Біздің тарих "Ұраннан" басталады

1917  жылы    28  шілдеде    "Ұран"  газетінің  алғашқы  нөмірі  жарық  көрді. Отарлауды басты мақсат еткен жүйе еліміздің шынайы тарихын бұрмалап, шындықты жасырып, өз саясатына қолай­лы, оң жамбасына ыңғайлап құрастырылған тарих жасады. Соның салдарынан Қазақ елі үшін ерен еңбек еткен талай тұлғаларымыз бен олардың ат­қарған істері беймәлім болып, саясаттың құрбанына айнал­ды. Тәуелсіздігіміздің арқасын­да осы олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіншілік алдық.

 

Солақай саясаттың салқынынан теперіш көрген, ғасырға жуық үздіксіз жарық көрген облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің тарихы оқыр­манын бейжай қалдырмайды деп ойлаймыз. Себебі бұл басылымдар – аталарымыз бен әжелеріміздің, әкелеріміз бен аналарымыздың, бүгінгі біздің қиыншы­лық пен қуанышты бірге өткерген серігіміз, ақылшы, кеңесшіміз.

Қос басылымның тарихы Кеңес үкіме­тінің құрылуынан кейін басталғанына іш­тей күмәнданатын едік. Бұған дейін де өңірімізде толыққанды басылымдар бол­ғаны көпшілікке мәлім. Тағдырлас қос газет­тің тарихын зерттей жүріп, күмәніміздің оң-терісін айқындадық.

«Орал өңірінің» бастауы – «Ұран»

Мемлекеттің қолдауы арқасын­да «Жайық Пресс» ЖШС-ның ма­териалдық-техникалық әлеуеті ны­ғайып, күнделікті газет шығару­мен қатар төл басылымда­ры­мыздың тарихын зерттеуді де қолға алдық. Былтыр облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 95 жылдық мерейтойын өткізу барысында газеттеріміздің тари­хы біз негізге алып жүрген 1918 жылғы 17 қарашада емес, одан әріде екендігін, әлде де тыңғылықты зерттеулер қажеттілігін айттық. Ал­ғашқы нөмірге санап жүрген «Известия»-«Хабар» газетінің ал­дын­­да «Ұран» газетінің болғандығы және алдағы уақытта осы газетті із­дестіруді бастайтынымызды хабардар еттік. Бұған бірнеше себеп болды.

Біріншіден, өткен жылы Мәскеу мұрағаттарынан «Известия»-«Ха­бар» газетінің 1918 жылдың ая­ғына дейін шыққан сандары­ның көшірмесін түгелге жуық әкелген­біз. Міне, осы газеттің алғашқы нөмірінде, араб әліпбиімен жа­зылған нұсқасында облыстық кін­дік комитеттің №12 хаттамасы жарияланған. Онда «баспасөз та­рату ісі ілгерілеп, жемісті һәм пайдалы болуы үшін Астраханнан келген жаңа баспахана мен Хан ордасындағы «Ұран» баспаханасы біріктіріліп, ол баспахананы басқару ісі жолдас Выгдорщикке тапсырылсын» делінген. Хат­тамадағы «баспасөз тарату ісі ілгерілеп...» дегеннің өзі бұрын барды жаңа жүйеге ыңғайлап жалғастыруды меңзейді. Осылай­ша «Ұранның» орнын «Известия»-«Хабар» газеті басқанын дәлелдейді.

Екіншіден, «Қазақстан» (1911-1913), «Ұран» (1917-1918), «Известия»-«Хабар» (1918), «Дұрыстық жолы» (1919) газеттерін шығару барысында көптеген азамат бас бі­ріктірді. Бірақ осы басылым-дар­дың бәріне бірдей белсенді атса­лысқан екі тұлға бар. Олар – Ғұмар Қараш және Ғабдолғазиз Мұсағалиев. Ғұмар Қараш «Қазақ­стан» газетіне редакторлық етсе, Ғабдолғазиз Мұсағалиев жазылу жұмыстарын ұйымдастырып, қаржы жинауға және таратуға көмектеседі. Ал «Ұран» газетіне редакторлық еткен – Ғабдолғазиз Мұсағалиев. Газетте Ғұмар Қара­ш­тың көптеген мақалалары жа­рық көрген, тіпті газеттің мақсатын айқындайтын «Ұран» атты өлеңі де жарық көрген. Ал бұл тұлғалар­дың «Известия»-«Хабар» газетіне де қатысы барлығын 1968 жылғы 17 қарашадағы газеттің елу жылдық мерекелік нөміріндегі Тамимдар Сафиевтің мақаласы дәлелдей түседі. Онда «Хабар» және «Қазақ дұрыстығы» аталып, екі тілде шыққан газет орнына бір ғана қазақ тілінде газет шығару мәселесі талқыланғандығы, көп­шіліктің ұйғарымымен газет ата­уы «Дұрыстық жолы» болып өз­гер­тілгенде оның редакция ал­қасында Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсаға­лиев, Халел Есенбаев және мақала авторы Тамимдар Сафиев кіргендігі айтылған. Осымен-ақ бұл тұлғалардың баспасөзбен тығыз байланыста болғандығы көрінеді. Өкінішке қарай, Кеңес дәуірінде осындай ұлт зиялыларының хал­қы үшін жасаған қызметі айтылмады. Тіпті ағартушы, ақын, ойшыл Ғұмар Қараштың еңбегі түгіл, атын атауға тыйым салынды. Көбінесе «Известия»-«Хабар» газетінің ре­­дакторы – Ішкі ордалықты басқа­рушы облыстық кіндік (орталық) комитет төрағасы Степан Милю­тиннің аты ғана аталып, басқасы көлеңкеде қалды.

Ғұмар Қараш және Ғабдолғазиз Мұсағалиев – екеуі де қазақ тарихында ойып алатын орны бар, ел үшін жанкешті еңбек еткен, бас­пасөз саласы арқылы халық санасын оятуға орасан еңбек сіңірген тұлғалар. Бұл газеттер қоғамдағы саяси жүйе қанша өзгерсе де, мүмкіндігінше халық үшін аянбай қызмет етті.

Үшіншіден, біз баспасөз сала­сын зерттеумен жаңадан айна­лысып жүргендіктен, әр тапқаны­­мызды жаңалық ашқандай бо­­ла­мыз. Бірақ кәнігі кәсіби маман­дар бұны әуелден білгендей. Ал­маты қаласындағы Ғылыми кітапханада «Орал өңірі» газетіне қатысты формуляр былай толтырылыпты: «Қызыл ту. Оралдың губерниялық партия комитеті мен атқару комитетінің газеті. Орал, 1922-1929.

1917 ж. июлінен-1918 ж. – «Ұран»; 1919 ж. – «Дұрыстық жолы»; 1919-1920 жж. - «Сахара таңы»; 1920-1930 жж. – «Қызыл ту»; 1931-1957 жж. «Екпінді құрылыс»; 1958-1964 жж. – «Октябрь туы»; 1965 ж. 1 янв – «Орал өңірі» деп аталады».

Міне, мұнда газеттің «Ұран­нан» басталатынына еш күмәнданбай­ды. Жүйелеп, тап-тұйнақ етіп көр­сеткен.

Төртіншіден, «Ұран» газетін Ке­ңес үкіметі тұсында баспасөздің бастауына негіз етуге саясат жол бермеді. Бұған Сәкен Сейфул­лин «Тар жол тайғақ кешу» романында: «Бөкей ордасының бір­аз оқығандары, ақын, молда Қарашұлы бас болып, «Ұран» деген газет шығарып, «Алашорданы» ұран қылып тұрды...» дегені­нің өзі дәлел. Алашорданың ай­­­наласындағының бәрі «халық жауы» болғандықтан, газет те осы санатқа жатқызылып, іздегенде «әп» дегеннен-ақ таба алмауы­мыз­дың сыры осыда болар.

Газеттің атаулары өзгергені­мен, баспахана ортақ, шығарушы­лары бір болғандықтан, бір-бірін жалғастырған басылымдар. Жоға­рыдағы айтылған негіздерге бай­ланысты бүгінгі «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің бастауы 1917 жылы шілде айынан Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің редактор­лығымен жарық көр­ген «Ұран» газетінен бастау алатыны анық.

«Ұран» қалай табылды?

Өткен жылы қос басылым­ның 95 жылдығы қарсаңында-ақ «Ұран» газетін таныстырып, тарихын тереңдеткіміз келген. Бірақ қанша іздесек те, түпнұсқасын, не көшірмесін таба алмадық. Сондықтан ойымызды айқындау болашақтың еншісіне қалды. 1911-1913 жылдар аралығындағы жарық көрген «Қазақстан» газе­тін Ресей мұрағаттарынан іздеп тапқан тәжірибеміз бойынша ресейлік көптеген мұрағаттар мен кітапханаларға сұрау салдық. Өкі­ніштісі, ешбірінде сақталмап­ты. Бірақ газеттің шыққаны анық, көптеген тұлғалардың көзімен көргені, оған өздерінің бағасын бергені анық. Не мұрағат, не мұражай, не кітапхана, не жекелеген адамдардың қолында сақталуы мүмкін деген оймен індетіп, іздестіруімізді жалғастырдық. Ал­ғашқы қуанышты хабарды ғалым Мақсат Тәжімұрат жеткізді. Ол Алматы қаласындағы «Респуб­ли­калық кітап мұражайы» РМҚК-дан «Ұран» газетінің бірнеше санын тапқан. Біздің жанұшырып іздеп жатқанымызды естігендіктен, құнды дүниені бізге беруді жөн санапты. Тіпті электронды көшірмесін жасатып, алып кетуге дайындатып қойған. Барып алдық. Тігіндінің бетіне былай деп жазылыпты: «халық ақыны Надралиев Андаштың (1889-1954) жеке қорынан. Бұрынғы Астрахан облысы, Бөкей ордасы, қазіргі Жаңақала ауданы, Жаңақазан ауылында дүниеге келген». Мұражай қызметкерінің айтуы бойынша, газет тігіндісі 1978 жылы тап­сырылған.

Араб әліпбиімен жазылған бас­­пасөзіміздің бастауы қара ша­ңыраққа жетісімен әріптесім Қаз­бек Құттымұратұлы кириллица­ға аударуға кірісіп кетті. Әр нө­мірі аударылған сайын оқып, қызығымыз басылмай, желпініп отырғанда, тағы бір жақсы хабар келді. Хабаршымыз Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық мұражайдың директоры Нұржан Төлепов «Ұран» газетінің көшір­месі Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы тұрғанын көріпті. Зерттеуші, ға­лым Мұстафа Ысмағұлов жинаған қордың ішінде «Ұран» газетінің де көшірмелері бар екен. Ағамызға алғысымызды айтып, облыстық өлкетану мұражайына бардық.

Мұстафа Ысмағұлов көзі тірісінде жинаған бірнеше қап құжаттың мұражайға тапсырылғанын біле­тін едік. «Қазақстан» газетін ал­ғаш тыңғылықты зерттеген де осы адам. Кеңес заманындағы солақай саясаттың кесірінен халыққа жария ете алмады. Мұстафа ағамыз шамалыға таптырмайтын «Ұран» газетінің фотокөшірмелерін де бір папкаға салыпты, тіпті осы га­зеттің бас редакторы әрі ұйым­дас­тырушысы Ғабдолғазиз Мұса­ғалиевтің көптеген еңбегін жинақ­тап, зерделепті. Мұражай басшы­лығымен келісіп, осы еңбектердің көшірмесін алдық.

Қолда бар газет көшірмелерінен түйгеніміз – «Ұранның» шама­мен 40-50 нөмірі жарық көрген. Біз 10 нөмірін таптық. Нақты айтсақ, мына нөмірлер: №6, 1 қыркүйек 1917 жыл, жұма; №7, 12 қыркүйек 1917 жыл, сейсенбі; №8, 26 қыркүйек 1917 жыл, сейсенбі; №9, 7 қазан 1917 жыл, сейсенбі; №20, 31 желтоқсан 1917 жыл, жексенбі; №24, 16 ақпан 1918 жыл, жұма; №28 (датасы белгісіз); №30, 28 (10) наурыз 1918 жыл, бейсенбі; №38, 16 (3) мамыр 1918 жыл, бейсенбі.

Бүгінгі күні бұның өзі үлкен олжа. Сондықтан әзірге осыған қанағат етудеміз. Алдағы уақытта атқарар жұмыстың көптігі айтпаса да түсінікті.

Жиырмасыншы ғасырдың ба­сы – қазақ елін отарлаудың бел­сенді деңгейіне көшкен сәті. Бір отарлаушының орнына екіншісі ауысып, халық кімге сенерін, кім­нің айтқанымен жүрерін білмей, дұрыстығына жөн сілтегендердің айтқаны жаппай халыққа естілмей, абдыраған кездер еді. Осы сәтте барша қазақтың басын бір мақсат, бір мүддеге тоғыстыруға қауқарлы тек қана газет болды. Осыны жете түсінген қазақтың зия­лы қауым өкілдері Батыс өңірінде тұңғыш рет тұрақты, жүйелі басылым – «Қазақстан» (1911-1913) газетін шығарса, одан әрі «Ұран» (1917), «Известия»-«Хабар» (1918), «Дұрыстық жолы» (1919) басылымдарын ұйымдастырды.

Біз газетіміздің шыққан жылын әріге шегеріп, жасын ұлғайтуды мақсат еткен емеспіз, ең бастысы – шындықты, ақиқатты айқындау. Бұл Кеңес үкіметі тұсындағы 73 жыл бойы айтуға, тіпті ойлауға тыйым салынған жағдай еді. Азат ел болғанымызға тәубе. Өт­кенімізді саралап, жақсылығын ұр­паққа айтатын күн де туды.

Жантас НАБИОЛЛАҰЛЫ, "Орал өңірі"

Добавить комментарий

Filtered HTML

  • Адреса страниц и электронной почты автоматически преобразуются в ссылки.
  • Разрешённые HTML-теги: <a> <em> <strong> <cite> <blockquote> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Строки и параграфы переносятся автоматически.

Plain text

  • HTML-теги не обрабатываются и показываются как обычный текст
  • Адреса страниц и электронной почты автоматически преобразуются в ссылки.
  • Строки и параграфы переносятся автоматически.
CAPTCHA
Подтвердите, что Вы не робот.