Тозақта өксіген тағдыр

Адамзат тарихындағы ең алапат соғыстың зобалаңын тартқан қазақ жұртының өкілдері қаншама! Тағдыры талқандалып, көкірегі зар мен запыранға мелдектеген шерменделердің бірі — Қуаныш Досанов. Жаңақала ауданының тумасы. Казарма жетіжылдық мектебінде ұстаздық етіп жүрген ол 1939 жылдың күзінде әскер қатарына алынған-тұғын. Соғыс басталарда Батыс Украинадағы Львов облысының аумағында, Буг өзенінің аңғарындағы Дрогобыч қаласында жайғасқан әскери құрама сапында қатардағы жауынгер еді. Жауынгерлер 21 маусым, сенбі күні кешкісін облыс орталығынан келген өнерпаздардың концертін тамашалаған соң мәз көңілмен жайбарақат ұйқыға бас қойған.

Жазғы мезгілдің қысқа таңы қылаң бергеннен-ақ, жерде, көкте мыңдаған самолеттер мен танкілер уы сеспей қатыратын қара құрттай қаптап, еліміздің батыс шекарасы әп-сәтте өрт құшағында лаулады. Зұлым күштер әлемді әлем-тапырық жаңғырықтырып, күллі дүниені ойпаң-тойпаң күңірентіп жіберді. Қ. Досанов өзінің басынан өткен отты күндер хақында естелік жазып қалдырған екен. Естеліктің төсемін қазақы қара сөзбен салып, арасында өлеңдетіп, бір-біріне мінбелеген қым-қуыт қысылтаяң оқиғаларды қаз-қалпында өзіндік қарапайым сана-сезім, ой-толғамдарын еркін самғата отырып өрнектеген.

Бомбадан шошып оянып,

Қалдым біраз таңқалып.

Түсінгендей болмады,

Еш нәрсені аңғарып.

Жан-жағыма қарасам,

Жанұшырған бір халық.

Қараңғы қапас ішінде

Киімдерін таба алмай,

Естері шыға сандалып.

Тарс  татұрс  түгел айнала,

Кеткендей Жер де айналып.

Шырқырай шықты ащы үн:

«Помогите!» деген зарланып.

Асып-сасқан күйімде

Атып шықсам сыртқа мен –

Штаб және қоймалар…

Лапылдап жатыр бәрі де,

Қызыл отқа қармалып…

Неміс басқыншыларының елімізге осылайша тұтқиылдан шабуыл жасағаны айнақатесіз шындық. Бүгінде қайсыбір қарау пиғылдылар ақиқаттың тонын теріс айналдырып, Кеңес одағының фашизмнің быт-шытын шығарған Ұлы Жеңісінің мән-мазмұнын қаншама мансұқтағысы келгенімен, Қ. Досанов секілді ондаған, жүздеген миллион куәгерлердің шын-дық үнін өшіре алмайды. Өйткені тарихи нақты таным, дүние-әлем бас иіп мойындаған тарихи ақиқат соғыстың сұмдығын бастан кешкен халықтың жағында. Оны жоққа шығармақшы бейпіл ауыздылардікі – бос әурешілдік.

Қ. Досановтың қолжазба естелігін маған немересі берді. Атасының бастан кешкен қиянаты мен азапты тағдыры жайында кеңінен толғап жазуымды сұрады. Естелікті оқи келгенде, мынадай жағдайға тосылдым. Автор онда соғыстың ортаңғы үш жылдай тарихын шорт кесіп алып тастаған да, екі шетін, дәлірек айтқанда, алғашқы екі-үш аптасы мен соңғы екі-үш айын іліктіріп жалғап жазған екен. Неге бұлай? Оның жәйін немересі күмілжіп айтпай қойды. Сонсоң елдің осы қалай үлкендерінен сұрастырып, іздеу салып, зерттеу жүргіздім. Үзіліп қалған уақыт межесінде немістердің тұтқынында болған деректің құлағы қылтиды.

Енді алдымызға осы жұмбақ жылдардың шындығын ашуды міндет етіп қойдық. Болжам, түйсігіміз алдамапты. Ойлағанымыздай, құжатталған нақты деректер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің біздің облыс бойынша департаментінің мұрағатынан тап-тұйнақтай күйінде табыла кетті.

Бала кезімізден бізге аян, «пленник» деген атау арыстай азаматтардың ел-жұрт алдында жүзін күйдіріп, жерге қаратқан, жанын қарып түсердей тым уытты сөз еді. Едәуір көлемді қолжазбасында Қ. Досановтың немістердің тұтқынында болғанын айтуға дәті бармағаны атау сөздің қарғыс секілді сезілетін күйдіргілігінен деп білген дұрыс. Аталмыш мұрағаттағы құжаттардан көзіміз жеткені — ол 1941 жылғы 11 шілдеде тұтқынға түсіп, содан тозақтың отынан бетер қиямет-қайым небір азап пен қор-лықты басынан өткерген.

Тергеушінің қойған сұрақтарына қайтарған жауабы мен іске тіркелген өзінің «Плендегі өмір» атты өлеңі бір-бірін толықтырып, кермек дәмді кесепатты қаз-қалпында көлеңдетіп, көз алдымызға тосты. Өлеңнің соңында уақыт мерзімі 1946 жылғы 7 қазан деп көрсетілгенімен, одан бұрынырақ жазылды ма, кім білсін. Тұтқындағы азапты күндерде жадында жүйелеп жаттай жүріп, қағазға кейін түсіруі де мүмкін.

«Саптыаяқтың сабына қарауыл қойған» қытымыр да секемшіл заманның сипаты көзге ұрып тұр. Өлеңде саяси жат пиғыл бар ма деп сезіктенген сыңайлы. Облыстық «Екпінді құрылыс» газетінің қызметкері А. Хамидуллин «Өлеңде антисоветтік пиғыл жоқ» деп 1946 жылғы 18 қарашада пікір жазып, қол қойған.

Немістердің тұтқынынан америкалықтар құтқарғаннан кейін совет әскери делегациясының өкілдері Қ. Досановты тергеп, тексеріп елге қайтарған. Ел айналып, жер айналып, Отанына оралған соң Подольск фильтрациялық лагерінде екінші рет тергелді. Сонда округтік «смерштің» шешімімен айыптылар батальонына (штрафбатальонға) жіберілді. Екі-үш ай майданда қан кешті. Берлинді алу үшін қаһармандықпен шайқасты. Егер азын-шоғын айыбы болса, ол енді артығымен өтелгендей еді. Майдангер естелігінің мына үзіндісі соны айғақтағандай.

«…Рейхстагтың біздің тұсымыздағы терезесінің жоғары жағының тастары опырылып түскен. Аңырайып тұр. Көзіміз ішіп-жеп барады. Осылай отырғанымызда, бізден қатары молырақ басқа бір бөлімшенің сайыпқырандары екі рет штурм жасады. Біз соларға қосылдық. Бірақ екеуінде де ішке енуге шамамыз жетпеді. Нөсердей жауған оқ қатарымызды қанжардай қиып түсірді. Бұрынғы орнымызға қайта тығылдық.

Ондайда уақыттың қалай өткені байқалмайды. Зауал әлдеқашан ауып, күн еңкейе бастаған шама болар, сірә. Біздің артиллерия мен катюшалар бір уақта Рейхстагты төпелей бастады. Біз ық бетте едік. Улы газ бен түтін тыныс жолдарымызды бітеп, берекеміз қашты. Үшінші рет шабуыл бастарда өзіміздің таныс көрші батальондар мен роталардың тобы қатарымызды толықтырды. Кіші сержант Пятницкий, қатардағы сарбаздар Ещанов, Еремин, мен бұрын біліңкіремейтін Дроздов және Алексеев Қайырғали дейтін қазақ жігіті қосылды. Олар Сьянов дегеннің бөлімшесінен болып шықты. Сәл ес жиған соң Пятницкий: «Рейхстагқа ту тігейік!» деп ұсыныс жасады. Арамыздан ешкім ыңғай бере қойған жоқ.

Енді ол маған бұрылып: «Сенің салмағың жеңіл сияқты. Терезенің анау тасы түскен тұсына іліктіріп ту тік, мен сені көтерейін» деді де, өзімен бірге алып жүрген туға — қызыл матаға аты-жөнін, әскери бөлімшенің нөмірін жазуға кірісіп кетті. Ондай тудың өзімде де бары есіме түсіп, суырып алсам, тер сіңгеннен түсі өңіп, өзгеріп кетіпті. Карандаштың жазуы жұқпайды. Пятницкий: «Керегі жоқ. Тірі болсақ, артынан табамыз, аты-жөніңді, әскери бөлімшеңді жазып бер» деген соң, айтқанын орындадым.

Екеуміз шұңқырдан шығып, терезеге жеттік. Ол еңкейіп арқасын, иығын тосып, мені жоғары көтерді. Тастың кертешін, кішкене қуысын тауып, туды қадай бергенде, оқ тағы да үдемелеп, жауды да кетті. Бір заматта анау-мынау емес, қатты жарылыстан құлағым тұнып құлап бара жатқаным санамда жылт етіп өтті. Туды тас тұғырға бекітіп үлгердім бе, жоқ па, анығын білмеймін…

Жаным кіресілі-шығасылы, шала өлік болып жатқан жерімнен кейін біреулер тауып, дәм-тұзым таусылмаған да, госпитальға жеткізіліппін. Кім екенім белгісіз, ешқандай құжат болмаған. Познань қаласындағы эквагоспитальда «қатардағы красноармеец» деген атаумен ерінбей емдеп, әлденеше аптадан соң есімді әрең кіргізген ғой. Көзімді ашқанмен, құлағым тас керең тұнып қалған, бәрібір ұзақ уақыт бойы түзеле алмадым. Қайда? Қалай? Алғашқыда еш нәрсе ұғынған жоқпын. Сезім, түйсік мысқалдап қана кірді. Госпитальда төрт ай емделіп, тамыз таусылғасын лекерлеп елге оралдым.

Тағдырымызды талқандап соғыстың салған лаңын, бастан кешкен сұмдықтарды, аңсап талып жеткен Жеңістің шұғылалы, шапақты сәтін ұмыта аламыз ба?! Жер басып, тірі жүрген шағымыз да ешқашан естен кетпейді. Жадыңнан сусытып шығара салардай оңай дүние, жұқалтай жеңіл жазмыш емес. Миллиондаған адамның өмірін жалмаған, жарты әлемнің халқын зар еңіретіп, қан қақсатқан зұлмат! Жаратқаннан жалбарынып тілейтінім: біз көрген қанды қырғынды, біз ішкен улы запыранды кейінгі буын – ұрпағымыздың басына бермесін! Арасында өзімше өлеңдетіп, осы естелікті жазудағы мақсат – сан құбылып, ойнақшумен өткен біздің дәуірдің аласапыран ақиқатын кейінгі ұрпақ білсін, ақыл-санамен таразылап, тағылым түйсін деген ой.

Соғыстың соңғы нүктесін кезінде төмендегі өлеңмен қойғаным бар. Алдарыңа оны да жайып салайын. Кедір-бұдырына кешіріммен қарап, қабыл алыңыздар. Өйткені мұнда да соғыстың иісі мүңкіп тұрғандай көрінеді маған.

Кек қайнап, ыза кернеп бойды алған күн,

Ту тіксем деген қиял ойды алған күн.

Арпалыс, сол баяғы атыс-шабыс…

Оқ жауып, бомба түсіп дүркін-дүркін.

Елі үшін не көрмейді жігіт шіркін,

Сол жолда – арман, қиял бүкіл құлқың.

Жас ұрпақ, бәлкім, бізді есіне алар,

Деп сұрап ел мен жұрттан

«Бұл кім? Бұл кім?»

Шынымды айтсам, естелік авторының соңғы сөзі мені тереңнен қозғап, тебірентіп жібергендей. Ел алдындағы еңбегі мен ерлігі әділ бағаланбай, бүкіл ғұмыры көзтүрткімен өткен аяулы тұлғаның көкейіндегі күйініші, ішінде селдеткен көз жасы, шерменде сыры, мұңлы әуені сезіліп-ақ тұр. Тылсым дүниеден Қ. Досановқа хабар, белгі берілді ме екен, бір уақытта өзін іздеп сұрау салатын кезеңнің келерін дөп білген-ау. «Бұл кім? Бұл кім?» деп сұрау салар парызды пешене тура маған бұйыртқандай. Жазмыштың бұйрығын сондықтан да бүгінгі замандастардың әр буыны қанағат алардай, риза болардай сапалы, мәнді, мазмұнды етіп тындыруға ұмтылдым. Әр қиянға ой жүгіртуге, ерінбей ізденуге тура келді. «Іздеген жетер мұратқа» деген. Көксеген нәрсеге қолым жетті. Кейіпкер тағдырының күрделі иірімдерін айқындап ашатын деректер, құжаттар негізінен түгелге жуық табылды. Бірталай мәселенің астарына үңіліп, мән-жайын ұқтым, түсіндім».

«Рейхстаг үстіндегі Жеңіс туы» атты естелік мақаласында генерал-лейтенант К. Телегин: «1 мамыр күнгі таңғы сағат 5-те 8-гвардиялық армия аумағына немістің құрғақтағы жаяу әскерлері бас штабының басшысы генерал Кребс келді. Ол Гитлердің өзін-өзі өлтіргенін хабарлап, «Герман мемлекетінің жаңа басшысы доктор Геббельстің» тізе бүгу шарттарын тұжырымдау үшін совет командованиесінен бір тәулік бейбіт бітім уақытын сұрауға өзіне өкілеттілік бергенін мәлім еттті» деп жазады («9 мамыр, 1945 жыл» жинағы, 594-бет, Москва, «Наука» баспасы, 1970 жыл).

Соғыстың соңғы екі-үш айында Қ. Досанов дәл осы 8-гвардиялық армияның сапында (командарм В. Чуйков) шайқасты. Берлин іргесіндегі ұрыстардың бел ортасында болды. Қолжазба естелікте Темпельхоф аэродромын 26 сәуір күні басып алғаны, онда Гитлер мен Кребстің қашып құтылуы үшін бронды самолеттері дайын тұрғаны жайында нақты деректер келтірілген. Фашизмнің қанқұйлы көсемдері бұл арам ойларын жүзеге асыра алмады. Гитлердің өмірі ит өліммен үзіліп тынды. Ал генерал Кребстің 1 мамыр күні совет командованиесіне сүмірейген кейіппен келіп тұрған сиқы мынау. Бір күн бұрын ауыр жарақат алып әрі контузияға ұшыраған

Қ.Досанов бұл уақытта жайраған өліктер мен қирап жанған үйінді-қоқыстардың ортасында кеудесінде жаны барлы-жоқты күйінде жатқан еді.

Құжаты қылмыстық іс материалдары ішінен табылды, 1945 жылғы 2 мамырда әскери бөлім командирінің бұйрығымен И. Сталин атынан қатардағы жауынгер Қ. Досановқа алғыс жарияланған екен. Соған қарағанда, оның тірі қалғанын командир нақ осы уақытта білген-ау деп шамалаймын. Яғни ес-түссіз ауыр жараланған күйінде госпитальге жөнелтілгенін анық аңғаруға болады. Бұдан бұрын 23 сәуір күнгі бұйрықпен де осындай алғыс жарияланған, оның құжаты да тергеу материалдары ішінде.

Кейіпкеріміз қолжазба естелігінің соңғы жағында Рейхстагқа үшінші рет шабуыл бастарда Сьянов дегеннің бөлімшесінің бірнеше жауынгерімен бірге топ құрғанын атап көрсеткен ғой.

М. Мержановтың аталмыш кітабын қайталап парақтап отырғанда, Сьяновтың аты-жөні жарқ етіп, көз алдымнан шыға келді. Аға сержант Илья Яковлевич Сьянов өзіміздің жерлесіміз, яғни қазақстандық, Қостанай облысының Семиозер селосынан екен. Және бір ғажабы, Рейхстаг үстінде тігілген Жеңіс туын Мәскеуге әдейі тапсырмамен осы аға сержант И. Сьянов апарып жеткізген. Мемлекеттік мәңгілік құндылық ретінде сақтау үшін. Қандай да бір мемлекеттік маңызы зор тарихи орында! Бәлкім мемлекеттік тарихи музейде, бәлкім мемлекеттік әскери-тарихи мұрағатта. Осыны айғақтайтын бұйрықты оқып көріңіз: «20 июня 1945 года, №9422-917. Старшему сержанту Сьянову Илье Яковлевичу. С получением сего предлагаю Вам отправиться в город Москву со Знаменем Победы, воодруженным над Берлином. Срок командировки 12 дней. Об отбытии донести.

Командир войсковой части ПП 48251 Генерал-лейтенант Галаджев» (М. Мержанов. «Так это было», 157-стр. Москва, 1983 год).

Рейхстаг үстіне 30 сәуір, 1 мамыр күндері әркім әр жақтан әлденеше ту тіккені даусыз. Жалпы саны 40 шақты екені тарихта мәңгілікке таңбаланғаны мәлім. Ол тулардың қанша уақыт желбіреп тұрғанын дөп басып айта алмаймын. Мәскеуге апарып тапсыруға берілген бұйрық солардың ішіндегі ең бастысы – М. Егоров пен М. Кантария тіккен туға қатысты болса керек. Қ. Досанов оның ішінде туды аға сержант И. Сьянов бөлімшесіндегі Пятницкий екеуі бірлесіп тіккен болса, ол туралы ақпарат толығырақ болуы әбден мүмкін.

Кейіпкеріміздің Рейхстагқа ту тікккеніне жанама бір дәлел осы. Майданда толарсақтан қан кешіп, елін жаудан қорғаса да, оның ерлік істері күні бүгінге дейін лайықты бағаланған жоқ. Бүкіл ғұмыры «пленник» деген көзтүрткі кемсітумен өтті. Қоршауда қалып, амалсыздан немістің тұтқынына түскені үшін үшінші рет жауапқа тартылып, сегіз жыл бас бостандығынан айырылып, Сібірге айдалды. Сонда бүкіл мерзімін өтегеннен кейін барып толық ақталды. Бірақ елде бәрібір майдан-гер ретінде сый-құрмет көрмеді. Жұмыс та бермеді. Қ. Досанов жан қуатымен соның бәріне төзді, шыдады. Адамгершілік қадір-қасиетін жоғалтпай, парасат биігінен табыла білді.

Біздің бақытымызды қорғаған қаһарманның рухына бас иемін. Ерінбей ізденіп, кітапты жазудағы мақсатым да осы еді.

Тихон ӘЛІПҚАЛИ

Добавить комментарий

Filtered HTML

  • Адреса страниц и электронной почты автоматически преобразуются в ссылки.
  • Разрешённые HTML-теги: <a> <em> <strong> <cite> <blockquote> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Строки и параграфы переносятся автоматически.

Plain text

  • HTML-теги не обрабатываются и показываются как обычный текст
  • Адреса страниц и электронной почты автоматически преобразуются в ссылки.
  • Строки и параграфы переносятся автоматически.
CAPTCHA
Подтвердите, что Вы не робот.