Оралда екі полиция қызметкеріне 20 млн. теңге айыппұл салынды

Орал қалалық соты сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша қос полиция қызметкеріне қатысты үкімді жария етті. 

Орал қалалық сотынан түскен мәліметке қарағанда, биылғы тамызда Орал қалалық ішкі істер басқармасы Абай полиция бөлімінің жедел қызметкері М.Сабенов осы бөлімнің учаскелік инспекторы Р.Құбайдолллиевтің делдалдығымен кінәлі тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін бір азаматтан параның 100 мың теңге көлемінде бөлігін, келесі күні қызметтік кабинетінде қалған 150 мың теңгесін алған. 
Сот отырысында сотталушылар өз кінәсін толығымен мойындады. 

Орал қалалық сотының 6 қарашадағы үкімімен М.Сабенов ҚР ҚК 366-бабы 2-бөлігімен (пара алу) айыпты деп танылып, оған мүлкін тәркілеумен бірге параның алпыс есе көлемінде, яғни 15 млн. теңге айыппұл салынып, оған қоса мемлекеттік мекемелерде өмір бойы қызмет атқару құқығынан айырылды. 

Р.Құбайдоллиев ҚР ҚК 368-бабы 2-бөлігімен (парақорлыққа делдал болу) айыпты деп танылып, оған мүлкін тәркілеумен бірге параның жиырма есе көлемінде 5 млн. теңге айыппұл салынып, мемлекеттік мекемелерде өмір бойы қызмет атқару құқығынан айырылды.

Сонымен қатар М.Сабенов полиция лейтенанты, Р.Құбайдоллиев полиция аға полиция лейтенанты шендерімен қош айтысты. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

http://www.inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз