Батысқазақстандықтар жасанды қиыршық тас өндіретін шағын зауыт құрылысын қолға алмақ (ФОТО)

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің оқу-өндірістік орталығында жасанды қиыршық тас жобасының шағын өндірістік желісі іске қосылды.

Университет жанынан ашылған «Инжиниринг және ресурстарды үнемдеу» ғылыми-зерттеу институтында ғалымдар көбік әйнек, көбік бетон, түйіршіктелген жылу сақтағыш материалдарын алу, табиғи материалдан су сүзгісін жасау, оған қоса жасанды қиыршық тас өндірісі технологияларын жасап шығарды. Осы орайда табиғи шөгіннен жасанды қиыршық тас өндіру жобасы ҚР Білім және ғылым министрлігі, БҚО әкімдігі, «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ және «Алгоритм» технопаркі» ЖШС тарапынан кең көлемді гранттық қолдауға ие болды. Бұл - еліміздегі санаулы ғылыми жобалардың бірі. 

Жоба авторы, техника ғылымдарының докторы, университет жанындағы «Инжиниринг және ресурстарды үнемдеу» ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Сәрсенбек Монтаевтың айтуынша, жасанды қиыршық тас - мықты әрі жеңіл, жылу сақтағыш қасиеті бар құрылыс материалы. Аязға төзімді, суда ерімейді.

Керамзиттік қиыршық тасты жол құрылысына пайдалануға болмайды, ал жасанды қиыршық тастың мықтылығы сонда, оны жол құрылысына, жылу сақтағыш ретінде еденнің астына, төбе жабыны ретінде пайдаланады.

Одан бетон материалдарын жасауға болады. Табиғи қиыршық тасқа қарағанда жасанды қиыршық тастың экономикалық тиімділігі өте жоғары. Оның себебі мынада: тасымал құны бірнеше есе азаяды, оған қоса тапсырыс беруші жасанды қиыршық тасты көлеміне (ірі, орташа және ұсақ) және құрамына байланысты қолжетімді бағаға сатып алады. Ал сапасы табиғи құрылыс материалынан еш кем емес. Алдағы мақсат - жаңа технологияны өндіріске кеңінен енгізу. Университет ғалымдары енді инвесторларды тарту арқылы жасанды қиыршық тас өндіретін шағын зауыт құрылысын қолға алмақ.

Облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексовтың сөзіне қарағанда, Елбасы тапсырмасына сәйкес шикізаттық бағыттан бас тартып, осындай инновациялық технологияларды енгізу арқылы жаңа өндіріс орындарын ашудың маңызы зор. Осы орайда ғылыми жаңалықтар өндіріске енгізілгенде ғана экономика серпінді дамиды. Бұл ретте коммерцияландыру тетіктерін де іске қосу керек. Жалпы, жасанды қиыршық тас өндірудің болашағы мол.
null

 null

 null

http://inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз