"Электронды қазақ үй"- ұлт зиялыларының назарында

Таласбек Әсемқұлов, жазушы, кинодраматург, күйші:

«Электронды қазақ үй» –  мектептердегі әдебиет пен ұлттық музыкалық педагогиканың көмекші құралы

Бұл өте жақсы бастама, өйткені, мектептегі музыкалық педагогиканың жіберіп жатқан олқылығын, орнын толтыра алмай жатқан кейбір мәселелерін мына жоба толтырады, өйткені, мұнда мыңдаған қазақтың музыкалық мұрасы жазылған, содан кейін мектептегі фольклорлық тәрбие пәндерінің де олқылығын толтырады, өйткені, оларды даусы жақсы, мықты актерлер оқыған. Совет заманында техника дамымаған кезде ертегілерді шығару қиын еді, Мелодия деген жалғыз фирма бар еді, оның  Ленинград пен Тәшкентте екі зауыты болды, сол екі зауыт қана шығарады, шығарушылар кезекке тұрады, сондықтан ертегі көп шыққан жоқ, өйткені, оның әңгімесі көп болды, бірнеше ертегіні драма театрдың ертегілері оқып жаздырған болатын. Содан кейін радиода «Ерден атайдың ертегілері» деген хабар болды, ұмытпасам, алғашында сенбі кешке берілді, сосын күнде оқылатын болды. Кейіннен шамасы ақша табу үшін болу керек жазушылар былықтырып алды, әрқайсысы ертегі жазумен айналысып кетті, ол халықтың ертегісіндей бола алмайды ғой, сонымен ертегілер нашарлап, былықтырып алды. Бірақ бұл жобаның кереметтігі, қазақтың атақты, даңқты ертегілерін жақсы актер, дикторлар оқып берген. Бұл, әсіресе,мектептердегі әдебиет пәніне үлкен сүйемел, қосымша құрал. Сосын ұлттық музыкалық педагогикаға көмекші құрал.

Ұлттық тәрбие деген не? Бала кішкентай кезінен ұлттық музыканың рухында, ұлттық әдебиеттің, ұлттық мәдениеттің аясында өсу керек. Мектепте барлық уақытта ұлттық тәрбие бола бермейді, өйткені, жаһандану процесіне енгеннен кейін мұнда әлемдік ғылым, білім  пәндері оқытылады. Мына қазақ үйдің сыртқы түрі де керемет, өйткені, қазақтың киіз үйі ұрпақтың санасында жаңғырады. Қазір көп адам, әсіресе, балалар киіз үйді естігенімен, онда ешқашан тұрып көрмегеннен кейін, оның не екенін біле бермейді. Сондықтан өнімнің қазақ үй болуы, киіз үйде күй тартылып,ән, ертегілердің айтылып жатуы – ұрпақтың санасында көне бабалары тұрған киіз үйдің  керемет ұнамды бейнесін қалыптастырады. Сосын киіз үй жақсы, дана сөзбен, күймен, әнмен әсерлес болып адамның санасында бекиді, матаса байланысады. Жинақтап келетін болсақ, киіз үйдің басты маңызы – ішкі мазмұны. Ұрпақты тәрбиелеу жолында сәтті табылған жоба. Басқа кейбір жобалардың бағасы қымбат, ал мына жоба қол жетімді, балалар үшін керемет жоба. Мысалы, әр үйде домбыра, қобыз секілді бабалардың ескі мүліктері тұру керек, сонымен қатар меніңше әр үйде осы «Электронды қазақ үй» тұру керек. Өйткені, біз жүз жерден әлемдік мәдениетке енетін болсақ та, жаһанданатын болсақ та біздің ұлттық негізімізді ешқашан ұмытпауымыз керек.

Көп адамдар бесік жырын ұмытып кетті, жас аналар өзінің балаларына бесік жырын айтып бере алмайды,  менің ойымша, бала туғанда ұлттық тәрбиеде, бесікте болу керек. Өйткені, бала ана сүтінен бастап тәрбиеленеді ғой. Сондықтан бесік жырларының болғаны өте жақсы, құптарлық жағдай. Сонысымен де бұл өте сәтті жоба. Өйткені, сыртқы келбетінің өзі керемет қой. Киіз үй және одан бабалардың сөзі, әні, күйі, жыры естіліп жатуы – таңғажайып дүние, таңғажайып форма.

Серік Акрамұлы Қалиев,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, баспагер:

«Электронды қазақ үйдің» ішіндегі құнды мұралар – ұлтымыздың асқақ рухы

Тәуелсіз Қазақ елінде тұңғыш рет жасалып отырған «Электронды қазақ үй» өнімі – заманауи тәрбие құралы. Жаһандану үдерісі аққан селдей, жанған өрттей жайлап бара жатқан уақыт ағысында ұлттық тәлім-тәрбие желісін үзбей, ұлттың ән қорын, рухани байлығын сақтап, ұрпақ санасына сіңіру ел болып жұмылатын келелі іс. Осы тұрғыдан келгенде дер кезінде халықтың қолына тиіп отырған бұл ұлттық өнімнің маңызы өте зор. «Ел боламын десең,  бесігіңді түзе» деп алаңдаған Мұхтар Әуезовтің аманатына,  Алаш арыстарының асыл мұратына деген адалдықтың жарқын көрінісіндей болған игілікті шараның басы-қасында жүрген азаматтардың ыждаһаттылықпен құрастырған қазақ киіз үйінің ішіндегі құнды мұралар ұлтымыздың асқақ рухы.

Балаларға арналған қызықты, тағылымды ертегілерден бастап, әндер мен халық әндері, терме-толғаулар, бесік жырлары, күйлер, хакім Абайдың қарасөздері қамтылған бұл өнімге 1 200 шығарма енгізілген. Білікті мамандардың сараптауынан өткен туындылардың тәрбиелік мәні терең, дыбыстық сапасы жоғары.

Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің тапсырысы бойынша жасалған бұл өнімді кез келген отбасында тұратын рухани көмекші құрал, сарқылмас қазына, асыл мұра деп қабылдауға болады. Заманауи электронды техниканың барлық мүмкіндіктері пайдаланылған бұл өнімнің тұтынушылар денсаулығына зияны тимейтін экологиялық таза дүние екендігіне күмән жоқ. Электронды кішкентай қазақ үйдің түңлігінен әуелеген дәстүрлі ән, күмбірлеген күй, аналарымыздың бесік жыры мен ертегі әлемі елін, жерін сүйетін ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеудің заманауи үлгісі. Кітапшада барлық шығармалар мен авторлардың аты-жөндері қамтылған. Рет санымен берілген туынды атаулары арқылы қалаған шығармаңызды тыңдауға болады. Сондай-ақ, құнды пікірлер берілген. Ендеше, аталған өнімді халықаралық стандартқа сай жасалған бұйым ретінде қабылдауға әбден болады.

 

Еркін Шүкіманов, Құрманғазы атындағы қазақ Ұлттық консерваториясының ұстазы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

«Электронды киіз үй» домбырамен қатар кез келген қазақтың шаңырағында тұруы тиіс қымбат дүние

Күн сайын дамыл таппай, дамып бара жатқан мына заманның көшіне ілесу, жаңалыққа ұмтылу деген сылтаумен ұлтымыздың ұлттық қасиеттерінен, салты мен дәстүрінен, танымы мен талғамынан, рух пен ерлікке толы қисса-дастандарынан, тәлім мен тәрбиеге толы термесі мен толғауынан, асқақтық пен тереңдіктен тұратын әні мен күйінен, жырынан ажырап бара жатқан ұрпақтың қалыптасып келе жатқаны жасырын емес. Осы ретте ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің әртүрлі құралдары, әдіс-тәсілдері бала-бақшалар мен оқу орындарында қолданылып келеді. Дей тұрғанмен, жаңалыққа ұмтыла отырып, қазіргі кезеңнің озық технологияларын пайдалана отырып, жас өскін өрендеріміздің санасына ұлттық құндылықтарымызды сіңірудің әртүрлі жолдарын қарастыру керек секілді. Соның алғашқы қадамы, міне, басталғанға ұқсайды. Қолымызға тиіп отырған «Электронды киіз үй» өнімі көңілге әбден қонымды екен. Қазақ халқы ертеден тал бесіктен жер бесікке дейінгі бүкіл ғұмырында ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл аударған. Әр жас ерекшелігіне қарай бесік жырынан бастап, ертегі, қисса, дастан, батырлар жыры, ән-күй, сөз бен ой кестесін салар шешендік өнерге де бейімдеп, қанатын қыранша қатайтып, топқа салып ел бастауға да, қол бастауға да баулып отырған. Қолымызға тиген  «Электронды киіз үй» өнімі осы үдеден шыққан десе болады.

Өнімнің алғашқы бөлімі бесік жыры, ертегілерден басталған екен. Бұл баланың дүниеге келгеннен бастап, құлағына ән мен күйді сіңіруіне ықпал етсе, тілі шығып, есейе келе ертегі тыңдау арқылы бала қиялының өсуіне ықпал ететіні сөзсіз. Балалар әні де қазіргі кезде өзекті мәселе болып отырғаны белгілі. Сол себепті бұл өнімнің ішіне балалар әнін өте орынды енгізген. Баланың өзі қосылып, ән айтуына көп көмегін тигізеді деп ойлаймын. Бұдан кейін рухқа толы халық әндері мен халық композиторларының ән-күйлері және ғибратқа толы терме-толғауларға орын берілген. Бұл балаға өз халқының музыка мәдениетімен танысуға, тыңдай отырып көкірегіне биік рух дәнегінің егілуіне, терме-толғаулар арқылы сөз мәйегін түсінуге ерекше әсерін тигізеді деп ойлаймын. Келесі кезекте Әнұраннан бастап елін, жерін сүюге арналған патриоттық әндердің бірсыпырасы берілген. Бұл да ертең елі үшін ет жүрегін жұлып берер ұрпақтың қалыптасуына ықпал ететін әндер, тіпті, бізге ауадай қажет әндер. Соңғы бөлімдегі қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың қарасөздері жас бала түгілі, кез келген ересек адам үшін, кез келген уақытта қажет, әрі біліп өсуіміз керек екені бесенеден белгілі. Сондықтан Абайдың қара сөздері өте орынды қосылған деп ойлаймын.

Ендігі бір сөз, өнімнің дизайны жөнінде. Дизайн ұлттық нақышта жасалған. Қазақтың ұлттық киіз үйінің формасында жасалған бұл өнім, баланың санасына бірден әсер етіп, өз ұлтының дүниесіне бала жастан көзі қанығып өседі. Тағы бір айта кетерлігі, бұл өнімде тек соның ішінде ғана дүниелерді тыңдап қоймай, флешка салу арқылы басқа да қалаған музыкаңызды тыңдауға және радиоқабылдағыш қосуыңызға мүмкіндік бар, алыстан басқару тетігі арқылы да іске қосып ажырата аласыз. Бұл қазіргі заман талабына сай жасалған дүние деп айтуға әбден тұрарлық. Қосымша кітаптың сыртқы мұқабасы да ұлттық нақышта көркем безендірілген. Ішінде қазақ ойшылдарының бала тәрбиесіне байланысты тағылымдық ой-пікірлері топтастырылған  және белгілі қоғам қайраткерлерінің осы «Электронды қазақ үй»  өніміне байланысты ізгі лебіздері сәтті берілген. Мазмұны да жақсы көрсетілген. Орындалған шығармалардың әнінің, сөзінің авторлары және кім орындағаны жөнінде толық мағлұмат берілген.

Жалпы қолымызға тиген бұл өнім болашақ ұрпақты, яғни, болашақ ұлтты тәрбиелеуде алатын орны ерекше болмақ. Осы өнімнің ішіндегі бүкіл дүниені меңгеріп, жүрегіне сіңіріп өскен кез келген бала «ұрпақ қамын ойлар, арманы биік асыл ерге» айналары сөзсіз. Сондықтан «Электронды киіз үй» домбырамен қатар кез келген қазақтың шаңырағында тұруы тиіс қымбат дүниеге айналуы керек деп білемін. Себебі, ұрпақ өсіп келеді. Ал, ұрпақ ұлтын сүйетін болуы тиіс. 

Добавить комментарий

Filtered HTML

  • Адреса страниц и электронной почты автоматически преобразуются в ссылки.
  • Разрешённые HTML-теги: <a> <em> <strong> <cite> <blockquote> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Строки и параграфы переносятся автоматически.

Plain text

  • HTML-теги не обрабатываются и показываются как обычный текст
  • Адреса страниц и электронной почты автоматически преобразуются в ссылки.
  • Строки и параграфы переносятся автоматически.
CAPTCHA
Подтвердите, что Вы не робот.