БҚО-да аудан әкімінің орынбасарымен бірге бес бірдей ауыл әкімі сотталды

Жәнібек аудандық сотының үкімімен Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары және осы ауданның бес бірдей ауыл әкімі сотталды.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қарашин Жәнібек ауылында ауыз су нысанын қамтамасыз ету үшін электрқозғалтқыштары бар 2 су сорғысын сатып алуға бөлінген 1,15 млн. теңге бюджет қаражатын, сондай-ақ  Борсы, Жақсыбай, Ағоба, Ұзынкөл және Талов ауылдарының жолдарын тегістеуге берілген  810 мың теңгені алдын ала келісім бойынша ұрлауды ұйымдастырғаны үшін  ҚР ҚК 28-бабының 3-бөлімі, 176-бабы 3-бөлімінің «б, г» тармақшаларымен мүлкін тәркілеп, 5 жыл мерзім бойы белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру арқылы жалпы режимдегі түзету колониясында жазасын өтеумен 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Аталған ауылдар әкімдері Дулат Закарин, Қазбек Ғұбашев, Берік Адлялиев, Ербол Қуанов және Нұркен Закарин Борсы (170 мың теңге), Жақсыбай (150 мың теңге), Ағоба (170 мың теңге), Ұзынкөл (170 мың теңге) және Талов (150 мың теңге) ауылдарына жол тегістеуге бөлінген 810 мың теңге  бюджет қаражатын ұрлағаны үшін, сондай-ақ ауылдық жолдарды жөндеу жұмыстарын қабылдау актісіне көрінеу жалған мәліметтер енгізгені үшін ҚР ҚК 28-бабының 2-бөлімі, 176-бабы 3-бөлімінің «г» тармақшасы, 314-бабының 1-бөлімі бойынша 3 жыл сынақ мерзімімен шартты түрде жазаланып, сотталды.

Сондай-ақ Жәнібек ауданы әкімдігінің «Жолаушы» МКК бастығының міндетін атқарушы Марлен Сайхаденов «ЖәнібекСтройСервис» ЖШС кәсіпкерлік қызметіне заңсыз қатысып, алдын ала келісім бойынша ірі мөлшерде бюджет қаражатын ұрлауға астыртын көмектескені үшін, сондай-ақ «Жолаушы» МКК теңгеріміне 2 су сорғысын қабылдап алу туралы жүк құжатына көрінеу жалған мәліметтерді енгізгені үшін ҚР ҚК 310-бабының 1-бөлімі, 314-бабының 1-бөлімі, 28-бабының 5-бөлімі, 176-бабы 3-бөлімінің «б, г» тармақтары бойынша 3 жыл сынақ мерзімімен шартты түрде жазаланды.  

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз