Тексiздiктiң төркiнi мен тауқыметi

Бай бiткендi барынша мұ­қатып, кедейдi көкке көтерген кешегi кеңестiк заманда Ұлтымыздың көне тарихындағы бiр тәжрибе асқан анайылықтың жарқын мысалы ретiнде жаппай талқыға салынып, қатаң сынға алынғаны мәлiм; мұндай тәжiрибе – ұлы ер жеткен бай адам сол өңiр­дегi әлеуметтiк жағдайы өзiмен деңгейлес ауқатты адамның бой жетiп отырған қызына құда түсiп, бiр-бiрiн бұрын көр­меген екi жасты үйлендiрiп ерлi-зайыпты қылу тәжiрибесi.

“Ойбай-ау, бұл не деген сұмдық?! Махаббат қай­да, сүйiспеншiлiк сезiм қайда?! Бiрiн бiрi бұрын көрiп-бiлмегендердi үйлендiрiп, жастарды өмiрлiк бақытсыз ету дегенiңiз адам айт­қысыз масқаралық қой!” – деген мазмұндағы байбаламдар “со­циа­­листiк реализмнен” сусындаған кейбiр шығармалардың негiз­гi арқауларының бiрi ретiнде талай рет жарық көргенi есiмiзде.

Мұндай шығармалар “социа­лис­тiк қоғам заманы” деп аталатын “жаңа заманның” талап-тiлекте­рiне сәйкес ескiнiң бәрiн iске алғысыз етiп, сол “жаңа заманға” мейлiнше жат элемент өкiл­дерi саналатын бай да ба­қуатты адамдарды бүкiл қоғам алдында “қарабет қылу” мақсатында саяси тапсырыспен жазылғанын ендi-ендi ғана түсiне бастағандаймыз. Ал қазақ ұлты тарихында дәстүр­лi сипатты иеленген, бiр қарағанда, расынан да ке­лең­сiз­деу жайт болып көрiне­тiн жоғарыда сөз етiлген тәжiри­бе­нiң түп-төркiнiн зерделеп көр­сеңiз, оның үлкен мән-мағынасы болғанын, бұл тәжiрибе, бұрын ойлағанымыздай, халқымыздың “жабайылығының” көрсеткiшi емес, керiсiн­ше, ол ұлтымыздың ұлы­лығы мен кемеңгерлiгiнiң жар­қын мысалдарының бiрi екенiн қапысыз ұғынасыз. Ұлын үй­лендiру үшiн сырттай құда түсу дәстүрiнiң арғы төркi­нiнде әу­леттiң тектiлiгiн сақтау және сол тектiлiктi одан әрi жалғастыруға тырысу, сөйтiп Ұлтымыздың сапалық көр­сеткiшiн үнемi биiк деңгейде ұс­тауға деген талпыныс сияқты iзгi ниет пен мей­iлiнше маңызды мақсат-мүдде жатқанын шамалау қиын емес. Ер жеткен бозбаланың әкесi өзiнiң жетi атасында тектiлiк­тiң мiнсiз сақталғанын қаншалықты жақсы бiлсе, өзi таңдаған болашақ құдасының шежi­ресiнде де еш­қандай “кiнә­рат” жоқ еке­нiн, яғни бұл әулеттiң де өсiп-өну тарихында “кiм көрiнген­мен жанасу” мысалдары болмағанын жақсы бiлген. Ал мұндай сенiм – жаңадан үй­лендiрген жас жұбайлардан көретiн болашақ неме­ре­лер­дiң, бүкiл келер ұрпақтың “қаны таза”, мәртебесi биiк, яки тектi болуының бiр­ден-бiр кепiлi саналатын. Ал қазақтың “тектiлiк” деп аталатын аса терең түсi­нiгiнiң ауқымына “бекзаттық”, “рухани тазалық”, “адамгершi­лiк”, “адалдық”, “мәрттiк” т.с.с. талай-талай мей­iлiнше жағымды адами қасиеттермен қатар өзiне қарас­ты ұрпағының (ау­лының, руының, қоға­мының, ұлтының, елiнiң) болашағы үшiн жауап­кершiлiк сезi­мi топтасатыны анық.

Сырттай құда түсу тәжiри­бесi негiзiнен елiне елеулi, халқына қалаулы ауқатты адамдардың арасында ғана болған ғой. Бiз әңгiмелейтiн тектiлiк мәселесi бай болу мәселесi­мен сабақтас ұғым болып шығады. Алайда бұл екеуiн егiз ұғым деп мәлiмдеуге кел­мейтiнiн елiмiздiң өткенi мен бүгiнiн салыстыра сараласақ, қапысыз түсiне­мiз: өткен тарих тектi болу үшiн бай болу қа­жеттi­лiгiн меңзесе, бүгiнгi тарих “боқ-байлықты” жинағандар тектi­лiктiң маңына да жуый алмайтынын көрсетiп отыр... 

...Жалпы, бай болуға талпыну “адам” деп аталатын бүкiл пен­денiң негiзгi талпыныстарының бiрi. Ежелгi қа­зақтың байлары мен бақуатты адамдары өз байлықтарын аса кiрпияз тектi­лiгiн сақтай отырып атадан балаға жалғасатын мұра ретiнде қал­дыр­­ған, ал келесi ұрпақ сол байлықты одан әрi еселей көбей­тудi өзiнiң әулетi алдындағы, өзiне арқа сүйеген қоғамдық топ өкiл­дерi алдындағы негiз­гi мiндетi санаған. Бұл мiн­деттi жүзеге асыру рухы биiк, ниетi таза, таным-талпынысы адамдық пен адалдыққа не­гiзделген ұрпақ жалғастығын қамтамасыз ететiн, қоғамның сапалы күйiн дәйiм сақтайтын негiзi болып шығады. Ондай ұрпақ бүгiндi ғана емес, ертеңдi де ойлауға мiндеттi. Өйткенi елдiң бiрлiгi мен тiрлi­гiнiң тiзгiнi солардың қолына бе­рiл­ген, яғни олар қоғамның негiзгi дiңгегi рөлiн атқарған. Iшер ас пен киер киiмге жарымаған жарлы-жақыбайлар, түптеп келгенде, “тегiнен адас­­қандардың” ұр­пағы есе­бiнен көбейген, күнде­лiктi iшiп-жеудi ғана көксеген олар ел қамы үшiн “бас ауыртпаған”, тектi ағайындардың малын бағып, шаруасын жайлап күн кешкен...

...Осы тұжырымдарды мойындасақ, сырттай құда түсу дәс­түрiн iске алғысыз еткен социа­листiк қоғам идеологиясы байларды күл-талқан ету арқылы қазаққа тән тектiлiктi сақтауға емес, оны саналы түрде жаппай қиратуға бағытталғанын да мойындағанымыз. Қазан төңкерiсiнiң нәтижесiнде көршi елде “дү­ниеге келген”, бiздiң елiмiзге әуелi мысықтабандап енiп, кейiнiрек ашықтан-ашық күш­пен таңылған социалистiк қоғамның негiзгi идеясы бүкiл қоғам мүшелерiн әлеуметтiк тұрғыдан бiр-бiрiмен теңдес­тiру мақсатында “байларды кедейлерге жаппай жығып беру” болғаны баршамызға мәлiм. Қоғамның бүкiл мүше­лерiн бiр-бiрiмен теңдестiру идеясы қаншалықты тартымды болса, сол теңдес­тiрудiң “ке­дейдi бай қылу” емес, “байды кедей қылу” жолымен iске асырылуы соншалықты сорақы болып шыққаны қандай өкi­нiштi! Бұл дегенiңiз, сайып келгенде, адамдардың тектi­лiгiн әлпештеу арқылы қоғам мүшеле­рiнiң сапасын бiрте-бiрте арттыра беру емес, сапалыларды жаппай құртып жiберу, сөйтiп бүкiл қоғам мүшелерiн әдейi сапасыздандырумен пара-пар әрекет қой. “Ұлы көсемiмiз” Лениннiң “Елдi аспазшы да билей алады” деп мәлiмдеуi – жаппай тексiз­де­нуге бағдарлайтын ұран iс­петтi емес пе?! Қарапайым аспазшы қамбадағы қазынаға, қазан мен қасыққа, “оларды қалайша кәдеге жаратуға” қатысты жайттардың бүге-шүгесiне дейiн жатқызып-тұрғызуы әбден мүмкiн, бiрақ одан бүкiл тұтынушылар қамын ойлайтын кемеңгер басшы немесе сұңғыла саясаткер шыға қоюы екiталай нәрсе.

Лениннiң өз дегенiне жет­кенiн елiмiздiң социалистiк қоғам ауқымында өткiзген жетпiс жылдық тарихы қа­пысыз дәлелдедi. Мұның нәтижесiнде бүгiнгi таңда “қазiргi қазақ қоғамында тектiлер түгелге жуық қалмады, себебi социалистiк заман негiзiнен тексiз­дердiң дәуiр­леу заманы едi, бұл жылдар барысында некенсаяқ сақталған бұрынғы тектi­лер ұрпағының да қанын таза сақтауына мүмкiндiк шектелдi, соңғы үш-төрт ұрпақ тарихында (әрбiр ұрпақ арасын орта есеппен 20-25 жыл деп есептесек) ұлтымыздың өкiлдерi тегi мен шежi­ресi белгiсiздермен жаппай араласып кеттi” деп мә­лiмдеуге толық негiз бар. Қазiргi қоғамда “ғайыптан тайып” тектiлер ұр­пағы некен-саяқ ұшырасып қал­ғанның өзiнде де, олар ат төбе­лiн­дей аз. Олар қоғам мүшелерiн те­геурiндi тектiлiкке, бекзаттыққа икемдеуге дәрменсiз қа­лып танытуда. Мұның да себеп-салдарын санамен ұғы­нуға болады: тектiлiк – адалдықпен орайлас ұғым, ал адалдықта Ұяттан басқа қорған жоқ, сондықтан ол қашан да дәрменсiздеу, әлжуаздау; ал тексiздiктiң болмысы арсыздықпен ұштасып жатпақ, ал арсыздық – қашан да “ұр да жық!” дөрекiлiк пен жымысқы айла-амалдарға бейiм адамдардың сипаты. Қазiргi билiк маңына негiзiнен соңғылардың өкiл­дерi шоғырланған, олар ат төбе­лiндей тектiлердi жанына да жолатпауы – заңды құбылыс.

Бүгiнгi қарапайым ұлт өкiл­дерiнiң жаппай “жуасып қалуы” мен ел басқарған “ер­лерiмiздiң” белдi өкiлдерi­нiң өзi қылмыскер болып шығуы – ұлтымыздың болмысына тән тектiлiктен түгелдей дерлiк адасып қалғанымыздың бiр­ден бiр салдары. Қазiргi таңда жетi атасында айтулы адамдары жоқ ру өкiлдерiн, тiптi жекелеген әулеттiң өзiн табу оңай шаруа емес – арғы аталарымызды салмақтар болсақ, олар – кiлең бiр кө­семдер мен шешендер, кемеңгерлер мен батырлар, дүрлер мен дөкейлер! Соларды мақтан тұтып, ас берiп ат шаптыруды дәстүрге айналдырып жатқан бүгiнгi ұрпақ өкiлдерiне назар аударсаңыз, олар кiлең бiр “басын басқа жерiне тыққандар”; олар Ел үшiн еңiремек түгiлi, өз намысын жыртуға жүрексiнедi, мұндайлардан нағыз тұлғаға тән тарпаңдық нышандарын табудың өзi оңайға соқпайды. Ел басқаруға “сұрыпталып алынғандардың” кейпi одан да сорақы. Қарапайым халық өкiлдерi негiзiнен күнделiктi тiршiлiгiн ғана күйттеген қара тобырға айнала бастаса, тегi­нен адасқандардың iшiн­дегi ең пысықайлары мен нағыз жұтырлары билiк маңына шоғырланғандай әсер қалдырады: кi­лең бiр ұры-жемқорлар сол билiк өкiлдерiнiң арасынан шығуда. Және де ауыл-аудан көлемiн­дегi “шәлтүрiш­тер” ғана емес, облыс әкiмi мен министр деңге­йiн­дегi­лердiң өздерi де қылмыскер болып шығуы осы айтқанымыздың шындыққа сәйкес екенiн көрсетедi. Бұл – билiк басындағылардың да рухани тазалықтан жұрдай екендiгiн, яғни олар ешқашан да тектiлiктiң аулына қоңсы қонбағанын көрсетедi. 

Бiр сөзбен айтқанда, Кеңес үкiме­тiнiң бағдарлы саясаты нәтижесiнде жаппай енгiзiлген тексiздiктiң тау­қыметiн елiмiз бүгiнгi таңда тартудай-ақ тартып жатыр. Елiмiзде қазiр жаппай етек алған келеңсiздiктердiң түп-төркiнiн осы тексiздiктен iздесек, қателесе қоймаспыз. Осы орайда, бiр жағынан, бай болу мен тектi болудың, екiншi жағынан, тектiлiк пен жоғары дәрежелi адами қа­сиеттердiң (бекзаттықтың, рухани тазалықтың, адам­гер­шiлiктiң, адалдықтың, мәрттiк­тiң) ара-қатынасына тағы бiр қайтып оралу орынды. “Ке­шегi қа­зақ­тарда” бай болу тектi болудың бiрден бiр шарты, ал тектi­лiк­тiң бiрден бiр көрсеткiшi бекзаттық пен рухани тазалық болса, бүгiнгi қазақтарға бай болу үшiн тектi болу тiптi де шарт емес еке­нiн, бүгiнгi байлар негiзiнен бүкiл қоғамның емес, өз қарақан басының яки өз әулетiнiң қамын күйттеп кеткендерден құралғанын өмiрдiң өзi көр­сетiп бердi. Тексiздiк төркiнi тұрғысынан бағдарласақ, не­ге осылай болып шыққанын түсiнемiз. Қазекем “те­­гiн­де ештеңе көрмеген”, “жөр­­ге­­гiнде жарымаған”, “уызға тоймаған” деген сияқты аса уытты түсiнiктердi тудырғанда нақ осы жайтты меңзеген ғой. Кеңес кезiнде бүкiл қоғам мүшелерi жаппай жоқшылықта өмiр кешке­нi белгiлi, демек, олардың жаңа заманда халық дәулетiн талапайлау арқылы “оңай олжаға” кенелуi нәти­жесiнде иеленген материалдық байлыққа деген тойымсыздығы мен нысапсыздығын, бұл нысапсыздық рухани байлықтың құлдырауы нә­тиже­сiнде жүзеге асып жатқанын түсiну қиын емес. Бұл орайда:

“Тектi атаның баласы
 Елiнiң қамын жейдi.
Тексiзден туған, таласып
Елiнiң малын жейдi”
деген нақылдың өмiр тәжiри­бесiнен туындағанын ұғынып, ұлтымыздың ғұламалығына тағы бiр тәнтi боласың...

“Осылайша байыған қазақтардың ұрпағы бара-бара тектi әулетке айналуы мүмкiн бе?” деген мазмұндағы сұрақ – қызық-ақ сұрақ. Бұл сұраққа қазiргi таңда бiржақты жауап қайтару оңай шаруа емес, алайда, неге екенi белгiсiз, көкейде “әй, қайдам?!” деген күдiк үнемi басымдық танытады да тұрады...

Айтқандай-ақ, кеңес дәуi­рi­нiң саясаты нәтижесiнде тексiздену үдерiсi қазақты ғана шарпымаған. Кеңес ке­зеңiнiң “аға халқы” саналған орыс ұлтының өкiлдерi де бұл зауалдан құтылмаған. Қазан төңкерiсiнен бұрынғы кезеңде орыс дворяндарының “декабристер” деп аталатын бетке ұстар өкiлдерi қарапайым халық мүддесiн жақтағаны үшiн жаппай жапа шегуi, орыс зиялылары бiр-бiрiне үнемi “Ваше благородие!” деп тiл қатуы, түгелдей ақсүйек ұрпақтары саналатын орыс офицерлерi сәт сайын “честь имею!” деп қалт тұра қалуы сияқты сырт көрi­нiстердiң өзi-ақ орыс ұлты өкiлдерiнiң арасында да тегеурiндi тектiлер болғанының бiрден-бiр айға­ғы. Алайда қазан төңкерiсiнiң нәтижесi оларды да құрдымға жiбердi. Осындайда әскери мiндетiмiздi қатар атқарған орыс офицерiнiң айтқан қағытпасы есiмнен кетпейдi: “патша офицерi мен кеңес офи­церiнiң айырмашылығы неде?” деп сұраған-ды ол бiрде. Сосын өз сұрағына өзi жауап бердi: “патша офице­рiнiң зияткерлiк дәрежесi: “тап-таза боп қырынған, аздап қызғындау, зер­десi – Бахтан – Фейербахқа дейiн”; кеңес офицерiнiң бұл көрсеткiш­терi: “шала-шарпы қырынған, қып-қызыл мас, зердесi – Эдита Пьехадан – иди ты на х..-ға дейiн”.

Айтса, айтқандай-ақ қой! Кеңес кезiнде туылған, тегi түгелi туылу тарихы да беймәлiм подполковниктi көсем тұтқан бұл ұлт өкiлдерi сол “көсем” ұсынған саясаттың нәтижесiнде ағайынды екi халықты бiтiспес жау етiп, оларды қанжоса қылып жат­қан жоқ па?! Бұл – тектi адамның iстейтiн қарекетi емес...

Нәсiпқали СЕЙIТОВ,
ғылым докторы, профессор,
ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесi,
ҚазҒЖҒА-ның және
ҚР МРА-ның толық мүшесi (академигi).

Добавить комментарий

Filtered HTML

  • Адреса страниц и электронной почты автоматически преобразуются в ссылки.
  • Разрешённые HTML-теги: <a> <em> <strong> <cite> <blockquote> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Строки и параграфы переносятся автоматически.

Plain text

  • HTML-теги не обрабатываются и показываются как обычный текст
  • Адреса страниц и электронной почты автоматически преобразуются в ссылки.
  • Строки и параграфы переносятся автоматически.
CAPTCHA
Подтвердите, что Вы не робот.