ВЕРНУТЬСЯ

        Тойлы ауылға келіп түстік кешкілік,

(Музыка үні тұрды алыстан естіліп).

Төрге бізді отырғызды асаба,

«Құтты қонақ келген екен» десті жұрт.

Той дегенде қолдар ашық, көңіл кең,

Көмейлерден күміс күлкі төгілген.

Жарастықпен жайнап тұрды төңірек,

Бұдан басқа пе тілейміз өмірден.

Сезгендей боп қонақтардың жанын ақ,

Бірте-бірте биіктеді шаңырақ.

Алты қырдан асып жатты ән деген,

Домбырадан күй төгілді аңырап.

«Билейтұғын, билейтұғын жер керек...»

Кетті жастар вальспенен дөңгелеп.

Құдағиды құда биге шақырды,

Той үстінде жол, жоралгы, жөн бөлек.

Сыйластықты бұл өмірдің сәні дер,

Мән-маңызын түсінеді кәнігі ер.

Естеріне aп өтіп кеткен күндерін,

Бірін-бірі қағытады кәрілер.

Жүректерді жіберетін жалын қып,

Тілектердің алу керек бәрін құп.

Күйеу жігіт құлағына құйып тұр,

Көңіліне тоқып отыр қалыңдық.

Бұл қызықтан тартынайын несіне,

Жастарға арнап жыр оқыдым көсіле.

Өз үйімде осындай той жасатар,

Алыстағы ұлым түсті есіме.