СӨЗ БЕН БІЗ

(филологиялық фантастика)

Айтсам нанбайсыңдар, кеше мен бір ұрыны ұстап алдым. Ұры болғанда да анау-мынау емес, бөгдепланеталық ұры!

Шындығына келсек, өзі мойындап қойды.

Артынан білдім, аспаннан аяғы салбырап түсіп келе жатқанда гептилге уланып қалыпты – әйтпесе ағынан жарылатын ақымақ  емес қой…

Өзін аямай отырған ұрыға менің қайдан жаным аши қойсын, аяқ астынан тергеу хаттамасын толтыра бастадым.

Иә, мынау, сол хаттамадан үзінді:

— Не ұрлап жүрсің?

— Қазақтың сөздерін.

— Қандай мақсатта?

— Әр сөздің орасан зор энергиясы болады. Оны «Сөз сүйектен өтеді» дейтін өздеріңіз де білесіздер. Біз сөзді энергия көзі ретінде қолданамыз.

222— Қазақтан басқа халық жоқ па? Неге бізден ұрлап жатырсыңдар?

— Тап сіздей сөздік қоры бай және сол байлығына құрметсіз қарайтын халық еш Жерде, Жерде емес-ау, ғаламда жоқ.

— Сонда қалай ұрлайсыңдар? Керек сөзді көсіп алып жүре бересіздер ме?

— Денің дұрыс па? Олай оңай алынатын болса баяғыда бәрің бір ауыз сөзсіз, мылқау болып қалмайсыңдар ма?

— Сонда қалай?

— Біз, ең әуелі, қолданыстан шығып қалған сөздерді, турасын айтқанда иесіз сөздерді іздейміз. Мысалы, «ергенек» деген сөз 2013 жылдың бүкіл ақпан айында бір рет те қолданылмаған, яғни бұл сөз сіздерге керек емес дегенді білдіреді. Сондықтан, біздің заңымыз бойынша бұл сөзді алып кетуге әбден құқымыз бар.

— Оу, біреудің сөзін…. бұларың қалай…

— Енді қалай деп едіңіз?!. «Есіктен ергенек кетсе, иттен иба кетеді» дегендей…

— Өй, бұл біздің мақал емес пе, өзі?!

— Ха-ха! Емес пе, өзі?! Көрдің бе, өзің де сенімді емессің… Ергенегі жоқ ол мақалды қайтейін деп едің? Айтшы ал, бұл мақалды өзің соңғы рет қашан қолданып едің,ә?!

333— Оны қоя тұр. Қараусыз қалған сөздерді қарпығаннан басқа да тәсілдерің бар ма?

— Бар. Сөздің қолданыссыз қалуын күту өте көп уақытты талап етеді. Сондықтан, кейбір энергиясы ерекше сұмдық сөздерге қатысты басқа амал-тәсілдерді қолданып, бұндай сөздердің қолданыстан шығу процесін жасанды түрде тездетеміз. Ол үшін әлгі сөзді орынды-орынсыз әр жерге қыстырып әбден сүйкімін кетіруге жағдай жасаймыз. Содан соң, халық бұл сөзден әбден жеріп қолданбай қояды да қолтықтап алып кетуімізге жол ашыла бастайды. Мысалы, біз «НҰР» сөзіне қатысты осы тактиканы қолданып жатырмыз…

— Сен неге сонша сырыңды ашып жатырсың? Ертең халыққа осының бәрін жария қылсам ғой…

— Пішту, кім сенеді саған? Бұдан бетер былықтарға беті бүлк етпеген ел «халайық, сөзімізге ие болайық» деп атып шықсаң, әрі кеткенде «АТТАНшы-2» қылып қояды, болды!

-Онда, ана тілімізден айырып жатқан да сендер болдыңдар ғой? Дорбаламай, арбалап алу үшін дегенім ғой…

— Өйй, сөзіңе болайын! Басыңдағы бүкіл бақытсыздықтың бәрін бізге жабайын дедің бе? Және не сөздеріңді қолдарыңыздан, тіфу, ауыздарыңнан дегенім, жұлып алып жатырмыз ба, не?! Айттым ғой, біз олай ете алмаймыз. Заңы солай. Және күн сайын да келе алмаймыз…

— Иә, қашан және қаншалықты жиі құлап тұрасыңдар?

— Жалпы, біз қалаған уақытымызда, кез келген уақытта келе аламыз. Алайда, бүйтіп жалғанды жалпағынан басып жүру – энергияның үлкен шығынын талап етеді. Біз сендер сияқты ағыл-тегіл байлығымыз жоқ, болса да шашпалыққа салынбаймыз. Сондықтан, энергия үнемдеу мақсатында тосқауыл болып тұрған озон қабатының тесілген уақытын аңдып отырып, сол ұрымтал тұста зып ете түсеміз.

— Сонда, қай уақытта ол қабат тесіледі?

— Бұрын сөздің сыңайынан бәрін ұға қалатын сұңғыла едіңдер, қазір дік еткізіп төбелеріңнен бір қоймаса түсінбейтін миғұла болып бара жатқан жоқсыңдар ма түге?!.

— «Түге» де біздің сөз!

— Болған…

-Ал, жарайды… Сонда сендер кез келген уақытта бізге ұрлық  жасау үшін аспаннан аяқтарың салбырап түсе саламыз дедің бе?

— Аспандарыңның озоны ракетамен тесілгенде біз түсеміз, түсіндің бе? Қашан қайтатынымыз олжамызға байланысты. «Қонарымызды ракета, ұшарымызды ұрлығымыз біледі».

— Ұрының арты қуыс болушы еді, дік-дік етіп сөйлейсің ғой өзің…

— Жыным келеді сендерге!

— Е, неге? «Майшелпек» деп қуанбайсың ба, қайта?

— Сөздерің көп!…

— Мәссаған! Енді, сендерге керегі де сол емес пе еді?!

— Қалай айтсам екен, мынандай «батпан құйрықтарың» маған сор болды – үй көрместен іссапарда жүру оңай емес. Сендер ауыздарыңа, аспандарыңа аздап мұқият болсаңдаршы… Сөзіңе, көгіңе ие болып дегенім ғой… Сонда, мен де бір демалып қалар едім…

— Е, сөйтіп кішкене жұмсарсаңшы… Мен саған қайтуға заправкаңа бір-екі боғауыз сөз берейін…

— Әзілің бе?! Әлде, қолданысы кең дүниені алғызып мені шатағың келіп тұр ма? Одан да мен деген сөздеріңді уақытшаға бере тұр. Осы «МЕН» ғой, сендерді бұзып жүрген… Орнына бір мезгіл «БІЗ»ді қолдана тұрыңдар …

— Өй, көке, тоқта! Қайда алып барасың? Тоқта деймін!.. Тастап кет әлгі сөзді!.. Қалай еді?..  Мә, аузыма түспей жатқанын қарашы… Ойлану керек болды ғой…

Иә, біз ойлануымыз керек…

Нұрлан СӘДІР

Добавить комментарий

Filtered HTML

  • Адреса страниц и электронной почты автоматически преобразуются в ссылки.
  • Разрешённые HTML-теги: <a> <em> <strong> <cite> <blockquote> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Строки и параграфы переносятся автоматически.

Plain text

  • HTML-теги не обрабатываются и показываются как обычный текст
  • Адреса страниц и электронной почты автоматически преобразуются в ссылки.
  • Строки и параграфы переносятся автоматически.
CAPTCHA
Подтвердите, что Вы не робот.