Батыс Қазақстанда Атырау облысының мәдени күндері өтуде

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің биылғы 15 қаңтардағы №7 бұйрығымен бекітілген өзара облыс апталары кестесіне сәйкес Батыс Қазақстанда Атырау облысының күндері өтуде. Мәдениет күндері кеше Ақжайық ауданында Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының «Нарын» халық аспаптар оркестрінің концертімен басталды. 

Аталмыш ауқымды шара бүгін Орал қаласында жалғасады. Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында атыраулық қылқалам шеберлерінің туындыларынан, сонымен қатар Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының 263 құнды жәдігерлер, 7 планшетінен құралған «Ғасырлардан сыр шерткен - Атырау» атты көрме және Атырау қылқалам шеберлерінің вернисажы Ақ Жайық жұртшылығының назарына ұсынылмақ. Аталған көрмеге елімізге кеңінен таныс суретшілердің елуден астам қолөнер бұйымдары мен акварель, батикпен салынған суреттері, Аралтөбе қорымында жерленген алтын адам киімді адам - сармат көсемінің алтын әшекейлері, орта ғасырлық Сарайшық қалашығынан табылған археологиялық бұйымдар, тарихи тұлғалар Сұлтан Бейбарыс, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы, Құрманғазы Сағырбаев, Дина Нұрпейісовалардың мұрағаттық құжаттары мен жеке заттай жәдігерлері, Жәңгір ханның жұбайы Фатима ханымның камзолының көшірмесі, этнографиялық тұрмыстық бұйымдар, қолөнер шеберлерінің туындылары, ағаш ыдыстар, зергерлік әшекей бұйымдары қойылып отыр.

Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінде және Құрманғазы атындағы саз колледжінде композитор, жазушы Илья Жақанов, ақын Қойшығұл Жылқышиев, әнші, композитор Өнербек Жанбала студенттермен, оқырман қауыммен жүздеспек.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Н.Жантөрин атындағы филармонияның «Нарын» халық аспаптар оркестрі, сонымен қатар Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясында «Ақ ерке Жайық» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің концерті қойылса, кешкісін БҚО қазақ драма театрында Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрының әртістері ағылшын драматургі Юджин О Нилдің «Шырмауық астындағы шырғалаң» атты спектаклін сахнаға шығармақ.

Мәдениет күндері 11 сәуір күні БҚО қазақ драма театрында Атырау облысы өнерпаздарының гала-концертімен қорытындыланбақ. Онда Дина Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Маржан Төреханова, Қайрат Кәкімов, Ақмарал Ноғайбаева сынды танымал әншілер, би ұжымдары мен домбырашылар өнер көрсетеді.

Шараға Атырау облысынан барлығы 230-ға жуық шығармашылық топ қатысуда.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз