Қыз бала – ұлттың ұяты

Дәл қазіргі кезде елімізде дүниелік идеология үстемдік етіп тұрғанын жасыра алмас­пыз. Жалындай жарқылдаған жастарды жалт-жұлт еткен дүниемен қызықтырып, қаржымен алдарқатып, еліктіріп бара жатқан орындар көп. Шет елге саяхаттап келген немесе оқу іздеп мұхит асқан қыздарымыз адамзаттық құқықты алға тартатын болды. Жатжұрттықтарға келін болып сол жақта қалып қойғандары қаншама? Мұның соңы бір отбасына емес, тұтас ұлтқа болашақта қауіп-қатер туғызатынын білсек те, шара қолдану дәл қазір қолымыздан келмей тұр. 

Қонақжай халқымыздың әрбір жайған дастарқаны күнделікті күйбең тіршілікті сөз етуден басталып, күлдіргі әңгімелерге ұласып соңы ­саясатты талқылауға дейін жалғасатын отырысқа айналғалы қашан?! Сондай басқосулардың бірінде жетпіске келген бір апамыз:
– Тәуелсіздікті нығайтатын ұрпақ қазіргі қыздардың құрсағында жатыр. Өкінішке орай, жастары отызға келсе де отау құруды машақат көретін қыз­дардың қатары көбейіп тұр, – деген еді.
– Сенің анаңмен тұра алмаймын. Жағдайын жасау қолымнан келмейді. Оңаша кетейік, үй сатып ал немесе пәтер жалда.
Бұл – менің жиырма жыл бойы араласып келе жатқан сыралғы құрбым Раузаның жалғыз ұлына тұрмысқа шыққалы жатқан болашақ келіннің қойған талабы. Ақыры не болды? Екі рет инсульт соққан анасын тастап ұлы алыс кете алмады, үкі таққан келіні сол сылдырлаған сылқым қалпы оқимын деген желеумен Түркия асып кетті.
– Бұрынырақта күйеуден қорқушы едік, қазіргі күні бойжеткен қыз бен ержеткен ұлдан, кердеңдеген келіннен жасқанатын болдық. Кеше қыздарға бір шай-су беріп жіберейін деген едім. «Мама, осы колхоз болып жүруді қашан қоясыңдар» деп бастап қызым ұрсып тастады. Ұлым үйге келген кісіні жақтырмайды. Келінім мен қонақ шақыратын болсам себеп тауып әйтеуір қыдырып кетеді.
Сағира есімді ­замандасым кейде үйінде болып жатқан жайды осылайша тізіп айтып беретіні бар. Кейде маған жастық шағымыздың бәрін үй ұстау, күйеудің бабын ­тауып, жұмысын алаңсыз атқаруы үшін жағдай жасау, бала-шаға, ағайын-туыс қамы деп зыр жүгірген тұтас бір ұрпақ енді балаларының қас-қабағына қарап отырғандай көрінеді. Иә, бізге енді бала-шағаның амандығы мен жан тыныштығынан басқа ештеңе керек емес. Дей тұрғанмен, қоршаған ортада болып жатқан өрескелдіктерді көрмей тағы тұра алмаймыз.
Әр адам өз алдына бір әлем. Құрбы­ла­рымның ұзынсонар айтқанда­рын ой елегінен өткізіп саябақ ішінде келе жатсам қарсы алдымнан жүзі мұңды қабағы түсіңкі жас әйелді кездестірдім. Шыдай алмадым, тоқтатып жағдайын сұрадым.
– Әкем екі ұл мен екі қыз тапқан анамды тастап, өткен ғасырдың соңғы жылдарында ауқатты бір әйелдің қолына кіріп алыпты. Біз көрген қиындықты айтсам том-том кітап болатын шығар. Бүгінгі күні анам мен екі ағам дүниеде жоқ. Таңғы сегізден кешкі сегізге дейін кондитерлік цехта еңбек етемін. Кеше үйге шаршап келсем сіңлім үйде жоқ. Түнімен алаңдап ұйықтамадым. Түс мезгілінде ­хабарласты. «Мені бір жігіт алып қашып кетті, Бақанастамын. Артымнан келесің бе?» дейді. Булығып, өксігін бас алмай еңіреп отырып бөліп-жарып, үзік-үзік етіп айтқан әңгімесінің түп түйіні осы.
– Сіңілің сөзсіз бақытты болуға тиісті. Егер қаласаң мен-ақ сенімен ілесіп барайын, – деген мағынадағы ойымды жеткізіп, жұбатумен болдым.
Екеуміз саябақ ішіндегі орындыққа жайғасып алғаннан кейін: «Апай, сіз «Ертөстік» ертегісін білетін шығарсыз?» деп бетіме аңтарыла қарады. Іштей сан түрлі ойлардың ұштығына жете алмаған күйде басымды изедім.
– Сіз «Ертөстікті» ойлап отырсыз. Ал мен сегіз ұлын тентіреткен Ерназардың бейнесінен әкемді көргендей боламын. Себебі, бір кезде сүйіп қосылған жарын, екі ұлы мен екі қызын үй-күйсіз, қаражатсыз қалдырып, бас сауға­лап кеткен әкемді бүгінде еске түсірдім. Жаны үшін мыстан кемпірге бала­сын сатқан ­Ерназардан менің әкем ау­майды ғой. Мысалы, баласының ауруға шал­дыққанын білсе отбасынан кете қа­латын әкелер де көбейіп тұр. Сондай отбасының қасіретін қайтсек жеңілдетеміз?
Мен Үміттің ұялы телефон нөмірін жазып алып, қандай көмекке болсын да­йын екенімді айтып шығарып салдым.
Қыз тәрбиесі ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Қазіргі қоғам қыздарымыз ар-ұяттан аттады, ұлттың генетикалық, этникалық дара қасиеттерінен айырылып бара жатқан жоқ па деп алаңдауға негіз бар.
Балаң жақсы болса,
Жан мен тәннің шырағы.
Қызың жақсы болса
Жайқалып өскен құрағы – деген екен Төле би бабамыз өз заманында. Қыз бен ұлға өз ерекшеліктеріне қарай даралап тәрбие беру – қазақтың қа­нында ежелден бар қасиет. Ұл балаларды тәрбиелеуде шаңырағымның иесі, ізімді жалғастырушы деп ерекше көңіл бөлетін болса, қыз баланы болашақ ана, ұлттың ұйытқысы ретінде тәрбиелеуде де осалдық танытқан емес. Қызым – қызғалдағым, қызым – ізгі арманым деген оралымды құлаққа сіңіп кеткен жағымды тіркестерді өмірімізде жиі ұшыратамыз. Күнделікті тіршілік қамымен таңертеңнен қара кешке дейін тыным таппағандықтан, тәрбиеге көңіл бөлуге уақыты жеткіліксіз болып жүрген ата-ана жайы бүгінде біздің қоғамда үйреншікті жағдайға айналды. Ата-бабамыз «Ұл атадан өнеге алмай сапар шекпес, қыз анадан тәлім алмай өнеге алмас» демейтін бе еді?!
Тәрбиенің негізі әйел затының қолында екенін кім-кімде мойындайды. Қазіргі жастардың ішінде үлкеннің ақылын тыңдамайтындар, ғаламторға жабысып, түкке тұрмайтын көрсе­ті­лімдерді тамашалаудан әріге бармайтындар да кездеседі.Көптеген жұ­мысбасты ананың бала тәрбиесімен айналысуға мұршалары жоқ, түрік, корей, үнді сериалдарын көруден, дүкен аралаудан-ақ діңкелері құриды.
Түнімен мазасыз ойлар менің де екі шекемді солқылдатумен болды. Қарсы үйде тұратын Өрікгүлдің қызы Әсияның елесі көз алдыма көлбеңдей берді. Өткен аптада аттың жалындай, тарақтың тісі әрең бататын шашын американдық тәсілмен ақшулан етіп бояп тастаған болатын.
– Ой, мұның не? – дедім, сөйлеп қал­ған ауыз жыбырлауын қоймайтын әдетпен.
– Ой, апай, бұл – мода. Шашым «Балияж­ға» боялған. Байқайсыз ба, «Мажимеш» деген өңдеуден өткендік­тен жұмсақ алтын реңдес болып төрт түске құбылады, – деді де ол сылаң қағып қасымнан өтіп кетті. Тағы бірде шаш­та­рының ұштарына балауыз жағып, шашын тікірейтіп сәндегенде танымай да қалғанмын.
Апта сайын жасанды шаш – каникалон қосып өріп, африкалық бұрым жасату үшін шаштаразда 5-7 сағатын өткізетін көрінеді. Ал рэччи стилі, керли, конитэйл, дреды деген шаш үлгілеріне кететін ақша кейбір жігіттің айлық еңбекақысымен бірдей ғой. «Бет әлпетіңді өзгертіп, жасанды қас, кірпік, шаш жасата бергенше, жан-дүниесін көркейтсең ғой» деп едім, қатты ренжіп қалды. Сәнқой Әсия мен еңбекқор Үмітті салыстыруға келе ме? Екеуінің дүниетанымы да, өмірдегі қызығушылықтары да, айналысатын кәсіптері де, өмірлік ұстанымдары да екі түрлі. Бұған, әсіресе отбасындағы ата-ана тәрбиесінің ықпалы зор екені шындық.
Қазан айының басында Әлімжанов­тар (фамилиялары, аты-жөндері өзгер­тілді, автор) отбасы қызының ­Кореядан оқу бітіріп келгенін тойлады. Әрине, мейрамханада екі дипломы бар, төрт тілді білетін қызға арналып көл-көсір тілек айтылып, бата берілді, туысқандары мақтауын асырды. Кеш соңында үй иесіне бір апайымыз «Енді Бибігүліміз тұрмысқа шығатын күнде кездесейік» дегені сол еді.
– Қызым 28-де. 30-дан кейін ғана бұл мәселені ойланамыз, – деп той иесі ыршып түсті. Бұл сөзге біз не күлерімізді, не жыларымызды білмедік.
«Қызды тәрбиелегенің – бір ұрпақ­ты тәрбиелегенің» деген екен ата-бабамыз. Бұл сөздің астарында үлкен мәселе жатыр. Біз қыз баланы тәрбиелеуде ұлттық тәрбие, ұлттық педагогика негіздерінен алшақтап кеткенбіз.
Атам заманнан келе жатқан салт-дәстүрдің қуанышы мол, қызықтысы – ұлын ұяға қондыру, қызын қияға ұшыру, бір сөзбен айтқанда қыз ұзатып, келін түсіру болған. Әубәкір сынды үлкен ақын «Қыз бала – үйдің бояуы» деген екен. Сол кісінің айтқанындай қыз – әлемнің көркі әрі ұрпақ көбей-туші. Қыз баланың тәрбиесін ұлттық болмыстың барлық іргетасымен астас­тыратын халықтық қағиданы бүгінгі таңда біз де қалтқысыз ұстануымыз қажет. Оның болмысын биіктететін, тұлғалық ерекшеліктерін айқындайтын тәрбие мен ұлттық құндылықтарды айтар едім. Бүкіл адамзат әйелден тарайды: қыз келін болады, анаға айналады, одан кейін әже деген зор дәрежеге жетеді. Осы арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді.
Қазақ халқы қыз баланың қадір-қасиеті мен қылығы ұлттың ұлылығын танытады деп халықтық болмыспен астастырған. Сондықтан қыздың тәрбиесіне ерекше мән беріп, сол тәрбиені қалыптастырудың жолына барлық игі жақсылықты топтастырған. Қазақ қауымында қыз баланың орны айрықша болған. Ата-бабаларымыз қызды қонақ деп есептеп, барған жерде бағының ашылуын үйде отырып қамдаған. Барынша ізетті, ­сыпайы, мейірімді де ісмер, қылықты да қырмызы болуын үнемі қадағалап отырған. «Қыз – өріс, ұл – қоныс» деп білгендіктен қазекем өрісін кеңейтер қыз балаға айрықша көңіл бөлген. «Қыз мінезді келсін, ұл өнерлі келсін» дей отырып, «қызға қырық үйден ­тыйым» жасайды. Ата-ана қызынан еш нәрсені аямайды. Оның ешнәрседен мұқтажсыз, бұла өсуін қадағалайды. Өйткені «қызға бергенді қызыр өтейді» деп біледі. Сонымен бірге қазекең қызды бетімен де жібермейді. «Қызды қымтап ұстаған ұялмайды» дей отырып, оларды «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» өсіруді парыз санайды. Жағадағы құндыздай күтіп, баянды отанын тапқанша ­жауапты екендіктерін еш ұмытпаған. Өзінің отбасында керекті тәрбиенің бәрін көріп өскен қыз бала мінезді, қылықты, парасатты, пайымды болып бойжетеді.
«Қызды күте алмаған күң етеді, жібекті түте алмаған жүн етеді» деген сөзді бабаларымыз қызды дұрыс тәр­биелей алмаған ата-анаға қаратып айтқан ғой. Қыздарымыздың асыл қасиеті, жан-дүниесі нәзік, адал ­махаббат иесі болғандығын, дәулетке, бай­лыққа, жиһазға қызықпағандығын жыр-дастандардан білеміз. Қазақ қызы махаббат атты асыл сезімді айрықша қастерлеп, аялаған. Сүйген адамымен қол ұстасып бірге жүрсе, тіпті қатықсыз қара көже ішсе де бақыттымын деп өмірге риза болған.

Айдос ЕРЛАН, инженер:
– Мен мектеп жасына жетпеген екі қыз тәрбиелеп отырған әкемін. Бала тәрбиесі туралы кітап та сатып алдым. Қыз тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қараған абзал. Болашақ ұрпақтың рухани несібесі – бүгінгі қыздарымыздың қолында екенін мойындаймын. Қыздарымның әдемі, әдепті, білімді, білікті адам болулары үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын.

Шынар АСЫЛБЕКОВА, мұғалім:
– Жастардың әр қадамы халық мәдениетінің қандай деңгейде екендігін аңғартатыны сөзсіз. Ауқатты отбасынан шыққан балалар өздеріне өзгелер қызмет етуге міндетті деген көзқараспен тәрбиеленуде. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасында тәрбиеленген балаларда бәрін мемлекет асырауға тиісті деген пікір қалыптасып үлгеріпті. Осы екі ұғымнан жаппай арылмайынша ісіміз алға баспайды.

Хамит КӨПБОЛСЫНОВ, кәсіпкер:
– Мен қазақы отбасында тәрбиеленген, көруге көз тоймайтын, оқыған-тоқығаны мол қыздардың өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шыққандарын білемін. Тіпті әжелері шетелге немерелерінің соңынан барып келгендерін жыр қылып айтудан жалықпайды. Алайда байлыққа мастанған әйелдер елдің келешегі, тағдыры туралы ойланып, бас қатырғылары келмейді. Балаларымыз тәй-тәй басқан кезден мектепке дейінгі аралықта аралас-құралас жүрген әйелдердің бүгінде арнайы көлік жүргізушісі, жеке үй күтушісі бар. Үрімшіге моншаға, массажға, Венгрияның операсына барады. Ал қыз тәрбиесімен айналысуға құлықсыз.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

Добавить комментарий

Filtered HTML

  • Адреса страниц и электронной почты автоматически преобразуются в ссылки.
  • Разрешённые HTML-теги: <a> <em> <strong> <cite> <blockquote> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Строки и параграфы переносятся автоматически.

Plain text

  • HTML-теги не обрабатываются и показываются как обычный текст
  • Адреса страниц и электронной почты автоматически преобразуются в ссылки.
  • Строки и параграфы переносятся автоматически.
CAPTCHA
Подтвердите, что Вы не робот.