ВЕРНУТЬСЯ

    (1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің 23 жылдығына орай «Жұлдыздар отбасы»
журналының бас редакторыЖарылқап Қалыбайдың сұрақтарына жауап)
Ж.ҚАЛЫБАЙ: Мұхтар аға, қазақ халқының тағдырында 1986 жылғы Алматыдағы
Желтоқсан көтерілісі мүлде өзгеше сипат алғаны белгілі. Кезінде бұл жөнінде
айтуға, жазуға тыйым салынды. Тіпті күні бүгінге дейін біздің билік Желтоқсан
шындығын көтеруді «Ресейдің, яғни орыс ағайындардың көңіліне тию» деп ұғынатын
сияқты. Бұл ащы қасіретті алғаш рет 1988 жылы 2-қыркүйекте, Қазақстан Жазушылар
Одағының Пленумында, сосын 1989 жылы 6-маусымда, Кремльдің Съездер Сарайында
бүкіл әлемнің назарын аудартып, басыңызға төнген қауіпке қарамай, Сіз
көтермегеніңізде, Желтоқсан шындығы «жабулы қазан жабулы күйінде» қалуы әбден
мүмкін еді. Еліміздің өнегелі қариясы, Халық қаһарманы, марқұм Қасым Қайсенов
Сіз туралы бір пікірінде: «Елдік мазмұндағы ерен істері үшін бұл дара азаматқа
дұрыстап алғыс та айтпаппыз-ау», - деп налып еді. Бірақ Сіз: «Мұның бәрі
күнделікті азаматтық борышым», - деп өз еңбегіңіздің бағалануына өзіңіз қарсы
тұрдыңыз. Билік тарапынан берілмекші болған марапаттардан бас тарттыңыз.
Жарайды, мұны да жылы жауып қоялық. Сізге қойылар мынадай күрделі сұрақ бар:
1986 жылы 16-17-желтоқсанда алаңға қарусыз жас жігіттер мен қыздар шыққаны
белгілі. Егер Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы
Г.Колбин басқарған билік демократиялық, гуманистік бағыт ұстағанда жастар бір
күн, екі күн, парлап барғанда, үш күн тұрып, өз талап-тілектерін басшыларға
жеткізген соң тарап кетуі мүмкін бе еді?
М.ШАХАНОВ: Дұрыс айтасың. Бұл арада КОКП Орталық комитеті жасаған, күні
бүгінге дейін жұрттың көбі білмейтін мынадай қылмыс жасырынып жатыр.
Горбачев ә дегеннен «демократия», «жариялылық» ұғымдарын алға тартпады ма?
Осы кезеңде КСРО қауіпсіздік комитеті, КСРО ішкі істер министрлігі «егер
одақтас республикалардың бірінде билікке қарсы көтеріліс бой көтере қалған
жағдайда «оны қалай оңай матап, шырмап тастай аламыз» деген мақсаттың
төңірегінде үлкен жұмыс жүргізген. Аты шулы «Метель» операциясы өмірге осылай
келген. Бірақ сол кезеңде бүкіл Кеңестер Одағында ырду-дырдусыз, момын, бейкүнә
бейбітшілік салтанат құрып тұрды. Сондықтан «Метель» операциясын сынақтан
өткізу мүмкін болмады. Кез келген бас көтеруді әп-сәтте тас-талқан ететін осы
әскери-ұжымдық қуатты қару өзінің сыналар шағын күтіп бір жыл екі ай
қозғалыссыз жатып қалды. Ал, Алматыда, жоғарғы билікке өкпе айтып, алаңға
қарусыз, кілең жас жігіттер мен қыздар шыққанда «Метель» авторлары өздері
өмірге әкелген «жойқын әскери қимыл бірлігін сынап алар мүмкіндік туды» деп
жүрегі жарыла қуанған. Жалма-жан КСРО қауіпсіздік комитетінің төрағасы Чебриков
КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Горбачевке кіріп, «Метель» операциясын
сынап көруге оның ауызша ғана рұқсатын алады. КСРО қауіпсіздік комитеті
төрағасының бірінші орынбасары Бобков, КСРО ішкі істер министрінің бірінші
орынбасары Елисев Алматыға шұғыл ұшып жетеді де, «Метель» операциясын бастап
жібереді. Новосибирск, Челябинск, Свердловск, Фрунзе, Тбилиси, Ташкент, Уфа
қалаларынан және Алматы облысындағы қаратемірден әскер күштері тартылады.
Нәтижеде 2 мыңнан астам адам жараланды. Егер ауруханада емделуден сескеніп,
үйінде жатып, жасырын ем-дом алғандарды ескерсек, бұл санды тағы осынша адамға
өсіруге болар. Ал мәңгілікке көз жұмғандар туралы комиссияға бір орыс офицері
берген, толық тексерілмеген мәліметті мен кезінде «Тасжарған» газетіне жариялағанмын.
Қысқасы, қарапайым қарусыз жұртқа әскер күштерін қарсы қою теңдесі жоқ қылмысты
іс болатын. Мен Қырғызстанда Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі
қызметінде жүргенімде Горбачев Бішкекке келген. Бір кездесуде мен оған:
«Метель» операциясын Алматыда сынауға ауызша рұқсат бергеніңіз рас па?»
дегенімде ол: «Жоқ, ондай рұқсат берген емеспін», - деп ат-тонын ала қашты.
Ж.ҚАЛЫБАЙ: 1993 жылы тәп-тәуір жұмыс жүргізе бастаған конституциялық сотта
Сіз осы мәселе төңірегінде Горбачевтен және Соломенцевтен жауап алу мәселесін
көтермедіңіз бе?
М.ШАХАНОВ: Иә. Менде сол конституциялық соттың қаулысы сақтаулы. Жұрттың
көзін бұл тосқауылы көп шындыққа айқын жеткізу үшін сол орыс тіліндегі құжаттан
үзінді жариялауға болады. Әрине, осындай шешім қабылдауға билік конституциялық
сотты мәжбүрледі:
 
О П Р Е Д Е Л Е Н И Е
КОНСТИТУЦИОННОГО СУДА РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН
«8» января 1993 г.
г.Алма-АтаКонституционный Суд Республики Казахстан в составе Председателя
М.Т.Баймаханова, заместителя Председателя И.И.Рогова, секретаря
А.М.Нурмагамбетова, судей Ж.Н.Баишева, К.Д.Джалмуханбетова, У.К.Ихсанова,
Г.В.Кима, В.А.Малиновского, С.Ф.Ударцева, рассмотрев в соответствии со ст.24
Закона «О Конституционном судопроизводстве в Республике Казахстан» ходатайства
гражданина М.Ш.Шаханова, заявленные на основании ст.20 Закона «О
Конституционном судопроизводстве в Республике Казахстан» в ходе судебного
рассмотрения дела «О конституционности решений, принятых органами
государственной власти и управления Казахской ССР, а также правоприменительной
практики административных, судебных и правоохранительных органов, их высших
должностных лиц в период декабрьских (1986 г.) событий в г.Алма-Ате и некоторых
областях Казахстана»,
У с т а н о в и л:В своем ходатайстве М.Шаханов просит привлечь по делу в качестве
сторон, конституционность актов и действий которых оспаривается, бывших
Генерального секретаря ЦК КПСС М.Горбачева, члена Политбюро ЦК КПСС,
Председателя Комитета Партийного контроля М.Соломенцева, мотивируя тем, что ими
определялась карательная политика в ходе декабрьских событий.
М.Шаханов перечислил ряд документов, имеющих, по его мнению, прямое
отношение к рассматриваемым событиям, которые просил затребовать и приобщить к
делу...
Конституционный Суд, руководствуясь статьей 25 Закона «О Конституционном
судопроизводстве в Республике Казахстан»,О п р е д е л и л:1. Ходатайство о
затребовании перечисленных заявителем документов и их приобщении к делу
удовлетворить.
2. Ходатайство о признании М.Горбачева и М.Соломенцева сторонами,
конституционность актов и действий которых оспаривается, оставить без
удовлетворения, поскольку акты и действия должностных лиц бывшего СССР
Конституционному Суду Республики Казахстан не подведомственны...
Определение окончательное и обжалованию не подлежит.Председатель
Конституционного Суда
Республики Казахстан М.БАЙМАХАНОВСекретарь
Конституционного Суда
Республики Казахстан А.НУРМАГАМБЕТОВ
Ал, кезінде мен Мәскеуде, 1990 жылдың күзінде, яғни Кеңестер Одағының
дәуірлеп тұрған шағында, Мәскеудегі жақтастарымның қолдауымен 1986 жылғы
Желтоқсан оқиғасын тексеру комиссиясы мүшелерінің және Отандық, шетелдік
журналистердің қатысуымен үлкен жиын ұйымдастырғанмын. Сол жиынға Соломенцевті,
Чебриковты, Колбинді, Бобков, Елисевті, т.б. Желтоқсан көтерілісінің трагедиялы
сипат иеленуіне тікелей кінәлі бірнеше адамды шақыртқанмын. Олар, әрине, келмей
қалды. Кездесуге көп адам жиналды. Ашық әңгіме болды. Қазақстаннан комиссияның
және оның жұмысшы тобының мүшелері М.Сәрсенбаев, Н.Фокина, М.Сәлкеев,
Ж.Тұрмағамбетова, журналистерден Г.Ерғалиева, М.Құлкенов, Ә.Байғожина, т.б.
қатысты. Келесі күні Швецияға ұшып кеттім. Стокгольм, Упсала қалаларында арнайы
ұйымдастырылған «Алматы. 1986 жылғы Желтоқсан. Аңыз бен шындық» деген тақырыпта
баяндама жасадым. Сәл кейінірек Англияның Глазго, Данди университеттерінде тағы
да Желтоқсан көтерілісі туралы арнайы лекция оқыдым. Шетелдің ақпарат құралдары
Кеңестер Одағы басшыларының қолымен жасалған бұл әділетсіздікті шуласа,
дабырласа іліп әкетті. Бірақ «Метель» операциясын қарусыз жас өскіндер
тағдырына сынап көрген қаныпезерлерді жауапқа тарту мүмкін болмады.
Ж.ҚАЛЫБАЙ: Колбин басшылығы кезінде Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық
комитетінің сектор меңгерушісі, жазушы Софы Сматаев Сізді «барып тұрған ұлтшыл»
деп сипаттаған, тіпті Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырып, сол қылмысының ізін
жасыру үшін Мәскеуге шығармашылық кешін өткізу үшін әдейі кетіп қалған адам
қатары айыптаған домалақ арыздардың түскенін айтады. Кейіннен ол арыздардың
иесі кім екенін анықтауға мүмкіндік болды ма?
М.ШАХАНОВ: Бір ғажабы, Колбиннің тікелей тапсырмасымен, сол домалақ
арыздарды алға тұтып үш жазушыдан және төрт саясаткерден мен туралы пікір
жаздырып алыпты. Софы мені тасқа басылған, бірақ қағаз соңында аты-жөні мүлде
көрсетілмеген үш жазушының пікірімен таныстырды. Бұлай таныстыру сол тұста
Орталық Комитетте үрдіске айналса керек. Бір жазушы мені жамандыққа қимай,
мүмкіндігінше қолдауға тырысыпты. Ал екі қаламгер мен сорлыны тілі жеткенше
жамандап, қоғамдағы аса қауіпті «хж-ның», яғни «халық жауының» қатарына
қосыпты. Соңғы екеуінің пікірлерін оқып отырып, қатты толқығандықтан ба, қан
қысымым көтеріліп кетті. Біраз уақыт маңдайымды сипап үнсіз қалдым. Сосын: «Ей,
Софы, құрдас әрі рухтас едік қой. Мені қазір апарып қамаса да, мыналардың кім
екенін біліп өлейін. Ешкімге тісімнен шығармауға уәде етейін, көрсетесің бе?»
дегенімде, Софы азаматтық жасап, алдыма аты-жөні жазылып, қолы қойылған үш
адамның пікірін тастай салды. Біріншісін, яғни мені қолдап жазған адамның кім
екенін айтуға болар. Топырағы торқа болғыр, кейіннен марқұм боп кеткен, белгілі
жазушы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Бекежан Тілегенов екен. Бүкіл
ғұмырымда өзімен жарты кесе шайды бірге ішіп көрмесем де, мені шамасы жеткенше
қорғапты. Ана екеуінің түрін түстеп, атын атауға Софыға берген уәдем бойынша,
хақым жоқ. Бірақ екеуі де бүкіл халық сыйлайтын «тұлғалар». Бірі бес-алты жыл
өткен соң: «Мұхтар, кейінгі жылдары сенің маған деген көзқарасың күрт өзгеріп
кетті. Баяғы Колбин кезінде Орталық Комитеттегі біреулер маған доқ көрсетіп,
әрі «ешкімге айтпаймыз» деп сен туралы бір қағаз жаздырып алып еді. Байқауымша,
сол қағазды сен оқып қойған сияқтысың. Кешіруге күш тапсаң кешір, пенделік
қой...», - деді. Онысына да рахмет. Екінші ағам күні бүгінге дейін «құпия қағаз»
туралы мені ештеңе білмейді деп ойлайды».
Ж.ҚАЛЫБАЙ: Елімізде екінші «37-жыл» оқиғасының үлкен деңгейде қайта
салтанат құрмағанына шүкіршілік етелік. Әйтпесе, алғашқылардың бірі боп Сіз
кетер едіңіз. Өйткені ұлттық мүдделердің көбінің басында Сіз жүрсіз ғой. Енді
әңгіме тізгінін өзіңізге пәле боп жабысқан 1986 жылғы 19 желтоқсанда, Мәскеуде
өткен поэзия кешіңізге қарай бұралық. Бұл жиынның айналасында бар қазақ назар
аударуға тиісті мәселелер бар. Себебі, ол кеш Мәскеудегі қазақ жастарының
екінші Желтоқсаны болуға жақын қалмады ма?
М.ШАХАНОВ: Неге екенін қайдам, кейде мен араласқан кішкене ғана шаруа,
ойламаған жерден үлкен мүдделі проблемаларға айналып кетеді. Егер КСРО
Қауіпсіздік комитеті өзгеше сақтық көрсетіп, жас қауымның жолын кеспегенде
менің поэзия кешім Мәскеудегі қазақ жастарының екінші Желтоқсан көтерілісіне ұласуы
әбден мүмкін еді. Сол тұста Мәскеуде 4 мыңнан астам қазақ жастары оқып, білім
алатын. Оның үстіне Кеңес Одағының сол кезгі ұстанған ұлттық саясатына риза
емес, Мәскеуде оқитын немесе жұмыс істейтін өзге ұлт өкілдері қаншама... Бұлай
деуіме себеп, менің поэзия кешіме қатысқан, мұрны қолағаштай бір грузин
жігітінің кеш соңында мені шетке шығарып: «Біз қазақ жастарын қолдаймыз, шындап
кіріссек, үлкен күшке айнала аламыз», - дегені есімде.
Түсінікті болу үшін әңгімені басынан төмен қарай өрбітейін.
1982 жылы маған Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығы берілді.
Республикамызда менен бұрын әдебиет саласында бұл сыйлықты ардақты ағамыз,
қазақстандық орыс ақыны Олжас Сүлейменов қана иеленген еді. Ал Өзбекстан сияқты
үлкен елдің бірде-бір қаламгеріне аталмыш сыйлықтың бұйырмаған кезі. Ол тұста
Одақтас республикалардағы жас толқын ұлт ақындары ішінен менің есімім жиі
аталып жүрді. Орыс және Одақ әдебиетінің кейбір белгілі тұлғалары баспасөзде
де, теледидар арқылы да менің поэзиямның философиялық өрелілігі, жаңашылдығы
туралы айшықты пікір білдіре бастады. Сондықтан да 1986 жылы КСРО Жазушылар
Одағы Мәскеудегі Әдебиетшілер үйіне менің шығармашылық кешімді өткізуді
жоспарлапты. Кешті жүргізуге орыстың классик ақыны, есімі күллі әлемге мәшһүр
Евгений Евтушенко келісім беріпті. Мұны маған Қазақстанның КСРО Жазушылар
Одағындағы өкілі Роллан Сейсенбаев хабарлады. Кейіннен Евтушенконың өзі де үйге
арнайы телефон соқты. Кешті өткізу алғашында 1986 жылдың наурызына, одан
мамырына, одан кейін қыркүйекке ауысып, ақыры желтоқсан айының 19-на барып
табан тіреді. Наурызда дайындығым шамалы болған соң өзімнің зауқым соқпады,
мамыр айында науқастанып ауруханада жаттым, қыркүйекте Евтушенко Америкада
жүрді... КСРО Жазушылар Одағы басшыларының бірі: «Менмін дейтін классик
ақындардың өзі еліміздің астанасы Мәскеуде поэзия кешін өткізуді арман көреді.
Шаханов неге сонша бәлсініп, тұмсығын көтереді?» - депті. Шынында да, мұндай
құрмет Одақтағы ұлт ақындары ішінен бұрын Расул Ғамзатов пен Қайсын Кулиевке
ғана көрсетілген-ді. Өйткені КСРО Жазушылар Одағы ұйымдастырған мұндай кештер
орталық теледидардан беріліп тұрды. Әрине, бұл КОКП Орталық Комитеті идеология
бөлімімен алдын ала келісіледі. Қазіргі жағдаймен ол кезгі билік қана реттеп
отыратын қатал талапты мүлде салыстыруға келмейді.
Ж.ҚАЛЫБАЙ: Иә, қазіргі таңда бар мәселені ақша шешеді. Тіпті үш мың адам
сиятын өзіміздің Республика Сарайында қалың жұртқа аты-жөні белгісіз қалталы
адамдар өнер көрсетіп жатады. Күлкілі жағдайлар да аз кездеспейді. Кеңестер
Одағын қанша жерден жамандасақ та, олардың дарындарды іріктеу, саралау
саласында бізге үлгі болар тұстары жоқ емес. Әңгімеңізді жалғай беріңіз.
М.ШАХАНОВ: Қазақстанда Желтоқсан көтерілісі болады деген ой ешкімнің түсіне
де кірмеген. Мен Мәскеуге Евтушенконың өтінішімен 12-желтоқсан күні бардым. Алматыда
Желтоқсан көтерілісі бұрқ еткен кезде, қазақ теледидары мен радиосының төрағасы
Ғаділбек Шалахметов менің Мәскеудегі кешіме қатысуға әдейі ұшып келді. Ол маған
«Алматыда осындай-осындай жағдайлар болып жатыр» деп 17-сі күні кешқұрым айтты.
Артынша оны «Колбин іздеп жатыр» деп Алматыға шұғыл түрде шақыртып әкетті.
Болған күрделі жағдайды Мәскеу халқы Орталық теледидардан 18-желтоқсанда ғана
көріп білді. Келесі күні КСРО Жазушылар одағының басшыларын КОКП Орталық
Комитетіне шақырып, «Шахановтың кешін кейінге қалдырыңдар» деп тапсырма берген.
КСРО Жазушылар Одағы Басқармасының жауапты хатшысы Ким Селихов: «Билет түгел
таратылып кетті. Жиналған қалың жұртқа не уәж айтамыз?» - деген екен, Орталық
Комитеттегі жауапты қызметкер: «Шаханов жол апатына түсіп, аяғын сындырып
алды», - деңдер. «Осындай лақап таратыңдар», - деп тапсырма береді. Мұны маған
Роллан Сейсенбаев айтты. Сол сәтте бөлмемде отырған Мәскеулік қазақ
студенттерінің бірі: «Егер Орталық Комитет сондай емеурін танытса,
«үшеудегілер» сіз мінген машинаға басқа бір машинаны соқтырып, аяғыңызбен бірге
бүйрек-бауырыңызды да ездіре салуы мүмкін. Сондықтан да біз сіздің қасыңыздан
кетпей, қорғап жүреміз», - деді. Сол кезде қазіргі Қазақстан Елшілігі
орналасқан жерде қоныс тепкен қонақ үйдегі менің бөлмеме, кешімді жүргізуге
тиісті досым Евгений Евтушенко кіріп келді. Оған болған жағдайды түгел
баяндадым. Евтушенко бірден КОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі, КОКП
Орталық комитетінің хатшысы Яковлевке телефон соғып: «Бұл кештің бүгін
өтетінінен қалың жұрт хабардар. Шетелден бірнеше журналистер, белгілі адамдар
қатысайын деп отыр, сондықтан мұны кейінге қалдыруға болмайды. Барлық
жауапкершілікті КСРО Жазушылар Одағының қоғамдық негіздегі хатшысы ретінде мен
өз мойныма аламын», - деді. Яковлев: «Ендеше, мен мұны Горбачевпен қайта
ақылдасуым керек. Өйткені, бұл бас хатшымен алдын ала келісілген», - депті.
Жиырма минуттан кейін Яковлев Евтушенкоға қайта телефон соғып: «Горбачевтің
келісімін алдым, сізге сәлем айтып жатыр. Кешті бүгін өткізуге Жазушылар Одағына
рұқсат берілді», - деді. Бірақ А.Фадеев атындағы Әдебиетшілер үйіне жақын
маңдағы Краснопресненская мен Баррикадная метроларын «техникалық себепті»
сылтау етіп жауып тастапты. Үш жерден тексеру қойылған. Билеті жоқтарды Одақ
маңындағы үлкен есікке жолатар емес. Жұрттың бәрі абыр-сабыр. Евтушенконың сөзі
есіме түсті: «Әй, досым-ай, сенің кешің бүкіл Кеңестер Одағындағы ең
саясаттандырылған кешке айналғалы тұр. Әйтпесе қай ақынның поэзия кешімен КОКП
Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшелері, Орталық Комитеттің хатшылары, тіпті
оның бас хатшысы Горбачевтің өзі шұғылданып еді? Бұл жағынан алып қарағанда,
сенен бақытты ақын жоқ шығар», - деп әзілдеген еді ол. Шынында да, мен күтпеген
оқиғалар бірінен соң бірі тізбектеле бастады.
Әдебиетшілер үйінің мың адамдық залына 1400-дей адам жиналды. Жұрттың
едәуір бөлегі түрегеп тұрды. Біразы баспалдақтарға отырып алған. Әдебиетшілер
үйінің директоры: «Соңғы он жылда залдың мынадай деңгейде толғанын бірінші рет
көруім», - деді. Іле-шала оның орынбасары келіп: «Кешке жиналған қазақ жастары
бүлік шығаруы мүмкін деген күдікпен Қауіпсіздік комитетінің 60-70 қызметкерлері
залға үш-төрттен бөлініп, жайғасып алды», - деп Евтушенко екеуміздің
құлағымызға сыбырлады. Кездесу алдында КОКП Орталық комитетінің бір қызметкері
келіп, маған: «Сіз Орталық теледидардағы «Время» хабарына Алматыдағы Желтоқсан
бұзақылығына қатысқан жастарды айыптап сұхбат беріңіз! Алаңға шыққандар - кілең
маскүнемдер, нашақорлар деп айтыңыз!» - деді. Мен сұхбат беруден үзілді-кесілді
бас тарттым.
Кеш басталғанда бір жас жігіт маған гүл бермекші болды да, сахнаға шығып,
бірден екі жүз елу адам қол қойған Мәскеудегі қазақ студенттерінің КОКП Орталық
Комитетіне арналған Үндеуін оқи бастады. Ербол Байжарқынов деген қазақ жігіті
екен. Үндеуде КОКП Орталық Комитетіне батыл наразылық, қарсылық білдірілген.
Оған қол қойған және менің кешіме қатысып отырған студенттер ішінде қазіргі
Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев, «Ақ жол» партиясының төрағасы
Әлихан Байменов те бар еді. Ерболды бірден үш әріптің адамдары сахнадан түсіріп
алып кетті.
Ж.ҚАЛЫБАЙ: Поэзия кешіңізден кейін Сізді КОКП Орталық Комитеті Мәдениет
бөлімінің меңгерушісі Юрий Воронов қабылдағанын баспасөзден білеміз. Ол бұрын
КСРО Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы қызметін атқарған адам. Араларыңызда
қандай әңгіме болды?
М.ШАХАНОВ: Воронов менің шығармаларыммен жақсы таныс екен. Сонау Брежнев
дәуірінде КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі болып, кілең тірсегі
тірсегіне соғысқан Пельше, Черненко, Суслов, Пономарев секілді мәужіреген шалдар
сайланбады ма? Менің өктем қарттық шақ пен қамқорсыз жастық шақ туралы аңыз
әңгімеге құрылған «12-3=?» деген, Евтушенко орыс тіліне аударып, алғысөзін
Айтматов жазған поэмам болды. Ташкентте өткен Азия, Африка жазушыларының
конференциясында сол поэмамды, өз өтініші бойынша «Огонек» журналының бас
редакторы Анатолий Сафроновқа беріп едім. Ол Евтушенкомен текетірес, ит пен
мысықтай екен. Поэманы КОКП Орталық Комитетінің идеологиялық хатшысы, Саяси
Бюроның мүшесі Сусловқа: «Көрдіңіз бе, Саяси Бюроны, яғни Сіздерді тарихи аңыз
арқылы мазақтаған қазақ ақынның шығармасын Евтушенко орыс тіліне аударып отыр»,
- дейді. Суслов поэманы оқып, бұлқан-талқан болады. Сол кезде мені Сусловтың
қаһарынан қорғап қалған осы Воронов екен.
Бір қызығы, КОКП Орталық Комитетінде қызмет атқаратын қырық пен елудің
айналасындағылар және қарттық аулына әлі қоңсы қона қоймаған кейбір министрлер
поэманы бір-біріне өте жасырын түрде таратып, оқып жүріпті. Мұны маған Воронов
құпиялап жеткізді. Әлемдегі ең үлкен мемлекеттің бірі - Кеңестер Одағын
Брежневтен бастап кілең сақырлаған шалдардың басқаруы, олардың жастарға мүлде
жол бермеуі бүкіл дүние жүзіне ажуа, анекдот ретінде тарап кеткен-ді. Поэманың
алғаш қолжазба күйінде (бәлкім шетелдік тыңшылар арқылы) сыртқа шығып кетуіне
де осы күлкілі хал себепкер болған шығар. Олай деуіме мынадай негіз бар. 1996
жылы Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінде жүрген
шағымда Қытай мемлекетінің басшысы Цзян Цземин Бішкекке келді. Орыс тілін жақсы
меңгерген екен. Қырғыз Республикасының Президенті Асқар Ақаев мені бір шағын
кездесуде Қытай басшысына таныстырғанда: «Мен бұл ақынды білемін. Тіпті
«12-3=?» атты поэмасын қолжазба күйінде оқығанмын», - деп қалды...
Сонымен мен Вороновқа Алматыда бой көтерген жастар наразылығының негізсіз
емес екенін, Қазақ Республикасының миллионнан жоғары халқы бар астанасында ана
тілімізде бір ғана балабақша, бір ғана мектептің жұмыс істейтінін, соңғы
жылдары 700-ден астам қазақ мектебінің жабылып қалғанын және бірде трамвайда
танысыммен келе жатып қазақ тілінде әңгімелескенімізде: «Неге ортақ тілде
сөйлемейсіңдер?» - деп бір орыс жігітінің күш көрсеткенін, Кеңестер Одағы
салтанат құрған жылдар ішінде қаншама саны аз ұлттардың тілі, рухы жойылғанын,
гуманистік тұрғыдан алып қарағанда, мұнда үлкен әділетсіздік жатқанын, егер
билік осы мәселелерге назар аудармайынша Алматыдағы оқиға басқа өлкелерде де
қайталана беретінін шама-шарқымша түсіндіруге тырыстым.
Осы әңгіме үстінде Вороновтың оң қанатындағы мемлекеттік елтаңбасы бар
бір-ақ телефон шылдырап еді, Юрий Петрович оған: «Егор Кузьмич, ертеңгілік
өзіңізге айтқан қазақ ақынымен әңгімелесіп отырмын», - деді. Оның КОКП Орталық
Комитетінің екінші хатшысы Егор Лигачев екенін бірден аңғардым.
Обалы не керек, бәлкім ақын болған соң ба, Воронов мен әңгімелеген
проблемаларды мұқият тыңдап, жоғарғы деңгейдегі басшыларға кейбір ойларымды
ауызша да, жазбаша түрде де жеткізетінін мәлімдеді. Сөзі мен ісінің арасына
айырма салмауға тырысатын осы азаматпен, қашан ол дүниеден өткенше байланысым
үзілген жоқ. Мәскеуде оқитын қазақ жастарының ашу-ызасы, шұғыл қимылы негізінде
екінші Желтоқсан көтерілісі бола жаздаған сол қарбалас күндер осы кезге дейін
өз құпиясын ішке бүгіп жатыр. Егер КОКП Орталық Комитеті мен КСРО Қауіпсіздік
комитетінің мұрағатына енер зерттеуші табылса, біраз құпиялардың беті ашылары
хақ.
Ж.ҚАЛЫБАЙ: Енді КСРО Халық депутатарының бірінші съезінде Желтоқсан
қасіретін қалай жария еткеніңізге тоқталсақ.
М.ШАХАНОВ: Кремльдегі Съездер Сарайының мінбесінен қайткен күнде де нақ сол
оқиғадан бір жыл бұрын Қазақстан Жазушылар Одағының Пленумында Алматыдағы 1986
жылғы Желтоқсан оқиғасы төңірегіндегі әділетсіздіктер туралы сөйлеген сөзімнің
негізгі нұсқасын қайталап айтуға жанталастым. Алғашқылардың бірі боп сөзге
жазылдым. Бірақ менен екі-үш күн, тіпті бір апта кейін жазылған Қазақстандық
депутаттар да сөз алып кетті. Арамыздағы бір депутат екі дүркін сөйлеп үлгерді.
Үш күн бұрын Съездер Сарайында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің
бірінші хатшысы Геннадий Колбин мені шетке алып шығып: «Желтоқсан оқиғасын
көтергелі жүргеніңді білемін. Бұл райыңнан қайт. Кейін бәрін реттейміз», - деп
өтініш жасады. Ол тағы маған сөзі өтеді-ау деген аса беделді екі адамды
жіберді. Олар да өз дәлелдерін алға жайып, аянып қалған жоқ. Бірақ мен
илікпедім.
КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Горбачевтің атына жазылған: «Біз
Қазақстаннан сайланған КСРО Халық депутаттары ақын, Арал мен Балхаш
проблемалары және Қазақстан экологиясы жөніндегі қоғамдық комитетінің төрағасы,
КСРО Халық депутаты М.Шахановқа 3-5 минөт көлемінде сөз беруіңізді сұраймыз», -
деген хатқа 19 қазақстандық депутатқа қол қойдырып, жарты сағаттық үзіліс
кезінде М.Горбачевке қарай тарттым. Горбачев КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы
Н.Рыжковпен әңгімелесіп тұр екен. Сәл беріректе КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік
комитетінің төрағасы Н.Крючков, Маршал С.Ахромеев, Латвия Жоғарғы Кеңесінің
төрағасы А.Горбунов және бірнеше депутат Горбачевтің босар кезін аңдып тұрған
сияқты.
Мен ай-шайға қарамай, екі басшының қасына жетіп барып, қол беріп амандастым
да, Қазақстан депутаттарының өтініш хатын Горбачевке ұсындым. Әлде бір жағдайға
риза боп, шаттанып тұрса керек, Горбачев ерекше көңілді екен.
- Егер құпия болмаса, не жөнінде сөйлемекші едіңіз? - деп жымиды ол.
- Айтпаса болмайтын Арал туралы бір проблемалық ойым бар еді, Михаил
Сергеевич, - дедім.
Еліміздің бірінші басшысын алдап тұрғаныма ыңғайсыздансам да, сыр бермеуге
тырыстым. Желтоқсан оқиғасын көтеретінімді білсе, съезд мінбесіне жолатпасы
айдан анық. Бірақ арғы-бергі тарихымызда өтіріктің шындыққа қызмет еткен шағы
аз болмаған ғой.
Горбачев съезд жұмысын үзілістен кейін жүргізетін Горбуновқа: «Мына Шаханов
жолдасты үш минуттық сөзге жазыңыз. Айтпаса болмайтын бір пікірі бар екен», -
деп әзілдеді.
Сөйтіп мен КСРО Халық депутаттары Съезінің жол алғанына 16 күн толғанда, үш
минуттық сөзге әрең дегенде қол жеткіздім.
Сөзімді бітірген соң төралқаға бұрылып, Желтоқсан оқиғасын зерттеу үшін
арнайы комиссия құруды талап еткен, үш мыңнан астам адам қол қойған хатты және
өз атыма келіп түскен жедел хаттардың үлкен бөлегін Горбачевке ұсындым. Беті
нарттай қызарып, ызаға булығып, түйіліп кеткен екен. Ұсынған қағаздарымды
өзгеше бір өшпенділікпен, қолымнан жұлқа тартып, Горбуновтың алдына тастай
салды. Залға көзім түсіп еді, мінбеге таяу орналасқан Ресей депутаттарының
көпшілігі бедірейіп, қол соқпай отыр екен. Әрине, мұны түсінуге болады.
Өйткені, бүкіл Кеңестер Одағының халқына Желтоқсан көтерілісі «шектен шыққан
қазақ ұлтшылдығы» ретінде ұғындырылып келді.
Мені екі депутат қана құттықтады. Бірі - орыстың ұлы ғалымы, Нобель
сыйлығының лауреаты Андрей Сахаров, екіншісі - Өзбекстан Жазушылар Одағы
басқармасының төрағасы Әділ Якубов: «Ой, ерім-ай, жарадың!» - деп бауырына
басты. Қазақстандық 99, яғни менен өзге 98 депутаттың бірде-бірі қасыма
жақындаған жоқ. Өйткені, Колбин «мынаның Шахановпен байланысы бар екен-ау» деп
ойлап қалуы әбден мүмкін ғой.
Менің сөзімнен кейін әрқайсысы екі минуттан екі-ақ адам сөйлеген. Съезд
жұмысы келесі күнге қалдырылған соң, «Мәскеу» қонақ үйіндегі бөлмеме келсем,
телефон безілдеп жатыр екен. Көтерсем Колбин: «...Мен мұны жайдан-жай қалдыра
алмаймын. Бұл арандатушылық. Республика халықтарының бірлігіне іріткі
салушылық. Сенің мына басбұзарлығыңнан кейін ел ішінде қайтадан көтеріліс болып
кетсе жауап бересің. Бәлкім, жауапты темір тордың арғы жағында отырып беруің де
әбден мүмкін», - деді ол.
- Керісінше, орын ауыстырар болсақ ше? - дедім мен де қызынып.
- Бір республиканың бірінші басшысына солай деп айтуға дәтің барды ғой.
Арманың тым асқақ екен. Көрерміз... Темір тордың арғы жағында қайсымыздың
отыратынымызды, - деді ол да ызаға булығып.
Мен телефон тұтқасын тастап жібердім.
Келесі күні таңертең Қазақстан Қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мирошник
маған: «Сіз Арал проблемасы туралы сөйлеймін деп 19 депутатқа алдап қол
қойғызыпсыз. Сөйтіп, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы Орталық Комитеттің
шешіміне қарсы дау айттыңыз. 19 депутаттың көпшілігі «Шаханов бізді алдады,
сондықтан ол КСРО Халық депутаты қатарында жүруге тиісті емес» деп түсінік
жазып берді», - деді ол.
- Бірақ менің алдағаным 19 адам ғана емес... Арал қасіреті туралы айтпаса
болмайтын бір проблемалық ойым бар еді деп КОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы
Горбачевтің өзін де алдадым. Жиырмасыншы етіп ол кісіні де тіркеп қойыңыз! -
дедім де, бұрылып жүре бердім.
Бас-аяғы үш-төрт күннің ішінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің төралқасына,
М.Горбачевтің атына мені депутаттық мандаттан айыруды талап еткен 70-80-нен
астам жеделхат түсіпті. Ол туралы маған Жоғарғы Кеңес хатшылығы маңында қызмет
ететін Расул Ғамзатовтың бір таныс депутаты айтты. Ол жеделхаттардың бәрі
Колбиннің жасырын тапсырмасымен, жергілікті билік иелері арқылы ұйымдастырылып
жатқанын шамаладым.
Сол бірінші съезд жүріп жатқан тұста, таңертеңгі жиын басталардан аз уақыт
бұрын, Қазақстанның Мәскеудегі тұрақты өкілеттігі әкімшілігінің төрағасы үлкен
пәпкіні Колбинге алып келді. Мен республика басшысынан үш-төрт қатар кейінірек
отырғанмын. Колбин әлгінің құлағына бірдеңе деп сыбырлады. Байқауымша,
«жеделхаттарды Шахановқа көрсет, пәпігі басылсын» десе керек. Өкілеттік
төрағасы қасыма келіп: «Мұха, мына құжаттармен танысып шыққаныңыз жөн», - деді.
Хаттарды парақтай бастадым. Алматы «Казгипроводхоз» институтының 67 қызметкері,
Жамбыл қаласынан 25, Көкшетаудан 13, Қарағандыдан 18 адам қол қойған хаттар
және Қазақстанның өзге де облыстары мен қалаларынан түскен жеделхаттар
жинақталыпты. «Кремльдің Съездер сарайында сөйлеген сөзінде Шаханов 1986 жылғы
Алматыдағы Желтоқсан оқиғасының шындығын бұрмалап көрсетті», «Жүйеге түсіп
қалған ұлтаралық татулыққа сына қақты». Сондықтан оны «КСРО халық депутаты
өкілеттігінен ажыратуды талап етеміз!» деген пікірлер тоғыстырылған.
- Тамаша! «Генадий Васильевич өзінің аса талантты және теңдесі жоқ шебер
ұйымдастырушы екенін бұл арада да көрсетіпті». Менің осы пікірімді Колбинге бұрмаламай
жеткізіңіз! - дедім өкілеттік төрағасына.
Колбин және оның қасындағы адамдар қанша тырысса да, мені депутаттық
құқымнан ажыратудың ретін келтіре алмады.
Ж.ҚАЛЫБАЙ: Сіздің Желтоқсан қасіретіне арнаған, КСРО Жоғарғы кеңесінің
сессиясында үлкен айқай тудырған екінші сөзіңізден жұрттың көбі әлі күнге дейін
бейхабар.
М.ШАХАНОВ: Менің Кремльде сөйлеген сөзімнен кейін іле-шала жинақталған,
құрамына бірде-бір КСРО халық депутаты ендірілмеген бұл топты құру идеясын
Қазақстан билігі тікелей бас хатшы Горбачевпен ақылдасып шешкені маған белгілі
болатын. Сөйтіп, желтоқсан қасіретін тексеретін, КСРО халық депутаттарынан
арнайы тәуелсіз комиссия құру туралы менің ұсынысым далада қалды. Кремльде КСРО
Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясы өтіп жатқан кезеңде, үзілісте Горбачевке
жолығып едім, ол мені тыжырына қарсы алды да:
- Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі арнайы комиссия құрды ғой. Желтоқсан оқиғасының
ақ-қарасын алдымен солар тексерсін. Егер олар әділетті шешім шығара алмаса,
сіздің ұсынысыңызға сонан кейін ораламыз, - деді.
Горбачевтің илікпейтініне көзім анық жеткеннен соң, басқа амал іздедім.
Ендігі қалған жалғыз жол - Желтоқсан шындығын зерттейтін, КСРО халық
депутаттарынан комиссия құру мәселесін өзім мүшесі боп саналатын КСРО Жоғарғы
Кеңесінің бірінші сессиясында қайта көтеру еді. Күн құрғатпай КСРО Жоғарғы
Кеңесінің төрағасы Лукьянов пен КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар палатасының төрағасы
Нышановты мазалай бердім. Екеуі де бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай
Горбачевтің маған айтқан сөзін қайталаудан жалықпады.
Бір күні Рафик Нышановты шетке шығарып алып, оның ұлттық, азаматтық
сезіміне әсер ететіндей ауырлау сөз айтып едім, ол иліге кетті.
- Ортақ Шаханов, былай етейік, - деді Нышанов, - ертең жоқ, арғы күні «КСРО
Халық депутаттары құрылтайының Жоғарғы кеңеске берген тапсырмаларына кең өріс»
деген тақырыпта талқылау өтеді. Горбачевтің өзі төрағалық етеді. Депутаттар
жарыссөзге жазыла бастаған тұста сіз сөз сұраған өтініш қағазды Горбачевке
емес, маған әкеп беріңіз. Ар жағын өзім реттеймін деді.
1989 жылдың 19-шілдесінде өткен мәжілісті Горбачев кіріспе сөз сөйлеп ашты.
Жарыссөзге шығу талабымды білдірген қағазды келісім бойынша төралқа үстелінде
Горбачевпен қатар отырған Нышановқа апарып бердім. Іле-шала маған сөз
берілетіндігі хабарланды. Мінбеге кетіп бара жатып төралқаға қарап ем, Горбачев
Нышановқа қолын сермеп, бірдеңе деп жатыр екен. «Шахановқа сөзді бекер бердің»,
- деп ренжіп тұрғандай көрінді маған.
Менің сөзім тағы да бастан-аяқ Желтоқсан проблемасына арналды.
Алматыдағы асығыс түрде құрылған комиссияның Желтоқсан қасіретін ашуға
мүлде қабілетсіз екендігін, себебі оның құрамына сол оқиғаға тікелей кінәлі
адамдардың ендірілгендiгiн айта келіп, бұл салада шындыққа жету үшін тек КСРО
Жоғарғы Кеңес мүшелері мен КСРО Халық депутаттарынан арнайы комиссия құру
қажеттігіне тоқталдым.
Жоғарғы Кеңес мүшелері менің сөзімді өте салқын қабылдады. Ана тұс, мына
тұстан он шақты адам ғана қол соқты.
20 минуттық үзіліс кезінде Колбиннің қасына бір топ қазақстандықтар
жиналды. Колбин ол кезде КСРО халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып
бекітілсе де, Жоғарғы Кеңестің мүшесі ретінде Қазақстан депутаттарының арасында
отыратын. Мен сырттай бақылап тұрдым. Бір кезде Колбин Лукьяновты шетке алып
шығып, ұзақ әңгімелесті. Маған қарсы біреуді сөйлеткісі кеп тұрғанын шамаладым.
Үзілістен кейін бірден қазақстандық депутат Семенихинге сөз берілді. Ол
Желтоқсан оқиғасы кезінде бір топ бұзақылардың машиналарды өртегенін,
дүкендерді талқандағанын, олардың милиция қызметкерлеріне шабуыл жасағанын,
тіпті қарапайым адамдарға қару кезенгенін айта келіп, бүгінгі таңда ұлтаралық
қатынастардың қалыпқа түскенін әңгімеледі. «Ендеше биік мінбеден неге ұлтшылдық
қайта қоздырылып отыр?» - деді ол.
Семенихиннің маған қарсы айтылған сөзінен кейін төраға: «Бұдан былай ел мен
елдің арасына жік салатын ұлттық мәселелер теледидардан көрсетілмесін», - деген
ұсыныс ендіріп еді, Жоғарғы Кеңес мүшелерінің көпшілігі қолдап дауыс беріп
жіберді. Сөйтіп, КСРО Халық депутаттарының бірінші құрылтайында жол алған, 70
жыл бойы тұншықтырылған ұлттық мүдделер төңірегіндегі жариялылық бас-аяғы екі
айға толмайтын уақыт ішінде қайтадан баяғы таз қалпына үсті. Ең өкініштісі,
КСРО Жоғарғы Кеңесінің нақ осындай шешім қабылдауына тікелей мен себепкер
болдым.
Ж.ҚАЛЫБАЙ: Сіз бір мақалаңызда КСРО Жоғарғы кеңесінде, сол тұста едәуір
демократтығымен көзге түскен КСРО Қауіпсіздік комитетінің төрағасы Вадим
Бакатинмен жолыққаныңызды жазып едіңіз...
М.ШАХАНОВ: Иә. Сол кезде Орталық баспасөздің бірінде Бакатин: «Мемлекеттік
Қауіпсіздік комитеті билік иелерінің аса қауіпті қолшоқпарына айналды. Бәлкім,
мен бұл мекемені осындай абыройсыздықтан құтқаруға келген адам шығармын», -
деген сұхбат берген. Оның үстіне Евтушенко маған бір кезде өзінің үстінен КСРО
Қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағалары Семичастный мен Андропов жазған
құпия хаттар табылғанын әңгімелей келе: «Егер айналаңдағы жақын адамдардың,
базбір қаламдастарыңның өзіңе жасаған сатқындығына, тіпті қазір өзің шұғылданып
жүрген Желтоқсан оқиғасы төңірегіндегі мәселелерге тереңірек көз жеткізгің
келсе, Бакатинге өтініш жаса немесе депутаттық сұраныс бер. Оның үстіне, сендер
жақында жеке мемлекет болдыңдар. Одақтық МҚК жойылғалы тұр. Шамалы уақыттан
кейін КСРО Халық депутаттары да таратылады. Өздері не істерін білмей, дел-сал
күйде жүргенде, тез арада Бакатинді пайдаланып қал!» - деген. Шынында да, әбжіл
қимылдауым керек еді. Араға біраз уақыт түсіп кетті. Бір күні Жоғарғы Кеңесте
Бакатинге жолығып, Евтушенконың досы екенімді, соңғы жылдары нендей мәселемен
шұғылданып жүргенімді айта келіп, өтінішімді білдірдім. Ол аты-жөнімді,
телефонымды қойын дәптеріне түртіп алды. Екі күннен соң қайта кездестік.
Бакатин МҚК-да мен туралы үлкен үш том материал жинақталғанын, ішінде өз
мекемесінің абыройын түсірер қағаздардың да жоқ емес екенін ескертті. (Бәлкім,
МҚК-нің менің көзімді жою үшін жасаған әрекеттері шығар). Кейбір мәліметтерді
беру мүмкіндігін қарастыруға уәде етті. Көп ұзамай Алматыға ұшып кеттім. Бір
күні газеттен Бакатиннің орнынан алынғанын оқып, бармағымды тістедім.
Ж.ҚАЛЫБАЙ: 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан шындығын тексеруге арналған неше
комиссия құрылды? Өткенде саясаткерлер, жазушылар, әншілер жиналған дастархан
басында біреу «екеу», біреу «үшеу» деді. Ақыры анық-қанығын ешкім айта алмады...
М.ШАХАНОВ: Жұрттың шатасатындай реті бар. Өйткені бұл саладағы біз
жүргізген күрес әлі құпия мінез сақтап жатыр. Желтоқсан шындығын айқындау
мақсатында бес комиссия құрылды. Оның екеуінен жұрт мүлде бейхабар. Қалған
үшеуінің жұмысынан да толық мәліметі жоқ. Сондықтан қысқаша ғана шолу жасап
өтейін.
1989 жылғы 6-маусым күні Кремльдің Съездер сарайындағы мінбеге Горбачевты
«Арал проблемасын айтамын» деп алдап көтеріліп, бүкіл Кеңестер Одағын
дүрліктірген сөзімнен соң Алматыда шұғыл түрде көрнекті ақын ағамыз Қадыр
Мырзалиев басқарған, Горбачевпен алдын ала келісілген комиссия құрылды. Ол
комиссия құрамында сол Желтоқсан көтерілісі кезінде жұртқа қысым көрсеткен
министрлер, мекеме басшылары да бар еді. Қандай мақсатпен құрылғаны ә
дегеннен-ақ белгілі болатын.
Менің 1989 жылғы 19-шілдеде, Кремльде КСРО Жоғарғы Кеңесінің бірінші
сессиясындағы осы қулықтың бетпердесін сыпырған екінші сөзімнен кейін және
Андрей Сахаровтың ұсынысымен Желтоқсан оқиғасын тексеретін, КСРО халық
депутаттарынан арнайы комиссия құруды жақтаған хатқа 110 депутатқа қол
қойдыруыма байланысты Горбачев ыңғайсыз жағдайда қалды. Ол алдында: «Сенің
аузыңды жабатын мүмкіндік табамыз!» - деп үстелді тоқпақтаса да, кейіннен менің
арқамда Ельцин, Сахаров секілді саясаткерлердің тұрғанын сезіп, жуасыды.
Сөйтіп, бірінші комиссияға қосымша 8 қазақстандық КСРО халық депутатын
ендірген, өзімді тең төраға етіп бекіткен екінші комиссия дүниеге келді.
Комиссия мүшелерінің жалпы саны 23-ке жетті. Бірақ олардың бір-екеуінен
басқасының бұл ұлттық мүддеге жанын салмайтынын аңғарып, Қазақ КСР Жоғарғы
Кеңесі бекіткен қаулының «Егер комиссия қажет деп тапса, жұмысшы-эксперт тобын
құруына болады» деген тармағын пайдаланып, жазушылардан, ғалымдардан,
заңгерлерден, саясаткерлерден, қоғам қайраткерлерінен, ішкі істер саласының
зейнеткерлерінен жалпы саны 250 адамға жететін 8 жұмысшы тобын құрып, іске
ендіріп жібердім. Желтоқсан көтерілісі ауқымында Ішкі істер министрлігі,
Қауіпсіздік комитеті, прокуратура, әскер күштері жасаған заңсыздықтар,
жасақшыларға арнап темір таяқ әзірлеген зауыттардың істері, билік
басындағылардың сол кезгі әпербақандық әрекеттерімен айналысатын бұл 8 жұмысшы
тобы бас аяғы бір жарым айдың ішінде көптеген әділетсіздіктердің бетін ашты.
Биліктің зәресі ұшты. Әйтсе де олар бізді алдап соқты. Комиссияның тең
төрағасының бірі, көрнекті ақын ағамыз Қадыр Мырзалиевті шетелге демалысқа
жіберді де, 450-ден астам депутат және республиканың басшылары түгел қатысқан
Жоғарғы Кеңестің арнаулы жиынында маған Желтоқсан оқиғасын тексерудің барысы
жайлы баяндама жасатты. Баяндама біте салысымен мінбеге Қазақ КСР жергілікті
өнеркәсіп министрі И.Еділбаев шығып: «Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды ақтап
алудың қажеті жоқ, олар, негізінен, КОКП Орталық Комитетінің қаулысында
көрсетілгендей, нашақорлар, маскүнемдер, бұзақылар еді», - деді. Одан кейін сөз
алған Қазақ КСР Халық басқылау комитетінің төрағасы, бұрынғы Қадыр Мырзалиев
жетекшілік еткен комиссияның және қазіргі комиссияның да мүшесі, депутат
Б.Исаев: «Бұл комиссияға мүше боп енгеніме қатты өкінемін. Шахановпен тіл
табыса алмайтыныма көзім анық жетті. Осы күнге дейін біраз мәселе зерттелді,
жинақталды. Осымен комиссия жұмысын тоқтатайық!» - деген үндеу тастады.
Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің екінші хатшысы В.Ануфриев
Исаевтың ұсынысын қолдай келе, қазіргі комиссияны мүлде жабуға, оның орнына
комиссия жинақтаған қағаздарымен ғана шұғылданатын қауқарсыз, аты бар да заты
жоқ жаңа комиссия құру қажеттігін мәлімдеді. Іле-шала Ануфриевтің ұсынысын
дауысқа қойғанда, өз көз-құлағыма өзім сенбедім. 450-ден астам депутаттың бізді
жақтап 5-еуі ғана дауыс берді. Жүрегім аузыма тығылды. Жаныма қатты батқаны
мынау еді. Комиссия мүшесі боп саналатын 23 депутаттың 21-і талқылауға қатысып
отырған. Солардың үшеуінен өзгесінің бәрі комиссияны жабуға қол көтеріп
жіберді. Тоба, мұндай да екіжүзділік, сатқындық болады екен-ау. Өзі мүшесі боп
саналатын комиссияның көрінеу көзге шындыққа қарсы қол көтерерліктей бастарына
не күн туды десеңізші?
Жұмысшы тобы құрылды. Тең төрағалыққа тағы да Қадыр Мырзалиев екеуміздің
есіміміз аталды.
- Мен бұл қуыршақ комиссияның құрамына кірмеймін. Зорлап сайлауларыңызға
құқыларыңыз жоқ,- деп айқайладым.
Бір депутат: «Шахановқа неменеге байланып қалдыңыздар? Өздеріңіз қатал
сынға алдыңыздар, сөйте тұра комиссияның жаңа төрағалығына қайта ұсынасыздар.
Бұл қылықтарыңызға түсінбедім», - деді.
Сол кезде басшылардың бірі: «Қайткен күнде де Шахановты тең төраға етіп
қалдыруымыз керек. Қарапайым халық арасында оның беделі зор. Әйтпесе комиссияны
түбегейлі жапқанымызды олар аңғарып қалуы мүмкін», - деп өздерінің ішкі
құпиясын жайып салуға мәжбүр болды.
Сессия төрағасы ай-шайға қарамай жаңа комиссияның құрамын дауысқа қойып
еді, депутаттар түгел қол көтеріп жіберді.
Мен орнымнан тұрып, кей депутаттардың ысқырып, жер тепкілегеніне қарамай,
тіке мінбеге шығып:
- Сіздер бұл қылықтарыңыз үшін ертең-ақ ұялатын боласыздар. Жалпы, мен бір
жағынан сіздерді аяймын. Әділетсіздік азабына жолыққан, жазықсыздан-жазықсыз
қаншама жыл түрме есігінен сығалаған, тіпті өмірмен ерте қоштасқан адамдардың
көз жасын, қасіретін түсінуге азаматтықтарыңыз жетпеді. Естеріңізге
сақтаңыздар, біз бәрібір бұл істі аяғына дейін алып барамыз! - дедім де, залды
қақ жарып өтіп кеттім. Кетіп бара жатып, бастарын төмен салған, елімізге
кеңінен танымал, өзіміздің әнші, жазушы, журналист депутаттарды көрдім. Кейінгі
жылдары өзін ұлттың нағыз қамқоры ретінде көрсетіп жүрген, сол тұста үлкен бір
баспасөзді басқаратын сыйлы ағамызбен де көзім түйісіп қалды. Ол да бетін басқа
жаққа бұрып әкетті.
Негізгі комиссия жабылып, оның орнына 7 адамдық қуыршақ комиссия дүниеге
келгенін қарапайым жұрт аңдаған жоқ. Бірнеше күннен соң қазақ теледидарының
белді журналисі Қажы Қорғанов жолығып қалды. Оған болған жағдайды тәпіштеп
түсіндіріп айтып ем, ол азаматтық мінез көрсетті. Өзі жүргізетін телеарнадағы
«Депутаттық канал» деп аталатын тікелей эфирге екі-үш депутатты жоспарлады.
Соңынан «бірі ауырып, бірі іс-сапарға шығып кетті» деген сылтаумен мені қосып
жібереді. Басшыларын факт үстінде қалдырады. Ол кезде бүкіл Қазақстан халқының
мүддесіне бір ғана телеарна берілген. Екеуара құпия келісім бойынша Қажы
Қорғанов маған мүлде басқа сұрақ қойды. Бірақ мен бүкіл әңгімемді Желтоқсан
көтерілісі төңірегіне құрып, оның шындығын әйгілейтін комиссияның жабылып
қалғанын және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде болған көзбояушылықты бүге-шігесіне
дейін жұрт алдына жайып салдым. Осындай екінші «тікелей эфирді» ұлтжанды
журналист інім Құдайберген Тұрсынов берді. Мені шақырғаны үшін телерадио
басшылары оны алты ай эфирге шығу құқынан айырды. Кейіннен биліктің өзі
шатасып, мені бірнеше адам қатысқан «тікелей эфирге» қайта шақырып қалды. Ол да
ұзақ әңгіме. Телеарнадағы осы үш кездесу жұрттың ашу-ызасын тудырды. Сол тұста
еліміздің жас өскіні қазіргідей орыстанбаған, ұлтжанды азаматтар көп еді.
Телеарнадағы соңғы кездесуімнен соң, түн ішінде, өзім қызмет істейтін «Жалын»
журналына барсам, сыртта 40-50 адам күтіп тұр екен. «Қашанға дейін бұғына береміз.
Билік мүлде ұлт мүддесімен есептесуді қойды. 17-желтоқсан күні алаңға қайта
шығайық!» - деді олар. Осы идея кең өріс алып кетті. Желтоқсан көтерілісіне
қатысқан қыздар мен жігіттер бұл іске белсене араласты. Түрлі ұрандар,
транспаранттар жазыла бастады. Осы кезеңде КСРО халық депутаттарының кезекті
жиыны шақырылды да, мен Мәскеуге ұшып бардым.
Мәскеу билігі біздің оқыс қадамымыздан едәуір қауіптеніп қалған екен.
Горбачев Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы
Н.Назарбаевқа: «Жарайды, мынаған келіселік. Шаханов Желтоқсан оқиғасын
тексеретін комиссияны қайтадан құрсын, Қазақстан азаматтарынан қалаған адамын
ендірсін, қарсы болмаймын», - депті.
Қазақстан басшысы екеуміз Жоғарғы Кеңес жиыны жүріп жатқанда, Съездер
Сарайының пошта үйіне кіріп, ұзақ әңгімелестік. Ақыры мынаған келістік. Қуыршақ
комиссияны жойып, жаңа комиссия құруға уағдаластық. Жаңа құрамға мен өзімнен
басқа 9 адам ендіруге құқық иелендім. 5 адамды билік жасақтамақ. Олар -
Қ.Мырзалиев, Н.Задорожный, Ф.Игнатов, Т.Ізмұхамбетов, В.Ким. Мен өз адамдарымды
зерттеп, ойланып айтуға 10 күн рұқсат сұрадым. Маған съездің аяқталуын күтпей
Алматыға қайту тапсырылды. Ел басшысы менің қасыма Алматы облыстық партия
комитетінің бірінші хатшысы Қасым Төлебековты (ол кезде Алматы қаласы Алматы облысына
бағынатын), Қазақ КСР халыққа білім беру министрі Шайсұлтан Шаяхметовты қосып
беретін болды. Мұның бәрі, әрине, егер мен жастардың алаңға шығуын, яғни
олардың билікке қарсы көтерілісін тоқтатқан жағдайда ғана іске аспақ.
Республика басшысы сол жерде отырып, орыс тілінде менің Алматы қалалық
газеттерінде жариялануға тиісті үндеу хатымды жазып берді. (Қолжазба жеке
мұрағатымда сақтаулы).
Алматыға ұшақпен түнде келіп жеттік те, келесі күні жоғарғы және арнаулы
оқу орындарында, сосын қазақ жастары көп шоғырланған екі өнеркәсіпте ертеден
кешке дейін алты кездесу өткіздім. Сөзімнің мазмұны: «Билік Желтоқсан
оқиғасының ақ-қарасын тексеруге негізделген, жабылып қалған комиссияны қайтадан
ашуға уәде етті. Бас хатшы Горбачевтің және Қазақстан билігінің осы жолғы
берген уәдесіне сенелік. Сол үшін де 17-желтоқсан күні алаңға шығуды
доғаралық!»
Облыс басшысы мен білім министрі және Алматы қалалық партия комитетінің
идеологиялық хатшысы осы кездесулердің бірінен соң бірін ұйымдастырып, қасымда
жүрді. Бұрын қабылдауын өтініп, әрең дегенде кездесетін басшылардың мұндай
алашапқын күйге түсіп, қасымда бөкектеп қызмет етуі жоғарыдан берілген
тапсырмаға байланысты болса, ең бастысы, 1986 жылғы Желтоқсан айында күрт
көтеріліп, күшпен басылған ұлттық намыстың қайта толқуы еді.
Ж.ҚАЛЫБАЙ: Сонымен Сіз төртінші рет қайта құрылған комиссияға Алматы
қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Т.Бұрабаевты, заң ғылымдарының кандидаты,
С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті заң факультетінің деканы
М.Сәрсенбаевты және осы университеттің доценті, заңгер Ю.Дуберман мен Советтік
қылмыстық процесс кафедрасының аға оқытушысы Н.Жақсымбетовты, Қазақстан ЛКЖО
Орталық комитетінің бірінші хатшысы И.Тасмағамбетовты, Алматы сәулет-құрылысы
институтының аға оқытушысы Н.Фокинаны, Қазақ КСР халық депутаты
С.Әбдірахмановты, Қазақ КСР Президенттік кеңесінің кеңесшісі С.Қасымовты
ендірдіңіз. Билікпен текетірес келіп отырған кезеңнің өзінде комиссияның көп
жұмыс тындырғаны белгілі. Желтоқсан көтерілісінің теріс сипат алуына кінәлі 41
адамның аты аталып, түрі түстелді. Бірақ өзіңіз жасақтаған комиссия құрамында
үлкен билік маңында жүрген Сабыр Қасымов пен Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетінің
бірінші хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтың болуы кері әсерін тигізген жоқ па?
М.ШАХАНОВ: Қасымов менің бұрыннан білетін адамым. Билік басындағылар оны
өздерінің ыңғайына жұмыс істейді деп ойлап, шатасты. Желтоқсан шындығын
қалыптастыруда ол аянбай еңбек етті. Тасмағамбетов те сол тұста көп адам
күтпеген азаматтық, ұлтжандылық қырынан танылды. Қалай десеңіз де, төртінші
комиссия үлкен жұмыс жасады. Біреулер: «Шаханов бастаған комиссия істі аяғына
дейін апармады», - деп малтасын езеді. Егер біз Желтоқсан көтерілісінің қанды
сипат алуына кінәлі 44 адамды тізіп көрсетсек, екі орыс офицерінің әскери
күштерінің араласуына орай 168 адам мерт болды деген мәлімдемесіне дейін
жарияласақ, оларды тиянақты түрде тексеру, жауап алу биліктің, прокуратураның,
сот орындарының тікелей міндеті емес пе? Тіпті Кеңестер Одағының асығы
алшысынан түсіп тұрған кезеңде-ақ комиссияның тұжырымдамасына қазақ халқына
ұлтшылдық таңба басып, қарусыз жастарға әскер күштерін қарсы қоюға рұқсат
бергені үшін: «КОКП Орталық комитетінің М.С.Горбачев бастаған Саяси бюросы
айыпты деп танылсын», - деген сөйлем енгіздік. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі
төралқасының төрағасы Асанбаев және басқа басшылар: «Бұл мүмкін емес қой,
Кеңестер Одағын қазір кім басқарып отырғанын ұмытып қалған жоқсың ба?» - деді.
Мен қасарып тұрып алдым. Ақыры «М.С.Горбачев бастаған» деген сөйлемді сызуына
ғана келісім бердім. Комиссия тұжырымдамасы жарияланған күннің ертеңіне маған
Елбасы өзіне Горбачевтің телефон соққанын, «комиссияны неге сонша
тайраңдатасыңдар?» деп ауыр-ауыр сөз айтқанын, тіпті балағат сөзге дейін
барғанын» жеткізді.
Ж.ҚАЛЫБАЙ: Енді бесінші комиссияға тоқталсаңыз.
М.ШАХАНОВ: КСРО Халықтық бақылау комитетінің төрағалығы қызметіне ауысқан
Геннадий Колбин Горбачевке кіріп, оны 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасын
тексерген комиссияның шешімін жоққа шығару және мундир намысын қорғау
мақсатында КСРО Қауіпсіздік комитеті, КСРО Ішкі істер министрлігі, КСРО
прокуратурасы қызметкерлерінен арнайы комиссия құрғызуға көндіреді. Тез арада
үш саланың адамдарынан жинақталған комиссия Қазақстанға келіп, іске кіріседі.
Олар өздерінің кейбір шешімдері жайлы баспасөзге сұхбат та беріп үлгерді. Осы
кезде мен КСРО Президенті М.Горбачевқа, КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы
А.Лукьяновқа ашық хат жолдадым. Хат бірнеше ақпарат құралдарында жарияланды.
КСРО халық депутаттарының төртінші съезінде Лукьянов екеуміздің арамызда ұзақ
әңгіме болды. Ол маған ақырында Горбачевті бұл райынан қайтуға үгіттейтінін
мәлімдеді. Лукьянов соңғы жылдары өлең жаза бастаған-ды. Жеке кітабы да шыққан
еді. Бірде ол менің Ш.Айтматовтың алғысөзімен 50 мың дана боп басылған «Ес
кітабы» атты жинағымды оқып, «Сіздің поэзиядағы ұстанған бағытыңыз мені қатты
қызықтырады», - деп қолымды қысқан. Осы жақындығымыздың сәл де болса әсері тиді
ғой деймін. Келесі күні ол мені өзіне шақырып: «Жолдас Шаханов, Сіз жеңдіңіз.
Қоғамға өзіңіз сияқты қайсар ақындардың қажет екенін тағы бір рет дәлелдедіңіз.
Енді Сіз басқарған Парламенттік комиссия шешіміне Мемлекеттік Қауіпсіздік
комитетінің, Ішкі істер министрлігінің және Бас прокуратураның тұжырымы қарсы
қойылмайтын болды. Осыған мен Михаил Сергеевичті көндірдім», - деді. Кейіннен
Горбачев саясатына қарсы шығып, тамыз төңкерісіне араласқан, Бутырка түрмесінде
жатып, «Қарсылық жыры», «Түрмедегі жырлар» атты кітап жазған Анатолий
Лукьяновтың да Желтоқсан рухына жасаған азаматтығын біздің ұлтымыз ұмытпауы
тиіс.
Ж.ҚАЛЫБАЙ: Өмірінің соңғы жылдары Дінмұхаммед Қонаевпен жақсы араласып
тұрғаныңыз жұртқа белгілі. Калиниченко бастаған топ оны түрмеге отырғызуға да
күш салмады ма?
М.ШАХАНОВ: Солай болғаны шындық. Колбин билігі Қонаевқа Желтоқсан
көтерілісін ұйымдастырған адам ретінде қарады. Сөйтіп, оның айналасындағыларды
түрмеге де жапты. Асқаровты, Бекежановты түрмеге отырғызудағы мақсат -
Қонаевтың Желтоқсан көтерілісіне қатыстылығын ашу болатын. Тіпті, Димекеңнің
өзін де үш рет абақтыға жабуға әрекет жасаған. Оның қалай болғанын Димекең
маған өзі айтып берген. Кезінде Қонаевтың туған күніне бюро мүшелері теледидар
сыйлапты. Соны параға алды деп Қонаевты түрмеге отырғызбақшы болған. Сол кезде
Димекеңді КСРО прокуратурасының өкілі Калиниченко өзінің бөлмесіне шақырып
жауап алады. «Енді, Димаш Ахметұлы, Сіз түрмеге барасыз. Қалған өміріңіздің
едәуір бөлігін сол жақта өткізесіз. Дегенмен теледидар үйіңізде жоқ екен. Сол
мүлік қайда? Қай туысқаныңызға бердіңіз?» - дейді. Димекең: «Жарайды,
көрсетейін, мәшине шақыртыңыз!» - дейді. Анау мәшине шақыртады. Сөйтіп,
Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіндегі, бұрын өзі, кейіннен Колбин отырған
бөлмеге алып барады. Колбин орнында жоқ екен. Хатшы қыздан рұқсат сұрап, екеуі
ішке енеді. «Мына шкафтың қақпағын тартыңыз!» - дейді Калиниченкоға. Анау ашып
қалғанда, ішінен теледидар шыға келеді. Калиниченко сасып қалады. Ол ойлаған
ғой, Қонаев теледидарды үйіне алып кетті деп. Осыған ұқсас тағы екі оқиға бар.
Содан соң, ең аяғында Калиниченко өз әрекетіне ұялып: «Қаншама басшыларды
тексердім, солардың арасында сіздей таза адамды бірінші рет көріп тұрмын, енді
соңыңыздан түспеймін», - деп кешірім сұрапты.
Ж.ҚАЛЫБАЙ: Сол кезде Димаш Ахметұлына қаншама газеттер жазықсыз тиісті...
М.ШАХАНОВ: Иә, Әлжаппар Әбішев деген ағамыз бар еді ғой. Соған кезінде
Қонаев өзі отырған үйін беріп кеткен екен. Ал Колбин келгенде оған Әлжекең
барып: «Сіздің келуіңізді 25 жыл күттім», - депті. Осы ағамыз менің де үстімнен
Горбачевқа бір жарым парақ жедел хат жолдапты. Желтоқсан көтерілісіне
байланысты әрекетімді: «Билікке жабылған жала әрі әсіре ұлтшылдық мінез», - деп
бағалапты. Әрине, ол Колбинның айналасындағылардың айтақтауымен ұйымдастырылған
пікір еді. Содан бері қаншама бұлақ суалып, қаншама өзен арнасын өзгертті...
Мейлі, өткенге салауат дейміз де.
Ж.ҚАЛЫБАЙ: Желтоқсан көтерілісін тексеру барысында өміріңізге қауіп
тудырған бір оқиғаны әңгімелеп берсеңіз.
М.ШАХАНОВ: Мәскеуде жүргенімде қан қысымым қатты көтеріліп, басым айнала
берген соң «жедел жәрдем» Кремль ауруханасына алып барды. Бір дәрігер қасымда
құрақ ұшып жүгіріп жүрді. Басымды томографияға салып еді, әлгі дәрігер өз
бөлмесіне ертіп барды да, аз-кем үнсіз отырып: «Дәл қазірден бастап ауруханаға
жатуыңыз керек. Миыңыздың жарымысына қан бармайды екен», - деді. Зәрем ұшты.
Бірақ Желтоқсан көтерілісімен шұғылданып жүргендіктен, «Мәскеу» қонақ үйіндегі
КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі ретінде өзіме бірнеше айға берілген бөлмеде
кейбір құпия қағаздарым ашық күйінде қалып еді. Соған алаңдағандықтан,
«Ауруханаға ертең жатайын десем», дәрігерім көнер емес. Ақырында менімен
санасуға мәжбүр болды. Ертеңгі сағат 8-де осы арадан табылуға уәде бердім. Сол
күні түнде, сағат 23-те біреу телефон шалды. Дауысы нақ бір трубадан шығып
тұрғандай. Үнін танытқысы келмеген сыңайлы.
- Шахановсыз ба? - деді еркек дауысты адам орыс тілінде.
- Иә.
- Сіз ауруханаға жатпақшысыз ба? Мұқият тыңдаңыз! Жатсаңыз, шықпайсыз! -
деді де телефон тұтқасын тастап жіберді.
Басымды күдікті ойлар кернеді. Кремль ауруханасындағы дәрігердің шектен тыс
қамқорлығының мәнісін шамалағандай болдым. Сол түнгі сағат бір жарымдағы
рейспен Алматыға ұшып келіп, күні бойы үйде жаттым. Басымның айналғаны қояр
емес. Келесі күні Министрлер Кеңесінің ауруханасына барып ем, бас дәрігер
Мұхтар Айтқазин жоқ екен. Орынбасары кең бөлмеге жатқызды. Егделеу орыс әйелін
емдеуші етіп бекітті. Газет оқып отырғанмын. Есік қағылды. Мұхтар Айтқазин
екен. Бір ауыз тіл қатпай ымдап, сыртқа шақырып, ұзынша коридормен тасалау
жерге алып барды да:
- Мұха, ана әйел берген дәріні іштіңіз бе? - деп сұрады.
- Жоқ. Бірақ ол: «Екі-үш дәрі ішуіңіз керек», - деп ескертті.
- Ішіп үлгермегеніңіз жақсы болды. Ол әйел берген дәріні жасырын түрде мына
Камал Төлебайқызына әкеп беріңіз. Бұл кісі осы кардиология бөлімінің
меңгерушісі, - деді.
Мұның бәрі КСРО Қауіпсіздік комитетінен түскен құпия тапсырмаға қарсы
қойылып жатқан тосқауыл екенін ішім сезді. Келесі күні М.Айтқазин басымды
томографияға салдырды да: «Миыңыздың жарымына қан бармайды», - деген сөз бекер
екен. Енді бұдан арғысына менің шамам келмейді. Әрі мұны мен айтты деп ешкімге
тіс жармаңыз. Және бұл арадан өз өтінішіңізбен тез кетіңіз!» - деді.
Осы күнге дейін жер басып жүргеніме, өткен жылы ойда жоқта о дүниелік болып
кеткен, ұлтжанды дархан азамат Мұхтар Айтқазинге қарыздар екенім даусыз.
 
«Жалын» журналы №12, 2009жыл