысәйдің де, оның орнын басып таққа жаңадан отыр Ужжұңшүн, Сұңшилән билігіндегі өкіметтің де тұтқындарды қалай қинайтынына көзі қанық еді. Тақтайға теріс қаққан шегенің үстіне жалаңаш жатқызу, тырнақтың көбесіне ине шаншу, үрпіне ши жүгірту, итке талату, тас көмірдің шоғына қақтау сияқты бәрін басынан кешіріп келе жатқан. Мына сорлылар сондай қинаудың нешеуін көргенін кім білсін. Ине жұтқан итттей қыңсылаған екеудің біреуі Таңжарыққа таныс адам іспетті. Алақабдан қараңғылыққа біраз көзі үйір болған соң, иіле еңкейіп, сәп салып қарап еді, ой тәубе! Кәдімгі Қалдықара екен. "Алашшыл алаяқсың!" деп ақынның басқан ізін тіміскілеген, қызыл орыстың ұзын құлақ, иісшіл мәшкесі  осы емес пе деі?! Құлғанадай қуып жүріп, арманына жеткен ғой. Үрімжі түрмесіне өз қолымен ұстатып жіберген, Ленин өрденді, озат коммунис Асқар Таласбаевты мына жатқан сорлы дегенге кім сенеді?"О, құдірет! Түс көріп тұрмаған шығармын? Кезекті дүние деген осы екен ғой, е!? Сен де келдің-ау, біз жатқан "Хансарайда" көретінің алда шығар сүмелегім?!."Оң жақ бетіндегі сөлкебайдың көлеміндей қап-қара қалы ғана өзгермегені болмаса, түр-сиқы әруейдей, аса жүдеу, селдірлеу сақал-мұрты, шашы үрпиген. Беті қанталаған. Жыртия ашылған көздері Таңжарықты көргенде, жанары сөне қалды. Оның сұп-сұр жүздері тіпті де қарауыта түсіпті. Жүрегін қақ жарған күйік өзегін өртеп бара жатқаны бесенеден белгілі. Көздерін шерлі кіреукелеп, төменнен жоғары сүзе қарады. Баяғы бақталастық қызғаныш сезімі есіркеуге әлі де жол бермей тұр ма? Бірдеңе айтқысы келіп, тамағы қырылдап, қылғынып қалды. Қайтсін, сорлы-ай! Асқар арғы беттен алғаш келе қалғанда Құлжа қаласынан таңдап тапқан, шығарда жаны бір досы еді ғой Таңжарық? Бірі - ақын, біреуі - әнші, гармоншы дегендей өнер қуған тең тұстастар еді-ау! Сыбағасы бөлінбеген сырластар болғаны қайда? Достың жауға, жаудың досқа оп-оңай өзгере салуы, мына заманда таңдануға татымайтынын Таңжарық енді жақсы түсініпті.- Ай, "досым!" жаның бар ма кеудеңде? Сенің де басыңа күн туған ба? - деп саңқ етіп қалды. Дауысы тым жоғары шығып кеткенін артынан аңғарып, есік жаққа елеңдеп қараған. Қалдықараның көздеріне жаңадан байырқалаған жылы шырай өзгеше өң бергендей. Аузына жылы сөз түспей, құрысқан еріндері үнсіз жыбырлап, сәл кідірді. - Таң...жар...ық! Мен ғой...Одан артық сөйлеуге шамасы келмеді ме? Әлде арамзылығы ма? Кемсең-кемсең етіп өліп бара жатқан адамдай иегін қағып, жыламсыраған-ды. Абақтыда ұзақ жатып, ойсоқты болған ақынның мүлгіп, тот басқан өмірін селт еткізгендей оқиға болды. Асқарға іші жылымаса да өтірік езу тартты. - Жайыңды жақын тартып айтқан досың,Дайындар өзіңе көр ол не қылса.Ақынның бәсең дауыстап, ара-тұра тыныстап баптап айтқан өлең жолдарына ден қойып, тыңдап жатқан Қалдықараның ірге жағындағы жуан сары: "үһ!" деп күрсініп қалды. "Ой, дүние-ай!"- Жарандар, құлағың сал кеңесіме,қайғының тұрмын мініп кемесіне.Отырмын құйрық қойып осы күнде,үш қырлы қасіреттің шегесіне.. . . . . . . . . . . . . . .Бұл күнде біз қайғыда қулар аман,Халықтың шәй қайнатқан төбесіне,- деп кідіріп еді Таңжарық, шынтағымен жер тіреп, жуан сары ептеп басын көтерді. Бет-аузы көнектей боп ісіп кеткен екен. Әр жерінде көкала дақтар түсіпті. Шапанының жағасынан ұйпалана қопсып, үрпиген қара қайрақтай сақалын сол қолымен уыстап тұрып, камера қабырғаларын көзімен жай сүзіп өтті де, ақынға сынай қарап:- Айналайын ағатай-ай! Кім болдыңыз?- деді қылғынып.- Е, қайтейін деп едің? Өзің кімсің? - Мұңы бір тағдырластардың жүрек сөзін айттыңыз, аға! Дүниеге тарыдай шашылған сергелдең қазақтың бірімін.- Байқап сөйле! Мынау қасыңда жатқан мықты- КГБ ның адамы. Алда-жалда алашшыл болып қалсаң, қарақұсыңды аузыңа түсіреді. Бұл көргенің аз, - деп Таңжарық, Қалдықараны кекетіп, көзімен түйрей қарады.Соның арасынша түрме есігінің құлпы шақыр-шұқыр ашылып, тұтқындардың кешкі асы келді де, тілдері байланып тым-тырыс бола қалған. Жуан сары ісінген дүрдиіңкі еріндерін, арпа ұнынан жасалған жылымық ботқаға матыра отырып, қомағайлана ішті. Оңазаланып, обырланғанына қарағанда, әбден ашыққаны байқалады. Ішектері де құрылдап-шұрылдап белгі берген. Ал Асқар Таласбаев басын көтеріп, ас ішуге де шамасы келмеді. Қытайдың түрмесіне түскен, әсіресе саяси қылмысты саналғандардың, ә дегенде-ақ, азаптап сұраққа тартылатыны бұрынғы тұтқындарға түсінікті. Жаңа келген екеуінің не үшін таяқ жеп талықсып жатқанын Таңжарықтың ұққысы да келмеді. Бірақ бұл түнгі ұзақ әңгіменің арқауы жуан сарының басынан кешкендері болатын. - О, ғажап! Екеумізді тар түрмеде табыстырған тағдырды қара! - деп Таңжарық, оның кім екенін ұққан соң, қапсыра құшақтып, көңілі қатты босады. - Бәсе, сені Ақтотыға ұқсатып едім, бір жақындығың бар екен ғой деп, туған ағасы болдың-ау! Ой, құдірет!...Айтса айтқандай-ақ, жуан сары Жарылқасын болыстың бәйбішесінен туған үшінші ұлы болатын. Оның өзіне тете інісі Оңғарсын бауырына салып алған. Аты Есенбол. Он алтыншы жылғы дүрбелеңде Қытайға ауған үркін көштен қайтып, өзінің туған әке- шешесін көрмеген. Ол кездері сегіз жастағы бала болатын. Асырап алған ортаншы әкесі Оңғарсын колхоздасу кезінде мал-мүлкі тәркіленіп, сүргінге айдалған соң, от басындағылардың күндері қараң еді. Бала-шағасы торғайдай тозды. Сол мезгілде Есенбол, ұзатылған апайы Шағаланы паналап, жездесінің бастауымен Иранға қашып өткен. Жат ел, бөгде жердің босқыны болғандықтан ол жерде де қақты-түрткіні көп көрді. Діні бір болғанымен, тілі, ділі бөлек жат дұрттың ішіне судай сіңіп кете алмады."байтал түгіл бас қайғы" дегендей, өз жанын баға алмай қалған қаңғыбас қазақққа қайсы ирандық қызын бере қойсын? Отызға келгенше бас құрай алмай, сүр бойдақ болып жүргенде, жанашыр жалғыз апайы Шағала дүние салады. Төрт-бес жетім баланың әлегінде қалған жездесі де тіршіліктің сарсаңында есеңгіреп, Есенболға қолұшын бере алмаған. Сол жылдары Оңғарсынның ата жұртта аман қалған жалғыз ұлы Баймолда қарындасының қазасына көңіл айтып, Иранға баратын біреуден хат жазады. "...Өліден - өлі, тіріден - тірі айырылдық. Естуімше сенің де көрген күнің белгілі екен. Әлі тұрмыс құра алмапсың. Туған жеріңе қайта оралсаң қайтеді. Сансызбай қажының тұқымынан еркек кіндіктіде мен ғана бармын. Қазір Семейдемін. Итшеккенге айдалған әкеміздің қандай өліммен өлгенін де білмедім. Бізден топырақ та бұйырмады марқұмға. Қытайдағы туыстарымыздың да басына күн туа бастапты. Ол жақтағы қазақтардың сорпа бетіне шығар игі жақсыларын тұтқындап жатыр дейді. Жарылқасын әкеміз де түрмені бір көріп шығыпты. Қайда барса Қорқыттың көрі екен ғой. Өлсек бір шұңқырда, тірі жүрсек бір төбеде болармыз. Көріскенше күн жақын..."- депті.Есенбол Семейдегі ағасы Баймолданың үйіне Ираннан келген жылы Гитлер Совет Одағына шабуыл жасады. Соғыс енді ғана ес жиып келе жатқан елді есеңгірете бастаған. Майданға бірінен соң бірін әскер жөнелтіп, тылдағы жоқшылық, аштық, ашбүйірден ала түскен тар заман тағы иектеген еді елді. Есенболдың сорына ма, "Шетел шпиондарын аластау" дейтін науқанның құрығы қалайдан-қалай соның мойнына да іліне қалмасын ба! Ауыл арасы тыңшылардың біреуі: "Англияның шпионы" екен десе, енді бірі: "Германияның шпионы" деп Семей қалалық ішкі істеріне мәлімет берсе керек. Оның үстіне Сансызбай тұқымына ежелден азуын басып жүрген Кеңес үкіметінің алтын орденді, әйгілі белсендісі сары ауыз Әбдірасыл Алматыдан Семейге келе қалсын. Есенбол жайлы сыбысты естіген ол, оны бақанның басына ілді. Тұтқиыл ұстамақ болып, түн ішінде екі сақшы ертіп, Баймолданың үйіне келген. Тәлейіне ол күні ағасының үйінде Есенбол жоқ еді. - Інің қайда?- Оның қажеті қанша сізге?- Не деп тұрсың, малғұн!?- Совет үкіметі албаты адам янаттауды үйретпеген еді ғой?- Қарай көр, қасқырдың бөлтірігі! Қанына аумай тартқанын өзінің! Шетел шпиондарының ұясына қашанда қаталдық керек.- Дәлелде? - деп Баймолда күрең қызыл жүзі талаурап, Әбдірасылдың әжімдері тереңдеген қыртыс-қыртыс маңдайына, тотияйындай үшбұрыштанған көк көздеріне түйіле қарады.- Өзің қайдан бу алып тұрсың? Ініңді тауып бер жаныңның барында! Әйтпесе орнына сен барасың.- Қайда?- Түрмеге, - деп шақырая, түйрей қарап, шалқалай кеудесін керген Әбдірасыл қалш-қалш етті. Оның омырауындағы үнемі тастамай тағып жүретін алтын ордені де өзімен бірге ашу шақырғандай селк-селк етіп қалды. Апарсаң апар, абақтыға қылмыстылар жататын шығар? Коммунистік партия күнәсізді жәбірлей қоймас? - Шпион жасырудан үлкен күнә жоқ. - Мұны мантырата берме, әкетейік. - Айда, алдыға сал! - десті де, Баймолданың қолына кузір салып Әбдірасыл бастап жүрген екі сақшы әй-шәйге қарамай, желкеге түйгіштеп, итермелеп есіктен шығарған. Отбасындағылар ұлар-шу боп қала беріп еді. Жер бауырлай үскіріктетіп, азынаған ақ боран бет қаратар емес. Баймолданың екі көзінен жас шығарып, ысқырған жел құлағын тұндырып барады. "Ей, мына иттер қайтеді? Әттеген-ай! Үйдегілерге ашық айта алмағанымды қарашы! Ымдағанымды білді ме екен Самал? Мені қайтеді дейсің, қиын болса бірер ай қамар. Есенболдың обалына қалдым-ау! Жылы орнын бекер суытқан екенмін! Қап! Оны қолға түсірсе түрмеден тірі шығармайды. Қайда кетсе де табанын жалтыратқаны жөн еді", - деген ойға келген. Өкпек боран қатқыл қарды сыпыра ұшырады. Көшеде ысқырған жаяу борасын жорғалайды. Ағаштардың үсті шоқ-шоқ шашақтай төгілген ақ қырау. Оны жел қағып жерге төгеді. Ертіс бойындағы тоғайға қонақтап қалған тоңғақ қарға, ұзақтардың тынышы кетіп, шаңқылдаған дауыстары ауық-ауық естіліп тұр. Электр шырағы күңгірт жанған көшеде жалғыз атты шанаға отырған біреу тонның жағасымен бетін қалқалап алыпты. Делбедегі қолын суық ызғырық қарығандықтан болар, қолғабымен уқалап барады. Оны өзінің інісі екенін Баймолда ғана білді де сыр бермеген. Құдай сақтап, басқалары байқамады. Темір табанды шананың жіңішке ізі қарды таспадай тіліп, қараңғы көшеге қарай сүңги жөнелді. Соның соңынан қарашығы зорайып, ойнақшыған қанды көздерін қадаған сақшының біреуі сәл іш жиып қалғандай болды. Боранға қарсы жүрген шаналы ат қажып-ақ қалыпты. Буы бұрқыраған арқасы, сауыры дір-дір етеді. Есенбол ірі денесін жеңіл меңгеріп, шанадан түсті де, атын жылы қораға кіргізіп қаңтарып байлады. "Терін басып, демін алсын", - деді де, үстінің қарын есік алдына сілкіп тастап, үйге жеделдете кірген. Жеңгесінің екі көзі бұлаудай болып жылап отыр екен. Алды тісеп жүрген үйелмелі-сүйелмелі төрт баласы қара боранда қалған қаздың балапанындай боп, үрпиіп отыр. - Не боп қалды, Самал-ау!? Аға қайда?- деді Есенболдың есі шығып.- Әр ақымақ ақылынан өзінше адасады, - деп жеңгесі жасты көзімен қайнысына сығырая қарады. - Ағаң сенің де обалыңа қалды. Өзі де сорланды...- Не дейді? Ол қандай сұмдық?- Баймолданы ұстап кетті.- Неге?- Сылтау табылады ғой. "Шпион ініңді жасырып жүріпсің" деп...- Мәссаған! Ағаны жатқызып қойғанша өзім-ақ барайын түрмесіне.- Жөн екен! - Самал күлкісі келмесе де, зорлана езу тартты. - Ағаң қабағымен белгі беріп кетті. "Қарасын көрсетпей кетсін шығыс жаққа" дегендей...- Олай болмайды. Ағамды қарадай күйдірмеймін! Жаназада әзірмін! Әйтпесе, әділетті ұлы коммунистік партия күнәсіз жазаға тартпас? Ақталармын. - Аптығыңды бас, қайным! Асыңды ішіп ақылыңа кел. Күнәсіз болсаң да, шетелден қашып келген босқын санап, кінә тағып отыр саған. Болсаң да, болмасаң да, "шпион" дейді. Бұл таңбаны батпитып баса салу әдетке айналды осы күнде. Ағаңның ақылына бұрын көнгенсің. Әлі көн. Менің де тілегім сол! -  деп Самал өлердегі сөзін айтып отырып алған. - Ағаңа не қылады дейсің, сен сияқты шетелден қашып келген жоқ. Басқа қылмысы болмаған соң, түрмеде ұзақ ұстап тұра алмайды. Оның үстіне Баймолданы алдыңғы жолы әскерден әрең қалдырған, балалы-шағалы деген сылтаумен. Енді оған да қарайтын емес. Өлмелі шалдар болмаса соғысқа әкетіп жатыр еркек кіндіктіні.Қайта жылытқан кеспе көжені қорп-қорп іше отырып: - Ендеше қайтуім керек?- деді Есенбол жеңгесіне.- Ағаңды сарыауыз Әбдірасыл бастап жүрген. Екі милитса сен келердің алдында ғана алып кеткен. Көзіңе түспеген екен ғой? - Е... бәсе солар болды. Мен Ертістің көпірінен өтіп, электрлі көшеге келгенімде үш-төрт адамның қарасын көргенмін. Боран бет қаратпай қарсы ұрып тұрғанда, қайдан ден қояйын оларға. - Ол сарыауыз танып қалса, қайта оралады. Аялдамай тез қайт! - Қайда барамын?- Ауылдағы нағашыңның үйіне.- Қашанғы пана болар маған ол жер?- Мына боран "сары атан зауза" дейтін қыс соңындағы бұрқасын. Көктемнің төбесі көрініп қалды. Аз күн аңысты байқап, жасырына тұр да, күн жылына бере атқа қонбаймысың?Самал өнегелі, үлгілі ауылдан шыққан текті тұқымның қызы еді. Қайнысының қоржынына нан, сүзбе құрт, ақ шүберекке түйілген бір уыс тұз салып беріп аттандырған. "Үйдің дәм-тұзы тартып, түбінде бір туған жеріне оралар ма екен", - деген ойда болған.Есенбол шананы қораға кіргізіп қойды да, үзеңгіге аяғын тіреп, ердің үстіне дік ете қалды. - Қош бол, аяулы жеңгем! Ағаға сәлем айт! - Аман бол, көріскенше! Алла нәсіп қылсын! - Самал жыламсырап көзінің жасын жеңімен сүртіп қалды. Сусыз кең алқаптың бойында шорласа біткен без сияқты жабысып, Ертіс өзені жағасындағы оңашалау жер үй, жалғыз атты қашқынның көз алдында қалды. Сонан қайтып Есенбол Баймолданың отбасына қайта орала алмады. Қыс аязымен, қарымен қымтаған қарлы дала етегін жинап, қар астында қалған сары жапырақтар дегдіп, судыраған кезде оның басына шынайы жалғыздық түсті. Нағашысының үйінде жасырынып, егіз баладай өтіп жатқан ұқсас күндер кілт өзгерген. Сарыауыз Әбдірасыл ауылдағы тіміскі тыңшыларды айтақтап жүріп, Есенболдың қайда бас сауғалап жүргенінен хабар тапқан көрінеді. Тағы да қудалаудың құрығы көтеріле бастаған сыбысын естіген күні елең-алаңнан қашқын жігіт қайта атқа мінген болатын.  Он алтыншы жылғы үркінде, Жарылқасын болыс бәйбішесін бала-шағасымен Қытайға алып кеткенде көшке үлгіре алмай, атажұртта қалған әйелдерінің бірі Торғын төркініне қара тартып Моңғоляға атбасын бұрған. Торғынның Айболат, Күнболат деген тете туған екі ұлы, Нұрсәуле дейтін жалғыз қызы бар еді. Торғын отызыншы жылдары Нұрсәулені құтты орнына қондырып ұзатқан соң ұлдарын алып қалмақ жеріне қашқан болатын. Шешелері басқа болғанмен, бір әкенің ұрпағы емес пе. Есенболдың есіне Моңғолиядағы сол туыстары түсіп әуелі атының басын солай бұрған. Шекарадан өте бергенде өткен жылғы қурайдың әбден қурап қара барқынданып кеткен жынысты нуы мен қу балдырғанды құрғақ алқапқа ауысты. Қары жаңадан кетіп, жер бетіне енді ғана қылтиып, жарыса көтеріліп келе жатқан жас көктің иісі білінді. Алдынан ақтангер, судай жорға атқа мінген бурыл сақалды кісіге кезікті.- Ассалаумағалайком!- Уағалайкім ассалам жол болсын, қарақ?- Жолаушы едім. Баянөлгейде туыстарым бар еді. - Қайдан келесің?Есенбол сәл бөгеліп:- Қазақстаннан, - деді нартәуекел. Бурыл сақал шаралы көздерімен шарлай қарап шықты. - Қай туған боласың?- Ұлы жүз. Албан. Өзіңізші?- Орта жүз, керей боламын. Елдеріңде соғысқа әскер алып жатыр ма?- Гитлер шабуылын тоқтатпаса, әскер алу тынатын емес.- Өзің соғысқа барудан бас сауғалап жүргеннен саумысың?- Ол да жоқ емес,- дей салды қашқын жігіт сасқанынан.- Соғысуға бізде арашашы жандармыз. Қантөгіс қай жақсы дейсің!?- деп қарт ызалы қабағын қарс жапты. - Басқаларда біздің не жұмысымыз бар? Қазақтың жер жүзіне шілдей тозып, шашылғаны аз болғандай, енді екі азулы Герман мен Орыстың ортасындағы отқа түстік! -  Бурыл сақал ірі қайыспас кесек ойының шетін опыра түскендей бейне байқатты да, мүйіз шақшасын ердің қасына тық-тық қағып, насыбай атты. - Қалайсың мынаған?- Онымен зауқым жоқ.- Құмар адамның мауқын басады бұл бәлекет.. . - Сіздер қалмақ жеріне қалай келіп қалғансыздар?- Шырағым-ау! Ол жайлы ала қаптың аузы ашылса аяқтамас ертек-жыр, Баянөлкеде аялдап тұруға уақтың болса, жата-жастана естірсің. Біз бір кезде Қытайдың Шинжаң өлкесі, Алтай аймағынан ауып көшкен қазақпыз.- Ой, тәубе! Біздің жердің қазақтары Қытайға сонау мың тоғыз жүз он алтыншы жылдан бері қарай арт-артынан неше жыл босқын болған. Ал сіздердің бастарыңызға не зобалаң туды деймін-ау, туған жерді тастап көшуге?- Айттым ғой? Ол ұзақ әңгіме... Бұл жердегі туыстарың кім еді? Есенбол жөнін айтты да:- Жиырма мың жылқы айдаған Сансызбай қажының тұқымы жер жүзіне шашылып, торғайдай тозып жүрміз, ақсақал, - деді күрсініп.- Е... Қайсыбірін айтамыз, қарақ? Мұңымыз ортақ екен. Қалың қалмақтың арасындағы алақандай Баянөлгейдің қазақтары бірін-бірі білмей ме? Жүр, маған ерсең бәрін тауып беремін,- деп бурыл сақал, жалпақ, күрең жүзді қарт шаралы, отты көздерін алысқа қадап, атының басын бұрды. Ауылға жеткенше әңгіме тиегі ағытыла берген. Қашқын жігіт пен керей шалдың кейінгі сырластығы бүкпесіз шындыққа көшті.- Сізге кездестірген Құдайға мың да бір тәубе! - дейді Есенбол. - "Мыңның түсін танығанша, бірдің атын біл" деуші еді, ақсақал. Аты-жөніңізді сұрамаппын ғой?- Атым - Аманжол. Керей ішінде молқы, Байназардың баласы боламын. Қазақтар заман тыныш кезінде, қоныс іздеп сәнге көшетін, шырағым. Басыңа күн туғанда қашады ғой...- деп қарт, басын байсалды изеп қойып, тамсанып, сөзін қайта жалғады.- Қытайдағы қазақтардан шыққан Бөке батырды естуің бар ма еді?- Я, әкемдер айтып отыратын.- Сол Бөке батыр тұсында, Қалмақтың сары уаңы Шіңгілдегі Молқы руының отыз түйесін, әкесіне көшпен тартып алып береді екен. Мұны естіген ру басы Бөке, батырларын бастап барып, қалмақтың жүз жылқысын айдап келеді. Сары уаң әскер шығарып, Бөкені тірі ұстауға ниеттеніпті. 1882 жалы батыр елін бастап, Үрімжінің шығысындағы Боғда тауына көшіреді. Сонда да қалмақтардың шапқыншылығынан, Қытайдың қысымынан құтыла алмаған батыр, қарамағындағы қазақтарды Гансу, Шиңхай, Тибетке қоныс аударып, жиырма жылдай елі әбден азып-тозыпты. Сол заманда сансыраған қазақтардың бір бөлімі қайта көшіп, Шіңгіл, Баркөл мен қалмақ жеріне мекендеп қалыпты.- Сондағы қазақтардың тұқымы болдыңыздар ғой?- Жоқ. Онан кейінгі. 1911 жылы Руссия Моңғолияға шапқыншылық жасады. Бірақ соның пайдасы тиді ме? Сол жылы желтоқсанда, Моңғолия тәуелсіздік жарялап, Қытайдан іргесін бөлді.1933 жылдар Алтайдың Шіңгіл ауданынан алты жүздей отбасы Моңғолияға көшіп келгенбіз.- Ол кездері нендей зорлық-зомбылық көрдіңіздер?- Құдай-ау! Қайсыбірін айтасың? Қытайдың алман-салығына, озбырлығына қарсы Шинжаңдағы аз ұлттардың көтерілісі толастамай тұрған мезгіл. Қантөгіс, жұт, қуаңшылық қоса қабаттап, ел, аштыққа, жоқшылыққа төзе алмай, басы ауған жаққа көшетін.- Ол кезде Моңғолия үкіметі босқын қазақтарға қырын қарамаған болды да?- Келімсекті кім төріне шығара қояды дейсің? "Үйреніскен жау атысқанға жақсы" дедік қой. Әйтпесе, алғашында қалмақтар ала көзімен қараған. Көшіп келген қазақтарды бес ауылға бөліп, оларға қалмақтан дарғы қойды. Әскер шығарып, Моңғоляның ішкі өңірлеріне зорлап көшірді. Қазақтардың малдарын айдап, Алтайға қайта бет бұрғандарын артынан әскер салып, Ұланбай асуында қанға бояған болатын.- Е...солай деңіз. "Қайда барса Қорқыттың көрі" дегендей, соры арылмаған қазағым-ай!- Есенбол, әңгіме айтып келе жатқан қарттың бұйралау бітік шыққан бурыл сақалына, қасы тікірейген, қатпарлы, күнге тотығып қарауытқан маңдайына, көз тоқтата қарады. Аманжол астындағы ақтанкерді әлденеге тұяғын қағып алып, сүрініп кетіп еді. Қымтып ұстаған тізгінін сілки тартып, атының басын ауыздығымен демеп көтеріп қалды.- Алда, жазған-ай! Шешең бір жасап қалады-ау, е! Елдің шетінде, желдің өтінде жүргенде, аңсайды ғой туыс-туғанды. Мен жылқы көздеп жүр едім, шырағым. Анау көрінген тас үйге барсаң, шешеңді табасың, - деген Аманжол. Айтса айтқандай, Торғын, Есенболмен жылап көрісті. "Күндесімнен туған" деп, өгейлік пиғыл байқатқан жоқ. Жас күнінде де күйреуік, көңілі бос, сезімтал әйел болатын. Уайымнан аласа бойы, алпысты аралаған шағында онан арман шөгіп кетіпті. Әдемі аққұбаша ажарын әжім торлаған екен. Ойлы құралай көздері оқтын-оқтын боталап, ұзаққа дейін моншақтаған жасын тоқтата алмады.- Жарығым-ау! Қайдан жүрсің? Сен Иранда екен деп естіп едім, - деді өксігі сәл басыла бере.- Елге қайтып келгенмін. Сіздерді іздеп...- Есенбол бірден шынын айтуға ыңғайсызданып, тартынды. - Жолаушылап жүрмін,- дей салған.- Айналайын, жарығым! Дені-қарның сау ма? Елде қалған қажы атаңның үрім-бұтағы есен-аман ба?Батар Күн алауының тасқыны іркіліссіз, тас үйдің кішкене терезесінен төгіледі. Сәулелер жайып жіберген желпуішше шашырап, шағылыса тозаңданып тұр. Есенбол соған қарап отырып, қазіргі өмірді бейне жанталаса сапырылысқан тозаңға ұқсатты.Үйелмелі-сүйелмелі екі кішкене қара домалақ, қарала текеметтің үстінде асық ойнап отыр. Бірінен-бірі аумайды. Бойлары да бірдей. Жастары шамалас сияқты. Асыққа таласып, қыжалдаспайды. Қойлыбай, Тойлыбай деп, аттарын да ұйқастыра қоя салыпты. Екі көзі ботаның көзіндей, әдемі қара торы келіншек, бейтаныс жолаушының кім екенін, бастабында білмегеніне кінәлі болғандай ыңғайсызданған болатын.- Қазақ қайда шашылмаған? Иранда бір ұлымыз, бір қызымыз бар екенін әрдайым айтып отырушы едім ғой. Сол бала осы. Қайның болады, шырағым. Күнболаттың жылы ит. Есенболдың жылы тышқан. Екі жас кіші, - деп Торғын келініне қарап күліп қойды.- Мен, әуелі, қой қорада қи ойып жүріп, көрмеген қайнымның алдынан шығып, атын да ұстай алмадым. "Танымасын сыйламас" деп...- деді бота көзді келіншек тамсанып.- Оқасы жоқ. Сын қойып, мін тағатын бөтен біреу емеспін. - Есенбол, жат елдегі жаңа көрген жеңгесінің жайдары, ұшқыр мінезін іштей танып отыр. - "Жақсыда жаттық жоқ" деген. "Қаңғырып қайдан жүрген сілімтік?!" демесең болды...Әзілдері жараса қалған қайын-жеңге қалжыңдаса отырып, танысқан соң, Есенбол шынын айтқан. Соның арасынша кешкі апақ-сапақта, өрістегі қойын қораға айдап Күнболат келген. Он шақты жылдан бері бірін-бірі көрмеген ағалы-інілі екеуі ыстық, тәтті қауышты. Екі иығына екі кісі мінгендей, қапсағай денелі Есенболдың кесер басы, аласалау ағасының бойынан асып тұр. Көздерінен ыстық жасы ыршып кетті. Бір қауымға дейін жауап қатысқан жоқ. Аға жүрегін жұрттың бәрінен артық сезініп, қалтасынан орамалын алып, көзінің жасын сүртті. Үй ішіне орнаған тыныштық, үнсіздік әрең бұзылды. Он алтыншы жылдан бері қарай Қытайға, Германия, Түркия, Иран, сияқты елдерге қоныс аударған Сансызбай қажының ұрпақтарының тіршілігі жайлы әңгіме желісі ұзаққа тартылған. Алаш арыстарының қатарында атылған, Сиберяға сүргін болған, әкелері Оңғарсын, Оңдасындардың аруағын бір аунатып тастады. Есенбол дін жағынан әжептәуір сауат алған көрінеді. Құран сүрелерін хирағатына келтіріп, тынысты қоңыр дауыспен оқиды екен. Дұғадан соң:- Қайныма не деп ат қоярымды білмей, қатты қиналып отыр едім. Молдатөре десем болғандай, - деп Күнболаттың келіншегі қайнысымен қалжыңдасып, ашық-жарқын мінез көрсетті.Жас кезінен күйреуік Торғын, ел-жұрттан ажырап қалғанда­рын жасы ұлғайған сайын қатты уайымдайды екен.- Алла тағала маңдайымызға жазғанды көрерміз. Алдағы күніміз - бұлдыр. Тағы қандай зобалаң бар? Қайдан білейік. Өлсек бір шұңқырда, тірі жүрсек бір төбеде болғанымыз жөн еді... Сайда санымыз, құмда ізіміз қалып, телім-телім болып, тентіреп кеттік жер бетіне. Әйтеу, неғып жүрміз ғой. "Басқа түссе баспақшыл", "Түстік өмірің болса кештік мал жи" дегендей, сапхоздың қойын бағып, нетіп жатырмыз. Герман дей ме? Тағы бір соғысқұмар шығыпты. Біресе ақтың, біресе қызылдың қырғыны аз болғандай, - деп, сөз арасында күмілжи күрсініп қойып, бірді айтып бірге кетеді кемпір.Есенбол келген соң, Күнболатттың отбасы қыстаудан көктеулікке тасынып қонды. Тұрмыс күйлері басқа жағынан жұпынылау болғанымен, қорасында қой жатқандықтан шығар, абажадай алты қанат, ақ боз киіз үйлері бар екен. Жаз бойы малы аралас, қойы қоралас болып, көрші отырып, бірге көшіп-қонатын Аманжол қартпен тағы да ауылдас болған. Ираннан діни мектеп оқып келген Есенбол, молда бала атанып, Баянөлгейдің мұндағы қазақтары оны төбелеріне көтере қалған-ды. Екі үйдің ортасына бір желі бие байланды. Қымыз қыдырып келушілер де көбейді. Қара тартып келген жалғыз бас жігітті бауырларына тартып, бәрін бергісі келіп, исініп тұрғандай болған олар.Ұзаққа бармай, қашқын жігіттің басына тағы да қатерлі қара бұлт үйірілді. Жылқы көздеп жүрген Аманжол қарттың алдынан зәрлі жасауылдармен лыпыл қаққан жылпос атшабарларға ұқсайтын бейтаныс біреулер кезіге кетті. Екі орыс, бір қазақ, біреуі қалмақ. Жөн сұраса қалып еді, шетел шпиондары мен түрмеден қақшан қылмыстылардың соңынан түскендер екен. Кеңес Одағының Моңғолямен бірлесіп, астасқан саяси науқаны іспетті. Олардың бұл жүрісінің беталысы Есенболды қолға түсіру болатын. Әлде неден күрмеліп, бөгеле беріп, тұспалдай сөйлейді. Алда-жалда қарасын көрсе, мойнын бұрғызбай бұрап соғарлардың өзі. Танауларымен дем алып, ежірейе қарап, ентіге тіл қатысады. Қатты бекініспен жұдырықтарын түйе кіжініп тұр.- Шетел тыңшыларының қарасы көбейіп кетті. Ел ішінен ін қазып алды сұржыландар. Құйрығынан тартып суырып алу керек оларды.- Жауды жасырғандар шпион қатарында жазаға тартылады.- Ине жұтқан ит қыңыр жүгіреді. Ондайлардың өз обалы өзіне...- Халық жауларын қанатының астына алғандар қашанда оңбаған ғой?Аманжол қарт жанып тұрған отқа түскендей қиналып барып, өжет ерлікке басты. Іштей тартыс қаны қайнады. "Домбыта сеспен сескендірмек-ау, е мыналар?! Қорылы күшті бықсық ұйқыда жатыр дейтін шығар бізді осылар?.." Талай ұлықты көрген, сахараның өзінше тәжірибелі сыпайлығымен үн қатты:- Жауына жанбасқан халық жоқ шығар дүниеде. Шпион көрсек, өзіміз де ұстап беруге бармыз. Сөлекет жүрісті ешкім көзімізге түспеді, - деп, қабақ түйген бекініспен, нығыздана жауап берген. Ширақы, сергек ойлап, қуғыншылардан құтылуға сәт күткен еді ол. Әлгілер алыстан барлап, көз ұшында бұлдырап, үрпие қонған үш-төрт қараша үйлерге қарай аттарының басын бұрған болатын.Осы суық хабарды Күнболаттың үйінде жатқан Есенболға Аманжол тізгін ұшымен келіп жеткізді.- Аңдыған жау алмай қоймайды, шырағым. Сенің із өкшеңе түскендерді кездестіріп келдім. Қазақ пен қалмақ та жүр орысқа жандай шауып. Оларға қараңды көрсетіп алма, қарағым. Баянөлгей саған пана болатын емес. Қара дүрсін намысқой ерлік, томырық мінезге басатын қазағыңда хал қалған жоқ қазір. Жаманшылық ел ішін кеулеп кетті. Аялдасаң аңғырттыққа жолығасың. Тез қамда­нып, екі үйдегі таңдаған атыңа мін де, аттанып кет! - деп ақыл айтты.Есенбол да, ағасы Күнболат та ойланып-толғанып осы кісінің жөн сілтеуін мақұл көрген.- Қарғам-ай! Қайда жүрсең де аман бол! Басқа не айтам? Өз балаңды да бауырыңа сыйғызбаған заман болды-ау!- деп Торғын байғұс көз жасын төгіп, сықсыңдап қала берді.- Молда жігіт келгелі кәдімгі бір рулы ел болғандай боп, бауыр-туысы бар адамдар сияқтанып қалып едік. Сені де көп көрді ғой жасаған ием! Алдың жарық болсын! - деді жеңгесі көзіне жас алып.Есенбол Баянөлгейден сол кеткеннен мол кеткен. Соның келесі жылы, қыркүйектің соңында Қытайдың Шинжаң өлкесінің Үрімжі қаласында тұтқын болған. Бұлар да оны "шетел шпионы" деді ме? Әлде Іледегі төңкеріс отына шөмшек салуға келген "Алашшыл" қазақтың бірі деп ойлады ма? Қытай ішкі істерінің құйын ол өзі де әлі түсінген жоқ-ты. Әйтеуір Таңжарық жатқан Үрімжі түрмесіне қалай түскенін аңғармай қалған.- Әкелеріміз бізді түрмеде оқысын деп жіберген жоқ, - деді ақын, Есенболға. - Өзіңе-өзің сен. Жаныңнан, қинаудан қорқып, өтірікті-шынды шатпақтай бермеу керек, бауырым. Құр дәрілеп атқан мылтықтың сесі сияқты сұраққа тарту деген. Сөз көбейсе пәле-жала көбейеді қабаттасып. Тергеу-тексеру созылады. Азаматқа сын, елге салмақ болып кеткен сергелдең, қым-қуыт өмір қандауыры қатты батып тұрмай ма осы күнде.- Айналайын арысым, Таке! Дос пейілін шын бергеніңе рақмет! Қашып-пысып жүрсем де, "ел іші - алтын бесік" деген рас екен. Өмірімде түрмені көріп отырғаным осы. Есеңгірегенде, ес болдың, аға. Жақсы сөз жарым ырыс қой, - деп жуан сары жаралы бетін ауырсынып, тыржыңдатты да, күрсініп қойды.- "Жігіт жақсысы түрмеде отырады" деген сөз бар. Бұрын көрмесең көресің енді тұтқындар өмірін. Ауырлықты елемейтіндей, ер мінезді, жардай жігіт екенсің. Бірақ жалған намыс-қасиет емес, арды сақтаған қасиет. - Ақынның үлкен қой көздерінде отты да, нәзік сүйкімділік бар. Жүдеген, жұқалаң қызыл шырайлы, нұрлы ақша маңдайы мен екі ұртында тереңдеп қалған әжім сызықтары айғыздай бастапты. Уыз жастық ажар қайтқан. Есенболға сәп салып, ұзақ қарады да, - қарындасыңа ғажап ұқсайды екенсің, - деді. Сөйтті де, Ақтотыны көз алдына келтірді...