ВЕРНУТЬСЯ


Осы орайда, Неплюевтің 1748 жылғы 3 қырқүйектегі рапорты ерекше назар
аудартады. Онда губернатор бригадир Тевкелевтің бір бас хан сайлап, сол арқылы
елді тәртіпке шақырмақ ойына дау айтады. Оны мүмкін емес және қажеті жоқ деп
есептейді. Бір ханды басқалардан үстем қою қазақ арасының тыныштығын азайтпаса,
көбейтпейді деп санайды. Сондыктан да, бір-бірімен тайталас Әбілқайыр мен Барақ
әулетін бірдей сақтау керек деп ұсынады. Барақты ұлы император ағзамның мейірімінен
құр қалдырмауды жақтайды (Казахско-русские отношения. 401-402-бб.) - Неплюевтің
шеқарадан алыстап шығынып кеткен Барақтың соңынан оның ескі танысы Матвей
Араповты жұмсап, өзінің "Барақтың қылығына риза", ал ханның істеріне
ренжүлі (Бұл да сонда. 402-б.) екендігін айтқызып, көңілін аулауы да, Елизавета
ағзамның бұл үшін губернаторға: "Алдағы кезде мұндай істе мейлінше абай
болу керек" (Казахско-русские отношения. 446-б.), - деп ескертпе жасауы да
соған меңзегендей. Қазақ даласындағы саяси күштердің ара салмағын сол итжығыс
қалпында қалдыру үшін 1748 жылдың күзінде шыққан күрт мәселелерді ұзаққа апармай,
пышақ үсті бітіру керек болды. Әйтпесе, бұл оқиғадан едәуір абыржып қалған
қазақ қауымы қайтадан есін жинап, марқұм өлерінде қатты шайқалтып үлгерген
қазақ-орыс қатынастарының қайта пайымдалуына мүдделІ және қабілетті жаңа
қайратқерлердің бой көрсете бастауы ықтимал еді. Сондықтан да, И.И.Неплюев ол
кезде қазақ қауымының басым көпшілігі жан ашырлық танытып отырған "қайғылы
әулеттің" бір өкілін Әбілқайыр тағына отырғызуға асықты. Ханның жесірі
Бопай ханым да, ең жақын досы Жәнібек тархан да, беделді билер де үлкен үлы
Нұралыны қолай көрді. Орынбор әкімшілігі бұған қуана келісті. Әйтпесе, Аңырақай
соғысында ханның оң қолы болып, ел арасында едәуір бедел жиып үлгерген інісі
Бұлғайыр сұлтанныңда, патша сарайында болып, керейлердің ұлысбегі болып, Орта жүз
бен Кіші жүзге де, орыстарға да танымал болған Ералының да, көптен тайталас
күйеу баласы Батырдың да, баққұмарлығымен көзге түсе бастаған інісі Досалының
да аттары аталып қалуы әбден мүмкін еді. Ондай жағдайда қазірдің өзінде
ерлігімен, батылдығымен, турашыл мінезімен көзге іліге бастаған Айшуақтың да
әлгіндей ханталапайдан қағыс қала қоймағы екі талай еді. Бұл, тек Кіші жүздегі
ғана емес, жалпы қазақ даласындағы ахуалды, әсіресе, орыс-қазақ қатынастарын
күтпеген жағдайларға ұрындыруы ғажап емес еді. Абырой болғанда, жаппай қара жамылып
отырған Өсеке әулетінен ондай мінез байқала қоймады. Батыр баяғы қыңырлығына
басып, Шөмекей мен Шектінің бір бөлігінің және Төртқараның билеріне өзін ақ
киізге көтергізіп хан сайлатты (Материалы по истории Казахской ССР. 276-б.).
Қалған жұрттың басым көпшілігі Нұралыға ыңғай білдірді.
Аманаттағы Айшуаққа ешкім әкесінің қазасын естіртпеді. Тархан Жәнібек пен
марқүұм әкесі қай тарапқа да жұмсайтын Бәйбек батыр әбден болары болып, бояуы
сіңіп қойған соң барып, әдейі іздеп келіп, жәй- жапсарды баяндап берді. Сөйтсе,
Неплюев Айшуақтың қызба да өжет мінезін, әскери әрекеттерге оңтай тұратынын
біліп, бригадир А.Тевкелевпен ақылдасып, Бараққа ызаланғандықтан өзіне не басқа
біреулерге зақым жасап, әлдеқандай төтен қылыққа барып жүрмесін деп, оған хабар
айтуды кейінге қалдыра тұрыпты (А.И.Добросмыслов. Тургайская область. 96-б.).
Ол тіпті, ағасы Нұралының таққа отыру тойына да шақырылмапты. Айшуақ, соның
бәрін кеш білсе де, реніш байқатпай, есті тентек екенін көрсетті.
Ол 1749 жылы орнына інісі Әділді қалдырып, елге оралады. Жастары үлкен Нұралы
мен Ералының айтқандарынан шықпады. Ол үшеуі бір болса, қалған әулет ешқайда кетпейтін
еді. Әкелері Әбілқайыр арманда кеткен-ді. Маркұмдардың тірісінде ұмтылған бар
мақсаттары өздерімен бірге марқұм болатын болса, адам онда Құдайдан баланы неге
тілейді? Әбілқайырдың естияр үш ұлының ендігі ойлағаны сол болған сияқты.
Сондықтан да, Нұралы Орта жүз бен Кіші жүздің бір топ ру басыларына патша
сарайына 1749 жылғы 26 ақпанда арнайы хат жолдатып, өзін екі жүздің ортақ ханы
етіп бекітуді сұраттырды. Императрицаның 1749 жылғы 26 ақпандағы сенім хатында
Нұралыны қырғыз-қайсақ ханы деп көрсеткен. Бұны А.Левшин хан сайлауына Орта
жүзден бірер ғана кісі қатысқандықтан, олар көбіне-кеп орыстарға емес, жоңғарларға
аманат беріп тұрғандықтан Нұралыны ортақ хан деп жариялау ретсіз болады деп
тауып, екінші жағынан жаңа ханды да ренжіткілері келмегендіктен әлгіндей шешім
қабылдаған деп түсіндіреді. (Описание киргиз-казацких... 214-б.). Біздіңше, гәп
басқада сияқты. Ол кезде Орта жүздің жоңғармен аралас-құраластығы жиілей түскен
еді. Ал, жоңғарлар Қытай экспансиясына ұшырап отырған еді. Ендеше, Орта жүзге Қытайдың
да назары көбірек түсіп отырған. Алда-жалда жоңғарлар төтеп бере алмай қалса,
жеңімпаз қытайлар Орта жүзге де қол салып, бір сұлтанын бүкіл қазақтың ханы деп
жариялауы әбден мүмкін еді. Ондай қауіптен орыс жағы да қамсыз қалмау үшін Нұралының
қай жүздің ханы екенін тәптіштеп жатпай, "қырғыз-қайсақ ханы" деп
әдейі жазған сыңайлы.
Нұралы хан сайлана сала, оған тек атақ емес, билік те керек екендігін сездіре
бастады. Ең алдымен, өлген әкесінің атын ұлықтау мен кегін қайтаруды сөз етті.
Сенімсіз құлық танытқандарды шекараға жолатпауды талап етті. Барақтан өш алу
үшін әскер сұрады. Егер қолына орыс әскері тисе, тек Барақтың ғана емес,
әкесіне құн бермегендер мен өзінің де жолына көлденең тұрғаңдардың бәріне де
әңгір таяқ ойнатпақшы еді. Сонда Орта жүздің де, Кіші жүздің де тізгіні өз
қолына көшеді деп ойлады (Бұл да сонда. 217- 218-бб.). Оның үстіне, тілмаш
Ю.Гуляев Бопай ханым мен балаларының Әбілқайыр ханның қанын арқалаған Барақ,
Батыр, Қайыптардың көздерін кұртып, Нұралыны бас хан сайлап, Кіші жүзді,
Ералыға Орта жүзді, Қожахметке Хиуаны билетуді көксейтіндерін айтып келген-ді
(Казахсқо-русские отношения. 423-б.).
Бұл ұлықтарды ойлантып тастаса керек. Олардың кейбіреуінің: "Егер өзара тайталас
кезінде өз бәсекелесінің одан арғы ойларының жолын біржолата қырыққысы келген
Барақ Әбілқайырды өлтірмегенде, Неплюев онымен әлі де ұзақ арпалысар еді"
(В.В.Витевский. Неплюев И.И. - верный слуга своего Отечества. Основатель
Оренбурга и устроитель Оренбургского края. К., 1891. 157-б.) деген тым асығыс
айтылған пікір екендігін аңғарта алса керек.
Нұралы Орынбордан оралмай жатып, марқұмның уәде берген қызы Зылиханы айттыруға
Сыбан Доржыдан елшілік келеді. Жаңа күйеу қалың малдың орнына Түркістанды
қайтармақ. Сұлтандар мен ақсақалдар қонтайшының қолқасын орындауға, оның
көмегіне сүйеніп, Барақтың елін шауып, Әбілқайырдың кегін алуға кеңес берді
(А.Левшин. Аталмыш еңбегі. 220-б.). Бұны біліп қойған патша әкімшілігі бұған
жол бермеуге тырысты. Жаңа ханды райдан қайтарудың неше қилы амалын қарастыра
бастады. Абырой болғанда, 1750 жылы Зылиха кенеттен дүние салып, мәселе
өз-өзінен шешілді.
Оның есесіне, Батыр сұлтан мінез шығарды. Өзінің де халық сайлаған хан
екендігін көлденең тартты. Патша өкіметінің де мойындауын талап етті. Кейін
оның орнына Ресей мен Хиуа, Бұқар арасындағы барлық керуеннің жол бастаушылығын
өзіне жүктеуді сұрады. Хиуа ханы Қайып табарлық керуеннің бұйдасын өз әкесі
Батырға ұстатқысы келді (Бұл да сонда. 22-б.). Бұл Нұралының қолындағы онсыз да
азғантай биліктің ең сүбелі жеріне көпе-кернеу қол сұғу еді. Онсыз да үрынарға
қара таппай отырған Хиуаның шамына тигісі келгендей, дәл сол жылдың 13
ақпанында Айшуақ сұлтан мен Өтетілеу, Жәнібек тархандар бастаған үш мың қол
Сырдарияның арғы бетінде отырған аралдықтарды шауып, мол олжаға кенелді.Бұған
ызаланған аралдықтар мен Қарақалпақтар Хиуаға керуен бастап бара жатқан
Нұралының туған нағашысы, Адай Мырзатай батырға тиіседі. Сатуға алып бара
жатқан малы мен дүние-мүлкін тонап алып, бес адамын табан астында өлтіріп,
қалғандарын қаңғыртып далаға тастап қетеді. Бұл хабар жетісімен жүз отыз кісі
ертіп, Ералы атқа қонады. Қарақалпақты шауып, өш қайтарам деп жүріп, өзі
тұтқынға түсіп қалады. Інісін босатып алуға Нұралы жорыққа қамданады. Бұны
естіп, сескеніп қалған аралдықтар Ералыны еліне қайырады
(В.В.Вельяминов-Зернов. Исторические известия о киргиз-кайсаках и отношения
России и Средней Азии со времен кончипи Абулхаир хана (1748-1765). т. 1. Уфа.
1853. 132-134-бб.).
Нұралы 1752 жылы Орынборға барып, Ресейдің Хиуа, Бұқар, Ташкент, Индиямен саудасын
ұлғайту үшін Сырдарияның сағасына қала салуды ұсынады. Бір кездегі әкесінің
өтінішіндей ол да су аяғы құрдымға кетеді. Хиуадағы Қайып, расында да, бұның
ұлысына керуен жолатпауға айналды. Ерегескен Нұралы 1753 жылы Сағыз бойында
Хиуаға кетіп бара жатқан бір керуенді тонатып еді. Қайып Хиуадан аттанғалы
жатқан орыс керуенін жібермей, бір жыл бойы тұтқында ұстады. Соған ызалаңған
Ералы Орынборға, егер алда-жалда қолға түсіп қалып жатса, тұтқыннан босатып
алуға кепілдік берсе, Хиуаны шауып, Қайыпты өлтіріп, орнына өзі хан болып, орыс
тұтқындарын елдеріне қайтаруға уәде береді. Орыстар бұған қарсы болмайды.
Бірақ, бұған Кіші жүздің өз күші жетпейтін еді. Оның үстіне, құрылтай шешім
бергенмен, бұл мұсылмандыққа жатпайды деп, Кіші жүздің пірі (шамасы, Әбді-Жәлел
Қожа болса керек - Ә.К.) батасын бермейді (А.Левшин. Аталмыш еңбегі. 228-б.).
Дәл сол кезде, 1755 жылы, жиырма жыл бойына бір басылып, бір өршіп келе жатқан
башқұрт көтерілісі қайта бұрқ ете қалады. Оны бастаушы Батырша деген молда
қазақ арасына жансыздарын жіберіп, кәпірге бағынғандардың сазайын тартқызамыз деп,
қоқан-лоқы жасайды. Ар жағында Ресей көтерілісті басуға жер қайысқан көп әскер
бөлген соң, елу мың башқұрт зәрелері ұшып, күнгей жақтарындағы қазақ арасына
лап қояды. Неплюев бір кезде қазақтарға қарсы қалмақтарды айдап салғанында
айтқанындай, енді башқұрттарға қарсы қазақты айдап салып отырып, қашқан
башқұрттарға аяушылық жасамауға, дүние-малын, қыздары мен әйелдерін өздері
иеленіп, еркектерін орыс үкіметіне тапсыруға шақырды. Бұндай хат алған қазақ
батырлары мен билері бір мәз болып қалды. Соны көрген башқұрттар орыс шебіне
тиіскенді қойып, қазақ ауылдарына бас салды. Іс тағы да насырға шапты. Бір
жақтан башқұрттар өршеленіп, екінші жағынан қазақтар ызаланып, шекара шебі ала шабуыл
алыс-жұлыстың аймағына айналды. Хан мен сұлтандар қарап отырып, кенет
қекшілдіктің өртіне шалдығып, еліріп алған елді тыныштандыра алмай, әлекке
түсті. Бір теңге беріп айтқызып, мың теңге беріп қойдыра алмадының кебін киді.
Патша өкіметі бір жағынан, Нұралының қолындағы билікті көбейтпей болмайтынын
түсінді. Екінші жағынан, башқұрт пен қазақ арасының ушығуын падаланып, Кіші
жүзді қару күшімен мықтап ноқталаудың шараларын қарастыра бастайды. Жерді картаға
түсіруге кіріседі. Абырой болғанда, орыс-прусс соғысы басталып кетеді де, қазақ
даласы бір жойқын қырғыннан уақытша аман қалады (А.И.Левшин. Аталған еңбегі.
223-234-бб.).
Осындайда қазақтарды бір төмпештеп алуға өте-мөте құштар торғауыт ханы
Дондік-Дашы 1757 жылы Астрахан губернаторына қазақтар түрік империясының қол
астына өту үшін Кубаньға көшкелі жатыр деп хабарлайды. Сөйтсе, сол Дондік-Дашы
дәл сол қезде қырым татарларының орыспен соғысуға көмек сұрағанын, өзінің көмекке
аттанғалы отырғанын айтып, қазақ ханына шабарман шаптырыпты. А.И.Левшиннің
пайымдауынша, Дондік-Дашы Нұралыны Ресейге айдап салып, еркек кіндікті, жорыққа
жөнелтіп, қатын-қалаш боп, қараусыз қалған қазақ ауылдарын оп-оңай жаулап алуды
көздесе керек (Бұл да сонда. 235-б.). Абырой болғанда, қазақтар ондай ашық
ауыздық танытпайды.
Бұндай бұлталақтарға Неплюевтің араласып-араласпағаны белгісіз. Бірақ, 1758
жылы қазақтарға байланысты арманына түгел жете алмай, он алты жыл билеген
Орынбор өлкесімен қоштасады. Жаңа губернатор А.Ф.Давыдов (1758-1762) "іс
бітіргеннен гөрі өз көңілінен шыққанды көбірек күйіттейтін",
"жасамыстығына қарамастан дөрекі, ұрысқақ адам" (А.Добросмыслов.
Тургайская область. ИРГО. Вып.1. Т. 1. О., 1901. 128-б.) болып шығады. Әкесінің
қиқарлығынан аузы әбден күйіп қалған Нұралы 1759 жылдың қазанында Ералы мен
Айшуақты ертіп, әрі сәлемдесуге, әрі аманат мәселесін сөйлесуге кірсе, жаңа
губернатор жөндеп сөйлеспейді. Ашуланған үш сұлтан қоштаспастан аттарына мінеді.
Әбілқайыр балаларының бүйтіп шіренуінің де жөні бар еді. Дәл сол кезде кең
байтақ қазақ жерінің шығысындағы жағдай көрер көзге өзгеріп келе жатыр еді. Цин
империясы жоңғарларды бір жолата талқандап, енді бер жағындағы Орта жүзге көз
тіктей бастап еді. Патша сарайы бұған қатты қобалжып, 1758 жылдың 19 наурызында
Нүралыға арнайы сенім хат жолдап, қытайлар Сібірдегі шекараларға қол сала
қалса, көмек беруді сұраған еді (А.Левшин. Аталмыш еңбегі. 236-б.). Егер
қытайлар мен қазақтар өзара ымыраға келсе, Ресейге де шығыстан тықыр таянары
сөзсіз еді. Соны ескерген патша дипломаттары қазақ хандарына қайтадан жылы
қабақ таныта бастаған. Жаңа губернатор, әлгі қылығына қарағанда, бұдан атымен бейхабар
болып шықты. Нұралы мен Ералы тіс қаққандықтарына басып, сыр білдірмеуге
тырысса да, Айшуақ ашуға шындап мінді.
Қоянның қашуына мылтықтың басуы дәл келеді дегендей, шығыс тараптағы жағдай
шынымен ширыға түседі. Қалдан Цереннен кейін өзара қырқысқан тайшылардың
тайталасына Абылай араласып, жоңғар иеленіп жүрген жердің біразын өзіне қаратып
алды. Ар жақтан Циндер, бер жақтан Абылай тиісіп, жоңғарлар мемлекеті жер
бетінен мүлдем жоғалған соң, қытаймен бетпе-бет қалған Абылай, Боғды ханның
бодандығын қабылдауға мәжбүр болды. Император Цян Лунь оған ардақты атақ беріп,
қытай вассалитетінің шарты жазылған күнтізбе ұсынды (Бұл да сонда. 230-6.).
Абылайдың 1756 жылы Аякөз өзені мен Қозымаңырақ тауының арасында қытайлармен ақ
үйлі аманат беріп бітісуі патша сарайын елші үстіне елші жөнелтуге мәжбүр етті.
Абылай оларға елпеқ қаға қоймаған сыңайлы. Қытай бодандығын пайдаланып Ресейді,
Ресей бодандығын пайдаланып Қытайды өзімен есептесуге мәжбүр етуге тырысқаңдай.
Бұл Петербург алдындағы Нұралының да бағасын өсіре түсті. Бұны хан өз пайдасына
асырып бағуға тырысты. Орыстарға арқа сүйеп, қайта-қайта іргесіне тыныштық
бермей отырған торғауыттардан өштерін алып қалмақ болды. Соларды сылтауратып, шекарадағы
орыс бекіністеріне тырнақты батыра түсті. Сөйтіп, жаңа губернатордың жүйкесіне
ойнап бақты. Бұл іске онсыз да жау сағынып жүретін Айшуақты жұмсады.
Сыныққа сылтау табылды. 1760 жылғы қыркүйекте он тоғыз кісі нөкерімен Орынбор
қаласынан аманаттықтан келе жатқан Нұралыұлы Мәмбетәлі сұлтан жол-жөнекей мерт
тапты. Күдік сол төңіректе кең қарап жүрген Тимашев тобындағы башқұрттарға
түсті. Жұрт арасында үлкен наразылық туды. Аманат - Алланың аты. Оған анау-мынау
емес, елдің ең аталы жерінің перзенттері беріледі. Мәмбетәлі ханзадамен бірге
аманатта болған он тоғыз нөкердің әрқайсысы бір-бір іргелі рулардың туын
ұстаған киелі шаңырақтардың түлектері еді. Соларды аманатта ұстаған ақ патшаның
ең болмаса елдеріне аман оралуына қам жасамағаны елдігіңді менсінбеген
немқұрайлылықтың белгісі еді. Бұл үлкеннің де, кішінің де намысына тиетіні
түсінікті. Айшуақ он мың адаммен шекара шебін шаппақ болды. Хан губернатордан
жендеттерді жедел ұстап беруді талап етті. Губернатор Давыдов істің
анық-қанығына жете алмады (А.Добросмыслов. Аталмыш еңбегі. Т. 1. 139-б.).
Алақанына түкіріп жүрген Айшуақ он-жиырма кісілік шағын топтар құрып, Жайық,
Елек бойы бекіністеріне тиісті. Керуендер тағы да бастарымен қайғы болды.
Айшуақ сұлтан Елизавета Петровна ағзамға губернаторды сілейте жамандап хат жазды.
"Нұралы тілмаш Я.Гуляевқа: "Қазақтар өздерінің малына соншама мол,
шұрайлы жер табатын Жоңғар қалмақтарының өте алыстағы бос жерлеріне, Бұқараның,
Ташкенттің басқа да шекаралық қалалары төңірегіне көшуге жиналып жатыр", -
деп хабарлады. "Шындығында да, 1761 жылы өздерінің Орта жүздегі
руластарының: "Россиямен күн көріп, Россияның нанын жеп отырған сен өле
қоясың ба, тәйірі?!" - деген кекесініне шыдамаған Жетіру қазақтары Айшуақ
сұлтанмен бірге қырғыз-қайсақтардың Орта ордасына, Зеңгір (жоңғар. - Ә.К.)
жерлеріне жақындап, жоғары қарай көше бастаған" (Н.Беқмаханова. Көктемір
туралы аңыз. А., 1983. 23-б.). Патша өкіметі бұдан қатты сескеніп, Ералы мен
Айшуақтың көңілін аулап, оларға жылма-жыл төленіп тұратын жалақы тағайындайды
(А.Левшин. Аталмыш еңбегі. 240-б.).
Ресейдің шығыс шекарасындағы ахуалға қатты алаң болғаны сонша, III Петр таққа
отырғанда қазақ хандары мен сұлтандарынан ант беруді талап етпей-ақ, сенім
хаттарын өздері жіберді. Өйткені, Қытайдың әсерімен ала көңіл болып отырған
көшпенділер қайтадан ант бермей қоя ма деп қорықса қерек. Оларды өздерінен
безіндіріп, Қытайға бауыр бастырып алмас үшін 1762 жылдың басында Сібір және
Орынбор шекара әкімшіліктеріне қазақ жақсы-жайсаңдарына тарту-таралғыны аямай беріп,
жылы қабақпен қарап, қажет болса шекараға жақын жерлерден қазына есебінен қора
және үй-жай салып беруге тапсырма берді. Бұл әсер етпей қалған жоқ. II Еқатерина
таққа отырғанда Нұралы, Абылай, Айшуақ жіберілген сенім хатты алған бойда
қайтадан ант берді. Алайда, Абылай Ресей патшасына ант бере отыра, Боғды хан
бодандығынан бас тартқан жоқ. Тіпті, Нұралының өзі Абылайға еліктеп, Қытай
сарайымен қатынас орнатуға асықты. 1762 жылы Қытай Батыр, Әбілпейіс
сұлтандардың елшілігін құшақ жая қарсы алды. Нұралы ханның елшілігіне ерекше
құрмет көрсетілгені сонша, хан артынша-ақ Ресей талаптарына немқұрайлы қарай
бастады (Бұл да сонда. 241-б.).
Қайткен күнде де, Нұралы сол кезде патша әкімшілігіне жүндеуге жақсы жуас
тайлақ емес екенін көрсетіп баққан-ды. Теріскейінде қалмақтарға, шекара
бекіністеріне, башқұрттарға қысым жасауды сол қалпында жалғастыра отырып,
күнгей шекараларына да мықтап көңіл бөле бастады. 1766 жылы Ералы мен Есім сұлтан
жәуміттерді шапты. Бұл Хиуамен қақтығысқа әкеп ұрындырды. Өйткені, Хиуа тағына
Мүхамед Әмин қоңыраттар мен Ханкелді билейтін жәуміттер таласып жүр еді.
Жәуміттер Хиуаға Әбілқайырды өлтірген Барақтың баласы Нұралыны, қоңыраттар
Әбілқайырдың баласы Нұралыны шақырғылары келді. Қоңыраттардың сондай ниетпен
Нұралы ханға елші жібергенін естіп, жәуміттер 1767 жылы қоңыраттарды шапты. Мың
кісіні өлтіріп, үш мың кісіні тұтқындап әкетті. Нұралы патшадан зеңбірек сұрап ала
алмады. Жәуміттердің бұндай жеңісіне бола жаси қоймаған қоңыраттар күрестерін
одан әрі жалғастыра берді. Олар енді Ералы сұлтанға сөз салды. Оның орнына
Айшуақ сұлтан мен Бармақ би көмекке барды. Олар 1770 жылға дейін Хиуаны өз
қолдарында ұстап тұрды. Аталмыш жылы жәуміттер қайтадан жеңісқе жетті. Бұрынғы
Қайып хандарының ұлы Жәңгірді хан көтерді. Көп ұзамай қоңыраттар қайтадан
үстемдіқ алды. Бірақ Әбілқайыр тұқымының өкілдері билікті қолдарында ұзақ үстап
тұра алмады. Хиуа қарауындағы өріс пен қонысқа қолдары жетпей-ақ қойды. Кіші
жүз өріс тапшылығын шындап тарта бастады. Әсіресе, Байұлы ауылдары қыспақта қалды.
Олар Жайықтан әрі өтуге талпынды. Нұралы қанша өтініш жасаса да, Давыдов бүлк
етпеді. Ералы керуендердің бірінен соң біріне тиісті. Губернатор міз бақпады.
Рубасылары бір кезде Әбілқайыр көтерген Ресеймен бодандық мәселесін қайта
қарауды ұсынды. Ол Ресей шекарасын біржолата тастап, басқа тараптарға жаппай
көшу арқылы ғана жүзеге аса алатын еді. Көптеген әлді ауылдар Хиуа қол
астындағы жерлерге қоныс аударғанымен, ол жакта бүкіл Кіші жүзге жер бәрібір
жетпейтін еді. Ал, сонау жер түбіндегі жоңғарлардан босаған жерлер туралы Цин
империясымен келіссөз жургізуге, Ресеймен қарым-қатынасты бұзып алмас үшін өзі
шықпай, інісі Ералы сұлтанды пайдаланып бақты. Бірақ, бұл еш нәтиже бермеді
(М.П.Вяткин. Сырым батыр. 156-159-бб.).
Нұралының Ресейден бүйтіп бүгежектейтін де жөні бар еді. Мұрның барда бір
сіңбір деп, елшілігін Боғды хан жылы қабылдаған соң, 1764 жылы патша ағзамның өзіне
хат жазған. Талаптар қойған. Жіберген тарту-таралғылары көңілден шыққанмен,
алған жауаптары көңілінен шықпаған. Берсе қолынан, бермесе жолынан деп, 1765
және 1766 жылдары Жайық пен Елек бойында жайылыс қалдырмай, жалмап келе жатқан
жаңа бекіністер мен ең болмаса, қыстап шығуға Еділ беттегі қоныстарға
жақындатпай отырған торғауыттарды көз аштырмай төмпештің астына алды. 1767 жылы
орыс та обден қаһарына мініп, шекара бойы түгілі оның күнгейіндегі алғидың ала
шөлінде отырған алыс ауылдарға дейін жазалаушы әскер жіберіп, ойран-ботқаларын
шығарды. Нұралы құйрығымен диірмен тартатын күштіге қылар қайран таба алмады. Дымы
ішінде болды (А.Левшин. Аталмыш еңбегі. 245-б.). Бұл бетімен кете берсе, әкесі
Әбілқайырдың кебін киерін білді. Ендігі жолы патша ерегессе, бұның балаларын мұрагерліктен
бір жолата айырып, хандықты басқаларға ұсынуы да әбден мүмкін еді. Сондықтан,
бәрін қойып, үлкен ұлы Есімді мұрагер қылып бекітіп алуға күш салды. Ол
ұсынысын патша кейін серіпкен жоқ. Әр түрлі мекемелерде зерттеле бастады. Енді
болмағанда мәселе шешіліп те қалар еді, 1769 жылы Орынбордағы аманаттағы ұлы
қайтыс болды. Ол - бұндай күйге ұшыраған екінші аманат. Екеуі де - Нұралының ұлы.
Екеуі де сәби кезінде шетінеп отыр. Кейінгі кезде әкімшілік тарапынан әр қилы
салқын қабақ көре бастаған Нұралы "балам күтімсіздіктен өлді" деп дау
салды.
Жаңа аманат беруден бас тартты. Бұған дейін Нұралы ханның қолындағы билікті
ұлғайтамыз ба деп жүрген патша сарайы мына қылығынан кейін ол райынан қайтайын
деді. Ханнан гөрі інілеріне көбірек ілтипат көрсетіле бастады. Ресей казақтарды
аманат алмай да бағындыра алатындығын ашық сездіруге тырысты. Орынбор
шекарасына шапқыншылықтың қайта жандануы қазақтарды қарулы күшпен жаныштау
мәселесін қайта тірілте бастап еді (А.И.Левшин. Аталмыш еңбегі. 247-б.).
Абырой болғанда, сол екі ортада Еділ бойындағы торғауыт қалмақтарды түлен
түртті. Олар 1636 жылы шығыстан барып, ішкі алауыздық пен орыс мемлекетінің
сыртқы қысымынан быт-шыт күйреген Ноғай Ордасы руларының жан-жаққа тоз-тоз
болып шашырап кетуіне байланысты әуелі Елек, Қобда, Жем, Сағыз, Жайық бойына,
келе-келе Еділ бойына жайбарақат жайғасып алып еді. Кіші жүз қазақтарының әуелі
Әбілқайырдың, сосын Нұралының тұсындағы үздіксіз шапқыншылығынан іргесі қуырыла
бастаған. Жайықтың шығыс бетіне аттай алмастай болып қалған. Сөйтіп жүргенде,
Жоңғария біржолата күйреді. Амурсана қолы Алтайдан қашып, Ертіс бойына тұрақтай
алмай, өзі тұтқынға түсқен соң, Шерін деген серігі бастаған он мың үй
торғауыттарға қосылған. Шығыстағы дүрбелеңнен әбден бармағын тістеп, күйзеліп
келген дүрбіт, хойт және хошоуыт тайпалары өздерімен-өздері отырған
торғауыттардьщ шырқын бұза бастады. Он төрт жыл бойғы тыныштықтан іші пысып
кетті ме, Шерін байырғы торғауыттардың басшысы Убашиды атамекенге қайта көшіп,
қытайлардан бірігіп өш алуға азғырды. Орыстардың мың қалмақты солдаттыққа алғалы,
бес жүз қалмақты казакқа айналдырғалы, аттарын, діндерін өзгерткелі жатқандығы
жайында неше қилы қаңқулар таратып бақты. Әңгімеге дін адамдары араласты. Кеш
Жайықтың мұзы қатқан бойда шығысқа бет алатын болды. Олардың сорына қарай, 1770
жылғы қыс аса жылы болды. Еділ мен Жайық қатпай қойды. Ақырында Убаши Еділдің
арғы бетінен келіп қосылатын халықты күтпей, 1771 жылдың 5 қаңтарында отыз мың
үймен жолға шықты. Қазақтарды жаулауға бара жатқан болып, хабар шашты. Онсыз да
көптен бері қалмақпен соғыспай, қолдары қышып отырған қазақтар алақандарына
түкіріп бақты. Патша өкімдері баяғы башқұрт көтерілісі тұсыңдағыдай, қазақтарға
қалмақтардың дүние-малын, қыз-келіншектерін тартып алып, еркектерін шекара
әкімшіліктеріне тапсыруға ақыл берді. Абылай мен Нұралы қашқын қалмақтарды
Жоңғария шебіне жеткізбей түгел қырып салуға айналды. Әсіресе, Орта жүздегі
Әбілпейіс, Торғай беттегі Ералы сұлтандармен бірге, Жайық бойындағы Айшуақ
сұлтан да құмарынан бір шығып қалды. Торғауыттың аса үлкен тобын Сағыз алабында
жусатып салды. Кіші Жүз қолы қалмақтарды Алакөлге дейін қуып барды. Ералы
Абылаймен бірге Боғды ханнан Аспан асты патшалығының қаһарманы атағын алды. Ұлы
жүзге сұлтан болып, сол арада қалып қойды. Айшуақ та Жетіруды алып, әуелі Орта жүзге
қарай, содан әрі қытай шекарасына көше бастаған райынан қайтып қалады. Шамасы,
патша өкіметі жер мәселесін қайта қараймыз деп алдап-сулаған сияқты
(Н.Бекмаханова. Көктемір. 22-23-бб.).
Торғауыттардың қайғылы жорығы орыс-қазақ шекарасындағы жағдайды жақсарта
қоймады. Қазақтар күң мен құлға бір жарып қалғанымен, қонысқа жари алмады. Еділ
мен Жайық арасына аттап бастырмады. 1771 жылы патша өкіметіне айрықша еңбегі
сіңген кейбір игі-жақсыларға ішінара рұқсат берілгені онсыз да тынышы кеткен
елді одан сайын тыпыршыта түспесе, тыныштандыра алмады. Арғы бетке көшуді хан
емес, жергілікті орыс әкімшілігі реттейтін болғаны Нұралының беделін өшіре
түспесе, өсіре түспеді. Бұрын патша ұлықтары тістерін қайрап қелген ханға енді
қазақ арасында тіс қайрайтындар көбейді.
Бұл оны патша әкімшілігімен қайта татуласуға итермеледі. Бұрынғысынша бір
баласын аманатта ұстап, ел арасындағы орыс тұтқындарын жерден қазса да, іздеп тауып,
керуендер қауіпсіздігін қадағалауға ынт-шынтын салып кірісуге мәжбүр болды.
Оның үстіне, "шекаралық барымта" деген пәле тағы шықты. Әр немені бір
сылтауратып, қазақ ауылдарына тиісу көбейді. Бұны көрген жұрт қолындағы құлдар
"ішкі бетке" жаппай қаша бастады. Мұндай жағдайда хан жәй әншейін
итаршы болып қалды. Патша ұлықтарының қолтығына кіріп күн көруден басқа амал
қалмады.
Нұралының "саяси өктемдігінің" шын сиқы, міне, осындай еді.
М.П.Вяткин айтқандай, өз бағыныштыларына өзі сенбейтін, өз халқынан өзі
қорқатын солқылдақ феодалдардың "билігі" еді. Бұл жағынан алғанда,
Абылай мен Нұралының ішкі саясаты бір-біріне қатты ұқсайтын еді. Екі ханның
екеуі де мемлекеттік биліктің аяқ-қолын қаралай матап тастайтын
рулық-ақсақалдық шектеулерден тезірек құтылғылары келді (Сырым батыр. 165-б.).
Отаршылдық әкімшіліктің шығуы ханнан тәуелділікті азайтты. Ол ежелгі вассальдық
қарым-қатынастарды мейлінше әлсіретті. Бұрын ханның үстінен бір Құдайдан басқаға
шағына алмайтын рубасылар енді патшаға да, оның жергілікті әкімдеріне де шағына
алатын болды. Сөйтіп, хандық билік жаттың зорлық-зомбылығы мен өз жұртыңның
өкпе-бопсасына бірдей шарпылған екі оттың ортасында күн кешті. Енді хан төс пен
балғаның арасына түсті. Балға оны қаңылтырша жаншып, қандай қалыпқа түсіргісі
келсе, сондай қалыпқа түсіре алды. Бірақ, оған түскен салмақ төске де түсетін
еді. Оны да бірте-бірте мүжілтіп, бір күні жым-жылас жоғалтар еді. Бірақ, төс барлық
пәлені балғадан емес, екі ортада қаңылтырға айналып бара жатқан қешегі құрыштан
көреді. Егер сол болмағанда ешкім өзінің мазасын алмайтындай көреді. Сондықтан,
солқылдата соққан сом балғаның астында жаныңды қоярға жер таппай жаншылып
жатқанда, ол да: "Қап, бәлем, өзіңе сол керек", дегендей, кері
серпіп, қақпақылға салады. Бұнысы - құрыш пен қоса оның да төбесінде ойнап
тұрған балғаның пайдасына шығатынына мән бермейді. Төбеңнен: "Мә, саған!
Мә, саған!" - деп балға соққыласа, астыңнан: "Иә, бәлем! Иә,
бәлем!" - деп, төс те төмпештейді. Бодан елдің падишасының көріп өтер
тағдыры, міне, осындай! Оның дәмін отаршылдықтың ықпалы әлі күшіне кіре алмай
жатқанда дүниеден өтқен әкесі Әбілқайыр тез аңғарды, бірақ, молынан татқан жоқ.
Оның дәмін әлі отаршылдық ықпалына толық түсе қоймаған Орта жүздегі Жәдік
әулетінің сұлтандары, Сыр бойындағы Қайып балалары әлі тата қойған жоқ.
Сондықтан, олар әлі талтаң-талтаң басатын еді. Ал, бұл және бұның ағайындары
Әбілқайыр балалары молынан тата бастады. Орыс шебіне неғұрлым жақындай түссең, солғұрлым
көбірек тата түсесің.
Әсіресе, Нұралының тұзы тым ауыр болған сыңайлы. Оның тұсында Елизавета
Петровнаның орнына патша болған II Екатерина қазақтарды отарландырумен тынбай,
орыстандыру мен христиандандыруды да қолға алды. Ол үшін жылы-жылы сөйлесең,
жылан інінен шығатынын ескермей болмайтыны қатаң талап етілді. Бұл қағиданы бірінші
болып жүзеге асырғысы келген А.Путятин (1764-1768) Нұралының аманаттағы баласы
Абылайды күнде үйіне қонаққа шақырып, қызымен таныстырып, әуелі маскүнем, сосын
христиан етіп тынды. Нұралы бұған ашуға мініп, Абылайды ауылына шақырып алып,
орнына Бегалыны жіберді (Ж.Қасымбаев. Хан Айшуақ (1769-1810). 2001. 67-б.).
Сөйтіп, патша сарайы дала ақ сүйектерін жаппай сатып алу жолына түсті. Бұны бір
кезде И.И.Неплюев қолданып еді. Әр сұлтанға тікелей шығып, әрқайсысының
жеке-жеке ауызын алу ешкімнің ерекше күшеюіне жол бермейді. Әсіресе, хандарды
қандастарының қолымен ауыздықтап отырудың одан асқан амалын ойлап табу қиын.
Бір кезде Әбілқайыр содан мерт болған. Өз сүйектестері - сұлтандардың қолынан
мерт болған. Енді сол қағиданың патша бекіткен ережеге айналуы хандық билікті
әбден қақпақылға түсіре бастады. Өзінен төменгілер көзапара айналып өте алатын
билікшіні кім сыйламақ?! Бұның ар жағында қандай есеп жатқанын дұрыс пайымдаған
Нұралы: "Қырғыз-қайсақ ордасында бастық қөбейіп кетті. Әрбір сұлтан жеке-жеке
хат жазысып, өздерін жеке-жеке билікшіміз деп сезіне бастады", - деп
шағынды (Казахсқо-руссқие отношения в ХҮІ-ХҮIII веках. Т. 1. А., 1961. 700-б.).
Сұлтандарды ханға айдап салып, ақсүйектер арасына іріткі салудың тәсілін тапқан
отаршылдар енді қара сүйек өкілдерін де қолға ала бастары сөзсіз. Рубасы
сұлтандардың билігін біртіндеп күшейту - хандық билікті қақыратудың бірден-бір
жолы. Ал, оны қақырату - ұлттық мемлекеттікті күйретудің ең оңтайлы амалы. Қара
сүйектің игі жақсыларымен ауыз жаласу тек ханға емес, бүкіл ақсүйек қауымына
қысымды күшейтеді. Сөйтіп, әлеуметгік жіктелу туады. Ал, қара сүйектер
"элитасы" - батырлар мен билерді сатып алу олардың арасында алауыздық
туғызады да, рулық, тайпалық бөліне жарылушылықты күшейтеді. Сөйтіп, ұлтішілік жік
туып, этникалық тоқырау басталады. Жойылған мемлекеттілікке ілесе ұлттық
бүтіндік те жойылады. Отар қауымдардың отарлаушы қауымдарға сіңіп, біржолата
бедерсізденуі солай асқынады. Сөйтіп, жалпы адамзаттық іріп-шіру басталады.
Бірақ, ол кездегі қазақ даласының бұндай ұлттық аздырып-тоздыру технологаясының
ұңғыл-шұңғылына түгел қаныға қоюына әлі көп бар еді. Алайда, ол кездегі қазақ билеушілері
бұның бәріне бас ауырта қоймады деп санау олардың емес, бүгінгі біздердің
ойшылдық деңгейіміздің олжуаздығын мойындау болып шығар еді. Мәселен, Нұралы
хан сөз болып отырған Сыртқы істер коллегиясын ұзақ жыл басқарған граф Н.Панинге
жазған хатында, "бөліп ал да, билей бер" саясатының індеттік сипатын
дәл байқаған. Рубасылардың билік құмарлығын қолдан өршіту "бастықтардың
көбеюіне", ал ол "жылпостықтың күшеюіне" ұрындырып, "ел арасындағы
наразылықты" ұлғайтып, саяси жөндемділіктің бұзылуына "әкеліп соқтыратынын"
жіліктей дәлелдейді.
Бұның борі Нұралының бір кезде әкесінің қолын байлап, жолын кесіп келген рубасыларына
тәуелділікті кем-кемнен азайтып, бірыңғай мемлекеттілікті мығымдай түспек
ниетінің көктей солдырыла бастағанына көзінің жете түскенін сездіргендей. Орыс
өкіметі хан сайлаудың тәртібін жетілдіруді хандық биліктің түбіне жетуге қызмет
еткізе білді. Бұрынғы ханды сайламай, тағайындау жолымен қою жөніндегі ұсынысқа
мұрагерлікті жою жолындағы ұсыныс қосылды. Қауырт қолға алынған бұл
"жойымпаздық" шаралардың жүзеге асуына 1773-1775 жылдардағы Пугачев
көтерілісі белгілі мөлшерде бөгесін бола алды.
Қазақтардың бұл көтеріліске белсене қатысуына сол кезде тіптен ушығып кеткен
жер мәселесі басты себеп болды. Ал, Нұралы мен Абылай хандардан бастап, сұлтандардың
араласуына патша екіметі тарапынан қазақ мемлекеттілігінің болашағына төніп
келе жатқан үлкен қауіп түрткі болды. 1756 жылдан бастап қазақтарға Жайықтан
мал айдап өтуге тыйым салынған-ды. Бұл Кіші жүз қазақтары мен Жайық, Орынбор казақтарының
арақатынасын тіптен шиеленістіріп жіберді. 1747 жылдан бастап қазақ даласында
"әскери тіміскілеу" жүзеге асырыла бастады. Ол тек шекара аймағында
көшіп жүрген ауылдарды ғана емес, тіптен шалғай аймақтарды да қамтыды.
Дүние-малды тартып алу, белгілі адамдарды аманатқа алып кету, қарсыласты деп
қару жұмсау, тағы да басқа бассыздықтар етек жайды. Бұл жайында 1766 жылы Нұралы
хан II Екатеринаға: "Қазір далаға келіп жүрген адамдар мал ұрлаған
кісілерді іздеп жүрміз деп, оларды таппай, жазықсыз жандарды өлтіріп, тонап,
бар мүлкі мен малын алып кетуде. Біздің игі жандарымыздың Жайық жағасындағы
бекіністерге, оларға жақын орналасқан адамдарға сенім білдіруге, қатар өмір
сүруге ешқандай үміті қалмай барады", - деп жазған еді. Ең сорақысы,
Сыртқы істер коллегиясы 1755 жылдың 11 сәуірінде: "Жанжал шығарушыны
ұстап, орыс командиріне беріп, жазалау керек, тексерілген кісіні кінәсіне сай
қамшы немесе имек темірмен дүрелеу, егер кінәсі ауырлау болса, оны дойыр
қамшымен соғу керек, әйтпесе, мұнда осындай жанжалдар бола беруі ықтимал",
- деген шешім қабылдайды (Н.Бекмаханова. Көктемір... 19-б.). Бұндай жағдайда ешқандай
тату-тәтті көршілестік болмасы өз-өзінен түсінікті.
Алайда, қазақ-қазак арақатынасында 1772 жылы болған өзгерістерді айырықша атап
әткен жөн. Патша үкіметі казак атаулыны мемлекеттік шекарадағы тәуелсіз халық
ретінде тұрақты әскер жағдайына көшіру мақсатында қайтадан топтастыра бастады.
Бұған олар қатты наразы болды. 1772 жылғы Жайық қалашығындағы көтеріліс аяусыз
жанышталды. Оған қатысушылар Орынбор мен Астраханнан келе жатқан үкімет
әскерлеріне қарсы күресу үшін қазақтардан көмек сұрады. Бұл екі арадағы
қырғи-қабақтықты едәуір әлсіретті. Оның үстіне, III Петр ағзам атанған
Е.И.Пугачев қазақтарға: "Сіздерге рақым жасауға уәде етіп, даланы өз
биліктеріңізге беремін... Мұның бәрі сіздердің меншіктеріңіз және оны қалауларыңызша
игере беріңіздер. Мен сіздердің көмек көрсетулеріңізге ғана мұқтажбын!" (Бұл
да сонда. З6-б.) деген үндеу таратты. Кіші жүз қазақтары осы жағдайды Жайықтың
батыс бөлігіне көшіп алу үшін пайдаланып қалуға тырысты. 1773 жылғы қара күзде
Жайық қаласы Е.И.Пугачевтің қоршауында тұрған кезде қарақұрым қазақ көштері
Жайықтың батыс бетіне өткен. Олардың арасында Нұралы, Айшуақ, Есім, Шерәлі
сұлтандардың ауылдары да болған
(М.Н.Вяткин. Аталмыш еңбегі. 167-б.). Жайық қалашығының атаманы Никита
Бородиннің айтуынша, "Қарашаның екінші жартысында қазақтар Жайықтан өтіп,
Котельный қамалы мен Гурьев қорғаны арасындағы жерге орналасты. Әбден қаруланып
алған. Қияңқылық шабуылымен үрей туғыза түсуде" (Н.Бекмаханова. Көктемір
туралы аңыз. 39-б.). Сол жылғы 31 қыркүйектегі подполковник Могутовтың
мәлімдеуінше, "Қазақ жасақтары Берді өзенінен және Чесноковкадан Озерный
бекінісіне шабуыл жасап, бекеттерін қиратты, барлық жылқыны айдап әкетті"
(Бұл да сонда. 41 -б.). Сол жылдың қазан айындағы ақпарында полковник
И.Симонов: "Кулагино бекінісінен бастап, жаңадан салынған Гурьев
бекінісіне дейін, тіпті барлық төменгі бекіністер мен қамалдарды
қырғыз-қайсақтар қоршап алып отыр", - деп хабарлады (Бұл да сонда. 42-б).
Бұл көтерілістен қазақ ханы мен сұлтандары да тысқары тұра алмаған сыңайлы. Нұралы
хан алғаш рет Е.И.Пугачевпен 1773 жылы 10 қырқүйекте Жайықтың сол жағалауында
Толкачев хуторы маңындағы Осика өзенінен онша қашық емес жердегі өз ауылында
кездескен түрі бар. Ол III Петр ағзамның елшілігінің бірі ретінде
"бурлакқа ұқсас, жұқа қара шекпен киген, басында қалпағы бар, аяғында
шарық, жүзі тотыққан, сары сақалды, орта жастағы кісі" кейпінде жасырынып
келіп кетсе керек. Ал, 1773 жылдың желтоқсанында Жайық қаласынан Нұралы хан
ордасына император ретінде ашықтан-ашық келіпті (Н.Беқмаханова. Аталмыш еңбегі.
45-47-бб.). Бірақ, хан "император ағзамды" жылы шыраймен қарсы алумен
шеқтеліп, қолма-қол қөмек көрсете қоймайды. Сондай-ақ, патша әскеріне де
қолғабыс көрсетпейді. Хан бола алмай, қағыс қалғанына өкпелі жүрген Досалы
сұлтан көтерілісшілер жағына бірден шығады. Пугачев жеңіске жете қалған күнде оны
Нұралының орнына хан сайлауды көздеген. Бірақ, Н.Бекмаханованың пайымдауынша,
Нұралы мен Досалының арасында белгілі бір келісім болған торізді. Шамасы,
Нұралы жалған патшаға өз балаларының біреуін аманатқа жіберуге қорыққан.
Сондықтан Досалының баласы Сейдалыны жіберуді жөн деп тапқан. Алайда, қейін ол
көзқарасы өзгерсе керек. Оған Пугачевтің жеңіске жеткен жағдайда Кіші жүзге
Сейдалы сұлтанды билікші етемін деген мәлімдемесі себеп болса керек (Бұл да
сонда. 55-б.).
Өз пайдасы үшін Пугачев жағына шыққан Досалы сұлтан 1773 жылдың қыркүйегінде
Жайық қалашығын қоршауға қатысады. Ұлы Мырзалы сүлтан Кулагино бекінісін бағындырысады.
Нұралының Ресеймен шекаралас жайылымдарды алудағы шарасыздығына наразы болған
қарапайым халық Төменгі Жайық қамалындағы көтерілісшілерге болысып жатқан Досалының
жағына шығады. Кулагин бекінісі оқиғалары тұсында Нұралы патша жағына шығуға
мәжбүр болады. Өйткені, Пугачев жеңіске жетсе, өзінің хандықпен қоштасатынын
білді. Бірақ, ол Жайық қаласын екінші рет қоршау тұсында да, Гурьевтегі
көтеріліс тұсында да патша әскеріне пәлендей көмек көрсете қоймады. Ал, Орынборды
қамауға қазақ жасақтары тым белсенді араласқан түрі бар. Алайда, Нұралы хан
аңыс аңдап, шайқастарға қатыспаған. Орынборға екі рет жасақ аттандырады.
Екеуінде де жасақ басшыларына: "Жақындағанда алдымен жағдайды қарап
алыңдар. Егер әлгі бүлікшілер жеңіске жетіп жатса - оларға көмектесіңдер, егер
сәтсіздікке ұшырап жатса - өзіміз бағынышты болғандар жағына шығарсыздар",
- деп тапсырған. Аталмыш оқиғалар тұсында Айшуақ сұлтан да осындай әліптің артын
баққан бағыт ұстанған секілді (Бұл да сонда. 82-83-бб.).
Сөйтіп, 1774 жылғы көктемдегі Пугачевтің ірі жеңілістерінен кейін қазақ
сұлтандары патша жағына шыға бастайды. Досалы сұлтан да солай етуге мәжбүр болды.
Тек Сейдалы сұлтан ғана Пугачев дарға асылған соң да патша әкімшілігімен
күресін тоқтатпайды (М.П.Вяткин. Аталмыш еңбегі. 166-б.).
Орынборды қоршауды тастап, Башқұртстанға кеткен Пугачев Еділге қарай беттеп,
Қазан, Пенза, Саратовты басып алады. Оған қазақ жасақтары да қатысады. Үкімет әскері
қудалаған кетерілісшілер Царицынға шегінеді. Сол кезде көтерілісшілер сапында
болған Кәрім деген қазақ: "Біздің патшамыз Царицын түбінде талқандалғаннан
кейін мен қашып далаға қарай кеттім. Царицын түбінде тұтқынға түсуден қашқан
жалғыз мен емеспін. Біздің қырғыздарымыздың (қазақтарымыздың) бәрі де хабарсыз
кеттті. Бірақ, мен қалмақтар даласына тап болып, содан балықшылардың кемесімен
Каспий теңізіне келіп, Жайықтан өтіп, ол жақтан айдалаға қарай қаштым. Содан
кейін хиуалықтарға тап болып, онда жиырма жылға жуық тығылып жүрдім", -
дейді.
1774 жылдың 6 қыркүйегінде кейін генералиссимус, ол кезде генерал- поручик
А.В.Суворов Царицынге келіп, сол арадан үш жүз адам жинап, тұрақты атты
әскерден екі эскадрон, екі жүз казак жөне екі зеңбірек алып, Пугачевтің соңына
түскен. Сөйтіп, келе жатып, түнде от жағып отырған қазақтарға тап болады. Олар
санының аздығына қарамастан, қарулы әскерге қарсы шығып, садақтан оқ жаудырады.
Суворовтың адъютанты Максимович және бірнеше адам оққа ұшады. Жиырмаға жуық
қазақ мерт болады. 1774 жылдан 1776 жыл түгелдей А.В.Суворов Кіші жүздегі қөтерілісшілерді
жазалау ісін өзі басқарады (Н.Бекмаханова. Көктемір... 91-94-бб.).
М.П.Вяткиннің көрсетуінше, бұл жылдардағы қазақтар көтерілісі хан, сұлтандар
мен атақты билердің араласынсыз өз бетінше өрістеген. Хан төңірегінен Нұралы
мен Досалы ғана Е.Пугачевпен тікелей байланысқа шықса, Ералы мен Есім атымен
тысқары қалған. Ал, Айшуақ Пугачевті ашық қолдамаса да, патша саясатына ашық
қарсы шыққан. Ал, рубасылар мен билердің ұстанған бағыты атымен бұлыңғыр. Сол
кезде қазақ арасында болған орыс жансыздары көтерілісті ашық жақтағандардан Сырым
Датовтан басқа бір де бір бидің атын атамайды (Сырым батыр. 187-б.).
Не де болса, 1774 жылы Кіші жүз Орта және Төменгі Еділ бойының, сондай- ақ,
Сібірдің кейбір аудандарын қамтыған шаруалар соғысының жалыны кеңінен шарпыған
кеңістіқке айналды. Бұны тек шаруалар шеккен ауыр тұрмыспен түсіндіру аздық
етеді. Оған шет аймақтарда ол кезде де шетін қалыптасқан ұлтаралық мәселелер де
зор ықпал еткені анық. Орта және Төменгі Еділ, Сібір аймағында ереуіл отын түтатқандар,
негізінен, ол кезде түрмыстық қиын-дықтардан гөрі ұлттық әр; сәрілік пен
шеттетушілік тауқыметін көбірек тартқан қазақтар болуы соны айғақтап тұрғандай.
Ал, онсыз да ызаға мініп отырған қазақ арасы әлдеқайдан жел айдап әкелген
кездейсоқ өртке шалдыққан қау басқан даладай қаулай ала жөнелді. Ол сол кездегі
қазақ қауымында қордаланып қалған күрделі қайшылықтардың бәрін де шарпыды. Бұл
жағынан 1774 жылдың 15 мамырында II Екатерина: "Олардың мұндай өз бетімен
бас көтеруге қаншама сылтауларының болғанына қарамастан, ол, әсіресе, Орынбор губернияларында
бұрын да қырғыз-қайсақтардың арасында орын алған шым-шытырық залымдық
әрекеттердің ушыға түсуінен болған", - деп, өзінше "байыпты"
баға берген. Бірақ, ондай "шым-шытырық залымдық әрекеттердің" қайнар
көзі қолдан ширықтырылған отаршыл саясатта жатқанын ашық айтса, ол императрица
болмай кетер еді ғой. Бүл шым-шытырық жағдайды: "Залым Пугачевтің жалған
дақпыртына тек ақыл-ойы таяз қырғыз халқы ғана емес, Заңға әбден бағындырылған
россиялық біршама халық та қобалжуда. Сол Пугачевтің бүлігімен бұзылған қырғыз-қайсақтар
да бір-біріне ылаң салып, залымдық жасауға асықты, тіпті менің тыйым салуыма да
құлақ аспады, менің інім Айшуақты да тындамады, оларды ондай қылықтан тоқтатуға
менің күшім жетпеді", - деп шым-шытырық жауап бермесе, Нұралы хан да тақта
отыра алмас еді.
Тарихшы ғалым Н.Е.Бекмаханованың пайымдауынша, 1774 жылдың мамырының басы мен
қазанының ішінде қазақтардың шабуылы Жайық өзенінің төменгі және орта ағысы
бойындағы Гурьев қалашығынан Орск бекінісіндегі әскери қамалдардың жүйесін жағалап,
Жайық пен Еділ өзендерінің аралығында, сондай-ақ, Еділдің төменгі ағысы
бойындағы Астраханнан Самар қалашықтарына дейінгі аралықта шоғырланып алып,
орасан қимыл көрсетті. Ондай қазақ жасақтарының басым қөпшілігі Жетіру және
Байүлы ұрпақтары өкілдерінен құрылған. Байбақтылар Қожақар, Бударан, Сұндай,
Жайық, Бұзлұқ, Елек бекіністері төңірегінде, алашалар Астрахан мен Гурьев
түбінде, жағалбайлылар Орск маңында, Тама, Табын, Бөріш, Кердері, Шекті
жігіттері Жайық қалашығы мен Бұзұлық атырабында әрекет еткен. Жасақтарды
Байбақты Айдар, Еселбай, Сырым Датов, Қара батыр, Адай Атағозы Айтқұлов пен
Шотан Жарыұлы, Беріш Қара Итемгенов, Құрбанбай, Саржала, Кердері Жолан, Алаша
Баймұрат, Жағалбайлы Елбарыс Өміртаев сынды рубасылары басқарған
(Н.Бекмаханова. Көктемір туралы аңыз. 97-100-бб.).
Бұл көтеріліс ел ішінде отаршылдыққа қарсы наразылықтың терендей түскенін
көрсетті. Нұралы ханның пәлен жыл бойына патшаға хат жазып алып бере алмай
жүрген Еділ-Жайық арасына Пугачевтің оп-оңай жол ашып бергені отаршыл өкіметке деген
өшпенділікпен қоса, хандық биліктің де беделін түсіріп жіберді. Қазақтар 1774
жылы Нарынды қыстап, көктемде Жайықтың шығыс бетіндегі өрістеріне шықты. Күзде
қайтадан батыс беттегі қыстақтарға оралды. Өкімет ереуілдің қайта өршуінен
қорқып, оларға қарсы жазалаушылық әрекеттерге бата алмады. Сол екі ортада 1775
жылы керейлер арасында "Көктемір" қозғалысы өршиді. Оны бір әйел
басқарады екен деген лақап тарады. Сөйтсе, Табын Мәтен деген кісінің жиырма екі
жастағы Сапура деген қызы түн ортасында әлдекіммен тіл қатысып отырады екен.
Көқтегі тәңірмен тілдескен болып, көтерілісшілерге бағыт-бағдар сілтейді екен (Н.Бекмаханова.
Аталмыш еңбегі. 165-б.). Қозғалыс ықпалы, әсіресе, Тама, Табын, Шекті, Шөмекей,
Байбақты арасында мықты болды. Оған сол маңайды жайлайтын Досалы сұлтан дем
берген сыңайы бар. Сейдалы сұлтан да сол көтеріліске араласты. Кіші жүздегі
осындай ахуалға байланысты 1775 жылдың 7 қарашасында Сыртқы істер коллегиясы
қазақтардың қыс кезінде "ішкі бетке" өтуіне ресми түрде рұқсат беруге
мәжбүр болды. Оған Жайық қазақ әсқерлерінің кеңсесі өршелене қарсы шықты. 1782
жылы 27 желтоқсанда ішкі бетке тек Жайықтың шығыс бетінде жайылыс болмаған жағдайда
және қазақтар жерді жалға алса ғана рұқсат берілетін болып шешілді. Шеп
бойындағы күзет күшейтілді. Бекініс коменданттарына қазақтардан мал айдап
өткендері үшін ақы алу және ішкі бетте тыныштықты бұзбайтындықтарына кепілдікке
кісі алып қалу тапсырылды.
Пугачев көтерілісі Кіші жүздегі хан, сұлтандардың арасындағы алауыздықты одан
сайын күшейтіп, халық бұқарасымен байланысты одан сайын әлсіретті. Рубасылармен
арадағы вассальдық қатынастарды өте-мөте дағдарысқа ұшыратты. Бұл Нұралы ханның
патша әкімшілігіне кіріптарлығын одан әрмен асқынтты. М.Н.Вяткин дәл айтқандай,
"егер хан алпысыншы жылдары орыс өкімет орындарына жазған кейбір
хаттарында, мәселен, қыстақтарға байланысты үсті-үстіне жазған шағымдарында,
халық мүддесін көздесе, жетпісінші жылдардың екінші жартысында орыс өкімет
орындарымен қарым-қатынасында қазақ мүдделерінің жоқшысынан гөрі патша
өкімшілігінің тіл алғыш орындаушысына көбірек ұқсап кетті. Ол хан деген аты бар
патша шенеунігіне айналып, қазақ мемлекеттілігінің өкілі емес, орыс мемлекеттілігінің
қазақ даласындағы өкілі болып алды" (Сырым батыр. 171-б.).
Бұны кейбіреулер Нұралының 1774 жылы кімнің жағына шығарын білмей, ұзақ
толқығаннан, Айшуақ пен Досалының патша өкіметі алдында беттеріне шіркеу
түсіріп алғанынан көреді. Мәселен, Айшуақ Пугачев көтерілісі тұсында Кіші
жүздің батыс бөлігінің өмірші сұлтаны болды. Оның қол астындағы рулар қазақ
жасақтарына белсене кірді. Сұлтан оларды тоқтатпақ түгілі, кей ретте
көтерілісшілерге іші бұратынын анық байқатып қойып жүрді. Орынборды қоршау
кезінде екі мың адам жасағымен бекіністе 20 шақырымдай жердегі Доңыз өзеніне
келіп тоқтайды. Бірақ, бүлікшілерге соққы берудің орнына бекініске үсті-үстіне шабуыл
жасап, оған едәуір зақым келтірген (Н.Бекмаханова. Көктемір... 83-б.).
Рейнсдроптың айтуынша, сол жылғы Жайық қалашығы (қазіргі Орал) қоршауда тұрған
кезде де екі жүз атты әсқермен 20 шақырым жерге келіп, қосын тігіп жатып,
Досалы сұлтанның азғырғанына ерді. "Зұлымға қарсы шабуыл жасаудың орнына
қайта-қайта бекініске тап-тап беріп, біраз зардап келтірген" (Ученые
записки КазГУ им.С.М.Кирова. Серия историческая. Т. XIV. Вып. 12. А., 1963.
86-б.). Айшуақтың қарауындағы кейбір ауылдар Пугачев Мәскеуде екі аяқ, екі қолы
шабылып, біржолата мерт тауып, Жайық қалашығы Орал деп аталып, көтеріліс әбден
жеңіліс тапқан соң да, қаруын тастамай, қарсылық көрсетіп жатты. Мәселен,
көтеріліске бастан-аяқ қатысып, бірақ, қауіпсіз жерге уақтылы көшіп кете
алмаған бір ауыл 1775 жылы 15-17 наурызда Сағыз бойында жазалаушылармен
өліскенше беріспей арпалысады. Бес жүздей адам өледі. Қолға тірідей түскілері
келмеген олар сәбилерін түйенің үстінен жерге лақтырып, өздері өлтіргенін жазалаушыларды
бастап барған секунд-майор Голуб жасырмай жазады. Ол: "Егерде Айшуақ
сұлтан ереуілші ауылға алдын-ала астыртын хабар беріп қоймағанда біз оларға
байқатпай барып, кенеттен бас салатын едік" деп қынжылады (Ж.Қасымбаев.
Хан Айшуақ. 101-б.).
Қысқасы, көтерілістен кейін Нұралы хан мен оның бауырлары патша сарайының
алдында да, қалың бұқараның алдында да қолайсыз жағдайда қалды. Пугачев жағына тұтасымен
шығып кеткенде, қазақтар башқұрттардың кебін киіп, жаппай қанды қасапқа ұшырар
еді. Ал, екі ұдай бағыт екі жарылушылыққа әкеп ұрындырды. Бұл да, шынтуайтқа
келгенде, қазақ елдігінің түбіне жетіп тынды. Патша сарайы қазақ қауымының
Пугачев көтерілісі тұсындағы "баянсыздығы" үшін өш алудың айла-амалын
қарастырып бақты. Оның ең ұтымды жолы қазақтардың өз қолдарымен өз
мемлекеттілігін құртқызып тындыру деп шешілген сыңайлы.
Патша өқіметі біресе торғауыттар, біресе орыс-прусс соғысы, біресе Пугачев көтерілісі
кедергі жасап келген дала қауымын біржолата ауыздықтауға білек сыбана кірісті.
Ол үшін көтеріліс жылдарында анық көрінген ішкі алауыздықтарды одан әрмен
асқындыру керек болды. Ол ханды қалған жайсаңдарға, ал саяси элитаны қалың
бұқараға қарсы айдап салу жолымен жүзеге асатын еді. Ішіне мұз қатып қалған
патша сарайы 1774 жылы Царицын түбінде Пугачев әскері талқандалған бойда,
Нұралы ханға кешегі солқылдақтығы үшін қатаң қысым жасауға көшті. Одан
қарауындағы елдің қолындағы орыс тұтқындарын тауып қайтарып беру талап етілді.
Көтеріліс жылдарында ондай тұтқындардың аз болмағаны рас еді. Бірақ, оларды
рубасылары мен батырлар бөлісіп алып, әлдеқашан Хиуа мен Бұқараға сатып
үлгерген-ді. Хан мен туысқандарының қолдарында олардың бірқатары әлі бар еді.
Олардан оңай айырылғысы келмеген әрі патшаның теріс жағынан шығып қалудан
сескенген Нұралы рубасыларына көбірек күш салды. Ал, бұл ашық наразылық
тудырды. Ақсақалдар мәслихатында: "Сен пәленің бәрін Жайық қалашығының
түбінде өзің бастағансың. Адамдарды тұтқындап, малдарын барымталаған да сенің адамдарың!..
Енді осынша сұмдықты жасап алып, тұтқындарды тауып бер дейсің. Олар табылмайды.
Хиуаға сатылып кеткен", - деп ашық айтылды (Н.Бекмаханова. Көктемір...
110-б.). Лажсыз хан патша талабын орындауға мәжбур болады. Шаруалар
көтерілісінің зардаптарын жоюға патша белгілі дипломат граф П.И.Панин мен
әскербасылары А.В.Суворов, Бибиковтерді жұмсаған-ды. Нұралы сол топты басқарып
қелген граф П.И.Панинге көтеріліске қатысқан рулардың көші-қонын керсетуге уәде
береді. Өйткені, Нұралы көтеріліс жылдарында патша сарайының біраз бопсасына
ұшыраған еді. 1773 жылдың күзінде Үкімет Нұралы ханнан Пугачевқа қарсы күреске көмек
беруді талап етті. Ондай көмек болмады. 1774 жылы ақпанда "Қырғыз-қайсақтарды
Жайықтан шалғай кетіруді, оларды тәртіпке шақырып, тұтқындарды босатып беруді,
келтірілген шығындардың орнын толтыруды талап етті. Ол аяқ асты қалды. Оның
үстіне, Татай Сабырғаев деген жансыз 1773 жылдың қараша айында Нұралы хан мен
Абылай сұлтан Түрік жеріне бірігіп көшу жөнінде келіссөз жүргізгендерін
хабарлады. 1774 жылы Пугачев башқұрттар арасында дәуірлеп тұрғанда, Астраханнан
хабар білуге келген майор М.Вагановқа Нұралының қазақтар саяси бағыныштылығын өзгертіп,
көрші Балқы, Хиуа, Ташкен мемлекеттеріне қөшуі мүмкін деп қалғаны бар. Қысқасы,
соның бөрінің қиуазын осы жолы қайтармаса, Нұралыға патша қолдауынан біржолата
күдерін үзуге тура келді. Ал, Кіші жүздегі көтерілісті басуға қолма-қол
көмектесу Нұралыға өзі отырған бұтақты өзі кесумен бірдей еді. Басқаларды былай
қойғанда, қазақ жасақтарын басқарып, "шекаралық барымтамен"
шұғылданып жүргендер арасында, оның немере інісі Баймұрат, күйеу баласы
Жәнібек, Хиуа жерінде хандық құрып жүрген туысқандары Әкім және Әдірза
сұлтандар және старшиналар - Сырым, Саржала, Атақозы, Қаралар бар еді
(Н.Бекмаханова. Көқтемір... 110-113-бб.). Ал аталмыш старшиналардың хан
ордасымен құда-жеқжаттық, басқа да аралас-құраластығы болғандығы
белгілі.
1775 жылы көтеріліс ұлғая түспесе, толастамай қойған-ды. Генерал-поручик
А.В.Суворов: "Көтеріліс Жайық өзенінің төменгі жағындағы Гурьев қаласына
жақын Қанды, Бұлдырты, Қаракөл, Тұпкөл, Ұлаңды, Қалдығайты өзендері мен Қанай
көлінің жағасын қамтиды", - деп жазды. Ал, Сағыз, Емелі, Жем өзендерінің
бойындағы қозғалыс мейлінше қатты болғанға ұқсайды. Ханға көтерілісшілермен де,
жазалаушылармен де астыртын қатынасып отырып әрекеттенуте тура келген түрі бар.
Бұл оның беделін түсіре түспесе, көтерген жоқ. Тіпті, өз туыстарымен алауыз болуға
итермеледі. 1775 жылы ол губернатор И.Рейнсдропқа: "Айшуақ сұлтан менің
қол астыма бағынудан шығып, Табын руының көтерілісші қазақтарына көмектесіп
жүр, сондықтан да, ол жазалануға тиіс", - деп хабарлады. Сейдалы сұлтан
"бостандыққа шықса, басқаларды да өз қатарына тартуға тырысады" деп,
оған кешірім жасауға қарсы болды. Досалы сұлтан 1774 жылы-ақ түрікмен шебіне
қашып кетті. Рубасылардың бір тобы ханға мойын ұсынатындарын білдірді. Еқінші
тобы көтерілісшілер жағына уақытша шығып, 1775 жылдың көктемінде Нұралы ханмен
келіссөз жүргізе бастады. Бірақ, бұл екі топ әлі де болса, толқу үстінде еді.
Ал, үшінші топ қазақ жасақтарын басқарып, үкіметке қарсы күресті жалғастыра
берді. Оларға табын Тіленші Бөкенбаев, кердері Банзура (?) мен Қарилу (?), Тама
Қыдыр, Жағалбайлы Жолбарыс, Байбақты Сырым Датовтар жататын еді. Н.Бекмаханова
бұл топқа рулары белгісіз Тұрымбет пен Қаржау батырды және Қадір Құдайбердинді
де қосады. Тұрымбет - Шеркеш биі Тұрмамбет, Қаржау - Кердері биі, ал, Қадыр
1883 жылы Қобда, Ойыл, Сағыз бойында ауылдары шабылып, Сыр бойына қашып кетті,
кейін Кердері арасында жүрген Тама биі болса керек. Олар ақыр аяғына дейін
Сырымға одақтас болғаны белгілі. 1775 жылғы ақпанда жүзбасы Дорновский
И.Рейнсдропқа: "Ханның айналасында кешіп жүргендер аз, хан дүдамал
жағдайда, ал, тұтқындар жайында ешқандай үміт жоқ, қырғыздар ханды тыңдайтын
емес, оның күші де жетпейді, өзі бекіністен алысқа үзағысы келмейді", - деп
жазды (Бұл да сонда. 144-148-бб.). 1775 жылдың жазында жазалау әскері Кіші
жүзден шақырылып алынды. Бірақ, ол қазақ даласындағы жағдайды жақсартқан жоқ, қайта
ушықтырып кетті. Әсіресе, хан билігі айықпас дағдарысқа ұшырады. Бас-басына би
болу бейберекеттікті ұлғайта түсті. 1782 жылы хан мен Досалы сұлтан жазалау
тобын жіберуді өздері сұрады. Қобда, Ойыл, Сағыз торабындағы Қадыр, Садырдың
қол астындағы Тама ауылдары жанышталды. Олардың бүлігін басқарып жүрген Қадыр
үй ішімен қолға түсті. Бірақ, 1783 жылы шекара шебіне тиісу қайта жанданды.
Керуендер қайта тонала бастады. Сол жылғы жұт жағдайды шиеленістіре түсті. Дәл
осындай қилы кезенде XVII ғасырда қалмақтармен соғыста ерекше көзге түскен
Байбақты батырдың Шаған атты ұлының баласы Дат пен Адай қызы Дүрдәмадан туып (Ж.Ақбай.
Ерен ер Сырым. Орал. 2002. 68-б.), Пугачев көтерілісіне қосылып, Еділ мен
Жайықты түгел дүрліктірген. Сырым батыр тарих сахнасына қайта шықты. Олай
дейтініміз, ол 1774 жылы бірнеше рулардың біріккен қолын басқарып, Пугачев
қозғалысына араласқан-ды. 1775 жылы 20 маусымда А.В.Суворов граф Н.Панинге
Сырым патша әскеріне қарсы қарулы күреске қатысып қана қоймай, ұйымдастырушы да
болғанын мәлімдеп еді. 1776 жылы Нұралы хан оны Есім сұлтанмен бірге қол астындағы
руларға жіберіп, Көктемір жағына ауытқушылықты тоқтатуға жұмсады. 1778 жылы Жайық
қазақтарының бір тіміскілеуі тұсында Сырымның балалары өлтірілді. Соған
қарамастан орыс құжаттарында 1783 жылдың желтоқсанына дейін Сырымның жаман аты
шықпайды. Кенет, ол Нұралының ауылын шапқан Чаганов деген старшинаны ұстап алып,
Хиуаға құлдыққа сатып жіберді. Сол үшін Теректі беқінісінде тұтқынға алынады.
1784 жылдың көктемінде Нұралы хан 70 жылқы мен 350 сом ақша төлеп, Сырымды
тұтқыннан босатып алады. Ол кезде Барақ, Тіленші, Оразбай билер мен Айшуақтың
ұлы Жантөре сұлтанның қол астындағы Табын, Шекті рулары Төменгі Жайық шебі мен
Елек бекінісіне жиі шабуылдап тұрған кез еді. Қараша айында Сырым Сағыз бойында
мың кісілік қол жиып алды. Нұралы хан мүндай шапқыншылыққа атымен қарсы болды.
Көтерілісшілерге қанша айтса да, тілін алдыра алмай қойды. Губернаторға
хабарлап, әскер сұрауға мөжбүр болды. Бұл ханның Сырыммен ат құйрығын үзісуіне
алып келді (Из истории казахов. А.,//"Жалын". 1999. 133-б.).
Шекара әскері мен қазақ арасы қайтадан шиеленісіп кетті. Байбақты, Табын, Тама
рулары ереуіл ұяларына айналды. Қаракөл маңындағы Адай, Беріш рулары
төңіректегі хуторларға маза бермеді. Сырым 2700, Барақ 2000, Тіленші 1500
адамымен Жем сағасына кетті. Көктемде көтерілісші ауылдарды көш-жөнекей тонау
үшін премьер-майор Назаровтың жазалау тобы қырға аттанды. Олар 24 наурызда Табындардың
2124 жылқысын айдап, Жантөре сұлтанды өлімші қып сабап кетеді. Оларды 300
адаммен соңынан қуып жеткен Жантөренің бауыры Апақ сұлтан өлім құшады.
Сахарная, Антонов, Каленов бекіністеріне шабуыл жасаған балаларының
басбұзарлығы үшін Айшуақ сұлтан Орал бекінісіне қамалып, 1787 жылға дейін
тұтқында болады.
Жайық әскерінің бұл қимылдары, түптеп келгенде, Кіші жүз сұлтандарынан Пугачев
бүлігі тұсындағы қылықтары үшін өш алудың басы еді. Хан әулетінің басына түскен
бұндай зобалаң рубасыларын қатты жігерлендіріп жіберді. Олар патша өқіметі
қолдап отырған хан тұқымымен ашық айқасуға батылдары бармай келген еді.
Айшуақтың қамалуы, Жантөренің сабалуы, Апақтың оққа ұшуы Нұралының дәурені өте
бастағанын көрсетіп берді. Сырым қозғалысының сипаты да көрер көзге өзгере
бастады. Патша ұлықтары, сөйтіп, қазақ даласындағы наразылықтың уытын өздерінен
аударып, Нұралы ханға, сол арқылы хан билігіне қарсы бағыттады. Бұл қозғалыстың
басына Нұралының үлкен ұлы Есім сұлтанның қол астындағы Байбақтылардың биі Сырым
Датұлы шықты. Ол бастаған қарулы күреске Байбақты, Шекті, Табын, Шеркеш, Таз
рулары қосылды. Бұлардың да көпшілігі Нұралы ұлдарының құзырындағы рулар еді.
Патша саясатшылары күні өтіп бара жатқан ханға қай жерден қанжар сұғуды жақсы
білді. Бүған пәрменді түрде қарсы шыға алатын бірден-бір тұлға Айшуақ сұлтанға,
ең алдымен, тұзақ салынды. Ал, Нұралы ханға жазалаушы әскерге жөн сілтеп, ел
ішіндегі орыс тұтқындарын жинап беру тапсырылуы оның қалың бұқара алдыңда да,
ақ сүйектер алдында да абыройын айрандай төгу деген сөз еді. Сөйтіп, патша
өкіметі әуелі Нұралыны, сосын хандық билікті аластауды ашықтан-ашық қолға ала
бастады. Бұндай саясатты жүргізу үшін 1784 жылы Орынборға барон О.А.Игельстром жұмсалды.
Ол бір жылдай қол астындағы елдің жағдайын зерттеді. Қазақ даласындағы биліктің
негізгі тұтқасы рубасыларының қолдарында тұрғанын алдымен аңғарды. Оларды әскер
күшімен иліктіруге тырысу көздеген нәтижеге жеткізбеді. Хан олардың алдында қауқарсыз
болып шықты. Оны, 1785 жылы әскери тұтқындарды қайтарып беру сөз болғанда,
Нұралының өзі де мойындады. Рубасыларының сөзін тындамайтынын, балаларын
жұмсайын десе, өлтіріп тастай ма деп қорқатынын жасырмады. Игельстром бұндай
жағдайда рубасылардың тікелей өздерімен қарым-қатынас жасауды жөн деп тапты.
Оларға ахун Мұхамеджан Хүсайыновты жұмсады. Келіссөздер барысында,
рубасыларының патша өкіметін өлердей жек көретіні бірден байқалды. Тіпті ахунға
ашықтан-ашық қоқан-лоқы жасағандар да кездеспей қалмады. Дін басы бір жағынан
шариғатқа, бір жағынан патша заңдарына сүйене отырып, төртіп бұзушылықтың
бәрібір жазаланбай қалмайтынын тапжылмастан түсіндіріп бақты. Келешекте кайталанбайтын
болса, өткендегі келеңсіздіктердің кешірілетінін айтты. Ақыр аяғында, билердің
бес өкілін ертіп Орынборға оралды. Жиырма бір рудың елу үш биі мен батыры қол
қойған хат әкелді. Онда ел жақсылары Әбілқайыр әулетін тақтан тайдыруды талап
етті. Егер бұл шарт орындалса, патша ағзамның айтқанынан шықпауға уәде берді.
Қойылған қолдардың барлығын Сырым батыр өз мөрін басып куәландырыпты. Сол
арқылы өз ортасында ең жетекші орынға ие екенін сездірсе керек. Хатқа
"күллі қырғыз-қайсақ жұртының пірі Әбіл-Жәлел қожаның өзі қол қойған. Қол қойғандар
арасынан Әлімнен Қарасақалдың, Байұлынан Алтынның, Жетірудан Тілеу мен Рамаданның
өкілдері кездеспейді. Ханды жақтайтындар 185 ауыл екен. Ең іргелі ауылдар мен
беделді билердің бәрі ханға қарсы болып шықты. Нұралы бұл хабарды естіп,
Игельстромды Ресейге қарсыларды жақтап отырсың деп жазғырды. Губернатор ханның
дәрменсіздігін бетіне басты. Егер тұтқындағы патша офицерлерін тауып бермесе,
өзін де ереуілшілер санатына қосатынын айтып қорқытты. Күзге қарай ахун
Хұсайынов пен ассесор Бекчуринді ел арасына қайта жұмсап, ханды билермен
татуластыруды тапсырды. Бірақ, ең сенімді билермен оңаша сөйлесіп, сөз арасында
ешқандай хан тағайындамай, Орынбордағы Шекараның бас ұлығы мен Шекара сотына
тікелей бағынудың тиімді екендігін ескертуге әдейі кеңес берді (М.П.Вятқин.
Сырым батыр. 184-188-бб.).
Бұл екі ортада хан төңірегі тіптен тұлдырланып қалып еді. Рубасылары Кіші Жүзде
Байүлы, Жетіру, Қаракесек ордаларын құруды, оларға Тұрмамбет, Тіленші, Сегізбай
билерді басшы қоюды, ал Сырым батырды үш ұлыстың бас кеңесшісі қылып тағайындап,
Көккөз би мен Қаратау биді алқа мүшелері етуді ұсынды. Рубасылары патшаға адал
боламыз деп, қолдарына құран ұстап ант берді. Шекара сотын құруды кейінге
қалдырды. Оның орнына қайтадан хан сайлауды ұсынды. Көпшілік Батырдың ұлы
Қайыпты қалады. Сол арқылы Нұралыдай емес, ата жолынан айнымайтын, сұлтандар
мен ру ақсақалдарына сүйенетін дәстүрлі сипаттағы ханды қалайтындарын білдірді.
Ең соңында, Еділ-Жайық арасын қыстауға рұқсат сұралды. Орынборға келген соң,
Игельстром "Үш би" мен "Үш орда" жөніндегі ұсынысты
бекітті. Хан сайлауын Петербургпен ақылдасатын болды. Қарауында 703 мың шаңырақ
бар 17 рубасына ішкі бетте қыстауға рұқсат берілді (Бұл да сонда. 188-192-бб.).
Бұл шешімді II Екатерина да мақұлдады. Дегенмен, хандық билікті біржолата
құртуды қолдайтынын жасырмады. Нұралыға 1786 жылы Калмыков бекінісіне барып,
бас сауғалауға тура келді. Ендігі билік қандай болуы керек? Мәселе соған
тірелді. Басым көпшілік феодалдық-ақсақалдық жүйені жақтайтын ханды қалады.
Тәуке тұсындағыдай Хан кеңесін құруды жөн қөрді. Ал, Сырым мемлекеттік билікті
рубасыларының қолына толығымен беруді талап етті. Бірақ, оны жақтайтындар
азшылық еді.

VI. Екі талай болғанда


Нұралының елден қашып кетуі рубасыларының беделін айта қаларлықтай күшейтті.
Сұлтандар партиясы екіге жарылды. Ералы төңірегіне топтасқандар Нұралы билігін
қайтадан қалпына келтіруді көздеді. Батыр сұлтан әулеті Қайыптың хан көтерілуін
асыға күтті. Қайып көзге түспей, көлеңкеде қала тұрғанды жөн көрді. Ақсақалдар
мәслихатына бауыры Қарабай сұлтан барып жүрді. Игельстром өз ұсыныстарын Нұралы
кеткен бойда жоғарыға жолдады. Ол Орынбордағы Шекара сотымен қоса Байұлы,
Жетіру, Әлім ұлыстарының әрқайсысында жеке-жеке төрелік (расправа) құруды
жақтады. Оған ұлыстың бас биі басшылық, тағы да екі би ақылдастық (заседатель),
бір молда хатшылық етуге тиісті болды. Игельстром, сондай-ақ, Кіші жүздегі
молдалардың көпшілігін Бұқара ықпалындағылар деп тауып, өлкенің өз мектептері
мен медреселерін ашып, сол арқылы дін мен билік қызметкерлерін әзірлеуді
ұсынды. Патша бұл ұсыныстарға қарсы болған жоқ.
Кіші жүздегі саяси салғылас бәрібір бәсеңсімеді. Рубасылары мен сұлтандар
текетіресінің ушыға беру қаупін алдымен Сырым батырдың өзі сезді. Ол 1786 жылы генерал-губернатордан
Айшуақ сұлтанды елге қайтаруды сұрады. Оған, бәлкім, Айшуақтың кейінгі жылдары
Нұралыға риза болмай жүргені, Жантөре мен Апақтың халық қозғалысына белсене
қатысқаны әсер етсе керек. Алайда, сұлтандар Сырымды енді қайтып көргілері
келмеді. Оны бір ауылға бата оқи барған жерінде Есім ұстап алып, Ералыға
апарды. Ералы Сырымның аяқ-қолына кісен салып, шекті Қаракөбек биге Нұралы елге
қайтқанша тұтқын қылып ұстауды тапсырды. Бұл, әсіресе, Игельстромның жанына
қатты батты. Өйткені, ол өз реформасын Сырымға сүйеніп жүзеге асырмақ еді. Сондықтан
да, әңгімеге патшаны араластырып, Ералыға, егер Сырымға қол жұмсаса, үкімет
тарапынан еш аяушылық болмайтынын ескерткізді. Ералы төңірегіндегі билерге сөз
салынды. Ақыр аяғында Қаракөбекті азғырып, Сырымды босатуға көндірді. Сөйтіп,
1787 жылғы тамызда Сырым өз ұлысына оралды. Бұл Игельстромға 1787 жылы өз
реформасын аяқтап шығуға мүмкіндік берді.
Сол жылдың қырқүйек айында Қобда өзені бойында ақсақалдар мәслихаты өтті. Онда
әлгі айтылған үш төрелік (расправа) құрылды. Жиналғандар патшаға адалдыққа ант
берді. Бас билер болып, Әлім тайпасынан - Сартай, Қаракөбек, Мұратбек, Байұлдан
- Сырым, Қаратау, Жетірудан - Тіленші, Жанболат сайланды. Сырым батырға,
сонымен қатар, тархан атағы беріліп, ол ұрпақтарына мирасқа қалдырылатын болды.
Сөйтіп, Кіші жүз үш аумаққа бөлінді. Ал, қауым екіге жарылды. Әбілқайыр әулетінің
ол кезде тірі жүрген 150 өкілінің ешбірі де Игельстром "реформасын"
қолдаған жоқ. Оларды жақтайтын рубасылар мен батырлардың саны да күрт өсті. Ол
Қобда құрылтайында ант бергендердің тізімінен де айқын аңғарылады. Егер 1785
жылы Жайықтың батыс бетіне етуге 70 мың шаңырақ рұқсат алғанын, 1786 жылы одан
60 000 шаңырақтың ішкі бетке өтіп үлгергенін ескерсек, бар болғаны 39 мың
шаңырақтың ант бергені тым құрдым көрсеткіш еді. Тұтас рулардың түгелімен ант
бермей қалуы - жаңа губернатордың "реформасы" рубасылары партиясының
да көңілінен шыға қоймағанын аңғартса керек. Ең қызығы, ант беру қағазында
рубасылары қозғалысының көсемдері Қаратау бидің, Сыпыра бидің, Бедене бидің, Тұрмамбет
бидің, тіпті Сырым бидің өздерінін де қолдары жоқ болып шықты (М.П.Вяткин.
Сырым батыр. 225-б.). Демек, реформа олардың да дәметкен деңгейінен шыға
алмаған деген сөз.
Осының өзінен-ақ, реформаның әлі жартыкеш сипаты ашылады. Патша өкіметі қазақ
даласын билеуді Ресейдегі ішкі билеу жүйесіне ойдағыдай жақындата алмады. Сырым
бастаған рубасылары өздері ойлағандай халықтың демократиялық билік жүйесін
орната алмады. Патша әкімшілігі Нұралы ханды тақтан тайдырып, хандық биліктен
біртіндеп арылу үшін рубасыларын қолдаса, рубасылары хан төңірегін патшаның
қолдауынан айыру үшін Орынбор әкімшілігімен жақындасты. Бірақ, бұл ұзаққа
бармайтын одақ екендігін екі жақ та білді. Әсіресе, Сырым шын тәуелсіздік тек
ішкі қатынастарды ғана емес, сыртқы қатынастарды да түбегейлі қайта қарауды
талап ететінін сезді. Ол көршілес мұсылман елдерімен тығыз байланыс
орнатпайынша отаршылдарға төтеп берудің қиын екендігін түсінді. Оған ел
арасындағы Сырым айтты деп таралған әңгімелер күә бола алады. Бір сөзінде:
"Ауызы түкті кәуірге алты алаш боп тұтас қарсы шықпасақ, қарқалпаққа да, қазаққа
да, өзбекке де, сартқа да, түрікменге де, естекке де күн көру жоқ. Жеке-жеке
қол салып, желкемізді қияды", - десе, енді бір сөзінде: "Қазақ, Созақ
болғанда, Созақ аға баласы, одан алынбаған еншіміз бар", - дейді. Тағы бір
сөзінде: "Әуелде Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс осы араны мекендеп Сары Арқаға
қарай көшкен. Алда-жалда жеңіліс тапсақ, осында, атамекенімізге келеміз.
Орталарыңнан ойып қоныс бересіздер" (М.П.Вяткин. Сырым батыр. 236-б.), -
депті. Бұдан біз оның Орта Азия елдерін өз қандастарымыз, өз тағдырластарымыз
деп түсініп, тілі бір түркінің түбі бір деп білгенін ұғамыз. Сондықтан, Хиуа,
Бұқара, сол арқылы Түркия елдерімен байланыс жасағысы келді. Бірақ, бұндай
қадымды патша әкімшілігі ешқашан қолдамайтынын әп дегеннен-ақ сезді. Сол кезде
қарқын алған орыс-түрік соғысы мұсылман аймақтарындағы ахуалды қүрделілендіре түсті.
Көршілес Бұқар мен Хиуа хандықтары қазақ ұлыстарына ерекше назар бөле бастады.
1788 жылы Бұқардың аталығы (бас уөзірі) Шахмұрат жазған үндеу халық арасына
қеңінен тарап кетіп еді. Ол хаттың жазылуына алдында ғана түрік елшісінің Хиуа
мен Бұқарға келіп кеткендігі түрткі болса керек. Олар Ресейдің бүкіл Европа
елдерімен тізе қосысып, күллі мұсылман әлемінің тірегі болып отырған түрік
еліне қарсы жойқын жорық ашқалы жатқанын хабарлапты: "Сіздер болсаңыздар,
орыстарға бізден гөрі жақын тұрасыздар; демек, олармен бізден гөрі жақсырақ
соғыса аласыздар; сондықтан да, біз Қүдайдың құлы, Мұхамбеттің досы,
Пайғамбардың шапағатынан дәмететін барлық бауырларымызды шын ниеттерімен,
қалтқысыз істерімен біздің түрік әскеріне күш қосып, кәпірлерге күйрете соққы беруге
көмекке аттануларын сұраймыз. Ондай еңбектеріңіз тегін қетпейді. Егер де
кімде-кім әлгі жорықта кәпірлерді қаусата төмпештейтін сәтті мезетті зая
жіберіп алса, Алланың қаһарына ұшырап, Пайғамбардың мейірімінен құр алақан
қалмақшы", - деп жазылыпты.
Одан әрі пайғамбардың тікелей әулеті болып табылатын Сейіт қожа Шахмұрат:
"Біз қазақтарды ақылман және оқыған адамдарға тапшы деп есітеміз. Сондықтан
да, пайғамбардың хадистерін орындай алмайтын көрінесіздер. Хақ Алла барлық
жұрттарға өз ілімін білуді, соған сәйкес намаз оқып, ораза ұстап, пітір-зекетін
беріп тұруға әмір еткен. Сондықтан да сауат танып, кітап оқу Құдайға құлшылық
ету болып табылады. Бізде білімнің көзі бар. Одан әмбе халықтардың, атап
айтқанда, өзбек, тәжк, араб және түрікмендер келіп, мектептерімізде оқып,
сусындап жатқандар баршылық, ал сіздердің қарайған халқыңыздан оқып жүрген бірде-бір
кісі жоқ. Сондықтан, әр рудан екі немесе үш адамды бізге оқуға жіберуге кеңес
береміз. Егер бұл сөзімізге құлақ аспайтындар табылып жатса, онда әр рудан
еқі-үш кісіні зорлап оқуға жіберіңіздер. Тегін тамақ береміз. Егер де сіздер,
қазақтар, біздің ақылымызға құлақ аспай, аяқ асты тастайтын болсаңыздар, өз
обалдарыңыз өздеріңе, таң махшарда тозақ отына өртенесіздер" (А.И.Левшин.
Описание киргиз-кайсацких или киргиз-казацких орд и степей. 270-271-бб.), -
делініпті.
Осындай әр сөзі қаралай айбынтатын қаһарлы хатқа Сырым да жауап береді. Бұқар
аталығын өзінің Алла алдындағы парызын адал атқаратынына сендірді. Егер Ресейге
әуелі бұқаралықтар мен басқа да мұсылман елдері соғыс ашып жатса, қазақтардың
да қалыс қалмайтынын мәлімдеді.
Шамасы, бұл патша сарайының да құлағына шалынса керек. Мұны зұлымдық деп санап,
Сырымға деген бұрынғы құлықтылықтарын жоғалта бастаған түрі бар. Сондай-ақ,
Портаның Бұқарадағы елшісі Интурли-пашаға қазақ ханының бостан-босқа
қамалғандығы туралы да шағым келіп түсіпті. Бұл да патша сарайына ұнаған жоқ.
Біреулер түрік елшісі Бұқараға келіп жатқанда Сырым елден кетіп қалып, әдейі
барып сөйлесіп қайтыпты деген де қаңқу таратты. Шығыстан осындай жайсыз
хабарлар келіп жатқан кезде Франциядағы революция монархиялық құрылыстың
іргесін шайқалақтатып, монархия атаулыны тәубесіне келтіріп тастады. Ресей
үкіметі Батыста монархиялық құрылысты жақтап жатқанда, өз
генерал-губернаторының ұсақ монарх болып табылатын қазақ хандығын құлатып
жатқаны "ақылға симас ағаттық" деп сезіне бастады. Осыны ескерсек
Игельстром хандық билікті қалпына келтірудің жаңа жобасын ұсынды. Ол Кіші жүзді
алты бөлікке бөлуді, әр бөлікте бір немесе бірнеше төралқа құруды жөн деп
тапты. Соның бәріне Нұралыға хан ретінде басқартып, ал Сырым батырды бастапқы кезде
прокурор ретінде пайдалану керектігін дәлелдеп бақты. Петербург бұл жобаға
құлақ аспады. Генерал-губернаторға Ералы сұлтанға көбірек көңіл бөлу керектігі
қадап айтылды. Бұл арқылы оның түрік ықпалына түсіп кетпеуі көзделді.
Сондай-ақ, 1789 жылы оның елшілігі астанада қабылданды. Бұл жылы рубасылары
ұнататын Қайып сұлтан дүние салып еді. 1790 жылы Игельстромның орнына
генерал-губернатор болып А.А.Пеутлинг тағайындалды. Ол Неплюевтің отаршылдық
саясатын жақтайтын еді. Сол жылғы көктемнен бастап, Жайық әскері қазақ
ауылдарына қайтадан тиісе бастады. Сырым батырдың орыстардың ішкі істерге
араласуын тыйғызу үміті күл болып көкке ұшты.
Қазақ арасында алаңдаушылық күшейді. Басқаны қойып, 1790 жылы рубасылары
қозғалысының өзі екі жарылды. Бір тарабы патша өкіметіне қарсы ашық қарулы
көтеріліске шақырды. Бұл топтың басында бұрынғысынша Сырым тұрды. Екінші топ
бұндай пиғылды "бұзақылардың әумесерлігі" деп бағалады (Ресейдің Мемлекеттік
Орталық ежелгі құжаттар мұрағаты, Ресейдің қырғыз-қайсақтармен қатынастары. 64,
1790. 1-іс, 77-парақ). Олар Сырымның өзіне тиісіп, өз пайдасын қуып жүрген екі
жүзді кісі деп айыптап, хандық билікті қайтадан қалпына келтіруді жақтады.
Билер мен батырлардың басым көпшілігі осы топқа қосылды. Маркешілдер бұл топты
рушылдық-ақсақалшылдыққа тән ата жолын жақтайтын ескішілдер деп санап, Сырым
тобын тапшылдыққа көше бастаған жаңашылдар ретінде қарастырғаны белгілі.
Алайда, осындай қөзқарастағы тарихшылардың бірі М.П.Вяткин аталмыш рубасылары
ең алдымен патшамен ат құйрығын үзісу империямен шектес ұлан-байтақ қоныстан
айырылып қалуға әкеліп ұрындырады деп қорыққандарын (Сырым батыр. 246-б.) дұрыс
пайымдаған.
Осыны аңғарған Орынбор әкімшілігі мүфти Мұхаметжан Хүсайыновты қазақ рубасыларына
қайта жұмсайды. Ол 1790 жылы Кулагин бекінісіне Кіші жүз рубасыларын жинап,
бұқарлықтар таратып жүрген кәпір патшаға бағыну күнә деген насихатқа
ол-құранның он төртінші тарауының 193 бетіндегі қолындағы ырзық пен басындағы
тыныштық бағалай білсең ғана баянды болмақ деген уәж бен жұма жөніндегі
сүредегіден мұсылман жұма намазын оқығысы келсе, оған падишасының рұқсатын
алғаны жөн, егер падишасы христиан дінінде болса да, оның берген рұқсаты бәрібір
сауап болады деген уәжге сілтеме жасап, патшаға қарсы шығу шын мұсылман үшін
күнә болатынын дәлелдеп бағады. М.Вяткин "Сырым батыр" кітабында
мүфтидің аталмыш уағызының Петербургтің Орталық мемлекеттік тарихи мұрағатында
сақталған мәтінінен кең көлемді үзінді келтірген (247-б.).
Кулагиндегі келіссөзде Сырымның күш салуымен ханның ата қонысы мен ағайын
ортасына оралуына келісім берілгенмен, қайта билік құруына келісім берілмейді
(Бұл да сонда, 253-б.). Рубасылары, сондай-ақ, барон Игельстромды Орынборға
қайтаруды сұрайды. Олар шекара әскерінің шапқын-шылықтарына тыйым салуды
өтінеді. "Әскери тіміскілеу" тоқтамайды. А.Пеутлинг сұлтандар жағына
шығады. Сырым рубасыларын патшаға қарсы шығуға үгіттеп қана қоймай, ауылдарын шауып,
зорлықпен көндіре бастайды. Оған шағын рулардың ақсақалдары мойын ұсынғанмен,
іргелі рулардың басшылары мойын ұсына қоймайды. Тіпті, бұрын одақтас болып
жүрген Байұлы Сыпыра, Тұрмамбет, Базарбай, Әлімұлы Қаракөбек, Жанназар,
Мұратбек, Жетіру Тіленші, Тілеп, Жаныбек билер енді Ералы сұлтанмен жалғаса бастайды.
Беріш Бедене би Сырымның хатын жұрттың көзінше жыртып-жыртып отқа лақтырады.
Алайда, Сырымның сөзін тыңдайтындар шекараға шектес билер арасында азайғанмен,
шалғай руларда азая қоймайды. Кете Өтек, Наурызбай, Ысық Қаратау, Табын
Елекбай, Бармақ, Асау, Төртқара Қаражан, Жағалбайлы Тотбай, Есентемір Мыңбай, Кердері
Тілеп, жеті тайпа Беріштің Амандық батыр бастаған бесеуі, Шекті Өсеке, Төтек,
Таз Ақпан, Шеркеш Алдаберген, Жантөре Айшуақұлы сұлтандар Сырым ықпалында қала
берді. Алайда, бұл оған қайтадан хан сайлатпауға жетімсіздік етті. Патша
өкіметі Сырым мен жақтастарына құлақ аспай-ақ, хан сайлауына кірісті. Уфада
қайтыс болған Нұралы ханның орнына 1791 жылғы 3 қыркүйекте Ералы сұлтан хан боп
сайланды. Ол Орск қаласынан он алты шақырым жерде өтті. Оған қатысқан халықтан
гөрі тәртіпті бақылаған орыс әскері әлдеқайда көп болды.
Соны тілге тиек еткен Сырым Ералының сайлауын заңсыз деп жариялап, хан сайлауын
қайтадан өткізуге үгіттеді.
Бұл жолы сұлтандарды да өз жағына тарту үшін Нұралының бір баласын хан қоюға
шақырды. Бұл Сырымның жақтастарын көбейтуге өз ықпалын тигізді. Алайда, олар
бірауыздылыққа жете алмады. Көпшілік Ресеймен қарым-қатынаста келіссөзге
жүгінуді жақтаса, Сырым қарулы күрестен бас тартпады. Оның бұл бағытын көршілес
мұсылман елдері де қолдады. Бұқар хандығы көмек беруге әзір екендіктерін айтып,
үсті-үстіне эмиссарлар жіберді. Ел арасында сәлделері дағарадай молдалар қаптап
кетті. Сырым қазақтардың хиуалықтармен, қарақалпақтармен, түрікпендермен
қақтығыстарын тыйдыруға күш салды. Бұқар аталығымен хат жазысуды көбейтті.
Түрікпендер мен қарақалпақ 2 мың, Бұқар 17 мың қол қосуға уәде берді.
1792 жылы мамыр айында Қобда мен Елек өзендерінің арасында жер қайысқан адам жиылған
құрылтай өтті. Оған қатысушылар Нұралының Орын ханымнан туған бір ұлы Жалтыр
сұлтанды сайлауға көбірек ықылас көрсетті (М.Вяткин. Аталмыш еңбегі. 277-б.).
Бұл құрылтайға кейінгі жылдары Сырымнан ірге ажыратып кеткен Тұрмамбет, Бөдене,
Сегізбай секілді билер де қатысты. Құрылтай өз шешімін үш арыс Алшынның беделді
билері қол қойған хат арқылы генерал-губернаторға хабарлады. Бірақ, А.Пеутлинг
шекара істері экспедициясына жауап жаздырып, қойылған ұсыныс, талаптардың
бәрінен бас тартты. Бұл жауапқа риза болмаған Сырым, Қаракөбек, Басықара билер Нұралының
Есенәлі деген баласын өздеріне хан сайлап, шекарадан шалғайға шығандай көшіп
кетті.
Бірақ, бұндай батыл қадам халық ішіндегі толқуды қайта жандандырды. Сырым өзіне
қарсы шыққан ысық Қаратау, алаша Сыпыра, беріш Бөдене, Саржала, табын Тіленші,
тама Шуақ билерді қудалай бастады. Қаратау мен Шуақты бірнеше ай тұтқында
ұстады. Есенәліні хан сайлаған 1792 жылғы 14 қыркүйектегі. жиыннан кейін Сырым мен
бір топ жақтастары А.А.Пеутлингке хат жазып, Ресеймен ат құйрығын үзісетіндерін
хабарлады. Онда Жайық әскерінің зорлықтары тыйылмай отырғанын, Ералының
халықтың келісімінсіз хан сайланғанын, рубасыларының елшілігін Петербургке
жіберуден бас тартылғанын тізбелей отырып, барлығына Орынбор әкімшілігі кінәлі
екендігі көрсетілді. Алдау мен арбау арқылы ноғайлар мен башқұрттар киген кепті
киюге көнбейтіндіктері айтылды. Хатты губернатор II Екатеринаға жөнелтті.
Сөйтіп, Сырым патша әкімшілігіне ашық соғыс жариялап, қарулы күрес жолына түсті
(М.Вяткин. Сырым батыр. 281-б.).
Патша әкімшілігі Сырымның басына 3 мың сом, жүрген жерін сілтегендерге жарты
мың сом бәйге тікті. 1792 және 1793 жылдары көтеріліске қатысы бар-жоғына
қарамастан қазақ ауылдары шапқыншылыққа ұшырай бастады. Сырымды жақтаған
Мыңбай, Тілепі ауылдарымен қоса, оны жақтамаған Сыпыра, Бөдене, Қаратау,
Тіленші ауылдары да тоналды. Қауырт басталған бұл қақтығыстың саябырсуына 1794 жылы
10 шілдеде Ералы ханның дүние салғаны себеп болды. Оның орнына 1795 жылы Есім
хан сайланды. Сырым соны пайдаланып, Есім сұлтанмен райласып, өзі туған
Байбақты арасына оралуға мүмкіндік алғысы келді. Бірақ, Есім илікпей қойды.
Сырымға қайтадан атқа мінуге тура келді. 1796 жылы қатты жұт болды. Ел
күйзелді. Сырым жағындағы Есенәлі Нұралыұлы мен Жантөре Айшуақұлы сұлтандар
батыр мен ханды бітістіріп көруге талпынды. Екі сұлтан ханға кісі салып,
Сырымға хат жазып, Нүралының жесірі Орын ханымның ауылына кездесуге шақырды.
Сырым бұған келісіп, Орын ханымға хат жазды. Оған үлкен ұлы Есімді иліктіруді
өз қолына алуға, губернатордың келісімін алуға екінші ұлы Жалтырды жұмсауға
ақыл берді. Бұған Орын ханым келісті. Губернатор С.К.Вязмитинов те келісім
берді (М.Вяткин. Аталмыш еңбек. 294-б.).
Біздіңше, мұндай маңызды келіссөзді өткізуге Орын ханымның ауылы тектен-текке
таңдалып отырмаған сияқты. Тарихшы Жанұзақ Қасымбаевтың айтуынша, Нұралы мен Сырымның
туыстығы бар. Ханның бауырларының біреуі батырдың апасына үйленген
(Государственные деятели казахских ханств. 159-б.). Ал, ел арасындағы әңгіме
бойынша, Сырымның қарындасы Ақлимаға ханның бауырлары емес, өзі үйленген
сыңайлы. Содан шығарып, біз 1783 жылы старшина Чаганов бастаған шеп
қазактарының шауып жүргені осы Ақлима ханымның ауылы ма деп ойлаймыз.
Қарындасының ауылын шапқанына ашуланған батыр Чагановты Хиуаға алып барып
құлдыққа сатып жіберсе керек. Бұны естіген жазалаушы әскер Сырымның өзін ұстап
алып, әскери бекініске қамап қойса керек. Іске ханның өзі араласып, беделін
салып, қарайған мал беріп, әзер шығарып алғанға ұқсайды. Алайда, қиқар Сырым
араға көп уақыт салмай, бұрынғы кәсібіне қайта кіріседі. Бұл жолы ереуілшіл
Сырымнан алдын-ала іргесін ажыратып алмаса, ханның өзінің басы дауға қалатын
қауіп туады. Нұралы амалсыз губернаторға хат жазуға мәжбүр болады. Оны естіген
Сырым Нұралымен ат құйрығын үзісіп, қатты араздасып кеткен түрі бар. Тіпті 1785
жылы хан ауылын шапқалы келгенде қарындасы Ақлима қолына жармасып: "Сабыр,
сабыр көкешім, ашуды ақыл жеңетін. Қасіретін қалың жау тақтағы тәж иесін қапыда
шапты демесін. Ханның басын қарындасыңа сауғаға беріп кетерсің. Мен де Даттан
осал боп туған жоқпын десем, не дерсің?!" - деп жолын кес-кестепті. Сонда
Сырым Ақлиманы кеудеден итере алмай: "Әй, қарындасым-ай, діңқемді құрттың
ғой!" -деп үйден шығып кетіпті. Содан қатты қорқып қалған Нұралы әуелі
орыс бекінісіне қашып барып, кейін Уфаға жіберіліпті (Ж.Ақбай. Сырым. Орал.
2002. 90-91-бб.). Кейбір зерттеушілердің Сырымның Нұралымен ұстасуы жеке бас
араздығынан шыққан дейтіні осыдан болса керек. Бірақ, бұған дейін де көп
нәрседен көңілі қалып жүрген тәрізді. Оған Кіші жүз рубасыларының 1785 жылы
Сырымның ұйымдастыруымен мүфти Мұхаметжан Хұсайыновтан патша әкімшілігіне беріп
жіберген арызы куә.
Бұл мәселе бойынша барон О.А.Игельстромның II Екатеринаға жөнелткен хабарламасының
айтуынша, рубасылары Нұралыны бастарына түсіп отырған барлық ауыртпалықтың
басты айыпкері санайды. Нұралы, олардың пікірінше, қазақтарды Ресейге бодан
болған соң да 18 жыл басқарған Әбілқайырдай болмаған. Әбілқайыр не істеп, не
қойса да, халықпен, рубасыларымен ақылдасып отырған. Олармен ақылдаспай, ештеңе
істемеген. Нұралы да хан болғасын алғашқыда сегіз жыл бойы Әбілқайырдың жолын
қуып, ақсақалдармен ақылдаспай, аттап баспаған. Сондықтан да, ол кезде ешқандай
ерсі қылыққа бармаған. Ал, кейін жүре келе өзім білемдікке ұрына бастаған. Өзі
де, балалары да әбден масайрап кеткен. Жұрттан аттап басса, ақы сұраған.
Әсіресе, ішкі бетке көшетіндерге алым-салықты көбейтіп жіберген. Көшкенге де,
қонғанға да салым салған. Әуелі өзі алапа алды, сосын балалары алды. Салық
бермегендерді сәл нәрсеге бола шекара бастықтарына айтып қаматып қойған.
Артынан қамалғандардың ағайындарынан пара алып, қамаудан босатып жіберетін
болған (Из истории казахов. 134-б.). Қысқасы, ата жолынан аттап, ел
ақсақалдарынан аулақтап, менмендікке ұрынғаны үшін жек көрген.
Демек, Сырым да ханмен туысқан ретінде емес, қазақ қауымында басты маңыз
атқарып келген билер мен батырлар тобының беделді өкілі ретінде араздасып
қалған. Сол араздық ұлғая келе өшпенділікке айналған. Өйткені, жеке адам
ретінде мәмілеге келетін талай нәрсеге мыңдаған адамдардың бастарын қосқан қозғалыстың
жетекшісі ретінде ымырашылдық жасай алмаған. Сөйтіп, ара суыса берген. Ақырында
бұрынғы туыстар бірін-бірі жер аудартып жіберуге дейін барған. Енді бұл райдан
қайту үшін де сол баяғы туысқандыққа жүгінуі керек еді. Орын ханымның күйеуін
жер аудартқан бас ереуілшіні ауылында қабылдап, хан болып отырған үлкен ұлы
Есіммен жолықтыруға уәде беруі де бір кезде күйеуінің басын жұтқан
өшпенділіктен енді ұлын аман алып қалудың амалы шығар. Бірақ, ана иліккенмен,
қолында билік бар бала иліге қоя ма? Нұралыдан кетіспей тұрғанда, Есім мен
Сырым дос болып еді (Бұл да сонда. 295-б.). Бірақ, одан бері не болып, не
қоймады? Нұралы тақтан тайғызылған бойда, 1785 жылғы 31 қазанда Сырымның
үзеңгілестері императрицаға ханның баласы Есім сұлтан да Беріштің Рустарас (?)
деген белгілі алаяғымен бірігіп, қазақтың талай малын орыстарға айдап апарып беріп,
орыстың талай малын қазақтарға айдап әкеліп беріп, уды суға, суды уға
айналдырып, талайды өлтіріп, талайды тонап жүр деп арыз берген-ді (Материалы по
истории Казахской ССР (1785-1828). Т. 4. М.-Л., 1940. 64-б.). Сосын-ақ, О.Игельстром
Есімнің соңынан шырақ алып түскен-ді. Бұрын әкесінің Уфаға жер ауып кеткенін
Сырымнан көріп, өкпесі қара қазандай болып жүрген Есім мынадан кейін оған тісін
бұрынғыдан бетер қайрай түскен. Құдай сәтін келтіріп, 1789 жылы Сырымды Есімнің
қолына түсірді. Ералының қолында мұңдар болып жүрген Сырым енді тісін Есімге қайрады.
Екатерина патшайымның арқасында тұтқыннан босап шыққан соң, құтқарушысына алғыс
айтып, хат жолдады (Казахско-русские отношения в ХVІІІ-ХІХ в.в. т. 2. 127-б.).
Бұл, әрине, Әбілқайыр балаларының, әсіресе, Нұралыдан туған жиендерінің алдында
бетіне шіркеу түсіргені сөзсіз. Оның үстіне, Сырыммен тіл табысқан О.Игельстром
сәтсіздікке ұшырап, биліктен тайды. Оның орнына келген А.Пеутлинг Әбілқайыр
тұқымын қайтадан арқадан қағып, Сырымның көзіне көк шыбын үймелеткен Ералыны
хан сайлады. Сырым оны мұқату үшін сайлауды заңсыз деп жариялап, орнына Нұралы
тұқымынан біреуді хан сайлауға шақырды. Жол Есімдікі болса да, қол-аяғына кісен
салдырғаны есіне түсіп, оның да шымбайына ине сұғып, өзінің емес, бір әке, бір анадан
- Орыннан туған Жалтырды атады. Бұдан кейін оның бұған дегенде ішінің жыли қоюы
екі талай еді. Алайда, Ералы өліп, онсыз да хан болып алған Есімге енді елдің
тыныштығы бәрінен гөрі де керегірек шығар деп, әлгіндей бітімге келсе, келіп те
қалар деп дәметіп еді. Өйткені, ол бітім ханның да, патша әкімшілігінің де пайдасына
шығатын еді. Сұлтандар да, ру басылары да тынышталар еді. Алайда, 1796 жылдың
қыркүйегіне дейін созылған келіссез күткен нәтижеге жеткізе қоймады. Есім хан
иліге коятын шырай білдірмеді. Қайта көңіліне арам ой қашырды.
Оған "әскери тіміскілеулерге" мейлінше қарсы болған губернатор
С.К.Вязмитиновтың кенеттен Орынбордан қайта шақырылып алынуы да түрткі болған
шығар. Есім Сырым батырға патша әкімшілігін айдап салғысы келді. Ол Жайық
әскері атаманы Донсковқа Сырым Еділ қалмақтарын шабуылға жинап жатыр деп жазалаушы
әскер жіберуді сұрады. Оның айтып отырған "ұрылар жиыны" сол 1796
жылғы қыркүйекте Сырым шақырған мәслихат еді. Онда ханмен бітім жасасу мәселесі
талқылануға тиісті еді. Құрылтайда бұл бітімді қостайтындар да, қостамайтындар
да аз болмады. Сол екі ортада Орынборға барон О.Игельстром қайта оралды. Бұл
хан патшасына қарсыларды қатты жігерлендірді. Ханмен келіссөз үзілді. 1796-97
жылғы қыста ханға қарсылар әбден қайраттарына мініп алды. Қаратай, Бөкей,
Биғалилар Сырым мен Есім арасының бұлай шиленісуін ханның Сырым мен
жақтастарының қолдарындағы орыс, қалмақ тұтқындарын күшпен қайтармақ болғанымен
түсіндіруге тырысады (М.Вяткин. Сырым батыр. 295-б.). О.Игельстром Сырымды
бұрынғыдай ашық қорғай алмады. Оны біреулер Нұралы ханның сұлу қызы Тойқараға
баронның көңілі кетуімен түсіндіреді. Алайда, мәселе басқада еді. Патша
сарайына Сырым ұнамай қалған-ды. Енді, оған қас дұшпандарынан қатыгездікпен өш
алудың басқа жолы қалмағандай (Из истории казахов. 150-б.). Не де болса,
көтерілісшілер мен хан арасы қайтадан бітіспес майданға айналды. Сырымның өзі
шалғайдағы Қарақұмға кетіп қалғанымен, оның сенімді серіктері мың кісілік қолды
бастап Есім ордасын торуылдаумен болды. Ақыры, олар наурыздың жиырма бесінен
жиырма алтысына қараған түні ханның түбіне жетіп тынды (Бұл да сонда. 300-б.).
Бұл өлім сұлтандарды ынтымақтастыра түскенмен, рубасылары арасындағы
алауыздықты күшейте түсті. Ұзақ уақыт Сырым жағында болған Жантөре сұлтан енді
онымен ат құйрығын үзісті. Сырым Жетіру билеріне хат жазып, хан тұқымынан
безінуге шақырды. Айшуақ сұлтан Шекара істері экспедициясына Сырым Тіленші
батырды Жантөрені өлтіруте азғырған деп жазады. Сұлтан Жаналы Нұралиевтің
айтуынша, Сырым билерге жазған үндеуінде губернатор Игельстром Тілепі
Қойбашевты шамамен Есімханды өлтіруге жұмсады деп көрсеткен. Тарихшы М.П.Вяткин
Орынбор облыстық мұрағатынан тапқан бұл екі құжат Сырым батырдың Игельстромның
қайтып оралуы хан әулетінің патшаның қолдауынан қайтадан айрыла бастағаны деп санағанын
аңғартқандай. Бәрін О.Игельстром хандық билікті жақтайтындар мен
жақтамайтындарды мәмілеге келтіру үшін Кіші жүзге әзір жаңа хан сайламай, Хан
кеңесіне басқарта тұруды жөн қөрді. Оның төрағалығына Айшуақ сұлтан, мүшелігіне
Әлімнен шекті Сары Шопанай би, Байұлыдан ысық Сұлтанбек пен алаша Шақшақ билер,
Жетірудан табын Көшекбай мен кердері Бітік мырза және патша үкіметінің өкілі
мүфти Мұхаметжан Хұсайынов сайланды. Нұралы балаларын хан кеңесіне іліктірмеуі
жаңа губернатордың Сырым батыр тобының көңілін аулағаны еді. Бұған көнбеген
сұлтандар тобы Ысық, Алаша, Шеркеш, Байбақты, Беріш, Шекті билерінің басын
қосып, Қаратай сұлтанды ақ киізге көтерткізді. Хан кеңесін басқаратын Айшуақ сұлтан
жаңа қызметіне құлықсыздық танытып, табындар арасына кетіп қалды (Бұл да сонда.
З06-307-бб.).
Хан кеңесін, түптеп келгенде, Айшуақ емес, мүфти М.Хұсайынов басқарды. Соны
пайдаланған, Есімді өлтірген соң елден шығынып кеткен Сырым батыр мың кісімен
1797 жылы 29 тамызда Хан кеңесіне келіп, жеті жыл бойына тыныштық көрмеген Кіші
жүзге Хан кеңесін құрып, жағдайды айта қаларлықтай түзетіп берген патша ағзам
мен барон Осип Андреевич Игельстромға алғыс айтқан (А.Ф.Рязанов. Батыр Сырым
Датов // "Сов.Киргизия". № 10. 1925). Сөйтіп, ол хандық биліктің
орнына рубасыларының үстемдігі қайтып оралды деп ұққан. Алайда, патша сарайы
Қаратайдың хан көтерілуін қазақ қауымының қайта дүрлігуінің басы деп ұғып, оны
бекітпей, Айшуақ сұлтанды хан тағайындау тиімді деп санады. Байұлы арасынан
аласталып, Әлімдер арасынан енжарлық танып, қағажу көрген Сырым Қаратай
бастаған сұлтандардан қашып, 1797 жылы Хиуа асып, 1802 жылы белгісіз жағдайда қаза
тапты (С.Мұқанов. Батыр Сырым // "Литературный Казахстан". № 5.
1940).
Жетпіс сегіз жастағы сұлтанның хан сайлануы хандық билік жөніндегі мәселенің
әлі де болса түбегейлі шешіле қоймағандығының белгісі еді. Игельстром қайсар
Қаратай тізгін алса, қазақ қауымының Ресейден ірге ажыратып кету қаупінің қайта
қүшейетіндігінен қорықты. Айшуақ Нұралыдай емес, сұлтандар мен рубасылардың
одағын белгілі мөлшерде қайтадан қалпына келтіруге күш салды. Ол үшін әуелі
Нұралы тұқымын ризалауға зор мән берді. Бөкейді бұрынғы өз орнына ұсынып,
елдегі "екінші тұлға" етті. Бұл, әрине, намысшыл Қаратайдың шамына
тиді. Өзі тұрғанда інісінің әлгіндей лауазымға ілігуі оны жәбірлеу үшін әдейі
істелгендей көрінуі де мүмкін. Алайда, оны хан сайлатпаған патша өкіметі Хан
кеңесінің төрағасы да етпейтіні белгілі еді. Айшуақ Қаратайдың Байұлы тайпасын
басқаруына зәредей де кедергі келтірген жоқ. Бөкей өз алдына ұлыс алып кеткен
де, орнын Нұралының және бір баласы Орман сұлтан иеленді. Қысқасы, сұлтандардың
Айшуаққа атын атап, түсін түстеп тағар кінәсі жоқ еді. Өзі де нояншылық құрып
өткен Айшуақ жоңғар соғысынан кейін бағасы түсіп бара жатқан батырлар қауымына
да зор маңыз берді. Бұл - көптеген рулар мен әлеуметтіқ топтардың көңілін аулау
еді. Билер де ескерусіз қалмады. Бұл жағынан ол кейінгі қезде ата жолын аттап
өтіп, рулық-ақсақалдық үрдістің шектеулерінен азат болуға талпынған ағасы
Нұралының астамшылығына ұрынбады. 1803 жылы Сырым өлген соң, Орынбордағы
айырбас сарайы - Мұнанайдың қасында бір топ сұлтандар мен билер, батырлардың басын
құрап, жұртты бірлікке, елді тыныштыққа шақырып, дау-дамайлар мен шапқыншылықтарды
тию жөнінде өзара пәтуа байласады (М.П.Вяткин. Сырым батыр. 317-б.). Айшуақ хан
мүфтиятпен де жақсы қарым-қатынас орнатып, ел арасына дін таратуға да үлес
қосты. Патша әкімшілігімен тіл табыса қызмет ете жүріп, шекара әскерлерінің
зорлық-зомбылығына жол бермеуге тырысты. 1803 жылы наурызда I Александр патша ағзамға
қол астындағы әскердің әулекілігіне тыйым салуда тиісті губернатор
Н.Бахметовтің өзінің дем беруімен қазақ ауылдарын жазықсыз тонап-талау жалғасып
отырғандығын хабарлап, "қазақтарға күш көрсетуді доғаруды" өтінді (Материалы
по истории Казахкой ССР. т. IV. 202-б.). Жас кезінде, жұрт қанша қызу қанды,
өркөкірек дегендерімен, ағаларымен билікке таласып, тайталасып көрмеген Айшуақ
тақтан айырылмаймын деп елімін сатқан жоқ. 1805 жылы 17 ақпанда патша
әкімшілігімен өз еркімен биліктен кеткен жағдайды баласы Жантөрені орнына
қалдыру жөнінде алдын-ала келісіп алды. 1805 жылы 26 мамырда өз еркімен
қызметтен кетіп, жылма-жыл 1000 сом зейнетақы алып тұрды. Оның билік құрған
жылдары - жаппай саяси салғыластардан әбден титықтаған кезең болды. Алайда,
жаңа губернатор Г.С.Волконский әбден қартайған Айшуақтан құтылғанша асықты.
Айшуақтың тақтан кетуі қазақ қауымының тыныштықтан қайта айырылуына ұласты. Билікке
талас кайтадан өршіді.
Міне, Махамбет ақын бір өлеңінде: "Атасы өткен Айшуақ анық көзі көрді ғой,
менің атам Өтеміс елдің қамын жеді ғой", - дегенде өз тағдырына қазақ даласының
бір ғасырға жуық тауқыметті тарихын сыйғызған осы бір толағай тұлғаны айтып
отыр. Оны мен Өтемістің арасында қандай байланыс болуы мүмкін? Енді соған
тоқталалық. Жоғарыда айтқанымыздай, Өтемістің ағасы Шыбынтай, тергеу орындарына
берген жауабына қарағанда, 1759 жылы туылыпты. Оның інісі Өтеміс ағасынан,
бір-екі жас кіші болған күннің өзінде де, 1761-1762 жылдар шамасында туылған
болып шығады. Ол замандағы еркек кіндік он бесінде отау иесі атанып, ат жалынан
тартып мінеді. Сосын-ақ рулы елі не көрсе, соны бірге көреді. Ал, Өтемістің
жұртының басындағы заманның қандай болғаны әлгінде ғана біз тоқтаған Айшуақ тағдырынан
анық көрініп тұр. Оның үстіне, Өтеміс тарайтын Жайық Беріштердің біраз жылғы
өмірі Айшуақ сұлтанмен тығыз байланыста болды. Ендеше, Өтеміс те сонау 1778
жылдардан бастап, әлгі Айшуақ бастан кешкен шым-шытырқтардың қақ ортасында
жүруі әбден ықтимал. Оның 1780 жылдардан бастап көзге түсе бастауы анық.
Өйткені, ол кезде Өтеміс оң мен солын әбден таныған, қажыр-қайраты толысқан
нағыз
соқталдай жігіт. Бұл кезде Айшуақ сұлтан Кіші жүздің батыс бөлігін басқарды.
Оның құрамына жеті арыс Беріш те кірді. Пугачев бүлігі мен қалмақтардың қашуы тұсындағы
сүргіндерге ол, әрине, араласа алған жоқ. Ол кезде әлі қабырғасы қата қоймаған
жас еді. Ал, Ресейдің қазақтарды Пугачев көтерілісіне араласқаны үшін өш алу
мақсатындағы баса-көктеушілікке кіріскен тұсында ол нағыз күні-түні аттан
түспейтіндей жас ноян еді. Ендеше, оның "құла бір сұлу ат мінген,
құйрық-жалын шарт түйген, құм сағыздай созылған дулығалы бас кескен, ту түбінен
ту алған, жауды көрсе қуанған" Өтеміс батыр болып жүретін жылдары
Айшуақтың Кіші жүздің батыс бөлігіндегі Байұлы руларына да билікші сұлтан
болған кезеңімен тұспа-тұс келеді. Ал тоқтасып, ел таныған беделді бидің бірі
болып жүретін кезеңі, расында да, Айшуақтың Кіші жүздің ханы болған жылдарына сәйкеседі.
Айшуақтың беделді билерінің бірі аталуы да сол кезде болған сияқты. Сол кезде
алған үлкен беделі көпке дейін сақталғандықтан да, Бөкей Өтемісті 1814 жылы
патша ұлықтарына "еліне сыйлы би" деп мақтауға мәжбүр болған шығар.
Ел аузындағы Өтемістің Бөкей ханның ордасындағы беделді билермен қайта-қайта
сөзге келісіп қалып, қайта-қайта сазға отырғызып кете беретіндігі жайындағы әңгімелер
оның Айшуақ тұсында да көп қара жаяудың бірі емес, ақын айтса, айтқандай,
"елдің қамын жегенін" ханның "көзі көретіндей" елеулі тұлға
болғандығын аңғартқандай. Оның Бөкей, Сығай, Шомбалдарды пысы басып кете беретіндігі
де сол Айшуақтың тұсында қатарға кіріп үлгерген қарақұлақ, көнекөздігінен
секілді. Сондықтан да, олар Өтемісті жатырқап сыртқа тепсе, Өтеміс оларды қомсынып,
істеріне көңілі бітпейтіндігін қайта-қайта сездіріп қойып жүрген сыңайлы.
Не де болса, Өтемістің Нұралы заманының тек аяқ тұсын ғана көре қалғандығы, ал
ноян ретінде де, би ретінде де, адам ретінде де жұртқа танылып, дәурендеген
жылдары, негізінен, Айшуақ пен оның билік құрған қатарына дөп келгендігі, сондықтан
Нұралы шаңырағынан гөрі Айшуақ шаңырағына үйірірек екендігі бірден байқалады.
Тіпті, оның дәйім Жайықтан қайта-қайта әрі өтіп, қайта-қайта бері өтіп, шатаққа
ұрынатын кездеріндегі серіктері Есенкелді, Сарбөпе, Сартай, Тоқтан,
Жүзбатырлардың бәрі де Айшуақ заманында қатарға кіргендерге ұқсайды. Олардың
қай-қайсысы да Нұралы әулетінен гөрі Айшуақ әулетімен аралас-құраластау
екендігі аңғарылады. Тана Есенкелді Айшуақ ұрпағы Күсіпқали сұлтанға қыз берсе,
Өтемістің қайын жұрты алаша Кенжеғариндер әулеті Баймағамбет Айшуақ ұлының ауыз
жаласқан достары болғаны белгілі. Ең бастысы, Айшуақ сұлтандар партиясының
дәстүршіл қанатының басты тұлғасы болды. Олардың сұлтандар партиясының
"икемшіл" қанатының өкілдеріне қарағанда ру басылар партиясымен
ұғысатын тұстары көбірек. Екеуі де бақай есеп, көлгірліктен гөрі батыл сөйлеп,
батыра қимылдауға үйірлеу. Талай бекіністерге бірге шауып, талай керуендерді
бірге тонасты. Айшуақтың екі бірдей ұлы - Апақ пен Жантөренің көтерілісшілер
қатарында болып, біреуі мерт тауып, біреуі соққыға ұшырауы да соның бір айғағы.
Оның үстіне, Айшуаққа дейін бірде-бір хан, бірде-бір сұлтан қазақ қауымының
ара-жігі ашылып бара жатқанын байқап, оны қайта жымдастыруға бағытталған қадам
жасап көрген емес-ті. Сырымның бұл бағыттағы екі рет жасаған әрекетінің екеуі
де сұлтандар тарапынан тойтарысқа ұшырағанын жоғарыда айттық. Ал, Айшуақ хан
сайланған бойда-ақ сұлтандар, билер, батырларды өзара бітістірудің амалын
қарастырып, қағаз арқылы куәландырылған пәтуа жасастырды. Айшуақ патша
әкімшілігімен бірде мүйіз, бірде киіз болып жүрсе де, әскери баса-көктеушілікке,
ел билеудің тарихи қалыптасқан дәстүрлерін жаппай ысырып тастап, ресейлік
үлгіге көше салуға, патшалық жер саясатына өле-өлгенінше табанды түрде қарсы
шығып өтті. Сол үшін өзі де, балалары да тікелей опық жеді. Бұның бәрі -
Өтемістей ел жанды, жержанды, дінжанды адамның ықыласын оятпай қоймайтын тұстар
еді. Махамбеттің аузынан жоғарыдағы өлең шумағын туғызып жүрген сондай
ықыластың әсері болса керек. Алайда, тоқсандағы Айшуақ азғантай хандық құрған тұсында
қалың бұқара түгілі рубасылардың да, сұлтандардың да көздеген жерінен шыға
алмады. Ұзақ жылдарға созылған ішкі дүрбелеңдерден қажыған халықтың тұрмысы
әбден қайыршылық жағдайға жетті. Ол Айшуақ пен би-сұлтандар қабылдаған
"Пәтуада" да ашық жазылды. Одан құтылу үшін ең алдымен бірлік керек
екендігі де сонда айтылды. Бірақ, ол отаршылдыққа ұшыраған елде жүзеге асуы еш
мүмкін емес еді. Өйткені, отаршыл империя ешқашан өзіне бағынышты елдің ел
болып қалуына мүдделі болып көрген емес.
Ресей де солай еді. Ол әбден қартайған кісіні хан сайлау арқылы хандық билікті
қайтадан қалпына келтіргісі келмейтінін көрсетті. Біріншіден, оған кәрі адамның
қауқары жетпейтін еді. Еқіншіден, бүгін өле ме, ертең өле ме деп отырған ханның
тұсында таққа талас өрши түсетін еді. Бұл қауымды одан әрі ірітетін еді. Оның
үстіне, әлгіндей қаралай билікке талас кімнің кім екендігін де танытып беретін
еді. Ол биліктен дәмелілерді сұрыптап алуға жағдай жасайтын. Ал, патша өкіметінің
қазақ мемлекеттілігін сақтауға құлқы жоқтығы Нұралы мен Абылай тұсында-ақ анық
байқалған-ды. Енді оған хандық билікті құқықтық-ұйымдастырушылық жағынан ғана
емес, кадрлық жағынан да қауқарсыздандыра беру керек болды. Айшуақтың саясаттан
кетуі бұған дейін қазақ мемлекеттілігінің тарихи легитимдігін қалыптастырып
келген жатжерлік басқыншылықпен соғыста ерлігімен, сардарлық көрегендігімен көзге
түскен ноян сұлтандар легінің әбден таусылып біткендігін көрсетті. Ойраттардың
1771 жылы Алакөл алабында ақырғы рет талқандалуы қазақ қауымындағы батырлар
тобының саяси үстемдігін біржолата аяқтады. Бодандыққа көшу билер институтын да
түбегейлі өзгерістерге ұшыратты. Батырлық барымташылыққа, шешендік
дәукесшілдікке, билік әкімгерлікке ұласты. Елдікті ойлаған ерлік пен билік
дәреже мен дәулет қуған мансапқорлық пен пайдакүнемдікке орын босатты. Оның
бәрі уақыт жағынан да, кеңістік жағынан да бірден емес, біртіндеп жүзеге асты.
XVIII ғасырдың орта тұсында басталып, XIX ғасырдың аяқ шенінде аяқталып бітті. Кең-байтақ
қазақ жерінің әуелі батысынан шығысына қарай, сосын солтүстігінен оңтүстігіне
қарай өрістеді. Сондықтан да, аталмыш кезеңдегі Кіші жүз тарихы Қазақстанды
отарлау тарихының ең шытырман, ең қайғылы тарауларын түзді.
Өтеміс сол қасіретті процестердің қақ ортасында туып, ер жеткен алғашқы ұрпақтың
өкілдерінің бірі еді. Сондықтан, оның үйренуінен жиренуі, елігуінен безінуі,
ұмтылуынан ығысуы көп болған сыңайлы.
Ол - әуелі көшпелі дүниеге әбден тән жаугершілік заманның дәмін татты. Мәселен,
Сырым қозғалысы - оның айқын көрінісі еді. Ол алғашқы кезде жаман патшадан
құтылып, жақсы патшаға ие болуға болады дегенге сеніп, пугачевшілдерге қолғабыс
берді. Сол арқылы өз жерімізге, өз елімізге қайта ие бола аламыз деп ойлады.
Бұл - Сырым қозғалысының бірінші кезеңі еді. Расында, оның қозғалысы М.П.Вяткин
айтқан үш кезеңнен тұрмайтын. Пугачев көтерілісінің жеңілуі патша өкіметінің
қазақтарға ашық бас салуымен аяқталды. Сондықтан да, Сырым көтерілісінің екінші
кезеңін, М.П.Вяткин айтқандай, 1783-1784 жылдары патша әкімшілігі мен Жайық әскері
басшылығының зорлық-зомбылығына қарсы шыққан "шекаралық соғыс" деуге
болады. Бұл кезде сұлтандар мен рубасылар арасына жік түсе қоймағаны рас.
Алайда, патша саясатшылары бұл бірлікке жік түсіріп, хан төңірегін Пугачев
тұсындағы солқылдақтықтары үшін қорқытып, өз жағына шығара бастағанда, Сырым
қозғалысының үшінші кезеңі басталды. Ол, негізінен, қазақ ақ сүйектерімен
арпалысып, патша әкімшілігімен бейбіт қарым-қатынасқа көше бастады. Бұл кезең
1785 жылдан 1790 жылға дейін созылды (Сырым батыр. 327-б.) деген М.Вяткин
мөлшерлеуімен келісуге болады, алайда, ол кезде рубасылары мен халық бұқарасы қоян-қолтық
бір майданда күресті деген тұжырымына келісе қою қиын. Бұл күресті бүкіл бұқараға
телу шындыққа сәйкеспейді. Айқас қауымның жоғарғы қабатында сұлтандар мен
рубасылары арасында өрістеп жатқан-ды. Сырым саяси дағдарысқа ұшыраған Нұралы
ханды орнынан түсіргендігімен тынбай, хандық билікті түбірімен жою жолында
күресе бастады. Бұл - Сырым көтерілісінің төртінші және трагедиялық кезеңі еді.
Бұл арқылы ол онсыз да қалт-құлт етіп тұрған қазақ мемлекеттілігін қайтадан
нығайтудың орнына біржолата жойып жіберуге қолғабыс тигізе бастағанын білмей
қалды. Бұл арада Сырым көрші Хиуадағы Мұхамед Әминнің Шыңғыс тұқымын тақтан
тайғызып, жаңа билікші әулет шығарғысы келген әрекеттерінің әсері болғандығы
көп айтылады. Хиуа - тәуелсіз ел еді. Егер сыртқы күштер араласпаса, хан өзгергеннен
де, билікші әулет өзгергеннен де, ондағы мемлекеттілік құлап қалмайтын еді. Ал,
бодандық жағдайындағы қазақ елінде хандық билікті жою жолында күресу
отаршылдардың ұлттық шет аймақтардағы мемлекеттіктерді жойып жіберуге тырысқан
әзәзіл саясатының отына май құю еді. Сырымның басты қатесі де осында еді. Оның
көтерілісінің бесінші кезеңі патшалы Ресейге хандық билікті қайтадан қалпына
келтірмек болғандығы үшін соғыс ашудан басталды. Бұл тек сұлтандар мен
рубасылары арасындағы текетіресті ғана емес, Сырымның өз жақтастары арасындағы жіктелісті
де күшейтті. М.П.Вяткин бұны таптық күрестің нышаны ретінде бағалағысы келеді.
Бірақ, бұл шайқасқа марксшілдер түсінігіндегі езілген бұқара әзір араласа
қойған жоқ еді. Өріс пен билік жолындағы бұл сілкілес әлі де болса жоғарғы
қабаттар ауқымынан аса қойған жоқ еді. Демек, аса үлкен ру мен орташа рудың,
іргелі би мен әлжуаз бидің арасындағы қақтығыстар таптық күреске жата қоймаса
керек еді. Оның үстіне, Сырым мемлекеттік билікті халықтық билікпен алмастырғысы
келді. Монархияшыл Ресейдің шет
аймақтарына кіші монархияны, яғни хандықты қимай отырғанда, халықтық немесе
рубасылық республиканы қия қоюы қиялға сыймас еді.
Сондықтан да, Сырымның трагедиясы ол кезде әлі балаң таптық күрестің тәсілдеріне
шорқақтығында емес, енді-енді қанат жайып келе жатқан ұлт-азаттық күресінің стратегиясы
мен тактикасын жете меңгеріп үлгере алмай жаткандығында еді. Онсыз да феодалдық
анархия мен аумақтық бөліне-жарылушылыққа ұшырап отырған ұлттық мемлекеттілікті
әлеуметтік бөліне- жарылушылыққа ұрындырып, жетілдіре түсудің орнына, кетілдіре
түсуге ықпал етіп алғандығында еді. Алайда, Сырым қашан да кедір-бұдыр күрес
жолымен жүзеге асатын ұлт тәуелсіздігі, халықтар тендігі, әлеуметтік әділет мұраттарының
қазақ санасында да орнығып-нығаюына қасық қаны қалғанша қызмет ете
білгендігімен қастерлі тұлға болып қала бермек.
Махамбеттің әкесі Өтеміс те осы Сырыммен тұрғылас және тұғырлас тұлға
болғандығы байкалады. Ел арасында және Өтеміс балаларында сақталып қалған
әңгімелерге қарағанда, ол Сырыммен жақсы қарым-қатынаста болған секілді. Атақты
батыр өлер алдында Өтеміспен қыз беріп, қыз алыса алмадым деп өкініпті деседі.
Соған байланысты Өтеміс ұлы Әйіпке Сырымның үлкен ұлы Жүсіп тарханның қызын
айттырады. Жүсіп тархан ризашылығын береді. Қалың ойнай барғанда Әйіп бір
палуанмен абайсыз белдесіп, мерт болады. Жүсіп оң жақта отырып, жесір қалған
қызын Әйіптің ағасы Қожахметке әмеңгерлік жолымен әйел үстіне ұзатады. Махамбет
пен Өтеміс туралы, жалпы Қүлмәлі әулеті туралы құнды деректерді қағаз бетіне түсіріп,
жазушы Б.Аманшинге тапсырған Қари Жұматов ақсақал Қожахметтің сол Жүсіптің
қызынан туған Лұқпан деген ұлынан тарайды. Бұл - Өтемістің өз кезінде беделді
адам болғанына тағы бір дәлел бола алса керек. Оның үстіне, шалғай жерде жат
ортада мерт тапқан батырдың ақтық сәтінде өзінен жиырма жастай кіші Өтемісті
ауызға алуына, оның аманатын баласы Жүсіптің бұлжытпай орындауына қарағанда,
оның Сырымға ерекше еңбегі сіңген адам сияқты. Сырым батыр көпе-көрінеу елден
аласталып, жалғыздыққа ұшыраған жылдарында, тіпті жат жерде көз жұмып бара жатқанында
қасында Өтеміс болмады ма екен деген де ой қашады. Әйтпесе, он мындаған қол
ертіп, ойқастап өткен Сырымның жан тәсілім шағында әншейін біреуді есіне алып,
әлгіндей қимастық көрсетуі мүмкін емес қой. Қари ақсақал бұл әңгімені басқаның
аузынан емес, өзінің туған әжесінен - Жұматтың анасы, Лүқпанның әйелі Жүсіп қызының
өзінен естуі де әбден мүмкін ғой. Әттең, сұраушысының баландығынан аса маңызды
бір жәйт күңгірт қалып қойған. Не де болса, бізге Сырым-Өтеміс ара қатынасына Хиуаның
да бір байланысы бардай көрінеді де тұрады. Өтеміс жайындағы ең соңғы дерек -
Айшуақ ұлы Серғазының керуенін бастап, Хиуа ханы Мұхамед-Рахимге барып жүргені.
Демек, бүл оның өлер алдында шығарған кәсібі болмаса керек. Сонау Сырым заманында
да оның Хиуамен жақсы қарым-қатынасы болуы мүмкін. Әлгі деректе қасында Смайыл
деген кісі болғаны айтылады. Б.Аманшин оны Өтемістің ұлы Смайыл болуы мүмкін
деп жобалайды. Бізге де Махамбетке, Хасенге, Мұсаға да Хиуаға үйірлік осы Өтемістен
дарыған сияқты боп көрінеді.
Не де болса, Өтемістің өле-өлгенінше ел қамын жеп өткен ер болғандығы ешқандай
күмән туғызбайды. Сондықтан да, өршіл ақын өз әкесін өзіне өнеге тұтқандығы айқын
көрініп тұрады.
Академик Қажым Жұмалиев Махамбет жырларында екі адамның - Исатай мен өзінің
бейнесі сомдалған дейді. Біздіңше, тағы бір қапысыз сомдалған бейне
ескерілмеген. Ол - Өтеміс. Ақынның әкесі. Басқаларын қойып, тек мына бір өлеңге
ғана үңілелікші: "Менің әкем - Өтеміс. Жауырыны жалпақ, мойыны ұзын.
Атарына қолы ұзын. Қабағын қара биік берік басқан. Жауырынына күшіген жүнді қу
жебе оқ шанышқан. Оң келгенін оң атқан. Сол келгенін сол атқан. Солақай тартып,
бек атқан. Құланды қақтан қайырған. Ерегескен күнінде хандардың талайын тақтан
тайдырған". Пай-пай, әке болса, осындай-ақ болар! Әкесін мұншама әз-әулие
тұтқан бала болса, осындай-ақ болар! Нағыз әкесінің ұлы. Малы иелі, жері киелі,
емген сүті нәрлі, естіген сөзі мәнді аталар заманы-ай! Атамның заманы-ай!
Атамзаман-ай! Әкесіне тартқан ұл сүйгеннен артық мұрат бар ма?! Атасына қарап
ұл тандап, шешесіне қарап қыз таңдағанның арқасында ғана халқымыз халық болып
қалған жоқ па? Әкесіне тартып туған ұл болудан асқан дәреже бар ма?! Ол
дәуірдегі адамның статусы. Құдай сақтасын! Әркім - бір мемлекет қой. Әр бас -
бір падиша, әр бөрік - бір тәж ғой! Ешкім ешкімге астамшылық жасай алмайтыны да
содан ғой. Мәселен, мынау Махамбет сипаттап отырған Өтеміске әзіл-қалжың айтып,
кекеп-мошқау түгілі батылың барып, сәлемдесуге де дәтің шыдамастай ғой!
Сөйте түра, ол сонау 1716 жылдың тамыз айында Сүйіншіқали сүлтан ертіп келген
45 қісінің, өз руластары, қолынан басына қамшы ойнап, шаңырағы ортасына түседі.
Бұл қалай? Бұл сұраққа жауап таппай, біз Өтемістің де, Махамбеттің де тағдырына
ойдағыдай қаныға алмаймыз.
Біздіңше, бұл сұраққа жауаптың ұштығы, тап әлгі сөз болып отырған жыл мен айда
емес, баяғы сол Өтеміс дәурендеген Айшуақ пен Сырым заманында жатқан сияқты.
Егер біз Сырымның 1802 жылы, Айшуақтың 1810 жылы қайтыс болғанын ескерсек,
біраз нәрсеге қанығамыз.
Патша әкімшілігі Сырымды қолдаймыз деп, өзіне одақтас табудың орнына азулы әрі
қатерлі қарсылас тауып алған соң, амалсыз хандық билікті қалпына келтіруге
мәжбүр болды. Өйткені, сұлтандар тобының әлеуметтік тірегі Сырым сынды азулы
рубасылардың, басқаша айтқанда, феодалдардың әлеуметтік тірегіне қарағанда
әлсіз болды. Сұлтандар қалың бұқарамен рубасылары мен батырлар арқылы ғана
араласа алды. Ал, рубасылар - халықтың табиғи қалыптасқан саяси-эқономикалық
бірліктерінің өздері шығарған көсемдері еді. Хандардың сұлтандардан сайлаған ұлысбектері
тек сол ру ақсақалдарының қолдауымен ғана басшылық ете алды. Қолдарындағы саяси
ықпалдан айырылып қалмаудың қамын ойлаған сұлтандар бұрынғы қаралармен сүйек
шатыс болмайтын дәстүрлермен қош айтысып, аса іргелі рубасыларымен қыз алысып,
қыз берісе бастаған түрі байқалады. Оған төре Әбілқайыр мен табын Бөкенбайдың
туған бөле болып келуі, Уәлиханның әйелі Айғанымның қарақалпақ қызы болуы,
байбақты Сырымның апасы Әбілқайырдың келіні болуы, Нұралының нағашы ағасы Адай
батыры Мырзатай болуы, Жәңгірдің бір әйелі татар, бір өйелі қожа, бір әйелінің Шеркеш
руының Мүсіреп деген биінің қызы болуы осыны аңғартқандай. Мәселен, Есім хан
Байбақтыларға жиен болған соң, сұлтан Күсіпқали таналарға күйеу болған соң ғана
билікші бола алып жүргендей. Патша сарайы О.Игельстромның бұратана халықтардың
билігін ақсүйеқтерден қара сүйектерге алып бермек ойынан айнып қалуының бір
және ең маңызды себебі - шет аймақтардың төл мемлекеттілігінің әлеуметтік
тірегінің күшейіп кетуінен сақтану болуы да ғажап емес.
Не де болса, Кіші жүздегі хандық билікті қайтадан қалпына келтіруге мәжбүр болған
патша өкіметі оны нығайтуға мүдделі болған жоқ. Онсыз да губерниялық әкімшіліқтің
қолжаулығы болып отырған хан қасынан құрылған Хан кеңесінің аты ғана байырғы
естілгенмен, заты хан билігін шектейтін, орыс өкіметі бекіткен ереже және ол
берген нұсқаулар бойынша қызмет атқаратын қосалқы алқа болды. Бұл кеңестің
Айшуақ тұсындағы төрағасы Бөкей билікқұмар бауыры Қаратайдың үстем түсіп
кетуінен сескеніп, ханға қарсы ашық күрес жүргізбеді. Ал, Айшуақ бақталасы
Қаратайдың қолындағы билікті азайта беру мақсатымен оның негізгі тірегі болып
есептелетін Байұлы руларының біртіндеп Жайықтың батыс жағына өтіп, әуелі ұлыс,
сосын хандық болуына кедергі келтірмеді. Бірақ, бұл Айшуақтан шыққан бастама емес
еді. Патша үкіметі бұл арқылы әуелі Сырым көтерілісі нәтижесінде Кіші жүз
шамадан тыс ушығып кеткен ахуалды сабасына түсіргісі келді. Әйтпесе, өріс
жетпей, өзара қырқысып жатқан Кіші жүздегі қазақтары торғауыттар кеткелі отыз
жылдан астам бос жатқан Еділ-Жайық арасындағы жерлерге өз бетімен лап қояр еді
де, Орынбор, Астрахан, Сарытау өлкелерінде жағдайды шиеленістіріп жіберер еді.
Олай болмауы үшін Жайықтан арғы далалардағы қазақтардан келуі ықтимал қауіптерге
қазақтың өзін тосқауыл қою қажет болды. Сол мақсатпен Астрахан қазақ әскерінің
командирі полковник П.С.Попов Кіші жүз Хан кеңесінің төрағасы Бөкейге жолығып,
қол астындағы руларымен Нарын далаларына бір жолата қоныстануға рұқсат сұрап,
хат жазуға кеңес берді. Оған құлақ асқан сұлтан Кавказ шебінің командашысы
генерал-лейтенант К.Ф.Кноррингке 1801 жылы 11 ақпанда хат жазып, өз өтінішінің
императорға жетуіне қолғабыс сұрады. Араға бір ай түспей жатып, император I
Павел Бөкей Нұралыхан ұлының өтінішін қабыл алып, "қалаған жерінде көшіп жүруіне"
рұқсат етіп, өз суреті салынған медальмен марапаттады (История Букеевского
ханства. 1801-1852. А., 2002. 30-б.). Ал, П.С.Попов патша жарлығы бойынша сол
жылдың қыркүйегінде Бөкей сұлтан мен Сырым батырдың қарауындағы елдерді ішкі
бетке өткізу үшін жасауыл В.Ф.Скворцовты жұмсайды (Бұл да сонда. 32-б.).
Тарихшы - А.Евреинов, И.Бирюковтардың дерегінше, желтоқсан айында Еділ мен
Жайық арасына Бөкейдің қарауындағы 183 шаңырақ, інісі Сығайдың үй іші және
Сырым батыр мен тума-туысқандары көшіп келген (Бұл да сонда. 5-б.).
М.Вяткиннің айтуынша, Сырым Еділ мен Жайық арасына қазақтардың тек қыстақ
кезінде көшуіне рұқсат сұраған. Ол тарапта қыстағандар көктемде Жайықтың шығыс бетіне
көшер еді. Бұл арқылы "ішкі жақты" қазақтар ешқандай саяси ыдырауға
ұшырамай-ақ пайдалана алар еді. Ал, Бөкей ұсынған "ішкі жақты мәңгі
пайдалану" немесе тұрақты пайдалану әлгіндей ыдырауға ұшырататыны сөзсіз
(Сырым батыр. 323-б.). Ол сөйтіп өз хандығын құруға күш салды. Біздіңше, патша
әкімшілігі Бөкей мен Сырымның ұсыныстарының арасындағы мұндай айырманы көре
тұра, екеуіне де тұрақты қоныстануға рұқсат беруі әдейі істелген айла болса
керек.
Қой мен бөріні бүйтіп қоңсы қондыру, бір жағынан, Бөкейдің іргесінен тықыр
кетпеуін, екінші жағынан, Сырымды өз қозғалысының әлеуметтік өрісі болып
табылатын Кіші жүз арасынан және одақтастары болып табылатын Орта Азия
хандықтарынан алыстата түсуді көздесе керек. Оның үстіне, әлгі М.Вяткиннің
айтуынша, Сырым көздеген екі мақсаттың; қазақтың мемлекеттілігін жаңарту мен қонысын
ұлғайтудың екеуінің де қанатын қырықты. Бұндай қыспаққа Сырымның сия алмасы
белгілі. 1802 жылы Хиуаға барып қаза табуы соған айғақ. "Сырымның қозғалысы
басып-жаншылған жоқ, өз-өзінен өшті" (М.Вяткин). Өйткені, оның қазақ
ақсүйектеріне қарсылығын қазақ арасында шынымен қолдайтындар аз емес еді, ал
патша әкімшілігіне бұл нағыз іздегенге сұраған болды. Ол кезде қозғалыс шырқау
шыңына жетті, ал, Ресейге ашық және қарулы жолмен қарсылыққа көшуі патша
әкімшілігіне жақпайтыны, сірә, белгілі, қазақтардың ақсүйектерін де, қара
сүйектерін де айта қаларлықтай қобалжытты. Бұл кезде ол басқарған қозғалыс
өз-өзінен бықсып өше бастады. Бұл патша әкімшілігінің қазақ мемлекеттілігін
әлсіретудің бір кезде Неплюев бастап берген әдісіне қайта жүгінуіне қолайлы
жағдай туғызып берді.
1790 жылы Нұралы Уфада өлген соң хандықтың Ералыға тиюі, оның орнына хан болған
Есімнің патша әкімшілігінің қолдауында жүрген Сырым қолынан қаза табуы Нұралы әулетінің
намысын мықтап қоздырды. Есімнің тағының тағы да жасы жетіп отырған Айшуаққа
бұйыруы бір кезде Жәдік пен Өсеке балаларының арасында болған тайталасты енді
Әбілқайыр әулетінің өз арасына көшірді. Әуелі Айшуақ пен Қаратай тұсында
басталған бұл тайталас Жантөре Айшуақұлы хандық құрған кезде тіптен өршіп
кеткен түрі бар. Шамасы, Нұралы балалары бұл жолы да бір кезде әкелерінен қалған
тақты иемдене алмағандарына шамданса керек. Жантөре таққа отыра сала Сыртқы
істер коллегиясына Бөкей сұлтанның қол астындағы ауылдардың өзі басқарып келген
Жетіру ауылдарына барымта жасап отырғандығы туралы шағым жолдауға мәжбүр болды
(История Букеевского ханства. 87-б.). Бірақ, Бөкей өз қол астындағылардың да
жоғалтқан малдарын айтып, хан шағымына құлақ аса қоймаған тәрізді. Губернатор
бұнысын бетіне басып, елдің тынышын ала бастаған Қаратай мен Орман сұлтандарға
ақыл айтып, бұзақы қылықтарын тоқтатқызуды сұрайды (Бұл да сонда. 90-б.).
Бірақ, Бөкей бар пәлені Жантөре мен Орманның өзара араздығына жауып, бұл
мәселеде де онша ыждаһат көрсете қоймайды. Өйткені, Жантөре бір кезде бүкіл
қазаққа қысылған кезде қыстақ болған ен Нарынға ел жолатпай отырған Бөкейге де қарсылық
білдіріп, губернатор Г.С.Волконскийге бұл мәселені, Астрахан әкімшілігін
араластырмай, өз қолына алуды ұсынған-ды (Бұл да сонда. 91-б.).
Бұл Нұралы балаларын бұрынғыдан бетер топтастыра түсті. Айшуақтың хан кезінде
Хан кеңесі "ханға қарсылық ұясына" айнала қоймап еді. Өйткені,
кеңестің ол кездегі төрағасы Бөкей сұлтан өз мақсатына тайталас екі жақтың
екеуінің де қабағына қарай отырып жетуді көздеп еді. Ал, жаңа төраға Орман өз
бауырын ашықтан ашық қолдады. Әрі жеке ұлыс билеп кеткен Бөкейге де арқа
сүйеді. Бұны аңғарған Орынбор губернаторы Бөкейдің алдына Қаратай, Ормандарды
Жантөремен татуластыруды, "екеуінің оған бағынуын" қамтамасыз етуді
міндет етіп қояды (Бұл да сонда. 92-б.). Ішкі Орда мен Сыртқы Орда қазақтарының
ара қатынасының бұлай шиеленісуіне сол кездегі Кіші жүз қазақтарының қатты қысқа
ұшырауы, ел тұрмысының нашарлауы аз себеп болмағандай. Жайық сыртынан
қазақтардың кеп өтуі Еділ беттегі қалмақтар мен қондауыр татарларын да, казак
шептері тұрғындарын да қатты қобалжытқандай. Соларға арқа сүйеген Бөкей
Астрахан әкімшілігін де өз жағына тарта алғандай. Бұның бәрі оның Орынбор
губернаторының тапсырмаларына жүрдім-бардым қарауына жағдай жасап
бергендей.
Астрахан тарапынан жеткен хабарға құлақ асқан император I Александр 1808 жылғы
13 наурызда Орынбор губернаторы Г.С.Волконскийге Жайықтың шығыс бетіндегі
қазақтардың Бөкейдің рұқсатынсыз Нарын бетке өтуіне тыйым салу туралы жарлық
шығарады (Бұл да сонда. 126-б.). Бұған князь Г.С.Волконский арнайы жауап жазып,
қазақтарды Ішкі Ордаға өткізбеу олардың не ала шөлде аштан және суықтан
қырылуына, не Жайықтан өз беттерімізбен өтеміз деп бостан-босқа суға кетуіне,
не жолдарын бөгеген әскерге ызаланып, әскери бекіністерге беталды тиісулеріне
ұрындыруы ықтимал екендігін мәлімдейді (Бұл да сонда. 127-б.). Ал, Г.С.Волконскийдің
Астраханның азаматтық губернаторы Л.А.Кожевниковке жазған хатынан Бөкейдің
Орынбор әкімшілігінің шешімі бойынша Жайық бойына келіп, Жантөремен кездесіп,
өзара барымта жайындағы жанжалды
бірлесіп шешуден әдейі бой тартып жүргенін аңғарамыз. Ол Астрахан әкімшілігін
Жантөре мен Орман хан өзін өлтіріп қоя ма деп қорқатынын айтып сендірсе,
Г.С.Волконский бұнысының қисынсыз сылтау екендігін дәлелдеп, әуелде Жантөре
қарауындағы Жетіруға жасалған барымтаға тікелей араласы болғандықтан қашқақтап
жүргенін алға тартады (Бұл да сонда. 128-б.).
Ақыр аяғында, сол жылдың сәуір айында Бөкей сұлтан Жайық бойына барып, Жантөре
хан және Орман сұлтанмен көзбе-көз жолығысып, дауласып жүрген мәселелерін
шешеді. Бірақ, Бөкей сұлтан I Александр ағзамға Жайық бойында "мені
тұтқында ұстады" деп арыз береді (Бұл да сонда. 135-б.). Аталмыш
келіссөзді жүргізген генерал-майор Д.И.Гертценбергтің айтуынша, ондай жағдай
орын алмаған болып шығады. Сөйтсе, оған өз өтініші бойынша, күндіз 25, түнде 50
казактан тұратын жеке күзет бөлініпті. Бақсай бекінісінен екі шақырым қашықтықтан
өзі таңдап алған жерде тұрыпты. Бұның бәрін Жантөре хан тарапынан қауіп төніп
қала ма деп, Бөкей ханның өзі істетіпті (Бұл да сонда. 142-143-бб.).
Сыңайы, орыс әкімшілігінің сол жолы жүзеге асырған Жайықтан өтудің жаңа тәртібі
Бөкейге тап онша ұнай қоймаса керек. Енді ондай рұқсатты бұрынғыдай Бөкей
бермейтін болды. Бөкейдің қол астындағы ел Ішкі Орданы тұрақты мекендеуге қайта
өткізілді. Қалған қазақтар тек шекара өкіметінің билетімен мұз қата батысқа,
мұз еріген соң шығысқа өте алатын болды (Бұл да сонда. 148-152-бб.). Негізінен,
Орынбор әкімшілігінің күш салуымен мұндай жаңа ереженің қабылдануына бүкіл
Нарынды қысы-жазы бір өзі жайлағысы келген Бөкейдің іш тарлығы да айта
қаларлықтай себепші болса керек. Бұған басқалар түгілі Нұралының өз балалары да
ырза бола қоймаса керек. Көп уақытқа дейін Қаратай мен Орман да Бөкейден сырт
орай жүрген. Ал, оның жеделдесі, түрікмен ханы атанғанмен, Байұлының көптеген
ауылдарына ықпалы бар Пірәлі қол астындағы елі мен малының көптігін пайдаланып,
Ішкі Ордаға қайта-қайта өтіп, өрісін тапап, малдарын айдап, адамдарын азғырып
көшіріп әкетіп отырған (История Букеевского ханства. 48-б.).
Сондай ықпалға алдымен ұшыраған екі Беріш руының біреуін Жүзбатыр, екіншісін
Өтеміс би басқарыпты. Олар 1804 жылдың 26 наурызында Жайықтан өтеміз деп екі
рет ұмтылғанда, шекара әскері жібермей қояды. Бұны көрген Шеркеш руының биі
Бекпенбет би қол астындағы елімен Бөкейдің қасына қайта көшіп қетеді (Бұл да
сонда. 79-б.).
Ал, Астрахан казак әскерінің командирі П.С.Поповтың Ішкі істер министрі В.П.Кочубейге
хабарлауынша, Бөкейге еріп келген 7000 шаңырақтың тек бір мыңы ғана көшпеген.
Ол да, негізінен, әуелде Бөкейдің жеке қол астында болған Ноғай руының
шаңырақтары болса керек. Ал, қалған ауылдар Жайықтың арғы бетінде қалған табан
жұртынан біржолата ірге ажыратып кете алмай, көп қиналған тәрізді. Оның үстіне,
әлгі П.С.Поповтың пайымдауынша, Астрахан кордоны инспекторы генерал-майор И.И.Завалишин
тарапынан да аз зардап көрсетілмеген түрі бар.
Жыл өткен сайын мұндай ауаланушылық күшейе түспесе, азая қоймаған. Мәселен,
1808 жылы Беріш Асан, Түменбай, Раим, Нәрішкей, Атамбек, Мұтай билердің,
Қаратоқай Амандық, Адай Тұрмантай билердің, Орман сұлтанның қарауындағы
байбақтылардың көп ауылы мал-мүлкімен шығыс бетке өтіп кеткен (Бұл да сонда.
117-б.). Ал, атаман Д.М.Бородин бұндай ауа көшкен ауылдардың жақсы-жайсандары
Жантөре ханға бір-бірден, не екі-үш кісіден аспай, оңашаланып келіп, жиі
жолығатынын мәлімдейді (Бұл да сонда. 125-б.). Ал, аталмыш кезеңде бір-бірімен
ұстасып жүрген Жантөре хан мен Қаратай сұлтан, канша дегенмен, бір тұтас
хандықтың тағына таласып жүрген-ді. Ал, Бөкей сүлтан болса, Еділ мен Жайық
арасына басқаларды аттап басқызбайтындай қып, үй ішінен үй тігіп кетуге асықты.
Бұл оның қол астындағы елдің естияр адамдарының көбіне ұнай қоймаған сияқты.
Солардың біреуі Өтеміс болса керек. Шамасы, "Нұралыдан қалған көп тентек
бүлдірмегей еді елімді" дейтін күйікті ұғымды Махамбеттің көкірегіне ең
алдымен өз әкесі Өтеміс ұялатқан түрі бар. XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасыр
басында еңсе көтерген жаңа отаршылдық саясатты енгізу барысында туған
наразылықтардың көпшілігі Жайықтың шығыс бетінде, көбінесе, Айшуақ, Ералы,
Батыр әулеттері билейтін ұлыстардың жерінде бой көрсетті. Өтемістің Нарынды
тастап, шығысқа ұмтылатын тұстарының көбі сол наразылықтардың әбден өршіп
тұрған шақтарына сай келеді. Нұралы мен Айшуақ балаларының арасына өрмек жайған
өшпенділік, 1809 жылғы 2 қарашада Кіші жүз ханы Жантөре түн ортасында, бір деректер
бойынша, Мерген бекінісінің, екінші деректер бойынша, Сахарная бекінісінің
маңында өз ордасында мерт тапқан.
Ордаға бейуақ лап берген екі жүз кісіден, 12-15 адам хан жатқан үйіне кіріп,
төсектегі Жантөреге жабыла қару жұмсаған. Сөйтіп, елу жастағы ханның денесі
жиырма жеті жерден пышақталған. Екі әйелін, қызын, немере қарындасын зорлап,
тұлымдарын кесіп, айдалаға апарып тастап кеткен жерінен Жантөренің бауырлары
Шерғазы, Алғазы, Тәукелер әзер іздеп тауып алған (Материалы по истории Казахской
ССР. 1785-1828. Т. IV. С. 245-б.). Бұндай қанқұйлы шаруаны марқұмның немере
туысқандары Қаратай, Орман, Қара және Тонаш сұлтандар басқарған (Бұл да сонда).
Махамбеттің: "Төреде туыс болмайды" деген сөзі осындайдан қалса
кереқ.
Бір кезде Есім ханды бір әйелінің үйінде Сырымның сарбаздары төсегінде басып,
турап кетсе, енді сондай "қызыл қуырдақты" сұлтандардың өздері
өздеріне жасап отыр. Егер бұған арада бірер жылдар өтісімен, Жантөренің ұлы
Арыстан мен Шерғазының ұлы Есқазының да осындай кепті кигенін ескерсек, Кіші
жүздегі сұлтандар беделінің қаншалықты құлдырап кеткенін байқай беруге болар
еді. Бірақ, бұл тек төрелердің ғана басынан ауып бара жатқан бақ емес еді. Сол
кезде Үш жүздің үшеуінде де болған Г.Спасский айтқандай: "Қырғыз-қазақтар
өз билікшілері мен хандарына деген ізеттерінен айырылумен бірге бастарындағы
бақтарынан да айырылып еді" (Сибирский вестник. ч. IX. Спб., 1820.
185-б.). Бұл - елдігінен, мемлекеттілігінен айырылар еді деген сөз. Ал, елдік
жоқ жерде теңдік жоқ екендігіне кейінгі үш ғасыр куә.
Алайда, айталмыш кезеңде хандық биліктен әлі біржолата дәурен кете қойған жоқ еді.
Күні кеше өз еркімен тәжден бас тартқан Айшуақ әлі тірі еді. Жантөрені қанға
бөктіргендерді қатаң жазалауды қанша талап етқенмен, ол мақсатына жете алмады.
Оның бүкіл тұқымының соңына түсіп алған Қаратай мен Орман сұлтан қолға түспей
құтылып кетті. Айран ішкендер құтылды да, шелек жалағандар тұтылды. Тоқсандағы
Айшуақ бұл қорлыққа шыдай алмай, құсадан өлді. Артында қалған ұлдары Шерғазы,
Әлғазы, Әспендияр, Баймағанбет, Тәуке өкіметке сенеміз деп, қаралай бармақтарын
тістеп қалды. Енді Айшуақ пен Нұралы тұқымы ашық жауластыққа көшті. Сөйтіп, бір
кезде барып О.Игельстром реформасына тізе қосысып, бірге қарсы шыққан Нұралы,
Ералы, Айшуақтардың бел балалары әкелері құрған туысқандық одақтың тас талқанын
шығарды.
Қаратай Шерғазы бастаған Айшуақ балаларынан қорқып, алты мыңдай қол ертіп
күні-түні ат үстінде жүрді. Орман сұлтан қарауындағы елімен Нарын бетке лап
қойды. Айшуақ балалары да қол жия бастады. Олар 1813 жылғы көктемде Қаратай
сұлтанды өкшелеп қуып жүріп, мың түйесін, 7-8 мың қойын, қарайған мүкаммалын олжалап
алды. Енді Орманды қуалап Нарын бетке маза бермейтінді шығарды. Қазақ
билікшілерінің бұл итірқылжыңын пайдаланған князь Юсупов, графиня Безбородко,
т.б. орыс шонжарлары Еділ мен Жайық арасындағы теңіз жағалауын өздеріне қаратып
алды.
Бұл, әсіресе, Бөкейге оңай тимеген тәрізді. Қаратай мен Орманға ашық қосылайын
десе, Орынбор әкімшілігінің наразылығына ұшырайды. Қосылмайын десе, екі оттың
арасында қалады. Сондықтан, патша сарайына дейін дүрліктіріп, Айшуақ
балаларынан тууы мүмкін қауіпті айтып, өз басының қауіпсіздігін мықтап алуға
күш салған түрі бар. Генерал-майор Попов оған қысты Астраханда өткізуді ұсынады.
Бірақ, өйтсе, қол астындағы ел өзінен біржолата безіп кете ме деп қорыққан
Бөкей бұған келісім бермейді. Сөйтіп, Астрахан түбіндегі Қызылжар (Красный Яр)
мен Байдақ маңын мекендеуді жөн көреді. Бөкейдің өзі таратты ма, әлде расында
да солай болды ма, Жайықтың ар жағынан Қаратай мен Орман мың кісімен келіп, Атырау
жағалауындағы балық батағаларын шауып, Бөкейді де Жантөре секілді өлтіріп
кетейін деп жатыр екен деген лақап жайылды. Астрахан әкімшілігі зеңбірекке
дейін пайдаланып, ондай жойқын-шылыққа жол бермеуге әзірленеді. Бөкейдің жеке басының
қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жүзбасы Хабибулла Булаттанин басқарған жүз қазақ
бөлінді. Оның үстіне, Ноғай руының Айтбай Мамбетқазиев басқарған жасағы қүзетте
тұрды. Бөкей сұлтан 1810 жылы 1 қарашада Х.Булаттанин мен А.Маметқазиевті
марапаттау туралы I Александр патшаға өтініш жасады. Сөйтіп, Бөкей сұлтанның
жеке басының қауіпсіздігі императордың өз бақылауындағы аса маңызды мәселеге
айналды (История Букеевского ханства. 164-166-бб.).
Өйткені, Анна Иоановна мен Елизавета Петровна тұсындағы қазақ даласын
бодандықта ұстау саясаты II Екатерина тұсынан бастап, біржолата қосып алу
саясатына ұласа бастап еді. Ол саясатты О.Игельстром хандық билікті біржолата
жою арқылы жүзеге асырғысы келсе, Г.С.Волконский хандық билікті біртіндеп әлсірету
арқылы жүргізе бастады. Бұл жаңа бағыттың жүзеге асуында 1810 жылдың 25
наурызында I Александр патша қабылдаған шешім бойынша сол жылдың тамыз айында
Орынбордан жүз шақырымдай жердегі Елек бойында өткен хан сайлауы ерекше маңызды
оқиға болды. Бұл жолы құрылтайға жұрт алдын-ала айқын екі тарапқа бөлініп, ашық
текетірес ахуалда жиылды. Атырау тараптағы елді Бөкей Нұралыұлы бастап келді.
Ел қарасынан қашып, аулақтап кеткен Қаратай сұлтан да онымен бірге келді. Бұлар
өз алдына орда тігіп, бөлек жайғасты. Сырдария тараптағы елді марқұм Жантөренің
туған інісі Шерғазы Айшуақұлы сұлтан бастап келді. Бұлар Нұралы балаларын
құныкер ауыл санап, қараларына жоламай, аулақ қосын тікті.
Бұндай жағдайда, екі тарап екі бөлек хан сайлайтын болды. Бірақ, оны қашан
император бекітіп, өз жарлығын шығарғанша, екеуі де ақ киізге көтерілмейтін
болып шешілді. Алайда, 25 тамыз күнгі сайлауда ол тәртіп сақталмады. Жұлдыздары
қарсы екі топ бір-біріне тұра ұмтылып, ашық майданға шыға жаздады. Екі араға
алдын ала әзірленіп қойылған орыс әскері тосқауылға тұрып, жаңа қан төгіске жол
бермеді. Ашынған Сырдария тобы Шерғазыны хан сайлап, айтқанды тындамай, айдай
жұрттың алдында ақ киізге қөтерді. Атырау тобы да солай етпек болып еді, хан
сайланған Бөкей губернатордың сөзіне құлақ асып, көнбей қойды. Бірақ келесі
күні көпке топырақ шаша алмай, ақ киіздің үстіне шығуға тура
келді.
Сөйтіп, бір Кіші жүзде бірінші рет, бір күні, бір жерде өткен бір сайлауда екі хан
сайланды. Бұрынғы бір Орданың енді екіге бөлінері анық еді. Өйткені, Бөкей Төменгі
Жайық бойындағы Сарайшықтан билік жүргізіп, Еділ, Жайық бойымен әрлі-берлі
өтетін керуендердің бұйдасын өз ағайындарына ұстатқысы келді. Шерғазы қыста
Орынбор маңына келіп, жазда Сырдария жағындағы Хиуа, Бұқар керуен жолдарының
бойын жайлайтын болды.
Осы жағдайды ескерген Г.С.Волконский 1811 жылғы 17 қазанда император
I Александр ағзамға сайлау нәтижесін хабарлап, Бөкейдің билігін Жайықтың батыс
бетімен шектеп, Ішкі Орданың ханы, ал Жайықтың шығысындағы ен байтақ далалық аймаққа
Шерғазыны хан етіп сайлауды ұсынды (Бұл да сонда. 167-170-бб.). 1812 жылғы 1
мамырда император I Александр "Кіші жүздің сұлтандарына, билеріне,
рубасыларына, тархандарына және барлық қазақтарына" "олардың өз
еріктерімен атаған және сайлаған екі ханын" бекіткенін хабарлады. Олардың
біреуі - "Жайық сыртындағы, Төменгі Жайық шебіндегі, сондай-ақ, Астрахан далаларыңдағы",
екіншісі - "Жоғарғы Орынбор шебінен Сыр Дария өзеніне дейінгі Хиуа мен
Бұқарға барар жолдағы кең-байтақ жазиралардағы" көшіп-қонып жүрген
"қырғыз-қайсақтарды" билейтін болды. Әрқайсысына хандық белгі ретінде
императордың мөрі басылған сенім хат, аттары жазылған алмас қылыш беріліп,
бұлғын ішік, құндыз бөрік кигізілетін болды (Бұл да сонда. 172-б.).
Сөйтіп, Жантөренің тағын Қайыптың баласы Арынғазыға бұйыртпай, өзі иемденіп кетуді
армандап жүрген Шерғазы да, өз алдына отау тігіп кетуді көксеп жүрген Бөкей де,
таққа таласып баққан Нұралы мен Айшуақ әулеттері де дегендеріне жеткендей
болды. Бірақ, бұның бәрі "алдамшы жеңіс" еді. Нағыз "шын
жеңіске" бір табан да болса жақындай түскен тек патша әкімшілігі ғана еді.
Бұл орайда, тарихшы А.Ф.Шахматовтың: "Бөкей ордасының құрылуы шынтуайтқа
келгенде патша үкіметінің, атап айтқанда, барон Игельстромның саясатының
нәтижесі еді" (Внутренняя Орда и восстание Исатая Тайманова. А., 1946.
8-б.), - дейтін пікірі назар аударарлық. Ал, Азия істері жөніндегі комитет,
1820 жылы Кіші жүздегі билікті Шерғазы мен Арынғазы арасында бөлісу мәселесін
талқылай келіп, О.Игельстром саясаты туралы: "Бұл генерал Кіші жүзде
тыныштық орнатып, істі оңға бастыру үшін хан билігін әлсірету, олардың санын ең
кемі үшке дейін көбейту, олардың әрекет аясын мейлінше тарылтып, Орынбор әкімшілігінің
айтқанын орындаушыға айналдыру, тіпті, мүмкін болған жағдайда, хандық дәрежесін
мүлдем жойып жіберу аса пайдалы болады деп тапты" (Материалы по истории
Казахской ССР. т. IV. 249-б.), - дейді. Бұл пікір патшалы Ресейдің Қазақстанды
отарлауда ұстанған бұлжымас қағидасы еді. Өйткені, коммерция министрі граф
Н.П.Румянцев 1802 жылы 16 желтоқсанда: "Қырғыздар қаусап қалжыраған Айшуақ
пен шекара басшыларының үстінен шағым айтқылары келе ме? Айта берсін. Тонап
алған дүниелерін қайтарып бере алмай ма? Тонаушыларды ұстап берсін. Өз ортасын жаңаша
құруды сұрай ма? Сұрасын. Тіпті көп хан сайлағылары келе ме? Сайласын. Сол
арқылы Орда қырық бөлікке бытырай түседі, алауыздық оларды әлсірете түседі,
халық өзінің хан сайлағанына мәз болып, падишамызға тәуелді бола түседі.
Ресейдің сойылын соға түседі" (Бұл да сонда. 200-б.), - деген болатын.
Демек, алауыз қауымның айтқанын қылу оның өзінен-өзі аранға құлауына кедергі
болмау деген сөз еді. Г.С.Волконский 1810 жылғы 26 тамызда Орынбордан жүз
жиырма шақырымдай жердегі Елек өзені бойындағы ен жазықта осы ақылға дәлме-дәл
құлақ асты. Алауыз сұлтандарға құлақ асқан аңқау жұрт өздеріне өздері қазған
аранға өздері барып құлады.
Сонымен, бұрын орыс құжаттарында Ішкі жақ (Внутренняя сторона) аталып келген
Еділ-Жайық арасы әуелі Ішкі Орда, содан Бөкей ордасы, сосын Бөкей хандығы атала
бастады. Нарын бойына 1801 жылы желтоқсанда әуелі Бөкей мен інісі Сығай бірге
көшіп келсе керек. Қарауларында 183 шаңырақ, 740 адам болған сыңайлы (История
Букеевского ханства. 9-б.). Олар, негізінен, Ноғай руының шаңырақтары болғанға ұқсайды
(Бұл да сонда. 161-б.). 1802 жылдың қазанына қарай көшіп келушілердің саны 5501
шаңыраққа, 28 775 жанға жеткен сыңайлы. Сол жылы Бөкей әлгі айтылғандардың
үстіне Есім хан балаларының қарауындағы 1265 шаңырақ пен 8331 жанды қосымша
көшіртіп алған деген дерек бар.
Негізінен, Байұлының жарлы-жақыбайлау жағы алдымен көшкен секілді. Мәселен, сол
кезде енші бөлісе қоймаған Бөкей мен Сығайдың бар болғаны 5 түйесі, отыздай
қойы, 17 бас жылқысы болыпты. 1806 жылы Бегалы сұлтан, 1809 жылы тұсында
Әбілқайыр қожа қарауына жіберілген Мырза қожа әулеті және немере ағайынды
Қарауылқожа Бабажанов пен Төкеқожа Тілеухожиндер, 1810 жылы Сыр бойындағы Батыр
сұлтанның ұлы Қарабай Батырханов, 1812 жылы Қайыпқали Есім ұлы қарауындағы
алашалар, Шоқа Нұрғалиев пен Сүйінішқали қарауындағы байбақтылар, 1812-1825
жылдар араларында Шотқара, Елтай, Артықғали Нұралиевтар мен Шыңғыс Аблаев қол астындағы
ауылдар көшіп келгенге ұқсайды (Бұл да сонда. 5-6-бб.).
Алайда, 1808 жылы бұл мәселеге тексеру жүргізген Орынбор шекара комиссиясының
ассесоры С.И.Созонович бұл деректердің шындығына күмән келтіреді. Оның ойынша,
Бөкей қол астындағы елді көп қылып көрсету үшін өзіне дейін де Нарынды
қыстап-жайлап жүргендерді де, ішкі бетке тек қыстау үшін өткендерді де
қарауындағылардың есебіне кіргізе бергенге ұқсайды. Сол сияқты, Жайықтың шығыс
бетіндегі елге әр түрлі адамдар жіберіп, ішкі бетке өтуге азғырған. Кейбір
ауылдар әуелгі өз рубасыларының да, Бөкейдің де есебінде жүрген (Бұл да сонда. 159-161-бб.).
Мұндай көзапара көзбояушылық оған бір жағынан үлкен ұлыстың билеушісі болып
көріну үшін, екінші жағынан қарауындағы халыққа онсыз да жер жетпей жатыр деп,
басқа сұлтандардың, әсіресе, Айшуақ тұқымы қарауындағы ауылдарға Нарын бетке
қыстаққа өтуге рұқсат бергізбеу үшін қажет болған. Қыстауға ғана келген
ауылдарды жаз шығарда өз ұлыстарына қайтармай ұстап қалып отырған. Шамасы,
Жантөре, Қаратай, Орман, Пірәлі сұлтандармен жоғарыда айтылған жанжалдар,
негізінде, осындай "бармақ басты, көз қысты" жәйттерден шыққан түрі
бар.
Өйткені, қарауындағы елдің басқа сұлтандардың қарауына өтуі олардан жиналатын
алым-салықты өзге біреудің қалтасына салып беру болып шығатын еді. Айлакер
Бөкей Шығыс беттегі қандастарының әлгіндей қылығына жол бермеу үшін жасаған
қысымдарының бәрін император ағзамнан бастап барша орыс әкімшілігіне "Өз
өміріне төніп тұрған қауіп" ретінде түсіндіріп баққан. Сондай сылтаумен
Жайыққа жақындамай, шығыс беттегі жайлауларға шықпай, Еділ маңын сағалап
баққан.
Оның үстіне, 1804 жылы граф Ливен Ішкі бетке және кері өтетін малдарды тек
Бөкей берген билет бойынша өткізуге шешім шығарған. Бөкей ондай билетті тек
пара ұсынғандарға ғана берген. Бұл ел ішінде үлкен наразылықтар тудырған.
Осының бәрі өкіметтің 1808 жылы Жайықтан өтудің жаңа ережесін қабылдауға мәжбүр
еткен. Ол ереже бойынша, әлгіндей билетті Орынбор Шекара комиссиясы тек
сұлтандар мен рубасыларына ғана беретін болды. Ол үшін әр рудан 4 адам аманатқа
ұсталды. Ішкі Орданың тұрақты халқы тек содан кейін ғана қалыптаса бастаса
керек (А.Ф.Шахматов. Аталмыш еңбегі. 14-б.). 1812 жылы Ішкі Орда дербес хандыққа
айналған соң Жайықтан өтіп көшіп келетіндер көбейді. Өйткені, Жайықтың шығыс
бетіндегі жайлы өрістер шонжарлар қолына шоғырлана бастады. Ал, Ішкі Ордада
ондай процестер әлі өріс ала қойған жоқ еді. Шекара комиссиясының есебінше,
1812 жылы Ішкі Ордада 7500 шаңырақ, 1814 жыл 8500 шаңырақ болды. Немесе, 52
мыңдай халық тұрды. Ал, Шекара комиссиясының чиновнигі Ларионовтың есебі
бойынша, 1828 жылы Ішкі Ордада 800 Ноғай, 1300 Байбақты, 3000 Беріш, 570
Шеркеш, 665 Алаша, 425 Тана, 870 Жаппас, 230 Ысық, 115 Кете, 125 Есентемір,
Тама, 610 Адай, 300 Кердері, 100 Таз, 100 Масқар, 315 Қызылқұрт, 215 Табын, 300
Төлеңгіт, 100 Қожа, не бәрі 10235 шаңырақ болды (Бұл да сонда. 19-б.).
Бөкей қол астындағы рулардың тізгінін бұған дейін билеп келген рубасыларынан өз
тумаластарына алып беруге тырысты. 1814 жылы оның ұсынысы бойынша,
Г.С.Волконский інісі Шоқы мен Сүйінішқали Жанғалиев сұлтанды - Байбақтылардың,
ұлы Тәукені - Ысықтардың, ұлы Жәңгірді - Ноғай руының билеушісі етіп бекітті
(История Букеевского ханства. 175-б.). Бөкей мен Сығай тұсында Ішкі Орданың
барлық руларының билеушілері болып Нұралы әулетінің сұлтандары тағайындалды.
Нұралы тұқымының мұндай өзімшілдігінің үстіне, ішкі Орданың өз алдына хандыққа айналуы
шектес халықтардың алаңдаушылығын туғызды. Олар қазақтарды бұрынғыдай өз
шептеріне аттап бастырмады. Шығыста - Жайық казак әскері, теріскейде Жаңа өзен
әсқери шебі, батыста - Астрахан қазактар әскері, түскейдегі Атырау жағалауында-
Юсупов пен Безбородко жерлері қоршап жатты. Алғашқы жылдары ен жайлап, еркін
көшіп қалған қазақтардың үйренген өрістерін енді Жайық әскері, қалмақтар,
қондауыр татарлары деп аталатын бір кезде Кавказ ауып, қайтып келген ноғайлар,
Мәскеу мен Петербургте тұратын Юсупов, Безбородко, Шереметьев сынды ірі
шонжарлар иемдене бастады.
Еділ-Жайық арасындағы жер қатынастарын реттеу мақсатымен 1806 жылдың 19 майында
I Александр "Астрахан, Кавказ, ішінара Саратов губерниясында көшіп жүрген
қалмақтарға және де басқа халықтарға жер бөлу ережесін" бекітті. Бұл ереже
бойынша, Бөкей сұлтанның қарауындағы қырғыз-қайсақтарға Өзеннен Боғда тауына
дейін, сол таудан Чапчаши арқылы Дудат немесе Телепнев батағасына дейін теңіз жағалап
көшіп қонуға рұқсат етілді. Ол арадағы қалмақтарға берілген қоныстарға жоламау
керектігі атап көрсетілді. Алайда, аталмыш жер олар қашан біржолата орнығып
қалғанға дейін басыбайлы берілмейтін болды. Тек қамыс шыққан бұйраттар мен
ойпаң жерлерге ғана қыстауға болатын болды. Кіші жүздің азғана ауылдарына
Дудат, Телепнев, Конев батағалары арасында теңіз жағалап қыстауға рұқсат
берілді. Ақтөбе өзені бойында Ақмешіт пен Дәулет хан кордондары арасында базар
ашып, бұрынғы қирап қалған Ақмешіттің орнына жаңа мешіт салуға ықтияр етілді.
Сонымен қоса бірнеше жерден малды астыққа айырбастайтын орындар ашылды (История
Букеевского ханства. 63-б.).
Алайда, көп ұзамай патша әкімшілігі қазақтарға бұл жерді де көпсіне бастады.
1813 жылы Жаңа өзен әскери шебі деген ашылып, қазақтар Үлкен Өзеннен Кіші
өзенге дейінгі, Қамыс-Самар көлдерінен Талов бекінісіне дейінгі орман-тоғай, қамыс-құрағы,
суаты мол жайлы қоныстан айырылып қалды. Аталмыш жерлерде казак-орыстар ешқашан
тұрмаған, өріс, қоныс ретінде пайдаланбаған. Бұл жерлерді алғаннан соң,
қазақтар өзеннен мал суара алмайтын, балық аулай алмайтын, аттап басса, шөпті
таптағаны үшін айып пұл төлейтін болды. Сырттан қысым көбейген соң, қазақтың өз
арасы да шиеленісе түсті. Хан төңірегі мен ірі рубасылары жайлы қоныстарды
өздері алып, қалғандарды жайдақ жазықтарға ысыра бастады.
Бұл Кіші жүз қазақтарын қайтадан абыржытты. Табан жұртын, үйреніскен қонысын
тастап келгенде, мынандай ойға тартсаң арба сынатын, қырға тартсаң өгіз өлетін "көп
тыйым", "көп шектеуге" тап болғандардың біразының көштің басын
кері бұруға көңілдері ауды. Оның үстіне, 1815 жылы 21 мамырда Бөкей өліп, орнына
Шығай сұлтан билікші болып қалған кезде, онсыз да ала көңіл болып жүрген жұрт
одан сайын қобалжыды. Өйткені, билікші ауысқан сайын қайтадан "жылы-жұмсақ
бөлісу" басталады. Қайтадан біреуді төрге, біреуді есікке ығыстыру
көбейеді. Өйтіп, түрткі көргендер мұндай құқайдан біржолата көшіп құтылуға
тырысады. Аталмыш кезеңде дәл сондай зобалаңға ұшырағандардың бірі Өтеміс
болған сыңайлы. Ол бұл жолы тек төрелерден ғана емес, өз ағайындарынан да
қағажу көрген түрі бар. 1816 жылы Ақжонас деген жерде отырғанда Сүйінішқали
төренің соңына ертіп келген қырық бес адамы түгел Жайық-Беріштің Бегалы
ауылының адамдары болып шығады.

VII. "Қай қазақтан кем едім"


Бұл жайында тарихшы И.Кенжалиевтің жазуы бойынша, Бөкейдің орнына келген Сығай
Нұралиев біреуді-біреуге айдап салып, ру арасындағы араздықты қоздырып
жібереді. 1815 жылы қыста хорунжий Бармақ Мұратов, Балқы Қүдай-бергенов, т.б.
адамдар Исатай Таймановтың қарауындағы ауылды шабады. Бұл жайында Исатай
Орынбор әскери губернаторына шағынады. Тексеру казак әскери атаманы генерал Д.Бородинге
тапсырылады. Ол оны Сығайға тапсырады. Беріш руының басқарушысы сұлтан Бабағали
Жаналиев бұл талауға Сығайдың да қатысы барын айтып, басқа кісіге тапсыруды
өтінеді. Істі Қаратай Нұралиев тексеретін болады. Алайда, Сығай 1818 жылы ол
іске байланысты Калмыков бекінісінде болатын тергеуге тиісті адамдарды жібермей
қояды. Ар жағы су аяғы құрдымға айналады. Іс 1829 жылға дейін созылып, аяқсыз
қалады. 1815 жылғы талауды тексеруді талап етуші Беріш руының басқарушысы Сүйінішқали
Жанапиев 1816 жылы Исатайға келіп, кісі жинатып, қашқан адамды ұстаймыз деген
сылтаумен Өтеміс Құлмәліұлының ауылына барады. Бұл жайында 1817 жылы 21 тамызда
Өтемістің берген жауабында 1816 жылғы тамыз айының ішінде Сүйінішқали, Бабағали
Жаналиев сұлтандар ішінде Исатай, Төлебай Таймановтар бар 45 кісімен Ақжонас
маңында отырған ауылына келіп, ешқандай қашқын орысты таба алмай, дүние-малын
шауып кеткендерін айтады. Сол жылғы қыркүйекте Өтеміс Сығай сұлтанға, Астрахан әкімшілігіне
арыз береді. Бірақ, ешбір тергеу болмайды.
Келесі 1817 жылы жазда Өтеміс кездескен керуенмен Орынборға барып, Шекара
комиссиясына шағым береді. Бұны естіген Сүйінішқали сұлтан да Орынборға барып,
губернаторға арыз жазып, Өтемісті ұрлық істейді, солдаттықтан қашқан орыстар
мен татарларды жасырады деп, абақтыға жаптырады. Өтеміс сол абақтыда 1817 жылы
күзде өледі. Артынан балалары Тоқтамыс пен Бекмұхамбет іздеп барып, әкелерінің
кінәсіздігін дәлелдеп, Сүйінішқали сұлтан бастаған бес адамды қаматады. Шекара
комиссиясы таланған дүние-мүлікті өндіріп алуға 1818 жылы қаулы шығарады. Сол
шешім бойынша, Бабағали сұлтан мен Исатай Тайманов Жайық бойындағы бекіністердің
біріне қамалып, Өтеміс ауылынан алынған дүние-мүлікті өндіріп беруге
міндеттеледі. Сығай сұлтанның кеңсесінің қағаздарының айтуынша, Бабағали мен
Исатай 1818 жылдың күзінде Сарайшық бекінісінде қамауға алынып, Өтемістің
дүние-малын өтемейінше, абақтыдан шығарылмайтындықтары жарияланады, Исатайдың
ағасы Жабал Бегәліұлының ұрпағы Шамшиддин Шәріповтің айтуынша, Исатай абақтыда
жатып, Беріштің атақты батыры, әрі биі Жүзбатырға хат жазады. Ол араға жүріп,
Өтеміс әулетіне тиесілі төлемді өтеп, Исатайды құтқарып алған түрі бар
(Исатай-Махамбет. 12-14-б.).
Біздіңше, бұл даудың арғы төркіні Бегалы тұқымына әуелден тіс қайрап жүргендерден
қелген сыңайлы. Өйткені, Бөкей тұсында бұл тұқым Ішкі Ордадағы ең беделді әулет
болғанға ұқсайды. Ел аузындағы деректерге қарағанда, Бөкей кейін Новобогат
аталған маңайдағы Жалтыр көлде қайтыс болған анасының жылын бергенде алқа
топтың ішінде Тайман батырға қатты риза болып: "Төс түйістіріп дос
болайық, достығымыз үрім-бұтағымызға кетсін", - деп, құран ұстасқан
көрінеді (Ә.Сарай. Исатай-Махамбет. 14-б.). Содан Бөкей Тайманға ылғи өз
қонысынан жапсарлас жерден қоныс беріп отырыпты. Өзі Астраханға жақын Бабашағылды
жайласа, Тайманға Қиғаштың шығыс бетіндегі шұрайлы өлкені ұсынып отырыпты.
Бұл түсініқті еді. Жоғарыда келтірілген Ларионовтың есебі бойынша, 1828 жылы
Ішкі Ордаға өтқен 19 рудың өкілдері 10 мыңнан астам шаңырақ болса, соның үш
мыңын Беріштер иеленетін еді. Ішкі Ордада олардан шаңырағы көп ру жоқ еді. Бөкей
сондай әуелде де батырлығымен аты шығып келе жатқан әлуетті де іргелі рудың
ауызын алып, өзіне қорған еткісі келсе керек. Сондықтан да, оларға жердің
шұрайлысын беріп, өзіне жапсарлас қондырған сыңайлы. Бұл - қай қазақ
билеушісіне де тән тәсіл еді. Олардың қай-қайсысы да малы да, жаны да көп
тайпалардың қолдауына сүйеніп қана өзін қауіпсіз сезіне алатын. Мәселен, Кіші жүз
ханы Жантөре Айшуақұлы басына күн туа бастағанын қасынан Байұлының қаулап өскен
қалың рулары көшіп кеткеннен соң сезе бастаған секілді. Ол Г.С.Волынскийге
талабының өрге баспай жүргенін Жетірудің аз өскен ауылдарының ғана арасында
қалғанымен түсіндірген. "Байұлы руларына, әсіресе, Беріш пен Адай
арасында, ең болмаса, екі жыл тұрып қайтсам, қазақ халқына пайдалы істерді
саралауға кірісе алар едім" (ҚР ОММ, 4-кор, 1-тізбе, 214-іс, 66-б.), - деп
жазған.
Ендеше, Бөкей мен Тайман достығының саяси астарын түсіне беруге болады.
Тайманнан кейін Жайық Беріштің тізгінін ұстаған інісі Жабал Бегәліұлы да Бөкей
тарапынан дәл сондай ықылас көрген. Одан кейін тізгін алған немере
інісі Исатай Тайманұлына Бөкей 1812 жылғы 21 наурызда: "Кокарев пен
Кульпин кордондарының арасындағы, кордон жолынан былайғы далалық жайылысты
Таймановтың қарауына беремін", - деген арнайы құжат ұсынған (И.Кенжалиев.
Аталмыш еңбегі. 10-б.). Аталып отырған атырап күні бүгінге дейін шұрайлы қоныс болып
табылады. Басқасын былай қойғанда, онда Жайықтан әлде қайда суы мол Қиғаш пен Күйген,
Өтере, Жайық (кәдімгі Ақ Жайықтан басқа) өзендері ағып жатыр. Бөкей тұсындағы
Бегәлі тұқымына деген мұндай ерекше қамқорлыққа былайғы қара сүйектер түгілі
төрелердің өздері де іштарлық етсе керек. Расында да, әлгіндей дариясы
шалқыған, шалғыны жайқалған берекелі қоныс кімнің де көзін қызықтырғандай еді.
Бұл ақырында Бегәлі тұқымына бақ емес, сор болып жабысқан сияқты. 1812 жылы
Жабал әлгіндей қызғаныштан Бөкейдің барында-ақ жазым болса, олар дүниеден
кеткен соң, ондай бықсық, одан әрмен өрши түскен еді. Ханның айтып кетқен
мұрагері әлі жас болып, уақытша билікші тізгін алған соң, жан-жақтан қысым көбейіп,
қоныс тарылып, елдегі билік пен игілік қайтадан бөліске түсе бастаған кезде
қауымның көңіл-күйіндегі небір жегі құрттың қаптай бас көтеретіні белгілі.
Әсіресе, бұрынғы билікші тұсында еркін жүріп, еркін тұрып қалған тұқымды аяқтан
шалып қалуға әркім де құмар болатыны түсінікті. Аталып отырған жылдары да жаңа
сайланған жас старшын әлі тіс қақты болып, күш бермей кетпей тұрғанда, Жайық
Беріштерге теперіш көрсетіп алуға құштарлар тым көбейсе керек.
Соның ең бастысы уақытша билікке келген Сығай сұлтанның өзі болған сияқты. Ол дәурендеген
тоғыз жыл бойына Исатайдың басынан қиқу арылмауы соған меңзейді. Оның үстіне,
жымысқы сұлтан қырына іліп жүрген әулетті өзін өзіне талатып әлсіретуді мақсат
еткен секілді. 1815 жылы Исатай ауылының шабуылына Беріш әулетінің Балқы
Құдайбергенұлы бастаған белгілі адамдарының араластырылуы соған дәлел. Бұл
арқылы ол Беріш арасына от салса, ал келесі 1816 жылы Исатай мен Төлебай
бастаған Бегәлі жігіттерін Өтеміс Құлмәліұлының ауылына айдап салып, көптен жұп
жазыспай келе жатқан екі әулетті бір-бірімен атыстырып-шабыстырады. Бұл арқылы
олардың қалған қазақтар алдында беделдерін түсіруді, ал екі тату ауылдың талануына
да солдаттан қашқандарды жасырып отыр дегенді сылтау ету, патша әкімшілігі
алдында беттеріне шіркеу түсіруді көздегендік еді. Сүттей ұйысып отырған Беріштер
арасына іріткі салу қалған ауылдардың оларға деген қызғанышының қыбын қандырса,
кеше ерекше қадірленген Бегәлі әулетінің соңына шөп ерту "Ағатай"
ұранды ағайынның өз арасындағы көре алмастық өртіне май құю еді. Бүның
салдарының қандай болғанын кейінгі көтеріліс жылдары айқын көрсетіп
берді.
Сонда 1816 жылы Өтеміс не үшін опық жеді? Біздіңше, бір хандықтың орнына екі
хандық пайда болған бөліне-жарылушылыққа қарсы болғандығы үшін жеген сыңайлы.
Егер ол қайта-қайта елді бастап шығыс тарапқа қайта көшуге ұмтылса - бұл соның
белгісі еді. Егер бір кезде елдің қамын жеп, Махамбет айтқандай, Айшуақтың
көзіне түссе - бұл соның белгісі еді. Егер өлейін деп жатқан Сырымның аузына
іліксе - бұл да соның белгісі еді. Егер әкесі өлген соң Хиуада қалып, оқта-текте
сауда керуендерімен Текеге келіп-кетіп, Хиуа аймағында Жантөре ханның әр түрлі
тапсырмасын орындап жүрген (И.В.Виткевича. Записка о Бухарском ханстве. М.,
1983. 88-91-бб.) Жүсіп Сырым-ұлының қызын баласына алып беріп, құдаласып жатса --
да соның белгісі еді.
Бұның бәрі Нұралы тұқымы мен Айшуақ тұқымы текетіресі жағдайында ашықтан-ашық
қарсы беттің сөзін сөйлеп, сойылын соғу болып табылатын еді. Бұған әлі дербес
билікке жете алмай, шығыс беттен бір шаңырақты болса да, өз жағына шығаруға
тырысқан Бөкей сүлтан төзіп бақты. Ал, дербес хандыққа ие болып, екі араға
айқын шекара белгіленіп, әркім өз үйін өзі билейтін күнге жеткен Бөкейдің мұрагерлері
төзе алмайтын еді. Бөкей әлі іргесі берік болмай, Жайықтың арғы бетінен келер
қауіптен бір, ішкі беттің өзінен шығар қауіптен екі қорқып жүрген кезде білегі
мықты Берішті пана тұта отырып, сол қауымдағы Өтемістің талай жерде тілі тисе
де, оның соңынан шырақ алып түсе алмады. Ондай ашық қудалауға ұрынса,
әке-көкелеп әзер жиып алып отырған карауындағы қауымнан айырылып қалар еді. Ал,
оның мұрагерлерінің тұсында ондай "көңілшектіктің" қажеті болмай
қалды. Оларға, ең алдымен, сондай кеше тым "еркелігі өтіп
кеткендерден" өш алу керек болды. Олардың бірі өліп, бірі қалғаны керек
болды. Соған сылтау бола алатын кез келген ілікті іздеп бақты.
Бегәлі әулетін Құлмәлінің тұқымына айдап салуда да осындай жымысқы есеп бар
еді. Тұсында Нұралының түбіне жеткен Сырыммен көңілдесіп, сосын Нұралы
балаларымен сілкілесіп өткен Жантөре ханмен жең ұшынан жалғасып, Хиуа жақтағы
шаруаларын бітіріп беріп отырған Сырым баласы Жүсіппен құдаласып, құйрық-бауыр
асасып отырған Өтемісті екі ұдай жағдайда жүрген Бөкей ұнатпаса да, сыр білдірмей
бақты. Ал, енді ұлы табан Кіші жүзден еншісін біржолата бөлектеп, үй ішінен үй
тігіп, өз алдына хандық құрып, іргесін ақ патшаның өзіне мықтатып алған Бөкей
мұрагерлері кімнен қорықсын?! "Қап, бәлем!", - деп келген өштерін
өзгелердің қолымен ала бастаса керек. Ол аз болғандай, өз ағайындарының
арасында сүтке тиген күшіктей қылуды көздесе керек. Ол үшін солдаттықтан
қашқан-пысқандарды іздегенсіп, қеше ғана Бөкейдің оң тізесін иемденіп,
шалғайына шаң жуытпай келген бек сауытты Беріштің ең жуан жілігі Бегәлі
әулетіне тиісіп, оларға "бар пәле Құлмәлі кіндігінен келіп отыр" деп,
Өтеміске айдап салған сыңайлы.
Өтемістің соңына ондай сөз еретіні - әкесі Қүлмәлінің Беріш ауылына киімшең
келген бала екендігі еді.
Шежіре бойынша, он екі ата Байұлының атан жілік, арыстан жалды азулы аталарының
бірі Беріштің Байсейіт деген тақтасы Қитас пен Тілес деп бөлінеді. Соның
Қитасынан Жайық пен Есенғұл туған деседі. Жайықтан Дәулет, Бақалай, Наурыз,
Тыныс туыпты. Дәулеттен Тумаш, Дүйсе, Қара болып тарайды. Тумаштан Ерназар,
Жаубасар, Сейіт туса керек, Ерназардан Алдар, Абдан, Көшім, Мәнтай өрбиді.
Алдардан Тілеке, Меңдеқе, Таймас, Есенбай, Тайтоқа туса қерек. Тілекеден Байнақ
пен Көккөз өрбісе, Байнақтан Машақ пен Сайқын туады. Машақтан Дәулетімбет пен
Досмұхамбет туады. Досмұхамбеттен атақты ғалым, қоғам қайратқері, Алаш
сардарларының бірі Хәлел Досмұхамбетов туады. Ал, Хәлелдің жетінші атасы
Алдардың Таймас деген ұлынан Сыралы, Сыралыдан Шолақ, одан Шөрек, одан Ығылман
туатынын жоғарыда айтқанбыз. Сонда Хәлел Досмұхамбетов - Ығылман ақынның алты атадан
қосылатын ағайыны. Ал, Махамбет олардың арғы аталары Алдардың әкесі Ерназардың
киімшең келген телінді баласы Құлмәлінің немересі. Шежіреге салғанда, үшеуі де
Тумаш ұлы Ерназардан тарайды деп есептеледі. Ал, Исатай, Махамбеттен
есептегенде (Махамбет - Өтеміс - Құлмәлі - Ерназар - Тумаш - Дәулет - Жайық) жетінші
ата Жайықтан қосылады. Исатай - Тайман - Бегәлі - Боқай - Ағатай - Тілеуке -
Наурыз - Жайық. Исатай да, Махамбет те - Жайықтың жетінші ұрпағы болып
есептеледі. Хәлел (Досмұхамбет - Машақ - Байнақ - Тілеуке - Алдар - Ерназар -
Тумаш - Дәулет - Жайық), Ығылман да (Шөрек - Шолақ - Сыралы - Таймас - Алдар - Ерназар
- Тумаш - Дәулет - Жайық) Жайықтың оныншы ұрпақтары болып есептеледі. Ал Исатай
мен Махамбеттің замандасы, Беріш руының бас биі саналатын Балқы да (Құдайберген
- Қанай - Тұрымтай - Дүйсе - Дәулет - Жайық) - Жайықтың жетінші ұрпағы.
Исатаймен жеті атадан, ал Махамбетке алты атадан қосылатын ағайын. Біздің Сығай
сұлтан Өтемісті өз ағайындарының ішінде сүтке тиген күшіктей қылып шеттеткісі
келді дейтініміз сондықтан.
Өйткені, Өтемістің әкесі Құлмәлі Ығылман мен Хәлелдің жетінші аталары Ерназарға
киімшең келген бала болып телінді. Оны Исатайдың туған атасы Бегәлі, Халелдің
атасы Байнақ, Ығылманның атасы Сыралы, Балқының атасы Қанайлардың кездері
көрген болып шығады. Демек, ЬІғылман дастанынды айтылмаса да, Хәлел Досмұхамбетұлының
оған жазған алғы сөзінде жазылған: "Мәлі деген кісі жауда қолға түскен
тұтқын екен. Беріш Тумаш деген адамның балалары еншілес қылып алған. Өзін-өзі
қызылбастың Нәдірше деген патшасының тұқымымын дейді екен"
("Аламан". 79-б.) деген дерек ойдан шығарылмаған болып
шығады.
Оны күллі Байұлы ауылдыры болмағанмен, Беріш ауылдары жақсы білген. Осы дерекке
сүйеніп, академик Қ.Жүмалиев Құлмәлі түрікменге, Б.Аманшин Қызылбас Нәдіршах
нәсіліне теліп келді. Атырау өңірі мен Кіші жүздің арғы-бергісінен көп мағлұмат
білген марқұм Ыбыраш Қорқытов ақсақалдың дерегіне сүйенген тарихшы И.Кенжалиев:
"Құлманияз бен Сүйін деген екі баланың біріншісін Жаубасар деген Жайық
берішінің азаматы 1760 жылдары асырап алды" (Исатай-Махамбет. 118-б.) деп
көрсетеді. Ыбыраш ақсақалдың бел баласы белгілі қаламгер, драматург Берік
Қорқытовтың "Атырау билері мен батырлары" (А., "Өлке".
1992. 44-46-бб.) деген қітабында: "Осындай бір жорықта қазақтың қолына 4-5
жасар бала түскен. Баланың киімінің бір жерінен таңбасы бар алтын мөр табылған.
Мөрде баланың атасы Нәдіршахтың есімі жазылған екен. Ол қезде хан-сұлтандар мен
шах-бекзадалардың жоғалып кеткенде тауып алу мақсатымен балаларының бір жеріне
атасының аты жазылған мөр тағып қою салт болған. Сол мөрден баланың нәсілі қызылбас
- парсы Нәдіршах екенін, Бұхара жақтан келгенін біледі. Есімінің Мәлі екенін
баланың өзі айтады. Бұл баланы Жайық беріш Жаубасар деген кісі алып, өзінің
Өмірзақ деген жалғыз баласына іні етіп, өгейсітпей өсіреді. Ол кезде
жаугершілікте қолға түскен, не сатып алған адамды қазақ құл деп атайды.
Сондықтан балаға Құлмәлі деп ат қойып, өсе келе үйлендіріп, өз алдына енші
беріп, бөлек үй етіп шығарады. Құлмәлінің қазақ әйелінен Өтеміс пен Шыбынтай,
қалмақ әйелінен Қабыланбай туады. Өтемістің төрт әйелінен он бір баласы болады.
Бірақ, бір баласы жастай өліп санға қосылмайды. Қалған он баласы өсіп жетіп, қатарға
кіреді. Олар мыналар: Махамбет, Бекмағанбет, Қожахмет, Ыбырайым, Хәсен,
Досмайыл, Ысмайыл, Әйіп, Сүлеймен, Салық. Шыбынтайдан төрт, Қабыланбайдан үш
бала туады. Сөйтіп, Құлмәлінің он жеті немересі болған. Құлмәліден тараған
тұқым өздерін Құлмәлі Берішпіз деп атайды (Ақын Б.Аманшин Шыбынтайдың ұрпағы
Құлбай Ерғалиев пен Махамбеттің ұрпағы Қари Жұматовтың деректеріне сүйене
отырып, Құлмәліден тарайтын ұрпақтың санын 172 адамға жеткізеді - Ә.К.)
"Қыздан туғанның қиығы жоқ", - дейді қазақ. Шабанқара - бегіс,
Түгелек бөлімі, Алдасай шаңырағынан тарайтын Итен деген кісінің Смайыл, Берді
деген екі баласы болады. Смайыл Шыбынтайдың Зәуре деген қызына үйленеді.
Смайылдың Қодар деген баласының қызы Айымжанға менің атам Қорқыт үйленеді.
Сонда әжеміз Өтеміс ауылына жиеннен туған жиеншар болып келеді. Әжеміз 1942
жылы 76 жасында дүние салды", - дейді.
Ендеше, осы Берік Қорқытовтың әкесі Ыбырайым ақсақал Құлмәлі ауылының сырын өз
анасы Айымжаннан, Айымжан өз анасы, Өтемістің туған бауыры Шыбынтайдың қызы Зәуреден
естіген болып шығады. Оның үстіне, Ыбыраш ақсақалдың өзі де Беріштің
Байбақтысының Шақамынан өрбитін атақты Шойтас бидің туған інісі Қорқыттың,
Хәлел Досмұхамбетов, Бақытжан Қаратаевтардың көзін көріп өскен көзқарақты ұлы
екенін ескерсек, ол қалдырған деректерге сеніміміздің нықтала түсері сөзсіз.
Ыбыраш ақсақалдан қалған: "Құлмәлінің нәсілі басқа, туған жері қашық
екендігі жайлы ел аузында мынандай әңгіме және бар. Өтеміс жас кезінде
хан-сұлтандармен сиыспай, қырғи қабақ келе берген. Сол өкімдерден қуғын көріп,
ел ауып көшіп кетпекші болған. Ол ниетін айтып, рұқсат сұрайын деп Өтеміс әкесіне
келіп: "Әке сізден бір нәрсе сұрағалы келдім, берсең - айтамын, бермесең -
айтпаймын", - дейді. Сонда баласының сырын білетін Құлмәлі Өтеміске қарап:
"Балам, сенің не сұрайтыныңды біліп отырмын, бермеймін, айтпай-ақ қой.
Сен, Өтеміс, біреудің орынсыз ісін көрсең көнбейсің, тілі тисе төзбейсің, қарсы
келесің де "кетем" дейсің. Сен "кетем" десең кетесің,
дегеніңе жетесің, оныңды сеземін. Менің шыққан жерім қашық, ат пен атанның
табаны тиетін, құстың қанаты күйетін жер. Сен тілімді алсаң, кетпе, шырағым,
ана Шыбынтайым жуастау, ол саған еріп жүре алмайды. Екеуің бірге жүрсеңдер,
сендерге ешкім тие алмайды, қорлық көрсете алмайды. Жалғыз-жалғыз бөлініп
кетсеңдер, қайдан білейін", - депті де басқа сөз айтпапты. Содан Өтеміс
елден кетпей, қалып қойған екен деседі", - - деген дерек те біздің
жоғарыдағы тұспалымызды дәлелдей түсетіндей.
Өтеміс жас кезінен бастап көзтүрткілік көрген. Әкесінің "киімшең келген
бала" екендігін көлденең тартатындар көп болған. Оған шыдай алмаған Өтеміс
елден безіп кетуге пейіл болған. Сол намысшылдығын жақсы білетін Нұралы әулеті
өздерінің саяси бәсекелестерімен пейілдесетіні байқалған Өтеміске қағажу
көрсету үшін әуелі Беріш арасындағы беделін кемітіп, оның өгейлік көруіне
мүдделі болған. Бұндай теперіш әуелі Бөкей тұсында басталса керек. Өйткені, Б.Қорқытовтың
әкесі Ыбыраштың жазбаларына сүйеніп айтқан, "ақырында Өтеміс 1810 жылы
Бөкей ханмен сиыспай, наразылық білдіре бергені үшін Уфаға жер аударылып, одан
Орынборға айдалып, қайтып келіп дүниеден өтеді. Зираты сол маңдағы ескі
қауымдардың бірінде деседі. Құлмәлінің зираты Өлеңті бойында, Қоске-Қосдәулет
деп аталатын қауымда. Құлмәлі өмірінің соңғы шағында осы өңірді қоныс етіп
отырған", - дейтін мәліметі соны сездіргендей.
Бұдан Өтемістің қудалануы Бөкей тұсында-ақ басталғанын аңғаруға болады. Бірақ,
ол 1816 жылғы оқиғаға дейін де Уфаға, Орынборға айдалып, одан елге қайтып
келгендігін айғақтайтын құжат ұшыраса қоймай отыр. Шамасы, Бөкей тұсында-ақ
пісіп жүрген бітеу жара Сығай тұсында жарылса керек. Өтеміс ауылын тонату да намысшыл
Өтемісті қаралай елден бездіруді көздесе керек. Оның Орынборға барып шағынып
жүргенін білген Сүйінішқалидың оны расында да жер аудартып, абақтыға қаматқанын
жоғарыда айтқанбыз. Жоғарыда келтірілген ел аузындағы деректе осының бәрі
ию-қию араласып кеткен сыңайлы. Не де болса, бұл Өтемістің Нарыннан әдейі
қасақана ұйымдастырылған қудалаудың қырсығынан кеткендігін аңғартады.
Бірақ, құжаттарда Өтеміс Орынбор абақтысынан кейін елге оралды дейтін дерек
жоқ. Бір деректер бойынша, сол абақтыда қаза тапқан десе, екінші бір деректерге
қарағанда, абақтыдан шығып, сол Орынбор жағында қалғанға ұқсайды. И.Кенжалиев
Өтеміс 1817 жылы күзде абақтыда отырған кезінде өлді десе (Аталмыш еңбегі.
13-б.), Б.Аманшин "Махамбеттің бабалары мен ұрпақтары" дейтін
қолжазбасында: "1819 жылы Өтеміс қасындағы Ысмайыл дегенмен бірге (өз
баласы Ысмайыл болуы да мүмкін) Кіші жүздің ханы Серғазының Хиуа ханы Мұхамбет
- Рахыммен қатынаста пайдаланатын сенімді адамы, белгілі керуен басы ретінде
көрінеді", - дейді. Бірақ, бұл деректі қайдан алғанын
айтпайды.
Осындай мәліметті Ә.Сарай да келтіреді. Бірақ, ол әлгі Б.Аманшин дерегіне сүйенген
сияқты. Сонымен қатар және бір дерек қелтіреді: "3 қаңтар, 1819 жылы Сығай
сұлтан Орынбор шекара комиссиясына Беріш руы Жайық атасы старшыны Өтеміс
Құлманиязұлының қартаюына байланысты оның орнына баласы Тоқтамыс Өтемісұлын
старшын ғып тағайындауды өтініп қатынас жазады" (Аталмыш еңбегі. 95-б), -
дейді. Егер бұлай болса, Өтеміс әлгі уақытта тірі. 1816 жылғы оқиғаға ренжіп,
ақталса да, Орынбордан келмей қалуы, келсе де, ел ішіне өкпелеп, Шерғазы,
Айшуақұлының маңына кетіп қалуы мүмкін. Тоқтамыстың әкесінің орнына старшын
сайлануы жөніндегі құжатқа И.Кенжалиев те сілтеме жасайды. Бірақ, ол Өтемістің
"қартаюына байланысты" дәйектемені келтірмейді. Ол 1817 жылы күзде
өлді деп үзілді-кесілді айтады.
Не де болса, Өтемістің "түбің бөлек" деген түрткіге шыдай алмай,
өмірінің ақырғы жағында елден шығынып кеткендігі күмән туғызбайды. Әйтпесе, заң
алдында ешкім оның мойнына айып таға алмай, ақталып шыққандығы, дүние-малы
қайтарылғандығы, тіпті старшындық атағы да өзінде қалдырылып, кейін оған
Тоқтамыстың сайланғаны белгілі. Демек, абақтыдан тірі шықса, оның елге жоламай кетердей
айыбы жоқ.
Ал, сонда Құлмәлі Беріш арасына қалай тап болып жүр? Бұл жайындағы пікір екіге
жарылады. Берқайыр Аманшин: "Махамбеттің арғы атасы қызылбас (парсы)
жұртынан деседі. Ел аузында осылай. Парсының Нәдірше деген патшасының баласы
екен. Дарияда серуен салып жүргенінде кемесі жарылып, бергі (қазақ) бетке ығып
шығады. Жас ханзаданы Байұлының Беріш руының адамдары тауып алып, еліне алып келеді-міс.
Баланың аты Құлманияз екен. Беріш руының Жауғашар деген кісісі оны бала қылып
алып, Құлманияз (неге екені белгісіз) бертін келе Құлмәлі атанып кетеді"
(Махамбет. Ереуіл атқа ер салмай. Өлеңдер. 1974. 9-б.) десе, Х.Досмүхамбетұлы,
жоғарыда айтылғандай, Құлмәлі "жауда қолға түскен тұтқын екен" деп
біледі. Ол өзін "парсының Нәдірше деген падишасының тұқымымын"
дегенін ерекше атап көрсетеді.
Жазушы Ә.Сарай: "Жайық Беріштің батыры Жаубасар түрікменмен жаугершілікте
ес біліп, етек жапқан 12-13 жасар баланы тұқым ғып алып келіп, перзентсіз ағасы
Ерназардың қойнына салған. Баланың аты - Құрманияз екен. Есейіп қалған тұтқын
бала өз атын да, әкесінің есімін де, шыққан тегін де жақсы білген. Ол өзінің
түрікмен арасындағы Құлмәлі бектің баласы екенін айтқан да, Ерназар баласы
атануға көнбей, Құлмәлі есімін сақтап қалып, өзінен тарағандарды Құлмәлі әулеті
атаңдыруы содан" (Исатай мен Махамбет. 84-б.), - деп тұжырады. Ол Беріштің
қолына түскен Құлмәлі емес, Қүлмәлінің баласы Құлманияз деп біледі. Құлмәлі - тұрікмен
арасындағы бек деп түсінеді. Оны қызылбаспен де, Нәдіршемен де жуыстырмай,
қазаққа, оның ішінде Берішке, оның ішінде кейін киімшең бала болып телінген
Тумаш ауылына жатқызады. 1630 жылдары Торғауыттар қазіргі Кіші жүз жерін
алғанда, Алшынның біраз ұрпағы Самарқан, Хиуа, Хорезм, Бұқар төңірегіне
түрақтаған. Сол кезде Беріштің Тумаш ауылы Маңғыстау түрікмендеріне қосылған.
XVIII ғасырда Жайық Ағатай батыр сол ағайындарын түрікмен арасынан елге көшірем
деп жүргенде қаза тауып, Шағадам (Красноводск) маңында қалған. Інісі Жаубасар
1740 жылы шамасында түрікмендерді шауып, Тумаштардың Құлмәлі және Абдам (Абдал)
деген ауылдарын алып келіп, інісі Ерназарға берген деп түсіндіреді (Ә.Сарай. Исатай
мен Махамбет. 83-97-бб.). Ол түрікменденген Беріштер Хиуа жақта әлі бар деп
ойлайды. Оған Данилевскийдің 1838 жылғы "Тайманұлы Үстірттің арғы бетінде
отырған қандас ағайыны Исатай Кәріпүлының ауылынан басқа жерде болуы мүмкін
емес" деген сөзін айғақ етеді. Бұл Исатай Кәріпұлы түрікменнен ірге
айырған Жайық Беріш Тумаштардың бір ауылы дейді. Бұл әңгімеге кейін ораламыз
(Аталмыш кітабы. 85-б.).
Ыбыраш Қорқытов та Құлмәліні 4 - 5 жасында жаугершілікте қолға түскен тұтқын бала
деп есептейтінін, оның бойынан аты-жөні жазылған мөр табылғанын, оның үстіне
баланың өзі де есімі мен тегін жақсы білгенін атап айтқан (Б.Қорқытов. Атырау
билері мен батырлары. 44-45-бб.). Бұл пікірлер Махамбет тегін не парсыға, не
түрікменге, не түрікмен болып кеткен Беріштерге саяды. Махамбетті зерттеген
Қ.Жұмалиев те осы бағытты ұстанған.
Ал, кейінгі жылдары бұрын ауызға іліге қоймаған соны тұспалдар айтылып жүр. Мәселен,
белгілі ғалым-жазушы Ақселеу Сейдімбеков: "Ең арғы дерек - Бөкеев
Шәңгерейдің шежіресі. Бұл шежіре бойынша, Махамбет Ашамайлы
Керейдің Балта деген бүтағынан. Жаугершілік заманда Махамбеттің төртінші әкесі
Бахрам деген кісі түрікмендерге тұтқын болады. Күндердің бір күнінде Бахрамның Бағыр,
Нәдір деген екі баласы тұтқыннан қашып шығып, он екі ата Байұлының ішіндегі
Берішке сіңеді. Нәдірден Мәлі (кейбір деректерде Құлмәлі, Құлманияз деп
айтылады) туады" ("Күй шежіресі". А., 1992. 209-бб.).
Бұндай тұспалдың қалай шығып жүргендігі турасында Ә.Сарай: "Әңгіме сарай
ақыны Жанұзақ айтыпты-мыс деген өлең туралы болып отыр. Баяғы кездерде Ордада
жол сапармен болған Жайық Бектұров қарт педагог Құмар Зариповтен Жанұзақтың осы
өлеңін жазып алып, сондағы деректерді тілге тиек етіп, Махамбет Орта жүздің
Ашамайлы Керейі екен-міс деп "Орталық Қазақстан" газетінде мақала
бастырған. Байтоқ, Жанұзақ мұраларын жинастырған Шәңгерей Бөкеев, Құмар
Қарашев, Хәлел Досмұхамбетов, Қажым Жұмалиев, Берқайыр Аманшиндер Жанұзақтан мұндай
өлең жолдарын кездестірмеген. Оған қоса қарама-қарсы, қиғаш келіп жататын мың
сан шежірелік нұсқауларда да Махамбетті Ашамайлы Керейге жанастырған бір ауыз
сөз жоқ. Оның есесіне Өтеміс ұлдарын "түрікмен", "будан",
"құл" деген әңгімеден аяқ алып жүргісіз. От ауыз Өтемістің Байтоқ
ақын, Есмембет би, басқалармен қақтығысында және шежірелік нұсқалардың
барлығында да олардың түрікмендігі ауызға алынған" ("Исатай мен
Махамбет." 175-б.), - дейді.
Не де болса, Өтемістің әкесі Құлмәлі болсын, Құрманияз болсын, Құлманияз болсын
Беріштің Тумаш аталығындағы Ерназар ауылына киімшең келіп телінгеніне ешкім дау
айтпайды. Шежіре-аңыздардың ешқайсысы да оны Ерназардың белбаласы деп емес,
кірме қылып көрсетеді. Еқіншіден, осы негізде Құлмәлі балаларының қағажу көргенін
ешкім жасырмайды. Қоғам аталмыш тұлғаның есіміне тіркелген "құл"
деген сөздің өзі аңғартып тұрғандай. Үшіншіден, бұндай қағажуға Қүлманияз бен
Шыбынтай төзгенмен, Өтеміс төзе алмаған. Төртіншіден, тектерінің басқа
екендігін олардың ешқайсысы да жасырмаған. Өтеміс те, Махамбет те тегің бөлек
дегенге апшымаған, тендікке кіре алмағандарына апшыған.
Олай дейтініміз, қай шежіре, қай аңызды алсаңыз да, Өтемістің әкесі, әкелі-
балалы Ыбыраш, Берік Қорқытовтар айтқандай, 4-5 жасында келсін мейлі, Әнес Сарай
айтқандай, 12-13 жасында келсін мейлі, Хәлел Досмұхамбетұлы айтқандай,
"қолға түскен тұтқын кісі" болсын мейлі, жаңа ортаға келгенде бұрынғы
аты мен ата-тегін айтудан жалтармағанын байқаймыз. Соған қарағанда, олардың бойында
өз ортасына "бөтен санайсыңдар" деген өкпеден гөрі "бөтен де болсам,
сендерден кем емеспін" деген намыс басымдау болған сыңайлы. Ол, әсіресе,
Өтеміс тарапынан жиі ұшырасқан сияқты. Ел арасындағы Өтемістің Кенжеғара
ауылында, Бөкей мен Сығайдың (кейін Жәңгірге телінген) үйінде жасаған қылықтары
мен айтқан сөздері, әкесі Құлмәлімен жоғарыда келтірілген әңгімесі осыны аңғартқандай.
Ол 1817 жылы 21 тамызда тергеу орындарына берген жауабында да: "Әкем -
Құлманияз. Кіші жүзге қалай келгенін білмеймін. Екі ағайыныммен Нарын құмында
тұрамын" деген (И.Кенжалиев. Исатай-Махамбет. 118-б.).
Құлмәлі (Құлманияз) өзін қызылбас (парсы) падишасы Нәдіршенің тұқымымын деп есептегенін
Х.Досмүхамбетов те, Б.Аманшин де, Б.Қорқытовтар да айдан анық айтады. Беріш,
Кіші жүз, Алшын шежірелерінде де сондай сілтеме бар. Бұдан Махамбет ұрпақтары
Х.Ерғалиев, Қ.Жұматовтар да бас тартып көрген емес. Олардан өрбігендер күні
бүгінге дейін солай деп отыр. Мәселен, Қари Жұматовтың үш қызы Сәлима Жұматова
мен Раушан, Хадиша Қариевалар: Құлмәлінің тарихын білетін боларсыздар деп ел
арасындағы әңгімені қөлденең тартса ("Ана тілі".
№ 13. 2003), Астана қаласында тұратын Хадиша Қариқызы былай дейді:
"Әкеміздің айтуы бойынша, Өтемістің әкесі Құлмәліні 9-10 жасар кезінде
теңіз жағалауынан тауып алып, Жайық Беріштері ауылдағы ең сыйлы Ерназар деген
ақсақалға әкеліп береді. Ол Құлмәліні өзінің 4 баласына қосып, бірге өсіреді.
Алайда, кейбір жазушылар Құлмәліні Құлманияз деп өзгертіп, жаугершілікте түрікменнен
қолға түскен екен деп жазып жүр. Ал, әкеміздің айтуынша, Мәлі (Құлмәлі) парсы
елінің патшасы Нәдір шахтың баласы. Нәдір шах кемемен серуенге шыққанда теңізде
қатты дауыл тұрып, ондағы біраз адамдар суға кетіп, бала қазақ даласына шығып
қалған. Кезінде біз әкемізден осы әңгімені естігенде сеніңкіремейтінбіз. Жалпы,
бұл әзірге аңыз әңгіме ғана. Алайда, Нәдір шах тарихта болған адам"
(Инфо-Цесна. № 22. 6 маусым. 2003), - дейді.
Орынбор шекара комиссиясындағы "Беріш руының старшыны Өтеміс
Құлманиязовтың тегіне байланысты" деректер де бұл тұстарды текке шығармайды.
Жүзбатыр Сартовтың арызында Өтеміс Құлманиязов "парсы ұлтыннан"
("из перситский нации") деп көрсетілген. Ал, Өтемістің өзі 1818 жылғы
руларынан шыққанын, қазақ арасына қалай келгенін білмейтінін; бірақ қазақ қызына
үйленіп, өзінің екі бауырымен бірге сол әйелден туғанын айтады ("Мир
Махамбета". Исатай-Махамбет. 1801-1848. Доукменты..., 31-32-бб.). Ал, Сүйінішқали
Жанғалиев өз арызында "Беріш руының Жайық бөлігіндегі парсы Өтеміс
Құлманиязов" ("Из Беричевского роды, Джаиковского отделения персиянин
Утямыш Кулманали") деп жазады (Бұл да сонда. ЗЗ-б.). Ол көшқұлаш арызы мен
тергеуде берген жауаптарының бәрінде де Өтемістің аты аталған сайын парсы
("парсиянин") екендігін әдейі баса көрсетіп отырған. Шамасы, ол кезде
Нарын бойында Өтемістің "қызылбас" екендігін көзге шұқып баққан
жалғыз Сүйінішқали Жанғалиев болмаса қерек.
Демек, Құлмәлі де, Өтеміс те, Қожахмет те, Лүқпан да, Жұмат та, Қари да, одан
туған көзі тірі Сәлима, Раушан, Хадишалар да өздерін қызылбас (парсы) падишасы
Нәдіршеден тарағанбыз деп есептейді. Демек, Құлмәлінің Өтемістен басқа Шыбынтай
мен Қобыланбайынан тарайтын ұрпақтары да осылай ойлайды. Оған Шыбынтай немересі
Зәуреден тарайтын Айымжан арқылы немересі Берік Қорқытовқа дейін жеткен әңгіме
дәлел. Ендеше, Өтемістен туған он атаның ұрпағы да дәл солай ойлаған.
Олай болса, Махамбет те солай ойлары даусыз. Ол әкесі Өтемісті елден ерек
жаралған, ерен тұлға ретінде жырлайды. Тіпті оның кескін-келбетінің қалған қазақтарға
атымен ұқсамайтынын қалай масаттана, қандай ақсақтата жырлағаны белгілі. Өтеміс
өзін мұқатқысы келгендерге: "Өзен, өзен, өзен ит, өз суы тұрғанда, өзге
суға қонған ит, Түбінде өзі болған жігіттің, түп атасын сұраған ит", - деп
өзі соқтыға сөйлегені сияқты, Махамбет те атақты Баймағамбет Айшуақовқа:
"Жазығым татар буданский демесең, Байеке сұлтан мен осы жолы не
дедім?", - деп тиісе сөйлепті.
Б.Аманшин "Махамбеттің бабалары мен ұрпақтары" қолжазбасында бұл
жолдарды әуелде Нұртаза Досов деген ақсақалдан естігенін, кейін 1935 жылы
Ж.Қаймолдаұлы деген кісінің қолжазбасынан көргенін айтады. Демек, ел арасына
кең тараған жолдар. Бұл арқылы Махамбет тегінде бір "кілтипан" бар
екенін өзі айтып отыр. Қысылып-қымтырылып айтып отырған жоқ, "ал солай
болғанда, не істер едің?" - деп әдейі соқтығып отыр. Кім көрінгенге емес,
өзі тікелей бағынышты хан тұқымына, атышулы Шыңғыс әулетінің өкіліне әдейі
ұрынып отыр. Қуғында, қудалауда жүріп, осы сөзіне бола кейін қолына кісен, аяғына
бұғау
түсерін біле отырып айтып отыр. Бұл - тек ерліктің ғана емес, бойына туа біткен
өрліктің де сөзі. Айтып отырған адамының өзінен-өзі, атасынан атасы кем
еместігін білетін қісінің ғана дәл солай екендігінен жеткілікті хабардар адамға
айта алар сөзі.
Оған "Баймағамбеттің бес батырды қонақ етуі" дейтін мына бір жәйт
одан әрмен жан бітіре түсетіндей. Шамасы, 1845 жылы күзде сұлтан ор рудың жақсыларын
шақырып, иықтарына шапан жабатын әдетімен алашаның Кенжеғара әулетін де
ордасына шақырады. Сол ауылды паналап жүрген Махамбетті де бірге ала келуді
тапсырады. Үлкендері Сатыбалды батыр барудан бас тартады. Сарбөпе, Сатай,
Сарытай Махамбетті ертіп, ордаға жетеді. Күтіп алушылар: "Махамбетке
ерекше құрмет көрсетейік деп едік", - деп бөлек үйге түсіргісі келеді.
Секем алған Сарбөпе: "Махамбет бізге емес, біз Махамбетке ілесіп келген
екенбіз ғой", - деп жанжал шығарады. Ордаға кіргенде Баймағамбет басқаларға
оң қолын, Махамбетқе сол қолын ұсынады. Шай келгенде, Махамбетке түтқасы жоқ тұқыл
шыны аяқ бұйырады. Бұл: "Тұтқаң, тірегің жоқ, тұқылсың", - деп сес
көрсету еді. Махамбет: "Мына қызыл күрең шайды нәпсім сүйеді, ұстарға
қолым күйеді. Өз алтынымнан айырылған соң сенің алтыныңды ұстап, қара сүйегімді
ағартпай-ақ қояйын", - деп шынаяқты қағып жіберіп, шайды төгеді. Төрде Баймағамбеттің
қасында отырған Ақсарт сұлтан: "Атаңа нәлет. Әуелі ханның ұсынған қолын
тәрк еттің. Енді дастарханын тәрк еттің!" - деп ұшып түрегеледі. Махамбет:
"Төре, мені сөйлетіп не қыласың? Ауызымда адырнаның алты оғы бар. Тілімнің
екі жағы кез. Ұшы біз. Сөйлесем, бірі хан ұлына тиеді, бірі қара ұлына тиеді,
бірі өзіме тиеді", - дейді. Намысқа булығып отырған Сарбөпе: "Тимек
түгілі, тесіп өтсін, сөйле! Тек расын айт. Өтірікке жолдас жоқ, шындыққа жолдас
көп", - дейді. Махамбет одан әрі қайрау күтпей, ағытыла жөнеледі. Ауылға
аттанарда, Махамбет ордадан бұрын шығып кетіп, қасындағы батырлар бөгеліп
қалады. Жолда: "Неге бөгелдіңдер?" - деп сұрағанда, Сарбөпе:
"Төртеуміздің төрт көзіміз түгелдігі мүндай онды болар ма! Әйтпесе,
жиеннен айырылған екенбіз. Губернатордан Махамбетті ұстауға бұйрық
келіпті", - дейді. Махамбет: "Бұған дейін қорғап келдіңдер. Рахмет!
Енді өз күнімді өзім көрейін!", - деп астындағы атын бір тартып, ай далаға
құйғыта жөнеліпті. Нағашыларынан сөйтіп біржола ірге айырыпты (Ә.Сарай. Исатай
мен Махамбет. ЗбЗ-365-бб.).
Біз ақынның тұқыл шынаяқты көргендегі ашуынан Кенжеғара ауылының "Құлағы
жүн-жүн құлға қыз беруші ме еді" дегенін естігендегі ашуын көзге елестете
аламыз. Екеуінде де сүйегіне тіл тигендіктен бұлқан-талқан болып отыр. "Өз
алтынымнан айырылған соң, сенің алтыныңды ұстап, қара сүйегімді ағартпай-ақ
қояйын", - деген әңгіме алтын шалған шыны аяқ төңірегінде болып отырған
жоқ. "Өз ақсүйектігімнен айырылған соң, сенің ақ сүйектігіңнен шарапат
көрмей-ақ қояйын, Сен ақсүйеқ болсаң, мен де ақсүйекпін. Кімді кемсініп
отырсың?!" - деген сөз еді. Сонда Беріш Ерназардың баласы қалай ақсүйек
бола алады? Аузындағы адырнаның алты оғының біреуі хан баласына тиеді деп
отырғаны - Айшуақ пен Ақсартты меңзегені. Біреуі қара баласына тиеді деп
отырғаны - қазіргі отын оттап, суын сулап отырған елін меңзегені, біреуі -
өзіме тиеді деп отырғаны жөнінің алдыңғы екеуінен бәрібір бөлектігін меңзегені.
"Түбінде өзі болған жігіттің түбін неге сұрайсың", - дейтін әкесі
Өтемістей: "Тегімді білмей тұрып, өзімді неге кемітесің?" - дегені.
Қалғаны - "қорқар кісі мен емеспін, қорқытар кісі сен емессің" деп,
көзіне көрініп тұрған хан-төрелер хақында не ойлап, не қоятыны. Аузымдағы
адырнаның алты оғы - айтар толғауының алты тарауы, алты тармағы. Қазіргі
басылып жүрген нұсқаны әлі де болса, осы тұрғыдан сұрыпталып біткен нұсқа деуге
қиын. Кей ретте "хан баласы ақсүйек" дегенін Жәңгірге де,
Баймағамбетке де қаратып айтқан жыр-жебелер арпа-бидайдай болып араласып
кеткен-ау деген секем де жоқ емес. Бірақ, бұл арадағы әңгіме басқада.
Өтемістің де, Махамбеттің де көкірегін кеулеп, көмейінде кептеліп қала беретін
ыза не? Намыс па, нала ма? Екеуі де. Елінің көріп отырғанына назалану - нала.
Өзінің көріп жүргеніне ызалану - намыс. Екеуі де басқаларды көрмегендей, неге
теқ хан-сұлтандарға ызаланады?! "Тең теңімен, тезек қабымен" деген
бе, жоқ, төменнің жоғарыға, аласаның биікке кіжінуі ме? Махамбет толғауына
тереңірек үңілген адам одан Баймағамбетке кіжінуден гөрі қомсынуды көбірек
байқар еді. "Алайда, сұлтан, алайма, астыма мінген арғымақ, аяндай түсіп
марай ма? Арғымақ дейтін жығылғыр, найза бойы жар келсе, жабыдайын жалтаңдап,
түсер жерін қарай ма?", - деп ойқастай басталған жыр ызадан гөрі
масаттануға көбірек ұқсайды. Жаңа ғана өзін кемсініп отырған астам дұшпанға
бұлай қомсына сөйлеп, қоқилана қыр көрсетуді қалай ұғынуға болады? "Біз
бір енеден бір едік, бір енеден екі едік, екеуміз жүргенде, бір-бірімізге ес
едік", - деп басталатын "Өтемістен
үстемнің көрер көзге өзін мазақ ету емес пе? "Еділді қөріп еңсеген,
Жайықты көріп жемсеген, таудағы тарлан шұбар біз едік. Шабытымыз келгенде,
ерегіскен дұшпанды шетінен сүйреп жеп едік. Баста дәурен тұрғанда біздер дағы,
Байеке, оза көшіп, қең жайлап, еркіннен еркін жатқан ел едік", - деп бір
қояды. Бұл енді еруліге қарулы дегендей астамсығанға астамсу. Бұның қасында сол
қолын ұсынып, шұнақ шыны аяқ қою деген сөз болып па? Алтын тәж киген аждаһадай
алшиып отырған төреңді нарқоспақтың баласындай көріп, көңілі бітпей, қайраңнан
алған шабақтай қия соғып ас етсе, тамағына қылтаны кетер деп тайынбас жанды кім
деп ұғарсың?! Мұндай сөз ызаланған кімнің аузына түсе ме, әлде шамырыққан
теңнің аузына түсе ме? Махамбет хан-сұлтандармен кеммін деп емес, теңмін деп
сөйлесетіндей. Бұл тек ақылы мен ерлігіне сенгендіқтен бе, жоқ, расында да,
оларды "нарқоспақтың баласы, ал өзін ақ сұңқар қүстың сойы едім" деп сезінгендіктен
бе?! Ендеше, ондай өрлікті де оған Өтеміс дарытқандай. Оған жоғарыда
келтірілген Қорқытовтардың Құлмәлі мен Өтемістің өзара әңгімесі жайындағы
дерегі де дәйек бола алады.
Сонда, Нәдірше және оның балалары деген не өңгіме осы? Өйткені, Беріштер арасындағы
Құлмәлі әулеті жайындағыдай әңгімені Адайлар арасындағы Құлмәті әулеті жайында
да айтады. Адайлардың Мұңал тайпасының Жары тақтасының Тоқтамыс аталығында Мәті
деген ауыл бар. Мәтіні де теңіз жағасында қираған кемеден тауып алған. Оны да
қызылбастың Нәдірше деген падишасының кеме апатына ұшыраған баласы дейді.
Біреулер оны да жаугершілікте түскен тұқым десе, біреулер теңіздегі дауылдан
жағаға шығып қалған қемеден табылған олжа бала дейді. Олардың да кескін-келбеті
қалған қазақтардан әлдеқайда ереқше. Қою қабақ, қоңқақ мұрын, көгілдір көз.
Мәтіні де Адай Жарының аждаһамен арбасқан атақты батыры Тоқтамыс көп баласына
қосып, бала етіп алған. Ұрпақ санап, жыл кескенде, Мәті де Адай арасына Мәлінің
Беріш арасына киімшең қосылған кезімен тұспа-тұс келеді. Белгілі халық
сәулетшісі, ақын, өлке зерттеуші Сайын Назарбеқұлы Тоқтамыс жуырда Мәті
атасының Атырау теңізінің Үстіртке астасар жапсарындағы зиратының басына
ескерткіш қойды.
Мәлі мен Мәтінің арасында қандай байланыс бар? Біздіңше, бар сияқты. Екеуінің
де бір шамада, Абыл ақынның тілімен айтқанда, "тапа-тайлас Адай, Беріш"
ауылдарының ең Нәдіршенің тұқымы ретінде дербес аталық, бөлек ауыл болып қалуы
тегін болмаса керек.
Нәдіршенің тарихқа белгілі Нәдір шахпен байланысы болуы мүмкін бе? Мүмкін
болса, Нәдір шахтың Атырау және Маңғыстаумен байланысы нешік? Батыста отырықшы
дүниенің, шығыста көшпенділер әлемінің қақ ортасында жатқан Иран аталмыш
өлкелермен ежелден саяси-экономикалық, мәдени-рухани, этникалық тығыз
байланыста екендігі аян. Зороастризмнің киелі кітабы "Авестаның"
айтуынша, Иран тайпалары, негізінен, терістіктен, Орталык Азия жазираларынан
шыққан. Бұндай миграциялық тасқын тіптен бертінге дейін жалғасып келді. Ежелгі сақтарды
былай қойғанда, монғол шапқыншылығына дейін Еділ бойына үстемдік құрған
хазарлар, Маңғыстауды жайлаған оғүздар мен түрікмендер Таяу Шығысқа, негізінен
қазіргі Иран жеріне ауа көшті. Олардың арасынан Айтумыш (Айтогмыш), Қаджар
(Хазар), Аусары (Афшар) билікші әулеттері шықты. Қаджарлардың Еділ бойынан,
Айтумыштар мен Афшарлардың Атырау теңізінің шығыс бетінен кеткендігін күні
бүгінге дейін сақталған ономастиқалық жұрнақтардан - топонимдер мен
этнонимдерден аңғаруға болады.
Жан-жақтан топандай сапырылысқан миграциялық құбылыста қандай этникалық
элементтер мен билікші әулеттердің үстемдік құруына байланысты аты да сан-сапат
өзгеріп баққан бұл ел XV ғасырдан бастап түркі тілді елдерде қызылбастар елі
деп атала бастады. Оған XV ғасырдьщ екінші жартысынан бастап, әулеті Әзірбайжанда
түрікмен билікші әулеттеріне қарсы күреске шыққан Севефи әулетінің бірінші шахы
Исмаилдың әкесінің өз жақтастарының басына қызыл ала сәлде оратқаны себеп
болған деседі. Сөйтіп, үстемдікке жеткен Севефи әулеті XVIII ғасырда құлдырауға
ұшырады. Үстемдікке ұмтылған отырықшы, көшпенді әулеттер Иранды жан-жақтан
талай бастады. Әуелі ереуіл ретінде басталған бұл қозғалыстар бірте-бірте
гегемонистіқ сипат ала бастады.
XVIII ғасырдың басынан ауған тайпаларының үстемдік жолындағы күресі күшейе түсті.
1722 жылғы 22 қазанда Сұлтан Құсейін шах басындағы тәжін ауғандар көсемі
Махмудқа кигізуге мәжбүр болды. Жеңімпаз ауғандар талап-тонау мен қырып жоюды
шектен асыра бастады. Ел ішінде қарсылық күшейді. Қаһарына мінген Махмуд 1723
жылы 25 қаңтарда Хусейін шах пен қызылбас жайсаңдарын тойға шақырып, сол арада
300 иран ақсүйегін жайратып тастайды (М.С.Иванов. Очерк истории Ирана. М.,
1952. 84-85-бб.). Осындай қанжоса сойқандар жер-жердің бәрінде ұйымдастырылады.
Бұған ауғандардың өзі наразы бола бастады. Махмудтың немере туысқаны Ашраф сол
үшін зынданға қамалады. Сол кезде 1722 жылы әкесі тізе бүккен кезде сарайдан
қашып кеткен Хусейін шахтың баласы Тахмасп басқыншыларға қарсы майданға шығады.
Бахтиарлар арасынан да Хусейін шахтың жалған баласы Сефи мырза деген шығып,
ереуілдейді. Махмуд 1725 жылы Исфаһанды алып, бұрынғы шах пен екі сәби
баласынан басқа Севефи әулетін түгел бауыздайды. Бұған шыдай алмаған
ауғандардың өзі сол жылғы сәуірде Махмудтың көзін құртып, орнына зындандағы
Ашрафты шах қояды. Ол Хусейін шахтың қызына үйленіп, Иранға батыстан қол салған
түріктермен соғысады. 1727 жылы бітім жасасып, түріктерге Әзірбайжан, Күрдстан,
Хузистан, Орталық Иранның біраз жерін, тіпті Тегеранды да берді. Оның есесіне
түрік сұлтаны Ашрафты Иранның шахы ретінде мойындайды. Бірақ, ел ішінде Ашрафқа
қарсы әрекеттер басталып, марқұм Махмудтың інісі Хусейін Исфаһанды басып алады.
Атыраудың түстік жиегі Мазендеранда ауғандарға қарсы қүрес қоздайды. Оны
Хусейін шахтың ұлы Тахмасп басқарады. Оған әуелі болашақ Қаджар билікші
әулетінің негізін салушы Фатих Әли хан Қаджар көмектеседі. 1726 жылы орасан мол
әскерімен Нәдірхан Афшар да оған қосылады. Бұның тегі түрік еді. Сыр бойынан
Маңғыстауға, одан Еділ бойындағы Хазарияға, одан Әзірбайжанға ауып барған
аусары (афшар), апсар тайпасының Қырықұл руынан шыққан оғылан еді (Маңғыстауда
Аусары деген елді мекен, бұлақ әлге дейін бар. -Ә.К.) Сефевилер өзбектерден
қорғану үшін афшарларды Әзірбайжаннан Хорасанға көшіріп апарады. Нәдір сол
Хорасанда 1688 жылы туыпты.
Жас кезінде малшы, кіреші, дихан, әбзелші болыпты. Жол тонаушылықпен де
айналысып қөріпті. Нәдір Сейстан билікшісі Мәлік Махмудтың қол астына өтіп,
талантты әскер басы болып танылады. Сондай адамның Тахмасп жағына өтуі оның
Мәлік Махмудқа қарсы жорыққа шығып, Хорасанды бағындыруына мүмкіндік берді.
Хорасанның астанасы Мешхедке шабуыл барысында Нәдір шах Фатих Әли хан Қаджарды
қастандық ұйымдастырғалы жүр деп, Тахмасптың қолымен өлтірткізеді. Сосын-ақ, ол
Тахмасп шахтың оң қолына айналады. 1729 жылы ол Гератты алып, абдалдарды түгел
бағындырып береді. Сол жылдың 29 қыркүйегінде Ашрафтың ауыр қолы Нәдірден
күйрей жеңіліп, қашып құтылады. Тағы да сондай бір жойқын соққы беріп, Афшарды
Испаһаннан қуып, Тахмаспты шах тағына отырғызады. Нәдір желтоқсанда Фарсқа
аттанып, Ширазды паналаған Ашрафты әуелі Ларға, сосын Белуджстанға бездіреді.
Сол арада 1730 жылы Афшар қаза табады. Сөйтіп, Нәдірдің арқасында ауғандар 1730
жылы Ираннан түпкілікті қуылады.
Нәдір Иранның шын билеушісіне, Тахмасп әншейін "қуыршақ патшаға" тақ иесіне
айналады. Афшар тұсында түрік қолына кеткен біраз жерді қайтарып алады.
Тебризді алып тұрғанда, абдалдар көтерілісі шығып, Исфаһанға қайтып оралады.
1731 және 1732 жылдары Нәдір сол абдал көтерілісімен алысады. Сол кезде Ереван
мен Нахичеван үшін болған соғыста Тахмасп тұтқынға түсіп қала жаздайды. Алдында
ғана Нәдір қайтарған жердің біразын Тахмасп түріктерге қайтадан беріп жібереді.
Бұны естіген Нәдір Исфаһанға оралып, Тахмаспты тағынан түсіріп, сегіз айлық
баласы Аббасты шах деп жариялайды. 1732 жылы Түркияға қарсы соғыс ашып, 1733
жылы Бағдат бітімін жасасады. Ол бойынша Иран соңғы он жыл ішінде Түркияға
кеткен жерін қайтып алатын болады. Бірақ, Түрік үкіметі бұл келісімді бекітпей,
1734 жылы соғыс қайта жанданады. Бұл кезде түріктермен соғысып жатқан Ресей
1732 жылы Реште бітім жасасып, Тахмасп берген Гилян, Мазендеран, Астрабадты
Иранға қайтарады, ал 1734 жылғы Гянжі бітімі бойынша, егер Түркиямен бітім
жасаспайтын жағдайда, Баку мен Дербенті қайтып беруге келіседі. Алайда, 1736
жылы Түркиямен ондай бітім жасалып, Баяғы Бағдат келісімі күшіне енетін болып
шешіледі.
Түріктермен жасалған бұл бітім Нәдірдің өзін шахпын деп жариялауға мүмкіндік
береді. 1736 жылғы 8 наурызда Нәдір Иран тағына отырады. Сол бойда 80 мың
әсқермен шығыс жорығына аттанып, Кандаһар, Ғазна, Қабыл, Балхыны алып, Пешавер
мен Лахор арқылы Делиге аттанады. 1739 жылы 21 ақпанда Карнале түбінде Ұлы
Моғол әскерін талқандап, 20 наурызда Делиге кіреді. Инд өзенінің батыс
жағындағы аумақ түгелімен Иранға бағындырылады. 1739-1741 жылдарғы жорықтар
нәтижесінде Нәдір Самарқанд, Бұхара, Хорезмді де бағындырады. Сол жорықтың
үстінде Хиуада болып, Әбілқайыр жіберген орыс елшісі Муравинмен кездеседі. Оны
мен баласы Нұралыны тақтан қуып, Батырдың баласы Қайыпты Хиуаға хан қойғызып
кетеді.
Нәдір Иранның жер аумағын кеңейтуді місе түтпей, Таяу Шығыста жаңа мұсылман
империясын құруды армандады. Шииттер мен суниттер арасыңдағы қырқысты тыю үшін
джафарид ағымын мемлекеттік идеологияға айналдыруға тырысады. Күшті мемлекет құруға
ұмтылған Нәдіршах 1741 жылы Парсы шығанағында өз флотын жасауға кірісті. Ол
Атырау теңізінде үстемдік құруды, Астраханды басып алуды армандады. Иран флотын
құру жұмыстарын бір кезде Басқұншақ, Элтон көлдерінде тұз өнеркәсібін ашқан
ағылшын капитаны Джон Элтон басқарды. Нәдіршах 1741 жылы Хиуа жорығынан соң
лезгиндер көтерілісін басу үшін Дағыстанға аттанды. 1743 жылға дейін созылған
бұл жорықта ол табысқа жете алмады. Сол жылы түріктермен соғыс қайта жанданды.
Бұл соғыстар Грузияда, Хорезмде, Фарста, Астрабадта көтерілістер шығуына түрткі
болды. 1746 жылы кетеріліс өрті Керманды да, Тебризді де, Хорасанды да қамтиды.
Нәдірдің соңғы жылдары өзіне қарсы көтерілгендерді аяусыз жазалаумен өтті. 1747
жылы маусымда Хорасанда түн жамылып келген дұшпандары Нәдірді өз шатырында
бауыздап кетті.
Нәдір шах өлген бойда-ақ, ол құрған мемлекет бет-бетіне ыдырай бастайды. Ауғандар
алдымен бөлініп кетеді. Нәдірді өлтіргендер оның немере туысы Али Кули хан
Афшарды Әділ шах деген атпен Мещхедте таққа отырғызады. Ол шиизмді жақтайды.
Бір жылға жетпей, ол да тақтан қуылады. Өз бауыры көзін ойып алады. 1757 жылы
Иран майда ұлыстарға бөлініп, билікшілері өзара қырқысып кетеді. Хорасанда
абдалдар Нәдір шахтың көзі ойылып алынған немересі Шахрухты таққа отырғызады.
Астрабад пен Мазендеранда Қаджар Мохамед Хасан хан билік құрады. Күнгей
Әзірбайжанда Нәдірдің әскер басыларының бірі ғылзай руынан шыққан Азау хан
көтерілісі басталады. Ғиланда Хидоятолла хан деген шығып, Ресеймен ықпалдаса бастайды.
Исфаһанда бақтияр Әли Мардан мен зенд Керім хан бас көтереді. Ақыры Керім хан
жеңіп, Азадпен, Мохаммед-Хасанмен айқасады.
1760 жылы Керім Хорасандағы соқыр Шахрухтан басқаны өзіне қаратады. Оның
тұсында сәл саябыр тапқан ішкі талас 1779 жылы ол өлген соң, қайта басталады.
1783 жылдан бастап Иранның көп ұлыстарын Аға Мохаммед Қадшаф өзіне қарата
бастайды. 1796 жылы Тегеранда Иранның шахы болып жарияланады. Сол бойда
Хорасанға аттанады. Оны билеп тұрған Нәдір Шахтың немересі соқыр Шахрухтың ұлы
Нәдір мырза Мешхедті тастап, ауғанға қашады. Шахрух қаланы Аға Мохаммед шахқа
соғыссыз береді. Аға Мохаммед шах Хорасанда Нәдір шахтың Үнді жорығынан алып
қайтқан бай қазынасын қолға түсіреді. Сөйтіп, Нәдір шах әулеті биліктен
біржолата қуылып, елде Қаджар әулетінің үстемдігі орнайды (М.С.Иванов. Очерк
истории Ирана. 93-113-бб.).
Көріп отырғанымыздай, Нәдір шах қанды қанжардан жайрап түскен күннен бастап елу
жыл бойына қуғын көрген әулеті қолындағы тізгінді бірден бере қоймаған. Сол елу
жылдың ішінде ол тұқымнан қалған талай тұяқ шартарапты шарлап, сан қилы тағдыр
кешкен. Олар Атырау теңізінің шығыс қолтығы мен теріскей бүйіріне қайдан аяқ баса
қойсын деушілер де табылар. Нәдір шах Астраханды алуды өле-өлгенше армандап
өтті. Дағыстанды жаулады. 1735 жылы Дербентті басып алып, онда өзіне сарай
салдырды. Ол өлген соң қала өз билігін өз қолына алғаны белгілі. Тебриз бен
Баку де Нәдір шахқа бағынды. Атырау (Каспий) флотилиясын да Нәдір аталмыш
қалаларда жасатпақ болды. Бірақ, ол дегеніне жете алмады. Бар болғаны бір-ақ
кеме жасатып үлгерді. Өз кемелері жасалғанша ағылшын, голланд кемелерін сатып
алды.
Олар Парсы шығанағы мен Атырау теңізінде қалаған жағына емін-еркін жүзіп жүрді.
Егер бұны ескерсек, Нәдірдің өзінің немесе талай уәлаяттағы, оның ішінде
Атыраудың түскей және батыс жақ жағалауындағы Иранға бағынған қалалардағы билік
жүргізіп отырған балалары мен туысқандарының ұрпағы әлгіндей аламан-асыр
кезінде кемеге мініп, бет ауған жаққа, соның ішінде теріскейі мен шығысындағы
теңіздің елсіз жағалауларына да безіп кетуі мүмкін. Жол-жөнекей дауылға ұшырап,
қирап қалулары да ықтимал. Оның үстіне сол кездегі Иранның саяси өміріне ауғандағы
абдал, түрікмендегі жәуміт руларының айрықша белсене араласқандары да рас. Олар
Иранда болашақта саяси ықпалға жету үшін басына күн туып тұрған билікші
әулеттің талай тұяғын әзір ешкімнің қолы жете қоймас қиян түпкірлерге алып
кетіп, жасыра тұруға мүдделі болатыны да түсінікті.
Қысқасы, Беріш пен Адай арасына іргелеріндегі Ираннан әлгіндей "киімшең тумалар"
келуінде қисынға сыймастай ештеңе жоқ. Солай болып жатса, оларды өз
замандастары шеттетсе де біз шеттете алмаймыз. Өйткені, Құлмәлі мен Өтемістің замандастары
князь Урусов пен Юсуповтарды күні кешегі маңғыт Алшы Смайыл мен Сары Жүсіптің
тұқымдары еді деп орыстар жатырқап, қазақтар бауыр тартып жатқан ештеңелері жоқ
еді ғой. Сырымның замандасы және соңына түскен жан алар жендеті күні кешегі
швед капитанының баласы А.В.Суворовты орыстар генералиссимус қылып, төбелеріне
көтергені аян. Дәл сол замандарда үшеуі үш елде туып, үш жақта өмір
сүргендерімен, түптері бір, өзара немелтай ағылшын Байрон, неміс Бирон, орыс
Лермонтов төрге шыға алмай, босағада қалып қойған ештеңесі жоқ-ты. Махамбеттің замандастары
эфиоп Ибраһимның (Ганнибал немересі) А.С.Пушкин мен Наполеон Бонопарттың поляк
әйел ашынасынан туған Гиом Апполинер орыс пен француздың ұлы ақындары саналмай
қалған жоқ еді. Ендеше, бүдан екі ғасыр бүрын туған Махамбет Өтемісұлы да түбі
түрікменге сіңіп кеткен Беріш тумаш немесе ашамайлы керей, не афшар Нодір,
тіпті борі де емес Ерназар батырдың көрші ауылдан асырап алған баласы болса да,
бүгінгі қазақ халқының теңдесі жоқ ұлы ақыны мен ұлағатты қайраткері ретінде күллі
ұлт болып ұлықтауға лайық тұлғасы екендігі даусыз. Алайда, әлгі қираған
қайықтан табылатын "Нәдірше балалары" жөніндегі анық-қанықты тек Өлеңті
өзені бойындағы Қосқен -Қосдәулет қауымында жатқан Беріш Құлмәлі мен Үстірттегі
Сисем-Атаның Атырау теңізі жағындағы Тасарал қауымында жатқан Адай Құлмәті қайта
тіріліп келіп, айтып бермесе, басқа ешкім ақи-тақи айтып бере
алмайды.
Біздің бұл мәселені бұл арада сөз қылуымыздың себебі, жоғарыда айтылғандай,
Құлмәлінің өзінен бастап, оның күні бүгінгі көзі тірі ұрпақтарына дейін түбіміз
қызылбас падишасы Нәдіршеден немесе Нәдір шахтан тарайды деп санайтындығында.
Бұл сенім Өтеміс пен Махамбетте де зор болғанын олардың мінез-құлықтары мен
қылықтары да аңғартқандай. Әсіресе, Өтемістің де, Махамбеттің де басқа, сірә,
басқа ғой, ел үстіндегі хан-төрелерге місе тұтпай қарауының ар жағында
өздерінің де тегін жерден шықпағандарына деген нық сенім жатқандай. Баяғыдағы
Шыңғырлаудың ну тоғайының ішіне тігілген Баймағамбет ордасында Махамбеттің
"Өз алтынымнан айырылған соң, сенің алтыныңды ұстап қара сүйегімді
ағартпай-ақ қояйын", - деп шыны аяқты лақтыруында да, Өтемістің Бөкейдің
ордасында Бекпенбетті көріп, төрден оң жаққа, одан босағаға көшіп, байыз таба
алмауында да болып көрмеген кісінің бопсасы емес, болып көрдім деген тұқым
ұрпағының баяғысын жоқтап өксуі мен бүгінгісіне қорланып өкінуі жатқандай. Сол
өксіқ Махамбет жырларының әр шумақ, әр жолынан естіліп тұрғандай. "Қай
қазақтан қем едім", - деп қадала сұрайтыны да, "хан баласы ақсүйек,
Байеке, сұлтан сен болып, сендей нар қоспақтың баласы", - деп осқырынатыны
да, "ай, тақсыр-ау, ай, тақсыр, бойың жетпес биікпін, бұлтқа жетпей шарт сынбан",
- деп асқақтайтыны да, "сүйегім тұтам қалғанша, тартынбай сөйлер
асылмын", - деп, өз-өзінен масаттанатыны да, "мен бір шарға ұстаған
қара балта едім, шабуымды таппай кетілдім, қайрасаң тағы жетілдім, көрмес,
келмес деп едім, өз еркіммен бетіңді-ай, есігіңнің алдына ұрмай-соқпай
келтірген, арманың бар ма құдайға, мынау Махамбет сынды жетімді-ай!" - деп
таусыла налитыны да, көп айтып жүргеніміздей", кешегі Исатайдың барында
қара қазан, сары бала қамы үшін қылыш сермескен", "Еділ үшін
егескен", "Жайық үшін жандасқан", "Қиғаш үшін қырылған",
"Тептер үшін тебіскен", "тендікті, малды бермеген, теңдіксіз малға
көнбеген" ереуілді жылдарды ғана сағынғандықтан емес, одан да арғыдағы
асыл тегіне тіл тигені үшін, алтын сүйегіне дақ түскені үшін тәңірге
шағынғандықтан, шамырқанғандықтан, ақтарыла ағытылған ащы сырлар сияқты.
Апшыған намыс қана осындай шапшыған толғаулар туғыза алатындай. Қордаланған
зорлыққа қорланған сезім ғана төкпектете сөйлететін төтен қылықтарға бастай
алатындай. Махамбет те, Өтеміс те соған айғақ болып тұрғандай. Егер Махамбет
әлгіндей төтен қимылдарға кешегі Исатаймен бірге бастан кешкен ереуілді
жылдарды көксегендіктен барып жүрсе, ондайды бастан кешпеген Өтеміс неге барып
жүр?
Хан-төрелердің қылғанына қорланып, ағайынның қылғанына арланып Орынбор асқан
Өтеміс жәйін жоғарыда сөз болған Хадиша Қари қызы әкесінің айтқандарына
сүйеніп, басқаша баяндайды: "Ол 1804 жылы көктемде Жүзбатыр Сартов деген
старшынмен бірге Беріш ауылдарының Жайықтың бергі бетіне қайта өтпек болған
қозғалысын басқарады. 1819 жылы Өтеміс Смайылмен Кіші жүздің Серғазысының Хиуа
ханы Мұқамбет-Рахыммен өзара қарым-қатынасына серік қылатын белгілі керуен басы
болады. Өзінің алғыр мінезімен, жігерлі істерімен Бөкей ханның таңдаулы
билерінің бірі болғандықтан кейбір күншіл билер: "Ата-тегі белгісіз
келімсек ел билеп кетті", - деп Өтемісті кемсітеді. Орынбордың генерал-
губернаторына жала жабылған шағым түсіп, ол тергеуге шақыртылады. Орынбор
қаласында Өтеміс біраз тексеріліп, тергелген соң ауылына босатылып қоя береді.
Арыз жазып, Итжеккенге айдатып жібере алмаған жаулары Өтеміс елге қайтарда үзеңгісіне
у жағып қояды. Удың өте қүштілігінен Өтеміс қаладан шықпай жатып қайтыс болады.
Әкесінің қайтыс болғанын естіген ұлы Тоқтамыс Орынборға келіп, сүйегін алып
кетейін десе, Батыс Сібір басқармасы оған рұқсат етпейді. Өзіне тергеу
жүргізіледі. Әкесін сол араға жерлеп, өлтірушілерді сотқа беріп, қазақ ғұрпымен
құн төлеткізеді" ("Инфо-Цес". № 22. 2003. 8-б.). Бұнда күмән
177шақыратын жалғыз-ақ тұс, Өтемістің 1819 жылы тірі жүруі. Біз де бұл арада
датадан жаңылысу бар деп есептейміз. Сөз ретіне қарағанда, екі түрлі байлам
жасауға болады. Не 1810 жылы Бөкей Ішқі Ордаға, Шерғазы Кіші жүзге хан сайланғанда,
Өтеміс Нарынға қайтпай, Шерғазының қасында қалып, Хиуа ханымен екі ортада
керуен басқарып жүрген. Ол қезде оның туған құдасы Жүсіп Сырымов та Хиуада
жүріп, әлгі айтылған хандар арасында дәнекерлік еткен. Ондай жағдайда Өтемістің
елге оралған соң әлгіндей әңгімеге ұшырауы әбден мүмкін. Не 1816 жылғы оқиғадан
кейін Орынборға барып ақталған соң, қуғындаған дұшпандарынан сақтанып, Нарынға
қайтпай, "өлді" деген лақап таратып, Хиуадағы Жүсіп Сырымовтың маңына
қайта кетіп, онымен бірге Хиуа мен Кіші жүз хандарының керуендерін тартысуы мүмкін.
Онысынан басқалар түгілі балаларының біразы бейхабар болып, ел арасында әлгіндей
дүдәмал лақаптар тарауы ықтимал. Ондай жағдайда Өтеміс қасына тек Сүлейменді
ғана емес, басқа балаларын да шақыруы ғажап емес. Мәселен, Махамбет 1816 жылы
әкесі үйінен кеткенде 12-13 жастағы ес біліп қалған бала екен.
Біз сол оқиға болған Ақжонас атырабын барып көрдік. Атақты "Алтын тапқан"
үңгірінде болып, жалт-жұлт қара жақпар тастары үйіндісінің үстінде отырып,
мұп-мұздай салқын аяда жергілікті азаматтармен әңгімелестік. Бәлкім, бұл
үңгірге бала кезінде де, кейін ереуіл кезінде де, Махамбеттер де талай рет кіріп-шыққан
шығар. Түп жағы күні кешегі осы маңдағы әскери сынақтар салдарынан қопарыла
құлап бітеліп қалыпты. Әйтпесе, жер астында жан-жаққа тарам-тарам шашырап жатқан
табиғи дәліздер болса кереқ. Осы маңдағы жоталардың сауырымен әрлі-берлі жортып
көрген салт аттылар, расында да, аяқ астарындағы жердің бір түрлі дүңк-дүңк
етіп дүңгірлеп жататынын байқайды екен. Құрманғазы да сол маңайда туыпты. Бір
биік төбенің басында соған байланысты арнайы белгі қойылыпты. Бәлкім, бала күйші
екі батыр жайындағы әңгімелерді естіп отырып: "Исатай мен Махамбет өкіне
ме екен өлдім деп" дейтін әйгілі сөзін дәл осы атырапта жүріп айтқан
шығар. Маңайдың бәрі маңқиып тұрған оқшау-оқшау маңғаз төбелер. Бәлкім, кейін
Махамбеттің: "Біздің анау Нарында бір төбелер бар еді, айналасы ат
шаптырса жеткісіз; қиқулап ұшқан қырғауыл, күнінде құлан да басып өткісіз; ерте
келген жақсылар кешке үйіне кеткісіз; қойды мыңға толтырған Нарынның ана құмдары;
түйені жүзге толтырған көкпекті, шайыр, шымдары; жатып қалған тайлағы жардай
атан болған жер; жабағылы тоқтысы қой болып, қора толған жер; аш-арығы тойған
жер, жылаған бала қойған жер; шортаны қара бақандай, бақасы сары атандай,
балдырғаны білектей, баттауығы жүректей, қымыздығы күректей, сонасы қоңыр
үйректей; ондай қоныс маған жоқ, құдай қылды, амал жоқ", - деген әйгілі
өлеңінің тууына осы төбелердің де әсері болған шығар.
Осы арадан әкесінен тірі айырылатын Махамбеттің 1816 жылдан 1829 жылға дейінгі
бір мүшел жас өмірінен құжатқа түскен бірде-бір дерек жоқ. Ал, 1829 жылғы бір
деректе Махамбеттің Хиуадан әкелген дүниесін Жайық шебінен алып өтпек болғаны
үшін Калмыков бекінісінде қамауда болғаны айтылатынын жоғарыда келтіргенбіз.
Егер біз Е.Ковалевскиймен кездесуінен Махамбеттің орысша жақсы сөйлеп, мұсылман
дінін терең білетінін аңғарсақ, соның бәріне осы бізге әлі беймәлім он үш
жылдың ішінде жетілген сыңайлы. Он жасынан өлең шығарыпты деген лақап рас
болса, әлгі он үш жыл ішінде төселген ақын әрі әнші болып қалыптасуы әбден
мүмкін. Хиуамен Бұқарға сапар шегуге де сол кезде машықтанған түрі бар. Бұның бәріне
ол әкесінен тірі жетім қалатын Ақжонас маңында құм арасында қой қайырып жүріп
жетілмегені анық. Қағажу көрген жанұя қысастық жасаған ағайын ортасынан
маңайдағы әскери бекіністерге шектес жерлерге қоныс аударып, кәсіп қуған болуы
керек деген тұспалдың жаны бар. Бір-біріне жеделдес Махамбет пен Ыбырайымның
екеуінің де орыс тілін білгендігі соны сездіретіндей. Егер Махамбет те, Ысмайыл
да Хиуаға керуен тартып жүргендері белгілі болса, екеуі де орысшамен қоса
мұсылман сауатынан да хабардар болғаны ғой. Өйткені, Хиуа - Ресей, Бұкар -
Ресей саудасы соны талап етері даусыз. Махамбеттен қалған хаттар оның
мұсылманшаны Ресей қол астындағы аумақта үйренгендігін айғақтайды. Өйткені, ол
хаттар сол кездегі Ресей мұсылмандарының ресми тіліне айналған татарша
жазылған. Ендеше, Е.Ковалевский айтқанындай, мұсылманша терең біліктілікке ауыл
молдаларынан үйренбегені даусыз. Ал ондай көшелі білім беретін мектеп тек
Орынбор түбіндегі Сейіт қорғанысы дейтін жерде ғана болыпты. Башқұртстан
аумағына кіретін Қарғалы медресесін Орынбордан он сегіз шақырым жердегі Қарғалы
өзенінің бойында Сағыт Хәкім басқарған көпестер тобы 1746 жылы салынған көне
мешіттің жанынан ашыпты. 1760, 1773, 1789, 1802 жылдары салынған жаңа мешіттердің
қасынан да медреселер ашылыпты. 1869 жылы Қарғалыда сондай 9 медресе мен
бастауыш мектептер болыпты. Онда 496 шәкірт оқып жүріпті. Махамбеттің тұсында
әлгіндей медреселердің саны бесеу-алтаудан аса қоймаса керек. Оларға Самарқан,
Бұқара, Хиуа медреселерін бітірген мүдарристер білім берсе керек. Солардың
арасында Махамбет заманында Бағдаттан келген Уали аддин әл-Хасан да дәріс
оқыпты. Әсіресе, Әбдірахман Мухамед Шариф (1743-1826) деген кісінің медресесі ерекше
көзге түсіпті. Оның атағы Бұқардың ең үздік оқу орындарымен бара-бар болыпты.
Қарғалы медресесінде Қазақстаннан да көптеген шәкірттер оқыпты (Ислам на
территории бывшей Российской империи. Энциклопедический словарь. Вып. 1.
45-б.). Солардың арасында Б.Аманшиннің пайымдауынша, Шерғазы ханның баласы
Едігемен бірге Махамбет те оқуы ықтимал. Өйткені, Өтемістің Жантөре, Шерғазы
әулетімен жақсы байланыста болғаны белгілі. Оның балалары Тоқтамыс пен
Бекмұханбеттің де сол қатынасты сақтай білгені байқалады. Өтеміс, оған еріп екі
үлкен ұлы Орынборға теңдік іздеп келгенде бір жағынан осы Шерғазыға сенсе керек.
Бірақ, іргесін бөлектеп кеткен Бөкей тұқымын жек көретін. Шерғазы Сүйіншіқалидың
сөзіне сеніп, Өтемісті Сығай жағына шығып кетті екен деп ойлап, жалған куәлік
беріп, үлкен ағаттық жасайды. Бәлкім, Өтемісті де жауларының қорлығы емес, өз
сөзіне сендіре алмаған дәрменсіздігінің ызасы өлтірген шығар.
Олай болса Тоқтамас пен Бекмүханбет әлгіндей таныстықты пайдаланып, алғырлығын
жастай танытқан Махамбетті де сол арқылы Қарғалы медреселерінің біріне түсіруі
ғажап емес. Ол татарша сауаттылыққа да сонда жетілуі мүмкін. Оның үстіне, Айшуақ
тұқымы губерниялық дін басшыларымен жақсы қарым-қатынаста болып еді. Әсіресе,
Мұхамеджан Хұсайыновтан кейінгі мүфтиі Ғабдісәлем Ғабдірахмановпен қатты
көңілдестігі бар еді. Өйткені, бұрынғы мүфтимен білім таластырып, қызметтен
қуылып кеткен Ғабдрахманов Кіші жүз ханы Айшуақтың араша түсуімен 1805 жылы
ахун және мұдаррис атақтарын сақтап қалып еді. 1823-24 жылдары Шерғазы Айшуақов
басқаратын орда істері жөніндегі комиссияға мүше болып сайланып, қазақ хандары
мен сұлтандарының балаларын оқытумен айналысып еді. 1825 жылы I Александр оны
Орынбор мүфтиі етіп бекітті (Бұл да сонда. 27-б.). Шерғазы Өтеміс балаларының
тілегін орындап, Өтемісті де өз ұлымен бірге Қарғалыда оқытуы бек ықтимал.
Ахун, мұдаррис, мүфти Ғабдісәлем Ғабдірахмановтің аталмыш кезеңде патша
өкіметінің Қазақстандағы және Орта Азиядағы дипломатиялық және барлаушылық
тапсырмаларын да жиі атқарғаны белгілі. Ол мұндай істерге өз шәкірттерін,
әсіресе, әлгі айтылған елдерден оқитын жастарды да тартуы ғажап емес. Бәлкім,
Махамбет те Бұқар, Хиуа тараптарындағы керуен қатынасына сол жылдары баулынған шығар.
Оның үстіне, Хиуадағы қазақ ықпалының бірден-бір орталығы болған Жүсіп Сырым
ұлы шаңырағымен Өтеміс әулетінің байланысы ешқашан үзілмеген сыңайлы. Оған екі
әулеттің құдандалдығы да қолайлы жағдай жасаған түрі бар. Махамбет бұл
байланыстардан да тысқары тұрмаған тәрізді. Өйткені, Махамбеттің орыс
құжаттарында алғаш рет аты аталатын оқиға осы Хиуа-Теке керуен жолының
бойындағы Калмыков бекінісінде болады. Ол 1829 жылы кенеттен Калмыковтың
абақтысына түседі. Біреулердің айтуынша, Ішкі Ордаға астыртын өтіп кетейін деп
жатқанда, ол Қарауыл қожа Бабажановтың шағымы бойынша, Хиуадан әкеле жатқан
контрабандалық жүктерін Жайық шекара шебінен алып өтпек болғандығы үшін
ұсталады (В.Ф.Шахматов. Внутренняя Орда и восстание Исатая Тайманова. 197-б.).
Қалай болғанда да, Хиуадан келе жатып ұсталғаны аян. Өзінің айтуынша, оба
індеті шығып жатқанда, абақтыдан қашып кеткен, артынан әскери губернатор граф Сухтеленнің
пәрменімен ақталған (Бұл да сонда). Ал, тарихшы В.Ф.Шахматовтың пайымдауынша,
абақтыда 1831 жылға дейін болып, артынан біраз уақыт қашып жүрген сыңайлы (Бұл
да сонда).
Не де болса, Махамбет 1829 жылдары Бөкей Ордасында ол кездегі қазақтардың арасындағы
аса сирек ұшырасатын білімдарлығымен, әсіресе, орысшаны да, мұсылманшаны да
бірдей меңгергендігімен ерекше көзге түсе бастаса керек. Сол үшін де, Жәңгір
хан оны Орынборға оқуға барғалы жатқан баласы Зұлқарнайға тәрбиеші қылып
жіберсе керек. Мұрағат деректеріне қарағанда, хан 1833 жылғы 9 наурызда 9 жасар
баласы Зұлқарнайынды Орынбордағы Неплюев әскери училищесіне қабылдауды сұраған.
Ол өтініші орындалып, сол жылғы 14 мамырда оқуға түсетіндерді Теке қаласына шақырған.
Сол жылы Махамбет те Зұлқарнайынмен бірге Орынбор қаласына барған. Бірақ, ақын
арада жыл өтпей жатып, 1834 жылы маусымда ауылында жүреді.
Жәңгірдің Махамбетті баласына тәрбиеші қылып алуына оның орысша, мұсылманша
сауаттылығы, Орынборда оқығандығы себепші болса керек. Ол Орынборға барған соң,
бұрынғы араластықтарын жаңғырта бастаса керек. Ол Жәңгірге ұнамаса керек.
Махамбеттің Жәңгірге неге ұнамайтыны, ол ауылға қайтып оралған соң-ақ, көп
ұзамай белгілі бола бастады.

 

Шандоз I-IV

Шандоз VIII-X

Шандоз
XI-XII