ВЕРНУТЬСЯ

Біз туып, жер басқалы апыл-тапыл,
Мүйіздескен дүние сатыр-сатыр,
Қиянкескі қымқуыт түрін көрдік,
Орнамады демесең заман ақыр.
Өтті-кетті балалық жалап-сұқтап,
Өлдік-өштік, күн кештік жылап-сықтап.
Жастық өтті жаутаңдап жалтақ-жұлтақ,
Егделікті еңсердік қалтақ-құлтақ.
"Бітті заман, - деп жүрсек, - етекбасты",
Қақсал уақыт қайтадан етек шашты.
Қайта қаулап барады апыр-тапыр,
Қайырылар ешкім жоқ - өкір, бақыр.
Қолдан қағар табылмас - опыр,жапыр.
Сарапшы жоқ - тантықты судай сапыр.
Тәртіп тұл, тәр адыра, тәрік үстем
Ертелі-кеш жер мен көк шатыр-шатыр.
Ол емес қаһар төккен Исырапыл,
Шарт та шұрт шатақтасқан шөртік-шапыл.
Бодандықта боз өкпе кілең пақыр,
Бостандықта өпірем өңкей батыр.
Бас іздеген балталар шақыр-шұқыр,
Тақ іздеген бөкселер тапыр-тұпыр,
Бақ іздеген шеңгелдер сатыр-сұтыр,
Жақ іздеген жылпостар жапыр-жұпыр,
Билік қуған даңғойлар арсыл-гүрсіл,
Айқас, айтыс, анттасу апыл-құпыл.
Жұт қыстың бөрісіндей шуылдасып,
Өршіп кеткен үнде саңқыл, көзде жарқыл.
Қарақшылар қосындай олжа үлескен
Өлеурескен күнде қаңқыл, түнде сарпыл,
Ши бөрідей жабылған жабағыға
Ауыз арс-арс, азу тіс сақыр-сақыр.
Талай баба қан кешкен арман көріп,
Талай ұрпақ баз кешкен жалған көріп,
Тәуелсіздік абайсыз қалған келіп,
Ел орынына елірген егес көріп,
Өпірем көмей, өлермен өңеш көріп
Қайда тап болғанына айран-асыр.
Күйкілікті күйттеген нәпсі емес,
Ынсап жеңбей, тиылмас бұл сұрапыл.
Жағаласқа сарп боп көрер жарық,
Өңмеңдеумен өтер ме дүние ғапыл?!..
                                                               1999.