ВЕРНУТЬСЯ

Күркіреп күндей өтті ғой соғыс!..

Қасым Аманжолов

 

    Өткен
ғасырдың елуінші жылдарының орта шені болатын. «Күн көсем» колхозының
орталығындағы орталау мектептің алтыншы сыныбында оқып жүрмін. Сұрапыл соғыстың
аяқталғанына он жылдай уақыт өтсе де, ел еңсесі көтеріле қоймаған кез.
Тұрмыс-тіршілік дегеніңіз қоңыртөбелдеу деңгейде. 

            Бірде сынып
бөлмесіне мектеп директоры кіріп келді. Майданда болған түсі сұсты адам еді.
Сабақ өткізіп тұрған мұғалімімізге басын сәл иіп, кешірім сұрағандай болды да,
көздері жәудіреп отырған көгентүп біздерге оң қолын көтеріп, айтары барын
білдірді.

- Оқушылар, бүгін колхоз клубында облыстан келген үлкен
бастықпен кездесу болады. Сендерге артқы орындықтар тиесілі. Қыбыр-сыбырға жол
жоқ. Тәртіп бұзғандар байқалса, ісі менімен болады! - деп қысқасынан қайырды.
Біз үрпиісіп қалдық. Құдай сақтасын, мектеп директорының сөзіне кім қарсы шыға
алады.

Содан, қызыл іңір шамасында сынып жетекшісінің бастауымен
жұдырықтай клубтың қуықтай залына кірдік. Зал деген аты болмаса, қырық-отыз
адам ғана сыятын, күндіздің өзінде қаракөлеңке болып тұратын бөлме еді. Ауылға
электр қуаты келмеген кез. Еденнен жарты метрдей биіктікте ескі тақтайлардан
сахнаның сұлбасы жасалған екен. Шағын үстелге қызыл мата жабылып, шыны тұрбалы
екі керосин шам қойылыпты. Сірә, кез келген үйден табыла бермейтін ондық шамдар
болса керек, жарығы біраз жерді қамтып, маздап-ақ тұр. Ішке кіріп, жайғасып
жатқан адамдардың қабырғаларға түскен көлеңкелері бейне алыптардікіндей тым
зорайып көрінеді. Қара көбейту үшін жинаған біздердің, балалардың көлеңкелері
де ересектікілерден қалысар емес. Колхоз орталығында үш-төрт табын сиыр
қыстатылатын. Ер-азаматтар жоқтың қасы. Негізгі салмақ әйелдерге, шал-шақуан,
бұғанасы бекімеген өндірлерге түсетін. Міне, солар ішке кіріп жатыр. Қаңтардың
кәрі бурадай қалшылдаған аязы кімді аясын. Күрк-күрк жөтелгендер байқалады. Аяқ
киімдердің ұлтанына мықтап жабысқан сіре қар еденге жаншылып, сықыр-сықыр
етеді.

Біршама адам жиналғанына разы болғаны күлімсіреген жүзінен
байқалған колхозбастық, өзімен ілесе келген бойы ортадан жоғарырақ, дене бітімі
келісті, бізге таңсық сұр қаракөл жағалы қоңыр пальто киген жасы қырықтар
шамасындағы азаматты алдынан өткізіп жіберіп, екі орындықтың біріне отыруға
ишара жасады. Ол кезде он екі-он үш жастағы бала болсам да, облыстан келген
бастықты тұңғыш көргендіктен, әсіресе, салмақты жүзіне, келісті киіміне, өзін
ұстау мәнеріне қызыға қарап, ұқсауға тырысқаным күні бүгінге шейін көкірегімде
сайрап тұр.

- Халайық, - деді колхозбастық, - бүгін біздің арамызға
Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің жақында сайланған хатшысы Мақат
Рымжанов жолдас келіп отыр. Бұл кісінің мақсаты - өздеріңіздің
хал-жағдайларыңызды білу. Еліміздің ішкі және сырты жай-жапсарымен хабардар
ету. Қысылмай-қымтырылмай еркін отырыңыздар.

Залдан ешкім қыбыр етпеді. Колхозбастықтан өзге «дөкейді»
көрмеген халық обком хатшысы алдында не дей алады? Бұл өзінен-өзі түсінікті жайт
еді.

Ысылған хатшы тізгінді өз қолына алып, елдің ішкі-сыртқы
жағдайы туралы әңгімелей бастады. Қазақша өте жатық сөйлейді екен. Ауылдық
жерде өскені байқалып тұр. Реті келгенде сөздерін мақал-мәтелдермен әрлеп
жібереді. Мұндайда сөз парқын түсінетін үлкендер жағы қозғалақтап қалады.

Қашанғы сұңқылдасын, хатшы сөзін аяқтады. Зал жақтан сыбыс
жоқ.

- Қане, кімнің айтары бар? - деді колхозбастық үнінен
шарасыздықтың белгісі байқалып.

Алдыңғы қатардың орта тұсында отырған Исағали шал
қозғалақтап барып, жайымен түрегелді.

- Отырып-ақ айта беріңіз, - деді облыстан келген уәкіл.

- Шырағым, - деді Исағали ата, - келіп, жай-күйімізді
білгеніңе рахмет. Ең бастысы, зұлым жауды жеңдік қой. Майданға аттанған алпыс
азаматтың үштен екісінен астамы ауылға оралмады. Біз солардың орнын бастық.
Ерінбей еңбек етсек, күні ертең-ақ жағдайымыз жақсарып кететініне сенімдіміз, -
деп бір тоқтады.

- Дұрыс сөз, ақсақал, дұрыс сөз! - деп облыстан келген қонақ
алға қарай ұмсына түсті.

- Үкімет не тілесе де, орындаймыз. Тек бір өтініші бар мына
жұрттың, - деді Исағали атамыз сөзін одан әрі жалғап.

- Айтсам, таң сыз бергенде тұрып, сиыр қораға барып, түсте
бір сағаттай дамылдап, қызыл іңірде үйімізге қайтамыз. Мұздаған денемізді
жылытайық десек, мейір қандырып ішетін жөнді шайымыз жоқ. Тақта шай дегенің
күбірі шығып, тез кесіліп қалады. Бізге сапалы шаймен көмектес, обком балам, -
деді Исағали ақсақал.

            Ойындағысын
айтқасын, жұрт әр жерден «дұрыс, дұрыс, жөн, жөн» деп жатыр. Шалдың сөзіне
күліп жатқан жастар да жоқ емес.

            Обком
хатшысы Мақат Рымжанов саяси тақырыптағы баяндаманың бұл арада ретсіз екенін
түсінді де, елге етене жақын жайға көшуді жөн санады. Осында отырғандар кешегі
қан майданда өзімен бірдей от кешкен майдангер боздақтардың ата-аналары,
жесірлері, іні-қарындастары, ұл-қыздары екенін ескеріп, әңгімесін тың арнаға
бұрды.

            Арада елу
бес жылдай мерзім өтсе де, жадымда жақсы сақталған жайдың мазмұнын айтып
берейін.

            Мақат
Рымжанов ағамыз генерал Иван Васильевич Панфиловтың 8-гвардиялық атқыштар
дивизиясына қарасты полктердің бірінің сапында Мәскеуді қорғауға қатысыпты.
Жаңылыспасам, аға лейтенант Бауыржан Момышұлының батальонында, не болмаса, осы
бөлімшемен ұрыстарда қанаттас болған сияқты.

            Мәскеу
түбінде жауға ойсырата соққы берген құрамалардың жауынгерлері мен офицерлеріне
қысқа мерзімді демалыс беріліп, туған жерлеріне барып қайтуға рұқсат етіліпті.
Мақсат Рымжанов лейтенант шенінде екен. Офицерлерде арнайы азық аттестаты
болған ғой. Яғни, керек-жарағыңды военторг (әскери сауда) орындарынан ала
бересің. Кескілескен ұрыстар жағдайда военторг кімнің есіне келсін.

            Лейтенант
Мақат Рымжанов Мәскеу арқылы елге жол тартуы керек. Содан, Қазан вокзалына таяу
метродан шықса, шай сатып жатқан дүңгіршекке тап болады. Сыртында пілдің суреті
бар елу грамдық, жүз грамдық қорапшалар «мені ал, мені ал» деп самсап тұр.
Аттестаты есіне түсіп, оны-мұны салатын зат қапшығына, жолда керегі болар деп
сатып алған шамаданына шайды сықап толтырып алады. Ол кездерде қазақ ауылына
жете қоймаған цейлон шайы еді бұл. Анасының шайқорлығы есіне түсіп, мұны
ұнатпай қалса қайтем деп, жеңіл күрсініп те қояды.

            Кейіпкерімнің
Қарағанды облысының, не болмаса Ақмола облысының азаматы екені анық. Қай
облыстан екені жадымда қалмапты. Содан, түтеген боранды күні айдаладағы
теміржол бекетінен түсіп, жеделхат алған колхозбастықтың тапсырмасымен келген
ауыл адамының атшанасына мініп, үйіне келеді. Арғы жағы белгілі. Жүрекжарды
қуаныш, жылау-сықтау. «Азаматымды, баламды көрдің бе?» деген аңғал да аңсауға
толы сауалдар.

            Майдангер
лейтенанттың ата-анасында ес жоқ. Жолына қарап, амандығын тәңірден тілеп отырған
жалғызы алдарында отыр. Дені-қарны сау, жүзі жарқын, омырауында орден. Не керек
бұдан басқа!

            Ауылдан бір
қоңды қой табылып, еті қазанда қайнап жатыр. Шарбы майға піскен бауырсақтың
иісі қандай, шіркін! Шағын үйдің іші толған адам. Дастархан жайылып, сол
кездегі жағдайға сай мәзір қойылып жатыр. Мақаттың құлағы шалып қалды. Анасы
осынша адамға шай жеткізе алмасын біліп, көршілерге салмақ салып жатқанға
ұқсайды. Зат қапшығы мен шамаданын алдырып, цейлон шайын төге салады төр
алдына. Ілкіде тосырқап қалған жұрт шай екенін біліп, піл суретіне таңданып,
біраз уақыт шуылдасқан сыңайлы. Осынша шай молшылығын көрген анасы алғашқыда
абдырап қалып, сәлден кейін аққұмандарға уыс-уыстап тоғытса керек. Елдің шайды
осылайша ішпегеніне қай заман! Борша-борша терлеп, әңгіме тиегін ағытып, ұзақ
уақыт отырып, әрең тарқасыпты.

            Қуаныштан
етегіне сүрініп жүрген анасы кетерінде ауылдастарына шайды үлестере беріпті,
үлестіре беріпті. Таңертең байқаса, үйде төрт-бес қорабы ғана қалған екен.

            Ертесіне
ауылда «цейлон деген шай шықты, лейтенант деген бай шықты» деген мәтелге ұқсас
сөз тараса керек.

            Демалысы
біткесін ауыл-аймақ сұрапыл соғыстан аман-есен оралуын тілеп, Мақатты қатерлі
сапарға құрметпен шығарып салыпты.

            Қорытындыға
бір-екі ауыз сөз. Өстік, оқыдық, ат жалын тартып міндік. Өткенге ой жібердік
дегендей.

            Мақат
Рымжанов ағамыз Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің идеология
мәселелері жөніндегі хатшысы болып істеген жылдарында біраз игі шаралардың
басы-қасында жүріпті. 1958 жылы орыстанып бара жатқан өңірде ақындар айтысын
өткізуге мұрындық болыпты. 2008 жылы Оралда тұңғыш айтыстың 50 жылдығы кең
түрде аталып өтті.

            Майдангер
офицер Мақат Рымжановтың өзім құралыптас ұлы Ораз Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» киностудиясының директоры болғанынан хабардармын. Ол өмірден
ертерек өтіп кетті.

            Анабір
жылдары Мақат Рымжановтың Қарағанды облыстық мәдениет басқармасын сәтті
басқарғанын сол өңірдегі әріптестерімнен естіген едім.

            Айтпақшы,
ауылдағы кездесуден кейін бір айдай мерзім өткен шамада жұрт шайға қарқ болды да
қалды. Табылуы қиын болса да, обком хатшысы ел өтінішін ұмытпаған екен. Цейлон
шайы болмағанмен, біздің ауыл тұрғындары үнді шайы дегеннің дәмін сол жолы
татқан болатын.

            Ұлы
Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында бала кезімнен жадымда қалған осы жайды оқырмандармен
бөліскім келді.