ВЕРНУТЬСЯ

            Сырласымдай сонау бала күнімнен,

Шықпаушы едім жеңешемнің үйінен.

Әлі есімде, жиі көрем қолынан

Бір нәрсені орамалға түйілген.

Ашып қарап, ұзақ кірпік қақпайтын,

Қиналатын, ешкімге тіл қатпайтын.

Маған жұмбақ түйіншекті жеңешем

Сандығының ең түбіне сақтайтын.

Айлар өтті сан өмірді жаңғыртқан,

Жылдар өтті, кетті өзгеріп барлық маң.

Жеңгем бір күн бара қалсам баяғы

Орамалды алып жатыр сандықтан.

Көптен таныс қоңыр үнмен салмақты

Деді - «осыны оқып берші, ардақтым»,

Қолыма алып ашып қалсам, көнерген

Үшбұрышты хаты шықты солдаттың.

Мейлі осы хат көңілімді қозғасын,

Білем оның көнерсе де, тозбасын.

Көрдім хаттан жылдар бойы аяулы

Жеңешемнің тамып келген көз жасын.

Осы хатта сүйгенінің көңілі,

Осы хатта батырлықтың өр үні.

Осы хатты жылдар бойы аяулы

Жеңешемнің аймалады-ау еріні.

Айыға алмай тұрмын ауыр ойлардан

Бұл ұзақ жыр орамалға байланған.

Мұнда зары қыршын кеткен жігітгің

Туған елге оралмаған майданнан.

Мұнда соғыс күңіреткен жер үстін,

Мұнда бітпес гимні бар жеңістің.

Ерлігі бар оққа үмтылған жігіттің

Отан-ана, туып-өскен жері үшін.

Деді жеңгем: «тез оқышы, жарығым»,

(Ет жүрегін торламас па тағы мұң,

Қинамас па соңғы келген сәлем хат,

Соңғы жазған сағынышы жарының.)

Мең бұзғандай тыныштығын бүгін кеп,

Оқып шықтым өне бойым дірілдеп.

Тұра бердім қарай алмай жүзіне

Жеңгем хатты алды қайта күлімдеп.

Қақты арқамнан (неткен адам жаны ізгі!)

Осы еді оның мұра-мүлкі маңызды.

Үшбұрыш хат бар тынысы жеңгемнің,

Тірлігінің тіреуші тәрізді.

Көнімді еткен қайсар тағдыр ісіне,

Ергізбеген созге, өзге кісіге,

Төзім берген тал бойына таусылмас

Қуат берген осы хаттың күші ме?!

Сәл күрсініп сөйлеп кетті жеңешім:

«Білем ағаң қайта айналып келмесін.

Тілейтінім біздер көрген азапты

Тек сендерге, ұрпақтарға бермесін».

Сырласымдай сонау бала күнімнен,

Шықпаймын мен жеңешемнің үйінен.

Әлі күнге сақтаулы жүр кіршіксіз

Солдат хаты орамалға түйілген.