Машина жасаушылар әріптестікке ұмтылады

Машина жасау саласы – елімізді индустриалдық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі. Сонымен қатар бұл сала облыс экономикасында шикізаттық емес сала ретінде ерекше орын алатыны белгілі.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының мәліметіне сүйенсек, биылғы 9 айдың қо-рытындысы бойынша машина жасау саласы кәсіпорындары 12,4 млрд. теңгенің өнімін өндірген және ол 2014 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 7,1 пайызға төмен. «Машина жасау саласында қызмет ететін кәсіпорындар негізінен мемлекеттік тапсырыстарға тәуелді. Қазіргідей дүние жүзіндегі қалыптасқан қиындықтар «салқынынан» мемлекеттік тапсырыс арқылы жүзеге асырылатын жобаларға бюджеттен бөлінетін қаржы жыл басында екінші тоқсанға шегерілді. Осыған байланысты тендерлік процедуралар екінші тоқсанның соңына қарай жүргізіліп, соның салдарынан саладағы өндіріс көлемі төмендеп отыр. Жалпы, машина жасау саласының өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 19,2 пайызды құрайды», — деп түсіндірді өнім өндіру көлемінің төмендеуін аталмыш басқарма басшысы Миржан Сатқанов.

Бүгінде сала кәсіпорындарына мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілуде. Аталған салада қызмет ететін облыстың бірқатар өндіріс орындары 2015 жылға арналған кәсіпорындарды қолдау бойынша іс-шаралар жоспарына енгізілген. Осындай қам-қарекеттің нәтижесінде бірнеше зауыт мемлекеттік тапсырыспен қамтылған. Мысалы, «Оралагрореммаш» АҚ зауыты ҚР Қорғаныс министрлігінің тапсырысына байланысты арнайы техниканы өндіруде. «Зенит» Орал зауыты» АҚ да осы министрліктің қажеттілігі үшін «Барыс» кемесін жасауда. Жергілікті кәсіпорын біткен мемлекеттік тапсырыстарды тосып, «ай қарап» отырудан аман. Олар өндіріс орындарын техникалық жаңғыртудан өткізіп, әріптестік көкжиегін кеңейтуге ұмтылуда. «Оралагрореммаш» АҚ негізінде «EVOPRO» венгриялық компаниясымен бірлесіп жолаушылар автобусының негізгі моделін игеру жұмыстары қолға алынды. Бүгінгі күнде жобаны бірлесіп жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде аталған компаниямен серіктестік туралы меморандумға қол қойылды. «EVOPRO» компаниясы биылғы жылдың аяғына дейін автобустың үлгілік данасын жеткізуді жоспарлаған.

«ҚазАрмаПром» ЖШС өндірісті жаңғырту жобасы аясында кәсіпорын қуаттылығын айына 3000 тоннаға дейін жеткізуге, 350 мм-ге дейінгі шойын құймалары арматурасынан жаңа өнім өндірісін игеруге қызмет ететін құю цехын қайта жаңғыртты. Сонымен қатар арнайы болаттан жасалған және ерекше қасиеттерімен балқыту бұйымдарын өндіретін индукционалды балқыту пештерін орнату арқылы заманауи электр балқыту учаскесін ашты.

Экономикалық қиындықтар сезіледі

Күллі әлемді шарпыған экономикалық қиындықтар оралдық зауыт-фабрикаларды да сырт айналып өтпеді. Соның бірі – «ҚазМұнайГаз жабдықтар» ЖШС-ның басындағы жағдай. Кәсіпорынның өндірістік базасында «CHIRON-WERKE» неміс компания-сының жабдықтары орнатылып, 2011 жылы «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның қажеттілігі үшін компрессорлық қалақтар өндірісі игерілді. Бастапқы 2011-2013 жылдары кәсіпорын 3525 дана компрессорлық қалақ өндірді. Алайда қазіргі уақытта «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның тарапынан тапсырыстардың түспеуіне байланысты кәсіпорын өндірілетін өнім номенклатурасын кеңейтпекші.

Кеңестік заманда атағы дүркіреген «Омега» прибор жасау зауыты» АҚ тапсырыстың жеткіліксіздігіне байланысты өндіріс кө-лемін 2014 жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 33,6 пайызға төмендетті. Жыл басынан бері кәсіпорын 64,3 млн. теңгеге өнім өндірді. Бүгінде кәсіп-орындағы қалыптасқан жағдайды тұрақтандыру мақсатында компанияны тапсырыспен қамтамасыз етуге ықпал ету шарасы қа-былданып, биыл өнеркәсіпті қолдау бойынша республикалық іс шаралар жоспарына енгізілген. Акционерлік қоғам бүгінгі күнде «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ құрамына кіреді. Ұлттық компания өз тарапынан кәсіпорынды сауықтыру бойынша соны жолдарды қарастыруда.

«Орал трансформатор зауыты» АҚ-ның өндірісінің 80 пайызы Ресей Федерациясына бағытталған болатын. Алайда зауытты іске қосу кезеңінде ресейлік рубль бағамының төмендеуі компанияның өнімдерін экспорттауға кедергі келтірген болатын. Дегенмен қазіргі рубльдің күрт көтерілуі компанияға «Еурико-МК» Ресей компаниясымен келісімге отырып, өнімін сыртқы нарыққа шығаруды батыл бастауға мүмкіндік берді.

- Отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында қазақстандық қамтуды арттыру мәселелеріне басты назар аударылып отыр. Биыл жергілікті қамтуды дамыту бойынша 2 форум өткізілді. Қазақстандық қамтуды арттыру және өндірістік үрдістерді тұрақтандыру мақсатында облыс әкімдігі, ұлттық компаниялар, жер қойнауын пайдаланушылар және отандық тауар өндірушілер арасында 44,9 млрд. теңгеге 39 меморандумға қол қойылды, — деді облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Миржан Сатқанов. Оның айтуынша, қол қойылған меморандумдар шеңберінде 26,7 млрд. теңгеге 223 келісімшарт жасалды. Соның ішінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның тарапынан машина жасау саласы кәсіпорындары «ҚазНефтеГазПром» ЖШС-ға, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-ға тапсырыстар беруге келісім жасалды.

Саладағы  түйткілдер неде?

Машина жасау және металды қайта өңдеу салаларындағы кәсіпорындар жабдықтарының тозу деңгейі шамамен 70 пайызды құрайды. Машина жасаушылардың «басын ауыртып, балтырын сыздататын» да басты түйткілді мәселе – осы. Дегенмен көптеген кәсіпорында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді, оларды атап айтатын болсақ, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-да, «ОралАгрореммаш» АҚ-да, «Орал механикалық зауыты» ЖШС-да, «ҚазАрмаПром» ЖШС-да. Сонымен бірге заманауи технологиялар негізінде жаңа өндіріс орындары ашылғанын айта кеткен жөн. Мұның өзі өңірдегі машина жасау саласы кәсіпорындарының дами түскенін көрсетеді. Ондай жаңа өндіріс ошақтарына «Орал трансформатор зауыты, Ақсай индустриалдық паркі кіреді. Дегенмен «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ құрамына кіретін кәсіпорын-дар табысының негізгі үлесін, 76-90 пайызға дейін, аталған компания алып кететіндіктен, кәсіпорындарда қайта жаңғырту жүргізуге мүмкіндік болмай отыр. Осы түйінді түйткіл үлкенді-кішілі жиындарда, облыс тарапынан республикалық деңгейде көтерілгенімен, әлі күнге шешімін табар емес.

Машина жасау саласындағы түйткілдер кәсіпорындардағы жабдықтардың тозуымен ғана шектелмейді. Оған қоса тапсырыстардың жеткіліксіздігі, негізгі құрал, бөлшектердің сыртқы нарықтан тасымалдануы және техникалық мамандардың жеткіліксіздігі де орын алуда.

Ұлттық  кластерге қолдау  болады

Көңілге демеу болатыны, екінші бесжылдыққа арналған индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында мұнай-газ секторын дамыту, соның ішінде мұнай-газ бойынша машина жасау саласына бірегей ұлттық кластерге мемлекеттік қолдау көрсету жоспарлануда. Ұлттық кластерді жүзеге асыру шеңберінде халықаралық талаптарға сай сала бойынша мамандарды даярлау шаралары да ойластырылған. Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ-мен кластердің даму стратегиясын дайындау жұмыстары жүргізілуде.

Жергілікті кәсіпорындар Еуразиялық экономикалық одақ жағдайында өз өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруда. Орал механикалық зауыты иінді білектерін бұрыннан-ақ экспорттап келген. Ал «ҚазАрмаПром» ЖШС ұнтақтағыш шарларды, «ҚазТрубПром» ЖШС сорғы компрессорлы құбырларды, «БҚМЖК» мұнайды жылыту пештеріне қосалқы бөлшектерді Ресей нарығына тасымалдауда. Мамандар Еуразиялық экономикалық одақтың кәсіпкерлерге өз өнімдерін кедергісіз сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік бергенін айтады және оның көкжиегінің кең болатынына сенімді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз