ВЕРНУТЬСЯ

         1925 жылы 4 октябрь күні Қазақ
автономиялық  республикасының 5 жылдық
тойына арнап,институт оқушыларының күшімен бір актілі пьеса қойып едік. Халық
ағарту комиссариаты осы үйірмеге бұрыннан қатынасып келе жатқан Елубай
Өмірзақов бастаған бір топ студенттерді келешек театрымыздың негізгі ұйтқысы -
болашақ, артистеріміз деп оқудан біржолата босатып алды. Артистік қызметіне
бірыңғай бел буып шыққан біздерге, сол кездегі совет қызметкерлерінен бірсыпыра
талапты қыз, жігіттер келіп қосылып үйірмеміз қалыпты театрға айналған болатын.Сол
жылы декабрь айының аяқ шенінде Иса

Байзақов та
Ташкент қаласынан шақырумен театрға келді. Бұрын Исамен бірге оқыған, өте жақын
таныстығымыз бар; алғаш көріскенімізде анадайдан құлаш жайып көрісіп, енді
бірге болатынымызға қуанып қалдық. Әсіресе, көркемөнер майданында тағы да бірге
болып ұзақ мезгіл еңбек етеміз деп бірімізді-біріміз сүйеніш, демеу көргендей,
серік тапқандай болдық.Бұл кезде телеграмма арқылы шақыру бойынша Семейден атақты
әнші Әміре Қашаубаев,Қарқаралыдан Қалибек Қуанышбаев, Қостанайдан Серке
(Сералы) Қожамқұлов, Ташкенттен Құрманбек Жандарбеков және Әбен Мұхамедияровтар
келіп, артистердің ұйтқысы топталып қалды. Сөйтіп 1926 жылғы 13 январь күні Қызылорда
қаласында қазақтың ұлт театры тұңғыш рет ашылып еді.Орталықта бұл кезге дейін
спектакльдер қойылып келген орыс драма театры да, кино көрсетіп жүретін клуб та
бір үйде болатын, осы екеуінің үстіне біздің театр қосылды.Театрдың бұл
ашылуында күрделі спектакльдер көрсетілмеді. Өйткені, оған арнап даярлаған Мұхтар
Әуезовтің «Еңлік - Кебек» пьесасының өзі тұтас көрсетілмей, жасау-жабдық, басқа
да жағдайлар болмай, тек үшінші картинасы мен концерт, әдеби бөлімдер ғана қойылып
жүрді.

         Театрдың тұңғыш рет дүниеге келу
мерекесінде барлық концерттің ауыр салмағы Әміре мен Исаға түсті. Осыдан бастап
олар өздерінің шын мәнінде талантты артистер екендіктерін көрсете білді. Қысқасы,
бірі әнші, бірі ақын бұл екі өнерпаз өз тұсында, ойын-сауық, қызық думанның көркі
болды. Иса Байзақовтың артистік өнер жолын бастамастан бұрын, алғаш оқу іздеп астанаға
келгендегі бір жайды баян еткіміз ке-

леді.

      1922 жылдың күзі, октябрь айының бас
кезінде Қазақ республикасының орталығы болған Орынбор қаласындағы қазақтың халық
ағарту институтының кең клубында ойынға жиналған көп жұрттың бас қосқан ерекше
бір кеші өткізілді.Осы ойын-сауық барысында ойын басқарушы өзімен бірге біреуді
сахнаға қоса алып шықты.Танымаймыз. Бір жас жігіт, шалбарының балағын қонышына
салып киген, аяғында қыры сынған қисық табан қара етігі бар. Үстіне жапсыра салған
төрт қалталы, бітеу қайырма жағалы,жиі түймеленген, қоңыр түсті бешпент
киген,түлкі пұшпағын мол қайырған қызыл тысты

бөркі бар. Кең
маңдайлы, жар қабақтау, шұңғылша біткен өткір көзді, бүркіт мұрындау,

қиылған қара
мұрты бар, орта бойлы келген қызыл шырайлы жас жігіт сахнаға шықты. Ол

оң қолын төсіне
басып, көпке иіліп сыпайы түрде жайлап тәжім етті. Мұны ертіп шыққан ойын басқарушы
көпке таныстыра келіп:

- Бұл жолдас
Семей қаласынан осында оқу іздеп келгелі екі жетідей болып қалды. Өзі
суырыпсалма ақын, қандай тема, сұраулар берсеңіз де соған қолма қол өлеңмен
жауап бере алады.Қанеки, сұрақтарыңызды берулеріңізді сұраймын,- деп, өзі
сахнадан қайта түсіп кетті.Иса жалғыз тұрып қалды. Бұрын сахнаға шығып,
самсаған жап-жарық электр лампаларының астында тұрып үйренбеген ақын, кең
залдағы көздер өзіне қадала қарағаннан кейін, аздап именейін дегендей, бір
орында тұра алмай қозғала бастады. Өйткені, отырған жұрттан тіл қатып, «не
пәленді, не түгенді айтып беріңізші»

деп ешкім жарып
шыға қоймады. Сол кезде сахна шетінде тұрған рояльға көзі түсіп кеткен ақын:«Мынау
тұрған күйсандық...» деп оны өлеңге қосып кетті. Сол айтылған өлеңді жазып ала
қою дегенді кім ескерген, бұл не дер екен деп жұрт құлаққа ұрған танадай тына қалды...
Ақын алдымен елін, туған жерін айтып, өзін таныстырып өтті. Жап-жаңа
момақансып, тып-тыныш тұрған жас жігіт, жарқырап жанған оттың ыстық

жалынындай,
лаулап кеп біраз жерге барып қайтты да, бір кездерде, қызу шоққа ұқсап қып-қызыл
боп жайнап, маңдай терін сұқ бармағымен сыпырып тастап, жүйрік ой, бай қиялымен
тағы да самғай жөнелді. Осы сәтте ол дауылдата,құйындата келген нөсердей,
бөгеті ағытылған тоғанның төңкеріліп құлай аққан, екпінді алып күші тәрізденді.

Содан кейін топ
ішінен біреу: «Мына жанып тұрған электр жарығын айтыңызшы», тағы бірі:«Жаңа
құралған жас республикамызды суреттей айтыңызшы» деп сұрады, Иса бұл берілген сұрақ
- темаларға іркілместен жауап беріп, әрқайсысына 10-15 минуттан тоқталып, өте жақсы
көркем шығарма етіп суреттеп, саяси маңызын түсіндіре баяндап берді.Отырғандар
залды басына көтере ду қол шапалақтаумен шын алғыстарын айтып, өте риза болғандығын
білдірді, ақынның асқан шеберлігіне ,зор талантына бас игендей қатты құрмет
көрсетті. Иса тек ақын ғана емес, домбырамен әнді де өте жақсы айтатын еді.
Оның салған «Қызыл бидай», «Желдірмелерінің» әсем үн, серпінді ырғағы әлі күнге
дейін естіген жұрттың құлағынан кетер емес.

        Міне, осыдан бастап ардақты Иса ақын
сол күнгі үркердей ғана оқушылардың қадірлі қонағы, қымбатты досы болып кетті.
Бұл Исаның оқушылармен ғана емес, бүкіл астана интеллигенциясымен де танысуы,
өнер-білімнің ордасына алғаш басқан қадамы еді. Исаның бұл кездесуі,оның ақындық
таудай талабының кең өріс алуына үлкен себеп болды. Сондықтан, ақынның есте қалатын
елеулі күнін еріксіз еске түсіруімізге

тура келді.
Осыдан бастап Исаның аты ел аузына ілініп, қалың жұртшылыққа тарай бастады. Ол қараңғылықтың
бұлтын серпіп тастап, білімге құлаш ұрды, ғылым мен өнерді аңсаған жастардың
алдыңғы қатарында болды.

      Исаның айтып тауыса алмас адамгершілік бейнесі
үнемі көз алдыңда тұрады. Исаның бір ерекшелігі - ол ақжарқын, өте майда
тілді,бауырмал еді. Жүрген жері думан, еріксіз өзіне ертіп кететін. Ол кек сақтамайтын,
кең пейілді,қолы ашық, алды дархан, жомарт жігіт еді.

     Біз жоғарыда Иса тек ақын ғана емее,
әнші,домбырашы да деп едік қой. Иса көркемөнер майданына өзінің табиғи ақындық
таланты мен халықтың музыкалық, әдеби мұраларын да ала келді. Ол әсіресе, өзге
елдерден өзгешерек болған халқымыздың суырыпсалма, ақындық дәстүрін дамыта
білдіСонымен бірге қазақ өнерінің ірге тасын

қаласқан
саусақпен саналатын аз ғана артистер де Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов бастаған
топ еді. Осы топта Исаның драма театрында жасаған образдары еріксіз еске
түседі. Ол «Еңлік -Кебекте» Жәуетей, Жомарт биді, «Бәйбіше -тоқалда» күйеу
жолдасты, «Біржан мен Сарада» Біржан ролін, тағы басқа да көптеген рольдерде

ойнап жүрді.Иса бұл
кейіпкерлерді қатты ойланып-толғанып алып үлкен даярлықпен барып ойнайтын.Сондықтан
да жұртшылық аңыз ететін. Иса адамның психологиялық ішкі сезіміндегі қайғы не қуаныш,
не сүйіну, не күйіну сәттерін өте жақсы ашып беретін еді.

Исаның жасаған
үлкен образдарының бірі,өзі сахнаға лайықтап құрастырып, өңдеп жазған

«Біржан мен
Сара» пьесасындағы Біржан салдың образы.
Біржан образын жасау Исаға сонша қиынға
түскен жоқ. Қайта табиғатынан таланты ақын Иса құлпырып, қарға
аунаған Арқаның қызыл түлкісіндей
жайнай түсті.

 Ойын барысында құлашты кең тастап, екпіндеп
келгенде, ол бұрынғы айтып келген текстіне місе тұтпайтыннан үйлестіріп сөз қосатын,
жымың білдірмей, өз ролі етіп әрі қарай әкете беретін. Иса Біржанның мына
өлеңін шырқағанда арқаланып кететін еді:

«Бұл үйде Сара
бар ма, шықсын бері,

Іздеген келіп
тұрмын Біржан сері.

Жолықпай сөзі
өктемге жүрген шығар,

Аулында
Тұрысбектің өлер жері.

Барабар сөзі
теңдес адам болса,

Көңлімнің тарқаушы
еді сонда шері,

Сайраған Орта
жүздің бұлбұлымын

Арғынның
алтай-қарпың ақтанкері».дей келе, ащы даусын қайтадан көтеріп ап:

«Уа, осы үйде Сара бар ма отыр нағып,

Қарсы ұшпай тоты құстай қанат қағып.

Жел қобыз, жаз тағалы еңіреумен,

Қара тер
шыққан сайын кетем ағып»,-деп
құтыра  дауылдай дүрліктіре, думанмен сахнаға шыға
келгенде, айналасындағы жұртты мысы басып кететін. Бұл
спектакль

бірер-ақ
қойылғаннан кейін, әбден рольге еті үйреніп
алған Иса, бір күні сахнада Сарамен

айтысып отырып шабыты келіп қызара бөртіп,өз сөзімен бастырмалатып ала жөнелді, тоқтайды деген қайда! Кезекпен Сараға сөз беретін емес,аласұрып барады.Қасында Біржанның қосшылары
боп отырған артистер етегінен басып,
тоқта деп белгі берсе

де, екіленіп, әбден делебесі қозып желігіп алған,өзі айтысып отырғандай бой беретін емес.
Айналасындағы қаптап отырған артистер, суфлер «тоқта» деп
қолымен ымдап, бүкіл ойынға қатысушылар боп түрлі белгілермен «ойбай, тоқта»
дегендей әрекет жасап, әрең дегенде
тоқтатып алғанымыз бар. Артынан
әзілмен «неге бөлдіңдер ойымды, бекер
тоқтаттыңдар мені, жаңа қызып келе жатыр
едім» деп езу тартып жұмсақ
қана күліп,

домбырасының құлағын
сыңғырлата бұрап,қатты-қатты қағып жіберді. Осындай орынды

етіп бірнеше ауыз өлеңді ролінен тыс айтып қалғанына, жас баладай мәз болып, масайрап

қалатын.

    Исаның бұл секілді қызғылықты, тапқырлық,оңтайлы мінездері көп кездесетін. Ол театрда тек артист қана емес, бүгінгі түсінігіміздегі әдеби бөлімнің меңгерушісі де еді. Өйткені, ол сол кездегі қойылатын
қандай пьесаның болса да сөзін қырнау керек болса қолма-қол оған лайықты сөздерді ойлап таба қоятын. Сонымен бірге концерттегі тақпақ сөздердің де жұтаң тұстарын оларды ұйқасын келтіріп әрдайым түзеп
отыратын. Өйткені, өлеңдердің сөздерін-жамап-жасқай отырып, оның шыққан
мезгілін айта келіп, ескі

халық
әндерін дәуіріне лайықты, саяси мазмұнын ескере
отырып өңдеп, сол әндердің ырғағына келтіріп
жаңа текст жазып беретін. Мысалы «Смет»
әнінің мына өлеңін Иса жазған болатын:

«Алтайдың айналасы шөккен алтын,

Көркейткен іргесіне қонған халқын.

Бір кезде қоңсы қонған жарлы-жалшы,

Міне, бүгін еркіндеп басты қарқын.

Алтайдың кен шығады саласынан,

Биік құз, терең жартас арасынан.

Соққанда
болат балға шүйдесінен

От шығады жарқылдап көк тасынан»,-

Бұған бір жағынан, сол кездегі жақсы артистеріміздің бірі, әйелі Шарбану да
ықпал етіп:

«Қолыңнан
келгенді аяймысың, бәрібір өзіміз айтатын
өлең, хор ғой, жазып бере сал, ертең біреу болмаса біреу пәленшенің еңбегі еді
деп айта жүрер»-деп Исаны көтермелеп қоятын.

 

      Қысқасы Қазақстанда тұңғыш театр құрылғандағы
естен қалғысыз нәрселер Әміренің әсем әні мен Исаның асыл сөзі еді.
Көркемөнерде Исаның аты аталған жерде, Әміренің атын бөлек алып қарауға
болмайды. Бұл екеуі де большевиктер партиясы бастаған мерейі үстем, жеңімпаз еліміздің
бүгінгі идеология майданындағы артистерінің алдыңғы сапында болған өнерпаздар.
Бұл екі талант, қайратты әндері мен сұлу сөздерін,гармоны мен домбырасын қару
еткен жалынды жауынгерлер еді.Республикамыздың лек-лек өсіп келе жатқан артистер
тобының ағасы болған Әміре Қашаубаев пен Иса Байзақовтың көркемөнерді
өркендетудегі зор еңбегін халқымыз ешқашан ұмытпайды.

                                                                                                  
1950           Қапан Бадыров.

Автор: