ВЕРНУТЬСЯ

          Алыстарға кетейік:

Қаланың бізді қөп жалықтырған күйбеңдерінен

Жыраққа,

ақ бас тауларға аймалап жатқан күміс шолпылы

бұлақтар.

Сен - ғажайып ертегілердің батыры

астындағы арғымақ атпен айшылық жолды

бір аттар.

Өзіңе ғана табынған ессіз мен нәзік ару болайын,

тозақ боп сенсіз көрінсін тіпті жұмақ та!

Өңгеріп мені ап кетші

көк ормандарға тылсымын аяқ баспаған,

түнектерімен өр көңілдерді жасқаған.

Толтырсын меңіреу дүниені у-шу дүбірге

сенің екпініңнен қашқан аң!

От махаббатыңнан өртенген маған

еркек еместей көрінісін

жалғыз өзіңнен басқа адам.

Ұмытайық біз сонда

мынау жалғанда біреулер барын

жер басып жүрген

айла қып,

өсек-аяңнан пайда алып:

дүниенің бәрі біз екеуіміздің жанымыздай

мөлдір болсын деп,

арманның ақбоз арғымағын Айға байлалық.

Рахаттан сонда жылайын күліп жатып мен

өмірден мың-мың айналып!

1969