Елбасы Жолдауы үлкен жауапкершілік жүктейді - Р.Исмағұлов

Елбасымыздың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауы барша сала қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл туралы Зеленов аудандық мәслихатының хатшысы Рамазан Исмағұлов мәлім етті.

Оның айтуынша, кезекті Жолдау - халқымыздың  әл-ауқатын нығайтуға арналған нық та сенімді жасалған тағы бір нақты қадам. Заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отыратын  Нұрсұлтан  Әбішұлы Назарбаев жаңа қатерлері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаңа жаһандық нақты ахуалда дамудың басты бағыттарын айқындап берді.

Ел-жұртымыз ынтымақтастықпен ұйысқанда ғана аса күрделі де қиын кезеңнің күрмеуі шешілетіні анық. «Дағдарыстардың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі. Мен айтып өткеннің барлығы жеңуге болатын, біз жеңе алатын бөгеттер. Біз көлденең шыққан кедергілерге кідірмей, дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатына қадам басамыз. Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз - тәуелсіздік, тілегіміз - тұрақтылық, білегіміз - бірлік!» деген Президент сөзі халқына күш-жігер беріп, ел ертеңіне деген сенімін бекіте түсті.  Осы орайда Қазақстан өз тәуелсіздігінің 24 жылдығын тойлағалы отыр. Ширек ғасырлық межеге де алыс қалған жоқ. Ата-бабаларымыз аңсаумен өткен азаттыққа қазіргі буынның қолы жетті. Бұл - үлкен бақыт. Одан енді мәңгілік ажырамау үшін  бәріміз де ел бірлігін нығайтып, табысын молайтуға үлес қоса білуіміз керек.

«Әрине, тағылымы мол тарихымызбен, ұлы бабалардың ұлағатты өмірінен алар сабағымызбен алдағы асулардан асып, биікке көтерілеміз деген ой жарқын болашаққа жол бастайтыны анық. Сондықтан Елбасымыз жариялаған Жолдау межелерін жүзеге асыруда тұтастай халықтың ауызбіршілігі мен жауапкершілігі өте қажет. Елбасы өз Жолдауында халқын ерік-жігер мен еңбексүйгіштікке, мақсаткерлік қасиеттерді бойға сіңіруге шақырды. Мәңгілік ел болу жолындағы осындай келелі, ұлы істер жаңа биіктерді бағындыруға нәсіп етсін!» - деп түйіндеді ойын Р.Исмағұлов.  

http://www.inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз