ВЕРНУТЬСЯ

          Үш аққу қыстап қалды Бағырлайға,

Қыс келіп айдын мұзды жамылмай ма,

Осы бір табиғаттың нәзіктері

Күні ертең жылы жақты сағынбай ма?

Үш аққу қыстап қалды Бағырлайға.

Жұп еді. Төртеу еді. Көктем еді.

Жағаның жас бүр ашқан көк терегі.

Жаз өтті біреуіне қайғы сыйлап,

Бір қосақ арманына жетпеді енді,

Жұп еді. Төртеу еді. Көктем еді.

Бір аққу осы жазда сыңарланды.

Арудай қосағына ол жылар мәңгі.

Қос аққу қимастықпен қатар жүзіп;

Кетуге ұшып сыңарды қия алмады,

Бір аққу осы жазда сыңар қалды.

Айдын мұзды қыс келді, дала қарлы,

Құс көңілге ақ боран қарамады.

Адамдардан үмітін үзбеген-ау -

Үшеуі қой қораны паналады.

Айдын мұзды қыс келді дала қарлы.

Қайтпады олар құс кеткен жақтарға ана.

Асықпады саялы бақтарға да.

Кей пендеде жоғалған аяушылық

Жүрегінде аққудың сақталған ба?!

Қайтпады олар құс кеткен жақтарға ана.

Үш аққу қыстап шықты Бағырлайға,

Қыс келіп айдын мұзды жамылмай ма?

Сырттай нәзік көрінген өжет жандар,

Кейде тағдыр заңына бағынбайды, ә!

Үш аққу қыстап шықты Бағырлайға.