Орал қаласының тарихы

Жайық қалашығының табылуы, зерттелуі және оның нәтижелері

Қазақстанның ежелгі қалалары ескіден жеткен қолжазбалардың уақыт өте сарғайып кеткен беттерінде олардың көбінің аттары сақталмаған. Кейбір қалалардың атаулары халық аузындағы аңыз-әңгімелерде ғана кездесіп қалады. Ал көбінің аты тіпті белгісіз. Тек осы қалалардың қурай басып, бұта жапқан орындары ғана бағзы заманда еңбек етіп, өмір сүрген, өркендеп, дамып, сарайлар мен шаһарлар тұрғызған, тағдырын жырға қосқан ондаған ғасырлық шежіресі бар ата-бабалар өмірін еске салады.

Қазақстан – ұшы-қиырсыз кең-байтақ ел. Оның осынау жалпақ төсіне Тянь-Шаньның тәкаппар, ақбас шыңы да, Сарыарқаның кең жазира даласы да, Сарыесік – Атырау мен Маңғыстау шөлдері де, ну орманды Алтай таулары мен Орал жазығы да сыйып жатыр.

Бүгін де елімізде өзен-көлдерді бойлай көптеген жаңа қалалар бой көтерген. Олардың біразы ескі шаһарлардың маңына немесе тура солардың үстіне салынған. Осылайша кешегіміз бүгінгі күнмен сабақтасып жатыр. «Өткенді білмей, болашаққа көз жүгірту өте қиын». Сондықтан да халық тағдырын баян етер тарих пен мәдениетті оқып-үйрену әр адамды отансүйгіштікке, өз елінің азаматы болуға баулиды.

Алайда тарихымыздың кейбір парақтары әлі күнге дейін ашылмай, сан құпияны бауырына басып жатса, кейбірі ашылғанымен де өткенімізбен толық таныстыра алмайды. Әсіресе, тарихымыздың терең қойнауын ақтарып, ежелгі дүниені танып-білу аса маңызды мәселе болып табылады. Осы жерде бізге көмекке келер сала – археология.

2001 жылдан бастап Орал археологиялық экспедициясы мен Ә.Марғұлан атындағы Археология институтымен Жайық қалашығының алдын ала іздестірілуі және зерттелуі басталды. Ол бұл қалашықты «Ақсай – Үлкен Шаған - Атырау» құбыржолын салу кезінде анықталды. Жайық қалашығының мекені: қазіргі Орал қаласының қасындағы Круглоозерное кентінің солтүстігінде. Шаған өзенінің бойында орналасқан ортағасырлық қаланың орны. Бұл археологиялық жаңалық далалық аймақта көшпелілер ғана тіршілік етпегені, өзен жағалаулары, тау бөктерлері мен шөбі шүйгін жазық далаларда диқаншылықпен, қолөнер кәсібімен айналысқан отырықшы халық өмір сүріп, алғашында көсемдердің ордасы, кейіннен қолөнері, сауда мен мәдениеттің орталығы болған қалалар маңына шоғырлана қоныстанғаны анықталып отыр.

Жайық қалашығындағы негізгі құрылыс ғимараттары: кірпіш күйдіргіш пеш, шығыс моншасы – хаммам, тұрғын үйлері, мазарлар, кесенелер, құлпытастар. Тұрғын үйдің ғимараты бір-бірінен қалың қабырғамен (0,8 м) бөлінген екі ұқсас құрылыстан тұрады. Ғимараттардың ішінде кіреберіс, жылытылатын бөлмелер, қоймалар орналасқан еді. Мұнда табылған заттар: металдан жасалған заттар және олардың сынықтары, құймалы плиткалар, моншақтар, былғарының қалдықтары, жануарлар сүйектері, балық қылқаны, Өзбек хан тұсында соғылған тиындар.

Қазба жұмыстары кезінде үй орындарынан металл бұйымдармен бірге екі мыс теңге табылды. Теңгенің диаметрі – 16 мм. Ақшаның бір бетінде құйрығын тігіп, аузын арандай ашқан арыстан бейнесі бар. Мұны ғалымдар Жошы ұлысының теңгесі деп бірден анықтады. Бұл Өзбек хан билеген кезеңде соғылған болса керек. Теңгенің жақсы сақталған бір бетінде «737 Сарай тамғасы» деген таңба бар. Яғни теңгенің соғылған уақыты – хижра жыл санауы бойынша 737 жыл, біздіңше 1336-1337 жж.

Құрылыстар төртбұрышты немесе шеңберді кірпіштен тұрғызылды. Бөлмелер таңдырдан тұтатылатын пештермен жылытылды. Соған қоса кіші үйді кірпішті төртбұрышты пештер жылытты. Құрылыстардың қабырғаларының қалыңдығы 70-80 см, ал кірпіші өрмелі қаланған. Үйлердің аула құрылыстары жеңіл ағаш түрлерінен жасалды.

Археологтардың пікірі бойынша, Жайық қалашығы қазіргі Орал қаласының арғы түп-тамыры болып табылады. Бұл қалашықтың табылуы өлкеміздегі қала мәдениетінің даму тарихын 300 жылға ұзартты. Демек, аталған тарихи ескерткіш өлкеміздегі қала мәдениетінің өз бастауын көнеден алатындығын нақты дәлелдей түседі.

Араб тарихшысы Аль-Идриси Х ғ. ежелгі Батыс Қазақстан облысы жерінде сауда қаласы бар деп жазған. Ең алғашқылардың бірі болып Еділ мен Жайық аралығындағы қалаларды италияндық көпестер ағайынды Пицигани қалдырған 1367 ж. жасалған картада белгілеген. 1562 ж. Антонио Дженкинсонның картасында екі қалашық белгіленген: бірі – Сарайшық, екіншісі – Жайық қалашығы. Ал ХҮІ ғасырдағы картада бұл қаланың аты Шакафни делінген. ХІІІ-ХІҮ ғғ. белгіленген қалашықты енді ХІҮ ғасырмен белгілеуге толық мүмкіндік бар: оған нақты дәлел - Өзбек хан тұсында соғылған тиындардың табылуы.

Барлық жағдайларды салыстыра мына бір түйінге келуге болады. Қала тұрғындары құтты мекендерін бейбіт жағдайда жаппай тастап кеткен. Археологтардың болжамы бойынша мұның мынадай үш себебі болуы ықтимал. Біріншісі, Алтын Орданың ыдырауының салдары, екіншісі - қала Жайықтың жағасында орналасқандықтан өзеннің күрт қатты тасуы немесе сол кезде ел ішінде жиі етек алған оба, сүзек, шешек сықылды індет факторы қала халқын аяқасты үдере көшуге мәжбүрлеуі ықтимал. Шамамен бір ғасырдай өмір сүрген бұл елді-мекеннің 1,5-2 мыңдай тұрғыны болған. Бұл сол дәуір үшін әжептәуір көрсеткіш.

Батыс Қазақстанның қалалық мәдениеті осы уақытқа дейін жеткілікті зерттелмеді. Көпшілік үшін ол мал шаруашылық өмірді білмеген тайпалардың тарихы саналып келген болатын.

2001-2002 жылдары жүргізілген зерттеулер кезінде Орал қаласы маңындағы Жайықтың жайылма тұсында өзеннің оң жағалауында көне қаланың орны табылды.

Археологтар басты назарды осы өзеннің оң жақ жағасында, Ысқырық тауының етегінде, Орал қаласынан оңтүстікке қарай 12 км жерде орналасқан қалашыққа аударды. Бұл қалашықты археологтар шартты түрде Жайық деп атады. Қала айналасында бекініс қызметін қала маңындағы сай-жыралар мен өзен жағалауы атқарған.

Қалашықтың ауданы шамамен 7-9 га екені анықталды. Жайық қалашығынан табылып зерттелген белгілі қоғамдық құрылыстардың ішіндегі ең қызықтысы – монша – хаммам. Ол халық көп баратын жер ретінде мешіттен кейінгі екінші орында болды. Жайық қалашығының ХІІІ-ХІҮ ғғ. белгілеу шығыс моншасының табылуы негізінде жасалған.

Шығыс моншасы – «хаммам» Жайық қалашығының ортасында орналасқан. Моншаның қалдықтары 1,5-1,7 м тереңдікте орналасқан. Құрылыс заттары: керамикалық құбырлар, кірпіш, шеңбер. Моншаның ғимараты жартылай жерде қазылып тұр. Моншаның құрылысы 8 бұрышты ғимарат. Шығыс пен батыстан жуыну бөлмелері орналасқан. Жылыту құбырлары еден мен суфалар астынан жүреді. Барлық құрылыстардың төменгі жағы 1,4 м тереңдікте қазылған. Жуыну бөлмелеріне жылы су керамикалық құбырлар арқылы өткізіліп тұр.  Құбырлар бір-бірімен жалғасып, су ағатын ортасында саңылауы бар керамикалық тығындармен құлыпталған. Салқын су құбырлар арқылы өткізілген. Жуынды су моншадан тысқары жерден қазылған шұңқырларға құбырлар арқылы ағызылып жіберілген. Моншаның төбесі күмбезделген.

Барлық ортағасырлық қалалардағыдай Жайықта да кірпіш күйдіру, құмыра жасау, металл өңдіру және зергерлік сияқты қолөнер түрлері дамыған.

Қазба жұмыстарында табылған заттардың негізгі бөлігін керамика құрайды. Олардың түрлері: «құймасыз», ол қызылсазды және сұрғылтсазды деп екіге бөлінеді. Жайық қалашығында қызылсазды кірпіштер керамиканың 80-90 % алады. Шыңылтырланбаған және шыңылтыр жалатылған ыдыстар, тұрмыстық және шаруашылық бұйымдары Сарайшық пен Еділ бойы қалаларының керамикасына өте ұқсас.

Жайық тұрғындары үй салуда анфиладалық жобаны көп қолданған, яғни бөлме есіктерін бір-біріне қарама-қарсы етіп қатар-қатар салған. Бөлме ішіне «П» тәріздес суфалар, тандыр және ташнау жасалған.

Жайықтағы үйлердің жобасы шаршы немесе төртбұрышты пішінді болып, сыртқы қабырғалары берік салынған. Үйдің қабырғалары күйдірілген кірпіштен қаланған, екі бөлмелі, оларды бір-бірінен өрмелі-каркас арқылы бөлген. Шығыр құмыраларының сынықтары бұл жерде суармалы егіншіліктің болғанын дәлелдейді. Шығыршық құмыралар арқылы Жайық өзенінен егістік алқаптарға су көзі тартылып отырған.

Бүгінгі күні Жайық аймағында орналасқан ХІІІ-ХҮІІ ғасырларға жататын күйдірілген кірпіштен қаланған порталды, төбелері шатырмен жабылған кесенелердің 20-ға жуығы белгілі.

Осындай кесененің бірінде де қазба жұмыстары кезінде төбешіктің астында күйдірілген шаршы кірпіштен қаланып, шыңылтырланған тақталармен қапталған.

Кірер есік оңтүстік-батысқа қараған. Кесененің іші-сыртын тазалау барысында археологтар көптеген шаршы, төртбұрыш пішінді кірпіштер, сондай-ақ беті шыңылтырланған әр түрлі көлемдегі тақталар тапты.

Кесененің порталын, оның ішін әрлеу үшін алтынмен жазу жазылған шыңылтырлы тақталар қолданылған. Портал қабырғасының ортасындағы кірер есік жанында әр жерде көп үйкеліп жылтырап қалған кірпіштер сақталған. Портал қабырғаның қалыңдығы – 2,25 м, ал қалған қабырғалардың қалыңдығы – 1,75 м. Портал қабырғадағы есік арқылы  зияратханаға дүниеден озған адамдарға бағышталған рәсімдер, жалбарыну рәсімдерін, діни ғұрыптар орындау үшін өтіп, ары қарай солтүстікте орналасқан есік арқылы көрханаға кірген. Көрхана еденіне алтыбұрышты күйдірілген кірпіштер төселген. Бұл кірпіштерден жасалған раманың ішінде орналасқан. Текше кірпіштер оңтүстік, батыс және шығыс қабырғаларды бойлай төрт қатар болып қаланған. Қабір толығымен тоналған. Тіптен қабір табыты кірпіштерінің көп бөлігі жоқ.

Ал екінші кесене – екі бөлмеден тұратын, күйдірілген текше кірпіштен қаланған ғимарат. Кесене сырт жағынан шыңылтырланған полихромды тақталармен қапталған. Порталдың алдында қабырғасы сабан кірпіштен қаланған және күйдірілген кірпіш төселген үлкен аула орналасқан. Кесененің бірінші бөлмесінің ортасында шаршы төсеніш орналасқан. Солтүстік және шығыс қабырғалар бойындағы еденге алтыбұрышты көгілдір шыңылтырлы кірпіш төселген. Көрхананың да еденіне алтыбұрышты күйдірілген кірпіш төселіп, олар бір-бірімен алебастрмен ұстатылған және көгілдір шыңылтырлы текше кірпіштердің рамкасымен қоршалған. Ғимарат көрнекті етіп өрнектелген, әсіресе порталы жақсы безендірілген. Оның жалпы түсі ақ, көк және көгілдір. Кесенені аршу кезінде бәрінен де көп табылғаны - әр түрлі пішінді бүтін шыңылтырлы тақталар мен олардың сынықтары. Бұл тақталардың айшықтары әркелкі: бірінің түсі көк те, бір шетінен байлаулары бар ақ сызық жүргізілген, ал ортасында ақ сызықтары, шеттерінде көгілдір сызықтары бар. Бұдан басқа «кобальт» типті шыңылтырлы тақталар, сондай-ақ алтынмен жазылған жазулары бар тақталар да кездесті.

М.Сыдықовтың төрағалық етуімен Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының ғалымдары, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, академик К.Байпақов, мәскеулік профессор В.А.Демкин, Топырақтану проблемалары институтының мамандарымен бірлесе отырып, тарихи және мәдени ескерткішті кешенді түрде зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Болашақта «Ашық аспан астындағы музей» құру жоспарда бар.

Жайық қалашығының маңызы Сарайшық қаласымен бірге сол кезеңдегі Батыс Қазақстанның қалалық мәдениетінің ірі ескерткіштері екендігінде болып отыр. Оның ашылымы отандық тарих сияқты Қазақстанның қалалық мәдениетін зерделеу үшін де аса маңызды.

«Бірнеше жылғы қазба жұмыстарының нәтижесінде біз қала орнынан 8 тұрғын үй, монша, кірпіш күйдіретін пеш, шаһар шетіндегі биіктеу төбеден екі бірдей кесене орнын тауып, зерттедік», - дейді М.Наурызғалиұлы.

Үшбу қалашықты зерттеу жұмыстары «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде жүзеге асқан болатын. Міне, осыдан кейін ерекше танымал нысандар негізінде аспан астындағы ашық мұражайлар, қорықтар ашу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Аспан асты мұражай атаулыны жасақтау, елдің игілігіне жарату бір күндік шаруа емес. Оған көп уақыт және қыруар қаржы қажет...

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1)  «Қазақстанның ежелгі қалалары» К.М.Байпақов. «Аруна Ltd», 2007.

2) «XIV ғасырдағы Жайық қалашығы» Ш.Өтемісұлы. «Мәдени мұра» журналы №2 (17) 2008

3) «Керамика городища Жайк» О.В.Кузнецова. «Вопросы истории и археологии Западного Казахстана» журналы. Орал 2002.

4)  «Сарайшық» И.Тасмағамбетов, З.Самашев.

5)  «Некрополь Уральского город ища» К.М.Байпақов, Е.А.Смагулов, Г.Ахметов.

6)  «Степная пирамида» Сдыков М.Н. Орал-2008.

7) «Батыс Қазақстанның археологиялық қазыналары», Алматы 2001, Издательский дом  «Credo».

8) Жайық қалашығы картада алғаш рет 1367 жылы белгіленген. Орал өңірі, №32 (19486), 12-13 бб.

www.olke.kz