ВЕРНУТЬСЯ

    Мен 1930 жылы Павлодардың округтік жастар
комитетінің жолдамасымен Алматыға барып,драма театрына қызметке орналастым. Ол
кезде он шақты артистерде ғана үй
бар, ал біраз жастар сахнада жататын едік. Қыс түсе үйді-үйге тарап
кете бастадық. Бір күні Иса аға келіп, «Әй, жаман,
үйге жүр, мен сені далаға жатқызады деп тұрсың ба, Шарбану жеңгең де
«өзіміздің елдің баласы екен,
келсін»,- деп жатыр деді. Қуанып кеттім. Содан былай Иса аға мен Шарбану
жеңгей туған аға, жеңгемдей болып кетті.Иса аға 1930-31 жылдары, театрдағы
қызметімен қоса, оқып жүрді, ұмытпасам рабфактың ақырғы курсы болса керек. Кешікпей Шарбан жеңгей театрға жаңадан келген, жетім қыз Рахиланы ертіп келді. Театр ол
кезде Карл Маркс пен Совет
көшелерінің қиылысында болатын, ал

Исекеңдер соның
астыңғы қабатындағы бір-аң бөлме үйде тұратын. Өздері - төртеу (баласы Ертіс
емшекте, Злиха апайдың қызы Жібек қолдарында, Мәкен елде болатын), бізбен алты
адам сол кіші-гірім бөлмеге сыйып тұра бердік. Осы үйде 1931-жылдың апрель
айында Рахила екеуміз үйлендік. Тойымызды қызықтап Исекең өзі өткізді. Қалада
Рахиланың бір туысы тұратын.Ағай мен жеңгей құдалармен танысайық  деген соң сонда бардық. Исекең бізді жетелеп
кіргізген бетте өлеңдете жөнелді.

«Екі бала қол
ұстасып үй болды ғой,

Үй болған соң
бұларда күй болды ғой.

Жақсылармен
кездесіп туыс тауып,

¥мытылмас
біздерге сый болды ғой»,

Рахиланың
жеңгесі: «Жол бер, құда, өлеңмен сайрамай!»-дегенше Исекең тағы өлеңмен

жауап берді:

«Орамал тон болмайды, жол болады,

Өлеңім айта берсем мол болады.

Кеудеңде орын болса кұйып алшы,

Кәденің ең үлкені сол болады».

         Міне, Рахила екеумізге аға, жеңге емес
әке-шешедей болған асыл жандар Исекең мен Шарбану бізді біраз уақыт осылай
тәрбиелеп, сонсоң бөлек үй етіп шығарды.1931 жылдың аяқ  кезінде мені театр Мәскеуге оқуға жіберді. Ал,
Рахила театрда қызметін істей жүріп, медрабфакқа оқуға түсті.¥замай 1934 жылы
Рахила екеумізді жаңа ашылған Семей театрына ауыстырды. Сонда 1936 жылы Исекең
де семьясымен көшіп барып, бірге

қызмет істедік.
Шарбану сыркат екен. Қатты өзгеріп қалыпты. Шіркін, Шарбану
(1908-1937),шалқыған шабытты өнер иесі еді. Қатал тағдыр жиырма тоғыз жасында
талапты жастың тамаша талантына тұсау салды. Ол өзінің сегіз-тоғыз жылдың сахна
өмірінде қыруар кейіпкерді тірілтіп,жанды образдар жасап кетті. Әсіресе, Б.
Майлиннің «Майдан» пьесасындағы - Зәуре, М. Әуезовтың «Түнгі сарынында» -
Маржан, Ж. Шаниннің

«Арқалық батыр»
пьесасындағы Бикеш бейнелері ерекше есте қалатын.Исекең осы Семей театрында
«Айман - Шолпанда»-Жарқын ақын, «Қыз Жібекте», «Еңлік - Кебекте»-Жәуетей кейде
Жапал, Б. Майлиннің «Жалбырында»- Серік деген жігіттің рольдерін тамаша ойнап
жүрді.Қазір өкінеміз, Рахила екеумізде Исекеңнің бір дәптер өлеңдері бар еді,
соны көшіп-қонып жүргенде, соғыс жылдары жоғалтып алдық. Кезінде еш нәрсені
ойламадьқ  қой. Тым болмаса сол Исекеңдермен
түскен суретіміз де жоқ.

Тек маған  өзі үйретіп қалдырған ескерткіші -
желдірмелері болды.Иса аға өлеңді боратып жөнелетін де бір мезетте домбыраны
олай да қағып, бұлай да қағып, басынан асыра жөнеліп:

«Қарашы
қарағайдың еркесіне,

Исаның шығып
кетті желкесіне.

Өлеңді қолқа
қылса ағытатын

Өлеңнің жүздіріп
бір өлкесіне»,-деп, төгіп-төгіп жіберер еді. Бұл өлеңнің сөзін өзгертіп құбылтып
айта беретін. Көпшілік тыныш отыра ма, Исеке, ананы айтшы, мынаны айтшыға басады.
Сонда Исекең:

«Өлеңді
айтып-айтып қоятұғын,

Ат емес, атан
емес соятұғын.

Өлеңді таң
атқанша айтқанменен

Өлеңнің қарыны
жоқ тоятұғын»,-деп, халықты күлдіріп барып, өлеңін тоқтатар еді.

Ал, Исекеңнің
мінезіне келсем; әй, жарықтық,бөлек жан еді ғой. Өзі сондай көпшіл болатын.Жеке
отырып ас ішкен емес. Дастарқанның мол болуын ұнататын, әсіресе етті көп
астыратын да,жолдас-жораларын жинап алып, думандатып отыратын. Жақсының өмірі
сәтті жазылған жыр секілді ғой. Айтып тауыса алмайсың. Исекең жүз теңгені жүз
тиын құрлы көрмейтін жомарт еді.Сосын өзінің аңғал, ақкөңілділігін қайтерсің!..Біздер,
жастар мынандай қулық жасайтынбыз. Көшеде кездесе қалса: «Иса аға, қатты қиналып
тұрмын, үйге қонақ кеп қалды, ал бізде көк тиын жоқ»- деп ренжи қаламыз.

 -Қап, апырай, ә! Қазір, бала, бірдеңе тауып берейін
- деп, ертіп апарып, жақын жердегі бір үйден немесе кездесе кеткен танысынан
дереу керегіңді алып бере қоятын. Өйткені, Исекеңді сыйламайтын, білмейтін адам
кемде-кем еді.

-Рахмет, аға, жақын
арада тауып берем,-дейміз. Ол кісі болса:

-Өй, сөйлеме!
Керосин қатқанда берерсің -деп жүре беруші еді. «Керосин қатқанда»
дегені«ешуақытта» деген сөзінің салты болатын.Артистер көп жортатын адамдар
ғой. 1968 жылы концерттік сапармен Иса ағаның туған аулы Ертіс ауданындағы
«Үлгіліге» бара қалдық.Исекеңнің немере ағасы Қуантаев Әбидің, Шарбанудың туысы
Орынбай ақсақалдың да қолынан дәм таттық. Концертте мен Исекеңнің «Ал, алқа. келді
кезің жайнайтұғын» деп басталатын желдірмесін орындадым. Ақынды ел-жұрты қатты

құрметтейді екен.
Жұрт дарынды өнерпаздың өзін көргендей бір жасап қалды. Ақсақалдар мені сахнаға
қайта-қайта шақырып, алғыстарын жаудырып жатты. Енді киінейін деп жатқанымда,
бір жас жігіт, «ағатай, біздікіне жүріңіздер, қонақ болыңыздар, келмесеңіздер
апам ренжиді» деп қиылып тұр. «Апам» деп тұрғаны Исекеңнің туған апасы Зылиқа
екен. Барсаң ауыл адамдары жиналып қапты. Астан соң ақсақалдар Иса аға

туралы
әңгіме-дүкен құрып ұзақ отырыс болды.Әби ағай бастап: «Исаның бір қызық
мінезі,-деді,- ұрлық, өтірік, қараулық сияқты жағымсыз жайларды көзі шалса, көп
алдында өлеңнің отымен өртеп барып жаны жай табушы еді. Бірде өзінің осы
ауылдағы құрдасы Қығыманды қатты сынағаны бар. Қыстың бір аязы алқымға алған ызғарлы
күнінде Иса Қығыман үйіне жарым түнде барып, әйнегін қағады. Қараңғыда танымады
ма екен, әйтеуір үй иесі есік ашпайды. Иса «жолаушы едім, түнеп шығайын»-деп
жалы-

нады. Әйтсе де
әлгі үй есігін ашпайды. Ертеңіне ақын оны уытты өлеңдерін өңменінен қадап,халық
 алдында қатты ұялтады. Қығыман қателігін
мойындап Исадан кешірім сұрапты»... Сөзге сол ауылдағы Исекеңнің құдасы Шайқы
деген ақсақал араласып Исекең екеуінің тай-құлындай тебісіп жастық шақтарын
бірге өткізгенін, помещиктің малын баққандарын, тағы басқа да өткен өмір
суреттерін жыр қылып айта бастады.

«Біздің
жайлауымыз,- дейді ақсақал,-«Салқынкөл» деген жерде болды. Көл жиегіне

жиналып алып, алқа
қотан отырамыз да, Исаға өлеңді серпілтеміз кеп. Кешкі дауыс қандай алысқа
кетеді.

Шалқыған шабытпен
шарықтай шырқалған ән аспанды жаңғыртушы еді. Исаның әнін естіген маңайдағы
ауылдардың адамдары жиналып қалатын. Кейін Иса осы ауылдағы жастардың басын
қосып концерт койып жүрді.

Бұл - совет
өкіметі орнаған 1919-20 жылдарда.Байларды, молдаларды мазақтап айтқан
өлеңдері,жазғаң пьесалары мірдің оғындай тиетін оларға.Иса - жігіттің сұлтаны
еді ғой, қолынан келмейтін өнер жоқ бөлек еді ғой, асыл ңұрбым!»- деп  ақсақал сөзін тамамдады.Иә, бір ғана өнерге
бола туған адам еді ғой,Иса аға!..

 

                                                                            
                                   Хасен
Байырманов,

                                                                                   
Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артисі.

Автор: