Оралда ЖОО-лар арасындағы республикалық олимпиаданың жеңімпаздары анықталды

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде республика ЖОО-лары арасында география мамандығы бойынша пәндік олимпиада мәреге жетті.

Оған барлығы 22 команда қатысып, бақ сынады. Бірінші турда додаға қатысушыларға жалпы жер тану, материктер мен мұхиттардың физикалық географиясы, шетелдердің экономикалық, әлеуметтік және саяси географиясы, геоморфология және гидрология бойынша тапсырмалар ұсынылса, келесі турда картография, топография негіздері мен Қазақстанның физикалық және экономикалық географиясы бойынша тәжірибелік бағыттағы тапсырмалар берілді.

Жарыс қорытындысында жекелеген есепте М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Елена Гаврик - 1-ші, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Мәдина Сержан мен академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенті Евгений Шадский - 2-ші, Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті Серік Жолдасов 3-ші орынды еншіледі.

Ал топтық есеп бойынша М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің командасы биік тұғырдан көрінсе, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті - екінші, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті үшінші орынға көтерілді.

Айта кетейік, өткен жылғы білім сайысында да М.Өтемісов атындағы БҚМУ студенттері жеңімпаз атанған болатын.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз