Оралда құрылысшылар байқауы өтті

Оралдағы құрылыс алаңдарының бірінде ерекше байқау өтті.

Жаңадан салынып жатқан мектептегі құрылысшылардың орнына бүгін түрлі компаниялардан келген байқауға қатысушылар жұмыс істеді. Құрылысшылар күніне орай ұйымдастырылған бұл шара барысында негізінен сылақшылар мен тас қалаушылар жылдамдыққа жарысты. Байқаудың талабы бойынша істелген жұмыстың сапасы да жоғары болуы тиіс.

Мұнда тас қалаушылар жарысуда. Олар жұмысты өзгелерден жылдам бітіру үшін жанталасып жатыр. Бірақасығамын деп жұмыстың сапасына нұқсан келтіріп алмай, тасты әдемілеп қалап, бұрыш-бұрышын дұрыс шығаруға тиіссің. Қазір құрылыс нарығында тас қалаушыларға деген сұраныс күшті. Олардың алатын жалақысы да жоғары.

Самат Жасекеев, тас қалаушы:

- Құрылысшылар күні құтты болсын! Осындай жарыс ұйымдастырып жатқан басшыларымызға рахмет! Барымызша атсалысып жатырмыз. Осылай үйіміз көбейе берсін! Қаламыз үлкейе берсін!

Сылақшылардың да өз құпиялары бар. Жұмысты жақсы атқару үшін құрылыс материалдары мен түрлі қоспалардың құрамын жақсы біліп, түрлі технологиялар мен әдіс-тәсірлерді меңгеруің керек. Құрылыстың түпкі нәтижесі көбінесесылақшылар бригадасына байланысты. Олар ашық қалған аралықтарды бітеп, қисық кеткен жерлерін түзеп, тегістейді. Сырттағы дыбыстың ішке өтпеуіне, жалпы ғимараттың жылу сақтауына, әрине, біз жауап береміздейді 30 жылдық тәжірибесі бар Меңсұлу Щербакова.

Меңсұлу Щербакова, сылақшы:

- Құм мен цемент ауыр болады ғой. Құрылыста ең ауыр жұмыс – сылақшының жұмысы.

Нұрғайша Есентемірова, сылақшы:

- Сапа жағынан да, барлық жағынан да бірінші орынға ие болғаныма өте қуаныштымын.

Міне бүгінгі жарыста жеңімпаз атанған құрылысшылар осылай дейді. Жалпы байқауға 7 тас қалаушы және 7 сылақшылар бригадасы қатысты. Олардың жұмысын арнайы құрылған комиссия мүшелері бағалады. Жұмысын жылдам әрі сапалы атқарған байқауға қатысушыларға тоңазытқыш, теледидар, телефон сияқты бағалы сыйлықтар табыс етілді. «Бірақ біз үшін өз ісіңнің үздігі атанудың өзі бір бақыт», - дейді кәсіби мерекелері қарсаңында жеңімпаз атанған құрылысшылар.

24.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз