ВЕРНУТЬСЯ

Екінші бөлім

Елшілік 

...Ұлы Петр 1722жылы Персияға
жасаған жорығы мен Астраханда
болған кезінде ырғыз-қайсақтардың
жапан түзді жайлайлаған пәтуасыз
халық екендігіне қарамастан, ол Орда алған
Азия елдері мен жерлері үшін әрі қақпа,
әрі кілт болғандықтан да, талай кісіден
оның жәй-жапсарын сұрастырып бақты.
«Генерал-майор А. Тевкелевтін Орынбор
өлкесі мен қырғыз-қайсақ ордасы жайлы әр алуан
қағаздарынан. 1762 жыл».

Тағы да бір жанбауыр бел. Тағы да - бір тақтайдай тегіс жылмағай үстірт. - Тағы да сол көз ұшында көлкіп тұрып алатын көк ніл мұнар.
Артынып-тартынған он екі түйе, екі жүз ат. Ұланғайыр дөңдерде шұбыртпа із қалдырып, сары желістен бір танбай, салдырып келе жатқалы қанша күн, қанша түн!
Соза-соза мойын да талып, қарай-қарай көз де қажыды. Қара мейлің, қарама мейлің - сол баяғы үйреншікті көрініс. Көкке қарасаң да - мелмиіп жатқан көлкөсір құба сұр кеңістік. Жерге қарасаң да - мелмиіп жатқан көлкөсір құба сұр кеңістік.
Уфадан шыққалы бес аптаның ішінде, ең болмаса, бір рет аспанға бұлт айналып, жаңбыр сіркіресейші. Жоқ, төбеңнен төңкеріліп құлазитын да жататын құба сұр кеңістіктің сол баяғы құлазыған қалпы. Қашан қарасаң да, қанша қарасаң да, бетпақ әйелдің бетіндей бедірейеді де тұрады. Оған аспан деп дабырайтып ат қойып жүрген де бұлт көріп, аспан көріп жарымай, ала жаздай ақ шаңыттын ішінде далақтап шапқылайтын да жүретін кұс табан, жарық ерін, жалба тымақ көшпенділер шығар. Әйтпесе, мынау зорығып өлген көк есектің көңіндей боп бозарып жататын да қоятын боз ала кеңістіктің қай жері жер, аспан екенін бір тәңірдің өзі ажыратып алмаса, адам айыра алатындай емес.
Не де болса, осы бір шетсіз-шексіз ұланғайыр пәлен күннен бері жол соқты боп келе жатқан түсі бөлек, түрі бөлек, киімі бөлек, жүрісі бөлек бейсауат адамдардың іштерін пыстырып, естерін тандырып, әбден мезі қып, қайдан келдікке түсірейін деп әдейі безеріп жатқандай.
Бұл өлкеде, сірә, бір өң, бір келкі емес нәрсе болсайшы! Аспаннан оқта-текте бір естіліп қалатын құс шиқылы да бір келкі, бір сарынды. Жол-жөнекей ін аузында күнге қыздырынып отырған тышқандардың шиқылы да бір келкі, бір сарынды. Бірінен-бірі аумайтын дөңдер, бірінен-бірі аумайтын күндер. Кеше де солай еді. Бүгін де солай. Ертең де дәл осылай болатынына еш күмәндана алмайсың.
Былай қарасаң, алға он шақты атты шолғыншы, артқа он шақты атты шолғыншы, қос қанатқа он-он аттыдан шолғыншы салып, қалған аттылар мен арбалыларды қақ ортаға бір шоғыр қып иіріп, ешқандай бытыратып-шашыратпай, жүмылған жүдырықтай жұп-жұмыр, жып-жинақы ұстап, жосылтып келе жатқан әскери керуеннің жүрісі сондай суыт, қарқыны сондай қатты секілді. Жалдарын жел желбіреткен жарау аттардың қатқыл алатағанақ дөңді қадап басып, тағалы тұяқтардың көптен жаңбыр көрмей еңіреп жатқан жентек сазды қарш-қарш асап, дүсірлетіп-ақ баққандары. Атан түйелердің желке шудалары желк-желк етіп, желіп келе жатқандары. Арбалардың төрт доңғалағы да зыр-зыр айналып бір сәт тыным тапқан емес. Бірақ, соның бәрінен шығып жатқан патуа шамалы.
Баяғы сол бір орынында не ілгері кетпей, не кейін кетпей бадалып тұрып алғаның. Қайда көз тастасаң да, сол баяғы көрініс - томсырайған құла түз. Қазір көріп тұрғаның да сол. Мына таңертең көргенін де осы еді. Кеше де солайтұғын. Бұдан жиырма күн, жиырма бес күн бұрын көргенің де - дәл осы болатын.
Ал, анау қамшылары бұлғақтап жалба тымақтардан сұрасаң, көзіңді ашып-жұмғанша жаныңды жанаттан бір-ақ шығарады.
- Жолдың көбі өтіп, азы қалды. Тәйірі, Ырғыз дегенің бұл арадан тиіп тұр! Аман болса, енді бір аптада ел қарасына ілінбес пе екенбіз. Шіркін, несін айтасың! Ақ түйенің қарыны жарылады ғой! Алдияр хан біздерді асыға күтіп отыр. Ұлан-асыр той жасайтын шығар. Қызыл қуырдақ, сары қымызға қанып алғасын шаршағаныңның бәрі ұмыт боп, құйрығын теуіп ойнаған құлындай сергіп шыға келесің!... Суайттар күрек тістері көстеңдеп сөйлей жөнелгенде бір мүдірсейші, сірә! Ауызымен қарқ, қылады да салады. Қалың кілемге жатқызады. Үстіңе шәйі көрпе жапқызады. Езуіңнен ақ майды ағызады.
Олардың бұл ертегісін тыңдағалы да алты аптаға айналып барады, бірақ сол әлі жамбасыңды ер тескен изең-изең. Сол әлі қалайы құтының жылып кеткен жылымшы суы. Сол әлі Уфа воеводасының кенеп қалтаға салып берген қатырлақ қара наны.
Мынау қарғыс атқан даланың шегі мен шетінің, қапелімде, жеткізе қояр түрі көрінбейді. Зығырданың қайнағанда кімді боқтарыңды да білмейсің. Үйде қалған қатыныңды боқтайын десең, ол жазғанның да шұлғауыңды жууга бергеннен басқа жазығы шамалы. Астыңдағы атыңды боқтайын десең, о да ақ тер-көк тер боп барын салып келеді. Патша апайға тіл тигізу құдайдың атына күнә. Оның үстіне ол жарықтықтың бір рота солдат сыйып кететіндей айлапат төсегінен қайдағы бір тілін шайнап шұлдіреген немістерге болмаса, арақ ұрттап, қияр қажаған орыс адамына орын тие қоймайды деседі. Мынау құла түздегі қайдағы бір бар-жоғы белгісіз қаңғырма халықтың қайдағы бір бар-жоғы белгісіз қаймана ханына жер түбінен елші шаптырып отырғанда да сол немістер емес дейсің бе! Әкесінің ауызына ит сарығыр әлгі Бирон найсаптың мынау құла далада несін жоғалтып алып жүргенін кім білсін!? Россияда қазір буаз мегежін іш тастап, қысыр меғежін күйлесе де, сол найсаптын бір қатысы болғаны. Патша апайдың құшағынан бастап кең байтак, Россияның ең түкпір пұшпағына дейінгі қай арадағы қандай езгеріс те, ең алдымен, сол төбетке байланысты деседі. Ол неме тап мынау бұлар келе жатқан сабылманы да, аңқау халықтың бостан-босқа борбайын созғылау үшін әдейі ойлап тауып отыр ғой. Қайда бар десең де, борсаңдап шапқылай жөнелетін ақ көңіл орыс адамдары қайдағы бір қанішер пұсырмандардың қайқы кездігінен бір-бірлеп болса да, өле берсін дейді ғой. Ана жолы мыңға тарта орыс боздағы қайдағы бір қара мұрт, қара сақал бұралқының соңынан шұбырып, Хиуаға барамыз деп, мынау нәлет атқыр жапан түздің әлдебір пұшпағында сүйектері жиылмастан жайрап қалды емес пе! Мынау ақ көкірек, ақ періште болып келе жатқан жалба тымақ қазақтар мен жарғақ шалбар башқұрттардын да бұларды ен далаға шығарып алған соң қай бұтаның түбінде кәллаларын қырқып, қылжитып кететіндерін кім біліпті?!
Анау қақ алдарындағы солқылдақ сары ала күймедегі мамық төсекте манаурап бара жатқан сары ала иық ұлық та қалмақ дей ме, ноғай дей ме, татар дей ме, тіпті қазақ дей ме, әйтеуір орысқа алпыс алты атасында, жетпіс жеті шешесінде ешкім жуықтап көрмеген қайдағы бір қырық қайнаса сорпасы қосылмайтын көп бұралқының бірі дейді. Қайран Россияда сонда немістер мен бұралқылардан басқа ес біліп, етек жая алар ешкім қалмағаны ма! Олар болмағанда есіл ел әбден қараң қала жаздаған екен де! Орыс қазынасын теспей сорып жатқан өзге бұратана жетпегендей енді мынау ен далада өз көлеңкесімен өзі жарысып жүрген әуейі көшпенділерді де қол астымызға алып, асыраймыз деп ақ патшаға ант бергіздіргелі келеді дейді. Сонда мынау бедеу қатынның бетіндей жылмиып жатқан даладан не тауып қарық боламыз деп жүргендерін ит білсін! Өлген кесірткенің терісін жинамаса, көзге көрініп тұрған өзге ештеңе жоқ сияқты.
Сонда да міне, талай аптадан бері ат терлетіп өңмеңдеп шауып келеді, шауып келеді. Анау көз ұшында бұлт-бұлт ойнап бара жатқан сары-ала күйме бір сәт аялдауды білмейді. Қос қапталынан жалпылдап жалба тымақтар да қалмайды. Ауыздарын жаппай әлденені айтып көкіп бара жатқандары! Не айтып бара жатқандарын өздері де білмейді. Әйтеуір бір сілекей ауыздардын әңгімесі таусылмайды. Әне біреуі көкжиекке қарап қайта-қайта қамшысын шошаңдатып қояды. Дәуде болса, суайт неме Петербордан келе жатқан ұлықты: «Әне бір таудан ассақ, шалқыған дарияға тап боламыз деп» алдарқатып келеді. Оларының қандай тау, қандай дария екенін басқа білмесе де, бұлар жақсы білетіндей болды. Уфадан шыққалы олар талай «таудан» асып, талай «өзеннен» өткен-ді. «Сонау сәңкиіп тұрған Көксеңгірді көрдіңіз бе? Ол, жарықтық, пәлен деген тау» дейді олар көкжиекке қамшысын сілтеп бетіңе бұлк етпей бажырая қарап тұрып. Алыста көкніл сағымға оранып, мұнартып тұрғанына қарап, әлгілердің айтқанын шынында да тау екен деп қаласың. Баурайында сылдырап ағып жатқан бұлағы, шоқ-шоқ тоғайлары бар шығар деп ойлайсың. Көз ұшынан көлкілдеп діңкеңді құртып тұрады да, қасына жақындасаң жер тістеген жатаған төбе болып шыға келеді. Ол бұлардың тауларынын сиқы. Ал енді өзендеріне келсек, орыс кавелериясының бір эскадроны бел суытып алған жерде қалқып шыға келетін қақ суынан әруақты болса не дейсің. Бұлар үшін қотыр лақ секіріп өте алмас шалшықтың бәрі өзен, бәрі көл; бұтадан биік төмпектің бәрі тау, бәрі сеңгір. Өздерін өздері алдап, өздерінен-өздері мәз боп жүрген бұл әуейлердің елміз, жұртпыз деп жүргендерінің қанша қара құрым күркенің жиынтығы екенін, ал ханымыз бар деп қақырайтып жүргендерінің қоңсы тайпалардың қанша табын жылқысының обалына қалған қандай қарақшы екенін бір тәңірдің өзі білсін!..
Ой, тоба-ай, патша сарайында отырғандар да ойына не келсе, соны істейді екен-ау! Ар жағындағы француз, ағылшын, неміс, шведтер жетпегендей, жер түбіндегі майтымақтармен келіссөз жүргізіп, елші сабылтқандары да еріккендіктің бір түрі шығар.
Әне бір тырсиған сары ала иық бұралқы ақ патшанын елшісімін деп басқанынан жер ойылатындай боп кергиді. Қасындағы қалбағай бөріктілер талтақ бұт орыс офицерін Ғайса пайғамбарымның он екі шәдиярынын бірін көргендей жандары қалмай, біресе ол жағынан, біресе бұл жағынан шығьш, екі етек боп далақтаумен кедеді. Сыртынан қарасаң, баланың ойыны, бақсының жыны сияқты бірдеңе. Әйтпесе, тегінде теке атпаған, бағзы бабаларының өзі орыстың ну орманының қай түкпірінен шыққаны белгісіз, ал бергі аталары Персияға асып кете жаздап, әзер қайтқан, бармаған жері, баспаған тауы қалмаған жалаң аяқ Уфа казагіне салтанатты елшіліктің сапында шеру шегетіндей дәуренді қандай мырза құдай көзі қиып бере салды дейсің!
«Жә, бекерден-бекерге бас қатырып қайтемін! Дүниені өзім құдай болғасын, Россияны өзім патша болғасын бір-ақ түзетіп алмаймын ба! Оған дейін мәңгір басты босқа қаңғыртпай, алдияр ханның ақ ордасына жетіп, қызыл қуырдаққа тойғанша, ұйқымды қандырып ала тұрайын», - деп ойлады арт жақтағы арбада отырған Уфа казагі Сидор Цапаев ту сыртындағы тұз салған қапшыққа басын сүйеп мызғып бара жатып.
Көзі іліне беріп еді - өзінің Уфаның шет жағындағы бөренеден қиып жасаған үйінің ауласынан сопаң етіп шыға келгені. Әйелі Устинья бұның көзі таяр-таймастаақ қырмызыдай құлпырып, гүл-гүл жайнап қоя беріпті. Екі беті албырап, екі көзі жайнақтап өртеніп тұр. Әншейінде мыш боп жататын мықындықтан төменгі жағы көшпенділердің жері от жылдары күзде базарға айдап әкеп сататын саулықтарының қараптан-қарап жарылып кете жаздап тұратын құйрықтарындай теңкиіп алған. Қапелімде, бұл оны Устинья емес хорунжий Безруковтың май бөксе Марфасы екен деп те қалып еді.
- Сидор Ефимович, қалай тез оралғансыз?! - деп сыңғырай шыққан дауысынан тани кетті.
Бал-бұл жанып, жайраңдап тұрған әйелін құшақтай алғысы кеп, әзер шыдап тұрса да, көңіліне бір қитұрқы ой қашып, қолындағы қамшысын умаштай тусті.
- Жаныңның барында мойныңа ал, қаншық, сені мен жоқта жардай сауыр біткенше жамбастатып жүрген қай көшенің төбеті! - деп төне түскелі жатыр еді, кенет...
Бұ заманда жұрт бөгет болмай жүре ме! Ең болмаса, жан дегенде жалғыз қатыныңның қаққанда қанын, соққанда сөлін шығарып, армансыз бір сілкілеп алуыңа да мұрша бермейді ғой, түге!
Біреу иығынан тартқылады. Көзін ашпай ыңыранып біраз жатып еді, әлгінде ғана гұл-гұл жайнап алдында тұрған қатыны құрғырының аяқ астынан айдаһар жұтып кеткендей жым-жылас жоғалғаны. Енді қайтып көре қоймайтынын біліп, күдерін үзгесін барып, сығырайған көзін ашты. Үстіне манадан бері арбаның арт жағында ыңқылдап келе жатқан жадау сары төніп тұр екен.
- Сидор Ефимович! Сидор Ефимович.
- Екі қатынның обалына бірдей қалып, дүниеге тап мына сен сілімтікті әкеліп жүрген су мұрын әкеңнің тап сапсиған теке сақалын...
- Сидор Ефимович деймін. Әне көкжиекте бірдеңе көрінеді, ол немене болар?
- Көрінсе, көріне берсін. Көп болса, баяғыда көшпенділердің кұлінің басында арам қататын сенің әлгі қаңғыбас атаңның моласы шығар...
- Қылжақ қылмаңызшы, Сидор Ефимович...
Ойына, қапелімде, ауызының қышуы қанатындай қитұрқы балағат түсе қоймағасын, Цапаев басын көтеріп көкжиекке көз тастауға мәжбүр болды.
Сөйтсе, жұүрттың бәрі оң жақ қапталға қарап қапты. Қандай есерсоқтың ерінбей-жалықпай үйіп жүргенін кім білсін, анадайда бір қызыл үйік тұр. Баяғыдан бері жанарын талдырған жадау кеңістіктегі мынау үйік шырайлы қыздың жүзіндей көзіне шоқтай басылды. Қызыл үйіктің басында қонжиып түздің тарғыл бүркіті отыр. Мына ен далада езіне қол көтерер ешкім жоқтай қаннен-қаперсіз отыр. Жан-жағына дұрыстап көз де салмайды.
- Пай-пай қасқаның маңқиюын-ай!
- Қасынан керуен өтіп бара жатқанымен де шаруасы жоқ.
- Шаруасы болғанда сенен шылым сұрай ма, қайтеді...
- Осының өзі қорқады ма екен?
Бірнеше адам иықтарынан асулы мылтықтарын жұлып алысты. Қызыл үйікке қардай борап оқ түсе бастады. Тарғыл бүркіт не болып, не қойып жатқанына түсінбегендей, гүрс-гүрс үн шыққан жаққа қарай мойнын керенау созып, қанатын қомдап, бірер талпынып қойды да, отыра берді.
- Әй, мынауың былқ етпейді ғой.
- Ендеше, тигізбегенмен, жақындатып атып көрейікші.
Тарғыл бүркіттің тап қасынан бұрқ-бұрқ шаң ұша бастады. Тағы қанатын желпілдетіп біраз отырып барып, ытқи көтеріліп, кекке самғап бір-ақ шықты. Зеңгір көкке аспандатып шығып алғасын қалықтап жүрді-жүрді де, кенет керуеннің төбесінен шүйіп кетпей тұрып алғаны.
Жұрт аң-таң. Тарғыл бүркіт тайсалар емес. Мынау тосын адамдардан, ауызы үңірейген мылтықтардан еті шімірікпесе не дейсің! Төніп-төніп келеді де қайта жоғарылайды.
Біреу бұған күйініп кетті білем, мылтығын көкке көтеріп көздей бастады. Сол-ақ екен сары ала күймені тастай салып далақтап шауып келе жатқан тымақты қазақ әлгінің қасына жетіп барып, қамшымен құлаштап тұрып тартып қалып еді, қолындағы мылтық анадай жерге ұшып кетіп, гүрс ете түсті.
Таяқ жеп қалған солдат жалма-жан қылышын ап тұра ұмтылып еді, хорунжий Безруков жолын кескестеді.
Әлденені айтып өжеңдеп, қалш-қалш етіп ашуға мініп тұрған қайқы төс қара сұр қазақтың не дейтініне атымен түсінбесе де, казактар мен солдаттар қолдарындағы мылтықты жалма-жан иықтарына қайта асып алысты.
Тек үрпек бас жадау сарының ғана ештеңемен жұмысы жоқ, қойынынан дәптер суырып, тас төбелерінде шүйіп жүрген тарғыл бүркітке жалтақ-жалтақ қарап қойып, бірдеңелерді шимайлай жөнелді.
Қылжақбас Цапаев тұттыға сөйлеп жатқан оқа шекпенді қазақ пен не болғанына түсіне алмай, ауыздарын ашып қалған серіктеріне басын шайқап, мұртынан кұлді.
Қанша дегенімен, сүмбіленің аяғы емес пе! Күн сәскеге дейін қоңыр салқын боп тұрады да, сәскеден кейін ыси бастайды. Ал талма түсте таң атқалы танауыңды қышырқандырып келе жатқан түз шөбінің таңсық исі күрт жоғалып, күн қыздырған киіз бен шүберектің, ат сауырын шылпытып тастаған ащы тердің, доңғалақты майлаған қара майдың, қолаңса сасыған қайыс пен темекінің ию-қию иісі мүңкіп қоя береді.
Осылай ит-зықысы шығып келе жатқан елшінің ұйқысы әлгіндегі бүркіт оқиғасынан кейін шәйдай ашылды. Уфадан шыққалы құлағының құрыш етін жеп келе жатқан сөзуар қазақтардың да жақтары семейін депті. Қабақтарын шарт түйіп, қарсы алдарында кесе көлденең жатқан дөңбек жалға қарап телмірісе қапты. Әсіресе, мана орыс солдатына қамшы көтерген қылыш мұрт, қара сұр қазақ - Сүйіндік батыр өрттей боп күреңітіп апты. Оның қасындағы қою қас, қыр мұрын, монтаны көз Мұқанбет қожа томсарып келе жатқан серігі мен сары ала күймеде ойға батып келе жатқан орыс елшісіне кезек-кезек жалтақтап қояды.
Елшінің көз алдында, тарс еткен мылтық дауысы шыққанда мұнымен шүйіркелесіп сөйлесіп келе жатқан Сүйіндіктің әңгімесін кілт үзіп, атын тебініп, кейін қарай жалт бұрылғанда оқыс жарқ ете қалған суық жанары кетпей келеді.
«Да!» - деп қойды ішінен орысша ойлайтын елші. Манадан бергі шала татарша, шала қазақша кібіртік әнгімеден жүрісі жайсыз көлікке мінгендей әбден ит-зықысы шығып еді. Үйреншікті тілінде қиялға батқанда, ойының аяқ алысы ширап қоя берді.
«Иә, солдаттардың әлгі бір қылығына бұлар осынша шамданып қалды. Сырын білмейтін аттың сыртынан жүрме деген осы ғой. «Дос боламыз, қол астыңызға алыңыз» деп жер түбінен хат жазып, елші шаптырып отырып, қайдағы бір түз тағысына бола талақтары тарс айырылады. Онда тұрған таңғалатындай не бар? Екі халық түгілі екі пенденің басының біріге қоюы қиын. Сонда мынау өмір бақи бір-біріне қырық қайнаса сорпасы қосылмаған, не тілі, не діні, не тегі, не түрі ұқсамайтын екі жұртты жер түбінен бір-біріне ұмсындырып қойған құдіретті айтам-ау...»
Тевкелев өз-өзінен басын шайқап қояды.
Талайдан бері патша сарайының маңында жүріп, көп нәрсенің байыбына бара алатындай болып қалған ақ қаптал Тевкелев Сыртқы істер коллегиясының кеңсесіне бас сұқпай жатып, ақ та жоқ, көк те жоқ: «Сені вице-канцлер Остерман шақырып жатыр», - дегенді естігенде буын-буыны дір-дір етіп абдырап сала бергенді. Мұндайда салып ұрып жетіп баратын князь Юсуповтың өзі басымен қайғы боп қуғында жүр. Басқа шонжарлардан бүған тап емешегін үзіп тұрған ешкім жоқ. Қапелімде, ақылдаса қоятын адамның да ретін таба алмады.
Жүріс-тұрысы шапшаң Тевкелев аяғын ілбіп басып аулаға зорға жетті. Жез мұрт біреу сыртынан тәптіштеп орап тас-таған бума қағазды құдайдан сұрап алған жалғыз нәрестесіндей қып өбектей көтеріп, қасынан өте беріп еді, есіне обер-секретарь Кирилловтың түсе кеткені...
Арғы түбі шарық сүйреткен шаруа, іскерлігімен, білімділігімен әзір ділдалап ерғара боп қатарға қосылып жүрген обер-секретарь біртоға сақ адамды. Кім көрінгенге жарқ ете бермейтін. Екі етек боп кіріп барғанда басын ашып бірдеңе айтса жақсы, айтпаса тауы шағылып қалады-ау. Бірақ не естісе де, ішіне бұқтыратын аузының құлпы мықты кісі. Әйтеуір, Тевкелевтің неге келгенін, не деп кеткенін елге жаймайды ғой. Бұған аз-маз үиірлігі де жоқ емес. Тевкелевтің алыс бір жаққа барып келгенде алдымен Кирилловқа тартатын әдеті еді. Бөтен өлкеден не көріп, не қойғанын, ең алдымен соған айтатын.
Кирилловтың үйі ыбырсыған қағаз. Ана жерде де шиыршықтап ораған бір бума қағаз, мына жерде де шиыршықтап ораған бір бума қағаз. Қайсысының да бүктеуін жазып қарасаң да шимай-шимай карта боп шығады. Кириллов сондай шимай қағаздың біреуін алдына жайып салып:
- Алексей Иванович, бір кісі дұрысын айтса сіз айтатын шығарсыз. Ішімдікке онша үйір емес деп есітем. Әлгі Сағыз өзені Жайықтың шығысында ма, батысында ма? Ана жолы бір орыс бауырымыз кеп, бір кеш отырып, үйдегі арағымды әбден сарқып ішіп: «Сағыз дегеніміз Жайықтың шығыс жағында ғой», - деп кетіп еді, ертеңінде біреудің сары ала таңнан кеп сартылдап есік сабалай жөнелгені. Ашсам - кешегі сабазым. Табалдырықтан аттамай жатып самбырлап сөйлеп кетті. «Иван Кириллович, кеше мен құүдайдың алдына күнакар боп қалдым-ау» деймін. Сізге осы Сағыз Жайықтың шығыс бетінде деген секілдімін. Ал, енді үйге барып есіме түсіріп көріп ем, сол көрі жаңғырың Жайықтың батыс бетінде жатқан сияқтанды да тұрды. Барлық пәле әлгі Жайықтың қазақтарынан болды. Жалба тымақты шөшмектердің екі сөздің басын біріктірмей балпылдай беретін балдыр-батпағынан құлақтары сарсып, бастары қатып отырған немелер біздермен армандарынан шыққанша орысша сөйлесіп іштерін босатып, бір жасап қалғандары, Құдайларының бергендері сонша, қара уылдырықты шелек-шелегімен көсіп әкеп, тау қып үйіп қойды. Ішіп-жемнің мол болғаны сонша, ішіңнен: «Мырза құдайдың қайдағы бір кіндік-піндік жасап босқа әуре болғанша, адамға неге бес-алты ауызды қатарынан жаратпады екен?!» - деп өкінесің. Олар алдымызға үйіп-төгіп әкеле беріпті, мен апырып-жапырып соға беріппін. Содан мұздай судың ортасына барып шолп ете қалғанда бір-ақ ояндым. Көзімді ашып алсам - жан-жағым жөңкіген ағыс. Ортасында - мен. Киімшең қалпым. Қаннен-қаперсізбін. Терең суға бүлк-бүлк ойнап, батадай батып бара жатыр екем. Енді болмағанда қай жайынның құрсағында құлындай шыңғырарымды кім білген, қылқ-қылқ су жұта бастағанымда, жағада сандарьш шапақтап мәз боп тұрған сұмырайлар өздері кеп шашымнан тартып суырып алғандары. Ұялған тек тұрмас деген ғой «Апырай, мына Жайығың тастай суық қой. Сіңірім құрысып қалғанын қарашы!» - деймін жаратқан иемнің жарылқаған бөлек-салағының бәрін түйенің жабуымен қымтап, малмандай іш-киімімді умаждай сығып тұрып. Әлгі оңбағандардың: «Сандалыпсың, Проша, қайдағы Жайықты айтып тұрсың, бұл Сағыз ғой!» - деп күркірей жөнелгендері. Сөйтсем, мен пақыр үш күн бойы шайқалақтаған арбаның үстінде өтпей отырған кәрі қызын алып, сауабына қалған қайын енемнің үйінің төрінде жатқандай, көсіліп салып ұйқыны соғайын кеп. Кескен бөренедей ессіз-түссіз домалайын кеп. Сауығып есін жияр деген үміттері үзілген серіктерім екі қол, екі аяғымнан көтеріп тұрып кемерінен асып шырпып жатқан жойқын өзенге бір-ақ атсын кеп... Әттең, сол оқиғаның Хиуаға бара жатқанда болғанын, жоқ қайтып келе жатқанда болғанын есіме анық түсіре алмай арманда қалып тұрғаным», - деп екі шекесін кезек тоқпақтап, тағы да тақ тойып алып, үйіне қайтып кетті. «Жайықтан өтерде сіз тап өйтіп керелене қоймаған шығарсыз...» - деп Кириллов екі иығы селкілдеп кеңк-кеңк күлетін.
Бұл жолы Тевкелевтің Кирилловқа барғанда айта қоятын тап ондай таңсық әңгімесі жоқ-ты. Петр патша өлгелі ол ешқайда аттап шыққан емес, Тек әне бір жолы жоңғар елшілерін ертіп екі-үш күн қыдыртқаны бар. Бірақ олардан жағрафия жайында сыр тартып көру есінде болмапты. Әй, жарайды, қайдан шықса, одан шықсын...
Сенат жайғасқан палата қаңырап бос тұр екен. Оның да реті бар-ды. Париж боп Лондон салондарында аққаптал дипломаттардың күлегеш ханымдардың көңілін көтеретін қылжақбас хикаяларының көбі орыс сарайының төңірегінде болатын. Солар: «Россияда патшаның барын, Биронның барын, сенаттың барын білмейтін жан бұл дүниеде жоқ, бірақ Анна Ивановна патшайымға Россияның неге керек екенін, Биронның неге керек екенін білгенмен, сенаттың неге керек екенін білетін кісі бұл дүниеде атымен жоқ», - деп шек-сілелері қатады дейді.
Шынында да, сенаттың ертелі-кеш ешкім бас сұқпайтын абажадай кең залында столдарды бір-біріне жалғастырып қойып, үстеріне есіктен төрге жететін шытырлақ қағазды жайып салып, жеңін шынтағынан асыра түріп тастап, бір қолында сызғыш, бір қолында қалам шытына ойланып Кириллов қана тұр екен. Қашан қасына барғанша бұрылып қараған жоқ. «Егер патша қалай обер-секретарь боп жүр Тевкелев сәлемдесіп жатып.
- Ал, саяхатшы, бұл жолы ат басын қайдан тартпақсыз?
- Не дедіңіз... Мен әлі...
- Тәйірі сонша неге шошыдыңыз!
- Шошыған жоқпын. Қуанып кеткенім ғой. Мен өзіңізге бір төтен хабармен келіп едім.
- Ендеше баяндаңыз.
- Иван Кириллович, мені Остерман шақыртады дейді. Неге екенін құлағыныз шалмады ма?
Кириллов басын шайқады.
- Остерман шақырса, абыржитындай не тұр? Ушаков шақырмаса болғаны да!
Енді отыра берген Тевкелев кілт кідіріп жан-жағына қарап алды.
- Құдай сақтасын, Иван Кириллович!
- Ендеше, Алексей Иванович, шақырылып тұрған кезде баратын жерге барып қалу керек. Әйтпесе, қайталап шақырып, қайыра бұйым салу деген біздің елде жоқ дәстүр. Бір барғанда жер сыбағаңды жеп, киер сияпаңызды киіп шықпасаңыз, кейін опық жеп қаласыз. Тевкелев орынынан айран-асыр боп тұрды. Әншейінде артық-ауыс сөзге жоқ Кириллов бүгін бұған нағып бүйтіп ағыл-тегіл ақтарылып отыр. Қазіргідей «сөз бен істің» қып-қызыл өртінін екіленіп тұрған кезінде тілінің тиегінің бұлай ағытыла кеткені сенгені ме екен, жоқ сынағаны ма екен...
Кириллов ештеңемен шаруасы жоқ. Қаламын сияға малып, көлдей қағаздың үстіне щұқшия қалыпты.
Тевкелев сол жан-жағына жалтақтаған күйі Остерманның үйіне де жетті. Париж бен Лондон дипломаттарының қалжыңына көп іліккен тағы бір нәрсе орыс үкіметінің қызмет орны еді. Олар патша сарайынан шыққан қағаздың қай-қайсысынан да Остерманның бәйбішесі пісірген самсаның исі аңқып тұрады дейтін. Өйткені, орыс үкіметінің өзі Остерман еді. Ал, Остерман анда-санда патшаға шақыртылғанда болмаса үйінен шықпайтын. Қағаздарға да үйінде қол қоятын.
Анна Ивановна тұсында қылмысты істер құпия кеңесінің басшысы болған Алексей Иванович "Ушаков патшаға сенімсіздік көрсетті деп мыңдаған адамдарды айдатып, асқызды. Сенімсіз атану үшін біреудің «Сөз бен іс» деп жар салып, куәлік айтқаны жеткілікті еді (Ә.Қ.)
Есікті бір имең-имең еткен ұзын бойлы селеу шаш сары жігіт ашты. Ыржалақтап кұле береді. Тевкелевтің көніліне күдік қашты. Үкімет жағыңда аз-мұз байланысы бар адамдардың малайы түгілі есіктің алдындағы итінің өзі бірдеңенің исін сезіп үрмесе, бостан босқа үрмейді деуші еді. Мынау ұйпа шаш, сары жігіттің неге екі езуі екі құлағында? Ол тас сатыны тық-тық басып бұның алдына түсті. Олар журіп келеді, жүріп келеді. Бір уақыттарда барып жетті-ау ақыры. Ашық тұрған емен есіктің тұсына келгенде, алдындағы жігіт «кіріңіз» деп қолымен нүсқады да, сол ырсалаңдаған қалпы кейін бұрылып кетті.
Бұның табалдырықтан аттауы-ақ мұң екен, әлдеқайдан сыбызғыға қосқан ойнақы неміс әуені сызылтып қоя бергені.
Тевкелев әлденеге қымсынып тоқтап қалды. Абажадай залдың төр жағынан бірдеңенің өзіне қарай үн-түнсіз жылжып келе жатқанын байқады. Сөйтсе, үй ішінде жүретін доңғалақты арба зулап келіп алдына тоқтады. Арбада - арық екенін, семіз екенін, бойының қандай, жасының қандай, жынысының қандай екенін ажыратып болмас бір адам отыр. Арық дейін десең арбаның құндағына әзер сыйыпты. Толық екен дейін десең, шеке тамыры баттиып-баттиып шығып тұрған сопақ беті боп-боз. Тапал екен дейін десең, созған қолы ұп-ұзын. Бойшаң екен дейін десең мойны жатаған арбаның арқалығынан асып жарымайды. Жас екен дейін десең, көзінің алды әжім-әжім. Кәрі екен дейін десең тісі бүп-бүтін, үні шып-ширақ.
- Төрлетіңіз, Құтлық Мәмет Мамашев мырза!
Тевкелев қапелімде сасып қалды. Өзінің шын аты-жөні өз құлағына тосын естілді. Петербургта ешкім оны татарша есімімен атамай, орыс үрдісімен Алексей Иванович Тевкелев дейтін. Оның үстіне өзі ұмыта жаздаған нағыз аты-жөнін вице-канцлер біледі екен деп кім ойлаған!
Онсыз да абыржып тұрған Тевкелев мынаны естігенде тіл-ауыздан бірден айрылды.
- Сізді жұрт құранды жатқа соғады дейді ғой. Мұсылмансыз ба?
- Жоқ, православие шеркеуінің үмбетімін.
- Жә, қалжыңға айтам, сіздің христиан екендігіңізге еш күмәніміз жоқ. - Тевкелев үндемеді.
- Уфаны жақсы білетін боларсыз. Сол маңайдан көрінесіз ғой.
- Бабаларымның сол маңайдан шыққаны рас.
- Ендеше, Құтлық Мәмет Мамашев мырза, сол ата-баба топырағына барып біраз аунап-қунап қайтсаңыз қайтеді?
Тевкелевтің демі бітіп барады. Сығырая қараған вице-канцлердің дәл мына сөзіне не дерін білмей аңырап тұр. Ата-баба топырағына аунап-қунап қайтқаны қалай? Қазір қайдағы бір қаңғыбас кірме ол түгілі Россияны Россия еткен алтын діңгекпіз дейтін ең бір шонжар әулеттердің өздерінің талай жайсаңы сонау Ақ теңіздің маңындағы әлдебір монастырьлердің астындағы жұмбақ ұраларда шіріп жатқан тұста астанадан аласталғанмен алыс атамекендеріне кеткендер құдайына мың мәртебе тәуба айтып аттанатын. Ендеше, құдай бұған да оң көзімен қарайды екен. Әйтпесе, мынандай қараптан-қарап тұтанып тұрған кезде ойыңда жоқ бір сілекей ауыз: «Сөз бен іс!» деп айқай салып, сыртқы істер коллегиясының шығыс тілдері жөніндегі тілмашты Алексей Мұртаза Мамашев мырзаның баяғыда қалмақ сапарында, не баяғыда парсы жорығы тұсында, не Бекович-Черкасский экспедициясына қатысқан кезінде пәлен деген жерде пәлен деп қойғанын өз құлағымнан естідім деп өзеуреп шыға келсе, қылар қайраның қайсы! Ондайда Уфа түгілі Итжеккен асып кетсең де, тірі қалғаныңа пейіл болмассың ба!
Ендеше, Тевкелев мырза, алыс Уфа воеводасының қарауына жолың түсіп тұрса, оған да мың-мың шүкіршілік айт! Бұл заманда жендеттің кара балтасы мен дар ағаштың қыл тұзағынан басқаның бәрі жақсылық, бәрі шүкірлік!
Ендеше, Тевкелев мырза, алдыңда қол арбада бөксесінен жоғарғы жағының бәрін түбіт орамалмен орап алып, саған сығырая қарап отырған, түріне қарап ұлтын, жынысын, жасын, қызметін ешбір айырып болмас жұмбақ адамға, Россия тағдырын қолына ұстап отырған үшінші адамға, вице-канцлерге, шын мәніндегі канцлердің де өзі граф Андрей Иванович Остерманға кеш қалмай тұрғанда: «Құп болады!» деп құлдық ұрып қал...
- Алдияр патша қайда жұмсаса да әзірмін! - деді ол даусын ширатып, бойын тіктеп.
- Әлбетте, - дей салды вице-канцлер сұлесоқ.
Ұйықтап кететіндей көзін жұмып сәл ойланып отырды да:
- Ендеше, Алексей Иванович, - деді өңін жылытып. - Қазір өзіңіздің Сыртқы істер коллегиясына барыңыз. Қалғанын сонда естірсіз. Сау тұрыңыз, көгершінім!
Содан бұл абажадай кең залдың табалдырығынан сыртқа аттай беріп еді, манағыдан бері құйқылжып құлағында тұрған ойнақы неміс сазы кенет пышақ кескендей тыйыла қалды. Емен есікті жайлап жаба беріп еді, манағы селеу шаш, сары жігіттің ырсалаңдап алдынан қайта шыға келгені.
Бұл әшекейлі темір шарбақтан шығып бара жатқанда жаңағы ойнақы саз тағы да сыздырта жөнелді.
Тевкелев, сүйтіп, Остерманның үйіне аң-таң боп келіп, аң-таң боп кетіп барады. Бүгінгі жүрісінің, бүгінгі естігендерінің бәрі жұмбақ. Кириллов жұмбақпен бастап еді, Остерман жұмбақпен аяқтады. Бірақ, көңілі орынына түскендей. Не де болса, сөйлескен, әйтеуір, Ушаков емес қой. Ушаков бүйтіп жұмбақтап қайтсын!.. Міне, қызық! Оң табаны қышып қоя берді. Табаны қышыса, алыс сапарға көрінуші еді. Кім біліпті, шынында да, мұны алыс сапар күтіп тұрған шығар.
Табанының қышығаны ештеңе емес, бұғағы дуылдай жөнелмесе болғаны. Бұғағы қышығандар қыл тұзаққа қылғынып жатқандары. Ғайсаға сиынғанын не, аллаға сиынғанын, орысша айтқанын не арабша айтқанын өзі де аңғармапты; әйтеуір әзір талша мойыны иығында, аман-есен жер басып жүргеніне тәуба айтып, ішінен дұға қылғанын біледі.
Сол бір күнгі жұмбақтап басталған әңгіме енді, міне, әкеліп мынау жапан түзден бір-ақ шығарып отыр.
Көсенің иегіндей көксұрланып жатқан ұшан дала Тевкелев үшін тап онша таңсық нәрсе емес. Екі аяғы салбырап көктен түскен дәнеңесі де жоқ. Уфа маңынан шыққан көп мырзалардың бірінің ұрпағытұғын. Христиан дінін қабылдап, бірте-бірте орысқа айнала бастаған бұл тұқым біраздан бері патша сарайының төңірегінде еді. Шығыс елдерімен жасалатын қарым-қатынастың қай-қайсысынан да құр қалмай, құрақтай ұшып солар жүрер еді. Соның ішінде де осы Алексей Иванович Тевкелев айрықша көзге түскен-ді. Парсыға жұмсауға да сол керек, Қырымға жұмсауға да сол керек, түрікке жұмсауға да сол керек, башқұртқа жұмсауға да сол керек, қалмаққа жұмсауға да сол керек. Ақыр аяғында қазаққа жұмсауға да, міне, сол керегіпті. Бір жағы Орал тауларынан айналып өтіп, бір жағы Кавказ тауларына жетіп жығылып көл-көсір көсіліп жатқан ұлы далада ол бармаған пұшпақ кем де кем. Желкілдеп шапқылай да жүреді. Петр патшаға ілесіп Азовқа барды, Персия жорығына қатысты, Аюкенің ордасында алты ай қонақ болды, Даулеткерей мырзаға ілесіп Каспий теңізінің терістігі мен шығыс жағалауын тегіс аралап шықты. Сол сапарларында қазақ даласын да шет-шепірлеп көре қалған-ды. Енді, міне, дәм бұйырып ішіне дендеп кіріп келеді. Алдында не күтіп тұр? Ол жағы әлі күңгірт. Қасындағы хан жіберген адамдардың саудыратып айтып келе жатқан әңгімесін бір сөзін қағыс жібермей мұқият тыңдап алғанмен, ешқайсысын құлағына ілген емес. Қашан өз көзімен көріп, өз қулағымен естігенше біреу туралы біреудің айтқан сөзіне құлап жығылмау қашаннан қатты ұстанып келе жатқан қағидасы.
Оның үстіне, Россияның ертеден қоян-қолтық араласып келе жатқан жұрты, бірақ, соған қарамастан, еңбір біліп-жарымайтын жұрты осы қазақтар-тұғын. Қажет десеңіз, атын екеш атын да жөндеп айтпай, біресе «қазақ», біресе «қайсақ», біресе «қырғыз-қайсақ» деп қырық құбылтып бағыпты.
Қазақ, даласында бұрын-соңды болғандардың жазбалары да қым-қиғаш. Біреуі батыр десе, екіншісі қорқақ дейді; біреуі ағынан жарылған ақкөкірек шыншыл десе, екіншісі жөн сұрасаң, иттің өлген жерін «міне, тиіп тұр» деп иегін сілтей салатын суайт дейді; біреуі сәбиден бетер аңғал десе, екіншісі сұмдығына найза бойламайтын арам дейді; біреуі жылқының жабағы жүніндей ұйысқан қалың ел десе, екіншісі көсенің сақалындай селдір дейді; біреуі бәрін бір хан билейді десе, екіншісі әрқайсысы әр ханның соңында бет-бетіне шашырап жүр дейді; ал үшінші біреулері олардың ханмен де, қарашамен де ешқандай шаруасы жоқ, басына жүген-құрық тимеген, түздің тағы аңдарымен бірге өріп, бірге түнеп жүрген, аты екі аяқты демесең, төрт аяқтылардың аз-ақ алдындағы арда жабайылар дейді. Әйтеуір, Россия үшін тұмсығының астында жатқан қазақтардан беймәлім, қазақтардан жұмбақ халық жоқ болады деп тұрады. Сол жұмбақты шешуді тағдыр басқаға емес бұған, тілмаш Мәмбет мырзаға, Алексей Иванович Тевкелевке жазған түрі бар. Ол 1722 жыл еді. Орыс кемелері Персияға қарай жорыққа аттанып бара жатқан-ды. Каспийдің шаңқан көк жазирасын бірінен-бірі қалмай тізіле жөңкіліп келе жатқан көп желкен көмді де кетті. Тевкелев тұтқындармен сөйлесем деп, темекінің, насыбайдың, күтімсіз жаралылардың, оларға жағылған қайдағы бір қолқаңды қабар қоңырсақ дәрілердің ию-қию иісіне жүрегі лоблығандай болғасын, бір ауық таза ауаға шығып сергіп алмақшы боп, тұмсық жақтағы оңаша алаңқайға барып, қақ маңдайдан екілене ескен қарсы самалға көкірегін тосып тұр еді, кенет алдарындағы ту көтеруші кемеден бір қайық суға түсірілді. Он ескекші екі қапталға бөліне отырып, жеделдете есіп, бұларға қарай беттеп келеді. Қапталдаса бергенде, ортада отырған біреу кеңірдегін жырта айқай салды:
- Тілмаш Тевкелевті патша ағзам шақырып жатыр!
Бұның жүрегі дүрс-дүрс етіп қоя берді. Кемеден қайыққа тасталған кендір арқан сатымен тілерсегі дірілдеп зорға түсті. Патша шақыртқан сайын осындай хәл кешеді. Онысының қуаныш екенін, жоқ қорқыныш екенін өзі әлі жөнді білмейді.
Жақында ғана терістіктен жел сапырып, бірнеше күн аласапыран боп, ақ айранданып қалған Каспийдің көк реңі енді-енді орала бастаған-ды. Күні кешегі дөңбек толқындар бүгін ақ тымыққа айналып аршындай жүзген орыс кемелерінің біресе ол жақ кемерінен, біресе бұл жақ кемерінен шылп-шылп сүйкеніп шырпынып жатыр. Күн тымық. Теңіз тыныш. Теңізшілер көңілді. Тек патша ғана тұнжыраңқы екен. Серейген аяғын кеменің кенересіне тіреп, қолын тарақтап ойланып қапты. Көз алдында - жер түбінен мұнартқан күн шығыс көкжиек. Теңіздің тентек желінің падишаның қабағының қатыңқы екендігімен шаруасы жоқ, едірейген сұлу мұртының екі шалғысын кезек қақпақылдап, әбден ұйпа-тұйпасын шығарыпты.
- Бері кел! - деді патша кемеге көтеріле берген тілмашты көзі шалып қап.
- Мәртебеңізге құлдық, алдияр тақсыр!
Патша аяғын төмен түсіріп жалт бұрылды. Тевкелевтің желқақты қоңырқай жүзіне қарап сәл ойланып тұрды да, тұнжыраған қалпы:
- Анау арғы жаға жайында не білесің? - деп сұрады, иегімен күн шығыс жақты сілтеп.
Тевкелев қалмақтар, қазақтар, түрікпендер, хиуалықтар жайында бар білетінін саудыратып айта жөнелді. Патша қабағын түйіп:
- Қырғыз-қайсақтар жайында айтшы, - деді.
- Алдияр тақсыр, олар да жапан түзде ұшарын жел, қонарын сай біліп, бет-бетіне босып жүрген көп көшпендінің бірі ғой. Өздерін былайғы көшпенділерден де гөрі жабайы, пәтуасыз жұрт деседі. Малдан басқаны байлық, тойғаннан басқаны мұрат деп ойламайтын болса керек...
Қырғыз-қайсақтарды ма, жоқ әлде тілмаштың өзін бе - кімді мұқатып тұрғаны белгісіз, патшаның едірең мұрты қыбыр ете қалды.
- Ал, жері ше? Жері қандай?
- Құдай оларға басқаны бермесе де, жерді берген. Құм, шөлейт, сортаң боп келгенмен мал жаюға қолайлы. Өздері егін салмайды, астықты Хиуа, Бұхара, Тәшкент, Самарқанд жағындағы отырықшылардан жүн-жұрқаға айырбастап алатын көрінеді, - деді жуықта кездейсоқ оқыған мәліметін сөзбе сөз қайталап.
- Сонда әлгі елдермен шектес болғандары ғой!
- Дәл айтасыз, алдияр тақсыр!
- Ал Жаркентке ше?
- Оған да тиіп тұр.
Патша тағы да мұртынан күлді.
- Ендеше, ол көшпенділерің қанша пәтуасыз болса да, Азияға шығатын алтын қақпаның кілтін өз қолдарында ұстап отыр десейші...
Тевкелевтің құлағы қыз-қыз қайнап қоя берді.
- Дәл солай, алдияр тақсыр.
- Өздерінің саны қанша екен?
- Ол арасын білмедім, алдияр тақсыр!
- Білу керек, Тевкелев. Еғер сен солардың, ең болмаса, бір миллионын қол астымызға қаратып берсең, біз қырқысып жүрмес ек, әлгі Азияның алтын қақпасының мынау қызылбастармен жыл сайын бүйтіп қызылшеке боп кілті де біздің қолымызда болар еді. Индия мен Жаркенттің алтынына бірден бір төте жол солардың даласы!.. Жә, оны кейін көре жатармыз. Бірақ, бұл әңгімені ұмытып кетіп жүрме, мықтап ойла!
Патша аннан бір, мұннан бір көстеңдей аттап, кеменің тұмсық жағына қарай жылыстай берді. Тевкелев сол тұрған орнында қаққан қазықтай қадалды да қалды.
Арада үш жыл өтер-өтпесте патша ағзам дүние салды. Әлгі әңгіме аяқсыз қалды. Бірақ, Тевкелев қазақтар жайында жазылған хат-қағаздан ештене тастамай оқи берді. Онысын Кириллов қана білетін. Қазақ ханына елшілікке жіберетін кісі іздегенде, оның атын атаған да сол көрінеді.
Жолсыз даладағы жәйсіз жүрісі қайта-қайта көңілін бөлгенмен, Тевкелев баяғы бір ойына қайта айналып соға береді. Адам мен адам қан арқылы жақындасып ағайын, көңіл арқылы жақындасып дос, мүдде арқылы жақындасып тамыр-таныс болмақшы. Ал, халықтар ше? Оларды да не жақындастыра алады?
Міне, бұл елші болып келе жатқан екі халықтың арасында қандай байланыс бар? Біреуінің діні - христиан, біреуінін діні - ислам. Бірі - отырықшы, бірі - көшпенді. Бірі - европалық, бірі - азиялық. Бірі - көп, бірі - аз. Біреуін бүкіл дүние жүзі біледі, біреуін Европа түгілі Азияның өзі жөндеп білмейді. Сонда бұлардың басы қайтып бірікпекші?
Екеуі, әрине, шекаралас. Тіл, дін, қан, үрдіс, нәсіл жағынан еш маңайласпағанмен жер жағынан қоян-қолтық араласып жатыр. Бір суықта бірге тоңып, бір аптапта бірге қаталайтын жер жақындағы тағдырың мен тарихыңды жақындастырмай қоймайды. Тағдыр жақындығы мүдде жақындығын туғызады. Мүдде жақындығы жоқ жерде тіл, қан, дін, үрдіс, нәсіл жақындығы ештеңе бітірмейді.
Тіл мен дін жақындығы бірдеңе бітірсе, жоңғарлар мен халқалықтар өзара қырқыспаған болар еді. Қан, нәсіл, үрдіс жақындығы бірдеңе бітіре алса, қазақтар одақтасты бер жағындағы орыстардан емес, ар жағындағы жоңғарлардан іздеген болар еді. Мүдде жақындығы жок, жерде жер жақындығы мен шекараластықтың да бақастық пен дүрдараздық өрбіткеннен басқа бітірері шамалы. Шекараластық қаралай туыстырып жіберетін болса, Россия шығысындағы Қазанды қара қанды судай ағызып жүріп бағындырар ма еді. Адам мен адамды, халық пен халықты, мемлекет пен мемлекетті жалғастырар ең берік дәнекер - мүдде жақындығы ғана. Күндердің күнінде кұллі адамзат бір ененің баласындай ынтымақтасып кетер заман туып жатса, ол да осы мүдделер жақындығының арқасында ғана орнай алмақшы.
Дүниеге дипломатия деген кәсіпті әкеліп жүрген де - сол елмен елдің мүдделерін тіл табыстыра білудің қамы. Сонда аз бен көптің, озық пен қалықтың мүдделері де ортақтаса алатын болғаны ма? Әрине, көптің көздейтіні - күш асыру, байлық асыру, ықпал асыру. Азға бастың амандығы мен іргенің тыныштығынан басқа мұрат жоқ. Көптің аңсайтыны - асқан, аздың ойлайтыны - қатардан қалмаған. Көп өз мақса-тына күшпен де жете алады. Аз ақыл-айласымен ғана күн көре алады. Ақылы болса, көптің көздегенін өз мүддесімен орайластыра алса, аз да есесін жібермейді. Бұл әлемдегі барлық нәрсені тек күш шешетін болса, ақыл мен білік әлдеқашан адыра қалмас па еді. Бірақ, олай емес қой. Адамзаттың оны ұққанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Күні кешеге дейін тарихтың бірден бір басыбайлы қожасы күш боп келсе, енді міне, ақыл мен білік те қосарласты. Бұрын тек күшімен көп қана шыға алатын тарих сахнасынан ақылмен аз да көріне алатын болды. Көп білегін шаршататын жерге аз басын шаршатады. Тәсілқойлық әскері шағын қол басыға, пұлы аз саудагерлерге қандай керек болса, аз халықтың бас көтерерлеріне де тап сондай қажет. Шама-шарқына қарамай шалқақтайтын шәлдуар билеуші өзіне де, жұртына да опа таптырмайды. Мақтан мен көкірек аз түгілі көптің өзін мерт етсе, ақыл мен сақтық кеп түгілі аздың өзінің көсегесін көтере алады. Ол үшін ешқашан өз мүддеңді өзгенің мүддесіне қарсы қойма, қайта одан олжа түсірер ортақтастық ізде...
Орынымен пайдаланса, орыстар мен қазақтар арасындағы мүдделер ортақтастығы саулап тұрған сауын сиыр ғой! Тек жебеп, қайтармалап, қақтап еме білер епсекті ерін керек. Қомағайланам деп асығыс сорып, шашалып қалма, қазымырланам деп қаттырақ сорып, шошынтап алма! Тісіңді тіліңмен бөгеп, таңдайынды майда төсеп, бауырын басыңмен түйгіштемей, балбыратып еме біл! Амал не, кейбір сүғанақ немелер ыссылай сұғынып, мама желін марқасқалардың өзін шабынан тістеп, шапшытып алып, ауызынан қағылып жатқаны. Мүдделер ортақтастырған екі жақ ешқашан біріміз сиыр, біріміз бұзау екенбіз деп ойламауы керек. Екеуі де ортақ ененін екі урпіне жабысқан егіз бұзаумыз деп сезінгендері жөн. Әйтпесе, ашқарақ аз кеңпейіл көпті көнбіс көк сиыр ғып алам десе, ақыры азу тісінен айырылып тынады. Өктем көп әлжуаз азды зорлықпен емемін деп өңмеңлесе, тышқақ бұзаудың бауырына басын ала жүгірген бұзақы бұқадай маңына ешкім жуымай, жұрттың бәрін шығынтып алады. Мүдделер тіл табысатын жерде қарағайдай мүйіздің қайраты емес, қаймыжық еріннің айласы керек!
Іргелі ел болам деген жұртқа мұздай темір құрсанған қарулы қол қандай керек болса, тілі майда, сөзі жорға, көкірегі даңғыл мәмлегерлер де сондай қажет. Оған мысалды алыстан іздеп жатпай-ақ, Тевкелев мырза өзін елші қып жұмсап отырған орыс империясының тарихынан шаш етектен таба алады. Күні кеше, он бесінші ғасырдың басында дүние жүзін былай қойғанда іргесіндегі Европада Россияны кім білуші еді? Ал тап сол ғасырдың аяғында үшінші Иванның тұсында тап сол Россия тап сол Европада аты ауыздан түспейтін аңызға айналды емес пе? Күні кеше біреу біліп, біреу білмейтін елеусіз елдің падишасы Византия императорының қызымен неке қиысар дәрежеге жетті. Күні кеше орыс қалаларын қарадай қалтыратқан қаһарлы Қазан екі бүктетіліп ақ патшаның аяғына құлады. Азулы алты қарыс Алтын Орданың ұлысбектері күні кеше өздері төбесінде ойнаған орыс патшасының табалдырығынан аттай алмай, босағасынан көздерін сатып, мөлиіп тұратын күйге түсті. Ливон сайыпқырандары қақ маңдайдан шоқпар тиген ұры тазыдай қыңсылай қашты. Сөйтіп атағы жер жарған Иван Васильевичтің кезінде Москва князьдігінің жер көлемі жарты миллион шаршы мильден асар-аспастай ғана емес пе еді?! Ал қазір ше? Бүкіл Балтық бойы Россияның қоластында. Бүкіл Еділ бойы Россияның қол астында. Бүкіл Орал бойы Россияның қол астында, Кавказдағы Грузия Россияның қол астында. Ең байтақ Украина Россияның қол астында. Енді, міне, орыс шекарасы оңтүстікте Қаратеңізге барып маңдай тіреп тұр. Қандай құдіретті мемлекет те көк мұхитқа тікелей жол тауып, жаһанның қан базарының қай-қайсысына да емін-еркін бара алмай тұрып, көсегем көгерді дей алмақ емес. Қазір Россияның батыс іргесі теңізге тірелді, терістік іргесі теңізге тірелді, күнгей іргесі теңізге тірелді, шығыс іргесі теңізге тірелуге жақын. Сонда ол осынша жердің бәрін тек қарудың күшімен ғана алды ма? Жоқ. Қарудың күшімен алған жері Орал тауынан зорға асты. Ал, айламен, мәмлегерлікпен алып келе жатқан жері сонау Тынық мұхитқа жетпей жығылар түрі жоқ!
Сонда мұндай ақыл кұллі дүниенің дәулетін теспей сорып жатқан Европадан шықсын-ақ, сол Европадан тәлім ала бастаған Россиядан шықсын-ак, ал бірақ ұшқан құс, жортқан аң қаталап өлер құла түзде бейберекет босып жүрген көшпенділердің көн шоқайлы көсемінен қайдан шығып жүр?! Осыны ойлағанда бір кезде Петр патшаға оларды қарынының бір тойғанынан басқаны мұрат, малдан басқаны дәулет деп білмейтін жетесіз жер көкірек жұрт қып көрсеткісі келген пәтуасыз жауабы жадына оралып, төбе қүйқасына дейін қызарып кетеді.
Жетесіз жұрт жер түбіндегі мемлекеттерге елші салып қайтеді? Жетесіз жұрт өзгенің мүддесінен өз мүддесіне қорек табам деп дәмете ала ма? Жетесіз жұрт өз дегеніне жету үшін тілдің шекарасынан, діннің шекарасынан, нәсілдің шекарасынан аттап шыға ала ма?
Бақса, мынау жұрт, ол шекараны баяғыда-ақ бұзып өтіпті. Мына екі ортаға аяқ басқан алғашқы елші бұл емес екен. Қазір өзі келе жатқан құла түзде талай-талай орыс елшісінің миы зеңіп, еріні кезеріпті.
Үш ғасыр бойына Алтын орданың иегінен аса алмай былайғы дүниеден атымен көр құлақ отырған орыс патшалары шығыс жақтарындағы қиық көз, қиғаш қабақ жұрттардың бәрін бір халық деп ойлап, бәрін татар дей салыпты. Сөйтсе, олар сан қилы тайпалардан, сан қилы халықтардан тұрады екен. Оған көздері Қазан мен Астраханьды алғасын барып жете бастады. Қазақтар жайлы ызыңды да алғаш сол тұста естіді. Бір мың бес жүз отыз төртінші жылы IV Иван патшаның Ноғай ұлыстарына барып қайтқан елшісі Даниил Губин қазақ деген мықты жұрт барын, олардың ташкенттіктер мен қалмақтарды бағындырып, енді терістіктеріндегі Сібір хандығымен жауласып жатқандығын айтып келіпті. Қазақтар бұрынғы қауқарынан айырылайын десе керек, оларға жан-жағындағы жұрттар жапа-тармағай қол сала бастапты. Ол баяғы Қасым ұлы Ақназардың бет-бетіне бытырай бастаған көшпенділердің басын қайта қосып, «үш жүз» бірлігін құрған кезі еді. Сосын-ақ орыс патшалары алыстан жетіп жатқан әлгі дақпырттардың ешқайсысын қағыс қалдырмай, құлақтарын тіге түседі. Өйткені, олар Орал тауынан арғы далаларға аяқ асырып алу қамына мықтап кіріскен-ді. Бірақ, қырсыққанда жолдарына кесе көлденең түсіп Сібір хандығы жатып алды.
Сол Сібір хандығы орыс-қазақ мүдделерінің алғаш тоғысқан жері болды.
Ақназар көк желкесінен күнде найза сұқаңдатып тұрған Көшім ханның өзінің ту сыртынан одақтас тапқысы келсе, орыс патшасы бір жағынан өз керуендерінің қазақ даласында еш кедергіге ұшырамауын, екінші жағынан Қама бойындағы ұлыстарына тыным бермей тұрған Сібір хандығымен бірге жағаласар жақтас табуды көздеді. Көшім күнгейінде қазақтармен қырқысын аз көргендей, терістік батысындағы ағайынды Строгановтардың қол астындағы Перм өлкесіне көз алартты. Ол кезде татар, башқұрт макси-боғұлдардың Москва князьдігіне ашуы әлі тарқай қоймаған-ды. Көшім сол өшпенділік отына май құйып бақты. Азғантай жұрттардың тілін оңай тапқан Көшім құбыла бетіндегі әлі ешкімнің жүген-құрығы тимей бас асау жүрген қазақ ханы Ақназардың аузын алуды құнттамады. Мұны ол ескермегенмен орыс патшасы ескерді. Ағайынды Яков және Григорий Строгановтардың ақылы бойынша Ақназарға Третьяк Чебуков бастаған елшілік аттандырды. Иван Грозный Чебуковқа қазақ хандығымен Ақназармен Көшімге қарсы бірге соғысатын әскери одақ құру туралы келісімге отырып қайтуды тапсырды.
Елшілік хабары Көшімнің де құлағына жетеді. Ол немере інісі Мәмбетқұлға бастатып торуылшы қол жібереді. 1573 жылы Тобыл қаласынан онша қашық емес жерде. Қама өзені бойындағы башқұрттар ауылында қаннан-қаперсіз түстеніп отырған орыс елшілігі Мембетқұл жаубасарларының қанжарына қарналып, түгел қырылады. Бірақ орыс пен қазақ арасындағы байланыстың алды-арты сонымен тынып қалмапты. Бір мың бес жүз сексенінші жылы Тобыл воеводасы Данил Чулков Қара Ертістің бойында қаршыға салып жүрген бір топ саятшының үстінен шығады. Сөйтсе ол Кешімнің бірден бір бақталасы, Сібір хандығы тағының әу бастағы иесі Жәдігер әулетінің соңғы ханзадасы Сейдақметтің некері екен. Қиқулап жүрген қызық құмар топ мұздай темір құрсанып жан-жағынан қоршап алған орыс әскеріне қылар қайран таба алмайды. Сөйтіп Сейдақ хан тұтқынға түседі. Оның қасында қамқа тонды кішкентай бала тұрады. Қорамсағындағы көп қу жебенің арасында қан күрең үш қызыл жебесі бар екен. Ол сегіз жасар қазақ ханзадасы Оразмұханбет сұлтан екен. Қаршадай ханзаданың жел жағынан қалқалай тұрған қаракер атты томаған көз қарасұр мырза Сейдақтың ақылшысы, Оразмұханбеттің тәрбиешісі Қараш мырза - қазақ тарихшысы Қадырғали Жалайыри мырза боп шығады. Соған қарағанда, бесіктен белі енді шыққан Оразмұханбет қазақтың Ақназар ханы мен алты сұлтаны Арыс бойында Моғұлстан мен Ташкент билеушісі Баба сұлтанның біріккен әскерінен жеңіліс тауып, тұрымтай тұсына, балапан басына кеткен қилы заманда қазақ ұлыстарын қалаған уақытында барып талап тұрған Сібір хандығына тұтқын боп кетті ме, жоқ Сейдақ хан бақталасы Көшім ханнан басым түсу үшін қазақ тағының мүрагерін әдейі өз қолында ұстап отырды ма - оны ешкім білмейді. Не де болса, бір тұтқыннан босанып, екінші тұтқынға тап болған Оразмұханбет ханзада 1588 жылы 16 жасында Мәскеудегі патша сарайына қызметке келеді.
Арыс бойында арандап қалып, шаңырағы ортасына түскен қазақ жұрты Тәуекел ханның тұсында тағы да ес жиып етек жабады. Бірақ, әуелден салымы екі оттың ортасынан бұйырған қазақ ол тұста да бір жағында Сібір ханы Көшімнен, екінші жағында Бұхара ханы Абдолладан құқай көріп бақса керек. Күн батыстағы ноғай ұлыстарымен де тап майлы қасықтай араласып-құраласып кете алмапты. Тәуекел хан төңірегіндегі жұрттардан күдер үзіп, алыстағы Мәскеуге ат шаптыртады.
Бір мың бес жүз тоқсан төртінші жылдың қақаған қаңтарында мәскеуліктер бір әрі оғаш, әрі таңсық көріністің куәсі болады. Қазан жақтан басталған айдау көшелерінің бірінде сүңгілеріне мұз қатқан мылтықтарын көтере ұстап, алпыс-жетпіс жауынгер жеті-сегіз жалбағай тымақ біреулерді қаумалай қоршап астанаға алып кірді. Қақ ортадағы жолаушылардың тур-түстері де, ер-тұрмандары да, киген киімдері де тосын. Бастарында желкелігі жауырынына дейін жауып тұрған, сыртын сары тай жарғақпен қаптаған жалбағай түлкі бөрік, үстерінде ішін қасқыр терісімен астарлап, өңірін көк мауытпен әдіптеп, сыртын қынаға бояған қой терісімен қаптаған қызыл тон, аяқтарында қонышы қара санға жететін қайқы бас саптама етік, аттарына сыртын былғарымен сырып киіз жабу жапқан, ерлерінің басы қаздың мойынындай қайқиып кеткен. Өңшең сұлік сұлу торы ала ат мінген әлгі жат жерліктер алыстан келе жатса керек. Аяз сорып тастаған беттері қабарып алыпты. Қақ алдарындағы біреу қолына тұмылдырықтап қаршыға ұстапты. Бейсауат жолаушылар көше бойындағы анталай қарап қалып жатқан аттылы-жаяу көп жүргіншімен істері жоқ, екі көздері екі қапталдағы сенгір таулардай серейіп-серейіп тізіліп тұрған биік үйлерде. Құдды бір қазір олар үстеріне құлап кететіндей әрі таңырқай, әрі сескене қарайды.
Жұрт бұлардың кім екенін біле алмай аң-таң. Айбалталы айдауылдар орман арасында орыс отрядтарына шабуыл жасаған әр қилы жалба тымақтарды жан-жақтан желкелерінен түйгіштеп қуып келіп жатушы еді. Мыналары атқа отырыстары да тым сәнді, тым салтанатты. Тұтқын емес дейін десең - қашып кететіндей жан-жақтан көк сүңгілі сақшылар қоршап апты. Таңсыққұмар жұрт қаңтардың қызыл шұнак, аязында қыңқ етпестен тосын жолаушыларға ауыздарын ашып қарап қапты. Жоқ, мынау ұзын тізбек Любянкаға қарай бұрылмады, бірден Манеж алаңына тартты. Тұтқын болмады, елшілік болды. Аң-таң жұрт жөн-жөніне тарай бастады.
Елшілік приказы қабағына қырау қатқан қасқыр ішікті мейманды ыссы шай беріп жылытты: астындағы атын патшаның атқорасына апарып жемге байлады: соңындағы нөкерін қып-қызыл боп қайнап тұрған моншаға апарып тоғытып, бит-бүргеден тазартып, асты-үстеріне түсіп, бәйек болды да қалды. Алты айшылық жол жүріп, қырғи қабақ ноғай ұлыстарының тұсынан жал-жалдың тасасымен бұқпақтап өтіп, жаңбырға малшынып, боранға ұрынып көр азапты көріп келген елші Құлмағанбет қою шайға қанып алғасын төрт аяқты былқылдақ мамық төсекке шалқасынан түсіп ойға кетті. «Жауда да бір үйің болсын деген осы-ау! Әйтпесе патшасының байтақ қаласында бүйтіп тыраңдатып жатқызбақ түгілі өсіп тұрған егісінің ық жағынан жүргізбейтін қара шекпенің бұрын бүйтіп бәйпеңдесе, көрмей жүр дейсің бе! Бәрі де әлгі Оразмұханбет сұлтанның арқасы ғой» - деп қояды ішінен. Орыс ордасында жарты патша болып отырған жасы кіші болғанымен жолы үлкен ұлық інісіне қайтып көрісіп шығар екем деп уайымдап жатыр еді, елшілік приказының жылмаңдаған көп қызметкерінің біреуінің кіріп келгені.
- Елші мырза, - деді иіліп-бүгіліп.
- Сені Оразмұханбет ханзада көргісі келеді.
Қуанып кеткен Құлмағанбет орнынан атып турып әлгі жігіттің соңына ерді. Оларды бірінен-бірі аумайтын үш жігіт орындарынан тұрып қарсы алды. Құлмағанбет, қапелімде, бұл үш ақ құбаша жігіттің қайсысының ханзада екенін айыра алмады. Жастайынан орыс арасында өскен сұлтанның сүйек бітіміне қарап қана қазақ екенін еміс-еміс аңғаруға болатын еді. Өңі боп-боз. Ұшқын шашқан көзі мен жымиған жүзі ғана көңілінің сергек екенін сездіргендей.
- Құлмағанбет, - деді ол енді жайғасып отыра берген елшіге. - Бүгін сенен көп нәрсе сұрамаймын. Маған, мына Степан және Вельямин Степанов мырзаларға Тәуекел ағайыммен қалған ағайындардың амандық-саулығын, көршілес Бұқар хандығымен, ноғай ұлыстарымен араларының қандай екенін, алдияр патшаның қоластына кіреміз дегендеріңіздің не әңгіме екенін айтып берсең болғаны.
Ханзаданың көзінен-көзін айырмай қадала қарағанынан, аузын ашпай жатып бастырмалатып осынша көп сұрақ қойғанынан, қасында мынау екі бейтаныс жігіттің отырғанынан Құлмағанбет бұл тап өзі ойлап келгендей көптен көріспеген екі ағайынның амандық-саулық сұрасып, емін-еркін сағыныштарын басатын оңаша сұбхаты емес екендігін бірден аңғарды. Манағы мамық төсектегідей емес, көңілі біраз ортайып қалған. Бөркін алып, қамшысын әдет бойынша алдына тастап сөйлеудің ретін таппай, тізесіне шаншып, ханзаданың шұқшия қараған көзіне тайсалмай қадала қарап сөз бастады.
- Ағаң Тәуекел бүгінде қазақ ордасының ханы, інісі Шаһмұхамбет қалмақтардың билеушісі. Ағайын арасында алауыздық жоқ. Қатар көшіп, қатар қыстап, майлы қасықтай араласып отыр. Бұхара ханымен бітімшілік жасасқан сияқтымыз. Бірақ қаншаға баратынын қайдам... Ноғайлардың Алтау ауылымен қас-қабағымыз жаман емес. Ал, Таңахмет балаларымен, Орыс әулетімен сол баяғы бірде бату, бірде тату қалпымыз. Сенің ақ патшаның сарайына тап болғаныңды естігелі алдияр ханымыздың күнде іргеден сұқаңдап тыныштық бермей отырған Бұқарды орыстардың көмегімен біржолата бұқтырып алсақ қайтеді деп ойға кетіп жүргені. Бізге тек оқ-дәрі, қару берілсе болғаны, ар жағын өзіміз-ақ келістірер едік.
Бұхара бүгінде баяғы Бұхара емес. Жан-жағына түгел көз алартып қырып барады. Әзім ханды қуып шығып, Үргенішті қол астына қаратып алды. Енді Сарайшыққа қайтадан қала салмақшы боп, ноғайлармен әмпейі боп жүр. Жайыққа аяқ басса, бергі жағындағы Астраханьға құлқыны құритыны сірә, белгілі. Оның мұндай ашкөздігін ақ патша жақтыра қояр дейсің бе деп, осы тұста қайрат қосысып бірге қимылдасақ қайтеді деп айтқалы келдім. Алдияр патша мархабаты түсіп, ол пәтуамызға құлақ асса, орыныңа ханның балаларының бірін аманатқа жіберіп, өзінді елге қайтарып алмақ ойымыз бар. Біздің жүрісіміздің мән-жәйі осы.
Ханзаданың қасындағы екі жігіт Құлмағанбетке ауыздарын ашып қарап қалыпты. Оразмұханбет сыр алдыртпас сабырлы қалпынан танбай:
- Тәуекел ағайдың балалары қазір қанша өзі? - деп сұрады.
- Үлкені Құсейін онға шықты, ортаншысы Ыбырайым сегізде, кішісі төртте.
- Иә, - деді ханзада. - Ағаларым дұрыс істепті. Бір жақ іргеден жау шығып жатқанда, екінші жақ іргеден дос іздемесең, ертеңгі күніңнің не боларын кім біліпті. Басқа жаққа жалтақтамай, Ресейге елші салғандарың жөн болған. Орыс деген бүгінде қабырғалы халық болып алды. Христиан дүниесінің бас патшасы, Россия тағының иесі, ұлы князь Федор Иванович ағзамның панасына кеп бауыр басып жатқан жұрттар мен ұлыстар аз емес. Алдияр патша олардың ешқайсысын беттен қақпай, қай-қайысын да өзінің шапағатына бөлеп, қамқорлығынан қағыс қалдырып жатқан жоқ. Россияда біз секілді тегі бөлек нәсілдердің әрі ақылшысы, әрі қамқоры, ақ патшаның туған балдызы нұр сипаты Борис Федорович ағзам. Мен сол кісіге ағаларым айтқанында тұрады, бір баласын аманатқа жіберіп, Россияның мейірбан алақанының саясына жығылып, өле-өлгендерінше анттарына адал боп өтеді, тек ар жағында жағаларынан алып, етектеріне жармасып, құдайдың құтты күні тыныштарын қашырып тұрған Бұхарлықтармен соғысуға қажетті қару-жарақ беріп тұрсаңыздар екен деп өтініп айтайын. Еншалла, бұл сөзімді ол аяқ асты қалдыра қоймас.
- Ханзада, ендеше, сол ағзамға айтыңыз, қазақ ханы өз сөзінің құлы деңіз. Егер алдияр ханымыз бен асыл текті сұлтандарымыз ақ патшаға деген әлгіндей ықыластары қалтқысыз шындық болмаса, мынандай қыстың көзі қырауда сабылтпаған болар еді ағзамның ешқандай қам деген тағы бір өтінішім: мені бүйтіп жер түбінен деңіз. Ол жағынан патша жемеуін сүраймыз. Айтайын ақ патшаға қызылбас елінен Ғаділбек деғен елші келіпті деп естиміз, Мүмкіндігі болса, сол Аббас шахтың елшісімен бетпе-бет жүздескім келеді. Аббас шах та біздің Тәуекел хандай Абдоллаға азуын қайрап жүрген падиша көрінеді. Айлас қатын мүңдас деген ғой. Бірер ауыз тіл қатыссам деп едім.
Арада бір апта өтті. Оразмұханбет елшілер приказында болып Дьяк Василий Шелкаловқа Құлмағанбетпен арада болған әңгімені сол қалпында баяндап берді. Тіпті Құлмағанбеттің қызылбас елшісімен оңаша кездескісі келетінін де жасырған жоқ. Шелкалов тап сол күні Иван Федорович Годунов ағзамға барып жолықты. Годунов бұның бәрін дәл сол күні патша ағзамның мәртебелі ғүзырына мәлім етті.
Патша қазақ елшісінің қызылбас елшісі Ғаділбекпен кездесуіне рұқсат берді. Оразмұханбет ханзаданы: «Елінен келген мейманды анасына, әйеліне, қарындасына көрсетіп, қонақ қып жіберсін», - деп өзі берген мекенжайына қайтарды.
Арада бірер күн өткен соң қазақ елшісі қасына Петр Новосильцев деген бекзаданы, тілмаш Бұлғақ Алексеевті ертіп, Оразмұханбет ханзаданың қонысына қонаққа барады.
Тевкелев осы арада жуырда өзі оқып шыққан бір қағаз есіне түсіп жымиып кұліп қойды.
«Әмбе Ресейдің алдияр патшасы һәм ұлы князь Федор Иванович ағзамға құлақ кесті құлың, қазақ ордасының ханзадасы Оразмұханбет аяғыңа бас ұрады.
Сен алдияр тақсыр, өзіңнің басыбайлы малайың маған, менің әжеме, шешеме, нағашы апама һәм қарындастарыма өзіңнің алдиярлық ғұзырыңдағы бекзада Петр Новосильцовты, оған қосып Қазақ ордасының елшісі Құлмағанбет пен тілмаш Бұлғақ Алексеевті өзің қайыр-патиха қылған менің қонысыма жіберіпсің. Сенің алдияр басыңның тапсырмасы бойынша өзіңнің алдиярлық ғұзырыңдағы бекзада Петр Новосильцов елші Құлмағанбет һәм тілмаш Бұлғақты ертіп кеп екі күн болды, алдияр басыңның басыбайлы малайы мына мен, алдияр тақсыр, сенің алдияр басыңның тапсырмасы бойынша өзінің алдиярлық ғұзырыңдағы бекзада Петр Новосильцовты, қазақ ордасының елшісі Құлмағанбетті һәм тілмаш Бұлғақ Алексеевті Мәскеуге, саған, алдияр тақсыр, үшінші күні жөнелттім. Сен өзіңнің алдияр басыңмен өзіңнің қонысыңның түсімінен басыбайлы малайың мына маған, өзіңнің үмбеттерің әжем һәм шешеме, нағашы апайым, һәм қарындастарыма қажеттеріне жаратсын деп өзіңнің алдиярлық қазынаңнан өзіңнің алдиярлық ғұзырыңдағы бекзада Петр Новосильцев арқылы жүз сом ақша беріп жіберіпсің, өзіңнің алдиярлық ғұзырыңдағы бекзада Петр Новосильцов өзіңнің құлақкесті құлың мына мені жарылқаған әлгі жүз сом ақшаның кейін менің өзіңнің алдиярлығыңнан алатын жалақымнан ұсталмайтынын ескерткен алдиярлық сөзіңді жеткізді...»
Әр әрпі аяғыңды жалап, әр сөзі басын шұлғып тұрған осы бір бүгежектеген жәреуке хаттың өзі-ақ патшанын алыстан келген қазақ елшісі өз еліне мақтап барса екен деп тырысқанын байқатады. Ондағы көздегені - Тәуекел бұны Бұхараға қарсы жұмсағысы келсе, бұл оны әлі күнге тыртысып беріспей келе жатқан өлермен Көшімге айдап салу еді.
Боярлар Думасы қазақ ханына тілмаш Вельямин Степановты елші қып жіберуді ұйғарды. Ақ патшаның Тәуекел ханға және Шаһмұхамбет, Күшік сұлтандарға жолдаған грамотасын, Оразмұхамбеттің ағасына Москва мемлекетімен тату-тәтті бол деген дұғай сәлемін, Тәуекел ханның анасы Әзи ханым, келіні Алтын ханым, немере қарындастары Бахты ханым, Күн ханым, Ақ ханымдардың елдегі ағайын-тума, абысын-ажынға жолдаған құндыз жаға, көк сауыр етік, алтын жүзік, күміс қасық, садақ, бәкі, әмиян, шәйі орамал, айна-тарақ сықылды сәлем-сауқаттарын қоржынға лықа толтырып алып, қасына үш серік, соңына отыз жауынгер нөкер ертіп жолға шыққан Вельямин Степанов март айында Қазаннан аттанып, одан Жайық, Ырғыз асып, жолдағы ноғай ұлыстарына соқпай айналып өтіп, май айында Тәуекел ханның алты шатырды қатар тіккен ақ ордасына келіп жетеді. Екі айдан астам аунап-қунап дем алады.
Жас бағылан, тәтті қымыз үстінде Тәуекелмен әбден іш ақтарысып сөйлеседі. Діттеген жерімнен шықтым-ау деген тұсында қонақжай ханмен қош айтысып, Ұлытау арқылы кері сапар шегеді. Содан бір ғасыр бойына екі арадағы елшіліктің аяғына жем түседі. Ол дәстүр Тәуке ханның тұсында барып қайта жанданады. Тәуке ақ патшамен тату-тәтті қарым-қатынас орнатуды ғана көздейді. Одан кейінгі Қайып тату-тәттілікпен ғана шектелмей жоңғарларға қарсы бірге соғысатын әскери одақ құруды ұсынды. Ал, Әбілқайыр ол екеуінің де көкейінде болмаған жаңа бір пиғылдың соңына түсті. Ол 1726 жылы ақ патшаға елші жіберіп: «Қол астыңа ал!» - деп сұранды.
Патша сарайы бұл ұсыныстардың қай-қайсысына да көзжұмбайлық жасамады. Тәуекел тұсында келетін Степановтан Көшімді бағындыруда қазақтардың одақтас боп жарытпайтынын білді. Оларды тек Сібірдегі соғыс театрынан бейтарап ұстауды ғана көздеді.
Көшім ханның дәурені көпке бармады. Ол Шәйбан әулетінен өрбитін Мұртаза сұлтанның ұлы еді. Бір мың бес жүз елу алтыншы жылы заманында Шыңғыс ханның өзімен ұстасқан Уан ханнан тарайтын керей Жәдігер әулетінің ақтығы Тайбұғьшы тақтан тайдырып езі хан болады. Содан қырық екі жыл бойына жалпақ Сібірді жалғыз өзі дүбірлетіп өтеді. Қол астындағы бірі бутқа, бірі отқа, бірі шіркеуге табынған ала-құла жұртты түгел дерлік мұсылман дініне қаратуға күш салады. Әскер деген қала салып, оны өзіне астана етеді. Сөйтіп айтқаны келіп, атқаны тиіп дәуірлеп жүргенде 1581 жылы Ертіс бойында Ермак Тимофеевичтен ойсырап жеңіледі. Қашып барып Омбыдан жоғарырақта Қарақала деген қамал салады. Бірақ бір тайған бақ басына бәрібір тұрақтамай, 1598 жылы біржолата жеңіліп, әуелі Есіл даласына, одан ноғайлар арасына қашып кетіп, сол жақта пұшайман боп дүниеден өтеді.
Көшімнің бұлай тас-талқаны шығып күйрей жеңілуіне көрші жатқан қазақтардың селт етпей бейтарап қалғандығы аз әсер етпесе керек. Борис Годунов оған дейін Тоқтамыс әулетіне билетіп келген Қасымов хандығының тағына 1600 жылы қазақ сұлтаны Шығай немересі, Ондан ұлы Оразмұханбетті тегіннен тегін отырғызған жоқ-ты. Орыс патшасы ол кезде шектес жатқан жатжұрттардың ауызын алу үшін олардың ханзадаларын шет аймақ ұлыстарына ұлық қып қоятын.
Ока дариясының жағасындағы Керман шаһары, орысша Қасымов қаласы, сондай бір шет аймақ ұлыс еді де, оған әкім тағайындалған Оразмұханбет сұлтан әлгіндей жатжұрттық ханзада еді. Оған дейін ол 1590 жылы шведтерге қарсы, 1593 жылы Қырым хандығына қарсы жорықтарға қатысты. Патша сарайындағы той-томалақтан да қалып көрмепті. Бірақ, хан болуына ол айтқандардың бірі де емес, Сібірді бағындыру тұсында қазақтарды бейтарап ұстауға сіңірген айрықша еңбегі себеп болған сияқты.
Сібір бағындырылғасын орыс базарлары мен қазақ далалары арасындағы ерсілі-қарсылы керуендер еш толастамағанмен патша сарайы мен хан ордасының арасындағы байланыс пышақ кесті тыйылыпты. Оның да қилы-қилы себептері бар еді. Россия біраз уақыт Екінші Жалған Дмитрийдің зобалаңына ұшырады. Орыс тарихында «Қилы заман» атанған осы бір тұста батыспен де, шығыспен де қарым-қатынас өте әлсіреп кеткен-ді. Сол бір екі талай кезде қазақ ханзадасы Оразмұханбет те жәйіне қарап жүрмей ши шығарып алды. Қасымов қаласына сегіз жыл хан болған сұлтанның тұлен түртіп Екінші Жалған Дмитрийдің жағынан бір-ақ шыға келгені. Бірақ, оны жаңа жақтастары да тап онша құшақ жайып қарсы ала қоймапты. Күні кеше ақ патшаға құлақкесті құл болған бұратана сұлтан арамызға сыр тартуға келіп жүрген жансыз шығар деп сенбеді. Ақыр-аяғында оны: «Сен бізді сатқалы жүрген көрінесің!» - деген айып тағып, өлтіріпті. Россия әлгіндей әрпіл-тәрпіл дәуреннен енді құтыла бергенде Польшамен, Түркиямен соғыстар килікті. Оның бәрі орыс патшаларының Жайықтан арғы далаларға байланысты жоспарларын біраз уақыт атымен жиып қоюға мәжбүр етті. Ол жылдары қазақтардың да айдарынан жел есіп тұрмаған-ды. Күн шығысынан жоңғар деген жау шығып, жанының ұйқысы, малының күйісі бұзылды. Орыс пен қазақ ортасындағы қарым-қатынастың қайта жандануына да сол жоңғарлар түрткі бопты.
Тевкелев бүған дейін Сыртқы істер коллегиясы тарапынан кебіне-көп жоңғарларға байланысты тапсырмалар алып келген-ді. Петр патшаның ақылымен Еділ бойындағы Аюке ханның ордасында айлап-жылдап жатып, қалмақ тілін де үйренген-ді. Сонда бір нәрсеге қатты қайран қалып оралған-ды. Қалмақтар басы Аюке болып, кім көрінгенге іштерін аша бермейді екен, Петр патшамен бірге шведтерге қарсы соғысып, қымызды тастап, француздардың шампанын ішуге үйреніп алған әккі хан орыс елшісімен оңаша сұхбат үстінде шамадан тыс сілтеңкіреп жіберіп, қанша рет мас боп қалса да, ауызынан артық-ауыс сөз шығарып көрген емес. Жанына жақпайтындай сауал қойсаң, басқалар құсап қабағын түйіп тырсия қалмайды. Көзін сығырайта қысып, аузын ашып, тісін ақситып сылқ-сылқ кұледі. Әлденеге басын шайқап қояды. Бірақ ештеңе демейді. Ондайда Тевкелев Аюкенің жап-жалпақ маңдайына қарайтын. Ханның жазық маңдайы тас бақаның жотасындай боп бұлк етпей тым-тырыс жатады. Орыс елшісі сыр тартып көрмек дәмесімен күдерін үзіп сыртқа шығып кетеді. Сырттағы сүп-сүр дала да ханның әлгі тас маңдайындай тым-тырыс бүк түсіп ап жатқаны. «Далалары да өздері сияқты», - деп ойлайтын іштей. Ол мынау түк болмағандай, түк білмейтіндей жымпиып жатар да қояр көл-көсір монтаны даланың көлгірлігінен сонда-ақ шошынып еді.
Ол мәңгі-бақи тап осылай өлген түйенің тулағындай сұлқ түсіп жата берген, болашақта да тап осы сұлқ қалпынан бір жазбай тырп етпей жата беретін секілденеді де тұрады. Ал тап соншалықты меңіреу даланың төсінде болған оқиғалардың қағазға түскен үзік-үзік шежірелерін үңіле оқып көрсең, қандай шытырман, қандай шырғалаң! Батыс жұрттарының батыстан шығысқа қарай шиырып жазғандарының да, шығыс жұрттарының шығыстан батысқа қарай кесте қайығындай қып тізілтіп жазғандарының да әр әрпі жүрегіңді шағып, әр жолы көңіліңді қырық саққа жүгіртеді.
Олардың айтқанына сенсең мына даланың тыныш тұрған күні, аптасы, айы болса болған шығар, бірақ тыныш жатқан жылы болмапты. Бәрін қойып анау көлкіген көкжиекке қарашы! Көк найзасын самсатып жер қайысқан қалың қол келе жатқандай емес пе! Иә, иә... Бірақ, ол қазір көзден бір-бір ұшып жоғалатын алдамшы сағым ғана. Алайда, дәл осы көлгірдің көз алдындай көлкіп тұрған көкжиекті мәңгі-бақи бүйтіп сағым шалып қана жатпаған. Оны талай-талай көк найзалар да көлкештеген. Бірақ, олар да артынан көзден көк сағымдай бір-бір ұшып ғайып болған! Иә, бұл көл-көсір көкжиектен кімдер келмеген, кімдер кетпеген. Анау көк мұнардың ортасынан күндей күркіреп һундар да өтіпті, сақтар да, түріктер де, маңғұлдар да өтіпті. Бәрі де осылай көз алдында көлкіп тұрған көркем көріністен көңіліндегі әншейін буалдыр елеске айналып, су аяғы құрдым боп зым-зия жоғалатын өткінші көк сағымның кебін киіпті. Батыс пен шығыс талай-талай маңдай тіресіп, мүйіз сындырысқан ұлы майдан - тап осы талма түсте талықсып жатқан жансыз жазиралар. Тарихтың талай тарлан бозы дүние-жаһанға қалқанның сыңғырымен, қылыштың сартылымен, жебенің суылымен, тұяқтың дүсірімен, аламанның айқайымен, жан алардың тісінің сықырымен, жан берердің ақырғы рет дем тартқан қорқырымен тіл қатқан айлапат сахнасы да - осы жылмиған жазықтар. Мынау ат тұяғынан шыққан болмашы лептің өзінен зәре-құты қалмай діріл қағып қоя берген селдір бас жусандар талай рет қасіреттің қара қанына бөгіп қурап, талай рет қасіреттің мөлдір шық көз жасына шыланып қайта өнген. Дүниеде дәл осы келе жатқан кең жазығындай қан көп сіңген, бұта сайын бір бас домалатып, жусан сайын бір жілік шіріткен жебір өлке бұл дүниеде кем де кем шығар! Көкжиегін қысы-жазы киіздей ұйысып көк мұнар қоршап тұрғаны тегіннен-тегін ғой дейсің бе! Сол бір тұлдыр кеңістіктің төрінен өз-өзінен шымырлап өніп, ұйыса-ұйыса, қоюлана-қоюлана келіп, адымыңды аттатпастай боп, жан-жағыңнан тіреліп тұра қалар қоймалжың көк кіреуке сиыр сәскеден осы бір өлкеге ежелден көз сүзіп ентелескен ашқарақ дұшпанның әлі сағы сынбай, туы жығылмай тұрған кездегі кескекті кейпіндей сойқан елестесе, бесін ауа дөң-дөңнің басынан бөкенше желе жортақтап, түйдек-түйдек жөңкіліп бергенде әлгі тепсінген басқыншының бұл маңайдан алды-артына қарамай безіп берген масқара сәтіндей бет-бетіне лағып сеңдей сапырылысып қоя береді. Әлдебір сиқыр баяғыда мынау өлкеде нендей сұрапылдар болып, немен тынғанын мөлдір ауаға күнде қайтадан жаңғырып, күнде қайта тіріліп тұратындай қып мәңгі қашап кеткен сияқты. Бедірейіп жатқан безбүйрек далада тек сол көз ұшында жөңкіліп жүрген көк мұнар ғана бірдеңе деп ымдап, сенен сыр тартқысы келетіндей.
Оларды сөйлетсең, мынау құлазыған ну даланың мың-мың тұяқтың ұшында бұрқыраған мың сан тозаңға айналып біржолата із-түзсіз құрып кетпегеніне қайран қаласың! Оларды сөйлетсең, мынау құлазыған қудаладағы ілбіген сылбыр тіршіліктің інін неғып біржола су алып, өшіп қалмағанына қайран қаласың! Оларды сөйлетсең, талай басқыншының семсерінің жүзінде, найзасының ұшында, атының тұяғында қалған, тарих аласапырандарының ақ шаңыт айдау жолында жатқан осынау қу медиенді мекендеп тентірей көшіп жүрген халықтың қайтып біржола құрып кетпегеніне қайран қаласың!
Олар үстерінен жөңкіліп өткен ақ түтек ағынмен талай жерлерге барып, талайды бастан кешіріп, лағып-лағып, ақыр-аяғында осы бір құлазыған қу даласына қайтып оралады да отырады. Мынау қанға бөгіп, тұяққа жаншылып, пәлен жыл бойына бөртпей жатып-жатып, күндердің күнінде тағы да көзге түсіп, тағы да тіске ілініп кетем-ау деп сескенбей, қайта желкілдеп шыға келетін шөлдің сілті бас көк жусанындай бұл не қылған жанықас, бұл не қылған жаны сірі жұрт еді! Оның басына түсіп көрмеген зобалаң бар ма екен, сірә!? Қанша рет құдайдың қаһарына ұшырап ала дөңде жүгенін ұстап, айдағанынан түгел айырылып жұтап қалды. Ін бағып, шөп түбін тырмаласа да, өлген жоқ, күнін көрді. Қанша рет басына біржолата жоғалып кету, өзімен көппен араласып, құмға сіңген судай боп, тілінен, дінінен айырылып бөтен боп кету қаупі туды. Бірақ, сонда да, қойдай қосақталып, қырылып жатса да, ұлыс-ұлысымен итарқасы қиянға жер ауып кетіп жатса да, жат жерде жүріп маңдайына шоқпар тигізіп, өз жерінде отырып іргесіне найза жүгіртіп, қорлық пен құқайдан көз аша алмай жатса да, баяғы бір ұлы табан қара жұртына қайтып келіп, баяғы сол бауырсақ құлақ қоңыр қошақанын кішкіштеп, баяғы сол қалқиған тал шаңырағын жал басына жарбита көтеріп, баяғы сол талтақ бұт тал бесігін күні-түні тербетіп, таңдағы тамақ тәңірден деп, қырық жыл қырғынға тап болса да, күдерін үзбей, келешекке кеңірдегін созып телмендеп баққан бұл не қылған өлермен жұрт еді! Олардың өткені ғой - қашан да өкініш, олардың ертеңі ғой - қашан да уәйім. Сөйтіп тұрып бұлар торығуды білсейші, мынау ақыр аяғында бәрібір жамбастарын жаныштатпай тынбайтын жанқаста жағаластан жалығуды білсеші! Жығылып жатса да, көкірегіне айқара мініп алған ата-дұшпанның тұқым-теберін қыра боқтап, тырбынып жатады-ау бұлар!
Міне, бұл да сол бір сан дүрмек оқиғалар өткен сары дөнде, сол бір айдаһардың аузында тұрса да, жарық дүниенің жақсылығынан үмітін үзбей, жау-жағаласқан жалықпай келе жатқан жұмбақ жұртқа бетін түзепті. Мынау соңындағы ақ тер, көк тер аттардың мігірсіз жортағы, қисалаңдаған арба доңғалақтарының беймаза шиқылы, арба үстіндегі әлдекімнің бір сарын жүрістен іші пысып ыңырсып салған мұңлы әні, әңгүдік солдаттардың мана айдалада өзімен-өзі отырған тағы құсқа таласа-тармаса атқан жапа-тармағай оғы, сырдесте емес бейтаныс жұрттың игі жақсыларына ертең емініп кеп айтар көл-көсір әңгімелері әлгі бесін ауа бет-бетіне тырағайлап қаша жөнелер көк сағымдай көзден бір-бір ұша ма, жоқ, сарғайған көп парақтардың көмескі тартқан кене шежіресіндей мағлұмат пен лақапқа ындыны қанбас екі аяқтылардың әлдене ұрпағының жадында әлденеше жыл жаңғырығып тұрар айтулы оқиғаға айнала ма?! Белгісіз. Мынау пәлен күннен бергі сартыл жеңкіліс жер түбінен ат сабылтып келе жатқан көп тобырдың аз күндік бейнеті ме, жоқ артынан қайырын көрер көп күндік зейнеті ме: талай шырғалаңнан әке-көкелеп аман өтіп келе жатқан өз басын асқақтатып абырой аспанынан шығара ма, жоқ өлермен есектің құйрығынан құлаған құмалақтай домалатып жерге түсіре ме?! Кім білген! Аяқ астынан сап ете қалған бұл сапары анау ақ патшадан елші келе ме деп, ертелі-кеш жолға қарап отырған көңілі күпті ханның мәртебесін асыра ма, әлде ел алдындағы абыройын айрандай төге ме? О да беймәлім. Осының бәрі ертең орыс патшасының қол астына қарағандағы күніміз қалай болады деп, қаралай елегізіп отырған қос үрей халықтың маңдайын жарқыратып ашар бағы ма, жоқ мәңгі-бақи қайдағыға қайдан тап болдым деп өз бармағын өзі тістеп өтер құтыла алмас қырсық соры ма? Бәрі-бәрі белгісіз.
Тевкелев өз сауалынан өзі тосылып жан-жағына қарайды. Құбасұр дала сол баяғы бұлк етпеген қалпы. Ол, бәлкім, қашан да тап осылай тарс бүркеніп жатқан да қойған шығар. Қай тарапынан қандай жолаушы аттаса да, қай тараптан қандай хабаршы келсе де, дәйім осылай бедірейген қалпынан бір танбаған шығар.
Сары ала күймеде сан-сапат қиялға батып келе жатқан сары ала иық елшінің ойына сергіткісі келгендей көз ұшынан әлденелер андыздап шыға келді. Орман дейін десең бір-бірімен ұйыспай соқиып-соқиып бөлек-бөлек шаншылып тұр. Адамдар дейін десең бір-бірімен көз қатысқаны, сөз қатысқаны сезілмей мелшие-мелшие қалған. Тевкелев әлгі бір қиялындағы көк найзалы қалың қол самсап, шыннан да, алдынан шыға келгендей аңтарыла қарады. Әлде әлгі мыңға жуық нөкер ертіп шығатын ханзадалары осы ма екен. Ендеше мынау жол бастаушы қазақтарда неғып қимыл-қыбыр жоқ. Оларға көз қиығын тастап еді, көкжиекпен ешқандай шаруалары жоқ бастарын көкіректеріне алып мұлгіп келеді. Тевкелев енді көзін сол қарайғандардан айыра алмады. Алыстан андыздап-андыздап керінген қара сырықтар жақындаған сайын аласара түсті. Ақыр аяғында бұлардың керуені бір тақтайдай қара дөңге көтерілгенде әлгі серейген-серейген қара бағандар көмескі қара ноқаттарға айналып бұқшиып-бұқшиып жатып алды.
Ылдырмақ-сылдырмақты ұзын тізбек сол көп қарайғанға жақындап келеді. Көп қарайған кілкіген көк сағымның ортасында көл бетіндегі көп салындыдай бүк түсіп, бүк түсіп жатып алды. Бұлар жақындаған сайын әлгі көп қарайғанды қоршап жатқан тербетілген айдын көл де бірте-бірте тартыла түсті. Ақыр аяғында бұлар ай далада жайылған қойдай бытырап жатқан көп қорымға келіп тірелді. Ешқандай күмбез, сағана жоқ. Тап осы араға аспаннан әлдебір тас жаңбыр жауғандай шашырай қағылған қада тас. Бір кездегі төмпек атаулы жермен-жексен шөгіп кеткен. Мына араның қорым екенін әр жер, әр жерде ағарып жатқан сүйек жұрнақтарына қарап қана айыра аласыз. Шамасы, қанды шайқастың ізі. Әуелі әр жер, әр жерден бір қылтиып шашырап басталған қада тастар бір жерге келгенде қолдың саласындай боп әбден ұйысып кетті. Содан біраз жерге дейін сол қалың қада тас жалғасып барады да, қайтадан шашырай бастайды. Соған қарағанда айдалада бейқам кездескен екі қолдың шайқасы. Ешқайда бекінбеген. Қаша жүріп соғысқан. Ырғыз даласында ондай шайқастың талайы болған. Баяғыда Шыңғыс хан айтулы батыс жорығын бастамай тұрғанда, өзіне бағынбай безе көшкен меркіт тайпасын соңынан қуып келіп осы Ырғыз даласында қырып кеткен. Сол қырғынның орнына аң аулап жүрген хорезм шахы Мұхамбет қолы кездейсоқ жолығып, шаруасын бітіріп қаннен-қаперсіз кері қайтып бара жатқан маңғұл шолғыншыларын қуып жетіп шайқасатын. Екеуі де осылай ойда жоқта кездескен ұрымтал ұрыс-ты. Мынау солардың бірінің орыны емес пе екен?! Осынау жарылған жүгерідей бытырай шашылып жатқан көп қада тас маңғолдар мен меркіттердің шайқасының ізі ме, жоқ хорезмдіктер мен маңғұлдар қақтығысының ізі ме? Жоқ әлде маңғұлдардың бұл аймақтағы ең алғашқы екі шайқасының екеуінің де емес, одан берідегі көп қырғындардың бірінен қалған қорым ба? Мелмиген меңіреу тастар үндемейді. Әлгінде осынау тақтайдай қара дөңнен қашып кетіп, көкжиекке барып қордаланып алған көлгір мұнар ештеңе деп жауап қатпайды. Ішмерез әйелдің бетіндей бедірейіп жатып алған бетпақ түзде де еш нышан жоқ. Бәлкім ол баяғы Шыңғыс шолғыншыларының қашқан меркіттерді қуып кеп қырып кеткен қанды шайқасының тұсында да, олардың хорезм шахы Мұхамбет қолымен ұстасқан айқасының тұсында да тап осылай бедірейіп жатқан да қойған шығар. Ол қазір де, міне, үстінен өтіп бара жатқан мынау түрі жат, түсі суық бейтаныс керуеннің не керуен екенімен ешқандай шаруасы жоқ, сол баяғысынша қора сыртында қасқыр ұлып тұрғанда, жылы төсегінде шаджиып жатқан бейқам қойшыдай қаннен-қаперсіз манаурай көлбеп жатыр.
Көшпенділер қырылып-жойылып таласып алатын орыс сисасы, француз бөзі, үнді шәйі, қазанның шегірен былғарысы мен саратовтың темір-терсегінің бір де бірін әкеле жатпаған бұл суыт керуеннің мына далаға не артынып-тартынып келе жатқанынан қайдағы бір тас-топырақ, шөп-шаламның меңіреу жиынтығы қара жер түгілі қайдағы-жайдағының басын шалып қиялға бата беретін ғұлама елшінің өзі де анық хабардар емес-ті.
Білетіні, әйтеуір, бұл сапары мына өлкенін о шеті мен бұ шетіне ерсілі-қарсылы шұбырып жататын өзге жүргіншілердің келісі мен кетісіндей оп-оңай ұмыт бола салатын кездейсоқ оқиға емес. Сондықтан да күймесіне бір сандық қағаз бен бір қоржын қаламсия салып келеді. Көрген-білгенінің бәрін қағазға түсіре бермек. Кім біліпті, ертең басқа бір заманның өзі секілді көне қағазды көп ақтаратын басқа бір шұқыншағы бұнын әр әрпі аңшының тазысының құйрығындай шиыршық атып тұратын шимай жазуына қарап, бұл күндердің де көмескі көріністерін көз алдына елестете алар. Бейсаубат сапармен бейтаныс өлкеге аяқ басқан бұның ғана емес, ертеңінің не боп кететінін біле алмай, екі оттың ортасына түсіп отырған жұрттың басындағы дән-дәнәй халді түсінер. Кім біліпті, бұл оқиға, бұл сапар, бұл құбылыстың шын бағасын да солар берер. Олар ол кезде де мына мелмиген қалпында меңірейіп жатар да қояр. Ырғыз даласының, осы бір алатағанақ өлкенің әу бастан-ақ не бір әлемет тосын оқиға, тосын құбылыстардың беташарын көруге жаралағанын біліп қайран қалар. Бұдан алты ғасырдай бұрын кұллі Тұран қаннен-қаперсіз маужырап тып-тыныш тұрғанда тек осы арада ғана қарш-қарш қадалған қайқы қылыштар мен сарт-сарт тиген садақ оғынан телегей-теңіз қан аққан болса, тап сол Ырғыз тап сондай қан-қасапқа бұдан екі-үш жыл бұрын да куә болғанын естіп таңғалар! Баяғыда да айқайлап жауға тигендердің бір жағы түркіше, бір жағы маңғұлша ұраңдаса, бұл жолы да тап сол көріністің тап сол қалпында қайталанғанын естіп таңдай қағар! Алты ғасыр бойына жарғақ құлағы жастыққа тимей жаугершілікпен өткен бұл өлкенің, әсіресе, соңғы бір ғасыры қиямет-қайым қиын болғанына түсінер. Ол тауқымет, ол зобалаңның осы қазір «Жоңғар! Жоңғар!» - деп құлақ жара жаңғыртып тұрған жойқын лақабын олар да еміс-еміс ести қоймас дейсің бе?..
Тевкелев ішінен есептеп көріп еді, дүниеге Жоңғар мемлекеті келгелі де, енді төрт жылда, аттай бір ғасыр толады екен. Сол тоқсан алты жылдың ішінде Азия құрылығында ауызға ең көп іліккен сөз де осы «жоңғар» шығар. Ол сөз сол тоқсан алты жыл бойына арғы жағындағы Қытайдың, бергі жағындағы Түркістанның құлағын сары шаяндай шағып келеді. Жоңғарлар мінген жатаған жабы жылқының тұяғы тиген жерде шашыраған қан, домалаған бас қалады. Жоңғар найзасының ұшы тиген жерде шаңырағы шатынап ортасына түскен орда, адыра қалған тақ қалады. Күні кешегі күндей күркіреген Турфан қайда? Жоқ. Оның басын жұтқан жоңғар. Күні кешегі шаршысына толып шалқақтаған Мағолстан қайда? Жоқ. Оның да көзін құртқан бір мықты әлгі жоңғар. Алтай мен Сібірдің ну жынысын лықа толтырған жыпырлаған мал мен жанды иемденіп атан түйедей алп-алп басқан Алтын хан елі қайда? Оны да жалмаған осы жоңғар. Бұл қалпымен жоңғардың жолында жойылмайтын халық, құламайтын тақ қалмастай түрі бар. Енді, міне, сол жойқын Жоңғардарияның кесепат толқыны мынау ұланғайыр даланы лақылдатып басып кетуге аз-ақ қалып шіреп тұр. Енді қай жұрт та жоңғар атын естігенде елеңдеп қалатынды шығарды. Алыста жатқан орыс патшасы да ойланайын деді. Әп дегеннен жылы-суық шырай байқатпай сабыр сақтап бақты.
Сөйтсе, от іздеп қолды-аяққа тұрмайтын қоңыр қошақандардың соңында анда-санда бір шәйт деп қойып, ат үстінде қамшысына таянып, айналаға қыдырта көз салатын айыр қалпақ тайшылардың да көкейін тескен жер екен. Жер болғанда да, бетіне тебіндеп шыққан көк қылтанақ шөбі екен. Көшпендінің ұғымында жердің барша қадыр-қасиеті сол мал аузына ілінер көк қылтанақпен ғана шектеледі екен. Өріс іздеген жоңғарлар орыс шетіне де тіміскілеп көп келетінді шығарды. Сібірдегі орыс тұрғындары ол кезде жоңғарлар лап берсе, қарсы тұра алардай қауқарға әлі ие бола қойған жоқ-ты. Содан да ма екен, Тоқауқарға әлі ие бола қойған жоқ-ты. Содан да ма екен, Тобыл воеводасы Матвей Гагарин 1607 жылы сол маңайда көшіп жүрген ойрат тайшыларына елші шаптырды. Егер Россияның қол астына өз еріктеріңізбен өтетін болсаңыздар, Сібір өзендерінің бойынан өріс береміз дейді. Ондағы ойы жоңғарлардан сыр тартып көру еді. Елшілік дүрбіттердің тайшысы Далай мен торғауыттардың тайшысы Дзоріктіге барып жолығады. Солардан торғауыттардың тең жартысының 1604 жылы Хо-Өрлік деген тайшыға еріп, қалған жоңғарлардан бөлініп шығып, Қара Ертістің бойына көшіп кеткенін біледі. Ойраттардың арасында да алауыздық бар екенін естігенде князь Гагариннің құдайы бір беріп қалды. Дереу Мәскеуге ат шаптырды. Ақ патша Далайды, Хо-Өрлікті, басқа да тайшыларды өзіне жолығысқа шақырды: «Өзіме келіп сөйлесіңдер, Алтын ханның да, ноғайлар мен қазақтардың да түртпегіне өзім тойтарыс берем», - деді. Бұны естіп тайшылар да орыс әкімдерінің тамырын басып көруге бел буады. Хо-Өрлік 1607 жылы Тару қаласына елші жіберіп, Есіл, Қамысты өзендерінің бойын жайлауға рұқсат сұрайды, Воевода оған:
«Хо-Өрлік орыс жерінен өріс алғысы келсе, ақ патшаның қол астына өтсін», - деген талап қойды.
Екі жақ екі жыл бойы аңыс аңдап, тағы да тым-тырыс жатып алды. Воевод 1609 жылы Голубин деген елшісін тайшыларға тағы да жұмсайды. Март айында кеткен елшілік июль айында Тару шаһарына қайтып оралады. Бұл жолы да ештеңе шығара алмапты. Абай мен Қошушы деген екі тайшының қол астындағы екі тайпаның игі-жақсылары қосылып, түрымтай жиын өткізеді. Жиында орыс елшісінің бүйымтайы сүралыпты. Айыр қалпақ тайшылар: «Орыс патшасы бос жатқан даласын жайылысқа бермесе, басына шайнап жақсын. Қазір қазақтар өзара қырқысып жатыр. Соны пайдаланып жорыққа шығамыз. Патша бермеген жерді солардан тартьш аламыз» - депті. Шамасы, сондай жорықтардың нәтижесі болуы керек. Тевкелев анада Сыртқы істер коллегиясында қазақ пен қалмаққа байланысы бар қоңырсыған көп қағаздарды ақтарып жүріп, 1616 жылы Жоңғарияға барып қайтқан елшілер Петров пен Куницынның журналының үстінен шыққаны бар. Сонда олар терістік батыс ойраттарды басқаратын дүрбіт тайшысы Далай батырдың қол астына торғауыт Хо-Өрлік, шорос Шоқыр тайшылардың ұлыстарымен қоса Ұлы жүз қазақтары мен Енисей қырғыздары да қарайды екен деп жазыпты. Дәл сол тұста манжұрлар да қарап жатпағанға ұқсайды. Әншейінде бастары піспей жүретін ойраттардың қайтадан ауыз біріктіріп, Россия патшасына: «Қол астына ал!» - деп қайта-қайта елшілік жіберуі соны аңғартқандай. Михаил Федорович патшаның 1618 жылдың 14 апрельде Далай Батырдан келген елшіге берген грамотасының көшірмесін Тевкелев өз көзімен көрді. Келесі жылы дәл сондай грамота Хара-Хула тайшының елшісіне беріліпті. Ол кезде Хара-Хуланың беделінің күшейгені сонша, 1619 жылы хал-хастардың билеушісі Алтын хан орыс патшасына елші жіберіп, Хара-Хулаға қарсы бірге соғысайық деп ұсыныс жасапты, шіркін, саясат десеңші! Алтай мен Тарбағатайдың ну жынысына сыймай, бір-біріне атарға оғы жоқ болып жүрген екі ханның елшісі Сібірден дәл бір уақытта аттанып, Мәскеуге дәл бір күні - 1620 жылдың 10 январында барады, ал 29 январьда ақ патша бір-біріне тістерін қайрап тұрған ала көз екі елшіні өз сарайында бірге қабылдайды.
Ойраттардың бастары біріге бастағанынан тек Алтын хан ғана емес, қазақтар да қатты сескенген түрлері бар. Ойраттар 1619 - 1621 жылдар арасында халқалықтар мен қазақтардың екі жақты қыспағына әлденеше рет ойсырата тойтарыс беріпті. Мұндай шапқыншылықтар жоңғар тайпаларын тұтастыра түспесе, ыдырата алмаған. 1625 жылы Далай тайшы мен Хара-Хуланың арасы жарасып, торғауыт тайшысы Хо-Өрлік Еділ бойына қарай ойыса бастаған. Сол шамада өлкеде болып қайтқан Михаил Тарханов: «Еділ сағасы мен Арал теңізінің оңтүстік пұшпағының арасы қаңырап бос жатты, ұшан-тоғайда ит жүгіртіп, құс салған қалмақ аңшыларын көруге болады, - деп келіпті.
Соны оқығанда, неге екені белгісіз, Тевкелевтің жүрегі шым ете қалған-ды. Бәлкім патша сарайының төңірегінде жүрген Сыртқы істер коллегиясының орта қол қызметкері Алексей Ивановичтің көкірегінде кенет өз атын өзі ұмытуға айналған ноғай мырзасы Құтлық Мәмет Мамашев мырза қайта бас көтерген шығар! Аталмыш өлке бір кезде оның ата-бабаларының көк көріне өріске, шөп сарғая қыстауға шұбап, әрлі-берлі сайраңдаған қоныстары ғой. Баяғыда Аюке ордасына барғанда түк көрмегендей жымпиып жатқан жымысқы дала бұны бір кезде осы өңірде тіршілік кешкен жойқын жұрттың жүрегінен шашыраған бір тамшы қан екенін ұмытып қалмады ма екен деп сынап жатқандай кәрінген. Жоқ, ұмытқан жоқ... Неге ұмытсын. Аталары орыс дініне күні кеше кірген бұлар түгілі князь Юсуповтың өзі кейде ащы араққа тойып алғанда «Жайықтан арғы кең жазық жайында көл-көсір хикая шертуші еді. Князь орыс ақ сүйектерінің қай-қайсысы секілді өзінің ата-тегі жайында қыруар шежіре жинай жүретін.
- Алексей Иванович, ақтарып жатқан көп қағазыңның арасынан біздің шалдардың атын көрсең, дәптеріңе түртіп ала жүр, - дейтін.
Иә, орыс қағаздарының арасында не көп, Ноғай ордасы жайында мәлімет көп. Тевкелев қазақтар мен қалмақтар жайындағы біраз мағлұматтары сол «ноғай істерінен» тапты. Ноғай архивтерін ақтарған адам мынау жалғанның қаншалықты опасыз екеніне көзін оп-оңай жеткізе алады. Бір кезде күндей күркіреген. Алтын Орданың ақырғы билеушісі Тоқтамыс болғанда, Тоқтамыстың түбіне барлас Темір жетпеуші ме еді! Ал, ақсақ аяғымен жарты жаһанды жамбасына басқан барлас Темірдің қанжығасына Тоқтамысты тоқтыша өңгеріп беретін маңғыт Едіге ғой! Сол Едіге Ноғай өлгесін, оған қараған ұлысты бір өзі басқарып, Алтын Орданың ең атақты билеушісіне айналмай ма! Сонда күні кеше Тоқтамысқа қарсы шыққан Темір енді кешегі одақтасы Едігенің өзіне қарсы шықпай ма! Сол атағы жер жарған Едігенің қол астындағы ел бұрынғы билеушілері Ноғай өлгесін Қара теңіз жағалауындағы қоныстарын тастап, Еділ мен Жайық бойына аумай ма! Еділден Ертіске, Арал теңізінен Орал тауына дейін созылып жатқан ең байтақ өлкені Едіге Нұрадын, Кейқуат деген екі баласымен бірігіп басқармай ма! Жалпы ұлысты билеп отырған ең үлкен әміршіден кейінгі әмірші Нұрадын, одан кейінгі әмірші Кейқуат атанатын дәстүр сол дәуірден қалған емес пе! Кейін бүкіл Ноғай ордасының тізгіні сол Нұрадын балаларының қолында қалмай ма! Нұрадыннан Ақ Орданың ханы Әбілқайырдың замандасы және сырлы аяқпен бал ішкен сырласы Оқас туған да, Оқастан Мұса, Жаңбыршы, Асан тумай ма! Билік баланың үлкені Мұсаға тимей ме! Бақ қонған Мұса бес әйел алып, олардан он тоғыз ұл сүймей ме! Бәйбішесі Ыбақ ханның қызы құндыздан Шегем, Алшағыр, Сейтек, Көшім, Шаһ-Мамай, Жүсіп, Ысмайыл деген жеті ұл тумай ма! Сол жетеудің жастай өлген Көшім мен Алшағырдан басқасы жастарына қарап кезек-кезек ел билемей ме! Оқастың ұлы Мұса әкесінің досы Әбілқайыр балаларының жыртысын жыртып, қазақтарына қарсы соғысып, Мұхамбет Шәйбанидің сойылын соқпай ма! Сол қырқыстардың тұсында Жәнібек пен Керейден тараған қазақ сұлтандар мен бірге Оқас тұқымынан да талай боздақ жер жастанбай ма! Мейманасы асқан Мұса балалары Ноғай ордасын былай қойып, көрші Астрахань, Қазан, Қырым хандықтарының билігіне араласпай ма! Өздері түгілі өзгелерді билеп-төстеп үйренген Мұса балалары ақыры өзді-өзді жауласып тынбай ма! Ол араздықтың ең өршитін тұсы Мұсаның бәйбішеден туған екі кенжесі Жүсіп пен Ысмайылға билік тиген кез еді ғой! Ол тұста бұрынғы Алтын Орданың бір кездегі шалқар теңізі қайтып, әр жер-әр жерден қалған шұқанақ көлдердей жұқанақ хандықтарына орыс патшаларының көз тіге бастаған кезі-тұғын. Олардың жанарына алдымен іліккен Ақ Еділдің бойына самсай қонған Қазанның қара қаласы еді. Ал Қазанға көз тіккен жау сол тұста ноғай ордасын билеп отырған Жүсіптің де жел жағынан шығар еді. Өйткені Қазанның билеушісі - Жүсіптің қызы Сүйінбикенің күйеуі-тұғын. Орыстар Қазанды әуелі айламен алмақшы болды. Қазанның тағы қолдан-қолға өтті. Ақ патша бұл айласынан ештеңе шықпаған соң Қазанды күшпен алуға бел буды. Ноғайлардың тілімен айтқанда Қара Иванның, орыстардың тілімен айтқанда Иван Грозныйдың Қазанға бет алғанын естіп Жүсіп Россияға қарсы жорыққа шықпақшы болды. Бірақ, ақ патша ауызын алып қойған Нұрадыны, туған інісі Ысмайыл етегінен тартты. Соның айтқанын істеймін деп аңыс аңдып жүргенде Қазаннан айырылды. Көкіректеріне содан қатқан қан қашан бір-бірінің басын жалмасқанға дейін жібімей қойғаны. Ноғай арасы екі айырылды. Қырым мен Орта Азиядағы мұсылман елдерімен одақтасуды жақтайтындар Жүсіп жағына, іргелеріндегі Қазан мен Астраханьды алып тұрған орыстарды жақтайтындар Ысмайыл жағына шықты. Астрахань алынатын 1554 жылдың аяғында алауыз екі жақ ақыры шекісіп тынды. Қанды қырғын соғыста Ысмайыл ағасы Жүсіпті өлтіріп, Ноғай ордасының бірден-бір билеушісіне айналды. Бірақ, екі әулеттің ортасындағы өшпенділік оты онымен өше салмады. Жүсіп балалары өле-өлгендерінше Ысмайылмен арпалысып өтті. Олардың соңғы айқасы 1562 жылы болды. Сол шайқаста Жүсіптен ең соңғы тұяқ Ыбрайым мырза мен Елбек мырза тұтқынға алынып, ақ патшаға аманатқа аттандырылды. Қазіргі орыс ақ сүйектері князь Юсуповтар сол екі мырзаның үрім-бұтақтары болып табылады. Билік Ысмайыл әулетіне көшкенмен олардың да көсегесінің көгергені шамалы. Алшағырдан туған Орақтың ұлы Қази бастаған бір ұлыс ел Кавказ ауып Кіші Ноғай ордасы атанып ол кетті. Шахмамайдан туған алты ұл билейтін ұлыстар Ысмайыл балаларына бүйректері бұрмай, Жем асып, Ырғыз асып қырындай көше-көше қазақ ордасына ауып бұл кетті. Қазақтың Кіші жүзі содан шығыпты деген сөз де бар. Ысмайыл балаларының өзді-өздерінің де ауызы біріге қоймапты. Ағалы-інілі Танахмет пен Орыс ұрпақтары бір-бірінің жағасына жармасумен өтті. Әуелі Танахмет балалары Орманбет, Тыңмәмбет, Бәйтерек Орыс балаларының қолынан мерт тапты. Кейін Естерек мырза ел билеп тұрғанда, Танахмет балалары Орыс тұқымын баудай жусатады. Ноғай ордасын 1600 жылдан 1619 жылға дейін билеген Естеректі арғы түбі ноғай ордасынан шыққан орыс шонжары Борис Годунов қолдайды. Сол тұста Естерек Орыс балаларынан қалған тұқым-теберді ақ патшаға аманатқа аттандырып, ордадан біржолата аластайды. Қазіргі князь Урусовтар әулеті содан тараған. Өздеріне бой бермеген әулеттерді патша сарайына аманатқа аттандырып құтылу ноғай билеушілерінің үйреншікті тәсілі болып алған-ды. Бүгінде орыс дворяндары атанып жүрген Кутумов, Шейдаков, Байтереков, Тахтарев әулеттері арғы түбі сол кепті кигендер еді.
Тевкелевтің Сыртқы істер коллегиясының жым-жырт қоймаларында жатқан сарғыш қағаздардан көз майын сарқып оқып алған сол оқиғалардың бәрі бесіннің бұла сағымына тапталып бұлдырап жатқан мынау құба сұр далаларда өткен-ді. Осы өзі келе жатқан Ырғыз алабында да ноғайлардың көк алалы жылқысы мен қарақұрым қолы талай ойнақ салған-ды. Енді, міне, сол аламан-асыр ала шабуылдар өлкесі жымпиып тыныш жатыр. Сөйтіп алшаң басқан асау ноғайлардың басындағы дәуренді де біржола сап қылған әлгі жойқын жоңғарлар еді. Жоңғардан бөлінген торғауыт өзара қырқыстан әбден діңкелеп отырған Ноғай ордасын әп-сәтте-ақ тоз-тоз қып тоздырып жіберіп, Еділ, Жайық, Жем бойының жылқы жусар қара дөңі мен қой мыңғырар нарын шағылдарын өздеріне қаратып алды. Торғауыттар қалған қалмақтан 1623 - жылан жылы бөлініпті. Содан бері ноғайлардың аты өшті де, одан қалған ен қоныс сонау Алтай ауып келген көшпенділерге бұйырды. Хо-Өрліктің бұл қылығын біреулер жоңғарлардың арасында өріске таласқан алауыздықтың салдарынан сайыса, біреулер бұрынғы маңғол қол астында болған өлкелерді қайтадан өздеріне қаратып алуды ойлаған тайшылардың әдейі уәделесіп ап істеген айласы деп санайды. Оған 1640 жылғы Тарбағатайдағы құрылтайға ойраттардың қалған тайшыларымен бірғе Хо-Өрліктің де қатысқанын, 1644 жылы Батыр қоңтайшының Астрахань түбіндегі орыс қоныстарының тынышын ала бастаған Хо-Өрлікке қарсы бірге күресейік деп барған Владимир Клепиковтың ұсынысын қабылдамай тастағанын, айдалаға шығындап кеткен торғауыт тайшылары мен табан жұрттарында қалған Тарбағатай тайшыларының арасындағы алыс-берістің әлі үзілмей келе жатқанын тілге тиек етеді.
Баяғыда қалмақ арасында болғанында Тевкелев те бұл мәселеге ептеп назар аударып көріп еді, іші бітеу жымысқы жұрт бәрібір сыр ашпай қойды.
Хара-Хуланың баласы Хотоқосын Батыр қонтайшы 1635 жылы мажұрлардың Қытайды бағындырып, қолдары тимей жатқанын пайдаланып Жоңғар хандығын құрды. Оған Далай-лама Ерден Батыр қонтайшы деген атақ берді. Батыр Қонтайшы әуелден-ақ ешкімге тәуекелсіз билеуші екенін айтып жар шаша келді. Ол 1644 жылы Михаил Федорович патшаға жазған хатында: «Екеуміз де өз мемлекеттеріміздің дербес падишасымыз», - деп терезесін тең ұстай сөйлепті. Бұл арқылы ол боғдыханға да, патшаның да мойын ұсынбайтынын сездірген еді. Патшалар бұндай астамшылықты көп көтере бермейтін. Тевкелевтің ноғай қағаздарын ақтарып отырып мынандай бір күлкілі жағдайға тап болғаны бар. Ысмайыл 1553 жылы орыс патшасына жазған хатында: «Менің сенен жасым үлкен, сен болсаң, менің баламнан да кіші екенсің», - деп, «ұлым» деп тіл қатады. Иван Васильевич патша жауап хаттарында біразға дейін «әкей» дей қоймағанымен «достым» деп сыпайысып жүреді де, 1558 жылы елшісі Елизар Мальцов арқылы ноғай мырзасының өзіне «патша алдияр» деп тіл қатуын талап етеді. Михаил Федорович те ата-бабаларының ол үрдісінен хабарсыз емес еді, бірақ өзімен терезесін тең ұстаған жоңғар қонтайшысының аузына өйтіп қақпақ болғысы келмейді. Өйткені ол кезде Россия үшін қонтайшының арғы жағындағы қытай боғдыхандары алдында бас имей, көкірегін жоғары ұстағаны, өзін тәуелсіз сезінгені өте-мөте қажет еді. Сондықтан да оның дербес билеуші сезінген көңіліне шоқ тастап, айтқанын екі етпеуге тырысып бақты. Қонтайшының сұратқан ұсталары мен шеберлерін, сауыт, қалқан, ай балта қару-саймандарын, орыс қазынасынан асыл бұйым, ақшаларды кідіріссіз жіберіп тұрды. Қытай базарынан қол үзіп қалған ойрат тайпаларын орыс бұйымдарына қандай мұқтаж болса, Сібірде күн санап көбейіп келе жатқан орыс тұрғындары жоңғардың малы мен ет, сүт, майына, жүн-жұрқасына сондай зәру еді. Батыр қоңтайшының орнына келген Қалдан Бесоқтының тұсында да орыс пен ойрат майлы қасықтай араласты. Ойраттар Россияға өз жерлері арқылы Қытай базарымен сауда-саттық жасап тұруға еш кедергі келтірмеді. Ол тұста Терістік Маңғолияда манжұр-қытай басқыншыларының Орталық Азияның солтүстік батысында Цин империясы үстемдігінің етек алуы Жоңғар қонтайшысын тек ойрат ұлыстары ғана емес күллі батыс Маңғолия қауыпсыздығын мықтап ойлауға мәжбүр етті. Ойрат феодалдары Россиядан көмек сұрай бастады. Бірақ, орыс үкіметі ол кезде Сібірде жеткілікті әскері жоқтығынан әрі ежелден бері желісі үзіліп көрмеген Қытаймен арадағы сауда қатынасына зиян келтіріп алмас үшін 1685 жылы Мерген Қошықтың елшілігіне ашық жауап айта алмады. Қалдан Бесоқты оған қарамастан манжұрларды жақтайтын халқас тайшыларын қаймықтыру үшін Терістік Моңғолияға Жоңғария мен Россия бірігіп соғыс ашқалы жатыр деп оңды-солды лақап таратып бақты. Қытаймен екі ортада ши шығарып алмауды көздеген патша сарайына 1692 жылы Нерчинск воеводасы Ф. И. Скрипицин арқылы қонтайшыға ешқандай әскери көмек беріл-мейтінін ресми түрде мәлімдеуден басқа амал қалмады.
Қалдан Босықтыдан кейін жоңғарды билеген Сыбан Раптан шығыс майданда да, батыс майданда да елеулі табысқа жетті. Ол 1711, 1712, 1714, 1717 және 1725 жылдары қазақ ұлыстарын қансыратып жеңсе, 1715 жылдан 1726 жылға дейін созылған он бір жыл бойғы соғыста қытайларға да айтарлықтай тойтарыс берді. Манжұрлердің жаңа императоры Юнчжән Сыбан Раптаның манжұр-қытай әскерін ойрат мемлекетінің шекарасынан алып кету жөніндегі талабына құлақ асуға мәжбүр болды. Бірақ бұл уақытша бітім көпке созылмады. Цин империясы Қалдан Сереннің қонтайшы болғанына бір жыл толмай жатып, соғысты қайта бастады. Жоңғарлармен соғыстың бүйтіп сағыздай созылып кеткені қытай жағының қабырғасына қатты батқан түрі бар... Осы жуықта ақ патшаға Пекиннен елші келеді екен, ол Жоңғар хандығын бірге жаулап, жерін бөлісіп алайық деп ұсыныс жасамақ екен, - деген сыбыс тарап, ол Тевкелевтің де құлағына тиген-ді.
Олары, әрине, бекер әуре. Іргесіндегі итжығыс екі елдің біреуінің көкірегіне біреуін шығарып беріп, ақ патшаға не көрініпті! Үлкен елге дәл өзіңдей іргелі жалғыз көршіден гөрі өзінен әлдеқайда әлсіз ұсақ-түйек көп көршінің болғаны әлдеқайда тиімді. Оны орыс патшалары баяғыдан біледі. Оған осы жорыққа шығар алдында Россияның шығыс саясатының жай-жапсарымен қайталап танысқанда көзі әбден жетті. Басқаны былай қойғанда, қазақтар мен жоңғарлар арасындағы шиеленістің тұсындағы орыс үкіметінің қылығы тап соның айқын айғағы емес пе!
Патша сарайы Сыбан Раптан мен Тәукенің тұсында жаға жыртысып жатқан екі жұртты бір-біріне жығып бергісі келмей, қазақ елшілерінің қай сөзіне де құлақ аспай тырп етпей отырып алды. Сондай саяси көлгірліктен екі жақ та бір-бір елшінің қанын арқалап, бірінің алдында бірі беттеріне шіркеу түсіріп алды.
Тевкелев дәл осы сапарына баяғыда Түркістанда тұтқында шіріп өлетін Андрей Неприпасовтың жиенін тауып алып, ертең бөтен елге барғанда күтпеген жерде шығып қалар көлденең дау-шаралардың тұсында керегі боп қала ма деп ертіп келеді.
Қайыптың тұсында Россия Қытай мен жоңғардың арасындағы кикілжіңдерге мықтап назар аударып, қазақ пен жоңғардың ара-қатынасына мейлінше қанығып алуға тырысты. Сондықтан да Сырдақ баласының үйінің іргесіне күніне бір көк арба доғарылды да тұрды. Тобылға келгенде басқандарынан жер ойылардай боп бұтқа толғандарымен Қайыптың елшілері әуселелерінің шамалы екенін оңай сездіріп алды. Жоңғарға қарсы бірігіп соғысайық! - деп күнде қақсайтын Қайып хан бірде қара басып, аузынан жаңылып, бар болғаны отыз мыңдай ғана әскері бар екенін айтып қойды. Қазақтардың шын қауқарының қандай екенін білгісі кеп, Қайып ордасын шыр айналып шықпай жүрген Тобыл елшілері енді мынадан кейін «шу, қара құйрық» деп тайып тұрды. Содан қайтьш қараларын көрсетпеді. Ол - әлеуеттілердің әуелден келе жатқан үйреншікті әдеті еді. Әлді екеніңді, әлсіз екеніңді анық білгенше сипаншақтап сыпайы боп жүреді де, осалдығыңды білгесін одырайып шыға келеді. Өйткені, ертең кім біліпті, күндердің күнінде саған қолын салуға тура келер. Сонда кешегі жылы сөзі мен оң қабағы аяғына тұсау, бетіне шіркеу боп жүрмей ме! Сондықтан әуелден-ақ аяз әлін, құмырсқа жолын білгені дұрыс. Ақылы бар әлжуаз әлеуеттімен тіреспейді. Ақылы жоқ әлжуаз әлеуеттіден көмек сұраудың орнына, «дос болайық, одақ болайық» деп кісімсиді. Әлді әлсізді одақ қылып қайтуші еді. Қайыптың қатесі осындатұғын. Сол қатені, енді міне, бұл жолыққалы келе жатқан Әбілқайыр жақсы аңғарыпты. Ол 1726 жылы Қойбағар Көбековты елшілікке жібергенде қазақтарды Еділ бойы қалмақтары сияқты Россияның қол астына алуды өтінді. Одақ жайлы атымен ауыз ашпай, «ортақ жауға қарсы тұрар күн туа қалса, патша ағзамның әміріне шын жүректен құлдық ұрамыз», - деп уәде қылды. Бірақ, Көбеков елшілігі мақсатына жете алмады. Сыртқы істер коллегиясы бұндай ұсыныстың орыс империясына келер-кетері жоқ деп тапты. Ондағысы ол кезде қазақтарды өз жерінен тықсыра қуып шыға бастаған ойраттармен қарым-қатынасты шиеленістіріп алғысы келмегендері еді. Сөйтіп, «елшіліктің өкілетіліғін танытатын айғақ жоқ» деген сылтаумен Қойбағар еліне құр қол аттанады.
Бір таңғалатын нәрсе, патшадан мұншалық ауыр дипломатиялық соққы ала тұрса да, Әбілқайыр дегенінен қайтпапты. Желкелей қуған ойратпен қайырылып қайта тіресіп, жауда қалған біраз жерді қайтарып алғасын Уфа воеводасы арқылы тағы да елшілік жөнелтіпті. Қол астындағы халқымен ақ патшаның қарауына көшіп, басыбайлы бағынышты болатынын ашып айтыпты. Көрпесіне қарай көсілген Әбілқайырдың бұл ұсынысы Россияның Азиядағы мүдделерінің қай-қайсысына да ешқандай зиян келтірмейтін еді.
Тевкелевтің көз алдына тағы да сол баяғы бір көрініс елестеді. Едірең мұртын жел жығып, көк айран теңіз төсінде мұнартып жатқан шығыс жақ жағалауға ойлана көз тастап тұрған Петр патша келеді. Ол орыс мемлекетінің төрт жақ іргесін де теңізге тіреп алуға соншалықты күш салып баққан еді. Үш жақ ірге, оның көзі барында-ақ, теңізге тірелді. Россияның әлі күнге аптап соғып тұрған ашық іргесі - осы оңтүстік шығыс жағы. Қалған жақтан қандай жау қоқаңдап жатқан бұл жақ іргеден сүйкенер дұшпанды әзірге сөзбен тоқтата тұрғаннан басқа амал жоқ. Петр патшаның баяғыда Тевкелевтен қазақ даласының жәй-жапсарын соншалықты шұқшия сұрауының себебі осында екен... Тевкелев оған кейін түсінді. Орыс мемлекеті өзді-өзі қырқысып жатқан шығыстағы көршілерін алма-кезек қостап, көмек сұрап келсе, екеуін де құрғақ уәдемен алдап-сулап шығарып салып, сол арқылы екеуін де өз иегінің астында ұстап, тезірек Жәркент пен Индияның алтынына жетіп алуды, Үндістан түбегіне жанталаса қол созып келе жатқан ағылшындардың алдын орап кетуді көздейді. Ол үшін Азия құрлығындағы ең басты бәсекелесі Қытайдың көзі мен көмейін жылмиысқан жылы қабақ, жылтыраған жылы сөзбен алдарқата тұрып, Орта Шығысқа қарай мысық табандап жақындай түспекші. Бұл арада жоңғарлар мен қытайлардың арасындағы қырқыс Россияға кып-қызыл пайда еді. Қытай жоңғармен жағаласып жатқанда Үнді мұхитына бір жетіп алса, ар жағында шүршіт императорларының күні де бір уыс боп шыға келмес дейсің бе!
Россия патшалары қанша сұңғыла болғандарымен жер-жаһанды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған көктегі тәңірі емес қой. Олардың да дегені бар-бар уақытта діттеген жерден шыға бермесі хақ. Бір күн тыныш тұруды білмейтін халықаралық саясат мұхитындағы ұйтқыма жел әмісе орыс желкендерінің желкесінен итермелемей, ара-тұра қақ маңдайларынан соғып, қадалып тұрып алатынды шығарып тұр. Орыс флоты әлі Қаратеңізден әрі аса алмай жүрген кезде кейбір мемлекеттердің кемелері Үнді мұхитына шығып ап, емін-емін сайрандай бастапты. Оның үстіне Қытайдың кергіме керауыз саясатшылары шік түс десең, бүк түсіп, айтқанға көне қоймады.
Тевкелевтің өз көкірегі айтады: орыс патшалары шығыс саясатында үш түрлі кезеңді бастан кешкен сияқты. Әуелі олар орыс көпестері сақалын шошаңдатып көп айта беретін Жәркент пен Индия алтынына, Орта Шығысқа жеделдетіп тез жетіп алуды мақсат тұтты. Бірінші Петр «Каспий теңізінің шығыс жағалауына аяқты нық басып тұрып алуға» күш салды. Бұл үшін ол Орта Азия хандықтарындағы алауыздықтарды пайдаланып, жергілікті билеушілерге жеке гвардия ретінде орыс әскери отрядтарын жіберіп, әр жер, әр жерге әскери бекіністер салып, Азиядағы Россия ықпалын күшейте беруді құп көрді. Іздегенге сұраған дегендей оған 1700 жылы Хиуа ханы Шаһнияз қол астына ал деп елші жіберді. Бірақ оны пайдаланып «Каспийдің шығыс бетіне шығып алуға терістік елдерімен соғыс мүмкіндік бермеді. Сөйтіп жүргенде Хиуа ханы тағы өзгеріп кетті. Бұл жолы патша жаңа ханды таққа отыруымен құттықтап өзі елші аттандыруды ұйғарды. Ол жоспарды жүзеге асыруды өзінің сенімді адамы, кабарда бегі Дәулеткерей Бекмурзинғе тапсырды.
1715 жылы орыстар Бекович-Черкасский атап кеткен Дәулеткерей Бекмурзин 1760 адаммен Астраханьға келді. Март айында қасына 6350 адам ертіп 20 кеме, 150 түйемен Каспийдің терістік шығыс жағалауын зерттеп қайтуға Гурьевке қарай жолға шығады. Осы сапарда ол Астраханьнан шықпай жатып бір ыңғайсыз оқиғаға тап болады. Сол жылы Кубан татарларының басшысы Сұлтан Герей отыз мың адаммен қалмақ ұлысын шабады. Үш мыңдай кісіні өлтіріп, көп дүние-малды талап әкетеді. Аюке хан үй ішімен Бекович-Черкасскийдің отрядына барып тығылып бас сауғалайды. Хан өзінің аман қалғанына місе тұтпай, князьге Кубань барымташыларына оқ ат деп қолқа салады. Бекович-Черкасский ол тілегін орындамайды. Кабардалық бек қалмақ ханының қабағынан қар жауа қалғанын байқағанмен, оған онша көп мән бере қоймап еді. Кейін сонысы түбіне жетіп тынды.
Алғашқы экспедицияның нәтижесін Бекович-Черкасский Балтық бойындағы Либаведе жүрген бірінші Петрге барып баяндады. Ол князьге Каспийдің шығыс бетінен қамалдар тұрғызуға, Хиуа ханын Россияның қол астына өтуге үгіттеп көруге, Амударияның бойымен Индияға көпес аттандырып, барлау жасап қайтуға тапсырма берді.
Бекович-Черкасский Астраханьға қайтып келіп, екінші жорыққа әзірленді. Жүз отыз сегіз кемеге артынып-тартынып шыққан сол экспедицияның құрамында Тевкелевтің өзі де бар еді. Жиырма екі зеңбірегі, алты мың жарымнан астам жауынгері бар ауыр қол 1716 жылдың 9 октябрінде Маңғыстаудағы Түпқарағаннан шығып, теңізге тіреп кіріп жатқан жалаңаш көсеге Киелі Петр қамалын салуға кісі қалдырады. Одан жүз жиырма шақырымдай жердегі Бектұрлы ишан шығанағының қасынан Александровск бекінісінің ірге тасы қаланды. Ноябрь айында Балқан түбегінде Қызылсу шығанағына жетіп, тағы бір тас қамал салуға кісі қалдырылады. Экспедиция 1717 жылдың басында Астраханьға қайтып оралады.
Сол кезде Хиуаға барған орыс елшілері кісі қобалжытатын хабарлар айтып кеп жүрді. «Орыстар бізге елші боп келе жатқан жоқ, басып алмаққа келе жатқан көрінеді», - деп күллі Хиуа дүңк-дүңк етеді дейді. Бекович-Черкасский ол ұйтқыма хабарларды құлағына қыстырмай, Орта Азияға жасайтын жорығына әзірлене берді. 1717 жылдың 11 июль күні үш мыңдай әскер, бір мыңдай көші-қонның қызметшілері небары төрт мың адамы бар ауыр қол ырғалып-жырғалып жолға шықты. Жол-жөнекей кеміліп қалған құдықтарды аршып, о жер, бұ жерге шағын керуен сарайлар салдырып жайбарақат келе жатқан керуенге Шілден құдығына жеткенше ешқандай төтен оқиға ұшырасқан емес. Шілден құдығына түнеп шыққан күні таңертең Аюке ерткен жол керсетуші Меңлі Қасқа мен қасындағы адамдар үштігөйлі жоқ боп шықты.
Бекович-Черкасский сонда да елең етпей, ілгері тарта береді. Тағы да тоғыз күн жүріп Жалғыз құдыққа жеткен жерде аттары шаршаған мың кісіні демалысқа қалдырып, астраханьдық бекзада Керейтовтың қасына жүз кісі қазақ қосып, Шерғазы ханға хабаршы шаптырды. Хан патшаның елшісіне жатып жастық, иіліп тесек боп, тағзым етіп аяғына жығылып, алдынан шығып қарсы алатынын айтып, кері қайтарды. Өзі сол арада жиырма төрт мың әскермен орыс отрядына тойтарыс беруге жоспар құрып, астанадан асығыс аттанды. Оның бұ хабары Бекович-Черкасскийге де жетеді.
Ханның қарау ниетін естіген бойда Айбұғыр көлінен Қарағаш өзеніне жеткенше екі шақырымдық жерге окоп қазып бекініп, жалғыз құдыққа тастап кеткен казактарына кісі шаптырыпты.
Қарақұрым хан әскері Айбұғырға жете бере алдарына ат бойы топырақ үйіп, жер қазып, алты жерге батарея орнатып, бекініп алған орыстарды көреді. Шерғазының ақалтеке арғымақ мініп, қайқы қылыштарын түре сермейтін түрікмен әскері екі күн бойы шабуылдап, көп адамынан айырылып ештеңе шығара алмағасын айлаға көшеді. Ертеңіне хан орыс шебіне ақ ту көтеріп бітімші жібереді. Бітімші: «кешелі бергі шабуылдан хан бейқабар. Ол - мынау осы арадағы кейбір тентек бектердің өз беттерімен істеп жүрген бұзақылығы» - деп ант су ішеді. Сол екі ортада ақалтеке мінген дудар бөріктер тағы да қаптағайлап қоя береді. Ханға тағы да жаушы шаптырылады. Хан тағы да: «Бұл менің ықтиярымсыз болып жатқан жағдай. Айып-тылардың ертең өзім жазасын берем», - деп кешірім сұрап, бітімшілік өтінеді. Ол сөзінің растығын дәлелдегісі келіп, кешеден бергі бұзақылыққа осылар айыпты деп екі адамды беттеріне кұл жағып, біреуінің мұрнынан, екіншісінің құлағынан таспа өткізіп, қосақтастырып байлап, қалың әскердің алдынан жетелеп өтіп, көп алдында масқаралайды.
Аталмыш жаза орындалғасын хан жағынан екі адам орыс лагеріне келіп бітімге қол қояды. Хан Бековичті өз шаһарына шақырып қонақ еткісі келеді, бірақ мұншама қалың қолды тұтас сиғыза алатын орын жоқ, сондықтан әскердің бір бөлігі осы арада лагерьде қалып, бір бөлігі қалаға кірсін деген ұсыныс жасайды.
Бекович-Черкасский бұл ұсынысқа келісіп, өзінің орынбасары боп қалған майор Франкенбергке әскерді екі бөлуге әмір етеді. Франкенберг үш рет адам жібергенде де ол әміріне көнбей қояды. Ақыр аяғында әскери сотпен қорқытқан соң, отрядты алты жүз адамнан шағын-шағын топқа бөліп, әрқайсысын әр жаққа таратуға тура келеді.
Хан бұл хабарды естіген бойда әлгіндей шағын топтарды жеке-жеке тұтқынға ап, біразын қырып жіберді, біразын шонжарларына құл қып таратып берді. Дін бұзар опасыз Бекович-Черкасскийді офицерлерімен қамауға алып, өзінің көз алдында тырдай жалаңаш шешіндіріп, басын шауып өлтірді.
Бұл хабарды естіген Петр патша Каспий теңізі маңындағы әскеріне Хиуаға қарсы жорыққа шығып кек алуға бұйрық берді. Бірақ, орыс әскері бір қырсықтан соң бір қырсыққа ұшырады. Әскер тиеген флот жол-жөнекей теңіз үстінде дауылға ұшырап, бірнеше кеме сол күйі суға батты, қалғандары өліп-талып шығыс жағалауға жетті. Әбден шаршап-қалжыраған әскерде Хиуаға шабар қайрат қайдан болсын. Жергілікті түрікпен тайпаларының төмпешіне қайта ұшырап көресіні әбден көрді. Ақыр аяғында, оларға іздеуші кемелер аттандырылып, 1718 жылы Астраханьға қайтарылып алынды.
Сол бір зобалаңдардың тұсында бүгін, міне, Ырғыз даласында сары ала күйменің ішінде сары ала иық елші боп келе жатқан тілмаш Алексей Иванович Тевкелев те о дүниеден бір-ақ ат басын тіреп тұруы әбден мүмкін еді! Құдай оңдағанда, оған теңіз арқылы Индияға сапар шегіп қайтуға тапсырма берілгені. Оның да кемесі дауылға ұшырап, Астрабадтан келіп бірақ шықсын. Талайды көрген тарланбоз немеге біраз уақыт Астрабад абақтысының дәмі-тұзын татып көруге тура келді.
Сөйтіп, Бірінші Петрдің Каспий мен Хиуа арқылы жеделдетіп Индияға жетіп алу ниетін құдайы құп көрмеді.
Бұл жорықтың сәтсіздігін көп адам түп-түгел Бекович-Черкасскийден көреді. Біреулер жорыққа шығар алдында суға кетіп өлген әйелі мен екі қызының қайғысынан ақылынан алжасып, жорыққа дұрыс басшылық жасай алмады дейді, екіншілері ол кейінгі кезде шашын тықырлатып алғызып, қайтадан мұсылманшылықтың жолына түсіп еді, асылы, сатқындық жасаған болар деп бал ашады, үшінші біреулер шығыс мәселесін шығыс адамына сеніп тапсыруға болмайтын еді, ашықауыздық жасады деп Петр патшаның өзін күстаналайды.
Тевкелевке салсаң, ол үш пікірдің үшеуі де дұрыс емес. Рас, Бекович-Черкасский дәл мұндай істі еңсеріп тастауға шамасы келмейтін шалағай кісі боп шықты. Бірақ, гәп оның әйелі мен қыздарының өлгенінде де емес, қайтадан шапан киіп, шашын тақырлатып алдырғанында да емес, Хиуа ханының тұмсығының астында жер ойдық қол шұбыртып, бір Каспийді үш рет айналып, көлеңдеп көп жүріп алғанында еді. Дәл мұндай оралымсыздыққа Бекович-Черкасский ғана емес, ол кездегі орыс үкіметі де айыптытұғын. Мұндай жартылай әскери, жартылай дипломатиялық миссияға өйтіп алыстан орағытып, алдын ала екі жыл бойы зерттеу жүргізіп, ырғалып-жырғалудың көк тиынға да керегі жоқ-ты. Елшісінің өзі кеп қамал салып бер деп тұрғанда салып ұрып жетіп бару керек еді. Сонда өзі аузынан жаңылған Хиуа ханының орыс жоспарына тойтарыс беруге еш қайраны қалмас еді. Ханды қолға мықтап ұстаған сонда зерттеліп, салынар қамалдар салынар еді. Ал Бекович-Черкасский болса, патша сарайы тапсырмасының сынық әрпін өзгертпей дәл орындаймын деп теңіз жағасында қаптап отырған қара үзікті түрікмен ауылдарының алдында ақ желкенін жарқылдатып айналсоқтап жүрді де қойды. Кеме толы қызыл жаға, көк жағалыларды, оннан-мұннан мойынын созған мыс зеңбіректерді көрмей жағадағылардың көздеріне теріскен шығып па! Мына ызғындай жұрттың елшілік емес әскер екені белгілі боп қалды. Оның үстіне әлгі Аюке ханды ренжітіп алғаны қосылды. Көз алдында бөтен ұлысты тонап ырғап-жырғап бара жатқан таулық туыстарының озбырлығын көріп тұрып Қолдарынан қақпаған кабарда бегін қалмақ ханы қайдан кешірсін! Орыс елшілігінің жәй-жапсарын түгел айтып Шерғазыға жасырын жаушы шаптырды. Оны естігесін Шерғазы бейқам ұйықтай алар ма...
Дәл осындай оралымсыздық дәл сол кезде Орта Азияға Сібір жақтан жеделден жетіп алу жоспарын да жүзеге асырмай тастады.
Сібір генерал-губернаторы князь Гагарин 1713 жылы Петр патшаға Ертіс өзенінің бойынан бірнеше қамал тұрғызып, солар арқылы Жәркент алтынын жәукемдеп кету жоспарын ұсынды. Ол жоспар да патшаға қатты ұнады. Оны жүзеге асыруды бригадир Бухгольцке тапсырды. Бухгольц 1715 жылы үш мың адаммен келіп Жәміш көлінің қасына қамал салып жатқанда, ойда жоқта ойраттар тап беріп, көп адамын, соның ішінде шет елден шақырылған бірнеше мамандарды тұтқын қып әкетеді. Бекович-Черкасский мен Бухгольц экспедициясының дәл бір уақытта бірдей сәтсіздікке ұшырағаны патша сарайын мықтап ойлантты. Мұндай қауырт әскери операциялардан әзір бас тарта тұруға келді. Шығыс саясатында әскери рейдтерден гөрі қайтадан дипломатиялық тәсілдерге көбірек мән берілді. Бұрынғы іргелес хандықтарды бір-біріне айдап салатын әдіске олардан бір қабат әрірек жатқан елдердің ауызын алатын әдіс қосылды. Мұндай «секірме саясат» орыс дипломатиясында бұрын да бар дәстүр еді. Баяғыда Көшім ханның іргесіне зеңбірек тірелгенде патша сарайы оның ар жағында жатқан Тәуекел ханның ауызын алып алған-ды. Сөйткен қазақтың өз іргесіне зеңбірек таянғанда ар жағында жоңғардың ауызы алынғанды. Енді жоңғардың іргесіне тақап келіп қалғанда арғы жағындағы қытайлардың ауызын қисайтпай болмайды. Орыс мүддесі бүйтіп екі өкпесінен бірдей қысқан кезде алауыз хандықтар қайдан төтеп бере алушы еді?! Сүйтіп Россияны терістіктен Мұзды мұхит, батыстан Атлант мұхиты, шығыстан Тынық мұхит қорғап жатса, күнгейінен де олардан кіші емес бір мұхит қоршап жататын. Ол мұхиттың аты - аз ұлттар мен әлсіз хандықтардың арасындағы өзара қырқыс. Алауыздық мұхитында батылдықтан гөрі айла-тәсіл кебірек керек еді. Петр патша тұсында желкесі күдірейіп, желкені биіктеген орыс флоты дүниежүзілік мұхитқа дендеп кіре бастаса, Алауыздық мұхитында да Орыс дипломатиясы дейтін жойқын флотилия аршындап жүзе бастаған-ды. Мұндағы адмиралдар-дипломаттар. Оларға тарғыл жолбарыстардың тайсалмас жүрегімен қоса жылмаңдаған жылпос түлкінің сылаңдаған аяр құйрығы да керек-ті. Асау Кавказ Россияға Таяу Шығысқа жолды өзі ашып берді. Енді мынау ала шекпенді Орта Азия, Орта Шығыс пен Таяу Шығысқа жол ашып берсе, Россияның іргесі Үнді мұхитына барып бір-ақ тірелер еді. Орыс дипломатиясы секірмелеп Қытайдың аузын алып жатқанда, орыс әскері мысық табандап Орта Азияға еніп, Индияның қалақтай жауырынына түмсығын тіреп тұрып алса, күнгей елдерінің кәп алтыны көзінің алдында анығырақ жарқылдап, түбі жақұтқа толы Үнді мұхитының шуылы құлағына анығырақ естілер еді.
Петр патша ол армандарына жете алмай кетті. Россияның қыл тізгінін қырық үш жыл бойына уысынан шығармай келген ұлы патша 1725 жылы елу үш жасында дүние салды. Өзі елі үшін не керектің бәрін істеген атақты патшаның қолынан келмеген жалғыз шаруасы - орыс тағына езіне лайық мүрагер қалдыра алмағаны ғана еді. Петрдің көзі жүмылып үлгермей жатып, күні кешегі қойдай қоңыр момақан Россия аяқ астынан дуылдап шыға келгені. Ұлы Петрдің тақымынан қалған тақ әкесі Алексей Михайловичтің бірінші әйелі Мария Илышична Милославскаядан туған Иоан Алексеевтің Екатерина, Анна, Прасковья атты үш қызына да, езінің Анна, Елизавета атты екі қызы мен жалғыз ұлы Алексейден туған Петрге де тимей, шведтермен соғыс тұсында қас-қабағы ұнап қап үйленген екінші әйелі Екатеринаға бұйырды. Солдаттардың сабан төсегінен патшаның алтын сарайынан бір-ақ шыққан жолы болғыш әйел Меньшиков, Бутурлин, Басевич, Гальстинскийлердің желеп-жебеуімен алтын таққа отырды. Жаңа императрица онсыз да айран-асыр орыс жұртын одан сайын таңырқата түскісі келгендей Петрдің өзі тәуекел етіп үлгере алмай кеткен үш мәселені бірден қолға алды. Россияда ғылым академиясын құрып, оған лейб-медик Блюментросты президент қып тағайындады. Терістік теңіздерге дат Берингте экспедиция бастатып аттандырды. Граф Савва Лукич Владиславович-Рагузинскийді Қытайдың жаңа императоры Юнь-Джинға елшілікке жұмсады.
Петербургтан 1725 жылдың декабрінде шыққан Рагузинский 1726 жылдың 24 авгусында шаршап-шалдығып Қияқтыдан ат шалдырып, 21 октябрьде өліп-талып Пекинге де жетті. Келіссөз столының басындағы кергілестің қасында алыс жолдың азабы ойыншық боп қалды. Дүниеде сөз де көп екен, сөзді құбылтудың жөні де көп екен. Екі жақ жеті айдың ішінде болашақ келісім шарттың жиырма түрлі жобасын жасады. Жиырмасы да қызыл кеңірдек талқыға түскенде қабылданбай қалды. Кеше ғана нүкте қойып кеткен жерің ертең тәңертең қайтадан үтір боп шыға келеді, ол түс қайта имиген сұрау белгі боп төбеңнен төніп тұрып алады: ақыр аяғында сұрау белгінің де сорайған мойыны жығылып жер бауырлаған көп нүктеге айналады. Кергіме дау сол бетімен 1727 жылға да жетті. Жаңа жылдық 7 февралінде Қытай жағы бейбіт келісім деген атпен жаңа шарт жобасын ұсынды. Ол жоба Сібірдің көп жерін Қытайға беруді талап етті. Рагузинский ол жолы өлген жоқ, бірақ өлгеннен басқа көресіні түгел көрді. Екі жыл бойы шалқайысқан екі жақ 1728 жылдың 3 апрелінде келісіп шартсымақ бір қағазға қол қойысты.
Сөйтіп, Қытайдың жаңа императоры Россияның күн шығысқа байланысты үміттерінің бір де бірін ақтамады. Енді шығыс мәселесінде орыс әскеріне ғана емес, орыс дипломатиясына да мысықтабандап қимылдауға тура келді.
Жаңа дипломатиялық әдістің алғаш сыналар жері де - осы қазақ даласы болмақшы. Алтынға апарар қақпаның кілті қолға түссе ар жағында қайтып қимылдау керектігін уақыт өзі көрсете жатар.
Петрдің тұсында да, одан кейінгі патшалардың тұсында да қазақ хандары қанша рет елші салып, көмек сұраса да, орыс әкімшілігі жылтырақ қабақ танытып, жылмия күліп шығарып салғанынан танбады. Өйткені, қазақ хандығының ар жағынан тықсыра қуып келе жатқан жоңғарларға әлдері келмейтіні әбден белгілі еді. Бергі жағында: «Аттап басшы, кәні!» - деп қалмақ пен башқұрт жаланып тұр. Сонда қазақ: «Ойбай, құтқар!» - деп орысқа келмегенде қайда барады?! Ендеше өзі келсін... Аяғына жығылсын... «Бағынам!» - деп бас ұрсын... Сондықтанда әзір оған жылы да, суық та рай танытпай, шыдай тұру керек. Іріңдей бастаған жараны ерте жарып асқынтып алмай, әбден пісіп, өзегін өзі ашқанын күту медицинаға ғана емес, дипломатияға да керек тәсіл. Россия сол қағиданы ұстанды. «Көре кетті де, өле кетті», - демесін деп, Әбілқайырдың алғашқы елшілігіне де елп ете қоймайды. «Россияға бағынуға шын мүдделі болса, қайда кетер дейсің, қайтып келер», - деп ойлады.
Соны алыстан аңғарған, араға ұзақ уақыт салмай, ұсынысын қайталап елші жібергеніне қарағанда Әбілқайыр да нағыз мысықтабан жымысқының сойы сияқты.
Осы жолы орыс үкіметі Бекович-Черкасскиймен Бухгольц сәтсіздіктерін қайталамауға күш салып бақты.
Россиядан басқа барар жер, басар тауы қалмай бара жатқанмен қазақтардың дипломатиялық нарқы көтеріле түспесе, арзандаған жоқ. Жаны қатты қысылса: «Ақыр түбі бір есең, бүгін ол төбеге шықса, ертең біз төбеге шығармыз», - деп, бой бермей бара жатқан жоңғарларға бағына салуы да мүмкін ғой. Қазақ ел ұсталарының арасында ондай да пиғыл жоқ емес көрінеді. Ол деген сөз, қанша дегенмен, әлі күнге ешкімге тәуелсіз, бір кезде маңғолдардың қол астында болған қоныстардың бәрін қайтарып алудан дәмелі, шын мәнінде, бүгінгі күні Орталық Азиядағы ең іргелі, ең айбынды мемлекетке айналып отырған Жоңғар хандығы бір иығымен Қытайды, бір иығымен Россияны кимелеп күдірейіп шыға келеді деген сөз. Бүгінгі жоңғар-қазақ қырқысының арты әлгіндей боп тынса, ертең жоңғар-қытай кикілжіңнің немен бітерін кім біліпті. Алда-жалда Қытайдың пайдасына шешіле қалар болса, әлсіз де болса, саны өзіңнен әлденеше есе көп халқы бар мемлекет тап іргеңе, Жайықтың жағасына кеп жамбастай сұлап жатып алады деген сөз емес пе! Ал, жоңғарлар жеңе қалған күнде де, оң жақ босағаңнан тағы бір күшті мемлекеттің дүркіреп шыға келгенінен көсегең көгере қоя ма! Екі жағдайда да Россияның Қиыр Шығысқа, Орта Шығысқа аттап басар адымы қысқара түспей ме? Қазақ жоңғармен, жоңғар Қытаймен ұстасып жатқанда Үнді мұхиты болмағанмен Тынық мұхитқа еркін жетіп алуға болады ғой. Қазіргідей қысталаң сәтте күллі Азияның кілті болып тұрған қазақ ордасы Россияның шығыстағы мүдделерінің жүзеге асар-аспасының бірден-бір кепілі боп табылады. Мұндайда, қазақ ордасының дипломатиялық нарқы қайтып аспандамасын! Ендеше, қазақтардың бар ханы болмағанымен бір ханы әлгіндей оң қабақ танытып тұрғанда қапы қалмай қимылдап қалу керек... Ант қағазының астына Петр патша айтқандай, қазақ хандарының, ең болмаса, біреуінің қолын қойдырып алса, баяғыдан бері көздің жауы, көңілдің құрты боп келе жатқан Азияның кілті орыс патшасының қалтасынан бір-ақ шығары сөзсіз. Сосын далиған далалар картаға да түсер, қамалдар да салынар. Сондықтан да бұл жолы көшпенділер сескенетіндей көп қол да ерткен жоқ, алдын ала ел қараған, жер қараған, зерттеулер де жасалмайды. Ханның өзі айтпаса, қала салу туралы сөз де қозғалмайды. Бұл жолғы міндет - ханның мөрі басылған бір жапырақ қағазды қолға түсіру. Ертең мына даланың асты-үстін иемдендіретін тілге тиек сол болмақ. Сол қолға түскенше, ханның өзі айтып жатпаса, оған көп шарт та қойылмайды.
Патша сарайының нұсқауы өз алдына, Тевкелевтің ойлап келе жатқаны осы. Осы жолы Бекович-Черкасский мен Бухгольцтің кебін кимей, ақ патшаға көкейін тескен ант қағазын алып барса, Россияның шығыс дипломатиясындағы жарқыраған жарық жұлдызы бұл болмағанда кім болмақ!
Тевкелевтің көз алдына Петр патшаның қуанғанда жыбыр ете қалатын едірең мұрты елестейді. Бірақ, құдай мұның маңдайына ондай бақытты қимапты ғой. Патшаны қойып, әлгі індетке қарайтын Остерманның шүңірек көзінің қиығының бір қылп еткенін көрсе де осал болмас еді...
Осыны ойлағанда Тевкелев масаттанудың орнына қобалжып қалады. Бақса, Россияның болашаққа артқан, үміттерінің басқа батыс елдерінің алдына шығаратын шығыстағы мүдделерінің кілті басқа ешкімде де емес, тек мұның өзінде, Сыртқы істер коллегиясының тілмашы Тевкелев мырзаның ақылы мен айласында, тілінің ебінде, осы жолғы сапарының сәтінің түсер-түспесінде екен.
Орыс дипломатиясы бар болғаны отыз екі қағаздан тұратын батыс пасьянсын бес саусағындай біліп алды, ал қажет десеңіз жүз қағаздан тұра беретін шығыс қитұрқысын қаншалықты меңгере алатыны осы жолы белгілі болады... Егер осы жолы да бұрынғы әріптестері секілді бөтен елде опат болса, не иманды ауызы сылп етпей құр қол қайтса, орыс дипломатиясындағы бүтін бір кезең тағы пәлен жылға кейін шегінеді деген сөз. Егер осы жолы ол іс шығара алмаса, өзін адам етіп, санатқа қосқан Петр ағзамның бір асыл арманы бірі Лондон, бірі Париж, бірі Вена сарайының құлақ кесті құлы болып алған қазірп патша сарайы бюрократтарының көк шұғасының астында әлі талай жыл сүрленері сөзсіз.
Осы жолы бұл құласа, сарай маңындағы мансапқорлардың да: «Пәлі, шығыс мәселесін шығыс адамына сеніп тапсыруға болмайды деп айтпап па едік!» - деп құдайлары беріп қалады. Бұның мына сапарынан ештеңе шықпағанынан қазақтардың несі құриды дейсің! Көп болса, бір-екі жыл аңысын аңдап тыныш отырар. Сосын баяғы Сұбханқұлды патшаға жұмсап, «Кінә бізден болды», - деп бас ұрып, ат-шапан айып төлеудің орнына, сый-сияпат алып қайтатын хиуалықтар құсап бұлар да өтірік мұләйімсір. Бұлардан да сонау Петербургке дейін салпаңдап шауып барып қайтар бір Сұбанқұл табылмас дейсің бе?
Осы жолы құласа, ұтылатын тек Россия ғана! Оның не бір керемет жоспарлары тағы да беймағлұм ертеңнің қарауына көшеді.
Осы жолы құласа, Алексей Иванович Тевкелев немесе Құтлық Мәмет Мамашев мырзаның мынау мәңгір басы, ең болмаса, Ушаков тақсырдың ай балтасына бұйырмай даланың көрінген көк ит сүйкенетін бір сасық бұтасының түбінде қурап қала бермекші.
Шіркін, мынау құлазыған құбақай далада бұны не күтіп түр екен. Әлгі Әбілқайыр хан бұл жайында не ойлап отыр екен, білер ме еді!
Тевкелев басын көтеріп алып төңірегіне қарайды. Көретіні - көкжиекте көлкіп тұрған баяғы сол көк мұнар ғана...
Таяқ жеген адамның жалқылдап ісіп кеткен көзінің алдындай боп көкжиекке көк мұнар көлкиді де тұрады. Ол аласа нәрсенің бәрін жермен жексен қып жерге сіңіріп жібереді де, сәл төбесі қылтиған нәрсенің бәрін серейтіп-серейтіп көкпен тайталастырып қояды. Сосын мына ұшан даладағы қай қарайғанның аласа, қай қарайғанның биік екенін біліп көр. Әне, анадайдағы қарауыл төбенің басындағы сақшының өзі қолындағы найзадан бетер жіңішкеріп, көзге еміс-еміс қана қылаңдатады. Қапелімде, сол бір сабақ жіптей жіңішке нәрсенің қашан қимылдағанын, не деп белгі бергенін аңғарудың өзі қиын.
Ашық іргеге оқтын-оқтын көз тастап отырған Әбілқайырға сол көк мұнардың ішінде теңселіп тұрған қылдырық қарауытқан қимылдап тұрғандай көрінеді.
Бірақ сол қозғалса, бер жағындағы әр жер, әр жерге топ-топ қып иіріп қойған сақшы қостары да қарап тұрмас еді ғой. Шапқылап шабармандар келмес пе еді! Бәрінің де аяғына жем түсе қалған. Ешбірі тырп етпейді. Көлкіген көк мұнар. Құбасұр кеңістік, тылсым тыныштық.
Хан іргеден көзін тайдырды. Бет-аузы ісіңкі. Көзінін алдында жалқаяқ көгіс бар. Онсыз да домалақ бас сүйегі одан сайын тырсиып ісіп кеткендей. Жанары еш нәрсеге тағаттамай айналасына есеңгірей қарайды. Ала көзіндегі ұшып-қонып тұрған қарашық, сидиып-сидиып ұйып қалған аяқтары көптен көңілін құрсап тұрған шыдамнын шар болат сауытының да сетіней бастағанын сездіргендей.
Иә, сабыр да қашанға сарқылмасын! Ойлаған ойыңнан шығып жатсаң, бұның бәрі әлі-ақ ұмыт болар-ау, ал...
Хан күрсініп қойды. Көз алдына кешегі бір патшадан елші келеді деген хабар дүңкілдеп жеткен дүбірлі күндер оралды. Сол бір дырду мәжілістердің тұсында жол соқты болып келе жатқан сары ала иық ұлықты Нұралы сұлтан соңына әр рудан жиырма-отыздан жігіт ертіп мың қаралы нөкермен екі-үш күндік жерден алдынан шығып қарсы алатын болып уәде байласылып еді. Содан Әбілқайырдың біразға деген көңілі тоғайып жүрген. Үлкен баласын өңкей бір өң сүлік сұлу ат мінген мың қаралы сүлей жігітпен қадірлі мейманның алдынан жіберетін күнді асыға тосқан. Ол күн де келді. Бірақ баяғыдан бері көңілінде масатыдай қырық құлпырып тұрған аңсарлы көрініс көз алдында бірден жадап-жүдеп сала берді. Ру басылары әуелі жігіттерін уәделі күнге жібере қоймай бір шаршатты, сосын айтқандарының тең жартысына жетер-жетпес жігіт жіберіп екі шаршатты, енді, міне, жігіттері келгенмен өздері қараларын көрсетпей үш шаршатып отыр. Қарауыл төбенің басындағы қарақшы да қашанғы қаққан қазықтай қақшияр да тұрар дейсің. Бір күні басындағы бөркін жұлып алып былғалаңды салар-ау. Сонда бұл ай астының тұтқасын бір өзі ұстап отырғандай бұтқа толып біткен ақ патшаның сары ала иық елшісін соқа басы сорайып жалғыз қарсы алам ба деп қорқады. Үй ішін ертіп, белдеудің қасында тұрып аттан түсіретін ол мұның балдызы не бажасы емес. Іргелі елдің елшісінің алдынан игі-жақсыларының бәрін қаздай тізіп, омырауын тіктеп, иығын қомдап, сән-салтанатымен шықпағасын, келіссөзден не пәтуа күтпексің! Ханмен келісіп шартқа отырам деп келгенде қайдағы бір құйрық-жалсыз қу басқа қайдан жолықтым деп жүреді ме, қайдам...
Соны ойлағанда отырған жері өз-өзінен шөгіп бара жатқандай еңсесі түсіп кетеді. Жүрегінің басынан біреу сілті құйып жібергендей. Іші-бауырының бәрі ылжырап жидіп қоя берді. Кеше ғана аяғының астында нық жатқан қара жер бүгін асау аттың сауырындай, абай отырмаса, көзін ала беріп, аударып тастап кетердей. Кара жер... Қара жер... Қашан өз құшағына алып, өмірем қаптырғанша, жүрегіңнің басын май ішкендей қылшылдатады да отырады-ау... Осы жолы ол басқа бір елден келер бейтаныс мейманын күтіп жүрмегендей... Өлшеулі тағдырдың мерзімді шегін тосып отырғандай. Аяғын бір аттаса-ақ, аз күндік алдамшы болмыстың жеміріліп бара жатқан ақырғы жұрнағы да күрт опырылып, оны аз күндік қана үйреншікті фәниден беймәлім бақидың құрдымына біржола лақтырмақ секілді. Баяғыдан бері діңкесін құртып келген тыпыр-тыпыр тіршілік, өлермендікке салып ілгері өңмеңдеген есек дәме ертеңнен бастап көл-көсір шалқи жөнелетіндей көрінетін де тұратын келешекке артқан телегей-теңіз үміт-арман - бәрі-бәрі мынау ай асты қимыл-қыбырдың қай-қайсысы сияқты пәтуасы жоқ, татуы жоқ тұрлаусыздыққа, мағынасыздыққа айналмақ секілді. Мағынасыздық... Мағынасыздық... Мағынасыздық... Қай жағына қараса да, көретіні, табатыны тек сол ғана! Міне, мынау ертең ақ патшаның елшісі келгенде қабылдаймын деп әдейілеп жаңадан жасаулап тіккен әлекей-жүлекей аңылжыған ақ орданың ішінде құлазыған қу мазар мағынасыздықтан басқа не бар... Қақ төрде алшайта қондырған алтын тақ түр. Ал, онда не мағына, не қадір-қасиет бар? Құлазыған қу тақты жағалай жайғасқан игі жақсы қайсы? Қасың мен қабағыңа қараған халқың қайсы? Аяғыңның астына етпеттей жығылып еңкілдеп жатқан айыптың қайсы? Айыптыға беріп жатқан жазаң қайсы? Көңіліңді тындырып, көкірегіңді көкке көтеріп жатқан жайсаңдарың қайсы? Оларды есігіңнен жайраңдатып шығарып салып жатқан сый-сияпаң қайсы? «Ә, бәрекелді!» - деп бас шұлғып тұрған көп жәреукең қайсы?.. Жәреуке демекші, қолдағы биліктің одан асқан көрінісі мен куәсі болушы ма еді? Жан-жағына қәмаған қалың жәреуке жоқта, қолыңда билік те жоқ, басыңда бақ, ауызыңда абырой да жоқ.
Міне, қызылды-жасыл хан орда қу мазардай құлазып тұр. Ел ұстаған билеушінің ордасынан гөрі өтпей отырған жері қыздың қызылды-жасылды отауына көбірек ұқсайды.
Ханның қадірі қол астындағы көп қарақшының енкіш еңкесі мен сынық назарында емес пе еді? Ал мұның қол астындағы жұрт қандай жұрт? Ел тізгінін ұстадым деп отыр, қолында тізгін, қол астында ел бар ма өзі? Қолында тізгін болса, мынау абажа аппақ орда бүйтіп құлазып тұрар ма еді?! Көптен бері буулы жатып кеше ғана жайылған мынау тақымыңды қыдықтап бағар қырмызы кілемдердің үстінде дуадақтай-дуадақтай боп тізіліп игі жақсылар отырмас па еді? Қазір олар ертең келетін бейтаныс елшіні қайтып қабылдап, қандай қошемет көрсететінін айтып мәслихат құрып жатпас па еді?! Елші келмек түгілі, ертең құда келеді хабар құлағына тисе, алдын ала ат сабылтып шауып кеп, ертеңгі той-томалақтың жәй-жапсарын айтып қызыл кеңірдек боп бағатын қазақ жарықтыққа су ағып дүние жаратылғалы бітпеген сабыр осы жолы біте қалыпты. Мынау көк мұнар көлкіген көкжиектің ар жағында көл-көсір ел жатпағандай, жер тістеген жермешел молалар жатқандай. Жан-жақта бір шошаң еткен оқшау жүргінші көрінсейші, сірә? Көрінбейді-ау, көрінбейді... Басқа ауылдан ат ізін салатын жолаушыларды былай қойғанда, жоқ қарап, ағайын аралап тыным таппайтын осы ауылдың қыдырмаларының да аяғына жем түсе қапты. Не келе жатқан, не кетіп бара жатқан ешкім жоқ. Осындай сүлесоқ ауылда отырып жер түбінен келе жатқан ұлық қонақты күтіп не абырой таппақсың? Қалған қасақана жұрт әдейі сол масқара сәтті күткендей. Баяғыдан бері қылша мойынына салмай келе жатқан қыл тұзақтарын осы жолы лақтырмақ боп, сонау меңіреу көкжиектің ар жағынан мұның өңшең жан аларлары жалаңдап тұрғандай. Мынау мөлдірей тұнып тұрған тылсым ауа да ауа емес удай. Абайсыз молырақ жұтып қойса, табан серіпкізбей қатыра салардай. Осы бір хәлді ол бұдан да бұрын бір рет басынан кешкені бар сияқты еді. Бір рет пе еді? Жоқ, әлденеше рет. Тіпті күнде-күнде көріп келе жатқаны осы емес пе! Жоқ, дәл осындай бір шағырмақ күнді бастан кешкені бар сияқты.
Дәл осы күні де бұл мынау жарық жалғаннан дәл бүгінгідей мағыналы ештеңе таба алмай қатты торыққан сияқты еді ғой... Сол мағынасыз өмірден әбден түңіліп ауыр ойға батып отырғанда бір жылт еткен игі мақсаттың саңылауын көзі шалғандай болып еді ғой... Сол бір көмескі сәулені қуа-қуа осы күнге де жетіп еді ғой... Сонда сол мағыналы мақсат деп қуалап келген көмескі сәулесі де мағынасыздықтың жай әншейін көзді арбай беретін көп алдамшы елесінің бірі ғана боп шыққаны ма?.. Сонда бұның баяғыдан бергі жарғақ құлағын жастыққа тигізбей жүрген жан азабының бәрі мағынасыздықтан мағына іздеген құр далбаса ғана ма?.. Төңірегі шұбарытып сала берді. Сол бір шағырмақ көктем ойына қайта оралды. Күйзеле түскен сайын көз алдындағы елес анықтала, айқындала түсті. Құдай-ау, сол күні де дәл осылай қараптан-карап құлазып отыр еді-ау! Оған не себеп болғанын өзі де білмейді. Бәлкім, сол жылғы қыстың жайсыздығынан шығар деп ұққан кейін. Иә, жарықтық жаратылыстан білгір не бар дейсің! Қазақтың басына түсер зобалаңды екі жыл бұрын сезгендей. Қыс екі жыл қатарынан көк бет қатынның бетіндей бедірейіп өтті. Екі жыл қатарынан күз аяғында түскен көбік қарды қаңтардың қара суығы аш сиырдың тіліндей жалап-жұқтап жеп қойды. Екі жыл қатарынан сол желтоқсанның басындағы тобықшылар ұшқанақтан басқа ештеңе түспеді. Екі жыл қатарынан қара жер ит жылғы көн тулақтай тақылдады да жатты. Қыстың сиқы әлгіндей болғасын жаз қайдан оңсын! Көктемде қойшының көптен бері майланбаған көн шоқайындай тілініп-тілініп жарылып кеткен жер әуелі көз көрсетпес тас бақаның дауылы боп бір борады. Жаз бойы күн шығыстан адам көрмеген қызыл жел қадалып тұрып ап, жер бетіндегі құм-тозаңды ұшырып әкеп бетіңе шеңгелдеп шашты да тұрды. Одан екіленіп қазанның дауылы соқты. Қыс бойы терістіктен көк сүңгідей ызғырық есті. Жел жеп тастаған тақырға қылтанақ қайдан өссін, түйенің төс табанындай жалтырады да жатты. Мал деген неткен өлермен мақұлық еді. Топырақ жаласа да, тырмысып жан бергісі жоқ. Бірақ, безеріп алған қара суық нені шыдатсын, екі қыс бойы ауыл-үйдің иті мен түздің өлексе жейтін тағы жыртқыштарының құдайлары берді. Кеп ауылдың қора-қора қойынан тең-тең қара тері ғана қалды. Әсіресе, екінші жылғы қыс қазақ даласын күйедей жалмады. Қыс қыс қой, көктемнің қара суығынан төбе шашың тік тұрады. Жаңа қоздап, іші бауыры аңылжып бос қалған аш саулықтар үй көрсе киізі мен шиін, адам көрсе балағы мен етегін шайнап тұра ұмтылатын қасқырға айналды. Ит екеш иттен де қашпайды. Көрсе болды, құйрығына ауызын ала жүгіреді. Малды ауылдың итінің малға тимейтін әдеті ғой. Бірақ, сүмеңдеп соңдарынан қалмағасын, аш саулықтарға жындары кеп ырылдап тұра қалысады. Кейде тіпті шап беріп тістей кетеді. Саулықтардың онымен шаруалары жоқ, ауызы жеткен жерге кенедей қадалып жібермейді. Ит сосын басымен қайғы боп безе жөнелуге мәжбүр болады. Әншейінде аяғын бусаң, мыңқ етпей қылжия салатын момын жарықтық арп етіп аузын ала жүгіретін түйенің айбатынан да, жылқының тұяғынан да шіміркенуді қойды, құйрығы мен жабағысына жабысады да қалады. Туған бойда қозысына тап беріп, үстіндегі шырышын ғана жалап қоймай, қырбық түгіне кірш-кірш тіс қадайды. Талай қошақан көзін ашпай жатып өз енесінің аузынан ажал тапты. «Апырай, мынандай да сұмдық болады екен ғой» - деп жұрт жағасын ұстасты.
Жұрт шошыса, шошығандай еді. Жерден де, елден де, малдан да сән кетті. Тек ит күйлі болды. Желкелері күдірейіп ауыл айналып шапқылайды да жүреді. Есігіңнің алдына келіп бірін-бірі иіскелесіп жыныңды келтіреді. «Ерден бақ таярда қатыны құтырады, елден бақ таярда иті құтырады деуші еді. Қалғаны құрыса құрысын, қазақ тек арғымағы мен азаматына абай болсын!» - депті Мәті би.
Бұрын мал төлдеп, сары уызды бүйенге сап пісіріп, ірімшік қып қатырып, қазан-қазан сүт сапырып аққа қалқып отыратын қазақ ауылында асайын десе қара судан басқа ештеңе табылмай, үй сайын мұрынынан сорасы, көзінен жасы арылмай отырған қызыл қарын жас бала жылайды, оларды немен жұбатарын білмей, жерден өшін кімнен аларын білмей, көктегі құдайдың құлағына жармасып жатқан бір-бір қара шұнақ қатын шаңқылдайды. Өріске айдаған малың жерге басын салмай ауылға қарап жамырай маңырап тұрып алады. Түйе біткен күңірене боздайды. Жау шаппай зарланып жатқан жапа-тармағай айғайды естігенде тұра қашқың келеді. Тұра қашқанда да қайда қашарсың? Отыра қалып мәңгінің қиялына берілесің. Шіркін-ай, дейсің! Қазақтың ортақ тағы өзіңнің қол астыңда болса ғой? Онда мынау қалың қазақты бүйтіп қаралай жауға шаптырып қояр ма едің? Былтырғы қыстың сылайынан-ақ шошып, барша ер азаматты атқа қондырмас па едің? «Бір күн тудық, бір күн өлдік!» - деп, ар жағындағы шүршіттен арпалысып жатқан жоңғардың ту сыртынан, не батыстағы қалмақтың тас төбесінен тап бермес пе едің? Қазақтың жарақтанып барып жеңіліп қайтқан жері жоқ, жеңілген тұсының бәрі - жайбарақат отырып төбеңнен тускенде... Егер баяғыда құдайдың жоғын шығарып, тірілей індігешке кіріп алмағанда Аякөзде де әл бермейтін едік. Жоңғар қытаймен арпалысып мұрынына су жетпей отырғанда тап берсе, ең болмаса, шет ұлыстарының Жетісудың көк майсасына аунап-қунап құйрығын теуіп, құтырып жүрген көп жылқысын қуып әкеп, жіліншігінің жылан қарағы үзілермен болып отырған аш-арықтың ауызын қызылдап, қажаң-құжаңға қарық қылады ғой. Жарайды, жоңғарға тиісуге дәті бармай-ақ қойсын! Су-судың бойына егін салып, ұраларын астыққа толтырып алып, қала шығып барған қазақтардың түйелерін, шапандарын шешіп ап, желкілдетіп үркітіп, шексілелері қатып отырған Бұхара мен Хиуаға күші жетеді ғой. Оларды осындайда неге тезге салып алмасқа! Тәуке өлгенде бұлар енді қайтер екен деп, біраз уақыт аңыс аңдыған айналаның қазір қайтадан жандана бастаған сыңайы бар. Жанданбай да қайтсын! Түркістандағы Болаттың дастарқанға қол созғаннан басқа қарекеті көрінбейді. Қайып қалмаққа шауып та, орыспен әмпей болып та ештеңе бітіре алмай, дүние салды. Удан өліпті деседі. Не де болса, жорықта емес, өз төрінде, өз төсегінде сары жамбас болып сарғайып өліпті. Әйтеуір, әңгіме іздеп қалған қазақтың езуін біраз қиғаштатты. Олар со бір ойда жоқ ажалды әр саққа жүгіртеді деседі. Біреулер оны өлтіріп жүрген інісі Сәмеке екен, Орта жүздің тізгінін өзі алайын деген екен десе, екіншілері Болаттан көреді. Тіпті бәрін қойып, «бір пәле келсе, осыдан келеді» деп жер түбіндегі бұдан күмәнданатындар да аз емес сияқты. Баяғыда азын-аулақ әмпейі болып жүргенде, екеуінің құдандал болған жайы бар-ды. Қазақта жігіт пен жігіт достасса ат алмасатын, жақсы мен жақсы достасса, қыз беріп, қыз алысып, кіндік байласатын дәстүр бар ғой. Сол үрдіспен Қайып баласын мұның немере қарындасына үйлендірген-ді. Ондағы Қайыптың ойын бір алла білсін, ал бұл күндердің күнінде Орта жүздің тізгініне қол созуға қақысы бар жас сұлтанның өзімен жекжат болғанына іштей қуанбаса, ренжімеген. Бірақ, онымен Орта жүздің тізгіні Батырға бәрібір тие қояр түрі көрінбейді. Бір жақтан жалаңдап Сәмеке шықса, бір жақта жаудай жағаласып Әбілмәмбет жүр. Кең далаға сыймай өз иығын өзі жұлып жеп жүрген Барақ пен Күшік тағы бар. Олар, шамалыда Батырға теңдік бере қоймас. Оның үстіне Батырдың өзі де әкесі марқұм секілді, кекірейіп, кеудесін көтере бергеннен басқа ештеңе білмейді. Қасына көшіріп әкеп, алты шектіге ұлысбегі қылып қойды. Қарауында Орта жүздің де кейбір ауылдары бола тұрып, Әбілқайыр оларға Жәдік тұқымының төлін жорта жолатпады. Онда да бір көздегені бар. Өз балалары да үйелменді-сүйелменді болып өсіп келеді. Жан-жағынан селдір болғанмен, мал жағынан қою әлгі үш руға солардың бірін ұлысбек қойса, кім біліпті, күндердің күнінде Өсеке балалары да Орта жүзге қолын іліктірер... Ал Батырдың өз қасында болғаны жақсы. Орта жүз тізгінінен дәмелі бір төре қасында болғаны жақсы. Орта жүз тізгінінен дәмелі бір төре қасында болса, ол елдің де бір көзі мұның жағында жүреді ғой. Оның үстіне, Әбілқайырдың баяғы Аякөз оқиғасынан кейін көкірегіне шемен боп байланған бір ойы бар. Оны жүзеге асыратындай сәт шығып жатса, Батырдың да бір керегі болады. Ұлы жүз тізгіні інісі Жолбарыста, Кіші жүз тізгіні өзінде, Қайыптың қара шаңырағын қасына тігіп қойса, Орта жүз тізгінінен де дәметуге қақысы бар емес пе! Бірақ, ол ойы әлі қашпаған қашардың уызы. Біреу-міреуге тісінен шығарып көрмек түгілі есіне де көп ала бермейді. Ойда жоқта қиялына ілікті де, көкірегіне шемен болып байланды. Мынандай аласапыран заманда буынсыз жерге пышақ ұрғандай болатын ол ниетін күнде жадына алып, өз көңілін өзі қажыта бергісі келмейді. Бірақ бір сәт те ұмытпайды. Одан тек өлім ғана айныта алар. Кісіде көкейтесті мақсаттың ғана болуы аз, сол мақсаттың ұрымталын сарыла күте алар сабыр да керек қой. Ал, қазір... Қазір ол Болат қозғалмай тырп етпейді. Өйткені, Болаттың тап не істесе де, бүлдірмесе күлдіре қояр түрі көрінбейді. Өз басынан ештеңе шықпайды, өз ойына ештеңе түспейді, өз қолынан ештеңе келмейді. Былайғы тұрпаты шынжау жұқа көрінгенмен бас терісі түйенің көніндей тым қалың білем. Ештеңені өздігінен аңғарып, өздігінен түйсінер сыңайы байқалмайды. Ал, оған ақыл айта қоятын адамның да реті шамалы. Сәмеке, Барақ, Күшікке, сірә, ақыл қоспайды. Сонда Болат қайтер екен... Қашанғы бүйтіп тұяқ серіппей жатар екен. Бұл да, міне, не де болса, көріп алуға бел буды. Өзі тыныш жатқанмен, қасындағы Батырды тыныш жатқызбады. Алты шектінің сен тұр, мен атайын жігіттерін қасына қосып, жарғақ құлағын жастыққа тигізбей жортуылға қойды. Қазір де, міне, жорықта. Сонау жер түбіндегі түрікмендердің үраларындағы астықтарын артып, өрістегі малдарын қуып келмек. Сүйтіп мынау аштан өліп бара жатқан өз ұлысына қызыл таратпақ...
Әбілқайыр куйеу баласын жортуылға жұмсап, қос астындағы елдің шиеттей қатын баласының сауабын ғана алып қоймайды. Кәнігі неме ел басына іс түскендегі бұл қайратының із-түзсіз кетпейтінін де іші сезеді. «Малың елсе - қызылдас, қатының өлсе - жылулас!» дейтін қазақ алмақтың да салмағы бар екенін ешқандай есінен шығарған емес. Аштықта жеген құйқаның дәмі тоқтықта ұмытылар ма! Ертең естерін жиып, алдарындағы мал аяқтарынан тік тұрғасын қазіргі жеген бір-бір тоқты-торым боп үйірге қосылады. Оның үстіне қол қусырып қарап отырғанда арыстанның ауызындағы, түрікменнің төріндегіні әкеп қызыл қарын халқының ауызына ұстаған мәрт азамат аты жайылады. Бәрінен бұрын Орта жуздің сұлтандарының көзін қызықтырады. Өз сұлтандары мынандай аласапыранда қылар қайрат таба алмай, үйлерінде бұғып жатқанда жолбарыстай жортып жау өтінде жүрген Батыр сынды сұлтаннан көрер көзге айырылып қалып отырғанын көрсін, бәлем! Әбілқайырға да керегі сол - ел алдында Жәдік тұқымының беделінің түсе бергені. Әсіресе өз ықпалы жүрмейтін Сәмеке, Әбілмәмбет, Барақ, Күшіктердің абыройының айрандай төгіле бергені дұрыс. Қайта олардың алдында Батырдың айдыны аса бергені жөн. Қанша дегенмен, өз бауырына кіріп отыр ғой. Батырдың ер аты, еті тірі аты жайыла берсе, Жәдік тұқымының өзара дүрдараздығы өрши түспесе, әлсіремейді. Сонда мынау жалпақ алашта жөн білетін, бас білетін сұлтан бір өзі, кіші баладан туды деп қатарға қанша қоспасаң да, қатар тұрғызып қойып, қай жағынан сығаласаң да, жалы биік тұратын бұл, Әбілқайыр екенін көрсоқырлар да көрер. Керер де іштері жылыр... Іштері жылыса ар жағындағысын өзі біледі. Қалың қазақты бүйтіп әрпіл-тәрпіл қоймас еді. Бір жағына шығарар еді...
Ол әйтеуір алтын тақ астында, алтын таж басында, үш алаштың төрге шығарар, төбеге көтерер шікірәсі болып отырып, иә сыртқа айбыны жоқ, иә ішке қайырымы жоқ Болаттай болмайды. Өсеке балаларының Жәдіктің азуы алты қарыс ұрпақтары Тәуеке, Есім, Жәңгір, Тәуке тұсында оң жақ босағада жаңа түскен келіндей боп сықсиғандары да жетер. Қайдағы бір Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Барақ, Күшік сияқты құрт-құмырсқалардың тұсында өйтіп кішірейе алмайды. Кеудесінде жаны, талағында биті бар екенін бір көрсетеді... Мынау не бүк емес, не шік емес екіталай дәурен бүйтіп сағыздай созыла берер дейсің бе?! Оған қазақ шыдағанмен, қалмақ шыдай қоймас, қайта шабар. Қазақта қол бастап, семсер сілтегенмен үш алаштың азаматының басын біріктіре алған әз Тәукенің өлгенін біліп отырып, таққа әкеге тартпай, көзкүйік боп туған нәжегей Болат келгенін, оның, міне, әкесі өлгелі он екі жыл етсе де, не жақсы, не жаман аты шықпай тірі көлеңке боп отырғанын, сұмырай келсе су құриды деп сорлы жұрттың басқа азабы аз болғандай екі қыс қатарынан жұтқа, екі жаз қатарынан құрғақшылыққа ұшырап, қыста қызылға, жазда аққа жарымай, қу қаудай қурап, жығыла кеткелі отырғанын сығырақ көз сімсік жоңғар қайтып көрмей, қайтып білмей отырғанына бұл қатты қайран қалып жүр. Әй, қайдан байқамасын... Байқап отырған шығар-ау... Былтырғы жыл аңысын аңдады... Ал, биыл... Әй... Қонтайшының басындағы қауашаққа сықап толтырған сасық қоңыздың қиы емес, ми болса, биылғы жаз қазақты үй бақтырып қоймай, ереуіл аттарын ерттеттірер-ау деген қауыпты неге ойламасын. Өзі де көшпенді емес пе? Көшпенділер не күші бойына сыймай, өз буына өзі мас боп, қайраты асқан кездерінде, не ұятты қойып, езгенің ырысына жармасудан басқа жол қалмаған кезде ғана ат жалынан тартып мінбей ме?! Ондай жанын шүберекке түйіп: «Қайда барсаң да көретінің бір ажал!» - деп қанына қарайған қара нөпір аш-жалаңаш қолын әуелі қоңдыға созбай ма? Қазір қазақпен іргелес жұрттардағы ең қоңдысы жоңғар емес пе? Отырықшы қалаларды шабар еді... Жарайды, үрасындағы астығын алар. Жарайды, дүкеніндегі шүберегін талар. Жарайды, онымен жаңалаш қатынының иінін, жалаңбұт баласының абыройын жабар. Жарайды, бірер күн қара көжеге тойып, қарынын тыр-тыр қасыр... Бірақ, отырықшы жұрттың ұядай ұрасы қазекеңнің жаламына қанша күн жұғын болмақ?! Тағы да өңіреңдеп шықпай ма? Оған құйрығы теңкиген қой керек, сауыры жыртыла жаздап зорға жүрген жылқы керек, білектей-білектей қазы мен білем-білем құйрық керек. Қыс тісінің арасына сіңір кірмесе, жаз таңдайына өңез қатпаса, қазекең бүкіржік боп орнынан тұра алмай қалады ғой. Қазақтың жаны - малы. Малының арығаны - жанының арығаны. Малынан айырылғаны - жанынан айырылғаны. Қазақты мұқалтатын кісі осындай тұсты аңдиды. Кім біліпті, жоңғар да қазір жер түбінен көзін сатып жалаңдап отырған шығар-ау. Олардық ойына мұндай қара қашпасын, қашса осы қораларынан ұзатпай басады. Малы төлдеген қазақ та бір, жұмыртқа басқан құс та бір. Алысқа ұзап кете алмай, қыстыгүні қара көңінен шырқ үйіріліп шыға алмай жүргені. Ондайда әр шағылдың ығында шашырап қалады. Көк желкесінен түс те, көгендеп қыра бер. Адамында әл, атында қоң жоқ халық қарсыласқанда не бітіре алмақ!
О тоба! Қайдағы пәле қайдан есіне түсіп отыр? Бетін аулақ қыл, жасаған! Мына ойын қонтайшы, сұмырайға жер де жеткізбесін, жел де жеткізбесін!..
Әбілқайыр ішінен кәлимасын қайырды. Ерінін жыбырлатып екі рет қайталап, үшінші рет қайталай бергенде көзі атыздай болды. Ауылдың алдындағы қара жалға қаққан қазықтай боп біреу көтеріліпті. Басы-кезге қарамай борбайлап шауып келеді. Мынандай кезде қазақ болар ма мал аямас па! Аямағанына қарағанда, бір сұмдықтың кезіккені ғой! Ол не сұмдық екен! Түрікпенге кеткен қол бір нәрсеге ұрынып жүр ме екен! Өй дейін десе тымақ киісі Кіші жүзге келіңкіремейді. Не деп айқайлайды? Дауыс етіп келе ме? Үні неткен жексұрын еді! Баяғыда Тәуке өлгенде «ой, бауырымдап» келетін шабарманның дауысы сияқты екен! Болатқа бірдеңе болды ма? Өлмесе, өмірем қапсын! Оны несіне ат сабылтып, жігіт қинайды! Апырау, мынау не дейді? Қаралы хабар әкеле жатқан кісі ауылдың қарасын көрісімен екі жағына кезек аунап, басын ерге ұрып, өз бетін өзі тырналап, жұлынып бітетін еді ғой. Ал, мынау сол баяғы қаққан қазықтай қалпы. Бірақ, қақылдап ауыз жаппай келеді. Әлде әлгінде ғана өзі ойлағандай жоңғарлардан бірдеңе шықты ма?..
- Жау! Жау! Жау шапты, жау шапты!
Әсекет алла, ақ тоба! Аумай-төкпей келіпті де қойыпты ғой! Әй, бәсе! Орнынан атып тұрды. Жалма-жан есікке ұмтылды. Жаман хабар әкеле жатқан шабарманды атынан сыпырып, ап дүреге жығатындай қолына қамшысын ұстай көтерілді.
Содан ол атқа мінді. Жорықтағы Батыр мен Бақтыбайдың соңынан шабармен кетті. Қарақұмға мал төлдетіп жатқан Бөкенбайға хабар кетті. Қызылқұмның арасында қораларынан шыға алмай отырған Есетке хабар кетті. Борсық құмның арасында қалың қалмақтың тап іргесінде маңыратып қой қоздатып, ыңырантып түйе боталатып жатқан кете Балпаш байға хабар кетті. Адаматының бойындағы Әзіретінің Алатауында отырған сегіз арыс адайға хабар кетті. Тайлан біраздан бері Батырдың қасында жүрген. Оған да хабар тиетін шығар.
Қазақ даласында тағы да бір ұлы дүрбелең басталды. Күндіз көрсең - биік атаулының басында астарына қара ат мініп, үстеріне қара киіп, қолына найза ұстап, өткен-кеткенге қол бұлғап хабар беріп тұрған қарауылдар. Жазық-жазықтарда қара ат мініп, қара киініп, көк найзаларын еңкейте ұстап, «аттан, аттан» сап еміне шауып бара жатқан шабармандар. Түнде көрсең - биік-биіктің басы аспанмен тайталасып алаулап жанған ұран оты. Қараңғыны жамылып, әлдеқайда жұлдыздай ағып бара жатқан суыт шабармандардың қолында да жыландай ирелеңдеген қызыл жолақ ұран оты. Жер-көк түгел өртеніп келе жатқандай.
Бас-аяғы үш күнде ен байтақ ұлыстың қиыр-қиырынан жиылар қол жиылып болды. Қабақтары салбыраған қарақұрым қол Қаратау қайдасың деп жүріп кетті. Жауда қалған ата тау: «Мені құтқаруға қайдан кім келер екен?» - деп өкшесін көтеріп жол қарап тұрғандай. Жер түбінен көгеріп мұнартып тұр. Көкжиектегі сол бір көк ніл биік жақындай түскен сайын қоңырая, жақындай түскен сайын жатағандана түсті.Ата биік аласара түскен сайын жер қайысқан қалың қолдың да көк тіреп келе жатқан көкіректері басылып, еңселері етектеріне кетіп, көңілдеріне мұң, көздеріне дым жүгірді.
Суыт жүрісті Кіші жүз қолы жапырық таудың әбден аласарып, болдыртқан көрттің мүжілген жамбасындай боп сілемденіп біткен күн батыс құйрығына ілікті. Заманында Сары Арқаның сары белінен төтелеп кеп Сығанақ асатын Сұғындық асуына ат басын бұрып еді, сонау Жәнібек, Керей заманынан бермен қарай талай шайқасты көріп, талай боздақтың басын жұтқан аран шатқал сілтідей тынып тұр екен. Құздарынан тырс-тырс тас домалатып арқар қашты. Былтырғыдан қалған қауқиған-қауқиған сұр құрақтың арасынан күтір-күтір қабан қашты. Көкесі келе жатқандай, қуыс қуыстан басын жылтыңдатып көкек шақырды. Лып еткен келте самал сай бойының енді-енді қылтиып келе жатқан көк майсасының шырын иісін әкелді. Бұл жер әлі бейбіт.
Әбілқайыр, Бөкенбай, Есет, Батыр тұра қалып ойға батты. Жау Балқаш беттен келе жатса Қаратаудың теріскей бетінде отырған Орта жүз бен Ұлы жүз ауылдарын жапырып өтпей, сонау Қошқар ата жақ тұмсықтан айналып Түркістанға беттей қоймас. Әскерінің бір парасын әлгі айтқан Қошқар ата Бадам жағымен Арыс бойлатып күнгейге аттандырар да, қалған жағына Көсегенің көк жоны арқылы кеп Баба-Ата, Шолаққорған, Созақты шаптырып, Торлан мен Сұғындық арқылы құбылаға өткізіп алуға асығар. Ендеше Сұғындықтың мынау ұйыған қатықтай дірілдеп тұрған тылсым тыныштығы да көп ұзаққа созыла қояр дейсің бе! Бүгін-ертең қалмақтың қарқылдаған қарғадай әжептарқы кернейінің жексұрын дауысы анау түк көрмегендей боп жымпиып-жымпиып тұрған жақпар құздарды тағы да жаңғырықтырар. Олай болса, бұл асуды бұлай елсіз қалдыруға болмайды. Бірақ, бұл араға ертең келер жауды күтіп, бүгін ана жақта бейбіт жұртты шырылдатып жатқан ата дұшпанмен айқасқа түспей қайтып шыдай аларсың! Әскерді амалсыз екі бөлуге тура келеді. Шекті мен жарты Байұлы осында құз-құзға бекініп, қалмақтың Сұғындыққа сұғына кірген қалың қолына ойран салады. Кіші жүздің қалған қолы ілгеріде болып жатқан шайқасқа барып қосылады.
Жартысын жолға тастап, желе-жортып ілгері қозғалған ауыр қол бұрынғысынан да суыт жүрді. Бір қапталда мұнартып қалғып тұрған Қаратау. Оның мынау абыр-сабырмен ісі жоқтай. Екі аяқтылардың әрлі-берлі жөңкілісі ол үшін ештеңеғе тұрмайтын әншейін әуре-сарсаңдай. Бұлар қанша жабыр-жұбыр айқайласқанмен оның баяғы мыңдаған жылдар бойғы тылсым ұйқысынан селт етіп оянар түрі көрінбейді. Сол мұлгіген қалпы сұлқ шөгіп жатыр. Ал бұлар болса өрт шыққандай желе жортып жүріп келеді. Баяғы аңшылық құрып жүрген кезде бұл арадан талай өткен Әбілқайыр көзі боталап жан-жағына көп қарайды. Сүйтсе, Тайлан да қалған қолдан ала бөтен ілгері озып, асығып келеді екен. Күнге тотыққан қара-торы жігіт бүгін қаны қашып қуқылданып алыпты. Ала көзін жан-жаққа бұрмай, ту сонау алдағы көкжиекке қадап апты. Иә, оның есіл-дерті - сонау Көсегенің көк жонына шығар жердегі оңаша бұлақ басында отырған өз ауылына жету, жетпістен өтіп сексенге аяқ басқан кәрі әкесін көру, енді-енді тәй-тәй басып жүре бастаған ұлын көру, жалғыз көк ала атпен жүрсе де, қалған қазақты көрмегендей, өзін қалап келген қазақтың ең асқан байы Садыр Жомарттың әлпештеп баққан жалғыз қызы Пәтшәйімді көру. Сол үшін әншейіндегі мығым қалпынан айырылып, міне, елден ала бөтен емпеңдеп келеді. Әбілқайыр ат үстінде құс болып ұшып кетуге амал таба алмай, зорға шыдап келе жатқан Тайланды көріп, аяп кетті. Іші бауыры мұздап бара жатқандай көрінді. Шынында да, үш жүздің ауызында аты жүрген атақты Мәті бидің, үш жүздің ауызында аты жүрген көк ала атты Тайлан батырдың қара шаңырағы мынау атам заманғы Қаратаудың теріскей бауырындағы талайдан бергі қара жұртында қалқиып тұрса жарар еді-ау...
Алдыңғы жақтағы шолғыншылардың біреуі құйғытып кері шауып келеді. Бұлар ат басын іркіп далақтап шауып келе жатқан қызыл танау жас жігіттің хабарын күтті.
- Алдыңғы жақтан шаң шықты! Қою шаң! - деді жігіт жетер-жетпесте алқына тіл қатып.
Әбілқайыр көкжиекке көз тастап еді. Шынында да, маңдай тұстары манағыдай емес лайыта бастапты. Қалған жақтары сол баяғысынша көк шәйідей мөлдіреп түр. Тек шығыс жақта ғана жер мен көкті көмкеріп ақ шаңыт көтеріліпті. Иә, бұл тегін шаң емес. Сонау кек аспанды лайлап жатқан қою шаң - қазақтардың пәлен жылдан бері бүгін тап бола ма, ертең тап бола ма деп, үрейлене күткен сұмдығы. Міне, о да тап болды. Қазақ даласының тіршілігінің тұнығын шайқап, аспанын лайлап, мың сан басты аждаһадай жолындағысының бәрін жапыра жалмап жақындап келеді.
Жұрттың бәрі түнеріп тұрып қалған. Бәрі де тілден айырылғандай. Қарақұрым қолдың ішінде ләмим үн қатқан ешкім болған жоқ. Бәрі де мұның ауызына қарап қапты. Не дер екен деп түр? Не дейтін еді? Енді не дегенінде не тұр? Әрине, ақ көз жауды бұған жібермеу керек еді?! Баяғыдан бері ұзын арқау, кең тұсаумен жүріп алмай, кеңнен қайрат қылғанда, бейшара ел бүйтіп босқа қырылмас па еді, қайтер еді. Енді өкін не, өкінбе не? Бәрі кеш! Өз бармағыңды өзің қыршып, қарсы келген қас дұшпаныңмен қасық қаның қалғанынша арпалысып, өз жастығыңды ала өлгеннен басқа, амалың қайсы...
Әбілқайыр қасындағы батырларға:
- Мынандай айдалада, ала тағанақ тақырда шайқасып не абырой табамыз? Онан да әлгі Сұғындыққа шегінейік! - деді.
Батырлар құптап басын изеді. Қалған шолғыншылар да жыра-жықпылмен бұқпақтап жетіп қалған екен. Жау қарасы жақындапты.
Кіші жүз қолы кері шегінді. Бірақ, жаңа ғана жүріп өткен ізімен кері шегінбей, терістігіндегі қалың бұйраттарға қарай бұлтарды, бірер жал асып барып, Сұғындық асуына күнбатыс жақ бүйірден келіп кірді. Ондағылары жаудың басын шырғалаңға салу еді. Сұғындықта бекініп отырған қазақ қолы бар екенін, қапелімде, біле алмай қапы қалсын деген есеп еді. Қазақ қолы Сұғындыққа түгел кірген жоқ. Бір қатары асудан аулағырақта тосқауылда қалып, аңыс аңдай тұратын болды.
Сұғындыққа суыт енген қазақ қолы шатқалдың құз-қиялы қиын түбіне қарай өрмелеп, қапталға бөлінетін ұры жыраларды бойлап, тасаға бекінді де, сай табанына жақын жақпар жартастардың тасасына мергендерін орналастырды. Қауырт қимылдап, тез қамданған қалың әскер әп-сәтте-ақ жақпар-жақпарға, қалың бұталардың ара-арасына сіңіп кетті. Бұлар кіргенде сай түбіне қарай жеңкіле қашқан аңдардың сатыр-сұтыры әп-сәтте басылды. Аждаһаның аран ауызындай қара шатқалда қайтадан меңіреу тыныштық орнады. Бейбіт заман қайта келген екен деп қалса керек, жақпар-жақпарға тығылып отырған шошақай көкектер сұңқылдап қоя берді. Бұта-бұтадағы сансыз құс шуаққа жондарын тосып жамыраса әндете жөнелген. Тек қия жақпарлардың арасынан дүр кетерілген қыран құстар ғана бір дүбірді сезгендей қайта қонбай мазасыз шүйіліп жүр.
Тау арасында көктем иісі білініп қапты. Екі жак, бөктердегі қараған, арша, қаптаған бұталар мен тырбық шөптердің бәрі бөртіп, мұрт жарып үлгеріпті. Сай табанындағы ағын судың екі бетінде бозбаланың түбіт иегіндей боп көк қылтанақ көрініпті. Енді сәл шыдаса, мына шатқалдағы ұлан-асыр тіршілік дүр етіп бой көтергелі тұр. Көктемнің қуатты күні кірпігіңе ойнап, тұл бойыңа бір әзәзіл тіршілік қуатын дарыта түскендей. Сонау көк майсаға барып жата қалып аунағың келеді. Мынау жақпар шоқының басына шығып ап, мына жықпыл-жықпылдың ара-арасынан көзің шалып қалған аң мен құсты бүкір садақтың белі жазылғанша кере тартып атқың келеді. Таудың мынау саумал ауасына көкірегіңді толтырып алып, енді көп үзамай сонау етектегі қара жалдардың басына самсап қона қалатын ақ жұмыртқа ауылдардың қыз-қырқыны естісін деп аңыратып ән бастағың келеді. Тіпті мынау маңдайыңды қыз-қыз қайнатып бара жатқан күн шуағына омырауыңды төсеп, шалқаңнан түсіп ұйықтағың келеді...
Пәлен күннен бергі ереуілдеген тіршілік тұсында ұмыт болған ұйқы мынау сәл саябырда кірпігіңді қайта айналып тапқандай. Өне бойың делсал маужырап барады. Шатқал жақ бетін тасаға салып, өз қолы жақ бетін ашық қалдырып, қара жартастың күн жақ тасасына жасырынған Әбілқайырдың енді болмағанда көзі ілініп барады екен. Қарсы жақ жақпардан екі-үш «байғұздың» жарыса шықылықтап қоя бергені. Көзін шәйдай ашып алды. Сөйтсе, қалмақ қолының алды шатқалдың ауызына ілігіпті.
Сай бойы тым-тырыс. Мынау тас қоршауға сескене кірген ауыр қол жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап, жасқана басып ілгері жылжи түсті. Әуелі топырлай кірген қалың қол бірте-бірте сабақтаған иненің жіңішкеріп, ұзын шұбақ көшке айналды. Бірінің ізін бірі басып жоғары өрлеп келеді. Жоңғардың таулы жерге үйренген жатаған аттары тырмысып баурайға да шығып апты. Кейбіреуі жақпар-жартастар мен баурайдың бұта-бұтасының арасына жасырынып отырған қазақ жігіттерінің қасына қол созымдай жерге дейін барып, жан-жағына тіксіне қарап қояды. Ту зымыран биікке шығып алып, аспай-саспай қалықтап жүрген құз тағыларынан басқа ештеңе көрінбейді. Тіпті арқар екеш арқарға дейін құрып кеткен. Сай бойында құлағыңды шағып, шақыр-шұқыр дыбыс көбейді. Жоңғар аттары үсті-үстіне пысқыра береді. Айлакер жау тағылып отырған қазақ жоқ па екен деп, үңгір көрінсе, ну жыныс қалың бұта көрінсе бұрқыратып оқ жаудыра жөнеледі. Атқан оқтары кейде тасқа тиіп шақ-шақ ете қалады. Кейде қалың жынысқа сүңгіп жоқ болады. Бірақ орынынан атып түрегелген ешкім көрінбейді, ыңыранған дыбыс та шықпайды. Бір сәт кідіріп тың тыңдап ап, шұбалған қол тағы да ілгері тартады.
Сұмырай дұшпандар әлгіндей топырлата оқ жаудырғанда Әбілқайырдың жүрегі шым ете түседі. Шаншымай қайтсын - анау қарауытқан қалың бұталардың арасында талай боздақ үн-түнсіз жан тапсырып жатыр. Мана: «Қашан жоңғар қолы тар шатқалға түгел кіріп, алды шатқал түбіндегі тығырыққа кеп тірелгенше, оқ атпаймыз, дыбыс та бермейміз», - деп уәделескен-ді. Енді, міне, ажал алдында жарақатын ауырлап, ыңыранса, дұшпан сырымызды біліп қояды деп, тістерін шықырлатудан басқаға дәрмені келмей талай боздақ арманда жан тапсырды. Қайран сабаздар-ай десейші... Әншейінде, әрқайсысына бір-бір төр, бір-бір бас, бір-бір ат, бір-бір шапан керек, шамалыға басын имей шекелей қарайтын тарпаңдар ғой... Енді, міне, бүгін кеп садақаға шалынған қоңыр қошақандай тіл тартпастан кетіп жатыр, кетіп жатыр. Соны білгендей, жоңғар мергендері жолдың екі жағына тұра қалып, секем алатындай қуыс-қалтарыс, жыныс-жықпыл көрсе болды, бір де бірін тастамай, себелеп оқ жаудырып келеді. Үн шықпаған сайын секем ала түседі.
Қыл жалаулары жалбырап тіптен жақындап қалды. Енді мынау тас қапшықтай тар аңғардан қиялай шығатын жаңғыз аяк, соқпаққа аяқтарын бір іліктірсе, әрі қарай Сығанақ асады. Бірақ, олар қанша жалтақтап қарағанмен қарасұр жақпар тастар бәрібір сыр бере қояр емес. Сол баяғы сазарған-сазарған қалыптары. Кей арада кейін шегініп, далиған-далиған алаңқай жасап, кей арада қайтадан сүзіскен текедей тұмсық тірестіре қалады, кей арада жайпауыт тартып, кей арада тіп-тік найза шыңдарға айналып түксиіп тұрып алады. Сылдыр-сылдыр су ағады. Сықыр-сықыр тас құлайды.
Шүбалаң көштің алды Сығанаққа жол шығатын соңғы асу, соңғы қолтыққа келіп тірелді. Артының да сонау етектегі тар шатқалдың аузына енді-енді іліккен түрлері бар.
Әлі де шыдай тұру керек. Қол басындағылар Сығанақтың жалғызаяқ соқпағына түссін. «Уһ, мынау тас қамалдан құтылдық па, жоқ па», - деп демін бір алсын. Әлгі бір тас түйін сақтықтан айырылсын. Жайбарақаттансын. Қолдың арты да шатқал аузынан ұзаңқырап, сұғына түссін. Мынау жеті жұрт көшіп, жеті жұрт орнаған кең байтақ даланың қай қырқасында да аран өңешін бір қандамай құр тұрмаған құзғын шатқал бүгін де талайдың басын жұтар, бүгін де лық-лық қан құсар. Ләйім сол қан жоңғардікі болғай!
Кенет әлдеқайдан керней тартылды. Жоңғарлар түп-түгел бастарын көтеріп жоғары қарады. Сол-ақ екен, талай көкірекке оқ қадалып, талай аттың жалын қан жауды. Қарғыс атқыр мына таудың бұта екеш бұтасы да садақ атып, тасы екеш тасы да оқ жаудыра білетіндей.
Мынадай тұтқиыл шабуылдан не істеп, не қоярын білмеген қалмақ қолы, қапелімде, алақтап сасып қалды. Төбеге қарасаң ештеңе көрінбейді. Бірақ талай мойынды қылшасынан қырқып түсіп жатқан тажал оқ сол биіктен жауып тұр. Сонау жақпар тастар мен ну жыныстың арасына тығылған мергендер манағы жоңғар мергендері жаудырған оқтан түп-түгел қырыла салмапты. Көбі солай мергендердің қайда орналасқандарын білмек боп көкке қарап ауыздарын ашып тұрғанда қапталдағы ұры қойнаулардан дүрсе қоя берген қазақтар қылыштаса, найзаласа жөнелді. Сәл кеңіске шыққандар сайысып кеткенмен, тар арнаның табанында қалғандар көкке қарай атқылап, босқа оқ шашқандары болмаса, еш қайран қыла алмады. Төбеден жауған оқ олардың қатарын қоғадай селдіретіп барады, ал олардың оғының қайда кетіп жатқанын ешкім білмейді. Ілгері аттайын десең, алдыңғы жағың тар қойынауға кептеліп қалған. Кейін шегінейін десең, ол да солай тарс тығындалып, тырп ете алмай тұр.
Әуелі алдыңғы жақтан айқай шыққандай болып еді, енді арт жақтан да баж-бұж дауыстар көбейді. Шамасы ол тарапта да сатыр-сұтыр шайқас қыза түссе керек. Не болып, не қойып жатқанын ешкім білмейді. Әйтеуір, домалап түсіп жатқан екі аяқтыларды көреді. Тақымнан босаған жануарлар мынау тар қамашауда қалғысы келмей, қос қапталдағы өр бауырға жанталаса тырмысып шауып шыққысы келеді, бірақ не тайып кетіп, не оқ тиіп қайтадан сылдыр-сылдыр су ағып жатқан сай табанына қарай сатыр-күтір домалай жөнеледі. Кісінескен, оқыранған, бақырған, шыңғырған, қор-қыраған, ойбайлаған, ақырған, боқтасқан жандылардың дауысы шақыр-шұқыр, сатыр-сатыр, тақ-тақ, тырс-тырс, гүрс-гүрс жансыздардың дауысымен мидай араласып құлағыңды жеп барады. Әлгінде ғана тым-тырыс сүлесоқ көлбеп жатқан Қаратаудың тәніндегі сан жетпес жақпар тастарға аяқ астынан жан бітіп оқыранып, кісінесіп, бақырып-шақырып, шақыр-шұқыр тісін қайрап, ойбайлап, боқтасып, тайдай тулап аламан-асырды салып жатқандай.Жер мен көкте алысып-жұлысып жатпаған ештеңе қалмағандай. Қара жердің бетінде не болып жатса да, миына кірмей жымыңдағанынан бір танбайтын күлегеш күн кезі де мына шайқастың егжей-тегжейіне қанып алғысы келгендей, сарт та сұрт қылыштасып жүргендердің біресе ол жағынан, біресе бұл жағынан аунап, жалт-жұлт сығалап қояды.
Жоңғар қолы маңдайын тасқа тіреп тұрып алды. Арттағылар шатқалдың ауызына қарай кері бұрылып, кеңге шығып алғысы келіп жанталасып еді, тасадан «Тұлпарлап» лап қойған қалың атты кескестей кетті. Әлгінде ғана басқандарынан жер ойылардай боп жер тәңірсіп келе жатқан жоңғарлар бүйендей шұбалған тар шатқалға қамалды да қалды. Қазақтар енді оларды әсіпке туралатын еттей кескілеп бағады.
Қара жақпар тасқа шақ-шұқ жанғырыққан қылыш дауысы жоңғарлардың желігін басып, жүректеріне үрей ұялатса, қазақтардың жігерін қоздырып, қайраттарын шыңдай түскендей. Бұта-бұтаның, жақпар-жақпардың тасасына тығылып жатып алған мергендер бастарын көтеріп алып, сай табанында қамалып тұрған қалмақтарға садақ оғын сары масадай қаптата жөнелді.
Әбілқайыр өз жігіттерінің ұйымшылдығына, мұншалық ержүректігіне қатты таңғалып тұр. Қазақ жағынан шашау шыққан, қате болған бір де бір қимыл, бір де бір әрекет кезіне түспеген сияқты. Мергендер де дер кезінде оқ ашты. Тосқауыл да дер кезінде ұрысқа кірісті. Шатқалдың басы мен аяғы да дер кезінде қоршауға алынды. Бас-аяғы жеті мыңдай жау қолы енді, міне, бұның нояндарының көз алдында торға түскен шортандай бұлқынып жатыр. Олар енді қанша бұлқынса да, бұл қамашаудан тірі құтыла алмас. Әттең, дүние, бұлар сәл кешігіп келді ғой. Бұрынғы шайқастардың қалай болғанын кім біліп жатыр?
Бұл енді сонау сай табанындағы, екі жақ бауырайда шоқ-шоқ боп шайқасып жатқандарға қарады. Сығанаққа жол ашар дөңгелек қойнауда ақ семсерін былғалап Тайлан жүр. Қайдағы бір шие байланған түйіндей кескілес болып жатқан қалың шоғырдың арасына қойып кетеді де, әп-сәтте-ақ жайратып шыға келеді. Жалақтап жан-жағына бір қарап алады да, тағы сондай бір қою шоғырды тауып ап, дүрсе қоя береді. Шатқалдың тығырық басынан оқтын-оқтын Бөкен-байдың күркіреген даусы шығады. Сай аяғында да ызы-қиқы айқай. Ту сыртына қарап еді. Ақ боз ат мініп хан туын асқақтата көтеріп Мырзатай тұр. Тентек неме ат үстінен қопаңдап: «Ноқай неме, оң жақтан келе ме екен?! Қап қызыңды ұрайын-ай! Е, бәсе, қолтықтап шаныш! Жарадың! Әй, артыңнан әне біреу келіп қалды. Шешеңнің көрін, маңдайыңдағы көз бе, жоқ без бе?» - деп сай табанындағы біреуге ақырып қояды. Мана қуыс-қуысқа жасырып қойған ру-рудың тулары да желк-желк етіп шыға келіпті. Көп ұзамай бұл шайқастың да бітетұғын түрі бар. Қыл жалаулы жау тіптен селдіреп қалыпты. Қайдан шыққандары белгісіз қарқ-қарқ етіп қарғалар қаптап кетіпті. «Ау, анау жайрап жатқан жаудың көзін шұқиық! Қылыш, найзаларыңды тарта тұрыңдаршы!» - дегендей кескілесіп жатқандардың төбелеріне төніп-төніп барып, қарқ-қарқ деп қайтадан қалықтап шыға келеді.
Хан көкірегін екі ұдай сезім билеп алған. Бір жағынан мынау жеңіске желпініп тұрса, екінші жағынан көкірегі бір сұмдықты сезгендей, іші-бауыры қалтырап барады. Манағы тұла бойын түгел буып келген ызасы мынау ағыл-тегіл аққан дұшпан қанын көргесін тарап кеткендей. Ширыққан жүйкесі де болбырап сала берген.
Бесін ауып барады. Сай табанында көлеңке ұзарды. Шайқас әлі жүріп жатыр. Күн екіндіге таянды. Сай табанындағы гүж-гүж дыбыстар басылып, шақыр-шұқыр қылыш үні де азайыпты. Әттеген-ай десейші. Жоңғардың бас қолы мынау тар қыспаққа неден тығылсын. Ол сонау кеңнен оратылып күнгейге шығып алды ғой. Мынау сол Созақты тонап келе жатқан шағын қол болды ғой!»
Неге екені белгісіз, Әбілқайырдың алақанының ду-ду қышығаны басылмай тұр.
- Бұлардың басшылары қайда екен? Тілдесе алдыңдар ма?
- Бір жас тайшы екен! Мана бесін ауа оққа ұшқан.
- Қайда жатыр?
- Денесі сай табанында, басы, - міне!
Батыр сұлтан ханның аяғының астына әлденені сылқ еткізіп тастай салды. Шекесі торсықтай ай маңдай біреу қарсы алдына кеп қасқиып жата кетті. Бет-ауызы «менің балам болсын» дейтіндей бір сүп-сүйкімді жігіт. Қусырыңқы қыр мұрнының астынан мұрт тебіндепті. Бетінде ашу да, ыза да, кек те жоқ. Аларған екі көзі сонау көк аспаннан бірдеңе көргендей қадала қапты. Мынау өзі бір таныс неме сияқты ғой. Тіпті басындағы айдары да таныс сияқты екен!
- Біздің осы Нұралы қайда? - деп сұрады хан.
- Мен мұндамын, көке! - деді ту сыртынан таныс дауыс. Ақ боз аттың үстіндегі он бір он екі жастар шамасындағы торсық шеке ай маңдай бала жігіт тұлымшағы желбіреп ілгері озыңқырап тұрды.
Хан жалт етіп бір қарады да, үндеген жоқ. Байбек төлеңгіт ұстап тұрған атына бұрылды.
- Мынаны қайтеміз! - деді Батыр басты нұсқап.
- Қайтетін едік. Тастай сал! - деді Әбілқайыр.
Ол ерге енді қонғанда Батыр сұлтан әлгі олжасын қимағандай біраз ұстап тұрды да, шатқалға қарай атып кеп жіберді. Кішкентай қара нүкте барған сайын құрдымдана түсті де, аран сайды тұтаса көміп алған қара көлеңкеге сіңіп үштігөйлі жоқ болды.
Әбілқайыр басын көтеріп алып еді. Қып-қызыл күн екі шошақ жақпар тастың арасына барып қыстырыла қапты. Сай табанында қимас бірдеңесі бардай көзін сатып сығалай қарап тұр.
Әбілқайырға ол бірдеңені елестеткендей болды. Немене еді сол?! Ойына ештеңе түсіре алмады. Қып-қызыл күн қылмың-қылмың күліп қояды. «Е, қан жалаған қызыл қаншық секілді екен ғой. Опасыз уақытқа қара жерде не болып жатса да, бәрібір екен ғой. Қан ағып жатыр ма, у ағып жатыр ма, адам өліп жатыр ма, шыбын қырылып жатыр ма, - оған бәрібір. Оған, әйтеуір, мынау уылжыған дүниенің құлазып бос тұрмай, жым-жырт тыныш тұрмай, дүрлігіп жатқаны керек екен ғой!»
Хан баяу басып жүріп кетті.
Қара көлеңке жамылған қара шатқалдан қара бұлттай түнеріп қалың қол шықты.
Содан бұлар Созаққа келді. Тып-типыл. Шашылған кесек пен көлденең түскен өліктен ат сүрініп жүре алмайды. Анадай-анадайдан ит ұлиды. Басқа тіршілік дыбысы естілмейді.
Содан бұлар Шолаққорғанға келді. Бұл да тып-типыл. Қираған үй. Шашылған қазан аяқ. Жайрап жатқан өлік.
Баба-атаның басы да жым-жырт. Басына ала-құла шүберек байлаған жалғыз ағаштан басқа аман қалған ештеңе жоқ. Мынау қорқынышты дүниеден үрейі ұшып қара іздегендей қапталдағы қара жоталардың астынан қайта-қайта қасқыр ұлыды.
Баба-атадан шыға бере-ақ Тайлан жұрттан бөлініп шаба жөнелді. Екі иығы бүлк-бүлк етіп бара жатқандай көрінді, Қуып жетіп қатарласуға ешкімнің дәті бармады.
Күн жаңа шығып келе жатқанда бұлар Көсегенің жонына көтерілді. Таныс жон, таныс көріністер Әбілқайырдың көзіне оттай басылды. Мына бір қоянжонданып шыққан қолаттың аяғындағы жалғыз үй көз алдына сайрап келе қалды. Баяғыда Тайлан екеуінің арқарға таласып алғаш келгеніндегі қараша үй есіне түсті. Артынан осы кезге дейін өңі екенін де, түсі екенін де білмейтін, қызыл түлкі қуып жүріп ойда жоқ соққаны тағы есіне түсті. Төр алдында малдасын құрып салып шәй сораптап отырған Мәті би көз алдына келді. Оң жақта шынашағын шошайтып шәй құйып отырған Пәтшәйім көз алдына келді. Неге екені белгісіз, бет-ауызы жыбырлап қоя берді. Алдарынан арсыз күн кеше ештеңе болмағандай, алдыңғы күні ештеңе болмағандай, одан бүрын да ештеңе болмағандай, бүгін ештеңе болмайтындай жымың-жымың күліп жарқылдап шыға келді.
Бұлар сол көз ұшында кетіп бара жатқан Тайланның соңынан салып келеді. Әне Тайлан атынан түсті. Тізгінін қолына алып жаяу кетіп барады. Бұлар да атынан түсті. Қалың қолды сол араға қалдырып, қасына ру басы, қол басы батырларды ертіп бір кезде айдалада көзге шалынып жалғыз үй тұратын оңаша қолатқа қарай ілби басып жүріп келеді. Жалғыз үй ғайып болған. Жұртында ыбырсып бірдеңелер жатыр. Айқай жолдан былайырақ оңаша тұрған жалғыз үйді де аман қалдырмапты. Қараптан-қарап тізесі бүгіліп бара жатқандай, Әбілқайыр аяғын зорға алып келеді. Екі көзі алдындағы Тайланда. Екі көзі алдындағы ыбырсып жатқан жұртта. Бірте-бірте жақындаған сайын жүрегінің шанышқаны күшейді. Мынау айдаладағы жалғыз үйдің өзіне соншалықты жақын, соншалықты қымбат болғанын бүгін сезіп келеді.
Әлгі қарауытқан өртенген үйдің орыны болып шықты. Сау сағанақ қалдырмапты. Қаусаған қара кұл мен күйіктің үстінде емең шаңырақтың күйік-күйік қаңқасы жатыр. Адамдарын да бірге өртеді ме екен деп, үйіндіні найзамен шұқылап, аударыстырып қарап еді, адам мүрделері ұшыраса қоймады. Тайланның сұп-сұр беті бүлк ете қалғандай болды. Шамасы, мынау жалған дүниедегі өзіне ет жақын үш адамның қорлық көрсе де, қара жерді басып тірі жүргеніне шүкірлік қылған секілді. Сонда оларды қалмақтар айдап әкеткені ме? Жалақтап жан-жағына қарады. Көзіне ештеңе түспеді. Кенет анадайдағы жаңа тебіндеп келе жатқан алақандай егістікті көрді. Мәтекеңнің біраздан бергі ермегі осы жер тырналау-тұғын. Баяғыда бір ұлы билікте жұрт айтқанын тыңдамағанда, шаршы төрде отырған алқа би басымен орнынан атып тұрған да үн-түнсіз жүре берген деседі. Иығына қақпа шекпенін іліп, шөгерулі жатқан бурасына мініп, шаужайына жармасқандардың қолын қағып тастап, беті ауған жаққа тайып тұрыпты. Сол бетімен барып бір күн түнде үйін теңдеп көшіп кеткен. Тәңертең тұрса, Мәті бидің үйінің жұрты ғана жатыр. Жұрт әр саққа алып қашқан. Біреулері бұның арғы түбі қарақалпақ деуші еді, Хорезм ауып кетті дескен. Біреулер ағайынына өкпелеп, қайындарына, қара қыпшақтарға сіңіп кетіпті дескен. Біреулер сонау Бұқараға барып пірәдар болып алыпты дескен. Жұрт әр қилы лақап шығарып болғанша, Мәтекең Қаратаудың теріскей бетіне ауып, осы бір оңаша бұлақтың басына кеп орныққан. Оның хабарын Шашқа мал айдап келе жатқан қыпшақтар шығарған. Жаңа жұртқа келгесін аурулы әйелі жалғызүйліктен ішқұса боп өліпті. Үйін артып көшіп келген үш көнмойнақтың екеуі бөтен жақтың отына үйренісе алмай, іштері жарылып жайрап қапты. Жалғыз үй, жалғыз шал, қаршадай қара бала мен шудасы тізесіне түскен қара бурамен қала беріпті. Қалың жауға талай жалғыз шапқан Мәті би батырды білмейтін қазақ кем де кем. Талай шаршы дауда қасқиып тұрып билік айтқан әділ қазыны білмейтін қазақ кем де кем. Баяғыда салқам Жәңгірді қамап тұрған қалың қолға бір өзі тиісіп, ханды қашырып өзі тұтқынға түсетін Мәтіні кім білмесін! Артынан мынандай төтен ерлігіне тәнті боп, алдына шақыртып алған қоңтайшының: «Дүниедегі ең үш тәтті нәрсені қателеспей айтып берсең, басыңа бостандық берем», - дегенінде: «Ақ некелі жардан тәтті не болушы еді, ақтан туған ұлдан тәтті не болушы еді, азамат екеніңді біліп өлген ажалдан тәтті не болушы еді. Мен осы үш тәттінің үшеуінен де дәм таттым, енді өлтірсең де өзің біл, босатсаң да өзің біл», - деп к,ас дұшпанынан ат-шапан айып алып қайтатын Мәтіні кім білмесін! Қызыл тілім мен сара көкірегімнің жолына тұзақ болады деп иініне асыл ілмей, алдына мал түсірмей, жанына ағайын-жекжат жолатпай қара қылды қақ жарған тура би атанған Мәтіні кім білмесін! Билікке алған дүние-дәулетті тап сол арада ғарып-ғасырға пышақ үстінен таратып беріп кететін сақи Мәтіні кім білмесін! Биліктен әлдеқашан қалған кезінде бір замандасының артынан бата оқи барғанда: «Көктегі жарылғаушы жалғыз тәңір, жердегі жарылғаушы жалғыз Мәті би деуші еді. Мәті би екенің рас болса, жарылға!» - деп шаужайына жабысқан бір есалаң кемпірге астындағы тақым артар жалғыз көлігі шудасы жерге түскен қара бурасын түсіп беріп, жаяу кететін мәрт Мәтіні кім білмесін!
Сол Мәті мынау Тайлан туғалы жалғыз үйлі-ді. Сол Мәті мынау Тайланды Қаратаудың бауырайын тырналап нан тауып, шатқалын аралап ет тауып ел қатарына қосып еді. Тері киіп, терсек төсеніп өскен намысқой жігіт: «Әке, менің қатарым атқа мінді. Мен қайтем, қу даладан құлан ұстап жуасытам ба?» - дегенде: «Балам, жұрттан талай алғыс алып ем. Сол алғысым сені жаяу тастар деймісің!» - депті. Аңшы жігіт тағы қуалап, таудан-тасқа ырғып-қарғып жүргенде етекте кетіп бара жатқан бір керуеннің кезіне шалынады. Керуен басындағы шұбалған көк ала атты анадайдан бүрылып кеп: «Жігітім, кім боласың?» - деп сүрайды, Тайлан жөнін айтады. Сонда бейтаныс кісі атынан түсіп, аңшы жігітке ұсынады. Тайлан мынау суреттей атқа қызығып тұрса да, қайдағы бір меймана қазақтың оп-оңай жарылқай салғанын мүсіркегендік деп түсініп, намыстанып оңай келген олжадан бас тартады. Ат иесі: «Жігітім, тартынба, ал! Кісіге бақытта, қасіретте осылай ойда жоқта тап болатын. Бақытыңнан бас тартып тұрғаныңды, жоқ қасіреттен бас тартып тұрғаныңды қайдан білесің? Меселімді қайтарма. Жалғыз-ақ бұйымтайым, әкеңе сәлем айтып барсаң болғаны», - дейді. Сонда жігіт шұбалған көк шұбарға тақым салып тұрып: «Әкеме кім сәлем айтты деп барамын?» - деп сұраған екен. Анадайда өзін тосып тұрған керуенге жаяу аяндап бара жатқан әлгі бейтаныс кісі: «Қызыл тайынша!» - деп айқайлапты.
Баласының салаңдаған көк ала атқа мініп келе жатқанын көріп Мәтекең: «Балам, атың құтты болсын!» - депті. «Қайдан алдың? Кім берді?» - деп сұрамапты. Кешқұрым жатар алдында баласы манағы бейтаныс кісімен қалай кездескенін әңгімелеп берген екен, кәрі би мырс етіп күліп жіберіпті. Сейтсе, манағы кісі бала кезінде базарға мал айдап кетіп бара жатқан бір байдың қызыл тайыншасын жол-жөнекей ұрлап апты. Қазанын енді түсіріп жатқан ұрының үйіне жоқ қараған бай серіктерімен сау етіп кіріп барыпты. Қазанын күлге төгіп, шешесін бұрымынан ұстап ап, көк ала қойдай қып сабапты. Баланы құлағынан бұрап, шырылдатып отырып, сол маңайда түстеніп жатқан жерінде, Мәті бидің үстіне әкеп кіргізіпті. Сонда Мәтекең: «Сенің баға алмай айырылып қалған малың тамағын таба алмай отырған аш ауызға тап боп сауабына қалған екен. Барымтада кеткен малың болса бір сәрі, қасқыр жеп кететін қызыл тайыншаның дауымен кеп, алдымдағы асты суытқаның үшін маған бір сауын түйе айып төлейсің, өзіңді туған әйелдің шашынан көзіңе шөп түспей тұрып тартқаның үшін мына баланың шешесіне бес бие айып төлейсің, би алдынан өтпей тұрып күш керсеткенің үшін өзіне он қой айып төлейсің» - деп, дау қуып келген дүниеқоңызды басымен қайғы қылып жіберіпті. Жұртқа көрсетпей қызыл тайынша ұрлап соятын батыр бала мынандай ағыл-тегіл малды жұрт көзінше айдап кетуге жүрексінгенде атақты би манағы жолаушының Тайланға айтқанын айтып, қолын жайып: «Қой анасы оннан, түйе анасы бірден, жылқы анасы бестен, өсейін десе астан-кестең», - деп бата берген екен. Манағы жолаушы сол ұры бала болғаны ғой! Баяғы мал адал боп бұйырып, алдына дәулет түскені ғой.
- Сәлем айтса, сәлемат болсын! - деген Мәтекең. Содан Мәтекең бірде көк шабдар ат мініп келеңдеп жүрген баласына:
- Балам, базарға барып қайтсаң қайтеді, - депті.
- Одан не бітірем, әке? - депті Тайлан.
- Көк атыңа мініп бар да, көк атыңа мініп қайт, басқа ештеңе істеме, - депті Мәтекең.
Тайлан содан Түркістанның базарына барыпты. Көк ат мініп көлденеңдеп келе жатқан жас жігіттің үстіндегі тері жарғақ киіміне таңғалды ма екен, бір отағасы анадайдан:
- Жолың болсын, балам, - депті.
- Әләй болсын, ақсақал, - депті Тайлан.
- Шырағым кімнің баласысың? - депті ақсақал.
Тайлан жөнін айтыпты.
- Ендеше, балам, осы арада тұра тұр. Анау қымқуыттың арасына кірмей-ақ қой. Менің бір Мәтекеме беріп жіберетін сәлемдемем бар еді, - депті.
Ақсақал көп ұзамай бір қапшықты арқалап әкепті де, Тайланның артына әңгеріпті.
- Ақсақал, бұны кім берді дейін? - депті Тайлан.
- Мәтекеңнен жақсылык, керген адам аз ба? Соның бірі дей сал, - депті кәрия.
Тайлан үйіне кеп қапшықты ашса, лықа толы өзіне арналған асыл киім екен. Тайланның үстінен жарғақ тон осылай түсіпті деседі. Кейін Әбілқайыр екеуі бірге жорыққа барып жан қиыспас дос боп қайтқасын бірде Мәтекең баласынан:
- Балам, атың түзелді, киімің түзелді, досың түзелді, енді ер жігітке не жетпей тұр? - деп сұрапты.
- Әке-ай, оған үйірімен үш тоғызды, қырық жылқыны қайдан табамыз? - депті.
Сонда Мәтекең:
- Бала әкеге бес жыл жұмбак,, әке балаға өмір бойы жұмбақ деген осы екен ғой. Әкеңнің қадірін әлі түсінбегенің бе, балам, - деп басын шайқап күліпті.
- Әкең - Мәті, досың - Әбілқайыр болса, саған қандай қалың керек. Қасыңа сұлтанды ерт те, сұлтан түсетіндей бір үйдің ту сыртынан барып ат басын тарт. Ар жағын өзің көрерсің!
- Әке, сонда кімнің ауылына барғаным дұрыс дейсің? - деп сұрапты Тайлан,
- Өзіңнің болашаң қадіріңді, әкеңнің атын, досыңның абыройын тегін үйдің босағасына тастай салма. Жалғыз шалдың жалғыз баласы болып та біраз жүрдің ғой. Ең болмаса қайның қалың ауыл болар ма екен? Алысқа ат шаптырып қайтесің, мына Боралдай бойындағы Жомарттың ауылына бара сал, - депті.
Әкесінің «бара салының» өзі байлығы мен сән-салтанаты күллі ңазақтың ауызына іліккен Жомарт болғанына Тайлан таңғалмағанда, кім таңғалсын! Қапелімде, іштей жүрексініп тұрса да, әке аузынан шығар сөз шығып қалғасын, қасына Әбілқайырды ертіп Жомарттың ауылына барды.
Салтанаты асып, Сайрамның ауызын бағып, дүние-малды қайда шашарын білмей отырған Садыр байының ауылы Кіші жүзден ат басын туралап бір төре, бір батыр қонаққа келгесін шашылмасқа жағдайы қайсы. Аяқтарын жерге түсірмей, ат үстінен кетеріп алып, ақ үй тігіп қонақ етіпті. Енді жас жігіт бай ауылда бір күн жатыпты, екі күн жатыпты. Үшінші күні күтуші, даяшылардан ертең жолға шығатын райларын таныт-қанда, Жомарт келіпті.
- Бұйымдарыңды кетерде емес, келген бойда сұрайтын аса қадірлі қонақтарымсыздар. Бірақ, көмейлеріңді ішім сезіп тұрып, келмей жатып сырларыңды айтқызып алмайын, қысылып-қымтырылмай қонақ бола тұрсын дедім. Сонымен Мәтекең келінін қай шамада алып кетем деп отыр? - дегені.
Пәтшәйым бұл ауылға сүйтіп келген. Жомарт бұлардың бұйымтайын айтқызбай орындады. Бұлар Садырларға қыздарын көрместен құда түсті. Ол жолы қалыңдықты екеуі көре алмай қайтқан. Сөйтсе, Пәтшәйым екен. Жә, ол турасында Әбілқайыр мынандай кер кеткен түс түгілі замананың тынышында да ойына алмауға тырысатын. Жан досының, онсыз да құйрық-жалы селдір жалғыз-жігітке құрдасының көңіліне қаяу түсе ме деп ойлайтын. Тағдырдан басқа ешкім жазықты емес сол бір құпияны бұған дейін мынау қара жердің бетінде білсе, екі адам ғана білетін еді. Енді, міне, Пәтшәйым не өзі, не өлігі көрінбей, үшті-күйлі жоқ. Ол сырды бұдан былай Әбілқайырдың өзінен басқа ешкім де білмейді.
Тайлан қараң қалған жұрттың басында байыз тауып тұра алмай сенделіп кетті. Жер ошақтың басында Пәтшәйым ұстаған көсеу аман қапты. Пәтшәйым жақында ғана теріп әкелген тезек аман қалыпты. Баласы ойнап жүріп осында әкеп тастаған болу керек, қынаға салып бояған төрт-бес асық жатыр. Тайланның кешегі, жиын-тойдай дәуренінен қалған бар жұрнақ сол...
Манадан төңірегіне қабарыта қарап, тік тұрған, қаздиып берік тұрған Тайлан сұлқ шөгіп отыра кетті. Шашылып жатқан су күлді жұдырықпен қойып-қойып қалды. Тайланның манадан бері буынып тұрып-тұрып, аяқ асты лық ете қалған өкініші мен қасіретіндей көк сұр кұл бұрқ ете шапшып, еңгезердей батырдың жап-жалпақ бет-аузын көмді де кетті. Кешегі бейбіт тіршіліктен қалған осы бір болмашы із оған: «Ошағың мен шаңырағыңды бақпай, қайда жүрсін?» - деп зірк ете қалғандай.
Әбілқайырдың екі жауырынының арасы мұздап қоя берді. Есіл досын от басының қызығынан айырып, қасынан тастамай, кеп ерткеніне, енді, міне, бүгін келіп өкініп тұр. Қай бір ақ тауды айырып, қара тауды қайыратын жігіттің мына дүниеде тындырып кетер жақсы ісінің, тастап кетер жақсы атының, қар төсеніп, мұз жастанып жүріп қалған қайратының, елге істеген, халыққа істеген қызметінің, ағайынға, досқа істеген шапағатының жалғыз хиуазы - өз отының басы мен өз елең төсегіндегі кемді-күн көрер қызығы екен ғой. Енді, міне, Әбілқайыр соны да мынау Тайлан досына түгел бұйыртпапты. Бірде жол шығыпты, бірде жорық шығыпты, бәрінде де Тайланды тастамай, кісі шаптырып алдырыпты да отырыпты. Соның бәріне ол өз ошағының жылуын, өз төсегінің рақатын, өз дастарқанының ырзығын, әкесінің мейірімін, жарының ықыласын, тәй-тәй басқан баласының былдырлаған тәтті тілі мен мойынына оратылған ыстық құшағын тастап келеді екен ғой.
Әттең дүние-ай десейші. Биқасиет тіршіліктің пәтуасыз шырғалаңы қай нәрсенің қадір-қасиетін түгел ұқтырып жатыр!
Тайлан орнынан атып тұрды. Бет-ауызын көміп кеткен кұл-тозаңды сүрткен жоқ. Тәлтіректеп басып алақандай егістікке беттеді. Егістіктің шетіндегі шаншулы күйінде қалып қойған күрекке барды. Күректің сабын көкірегіне басып біраз тұрды. Сонда барып анадай жерде жайрап жатқан өліктерді көрді. Жүгіре басып қасына барып еді, төрт-бес жоңғар ұзыннан сұлап түсіпті. Қарақұстан тиген ауыр соққының орнына қатпарланып қан ұйып қалыпты. Жексұрын көкала шыбындар гүж-гүж етіп шыр айналып ұшып жүр. Бір жоңғар қос қолымен әкесінің тірсегінен ұстай құлапты. Құбыла бет шетіндегі етпеттей жығылған Мәті би екен. Кетпені анадай жерге ұшып кеткен. Нағілет жоңғарлар жетпістен асқан кәрі шалды қос жауырынының арасынан найзамен шаншып өлтіріпті. Кәрі батыр өлер алдында біраз жағаласты салса керек. Айналасы қорс болып қалыпты. Қасындағы жайрап жатқан төрт-бес өліктің ажалдарын диқан шалдың қара кетпенінен тапқан түрлері бар. Жарықтық сексенге аяқ басқанмен жастығын ала өліпті.
Тайлан әкесінің қасына барып жер тізерлеп, етпеттей құлаған мүрдені шалқасынан аударды. Сол баяғы Мәтекең. Жүзінде өкініш те, ашу да жоқ. Өмір шіркіннің бір күні дәл осылай жер қаптырып кетерін алдын ала біліп қойған кісідей, жайбарақат жатыр. Жығылғанда ауызын бірдеңеге ұрып алса керек, сақалына қан ұйыпты. «Ә, келдіңдер ме»,- дегендей әлі ашық жатқан нұрсыз ала көздері телміре қарайды. Ешкімге, ештеңеге реніші жоқ жайбарақат жүз. Егер бұған оған әлі жан тапсыра қоймаған кезінде жетсе де: «Әй, қарақтарым-ай, әлдеқашан айтпап па едім», - деп өкпе-назсыз жөнеле беретіндей.
Әбілқайыр Тайланның қарсы алдына барып отырып, кәрі бидің көзін өз қолымен жапты. Ішінен қатты күйзеліп толғанып отыр. Иә, Мәтеке, сен әлдеқашан айтқансың. Айттың Мәтеке, айттың, Сен баяғыда-ақ айтқансың. Алқалы жиынның төрінен тұрып кеткенде-ақ, сен күндердің күнінде осылай боларын айтып кеткенсің. Сен мынау елсіз, оңаша бұлақтың басына қонып алып жеті атаң, жеті бабаң істемеген кәсіпті қуып, жер шұқып кеткенде де қазақтың қатты ойланатын уақыты әлдеқашан келгенін, олардың бұрынғы ат-жалы, түйенін қомы болған, дәуреніне көнбіс уақыт бұдан әрі көне бермейтінін айтып баққансың. Тәуке өліп, күллі қазақтың сақал-мұртынан жас тамып тұрғанда: «Таққа ие табылмайды деп жылап тұрсыңдар ма, жоқ, елге ие табылмайды деп жылап тұрсыңдар ма?» - деп сұраған да жалғыз сен едің. Болат таққа отырып, жұрт ханталапайға аттанып жатқанда: «Жақсы хан таққа мінсе, өзі талапайға түсер, жаман хан таққа отырса, елі талапайға түсер. Осы немеңді бала кезінен білетін едім, тоңқаңдап жырадан шықпаушы еді, көк төбенің басына шығып, белін көтере түріп, бетін желге бұрып шабына қарап түзге отырғанын бір кәрмеп едім. Иә, жасық шығар. Иә, пасық шығар. Қайсысы болғанда да, айдарларыңнан жел есе қоймас», - деп анықтап айтқан да жалғыз сен едің. Сен айтқансың, бәрін айтқансың. Тап осы жуырда ғана, биылғы көктемнің сылайынан шошып, ел-жұртқа: «Арғымақ пен азаматқа абай болсын!» - деп сәлем салған да сен болатынсың. Бірақ оныңды қай қазақ құлағына іліпті! Міне, бос белбеу отырып боқ басында жайрап қалдық. Оны және әркім өзінен көрмей, біреу біреуден көреді. Бұл да, міне, Түркістанның көк сарайында көлбеп жатып ап, күні-түні ұйқы соққан Болаттан көріп тұрған жоқ па! Иә, иә, өзі айтсыншы! Ақылды бір кісіге айтсаң, осыған айтып ең ғой. Басқаны қойғанда, сол айтқаныңды осының өзі түгел орындап па екен? Қайдан! Бұл әлі баяғысынша шетке қашып, оңаша күрсінгеннен әрі аса алмай жүр. Сырттай кіжінгені болмаса, бел буып шайқасқа шыққан жер жоқ. Әлі күнге әліптің артын бағулы. Әліптің, арты, міне, - жайрап жатқан өзің, жайрап жатқан елің. Жол басшың қызыл түлкі болсын деп ең бұл түлкілікті, айлакерлікті, бұта көрсе, бұға беру деп түсініпті. Бұл бұқпақтап жүргенде жол бастаушы қызыл түлкісі қан жалаған қызыл қаншыққа айналыпты. Баяғыда Пәтшәйым екеуіңе келіп, шәй ішіп кеткенінен бері ол көзіне көрінбеп еді. Кеше көрді. Сұғындықтың асуында көрді. Бататын күн болып, қарсы алдына кеп, қара аңғардың кемерінен аса тасып аққан қара қошқыл қанды шылп-шылп жалап тұр екен. Бұған қарап үшкір тұмсығын көкке көтеріп, қызыл тілін салақтатып құйрығын бұлғағандай болды. Оның не сұмдық екенін бір алла білсін! Бірақ, кешеден бері көріп келе жатқанынан асқан не сұмдық болатын еді. Иә, бұдан асқан сұмдық бар дейсің бе...
Мәті ақсақал бәрін естіп, бәрін түсініп, бірақ не деп тіл қатарын білмей, екі көзін тарс жұмып ойланып жатқандай. Тайлан мен Әбілқайыр оның мынау өліп жатқанда да ой шырмауынан шыға алмаған әжімді жүзіне, ашу-кексіз кешірімді келбетіне аңтарыла қарап біраз отырды. Сосын орындарынан тұрып, құбыла бет-тен қос құлаш жер қазып, шайқаста шәһит болған кәрі батырды киімшең күйі қара жердің қойынына беріп, үстіне жығылған нардай үлкен қызыл төмпек үйді. Ажалы жеткенше қолынан тастамаған соңғы қаруы балшық пен қан қабаттаса жұққан қара кетпенді басына сайғақ қып шанышты. Дәу төмпешіктің үстіне ұшын шығысқа қаратып жез масақты сұр жебе тасталды. Бұл марқұмның кегін қуған кісі жауын осы жақтан іздесін деген нысана нышан...
Айғыр топ қол құбылаға жығылып намаз оқыды. Жұрт жапа-тармағай атына мініп жатқанда да Әбілқайыр ұзынынан сұлаған Қызылжал төмпектің қасында тұрды. Бұрын жандыдағы жалғыз пірім осы бір қайсар қара шал деп ойлаушы еді. Енді жер бетінде ол да жоқ, жалғыз қалды. Бұрын ол ой деп аталатын шалқар мұхитта көз ұшындағы осы бір жалғыз қалтырамас қайсар желкеннің қарасын бағып, қуалай жүзуші еді. Енді, міне, ол да тұңғиыққа батып, бұл әр күні жел әр тараптан шығып, ағыны мен толқыны әр қилы аунап, әр қилы шалқыған сол бір қатерлі ағында қалтаңдаған жаңқа қайық мініп жалғыз қалды. Бұрын өз ой аңғарының дұрыс-бұрысын осы бір қиқар қара шалдың қитұрқы лебізіне қарап бағыттаушы еді, енді оның өз көкірегінен басқа сенері жоқ. Шын жалғыздық деген осы екен ғой! Енді мұның серігі ойда жоқта тап болып, ойда жоқта ұғысқан аты халық ауызында қалар кәрі бидің бұлыңғыр елесі мен заман өткен сайын орынды, заман өткен сайын ұғынықты бола түсер азын-аулақ лебіздері ғана... Соңғы бір келгенінде: «Алаштың талағының биті, көкірегінің көзі бар азаматының қатарынан озбаққа ұмтылған жақсы. Ондай жігіт бойкүйездік жасаса, өзінің де, елінің де бағын байлайды. Ал, қолының ебі болғанмен көкірегі соқыр пысықайлардың төрге шапшығаны бақыт емес, тақсірет. Сорлатқанда біздің қазақтың жақсысы бойкүйез, жаманы өлермен келеді», - деп еді. Оны енді ұғып тұр. Сөйтсе, бұған айтқан бопсасы екен. Жоқ, бұдан әрі бұғып жүре бермес, не де болса, ақыр түбі бір жарып шығар.
Көсегенің көк жолындағы жаңадан түскен жалғыз төмпектен елдің ең соңы боп аттанған Әбілқайыр еді.
Ол орнынан тұрса, Тайлан атын жетектеп манағы күлдің басына қайта барыпты. Үюлі тезек пен күл арасында сенделіп жүрді де қойды. Еңкейсе - темір қазық. Қасында бірдеңе бұлтияды. Қазса - темір таба. Ашса - ішінде сап-сары таба нан. Шетінен біреу бір тістепті. Пәтшәйімнің өзі ғой. Тірі болды ғой, Тайлан таба нанды қойынына тығып, атына мініп, қолдан бөлініп жалғыз кетті.
Сосын... Сосын не болсын... Бір шырғалаң басталды да кетті. Әбілқайырлар ат үстінен түскен жоқ. Апталап шайқасты. Бір женді, бір жеңілді. Бәрібір шыққан пәтуа жоқ. Дүниенің төрт бұрышын сықсия баққан сығыр жау қазақтарды қапыда қалдырды. Сәуірдің жарқырап атқан жақсы таңында Боралдай өзенінін бойында Үлкен Тұра тауының қасында бір алқапты бір өзі толтырып тәтті ұйқыда жатқан садыр Жомарттың ауылына жау шапты. Оны әуелі түзге шыққан бір кемпір көріпті. Өзеннің аңғарынан бұқпақтап шығып қалған жоңғарды таң атқанша қыз ойнақ салып, енді ауылға қайтып келе жатқан осы ауылдың көп бозбалаларының бірі деп қалса керек.
- Тәйт әрі, мына көргенсіз қайтеді ей. Түзге отырған адамның алдынан жүре ме екен. Жарымағыр осыдан көзіңе теріскен шығып жүрсе, өз обалың өзіңе! - деп бажылдайды.
Бірақ, сай бойынан шығып келе жатқан «жары-мағырдың» оған құлақ асар түрі жоқ, емпеңдеп тартып келеді дейді. «Мынау бір көзіне қарайған неме екен», - деп ойлаған кемпір орынынан атып тұрып, «ойбайлап» ауылға қашады. Шет жақтағы үйлерден сыртқа атып шыға келгендерге, бейшара кемпір: «Бұ заманның еркегіне не болған? Сайға таман барып, дәретке енді отыра беріп ем. Мына бір шешек шыққырдың тарпа бас салғаны», - деп ауылды басына көтеріп келе жатыр дейді. Ал, үйден жүгіре шыққандар түзге отыруға барған кемпірді қуып келе жатқан көрсе басарды емес, ауылды үш жағынан иретіле орағытып жатқан өзен аңғарынан бірінен соң бірі қаздай тізіліп атып шығып жатқан түстері суық бейтаныс еркектерді көріпті.
- Ойбай! Жау! Жау шапты! - деп айқай салыпты сыртқа атып шыққан кісілер.
Сөйтсе, ауылдан бір де бір ат табылмапты. Бәрі жайылыста екен. Ыңыранған бай ауылы ұйқы-тұйқы болыпты да қалыпты. Көп ойбай, көп айқай. Құр ойбай, құр айқай. Сегіз қанат ақ орданың қақ төрінде манаурап жатқан Жомарт орынынан атып тұрып, кереге басындағы көк найзасы мен қылышын қолына ұстап, көйлек-дамбалшаң сыртқа жүгіре шығыпты. Жан-жақта жөңкілген дүрбелең. Есі кеткен халық анадайда аңырайып тұрған Үлкен Тұра мен Кіші Тұра - егіз таудың арасындағы қара аңғарға қарай босып барады дейді. Қара аңғарға тығылып қайдан құтылсын, алдарынан анталаған жау тағы шыға келіпті. Сүйтсе, қаскөй дұшпан көп әскерін сонда қалдырып, ұйқыдағы ауылды үркітуге азғантай тобын жіберген екен. Сай бойындағы сатыр-сүтыр сайыс көпке созылмапты. Бейхабар отырған ауылдың еркек кіндігі сәскеге дейін түгел жер құшыпты.
Сәске тұсында жоңғарлар қараң қалған ауылдың қатын-баласын қиқулатып қамап қойып, сай табанында отырып тамақтанып алыпты. Сосын қатын-балаларды қойдай тізіп, ертең жесір мен жетім қып алдарына сап айдап кететіндерін сұрыптай бастаған екен, бір тайшы кеп:
- Жетім мен жесір алда да жеткілікті. Қатын-қызының ең сұлуын алындар. Балалардың ішінде қазақтың белгілі батырларының төлі болса ғана алыңдар! - депті.
Содан он шақты қыз-келіншек пен төрт-бес бала ғана іріктеліп алыныпты. Қалғандары сары масадай жабылған сай кез оққа жем болыпты.
Дәл сол күні дәл осындай оқиға найман Бөрте батырдың да ауылында болыпты.
Осылай басталған топалаң қаулады да жүре берді. Қаратаудың теріскейінің үш қаласы алдымен күйреді. Енді Боралдай, Бадам, Қошқар ата, Арыс бойындағы ауылдар талапайға үшырай бастады. Қапыда тап болған жаудың хабарын кеш естіп асығыс атқа қонған қазақ қолдары өліспей-беріспей жанталаса шайқасса да, жау екпінін тойтара алмады, не бір қиын шатқалдардың ішінде, не бір жіңішке өткелдердің ауызында, Иқан, Түркістан, Қарнақ, Шорнақ, Сауран, Жөлек түбінде босқа жайрап қалды. Ол күндер қазақтардың көкіректері ояу қарияларының баяғыдан қақсап айтып келе жатқан ақыр заманының орнаған күні болды. Жан-жағың жайраған өлік. Арасында әлдеқайда зытып келе жатқан босқын елдің сіңірі шыққан қызыл сирағы. Мал жауда қалды. Бірінен-бірі адасқан жұрт. Ұлы жүз бен Орта жүздің найман, қоңыраты жол-жөнекей Сырдария бойындағы екі Ала көлдің екеуінің де жағасын өлікке толтырып Бұқараға құлады. Орта жүздің арғыны мен қыпшағы ақ шаңытты толарсақтан кешіп, ақ табан боп Торғай бойына тұмсық іліктірді. Кіші жүздің ұлан-асыр көші басын тауға бір, ойға бір соғып, Сауранды бір айналғанда үш айналып, Қызыл құмның қалыңын кешіп, Хиуаның бойына тартты. Қызыл шағылды толарсақтан кешкен аш, жалаңаш... Ақай-жылау... Жұрттың үсті елбе-селбе... Бет-ауыздарын айғыз-айғыз шаң көміп, екі көзі зорға жылтырайтын қалтақ-құлтақ мүскіндерді көргенде, әу баста топырақтан жаратылсақ, жаратыдған шығармыз деп ойлайсың. Аш пақырлардың жата қалып құм аса десең құм асайтын түрлері бар. Шөп басында пісіп тұрған дәннен ештеңе қалмады. Су көрінсе жағасына жайғасып ап, бақыраш толтырып шөп қайнатып отырған бір адам. Екі-үш қайнатып, ашуын кетіріп, шайнасаң шағыр екеш шағырдың да ас болатынын ол сонда көрген. Алғидың тамыры, жау-жұмырдың түбі сораңның басын Қоңыраттың ақ жүгерісі ме деп қаласың. Құмаршықтың талқанына хан болмаса, қараның қолы жетпейді. Бұрын еріккен балалар қазатын қоян тобық, көсік, мондалақты енді таласып-тармасып сақалдары сапсиған үлкендер қазады. Күні кешегі ақ сәлделі ақсақалдардың шарта жүгініп ап, көсіктің түбін аршып жатқандары. Бұғының мүйізіндей шаңбақтанып өскен көк тарамыс шөптің ең ұзын тармағы қарап тұрған жаққа біреу жоласа, «Кет, әрі жүр, менің қазып жатқан көсігімнің жұбайын қазып қоясың», - деп байбалам салады. Тақыр көрінсе еңгезердей еркектер атынан түсе қалып, қынындағы қанжарын суырып алып, тамыры жарты құлашқа дейін тереңдеп кете беретін қоян тобыққа шап береді. Індігеш кезіксе, біреуі түтін салып, қалғандары жер жұтқыр жәндік қай арадан қашып іпығар екен деп, екі көздері төрт болып торып отырғандары. Анада көктем басында күбідей болып семіріп алған мақұлықтардан үрерге ит қалмай барады. Бұрын аяғыңның астына кеп оратыла кететін жәреуке немелер қазір адам көрсе, жер түбінен безе жөнеледі. Мынау көзіне не түссе де, ұстап алып құзғын құрсақтарынан бірақ шығаратын екі аяқты жебірлердің жолында тұрмайық деп ай даланың аңы екеш аңы безіп кеткен. Бұл қара нөпір жолында тұрса, жолбарыс пен арыстанды да ұстап алып тірілей үйтіп асап салудан тайынатын түрі жоқ. Жылан екеш жыланның етінің де майы қалқыған тәтті сорпасы болатынын жұрт сол жылы білген. Құрт ауыруға борсықтың майының ем екенін, өкпенің қағындысына сары үйек жыланның сорпасының ем екенін, мысқыл жараны ыссылай тартқан күшік етінің былауы қағып түсетінін, белдің құяңын құмырсқаға таланып кетіруге болатынын қазақ сол жылдары ұққан. Ол сүмырай жылдары жұрт не сүмдықты біліп, не сүмдықты істемеді дейсің. Тіпті көш сайын ақсақалдарға ертелі-кеш бесіктегі кішкене балаларды түгендеп отыруға тура келген тұстар да болды. «Арпа, бидай - ас екен, алтын, күміс - тас екен», - дейтін мақал да сол жылдары шыққан.
Құламаның құла шөлінде өлгендері өліп, жеткендері жетіп шұбырынды халықтың алды барып, Хиуаға құлады. Хиуалықтар әуелі көрместі көріп, келе жатқан көп шұбырындыға қолдарынан келгенше қайыр-патихасын берді. Бірақ, бір емес, он емес, жүз емес, мыңдаған қайыршыға қайыр-патиханы қайдан тауып бере берсін. Көп үзамай мынау көшпенді шұбырындылардан азар да безер боп, қашатынды шығарды. Тас дуалға қамалып ап есіктерін ашпайды. Оған қараған көшпенділер бар ма, барып алып базарларын талады. Егінжайға, бақшаларына түсті. Жайылып жүрген малдары көзапара қызыл қуырдақ боп кетті. Енді хиуалықтар сыртқа есек екеш есегін шығармайтын күйге жетті. Сөйтіп өздері біреуден таяқ жеп қашып келе жатқан қалың босқыншы келе-келе басқыншыға айналды. Қараптан-қарап тал түсте таланып хиуалықтарды қара басып па! Сол жылдары талай қазақтың кәлләсін сүр мойнақ мінген жәуміт жігіттерінің қайқы қылышы қақшыған-ды. Сөйтіп қазақ пен түрікпеннің арасына да қара мысық жүгірді.
Әй, ол жылдары несін айтасың. Ақтабан шұбырындының сұрқиясы мен сұмдығын айтып тауыса алармысың! Әбілқайыр бүгінде сол бір көп сұмдықты көз алдына елестетуге дәті шыдамайды. Есіне ол түсті-ақ төбе құйқасы шымырлап қоя береді. Бірақ бір нәрсені ғана ойына алмай тұра алмайды. Ол баяғы Көсегенің көк жонында қалған жаңғыз мола... Шалқасынан түсіп, көзін жұмып ойға батып жатқан Мәті. Сонда оның басында іштей егіліп отырып ойлаған ойлары. «Көкірегінің көзі ашық, талағының биті бар азаматтардың бойкүйез болғаны өзінін де, халқының да соры...» «Тірі жүрсем ақыры бір жарып шығам...» «Ендігі халқыңның жол бастаушысы - жолбарыс та, бәрі де емес, қызыл түлкі...» «Қызыл түлкінің бір ауық құрт-құмырсқаға айналып, қайтадан қалпына түскені болашағынан әлі үмітін үзбегені шығар...» Құлағына жарыса жаңғырығып тұрған осы сөздер оның мынау адасапыранда жүріп, беталды құладүзге қаңғып келе жатқан өз жұртының осынша талайсыз болғанына күйініп, әбден мұқап-мүжіліп болған жігерін қайта қайрағандай...
Шынында да, қазақ деп аталатын халықтың мынау ұлан байтақ кеңістіктен өз орынын, өз салмағын, өз қадірін таба алмай, тани алмай осы тозып кеткені кеткені ме екен? Қай жақтан күшті жел соқса, соның ығына домалай берер қайраңсыздықтан енді қайтып құтыла алмайтын болғаны ма? Оның ендігі тағдыры көк желкеден сұғынған көк сүңгінің айтқанына көніп, айдағанына жүру ме? Енді ол өз тізгініне өзі ие болудан мәңгі-бақи қалып, осылай жел қуған қаңбақтай жұртқа желкелетумен өткені ме? Жоқ, табан тіреп, бір тоқтамға бекініп, кер заманның кергісіне көне бермей, аруаң шақырып, айбын көрсетер күні болар ма екен! Мынау кім көрінген кемсіткен «майтымақ», «бұратана», «көшпенді», «босқыншы», «қаңғырма», «қой соңындағы қой» аттарынан құтылып қайтадан «қазақ», «қазекем» атанар күні туар ма екен? Жан-жағынан қыспаққа алып, арлан қасқырлардай анталап тұрған аран ауыздардан азуларында жаншылып, өңештерінен өтіп кетпей, құрт-құмырсқа екеш құрт-құмырсқаға да орынын тауып, ырзығын айырып, жайбарақат күн кешіп жатқан кең байтақ қара жердің бетінде олар да жұрт қатарлы бастары қарайып жүре алар ма екен?
Ақтабан шұбырындының ала шаңытына ұрынып, басына күн туған бейшара халық, кім біліпті, күндердің күнінде есін біліп, етегін де жинар. Баяғы бір өңі екені, түсі екені белгісіз қызыл түлкі көз алдында құрт-құмырсқаға айналып кеткенмен артынан топыраққа бір аунап тұрып қайтадан қалпына түсіп еді ғой. Кім біліпті, қазақтың да бұл біржола құрығаны емес, қапысын тапқан аяр жаудың аяусыз жер соқтырғаны ғана шығар. Жүртыңды жөнге бастар болсаң, суырылып алға шығар түсың осы! Тұрғыластарыңнан тұрқың озық екені рас болса, көрінетін тұсың осы! Бойыңды сарысудай сарыуайым ғана жайлап алмай, бір мысқал тәуекел қалса, оны ат қып ерттеп мінер кезің осы!
Әбілқайыр ойға шомды-ақ, әлдебір сиқыр дауыс намысын шабақтап, құлағына қайдағы-жайдағыны құяды да жатады.
Ал тәуекеліне мінсін делік... Сонда не істеп, не тындыра алады? Хиуаның өзбегі мен түрікпені көздеріне шұқып сыйғызар емес. Баяғыда бес қаруы белдерінде, қайраттары бойларында отырған шағында осы бір екі шағылдың ығында тығылып отырып-ақ қарыны тоқ, киімі бүтін, құлағы тыныш хандықтарды мойын ұсынтып көндіре алмапты. Бақса, ертелі-кеш жер ұшық жасағандай жығылып-тұрып тоңқаңдап жүрер біраз диханды қол астында ұстағанның пайдасы болмаса, зияны жоқ екен ғой. Қап, бәлем, осыдан естерін бір жинап алса, бір етегін сонау Сарыарқаның салқын дөңіне қарай созса, екінші етегін мынау лайытып аққан екі дарияның бойына қарай созар-ау. Сонда, міне, қазіргідей тандыр жауып жатқан ала шекпеннің қасына барып алақан жайып, көзін сатып тұрмас едің, әлпештеп баққан ару қызынды кәудіреген кәрі шалға бір қап арпаға беріп, обалына қалмас едің... Оның бәрі - мәңгінің қиялы. Қазір, мына қазір қайтпек керек. Тентіренді жұртың бұдан әрі тентірей берсе, несі қалады? Жоқ, қазақтарға, әйтеуір, бір тізгін тежер жер керек болса, ол осы ара, осы түс...
Хан сөйтіп өз ойымен өзі пұшайман болып жүрген-ді. Бір күні сары бесінде атының сауырын ақ көбікке былғап, екі езуі екі құлағына жетіп, тама Есеттің шабарманы келсін. Әбден зәрезап болып қалған Әбілқайырдың жүрегі, қапелімде, тағы бір ойнақшып қалды. Аралдың арғы басына өтіп алып, оң бүйірін башқұртқа, сол бүйірін түрікпенге, қақ маңдайын торғауыт қалмақтарға қаратып, алшая қонып алған Адай, Тама, Табын ауылдарының өздерінің іргесінде де тыныштық жоқ еді, өздерінің өзгелерге де тыныштық көрсетіп отырғаны шамалы еді. Сүйтіп түске дейін «алақайлап», түс қайта «ойбайлап» қала беретін алмағайып кезде кесепаттың қайдан келедісі бар ма! Басына құс қондырып алғандай тымағы жалпылдап екі етек болып келе жатқан шабарман, сау болғыр, әйтеуір, анадайдан «Сүйінші!» «Сүйінші!» деп айқайлағаны.
- Иә, не қуаныш!
- Батырдың қатыны ұл тапты!
- Бауы берік болсын!
Жер түбінен шауып келген хабаршысының әлі күнге екі езуін жиып үлгере алмай тұрғанына қарағанда, батыр бөркін аспанға атып жатқан сияқты. Бармай болмайды екен...
- Тағы кімдерге хабар кетті?
- Бөкенбайға, Батырға, Төлебайға, Байсауға, Сырлыбайға, Шоланға, Есенқұлға, Жаулыбайға, Сабытайға - қойшы, хан-ием, құлағыңызды ауыртып не қылайын, әйтеуір Жанарыстың етегін жауып жүрген біздерміз дейтіннің бәріне...
Хан қасына нөкерін ертіп Аралдың күн батыс бетіндегі теңізге еміне кірген бір қара түбекте отырған Көкінің Есетінің ауылына тартты. Шілде енді басылған, бірақ, сүмбіле әлі туа қоймаған, күннің сүйек балқытар сартап қызуының әлі қайратында тұрған шағы еді. Әбілқайыр тобы ай далада жалғыз жайылған нар түйедей бір сөңкиген биіктің басына шығып күн шалып, айналаға көз тастауға тоқтаған-ды. Күн асты шаңытқандай болды. Жел жоқ тымық алқапта шарбыдай ұйысып тұрып алған түбіттей түтілген шүйке тозаңның күн батыс құйрығы бірте-бірте ұзара түскен сияқты. Сүйтсе бір қашқан құландай түйдек топ күн батысты бетке алып суыт жөңкіліп барады екен.
- Анау не? Аң ба, жүргінші ме?
- Қараптан-қарап жөңкіле қашып, аңға не бопты?
Жүргінші шығар.
Биік шоқының басындағы қалың қарайғанның қаптағайлап ойға құлағанын көргесін шүйе тозаң одан сайын зымырай түсті. Хан төрт-бес жігітті жұмсап:
- Анау не шаң екен, біліңдерші, - деді.
Жалаңдаған жас жігіттер аттарына қамшы басты.
Қалаған топ сар желіспен соңдарына түсті. Бір қыр асқанша қолдарын бұлғалақтап, бейбіт жүргінші екендерін, хабарласқылары келетінін білдіріп еді. Көз ұшындағы шүйке тозаң, көрсе де, көрмеген болып қайырылмай тарта берді.
Бірер қыр асқасын қуғыншы жігіттер де аттарын ақ тер, көк тер қып қайтып оралды.
- Жеткізбей кетті. Жақындап барып: «Тоқтаңдар, хабарласа кетіңдер!» - деп айқай да салдық. Тоқтамады.
- Сықпыттары қандай өздерінің?
- Анық білмедік. Жетектерінде бос аттары бар. Бәрі де баран сияқтанды. Шамасы терге батып келе жатса керек. Алыстан шыққан жүргіншілер болмаса қайтсын!
- Қол деуге шағын сияқты. Әрі жүрісі тым суыт көрінді.
- Ендеше, не елші, не жаушы шығар.
- Елшілік болса, ерткен керуені, қарақұрым нөкері болмай ма?
Әбілқайыр сонау күнбатыс жақ белдерге сіңіп жатқан сұрғылт мұнарға біраз қарап келе жатты да:
- Жарайды, Есет күтіп қалар, жолдан қалмайық, - деді.
Күн кешкіре қара түбекте отырған Есеттің ауылы да көрінді. Батыр былтыр Қарағантүпті шапқанда, түрікпеннің бір бегінің он бес жасар қызын тартып алып келіпті деуші еді. Шамасы, сол босанып жатқан шығар деп еді. Шынында да солай екен.
Есет батыр жаңа босанған Жұмабибі сұлуды қүндыз ішікпен қымтап, ортадағы лаулап тұрған отқа кесек-кесек шарбы май лақтырып:
- Ақ түйенің қарны жарылды! Ақ түйенің қарны жарылды! - деп алақанын шапақтап отыр екен. «Хан келеді!» хабарды естіп сыртқа шығыпты.
Сол екі арада түйдек-түйдек шаң әр тұстан да жиілей берді.
Жанарыс балалары аранға қамап аулап алған құланның қызыл қуырдағына белшесінен бөгіп отырған Есеттің ауылында екі күн жатты. Әуелі жаңа туған жас нәрестеге ат қойылды. Шешесі құланның етіне талғаған торсық шеке ұлдың аты Құланды болды. Өйткені ол туған қара түбек Құланды аталатын еді.
Той иесінің көңілін сонымен аулап ұлгерген үлкен жиын енді ел жайын замана сылайына ауысты. Манағы бір суыт жөңкіген тозаңды жол-жөнекей басқа ауылдардан келе жатқандар да көріпті. Бөкенбайдың жігіттері қуып жетіп, жөн сүрасса Аюкенің елшісі Саған Мәжі болып шығыпты.
Әрине, ол сығыр мынандай ала топалаңның тұсында бекерге қүйындатып жүрген жоқ. Бұл сапарында да бір гәп бар.
Есет батырдың дастарханында қолдарына бір-бір жілік үстаған игі жақсылар сол жұмбақтың шешуін таба алмай бастары қатты. Бәрінің көңілдерінде де құлақтары қалқиып бастары қатты. Оны айтуға әуелі Әбіл-қайырдың көмейін біліп алғылары келеді.
- Мына жақтан Сыбан Раптан құтырғасын енді мына жақтан Аюке қозғалайын деп журмесін. Байластырған шоқайдан бұл екі ит біреуі ырылдағанда екіншісі неғып тыныш жатсын, - деді Бөкенбай, «сен не дейсің» - дегендей Әбілқайыр жаққа аңтарыла қарап.
Әбілқайыр ішін ашпай біраз отырды. Сәлден кейін үй-арасының үйреншікті күйбеңін сөз еткендей сұле-соқтау тіл қатып:
- Солай болса, солай шығар, - деді.
Манадан бәрі тым-тырс отырған Есет дүңк ете қалды.
- Ау, сонда жоңғардан төмпеш жесек жейік, ал мына торғайдай торғауытқа не жоқ. Найсаптар. Көптен бері қазақтың қамшысын жемей, бөкселері қышып жүр-ау, шамасы!
Ақсақалдар сүйықтау езу тартты.
- Соған осы Жанарыс балаларының өзінің де күші жетпей ме? - деді сол жақ қанатта отырған баппен қимылдап, баппен сөйлейтін Есенқұл мерген.
- Не де болса, Хиуаның ақ шаңына қамалып отыра бермей, бір тіршілік жасауымыз керек қой, - деді Батыр қою сақалын күміс бунақ қамшысының сабымен бір сүйкеп өтіп.
- Ендеше, - деді Әбілқайыр қасын кере ойланып барып. - Араға екі-үш күн салып қалмақтардың шеттеу отырған ауылдарына жансыз сіңіріп, хабар алу керек.
Осы бір бүрынғыдай орташа қамшы тастап, ду-ду жақ жыртыспаған бейбіт әңгіме: «Бет-бетіне тозған тірлікті қойып,тышк,ан ауласақ та, ешкімге көз сатпай күн көретіндей боп бір қайрат қылғанымыз жөн» -деген тоқтамға келісті.
Бәрінің де көмейінде: «Осы қоңыр күзден қадмай, іргеде жатқан торғауытқа топалаң боп тиелік. Малын олжалап қана қоймай, кеше қоңтайшының қол астында қалған ен өрістің орынына Жайық пен Жемнің бойына иек артып алайық», - деген түжырым тұрды.
Жас нәрестенің қуанышына жайылған дастарқанға жиылған жақсылар осыған серттесіп тарасты.
Әбілқайыр осы бір бейберекет кездегі әбеқоңыр дастарханның басындағы мөлтек мәжілістен тоғайып тұрды. Жүрт бұдан бір қайрат күтетін сияқты. «Не дейсің?» Не істегеніміз жөн?» - деп аңтарылатындай. Оны бірақ бетіне салык, қылмай, жазғыра сөйлемей, қайта: «Сенеріміз сенсін. Алдымызға түс. Тәуекелді тағы бір сынап көрейік те!» - дейтін секілді. Қызыл сөзі, қыздырмасы жоқ, үй ішінің: «Ертең қонақты қайтып қарсы аламыз, қайтып шығарып саламыз?» - деп оңаша күңкілдескеніндей ағайынщылық әңгімеден көптен бері ширығып шиыршық атып журген жүйкесі су бүріккен қайыстай жүмсарып сала берді. Бүрын басьін қайда бағыттаса да тірсегіне орағыта кетер қыл тұсау шешілейін дегендей... Алдынан даңғыл жол шықпағанмен, адымын аттатпай діңкесін қүртып келе жатқан айнала тығырықтан иек асырар бір соқыр соқпақ сес бергендей. Ақ тақырдың үстіндегі жалғыз сабақ ақ жіптей еміс-еміс қылаңытқан сол сүрлеу көңілдің көптен қапырық уайыммен удай ащы өкініш, ыза жайлап алған қапас күркесіне майға батырып қүмалақ шаншып жалғыз тал жалпылдақ шырақ жаққандай, көкірегінде бір үры сәуле жылт-жылт етеді. Ол енді сол әлсіз шырақты ебедейсіз қимылдап сөндіріп алмайын дегендей, не жайында ойланса да, үркесоқтап, алды-артын сарапқа салып әбден салмақтап бағады.
Кешегі күн астына қарай қүйғытьш бара жатқан ақ құйын Саған Мәнжі деседі. Ол сығыр қазақшаға судайтұғын. Жасыраң кезінде, қолына дербес тізгін тимей тұрғанда Аюкені де біраз сығалап көргені бар. Ондағы ойы - бір жағынан башқүрт, бір жағынан түрікпен түрткілеп маза бермейтін өз ұлысының, ең болмаса, торғауыт жақ іргесі тыныш тұрар ма екен деген далбаса еді. Оның үстіне, Түркістандағы үлкен шаңырақтың алдында алақан жая бермей, өз бетіне, өз жөніне жүргісі келгені тағы бар. Әлгі Саған Мәнжіні сол кезден білетін. Ай шеке, қасқа бас, қоңқақ мұрын, салдыр-салақ қатынның екі жеңіндей желпілдеп жүретін желбірек мұрт, ала көз неме ойқы-шойқы тұлға-тұрпатына қарамай қара сөзден қаймақ алатын ділмартұғын. Барған жерінен, ең болмаса, бір сабақ жіп жапсырып кетпесе, басы ауыратын алпауыз қатын сияқты қүр қол қайтпайтын. Ол, әншейін, «барып кел, біліп келге» жүрмейді. Ол, әншейін, «барып кел, тындырып кел». Оның қоңтайшыдан не тындырып келе жатқанын бір алла білсін. Әйтеуір, Аюкені білетіндер «Саған Мәнжіні жіберсе - артында бір салмағы бар, Меңлі Қашқаны жіберсе - артында бір жанжалы бар», - деуші еді. Торғауыт ханының жалаңдаған қос тазыдай осы бір екі елшісінен жұрттың бәрі тіксініп отыратын. Саған Мөнжінің бүгінгі ақ шаңыт қып арқалап өткен салмағы кімнің мойынына тусетін батпан жүк? Торғауыт пен ойраттың арасындағы салмақ орта жолдағы қазақтан басқа кімнің мойынына түсуші еді. Қазақ болғанда да, бұның мойынына, мұның қол астындағы Жанарыстың мойынына түсетін салмақ шығар. Ойраттың шырғалаңы - исі қазақтың ортақ шырғалаңы болса, торғауыт пен түрікпеннің шырғалаңы - Кіші жүздің енші шырғалаңы. Бәлкім, Түркістанды алып бәлденіп жатқан Сыбан Раптан күн батыстағы ұяласына: «Мен іргеңе барғанша сен неғып тыныш жатырсың? Мен сол бүйірден қысқанда, сен оң бүйірден сықпайсың ба? Сүйтіп маңқа қазақтың екі бөтекесін алқымына әкеліп, алақанына төгіп бермейміз бе!» - деп бопсалатын шығар. Онда тағы бір зобалаң қоздады дей бер. Қапы қалута болмайды. Мұндай жағдайда жан-жағыңдағыңның бәріне сүйкенсең - құрдым тубіне бірақ кеткенің. Сондықтан, жан-жағыңдағы анталап тұрған ақикөз көршілеріңнің көбінің әзірге көңілін аулай тұрғаны жөн. Ол үшін қазаққа қазір қалмақтан басқа ешкіммен жауласуға болмайды. Хиуа мен Қара-қалпақтың жерін шаңдатып жатып алмай, тездетіп кеңіске шыққандары керек. Қос қапталдың екеуіне де бұрылмай Еділ мен Жайыққа қарай ентелей бергендері жөн. Қазақ пен қалмақ ұстасса, Башқұрт пен түрікпен аңыс аңдып тыныш тұрады. Әзірге Жем мен Сағыз Елекке сұғынтып үш арыс ұстап, қалың ойрат жатқан кеуде мен бөксені алты шекті мен жеті руға қалқалатып, ілгері ұмтыла бергеннен басқа жағдай жоқ. Түрікпен жақ қанатқа Есенқұл, Назар, Сабытай бастаған адайды, башқұрт жақ қанатқа Бөкенбай бастаған табынды ұстап, Есет бастаған Тама мен қалған Байұлыны торғауыт ұлыстарына қарай ұмсынта берген дұрыс. Адай мен Табынның тентек-телісіне Самның жәуміті мен Мұғаджардың етегіне көз алартпай тұра тұрыңдар деп ескертіп қоймаса болмайды. Бірақ, қазаққа қазір торғауыттармен бірден ұстаса кетуге тағы жәй жоқ. Әуелі қонтайшы мен ханның не деп ауыз жаласып жатқанын біліп алғаны лазым. Ол үшін мал айдап қазаққа жеккөрінішті боп, соқа ұстап өзбек пен түрікпенге жек көрінішті болып: «Қашанғы кім түртті болып жүреміз, Қап тауына кетеміз», - деп кеңірдегін созып отырған қарақалпақтарды алға салу керек. Олар барып: «Өткел беріңдер. Қап тауына өтеміз!» - деп көкірек тіреп тұрып алса, Жайық пен Жем бойын жортқан мал түгілі ұшқан қүстан жандары қалмай қорып отырған қалмақтар мен қазақ орыстардың бір сыр шығарып қалары сөзсіз. Арғысын уақытында көре жатар.
Енді Әбілқайыр тағы да аттан түсуді қойды. Арал теңізін шырқ айналып шықты. Сырдың сағасы мен Амудың сағасында аяқтарын қияқ тіліп ау сүйретіп жүрген, шағыл мен сордың арасынан сиырдың тіліндей құнар тауып, соқаға жегіліп жүрген азғантай жұрттың ауызы дуалыларымен тастамай сөйлесіп, құлақтарына құйып бақты. «Жазғандар-ау, сендер біз сияқты бір жағыңыз Алатауға, бір жағыңыз Көкшетауға, бір жағыңыз Қаратауға кіндіктеріңнен байланып жатқан жоқсыңдар. Біз ырғалып-жырғалып көшеміз деп жүргеннің өзінде алар жау алып, қаптар топан қаптап үлгереді. Ал, сендер болсаңдар, қашса - қамшысы шапшаң, қуса - құрығы жеңіл бір уыс қана елсіңдер ғой. Мына ала топанның арасында не бітіріп отырсыңдар. Табан жұрттарың Сыр бойынан көтерілер өкшелерің көтерілді. Амударияның арнасына сендерді нанға тойға арғымақ мініп алшаңдаған хиуалықтар сірә жолата қоймас. Желкеңнен ол төмпештеп, кеудеңнен бұл тәмпештеп бекерге құрып кетесіңдер ғой. Одан да Жайық пен Еділ асып, Қап тауының Қарақұмына жетіп алмайсыңдар ма? Ол жақта далиған далалар тіс тимей, тұяқ тимей бос жатыр дейді. Халқының бәрі өздерің сияқты әлім-берім көрінеді. Сендер көш түзеп, жөнге шықсаңдар, мынау Темірден бастап тезекше төгіліп жатқан көп қалмаққа біз де шеңгелді салар ек. Кеш қалмай тұрып, ең болмаса, құба қалмақты темпештеп алмасақ, ертең, кім біліпті. Сыр бойына табан тіреген қара қалмақпен жең ұшынан жалғасып, екі оттың ортасында қалармыз», - дейді.
Жем мен Жайық бойынан тыныштық кетті. Бүгін көшін шұбыртып қарақалпақ кеп: «Қап тауына өтеміз. Өткел бер!» - деп дігірлейді. Ертең қазақ пен қарақалпақ барымташылары жусап жатқан көк ала жылқыны көзапара тырқыратып қуып әкетеді.
Сол ала шапқыннан қазақ тек аш-арықтың ауызына тосар азық айырып қана қоймай, дүсірлеген жер мен ызыңдаған желге құлағын тосып отырған игі жақсыларының көңілін сан-саққа жүгіртетін хабар да әкеледі. Сөйтсе, бұған дейін Қаратаудың қос қапталын аспанға айналған ақ тозаңға малып, үш арыс қазақты үш тарапқа дүркірете қуып, енді бір секірсе, Аралдан асардай боп жойқын келе жатқан жоңғар әскеріне жер түбінен бөріктерін аспанға атып, айқайлап қуанып отырған торғауыт тайшылары қазір су сепкендей басылып қалыпты дейді. Әнеукүнгі ақ тозаң - осыдан жеті-сеғіз жыл бұрын қоңтайшыға кеткен елші Саған Мәнжінің артында шынында да, зіл батпан салмақ жатқан боп шықты. Бірақ, бұл жолғы салмақтың тек орта жолдағы қазақтарға ғана емес, қалмақтардың өздеріне де оңай тие қоймас түрі бар. Аюке хан, қапелімде оған түсіне алмай, тіпті «құдай берген екен», деп санын шапақтап қуаныпты. Қонтайшы оған: «Келесі жылы көктемде, тәңірім дегенге жазса, Еділ мен Жайықтың жағасын жайлайтын болармыз. Арамыздағы қыл өтпестей татулығымыз бүзылмасын десең, екі қызыңды не екі қарындасыңды менің екі балама не екі ініме телі. Алдымыздағы көктемде қар кете біздің балалар, сіздің ұлысыңызға қалың ойнап баратын болсын», - деп сәлем айтыпты.
Аюке бұны естіген бойда үлкен баласының қызын Сыбан Раптанға аттандыратын болып, жасау жиып, Астраханьға, Қазанға, Мәскеуге ат шаптырып, біраз шашылыпты. Оның бұл қапылысын өзге тайшылар естиді. Бірақ, ол немелер Аюкедей қуана қоймайды. Қайта көбінің қабақтары түсіп кетеді. Әсіресе, Жайықтың күн батыс бетінде хан ордасының тап іргесінде отырған Досан тайшы табанын шоқ күйдіріп бара жатқандай тызақтап үйіне отыра алмапты. Шауып отырып ханға барыпты. Аюкенің оң құлағының астына ауызын төсеп «Ертең қара қалмақ қаптап кеткенде, өрісіміз тарылмай ма? Тап іргемізде аш бурадай шабыньш қазақ пен қарақалпақ тағы тұр. Көрерсіз де білерсіз, Сыбан Раптаннан қыз беріп қүдандал боп құтыла алмайсыз. Ертең ол әуелі тайшыларыңызды өз жағына шығарып алады. Сосын сізге бас салады. Екі қалмақ қосылып, бір жұрт болғасын, оған екі билеушінің қажеті қанша! Айтпады демеңіз, мынау ен жайлап отырған Еділдің бойы қонтайшының көз қүртын оятып отыр!» - деп зарлап қоя берді.
Жасы ұлғайып келе жатыр еді, алжып қалмаса, ол байбалам қанша миғұла болса да, Аюкені де ойлантар.
Сыбан Раптан үш жылдан бері: «Қазақ пен қарақалпаққа қарсы соғыс ашам, ар жағынан азаматыңды атқа қондырып сен тиіс, бер жағынан аламанына айқай салғызып мен қаптағайлайын, сонда сонау Еділден бермен қарайғы ен өлкеге біз ие болмағанда, кім ие болады. Алтай мен Еділдің арасында ойрат пен торғауыт қана жайлайды. Бір кезде Шыңғыс хан жаулап алған ұлан-асыр өлкені өз қол астымызға қаратамыз. Жойқын маңғолдың жойылып бара жатқан даңқын қайтадан көкке көтеретін біз боламыз», - деп желпіндіріп келіпті. Ондай әңгіме орыс патшасының оң қолында отырғанмен Аюкенің де құлағына майдай жағады екен. Енді, міне, қонтайшы Қаратаудың бойына тұмсық іліктірш алғасын, әлп әңгімесін күрт өзгерткен сыңайы бар. Бұрынғы терезесін тең ұстайтын досжар әңгімесіне «қыздарыңды бер», «алдымыздағы көктемде қар кеткенше біздің балалар сіздің ұлысқа қалың ойнап бара алатындай болсын», - деген өктем пәрмен араласыпты. «Дәм бұйырса, алдағы көктемде Еділ мен Жайық бойын жайлайтын шығармын», - дейді. Сонда Аюке қайда көшпекші? Ол өзін бұған дейін жоңғар қонтайшысының емес, орыс патшасының боданымын деп санаушы еді ғой. Сыбан Раптанның «Еділден бергі жерді қайтадан өз қол астымызға қаратамыз» деген әңгімені ол «сен маған бағын» деген деп емес, «айтылмыш өлкені екеуміз екі жақтан тиісіп бірге жаулап алайық» деген сөз деп түсінетін. Қонтайшымен терезесін тең ұстап: «ол қара қалмақтың әміршісі болса, мен құба қалмақтың әміршісімін», - деп ойлайтын. Саған Мәншінің ауызында келген мына сәлемдеме: «Сен, шал, менен көп нәрсе дәмете берме. Қыз беріп, қыз алысқан құдам бол. Содан артыққа бекер тамағыңды ісірме. Ноқтаңды ұстатып боданым бол!» - деп тұрғандай ғой.
Аюкені жұрт «патшаға еріп, ойды орып, қырды қырып жүріп талай пәлеге үйреніпті; удай ақырған ащы айранға орыстан да әрменірек бір жұрттың жараған бураның ақ көбігіндей бұрқыраған тентек суын қосып ішпесе, сусыны қанбайды екен; ал әлгі пәлені сіміріп алғасын бойына дуа түсіп кеткен кісіше мәңгіріп қалады екен», - деп қанша пыш-пыштағанмен де, қонтайшының дәл мынау қара матаны ақ жіппен көктегендей олақ та оданы түспалын түсіне қоймас дейсің бе?
Саған Мәнжінің хабарын естігенде, шарап жұтпақ түгілі шайтан жұтып қойса да, тебесінен біреу мұздай су құйып жібергендей, айығып кеткен шығар-ау. Күні кешегі «бір жағынан ақ патшаның досы, бір жағынан қонтайшының туған құдасы боп, Еділ мен Алтай арасындағы қалпағын алшысынан киген ең бақытты пенде мен болатын шығармын», - деген есірік қиялы желге ұшпады дейсің бе? Жайық бойының жағалай жазығы мен Еділ бойының ну шалғындарында маң-маң басып маңғыстап жайылып жүрген аққу мойын аруаналары мен қаз мойын ақалтеке арғымақтарын түре қуып тастап, кенедей жабысып жатқан қонтайшының айыр еркеш, жалпа төс жапырақ жарбайлары мен есектен бойы әзер асатын жермен-жексен жабылары көз алдына бір елестеп өткенде-ақ, өз төңірегіндегі өзімен қүрсақтас бауырларының бәрін құртып, қалың жоңғардың бар тізгінін бір уысына жиып ап, жыландай ысқырып отырған қатыгез Сыбан Раптанның баяғыдан бері жер түбіндегі бұған неғып емешегі үзіле қалғанын ұққан шығар-ау! Бақса, батырың ай астының зоры болам деп жүргенде өз ұяластарының қоры боп қала жаздапты ғой!
Қап, бәлем, қалай екен... Баяғыда: «көршіміз ғой,. тату-тәтті болайық!» деп барғанда, Әбілқайырға: «Боданым болсайшы!» - деп шалқығаны бар еді. «Бодан бол!» - деген әңгіме енді өзінің құлағына майдай жағар ма екен көрейік!» Аман болса, қақпанға түскен қасқырдай аласұрып бағар. Айналасына елші шаптыра бастар! Бір баласын шапанын жалпылдатып Астраханьдағы орыс әкіметіне аттандырды деген. Кәп ұзамас, бір елшісі етегі делбеңдеп бүған да келер.
Аюкеден елші шықты деп естіген күні Әбілқайыр шұғыл атқа қонып, қазақ пен қарақалпақтан жиылған жиырма мың әскермен Темір өзенінің теріскей бетіндегі қара сұр дөңге қарақұрым қосын тігіп жатып алды.
Көк белдің басындағы ақ шатырға хан орданың орынына мінезсіз қатындай көк талақтанып алған қатқыл дөңге қаздай тізіле қонған қара нөпір еру қолды көргенде қалмақ елшісінің жүрегі мұздап қоя берген. Бірінен-бірі әтіп, қабарытып алған, өңдері қату өңшең батырлардың арасында айылын жимай, алшия жайғасқан сұп-сұр ханның алдына келгенде тіпті тілінен айырылып қала жаздады. Әміршісінің айтып жіберген әңгімесін майдан қыл суырғандай қып майдалап айта бастап еді, ханның қиылған жіңішке қасы түйіле түспесе, жазыла қоймады. Талай-талай зобалаңның басы-қасында болған жылпос елші отырғандардың бірі болмаса бірі бұның алыстан орағытып, иінін келтірудей-ақ келтіріп айтқан жүйелі сөзінің бір жері болмаса, бір жеріне бас изеп қала ма деп, тышқан кәзін тыным тапқызбай қыдыртып бақты. Бірақ қазақтар шетінен оқтау жұтып, қойғандай кекшие-кекшие қалыпты.
Елші сөзін бітіргенде хан қасындағыларға қарады. Қасындағылар жапа-тармағай ханға бұрылды. Жоңғар десе аузы қышып кететін Есет батыр бұл жолы Бөкенбайдың алдын орай сөйледі.
- Аюке бейбітшілікте болайық дейді екен ғой. Оған да бейбітшілік керек екен-ау.
- Иә, - деді қалмақ елшісі жүзін жылытып, батырға мәймөңкелей қарап.
- Ендеше, бізге елші салғанша, неге қоңтайшыға елші салмайды? Сөзі өтсе, соған айтсын! Қазақ қалмақтан бұрын қол салып отыр ма?!
- Талайдан бері ауылымыз аралас, қойымыз қоралас сіздер түсінбегенде, жер түбіндегі қонтайшы... - деп елші сөзді созбақтай жөнеліп еді, Әбілқайыр қолын көтерді.
- Жә, жетер. Қонтайшыға сөзі өтердей Аюке кімнің шікірәсі болыпты. Қонтайшыға салсаң, ол ертең Аюкенің ақ патшаның қолтығындағы басын айбалтамен бір қырқып, Еділдің ойығына лақтырады. Біздің арамызда Аюкемен бітім жайында сөз болмайды. Біз бітім жайында сөйлессек, тек қонтайшының өзімен ғана сөйлесе алармыз. Ол бірақ, бүгін болмағанмен күндердің күнінде болмай қоймасы хақ. Биыл қазақты жоңғар емес екі жыл қатарынан тап болып отырған жұт пен қуаңшылық жеңіп кетіп отыр. Құдай қазаққа қашанға қырын қарай берер дейсің. Ол да еңсесін тіктеп, есесін қайтаратын күн туар. Аюкеге айтарымыз: егер құзғын басын қазақтардың да, анау Алтайдан жөңкіліп келе жатқан ұяластарының да қанды семсерінен есен алып қалғысы келсе, Жайық пен Жемнің бойын босатсын. Бабасы Хо-Өрліктің Тарбағатайдан тайлаққа артып әкелген Еділі мен Жайығы жоқ. Судың да сұрауы бар. Сұраушысы келді!
Елші мүләйімсігені де, кекеткені де белгісіз, езуіне күлкі жиып:
- Аюкеге әлімжеттік жасағанмен, ар жағында ақ патша тұр ғой, - дей беріп еді, хан тағы да киіп кетті:
- Қалмақшаға түсінген патшаң қазақшаға түсінбес деп пе едің. Тіпті болмай бара жатса, кек темірдің сартылымен сөйлесерміз, - деді де, орынынан шапшаң көтерілді.
Онысы «сөз осымен бітті» дегені секілді. Қасындағы Қалың жиын да дүр түрегелді. Елшіге орынынан тұрудан басқа амал қалмады.
Байтал түгіл бас қайғы боп, кейін қарай зымыраған Аюкенің елшісі жолындағы қалмақ ұлыстарын дүрліктіре жүрді.
«Ойбай, жау келіп қалды! Жау!»
Бұл жолы да жұрттан бұрын Жайықтың арғы бетіндегі Досан тайшы дүрлікті. Аюкеге тағы да жаушы шаптырыпты. «Назардың Доржысы бес мың қол жиып алға, «тек өз ұлысымды ғана қорғаймын, басқаңды білмеймін деп отыр, қол қоса көріңіз», - деп жанықты. Аюкенің өзінің жаны да мұрынының ұшында тұрған. Астраханьдағы губернаторға кісі шаптырып әскер сұратыпты. Оның бәрін естіп-біліп отырған қазақ қолы: «Әзір бізге Жайықтың бергі беті де жарайды», - деп, Жем бойындағы Лекбай тайшының ұлысын шауып, мол олжаға кенеліп кері қайтты. Темір даласында тағы да бір «Қалмақ қырылған» ат қалды. Бұл шайқаста, әсіресе, Көкінің баласы Есет батыр күркіреді. Мынау тақтайдай тегіс қара дөңде бір кезде арғы бабасы Қарадөң, одан бергі Жұбаныш, Сүйініш, Бегіс, Көгіс, Тамалар талай ойнақ салыпты. Сүйініш бабасы тап осы Темірдің жағасында бір өзі бір мың қолмен алысып жеңіпті. Ноғай мен қазақ жыр қылып қақсап келе жатқан бұл қоныста бала кезінде өздері де талай қыстап, талай жайлаған-ды. Оның батыр аты да алғаш рет осы ұшан далада шыққан-ды. Бүгінде қазақ арасында өзғе түгілі Есеттің өзі де қызыға тыңдайтын бір аңыз бар. Есет батыр жасында бойы сорайған, ештеңеге ебі жоқ, ерең-серең ұйқышыл бала бопты. Он жеті жасында үйдің оң жағында төсекті қалың салып, көрпені қалың жамылып ұйқы соғып жатса, ауылға жау шауыпты. Олар оң жақта ұзынынан түсіп, көрпеге қымтанып жатқан кісіні дімкәс кәрі-құртаң біреу шығар деп ойлапты. Одан басқа еркек кіндіктің қол-аяғына кісен салып айдап әкетіпті, қыз-қырқынның қол-аяғын буып байлап әкетіпті. Есет бесін ауа ұйқысы қанып, көзін ашса, есіктің алдында бір жеңгесі жылап отырыпты. «Сені де шешей сары үйек жыланға талғап, ұл тудым деп қалжа жеді-ау. Елді жау шауып кетті, сенің жатысың мынау», - депті. Көзін уқалап атып тұрған бала жігіт сыртқа жүгіре шықса, көлік жоқ. «Жылқының бәрін жау қуып кетті. Сай бойындғы ақсақ құлынды биеден басқа қыл құйрықтан тұқым қалған жоқ», - депті жеңгесі.
Есет сол ақсақ биені ерттеп ап жау соңынан қуып берсін. Аяғына жем түскен ақ сұр бие тұяғы қыза келе құстай ұшсын. Ақ пен қызылдың арасында жауға да жетсін. Не болғанын өзі де білмейді, ыңырантып олжа айдап бара жатқан қалың жау бет-бетіне қаша жөнел-сін.
Есет төсекке байтаба шалбар үстімді қышытады деп тыр жалаңаш шешініп жатады екен. Мына «жау шапты» хабарды естігенде есі шығып кеткен батыр атқа сол қалпы қоныпты. «Бәсе, ол жүзіқара маған қайынатасын көргендей тура қарай алмай қымсына қырындай сөйлеп еді-ау» - дейтін көрінеді өзі кейін сол оқиға есіне түскенде жеңгесін боқтап. Өзінің айтуы: жау жағы ақ пен қызылдың арасында арттарынан ақ боз мініп, қуып жеткен тыржалаңаш кісіні шайтан деп қалса керек. Елдің айтуы: қалмақтар еліне: «Бай ауылдан ырғап-жырғап мәз боп келе жатыр ек. Бір уақытта, артымызға қарасақ, жан-жағымыз өңшең бір ақ боз ат мініп, иреңдеген ұзын қара кісіге толып кетіпті», - деп барыпты. Содан жұрт: «Бұл Есеттің киесі бар. Жаудың көзіне бір өзі бір мың кісі боп көрінетін көрінеді», - деп жайды. Не де болса, Жайық пен Жем бойындағы құба қалмақ Көкінің Есеті дегенде зәре-құттары қалмайды деуші еді, сонысы рас болды. Әлде күшік күнінен талап қалған төбетті жеңе алмайсыңның кері ме! Әйтеуір, жасынан аты шығып кеткен батыр: «Қара бура!», «Қара бура!» деп айқай салғанда, қалмақтарды, шыннан да, пысы басып кететін сияқты. Әншейінде қаңқиып бос белбеу жүретін ұзын кісі жауға шапқанда екі көзі жанып, екі тізесі атының шықшытын қағып, иегін желдей зымыраған жануардың желкілгене кекілі желпіп келе жатады екен.
Ұзын сирақ тарамыс кісі ылғи ақ боз ат мініп жүреді. Апаларынан туған жиендерін кетелер әз әулие көреді. Туған нағашысы Балпаш би жайса белғе, жапса көлге сыймайтын көп жылқысын аралап жүріп: «Іштерінде Есетжан мінетіндей біреуі жоқ, өңіпең тұңжым!» - деп күйінеді екен. Жай кезде қайнағасы Бөкенбайдың оң тізесіне отырып алып, бас изеуден басқаны білмейтін көнтері жігіт қолына найза ұстап, атқа мініп алғанда тым шытырлақ ашушаң боп кетеді. Темір даласындағы шайқаста қазақ қолының оң қолында сол жүрді де, сол қолында Көкінің тұңғышы атақты Қарабас батыр шайқасты. Жаудың Есет жақ қанаты әп-сәтте селдіреп қалды. Қарабас жақ қанаты біразға дейін киіздей ұйысып тұрып алды. Сонда жаудың біресе оң жағынан, біресе бұл жағынан шығып, бұлағайды салып жүрген Есет ауық-ауық ағасы жақ қанатқа көз тастап, шаңқ-шаңқ етеді:
- Қара басқыр Қарабас, қара басты ма, не болды?
Есеттің туған ағасына «Қара басқыр Қарабас» деп ұрысқан сол шыдамсыздығы ел арасына мәтел боп тарап кеткенді. Інісіндей емес, екі иығына екі жігіт мінгендей денелі, ылғи басын бір жағына қарай қисайтып күліп жүретін қолбаң Қарабасты қазір құрдастары қит етсе: Қара басқыр Қарабас, қара басты ма, болсайшы, - деп мазақтап жүргізбейді. Оған қыңатын Қарабас жоқ, шақшасының тығынын таңқ еткізіп ашып, қара бұйра насыбайын танауына апарып таңқ еткізіп бір түшкіреді де: «Сол енеңді ұрайынның сөзін қойшы», - деп інісін бір боқтап, кеңк-кеңк күледі.
Темір жағасындағы шайқас қазақтардың жығылған жағасын қайта тіктегендей болды. Әбілқайыр да бұрынғы тыз етпе ашуын тастап тыныш ұйықтайтынды шығарды. Қалмақ ұлыстарына баяғыдасындай маза бермей тұр. Өзінің балдызы Есенқұлдың Есеті бастаған адай қолы Жем мен Сағыздың бойындағы ауылдарын күнара қиқулатты да тұрды. Қарақалпақтардың құлағына үшкіріп-түшкіріп: «Қап тауына өтеміз. Өткел бер!» - дегізіп Жайық қазақтарының құлағын сарсытты. Тек жүйкелеріне ғана тиіп қоймай бақ-шаларын тапап кетіп, оқшау жүрген аңшы, балықшы болса, ат көтіне өңгеріп әкетеді. Онда да бір іш есебі бар-ды. Жоңғардан босып келе жатқан қаңғыма қазаққа ақ патша қазір назар аудара қоймайды. Жалынып-жалпайып қанша елші жіберсең де, кекірейіп жөн сөйлеспейді. Патша әкімдерінің назарын аударудың жаңғыз жолы - қалмақтардын құлағын қиқудан, Жайық казактарының іргесін дүсірден айырмау. Сонда олар барып ақ патшаға шағынбағанда, алақанын жайып аллаға да сиынар дейсің бе? Бір күні селт етпес, екі күн селт етпес... Қашанғы шыдар дейсің. Бір күні қауға сақал елші «Здірәсте» деп жетіп келер. «Здірәстесіне здірәсте». Бұған да керегі осы «здірәсте...»
Жайық бойына жортуыл Темір шапқыншылығынан кейін тіпті жиілеп кетті. Оның үстіне торғауыт қалмақтарының да жағдайы қаша бастады. Ентелеп келіп қалған қазақтар мен қарақалпақтардан бір қорқып, олардың көк желкелерінде келе жатқан көк сүңгілі өз қандастарынан екі қорқып, күні кеше жағасы жайлау жайбарақат отырған тайшылар қаралай өріске таласып қырқысып бермесі бар ма! Әбілқайырдың жер қайысқан жиырма мың әскерінің қарасын көрмей жатып қалмақ ханының уәлиі Шырындөндік, Дөндік-Омбы тайшы мен Дармабала ханша «Жайық бойының өрісі азып кетті» деп Сарытауға қарай женкіле кешті. Досан тайшы Астраханьның түбіне, Еділ бойына жылжып қонды. Жайық бойындағы Теке қаласының маңында отырған Назардың Доржысы мен оның баласы Лобжы Астарханьдағы орыс әкіміне: «Досан менің жерімді алып қойды», - деп байбалам салды. Соның бәрін өз ұлысында жатып естіп жатқан Әбілқайыр: «Менсіз де қырылысып жатқан тайшылар одан сайын қызыл шиқан бола түссін», - деп, бұлар ақтабан шұбырындыда жүргенде башқұрттар кеп қонып алған Елек, Ор, Қарғалы, Қарабұтақ, Ырғыз бойларын қайтадан қол астына қаратып, терістікке қарай шалқайды.
Жайық бойының тынышы кеткені патша әкімдерінің де қабырғасына батайын десе керек, ол кезде Кіші жүз бен қарақалпаққа ортақ билеуші болып алған Әбілқайырға сонау Мәскеуден аяғы салақтап елші келді. Әбілқайыр оны қарақалпақ арасына барып қабылдады.
Басынан сәлдесін, аузынан «алласын», қолынан кітабын тастамайтын жүндес, жіпсік көз, шикіл сары татар молдасы Мақсұт Жүнісүғлы аржағындағыны айтқызбай біліп отырған көріпкел кісі екен: «И, и, бүйтіп жүре берсеңдер, пышырап кетесіз әлі. Онан да әзір кеш қалмай тұрғанда, патша ағзамның боданында болып, шапағатына ортақтасқан лазым. Әне, өздеріңдей көшіп-қонып жүрген башқұрттар мен қалмақтарды көрмейсіңдер ме! Оларға кім тиіп жатыр», - деп сайрап қоя бергені. Бұл Әбілқайырдың көптен бергі ойы еді. Кім көрінгенге көз түрткі болып жүрген көшпенді жұртпен ормандаған орыс одақтас боп, жоңғарға қарсы жорыққа қол қосады деп жүргенде қазақ, міне, алғидың ала шөлінде қаңғырып қалды. Ендігі жалғыз амалы орысқа одақтас бол деп басын қатырмай, «қол астыңа ал, жауға шап десең, жауға шабайын, қарап отыр десең, қарап отырайын, әйтеуір мынау башқұрттар мен қалмақтар құсатып, іргемді ешкімге шұқытпай бейбіт отырғызсаң болғаны» деу.
Әбілқайыр әрі ойланып, бері ойланып, осыған бел буды. Бұл жолы баяғыдай күллі алаштың билері түгілі Кіші жүздің билеріне де ақыл қосқан жоқ. Олар естіп қалса, қандай байбалам салатындарын кім біліпті деп, патшаның елшісімен әдейі өз ұлысында емес, қарақалпақ арасында кездесті. Жаны ашыса да, ашуланса да, ренжісе де әлденеден көңіліне дік алып жиіркеніп отырған кісідей басын оқ жыландай тіктеп алып: «и, и...» деп ышқына ыңыранып барып тіл қататын түлкідей сығыраңдап, мысықтай сыланып-сипанған кірәп діндардың қасына Қойбағар Көбек ұлын ертіп жіберді.
Тұрымтай тұсына, балапан басына боп, әр қайсысы әр қырдың астына барып тығылған ңазақ ұлыстары елеңдеп жан-жағына құлақ түріп отырған-ды. Олар Әбілқайырдың әр адымын аңдып, әр ісін біліп жатты. Жас сұлтанның мынау қиын жылдарда басқа төрелердей бұғып қалмай қайрат қылғаны, Еділ бойы торғауыттарының іргесін түріп, қара қалмақ пен құба қалмақтың майлы қасықтай араласқан татулығының тас талқанын шығарғаны, көптен бері қазақтарды көзіне ілмей кеткен патша әкімдерін қайта иілтіп, алдына елші әкелдіргені кім-кімнің де ішіндегі қатқан тоңды үт айының талма түсінің шуағындай, сәл де болса жібітейін дейді. Әбілқайыр жан-жағындағы жұрттың жоңғардан басқасының бәрімен араласа бастады. Қайсымен қатынасса да, құр алақан қалған жоқ. Башқұрттарды Елек пен Ырғыз бойынан қуып отырып, олардың арасынан да одақтас таба алды. Қарақалпақтың бір жағы жолап кеткен қазақтың атын сабап аулақ қуып жатса, бір жағы Әбілқайырдың айтқанын екі етпей тыңдап, Жайық бойын дүрліктіріп бақты. Сол бір ала топалаң әлімқайым заманның өзінде Әбілқайырдың айтуымен патшаға қазақ пен қарақалпақ атынан екі рет елшілік аттанды. Торғауыт тайшыларының да сүттей ұйып отырған бірлігін бұзып, өзара қырқыстырып қойды. Ол жылдары Әбілқайыр көрші жұрттардың ала жібін аттаса, аттаған шығар, бірақ қазаққа «әй, кәпір» дегізетіндей ештеңе істемеуге тырысты. Ырғыз бойына қайта барып алғасын өзі бұғып жатып ап, басқаның қолымен көсеу кесейтін ескі әдетіне басып, баяғыда Қарақұмдағы жиында қазақ қолының қолбасшысы болған Табын Бәкенбайға үш жүзге сауын айтқызды. Жаманшыңның күн батыс бетіндегі Талды сайдағы жалғыз шоқы қолы да исі алаштың маңдайға ұстар нысанасына айналды. Сол бір нысаналы шоқыға тағы үш жүзден қол ағылды. Тағы да дабыл қағылып, тағы да керней шалынды. Үш арыстың баласы жан-жағын қомдаған атан түйедей сәңкиген-сәңкиген қара жалдар қоршаған баяғы шұқыр ойда бас санасып, жалау түгендесті. Бұл жолы, обалы не керек, әншейінде алып қашпасы, әйтті-бүйттісі көп бопсашыл қазақ елдік ;касады. Найзаға таласпаса, туға таласқан ешкім болмады. Үш алаштың туын тағы да азуы алты қарыс үйсін тұрып, арғын тұрып, алшын тұрып күні кешегі кірме табындардың көсемі Қара ұлы Бөкенбай ұстады. Ортаға шығып, қолына құран ұстап: «Ағайынның аманатын жерге қалдырсам, тұқым-теберіммен, әулет-зәузатыммен құрып кетейін. Арым - алашқа, қаным - қазаққа!» - деп ант су ішті. Одан соң ортаға Ұлы жүз қолының бас сардары Ошақты Саурық, Орта жүз қолының бас сардары тағы да кірме керейіт Тайлан батыр шығып құран ұстап ант берісті.
Обалы не керек, қазақ басына бақ қонғанда емес, басына іс түскенде көретін халық қой, шіркін! Үш арыстың үшеуінде де арыстандай ақырған талай батыр тұрса да, ортаға шыққан төрт батырға ешқайсысы тебеген аттай теріс айналып қыржыңдаған жоқ. Бәрі де көк аспанды кұл талқан қып шытыната сындырып жерге түсірердей қып саңқ-саңқ етіп: «Дұрыс, дұрыс! Әп бәрекелде!» - десті.
Ол жолғы жиында ортаға да, қол басына да сұлтандар емес, батырлар шықты. Әбілқайыр да, Болат та, Сәмеке де, Әбілмәмбет те, Барақ та, Күшік те, Батыр да туды мен ұстаймын, қолды мен бастаймын деп кеуделеген жоқ. Өйтсе, мынау қаймағы енді-енді туырыла бастаған жұрттың ауыз бірлігін қайта шашып алатындарын бәрі де түсінді.
Содан сол бір жұдырықтай жұмылған қазақ қолы Ұлытаудың құбыла жақ бетіндегі ен далада Бұланты мен Бәленті өзендері қиылысқан Қара сиыр деген жерде Қаратауды місе тұтпай Сарыарқаға қарай еңкілдеп келе жатқан жоңғар әскерімен ұстаса кетті. Күні кеше ғана құлазып тұрған елсіз алқап та әр бұтаның түбінде бір-бір ойраттың басы қалды. Енді бұл арадан өткен адам түгілі аң екеш аң ойраттың басына саритын болды! Үш жылдан бері еңселері түсіп кеткен қазақ сол шайқастан төбелері көкке жетіп желпініп қайтты.
Желпініп кеткендері сонша дәл сол жылы жаз аяғында қазақтар ат басын Еділ бойындағы торғауыт қалмақтарға түзеді. Өйткені, Жайық бойына көшін барған қазақ ауылдарына Назардың Доржысының баласы Ложбы сәурік айғырдай қоқаңдап күн бермейтін көрінеді. Ондай сәурікті ат қылып жіберудің сәті қазақтарға енді түсіп тұр еді. Әуелі қазақтардың құдайы берудей-ақ берген-ді. Батырсынып жүрген Лобжының ауылдарын жер түбінен ат сабылтып келген қазақтар әп-сәтте-ақ қаңбақтай сілкіп тастады. Дүние, мал, күң мен құлдан ештеңе тастамай ырғалып-жырғалып Жайықтан енді өте бергендерінде, арттарынан аспан астын түгел тозаңға бөктіріп ауыр қол көрінді. Қазақтардың әдісі қапияда тиісіп, қыран-топан қылып, аман-есендерінде аяқ асырып алу еді. Қарсы жақтың әдісі - салт келгенде шапшаң да тәсілқой, қамшымен ұрып-ақ қырып кете жаздайтын қазақтарға бетпе-бет келмей, алдарына мал түсіп қол-аяқтары ауырлап, жүрістері шабандағанда, арттарынан қуып жетіп ұрыс салу еді. Бұл жолы да сол әдістеріне басыпты. Оның үстіне алдарында өткел бермей кемерін сабап Ақ Жайық жатыр. Қазақтарға аттарынан түсе қап, малдарын тасаға қамап, өздеріне ор қазып, арқаларын Жайыққа беріп бекінуден басқа жол қалмайды.
«Бекінді-ақ, қазақтардың аруағы қашады», - деп ойлаған жау үш тараптан қатпағайлап шауып, шабуылды үдетсін кеп. Бірақ отыз мың қазақты төрт күн бойы оқ жаудырып ала алмады. Амалсыз ақ жалау көтеріп елші салуға мәжбүр болды. Оған екі жақ та қуана келісті. Қалмақтар көшіріп әкеп самсатып ақ үй тікті. Сол арада екі жақтан сол күні туған бала ат жалынан тартып мініп, қолына садақ алып, жауға шабуға жарағанша бір-біріне соғыс ашпауға пәтуа байласты.
Ақ Жайықтың жағасында уыздай аппақ өре киіздің үстінде қалмақ жағынан жер тізерлеп Шырындөндік, Назардың Доржысы, Дөндік-Омы, Қалдан және Дөржін тұрды, қазақ жағынан жер тізерлеп Әбілқайыр, Сәмеке, Есім мен Барақ тұрды. Араларында бір тіні ақ, бір тіні қара жіптен білектей қып өрген қыл арңан жатты. Оның бір үшын қазақ батыры, бір ұшын қалмақ батыры шіренте тартып тұрды. Үстіне сары ала, қоңыр ала әлеміш жамылған қалмақ ламасы мен ақ сәлделі қазақ молдасы орталарына дүниеге бүгін келген бір шекесі торсықтай жас нәрестені құндақтай көтеріп бір қалмақ батырын алып шықты. Молда мен лама өз баталарын айтқасын жас нәрестенің әкесі оң қолындағы ақ семсерді бір сілтеп, ортада жатқан білектей ала арқанды қиып түсті.
Екі жақтың игі жақсылары бітім болғанына қуанысып, төс түйістіріп құшақтасты.
Ай далаға тігілген қалмаң ауылы көрші отырған екі жұрттың арасында тыныштық орнағанына той жасады.
Қалмақ жағы іштерінде Бөкенбай мен Есет бар алпыс кісіні алты айға аманатқа алып қалды.
Алдарында мал, арттарында күң болмағанмен бұл жорықтан да қазақтар көңілді қайтты. Жау жағадан алғанда ит етектеннің керін келтіре ме деп жүрген торғауыттармен екі ортада тыныштық орнады. Ол - қазақтар үшін аз табыс емес-тұғын. Енді бар күшті, бар қолды жоңғарға қарсы жұмсауға жағдай туды. Ол аз десең, бұл бітім қазақ пен торғауыттың арасындағы ала арқанды үзгенмен, торғауыт пен жоңғардың арасына алауыздықтың сондай бір ала арқанын шіренте кергені даусыз еді. Бұл бітім де Әбілқайырдың абыройын асырмаса, түсірген жоқ. Өйткені, ол жылдардағы қазақтардың қалмақтарға қарсы қай жорығында Әбілқайыр бастап барған-ды. Жайық бойындағы торғауытты тоқтатқан Әбілқайырдың тағы да көңілі құртқа шапты. Бұл екі ортада Кіші жүз Қызылқұмдағы, Сырдария бойындағы қоныстарынан айырылғанмен Елек пен Торғай арасындағы сар даланы түгел өзіне қаратып, етек қымтап қалған-ды. Орта жүздің қоңыратынан басқасы Арқадан қоныс теуіп, тірсек бекітіп алды. Ұлы жүз әлі жоңғардың боданында, Қаратау мен қазақтың етегін жауып отырған жиырма шаһар әлі жоңғардың боданында.
Сығанақ пен Түркістанға дейін жапыра келген жоңғар селі сәл саябырсығандай. Осынша үдере шауып, үрт қимылдаған жоңғардың аяғына жем түскендей осыдан екі-үш жыл бүрын алған жерінен бір адым ілгері аттап баспай, бадалып жатып алғаны несі? Күні кеше Жайық бойында торғауыттардың он мың қазақты отыз мың әскермен қамап ап, артын суға, алдын жауға беріп, жан алқымға келіп тұрған жерінен жаншып тастамай, ала арқан қиысып, ақ бітімге келгені несі? Ойланса ойланғандай-ақ нәрсе ғой.
Оған басын қатырып жүрген жалғыз Әбілқайыр емес екен. Сарыарқаны ен жайлап, көршілес жатқан екі ұлыстың арасында тағы да ерсілі-қарсылы ат жүгірту көбейді. Жоңғар боданында отырған Ұлы жүзден түн жамылып шабармандар келіп кетеді. «Күркіреп жүрген Сыбан Раптанның да күні өтіпті», - дейді. «Қытайлармен болған уақытша бітімнің де ғұмырының ұзақ бола қояр түрі көрінбейді», - дейді. Жоңғардың қазір қазақтарға қарсы отыз мыңнан астам әскер жұмсай алар қауқары жоқ, - дейді. Пыш-пыш бірте-бірте күшейе түсті. Бір күні қытайлар жоңғармен болған бітімді бұзыпты. Қалдан Сереннің таққа отырғанына жыл толмай жатып, ескі шайқастарын қайта бастапты деген хабар дүңк ете қалды.
Ұлу жылғыдай емес буынын бекітіп алған қазақтың жоңғарға қарсы қимылдаймын десе қимылдайтын тұсы, шынында да, осы еді. Жоңғардың қолын Қытай байлап, торғауыттың қолын кешегі Жайық бойындағы бітім байлап тұрған кезде атқа тоқым салмаса, кейінгінің бәрі кеш болып қалуы мүмкін ғой...
Өз-өзінен дүрлігісіп, өз-өзінен дуылдасып жүрген қазақ ұлыстарының әңгімесінің ақыры кеп ат байлайтын жері Әбілқайыр ордасы. Жерді жоңғар алғалы сұлтандардың ішінде қайта-қайта қайрат көрсетіп жүргені жалғыз сол. Қазақтың көк найзасы оған бармағанда кімге барады, оған ермегенде, кімге ереді! Ендітәуекелдіңтұлпарына ердібіреу салса, сол салады... Жұртының бұл ыңғайы Әбілқайырдың құлағына жетіп жатты. Бұл жолғы ел арасындағы әлгі әңгімені сұлтандар бастаған жоқ. Сұлтан бастайтындай аға тақты иемденіп отырғанда тал түсте елін жауға алдырған Болаттың халыққа қарар беті бар ма! Әбілмәмбет пен Сәмекеге жол тимейді. Жұрт ыңғайлайтын Әбілқайыр аға тақтың иесін, басқа арыстың сұлтандарын баса көктеп кете алмайды. Оның үстіне жұрттың кеңілі өзіне аунап жүр. Мұндай жағдайда ыссылай сұғынбай бұға тұрғаны дұрыс. Аңысын аңдып, сақ сөйлеп, сақ қимылдайды. Бұл жолғы әңгімеде билер де бұрынғыдай алшайып отырып ақтарыла сөйлесе алмады. Төле би Жолбарыспен бірге Ұлы жүзді билеп Шашта отыр. Қазыбек Ұлытауда көшіп жүр. Әйтеке қайтыс болған, Сүйегі Сайрамда қалды. Едіге, Әнет, Мәті билер бұл дүниеден өткен. Алқалы жиын шақырып, ортаға қамшы тастап, жүгінісіп жатарға жер тар. Бұл жолғы мәслихаттың қазанын қайнатып жүрген батырлар. Батырлардың қазіргі беделі биіңнен де, сұлтаныңнан да жоғары. Ел басына күн туып тұрғанда олардың алдарын кескестеуге жағдай қайда?
Қайта, қазіргідей қысталаң кезде билер қамшысын тастап найза ұстап, хандар тағын тастап атқа мініп, батырлықтың жолын қумаса ел сауырынан домалап түсіп қалуы да әбден мүмкін. Соны білген Әбілқайыр баяғыда, заманның бейбіт кезінің өзінде де, жортуылда кеп жүретін, «ақтабан шұбырындыдан» бері ат үстінен бір күн түскен емес. Батырлардың да көңілінен шығып жүргені, бәлкім, содан шығар.
Бірақ, бұл жолы ол батырлар «қол баста!» деп келсе, басын да алып қашпауға, «ал кеттік, алдымызға түс!» - дегенге қолқ ете де қалмауға бел буған-ды. Кешегі екі қырғынға» қатысқан батырлардың қай-қайсысы келсе дег оңаша сұхбат үстінде бұл жолы бүкіл халық боп қимылдау керек екендігін, бүкіл халық боп атқа қонғасын бүкіл халықтың тізгінін ұстар бас сардар сайламай болмайтынын, оның мынандай шешуші сағатта аға ханнан кем беделі болмауға тиісті екенін ескертіп, бүкіл халықтын алқалы жиын шақырып, сонда аруақ шақырып, ақ киізге көтеріп сардар сайлау керек екендігін құлақтарына қүйып бақты.
Үш жүзге сауын айтқан қазақ батырлары халықты алқалы жиынға шақырды. Жиын Қаратаудың күнгей бетіндегі оқшау биік Ордабасында өтетін болды.
Бұл жолғы жиын баяғысындағы Мәртөбедегі, Кұлтөбедегі дәстүрлі жиын емес-ті. Бұл жолғы жиынға ақ жұмыртқа ақ отаулар тігілген жоқ, бұлаңдаған бойжеткен, сылаңдаған керім келіншектер келген жоқ. Шешендер тақылдап таңдай сынасқан жоқ. Палуандар ортаға түсіп күрескен жоқ. Талай өнерпаздардың сұңқылдаған үкілі домбыралары ауылдарында, керегелерінің бастарында қалды. Бұл жолы дыр-думан құрып, салтанат жарыстырып жатуға уақыт тығыз, жер тар еді. Оның үстіне, жартысы жауда қалып, жылап-сықтап отырған елде не думан, не салтанат болушы еді?!
Бұл жолғы жиынға қазақтың екі арысының ат жалынан тартып мінер еркек кіндігі түгел келді. Ұлы жүздің де жоңғар боданына бағына қоймаған біраз рулары келді. Бұл жолғы жиынға жұрт тек бурынғыдай бес қаруын асынып келіп қана қоймай, әрқайсысы үш-төрт жорық аттарын жетелеп, қостарын артып келді. Ол жылы Ордабасының маңының құлпырып тұрған шағы еді. Алдында ұлу, жылан, жылқы қатар келіп қара жердің қырындысына дейін қырып әкетсе де, жаймашуақ кеткен мешін мен жайма-шуақ келген Тауық кенезесі кеуіп қалған сахараның тандыр емшегіне нәр жүгіртіп кеткендей еді. Былтыр ғана тері сүйреткендей қуарып жатқан қу топырақ биыл қырмызыдай құлпырып тұр. Білем-білем көк жалдардың басына біреу көк масаты төсеп кеткендей. Бозқылшықтанып жататын ой мен қырды қызғалдақ, сарғалдақ жауып кеткен. Жүлге-жүлгенің бәрі сылдырап аққан бұлақ. Сай-сайдын бәрі сарқырап аққан өзен.
Қаратаудың қашып шығып айқай жазыққа оңаша біткен жалғыз еркеш қара нардай оқшау таудың тұла бойы сылдыраған судың үніне, тамылжыта шырқалған құс үніне, тегіс гүлдеп, тегіс бүрлеп тұрған жас өсқіннің жұпар иісіне бегіп тұр. Терістікке кемерін жапырып асып-тасып Арыс пен Бөген жатыр. Күн шығыста көз ұшында көкжиектің үстімен біреу бір мес қатық сүйретіп өткендей ала жағалданып алыс-алыс Алатау шалынады. «Ау, бауырайындағы қосын кім, басындағы жиын не?» деп сұрағандай Қазықұрт мойын созады. Күнгейдегі қыземшек кішкене бұйраттар барып-барып далиған далаларға ұласады. Арқадан Қаратау мұнарытады. Жан-жағындағы сол көк жалқынданып сағым шалып жатқан кеңістіктің бәрі қалмақтікі. Қазақтың екі арысы сол жауда қалған ескі ұяның қақ ортасында Қаратауды айналып барып кіріп отыр. Сондықтан да Ордабасындағы бұл бас қосу, шынында, жиын емес жорықтұғын. Жорыққа қай қазақ қатын-баласын шұбыртып жүрген. Ордабасына да тек отау жетелеген бейбіт ауылдар емес, ту көтеріп қолдар келді.
Желектерін желкілдетіп жан-жақтан шұбырған ауыр қол алыстан мен мұндалаған айқай биікті шырқ айналдырып қосын тікті. Қосындар алыс-ұлысына, ру-руына бөлініп бөлек қонды. Ел түгел жиылып, бірер күн еру болып естерін жинаған соң сәрсенбінің сәтіне жиын басталды. Жұрт тайлы-таяғы қалмай түгел атқа мініп тауға шұбырды. Біресе қызыл борпылдақ бос топыраққа тобығынан батып, біресе шықылдаған қара тасқа шашасына қақтырып, жүлге-жүлгені бойлап алқынып, әзер шыққан көп атты бір бетін шығысқа, бір бетін батысқа беріп, көлденең сұлаған дөңбек таудың дәл төбесіндегі сүп-сүйір жалғыз өркешті шырқ айнала қоршай тоқтады. Бір жағы жандатпа, бір жағы тік сүйір шоқының ұшар басына онсыз да азынаған желі тымағыңды алып қашып ұстатпай тұрған заңғар биік аз болғандай, екі кісі бойындай оба үйіліпті. Сол обаның төбесіне қазақтың туы қадалды. Тудан төменгі жағалай кемер биікке ортаға Болатты, Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмекені алып қазақтың барша игі жақсылары орналасты. Одан бір саты төмен кемер биікке ру басылар, батырлар жайғасты. Одан төменгі ұлан бауырда бес қаруы беліндегі қара нөпір қалың әскер қаптай шоғырласты. Бәрі де оң қарына, қайсысы қай рудың сарбазы екенін білдіретін қызыл жолақ, сар жолақ, көк жолақ, ақ жолақ шүберек байлап апты. Мынау сәңкиген сойқан биіктің бауырына мынау тұмандай тұтасқан қалың қол, күнге шағылысқан көк найзаны біреу әкеп жимағандай, әуелден бірге бітіп, бірғе жаратылғандай. Күн көзімен сүйісіп қылпып тұрған көк сүңгі өз ұңғысына қайтып қадала қалған болса, сол көк найза дәл өзіндей сүсты, дәл өзіндей түнеріңкі сарбаздың қолымен қол боп тас түйін жымдаса қапты. Қаршығадай қасқия қараған тас түйін сарбаз астындағы қыдыра жал қыл құйрықтың арқасына желімдей жабысып қалса, басын кекшие көтеріп, төрт аяғын түгел қадап қаздия қыдыра жал, қыл құйрық астындағы қара шоқының өз тәнінен өсіп шыққандай. Ал тал бойына бүкіл бір жұрттың бойында бар қайратты, ақылды, парасатты, айбатты түгел жиып алған сұсты тау осынау далиып жатқан даланың өз көкірегінен жарып шыққан. Сол далиған дала осы бір жиынға бар назар, бар пейілін төгіп елітіп жатқандай.
Әбілқайыр мынау бірінен-бірі туып, бірінен-бірі өрбіп жатқан жұмыр тұтастықты, нағыз бірлікті, жарастықты кәргенде көмейі құрғап, көзінің алды жыбырлай берді. Ордабасын түгел толтырып, сақадай сай тұрған мынау сұсты жиынға дәл қазір ешбір жауың батып кіре алмастай. Дәл мынандай тас түйін жұртқа ешкім дәті барып тиісе алмастай.
Оған көңілі толқып отырған жаңғыз Әбілқайыр емес сияқты. Қазақтың баяғы үш арысты түгел тоғыстырған алқалы жиындарында төр ұстаған үш биден бүгінгі мәслихатқа қатысып отырған жалғыз көз - Қазыбек мәслихат бастар сөзін көпке дейін қайта-қайта тамағын кенеп, үсті-үстіне мүдіріп, әдеттегісінше бірден көсілте сілтеп кете алмады.
Жұрттың бар назары мынау ұшар биіктің басына қонып алған қыран бүркіттің қанат қаққанындай тепсіне желбіреп тұрған қазақтың туында.
Жұрттың құлағы тілімен тас жарған ақыл иесі атақты шешенінде.
Ол бүгін алдында анталап тұрған ағайынының көңілін босатпай бекіте сөйледі. Ұланының қатар емініп, ұранының қатар естіліп тұрған бүгінгі жарастығына «ұзағынан сүйіндірсін» айтты. Ертең басталар ұлы шеруге сәт тіледі. Алқаптолы аламан: «Иә, сәт! Иә, сәт!» - деп күркіреді.
Қаз дауысты Қазыбек мынау алқалы жиынға жиылған әр ру, әр арыс, әр тайпаның тізгінін ұстап, тілегін діттеп жүрген игі жақсылардың түгел бас қосып, ел мен жердің тағдыры шешілер ертеңгі жорыққа үш алаштың үш тізгінін бір қолда ұстап барар бас сардар сайлауға пәтуаласқанын айтты.
Қара ормандай қалың өскен көк найзалар: «Дұрыс! Дұрыс!» - деп дүркірей көкке көтерілді.
Әбілқайырдың қараптан-қарап алқымы ісіп, тамағы құрғап, тынысы тарылып, екі шықшыты шыңылдап бара жатты.
Қазыбектің бұдан былайғы сөзін ести алмады. Екі құлағы бітіп қалды. Көзінің астын топан көміп бара жатқандай бұлдырап барады. Әйтеуір әлгі баурай-баурайды түгел толтырып тұрған нөпір аламанның әлденені айтып күркірегенін біліп отыр, әлгінде ғана алдында сұлқ салбырап тұрған қыл шашақтардың тұнық аспанды сабалап желк-желк желпініп жатқанын көріп отыр. Сол бір қаһарлы айқай тынар емес, сол бір дүрлігіс басылар емес. Бір уақытта қолдарына көлдария өре киіз ұстап, іштерінде қанжығалы Бөгенбай, қара керей Қабанбай, тама Есет, әлім Бақтыбай, ошақты Саңрық, керейіт Тайлан, шөмекей Киікбай, үйсін Ақтамберді, Қалдыбай, керей Сырымбет, тілеу Орыс, адай Шотан, атығай Құлсары, Қыпшақ Шақа, сары жетім Бүданбай бар, қарақұрым қол алдына келіп, тістері ақсиып бірдеңе деді. Қапелімде орнынан тұра алмай қалған Әбіл-қайырдың бір қолтығынан арғын Жәнібек, бір қолтығынан табын Бекенбай демеп өре киізге алып келді.
Сол-ақ екен бір алып ақ самұрық құс оны аспанға көтеріп әкетті. Біресе шырқыратып шыңға шығарып әкетеді, біресе құлдилатып әлгі қара нөпірдің үстінен түсіреді. Жұрт ауыз жаппай әлдене айтып жатыр.
Жапа-тармағай ұмсынысып, көлдей ақ өре киізді қақпақылдап жатқан қалың жиын бір сәт кейін серпілісіп, Әбілқайырды жерге түсірді. Бас сардарды қақпақыл қылған өре киізді жұрт пышақ үстінен үлестіріп әкетті.
Әлгінде ғана мынау қара жақпарды қақыратып сөгіп, кұл қылып аспанға ұшырып жібере жаздаған қуатты да сұсты сөздер құлағында әлі жаңғырып тұр.
- Әбілқайыр Мүхамбет Қазы баһадүр хан!
- Әбілқайыр Мүхамбет Қазы баһадүр хан!
Мынау Ордасының тау-тасы түгел осыны айтып қақылдап, қақсап тұрғандай.
Содан бұл жарты жылға дейін бұлт арасында жүргендей көңілі алып ұшты да тұрды.
Сол бір күндер көз алдына келгенде осы кезге дейін көңілін бесіннің бір бейсаубат құйыны кеп алай-дүлей соғып өткендей, астан-кестен қып кетеді.
Шіркін, сол бір жылдар-ай десейші! Қаратаудың күнгей бетін, Алатаудың теріскейін туырыла жайлап жатқан қалың қалмақты бөрі тигендей бөрліктіріп еді-ау! Күн батыстан жауар бұлттай болып қарауытып құлаған қалың қолдың жолында тұра алмаған жоңғарлар жөңкіле-жөңкіле кеп Балқашқа табан тіреген-ді. Қаратау бойынан қашып келе жатқан жоңғар қолымен Іле бойындағы, Балқаш сыртындағы, Ертіс алқабындағы жоңғар ұлыстарынан әскер кеп қосылды. Күні кеше босқан бөкендей тырағайлап бара жатқан жоңғарлар қайтадан жабағыдай ұйысып молая бастады.
Жоңғарлардың қашқанды қойып, қарсы шабуылға шықпақ ойын біліп, Қазақтар Балқаштың Алакөл деп аталатын шығанағы мен Хан тауының арасына кеп бекінді. Ондағы ойлары зеңбірегін сүйреткен жоңғарды тауға жолатпай ашық далада қарсы алу еді. Сырт кезғе бекініп жатңан сияқты боп көрінген қазақ әскері қарсы келе жатқан жоңғар әскеріне қапиядан бас салуға әзірленіп жатқан-ды. Жарты әскермен тау мен көл арасындағы тар қолатқа тығылып алып айқас салып, біраздан соң шегінген боп, әлгі тар қамашауға кіргізе түсіп, екінші жартысымен жау қолының желке тұсынан тап беру еді.
Көктемнің май тоңғысыз күні. Изен мен бұйрығын шыққан тақтайдай тегіс, тақтайдай қатты даңғыл дала. Мынау ұлан байтақ далаға төгіліп кетердей боп табаға құйған сынаптай қалқып Балқаш жатыр. Күйген бауырдай қарақошқыл жеке таудың жүлге-жүлгесіне сіңіп алған қазақ қолы көз ұшынан мұнартып қара нөпір боп шұбырып келе жатқан жоңғар қолының әр қимылын жер түбінен аңдып бағып отыр.
Бір жағы - көл иіні, бір жағы - жеке тау. Қалған жердің бәрі көлкөсір төгілген ұшан дала. Қашқан жоңғарлар бұл далаға әдейі бастап әкелген-ді. Осы беттерімен Ілеге жақын жердегі қалың бытқылға апарып, зеңбіректің төмпешіне алмақшы. Жау сыңайын байқаған қазақ қолы мынау жылмағай жазықта әлдебір керуеннің ауып қалған жүгіндей боп үзік-үзік жайғасқан қызыл қоңыр таулардың тұсына әдейі бөгеліп қалды.
Жоңғар қолы енді бұрынғы ойларынан күдерлерін үзіп, мынау жеке тауларды қазақтардан тартып ап, дүркіреп кейін шегінген әскерге шойын доптан жаңбыр жаудыруды көздеп, алдарына түйеге артқан зеңбіректерін салып көл мен таудың арасындағы тар алқапқа қарай ентелей ұмтылды. Түскен жерінің шаңын аспанға атып бұршақтай жауып кеткен зеңбірек добына қазақ қолы шыннан да беттей алмады. Бірақ, қапталдағы қоңыр таудың тасасында тұрған қалың әскер жоңғар қолы тар қамашауға кіре түскен сайын бүқпақтап шегіне берді. Таудың көл жак, бетіне, терістік жақ бетіне жайғасқан жаукем қол қаша ұрыс салып жүргенде, батыс жақ бет тасаға орналасқан ауыр қол әуелі мысықтабандап күнгейге аунады, сосын бірте-бірте шығысқа қарай жылысып, зеңбірек добынан тым-тырағай безіп жүрген қазақтардың соңынан тұра қууға асығып, үдере жөңкіліп бара жатқан жау қолының ту сыртынан кеп тиісті. Бір жағы көлге, бір жағы тауға тірелген ауыр әскер бұлтара алмай тұра қап соғысуға амалсыз көнді. Түйеге артқан зеңбіректер ілгері кеткен. Кейіндегі зеңбіректер ортадан килігіп ұрыс салған қазақ қолына доп жаудырайын десе, әлгінде ғана еңкілдей ілгері тартып бара жатқан өз әскері қапталдан тиген қазақ әскерімен мидай араласып кетті. Жауды қырам деп жүріп, өздерін қырып алуы мүмкін.
Сартылдаған шайқас басталды да кетті. Шерудің алдыңғы жағындағы от қақырап, қырып-жойып бара жатқан түйеге теңдеген зеңбіректердің де добы таусылса керек, біраздан кейін үндері ешейін деді.
Кейінде келе жатқан ауыр зеңбіректер қапияда тап берген қазақтардың қоршауында қалды.
Құдайдың кең даласы жетпегендей алақандай тар алқапта шайқасқан ауыр қолдар күн батқанша шайқас салды. Күн батып қас қарайғасын қазақ әскері тағы да тауға шегінді. Қазақтардың зәресін алып жүрген үш-төрт зеңбірек соғыс басталмай жатып қолға түсті. Сөйтсе, жоңғарлар әлгі сары сақал сиқыршыларына жасатқан тажал ауыздарын негізінен қытаймен соғысып жатқан әскеріне береді екен де, батыс жақтағы әскеріне қазақтарды күндей күркіреп ауық-ауық зәресін алып қорқытып қою үшін азын-аулақ қана зеңбірек жетектетеді екен. Соны білген қазақтар енді мынау тар қамашаудан сытылып шығып, соңындағы сүмеңдеген жауды айқәй далаға алып кетуге әрекет жасады. Түн қараңғысын пайдаланып, таң атқанша жылысып-жылысып мидай жазыққа шоғырланып алды.
Ертеңіне күн айқұлақтанып шықты. Жер де қызыл, көк те қызыл. Айдаладағы жеке таудың айналасы тола жығылған ат, сұлаған елік, төгілген қан.
Күнбатыстағы мидай жазықтыққа тоқтаған қазақ әскері тау жүлгелеріне кіріп алған қалмақ қолын жетелей шықпақ боп, жан-жағынан ат ойнатып, қаша соғысып жүрген сарбаздарына алыстан көз тастап түр. Жоңғарлар да қазақтардың айласына түсініп қалса керек. Әлгіндей тиіп-қашпа ұрысқа кеп онша еліге қоймады. Сөйтіп, біреуі тауға тығылып, біреуі жазыққа шығып ап аңыс аңдысқан екі әскер күн батқанша табан серіппей жатты да қойды. Кешқұрым Әбілқайырдың шатырында бас қосқан батырлар ертеңіне де осы арада осылай тапжылмай жатып алуға бел байлады. «Жау қашанғы шыдар дейсің... Иә, айқасқа шығар, иә, елші салар. Зеңбірегінен айырылды, қазақтарды бостанға шығарып, өздері тығырыққа қалды...»
Ертеңіне жақындап қалған шілденің қайраты ма, жоқ бүгін де көретіні қызыл қырғын болатынын білгесін бе, күн шағырмақтанып шатынап шықты,
Шатынап шыққан шадыр күн жер мен кекті жалын шашыраған қызыл тілімен сұқтана жалап, қуырып күйдіре бастады. Аңылжыған ашық далада қалған қазақтардан жай кетейін деді. Аттар мен сарбаздар қаталап барады. Маңайда қүдық қазардай қүмақ жоқ. Тырбиған жапақ пен бұйрығын ескен қызыл саздақ. Еңіреп жатқан мынау қатқылды қаз мейлің, қазба мейлің - бәрібір тұщы су шықпайды.
Жоңғарлар да қазақтардан жәй кете бастағанын сезіп тырп етпей жатып алды.
- Жоңғарды жын қуып па! Жатқан жері сыз жүлге, көлеңке. Ар жағында тұщы су. Табан тіреп соғысар жерде біресе оңға, біресе солға бұлтарған түлкі бұлтақты кім тапқан! Қулықтың түбі бір-ақ тұтам деген осы! Енді, міне, ақырында ақсиған ай тақырда бізді жау емес шөл қыратын болды.
Әскер арасындағы қаңқуды естіп жақсылар мен жайсаңдар Әбілқайыр шатырына жиылды. Көбінің жүзі кешегідей жайдары емес қату. Әсіресе, алдыңғы күні сұғынған жауға көк желкеден кеп тиісіп ойнақ салып, көп қайрат қылған Әбілмәмбет қабағынан қар жауып кетіпті.
- Сол иттерің бір күн түнде балалап, көбейіп шыға келетін қара шыбын болып кетпесе, біразы кеше қырылған сияқты еді ғой. Әлгі оқ шашқан үлектерінің де үндері өшкен жоқ па? Бүйтіп тығылмақ ойнап жатқанша, неге тап бермейміз? - деді.
Әңгіменің зәрі кімге қадалып отырғаның бірден аңғарса да, Әбілқайыр үндеген жоқ. «Кәні, тағы не айтатындарың бар?» - дегендей төңірегіне қарады. Екі сұлтанның арбаса бастағанын сезген жұрт аңыс аңдып үндемей қалыпты. Әсіресе, Барақтың дудыраған қара сақал, қара мұрты біреу майлап кеткендей жылт-жылт етеді. Күлімдеген жүзін көрсеткісі келмегендей, ауызына бір шеңгел насыбайды ытңыта сап, екі ұртын бұлтылдатып, қайта-қайта есік жаққа бүрылып, үсті-үстіне түкірініп бақты. Былайғыларынан ешкім ештеңе демегесін әңгімеге қыстырылды.
- Ау, сонда тауға тығылып, тарс бекініп жатқан қалың жауға қарсы бас та жоқ, көз де жоқ, атанақтап қарсы шаба береміз деп босқа қырыламыз ғой!
Әбілқайыр сол кекжиген қалпы. Мұзбен қаптап қойғандай сұп-суық жүзі бір бүлк етпей:
- Қырылып қалсақ, бүгін кеп мына шатырда кім қызыл кеңірдек боп дауласып жатар еді. Қырылмағасын да, міне, мауыздай-мауыздай боп отырған жоқпыз ба?! - деді.
Мұндайда жермен-жексен бола кетуге шебер әлжуаз көп бұға түскен де, айбынды-айбындылары әр жер, әр жерде бастарын жықпай, «мынау не дейді-ай!» - дегендей едірейе қалған. Әсіресе, Барақтың жүндес қабағының астына біреу кеп әп-сәтте шақшақайдың жұмыртқасын қыстырып кеткендей, әншейінде кілгіре қарайтын қысыңқы көз аяқ астынан алайып шыға келді.
Ол мінез шығара ма деп қорықты ма, жоқ «шоқ-шоқ» дегені ме, манадан бері еңсесін тіктемей сұлқ отырған Болат Бараққа жүзін бұрып:
- Сонда қайтпек керек дейсің? - деп сұрады.
Қайтпек керек екенін мен қайдан білейін. Әуелден мынау ел көрмеген тосын тәсіл қолданып шайқаспақ болған бас сардардың өзі білмесе...
Барақтың қитықтанып қалғаны белгілі болды. Көмейіне тас тығылғандай дауысы тұншығып шықты.
Осы бір сұлтан не істеп, не қойса да, назар аудармай қалмайтын Батыр орынынан бір қозғалып қойды. Әбілқайырдың мына қызыл көзді шалқасынан қайырғанына айызы қанып отыр. «Өзі бір араласып қалмаса, дүние күйіп кететіндей, кез келген жерге тұмсығын тықпай жүре алмайтын еді. Сауап болғанын қарашы...»
Жұртта үн жоқ. Бәрінің көзі бас сардарда. Бас сардар түрулі іргеден көк желкелерінде безеріп жатып алған қырсық тауға тесіле қапты. Ауызына аңтарылып отырған жұртқа қарар беті жоқтай теріс айналып кеткен. Соңғы күндері өзі мойыны қылқиып тіптен жүдеп кетіпті. Батыр сұлтан мынау өңшең қызыл көздің сұғында жүрген қайын ағасын бір түрлі аяп отыр. Қалай дегенмен де өзінің жаны сірі. Алакөз ағайынның қай шаншу сезіне де айылын жимай, әлгіндей үрымтал сәтті қапы жібермей, жағаласқан қарсыласының жанды жерінен қауып ала қояды. Сыңар езу Барақты сирақтан шалу үшін де біраз азу керек-ау... Дегенмен, мына жұртты осынша қаңтармай айтарын тезірек айтпай ма! Әлде әлгінің сөзіне қыстығып қалып отыр ма екен. Ондайда мына сілекей сілімтірлерге талата бермей жол-жөнекей сөз қыстырып жібергені дұрыс шығар. Ол ойланып алғанша, жұрт бұнымен бола тұрсын! Қанша дегенмен өзінің көкірегі де аяқ қаптай. Әсіресе, әнеу күнгі Ордабасындағы жиыннан бері бұрынғы езу бағып есеппен сөйлейтін әсіре сақ мінезін ұмытып, кім-кімнің де бет жүзіне қарамай жармаса кететінді шығарыпты.
Айлапат шатыр лықа толы, ығы-жығы жұрт әлі үнсіз. Бәрі де, әлгі шәлкем-шалыс әңгіме немен тынар екен дегендей дымдарын шығармай сілтідей тына қалыпты. Батыр тамағын кенеді.
- Маған салса, жоңғарға кешегі өздері келген жақтан тап беріп, жарып өтіп, анау суы тұщы Алакөл жағына шығып алар ем. Сосын жоңғар әлгі таудың бауырына қыстаса да мейлі!
Біреу мырс ете түсті. Намысқой сұлтан жүзін суытып жан-жағына қарады. Жұрттың бәрі жым-жырт. Кенет қарсы алдындағы ханның арқасына көзі түсіп кеткені. Әбілқайырдың екі жауырыны селкілдеп түр. Батырдың адырая қараған көзі кенет кілгіріп, әлгінде ғана делдиіп тұрған кең танауы қусырыла берді. «Қап, неге мырс еттім... Бұлар бір сәл нәрседен секем алатын кіді тұқым еді. Енді мына сұлтан да маған тісін қайрап бағар», - деп ойлады Әбілқайыр. Бірақ, кеудесіне сыймай бара жатқан ызаны күшпен тежеп, жайбарақат тіл қатты.
- Кешегі жоңғардың киген кебін енді біз киейік дейсің ғой!
Батырдың әдетте тырсиып жүретін жылтырақ жүзі қазанның түп күйесіндей боп қарауытып алыпты. Әлгі оқыс мырс еткені күйеу баласының жүрегінің басына кірш етіп қадала қалғанын хан содан байқады.
- Иә, жау қамалған тығырыққа енді өзіміз барып қамалып, бізге сонша не көрініпті, - деді Сәмеке бір ырғалып қойып.
- Неге? - деді Барақ ауызындағы көк қоймалжыңды іргеден тысқа ытқытып.
- Біз сан жағынан жаудан әлдеқайда көппіз, Бір қатарымыз әлгінде Батыр айтқандай арғы екпе тұстан Алакөлге өтеміз. Қалғанынымыз бергі теріс бетінен қаптағайлаймыз. Күші екіге бөлінген жау қашанға шыдар дейсің. Ақыры бір берілер. Алармыз.
Жүрт: «Осының да сөзінде пәтуа бар-ау!» - дегендей бір-біріне қарасты. Көк желкесінде көзі бардай манадан бері іргеге қарап үнсіз тыңдап отырған Әбілқайыр тап осы арада тағы да күңк етті.
- Алуын аларсың-ау, бірақ өзіңнің де қан-сорпаң шығар!
- Ау, енді соғыс болғасын қан төгілмей тұра ма?!
Әбілқайыр жалт бұрылды. «Айтарларыңды айтып болдыңдар ғой, енді мені тыңдаңдар!» - дегендей сазарып алыпты.
- Өйтіп қан соқтыға салар болсаң, бұл шайқас ендігі бір жағына шықпас па еді. Бірақ, өздерің ойлаңдаршы. Жоңғар алып қойған жердің әлі кіндік ортасына да келген жоқпыз. Өзіміз де ойранымызды шығарып, жау тоқтатқанда не пәтуа табамыз? Қазақтың ат жалынан тартып мінер азаматының бәрі осында. Олардың көбін осы арада қырамыз екен, ар жағында қайтып соғысамыз?
- Ал, сонда не дейсің? - деді Барақ, оған сөзін аяқтатпай, тағы да аузына насыбай салып, тағы да теріс қарап түкіріп.
Бұл жолы Әбілмәмбеттің көзі шырадай жана бастады.
Әбілқайыр бір сәтке мүдіріп отырып қалды. Жарқ ете түсіп, дереу сөне қалған көз аңғарына қарағанда өрекпіген Бараққа өңменінен өткізіп айтар бір сөз тілінің ұшында тұрса да «құрысыншы, ұйтқы бұзар өзім боп қайтем», - деп іркіліп қалған түрі бар.
Қалған жұрт бас сардардың аузына қарап еміне қапты.
Әбілқайыр тағы да терістіктегі құж-құж қияңқы тауға қарап бір күрсініп қойды.
«Кеше ғана екі жүлгеме екі ордаңды қондырып, ызғындай ел болып сән-салтанат орнатып ең. Жын қуғандай аяқ астынан түріле көшкен өзің ғой. Енді маған не дейсің?», - дегендей қызылқоңыр жеке тау желкесін беріп күдірейіп тұр.
- Тау басына орныққан дұшпанның әрқайсысы кісі басына төрт-бес жастық алып барып оққа ұшады. Сонда сен жаудан бес есе көппін деп ойлайсың ба? Оның үстіне қазіргі жоңғар қолы баяғы біз көргендей емес, тәсілқой.
Әсіресе, бекініп соғысуға жетілген. Өйткені, ар жағынан құмырсқадай қаптап келе жатқан қара қытайды қаптағайлап шауып құрта алмайды. Қашан ойрат ат ойнатып келіп найзаға шаншып әкетер екен деп, шүршіт те нан пісіріп отырмайды. Қонтайшының өз ақылы жетпейтіндей, қасына қайдағы бір жирен сақалдарды жиып жүргені де тегіннен тегін емес. Зеңбірек те сол бекініп соғысуға керек. Жоңғар жекпе-жек соғысының бәрінде арқасын тауға тіреп соғысуға, жыра-жықпылы, тасасы көп жерлерді паналай соғысуға үйір. Тауда туып, таста өскен олар ондай бұқпантай ұрысқа бізден гөрі шеберірек. Қарап отырсаңдар, жоңғарды жеңе алған шайқастарымыздың бәрі жазықта болған.
Бұл жолы Барақ бұрынғысындай мырс ете қалмай дүңк ете қалды.
- Ендеше, сондай жыра-жықпылды, қуыс-тырысты оған өз қолыңнан апарып беріп отырған жоқсың ба?
- Бердім. Әдейі бердім.
- Әдейі берсең, несіне салғыласамыз. Әлгі көзіңнің қарашығындай қорғаймын деп отырған қазақтың қыршын боздақтарын тауға тағылған жоңғар мергеніне жем етесің бе, жоқ күнге қақтатып өлтіресің бе? Еркің өзіңде. Онда обал-сауабымыз саған. Басымызды ауыртпа.
Әбілқайырдың көзі тағы лезде жалт етіп, лезде сөнді. «Қалғандарың не дейсіңдер?» дегендей ошарыла тоқтады. Барақтың мына сөзіне мүдіргендей ұзақ бөгелді. Отырғандардың арасында жыбыр-жыбыр әңгіме көбейіпті. Әбілмәмбеттің көзі май аңдыған тышқандай жылт-жылт сығалап тыным табар емес, жұрттың бәрінің бет-ауызын тінткілеп бақты. Барақ иығын қомдай көтеріліп, сыртқа барып таңқ еткізіп, бір сіңбірініп қайтып келді. Әншейінде сәнқой, сыпайы, кербез Барақ біреуғе ренжісе болды, өстіп аузы-мұрнымен жағаласып кетеді.
Оның бүйтіп шала бүлінгені көңіліне майдай жақты ма, Әбілқайыр ұйқысырап отырған кісінің әңгімесіндей қып тіптен бәсең сөйледі.
- Мен бірдеңе білетін болсам, қазақтың жоңғар білмейтін сыры жоқ та, жоңғардың қазақ білмейтін сыры кеп. Үйреншікті үрдісімізге басып, бас-көзге қарамай атанақтап шаба берсек, қалмақ сыралғы жау, алмай қоймайды. Ең болмаса, оларды сол «қазақтың біз білмейтін не сыры бар еді, тәйірі» деген астам ойынан жаңылдырайық. Кеше құдайдың кең жері құрығандай тауға әдейі тығылдық. Ондағымыз: қалмақ. «Қазақ бекінді-ақ, берекесі кетеді», - деп өңмеңдей ұмтылып, тығырыққа түссін дедік, түсті. Өзіміз тауда, олар ойда тұрғасын, зеңбіректерін де дұрыстап пайдалана алмады. Доптарын құр бекерге рәсуа қылды. Оларды біз қамалар тығырығына қамап, қол-аяғымызға қайтадан бостандық алып жазыққа шықтық. Енді олар тағы да мәз болып отыр. Өйткені, қазақтардың бекінген жауға шауып та береке шығара алмайтынын біледі. Бұл қапияда тиісіп қаңқақсатып кететін барымтаның соғысы емес. Қазір қазақтар жан-жақтан анталай ұмтылғанда жебенің оғымен-ақ жайратып саламыз деп отыр.
- Онысы енді рас қой, - деді, бұл жолы Сәмеке шыдай алмай.
- Рас екені рас. Бірақ, бізге бұл таудың қажеті қанша?
- Ау, сонда енді, - деп батырлар қозғалақтады.
- Сонда... Біз оларды ай жазыққа алып шығамыз.
- Тауға бекініп алып отырған қол, күш асырып, қуып шықпасаң, «әй, кет былайыңа» бола қояр дейсің бе?
Әбілқайыр тағы да ішін ашпай, сыздана сөйледі.
- Күш асырмасақ, айла асырармыз.
Жұрт жым болды. Ала шатырдың ішінде ұшқан шыбынның ызыңы естілгенше, Әбілқайыр тіл қатпай қойды. Осынша жұртты өз ойының жетегіне мұрындықтап ертіп алғанына көзі әбден жеткесін барып, жайбарақат сөйлеп кетті.
- Біз бүгін осы арадан тырп етпейміз. Үркер ауа орнымыздан көтерілеміз.
Әбілқайыр жұрт не дер екен деп, мүдіріп еді, ешкім тіл қатпады. Бәрінің кезі бұның аузында.
- Тәңертең тұрғанда олар біздің бос жатқан жұртымызды көретін болсын, сосын көз ұшында құлт-құлт жөңкіліп бара жатқан біздің әскеріміздің соңының ақ бұрқылдақ шаңын көретін болсын.
«Мынау не дейді-ай!» дегендей жұрт оқыс бастарын көтеріп алды.
- Ал, сонда?
- Сонда, ойрат айдаладағы жалғыз тауда атасының басын күзетіп жата ма, олар да орындарынан көтеріліп жолға түседі.
Барақтың көзі жанып кетті. Әбілмәмбеттің көзі жылт ете қалды. Мырс етіп күліп жіберді.
- Қазақтың артына бір уыс топырақ дейді де жөніне кетеді. Біз қолымызды мұрнымызға тығып елге қайтамыз.
- Қолыңды мұрныңа тығатын жастан кеткен шығарсың? - деді Әбілқайыр бұл жолы өзі тиісіп.
- Өзі шегініп бара жатқан қазақтың соңынан жау қуа женеліп өле алмай жүр ме? Елдеріне қайтады. Сонда біз жұртқа не бітірдік деп барамыз!
- Жауды қырдық деп барамыз.
- Ал, әлгінде ғана бұл арадан осы түнде екшемізді көтереміз деп өзің айтпап па ең? - деді Сәмеке.
Әбілқайыр тағы мүдірді. Оны кекетіп отырғандары, жоқ Сәмекені кекетіп отырғандары белгісіз, Әбілмәмбет те, Барақта жымсия қалыпты.
- Өкшемізді көтерсек жеңілу үшін, жену үшін көтереміз. Қашсақ, қырылу үшін емес, қыру үшін Қашамыз. Бірақ, біз алдағы түнде қашпаймыз, ата жауымызды қуа жаңа жорыққа шығамыз.
- Ал, сонда мынау жеке тауға тығылып отырған жауды қайтеміз?
- Қайтетін едік, қала берсін, Тал түсте көздері көріп отырып, Іле бойындағы елін жауға шаптырғылары келсе, осы арада тырп етпей отыра берсін. Бізге де керегі сол.
Жұрт гу ете қалды.
- Неге қалсын! Соңдарымыздан сүмеңдеп өздері қуып береді ғой.
- Қуса қусын. Қайтадан тауға қашып тығыла алмайтын айқас жазыққа шығарып аламыз да, тоқтай қап, табан тіреп шайқас саламыз.
- Желкелеп сабайды дегенді білуші ек. Енді жетектеп сабайды дегенді де көретін болдық. Естімеген елде көп деген осы екен-ау! - деп гүр ете қалды Бөкенбай.
Жұрт ду күлді. Ала шатырдағылар сыртқа алабұртып шықты. Тек төрт-бес сұлтанның ғана қабағына қаяу орнапты. «Жаумен жағаласымыз да аз болмас, өзара жағаласымыздың да көбейіп кетер түрі бар екен!» - деп кетті жұрт. Шатыр алдында қарап тұрған Әбілқайыр әлгінде ғана алдынан тарағандардың аяқ астынан қарап тұрып өзіне сырттай күдірейген қандастарынан иығының қаншалықты шығыңңы екенін үш арыстың есі барларына сездірудей-ақ сездіре білгенін байқап тұр.
Ертеңіне тәңертең жоңғарлар, шынында да, күні кеше жерге сыймай шіреп тұрған қалың қолдың бос қалған жұртын көрді. Аң-таң ойрат жалтақтап жан-жағына, алақтап артына қарады. Көз жетер жерде жау көрінбейді. Маңайдағы шоқы-шоқының басына шолғыншылар шаптырады. Ешқайсысының көзіне ештеңе түспейді. Қазақтарға не көрінген? Бір күн түнде үдере көшіп кеткендері қалай? Әлде, елдеріне ойламаған жерден бірдеңе тап болды ма екен? Бірақ, қазір қазаққа жоңғардан басқа жау бар ма? Көздерін сатып әрі қарайды, бері қарайды. Тұнып тұрған көк ніл ауадан басқа ештеңе көре алмайды. Сөйтсе, олар таң атқалы кеше әскер жатқан күн батыс жақ көкжиекті, түстік пен терістікті тінткілеп бағыпты.
- Ойбай, анда қараңдар! - дейді бір шолғыншы күн шығыс жаққа көзі түсіп.
Жарқылдай көтерілген күннің асты аспанға айналған ала шаң. Қазақ айласын асырып кетіпті. Бұларды мынау айдаладағы жеке тауға екі күн босқа қамап, енді кеп түн қараңғысын пайдаланып қара үзіп кетіп, Іле бойындағы елді таламақ. Ұлу жылы ұлып қалғандарының әшін солай қайтармақ. Еркек кіндігінің бәрі мында қалған жоңғар ұлыстары оларға не қайрат қыла алады? Баудай түсіретін шығар.
Үсті-үстіне дабыл қағылды. Күркіретіп керней тартылды. Жеке таудың жүлге-жүлгесіне сіңіп кеткен қол атып-атып шықты. Кезді ашып-жұмғанша атқа мініп алған ауыр әскер күн астында будақтап бара жатқан қою шаңның соңынан салды.
Жеке таудың баурайында не болып, не қойып жатқанын Әбілқайыр көрмей біліп келеді. Бүгін ол үрдіс бойынша үдере жортқан ауыр қолдың алдына түспей соңында қалыпты. Өйткені, қазір көкжиектен шаң көріне-ақ, суыт жортқан жүрісті баяулатып, жау жақындай бере кері бұрылады. Сонда мынау жөңкіліп бара жатқан қара нөпір қолдың арты қызу шайқастың алдыңғы шебіне айналып шыға келеді. Сұлтандармен екі арадағы кешегі тәжіке бойына тың қуат бітіргендей, бүгінгі шайқастың қақ ортасында жүріп қол ма қол араласпақ. Әйтпесе, кеше ел алдында еңселерін жығып алған намысқой кергімелердің қандай ши шығарып жүретіндерін кім біліпті! Шаң көрінбей ме екен деп, арт жақтарына ауық-ауық мойынын созып қарап қояды. Әзір ондай ештеңе жоқ. Әбілқайыр көкірегіндегі көркем ойдың не боп бітеріне көзі жетпей абыржып келе жатқан түрі бар. Ақ тозаңды аспанға атып аршындап басқан ауыр қолдың біресе ол жақ қапталына, біресе бұл жақ қапталына шығып шаншыла шолып тұрады. Жүрттың жүрістері ширақ. Жүздері жарқын. Кешегі шелді ұмытқан. Бәріне де жау кереккендей жалаң-жалаң етеді.
- Уһ, керінді-ау ақыры! - деп айқай салды арт жақтағы шолғыншылардың бірі.
Дереу керней тартылды. Суыт жүріп келе жатқан ауыр әскер аяңға көшті. Маңайда бас қалқалар бірде-бір бұта жоқ тықыр ойға келгенде кілт кідіріп, жүздерін кері бұрды. Соңдарынан еңмеңдей жөңкіген ойрат сол ет қызуымен орталарына кеп түссін дегендей үш тарапқа бөлініп иіріліп тұрды. Қазақ әскерінің не істеп, не қойып жатқанын байқатпау үшін Батыр бастаған ұшқыр қол қуғыншылардың алдынан қарсы шығып шайқас салады. Олар шайқасып жатқанда былайғы әскер ақ шаңытты жамылып барып жан-жақтарынан қамап алатын болып келісілді.
- Иә, сәт! - деді Әбілқайыр.
- Иә, сәт! - деп күркіреді аламан үш тарапқа бөлініп бара жатып. Үдере шауып келе жатқан жоңғар қолы қарсы шауып кеп дүрсе қоя берген қазақ қолымен сатыр-сұтыр шайқаса кетті. Не болып, не қойып жатқанын біліп болмас ала шаң аспанға көтерілді.
Әйтеуір шақыр-шұқыр найзаласқан темірлердің салдыры, жылқы шұрқыры, бірін-бірі алыса алмай жүрген сайыпқырандардың өжеңдей өкіре тіл қатысқан дөрекі дауыстары естіліп қояды. Сол бір әжептарқы дауыстар көбейген сайын әлгі көз көрсетпес ала шаңыт та жабағыдай ұйысып қоюлана түсті. Манағы жарқырап көкте тұрған күн көзінің де қайда батып құрығаны белгісіз. Жерге қарасаң да, көретінің - туырылған қою шаң; көкке қарасаң да, көретінің - туырылған қою шаң.
Үстіндегі адамынан айырылып, құйрығын теуіп шыққан тұл аттар ала шаңның арасынан сытыла қашып, құйрық-жалдары қан-қан болып бет алды құла түзге безіп барады. Бір-біріне ұзында өші, қысқада кегі қалғандай, өңмеңдей, өзеурей ұмтылып, темір үзеңгіні қабырғаларына кенедей қадалтып, мойын омыртқалары бырт-бырт үзілгенше тұқырып, тірсектері майысып, жіліншіктері кұл-талқан боп үгіліп түскенше жер табандатып тұрғызып қойып, қызыл кеңірдек боп жұлқыласқан опыр-топырдан құтылдық па, құтыл адық па, көрмегеніміз енді екі аяқтылардың тақымы болсын дегендей алды-артына қарамай зытып берді.
Екі аяқтылардың, бірақ, олармен еш шаруалары жоқ, жандарымен қайғы боп жүр. Сол баяғыларынша аламан-асырды салып жатыр. Гүрс-гүрс құлап жатқандар қаншама, ат жалынан айырылмай өкіріп-бақырып жан дауысы шығып шыңғырып жатқандар қаншама, аяқ алып жүргізбестей боп жайрап жатқан көп өлікке сүрініп мұрттай ұшып, мерт боп жатқандар қаншама, жерге түскен бойда ат тұяғының астында қап, тірілей тапталып жатқандар қаншама... Кеп жылқының сауырын қызыл барқыт жабу жапқандай қан жуып кетіпті.
Әлгінде ғана қолмен қойғандай қып көз алдына елестеткен керемет шайқасының неге айналып кеткеніне өзі де жөндеп түсінбеген Әбілқайыр мынау ию-қию дүрбелеңге ешқандай қатысы жоқтай қайран қалып қарап тұр. Кімді-кім шауып түсіріп жатыр, кімді-кім кенірдектен алып қылғындырып түсіріп жатыр, кімді-кім ер үстінен алып ұрып жерге атып жатыр, кім қылыш та тимей, найза да тимей жойқын дүбірдің екпініне шыдай алмай аттан домалап түсіп жатыр - айырып болар емес. Кім батырлық жасады, кім қорқақтық жасады, кім өлермендікке басты, кім қандай тәсіл қолданды - о да белгісіз.
Мұншалықты аласапыранды, мұншалықты қым-қуытты белгілі бір арнаға, белгілі бір жүйеге салу еш мүмкін емес сияқты. Сөйтсе, соғыс деген де топалаңның бір түрі екен ғой. Бір басталуы мұң екен, басталғасын қау шөпке тиген өрттей қаулап жүре береді екен.
Қаншама сұңғыла қол басшы, қаншама ержүрек батыр болсаң да, жүйесізден жүйе табу, мағына-сыздықтан мағына табу қолдан келмейтін шаруа екен. Ағыл-тегіл қан тегілген жерде ақылға тізгін тие қоя ма! Жұрт әбден еліріп алған. Өлгендеріне қарар емес. Мынау орта жолда бір айлапат оқпанға тап боп, құрдымға жөңкіген жойқын дарияның тау-тау тасқынындай алапат сұрапыл ештеңені шашау шығартпай, бәрін де опыр-топыр өз көмейіне тығып, обырлана қылғытып бақты.
Әбілқайыр әлі қайран. Манағы тып-тыңғылықты, түп-түсінікті жоспары қайда? Желге ұшқаны ма? Мынау ұлы сүргін айқай топалаңда дуылдап шекеңе шапшыған ыстық қаннан, кез алдыңды тұтаса көміп алған соқыр ызадан, қылыштың сыңғыры, үзеңгінің сартылы, кірш-кірш кірген көк сүңгі үні күшейген сайын еліре, лепіре түскен әлдебір әзәзіл желіктен басқа не бар? Бұл арадан ақыл не алады, сана не қарқ болады! Ендеше мынандай жойқын қимыл, қым-қуыттың үстінде адам аңға айналады. Шынында да, мынау ұмар-жұмар алысып жүргендер адам емес, аңдар. Қазақтар да, ойраттар да емес, темір тор, тар қамаудан босанып шыққан қабыландар, қотанға тиген аш арландар. Оларға мынадай желік үстінде ештеңе деуге, былай жүр, былай тұр деуге тіпті де болмайды.
Қолбасшының бар данышпандығы қол астындағы екі аяқты пенделерді қай уақытта, қандай жерде, қалай аңға айналдыра білуінде ғана екен. Одан әрі ол болып жатқан опыр-топыр оқиғаға тырнақтай да әсер ете алмайды.
Алыс-жұлысқа бір түсіп кеткен екі аяқтылардан сосын қайтып ешқандай ақыл, ешқандай пәтуа іздеме...
Әбілқайыр, міне, кешегі тәуекелінің дұрыс болғанын әлде теріс болғанын біле алмай қаралай пұшайман болып тұр. Өйткені мынау қырқыстың немен тынып, немен аяқталары әлі белгісіз.
Сол бір әлем-тапырық, аламан-асыр түс ауғанша созылды. Түс ауғасын манағы көз көрсетпес қою шаң сейілейін деді. Ол екі жақтың да қатарының селдірегені. Шайқасты бұл бағыттарымен соза берсе, жеңген ғүрлы да қансырап жетер сыңайлары бар. Жоңғарлар әбден қандарына қарайыпты. Өліспей берісе қояр түрлері көрінбейді. Шаң сейілген сайын ортаға ойысып, тас түйін боп топтанып, қатарларын жиілетіп, араларына ат сіңіртпей, жан-жақтан жапа-тармағай тап бергендерді қақшып салып қарап тұр. Бүйте берсе, бұл арадан қазақтардың аман қайтатындары аз болар. Не істемек керек? Мынау жұмылған жұдырықтай болып тұтасып алған жоңғар қолын қайткенде ыдырата алады? Шіркін, осындайда зеңбірек болар ма еді! Анау тас түйіннің төбесінен томп еткізіп бір допты тастап жіберсең, күлдері көкке ұшар еді-ау! Бірақ, ондай сұмдықты ойлап табатын жирен сақалды қазаққа қай құдай беріпті! Бәсе, әне қарашы. Қазақтардың мынау ажалға бастарын тігіп, әбден қандарына қарайып қасқиып тұрып алған қаһарлы шоғырдан жүректері шайлығайын депті. Семсер сілтестері тым сұйылайын депті. Сонда да, өлермендікке басып ілгері ұмтылады. Құдды бір отқа жүгірген көбелектей бірін-бірі баса көктеп өңмеңдей түседі. Әлгі бір тас түйін шоғыр найза дарытар емес. Еліре шауып жанай шайқасқандар қанаты күйген көбелектей жалп-жалп құлап жатыр. Ақкөз жауға қайтадан желік бітіпті. Аршындай қимылдайды. Қазақ қолы бәрібір жанталаса шауып, сол тұсқа барып ұйлығысып жатыр. Манадан бері өрге шапшыған тентек көңілі кенет жүрегінің басын аш төбеттің азу тісіндей қомағайлана қарпып кеміре бастады. Апырай, бұл жолы да төбесі қылтиған жеңіс зып беріп қайта жоғалар ма екен? Ендеше бұның бір жола күйрегені. Әбілқайыр бұл шайқастан кезекті бір еңсе тіктеуді емес, ақ көз жауды тұқым-тұяғымен типылдап түгел құртып жіберетін айтулы жеңісті дәметіп еді. Онда ар жағындағы қаптаған қалың қытайлармен айқасып жандары мұрындарының ұшында жүрген жоңғарлардың баяғыда Аякәзде сұрамаған сауғасын осы жолы сұрауы мүмкін еді. Онда қазақтың жоңғардағы өшін алып берген Әбілқайырдың алдына кім шыға алады?! Кім біліпті, кешегі Орда басындағы ақ киіз бұған тек қазақтың қыл шашақты туын ғана емес, ортақ алтын тағы мен алтын тәжін де алып берер. Көрдің бе, сөйткен жеңіс те, міне, қақ ортада қалып, қияметтің қыл көпіріне тірідей тап болған пұшайман топтың ызалы семсерінен көзапара күйреп барады. «Апыр-ай, бір амалдарын таппағаны ма?» Хан көзі қанталап әлгі аламан-асыр жаққа қайта көз тастады. Сол баяғы қанжоса...
Әбілқайырдың көз алды бұлдырап қоя берді. Манағыдан бері дүниедегінің бәрін қоңыр тоқты сойғандай ұшалап-мүшелеп тұрған қасапшы қара ақылы кенет пышағы өтпей қалғандай мүдіріп, жігері құм болып, миы зеңіп барады. Жүрегінің басын үрей емес, удай кермек ыза тұтып алыпты. Қос шекесі шытынап, құлағының түбі шыңғырып сала бергені несі?! Көзін тарс жүмып алды. Миын зыңылдатқан әжептарқы үндер өшті. Апырай, еш айлалары қалмағаны ма?.. Жан ұшырған санасы, қапелімде, ой таба алар, пікір түйе алар емес. Көз алдында шыр көбелек айналып жүрген қызыл жолақ, көк жолақ, сары жолақ сәулелер ұйыса-ұйыса бір қиыр-шиыр көмескі елесті тірілтті. Түлкі... Ит... Жоқ... түлкі... Баяғыда Мәті бидің ауылына бара жатқанда көзіне шалынған, сосын қайтып көп елестей қоймаған сол бір жұмбақ хайуан, міне, енді аяғын жалап қызыл тазы боп қыңсылап, төңірегінен шырқ үйіріліп шықпай жүр. Құйрығын жымып алған ба қалай... Баяғыда жымсиып күлген адамдай ырсия қарайтын сияқты еді. Бұл жолы өйтпеді ғой. Теңгешік көзі лайытып, бірте-бірте бөксесін көтере алмай, қиралаңдап құлап бара жатқандай... Ау, бұған не көрінген! Құлағына бір жер қайыстыра күркіреген үн келеді ғой... Біреулер айдала айтақырға құлан қуып келе жатқандай... Ит... Құлан... Аң... аран... А!
- Абылай! Абылай!
Манадан бері бұның ту сыртында шайқас салып жүрген Әбілмансұр қолы да әлгі қызыл қуырдақ болып жатқан жаққа қарай ойысыпты. Ол маңай - сол баяғы аламан-асыр. Көз алдына баяғы сол қан қасап келді. Шынында да, мынау баяғы аран ғой... Онда да елірген түз тағысы өлгеніне қарамай осылай өңмеңдеп бағушы еді ғой. Бірін-бірі кимелей ілгері ұмтылған қазақ қолының сол өлермен құландардан несі өзге? Мына түрлерімен қазір-ақ жуадай жусап қалады емес пе? Апыр-ау, мынау жұртқа не көрінген? Мынау баяғы аран екенін көрмей тұр ма? Баяғы талай аң аулағандары, талай төрт аяқтыны тап осылай талапайға жыққандары естеріне түспей ме! Ендеше, неге өңмеңдейді? Таулары шағылғансып кері лықсып қашпас па? Сонда мынау қапияда жандәрмен айла тауып айдындары аса бастаған ақ көз жау соңдарынан тұра келіп қумас па! Қуды-ақ, анау жұмылған жұдырықтай тас түйін ыдырамас па! Тағы да бұл өзінен басқа ешкімнің есіне келмеді? Тағы да амалды өзі тапты. Енді, мұны оларға тезірек жеткізуі керек. Сонда кімге айтқаны жөн? Бараққа айтып онсыз да бұтқа толып жүретін немені ертең шалқақтатып шаңырағына түкірткізіп қайтеді! Батырға айтса, кешегі мәслихаттағы астам сөзінің уын қайтарғысы келгені ғой деп ұғар... Сәмеке мен Әбілмәмбет те бір. Барақ та бір... Сонда айтса... Иә...сол дұрыс... Кешегі мәслихатта босағадан аттамай ұрын келген күйеудей сызылып отырған сыпайы сұлтан Әбілмансұр келді көз алдына. Жұрт қызылшеке боп айтысып жатқанда ол үн қатқан жоқ. Не: «Сенікі дұрыс!» - деп ешқайсысының сөзіне бас изеген жоқ. Үнсіз кіріп, үнсіз шығып кетті. Бар болғаны он тоғыздағы жігітке осынша сабыр қайдан біткен?.. Оны ойлағанда бір кездегі өзі есіне түсті. Өзі де осылай бойын жасырып бағып еді ғой. Әбілмансұр ол да, міне, үндемей келіп, Бұланты қырғынында бір-ак, көзге түспеді ме! Сабалақ-сабалақ сары ат мініп қалың жауға: «Абылайлап!» жалғыз тиіп, баудай сұлатқан Әбілмансұр сұлтан сол шайқастан Сабалақ батыр атанып қайтқан-ды. Ол бұл жолы қол бастап келді. Екі жағына қылыш жанығандай қарасұр томаға көз сұлтанның өн бойында бір оқ жыландай ысқырынған суық ызғар бар. Сонысынан ба, Әбілқайыр да одан бой тартып, әлі ішін ашпай келеді. Бірақ, ондай болғалы тұрған сүлейдің осы кезден ық жағын ала берген кім-кімге де зиян емес. Түбі жылы қабақ аңдатар болсаң, қапы қалмас тұсың осы! Әлгі ойыңды соған айт! Әлде кешелі бері көздерін алартып, көмейлерінде түтіндеп жатқан бықсық шаланы байқатпайын деп езулерін жымқыра тістеніп алған Жәдік әулеті оның да құлағына жармасып бірдеңе деп үлгерді ме екен? Бірақ, мұндай-мұндай кергіге алғаш түсіп отырған бала сұлтан бас сұлтанның бұл ықыласын бәрібір ұмыта қоймас. Ендеше, бұл тұрысы не тұрыс?
- Әй, Мырзатай!
Хан туының астынан шықпайтын кәукіме неме қайда жоғалып кеткен. Әне, бір айдалаға қолын бұлғалап тұрған сол емес пе?
- Алдияр тақсыр! Алдияр тақсыр!
Көлденеңдеген мына біреуі кім еді! Жалы тізесіне түскен қара атты. Барақтың қолынан ғой. Бұл не ғып жүр? «Мынандай қиямет тұсында айтар қандай пәрмені бар екен? Біліп кел!» - деп Барақ қой жіберіп отырған. Оған тіріде айтсын ба! Оны көрсе де көрмеген боп теріс айнала берді.
- Әй, Мырзатай қайда құрыдың?
- Алдияр тақсыр, мен мұндамын!
Жолбарыстай шұбалған ұзын айғырдың үстіндегі ханның ар жағынан құла жиренді Мырзатай қапталдаса берді. Сөйтсе, хан қасына қол басылардың бәрінен де бір-бір шабарман келіп жиылып қалған екен. Әлгінде ғана абдырап тұрған хан дереу бойын жиып ала қойды.
- Мына қазаққа не көрінген, - деді ол саңқылдай сөйлеп. - Аранға жүгірген құландай бәрі бір жерге топталып не көрінген? Өздерінде ми бар ма, түғе! Бар,
Әбілмансұрға айт, анау топырдың өкпе тұсынан кеуделеп бір кірсін де, қалмақтың қалың найзасынан қаймыққан боп, жалт беріп кері қашсын. Сонда жау ет қызуымен қуып бермес пе екен? Топ бір ыдыраса, ар жағын өздері біледі ғой.
- Құп тақсыр. Ұқтым! - деп Мырзатай атына қамшы басты.
- Ай, ақылыңнан айналайын, хан-ием-ай! Тауып кеттіңіз-ау. Мына тығырықтан басқаша құтылудың жолы жоқ екен ғой!
Жан-жағынан анталай тоқтаған көп шабарман жамырай жөнелді.
Әбілқайыр көзі жалт ете қап, шұбар айғырды бір шапшытып топтан шығып, анадай жердегі оймақтай ашық алаңға барып, талтайып тұра қалып еді, манадан бері аттың бүйірін темір құрсаудай қысып тұрған екі аяғын үзеңгіге шірей тебініп қалғанда әлдене күтір ете қалды.
- Ойбай, хан-ием, таралғыңыз үзіліп кетті ғой!
Әлдекім атынан домалап түсіп таралғысына жармасты. Аяғын жалағандай боп, қайыс таралғының бір үзігін аузымен тістеп, қайта жалғай бастады. Анадай жерде қаңтарулы тұрған қара атқа кезі түсіп, әлгі жәреукенің кім екеніне біле қойды. Барақтың шабарманы екен. Оған жүзін де бұрмай, майдан жаққа масаттана көз тастады.
Манағы ат сіңірмей, найза батырмай тұрған тас түйін ойраттың ортасы ойылыпты. Жан-жаққа тартыншақтап шегінген қазақ әскерінің қанаттарын тықсыра қуамыз деп жүріп бытырап кетіпті. Жау туы ортада оқшау қапты.
Манағы манағы ма! Қанды шайқас енді қызған. Ана жақта да өкіріп құлап жатқан жоңғар! Мына жақта да өкіріп құлап жатқан жоңғар! Қазақтар қайтадан еліріп алған! Әр рудың кеңірдектерін жырта салған ұрандары құлағына майдай жағып барады. Бұл есіл-дерті шайқаста болып, алдына келіп, қолын көкірегіне апарып тағзым етіп тұрған Болаттың төлеңгітін де көрмепті ғой..
- Алдияр тақсыр! Алдияр тақсыр!
Құлағына ештеңе кірмейді. Майдан даласына қарап екі езуі екі құлағына жетіп ыржия күліп тұр. Төлеңгіттің көзі шарасынан шығып кеткен. Таңдансын, таңдансын! Таңданбағанда қайтсін! Әбілқайырдың ыржалақтап күлгенін кім көрген. Оны көру де бір, темірдің гүл шашып, кірпіден түбіт қырыққанды көру де бір! Таңырқа... Таңырқа... Әбілқайыр бүгін күлмегенде қайда күледі. Жетесіз неме-ау, бұның бетінен май шығып келе ме екен! Одан да анау шайқас салып, жүрген сайыпқырандарға қарасайшы! Шіркін, дүние өз әміріңді бұлжытпай іске асырып жатқан қара құрым жұртқа осылай сырттарынан масаттанып қарап тұрудан асқан бақыт бар дейсің бе! Сенің көкірегіңнен шыққан санаулы сөз жұрттың көкірегінен ағыл-тегіл қан болып ақтарылып жатыр. Сенің талай түн басыңды қатырған ойларға қарайған жұрттың алша мойыны талша боп қиылып түсіп жатыр. Сенің көкірегіңдегі көкейтесті ниет біреудің бағына, біреудің ажалына, талайдың қашып құтыла алмас тағдырына айналып жатыр. Бұндай тіл алғыш жұртпен ақ тауды айырып, қара тауды қайырмассың ба! Бұндай тіл алғыш жұртпен қандай басқыншыны да қақ маңдайдан қақырата соғып қуып шығуға болады ғой. Әттең тек ол барлық уақытта өз қол астында болса ғой! Дүниеде ешкім бетіңе келмейтін, ешкім айтқаныңды екі етпейтін өктем биліктен асқан құдірет, одан асқан сиқыр бар дейсің бе? Бұның, міне, есін кіресілі-шығасылы қып қаралай мас қылып тұрған да сол сиқыр ғой. Шынында да, мынау не өзі? Өңі ме, түсі ме екен? Өңі дейін десе, қайтып бәрі оп-оңай оңға басып кете қойды?! Түсі дейін десе... Тағы келмейді. Аяғын қимылдатса қимылдайды. Қолын қимылдатса қимылдайды. Көзін бір жұмып бір ашады. Күркіреген дүбір мен дүсірді естіп тұр. Адамның тап бұлай ұйқыға шомуы мүмкін бе? Қиялы дейін десе... Тап бұнша есін жия алмастай қиялға батып бұл бала боп кетіп пе! Жоқ, шындық... Шындық... Шындық екеніне сенгісі келгендей көзін бадырайтыңқырап, төңірегіне көз салып еді... Әр жер, әр жерге бытырап-бытырап шайқас салып жүрген шоқ-шоқ ойрат құрып бітуге айналыпты. Құлағына келіп тұрған мынау не сарын? Өзі бір таныс сарын ғой. Ау, мынау, шынында да, не қылған ызы-қиқы. Тоқта, тоқта. Тіптен таныс... Күні кеше, жоқ баяғыда тап осындай жағдайға тап болған сияқты еді ғой. Расында да осы ұйықтап тұрғаннан сау ма?! Анау жылдары Қаратаудан ел босқанда да жер мен көкті осындай бір әжептарқы үн жайлап кеткен-ді. Дүниеде үннен қорқынышты ештеңе жоғын бұл сонда байқаған. Қаратаудың қолат-қолатынан шығып жатқан қалай болса солай қомдалып, қалай болса солай теңделген жалба-жұлба шұбырынды көштер дәл қазіргідей дүниені басына көтеріп зарлап келе жатар-ды. Жетім ботаның боздағаны, жетім інгеннің аңырағаны, жетім бұзаудың меңірегені, жетім қошақанның жақ жаппай маңырағаны, жетім құлынның қоңырауы сыңғырлап қолды-аяққа тұрмай күлдір-күлдір кісінегені, тұл қатынның бетін тырнап жыртына дауыс еткені, ағадан, әкеден айырылған қаралы қарындастың шашын жұлып еңірегені, мына дүниеде не болып, не қойып жатқанына түк түсінбей зәресі ұшқан жас нәрестелердің кебе-желерінен бастарын қылтитып, иектерін кемсеңдетіп жылағандары, аттарының екі жақ қапталына кезек жығылып, жалдарын құшақтап ап, еңселерін көтере алмай бара жатқан ерлердің екі иықтары бүлкілдеп солқ-солқ өксігендері, қара-жұрт, қара қонысынан ауып бара жатқан бейбақ ауылдардың әншейіндегі құйрығы қайқақ сырттандарының іштерін өртеп бара жатқан ызаларын сыртқа шығарғылары келгендей тоқтай қап жер тырналап, мойындарын кекке созып, қоймай кеп ұлығандары ию-қию қосылғанда қандай тас жүрек, темір жұлын, сіңір жүйке кісінің де төбе құйқасын шымырлатып, ет-бауырын езгілеп қоя береді екен.
Әбілқайыр үшін заманақырдың өзі сол баяғы ақтабан шұбырындының аласапыраны болып елестейді.
Мынау ызы-қиқы, қым-қуыт, әжептарқы дауыстар да сол бір қилы заманды еске салғандай екен. Бірақ, бұл жолы неге құйқасы шымырламайды, неге жүрегі тызылдап бебеу қақтырмайды. Қайта өз-өзінен өрекпіп қаралай лепіріп тұр ғой. Неге өйтеді? Мынау да ызы-қиқы жылау ғой! Мынау да жер-жаһанды бастарына көтерген жаппай аңырау ғой... Апырау, мынау мауыздай-мауыздай еркектердің бүйтіп өз бастарын өздері төмпештеп дауыс еткендері несі? Несіне жылайды? Бес қаруы белінде мұздай темір құрсанған тепсе темір үзетін еркектер асай-мүсайын асынған бойда-ақ қуыс өзекті пенделіктен айырылып найзаның ұшын сынар, қылыштың жүзін сынар, дұшпанның ашуын сынар, мергеннің дәптігін сынар жансыз, арсыз, бет-бейнесіз өлі нысанаға айналмай ма? Оны адам деп кім аяушы еді! Тәйірі, мына ойраттар соны білмей ме? Түп-түгел ит болып ұлып кеткендері несі? Ұлыған ит пен жылаған жауды кім мүсіркесін! Өздері шетінен шеке-тамырлары бадырайып ызақор боп келеді дейтін. Шақар адамдардың әбден амалы таусылғанда қатынша долырып, өз шаштарын ездері жұлып өкіріп қоя беретін әдеттері емес пе! Мыналар да жандарынан түңілді білем. О тоба, бұны да көретін күн бар екен ғой. Шіркін, осыны баяғы ала-топалаңда арыстарынан айырылған бейбақ жесірлер көрер ме еді! Шіркін, мынаны баяғы аласатта боздақтарынан айырылған жыртық өкпе аналар естір ме еді! Шіркін, баяғыда жеделдес аға-інілерінен айырылып, түн баласы ексік атып жата алмас ай жүзді ару қарындастар болар ма еді! Олар мынау қызыл қырғын шайқастан шыққан қазақ сарбаздарының өздері түгілі астарындағы ақ тер, көк тер аттарының толарсақтан қан кешкен сатпақ-сатпақ шашасын айқара құшақтап ап сүйген болар еді! Қуанғандарынан ағыл-тегіл жылаған болар еді. Қуан, қазақ, қазақ, қуан! Сенің де есең қайтып, өшің қанар күн болады екен. Шіркін, мынау жосылып жатқан қара қанды, шашылып жатқан көп өлікті, маңдайларын ердің қасына соғып еңіреп бара жатқан ата дұшпандарына қапияда опат тауып арманда кеткен асыл азаматтар, бір сәтке болса да, қара жердің астынан бастарын көтеріп, көз қиықтарын бір салар ма еді! Ой, дүние-ай, бүған да жетер, бұны да көрер күн бар екен ғой. Өлі аруақ, тірі халайық риза болса, бүгін риза болар. Бұндай күнді көргізген кім, бұндай бақытқа жеткізген кім? Ол - мына Әбілқайыр... Босаға баққан Өсеке тұқымының қарадан шыққан қатынынан туған кем абырой, кем нәсіл төлі! Осы бір шойын езу, сыз қабақ сұрша жігіттің ең болмаса езуін жиырар күні болар ма екен деуші едіңдер ғой! Ал, маңдайларыңа мүйіз шықса, көріп алыңдар! Жымимақ түгілі екі езуін жинай алмай сақылдап күліп тұрған жоқ па?! Ал, енді не дейсің, жұртым?! Бұдан кейін де менің бетіме айтар айыптарың мен сыртымнан айтар ғайбаттарым болар ма екен?! Көріңдер, көріп алыңдар! Енді мұндай жойқын жеңісті маңдайларымызға жаза ма, жоқ па?! Ұлыған иттей шулап бара жатқан ата дұшпандарыңның аңыраған дауыстарына құлақтарыңды әбден қандырып алыңдар! Бұндай бақ тағы басыңа қона ма, жоқ па?! Қапы қалма, халқым, қуан, қызықта! Бұл бір сенін мерейіңнің артқан күні! Ту, ту, мына дүние не болып барады өзі?! Жер мен көктің шыр көбелек айналып кеткені несі?! Тақтайдай тегіс жалпақ жазықтағы сансыз өлік топан судың бетіндегі салындыдай қалқып барады ғой, түге! Ау, мынау өзін шыр айнала атанақтап шауып жүрген не болды? Баяғы қызыл түлкі ме? Жоқ... Жоқ... Әлгінде ғана көзіне елестеп кететін қызыл тазы емес пе?! Мана бұл қиралаңдап белін көтере алмай жатқан сияқты еді ғой. Енді қолды-аяққа тұрмай тызақтап шауып кеткен бе! Өзі бұған бірте-бірте жақындап келе ме, қалай? Шалғайына оратыла ма, қалай!! Аяғын жалай ма, қалай?! Е, көптен бері көңілін қызылқұрт боп жеп жатқан әлгі бір бақыт дегеннің өзі осы болғаны да! Кейбіреулер оны аспандағы жұлдыз дейтін... Енді біреулер зеңгір көкте ұшып жүретін сиқыр құс дейтін... Қайдағы жұлдыз... Қайдағы құс... Сөйтсе, осындай бір жәреуке күшік екен ғой! Бақыт деген ешқашан маңдайыңа қонбайды. Бақыт деген әрқашан осылай шалғайыңа оратыла жүреді, аяғыңды жалайды. Сосын да сен оны байқай бермейсің. Мә, мә, жалай ғой, күшім, жалай ғой! Шапқылап қал, күшім! Осылай төңірегімнен шырқ айналып шықпа, күшім! Осының өзі ақылынан алжаспаса жарар еді... Маңайынан мынау жәреуке күшіктен басқа ештеңе көрмегені қалай? Әлгі бір қым-қуыт жылау қайда? Әлгі бір қызыл-қырғын шайқас қайда? Мына біреу жалбаңдап шаужайына неге оратылады? Кім өзі? Қамшысын көтере беріп еді... Е, әлгі төлеңгіт әлі кетпеген екен ғой! Болаттың жылмаң төсі мұнда не қып жүр? Тісі ақсиып не дейді өзі? Құлағына ауызын төсеп неге өкіреңдейді. Не дейді, түге? «Хан өлді!» дей ме?.. Қайдағы хан... Тәуке баяғыда өлген жоқ па еді... «Оқ тиді!» - дей ме? Бүгін кімге оқ тимей жатыр?! Оқ тиген кісіні, тіпті опат болған кісіні санап тауыса алармысың? Бірақ, жеңдік қой, әйтеуір! Ата жауды тұқым-тұяғын қалдырмай қырдық қой, әйтеуір?! Жоқ, осы әлгі жылап жүргендер қайда кеткен? Қашып кеткен жоқ па? Қашқанда қайда құтыла алар дейсің? Қазір бәрін қуып барып көздеріне көк шыбынды үймелетеді ғой!
- Немене?
- Алдияр тақсыр, Болат ханға оқ тиді.
Әбілқайыр сол екі езуіне ие бола әлмай ыржалақтаған қалпы. Оның мына тұрысына түсіне алмай дал боп тұрған төлеңгітке енді қайтып сұрақ та қойған жоқ, жауап та берген жоқ. Басы шыркөбелек айналып барады. Шапқылаған қызыл тазы әлі шыр айналып шықпай жүр. Осының өзі есеңгіреп қалғаннан сау ма?! Мейлі, есеңгіресін... Есеңгіретпеген, естен тандырмаған бақыт бақыт боп па! Мейлі, мейлі... Әлгі төлеңгіт не деді осы? Қайда өзі?
Жан-жағына қараса, әлгінде ғана шаужайына оратылып жүрген төлеңгіт те, шырқ айналып шапқылап жүрген қызыл тазы да жоқ. Айдалада аңырап жалғыз өзі тұр. Жайрап жатқан өлік. Ағып жатқан қызыл қан. Манағы бір аңыраған дауыс алыстап кеткен. Оларды қуып жетіп құртпай мыналар неге ошарыла қалған. Әйда, кеттік! Атына қамшы басты. Әлдеқашан қыр асып, көз ұшында шаңы қылтылдап бара жатқан жоңғарлардың соңынан салып келеді. Тек Бөкенбай ерді, Есет ерді. Былайғылары тырп етпейді. Неге бүйтеді? Еміне шауып келеді. Біраз шапты. Ойраттар алды-арттарына қарар емес, ағызып барады. Бір уақытта Бөкенбай қатарласты.
- Алдияр, артымызда қол селдір! Алдымыз - жоңғардың ұлысы. Қолайсыз бірдеңеге ұшырап қап жүрерміз. Қайтайық. Оның үстіне Болат ханға оқ тиіпті.
Әл үстінде жатыр дейді. Әлгілер соған қарайлап қалған шығар. Қайтайық, алдияр.
Қап, жоңғарлардың туын аман жіберіп қойғанымызды қарашы! Ешкімін қалдырмай түгел қырып тастауымыз керек еді. Бұл жеңісіміз де жартыкеш жеңіс болды-ау. Әскерін осы арада түгел жайратып, Іле бойындағы ұлыстарын да шауып ап қайтқанда қатып кететін еді. Баяғы ақтабан шұбырындының есесі сонда қайтатын еді.
Олар қайта оралып келгенде әл үстіндегі Болатты Әбілмәмбет Түркістанға әкетіпті. Барақ пен Күшік шала-шарпы қоштасып өз ұлыстарына тартты. Жәнібек, Бөкенбай, Қабанбайлар бас сардармен қоштасып, есендік айтысып, бұдан былай Абылай атанар Әбілмансұр сұлтанды ортаға ап оқшау кетті.
Әбілқайыр қасында қалған Кіші жүз қолы жығылған ат пен жайраған өліктен көз тұнатын ұшан жазыққа қарап біраз тұрды да, аттарына қамшы басты.
- Әлгілердің аңыраған дауыстары құлағымда әлі тұр! - дейді Батыр.
- Е, бұл жолы бір сұрапыл шайқас болды.
Ойраттардың аңыраған дауысын күллі қазақ түгел естіген шығар. Енді мына жазық Аңырақай атанады ғой, - деді Бөкенбай.
Жер де қып-қызыл, көк те қып-қызыл. Күн енді бата бергенде жаңа ғана Аңырақай атанған ұланғайыр дала құлазып бос қалды.
Содан Әбілқайыр біраз уақытқа дейін ұйқысыраған кісідей дел-сал жүрді. Анадағы шайқас есінен шықпайды. Жылмиған жазық, жайраған өлік, еңірегенде етектері толып безіп бара жатқан жоңғарлар... Бірақ, ол елестер баяғы майдан даласында тұрғандағысындай көңілін бірлеп, рақатқа батырмайды. Су бетінде жүзіп жүргендей бір жансыз сүлделер... Абыр-жұбыр қимыл-қыбырлар... Еңкілдей қашқан жоңғардың еңіреген дауыстары да құлағына келмейді. Арада сонша көп уақыт өте қойғаны ма?! Неге сонша тез ұмыт боп қалған? Бүгінде екі қазақтың басы қосылса, Аңырақайды айтады. Сол бір желпінген әңгіме мұның миына кіріп те шықпайды. Оған ешқандай қатынасы жоқтай... Маңынан жүрмегендей. Тіпті сол ел айтып жүрген шайқас атымен болмағандай. Ордабасы жиыны деген жиын да өтпегендей. Мынау дүниеде ешқандай Аңырақай, ешқандай Ордабасы жоқтай. Соның бәрі сан тарапқа сандалып әбден далбаса болған сананың шым-шытырық сезімдер сергелдеңінен мезі боп, жүндей түтіліп кете жаздап жүрген жүйкені тыныштандыру үшін әдейі ойлап тауып жүрген айла-шарғысындай. Әйтпесе, ондай ұданасыр шайқас болса, оның аяғы осылай қиырман-шиырман боп біте ме? Ордабасындағы жиындай пәтуалы мәслихат болса, оның ақыры осылай аяғы құрдым боп кете ме!..
Сергелдең көңіл күніне қырық қайтара ойланып, қырық қайтара толғанса да, осы бір екі әзәзіл сұрақтың ындынын қандырар тұрлау, тоқтам таба алмайды. Екі ұдай сана бірде: «Бұның бәрі де әншейін лақап. Арманшыл көңілдің қайдағыны қайдан тауып ап жүргені. Сенбе, сенбе!» - деп азғырса, бірде: «Бәрі де рас әңгіме. Есіңнен қалай шығып кете қойды. Шайқас та, жиын да тап биыл, биыл болғанда да осы үш-төрт айлықта болған оқиға. Болмады десең, достарыңды қойып, атарға оғы жоқ қастарыңнан барып сұрашы! Не дер екен? Түркістандағы Әбілмәмбет базарға барған кез келген майтымақ биді ұстап ап: Әбілқайыр алтын тақтың иесі, әз Тәукенің баласы Болат хан өліп жатқанымен шаруасы жоқ, бір бес жүз жоңғар аман кетті екен деп талағы тарс айырылады», - деп күстаналап жатпаса, қыдыра жалды қара атты тайпалта жорғалатып, жал-жалдың басындағы әр ауылдан бағылан жеп жүрген Барақ: «Ел болып қайрат қылып жеткен жеңісімізді Әбілқайыр тағы да бір өзі иемденіп кетпекші... Баяғы Жайық бойындағы қалмақтармен болған шайқастардағы азғантай абыройдың бәрін өз қанжығасына өңгеріп кетіп дәндеген. Бұл жолы қысылтаяң жерде Абылай айла таппағанда ұрыстың артының қойболды боп кетуі әбден мүмкін еді», - деп кәукіп отырмаса, маған кел! Ал, Абылай ешкімге ол жайында ештеңе деп ләмим тіл қатпайды. Өтірік те, рас та демейді. Бірақ, сол соғыста көзге түскен Жәнібек, Қабанбай, Бөгембай, Баян, Сырымбеттерді шатырына күнде шақырып алып мәжіліс ашады да жатады. Жоңғарлардан Аңырақайдағыдан да асырып өш алудың қамы болмаса, қатын үстіне қатын алудың жайын ақылдасады ғой дейсің бе? Аңырақайда қызыл қырғын шайқас болмаса, Балқаш бойында аман барған Болат қағынды тиіп қайтыс болды ғой дейсің бе? Болды! Болғанда қандай! Ол соғыста жұрт не десе, о десін, тек сенің ақылыңның арқасында ғана жеңдік. Одан да зор абырой табатын ек, «арқар» ұрандастарың ақыры аяқтан шалып тынды», - деп қақылдайды.
Қанша айтсаң да, миына кірмейтін кер құлақ сана тағы күмілжиді. «Ау, сонда қазақ өлгенде көрген айтулы жеңісін араға айлар түсер-түспесте осылай аяқ асты қыла салғаны ма?» - деп кергиді. Күмілжіп сөйлеп күңірсітіп бағатын Күдік көлгірге шыбын-шіркей боп шықшыты шытынай қалатын Шындық пақыр тағы да күйіп-піседі. «Мүмкін бесінесі-ай! Ағайындарыңды бүгін көріп отыр ма едің! Орда басына дейін еңселерін жықтырып барған баяғы ақ табан шұбырындының тұсындағы абыройсыздықтары ғой. Кешегі Аңырақайда діттеген жерден шыға алмағанда бар ұятқа сен қалатын едің. Олар: «Әбілқайыр өйтпегенде, бүйтпегенде былай болатын едік», - деп кеу-кеулесер еді. Құдай сақтағанда, шайқастың алдында ауызыңнан ие шықса, шайқастың тұсында соның бәрі аумай-төкпей келді не қойды. Саған ондай абыройды «Алаш ұрандылар қиғанмен, «Арқар» ұрандылар тіріде қияр ма! Іздегенге сұраған дегендей қайдағы бір қаңғыма оқ ат үстінде қауқиып тұрған Болатқа тиер ме! Сені дегеніңе жеткізбеуге тамаша сылтау табылды. «Хан өліп жатқанда шайқасты қайдан жалғастырамыз. Онсыз да жеңдік қой!» - десті. Болат өліп, аға ханның тағы босағалы тұрғанда олар өлсе де, саған ерер ме! Ертең тағы да тақ таласқа түскенде ойраттың әскерін де, ұлысын да типылдап шауып қайтқан бас сардар тұрғанда қалған сұлтандар қалай бақ сынай алады?! Ондай бас сыбағаны саған неге бұйыртып қойсын! Ойда жоқ өлімді пайдаланып, сенің ойыңды ақырына дейін орындатқызып шығартпады. Ол үшін әуелі Әбілмәмбет айла жасады. Ажал ауызында жатқан әкесіне жаны ашыған боп, жұртқа қарамай Түркістан асып кетті. Оның бүйтіп бүйректен сирақ шығарғаны Сәмеке, Барақ, Күшікке жақсы болды. Олар да жалма-жан өз ұлыстарына тайып тұрды. Былай қарасаң, көрер көзге қиянат жасаған ешкім жоқ. Әбілмәмбетке айтқызсаң: «Алтын тақтағы аға хан өліп жатқанда қанға құнығып қайтып соғыса береміз?» Қалғандарына айтқызсаң: «Бір жағынан хан өліп, бір жағынан Әбілмәмбет қара жамылып жатқанда біз қайтып қалайық. Жеңер жоңғарды жеңдік, одан арғысы өлермендік болар еді». Тек сенің ғана жүрегің қан қақсайды. Оларға да керегі сол. Сенің дегеніңе жете алмағансың. Жеңістің аяқсыз қалғаны. Сенің ұпайыңның түгелденбегені. Енді, міне, Болат өлгелі қанша уақыт өтті?! Әншейінде тақ мінген марқұмның қырқы өтер-өтпесте, ақ өре киізді құрағыта бастайтын төре тұқым бұл жолы неғып тына қалды! «Қазір қазаққа аға хан сайлаудың керегі жок,, үйткені үш жүздің басы түгел емес», - деп сылтауратады. Ал, шынына келгенде, қазаққа аға хан қазір керек болмағанда қашан керек болады? Елдің жартысы жаудың боданында, жердің жартысы жаудың табанында жатқанда ауыз біріктіріп, аруақ қоздырар тізгін ұстап неге керек болмасын! Ондай атаққа «Арқар» ұрандының қайсысының жемсауы жыбырламай жүр дейсің. Бірақ бәрі сенен сескенеді. Мынандай қиын күндерде бірталай абыройға қолы жеткен соң, бас тақ та соған бұйырып кете ме деп қорқады. Сол себепті де дүниеде қазақтың аға ханы, бас тағы бұрын-соңды болмағандай, ол туралы қазір жүмған ауыздарын ашпай отыр. Әрқайсымыздың қол астымызда, құдайға шүкір, бір-бір ұлыс бар ғой, соны шүкіршілік етейік дейді. Ал, жеке-жеке қалғанда, қай-қайсысы да есіктегі қойшының «Маған бұйырмайтын көтен боғымен піссін», -дегеннің керін келтіріп, бізге бұйырмайтын бақыт ешкімге де бұйырмай-ақ қойса екен», - деп тілейді. Бар гәп, міне, осында!»
Бір жағынан күдік күңсітіп, бір жағынан шындық шыжбалаңдап әр-сәрі болған Әбілқайыр. әлі бір тоқтамға келе алмай жүр. Бүгінде оның жатса, тұрса ойлайтыны сол. Қандай шешімге бел буғаны жөн?
Орыс шебіне жақын Торғай өзенінің Нұра тарауларын орағытып өтер мүйісіндегі Қаратүбекке кеп қонғаннан бері бар ермегі - тарыдай шашыраған тартымсыз ойлардың басын біріктіру.
Бір тұстан Шалқар Нұра үстіртінің кемер шыңдары қалқалап, екінші тұсынан Торғайдың кең арнасы көмкеріп, үшінші жағынан бір-біріне жең ұшынан жалғасқан үш көл - Соркөл, Көлжарма, Бораншы, төртінші жағынан айдын тақырға ұласып қысы-жазы шалқып жатар Шөміш көл қоршап жататын сиырдың тіліндей сүп-сүйір Қара түбек, шамалыда, қай жауың да жақындап келе алмастай алдырмас қамалды. Әбілқайыр биыл сол түбекке күз басында қонып, қыстап шықпақ. Терістігіндегі тағадай орағытып жататын Айыркөлге іреп кіріп жататын ту түбекке малын айдап салса, ығы да жеткілікті, шөбі де жеткілікті. Қаншама қанжауды қысында да онда қыстаған мал бөтекесі бітеу семіз шығады. Ал күнгейінде Шалқар Нұраның үстіртін жиектей жарысып жатқан ай тақырдың бір пұшпағына малдың талағындай боп жалпая жабысқан жайдақ көл - Байтақ көл. Одан ұшқан құс, жортқан аңның түр-түрін табасың.
Әбілқайыр таң атса болды, қасына Мырзатай мен бірер мергендерді ертіп сол Тар түбекке аттанады. Қасындағылар аң мен құсты қанша атса да, құмарларынан шықпайды. Ал, Әбілқайырдың қуалаған аңы Тар түбекте емес, өз көкірегінде. Оған атқан оғың, жүгірткен тазың, салған құсың бәрібір жетпейді. Қасындағылар мәре-сәре боп, қанжығаларын қалай майлағанын есептеп жатқанда, ол басы көкірегіне кетіп дел-сал отырады. Бірақ, өз ойының ұштығына бәрібір жете алмайды. Бұл қазаққа қанша еңбек сіңіріп, қай жыртысын жыртысса, абырой таба алмасын біліп болды. Мына халық көз алдында істеген қай ерлігіңді де, қай еңбегіңді де көзапара есепке алмай кете барады. Оны мойындатқызу үшін қазақтың өз басы жетпес, өз ақылы таппас басқа бір сыртқары ықпалдың айырықша шапағаты керек. Ондай ықпал тек құдайдың ғана қолында шығар. Құдайдың берген өнері, қайраты, ақылы, айласы мынау қауқылдаған май тымақтар үшін бәрібір ештеңе емес. Одан әйтеуір, елден ерек бірдеңе талап етеді. Ол елден ерек нәрсенің не екенін өздері де білмейді. Бұл тегін бұлдап көрейін десе - кіші ұлдың қарадан алған қатынының баласы. Күндік бай-ланыстарын бұлдап көрейін десе - одан да шығып жатқан пәтуа жоқ. Қараның да, төренің де талай шоншарларымен ілік-шатыс боп бітті. Бірақ, содан көгеріп жатқан көсегесі қайсы! Өзіне салса, мына керік немелерге өзінің жерде жатқан аяк, асты кісі емес екенін сездірудің бір-ақ жолы қалған сияқты. Ол - ңазақтан тысңары бір пәрмендірек патшаның шапағатына ие болу. Қазақтың маңында ондай патшалың та толып тұрған жоқ. Бірі - орыс та, бірі - жоңғар. Жоңғармен әмпейі боп не абырой табарсың! Ал, орыс патшасына қазақтың жүгірткен қанша аты, жүмсаған қанша елшісі босқа арам тер болды. Патшамен әмпейі болам деп Тәуке ештеңе шығара алмағанда, Қайып ештеңе шығара алмағанда бұл не шығарып көктетер дейсің! Тағы да шаптырған елшіні баяғы Қойбағар қүсатып қайтарып жіберсе, не істейсің?! Онсыз да төбеңде ойнап отырған жұрт одан сайын төмпештің астына алмай ма?! Бірақ, бұл жолы: «Қол астыңа бодан болып кіремін, сен - басшы да, мен - қосшы», - деп басын ашып айтса, қайтеді... Сонда да арқаңнан бір қағып шығарып салар ма екен?! Қойбағардың жөні бөлек қой. Ол тұста кісінің табанында жатқан ез жұрттың әңгімесіне кім құлақ ассын, ал қазір қазақтың ойраттың тепкісіне оңай көне салатын осал жұрт емесін орыстар да көріп, біліп жатқан шығар. Ондай абыройды кім алып беріп отырғанын анау Омбы, мынау Уфа, сонау Астрахань естімей, шеттерінен көрқұлақ болып қала қойды дейсіз бе?! Ендеше, үш жүзге ортақ тақтың иесі аға хан, сірә, жоқ. Қазір қазак, сұлтандарының арасында үш арыстың үшеуінің ортақ әскерінің бас сардары болып сайланған бұдан жолы үдкен, бұдан дәрежесі үлкен кім бар?! Ендеше, ол тек өз ұлысының ғана емес, күллі қазақтың атынан неге сөз салмайды?! Сонда, патша бұнымен қайтып шекесінен сөйлесе қояр екен. Жоңғардың да күні ертең не боп кетері белгісіз. Ар жағында қаулап қытай түр. Мұндайда ақ патша, ақылы болса, тап қазақтың ұсынған қолын қаға қоймас. Қайта мына хабарға қуанып қалар. Оның үстіне, бұрынғы Петр патша өліп, орынына бір әйел патша болыпты дейді. Жана патшаның аты жаңа патша. Бұрынғы патша не десе, бұл да соны тап сол қалпында қайталай қоймайтын шығар. Егер мұны ақ патша күллі қазақтың аға ханы деп танып жатса, онда қазақ күні кешегі бірі қалмай соңына ерген бас сардарынан қайтып бас тарта алады?!
Әбілқайыр мынау ойда жоқ ақылына өзі күмәнданып, өзімен-өзі дауласа бастайды. Жарайды, патша әлгі ұсынысын қабыл ала-ақ қойсын. Бірақ, оған қазақ көне ме? Одақтас десе бір жөн, бодан боламыз дегеніне шалқаларьшан түспес пе екен? «Жоңғарға бодан болмаймыз деп қызыл қанға батысып жатқанда орысқа өз аяғымыздан барып бодан боламыз деп бізді қандай жын ұрды?» - дейтін шығар. Жә... Жоңғарға бодан болсаң, ар жағында жаланып қытайы тұр. «Ақыр заман боларда қара қытай қаптайды», - деп кітапта жазылған ғой. Сол ақыр заманды көзапара өз басына өзі тілеп ап қазақтың басына ат теуіп пе! Ал, жоңғарды үйреніскен жау ғой деп, бір күні олар, бір күні бұлар жығып итжығыспен жүре тұрсын делік. Сонда мынау күнара қым-қуыт, күнара ойбаймен отырған жұрттың көсегесі қайтып көгереді. Ал, орыс ше... Орысқа сенің малыңның қажеті шамалы, ерісіңнің қажеті шамалы. Шектес жатқан суларыңның бойына егін салар. Өзің түгілі итің жемейтін судағы балығыңды сүзер. Ал, сосын неңді алады? Келіп қолыңдағы құрығыңа таласпайды, астыңдағы тағыңа таласпайды... Құла туз, құба шәліңде шаруасы жоқ. Әйтеуір, «алыстан «мен сендікпін» деп басыңды изеп қойсаң болғаны. Жоңғар қолына түссең не істейтінін баяғы ақ табан шұбырындының тұсында көрсетті. Оның ар жағындағы құрт-құмырсқа, бақа-шаянға таласып, қырылысып бара жатқан ызғындай шүршіт жоңғардан асып түспесе, кем түсер дейсің бе? Төбесінде отырған Құбылай тұқымын өз дініне, өз қанына сіңіріп, өз тілін, өз үрдісін ұмыттырып жіберіп отырған Қытай табанында жатқан қазаққа: «Сенің де шашың қара, менің де щашым қара, сенің де көзің қысық, менің де көзім қысық, кел бір жұрт болайық», - демес деп отырсың ба?! Ендеше, қай күні қай аждаһа келіп жеп кетер екен деп қалтырап-дірілдеп отыра береміз бе? Мынау әлсізді күшті иемденіп, азды көп иемденіп жатқан заманда бәрібір басқаға телінуден басқа күн көрісің жоқ екен. Онан да ез тағдырымызды өзіміз табайық. Басыңа ноқта бәрібір түсетін болса, дініңе қол сұқпайтын, тіліңе қол сұқпайтын, күн көрісіңе қол сұқпайтын іргелі патшалықты көріп отырып, жетегіңе ал деп неге жармаспайсың! Дәл өзіңдей көшіп-қонып жүрген қалмақ орыс патшасының арқасында көршілерінің құқай-сұқайынан құтылып отыр. Анау башқұрттар да солай. Сонда қазақ қашанғы шөре-шөре болмақ.
Осыны айтса, қазақ неғып түсінбейді? Бірақ, өңшең кер ауызға түсінбеу деген сөз боп па! Бір екі кәбік езу ділмар шығып кеткеншектеп тұрып алса, қалғандары да алды судан өтпегесін, басын алып қаша беретін жасқаншақ түйелердей тартыншақтап тұрып алатын шығар. Ол ол ма? Артық қылам деп жүріп, тыртық қылып, басыңа қатер тілеп алуың да мүмкін. Сонда не істегені жөн. Қаңғыма ой тағы да кеп бір тығырыққа тіреліп тұрып алды.
Осы қазақ арасында ауызы дуалы дегендерден ептеп сыр тартып көрсе қайтер еді? Олар не дер екен? Әуелі кімнен бастағаны жөн. Әрине, Бекенбайдан... Екеуі әрі нағашылы-жиенді. Ол қыздан, бұл ұлдан туған. Әкесі Абдолла сұлтан қара найза Қара батырға қарындасы Құттыбикені беріп қолын ұзартса, бұл одан туған Бөкенбайға нағашылығын бұлдап қолын ұзартып отыр. Оның үстіне жау тиіссе: «Ал қайтеміз?» - деп тағы да соған елден бұрын хабар жібереді. Енді мынандай келелі кеңес керек жерде оның қайтып алдын кесіп өте алады! Бөкенбайдың өзін қойғанда, оның ықпалында сен шап, мен атайын деп ызғындай жеті ру отыр. Жеті руды былай қойғанда тама Есеттің: «Апамнан туған арыстаным» деп асты-үстіне түсетін кетелер де соны жақтайды. Бөкенбайдың аузын алдым деген сөз Есеттің аузын алдым деген сөз. Ол екеуін бері қараттым деген сөз арқамды тамға тіредім деген сөз. Талай жерде үш арысқа сауын айтып қол бастаған да солар. Талай жылдар кез түрткі көріп келген Жетіруға әз Тәукенің алдында жеңісті алып берген де солар. Олардың аузы қисайса, біраз жұрттың аузы қиясады. Бәрін былай қойғанда қазір орыс шебіне ең жақын отырған да Бөкенбай. Уфа саудагерлеріне үйір-үйір жылқы, отар-отар мал керек кезде салып ұрып соған жетіп келеді. Базармен де байланысы мықты. Башқұрттың ел ұстарларымен де тамыр-таныстығы мол. Бекенбайды көріп, қалған табындар да Елек, Қарғалы, Қайыңды Ырғыздың жыныстарынан қабан атып, су бойындағы орыстарға апарып ақ астыққа айырбастайды дейді. Сонда бұның көкірегін көптен мұжып келе жатқан әлгі ойды орыстың нанын алдымен жеген Бөкенбай қостамағанда кім қостайды? Ендеше онымен тезірек сөйлесу керек. Ол ауылдан біраздан бері хабар да алмапты. Бәлкім, Бопайлар құлағдар шығар...
- Бөкенбайдың ауылынан ешкім соққан жоқ па?
- Жоқ... Ренжіп жатпасын...
- Неге ренжиді?
- Құдайдан сұрап алған Тіленшісінің қырқынан шығып, құйрық басқанына да, қаз басқанына да құр тастамай барып жүріп, биыл тыйылып қалдық қой?
- Биыл ол неме нешеге шығатын еді?
- Төртке шығады ғой.
- Ендеше, ол баласына тоқым салар той өткізеді екен ғой!
- Әрине.
Ертеңіне Әбілқайыр Бопайды алып, Мырзатай мен Бәйбек бастаған бір топ нөкер ертіп, кілем жауып, арғымақ тай жетелеп жолға шықты.
Күз сыңайы айқындала құмға жақындап, Ырғыз бойын тастап Жабысайға кеп қонатын Бөкенбай Әбілқайырды алдынан шығып, кілем жайып, аяғын жерге тигізбей ат үстінен көтеріп алды. Анадайдан ауылға жалпылдап қағыта сөйлеп, бұны көрсе, төбесі көкке бір жетіп қалатын қара атандай талтаң да тарпаң жездесі Қара батырдың дүние салып, бір айғыр төбенің басын бөлек иемденіп жатып алғанына біраз болған.
Күйеуі өлгелі Құттыбике апасы да можаңқырап қалыпты. Әдеттегі паңдығын ұмытып, есіктен емпеңдей шығып, қарулы жігіттердің қолында келе жатқан інісінің маңдайына жабысты.
Хан қонаққа келіп, табындардың ауылы мәре-мәре болды да қалды. Есет пен Құдайназарға, Жетірудың барша игі жақсысына ат кетті.
Өз төңірегінде жүретін билер мен батырлардың қай-қайсысының үйінде де Әбілқайырдың бір-бір кіндік баласы болатын. Ондай балаларды бүкіл рулы ел боп бетінен қақпай өсіретін. Тіленші де әбден ерке екен. «Кіндік әкең келді, қолыңды бер!» - дегенде, сыртта асық ойнап жатқан жерінен шаң-шаң боп кіріп келген қара шұнақ бала төрде отырған ханның мойынына бір-ақ ырғып мініп алды.
- Мына доңыз қайтеді-ай, түс шапшаң, - деп Бөкенбай ақырды.
- Қамшысын бермесе түспеймін, - деп Тіленші тепсінді.
- Апырай, қазақ пен қалмақта ешкімді иығыма шығармаспын деп жүргенде мына қара сирақ табынның қылғанын қарашы, - деп Әбілқайыр күлді. - Жарайды, жарайды. Болсын. Ау, мынауың түбінде әкесінен де асқан батыр болар, - деп қояды Әбілқайыр.
- Жоқ, батыр болмаймын, қасапшы боламын, - дейді Тіленші.
- О, неге? - деп күлді кіндік әкесі.
- Қасапшы болсам күнде бөтеке жеймін, - дейді тентек бала.
Үйдің іші мәз-мәйрам.
- Әулиеден-әулие қоймай тілеп алғанда, қасапшы болсаң, қатырады екенсің - дейді Құттыбике әжесі күлем деп шашала сөйлеп.
Тентек бала ханның сары ала бунақ қамшысын ұстап ауыл-үйден байғазы жинауға шапқылай жөнелді.
Бекенбай ұрпақтан кемдік көрген кісі еді. Әйел үстіне әйел ап, талай перзент көрсе де, бесіктен белі шықпай жатып шәйіт боп кете берді. Тұрақтағаны осы - Тіленші. Тіленшіге екі қабат жылы шешесі шәмекейдегі төркініне барып босанам деп, некелі босағасын тастап, отауымен көшіп кеткен. Содан Бөкенбай бірде жорықтан қайтып келе жатса, Қарақұмға енді іліге бергенде, тау-тау шағылдың арасынан алба-жұлба біреу шыға келді кеп:
- Бөкенбай батыр, жаудан алып келе жатқан олжаңды мойынымдағы мына дорбама айырбастайсың ба? - деп алдын кес-кестеп тұрып алады.
Тізгініне жармасқан мына мүскінді кім деп түсінерін білмей аңтарылып қалған батырдың қасына Есет келеді. Оның қайнағасының қасынан шықпайтынында да мән бартын. Біреу-міреу Бөкенбайға: «Қасыңа қара ерме-ген», - деп тіл тигізбесін дейтін. Ен таманың, тәуекелін ұстап тұрған атақты үлкен батыр үлкен басын кішік қып, өзіндей кісінің қол баласындай солаңдап соңынан қалмайтын.
Сол Есет мынау жол бойынан шыға кеп тобылғының сабындай қызыл тарамыс қолын Бөкенбайдың ақ танау тұлпарының жалына созып, жабысып айырылмай қалған, ит жұлған торғайдай қара сирақ біреуді көргенде жүрегі әлденеге шым ете қалды. Бұл да бір жақсылықтың нышаны шығар деп ойлады. Әйтпесе, даңқы жер жарған Бөкенбай батырдың тізгініне тегін кісі жармаса ала ма!
- Бөке, қайда қалмай жатқан дүние. Жауға кеткенше мына пақырға кетсін. Пәтихасы тиер. Ауызына құдай салып тұрған шығар, - деді.
- Ал, пақыр, ала ғой. Олжа сенікі! -деді Бөкенбай. Арт жақтағы жігіттерге:
- Анау айдап келе жатқан қыл құйрықтарыңның маған тиесілін мына кісінің алдына салыңдар, - деп желе жортып жүре бермекші еді, қайыршы алдын тағы кескестеді.
- Ау, батыр, мен сенен садақа сұрап түрған жоқпын, саудаласып тұрмын. Алдыма жылқы салсаң, астыма ат мінгіз. Қанжығама қоржын іл. Қолыма қару бер. Әйтпесе, ол жылқыңды жал асқасын бір қарақшы қуып кетсе қайтем?! Ат мінгізгенде де, астыңдағы ақ танауды түсіп бересің, қоржын ілгенде де мынау қанжығаңдағы қоржынды ілесің. Қару бергенде де беліңдегі бес қаруды түгел сыпырып бересің.
Батыр атынан түсуге мәжбүр болды. Сонда қайыршы атқа қарғып мініп:
- Қайыршының бұл дүниедегі жаңғыз дәулеті - мойынындағы дорбасы. Содан басқа несін айырбас қылсын. Қауыс-қауыс екен деп қомсынба! Сен көп дәулетіңнің шетінен бөліп беріп түрсың, мен бар дәулетімді бүтін беріп тұрмын. Осы қауыс-қауыс дорба мына кешегі жеңісіңнен бетер желпінтпесе, төбеңді көкке жеткізбесе, маған кел. Абайлап ұста, қолыңнан түсіріп алма, қатты нәрсеге тигізбе, инетікен кіргізбе! Анау көз ұшындағы айқай шағылдан асқанша ауызын ашып қарама! Айқай шағылдан асқасын ауызын ашып қарағасын, ертең елге жеткен бойда үлан-асыр той жасағың кеп кетер. Сол тойыңа байғазым болсын, әлгі маған берген жылқыңды өзіңе қайтып бердім. Қауыс дорбалы қайыршы едім, енді, міне астыма ат мінгізіп, қолыма найза ұстатып, қандыбалақ қарақшы еттің. Ер азығы мен бөрі азығы жолда деген ғой. Өз малымды өзім тауып алармын, - деп атын бір тартып, шауып ала қайқайды.
Аң-таң қол түрып қалады. Батыр алдындағы айқай шағылдың басына шыққанша асығады. Айқай шағылдың басына шығып қараса... Мұрыны пыс-пыс етіп қызыл шақа ұл бала жатыр. Жүрегі жарыла қуанған Бөкенбай мен Есет сол арада соңдарындағы Жетіру қолына: «Ертең елге барған бойда ұлан-асыр той болады!» - деп жар шашады.
Бөкенбай жүрегі жарылып еліне жетсе, үйі қаңырап бос тұр. Төркініне кеткен әйелі әлі келмеген. Батыр қайын жұртына ат шаптырады. Барса - әйелі бетін тырнап жылап отыр дейді. «Батырға көрінер бетім жоқ. Жорықтан қайтқанда алдынан алып шығып қуантам ба деген шекесі торсықтай сәбиім дүниеге келгесін бір аптадан соң шетінеп кетті», - деп зарлайды дейді.
Сондағы қайыршының қауыс-қауыс дорбасында хан ордасының төрінде жатқандай рахаттана ұйқы соққан батыр осы Тіленші еді. Атын да қайыршы беріп кеткен бала деп Тіленші қойған.
Одан бері төрт жыл өтті. Тіленшінің тегін ешкім білмейді. Пішініне қарасаң - аумаған әкесі. Біреулер: «Бөкенбай тегін кісі емес қой, баяғыда қайыршы боп алдынан шығып жүрген қызыр екен», - деседі. Біреулер: «Бөкенбайдың әйелі балаларым көз тиіп тұрмай жүр деп, жер түбіндегі төркініне барып босаныпты. Сол арада бір пірәдардың айтуымен жас нәрестені бір ел кезіп жүрген тентірендіге беріп жіберіпті. «Қызырдың бергеніне тіл өтпейді, қайыршының ұстағанына көз тимейді. Бірақ, бұл сырыңды ешкімге айтпа. Тіпті, төсектес күйеуіңе де айтпа», - депті дейді әлгі киелі кісі. Сосын да Бөкенбайдың әйелі Тіленшіні айналып сүймейді екен. «Бұл менің балам емес, менің балам нағашыларының қорымының шетінде қалды», - дейді екен деп соғады.
Не де болса, Бөкенбай Тіленші дегенде отқа түсіп кете жаздайды. Оны көріп Бөкенбайды сыйлайтындар да Тіленшінің асты-үстіне түседі. Міне, бүгін, сол Тіленші төртке толып, тоқым салдырар той жасатпақ. Тайға мініп, тақым баспақ. Мінер тайын Әбілқайыр ханның өзі әкеліп отыр.
Нағашысы мен жиені бірін-бірі қағытып қояды.
- Апырай, ә, төренің де қолынан мал шығады екен-ау!
- Тұяғының тұяқ ертіп оралатынын біліп отырса, төренің қолынан неге мал шықпасын!
Әбілқайыр Бөкенбайдың қолында екі күн жатты. Тойға келген Жеті рудың жақсыларымен мәслихаттасты. Олар «Ханның бұл жүрісі тегін жүріс емес шығар. Енді қай жаққа жорыққа аттанбақ екен?» - деп келсе керек. Әбілқайыр жүректерін орынына түсірді. Екі күннің ішінде жорық жайында бір ауыз сөз болған жоқ. Екі күн асып, үшінші күні Бөкенбай мен Есет ханды ордасына шығарып салды. Нөкер Бопайдың қасында қалды да, үш салт атты ілгері кетіп оңаша шер тарқатысты.
Әбілқайыр әңгімесін әріден бастап, сөзінің аяғын жұтып қорғалақтай сөйлеп еді, Бөкенбай бірден түсініп:
- Иә, бізге, шынында да, таудың ығына тығылсақ та, пана іздемей болмайды! - деді.
Оған Есет те басын изеді. Хан енді ойындағысын түгел ақтара бастады. Бүл гәпті алқаға салмаса, арты даулы боларын, ал алқаға салса, орысқа бодан боламыз деген әңгімеден жұрт үркіп кете ме деп қорқыныш айтты. Бұл жолы екі батыр аңтарылып қалды.
- Біз бодан боламыз демесек, одақтас болайық дегеніңе ақ патша сөйлеспейді де.
Бөкенбай батыр ойланып қалды.
- Ал, осы мына отырған қалмақтар мен башқұрттар өздерін орыс патшасының боданымыз дей ме, одақтасымыз дей ме!
- Боданымыз дейді.
- Ендеше, сол қалмақ пен башқұрт өліп жатыр ма?
Тиіп кетсең, ар жағынан «тәйт» деп патша шыға келеді.
- Әлгі Аюке еліне барымташы шапса да «ойбай, әскер бере көр» деп патшаның әкіміне жүгіреді дейді ғой. Әбілқайыр екі батырдың бодан болудан да қаша қоймас түрін байқап:
- Ал осыған басқалардың көзің жеткізе аламыз ба? - деп еді.
- Әй, қайдам, - деп екі батыр бастарын шайқады.
- Ендеше, ақсақалдардың жиынына орысқа одақ бол деп елші аттандырайық деп рұқсат ап, елшіге бодан боламыз деп айтқызсак, қайтеді.
Узақ уақыт үнсіз отырысқан үшеу бұдан басқа амалдары жоқ екенін ұқты.
Содан Бөкенбай башқұрттарға барып, ру басыларымен сөйлесіп көрді. Олар қазақтардың кеңіліне не қашып жүргенін Уфа әкімдерінің құлағына салды.
Келесі жыл көктемде Әбілқайырдың ордасына иісі Кіші жүздің, Кіші жүзге жақын отырған уақ, керей, қьшшақ, арғынның кейбір руларының тізгін ұстарлары бас қосты. Бәрі де: «Қазақтың өзіне салсақ, жоңғарлармен жағалас ұзаққа созылып кетер түрі бар. Орыстан көмек сұрамасқа амал қалмады», - деген әңгімеге келісті. Олар хан ордасынан бір-бір бағылан жеп: «Патшаға біздің атымыздан елші аттандыруыңа келісеміз» - деп тарасты. Көктем басында башқұрт Алдарбай келіп қазақ елшілігін Уфаға алып кетті.
Енді, міне, сол елшілік соңына ақ патшаның елшілігін ертіп Уфадан бері шыққанына да біраз күннің жүзі болды. Баяғы сырды тек Бөкенбай, Есет үшеуі ғана біледі. Басқа жан баласына әлі күнге ауыздарынан шыққан емес. Ертең елшілік келгесін не де болса, көріп алмақ. Қазір Әбілқайырды бір жағынан бітеу жарадай іште бүғып жатқан сол бір құпия қинаса, екінші жағынан ру басыларының кейінгі кезде бір-біріне ерсілі-қарсылы шұбырысып жасырын мәслихаттасқаны жанына батып жүр. Әдейі уәделесіп қойғандай ақ патшаның елшілігін қабылдаймын деп ақ отау тігіп әбігерленіп жатқан хан ордасына ешқайсысы жоламайды.
Жер түбінен «қол астымдағы ұлысыммен боданыңа кірем» деп елші шақыртып, ол келгенде соқиған қара басынан басқа жан шықпаса тірідей жерге кіргені де.
Кейінгі кезде Уфа жақ көкжиекке үрейлене қарайтынды шығарды. Әзір әйтеуір бұлдыраған көк сағымнан басқа ештеңе көріне қойған жоқ. Қашанғы солай түра берер дейсің. Нұралының кеткенінің езіне сегіз күннің жүзі болып барады. Енді көп ұзамас, бір хабары шығып қалар.
Әбілқайырдың қарай-қарай көзі талды.

 

Үркер (Бірінші бөлім)

Үркер (Үшінші бөлім)

Үркер (Төртінші бөлім)

 

Кітапты көшеру