ВЕРНУТЬСЯ

Ал, дүние, өтеріңді біліп едім

 
  Ал, дүние, өтеріңді біліп едім, 
Білдірмей серілік пен жүріп едім.
Бұл күнде арық қойдан бағам кейін,
Үш жүзді сайран қылған Біржан едім.
Қара су есік алды ылайланды,
Бай қылмақ, кедей қылмақ құдайдан-ды.
Қамзалдай қысқа пішкен дөңгеленіп,
Дүние өтерінде шыр - айланды.
Ағаш үй от жаққаным қобылы пеш,
Құдай-ау, ғапу етіп күнәмді кеш.
Теміртас, Асыл, Ақық - екі қарғам,
Байлаулы арқандағы қолымды шеш.

Ер жігіт дүниені көргені артық

 
  Ер жігіт дүниені көргені артық, 
Дүниеден не бар - жоғын сезгені артық.
Түскендей аспан жерге іс болса да,
Бел байлап, тәуекел деп төзгені артық.
Қол берген қиын жерде жолдас артық,
Бас тартқан жолдасынан болмас артық.
Өзіңмен бірдей жанып, бірдей күйген,
Досыңнан - қатын - балаң болмас артық.
Жігітке сайран етіп жүрген артық,
Жігіттік бір кеткен соң, келмес қайтып.
Дүниеде үйде жатып босқа өлгенше,

Талай заман

 
  Мен Біржан болғалы талай заман, 
Пар келмеген еш әшші тіпті маған.
Бір сұлу қыз найманда бар дегенмен,
Бек мұқтаж бір көруге болдым соған.
Мен Біржан болғалы биыл емес,
Өлең шіркін біздерге қиын емес.
Алты қырдың астынан ән шырқасам,
Дауысым отарбадан кейін емес.
"Кідік - айға" кім басар мен тұрғанда,
Аузымда тәңрім берген жел тұрғанда?
Қырғын көктің баласы ойдық желке,
Құйысқаны сарт етер ұмтылғанда.

Ақтентек

    Қызы едің
Ақтентектің шұға мақпал,
Әржерде сабырлы ерді тәңрім сақтар.
Көңілің бір-біріңнен болса асыл,
Ауылын сұлу қыздың жігіт жақтар.
Қызы едің Ақтентектің Ажар атың,
Ешкімнен кейін емес салтанатың.
Алыстан ат өксітіп келіп едім,
Жүрмісің аман - есен, перизатым.
 
 

Соқпа - ай - соқ

 
   Мінезі жүйрік аттың соқпа - ай - соқпа, 
Айтамын мен өлеңді осына-ай топқа.
Сөйлеп қал, қызыл тілім, өлмей тұрып,
Өмірің біразырақ бар ма-ай, жоқ па?
Ал десе, еркін жүйрік ағындаған,
Ақылға кейбір надан бағынбаған.
Жігіттік - бойға таққан бір гауһар тас,
Қартайсаң, қайта айналып табылмаған.

Страницы