Риода қазақстандық боксшыға жасалған қиянат бүкіл әлемнің ашуын туғызды

Олимпиада төңірегіндегі дау ушығып жатыр. Риода қазақстандық боксшыға жасалған қиянат бүкіл әлемнің ашуын туғызды. Әсіресе, жанкүйерлер Василий Левиттің жеңісін ресейлік боксшыға жұлып әперген қазылардың қылығына наразы.
91 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын үшін айқасқан Василий Левит пен Евгений Тищенко ақтық сында шаршы алаңға шыққан еді. Отандасымыз үш раунд бойы Ресейлік боксшыны қуып жүріп тоқпақтады. Сондықтан барша жанкүйер Левиттің жеңіске жеткеніне шүбәсіз сенген болатын.  Алайда шешуші сәтте төрешілер теріскейдегі көршіміздің спортшысын жеңімпаз деп жариялады. Осылайша қазылардың құрбаны болған жерлесіміз күміс медальді қанағат тұтты. Ауыр атлет Александр Зайчиковке де төрешілер тарапынан қысастық жасалды. Серпе көтеруде алдымен 223 келіні бағындырған зілтемірші соңғы мүмкіндігінде 227 келіні басынан асырған болатын. Үш төреші де алғашқыда зілтеміршінің бұл салмақты бағындырғанын растаған. Алайда артынан есептемей тастады. Осылайша Александр Зайчиков қос жаттығу қорытындысы бойынша 416 келіні еңсеріп, үшінші орынды місе тұтты. Есесіне боксшы Данияр Елеусінов жартылай финалда жарақат алғанына қарамастан жеңіске жетіп, ақтық сынға жолдама алды. Сондай-ақ бүгін Әділбек Ниязымбетов пен Иван Дычко шаршы алаңда кезекті жекпе-жектерін өткізеді. Қазір Қазақстан құрамасының қоржынында барлығы он олимпиада мелдалі бар. 
ktk.kz
Поделиться: 

Добавить комментарий

CAPTCHA
Подтвердите, что Вы не робот.