ВЕРНУТЬСЯ

    Осы өңірге жолым түсе қалғанда, Құмарғали ағамның үйіне ат
басын тіреп, пейілі қаңтарда жауған қардай кіршіксіз Жібек жеңешемнің қолынан
дәм татпай кетсем, ойға алған ісім орындалмайтындай көрінеді де тұрады.

            Құмекеңдермен
туыстық жағынан ешқандай қатысым жоқ. Бір көрген білістік, екі көрген таныстық,
бірте-бірте көңілдостыққа ұласып, ағалы-інілі жандардай бітеқайнасып кеткен
жайымыз бар. Ағамыз анабір жылдары, біздің кекілді кезімізде, ауылшаруашылығы
техникумын бітіріпті. Содан қырық жылға жуық уақыт бойына ұжымшар, кеңшарларда
мал маманы, ферма, бөлімше басқарушысы қызметтерін абыроймен атқарып, мерзімі
келгенде зейнетке шыққан болатын. Қазір жасы сексенге таяп қалды. Кезінде
балалары тұрақтамай, шетіней беріпті. Жастары қырықтың қырқасынан асар тұста
дүниеге келген Шынарғали ғана, өше жаздаған үміт отын қайта маздатып, аман-сау
өсіп, ержетіп, үйлі-баранды болып отыр. Мұны тәптіштей жазып отырған себебім,
Кұмекеңнің шаңырағында болып жататын жақсылық атаулыдан шет қалып көрмеппін.
Шынарғали Далагүл келінімді алуға барарда, Құмарғали ағам күштеп, мені бас
құдалыққа жұмсаған болатын.  Ойлап
отырсам, одан бері де біраз жыл зулап өте шыққан екен-ау.

            Иә,
Далагүлдің әкесі Қалмаққали - іспек көз, суық қабақ, жалпақ бет, денесі
еңгезердей, атына лайық, қалмақ тақылеттес адам. Аузынан түсе қалғандай
бақандай-бақандай бес ұлы бар. Қазір бәрі де аман-есен, Құмекеңдер тұратын
ауылдан атшаптырым-ақ жердегі төрт-бес үйлі шағын қоныста ғұмыр кешіп жатқан
жайлары бар. Сиректеу болса да кездесіп, дәмдес болып жүреміз.

            Бұл бағытқа
осы жолы іссапармен емес, аудан орталығында тұратын институтта бірге оқыған
құрдасымның мерейтойына келе жатырмын. Біраз уақыттан бері қатынаспай кеткен
Құмарғали ағамның үйінде қона жатып, шүйіркелесіп дегендей, ертеңіне түстік
жердегі аудан орталығына топ ете түспекпін.

            Бұрын
кеңшардың бөлімше орталығы болған ауыл бірте-бірте кішірейе түскен екен. Он-он
бес үйдің шамасы. Кезінде бөлімше басқарушысы болған Құмекеңнің көк қақпасы
бірден көзге шалынды.

            Үй алдында
жүрген ағам, құрақ ұшып қарсы алды. Артына бұрылып дауыстап жатыр. Кездеспеген
бір жыл ішінде Құмекеңде ешқандай өзгеріс байқала қоймады. Тек жақ еттері
суалыңқырап, денесі тарала түскендей ме, қалай? Жібек жеңешеме келсем,
жылдардың еркіне толықтай бағыныпты. Денесі еңкіш тартып, орамалының астынан
төмен түскен самай шашы ұнға малынғандай аппақ-ау, аппақ. Шынарғали інімнің
денесі толысып, жігіт ағасы болғанын айғақтайтын қою қара мұртына күміс
қылаулар түсіпті. Өтіп бара жатқан уақыт-ай! Далагүл келінім көзіме түсе
қоймады. Бұдан біраз жыл бұрын Шынарғали мен Далагүл пединститутты бірге
бітіріп, осы ауылдағы жетіжылдық мектепке қызметке келген болатын. Кейін екеуі
қосылды ғой. Лауазымды орындарға шақырған жерлерге бармай, қазір осындағы
бастауыш мектепте ұстаздық етіп жүрген жайлары бар.

            Үйге кіріп
жайғасқан соң, сапар жайынан хабардар еттім. Аудан орталығына ертең жүретінімді
де айттым.

- Бопты, - деді әдеттегісінше Құмарғали ағам көңілді үнмен,
- аунап-қунап жатасың. Жеңешең сақтаған сыбағаңды жеп аттанасың.

Дастархан жайылар тұста, Құмекеңнің шақырулы қонақтары
келді. Бойы найзадай тіп-тік, қалың қас, шүңірек көз қария төрге озды да, өзім
құралыптас екі қырмасақал оның екі жағынан орын алды. Шырматтым үшеуін де.
Бұрын да келіп-кетіп жүрген ауыл ғой. Соғыс ардагерінің төсбелгісі бар ақсақалдың
аты Жұмағали болса керек.

Ауыл дастарханы басындағы әңгіме бір тектес болып келеді
ғой. Зейнетақы өсімі, қала базарындағы нарық, малдың қоңы, жол салу, газ
құбырын тарту - осылай жалғаса береді.

- Дағдарыс деген сөздің шығуы мұң екен, мал ұрлығы тағы
өршіп кетті ғой. Бұл жақта қалай? Өткенде бір ағайынның ауылына бара қалсам,
өрістегі елу бес жылқы қолды болып, жұрт жер сабалап отыр екен, - дедім мен де
әңгімеге араласып.

Бірден байқағаным, отырғандар әлденеден тіксініп, сөзден тез
тыйылып, тымырая қалысты. Біртүрлі ыңғайсыз жағдай орын алғандай болды.

            - Е, еһ,
еһ, шырағым, кесірлі қылықтың өрісі кең болады екен. Ұрлық-қарлықтан біздің жақ
та құр емес, - деп тіл қатты төрдегі Жұмағали қарт. Құмекең қипалақтап қалды.
Ал Жібек жеңешем мен Шынарғали інім бастарын тұқыртып, көздерін бір нүктеге
қадап, қыбыр етпеді. Түсінікті! Бір жағдай болған ғой.

            Кеш болса
да, Далагүл келінім төбе көрсетпеді. Бастауыш мектептегі сабақтың бітетін
уақыты әлдеқашан болған еді.

            - Далагүл
көрінбеді ғой, аман ба? - дедім төменгі жақта отырған Шынарғалиға тіктей қарап.
Тағы бір сезік тудырған жәйт, отырғандар тез бойларын жинап алып, демдерін
іркіп, не айтар екен дегендей, Шынарғалиға қарай жаппай мойын бұрды. Бір гәп
бары сөзсіз.

            - Ә,
Далагүл ме? Қаладағы балаларға көптен бара алмай жүр еді. Жолы түсті сол жаққа,
- деді Шынарғали тездете сөйлеп.

            Е, е, екеуі
сөзге келіп қалып, шыныаяқ шылдырлаған екен ғой. Шамасы, келін кетіп қалған
болды деп ойладым ішімнен. Қаншама көңілді болуға тырысса да, үй иелерінің
қабағында кірбің бары маған енді анық байқалды.

            Ауыл
қонақтары тарқады. Демалатын уақыт болды. Құмекең екеуіміздің төсегіміз түпкі
бөлмеге қатар салыныпты. Ұйқы келе қоймады. Құмарғали ағам да біресе оң жағына,
біресе сол жағына аударылып, көз ілмей, дөңбекшіп жатқаны байқалады. Сырмінез
адам ғой, айтары бар сияқты. Біліп-сезіп жатырмын.

            - Бірге
тумасақ та, туғандай болып кеткен інімсің ғой, шырағым! Айтарға да, естірге де
ұяты масқара бір жағдайға тап болып отырмыз. Ауыл-аймақ түгел біледі мұны.
Өзіңе айтпасам, жарылып кетердеймін, - деді Құмекең өксігендей үн шығарып.

            Шошып
кетіп, жастықтан басымды көтеріп алдым.

            - Айтыңыз,
аға! Іштегі шер айтса тарқайды деген бар ғой. Өзім де бір қолайсыз жайдың орын
алғанын сезе бастаған едім, - дедім ақсақалдың ашыла түсуіне дем беріп.

            Құмекең
төсегінен тұрып отырып, әңгімесін бастап кетті. Жағдай былай болған екен.

            Құмарғали
ағам бір ту биені екі жыл қатарынан күтімге алып, өріске көп шығармай, қараңғы
қорада ұстап, жем, судан тапшылық көрсетпей бағып отырыпты. Соғымға сойып, жылы-жұмсағын
таяп қалған сексен жылдығына сақтамақ ойда болса керек. Боз биенің сауыры
астаудай болып, нағыз бит домаланғандай дейтін жағдайға шейін семіріпті.
Сойғанда қазысы сере шығады деп ауыл адамдары әңгіме етеді екен. Құмекеңнің күн
тергейтін әдеті бар болатын. Соған бағып, биесін сәл кейінірек союды ойлапты.

            Қалмаққали
құдасының жаңа жылды екі мәрте қарсылайтын қызық бір үрдісі бар болатын - он
төртінші қаңтар және он төртінші наурыз. Осы екі күнді ескерусіз қалдырмай,
құда-құдағиы мен қыз-күйеуіне хабар салатын. Он үшінші қаңтар күні бес ұлдың
кенжесі келіп, шақырып кетті.

            Ауыл
адамдары онша сақ болмайды ғой. Есік-тесікті қалай болса, солай бекітіп-бітеген
болады да, бір жаратқанға тапсырып, алыс-жақын жолға шыға береді.

            Қалмаққали
құда, Күміс құдағи, бес ұл, бес келін Құмекеңдерді қоғадай жапырылып қарсы
алды. Иә, содан сый-құрмет көріп, әңгіме-дүкен құрып, ұзақ отырыстан соң
ауылдарына қайтады. Келе жата қалысады. Құмекең әдетінше терезеден таң жарығы
біліне бастағанда төсегінен тұрып, жылы киініп, қораға беттеді. Иесі келгенде
оқырынып дыбыс беретін боз бие орнында жоқ?!. Көк сырмен бояп тастаған шағын
электр шамы көмескілеу жарық түсіріп тұр. Ұядай қора бос. Жерге кіріп, иә көкке
ұшып кеткендей боз бие. Таңғалысты ыза, ызаны таңғалыс жеңе алмай, Құрекең
біраз уақыт абдырап тұрып қалды. Сосын сыртқа шығып, ауланың ішін қарап шықты.
Бейне бір бесті бие ошақтың тасасынан көрінбейтін лақ сияқты. Бұл қылығына
қатты назаланып, аяғына орала кеткен дөңбек ағашты бір тепті. Ауладан атқып
шығып, үйді әлденеше рет айналып, қуыс-мүйіске шейін бас сұқты. Боз бие жоқ!
Шағын ауылды да сүзіп шықты. Біреу биені қорада байлап-матап ұстап отырмаса,
сыртта ештеңе байқалмады. Мұнда құрдастық, иә жиендік жасайтын ешкім жоғын өзі
жақсы біледі. Сонда ақадал малы қайда?

            Таң толық
атпай жатып, Құмекеңнің атақты боз биесі ізім-қайым жоқ болып кеткені шөкімдей
ауылға мәлім болды. Алыпқашпа әңгімелер гулеп бір кетті дерсің.

            Құмекең -
ауыл-аймаққа сыйлы адам. Ешкіммен қастасқан, өштескен кезі жоқ. Алды ашық,
қонақжай, алысты жақын етіп жүретін парасатты жан. Оған біреулердің қысастық,
қастық істеулері мүмкін еместей. Сонда қалай болғаны? Кім болса да, бұл маңның
ұрысы емесі анық. Ұзынқұлақтан естіп, ұрымтал тұсты дәл тапқан ғой, кәззап.

            Құрысыншы!
Боз бие жоғалғанмен, ырысы кеміп кетпес. Әулеті аман болсын! Алайда, алабөтен
оның қорасынан мал алынуы жасы келген кісінің жанына қатты батты. Әлдекім әдейі
істегендей.

            Құмекең
ауыл ақсақалы Жұмағали көршісіне келді. Жасы үлкен адамды өзі хабардар етуді
жөн санағаны еді бұл.

            - Естіп
жатырмын жағдайды, - деді Жұмағали ақсақал бірден, - биенің ізі суымай тұрғанда
іске кірісуің керек.

            - Қалай,
қайтіп?!.

            - Қалай,
қайтібі несі, Құмарғали, із кесу, - деп шорт кесті майданда барлаушылар сапында
болған қария.

            - Апыр-ай,
із кесу дейсің бе, Жұмеке! Ойыма келсе бұйырмасын, - деп абдырай тіл қатты
Құмекең.

            - Сенің
биең Қалмаққали құдаңның үйіне кеткенде қолды болды. Бұл айдан да анық жәйт.
Және де ел ұйқыға жатқан кезде жүзеге асқан іс бұл, - деді Жұмағали ақсақал
нақпа-нақтап, - кеше он төртінші қаңтар, бүгін он бесінші қаңтар емес пе? Тез
қимылдасаң, бір дерегі шығып қалуы әбден мүмкін.

            - Жұмеке,
онда із кесу ісін өзің басқар. Ауыл азаматтары болып саған көмекшілікке жарап
қалармыз, - деп бәйек болып жатыр Құмекең.

            Иә, содан
майданда барлаушы болған Жұмағали ақсақал командир, оншақты адам оған бағынышты
сарбаз болып іске кірісіп кетті. Егделер жағы рулін Шынарғали ұстаған «Ниваға»
мініп, қалғандары аттылы, жаяуы бар самсап, ауылды шеңберлеп айнала бастады.
Ауылдан оқ бойы ұзағанда, сірі қарды кішігірім ошақтай етіп ойған соны іздерге
тап болды бұлар. Семіз мал салмақты болатыны белгілі, боз биенің құйма тұяқтары
шашаға шейін батып отырыпты. Ақадал малының іздерін бірінші кезекте таныған,
әрине, Құмекеңнің өзі болатын.

            - Іздер
Қалмаққали құданың ауылына қарай бастап барады, - деді Құмекең машинаның артқы
жағында отырған Жұмағали ағасына мойын бұрып, - алушының айласы болды-ау бұл.

            - Қайдам,
қайдам?.. - деп ыңырана тіл қатты біраздан үнсіз қалған Жұмағали қарт.

            - Мұнымен
не айтқың келеді, Жұмеке! Көмейіңде бір түйткіл тұрғандай ғой, - деп артына
тағы да жалт қарады Құмекең.

- Машинаңды тоқтат, Шынарғали! Ақылдасатын шаруа туындап
қалды, - деді Жұмағали ақсақал дауысын көтере сөйлеп. Жігіттер машина маңына
жиналғанша, екі қария оншақты қадам оңашалыққа шықты.

- Алушы алыста емес, Құмарғали! Ауыр болса да айтайын, әкесі
өлгенді де естіртеді деген бар ғой, биең Қалмаққали құдаңда. Ендігі ет-сүйегі
боршаланып қалмаса неғылсын, - деп Жұмағали ағасы суық суды төбесінен төмен
қарай құйып кеп жібергендей болды.

- Астрапыралла, не дейсің, Жұмеке! Менімен бұлай
қалжыңдаспайтын едің ғой. Қалмаққали құдамды не қара басыпты, менің малыма
тиісіп. Құдайы аузындағы адам емес пе ол, - деп ышқына үн қатты Құмекең.

- Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде деген. Көп пенде
ойлағаныңнан мүлде басқаша болып шығады, Құмарғали! Солай, солай, - деп сәл
іркілді Жұмағали қарт. Сосын біраз бөгеліп тұрды да:  

- Малыңның  ізін
суытпайын десең, қазір Қалмаққалиды барып басамыз, олай болмайды екен, ат басын
кері бұрамыз, - деді.

Екі оттың ортасында қалғандай болған Құмекең не істерге
білмеді. Машинаның қасында ошарылған бір қауым жұрт бұлар жаққа әлсін-әлсін
мойын бұрып, қызу әңгімелесіп тұр.

- Нартәуекел! Шешінген судан тайынбас деген, күдіктен арылу
да аз олжа емес қой, барсақ барайық, Жұмеке! - деді Құмекең бір шешімге келіп.

Содан бұлар «Ниваға» сыйғандарынша лықа тола мініп, екі
аттылыны ертіп, жаяуларды ауылға қайтарды.

- Үйлерге жақындамай, бірден қораға тарт! - деді Жұмағали
ақсақал бұйрықты үнмен Шынарғалиға.

Бір-бірінен оқ бойы қашықтықта орналасқан төрт-бес үйді
айналып өтіп, қораны қоршаған ауланың қақпасына «Нива» маңдай тіреді. Екі
аттылы да жетті шоқытып. Төңіректе қыбыр еткен тірі жан жоқ. Ит екеш, иттер де
көрінбейді.

- Мәселе мәлім болды, жігіттер! Бұл ауыл тайлы-таяғымен бір
қауырт жұмыс үстінде сияқты. Бәріміз бір сәтте лап беріп ішке кіреміз, қалғанын
көре жатарсыңдар, - деп Жұмағали қарт жасына шақ келмейтін ширақ қимылмен
машинадан бірінші болып түсті.

Құмекеңнің өңі өрт сөндіргендей қабарып кеткен-ді. Шынарғали
да оңып тұрған жоқ. Әкелі-балалы екеуінің беттеріне қарау тым аянышты еді.
Ауылдастары бастарын тұқыртып, бұлар жаққа мойын бұрмауға тырысатындай.

Шағын ауланы жүгіре басып кесіп өткен сегіз адам самсап
қораға кіріп келгенде, қан жалаған үш-төрт қарала ит үргеннің ырымын жасады да,
түкпірге қарай зытты. Бейне бір ұялыс тапқандай.

Із кесушілер сұмдық көріністің үстінен шықты. Құмекеңнің
атышулы боз биесі жайрап жатыр. Екі көзі шала жұмылған басы қораның босаға жақ
қабырғасына сүйеп қойылыпты. Ақтарылған сап-сарала ішек-қарны төбедей болып
үйіліп жатыр. Қазысы сере шыққан тұтас екі қаптал сәл бөлектеу жерге қатар
жайып тасталыпты. Жеңдерін шынтаққа дейін түріп алған Қалмаққали мен оның бес
баласы буы әлі де бұрқырап жатқан жас етті қасқырша жұлқылап, боршалап жатыр.
Әрқайсысының қолында қанжарға бергісіз, қазір көп кезіге қоймайтын дәу сапы
пышақ. Әйел жұртынан бірде-біреуі көзге шалынбады.

Тосыннан сау ете түскен бір топ адамды алғаш байқаған сәтте,
мал союшылар сол қалыптарында тас мүсіндей қатты да қалды. Алайда әккілік
танытып, қас қағымда естерін жинап алып, пышақтарын жалаңдата өре түрегеліп,
алға емінгендей болды. Түрлері қорқынышты, ештеңеден тайынбайтын сияқты еді
олар.

- Шақырыңдар, милицияларды! - деп саңқ етті Жұмағали қарт
есікке жақындау тұрған жігіттерге тез мойын бұрып. Бұл кәрі барлаушының қулығы
болатын. Басы Қалмаққали болып, бес бөлтіріктің иықтары салбырады да қалды.
Олар келген кісілердің кімдер екенін анық таныған сәтте, екі қолдарын
ербеңдетіп, беттерін көлегейлей берді.

Құмекеңнің бет әлпеті адам қарап болмастай әлемтапырақ болып
кетті. Шынарғали өкіріп жылап жіберді. Өлімнен ұят күшті деген ғой. Өткен түнде
ғана асты-үстеріне түсіп, төбелерімен жүріп қызмет еткен осылар ма, әлде мүлде
басқа біреулер ме?!. Туған қайын атасы мен бес бірдей қайнаға-балдыздары ардан
безген, ішмерез, баукеспе ұрылар болып шыққаны ма? Он сегіз жыл бойы бұлар
қалай байқатпаған, өздері қалай байқамаған. Бұдан да боз биенің қасқырға жем
болғаны немесе сорға түсіп өлгені артық еді. Құрысыншы, қанша әспеттесең де,
сырты тері, іші боқ бір қылқұйрық қой. Ел аузына қақпақ бола алмайсың, ұяты
қандай, ұяты! Көршілердің бірі ұрлап сойып алса, мұндай күйінбес еді.
Далагүлдің ендігі жағдайы қандай болады? Әке-бауырлары осыны неге ойламады? Ойы
онға, санасы санға бөлінген Шынарғали, бетін басып далаға ытқып шықты. Басы
Жұмағали қария болып, ауыл адамдары мынау сұмдық жағдайға қандай баға берерін
білмей, бір сәт тосылып қалғандай еді. Кесікті сөзді Құмекеңнен күтті олар.

- Боз биемнің еті осы алтауыңның атау керелерің болсын! -
деп күйіне ақырған Құмарғали ақсақал тез адымдап, сыртқа беттеді. Қалғандары
оның соңынан ілесті. Әкелі-балалы ұрылар орындарында сілейіп тұрып қалды.

Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге жайылады деген бар
ғой. Естіген жұрт жағасын ұстады.

Біршама уақыт өткеннен кейін, әр саққа жүгіртілген әңгіме
бір арнаға түскендей болыпты.

Құмекеңдер қонақ болып отырғанда, түн ортасына таман
Қалмаққалидың екі баласы үйлерін қарап келуді сылтауратып жылыстап шығады да,
дайын тұрған машинаға мініп, құдаларының ауылына тартады. Алты-жеті шақырым
қашықтық бұйым болсын ба, лезде жақындап қалады. Машинаны жолда қалдырып, иесіз
үйге келіп, боз биені қорадан жетектеп шығарып, бірі оған мініп алып,
қоныстарына далалықпен тіке тартады да, екіншісі «Жигулимен» зулатып кері
қайтады. Боз биеге мінгенінің жолмен жүрмеу себебі, ойда жоқта қонақтарымен
ұшырасып қалармын деп бой тартқаны болатын.

Бұл сұмдықты көріп-білген Күміс кемпір мен бес келін дауыс
салып жылап, күйеулерін қарғап-сілепті. Боз биені апарып тастамағанмен де,
босатып жіберуді сұрап жалбарыныпты. Алты «қасқыр» мұны тыңдасын ба, жаясы
жайқалып, маң-маң басқан биені қораға қарай жетектей жөнеліпті. Арғы жағы
белгілі.

Далагүл барлық жайды естіп-білгенде, сазарып отырып-отырып,
мен қалаға, балаларыма кеттім деп, үйден шығып жүре беріпті. Бұл оқиға осыдан
он бес күндей бұрын, яғни, қаңтардың аяғында болған екен. Құмекең тиісті
органдарға шағымданбапты, жанашыр жақындарына да тыйым салса керек.

Құмарғали ағам өзіне мықтап күш түсірген көңілсіз әңгімесін
аяқтап, бір терең күрсінді де, төсегіне жантайып, үнсіз қалды.

Менің ұйқым шайдай ашылып кетті. Бұл не? Сүттей ұйып отырған
татулықты бұзуға Қалмаққалиды қандай жағдай итермеледі? Шарасыздықтан істеді
деуге елде, құдайға шүкір, аштық жоқ қой. Қалмаққали - шаруасын дөңгелентіп
отырған адам. Мал дегенің жетерлік. Бес баласы - табысқой, қолға не іліксе,
соны үйлеріне қарай сүйрейтін пайдакүнем жандар. Бес келін де кәсіпсіз емес.
Немерелерінің алды жұмысқа жарап қалды. Сонда бұлары несі? Басқа емес, жалғыз
қызы барып отырған, елге басы сыйлы құдасының малын ұрлағаны қалай? Көзі
неліктен қарайды оның? Бес баланың ең болмаса біреуі қарсылық білдірмегені ме?
Неге бұлай? Әлде ел арасынан оқшаулау отырған бұлар, мүмкін, талайды қан
қақсатқан кәнігі ұрылар болып шықпасын. Бірақ біреудің обалын қалай көтересің?
Сұрақ көп, жауап жоқ. Осы ауылдың адамдары Жұмағали қарттың Қалмаққалиға іші
жылымайтынын әңгіме ететін көрінеді. Онымен мәжілістес, дәмдес болудан үнемі
бой тартып, қарсы келе қалса, елемей өтіп кетеді екен. Бірақ тіс жарып, ештеңе
айтпайтын болса керек. Бұны қалай түсінуге болады?

Таңды көз ілмей атырдым. Көңіл-күйім күрт төмендеп кетті.
Аудан орталығына бару-бармауым неғайбыл сияқтанды. Мені қатты толғандырған,
төркінінің масқара істерінен жерге кірердей ұялып жүрген Далагүл келінімді
тәңір қолдап, тағдыр айдап өз үйіне айналған шаңырағына қайта оралту жайы еді.