ҚАМБАР БАТЫР

Жақсылар, дастан айтайын,

Әуелі, Алла сыйынып,

Екінші, кәміл піріме.

Құлақ салып тыңдаған,

Жамандық көрме тіріде.

Батырлар қылған қайратын

Қартаймай тұрып әріде.

Ертедегі ерлерден

Нұсқа болмай соңғыға

Өткен емес бәрі де.

Ойлағанға осындай

Опасыз жеңіл дүние.

Теңізден шыққан құрдымдай

Жетпеді ешкім түбіне.

Қазынаға жинап гауһар тас,

Айдаһардай болып мас,

Сақтаған алтын ініне.

Ашқа — тамақ, жаяуға — ат,

Төрт түлік малға көңіл шат,

Жарайды екен қысылса

Жұртының қиын күніне.

Алты ұлы бар Әзімбай,

Қызы сұлу Назымдай,

Тоқтады барша тіліне.

Ғашықтық жолын ойлаңыз,

Бекер деп, ден қоймаңыз

Шығарған сөздің мініне.

Қыз Назым шықты бұраңдап

Он сегіз толған жасына.

Кәмшат бөрік келісіп,

Бриллиант қойды басына.

Қара мен төре қайғырды,

Болса деп бізбен ашына.

Қазақ пен қалмақ қанша жан

Хабарланды сұлудан,

Дабысы жұртқа шашыла.

Жолбарыстай алты ұлдың

Айбатынан сескеніп,

Келе алмады еш бенде

Әзімбайдың қасына.

Тауыс құстай түрленіп,

Қоңыраудай алтын күңреніп,

Ертелі-кеш серуенге

Шығады майлап шашын да.

Жәннеттен шыққан хорлардай,

Порымына қарасаң,

Қызықпастай қай адам

Ол Назымның нашына!

Сүйегі асыл дүр еді,

Құдайдың өзі біледі,—

Он төртінші айдай боп

Түседі кімнің қасына?

Алпыс сомдық әр кезі

Үстіне асыл кигізді.

Жорғадан жегіп қаракөк,

Күймелі арба мінгізді.

Көзі түскен бенденің

Жүрегін оттай күйгізді.

Ашылған гүлдей нұрланып,

Қылығымен сүйгізді.

Өз теңінің ішінде

Асырып дәурен сүргізді.

Уызында жарыған

Ерте туған бағландай

Толықсытып жүргізді.

«Назымға таңдау қоям»,— деп,

Бұл хабарды Әзімбай

Алашқа тегіс жүргізді.

Он екі жасар балаға:

«Мал жайып кеткен далаға

Қалмасын,— деп,— қатардан»,

Бұларға айтып білгізді.

Тоғыз қабат торқадан

Қамзол киді қынама.

Таңдап Назым тимесе,

Толқыған көңіл тына ма?

Алмаққа әркім талап қып,

Сыйынды Жаппар Құдаға.

Қазақ пен қалмақ, ноғайлы

Ел еді жатқан құрала.

Назымның көрмей ақ жүзін,

Жанды кісі үйінде

Сабыр қылып тұра ма?

Ат шаптырып, той қылып,

Ашыққанды тойғызып,

Жиылды жұрт жамаға.

Бір төбенің үстінен,

Қыз Назым шықты басына

Салдырып биік мұнара.

Назымды малсыз алмаққа

Шалдар да жаман желіккен,

Қартайған адам көп екен

Кемпірден көңіл зеріккен.

Жарасты деп киеді

Елтірі қара бөріктен.

Қатындары үйінде

Қайғыланып жылайды:

«Сұлуды алса байымыз,

Айрылдық,— деп,— серіктен».

Үміткер болып барша тұр,

«Сабағынан үзіп ап,

Жесем, — деп,— піскен өріктен».

Алтын тұғыр үстінде

Назым отыр қонақтап,

Ақ тұйғындай еріккен.

Қара мен төре таласып,

Порымына қарасып,

Алдынан өтті көріктен.

Қыз Назымның майданы

Әр топтың болды базары.

Түседі көпке сәулесі,

Қағаздай кірсіз ажары.

Осынша жұрттың артынан

Аумады жанға назары.

Жердің жүзін шаңдатты

Жиылған қоршап адамы.

Қасқа мен жайсаң, бектердің

Таусылды ақыл, амалы.

Бәрі де өтті шұбырып,

Қалмады жақсы, жаманы.

Теңіздің бойы ноғайлы

Ел екен өскен жағалы.

Жарлыны байға теңгерді,

Көңіліне халықтың жел берді

Қыз Назымның заманы.

Сұрады сұлу сөз ашып,

Ауызынан дүр шашып:

«Бар ма екен,— деп,— далада

Жігіттің келмей қалғаны?»

Сұлудан үзді күдерін

Дәмелі болып тұрған көп.

Қайтпақшы болды үйіне,

Бәрі де бірдей өкпелеп.

Он екі баулы өзбекте

Әзімбай еді қаракөк —

Арылмаған уызы,

Сабада пісер қымызы,

Арғы атасы асыл тек.

Осыншаның біреуін

Тал бойына көрмейді еп —

Қапаланып Назым тұр

Қабағын түйіп, қайғы жеп.

Біреу айтып білдірді:

«Мерекеге келмеген

Әлімбайдың баласы

Қарақасқа атты Қамбар бек.

Ерлікті елден асырған,

Айыбы жалғыз — кедей»,— деп.

Жауап бермеді қыз Назым

Жиылып тұрған кісіге.

Қарамады назар сап

Еш бенденің түсіне.

Қалағаны келмесе,

Басқаменен ісі не?

Қатты батты қапалық

Үлкен менен кішіге.

Жұрт әуес болған сұлудың

Көңлі ауды сыртынан

Ер Қамбардың күшіне.

Алты ағасын, әкесін

Ақылмен Назым биледі.

Қайтарды бәрін адамның,

Біреуін таңдап тимеді.

Мұнарадан түсті де,

Көк жорғаны жектіріп,

Келтірді барқыт күймені.

Жақсы көрді Қамбарды <қосылма>,

Мақтауын естіп білгелі.

Қандай түрлі екенін

Көзімен көріп, білмеді.

Сұлу да қайтты үйіне,

Ер Қамбар болып сүйгені.

Жігітінде Әлімбай

Жұрт иесі болған хан.

Қол қусырып сыйлады,

Ғазиз тұтып барша жан.

Ол күнде перзент жоқ еді,

Дүние малын жиды сан.

. . . . . . . <қосылма>

Жарлылық шығып көңілінен,

. . . . . .

Қызықта мейірі қанады.

. . . . . .

«Қасымда адам бар ма?» — деп

Төңірекке қарады.

Арбаға басқан пішендей

Тұлпарға артып барады.

Жағалай қонған кедейдің

Ашылған әбден араны.

Әлімбайдың баласы

Күніне қиын жарады.

Алпыс үйлі Арғынның,

Тоқсан үйлі Тобырдың

Қабыл болды тобасы,

Қайнады майға қазаны.

Қарақасқа атқа жем беріп <қосылма>

Күніне көрді шабысты.

«Қамбардың бар,— деп,— тұлпары»,

Алашқа барды дабысы.

Кедейсің деген кісіге

Қылмайды батыр намысты.

Астындағы бедеуі,

Суытуы түскен соң,

Ұшқан құспен жарысты.

Құйындай шаңы бұрқырап,

Атқан оқтай зырқырап,

Қылады жақын алысты.

Сүңгіген суға үйректей

Жасырынып қалды қаз,

Паналап биік қамысты.

Дабылын қағып, сұңқар сап,

Болмаған күні мыңын ап,

Көлдегі құсты тауысты.

Жұрттың көңілі тынады,

Екпіні қатты дауылдай

Ерлігін әбден сынады;

Ағайыны қуанып,

Аллаға шүкір қылады.

Күмістен тағып қарғысын,

Соңына ертіп тазысын,

Ау қылып <қосылма> Қамбар шығады.

Қасындағы құмайы

Таңынан тартып, талайын

Таутекенің жығады.

Айрылады жарылып,

Киік пен атқан құланы.

Ат бетіне қарамай,

Ақ бөкендей жосытып,

Айғайын салып қуады.

Ашуменен аямай

Тұлпарға қамшы ұрады.

Найзамен өзі шабақтап,

Тазысы жетіп тамақтап,

Қасап сойған ешкідей

Қан сасытып қырады.

Түс қайтып, бесін болғанда,

Артына мойын бұрады.

Қарақасқа атты қаңтарып,

Маңдайын сүртіп, демалып,

Тынығып сүртіп тұрады.

Серкедей басып тақымға,

Семізін таңдап жинады,

Арығын таңдап алмады.

Оның бәрін артқанмен,

Бір атқа қайтіп сыяды?

Алпыс үйлі Арғынның,

Тоқсан үйлі Тобырдың

Ашыққанын тойғызды,

Батыр туған Қамбардың

Тимеді жоққа зияны.

Шекесінде Қамбардың

Бар екен алтын тұлымы.

Сұрап алған Құдайдан

Әлімбай ханның құлыны.

Ешкімге аза <қосылма> бермеді,

Қыздан да зият қылығы.

Ау қылып шығып жөнеді,

Үйінде болмай тынымы.

Далада жатқан жайылып

Бұғы, киік құрыды.

Ордалы құлан обығып,

Бір бәлеге жолығып,

Жануарлар жабығып,

Көбейіп кетті шығыны.

Тағы да қоймай аулады

Таудағы киік, бұғыны.

Қарсағы бар қасында,

Тазысының алғаны

Түлкінің арлан қызылы,

Құлақтары салынып,

Жаратқанға жалынып,

Бір жартасқа қамалып,

Бөрілер қорқып ұлиды.

Кездессе тобы Қамбарға,

Бірі қалмай құриды.

Қазақ емес, сарт емес,

Қамбардың түбі ноғайлы.

Азусыз аңды тауысып,

Қоймады қырып оңайды <қосылма>.

Құлан менен киіктің

Далада жатқан бірі жоқ,

Бұрынғы қызық болмайды.

Тұлпарын көлден суарып,

Аралап жүріп келеді

Ағашы қалың тоғайды.

Етпетінен жығылып,

Ішіне шаттың тығылып,

Тұмсығынан қан аққан

Көреді өлген торайды.

Хадиса <қосылма> деп бұл қандай,

Төңірекке қараса,

Құйрығын қысып бұтына,

Жолбарыс жатыр ыңыранып,

Шабуға таппай орайды.

Оттай көзі қызарып,

Ыңыранған даусы зорайды.

Қаһарға мініп ер Қамбар,

«Қайтесің,— деп,— сен заңғар» <қосылма>,

Құдайдан мәдет <қосылма> сұрайды.

Жатқандай болды шөккен нар,

Айбаты күшті арыстанның

Қасына қайтіп жақындар?

. . . . .

Қамбар айтты тұлпарға:

«Қанатты туған пырағым,

Аға-іні сен едің.

Тар жерде жолдас шырағым,

Мойның алтын таяқтай,

Қамыстай екі құлағың,

Төрт аяғың қазықтай,

Төңкерген кесе тұяғың.

Сұлулығың сүмбідей,

Жылқыға бітпес, жануар,

Сымбатың менен сыяғың.

Ажалым жетіп осыдан

Өліп кетсем, орным жоқ,

Өзіңе мәлім бұл жағым.

Қарақасқа ат, қалтырап,

Осынша неге қорқасың,

Шат болып тұрмай, шырағым <қосылма>.

Қиын екен жалғыздық,

Жабығып қатты жыладым.

Ажал жетпей жан шықпас,

Тәуекелге бел байлап,

Пешенемді <қосылма> сынадым».—

Селебесін суырып,

Бос қалдырып қынабын,

Қайратын жиып ер Қамбар,

Шерінің <қосылма> барды қасына,

«Болғай,— деп,— асыл мұрадым!»

Сол уақытта жолбарыс

Түгінің бәрін жатқызды,

Құлағын жымып, жасырды,

Арандай ашып ауызын,

Айбарлы жаман ақырды;

Дауысы жерді көшіріп,

Нар маядай бақырды;

Бүркіттей жазып тырнағын,

Тұлпарға барып асылды.

Қамбар да қайтпай, ұмтылып,

Бар қайратын шақырды.

Құйрығынан көтеріп,

Айналдырып басынан,

Лақтырып жіберіп,

Қырық қадам жерден асырды.

Құлаған жардай дүрс етіп,

Ырылдауға әлі жоқ,

Демінен түсіп басылды.

Тоқсан үйлі Тобырдың

Қабыл болып тобасы,

Сақтады Құдай батырды.

«Осы ма,— деп,— қайратың?»

Тұмсыққа тарақ балтамен

Сондай мықты шеріні

Жалғыз-ақ ұрып қатырды.

Қалыңның шықты ішінен,

Ер Қамбар өзін үйіріп,

Көкпардай қылып көтеріп.

Жөнеліп кетіп барады,

Жолбарысын өңгеріп.

Құйрығын жерге шұбатып,

Алдына мықтап басады,

Төрт аяғын теңгеріп.

Үлкендігі басының

Он екі қарыс қазандай —

Мықтылығын шерінің

Тамаша қылды ел көріп.

Суытып қойып жатқанша,

Қарақасқа тұлпардың

Қаңтаруын жазды да,

Байлады мейіз-жем беріп.

Аяғына салғаны

Оқтығы таза күдер-ді,

Көрген жан қайран қалады

Тиегі күміс шідерді.

Тебінгілік жүні жоқ

Терісі болып жарғақтай,

Арықтап әбден жүдеді.

Қабағы қардай жабылып,

Ертелі-кеш сабылып,

Мінісі қатты ауда да.

Ауыт-ауыт шабылып,

Тұяғы тасқа қағылып,

Шомылып терге жүзеді.

Жатқызып жалын фұштымен <қосылма>,

Құйрығын тарап сүзеді.

Алтыннан тағып құйысқан,

Ер әбзелін түзеді.

Құралайдың терісі —

Тайжақтысын киеді.

Садаққа салған оқтай боп,

Тұлпарға тола мінеді.

Қаршығасын көтеріп,

Көліне Нудың жөнеді.

Түскен жолы Қамбардың

Шұбырған малдың ізі еді.

Жағалай құлын байлаған,

Теңіздің бойын жайлаған,—

Қыз Назымның ауылының

Үстіне түсті көздері.

Мұны көріп, Қамбардың

Жоқшылық кірді есіне.

«Қымызы бар деп ақ үйдің,

Түсемін барып несіне?!»

Қырындап өтіп барады,

Сұңқарын тұтып бетіне.

Қарақасқа тұлпары

Жерді тарпып табаны,

Алшаңдап басып асықпай,

Ауылдың шықты шетіне.

Бұлттан шыққан айға ұқсап

Тұр еді Назым нұрланып,

Атлас көйлек үстінде,

Көк арбаға сүйеніп,

Шыбықтай белі бұралып,

Сүйретіп алтын шашбауын,

Ордаға барып кіреді.

Бозжорға аттай ырғалып,

Аһ ұрғанда аузынан

Түтіні шығып сұлудың,

Жүрегі кетті от жанып.

«Қара атты Қамбар қарамай

Не себептен кетті»,— деп,

Ашуы келді долданып.

«Ақша бетім қарайып

Қалды ма,— деп,— апырмай»,

Шарайнасын қолға алып,

Сұңқардай көзі сүзіліп,

Жыламай көңілі бұзылып,

Айнаға көзін тұр салып.

Қараңғы тартып көңілі,

Қыз Назымның ішіне

Қапалығы сыймады.

Шақырып жақын жеңгесін,

Орданы тегіс жинады.

«Түс қайтуға жеткізбей,

Бір ұршықтай жібекті

Иіріп бер»,— деп қинады.

«Өкпелер,— деп,— шұнақ қар»,

Назымның сөзін сыйлады.

Шүйкесін созып шапшаңдап,

Бәрінің басы қақшаңдап,

Бұйырған ісін бітіріп,

Айтқанын екі қылмады.

Отыз қатын ойнақтап,

Өрмегін тездеп жүгіртті.

Табаны жерге жарылып,

Құландай салды дүбірді.

Жүргенде иін тіресіп,

Тоқталып біраз кідірді.

«Қайтатын Қамбар кезінен

Қалдыңдар,— деп,— кешігіп»,

Кейіс қып Назым бүлінді.

Іргеден қағып қазығын,

Бір ұшы көлге ілінді.

Қатындар қайтты үйіне,

«Разы бол,— деп,— қош енді.

Баламыз жылап, қарны ашып,

Ұрамын десе байымыз,

Айтармыз да жалынып,

Алдық,— деп,— сенің тіліңді».

Қыз Назым мінді өрмекке,

Иісін жұпар аңқытып.

Ашықтық түсті басына,

Сүйегін жаман жасытып.

Даярлап қойды шараға <қосылма>,

Қасына қымыз тасытып.

Теңізден шығып ер Қамбар,

Қатарлап артып келеді

Қаз бенен үйрек, тырнаны.

Тұлпардың жүгін бітіріп,

Толтырып үстін ырғады.

Қаршығаның қыраны

Қанатты құсты қырғаны...

Артына мойын бұрмады.

Көрінеді Назымның

Алдына өрмек құрғаны.

Қамбар айтты өзіне:

«Осыған көңілім бөлініп,

Ұмытып кетсем жұртымды,

Құдайдың,— деді,— ұрғаны».

Мәлім болды батырға

Ақыл мен өнер іс етіп,

Қыздырмақ үшін тұрғаны.

Қысылған жерде шабады

Қарақасқа тұлпары,

Нәрсіз оқтай <қосылма> қаңғытып,

Қызықпен көлден су ішпей,

Талады шаршап, шаң жұтып.

Тоқтамады кідіріп,

Өте шықты қарғытып.

Сөйлесе алмай Қамбарға,

Тағы да қалды арманда

Отырған сұлу көз тұтып.

Ашуы келіп Назымның,

Асау тайдай тулады.

Қапаланып Қамбардан

Жүрегі қатты суынады.

Қылышын алып қолына,

«Адыра қал,— деп,— сен, өрмек!»

Алты жерден турады.

Жібекке кетті жаны ашып,

«Не болды,— деп,— шырағым?»

Жеңгелері шулады.

Қаны қашып бетінің,

Реңі құмдай қурады.

«Тоқтай тұр,— деп,— ер жігіт!»

Өтіп кеткен Қамбарға,

Шықырып, қолын бұлғады.

Қарақасқа тұлпардың

Басын тартып, кідіріп,

«Не дейді,— деп,— бұл маған»,

Жауабын қыздың тыңдады.

Сонда Назым сөйлейді:

«Қайрылмай қайда барасың,

Хан сүйікті Қамбар-ау?

Қабағы қатып шаршапты,

Қара атыңның мойнында

Өкпе-бауыр, жал бар-ау.

Арызыма менің құлақ сал,

Ақылың болса, аңғар-ау.

Ақ төсімнің үстінде

Қол тимеген мал бар-ау.

Шөлдесең, сусын ішсейші,

Біздің үйге түссейші,

Жатып-тұрып кетуге

Күткендей бізде жай бар-ау!

Мойныңды бері бұрсайшы,

Құшақтасып екеуіміз

Көріселік, тұрсайшы,

Артыңда үңгір жар бар-ау!»

Сонда Қамбар сөйлейді:

«Ағайыным тауысты

Қара аттан бөлек малымды.

«Сыртым бүтін, іш түтін»,

Білмейді ешкім әлімді.

Жолдас қылды Құдайым

Кедейлік деген залымды.

Ұрлық қолдан келмейді,

Ат үстінен соғыс қып,

Жемесем тауып нанымды.

Екі аяғым салақтап,

Аш бөрідей жалақтап,

Қинады жоқтық жанымды.

Ұядан жалғыз баламын,

Құс етін беріп бағамын

Үйдегі екі кәрімді.

Оған да назар саламын,—

Қабатыма аламын

Алпыс үйлі Арғын мен

Тоқсан үйлі Тобырды.

Сеніменен ойнасам,

Айналар ісім қиынға.

Айыпқа мені бұйырма,

Айтамын, Назым, зарымды».

Назым айтты Қамбарға:

«Бүгінше бізге мейман бол!

Әрқашан өтіп жүресің,

Ауылдың үсті ұлы жол.

Қатарлап салып төсекті,

Қасыңа жақын жатайын,

Таң атқанша ұстап қол.

Алпыс үйлі Арғынға,

Асықпасаң, барарсың,

Қардар <қосылма> емес бізден ол.

Мың қойлы байдың баласын

Ізіңе басқан алмаймын,

Бекзатым <қосылма>, менің пейілім сол».

Ер Қамбар сонда сөйлейді:

«Өйтерің болмас,— деп,— Назым,

Қатарыңа қарасаң,

Мен емес таңдап тиерің:

Іздегенің асылық... <қосылма>

Ыңырсытып байлаған,

Көшкенде топтап айдаған

Мастығы шығар, қыз Назым,

Жылқы менен түйенің.

Байларды шалқар көл қылған,

Кедейді құла шөл қылған

Жарлығы күшті иенің.

Ит жүгіртіп, құс салам,

Сырқырап жаман сүйегім.

Өз теңімнің ішінде

Айтулы ердің бірі едім.

Жолбарыс қандай азулы аң,

Тар тоғайда жолығып,

Оған да табан тіредім.

Қайратпен жеңіп өлтіріп,

Шахы ерлерді келтіріп,

Алладан мәдет тіледім.

Жоқ та болса, жомарттың

Ісін тұтып жүр едім.

Қол ұстасып, қыз Назым,

Уағда қылсам сенімен,

Бір жаман келіп малы көп,

Алып кетсе айырып,

Абыройым ашылар,

Қайғыменен басылар

Ат басындай жүрегім».

Сонда Назым сөйлейді:

«Дүние боқтың аздығын

Қайратты жігіт елей ме?

Сақа қылған бар ма екен

Қорғасын құйып кенейге?

Жаны бар кісі қонаққа

Қыз шақырса, келмей ме?

Басыма салып уайым,

Жалындырған Құдайым

Жалғыз атты кедейге!

Есен тұрсам, сау болып,

Еш уайым жемеймін.

Он екі баулы өзбектен

Тақ отырмын демеймін.

Сайратып тілді көмейден,

Жағымды қайрап безейін.

Бөтен туған бала едің

Жұртқа тұлға болғандай,

Сол себеп сені тежеймін.

Ақылың болса, ойлап тұр,

Ендігісін өзің біл,

Асырып мұнан не дейін».

Қамбар менен Назымның

Асылық болып таласы,

Хасірет қоймай айтысып,

Ұзады сөздің саласы.

Ажырамай тұр еді

Екеуінің арасы.

Әңгімеге айналып,

Өтіп кетті кешігіп

Қайтатұғын шамасы.

Үйінен шықты далаға

Назымның үлкен ағасы.

Қарындасы қасында,

Оқалы бөрік басында,

Көлденеңдеп тұр екен

Қамбардың қасқа қарасы.

Көргеннен соң бұларды,

Ашуға мінді Қабыршақ.

Адамда жаман сол еді

Сақалы ұзын ақымақ.

Айқайын салып келеді,

Бақырауық неме еді,

Әңгі есектей аңқылдап:

«Қораз, Дараз, Алшыораз,

Қайдасың,— деді,— Қарымсақ?

Қорлағаны емес пе

Жалаң аяқ жарлының

Жүргені бізге жақындап?!»

Інілеріне айтады:

«Ақ семсерді қолыңа ап,

Маңдайын жарып, басын шап.

Жерге түссін мойыны,

Келеді кіммен ойыны?

Қызға таңсық мырзаның

Қылышпенен көңілін тап».

Бесеу еді белгілі

Әзімбайдың тентегі.

«Қайда,— деп,— кедей?» жүгірді,

Қолында бір-бір келтегі,

Жын ұрғандай бұрқылдап.

Адамның бәрін жинады,

Түсіп қалды бір жерге

Басынан тері телпегі.

Алтауының ішінде

Ақылы көп артықша

Алшыораз еді еркегі,

Ағаларына айтады:

«Қамбардың көңілін қалдырма,

Қайратты туған ер еді,

Болар,— деп,— бір күн керегі».

Қарымсақ сонда сөйлейді,

Бәріне қылып өкпені:

«Алды-артында қара жоқ,

Бұл кедей бізден көп пе еді?

Қораз, сенің жаманың

Ауылдың үстін жол қылып,

Іргені жанап өткені.

Ажалына асығып,

Өз басына жеткені.

Қабыршақ, Дараз, қайдасың?

Ат үстінен аударып,

Қолын байлап Қамбардың,

Дәл көтінен теп,— деді.—

Тумай кеткір Алшыораз,

Көзіме менің көрінбе,

Тұр, жоғал, аулақ кет!— деді.—

Алты ұлдың ішінде,

Әкем, шешем арқалап,

Аяулы өскен Назымды

Жалғыз атты кедейге

Бермегіміз еп пе еді?»

«Алшыораз айтты: «Ағалар,

Сүйенбе малдың көбіне.

Кімді қырып тастайсың,

Жан көрінбей көзіңе.

Көтере алмай жүрсіңдер

Бергенін Құдай өзіңе.

Менің де келді ашуым

Сендердің айтқан сөзіңе.

Үй жығылып қалғандай

Қойныңның бір қап желіне.

Ешкімнің тілін алмайсың,

Едіреңдеп бәрің де,

Пісіріп нанды деміңе.

Екіталай іс болып,

Ат құлағы теңесе,

Паналарсың тығылып

Осының барып шеніне.

Әзімбай ханның баласы —

Қарасаң арғы тегіне.

Қарындасың кем болмас

Батырдың түссе шеніне.

Ағайынмен ойласып,

Назымжанды қосайық,

Қаласа Құдай, теңіне».

Дараз айтты: «Ағалар,

Артық екен бізден де

Алшыораздың ақылы;

Ағаш үйлі өзбектің

Сүйекті тамыр болады

Құдайдан соңғы жақыны.

Ойлағанға кідіріп,

Осы екен істің мақұлы;

Кекті болып кетпесін

Ноғайлының батыры.

Азулымен өшіксең,

Тигізер зиян ақыры».

Бұл сөзді естіп тентектер,

Таяғын жерге тастады,

Бәрінің қайтып ашуы.

Миығынан бір күліп,

Назымның тартты тақымы.

Жөнеліп Қамбар барады,

Шаңғытып жерде тұяғы

Тұлпардың шығып тасыры.

Қыз Назымға жаушы ғып

Жиырма жігіт жіберді

Қалмақтың ханы жұртынан,

Құйрық-жалы түйілген

Құр айғыр ұстап жылқыдан.

. . . . . . .

Сусар бөрік басында,

Үстіне киіп құлпыдан <қосылма>,

Керейұлы Келмембет <қосылма>

Сөйлес қылып кідірді,

Ауылдың келіп сыртынан.

Аяғын жерге жай басып,

Манаурап көзін зорға ашып,

Әзімбай шықты далаға,

Тұрғандай болып ұйқыдан.

Әзімбай сонда сөйлейді

Ашуы келіп азырақ,

Беті оттай қабынып,

Омырауын көтеріп,

Нар бурадай шабынып,

Белін бумай, желбегей

Бөрі ішігін жамылып,

Қабаттап киген қамзолды,

Сыдыра түйме тағынып:

«Ертелі-кеш шұбырып,

Қонады мейман ағылып.

Кедейлер мені көрмесе,

Қалады,— деді,— сағынып.

Отымның басын бермейді,

Іздеген жоғы табылып,

Керейұлы Келмембет,

Сендер де келдің сабылып.

Киіз ілмес кешқұрым,

Танымаушы едім ешбірің,

Қайырлы болсын сапарың,

Жөніңді келген сұраймын,

Жүрсіңдер, балам, нағылып?»

Келмембет сонда сөйлейді:

«Болсын,— деп,— әлі, Әзімбай,

Арызымды сізге айтайын,

Көтерсең менің назымды:

Саусағы алтын сұңқарға

Ілдірейін деп келдім

Көлдегі үйрек, қазыңды;

Алтайы қызыл түлкіңе

Қосайын деп ойлап ем

Құмай жүйрік тазымды;

Тікпекке ақ үй сұраймын

Ел қонбаған сазыңды.

Бұйырып патшам жіберген,

Қайта алмаймын бұл жерден,

Іздеген жоғым табылмай».

Келмембет тағы сөйлейді:

«Асықпасаң, байеке,

Мүйізі ұзын боз бұқа,

Пайікелін аңқытып,

Пәлегіңді езеді.

Артына қарап бұрылып,

Айдайын десең, сүзеді.

Исі жұртқа жайылып

Піскен аңқып түйнегің,

Қолына өткір кездік ап,

Ортасынан тіледі.

Жемекке әркім әуес қып,

Көрмей-ақ сырттан біледі.

Қанатты қара бүркітім

Асыраған әлпештеп

Аққуыңды іледі.

Құс етінен тояттап,

Кеудесіне мінеді,

Дос адамың қайғырып,

Дұшпаның қатты күледі.

Осы айтқаным болмаса,

Тұғырға сұңқар қонбаса,

Ноғайлы елің бүледі».

Келмембет тағы сөйлейді:

«Бұғалық салып мойнына,

Жуасытып қайтамын,

Асауыңды үйретіп.

Азулы арлан бөріме

Жегіземін құйрығын,

Бағланыңды сүйретіп;

Тістетемін тамағын,

Қабырғасын күйретіп;

Ақ сапты болат найзамен

Шанышқызамын түйретіп;

Түлейден қашқан түлкіңді

Ұстайын қуып індетіп;

Мекен еткен қырғауылыңның

Қызығын көрсем деп едім,—

Шеңгелдетіп мойнынан,

Лашын құсқа жүндетіп».

Келмембет тағы сөйледі:

«Сен сұрасаң, Әзімбай

Айтайын келген жөнімді.

Арада жүрген жеңгемін,

Киемін қымбат тоныңды.

Мәрт <қосылма> кісінің белгісі —

Бітірсең тездеп сонымды;

Ешкім саған тие алмас,

Ұстасаң менің қолымды;

Жаушы қып патшам жіберді

Жеті атасы орынды;

Алатаудай айбаты,

Рүстем — Дастан порымды;

Ерегессең онымен,

Құртады әбден сорыңды;

Сәулеті мен дәулеті

Құп өзіне қонымды;

Бүгін саған мейманмын,

Таңдап сой семіз қойыңды;

Құда түсіп, құйрық жеп,

Қыламыз қызық ойынды;

Ноғайлыңды шақырма,

Өзіме бер тойыңды;

Бір үйіңді босатып,

Салдырып төсек, ат ұста,

Тырнадай созып мойныңды».

Отаудан шығып далаға,

Алшыораз сонда сөйлейді:

«Жүрсіңдер қайдан адасып,

Қалмақтың қасқа, бектері?

Екі иініңнен дем алып,

Екпінің қатты білінді,

Қараман дәудің ерлері.

Айтар сөзді шыңлаушы

Сен екенсің зерігері.

Келмембет деп естуші ек,

Ініңнің осы көргені.

Биеке, сізде бар екен

Бұрынғының өрнегі.

«Жақсы адамда жаттық жоқ»,

Жасың үлкен ағасың,

Көріселік, кел бері!»

Келмембет сонда сөйле,йді:

«Ер екенсің, Алшыораз,

Бала жолбарыс пішінді.

Жүр екенсің селтеңдеп,

Қайратың қысып ішіңді;

Кездестірді Құдайым

Ізденіп шыққан кісімді;

Ерегессең менімен,

Көрсетермін күшімді;

Ақылың болса, жарқыным,

Жіберме шарға ісімді;

Қадіріме жетер ең,

Танымайсың түсімді».

Сол сөзді айтып Келмембет:

«Көріссең, кел,— деп,— шырағым»,

Еңкейіп қолын ұсынды.

Жағадан ұстап Алшыораз,

Талтая тартып табанын,

Ат үстінен жұлып ап,

Аударып жерге түсірді.

Жаушыға келген батырдың

Зәресін жаман ұшырды.

Келмембеттің үстінде

Жігіті салды ұрысты;

Тарта соқты сойылын,

Бере алмай көпке тұрысты;

Көтеріліп табаны,

Атының мойнын бұрады.

Келмембеттің көп нөкер:

«Соқтыға көрме бізге!»— деп,

Алшыораздан сауға сұрады.

Алшыораз атып мылтықты,

Сілтеді өткір қылышты,

. . . . .

Төбеге ойнап шығысты;

Қатын-бала соңына

Қарғадай түсіп шуылдап,

Біреуін қоймай қырысты;

Бәрі де қайтты үйіне,

«Оңда,— деп,— Құдай, бұл істі!»

Қайтып келіп қасына,

Келмембеттің Алшыораз

Құлағын отап, құнтитты.

Өткір қара кездікпен

Мұрнын кесіп, шұнтитты.

Қылшықтай мойнын қуартып,

Тоқпақтай басын сымпитты.

Қояндай көзін бадырайтып,

Бұйректей бетін бұлтитты.

Төскейден қашқан борсықтың

Ініндей қылып үңірейтіп,

Танауын екі таңқитты.

Алшыораз сонда сөйлейді:

«Жүр едің мас боп, Келмембет,

Құдайдың берген бағына.

Басыңнан құлақ садаға,

Боласың адам тағы да.

Ішпесе тамақ, өлер деп,

Қылмадым зиян жағыңа;

Кесілген жерің жайласар,

Шүкір ет қалған жаныңа;

Біз таласып бармаймыз

Қыз, келіншек, бойжеткен,

Некелеп алған жарыңа.

Қазақ пен қалмақ қатысып,

Құда болған бар ма екен

Бұрынғыдан соңғыға?

Дұғай сәлем дегейсің

Қараман дәудей ханыңа».

Келмембет сонда сөйледі:

«Қол-аяғым болмаса,

Қоймадың аман жерімді;

Соғымға сойған өгіздей

Алғаның жақсы терімді;

Әбден жүзіқарамын,

Қандай деп елге барамын?

Кеуілжірім кесіліп,

Маңдайдан миым көрінді;

Тұмсығымнан айрылып,

Есіл мұрным бүлінді;

Далаға шықсам, жылаймын

Құдайдан сұрап өлімді;

Жолымен келген қайтсын деп,

Оймадың екі көзімді;

Құлағым құрсын, ырзамын

Жіберсең тірі өзімді.

Қараман дәуге тапсырған,

Қалдырмай бірін, шырағым,

Аман барсам ит-құстан,

Жеткізермін сөзіңді».

Келмембет Алшыоразға көп сөз айтып,

«Көргенше аман бол!»— деп кетті қайтып.

Алдына Қараман ханның барды жетіп,

Шомылып тұла бойы қанға батып.

Қараман мұны көріп, қайран қалды,

Шошынып ет жүрегі, есін танды.

«Әлінен Келмембеттің сөз сұра!»— деп,

Отырған бір уәзірге ақыл салды.

. . . . . . .

«Түбіңе, кап, ноғайлы, жетермін»,— деп,

Қараман ашуланып, қапа болды.

«Жиылсын тез, кешікпей, барлық халық!»—

Деп жіберді шапқыншыны оңды-солды.

Жолбарыстай ыңыранып,

Қараман қылды қаһарын.

Айдаһардай ысқырып,

Бетіне жайды заһарын.

Бір жасауыл жіберіп,

Жинады тегіс шаһарын.

Бес мың алды адамнан,

Ноғайлыға бармаққа,

Жігіттің түзеп қатарын.

Даяр болды жүрмекке,

Құдайдан сұрап сапарын.

Қараман шықты қаладан,

Кернейлері бақылдап,

Байрақтар тулап көтерген,

Алтыннан қалқан жарқылдап,

Сыбызғы, сырнай шақылдап,

Мінгендері дәл бедеу,

Келеді бектер дабылдап.

Аударысып ойнайды

Буыршындай тақымдап;

Шаншысады машық <қосылма> қып

Ақ найзасы сатырлап;

Көрінеді алыстан

Жұлдыздай ұшы жалтылдап;

Бір күн өтіп арадан,

Әзімбайдың аулының

Үстіне келді жақындап.

Бие бауы шалғынға

Қондырды патша қосынды.

Әскерді көріп сыртынан,

Әзімбай жаман шошынды.

Шақырып алып алдына,

Алшыоразға кейіді:

«Айтып едім, жүгермек,

Қылдың деп бекер осыңды;

Қарындасың екеуің

Қамбарды ер деп мақтаушы ең,

Табасың қайдан досыңды?!»

«Ақырын, Құдай, оңда!»— деп,

Бұл сөзді айтып Әзімбай,

Көзінің жасы жосылды;

Қараман дәудің бектері

Алдына қоршап жиылды.

Өз дінімен олар да

Құдайына сыйынды.

Патшаға қызын бермесе,

Қылалық деп кеңесті

Әзімбайға қиын-ды.

Бел байлады бәрі де

Алшыоразбен жауласып,

Өткізбекке бейілді.

Қараман айтты бұл сөзді:

«Ноғайылының қайраты

Маған салсаң тиеді.

Қырық жігітке бас болып,

Алшыоразға жолық!»— деп,

Келмембет ерге бұйырды.

Патшадан пәрмен <қосылма> болған соң,

Келмембет мінді атына.

Бітеу сойып, аққудың

Терісін киді басына.

Жөнеліп кетіп барады,

Қырық жігіт ертіп қасына.

Әзімбайдың аулына

Жетіп барды сол уақытта,

Мойнын бұрмай артына.

Келмембет сонда сөйлейді:

«Үйіңде болсаң, Әзімбай,

Жауап бер бізге жолығып.

Қараман қонды қасыңа,

Олжаға қалдың молығып.

Күні-түні тыныш жоқ,

Шаршадым әбден зорығып.

Ортада өзім жүрмесем,

Қазақ пен қалмақ ұрысып,

Қырылар дедім обығып.

Ашуы жаман Алшыораз,

. . . .

Ерегіссең менімен,

Талан қылып шалыңды <қосылма>,

Шауып алып малыңды,

Асықпасаң, қайтармын

Қатыныңды шоры <қосылма> ғып!»

Сол уақытта Әзімбай

Түрегелді орнынан,

Көкірегі күрілдеп,

Көзінің алды іріңдеп.

Қайрат берді өзіне:

«Көтере гөр, пірім»,— деп.

Үш сүрініп жығылды,

Әр буыны дірілдеп.

Екі қолын қусырып,

Есіктен шықты далаға.

Әзімбай айтты: «Келмембет,

Қайттың ба барып қалаға,

Іздегенің мал болса,

Патшадан барым садаға.

Қолыңнан келсе, жәрдем ет

Қартайған мендей ағаңа.

Жақсының кегі, Келмембет,

Жібек орамал кепкенше.

Жаманның кегі әр жерде

Басы жерге жеткенше,

Тимесін қолың жағама.

Оңаша үйге түсе тұр,

Шөлдесең, сусын іше тұр.

Саған жауап берейін,

Ойласып қатын, балаға».

Атын ұстап түсіріп,

Сыйлады күтіп қалмақты.

Ерегісіп болмайды,

Әскер жатыр салмақты.

Ағайынын шақырып,

Жинады тегіс жан-жақты.

Алшыораз да айбатты,

Ер еді асқан ардақты.

Келмембеттің алдына

Қызмет қылып бармапты.

«Бұйырған алар біреуі,

Қараға да, ханға да

Беріңдер,— деп,— Назымды»,

Әзімбай жылап, зарлапты.

Ағайыны жиылып,

Алшыоразбен кеңесті:

«Берейік,— дейді,— Назымды,

Патшаға қылмай егесті.

Қалмақпенен өшіксең,

Ат құлағы теңесті.

Келмембеттей батырдың

Құлағын кесіп құнтитып,

Іс қылып едің өрескі».

Алшыораз айтты:« Қамбарға

«Тоғыз бие тарту қып,

Алдына алып барайық.

Қамбар тірі тұрғанда,

Ешкім бізді жеңбес-ті.

Жай айтпасақ жалынып,

Сүйегі асыл ақ болат

Өздігінен келмес-ті».

Әзімбай сонда сөйлейді:

«Жаңа таптың ақылды,

Ырзамын саған, халайық.

Қол қусырып, қой сойып,

Қалмақты күтіп алайық;

Келмембеттің өзіне

Ықтиярды салайық;

Ерегесіп ханменен,

Ұялып жұрттан қалмайық;

Құтыламыз қандай ғып?

Бұған бір айла қылайық;

Не десе де мақұл деп,

Ауызына қарайық;

Басыңды бұзба, ағайын,

Алдына тегіс барайық».

Қызмет шегіп жүгірді

Келмембет ердің жолында.

Неше түрлі дастарқан

Бозбаланың қолында.

Зияпатын <қосылма> асырып,

Әзімбай тұрды оңында.

Айдаған қойдай топтанып

Шұбырған адам соңында.

Екі жорға даярлап,

Келмембеттің үстіне

Жағасы алтын шегілген

Кигізді қамқа тонын да.

Келмембет айтты: «Әзімбай,

Арызымды жақсы тыңдадың;

Бұл сапарда бұрынғы

Әдетіңді қылмадың;

Қадіріме бек жетіп,

Қасиетпен сыйладың;

Ауылдың үстін шаңдатып,

Адамды мұнда жинадың;

Тағы да Құдай ұрды деп,

Қалмады қорқып иманым.

Қанша кінәм асса да,

Өлімге мені қимадың;

Көрінеді көзіме

Оттан да ыстық дидарың;

Ақылыңа тәнтімін,

Назымды беріп патшаға,

Артықша болды қылғаның».

Әзімбай айтты: «Келмембет,

Ағайыным жиылып,

Ақылымды талады.

Алшыоразды айнытып,

Әртүрлі жолға салады.

Қартайсам да қайратпен

Көндірдім қатын-баланы.

Қатарым деп өзімнің,

Назымжан ханды қалады.

Қызға жаушы көп екен,

Тағдырда жазған алады.

Қараман — күйеу, біз — ата,

Қайтпасын ердің талабы.

Жұрт иесі патшаның

Болмасын құр қадамы.

Сан жылқыны аралап,

Семізін таңдап сояйын.

Сабаға қымыз ашытып,

Даярлап бәрін қояйын —

Тілесе нені тамағы.

Қырық күн ұдай тойым бар,

Әртүрлі қызық ойын бар.

Тамашаға жиылсын

Алты алаштың адамы».

Қош айтысып баршаға,

Келмембет қайтты қуанып,

Өткен күнді ұмытып,

Жылаған көңілі жұбанып.

«Сәлем де,— деп,— патшаға»,

Әзімбай қалды шығарып.

Қырық жігіт жосып жөнеді,

Ілгері-кейін шұбалып.

Алдына барып Келмембет,

Шатырдың түсті түбіне,

Оттай беті қызарып.

Сәлем берді патшаға,

Төмен қарап мұңайып.

Қараман айтты: «Келмембет,

Қыз Назымнан не хабар,

Қайттың ба,— деді,— тіл алып?».

Келмембет айтты: «Падишам,

Ноғайлының қызбадым

Тайтұяқ, жамбы, пұлына.

Ызғарыма шыдамай,

Жиылып шықты ырқыма.

Бәрі де қорқып жүр екен

Көңліме салған дығына.

Зияндасты көшіріп

Тастаған жолға бастай боп,

Түстім әбден сыныма.

Көп кейіді Әзімбай

Алшыораз деген ұлына.

Сізге берді назымды

Құлағымның құнына.

Жұрт иесі Қараман,

Ырза бол мендей құлыңа.

Сүйтіп сізден сұраймын,

Мархамат <қосылма> етсең мұныма».

Қараман сонда сөйледі:

«Сүйінші десең, Келмембет,

Көңіліңді сенің табайын;

Өлгеніңше өзіңді

Тәрбиелеп бағайын;

Аяғыңа жығылып,

Дұшпаның болсын ағайын;

Ерегіскен кісіңнің

Жүрегін майдай шағайын;

Етін итке жегізіп,

Сүйегін өртеп жағайын;

Бетіңе біреу қараса,

Күрзімен ұрып сабайын;

Төтесінен сіңіріп,

Қазықтай жерге қағайын;

Құдай берсе, Назымды

Қалаға алып барайын;

Қондырайын оңаша,

Алтыннан салып сарайын;

Сүйіншіге, Келмембет,

Әр уақыт халіңе

Хабардар болып қарайын;

Дүние таппай қысылсаң,

Қазынамды сарып қып,

Күніңе қиын жарайын».

Қараман қайраттанды көңілі тасып,

Хош болып уақыты, хадден <қосылма> асып,

Әскерге доп аттырып, керней қойды,

«Алам,— деп,— Назым қызды, болса нәсіп».

«Құдая, не шараны көрсеттің?»— деп,

Әзімбай қапаланды, қайғы басып.

«Аздықтың қасіреті осы екен»,— деп,

Айрылып ақылынан, қалды сасып.

Қалмақтың зорлығына шыдай алмай,

Сүйегі жабырқады жаман жасып.

Жіберді тарту қылып тоғыз адам,

«Қамбарға қайтыңдар,— деп,— амандасып».

«Санаулы қырық күн ұдай тойым бар»,— деп,

Білдірді және халыққа хабар шашып.

Әзімбай айтты жақсылап

Ер Қамбарға сәлемді:

«Түбіміз бірге туыс-ты,

Ағайын кісі үсте ме,

Қалайша бізбен суысты?

Керейұлы Келмембет

Піленің жолын қуысты.

Көптігіне сүйеніп,

Қалмақтар белін буысты.

Бүркіттей жазып шеңгелін,

Салмаққа даяр соғысты,—

Қайратымыз аспайды,

Қылайық десек ұрысты.

Сүйегін сұлтан қорлай ма,

Ойласын батыр бұл істі.

Жаудың жаман сыңайы,

Тастасын басқа жұмысты».

Тоқсан үйлі Тобыр мен

Алпыс үйлі Арғыны

Ашыққанда жесін деп,

Қоржынға салып жіберді

Ат басындай алтын мен

Қой басындай күмісті.

Ордасының сыртында

Отыр еді ер Қамбар

Салдырып төсек паластан.

Қарсыласқан дұшпанға

Қайраты асқан алаштан.

Қараман ханды білмейді

Қыз Назымға таласқан.

Арыстанның көзі көреді,

Бір топ адам келеді

Төңірекке қарасқан.

Жан-жағына алаңдап

Кісіге ұсап адасқан,

Аттары болып қара тер,

Ұшырады Қамбарға

Жақындағанда намазшам.

Қамбар айтты: «Жақсылар,

Ашылсын жүрген жолыңыз!

Асығып қайда барасың?

Ауылға мейман болыңыз.

Құс етін жеңіз қақтаған,

Қазымыз жоқ сақтаған.

Бәріңіз аттан түсіңіз,

«Жарлылығын жасырған

Байымас» деген бұрынғы,

Аспандағы бұлтқа

Жетпейді созсақ қолымыз.

Жоқшылықтың жөнінен

Құралайдың терісі

Ақ шолақ киген тонымыз.

«Бар мақтанса, табылар»,

Дүние боқтың қорымыз.

Өлімге өзін айдаған,

Еңбекке белін байлаған

Қас кедейдің зорымыз.

Соятұғын қойым жоқ,

Айыпқа мені бұйырма,

Ағалар, қиын сонымыз».

Жәдігер айтты Қамбарға:

«Алатаудай айбатың,

Ер екенсің айтулы.

Атаңа ұсап айнымай

Қуыпсың жастан салтыңды.

Арызымды сізге білдіріп,

Ойланып тұрмын қайтуды.

Қарқын су келіп қаптады

Ондағы жатқан халқыңды.

Кінәміз болса, өтсін деп,

Әзімбай беріп жіберді

Қой басындай күміс пен

Ат басындай алтынды.

Баламыз еді көрмеген,

Алыңдар деп көлденең,

Жылқыдан және айдатты

Тоғыз бие тартуды.

Жәдігер тағы сөйлейді:

«Ойда жоқ жерде от шығып,

Қонысымыз тарылды.

Қызуына шыдамай,

Жүрегіміз жарылды.

Өртеп кетіп барады

Өзеннің бойы қалыңды.

Шарпуы жұртқа тиеді,

Өшірмесең жалынды.

Хан сүйекті Қамбаржан,

Айтамын сізге зарымды.

Дұшпанға көрсет бір қайрат,

Білдіріп елде барыңды.

Өкініші көп болып,

Өткен іс келмес орнына,

Ертерек білдір арыңды.

Жердің жүзін сел алды,

Бөгетті қайдан саласың?

Ағысы жаман теңіздің,

Қайтіп тоқтата аласың?

Қайратты туған ер едің,

Бұған бір айла табасың.

Өз теңіңнің ішінде

Ақылың асқан данасың.

Жұбатасың жыласа

Ноғайлының баласын.

Атыңа, батыр, ерте мін,

Арманда болып қаласың,

Жауап берсең, қайтамын,

Ағайынды жинап ап,

Назым қыздың әкесі

Әзімбайға айтамын,

Қай шамада барасың?»

Қамбар айтты: «Жәдігер,

Қылмаңыз көп уайым.

Әуелі Алла, екінші —

Жұрт үшін белді буайын.

Өртіңді жанған өшіріп,

Асырып қырдан қуайын.

Халқыңыз қапа болмасын,

Есен барса жолбарысың,

Көндіремін дұшпанды,

Мәдет берсе Құдайым.

Әзімбайдың ақымақ

Алты итіне өкпелеп,

Жаманның ісін қылмайын.

Орынсыз қылған зорлыққа

Тірі боп қайтіп шыдайын!

Ибалы жасы, иманды

Ақсақалды кәрия,

Ағаларға сәлем де,

Қарақасқа тұлпарға

Жұлдыздың мініп оңынан,

Сәтті күні шығайын».

Жәдігер айтты Қамбарға:

«Қайсар туған неме екен,

Қараман патша қасарды.

Шатырын тігіп шаңдатып,

Қорқытты біздей нашарды.

Кетпекке айла таппадық,

Ойланып едік қашарды.

Аралас қонып ауылға,

Жақындап жаулар жасанды,

Сырымызды білдірсек,

Ноғайлыны шаппаққа

Қалмақтар ішті қасамды <қосылма>.

Жайқалып өсіп жасынан,

Әзімбайдың бір қызы

Назым сұлу атанды.

Арам алып кетпесін,

Зәңгінің <қосылма> қолы жетпесін,

Аяққа алтын құюлы

Күшік ит ішіп аселді» <қосылма>.

Қамбар айтты: «Жәдігер,

Азып туған анадан

Жолда жүрер адасқан.

Көлеңке жерге түспейді

Жапырақсыз ағаштан.

Кедей де болсам, көп еді

Қасыма қоңсы жанасқан.

Бармаққа қылдым уағада,

Артыма назар салмастан.

Құбылағой <қосылма> ата-анамды

Кім бағады өзімдей?

Түзге шықсам — үйім жоқ,

Бендеге қиын жалғыздық

Бір Құдайға жарасқан;

Ел ішінде кем болдым

Жал менен құйрық қанаттан;

Бұрынғының нақылы —

«Нұр жауар деген талаптан»;

Уағадаға опа қып,

Бесінші күн жетемін,

Тірі қып қойса Жаратқан!»

Қош айтып, жауап берді Қамбар мырза,

Жәдігер қайтып кетті, болып ырза.

Қалмақтың әскерінен жасырынып,

Жол жүріп түніменен келді мұнда.

Аузында Жәдігердің көптің көзі,

Баршаға жауап берді жалғыз өзі.

Халайық құлақ салып, құп тыңдады,

Қамбардың қандай түрлі бар деп сөзі.

Жәдігер: «Бардым,— деді,— Қамбар бекке»,

Сәлемін түсіндіріп айтты көпке;

Қабыршақ, Қарымсақ пен Қораз, Дараз —

Жүр екен төртеуіне қылып өкпе.

«Жолыңда хан баласы көпір болса,

Үстінен, кем тұтынып, басып өтпе».

Алшыораз ағайынмен ақылдасып,

Сөйлесті ғой барлығы, шығып шетке.

Үй тікті, отын жиып, бастандырып,

Соймаққа талап етті малды қырып.

Өзінің шатырында бектерімен

Мәжіліс отыр еді патша құрып.

«Ей, шахым, сізге айтатын арызым бар,— деп,

Келмембет сөз сөйледі құлдық ұрып.—

Ноғайдың Қамбар деген батыры бар,

. . . . .

Мереке алдыңызда болмай тұрып...»

. . . . .

«Қамбарды жүрген болсаң бұрын танып,

Хабар бер, атқа мініп өзің барып.

Көрейін, қандай түрлі батыр екен,

Алдыма кешіктірмей келгін алып.

Тоқтатса қарсылық қып әмірімді,

Айдап кел жалаң аяқ жолға салып».

Келмембет ұрып мініп жорғасына,

Жөнелді Ноғайлының жолбарысына.

Қаңбақтай жел аударған дөңгеленіп,

Қамбардың барды жетіп ордасына.

Ер Қамбар Келмембетті көрді қарап,

Тұр еді қара атының жалын тарап...

Адам деп мұның өзі қандай түрлі,

Азырақ сөйлесуге қылды талап.

Келмембет айтты дауыстап:

«Амансың ба, Қамбаржан?

Алып кел деп алдыма,

Жіберіп еді Қараман.

Әзімбайдың ауылында

Мейман болып жатырмыз,

Көп күндер өтті арадан.

Нәсіп айдап бұл жаққа,

Шығып едік қаладан.

Патшаның мейірі қанбады

Сөйлесіп қатын-баладан,—

«Әңгімеге айналмай,

Ат үстінен айт-тағы,

Қайт,— деп еді,— даладан».

Бұл сөзді естіп, Қамбардың

Қайраты судай тасады,

Жолбарыстай ыңыранып.

Шыбықтай белі бұралып,

Қаһармен жерді басады.

Бөрі өңгерген лақтай

Келмембет қорқып сасады;

«Шапшаң кел,— деп,— шырағым»,

Кейін қарап қашады.

Тағы да ұстап алар деп,

Дөңгелетіп жорғасын,

Бауырлап қамшы басады.

Қараманның алдына

Қайтып барып Келмембет:

«Келдім,— деп,— барып Қамбарға,

Келеді,— деп,— кешікпей»,

Өтірік сөзді бөседі.

Шабыты қатты бүркіттей

Шаңқылдап даусын шығарып,

Патша сонда сөйледі:

«Өзіңменен қосылып

Қамбар неге келмеді?

Қарсыласып менімен,

Ноғайлы да ел ме еді?

Алдыңа салып айдамай,

Екі қолын байламай,

Кеткенің тастап жөн бе еді?

Бұйрығыма бұл күнде

Қай мұсылман көнбейді?

Жалғыз атты кедейдің

Жарасар ма екен жеңгені?

Барған ісін бітірмей,

Келгенше қайтып қатындай,

Жігіттің жақсы өлгені».

Қатты ұялып қысылып,

Көп жауапқа тұтылып,

Келмембет батыр терледі.

Келмембет айтты: «А, патшам,

Көп қылып едім зорлықты

Жетім менен жесірге.

Қайратым жетіп түбіме,

Ұшырадым кесірге.

Теңдесуге кісімен,

Алшыораздың қорлығы

Тұрады шықпай есімде.

Жайымды айтып жалынып,

Алмаған екем бітімді.

Ар жағы үш күн, бер жағы

Уағада қылды менімен,

Келеді Қамбар бесінде».

Келмембет кетіп, Қамбардың

Қайғыға іші толады.

Жалғыздық түсіп ойына,

Өңі гүлдей солады.

Бадана көзді берік сауыт

Баса үстіне киеді.

Жау-жарағын асынып,

Жүрмекке даяр болады.

Құрама болат дулыға

Шекесіне қояды.

Ордасында отырып,

Шарапқа әбден тояды.

Әумин деп қол жайып,

Бір Құдайға тапсырып,

Жұртынан жауап сұрады.

Қош айтысып Қамбарға,

Тоқсан үйлі Тобыр мен

Алпыс үйлі Арғыны

Амандасып жылады.

Арыстан аман келгей деп,

Бәрі де дұға қылады.

Бастырып қатты қадамын,

Қарасқасқа тұлпарды

Қаһарланып ұрады.

Құстай ұшып ашумен

Тез де жетіп барады.

Әзімбайға қайрылмай,

Шатырына патшаның

Атының мойнын бұрады.

Үзенгісін шіреніп,

Ақ найзасын сүйеніп,

Тұмсығын тығып тұлпардың,

Есігінде тұрады.

Сол уақытта болғанда,

Керейұлы Келмембет,

Жүрегі тұрмай орнында,

Далаға іштен шығады.

Көзі түсіп Қамбарға,

«Айтайын,— деп,— патшаға»,

Шегініп, кейін бұғады.

Тізгінін тартып қаңтарып,

Қамбар бек түсті атынан.

Кіріп келді шатырға

Келмембеттің артынан.

«Жоғары шық», — деп Қараман,

Орын берді қасынан.

Ерегіскен дұшпаннан

Абырой алған жасынан.

Алмас қылыш белінде,

Өңі суық батырдың,

Өзінің қорықты басынан.

Сырттағы тұрған кісіге

Саясат қылып сөйледі,

Білдірмей сырын шошыған.

Патша айтты Қамбарға:

«Өлтірейін деп едім,

Кешіксең, келмей осыдан».

Қамбар айтты: «Падишам,

Атпенен тасып ауылымды,

Қондырып едім көшіріп.

Пәлен жерден от қашып,

Сөндірдім оны өшіріп.

Кедейліктің жөнінен

Шыға алмадым далаға,

Қанатым екі кесіліп.

Қарақасқа тұлпарда

Күні-түні тыным жоқ,

Тебінгісі сартылдап,

Терісі қалды тесіліп.

Орынсыз тасқа шабылып,

Қылыш қалды кетіліп,

Зорлықпен қатты қайрап ем.

Сұңқардың ілген қазына

Бір қара құс таласып,

Жатыр екен өшігіп,

Ажыратып екеуін,

Онан бері жүріп ем,

Құмай тазы бір қуды

Алған екен бейнетпен.

Бір төбет ит айқасып,

Қылыпты зорлық есіріп.

Ажыратып соларды,

Жолымнан қалдым кешігіп.

Шатыр тігіп шаңдатып,

Зорлығыңды аңдатып,

Ноғайлының сазында

Сіз де отырсыз шешініп.

Әзімбайды жүдетіп,

Сансыз қолды түнетіп,

Жерімнің шөбін қашырдың,

Берекесін кетіріп.

«Күйеумін,— деп,— Назымға»,

Шынтақтап сен мамықты,

Айылыңды жимайсың,

Аяғыңды көсіліп.

Сіз бенен біз жауласып,

Жаманның ісін қылмайық,

Қалаңа қайт, Қараман,

Күнәмді менің кешіріп.»

Қараман сонда сөйлейді:

«Жіберген ұрып жаушымды,

Алшыораз жаман басынды,

Елшіге бейнет бар ма еді?

Орынсыз маған асылды.

Бектеріме күйініп,

Қайғы жеп, жаным ашынды.

Әлін білмей ноғайлы,

Келтірді қатты ашуды.

Аламын деп ант айтып,

Назымға тіктім қасымды.

«Күйеуі қыздың патша»,— деп,

Дабысым жұртқа шашылды.

Бесті айғырдай кісінеп,

Ажырайып қарайсың.

Жалғызыңнан жабысқыр,

Ұрысуға қалайсың,

Құртайын ба басыңды!»

Бұл сөзді естіп, ер Қамбар

Жүгіріп шықты далаға.

Тұлпардың мінді үстіне,

Сыйынып Аллатағалаға.

Қаһар қылды Қараман

Ұядан жалғыз балаға.

«Қойыңдар,— деп,— ұрысты»,

Келмембет түсті араға.

Айқайлады дауыстап:

«Қалмақтар, шық,— деп,— жекеге!»,

Қамбар бек ұрды нығара.

Патша айтты: «Келмембет,

Ноғайылының Қамбары

Ұрысқа шығып сайланды.

Арманда болып қалмаңдар,

Іс қиынға айналды!

Қылыш шауып, қан төгіп,

Қыздырыңдар майданды!

Қолыңа ал даярлап

Ақ сапты болат найзаңды.

Өзім басын кесемін

Дұшпанға төтеп бере алмай,

Жүрегі қорқып тайғанды.

Осындайда азуды

Көрсетпесең асырып,

Батыр туған бектерім,

Көремін қашан пайдаңды?!

Үстіне тура мінейін,

Жасанған жауға тиейін,

Күлбадам атты даярла,

Түзетіп ұрып сайманды».

Қамбар айтты: «Қараман,

Мықты болсаң, жеке кел!

Зорлығыңа — сазайың.

Қасыма таман жақында,

Қырғи ілген торғайдай

Мойныңды жұлып алайын.

Қан ағызып көзіңнен,

Басыңа сауда салайын.

Қайтарайын еліңе

Қалмақтардың талайын.

Қаратып теріс бетіңді,

Ту сыртыңнан шабайын.

Олжа қылып атыңды,

Еріңді отқа жағайын,

Қонаққа сойған қозыдай

Тамағыңнан бауыздап,

Көңіліңді сенің табайын».

Шыдай алмай бұл сөзге,

Қаһарға мініп Қараман,

Жын ұрғандай жұлқынды.

«Әумин» деп қалмақтар,

Күрзісін алып қолына,

Ұрайын деп ұмтылды.

Қамбар айтты патшаға:

«Сұр бүркіттей түйіліп,

Ширатасың мұртыңды.

Қайда дұшпан көрінсе,

Жүресің беріп сыртыңды.

Мықты болсаң, жеке кел,

Қорлама ана қырқыңды.

Сен залымды өлтіріп,

Мен сұрайын жұртыңды».

Суырып алып алмасын,

Сол сөзді айтып ер Қамбар,

«Жекпе-жек» деп ұмтылды.

Жекеленген дұшпанға

Ақ тұйғындай құнтиды.

Қыз Назымға таласып,

Екі батыр соғысты.

Бұлт шайнап, мұз бүркіп,

Үркер мен айдай тоғысты.

Әзімбайдың ауылынан

Қалмақтар қылған қонысты.

Қараман дәу мен Қамбар бек

Қарсыласып, қылыш шабысты.

Ақ найзалар айқасып,

Нар бурадай алысты.

Шанышқанына шыдамай,

Астындағы Күлбадам

Шөге жата қалысты.

Қалмақтың ханы Қараман

Сол жағынан құлады,—

Артындағы әскері

Қолынан берді намысты.

Арыстан туған Қамбар бек

Аш бөрідей жалақтап,

Аралады қосынды.

Ақылынан айрылып,

Қалмақтар жаман шошынды.

Ортасынан әскердің

Қызыл қан ағып жосылды.

Керейұлы Келмембет

Бір бәлеге тосылды.

Айқайын салып Алшыораз,

Бүйірінен қосылды.

Сол уақытта ер Қамбар

Аямады жеткенін,

Найзаменен піседі.

«Әкежан» деп қалмақтар,

Бенде боп қолға түседі.

Түртіп өтіп кеткені

Тақиядай ұшады.

Екпініне шыдамай,

Атының жалын құшады.

Өшігіп қалған ноғайлы

Қоймайтынға ұсады.

Қаласына жеткізбей,

Көбісін қырып қалмақтың,

Қайратты туған ер Қамбар

Шығарды іштен құсаны.

Қалмақты қырып-жойды, қанын шашып,

Дұшпанды менменсінген қойды басып.

Ауылына Әзімбайдың келді қайтып,

Мысалы дариядай көңілі тасып.

Демалып ақ ордада отыр еді,

Үстіне Назым кірді амандасып.

Қамбарға Назым айтты: «Жаным құрбан!

Көзіме көрінбейді сіздей бір жан.

Шығар деп арыстаным ойлап едім

Майданның ортасында жауды қырған.

Туғызып сіздей сұлтан ноғайлыдан,

Құдайдан айналайын батыр қылған».

Отырды сонда Қамбар бек шаттанып,

Ашықлық жүрегінде оттай жанып.

Назымның қудай жайтаң жеңгелері

Көтеріп бір дастарқан келді алып.

Неше жыл Назым жүрді жылай-жылай,

Қамбардың күйігінен кешіп ылай;

Адамы көңіліндегі болып душар,

Жеткізді мұратына патша Құдай.

Бастағы халыққа айтқан уағадамен

Әзімбай тойын берді қырық күн ұдай.

Қамбарды Әзімбайдың көңілі сүйді,

Қатарлап қазынаның бәрін жиды.

Күмістен керегесі, уығы алтын

Оңаша сегіз қанат тікті үйді.

«Кедейдің жалғыз атты заманы»,— деп,

Дұшпанның даладағы іші күйді.

Той тарқап кеткеннен соң, қарты болып,

Отырып Мұқыш молда неке қиды.

Назымды жеңгелері отауға сап,

Қолына ер Қамбардың малы тиді..

Тағдырда жазған екен Хақтағала,

Қосылып екі асыл зат, ойнап-күлді.

Қызына берді жасауға

Төрт түліктен көп малды.

Әзімбайдың бұл қызы

Ноғайлының болды алды.

Қырық қашырға қазына артып,

Жүз елу берді ақ жамбы.

Көзінен Әзімбайдың жасы ағып,

Жылайды қасіретін жұртқа шағып:

«Алты ұлымның кенжесі жалғыз қызым,

Өсірген тәрбиятпен <қосылма> бағып-қағып.»

Қалды ауыл қараңғы боп ай батқандай,

Зарығып, күйінбессің бұған нағып?

Жайқалып қызғалдақтай шықты көші,

Алтыннан неше түрлі қоңырау тағып —

Түрлентіп жердің жүзін шұғыладай,

Назымды Қамбар мырза қасына алып.

Жақсы адам қайда жүрсе қор болмайды,

Шексе де жол бейнетін ашып-арып.

Қуантып ағайын мен ата-анасын,

Үйіне аман-есен түсті барып.

«Әрқашан панаңызда сақтай көр»,— деп,

Аллаға шүкір айтты міскін-ғарып.

Ерлікпен жеңді Қамбар оңды-солды,

Дүниеге кедейлердің көңілі толды.

Зәредей жүрегінде қайғысы жоқ,

Тілегі баршасының қабыл болды.

Осындай Назым менен өтті Қамбар,

Білімді, ақылы көп, бұл сөзді аңғар.

Әуелі — айтқан, екінші — тыңдағандар,

Жетіссін мұрадына барша жандар.

Дүниеге келіп кетті не асыл зат,

Жаманнан дат, жақсыдан қалады ат.

Бір дұға оқыңыздар аруағына,

Қамбардың болып жатсын көңілі шат.

Аяғы бұл дастанның болды тәмәм,

Келмейді көп айтуға менің шамам.

Құдая, жақсыларға хұзур <қосылма