ВЕРНУТЬСЯ

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, көрнекті
жазушы, Республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбіш Кекілбаевтың анасы
Айсәуле әжемен сұхбат
 
            Қазақтай әр ұғымға  тереңнен танып, тас басып, дәл атау берген
халық кемде кем шығар. Адамның кешкен жасына байланысты да, сол ғұмырының
мән-маңыз, өнеге-тағылымына байланысты атау берген халқымыз, айталық,
«кемпір-шал» деп те, «ақсақал» деп те, «қария» деп те жүлгелеп-жіктктейді.
Кемпір-шал боп қартаю бір пара, қария боп қартаю өзге пара.
            Қариясы бар үй - қазынасы бар үй.
Қариясы бар ел - діңгегі мықты, рухы мығым, болашағы бағдарлы ел. Ықылым
заманнан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан халықтық даналықтың, рухани парасат
пен ұлттық дүниетаным, өмір кешу ұстындарының тағылым мектебіндей болып ғұмыр
кешіп келе жатқан қарияларымыздың бірі - басынан кимешегі мен дағарадай
күнқағары түспейтін, қашан көрсең де ұстамды қалпынан танбай, жүзінен мейірім
төгіліп тұратын, көрер көзге болмаса рухани тектілігі мен жақсы мағынасындағы
тәкаппарлығы да байқала бермейтін Айсәуле әже Жұмабайқызы әдеби қауымға, жалпы
зиялы ортаға, тіпті дүйім жұртқа «Әбіштің анасы» ретінде жақсы таныс. Кейінгі
дағдыға салсақ 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні, шын қисынға келгенде алдағы
үлкен мереке - Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай газет бетінде әңгіме жасамақ
ниетімізді білгенде қария қош көре қоймағандай еді. «Газетке мені несіне
жазасың? Ешкімнен артық емеспін. Бата сұрасаңдар батамды берейін. Әңгімені Әбіш
пен Кларадан сұраңдар?» деп бір тоқталды. Шынымды айтсам мұны күтпеген едім.
«Жарайды, апа. Көңіліңіз қаламаса - қажеті жоқ» демеске шарам қалмаған. Сонымен
қария дастарқан басында - жасы кіші болғанмен тең құрбысы, сырласы Айтоты -
Қымбат (Асқар Сүлейменовтың анасы), әрі сіңлісі, әрі келініндей Нәсіп (Жұмекен
Нәжімеденовтың зайыбы), туған келіні Клара, әжеге арнайы барған Сәкеңмен
(Сайлау Пернебаев) әңгіме-дүкенін жалғастыра берді. «Әңгіме-дүкенін
жалғастырды» деуім де қисынға келіңкіремейді, өйткені Айсәуле әже қашанғы
әдетінше, көп сөйлемей, реті келгенде ғана әңгіме бастап немесе әңгімеге
қосылып отырды. Содан бірталай уақыт өткеннен кейін барып бетіме барлағандай
біраз қарап отырды да, «ренжіп қалды ма» деген ой келді ме, кім білсін, (ал,
айта бер, жарығым, не сұрайын деп едің?» деді шөбересі Жібекті алдына алған
соң. Мен қарияның сол кеште айтқан әңгімесін оқырман назарына қаз-қалпында
ұсынуды жөн көрдім.
 -Қазір рамазан айы.
Соңғы жылдары әлеумет мұсылманшылыққа бет бұрды ғой. Жаппай намазға
жығылмағанмен ораза ұстаушылардың арасында жастар да аз емес көрінеді. Өзіңіз
ораза, намазға қалайсыз?
            -Біздің жақта Маңқыстауда, баланы,
әсіресе, қызбаланы жастайынан абырой-әжетке үйретеді, намазға жығады. Мен де
жастайымнан молдадан оқыдым. Ағам Ордабай Мұхтасарды аударған. Бірақ ертеден
қара кешке дейін жұмыс соңында салпақтаған кешегі заманда кім діндарлықтың
соңына түсе алды?! Соғыс тұсында жер астына тірідей түскен кездеріміз де болды.
Шахтада көмір қазып та көрдік. Қара жұмыс, шаң мен топыраққа көміліп жүргенде
намаздың не қасиеті болады. Бірақ ол кезде де садақа беріп, құран оқытып
жүрдім. Оразаны күш-қуат барда тұттым, қазір жас болса келді, денсаулығым да
сыр беріп қалады. Демалысқа шыққалы намазды, садақамды үзбеймін.
            -Бүгінде «мен пәленшенің ұрпағымын»
немесе «текті жерден шыққанмын» деп мақтану дағдыға айналып барады. Шыққан
әулетіңіз қадай еді? Неше ағайындысыз?
            -Болған ауылда бой жетіп, толған
ауылға келін боп түсіп көрдік. Бірақ одан көрген рахаттан гөрі тартқан
тауқыметіміз көп болды. Алайда, баяғыда пәлен болдық, түген болдық дегенмен,
қанша көкірек ұрғанмен мида саңлау болмаса ата-баба атағы қаншаға жетеді.
«жақсы әке жақсы ұлға қырық жыл азық, ал жаман ұлға , қырық күн азық боладыны»
бекер айта ма халық. Өз төркінімде заманында найза ұстаған да, қамшы ұстағандар
да болыпты. Бірақ, өз ата-анам құдай деп өскен, ораза-намазы бар, құдайдың
ықыласынан басқа ештеңге құмарланбаған жандар еді. Дәулеттеріне әулеттері сай
келмей, ер балалары тұрмай, ерте өліп қалды. Үш қыздарының үшеуі де көп жасады.
Ең көп жасап отырғаны менмін.
            -Сонда жасыңыз нешеде?
            -Жасымның анығын Әбіш біледі. Жылым -
жылқы, отағасымнан бір жас кішімін. Оның жылы - жылан. (Ананың биыл сексен
тоғыз жасқа шыққанын соңыра таман келіні Клара айтты.)
 -Тұрмысқа қашан,
қалай шықтыңыз? Ата-баба дәстүрімен бе? Қандай келін болдым деп ойлайсыз?
            -Он сегізге толайын деп тұрғанда
келін боп түстім. Екі ауыл әуелден өрістес, сулас, дос-жар еді. Қайын атам
әкеме өзі кеп құда түсті. Отағасымыз сауыққұмар, атқұмар кісі екен. Шаруаға
құлықсыз екен. Ата-енемнің қолында ұзақ болдым. Қайным үйленген соң ғана бөлек
шықтық. Соған қарағанда қадірсіз келін болмаған сияқтымын. Шаруаға да жарамды
едім. Ол кезде зерігу деген атымен болмайды. Үй шаруасы бар, мал бар, қонақ
күту бар - бәріне үлгеретінмін. Ата-енеден бөтен сөз естіген емеспін. Солардың
батасымен де көктеп-көгерген шығармын.
            «Соғыс кезінде жеті қабат жер астына
шахтаға түстім» дедіңіз. Осы туралы кеңірек айтыңызшы?
            -Соғыстың аз-ақ алдында Маңқыстауда
көмір өндірісі ашылды. Оған ауыл-ауылдан шартпен адамдар жиналды. Бай-құлақты
құртатын заманда құқайды көп көрген біздің тұқымның ер азаматтары қайда өндіріс
ашылса, сонда барып көз тасалай тұруға мәжбүр болды. Әбіштің әкесі де біресе
Қарабұғазға барып, тосап шығарысты, біресе Жем, Сағыз бойына барып темір жол
салысты. Елден көмір ашылғанда шартпен шахтаға түсті. Бірақ көп ұзамай соғыс
басталды. Жау теңіздің арғы бетіне келді. Тіпті шахтадағы ер-азаматтардың
өздерінің кәрі-құртаңынан басқасын ақи-тақи майданға алуға тура келді. Жұмысшы
күші жетіспей, қатын-қалаш, бала-шаға түгел қара жұмысқа шықтық. «Ақырап»,
«Екпінді» колхоз серіктеріндегі он жеті түтіннен көмір қазуға алып келгендерден
шахтаға жарамды ек-ақ адамды алып қалды. Әлгі екеудің бірі - мен, бірі егделеу
ер кісі. Әбішім емшектен жаңа шыққан. Екі қызмының береуі мектепке барады,
біреуі бармайды. Кенже қызыма аяғым ауыр еді. Ел-жұрттан алыста шиеттей
балалард күкөріссіз қалдыру қиын. Сонымен шахтаға жұмысқа бардым. Соғыс
біткесін жеті айдан соң ол шахтаны «көмірі жас» деп жапты да, біздерді
Қарағандыға әкетпекші болды. Оған тәуекел ете алмадым. «Төрт балам үшін
аянбаймын, қой бағайын, шөп шабайын, бірақ елде боламын» деп кесіп айттым.
Комиссия келісті. Сөйтіп айналасы он күнде ауылға көшірді.
            -Отағасыңыз  майданнан оралмады ғой?
            -Сталинград түбіндегі майданда бірге
болған жақын нағашысы жарақат алып елге оралған. «Ұрыста бірге жарақаттандық,
Кекілбайды санитарлар алып кетті» деп келген. Үш йадан соң кеңсеге қара қағазы
келіпті. Бірақ, ауылдас ағайындар бізді аяп, тұсында естіртпей, араға жылдар
салып барып естіртті. Ол соғысқа аттанғанда кенже қызым іште қалған деп айттым
ғой. Әкесі-аман-есен оралсын деп ырым етіп, есімін Тілектес қойып едім...
            Қиын кез, елдегілер қанша
күйзелгенмен белін бекем буып, майдан үшін еңбек етулі. Отағасынан айырылу
кімге оңай тисін. Балаларының қиындығын да, қызығын да көре алмай өтті
дүниеден, жарықтық. Көздің жасын көл етіп, қарап отырудан не өнеді? Балаларыма
жетімдік көрсетпейін деп қайраттанудан басқа амал жоқ еді. Өндірістен ауылға
оралғасын қой да бақтым, кетпен де шаптым. Еңбек еттім, зейнетін көрдім. Әбішім
оқуын бітіргенде алдымда төрт түліктің төртеуінен де малым болды. «жалғызым
Алматыдан оралғанда керек» деп бес қанат ақ үй де алдым. Отағасымның қазасын
естігенде Әбішім қаршадай еді. Сол бір қысталаң жылдары «осы қиындық та артта
қалар ма екен, балаларым өсіп, азамат болғанын көрер ме екенмін», - деп
уайымдайтынмын. Абысыным айтушы еді: «Сабыр түбі - сары алтын» деп. Құдайға
шүкір, жеттім, жетілдім, төрт баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға
шоқыттырмай асырап өсірдім. Жетім атын естіртпедім. Әбішім менікі емес,
құдайдыкі, менікі емес, көптікі. Аруақ берді, құдай берді. Мендей кісі кімде
жоқ. Құдайға да халыққа да ырзамын.
            -Ұлыңызды көп айта бересіз,
қыздарыңыз ренжімей ме?
            -Неге ренжісін Әбішім жалғызым ғой.
Қыздарым да соның тілеуін тілеулі. Қыздарыма да құдай берулі. Қазір үшеуі де
үйлі-баранды, бәрінен немерелерім бар. Үлкен қыздарым Дыбыс пен Қаркөз елде,
Әбіш мектепте оқып жүргенде тұрмысқа шықты. Әкелерінің шаңырағынан, бір шәйнек
шайымды қайнатып, батамды беріп ұзаттым. Кенжем Алматыға көшіп келгесін
тұрмысқа шықты. Сұрап келушілер де, айттырып келушілер де болды. Мен алыс жер,
бөтен елге бергім келмеді. Әбішім «Сізден шыққаным рас болса, үш қызға бір ауыз
сөз қосуыма болатын шығар» деген соң «қарындас сенікі» деп үндемедім. Тілектес
дәм бұйырып Қызыордаға келін болды. Құдайға шүкір, күйеу балаларым да жақсы.
            -Ұлыңыздың балалық шағы туралы
әңгемелесеңіз.
            -Оқуға, мектепке бармай жатып қолына
кітап алды. Соғыс бітісімен біздің жаққа орыстар, жер қарайтын, су қарайтын,
көне орындарды көргісі келетін кісілер көп келе бастады. Әбіш қыс мектепте
оқуын оқып, жаз шықты бітті, соларға тілмәш болып құм кезіп кететін. Бірде
жалтыр бас, тапалтақ, егде кісі айдалады қойшы ауылға өзі іздеп келіп: «Баланың
талабы жақсы. Бізбен бірге жүрсін. Кейін үлкен инженер болып шығады» деп сұрағанда,
абысыным екеуміз абыржып қалдық. Көршілес қайнағамыз «Талтүсте жалғыз баладан
айырылып қалайын деп пе едіңдер. Кім екенін кім білген? Жібермеңдер» деп
шыж-быж болды. Соны естіп тұрған, жалтыр бастың жанындағы сақалды кісі татар
екен. «Әй, естеріңіз дұрыс па? Бұл атақты академик, профессор ғой     . Ертең аэропланмен Маңқыстауды аралап
көрмек. Балаңызға көңілі бітіп, бірге алып жүріп, жер көрсетпек. Одан неге
қорқасыңдар. Жас бала. Болашағы алда. Көрсін. Кім біліпті, ол да үлкен инженер
болатын шығар» деп басу айтты. Көп ұзамай Көкбұлақ дейтін жерде Алматыдан
киношылар келіпті. Маңқыстауды зерттеушілер туралы кино түсірмек екен.
Әбішжанымның үсті-басының жұпыны екенін көріп, қатты қиналдым. Содан Торан
деген көршімнің Шарқат деген келіншегі жаулық қылам ба деп отырған матасын
жыртып, балама көйлек тігіп беріп еді. Әбішжаным сол ақ көйлегімен киноға түсіп
келіп еді.
            Кітапты, бұрынғының кітаптарын көп
оқитын. Бала болып алысып-жұлысу дегенді, бұрқырап беталды жүру, темекі тарту
дегенді білмейтін. Балалардан гөрі үлкен кісілерге үйір еді. Олар да бетінен
қақпайтын. Оныншы класты бітіргесін ауылдан да, ауданнан да қызмет ұсынды. Мен
оған «былай бол» деп бір ауыз сөз, ақыл айтқан емеспін. Қызметке тұрып, ауылда
қалайын деп жатқан жерінде жалғыз немере ағасы «Жас та болсаң, бассың оқы.
Қызмет қайда қашады? Алматыға бар» деді. Алматыға да жалғыз кетті. Дәм айдап
келген ғой, оқуын бітірген соң, осында қалды.
            -Сізді көшіріп алды ғой?
            -Қарындасы Тілектес екеумізді көшіріп
алды. Оқып жүргенінде осы Зейнолла (Қабдолов - ред.) бар, басқа жігіттер бар,
елге келгенде Әбішімді көп мақтап, «Алматыда қалуы керек» деп отыратын.
Жалғызымды жарылқай гөр деп алла-тағалаға сыйынумен болдым ғой.
            -Алматыда алғашында жалғызсыраған
жоқсыз ба?
            -Әбіш барда несіне жалғызсырайын.
Жалғыз ұлдың тілеуін тілеп Алматы асқан жалғыз мен емес екенмін. Әбішімнің
дос-жарандары сол кезде де аз емес еді. Бәрі үйге топырлап кіріп, топырлап
шығып жүретін. Осы Қадыр, Қалихан, Сайын, Мағзом, Оразбек, Сабырхан, Зейнолла,
Сейфоллалар бәрі бірге жүрді. Оларға еріп, астанаға келген аналары да,
апа-қарындастары да өте-тату-тәтті болдық. Бір-бірімізді бір күн көрмесек,
сағынып отыратын едік. Әсіресе, Асқардың анасы (Сүлейменов - ред.) Қайраттың
анасы (Жұмағалиев - ред.) Әбдіжәмілдің жеңгесі (Нұрпейісов - ред.) әңгімеміз
жарасқан қатар-құрбы болып, көп араластық. «Асқардың анасы», «Әбіштің анасы»
деп сөйлейтін бүкіл Алматы. Әбдіжәмілден басқасы енді-енді ат жалын тарта
бастаған кез, үй жалдап тұрдық, көрші едік. Жұмекен марқұмның жас кезі, осы
Нәсіпке жаңадан үйленген. Сол кездері де «бармыз, жоқпыз» демедік, бірімізді
жоқты екіншіміз апаратын едік. Қайраттың анасы театрға, футболға барғанды
қызылды-жасылды етіп сәнді киінгенді ұнтатын, жарықтық. Әбішім үйленгенде
шашуын шашып, той қызығын бірге көрген де осы құрбы-сыйластарым.
            -Ұлыңызды құда түсіп үйлендірдіңіз
бе?
            -Өздері жарасты ғой. Жол-жоралғысын
жасап, тойын өткіздім. Жұпынылау заман еді ғой. Өз тұсына лайық тамашаладық,
бірақ қуанышымызда шек жоқ еді. Сонда айтқан тілектеріміз қабыл болып, өсіп-өніп
отырмыз.
            -Келініңіз бетіңізге келмеген шығар?
            -Тентек кемпірдің бірі мен едім.
Бетіме келген еемес. Айбарымнан қорыққаны емес, мені сыйлағаны шығар. Көп
тарыққанда тарықтым, көп көбейгенде көбейдім. Мінезі тасыр, кісәпір келінге тап
келсем, қайтер едім. Ризамын. Тілек бір болмай, бірлік болмайды. Періште
қабылдаса - құдай жеткізеді. Келініме жастау кезімде, күш-қайратым барда бар
білгенімді үйреттім, ақылымды айттым. Бірақ ісіне араласпадым. «Не ақша
әкелдің, не табыс таптың, өзгеге не бердің?» демедім. Жас келген соң қол ұшын
беруден қалдым. «Өзің үйрен, өзің биле» дедім. «Жас емессің» дедім. Құдайға
шүкір, бірнеше немере сүйіп отырған адам жас бола ма? «Ертең мен кеткенде
әйелдің жолын мендей ұстасаң қор болмайсың» деймін. Бірақ адамға біреудің берген
ақылы ақыл болмайды, өз көкірегінде ештеңе болмаса. Келінім көкірегі ояу жан,
қазір әулеттің жүгін өз мойнына алған. Үнемі кеңесіп отырады.
            -«Әйелдің жолы» дегенді тарата
айтсаңыз.
            -Кісінің аты үймен, көңілмен, аспен
шығады. Жоқпын деп жылама. Жоқ болсаң да, қазаныңды көтеріп отыр. Бармын деп
тасынба. Барыңды бер де, ақсиып күліп отыр. Жұртқа қайнатқан самаауырының өзіңе
қайта қайнайды. Адамға, адамзатқа құрметіңді жақсы көрсет. Ешкімнің көңілін
қалдырма, бетіне қатты келме. Бәрін әріден ойла. Еріңнің, әулетіңнің қамын
ойлағаның - еліңнің қамын ойлағаның. Әйел адамға, қанша мықты болсаң да, бұдан
артық ештеңе жоқ.
            -«Тентек кемпірдің бірі мен едім»
дедіңіз. Өзіңіз ешкімнің бетіне қатты келіп көрдіңіз бе?
            -Кісі жамандап, біреуді мысқылдап,
кекетіп-мұқатып көргем жоқ. «Мен кереметпін» деген жерім тағы жоқ. Бірақ өзімді
де, балаларымды да ешкімге жәбірге берген емеспін. Қазірде де кей әйелдер
«жетіммін, жесірмін» деп жылап жүреді. Өз баласына өзі қорған болып, жетімдік
көрсетпеуге ұмтылмай ма одан да!? Жаны бар адам қайрат қылмай ма?!
            -Ұлыңыз Жоғарғы Кеңестің Төрағалығына
сайланғанда қуандыңыз ба?
            -Елі қалап, сенім көрсетсе, неге
қуанбайын!? Менікі емес, құдайдыкі. Ертеде бір абысыным маған: «Жетім балаларды
шақырып алып, көжесін береді де, өзі қазанын жалап отырады» деп күлетін. Жоқ
кезді де көрдік, құдай ниетке береді. Жоқта - жоқ деп жасыған емеспін, барда -
бар деп тасыған емеспін. Әбішім ат жалын тартып азамат болғалы да бір құдай деп
отырмын. Бүгінде ел ағасы болса да, әлі бала сияқты көремін. Өткенде бір жолы
үш күн үйде болмағанда көз ілмедім. Ұйқым қашты.
            -Уайымыңыз көбейген екен ғой.
            -Заманына қарай адамы деген. Алыс,
көрмеген жерлерге жиі кетеді. Жұмысы да оңай емес сияқты. Әнеубір кездері тым
қиын болды ғой деймін, үйге күнде кешке түтігіп келіп жүрді. Бәріміз бетіне
қарап, қабағын бағамыз. Бірақ жалғызымның жолын тосып, уайымын жеп отырғаннан
артық не бар маған?..
            -Сіздің жаңа бір айтқаныңызды
«адамына қарай заманы» деп қисындасақ, бүгінде сіздің көңіліңізге қонбайтын
жайттар бар ма?
            -Бұдан жаман кезімізде де тойға
барғабыз. Қазір құдайға шүкір, заман жаман емес. Тек адамдар ынсапты ұмытып
барады. Жанын қинап жұмыс істеу, тер төгуден қашатындар көбейді. Сонау соғыс
жылдары, одан кейіндері қандай еді? Жаяу белден жүріп жер жыртатынбыз. Елде
Онды, Қызылтам деген жер бар. Мен сонда Шоңбұлақ атты бұлақтың басында егін
салдым, орны әлі жатыр. Жас келсе амал жоқ, ал тепсе темір үзетін жігіттер мен
қыздар екі білегін сыбанып жұмыс істесе, жараспас па? «Дым жоқ, бәрі құрып
барады» дейді телевизор тыңдай қалсаң. Осыны, әсіресе жастар айтқанын естігенде
мен үйде отырып ұяламын. Қазақты қай заманда үкімет асырап еді? Еті тірі ер
жігітті өзінің намысы, талабы, жігері, еңбегі асырамайтын ба еді? Әйелді
үй-ішіне, ағайын-аумағына, бала-шағасына деген ықыласы мен құлқы асырамайтын ба
еді? Құдайдың өзі құлқыңа қарап абырой, пейіліңе қарап әдулет, еңбегіңе қарап
ырзық бермейтін бе еді?
            Бүгінде бала атаулы, әсіресе, қала
баласы орысша сөйлейді. Ойын қазақша жеткізуге қиналады да, оңайына көшеді.
Бұларға орысша оңай, қазақша қиын болып тұр. Әңгіме баста ғой. Әуелі өз тілін
үйрене алмай жүргендер өзге өнерді үйреніп қандай қарқ қылады дейсің. Әсмаң
қазақшаға жүйрік екен. «Мен теледидардан күнде Президент Нұрсұлтан Назарбаев
пен Әбіш көкемді көремін» деп сайрап тұр ғой. Әкесінен аумайды өзі. Асқаржандай
өткір де зерделі болса, бір жерден шығар. Енең тұсауын маған кестіріп еді,
тіл-көзден сақтасын құдайым, ғұмырлы болсын, өзіңнен де зор болсын.Елдің де,
ананың да тілегіне тек әуелден тәңірім «бердім» деп берген адал перзенті ғана
жеткізеді.
            -Сіз Президентті көрдіңіз,
әңгімелестіңіз ғой. Қандай әсер қалдырды?
            -Әбішім Төраға болып сайланғанда
келіп құттықтады ғой. Маңдайы ашық, жүзі жарқын, ойы жарық жігіт екен. Ел қамын
ойлаған азамат қой. Құдай осы дегеніне жеткізсін. Ел, жер аман болсын.
            -Мана әуелде «бата сұрасаңдар бата
берейін» деп едіңіз. «Қазақ әдебиетінің» сан мыңдаған оқырмандарына нендей
тілек тілеп, қандай бата бересіз?
            -Заманыма тыныштық, халқыма
береке-бірлік берсін. Жастардың тілегі қабыл болсын. Кәрілердің батасы қабыл
болсын. Жеткіншектерің өздеріңнен озсын. Жас 
кезде құдай, иба-әдептен, үлкейгенде абыройдан айыра көрмегей! Істерің
оңынан оралып, талаптарың өрге баса бергей! Әумин!
                                                     
***
            «Әбіштің анасы» атанған ел Анасы -
Айсәуле әжемен қоштасып қайтып келе жатқанда үнемі көңіл түкпірінде жататын бір
ой атойлап тағы бас көтеріп еді.
            «Біздер кейінгі ұрпақ, табиғаты таза,
сүйегі асыл, көкірегі дана қарияларымыздың лайықты жалғасы бола алар ма
екенбіз?...»
 
 Сұхбаттасқан Әлия
Бөпежанова