ВЕРНУТЬСЯ

Жанбота

 
  Жанбота, осы ме еді өлген жерім, 
Көкшетау боқтығына көмген жерің ?
Кісісін бір болыстың біреу сабап,
Бар ма еді статьяда көрген жерің ?
Жанбота, өзің - болыс, әкең - Қарпық.
Ішінде сегіз болыс шенің артық.
Өзіңдей Азнабайдың поштабайы,
Қолымнан домбырамды алды тартып.
Тартса да, домбырамды бергенім жоқ,
Есерді поштабайдай көргенім жоқ.
Қамшымен топ ішінде ұрып еді,
Намыстан, уа, дариға, өлгенім жоқ.
 

Жамбас сипар

 
  Ұшына орамалдың түйдім сусар, 
Көп жылқы көк алалы көлде жусар.
Кешегі ел қыдырған есер шақта,
Ән еді Біржан салған "Жамбас сипар".
Деген соң, біз қартайдық, біз қартайдық,
Белгілі қартайганның серттен тайдық.
Қанекей, соныменен шыққан мүйіз,
Қасына сұлу қыздың көп жантайдық.
Берген соң, тәңірім өмір, ақ бас болдық,
Келін мен балаға да жақпас болдық.
Көрген соң көзі құрғыр шыдай алмай,
Таппайтын адам ебін қақбас болдық. 

Біржан сал

 
  Баласы Қожағұлдың Біржан салмын, 
Адамға зияным жоқ жұрген жанмын.
Қасыңа мені сендер неге алмайсың,
Өзім сұңқар,өзім сал, кімге зармын.
Жасым бар жиырмада жасырмаймын,
Басымнан дұшпан сөзін асырмаймын.
Басымнан дұшпан сөзі асып кетсе,
Сен түгіл, патшаға да бас ұрмаймын.

Айтпай

 
  Атымның қақ тұрады сауырына, 
Қос тепкі салып келем бауырына.
Қолынан шай құйдырып ішейік деп,
Келеміз Айтпай сұлу ауылына.
Мамакең, Айтпай десем, күлімдейді,
Сұр жорға астындағы сүрінбейді.
Аққудай аспандағы жүз құбылып,
Сал Біржан ән салуға іркілмейді.
   

Ләйлім шырақ

 
  Ләйлім шырақ, дегенге, Ләйлім шырақ, 
Таудың аққан құм қайрақ сен бір бұлақ.
Қайыс болсын, жіп болсын, неге керек,
Шідерімнің бағасы қырық қысырақ.
Өзіме бер, шідерім тауып алсаң,
Елу теңге берер ем, сүйінші алсам.
Жерде шіріп қалса да, өзіме бер,
Шыбын жаным қиылсын, бітім алсам.

Страницы