Көлік таңдау: жаңа VS ұсталған

Қазақтың жеті қазынасының бірі – жүйрік жылқы. Жылқымен бар тіршілігі біте қайнасқан қазақты бұл жануарға қарыздар десек, артық айтқандық емес. Бүгінгі ер жігітке қазіргі заманның тұлпары – автокөлік те тап сондай маңызды. Бәрі «күйі» келіскен, жүрісі жайлы «арғымақ» мінгісі келеді. Ал оны қалай таңдау керек?

Валютадағы тұрақсыздық салдарынан соңғы кезде көлік бағасы біраз ауытқыды. Шетелдік жаңа көліктер сол баяғы доллармен бағаланатын болғандықтан, қымбаттау байқалады. Көлік іздеген кез келген адам ең алдымен қаржы жағын ойлайды. Ал біз барлық қырын екшеп, ең тиімді жағын қарастырып көрейік.

Жаңа көлік

Артықшылығы

Жаңа көлік сенімдірек. Ескі көлік көбірек сынады, кейбіріне бөлшек табу қиындау. Жаңа көліктің «өмірбаянына» — жол-көлік оқиғасына қатысына, заңдық және несиелік оқиғаларына бас қатырып жатпайсыз. Жаңа көлікке ресми дилерлер тарапынан кепілдік болады. Егер күтіп ұстасаңыз, сатуға да сенімді мүлкіңіз.

Кемшілігі

Көлік сатып алып, салоннан айдап шыққан бойда 10-30 пайыз құнын жояды. Мысалы, салонда тұрған 2015 жылғы Hyundai Accent көлігі 2,9 млн. теңге (біраз автосалондарды салыстырмалы алғанда). Тап осындай биылғы сатып алынған көлік нарықта ең арзан дегенде 2,2 млн. теңге сұрап тұрғанын кездестіруге болады. Яғни ең аз жүрілген, зауыттан шыққанына бір жыл болмаған көліктің өзі 700 мың теңгеге дейін  өз құнын жойды. Бұл мысал әлемдік брендтер емес, бюджеттік көлік жайлы болып отыр…

Су жаңа көлікке дилердің берген кепілдігі еш артықшылық бермейді. Себебі көлік иелерінің бәрі біздегі дилерлердің қызмет көрсету сапасын жақсы біледі. Біздің елде жап-жаңа көліктің кепілдігі біткенше дилер көрсететін қызметтер ақылы. Олар техника бұзыла қалған жағдайда тегін жөндеуден барынша бас тарту жағын қарастырады. Яғни ақауын сапасынан көрмейді, көлік иесін кінәлауға себеп іздейді. Жөндеу, қызмет көрсету жөнінде дауласып, бұл бас ауруына айналмау үшін көбі кепілдіктен бас тартады. Дилерлердің 3 жылға берілетін кепілдігінен жаңа көлік иелерінің тең жартысы бас тартатыны анықталды.

Motor.kz порталының мәліметінше, тамыз айында автонарық 23 пайызға құлаған. Ресми дилерлерде шілде айында 8691 дана көлік сатылса, тамызда 6755 авто өткен. Олар жыл басынан 68 582 көлікті сатса, бұл көрсеткіш былтырғы жылдың осы кезеңінен 36 пайызға төмен (107 167 дана). Тамызда 10-15 мың АҚШ доллары шамасындағы көліктер сұранысқа ие болған.

Жаңа көлік алғанда, кейбір дилерлер тіпті көлікте болуға тиіс қосымша дөңгелекті де саудалап жатады. Басым көпшілігінде жаңа көліктер керек емес, артық опциялардың кесірінен едәуір қымбаттатылады. Мәселен, көзіл-дірік салатын орын, есік тұтқасының шанақ түсімен боялуы, рөлдің былғарымен қапталуы сияқтылар. Ал ең керекті аяқ астына төсемдер, дабыл жүйесі, қысқы доңғалақ дегендерді дилер көліктің құнынан бөлек қаржыға ұсынады.

photo_145431

Мінілген көлік нарығы

Артықшылығы

Біріншіден, қайталама нарық тауар бағасының төмендігімен және саудаласу мүмкіндігі барымен халыққа тиімді. Салоннан жаңа көлік алған қаржыңызға «мәртебесі» жоғарылау қымбат авто алу мүмкіндігі бар. Мәселен, жоғарыда айтылған су жаңа Hyundai Accent көлігің құнына бес-алты «жастағы» Mercedes-Benz алуға болады.

Екіншіден, аяқ асты төсемдері, дабыл (сигнализация), қысқы доңғалақ, стерио жүйе, әйнектерді күңгірттеу сияқты дилер сіздің қалтаңызды қағатын мәселелерге бас қатырмайсыз. Қолданылған көлікте бұлар болады.

Үшіншіден, үнемдеуге мүмкіндік. Ұсталған көлік деген «ескі» дегенді білдірмейді. Мәселен, салонда 2,3 млн. теңгеден басталатын Volkswagen Polo-ның нарықтан 2014 жылғысын 1,9 млн. теңгеден таба аласыз. Яғни  бірнеше ай ғана қолданылған көліктен жарты миллион теңгедей қаржыңызды үнемдей аласыз. Ал қымбат көлік болса, үнемдейтін қаржыңыз тіптен жер мен көктей. Мысалы, Mercedes-Benz E 200 көлігі дилерлерде 12 млн. теңге болса, тап сол көліктің бір жыл пайдаланылғанын нарықтан 10 млн. теңгеден таба аласыз.

Екінші нарықтан көлік таңдаудың тағы бір артықшылығы – өзіңізге ұнаған автоңыздың шыққан жылына байланысты таңдай аласыз. Себебі автоөндірушілер «қателіктерімен» жұмыс жасайды, яғни көлік эволюциядан өтеді. Мәселен, BMW-ның 7-інші сериясының (F01/F02) 2008, 2011 және 2015 жылғы шыққандарын өзара жүріс бөлігі, рөлдік басқару жағынан салыстырсақ – мүлдем басқа көліктер. Бәсекеге сай авто-өндірушілер қозғалтқышы мен трансмиссияны, сыртқы рестайлингін жыл сайын өзгертіп келеді. Олардың кейбір тәжірибесі сәтті, ал кейбір жылғы шыққан көліктері сапасыз болып жатады.

Бүгінгі нарықта не жоқ десеңізші? Тіпті ұсталған көлікті таңдауға маманданған делдалдар бар. Олардың сарапшы компаниялары көлікті кез келген талап бойынша таңдап, заңдық, қылмыстық сараптамадан, техникалық диагностикадан өткізіп, қайта рәсімдеп береді. Қызмет ақысын көліктің бағасына қарай алады.

Кемшілігі

Әр ұсталған көліктің жаңа иесіне әзірлеген «тосын сыйы» болады. Егер пайдаланылған көлік алсаңыз, қосымша шығындарға – жөндеу жұмыстарына әзір болғаныңыз жөн. Көлік неғұрлым ескі болған сайын соғұрлым «қауіп» баршылық. Нәтижесінде – қаржы мен уақытыңыз шығындалады. Диагностика көрсеткен техникалық ақаулардан өзгесі де шығуы ықтимал. Кейде арзан көлікті мінсіз күйге келтіру үшін өзінің құнына тең қаржы жұмсап жататын жағдайлар да кездеседі. Көптеген автоәуесқойлар осы себептерден қайталама нарыққа жолағысы келмейді. Сондай-ақ қайта рәсімдеу мен техникалық диагностикадан, заңдық, қылмыстық сараптамадан өткізусіз қайталама нарықтан айналып өте алмайсыз. Бұрын қолда болған көлік таңдасаңыз, сізді осындай істер күтіп тұрады.

Қорытынды

Қалай айтқанда да, темірдің аты темір, тозады. Көліктің жасы «ұлғайған» сайын сәйкесінше мәселелері де көбейе береді. Әрине, су жаңаны шертіп жүріп таңдауға шамаңыз келсе, ескіге жолап не жөніңіз бар? Сондай-ақ жаңаның да жаңасы бар. Кейбір көліктер бес-ақ жылда 20 жыл жүргендей тозып кетуі ғажап емес. Оған біздің шұрық-тесік жолдар, автосервистердің сапасыз қызметін қосыңыз… Жоғарыда аталған барлық себеп-салдарларды екшей келе таңдау жасап, өз жаныңыз қалаған темір тұлпарыңызды тізгіндеуіңізге тілекшіміз.

Нұрлыбек РАХМАНОВ

http://oraloniri.kz
Бөлісу: 

Пікірлер

Керемет, рахмет!

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз