ВЕРНУТЬСЯ

 Адамдар! 
Сендерден жаралдым,
Ұшырған сендердің қолдарың!
Өздерің өсірген маралмын,
Кеземін арманның орманын!

 
 
 

Мен - көгілдір аспанмын кәдімгі,
Бәріңді күн сайын көретін!
Мен - көгілдір аспанмын кәдімгі,
Төбеңнен күн сайын төнетін!
Қарт бабаң қайғыдан көл қылып,
Көз жасын күн сайын төгетін.
Өмірді жаратқан шөл қылып,
"Көктегі тәңірді" сөгетін.
Арулар шаштарын жайып сап,
Қайғыдан кірпігін ілмейтін.
Қорлаған жүрекке айып сап,
"Көктегі тәңірді" тілдейтін.
Қоя ма тәңірі, мұңды ұқса,
Күлкіні қайғыға бақтырып.
Долы әйел ызаға булықса,
Алатын аспанға шаптығып.
Адамдар! Сендердің арманың
Жігіт боп, қонды кеп қойныма!
Адамдар, сендердің арманың
Жігіттің қолы боп,
Оралмақ мойныма!
Көк көйлек сендерден жыртылды,
Кербездік қалды енді бұрынғы!
Маған да сыр айтар күн туды,
Тыңдаңдар сырымды, жырымды!
Мен - көгілдір аспанмын кәдімгі,
Төбеден күн сайын төнуші ем.
Мен - көгілдір аспанмын кәдімгі,
Адамның бар ісін көруші ем.
Арғы атаң аспанға ертеде
Қарайтын құс ұшса қызығып.
Қос қанат арманын ерте ме,
Неге ол тұрды екен сүзіліп?
Таппақ па жерұйық маған кеп,
Неге ол қарады телміріп?
Ойлап па көктен бақ табам деп.
Өшкен бе ол үшін жерде үміт?!
Құс ұшып кететін қияға,
Телміріп сол бабаң қалатын.
Талпынып көкірек ұяда
Арман құс қанатын қағатын.
Ойлады ол: "Аспанда жүрсем мен,
Азаптан құтылам бір жола.
Құтылам мұндағы бүрсеңнен,
Болмайды о жақта сұр мола.
Онда ешкім ешкімге қиянат
Қылуды әманда білмейді.
Әр жанда мархаббат ұялап,
Әділет онда ылғи гүлдейді!
Ол гүлді онда ешкім езбейді,
Ол гүлді онда ешкім үзбейді!
Онда ешкім білмейді оқ көздеуді,
Үлкені - кішісін сүзбейді!
Махамбет аспанда туса егер,
Жендеттің балтасы шаппайды!
Кеудеде ән түлеп, туса өнер,
Замана ит болып қаппайды".
...Бабаңыз соларды армандап,
Өзгертпек болды ма мекенін?
Білмеді - ау әлемге сол бейбақ
Бақыттың басы жер екенін!
Құс ұшып кететін қияға,
Телміріп сол бабаң қалатын.
Талпынып көкірек - ұяда
Арман - құс қанатын қағатын.
Онда арман қанатын қағатын
Талпынып көкірек - ұяда.
Жоғалтып күндерін, сағатын
Уақыт жылжитын қияға...
Онда өлім адамды қыратын
Оққа ұшқан үйрек пен қаздай - ақ.
Дүниеге сәбилер туатын
Онсыз да бақытсыз аздай - ақ...
Жерге ізін кестелі өрнек қып,
Уақыт тұрмапты, өрлепті.
Әкенің көйлегін жөргек қып,
Бесікте сәби де ер жетті.
Арман да бөбекпен бірге өсті,
Кәрімен бірге ол өлмеді.
Арманды арқалап жыл жетті,
Үміттің өндіріп өрмегін.
Неваның үстінен таң атты,
Неваның үстінде туды үміт.
Әлемді өзіне қаратты
Қиялды қып - қызыл ту қылып!
Сол жерден тапқан - ды қуаныш
Ең алғаш кісінің жүрегі!
Сол жерде аспанға, тым алыс
Ұшуға арман - құс түледі.
Сол түлек бүгінде самұрық,
Шарлады қиялдың күмбезін!
Дүние үніне табынып,
Тындайды жер үсті күнде өзін.
Құлағын тосады дүние,
Достар да, дұшпан да бәрі де!
Құлағын тосады үніне,
Құлағын тосады әніне.
Адамдар!
Сендерден жаралдым,
Ұшырған сендердің қолдарың!
Өздерің өсірген маралмын,
Кеземін арманның орманын!
Галилей данамен бірге еріп,
Римнің сотына барған ем.
Тозақты Бруиомен бір көріп,
Талай тап болғанмын дарға мен.
Ауысып ғасырдан ғасырға,
Ауысып елдерден елдерге.
Жеттім мен ақылды ғасырға,
Жеттім мен, ақыры, сендерге.
Дарыңа асылсам бұрын мен,
Римде өлімге бұйырып.
Қыран боп жаралдым бүгін мен
Оралдық құрыштан құйылып!.
Мен - көгілдір аспанмын бұрынғы,
Төбеңнен күн сайын төнемін.
Мен - көгілдір аспанмын бұрынғы,
Бәріңді күн сайын көремін!
Көріп ем бабаңның қайғысын,
Тыңдап ем тым зарлы өлеңін.
Бүгінде ұрпағы айға ұшып,
Солардың бақытын көремін!
Мынау сол баяғы Арқа ма,
Қиқулап заманның көкпары,
Жаңа күн туыпты жар сала
Жалтылдап Теміртау оттары.
Баяғы боз дөңде Құрекең
Ат жайып, жұлатын қыр гүлін,
Бүгінде жыбырлап тұр екен
Күмбезі кен қазған бұрғының.
Дүние жатырсың жаңарып,
Өңіңнен барамын жаңылып.
Күн сайын қойнында жаңалық,
Күн сайын мойнында да жаңа үміт!
Айға кеп арманың қонғанда
Мен тұрдым мадақтап даңқыңды!
Айға кеп арманың қонғанда
Мен тұрдым мадақтап халқыңды!
Көрдім мен, адамдар, жердегі
Көрдім мен сендердің күшіңді!
Өзіне табынтты Жер мені,
Аспан да сырыңа түсінді!
Дүние! Ежелгі аспанмын,
Қазір де төбеңнен төнемін,
Әлемде не болып жатқанын
Ап - анық, түп - түгел көремін!
Ақыл - ой екпіні мығым - ақ,
Түзейді ол сыңар жақ қыңырды.
Жаңа күн нұрынан жылау ап,
Дүние ауасы жылынды.
Есерсоқ айқайлар тынды енді,
Талайдың мойнынан су кетті.
Ақыл - ой тыңдасын кімдерді
Айға да алқызыл ту жетті!
Кейбіреу соғысты көреді
Баяғы ерегес, дау - даба,
Өшкен - ді ол күннің өлеңі,
Салатын әлемді саудаға.
Қырқысып отыз жыл, қырық жыл,
Кей кезде жүз жылға созатын.
Ол - енді шежіре бұлыңғыр,
Қалдырған кейінге өз атын.
Тағы да зеңбірек күкіреп,
Тағы да тұл ана зарланса,
Бітеді бұл соғыс күйшілер
Жеңістің маршын
Үлгеріп үйреніп алғанша.
Типылдап тірліктің базарын
Селдетіп өтер оқ тасырлап.
Бірақ та, адамзат азабын
Тартады
Ай да емес, жыл да емес,
Ғасырлап.
Емес бұл баяғы дау - даба,
Таласар біреулер қан артып.
Тап бүгін жасқа да, қартқа да,
Досқа да, жауға да
Алтыннан, ақшадан, орденнен
Жан артық.
Сондықтан, ажалдың пешінде
Кеткенше өртеніп шыж - мыж боп,
Онанда кең дүние бетінде
Сыйласу керек қой сіз - біз боп!