Солтүстік Қазақстанда арақ сатылмайтын ауылдар бар

Қызылжар өңірінің Тайынша ауданындағы Теңдік елді мекенде арақ-шарап сатуға мүлдем тыйым салынған.  Бұл бастаманы осыдан 12 жыл бұрын Әлжанов Орынбай қажы көтеріп, содан бері дүкен сөрелеріне «ащы» су қойылмайтын болды.  Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Саламатты өмір салтын серік еткен тұрғындар өткізген   той-домалақтарда қымыз, ірімшік, құрт секілді ұлттық тағамдар дастарханның сәнін келтіріп, арақсыз да қызықты, көтеріңкі көңілмен өтіп жүр. Облыс орталығынан шалғай жатқан Теңдік ауылында 2003 жылы имандылық орны — мешіт ашылып, қариялар «харам «астан біржола арылу жөнінде пәтуаласса керек.  Бүгінде жүзге жуық түтін бар елді мекенде жастар жағы Орекең басқаратын шаруа қожалығында жұмыс істейді.

Теңдік ауылдық аймағының әкімі Рүстем Жұмағұловтың айтуынша, осы уақыт ішінде бірде-бір қылмыс орын алмапты. Ұсақ-түйек ұрыс-керістер ақсақалдар алқасының араласуымен, төрелік айтуымен реттеліп отырады.

Теңдіктіктер Меккеге үш рет барып, мұсылмандық парызын атқарып келген Орынбай ақсақалға дән риза.  Өткен ғасырдың 90-шы жылдары ауылдың дүние-мүлкін шашпай сақтап қалған қария екі ұлын да арақсыз үйлендіріпті.

Өкініштісі сол, қажының бастамасын облыста әзірге көршілес Мәдениет ауылының тұрғындары ғана қолдап отыр.

Өмір Есқали.
Дерек, сурет: КТК арнасы.

http://egemen.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз