Фольклор-халық қазынасы

Осыдан тура 90 жыл бұрын, дәлірек айтсақ, Орынбор қаласында 1924 жылы 13-18 маусым аралығында қазақ ғалымдарының бірінші съезі өтті. Бұл 5 күнге созылған жиында қазақ ғалымдары қазақ халқының фольклорын жинау және зерттеу туралы қаулы қабылдады. Осы қаулыдан бастау алған мектеп, жоғарғы оқу орнындағы кітаптардың негізі қаланып, қазақ фольклоры ғылыми жолға түсті.

Алайда «діни, ұлтшылдық көзқарасы бар» деген желеумен фольклорлық аңыз-әңгімелердің жартысынан көбі зерттеуге, жариялануға тиым салынды. Дейтұрғанмен егемендік алғаннан бері 20 жылдан астам уақыт  ішінде халық мұрасын зерттеу жұмыстарының көлемі кеңес дәуірінде атқарылған істердің 20 пайызына да жетпейді.

Атаулы күнге байланысты бүгін «Жайық Пресс» ЖШС-нің мәжіліс залында «Фольклор-халық қазынасы» деген  тақырыпта дөңгелек үстел отырысы өтті. "Жайық Пресс" ЖШС бас директоры Жантас Сафуллиннің төрағалығымен өткен шараға өңірдегі халыктық мұраны зерттеуге зор үлес қосып жүрген жидашы Тихон Әліпқалиев, ғалымдар Абат Қадыршаев, Болат Жексенғалиев, Ғабит Хасанов, күйшілер Едіге Нәбиев, Нұржан Сертеков, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Әбіл Жоламанов, өнертанушы Айгүл Ерғалиева, журналист Қазбек Құттымұратұлы, акын, азаматтық белсенді Нұрлан Сәдір, т.б. қатысты.

Бұл өңіріміздегі қазақ фольклорын жинап зерттеп жүрген ғалымдарымыз бен қара өлең жинаушы аға буын өкілдерінің алғашқы бас қосуы болатын. Сондықтан да тағылымды ойлар ортаға салынып, көптеген тың жатқан тақырыптар көтеріліп, өңіріміздегі халық мұрасын зерттеп зерделеу жолдары талқыланды.

Алаш қайраткерлері халық мұрасын орыс тіліне аударып, одақ халқына паш етуді басты мақсат тұтса, қазір төрткүл дүниемен тереземіз тең кезде халық мұрасын әлемге әйгілеудің қандай жолдары бар екені әңгіме арқауы болды.

Жиын соңында қатысушылар көптеген ұсыныстар білдіріп, бұл бастаманы одан әрі дамыту үшін арнайы қоғам құрылып, алдағы  уақытта атқарылар жұмыстар жоспарланып, тағы да отырыстар ұйымдастырылса деген пікірлерін ортаға салды.

www.zhaikpress.kz, Әділғазы КЕРЕЕВ
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз