ВЕРНУТЬСЯ

       Хиуаз Доспанова!

      Бұл есім
жас ұрпаққа күні кешеге шейін беймәлім болып келді. Ал аға буын өкілдеріне
келсек, соғыс жылдарында аты шығып, соғыстан кейінгі кезеңдерде
қайраткерлігімен кең танылған тұлғаны ұмыта бастады. Себебі Хиуаз апамыз ел
тізгінін ұстағандардың көңілінен шықпады. Әдейі ұмыттыру саясаты ұсталынды. Болат
кездік қап түбінде жата ма? Қаһарман қыз өзі кеуде соғып шыға келмесе де,
елі-халқы оны жоқтады. Көлеңкеден күнгейге шығуына көмектесті. «Бауыржан
ағасының сарқытын ішкен қайсар қыз» жасы ұлғайған шағында тәуелсіз Қазақ елімен
қайта қауышқандай болды. Халық Қаһарманы атағын иеленді. «Ештен кеш жақсы»
деген осы. 

            Хиуаз
Доспанова Орал қаласында ойы мен бойын түзегені белгілі. Осында аэроклуб есігін
ашып, ұшқыштық мамандық алып шықты. Орта мектепті бітірді. Оралда дүниеге
келген деген ұғым да қалыптасқандай. Шынында Хиуаз апамыздың кіндік қаны қай
жерде тамған?

            Хиуаз
Қайырқызы Доспанова Атырау облысы Құрманғазы ауданы Зормата ауылында дүниеге
келген. Бұл өзі кезінде тоқсан жолдың торабындағы халқы құж-құж қайнаған,
шаруасы шалқыған ірі елді мекен болса керек. Бөкей ханның інісі Шығай сұлтан
билік басында отырғанда, сардарлар тобын (қазіргі полиция іспетті) осы
Зорматада ұстапты. Биляш Баймұхамедов хакім (правитель) болғанда, өз ордасын
(ставкасын) осы Зорматада салдырғаны белгілі.

            Атыраулық
журналист-жазушы Рахмет Иманғалиев «Ана тілі» газетінде (№4, 1994ж., 28 қаңтар -
3 ақпан, 2010 жыл) жарияланған «Қаһарман қыз Хиуаз» деп аталған көлемді
мақаласында құнды деректерді алға тартады. «... Сондықтан ол кісінің (Хиуаз
Доспанова) өмірдерегінде көмескі жағдайлар болуы әбден ықтимал еді. Міне, біз
осы олқылықты толтырып беруді мақсат етіп санадық және осы келтірілген
деректердің енді ешқандай өзгеріссіз қабылдануын қалар едік. Себебі біз -
барлық жағдайды көзімізбен көрген және толық білетін адамдармыз. Олар қазірде
94 жастағы абыз ақсақал, соғыс және еңбек ардагері Досжанов Мұса қария мен осы
мақаланың авторы екенін айтқаным оғаштық етпес. Мұсекең бұл тақырыпта кезінде
жазыпты. Доспанов Қайырдың туғанына 100 жыл толуына орай Құрманғазы аудандық
«Ленин жолы» («Серпер») газетінде (20.09.1984ж.) «Сарғайған сан қағаздар сыр
шертеді» деген атпен және «Қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы» атты мақалалар «Атырау»
газетінің 2000 жылғы 27 мамырдағы санында жарық көрді. ... Мұсекең естелік
жазыпты. Содан оқиық. «Біреулер Доспанов Қайырды 1959 жылы қайтыс болды деп
жазды, бұл - қате. Бұл кісі 1952 жылы қайтты, мен жерлеуіне қатыстым. Ал енді
біреу Хиуаз туған жерінде тұрмысқа шығу тойын жасады депті, бұл - қисынсыз
өтірік және оны «Көбелеңкі» деген аралда туды деуі де жаңсақ. Әрине, ол авторларды
кінәлауға болмайды, олар естігендерін жазған ғой. Мен Хиуаздың дүниеге келгенін
көрген адаммын. Ол 1922 жылы туған еді, мен одан сегіз жасқа үлкенмін. Доспанов
Қайырдың маған нағашылығы бар. ... «Круглый» төбесінің терістік қапталында
масқар руының Қайыр, Қали, Сымағұл, Жәрдем, Мардан, Құспанғали деген ағайынды
алты отбасы қоныстанды. Олардың үйлерінің орнына кейін совхоздың шопандары
қыстады. Хиуаз Қайырқызы дәл осы жерде дүниеге келді. Хиуаздың атын қойған
өздерінің ағайыны Сымағұлов Әлімғазы деген ақын еді, бесікке салған менің анам
Ізтілеуқызы Дәмен болатын». Иә, бұл айтылғандар Рахмет Иманғалиев ағамыздың
жоғарыда көрсетілген мақаласынан алынып отыр. Демек, Хиуаз Қайырқызы Доспанова
Атырау облысы Құрманғазы ауданының тумасы болып шығады. Руы масқар екенін де
білдік. Ата тегі былай таратылса керек. Қисық - Мұқамбетқали, Шеркешбай -
Доспан - Қайыр. Қайырдың екі әйелі болған. Бәйбішесі Меруерттен - Белмерген,
Марат, Хиуаз, Алма. Екінші жамағатынан Қобыланды мен Тарғын көрінеді. Бұлар
Ганюшкинде тұрып жатыр.

            Хиуаз
сұрапыл соғыстан үлкен абыроймен оралып, Оралда, обкомда жауапты қызметте
істеп, Алматы, Мәскеудегі Жоғары партия мектептерін тамамдап, биік лауазымды
жұмыстар жасай бастаған тұста, яғни, 1949 жылы анасы Меруерт пен бауырларын
Алматыға көшіріп алады. Қазір Алма Қайырқызы оңтүстік астанада ғұмыр кешуде.

            Қазақ
халқының атағын аспандатқан арулар Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың
қатарларына Хиуаз Доспанова келіп қосылды. Осыны әлемге айқайлап айтқың келеді!

            Хиуазтану
енді ғана басталып жатыр. Жылдар өтер, ұрпақтар алмасар. Ерлікті елі ұмытпас,
бір буын келесі буынға жеткізіп отырар.

            Хиуаз
Қайырқызы Доспанова:

            «Қызық-ау,
шіркін, бала күн! Уайым жоқ, қайғы жоқ. Көргенің де, естігенің де, бәрі де
тамаша! Сірә, бала шағын еске алып, әңгіме қылып отырмайтын адам болмайтын
шығар. Өйткені әр адамның жас күні әртүрлі болғанымен, әрқайсысының өз қызығы,
өзгешелігі болатыны бар емес пе?

            Біз төрт
ағайынды едік, үлкені мен, сосын Белмерген, Марат деген інілерім, Алма деген
сіңлім болды. Әкем Хайыр Доспанов, бұрын Астрахандағы орыс капиталистерінің
балық кәсіпшіліктерінде жұмыс істеген. Ол орыс жұмысшыларының арасында көп
жүргендіктен азаттықты, теңдікті уағыздаған революциялық идеялармен ертерек
танысады.

            Бізді
әкеміз өте жақсы көретін, бірақ орынсыз еркелетпейтін. «Өзім жасымда жалданып
жұмыс істедім, совет өкіметін орнатуға ат салыстым, сендер бақыттысыңдар, сол
бақытты бағалай білу керек, ол үшін бай баласынша бос сенделмей, еңбеккерлерше
өсіңдер», - дейтін.

            Ол кісі
партия қызметінде болды. Сондықтан оның қызмет бабына байланысты біз
республикамыздың бірнеше облыстарында болдық.

            Жасымда
еркек балаша өстім, еркін болдым. Сол үшін кейбір көршілер үйге келіп, шағым
айтатын, анам маған кейіп алатын.

            Әлі есімде.
Біз Ақтөбеде тұратынбыз. Мен теміржол мектебінде оқитынмын. Көршіміздің
ауласында қабаған ит болатын. Біздің көшенің балалары сол үйдің қасынан аулақ
жүруге тырысатын. Бір күні біраз бала болып жасырынбақ ойнап жүргенбіз. Межелі
жерге тезірек жету үшін мен әлгі ауланы орап өтпей, дуалынан қарғып түсіп, тіке
тарттым. Ит әуелі абайламай қалды ғой деймін, мен өтіп кеткесін барып үре
бастады. Сол-ақ екен көршіміз үйге жетіп келіп, мені жамандай жөнелді...

            Ол кезде
Марат пен Алма жас болатын да, кілең мамам қасында жүретін. Ал Белмерген олардан
үлкен-ді, өзі өте жуас еді. Көшеге шықса-ақ, кез келген бала ұрып-соғып,
ойыншығын тартып алып, ақсақ деп мазақтайтын, өйткені ол аурудан тұрғалы аяғын
сылтып басатын. Сол інімнің осы ынжықтығына ызаланып, оның таяқ жеген баласымен
талай төбелеске де түстім-ау... Осы сотқарлығым үшін әрине, анам алдында сан
рет жауап беруге тура келді.

            Ұзамай бұл
әдеттер де қалды.

            Әлгіде
айттым ғой, мен төртінші класта оқитынмын. Барлық сабақтан өте жақсы деген баға
алушы едім. Ата-аналар жиналысына барғанда, мамам мақтанып, қуанып қайтатын.

            Бізге орыс
әдебиетінен бір жас мұғалима сабақ берді. Бір күні ол сабақ үстінде маған Марк
Твеннің «Том Сойердің басынан кешкен оқиғаларын» дауыстатып оқытты. Өзге
балалар ұйып тыңдап отырды. Кітап бізді қызықтырып, құмарттыра берді. Бірақ
сабақта біз оны оқып тауыса алғамыз жоқ. Мен оны кейін бір жолдасымнан алып,
оқып шықтым. Содан бастап менің ермегім тек қана кітап болуға айналды. Әкем
жалақы әкелген сайын маған кітап сатып алуға ақша беріп тұратын болды.

            Жоғарыда
айтқандай, әкемнің қызметіне байланысты біз көп жерлерге көштік. Мәселен,
Ақтөбеде болдық, жемісі мол Шымкентті, қайық мініп, серуен құратын Сырдариясы
бар Қызылорданы, астанамыз Алматыны, тарихи шежіреге бай Оралды көрдік. Алайда,
мен бала күнімде, жаз айларында атам мен әжем тұратын Гурьев облысы Теңіз
ауданына барғанды өте жақсы көруші едім, себебі өзім де тап сол жерде дүниеге
келген екем.

            Әдетте, біз
ауданға жету үшін әуелі Астраханға дейін Еділ арқылы пароходпен баратынбыз.
Одан әрі жақын пристаньның бірінде Мұхтар нағашым күтіп алып, қайықпен жүзіп
кетуші едік. Туысқандарымыз қуанышпен қарсы алып, үпір-шүпір, мәз-мейрам болып
қалатынбыз. Олар барын аямай аузымызға тосатын. Ауылдың айраны мен сүтін,
қымызы мен шұбатын айтсаңшы!

            Әкем Алматы
облысы Кеген ауданына қызметке ауысқан. Онда орта мектеп болмағандықтан, мен
көрші Подгорный селосында оқыдым. Сірә, мектепті тезірек бітіруге асыққан
болуым керек. Сонда алтыншы-жетінші кластарды бір жылда бітіріп шығуды мақсат
еттім. Көп айтыстан кейін мұғалімдер рұқсат берді. Мен көп әзірлендім. Сөйтіп
екі класты бір жылда өте жақсы деген бағамен бітіріп шықтым. Сол жылы әкем
Батыс Қазақстан облысына ауысты, онжылдық мектепті Орал қаласында бітірдім.

            Мектеп -
балалықтың алтын бесігі ғой. Мен ұстаздарымды ылғи еске алып отырамын. Олар
мені ойлауға, өмірді сүюге және бақыт үшін күресуге үйретті, жігеріме қанат
бітірді.

            Мен орта
мектептің тоғызыншы класында оқып жүргем. Бәріміз тату едік. Біз класс болып
жиылып, қандай адам боламыз, қандай мамандық аламыз деп қиялданушы едік. Бізге
дәрігер болу да, инженер болу да, мұғалім болу да, ұшқыш болу да асыл арман
еді. Бірақ мектеп бітіруімізге бірталай уақыт бар, сонда да болса
әрқайсысымыздың неге икем екеніміз байқалып қалған-ды.

            Мен ұшқыш
болуды аңсадым. Әрине, бұл арман кеудеме бірден ұялаған емес-ті. Біз, мектеп
оқушылары, бүкіл совет адамдары секілді челюскиншілерді апаттан құтқарған
ұшқыштардың, ең алғашқы совет батырларының ерлігіне үнемі құлақ түріп отырдық.
Солтүстік полюс арқылы Америкаға қонбай ұшып барған пилоттардың асқан ерлігін
мақтан тұттық. Бізге әсіресе, зор әсер еткен Гризодубова, Осипенко, Раскова
тәрізді әйел ұшқыштардың Москвадан Қиыр Шығысқа дейін еш жерге қонбай ұшып бару
сапары болды. Менің енді әйел адамның да шебер ұшқыш бола алатынына көзім
жетті.

            Мен өз
шешімімді ата-анама айттым. Айтарын айтсам да, олар қарсы болар деп қорықтым,
сондықтан өз ойымды табандылықпен қорғауға бекіндім.

            Алайда әкем
де, шешем де қарсылық еткен жоқ. Сенің алдыңда алуан асыр жол жатыр,
таңдағаныңа түс, ұшқыш болам десең, өзің біл, - деді.

            Сол күні
бүкіл жер үстінде менен асқан бақытты адам жоқ шығар деп ойладым. Енді мектеп
директоры Матвей Георгиевич Костюковпен ақылдасуым ғана қалды, оны біз
қамқорлығы, мейірбандығы үшін өте жақсы көретінбіз.

            Матвей
Георгиевич менің аэроклубқа қатысуым сабағыма және мектепте атқарып жүрген
қоғамдық жұмысыма кеселін тигізбес пе екен деп қауіптенді. Мен ол кезде мектеп
комсомол ұйымының секретары және аға пионер вожатыйы болатынмын.

- Мектептегі оқуың мен аэроклубтағы оқуыңды бірдей игеріп
кету қиын болар, - деді Матвей Георгиевич, - жақсылап ойлан, қабырғаңмен кеңес.

Бірақ қиындықтар мені бетімнен қайтара алмады. Сөйтіп
аэроклуб оқуына жазылдым.

Әкемді ұзамай ауданға ауыстырды. Онымен бірге анам, інілерім
кетті. Мектепті бітіру үшін өзім Оралда қалып, Соня Сабирзянова деген құрбымның
үйіне орналастым. Ол менен ересектеу еді, әр нәрседен көмек беріп жүрді.
Анда-санда ауданнан әкем не шешем келетін, ондай кездері біздің үйде нағыз той
болатын. Ешкім базарлықсыз қалмайтын. Көбінесе әкем келуші еді, бірақ ол кісі
қызмет бабымен кіл асығыс жүретін, ал анам келсе, ұзақ уақыт жататын. Онымен
бірге жан жылылығы, мол мейірбандық келгендей болатын, сондықтан оның әрбір
келуін біз тойдай күтетінбіз.

Мектеп пен аэроклубтағы оқуға бар уақытым кетіп жүрді, тіпті
дем алу үшін бір минут бос уақытым қалмады. Сабақты әзірлеп, мектепке уақытында
келуім керек, аэроклубқа кешікпеуім керек және оның үстіне комсомол, пионер
ұйымдарының жұмысы қосылды. Әсіресе аэроклубта теориялық курс бітіп, ұшуға
әзірлену басталғанда бірсыпыра қиындықтар туды.

Инструктормен бірге алғаш рет аэродром үстіне ұшып шыққаным
әлі күнге дейін есімде.

Көктемнің жарқын бір күні еді. Аэродромға біз таңертеңгісін
келдік. Бұған дейін ұшатынымызға сеніп, соған үйреніп қалсақ та, жүрегіміз
қобалжиды. Көгілдір аспанда қалықтап жүргенімізді көз алдымызға келтірсек, бір
жағынан қуанып, бір жағынан сескенгендей едік. Ал сол күні аспан мөп-мөлдір,
ап-ашық, әдемі болды. Мен алыстағы көкжиекпен ұштасып жатқан ұшу алаңына да,
кіп-кішкентай жаттығу самолетіне де, инструкторға да, бастарына шлем киіп алып,
байырғы қалпынан біртүрлі басқаша болып тұрған достарыма да - бәріне де қызыға,
қайран қала қараймын. Көкке көтерілетін өз кезегімді тықырши күтемін, міне,
самолетке де міндім. Сондағы ұшқаным қысқа секілді көрінді. Қонғаннан кейін
инструктор менен:

- Ал, жайыңыз қалай, алғашқы ұшу сапарыңыздан қандай әсер
алдыңыз? - деп сұрады.

- Жайым жаман емес, бірақ еш нәрсеге түсіне алғаным жоқ, -
деп жауап бердім мен. Ол кісі мені жұбатып:

- Сіз жақсы ұшқыш боласыз. Егер алғашқы ұшудан кейін-ақ
бәрін білдім, бәрін түсіндім десеңіз, талабыңызға күдіктенген болар едім, -
деді.

Аэроклуб сабағы жүйелі түрде өтіп жатты, біз ұшу шеберлігін
тез-тез игере бердік. Ұшқыш атағын алу үшін бізге әуе пилотажының фигураларынан
және парашютпен секіруден емтихан тапсыру керек еді.

Міне, мен де алғаш рет парашютпен секірдім. Айналадағы
шексіз-шетсіз көк әлемінің ішінде самолеттің қанаты саған ең сенімді тірек
секілді көрінеді. Самолет алғаш айналғанында мен секіре алмадым. Екінші
айналуда секіріп, парашют сақинасын тартып қалдым. Парашют жайылып, жаймен
қалықтай бастағанын көрмедім, іштей сезіндім. Міне, мен биік аспанда ертегідегі
әткеншек үстінде отырғандаймын, ешқандай үрей де, қорқыныш та жоқ. Парашют баяу
қалықтап келіп қонған шағында аспанды да, жерді де, алаңда күтіп тұрған
құрбыларым мен инструкторды да көрдім, осы бір сәтте әлі де ұша түскім келді.

Менің бұл секіруім емтихан ретінде қабылданды.

Содан кейін емтихан комиссиясының мүшесі - инструктормен
бірге зонаға ұшып барып, оның командасымен әуе пилотажының фигураларын
орындадым. Нестеров петлясын, вираждарды, штопормен түсуді, сырғанауды жасадым.
Қайту сапарында самолетті аэродромға баяулатып жақсы қондырдым.

Емтихан қорытындылары бірден жарияланған жоқ. Біз тағатымыз
таусыла шыдамсыздана күттік. Тап осы кезде мектептегі емтихан да басталды.
Алдында Матвей Георгиевичке аэроклубқа қатысуым сабағыма әсер етпейді деп уәде
бергем. Жыл бойы өте жақсы оқығам. Енді, міне, емтихан да келіп қалды.
Қауіп-қобалжу, ұйқысыз түндер, оқулықтар, тағы оқулықтар... Қорытындысында
директор алдында ұяла қойғаным жоқ, өте жақсы деген бағамен аттестат алып
шықтым. Ертеңіне тағы да бір қуанышқа кенелдім. Аэроклубта сабақ оқып жүрген
біздерді облвоенкомат шақырып алып, әскери билет тапсырды да, запастағы ұшқыш деген
атақ беріп құттықтады. Маған ұшу шеберлігіңді жетілдіре бер деді, ұшқыштар
мектебіне орналастыруға уәде етті. Мен: «Ұшқышпын. Енді қайтсем де Марина
Расковамен кездесуім керек» деген ойда ғана болдым.

Жуковский атындағы соғыс әуе Академиясында сыпайы түрде ғана
менің қабылданбайтындығымды айтты. Расковаға өтініш жазу ойыма келмеді, мүмкін
жәрдемі болар ма еді, қайтер еді. Құрбыларым жұбатып, документімді басқа бір
жоғарғы оқу орнына жолдауға кеңес берді. Ал ол оқу орны бізде өте көп,
таңдағаныңа түсуге болады. Мектеп директоры Матвей Георгиевич маған тарих
факультетіне түс деген, математика пәнінің мұғалімі Синодальцев техникалық
ВУЗ-ға түсуімді тілеген, ал әдебиет оқытушылары Жаленова мен Макарова менің
педагог болуымды қалаған. Мен көп ойланып, көп толғандым, ақыры ең үлкен
мамандық дәрігерлік деп таптым да, медициналық институтқа түсуді ұйғардым.
Сөйтіп Таня Щёлекова деген құрбым екеуіміз документтерімізді Москвадағы бірінші
дәрігерлік институтқа тапсырдық. Менің аттестатым отличниктер аттестаты болғандықтан,
оқуға түсу емтихандарынан босатылдым. Енді жаз бойы жақсы демалып, алдағы оқу
жылына жақсы әзірлену керек болды.

Жазды Жәнібектегі әке-шешем қолында өткіздім. Сонда мен
Мария Степановна Попова деген жас дәрігермен танысып, өзімнің келешектегі мамандығым
туралы көп кеңестім. Мария Степановна өз мамандығын шексіз сүйетін кісі еді. Ол
менің дәрігер болмақ ойымды қуана құптады.

- Адам өміріне арашашы болудан, оған жақсылық етуден артық
бақыт бар ма? Мұндай бақытты дәрігерден басқа қандай маман еркін сезініп
біледі? - дейтін ол.

Институттан шақыру қағаз келгенде, аяулы ана өз қызын аса
бір жылылықпен, мұңмен алыс жолға аттандыруға әзірленді. Ал менің қуанышымның
шегі жоқ. Менімен бірге інілерім де, сіңлім де шаттанып, өз ойыншықтарын маған
сен ал, сен ал деп ұсына береді. Әке байғұс босаған көңілін сездірмеуге
тырысады, кетерімде: сау бол, жақсы оқы, - деді.

Туған Отанымыздың астанасы Москваға алғаш келген адамның жан
сезімін айтып жеткізу аса қиын. Рас, мен барған кезде Ленин тауларындағы кең
сарай университет те, Лужникидағы атышулы стадион да, қаланы көркейтіп тұрған
және басқа алып үйлер де жоқ болатын, бірақ ежелгі астананың өзіне тән
қайталанбас сұлулығы мен ұлылығы бірден баурап алды. Оқулықтардан, суреттерден,
тарихтан ғана оқып білгенімді өз көзіммен көрдім. Нарт жұлдызы жарқыраған алтын
күмбезді Кремль де, орыс шеберлігінің мақтаны іспетті Василий Блаженный соборы
да, Үлкен Театр үйі де, Москва өзенінің жағалауы да, өзен үстінен асып тұрған
алып көпірлер де маған әсер етіп, қайран қалдырды. Алаңдар мен скверлерді
аралап, Россия атын әлемге жайған ұлы адамдардың ескерткішіне сүйсіне көз
тіктім. Осылардың бәрінен бұрын жанымды толқытып, есімде мәңгі қалған Ленин
Мавзолейіне барған күнім болды. Мавзолей күмбезіне іштей толқып, үнсіз кірдім.
Жастарға шадыман өмір әперген, көп ұлтты туған елімізге таусылмас бақыт әперген
кемеңгер адамды, Ұлы Ленинді көрген салтанатты сәтім мәңгі бақи жадымнан шығар
емес.

Москва ешқашан ешкімді жалықтырмайды. Онда өмір сүріп,
оқыған айларымның әр күні ежелгі қаланың әр құпиясын ашып отырды. Кішкентай
жаңалықтың өзіне таң-тамаша қалып жүрдім. Москва Мемлекеттік Университетінің
бұрынғы дәрігерлік факультеті болған Москваның дәрігерлік бірінші институты -
еліміздегі ертеден келе жатқан жоғарғы оқу орындарының бірі. Біз, жастар, өз
институтымызды мақтан тұттық. Өйткені сол институтта оқып, өзіміз қалаған
дәрігерлік мамандықты сол институттан алмақ едік.

Таня екеуіміз емдеу факультетіне түстік. Студент болдық!
Студент болған адам осы бір қарапайым атауда қанша мән-мағына жатқанын біледі.
Студенттік шақ - ауыр да рахат. Мұңлы да көңілді ғой. Біз лекциялар тыңдадық,
оқу залы мен лабораторияларда сабаққа әзірлендік, топ-топ болып музей,
театрларға бардық.

Мен негізгі сабағымды бар ынтаммен оқысам да, ылғи
аэродромға, ұшу алаңына барғым келе берді. Бірақ институттағы оқу, әсіресе мен
сияқты бірінші курс студентінен көп әзірлікті, көп уақытты тіледі де ұшқыштық
өнерімді жетілдіруге мұрша бермеді. Оның орнына мен спорт секцияларына қатысып,
гимнастикамен шұғылдандым.

Уақыт жылдам өтіп жатты. Қысқы сессия, каникул, ата-анамен
қуана қауышу, оқуға қайта оралу бір-бірімен тез-тез ауысып, келесі зачеттар мен
емтихандар да таялды. Алғашқы оқу жылы да аяқталып қалды.

Соңғы зачеттарды тапсырып жатқанбыз. Бір күні таңертеңгілік
жанымызды түршіктірген жаманат хабар естідік - гитлершіл жендеттер қапыда
келіп, елімізге шабуыл жасапты. Сол 1941 жылдың 22 июні күні біз өзіміздің
ересек болып қалғанымызды, өмірімізде үлкен өзгеріс болғанын, жауынгерлік күн
туғанын аңғардық.

Отанымызға зор қауіп төнген шақта бүкіл совет адамдарымен
бірге біз, студенттер де бостандығымызды қорғаушылардың алдыңғы сапында болуға,
майдан шебіне барып, фашизммен айқасуға асықтық. Парасатты патриотизм, елге
деген шын сүйіспеншілік қол қусырып, бос отырғызбады. Біздің қызулығымызды
басып, бәріміз бірдей майданға барудың мүмкін еместігін дәлелдеу үшін және Отан
үшін тек қана алғы шеп емес, тылда да еңбек етуге болатынын, әсіресе қыздарға
жұмыс мол екендігін ұқтыру үшін аудандық комсомол комитетінің қызметкерлеріне
бірсыпыра еңбектенуге тура келді.

Шынында да, жұмыс жеткілікті болып шықты. Сол жазда курстас
дос қыздармен бірге мен де Москвада қалдым. Аудандық комсомол комитеті
бәрімізді Метрополитеннің кезекті желісін тарту жұмысына бөлді. Ол ауыр еңбек
еді, бірақ біз әрбір тапсырманы жан аямай орындап жүрдік. Майдан жақтан жайсыз
хабар келіп жатты, бірақ еңсемізді түсірмедік. Совинформбюроның бәлендей
қаланы, түгендей елді пункті жау алды дегендей жайсыз хабарын естіген күні
екінші, тіпті үшінші сменада қалып жұмыс істейтіндігіміз әлі есімде. Әбден
шаршағандықтан болар, қайтып келе жатып, жолда трамвай үстінде ұйықтап кетуші
едік. Күздің күні жау Смоленскіні алып, Москваға қауіп төнгенде, біздер қорғану
бекіністерін қазуға қатыстық. Сонда ешкім бас тартқан жоқ, әлсіздігін сездірген
де емес. Ата жаумен айқаста туған Отанға шама келгенше көмек беру керек деген
ой жанымызға жігер бітірді.

Оқу жылы басталарда барлық студенттерді Москваға шақырып
алды. Сабақ өтіп жатты. Мұғалімдер бұрынғыша лекция оқыды, біз бұрынғыша түн
ортасына дейін оқу залы мен лабораториялардан шықпадық. Әйтсе де сұрапыл
соғыстың жүріп жатқаны есімізден бір кетпеді. «Мен запастағы ұшқышпын, майданға
неге бармаймын?» - деген сұрақ жатсам да, тұрсам да ойыма орала берді. Жауап
таба алмай сарсылдым. Тылға да керексің деген жолдастарымның жауабы мені
қанағаттандыра алмады.

Сөйтіп жүргенде өзіміздің Краснопресненский аудандық
комсомол комитетінен ВКЛСМ Орталық Комитеті әйелдерден әуе полкін құрастырып
жатқанын естідім. Аудандық комсомол комитетінің секретары Миша Кобрин менің ол
полкке баруыма үзілді-кесілді қарсы болды. Ол маған: «Мен сенен қорқақ емеспін,
Отанымды сенен кем сүймеймін, бірақ әзірше тылда болуымыз керек деп білемін», -
деді. Мен запастағы ұшқыш екенімді, ал ВКЛСМ Орталық Комитеті авиацияны білетін
қыздарды жиып жатқанын айтып, қанша дәлелдесем де түк өнбеді, Кобрин көнбеді.

Студенттермен бірге жұмысқа комсомол Орталық Комитетінің
өкілі Мигунова барып жүретін. Мен сол кісімен сөйлеспек болдым, түсінер,
көмектесер деп ойладым.

Совет адамының өз күшіне сену, патриотизм секілді ең жігерлі
жақсы қасиеттері сол ауыр шақта, фашист қолы еліміздің жүрегі Москваға
созылғанда айқын көрінген. Ешкім қарақан қара басын ойлаған емес, бәрі Отан
қорғау үшін, майдан үшін болды. Тылдағы еңбек ерлігі әр қадам жеріміз үшін жаумен
жағаласқа түскен жауынгерлік ерлікпен астасып, ұштасып жатты. Жастар майданға
баруды көкседі. Студенттер комсомол Орталық Комитетінің үйіне лек-легімен
ағылды. Мен барған күні де подъездің алды толған ығы-жығы адам, дабыр-дұбыр
дауыс екен. Жігіттер де, қыздар да ол кезде тек қана тілек білдірсең, Отан
қорғаушысы, солдаты боласың деп түсінетін.

Мен Мигуноваға телефон соқтым. Ол маған пропуск жаздыртып,
қарсы алуға шықты. Сірә, есендеспеген де болуым керек, келген мақсатымды
асығыс-үсігіс айтып бердім.

Сен бақытты екенсің! - деді ол мені тыңдап болып.

Қалайша?

Полкті жасақтайтын - Марина Раскова!

Сөзбен жеткізе алмайтын, өз басыңнан ғана өткеретін сезім
болады екен. Менің Расковамен кездесуді тілеген қашанғы арманым жүзеге асқалы
тұр. Жалма-жан анкетаны толтырып, комиссияға қашан келуім керектігін біліп,
қуана-қуана институтқа қайттым.

            Ертеңіне
комиссия болды. Әртүрлі оқу орындарынан, завод-фабрикалардан келген қыздар көп
екен. Кезек күтісіп тұрып, бір-бірімізбен танысып, комиссия не дейді деп,
мазасыз сырласып жатырмыз.

            Міне, мені
де шақырды. Раскованың суретін талай көргем, сондықтан өзім кірген бойда тани
кеттім. Кигені гимнастерка, оның жағасында ұшқыштар белгісі. Сол қалтасының
үстінде екі Ленин ордені мен Батырдың Алтын Жұлдызы жарқырап тұр. Әдеттегі суретінде
күлімсірей қарайтын жүзі сұсты, көздеріміз кездесе қалғанда, ол кісі менің
сырымды түгел біліп тұрған адамдай, бірден:

- Қазақстандықсыз ба? - деп сұрады Раскова.

- Ия.

- Қазақпысың?

- Ия.

- Запастағы ұшқышсыз ғой?

- Ия.

- Қандай іске бет алғаныңызды ұғасыз ба? Бұл - соғыс!

- Мен комсомол мүшесімін.

Комиссия мүшелерінің бірі сұрау қойды:

- Сіздің шешіміңізді ата-анаңыз біле ме?

- Мен қалай ойласам, олар да солай ойлайды, - деп жауап
қаттым.

- Басқа сұрау жоқ, қабылдау бөлмесінде күте тұрыңыз, - деді
Раскова, мен шығып кеттім.

            «Күте тұр
деді! Онда қабылданғаным ғой», деп ойладым сенер-сенбесімді білмей. Себебі
бірқатар қыздарға қабылданбайтындығын бірден айтып, бірқатар қыздарға комиссия
шешімін күте тұруды тапсырып жатқан, мұның өзі үлкен үміт болатын.
Айтқандай-ақ, көп ұзамай күте тұруды тапсырған қыздардың полкке қосылғанын
хабарлады. Тура сол Комсомол Орталық Комитетінің үйі жанында бәрімізді сапқа
тұрғызып, Жуковский атындағы соғыс-әуе академиясының жатақханасына алып барды.
Авиация полкінің жауынгері болғанымызға, командиріміз Марина Раскова екендігіне
қуанып, масаттана түстік.

            Академия
жатақханасында әскери форма алдық. Киім жөні дұрыс болды да, етік жағы шақ келе
бермеді. Маған қонышы үлкен кең етік тиді, киіп алғанымда, қыздар ішек-сілесі қатқанша
күлді. Әйтеуір Рая Аронова өзіне үлкен болса да менің етігімді алып, өз етігін
маған берді. Оған шын көңілімнен алғыс айттым. Сол күннен бастап Рая екеуіміз
жақын дос болып кеттік.

            Көп ұзамай
біз Саратовқа аттандық.

            Бізді
бірнеше бөлімге бөлді. Рая Аронова екеуіміз штурмандар бөліміне іліктік. Қатты
қуандық, себебі Марина Раскованың өзі де штурман болатын.

            Алғашқы
күннен бастап-ақ сабаққа кірістік. Арнаулы пәндерді оқыдық, тактиканы және
саптық әзірлікті өттік. Бүкіл курсты барынша қысқа мерзімде бітіруге тиісті
болатынбыз. Шынын айту керек, оқу оңай болған жоқ. Форма кию, солдат болу,
әсіресе әскери ұшқыш болу жеңіл еместігін түсіндік.

            Бір күні
түскі тамақтан кейін біз әскери ант беретінімізді естідік. Сол күні бар
өмірімнің аса бір салтанатты күні болып жадымда қалды. Ант беретінімізді сол
күні таңертеңнен бері білгендей едік. Ертеңгілік бөлім кезекшісінің «Подъем!»
деген даусы көтеріңкі, көңілді шықты, мұғалімдер күндегіден сыпайы және жұмсақ
секілденді, таңғы тамақ аса дәмді болды, тіпті күннің өзі де ерекше ашық
жайдары көрінді. Сап алдында тұрып, өз Отанына, өз халқына адал қызмет етуге
ант берген салтанатты да қасиетті сәтті басынан кешірген кісі сол күннің мүлде
ерекше болатынын түсінеді.

            Ант сөздері
- жауынгерлердің борышы, ары, намысы. Біз ант сөздерін сап алдында босқа
қайталаған жоқпыз, жоқ, ол сөздер біздің жанымыз, жалынымыз еді, әскери
өміріміздің бастан кешкен және бастан кешетін қасиетті күндері еді. Сол күні,
ант берген күні біз өзіміздің нағыз жауынгер екенімізді сезіндік.

            Оқу күндері
зырлап өте берді. Командиріміз Марина Раскова бізге шынайы қамқорлық,
мейірбандық көрсетті, бәріміз де оны жан жүрегімізбен жақсы көрдік. Майданға
аттанардың алдында бөлімде кезекші болғаным есімде. Маған Раскованың күйеуі
келуі мүмкін, бөгемеу керектігі ескертілген. Шынында да түнде бір майор келді.
Документтерін қарасам, бәрі дұрыс. Бірақ фамилиясы басқа болғандықтан, мен
Раскованың жолдасы емес шығар деп ойладым.

Жолдас майор, сіз кімге келдіңіз? - деп сұрадым.

Бөлім командиріне.

Қазір түннің іші, рұқсат жоқ.

Расында да егер пост тексеруге кезекші офицер қыз
келмегенде, таң атқанша кіргізбес пе едім, кім білсін. Ол майорды таниды екен,
жылы ұшырай есендесіп, Расковаға алып кетті.

            Ертеңіне
күні бойы қыздар мені қажаумен болды:

- Көзге ерекше-ақ көріндің-ау!

- Таң атқанша жібермейтін кісісің ғой!

- Ескертілгені қайда!

- Кімге келген, Марина Михайловнаға, күйеуі келген, ал сен
жібермепсің!..

Мен шыдай алмай, ашуланып қалдым:

- Устав бойынша талап еттім, әурелемей-ақ қойыңдар. Менің
орнымда өздерің болсаңдар қайтер едіңдер?

            Раскова
басқарып қана қоймай, бізбен бірге өзінің ұшқыш шеберлігін де арттыра түсті.
Бірде аэродромда кезекші болып тұрғанымда, Марина Михайловна мені өзімен алып
ұшып, шамалы уақыт самолетті басқартты.

            Бұл мен
үшін қандай бақыт еді десеңізші! Мен шамам келгенше жақсы ұшуға тырыстым, ал
Марина Михайловна:

- Сіздің қолыңыз берік екен... - дегенде, төбем көкке
жеткендей болды.

Марина Михайловна әр күн кешкілік дерлік казармамызға
келіп-кетіп тұратын. Ол сабағымыздың барысын, тамағымыздың сапасын, не керек
екенін, ата-анамыздың саулығын - бәрін сұрап білетін. Көркемөнер үйірмесінің
жұмысына да араласатын. Әңгіме тыңдайтын, өзі де жиі-жиі әңгіме айтатын.
Әңгіменің майын тамызушы еді. Ол кісінің рухани дүниесінің байлығына бәріміз де
таңданатынбыз. Ол әдебиетті, музыканы жақсы білетін, сурет өнерін жетік
танитын, бізді үнемі нағыз реалистік искусствоны сүюге үйрететін.

Біз осы училищеде жүргенімізде командирлік бұйрықтың қатал
күшін тұңғыш рет ұқтық. Полк қыздарының шашын қидырады екен деген сыбыс
тараған-ды. Ол жайлы әр алуан әңгіме болды. Әркім-ақ Марина Михайловнаға айту
керек, білмейтін болар, ұзын бұрым ұшуға кесел келтірмейді, - деген. Бірақ
бәрімізді сапқа тұрғызып, шаштаразға алып барған. Әрине, біз ренжідік, ал
шаштараздың қуанғанын айтсаңшы! Сол күні ол қанша париктік шаш алғанын
білсеңіз!

Училищеде мен көптеген жаңа достар таптым. Оған тек қана
әскери қызмет емес, көзқарастарымыз бен мақсат-тілектеріміздің бірлігі де себеп
болған-ды. Солардың ішіндегі ең жақын досым Рая Аронова еді. Раяның үй-іші
Саратов қаласында тұратын. Анда-санда ол рұқсат алып, туғандарына барып
қайтатын, бізге пирог, қолдан пісірген печенье, конфет секілді тәтті тағамдар
алып келетін. Үй тамағын сағынғандықтан, күлліміз балаша қуанып қалатын едік.
Рая адаммен жылдам жұғысып, араласып кететін жақсы жолдас еді, бірақ кейде жоқ
нәрсеге кейіп қалатын.

Киевтік Наташа Меклин біздің штурмандар бөліміндегі ең сұлу,
ең сүйкімді, нәзік қыз болатын. Құрбылары оны бірбеттігі мен өткір әзілі үшін
тәуір көретін. Ұшқыштар бөлімінен украин қызы Дуся Носальды сүйетінбіз. Не
істесе де, қолынан келеді, не істесе де күліп жүріп істейді ол. Казармада ылғи
соның ғана ашық-жарқын күлкісі естілетін. Бөлім кезекшісі немесе дневальный оны
іздей қалса, қай жер шулы болса, қай жерден күлкі естілсе, сонда барушы
еді. 

Сабақтан бос кездері қару-жарақ әзірлеушілер бөліміндегі
кіп-кішкентай нәзік қыз Саша Хорошилова келіп жүрді бізге. Дуся Носальға
ұқсаған ақжарқын, жайдары Хорошилова әңгімені әрқашан әзілмен бастайды. Есіктен
кірер-кірместен.

- Авиация «ақсүйектері» қалай тұрып жатыр? - деп сұрайды ол.

- «Ақсүйек» болғанымыз қалай?

- Самолетті ұшқыш басқарады, ұшуға техник әзірлейді,
бөлшектерінің дұрыс жұмыс істеуін аспапкерлер тексереді, қару-жарағын біз
дайындаймыз, ал сендер ше? Штурмандар-ау, сіздер не бітіресіздер?

Біз бәріміз жабыла үн қатамыз:

- Штурман - экипаждың командирі. Ол бәріне, оның ішінде
сендерге де жауап береді. Самолеттің бағытын белгілейтін кім? Нысананы тауып,
бомба тастайтын кім? Штурман! Қайтар жолды белгілейтін кім? Ол да штурман!

- Әне, қарашы, - дейтін ол келіскендей басын шайқап күліп.
Жұртқа жұғысымды Саша қандай әңгімені болсын қыздыра біледі, айтысқұмар және
көбінесе айтысты өзі бастайды. Өз көзқарасын қызу қорғайды, ал теріс екенін
білсе, «ана қарашы» деп келісе қоятын.

Саша Хорошилова училищеге келгенінде, оның ешқандай
авиациялық дайындығы болмады, сондықтан ұшқыштар мен штурмандар оқып жүрген
бөлімге түсе алмай, қару-жарақ әзірлеушілер бөліміне қосылған. Ол өзінің
келешектегі әскери мамандығына разы болып, мақтан тұтатындай көрінсе де, іштей
бізге қызығатын. Сашамен әзілдесе айтысуды жақсы көретін ек, егер көпке дейін
келмей қалса, кәдімгідей сағынатынбыз.

Біз біртұтас тату семья болдық, ұшқыштық шеберлікке жетілуде
бір-бірімізге талмай көмектестік. Училищемізге еліміздің әртүрлі мінезді, бірақ
жеңіске бірдей ынталы ең жақсы қыздары жиылған секілді. Олар қатаң да байсалды
москвалық Ирина Себрова, әзірбайжанның ең алғашқы парашют спортының мастері
және ең алғашқы ұшқыш қызы Зулейка Саид-Мамедова, сұсты да сөзге сараң башқұрт
қызы Сыртланова, мұңлы да ойлы татар қызы Санфирова, тұйық келген карел қызы
Смирнова, жайдары да ашық белорус қызы Радчикова және басқалар еді...

Уақыт зулап тез өтті, 1942 жылдың көктемі де келді.

Ұзамай емтихан басталды. Теориялық курсты жақсы тапсырдық.
Морзе азбукасынан зачетты Марина Михайловна Раскованың өзі алды.

Әсіресе мұқият әзірленген соңғы емтиханымыз түн ішінде оқу
полигонына ұшу болатын. Ориентир белгілеп, нысананы тауып, жалған бомбаларды
тастауға тиіспіз. Полигонда фонарьлар жанып тұрады. Бомба нысанаға дөп тисе,
фонарь сөнеді. Бұл штурманға, оның есебінің дәл болуына байланысты. Ол
самолеттің ұшу жылдамдығын, желдің жылдамдығы мен бағытын, ұшу биіктігін ескере
отырып, компас бойынша нысанаға дейінгі жолды белгілейді де, бомбалауға
бұрылады. Әдетте бұл есептің бәрі де жерде жасалады. Штурман мен ұшқыштың
қолында ұшу жолының және белгілі бір масштабының географиялық картасы болады.
Сол картада арнаулы штурмандық құралдар мен самолеттің нысанаға дейінгі
маршруты түсіріледі және соған ұшу, тапсырманы орындау есебі жазылып қойылады.
Ал көкке көтерілгенде кездесіп қалуы мүмкін деген өзгерістер мен ауытқулар ғана
көрсетіледі. Самолет қанаттарының астында бомба іліп қоятын арнаулы аспап бар,
ол тросс сым арқылы штурманның кабинасына жалғасады да кабина ішіндегі бомба
тастайтын ұзынша шариктермен барып бітеді. Самолет белгіленген объектіге
жеткенде, штурман жіті көзбен ыңғайлы сәтін тауып, сол шарикті тартып қалады,
бомба жерге түседі. Самолет басқарып отырған ұшқыш бомбаланған объектіні көре
алмайды, сондықтан артқы кабинада отырған штурман өз бомбалауының нәтижесін де
бақылауға тиіс. Рас, жаттығу кезінде (кейде соғыста да) ұшқыш пен штурман
объектіні бірігіп зерттеулеріне де болады.

Әрине, емтихан тапсырарда қатты қобалжыдық, есебімізді
қайта-қайта тексердік. Біздің экипаж алдыңғы ұшқандардың бірі болды. Нысананы
тауып, бомбаны тастадық. Төменге көз жүгірткенімде, ешбір жарық жоқ, фонарьлар
түгел сөнген екен. Тапсырманы орындағанымызға әбден көзімізді жеткізу үшін
нысананың үстімен тағы бір айналып өттік. Полигондағы кезекші экипаж
тапсырманың тамаша орындалғаны туралы телефон арқылы аэродромға хабарлады.
Аэродромды қиналмай тауып, қолайлы қондық. Емтихан комиссиясының мүшелері бізді
құттықтап қарсы алды.

Штурмандыққа байланысты емтиханды біздің бөлім түгелдей
жақсы бітірді, сержант және кіші сержант атағын алып шықтық. Бойымызға шақ
тігілген киім-кешек берілді. Пистолет пен планшет, арнаулы сызғыш пен майданға
барар маршрут белгіленген карта алдық. Сол күні полк тиянақты түрде эскадрилья,
звено, экипаждарға бөлінді.

Майданға аттануға әзірміз, тек бұйрық келуін ғана күтуліміз.
Полк командирі Марина Михайловна Раскова болатынына ешкім шүбәланған жоқ еді.
Ал полк командирлігіне аға лейтенант Евдокия Давыдовна Бершанская бекітілгенін
естігенде, ұнжырғамыз түсіп, ренжіп қалдық. Біз Бершанскаяны білмейтінбіз, ол полкті
қабылдау үшін басқа бір бөлімнен келген.

Бізді казарма алдына сапқа тұрғызды. Марина Михайловна полк
командирлігіне Бершанскаяны тағайындау туралы бұйрықты оқып шығып, сосын ол кісінің
өзін таныстырды. Көңіліміз қаламаса да, бұдан былай сөзін екі етпей, айтқанын
тыңдап, сөзін сыйлауға мәжбүр болған адамымызға сұқтана көз тіктік. Иықты
келген сұңғақ әйел екен. Бәлкім біздің көңілімізді сезген болар немесе авиация
полкі секілді әскери үлкен бөлімді тұңғыш қабылдауынан болар, ол кәдімгідей
қобалжып, қысылыңқырап тұр. Бірақ көзқарасы өткір, «мейлі жақтырыңдар, мейлі
жақтырмаңдар, бәрібір сендерді мен басқарамын» деп қадала қарағандай.

Расковамен қоштасу қиынға тиді. Әрине, Евдокия Давыдовна
Бершанская да осынша қыздарға жағу жеңіл еместігін түсініп қысылды. Алғашқы
танысуда, алғашқы әсерде көп мән бар. Бершанская, әлбетте, полк жауынгерлері
советтің адал қыздары екенін, авиацияға өз еріктерімен келген патриоттар екенін
жақсы біледі, әрбір тапсырманы жанқиярлықпен орындайтынымызға да сенеді, бірақ
сонымен қатар әскери тату коллектив құру үшін полктің ұшқыштары мен техникалық
құрамы алдында үлкен беделге ие болу керектігін де түсінеді.

Ол бізге біраз уақыт тесіле бақылай қарап тұрды да, кенеттен
ерекше бір жылы қарапайымдылықпен хал-жайымызды, алдағы әскери ұшу сапарларына
қалай әзірленгенімізді сұрады. Біз жауап қайтара қоймай, Расковаға жалтақтай
бергесін, Бершанская сәл езу тартып, әлгі сұрағын табанды түрде қатқылдау
қайталады. Біз самолетіміз де, қару-жарағымыз да сайма-сай екенін айттық.
Евдокия Давыдовна бізді сараңдау ғана мақтап, сап бойымен баяу жүре бастады,
фамилиямызды, саулығымызды сұрап, жақынырақ танысты. Оның жылы жүзбен
күлімсірегені бізге ұнап қалды. Мейірмен шыққан үні, жылы ұшырай қадалған
байсалды көзқарасы ұнады. Ол біздің көңілімізде жақсы әсер қалдырды. Раскованың
кетуімен әлі келісе қоймасақ та, полктің жаңа командирі де мейірбан, қамқор
әйел екенін сезіну жанымызды жай таптырғандай.

«ПО-2» соғыс самолеттерінде ұшатын және оларды басқаратын
қыздар училищені ең алдымен аяқтаған-ды. Себебі ұшқыштық шеберлікпен олар
бұрыннан таныс болатын және өзге самолеттерге қарағанда «ПО-2»-ні басқару оңай
еді. Ал көптеген қыздардың әлі де оқи түсуі керек, Марина Михайловна Раскова
соларға сабақ беру үшін училищеде қалатын болды. Біз майданға барғаннан кейін
естідік қалған қыздардан, сол кезде атағанымыздай, «сіңлілерімізден»
истребительдер мен алысқа ұшатын бомбардировщиктер полкі құрылыпты.

Сөйтіп, 1942 жылдың майында біздің еліміздің тарихында,
тіпті бүкіл әлем тарихында тұңғыш рет әйелдерден түңгі жеңіл бомбардировщиктер
полкі құрылды, оның командирі аға лейтенант Евдокия Давыдовна Бершанская болды.

Біздерді майдан шебіне дейін Раскова бастап апарды. Саптың
ең алдында оның флагман самолеті, содан кейін звено-звено болып, бүкіл полк
ұшты.

Краснодон түбіне келіп қондық. Ол жер көз тартардай көркем
екен:  ашық алаң, орман, гүлді дала...
көктемде шөлейт дала да құлпырып кетеді ғой. Ал орман іші мүлде ғажап. Жаңбырға
жуынғандай тап-таза тал ағашы жаңа ғана бүршік жарып, судыр-судыр етеді, жасыл
жапырақтың сәнді сыбдырынан тыныштық, бейбіт рахат сезілгендей, жап-жақын жерде
қиян-кескі қанды шайқас жүріп жатыр дегенге сенбейтіндейсің. Әсіресе тып-тыныш
көркем кеш сол сезіміңді бекіте түскендей. Жел шығыстан соғып тұрған, сондықтан
зеңбірек даусы бізге естілмейді.

Әйтсе де бұл училище аэродромы емес, майдан шебі ғой. Біздің
ең бірінші жұмысымыз - кішкентай машиналарымызды жасырып, жау көзінен таса
қылу. Қалың ағаштың өзі табиғи тамаша маскировка, самолеттерді соның саясына
ғана апарып қою керек. Бірақ бұл ойлағанымыздай оңай емес екен. Самолетті
қойғанда кез келген уақытта моторды жылдам от алдырып, ұшу алаңына шығып, көкке
тез көтеріліп кететіндей етіп қою қажет. Айта кететін бір жай, соғыстың өн
бойында біз ангары, капонирі бар дайын аэродром пайдаланып көргеніміз жоқ.

Самолет орнын мұқият таңдап алып, ұшу алаңына бұрылмай-ақ
бірден көтеріліп кететіндей етіп жасырындық. Маскировка көңілдегідей шықты.
Звено командирі Катя Пискарева тексеріп болып:

Тамаша! Көктен түгіл, жерден де көзге түспейді, - деді.

Өзге звенолар да жақсы-ақ жайғасты.

            Полк
командирі Евдокия Давыдовна аспанға ұшып шығып, жұмысымызды байқап келіп, қатты
разы болды.

            Содан кейін
өзіміз жататын жер үй қазып, жаңа қонысқа орналаса бастадық.

            Училищедегі
достарым Рая Аронова, Полина Белкина, Ирина Себрова, Наташа Меклин, Дуся Носаль
енді полктес жауынгер достарыма айналды, бәріміз бір эскадрильяда тату тұрдық.
Саша Хорошилова полк комсоргі болып тағайындалды.

            Соғыс боп
жатқан жер жағдайымен танысып алуымыз үшін географиялық карта үлестірілді, жер
үйде отырып жұмысқа кірістік. Шартты түрде маршрут сыздық, есептей білуге
дағдыландық, енді полкке армия мен дивизия командованиесінің келуін күтуліміз.

            Марина
Михайловна Раскова болашақ ұшқыш қыздар оқып жатқан училищеге бүгін-ертең
аттануы тиіс. Сол айрылысар сәтті ойласақ, жүрегіміз сыздайды.

            Аттанар
алдында Марина Михайловна қыздармен ұзақ әңгімелесті. Ол: «Партия мен үкімет
сіздерге соғыс машиналарын сеніп тапсырды, Отан қорғауға аттандырды, бұл
сенімді ақтай білу керек және абыроймен ақтай білу керек», - деді.

            Марина
Михайловна Раскова училищеге аттанар алдында бізге осы жеңіс, осы сенім жайын,
совет армиясының азатшыл мақсаты жайын сөз еткен. Бұл әңгімені бәріміз
жадымызға берік тұтып алғанбыз. Соғыстың соңғы сағатына дейін сол сөздер бізге
жігер беріп жүрді.

            Марина
Михайловнаның енді бір сөзі әйелдердің ғасырлар бойғы арманы - теңдігі туралы
болды. Сол арман Совет Одағында жүзеге асып, әйелдер еркектермен бірдей еңбек
етуге және демалуға, станок жүргізуге және мемлекет басқаруға право алды, енді,
міне, елімізге гитлершіл басқыншылар қол салғанда, біздерге ерлеріміз,
әкелеріміз және бауырларымызбен бірге қару алып, майданға баруға ерік беріліп
отыр. Осы тең праволылықтың бір кепілі ретінде әйелдердің әуе полкі
ұйымдастырылып отыр.

- Біз ел қорғайтын жауынгер болуға право алдық, сол
правомызды қиян-кескі шайқас ішінде ақтап шығатын болайық, - деп бітірді сөзін
Раскова.

М.М.Раскова аттанып кеткен күннің ертеңінде біздің полкке Әуе
армиясының қолбасшысы, қазір авиацияның бас маршалы, Совет Одағының Батыры
Вершинин, армияның саяси бөлімінің бастығы генерал Захаров, авиадивизия
командирі мен штаб бастығы келді. Генерал Вершинин біздің майдан шебіне
жетуімізбен құттықтап, қандай авиация бөлімінің құрамына кіретінімізді
хабарлады. Содан соң қысқаша түрде алдағы болатын ұрыс операцияларын әңгімелеп,
жауынгерлік табысқа жетуімізге тілек білдірді. Сол күні кешкілікте әрқайсысымыз
бірінші рет жауынгерлік тапсырма алып ұшатын болдық.

Жауынгерлік сапарға біз бірнеше күннен бері әзірленгенбіз,
алайда ұшар алдындағы соңғы сағат соншалық қиын екен. Ұшқыштар да, штурмандар
да өздерінің машиналарына тарап, бомбаланатын ауданның әлдеқашан жаттап алған
картасын қайта-қайта қарай береді. Картаны ойша көру, бомбаланатын ауданды ойша
көз алдына келтіру - міне, осыған үйреткен, осыны талап еткен бізден Раскова.
Картаға түсірілген тау, төбе, өзен, көл, елді пункт, тас жол, станциялардың
бірін қалдырмай, кішкентай нәрсеге дейін есте тұту керек. Олардың атын, қайсысы
қай жерде екенін де жатқа білу қажет. Алғы шептің жай-жапсары да естен
шықпасын. Өз маягіңнің сол түнгі паролі қандай, ол қанша мерзімде, қанша
айналым жасайды,  сол аудандағы басқа
маяктармен алмастырып алмау үшін оны да білуге тиістісің. Бомбалау техникасын
қайта-қайта еске түсіру керек, самолеттің ұшу жылдамдығы мен биіктігін, желдің
бағыты мен жылдамдығын ескере отырып, жолды есептеп көру керек, штурман
кабинасының құрал-сайманын, бомбылау механизмін тексеру керек. Сондықтан
өзгелерден гөрі штурманның жұмысы көп сияқты көрінді. Бірақ басқалар да бос
отырған жоқ. Инженерлік қызметтегі қыздар мотордың от алуға әзір, әзір
еместігін, самолеттің планерлерін тексереді. Ал самолеттер үр жаңа болатын,
майданға аттанарда ғана заводтан алғанбыз.

Аспапкерлерге де жұмыс жетіп жатты. Олар тіпті самолеттен
түскен жоқ, барлық аспаптарды тексеріп жатыр. Қару-жарақ бөлімінің қыздары
бомба әзірлеуде. Бұлардың даусы ерекше қатты шығады. Бомбаға заряд алып, салу
дәлдігі мен тездігі жөнінде ең шебер деген минашымен сайыса аламыз деп
масаттанады қыздар.

Ақыры асыға күткен ұшу сәті де жетті, әр сарындағы айқай-шу
тына қалып, аэродром үстін салтанатты бір тыныштық басты.

Біздің полктің әрбір пилоты мен штурманы бірінші рет өз
беттерімен ұшардың алдында дивизия штурманымен бірге майдан шебінен өтіп,
бомбаланатын аудан жайымен танысып қайтқан және әуеде туатын қиындықтарды көріп
талқыласқан, яғни карта бойынша жаттап алған жайттарын өз көздерімен көріп,
біліскен. Әрине, жалғыз ғана ұшу сапарында бәрін көріп, бәрін ескеріп білу
мүмкін емес, алайда жалпы мағлұмат алу үшін ол қажет.

Полк командирі Евдокия Давыдовна Бершанскаяның бүкіл
ұшқыштар құрамының алдына қойған жауынгерлік тапсырмасы - Майндорф пен соның
маңындағы елді пунктерге шоғырланған дұшпанды техникасымен қосып бомбылау.
Әрбір экипажға нақты тапсырма берілді, нақты объекті көрсетілді. Біздің
экипажға, звено командирі Катя Пискарева мен маған Майндорфты бомбалау
тапсырылды.

Катя екеуіміз самолет жанына келдік.

- Самолет ұшуға әзір! - деді звено технигі Тося Вахромеева.

- Аспаптардың жұмысы жақсы! - деп рапорт берді аспаптар
жөніндегі эскадрилья технигі Лидия Гогина. - Жолдарың болсын!

Бізді тұңғыш сапарға шығарып салуға полк комсоргі Саша
Хорошилова да келді. Ол қолымызды қысып тұрып:

- Жолдарың болсын, қыздар, жауынгерлік табыс тілеймін!

Мен бомбаның қалай ілінгенін тез ғана сипалап байқадым да,
Катя Пискареваға ілесе кабинаға кірдім.

Жаңа білдім, штурманның кабинасы тап-тар, кішкентай екен
ғой. Арқамдағы парашют та, бір жанымдағы противогаз да, кабинаға орнатылған пулемет
те, керек кезінде борттан лақтырып жіберіп, нысананы жарқырататын саб та (жарық
қылатын авиациялық бомба), планшет те, ракетница да, самолетті басқаратын
штурвал да (ПО-2 самолетін ұшқыш та, штурман да басқара алады), сөйлесетін
трубка да - бәрі де үлкейіп, қолапайсызданып кеткен сияқты. Бұларға қоса тері
комбинезон мен унты (ұшқыштар киетін теріден жасалған аяқ киім), белбеуге
байланған пистолет бар. Осылардың барлығы қимылдауға қиындық келтіреді, бірақ
өзіңе қажет нәрселер. Әйтеуір сыйыстым, жан-жағыма қарап, ештеңем ұмыт қалмасын
деп тағы бір тексердім.

Сол кезде самолет қанатына полк парторгі Мария Ивановна Рунт
мінді. Ол да сәтті сапар тілеуге келген. Мен оған партияға алуды өтініп жазған
арызымды ұсындым. «Бірінші рет өз бетіммен жауынгерлік тапсырмаға ұшып барамын,
мені даңқты коммунистік партияның қатарына мүше етіп алуларыңызды өтінемін.
Егер оралмасам, мені коммунист деп есептеңіздер. Х.Доспанова».

Мария Ивановна Рунт арызымды қабылдап, қолымызды қысты да,
жерге секіріп түсті.

- Ұшуға әзірсің бе? - деп сұрады Катя Пискарева сөйлесетін
трубка арқылы.

- Әзірмін! - деп жауап бердім.

Мотор от алды, ұшу алаңына беттедік те, самғап аспанға
шықтық. Бірнеше минуттан кейін майдан шебіне таянып қалдық. Түнде жоғарыдан
қарағанда пулемет пен зеңбірек оғы айқын көрінеді. Әне жерде де, міне жерде де
жарқ-жұрқ етіп снаряд жарылып жатыр, жер бетімен жарқыраған оқ тізбегі созылып
барады. Оқтың бағыты бойынша қай жақ атып жатқаны да аңғарылады.

Майданның алғы шебінен көзге түспей, аман-есен өттік.
Немістер өз объектілерін мықтап жасырғаны сонша, ілеуде бір ориентир болмаса,
қап-қараңғы түнектен басқа түк байқалмайды. Әлі әлсіз аңғарылатын ориентир
бойынша самолеттің бағытын бағдарладым, нысанаға тура келеді екенбіз.

Барлаушылардың мәліметіне қарағанда, Майндорфқа немістердің
бірнеше ірі-ірі құрамалары шоғырланған тәрізді. Қайткен күнде де соларды
талқандау керек. Төменге тесіле қарап отырмын: тас жол артта қалды, енді нысана
тақау жерде болуға тиіс. Жеттік. Катя да, мен де қобалжулымыз. Бірақ біреуімізде
үн жоқ. Әркім өз ісімен өзі болып отыр: мен объектіні дәл табуға тырысамын,
Катя самолетті дұрыс басқаруға тырысады. Бомба тиелген самолетті басқару оңай
емес, себебі бомбаның барлық салмағы рульге түседі, дағдыланбағандықтан қол
талып қалады. Қысқа-қысқа сөз қатыстық.

- Жеттік, - дедім мен.

- Нысанаға беттеймін, - деді Катя.

Осы уақытта біз нысана үстінде маневр жасауға орашолақ едік,
тіпті төмендеместен тура бардық. Бірер секунд өткеннен кейін жау зеңбіректері
бізді оқ астына алды. Жан-жағымыздан шарт-шұрт снаряд жарылып жатты. Бейнебір
фейерверк секілді. Бірақ біз бұрылмадық, тура нысанаға беттей бердік. Сәлден
кейін бомба тастайтын тұтқаны тартып қалып:

- Отан үшін! - деп айқайлап жібердім.

            Катя шапшаң
батылдықпен самолетті зеңбірек оғының астынан алып шықты. Кішкентай соғыс
машинамыздың бар шапшаңдығына басып, өз аэродромымызға қарай зымырай жөнелдік.
Жол-жөнекей борттан еңкейіп, бомба түскен жерге қарадым. Неміс зеңбірекшілері
атысты үдеткен секілді, төңіректің бәрі от-жалынға толы. Сөйтсе де біздің
бомбамыздың түскен жерін байқап қалдым, нысанаға дөп тигенін сездім. Осы бір
сәтте не Катя, не мен бізді жау зеңбірегі атып түсіреді-ау деп ойлаған жоқпыз,
тапсырманы орындағанымызға мәз болып, кеудемізді алғашқы бір солдаттық қуаныш
кернеді. Майдан шебінен қалай өтіп кеткенімізді де байқағанымыз жоқ, бір кезде
қарасам, өз территориямыздың үстінде ұшып келеміз.

            Сөйтіп біз
алғашқы жауынгерлік сыннан өттік. Біз өз аэродромымызға жауынгерлік тапсырмадан
қайтқан бірнеше самолеттермен қатар қондық. Техникалық қызметкерлер мен
қару-жарақ әзірлеуші қыздар біздің самолетімізді қоршап алды. Бәрінің білгісі
келетіні бір-ақ сұрақ: «Не болды? Қалай болды?» Бәрі жақсы, бомбалап қайттық
деген жауап оларды қанағаттандырар емес. Бірақ біз полк командиріне барып
рапорт беруіміз керек болғандықтан, самолетімізді жанармай құятын жерге
тоқтатып, өзіміз командирге жүгіріп кеттік.

            Евдокия
Давыдовна Бершанская бізді күтіп отыр екен. Көтеріңкі көңілімізді, қуанышымызды
жасыра алмасақ та, рапортты устав бойынша дәл, тұжырымды бердік:

- Жауынгерлік тапсырма орындалды! Жау зеңбірегінің оғы
астында болдық, самолет зақымданған жоқ!

- Жасаңдар! - деп құттықтады бізді Евдокия Давыдовна.

Оның қасында полк комиссары Евдокия Яковлевна Радкевич,
парторг Мария Ивановна Рунт және комсорг Саша Хорошилова бар екен. Олар да қызу
құттықтап жатыр.

Жауынгерлік рапорт біткеннен кейін бізді полк штабы
бастығының орынбасары Аня Еленина шақырып алды. Ол қалай ұшқанымызды, нысананы
қалай тапқанымызды, бомбаны қалай тастағанымызды - бәрін бақайшағына дейін
айтып беруімізді талап етті. Еленина жауынгерлік тапсырмадан қайтқан
экипаждардың хабарын жазып алып, дивизия штабына хабарлап отыратын болды.

Кешкі тамаққа келдік. Аэродромды қамсыздандыру батальоны
«БАО» бізді дәмді тамақпен сыйлады. Аспаздарға алғысымызды айттық.

Түні бойы бүкіл қыздар болып, алғашқы ұшудан алған
әсерімізді дабырласып айтумен болдық. Әркімнің ортаға салар сыры бар еді.
Әрқайсысының ұшу ерекшелігі, әр экипаждың нысана табу тәсілі, зеңбіректер мен
прожекторлардан құтылу жолдары бар еді. Бір-бірімізді тыңдай отырып, біз жаңа
ғана басталған жауынгерлік тәжірибемізді молықтыра түскендей болдық. Таң
сібірлеп атып, күн сәулесі жер үйге жүгіріп кіре бастағанда барып, ұйқыға
шомдық.

Алғашқы жауынгерлік сапар түні түгелдей сәтті аяқталған жоқ
еді, полктің алғашқы құрбандары да болды. Бұл қайғылы хабарды біз іңірде
естідік. Осы сапардан эскадрилья командирі орала алмады, оның самолетін жау
зеңбірегі атып түсірген. Енді бір экипаж қайтар жолда адасып кетіп, көрші
аэродромға қоныпты, сәлден кейін ол өз полкімізге оралды.

Жауынгерлік тапсырманы орындауға бүкіл звено болып жиі-жиі
шығып жүрдік. Ондай уақытта аэродромның өзінде тұрып, экипаждардың өзара
байланысы туралы келісіп алатынбыз. Сөйтіп бомбаланар нысанаға белгілі бір
экипаж белгілі бір уақытта таянып, белгілі бір самолет моторын сөндірмей, жау
оғын өзіне қабылдайтын, басқа бір экипаж моторын сөндіріп, жаудың зеңбіректерін
талқандайтын. Балық сапарымыз сырттай қарағанда бір-біріне ұқсас болса да,
әрқайсысының жағдайға, объектінің үлкенді-кішілігіне, күн райына байланысты
ерекшелігі болатын. Біз түн құрғатпайтынбыз, тіпті бір түнде бірнеше рет
ұшатынбыз.

Кей-кейде ұшқыш не штурмандардың біреуі белгі берер маяк
жанында кезекке тұратын. Біз маяктың әр түнгі паролін жақсы жаттап алатынбыз.
Аэродромнан ұшарда, аэродромға қонарда оның мәні орасан зор болатын. Экипаждар
айлы, айсыз түндерде, тұманды тұнжыр күндерде өз аэродромын сол маяк арқылы
оңай табушы еді. Ұшып келе жатқан самолеттің мотор даусына қарап, оның жаудікі
не өзіміздікі екенін, пилоттардың айтатынындай, біз «алтыншы сезім
мүшелерімізбен» танитынбыз, сондықтан белгі беру кезін тап басып табатынбыз.

Бірде маякқа мен кезекші болдым. Ымырт түскен мезгіл. Маяк
аэродромның қасындағы тоғай шетінде. Жалғыз аяқ жолмен баяу жүріп келем, әнші
құстар үніне құмарта құлақ түремін. Олар таңертеңгілік шұғылалы күннің нұрына
шаттанады, кешкілік күнұзынғы көп еңбектен кейін тынығу мезгілінің сауығына
қуанады, сондықтан осы екі уақытта, әсіресе әсем сайрайды. Осындай ойда асықпай
аяңдап, тоғайдың таза жұпарын құныға жұтамын. Орманда болатындай ымырт жабылды
кенеттен. Ағаш селдіреп, алдымнан маяк оты жылтырады. Тосыннан моторын өшірген
бір самолет дәл төбемнен зу етіп өте шықты. Оның сырылдаған үнінен фашист
құзғыны екенін таныдым. Ол пулеметпен тоғайды атқылап, бірнеше бомба тастады.
Бомба маяк жанына барып жарылды да, жарық сөне қалды. Маяк талқандалды-ау деп
жүгіре жөнелдім. Ол бұзылса, тапсырмаға кеткен жолдастарым аэродромды қалай
табады? Бұта тілгілеген беті-қолыма қарамастан, төтелей тартып келемін, тез
жетуге асығамын. Қараңғыда маяк үстіне қалай шыққанымды өзім де байқамай
қалдым.

Маяк бұзылмапты, бомба тимепті. Сол түні онда жұмыс істеп
жүрген екі жас жауынгер, жас жігіт пен жас қыз, мені қуана қарсы алды. Өздері
қатты үрейленген. Кейіннен білдім, зеңбірекшілер курсын жақында ғана бітіріп,
майданға келген бойлары осы екен. Бүгін бірінші рет сменаны қабылдапты.

- Жеттіңіз-ау әйтеуір! Біз сізді күтіп отырмыз, күтіп
отырмыз... - деді көңілденген жігіт. Сосын менің келер алдымда болған оқиғаны
тәпіштеп айтып берді. Маякты жағып, бомбаның түскен жерін қарадық. Неміс
самолеті қайталап соққан жоқ.

            Көп ұзамай,
маякта істейтін жолдастар өз мамандықтарын жете меңгеріп алды да, біз кезекке
баруды доғардық.

            Қолымыз бос
уақытында командование Краснодонға барып қайтуға рұқсат беретін. Қала майдан
шебінде тұрса да, байырғы өмірінен жазбады. Көшелерде шаң бұрқыратып машиналар
зуылдайды, әскери адамдар, жай адамдар асығыс аяңдайды, кейі мұңлы, кейі
көңілді. Біздерде жас жігіттер мен қыздар жиі-жиі тоқтатып, сұрақ қояды:

- Айтыңдаршы, әйтеуір бір әскери бөлімге қалай қосылуға
болады?

- Сіздің бөлімдеріңізге жазылуға болмай ма?

Байсалды сөздеріне, үміт оты толы көздеріне қарағанда, олар
шынымен-ақ жауынгер болғысы келген жастар екені аңғарылады, сірә, армия
қатарына шақырылуға жастары жетпей жүрген болуы керек.

            Осы бір
кішкентай қала немістер кіргеннен кейін әлемді таң қалдырған ерлік көрсететінін
ол кезде біз сезгеніміз жоқ. Мүмкін оған біздердің барып жүргеніміз де ізсіз
кетпеген шығар. Өйткені біздер де балғын жас едік, сонымыздың өзі қала
жастарына әсер етуі мүмкін ғой.

            Тағы да
ескерте кетейін, әрбір ұшқыштың «алтыншы сезім мүшесі» болады деген сөз бар,
менің осыған ден қойғым келеді. Истребительдер мен штурмовиктерде ол сезім
мүшесі қалай байқалатынын білмеймін, ал бомбардировщиктердің әрбір ісінен айқын
аңғарылады. Мәселен, біздер, түнгі бомбардировщиктер, түннің сырын жақсы
білеміз. Біз түн ішінде өзімізді күндізгідей сезінеміз. Прожектор жарығы,
алыстан көрінетін от, өзен, көл, тау, жұлдыздардың орналасуы, әсіресе
жетіқарақшының басы - осы ориентирлердің біреуін есте ұстасақ болды, самолеттің
бағытын соған қарап дұрыс белгілей аламыз. Әрине ашық күндері барлық ориентирді
пайдаланамыз. Олар әсіресе, аэродромға ораларда қажет. Ал ұшарда алдымен карта
жасап аламыз да, майдан шебінен асқаннан кейін көрсетілген объектінің жайын
өзімізше толықтырамыз. Нысананы болжауда әртүрлі жағдайлар кездеседі. Бомба
тастап болғанан кейін де алдын ала белгіленген жолмен оралуға мұрша келе
бермейді. Жау зеңбірегі зіркілдесе, тіптен қиын. Міне, дәл осы кездері дұрыс
жол табу үшін дұрыс ориентир таба білу керек.

            Жер үстінде
от жарығы көп болады: қонуға белгі беретін маяк, шын аэродром прожекторлары,
маскировка ережелерін сақтамаған кейбір үйлердің шамы, көптеген костер мен өрт.
Міне, осынша от жалын ортасынан біз өз маягымызды тауып, өз аэродромымызға
қонатынбыз.

            Штурманның
жұмысы барған сайын көбейе берді. Онсыз да тар кабинаға жаңадан қару-жарақ
қосып алатын болдық, ине шаншар жер қалмады. Біз термиттік кішкентай бомба алып
жүретін болдық. Бұл термичкалардың қызметі қандай? Нысанаға жетіп, негізгі ауыр
бомбаларды тастағаннан кейін термичкаларды қолымызбен алып, борттан лақтырып,
жаудың объектілерін өртейміз. Мұның үстіне листовкалар алып, дұшпан орналасқан
аймаққа тастаймыз. Аэродромды бірнеше рет ауыстырдық. Біздің әскерлеріміз қатты
шайқастармен Еділге қарай шегініп келе жатқан. Енді жаудың алыс тылына барып,
майданға келе жатқан әскерлерін бомбалай бастадық.

            Осындай
ұшулардың бірінде біраз уақыт саппан әуреленіп қалдым, жарық қылатын бомба
кейде жанбай немесе нашар жанатын. Мен оны нысанаға лақтырып едім, жанбай
қалды. Қайтадан оралып келіп, қайта лақтырғанда барып жанып, нысананы көрсетті,
сәтті бомбаладық. Енді термичкалар тастау керек. Оларды да бірінен соң бірін
лақтырып жатырмын. Ең соңғысы кенеттен қолымнан шығып кетіп, кабинаның ішіне
түсті де, орындығымның астына домалай жөнелді. Зәрем ұшты,  жарылса, біттік. Бірақ ол жарылған жоқ,
жүрегім орнына түсті. Қолыммен сипалап іздеп жатырмын. Ал Полина трубкадан
айқай салады:

Сен не істеп жатырсың? Бас аманда таю керек! Тез!

Мен Полинаны мазаламайын деп ойладым да, әлгі бомба жөнінде
ештеңе айтқаным жоқ. Оның сұрауына:

- Листовкаларды әлі тастап бітіргенім жоқ, - дедім. Сосын
листовкаларды боратып лақтыра бастадым.

Қайтарда тынышсызданып, мазам кетті, өйткені әлгі бомбаны
ақыры таба алмағанмын. Аэродромға қонғанымызда самолет солқ ете қалуы мүмкін,
сол кезде бомба жарылып кетуі ғажап емес. Онда самолет те жанады, біз де
өлеміз. Аэродромға жеткенге дейін осы ой басымнан кетпеді. Қонуға таянғанда
Полинаға:

Самолетті барынша жеңіл қондыра көр, - деп жалындым.

Сен немене, жараланып қалдың ба?

Жоқ, бірақ өтінемін, жеңіл қондыр.

Полинаның шеберлігі сондай, тіпті қалай қонғанымызды да
сезбей қалдым. Самолет тоқтаған бойда, кабинадан шығып, еңкейіп тұрып, әлгі
қырсықты тағы да іздей бастадым. Полина таң қалған күйде:

Не болып қалды? - деп сұрады.

Орындықтың астындағы ең түкпірде жатқан бомбаны тауып
алғаннан кейін барып, Полинаға болған жайдың бәрін айтып бердім. Ол болар
апаттың сұмдығын көз алдына келтіргендей, басын шайқай берді. Әйтсе де аман
қалғасын, сақылдап күліп жатырмыз.

            Бұл оқиғаға
қару-жарақ әзірлеушілер де мәз болып, сол түні екінші рет ұшқанымда әлгі
қырсықты қоса берді. Нысанаға жеткенде, әуелі соны тастадым да, сосын барып
объектіні бомбаладым. Ораларда өлеңдетіп, әндетіп қайттық. Тіпті рульді
Полинадан мен алдым.

            Бос
уақытымызда кейде Рая Аронова, Наташа Меклин үшеуіміз бомбаны қолмен тастаудан
құтылу жолын ойласып жүрдік. Сөзуар Раяның көсілетін жері осы ғой! Онымен бірге
ұшып жүрген звено командирі Катя Пискарева ол туралы күліп тұрып былай дейтін:

- Объектіні бомбаламас бұрын, әуелі кейіп сөйлеп алады.
Қару-жарақ әзірлеушілерге кейіп алмай тұрып, бірде-бір бомбаны, бірде-бір
термичканы, бірде-бір листовканы тастамайды.

Ал жерде жүргенде қару-жарақ әзірлеушілерге Рая күн
көрсетпейді:

- Шырақтарым-ау, бүкіл соғыс бойы бомбаны қолымызбен
тастаймыз ба? Ештеңені ойлап шығаруға болмай ма? Мәселен, термичкаларды ауыр
бомбаның қасына іліп қойса қайтеді? Қару-жарақ жөнінен жауап беретін
сендерсіңдер ғой, неге ойламайсыңдар осы?

Дуся Носальдың баяғы көңілді күлкісін майдан да тыя алған
жоқ. Тіпті дауысы бұрынғыдан да ашыла түскен тәрізді. Оның әзілі штурмандарды
талай тұқыртты-ау! Майданда өткен бірнеше ай ішінде Дусяның көңілді күйіне
бойымыздың үйренгені сонша, оның жоқ кезі ойсырап көрініп тұратын. Оның мінезі
ақжарқын, ол байсалды бет әлпетімен біртүрлі үйлеспейтіндей еді. Қайқы біткен,
дәл ортасына сызық тартылған иегінен жігер мен табандылық аңғарылатындай, ал
күлкі ойнап тұрған сәл қысыңқы көздері кісінің өңменінен өтетіндей өткір.
Ойнақылық, өткірлік, аспандағы шеберлік - асыл қасиеттері еді Дусяның!

            Өр шабытпен
еркін ұшатындардың бірі Наташа Меклин болатын. Оның ептеген ақындығы да бар
еді. Біраз өлеңдерін жатқа да білетінбіз. Ол ұшқыштардың әзіліне өлеңмен жауап
қайыратын:

            ... Штурман
мен әйгілі,

            Алам озып
бәйгені.

Ар жағы есімде жоқ, бірақ оның өткір, уытты өлеңдерінен
кейін айтыс тына қалатынын білемін.

            Полк
парторгы Мария Ивановна Рунт есімін жүрегімнің ең төрінде сақтап келемін. Ол
былай қарағанда қатал, тіпті жансыз, сезімсіз кісі секілді еді, бірақ нағыз
адал коммунист, тамаша командир, үлгілі саяси қызметкер болатын. Бүкіл полк оны
құрмет тұтатын, сыйлайтын. Бірде кезекті сапардан қайтып келе жатқанымызда,
аэродромнан «әрі ұша беріңдер» деген белгі берілді. Алдында полк басқа
аэродромға көшуі мүмкін деген, орны да көрсетілген, қандай белгі берілетіні де
айтылған. Біз қонбастан, жаңа аэродромға бет алдық. Полктің құрылыста жұмыс
істейтін құрамы да аттанып кеткен.

            Көне
аэродромда қалған - моторы бұзылған жалғыз-ақ самолет. Ұшқыш пен техниктің
қасында Мария Ивановна Рунт қалды. Моторды жөндеп бола берген кезде, жау
танкілерінің гүрілі естіледі. Біздің самолет ұшу алаңының шетінде, қалың ағаш
арасында, көзден таса жерде екен. Алайда ұшарда моторды от алдырып көру керек,
өйтсе, дұшпан естіп қалмақ. Ал немістер сол жерге тынығуға тоқтаған. Мария
Ивановна Рунт моторды от алдырып көрмей-ақ, бірден ұшуды ұсынады. Көкке
көтерілу үшін «ПО-2»-ге кішкентай ғана жүретін алаң керек. Сол алаңды белгілеп,
моторды жүргізеді де, аспанға көтеріледі. Самолет доңғалақтары әрі үрейі ұшып,
әрі қайран қалған немістердің төбесіне сәл-сәл ғана тимей кетеді. Фашистер
естерін жиып, оқ атқанша, бұлар көзден ғайып болады.

            Соғыста не
болмайды, күлкілі жайлар да кездеседі. Біз Теректі өтіп, бір кішкентай өзеннің
жиегіне қонғанымыз бар. Күн ыссы, аңызақ, мұздай суға сүңгіп кеткің келеді!
Оның үстіне көшіп-қонудан қол тимей, көптен бері моншаға да түспегенбіз. Ал
енді тастан-тасқа секіріп, сап-салқын, тап-таза тау суының сылдырап ағып
алдымызда жатқаны мынау. Қалай түспессің, шешініп тастап, күмп бердік. Дәл осы
кезде тревога бола қалғаны. Полина Белкина екеуіміз тез-тез киініп, самолетке
отырдық та, экипажымыздың технигі Мэри Жуковская сасып қалды. Ол суға бізден
кейін түскен-ді, енді не киерін білмей, не Полина бұйырғандай, моторды от
алдыруын білмей, жағада мелшиіп тұр. Кенет Жуковская жүгіріп келіп, мотордың
винтін бұрады да, киімін ала-мала менің кабинама мінді. Үстінде түк жоқ, тырдай
жалаңаш. Оның киінуін күтетін уақытымыз болмады және жағада жалғыз қалдырып
кете алмадық. Біз қону ережесін бұзып, Грозненский аэродромының ең шетіне барып
қондық, самолетті өз орнына дейін апарғанымызша, сол жерде Жуковская киініп
алды. Біз тіпті қысылшаң жағдайдың үстінде күлкімізді жия алмадық.

Біздің полк Грозный түбіндегі Асиновская деген жерге келіп
орналасты. Бұл - тау бөктеріне орын тепкен кәдімгі кавказдық ауыл. Жанында
кішкентай өзен бар, тоғайы самолетімізді жасыруға қолайлы. Асиновская біздің
негізгі базамыз болды да, өзіміз жауынгерлік сапарға шығатын орынды майданға
жақын жерден алдық. Біз ылғи осындай көмекші аэродромнан ұшып жүргенбіз.
Әрқайсысымыз бірнеше ондаған сапарға шықтық, ал кейбіреулерінікі жүзден асады.

Терек бойындағы, әсіресе Моздоктағы және соның төңірегіндегі
жау мықтап бекініп алған. Сірә, немістер Моздок түбінде үлкен плацдарм құрып,
өз әскерлерін соған шоғырландырып, Кавказға шабуыл жасауды ойлаған болулары
керек. Мүмкін жау ол бекіністі күшейтіп, біздің Волгоградтағы әскеріміздің
бірсыпырасын соған бөлуді көздеген шығар? Мүмкін екеуін бірдей мақсат еткен
болар. Әйтеуір біз бұдан бұрын жаудың мұндай мықты бекінісін көрген жоқпыз.

Моздоктағы немесе Моздок түбіндегі жау бекінісін бомбалауға
баратынымызды кешке жақын білсек, біз экипаждардың өзара байланысы жөнінде, ара
қашықтық пен нысананы атқылау жөнінде кеңесіп, мұқият әзірленуші едік. Аспан да
айқас даласы, жауынгерлер бір-біріне қолғабыс болуы тиіс.

Әлдебір күні Полина Белкина екеуіміз Моздокқа жақындап келе
жатқанбыз. Мен жарық қылатын бомбаны қолыма ұстап, әзір отырғанмын. Бірақ оны
тастаудың қажеті бола қоймады. Жерден ондаған прожектор жанып, аспан асты
күндізгідей жап-жарық болып кетті. Немістер моторымыздың үнін естіп қойды. Не
істеу керек? Нысанаға қалай жақындап, қалай бомба тастауға болады? Екі-ақ жол бар:
атып түсірсе де, от ішіне баса-көктей кіріп, касеттерді тастау керек немесе
кері қайту керек. Ойланып отыруға уақыт аз, тез шешім қабылдауға тиіспіз. Кенет
дәл осы кезде прожекторлардың от жалыны мен біздің үстімізде жарық қылатын
бомбалар (саб) жарылды. Дұшпан жаңадан пайда болған самолеттерді іздеп
әуреленіп жатқанда, біз нысанаға зырлап барып, тас-талқанын шығардық.

Кейін білдік, сол түні біз бомбалаған объектіні өзге бір
авиа бөлімнің жылдамдығы үлкен ауыр бомбардировщиктері де атқылапты. Фашист зеңбірекшілерінің
оғын өздеріне бұрып, бізді құтқарып қалған солар екен.

Біз өзіміздің кішкентай машинамызды өте жақсы көреміз, ол
бұрынғыдан да шапшаң болса екен дейтінбіз.

- Шіркін, әлде де шапшаңырақ ұшатын болса, - дейтін Дуся
Носаль. - Әйтпесе нысананың үстінде қалықтап тұрып алатын кезің болады, ал
зеңбірекшілер сені оқ жаңбырымен көміп жатқаны. Дуся әдетінше бұдан да қызық
тауып, сені өзіне қоса күлдіретін.

Полина Белкина Сібірдің аязы мен қаталдығын өн бойына жиып
алғандай тұнжырып:

- Осы да жылдамдық болып па? Барын сығып алып жүрміз! Ия,
бұған әлі де біраз жылдамдық қосса ғой, - деп армандайтын.

Ал Наташа Меклин әдетінше өлең шығарды:

Фрицтер сасады,

Тырқырап қашады,

Керемет деп бұл қандай? -

Бомбаны боратып, шкастан оқ атып,

Якорь салып тұрғандай...

            Бір күні
Моздокқа ұшып барып қайтқаннан кейін авиациялық дивизия командирі келіп, полк
жауынгерлеріне алғашқы наградаларды тапсыратынын естідік. Соған байланысты
мерекелік кеш өткізбек болдық.

            Бұл кешке
қызу әзірлендік. Көркемөнер үйірмесі өз жұмысын кеңінен жандандыра түсті. Ең
жаманы, жай адам киетін көйлек бола қоймады. Ішіміздегі бақыттымыз Рая Аронова
екен, ол Саратовтан өзімен бірге көйлегін де ала келіпті. Соны бәріміз
кезектесе киіп, «соғыс қашан бітер екен, әйел киімін қашан киер екенбіз» деп армандадық.

            Рая Аронова
орыс халық әндерін тамаша шырқайтын, даусы сүйкімді еді. Оның сахнаға өз
көйлегін киіп шығуын ұйғарыстық. Наташа Меклин екеуіміз гимнастика
ойнайтындарды жинап, әйелдерге арналған үшінші разряд бойынша гимнастикалық
жаттығулар дайындадық.

            Рая мен
Наташа өзіміздің полк туралы поэма жазбақ болды, кірісіп те кетті. Бірақ уақыт
жетіспегендіктен, салтанатты кешке дейін бітіре алмады. Олардың жазып үлгерген
шумақтарын біз жаттап алып, белгілі майдан әндеріне салып айтып жүрдік.

Малгобек пен Моздокте

Болған соғыс күндерін,

Өтсе уақыт аз-көп пе,

Еске аламыз, білемін.

Алаулаған жалынның,

Ер достардың бәрі аңыз.

Бір күндері бір жерде,

Әңгімелеп аламыз.

Зеңбіректер атқанын,

Жарықпенен тапқанын.

Сөз етеміз немісті,

Қыздар соғып жатқанын.

            Қыздар
менен:

- Өз тіліңде бір ән салып бер! - деп өтінді. Мен ән сала
алмайтын едім, сондықтан үзілді-кесілді бас тарттым.

Салтанатты кешке әзірлену үшін біздің эскадрильямыз
бөлімдегі барлық нарядтан босатылды.

- Бірінші эскадрилья емес, артистер экадрильясы, - деп
әзілдейтін болды бүкіл полк. Біз ондайда:

- Артистер емес, таланттар эскадрильясы! - деп жауап
қайырамыз.

Міне, бүгін салтанатты кеш. Көпшілігіміздің кеудемізде
үкімет наградасы жарқ-жұрқ етеді. Көркемөнер үйірмесі мүшелерінің концерті
басталды. Манағы айтқан көйлегін киіп, кеудесіне Қызыл Жұлдыз орденін тағып,
сахнаға Рая Аронова шыққанда, қыз біткен таңданып, тына қалды. Көйлекке
ешқандай бриллиант та, ақық та тап мұндай өң бере алмас. Біз досымыздың
келбетіне мақтана, масаттана қарап тұрдық.

            Рая орыстың
бірнеше халық әнін орындады. Одан кейін сахнаға біздің эскадрильямыздың
командирі Дина Никуллина шығып, әсем қозғалыспен вальс-чечетканы билеп берді.
Сұлу тұлғалы Валя Ступина бірнеше романс айтты. Сонан соң сахнаға көркемсөз
шебері Ира Кашилина шықты. Әркім сахнадан ду қол шапалақтаумен, қошеметпен
кетіп жатыр. Соғыс басталғалы бері сол кеште біз тұңғыш рет биледік. Сауық түн
ортасы ауғанша созылды.

            Кавказдың
таулы рельефі мен тез өзгергіш әуе жағдайы ұшу кезінде қиындықтар туғызды. Оның
үстіне күз келді. Әзір қар түспегенімен, толассыз жаңбыр жауады, тұман
торлайды, аспан жүзін қалың бұлт басады. Бірақ біз мұның бәріне үйреніп
алғанбыз. Ұшуды тоқтатқанымыз жоқ.

            Майдан шебі
орнықпаған, сондықтан көмекші аэродромды ауыстыра беруге мәжбүрміз. Күздің бір
сұрқай күні уақытша асығыс таңдап алған көмекші аэродромға қондық. Ұшу
ориентирі болып бір мая шөп тұрған. Тыным таппайтын қару-жарақ әзірлеуші қыздар
нағыз алып батыр дерлік.

            Полина
екеуіміз кезекті сапарға ұшпақшымыз. Мотор от алды. Самолет көтерілу үшін
жылжып келе жатқаны, сосын бірдеңеге соққаны жадымда, ар жағын білмеймін.

            Есім кірсе,
полк командирі Евдокия Давыдовна Бершанская үстіме төніп тұр. Ол:

- Шыдай тұр... Қиын екенін, ауыратынын білем, дегенмен шыдай
тұр. Біз бұл аэродромнан кетеміз, қазір негізгі базаға ұшамыз, - деді.

Ол мені өз самолетінің артқы кабинасына мінгізіп алды. Тағы
да түк білмей қалдым, аспанда ұшып жатқанда ғана есім кірді. Сосын кабинада
жалғыз өзім отырғанымды білемін. Самолет Асиновскаядағы негізгі базада тұр
екен. Сірә, Бершанская дәрігерге жүгіріп кеткен болуы керек. Қатты шөлдегем.
Самолет жанынан бұрын Алматы аэропортында жұмыс істеген жерлесім, звеномыздың
технигі Тося Вахромеева көрінді.

- Сәл ғана, сәл ғана шыдай тұр, - деді ол даусы дірілдеп. -
Саған су әкеліп беруге де мұршам жоқ, сені қарай тұруды тапсырды. Шыдай тұр,
шыдай тұр, сәл ғана шыдай тұр.

- Тося, - деп шақырдым, - бері келші.

- Бара алмаймын, - деді ол жыламсырап, - қанды көруге дәтім
жетпейді.

Мен тағы да, үшінші рет есімнен жаңылдым. Көзімді ашсам,
тап-тұйнақтай жып-жылы бөлмеде жатырмын. Қасымда әдеміше келген сестра қыз
отыр. Қайда жатқанымды сұрағанымда, ол дала госпиталында екенімді айтты. Мені
дәрігер қарап шығыпты, аяғым таңулы.

- Ұшқыш Полина Белкинаның жайы қалай екенін білмейсіз бе? -
деп сұрадым сестрадан. Ол Полинаның жеңіл жараланғанын айтып жұбатты. Оны полк
дәрігерінің бақылауында қалдырған көрінеді.

Госпитальға кешікпей Наташа Меклин жүгіріп келді. Біздің не
болғанымызды сол айтып берді. Біз көтеріле бергенде алдымыздағы ориентирге, маяға
соғылыппыз.

- Бағыңызға қарай самолеттегі бомба жарылмай қалды, - деді
ол.

Мен кабинада аспаптарға соғылыппын, ептеп миым шайқалыпты.
Аяғым жараланып, жіліншігімнің сіңірі созылған. Мені мазалаған басымның ауруы
мен аяғымның жарасы емес, жоқ. Енді ұша алам ба, ұша алмаймын ба деп қорықтым,
ұша алатын болсам, неше айдан кейін ұшамын деп ойладым.

- Әлі талай ұшарсың, - деп жұбатты Наташа. - Ең алдымен
тезірек айығуыңды ойла.

Госпитальда айдан аса уақыт жаттым. Бөлімге келгенде де
таяққа сүйеніп, әрең-әрең жүрдім. Полк дәрігері рұқсат етпесе де жиі-жиі
қыдырып, аяғымды үйрете бастадым.

            Ұшпай,
қараптан-қарап босқа жату мезі қылды. Дос қыздар тапсырмамен кетіп, қуанып,
көңілденіп қайтады, оларға қызыға, қызғана қараймын. Рас, олар мені жақсы
күтті, тамақ әкелді, майдан жағдайында табуға мүмкін болған қызық кітаптар
тауып берді, әйтеуір менің жалықпауымды ойлады.

            Қыздар
«босқа шаршама, көбірек жат» деп талай ескерткен. Бірақ жалғыз жата алармысың?
Таяғыма сүйеніп, ақсаңдап аэродромға барамын. Ол жақ көңілдірек болатын.

            Осы ұшпай
жүрген кезімде полкіміздің техникалық құрамымен жақынырақ таныстым. Қандай
жақсы қыздар еді десеңізші! Ұшуға қандай құмар өздері! Олар ұшқыштар мен
штурмандарға риясыз шын көңілден қызығатын. Жұмыстары да ауыр, күрделі.

            Полктің
техникалық құрамының жұмысы әсіресе, біз ұшқан кезде көбейеді екен. Самолетті
ұшуға әзірлейтін солар, экипаждар қайтып келіп, тынығуға кеткенде, самолетті
жөндеп, тазартып, келесі рейске дайындап әуреленетін де солар.

            Полктің
жердегі қызметкерлері де біз сияқты бір аэродромнан екінші аэродромға көшіп
жүреді. Айырмашылығы - біз өз самолетімізбен ұшамыз, олар машинамен көшеді.
Жолда талай рет оқ астында қалады. Техниктер арасында да адам шығыны болған.

            Полина
Белкина айығып қалды, мен әлі таяқпен жүремін. Полктегі ең бірінші ауыр
жараланған мен екенмін, сондықтан аэродромға келгенімде, ондағылар мені ерекше
бір жылы шыраймен қарсы алатын. Әсіресе, мені ұшқыш Мария Чечнева жақын тартты,
көрген бойында сонадайдан жүгіріп келетін.

            Ұзамай
таяқты тастадым, ұшуға рұқсат алдым. Бірақ біздің самолетіміз әлі жөнделіп
бітпеген-ді, оның тезірек бітуін Полина екеуіміз асыға күтіп жүрміз.

            Кавказ
табиғаты тамаша ғой. Оған ақын біткен бекер қызықпаған. Асқақтаған алып шыңдар
алыстан көз тартады. Әсіресе, ашық күндері айқын көрінеді, дәл жаныңда тұрған
сияқты болады. Шатқалдарға тұман шөккенде, тау шыңдары нәзік мәнермен
кестелегендей түрге енеді. Кейде осы сұлулық бізге қауіп төндіруші еді: бұлтты,
не тұманды күні тауға соғылып қалмай аман өту экипаждан көбірек шеберлік тілейді.

            Бір
тып-тыныш жайсаң кеште эскадрилья командирінің орынбасары Мария Смирнова
екеуіміз жауынгерлік сапарға шықтық. Бұдан бұрын Смирновамен бірге ұшқан
штурмандар оның үнемі үнсіз отыратынын әңгіме қылған. Ол маған да тіл қатқан
жоқ. Көкке көтерілгенімізде бар айтқаны: «Штурман, бағыт қандай?» деді. Мен
жауап бердім. Майдан шебінен үнсіз өттік. Нысанаға таянғанша, түн болды.
Төмендегі ориентирлер жақсы көрінеді, самолет бағытын қиналмай-ақ біліп
отырмын.

            Терек
өзенінен өтіп, нысананы тауып, тапсырманы орындадық. Өзіміздің жаққа
бұрылғанда, Смирнова мотордың қақалып келе жатқанын хабарлады. Құлақ түріп
тыңдасам, расында да солай екен. Немістер оқ атқан жоқ, қандай зақым келуі
мүмкін? Аспаптарға қарасақ, бәрі орнында, дұп-дұрыс. Ендеше мотор неге қақалады?

            Аэродромға
аман-есен жетіп қондық. Полк командиріне тапсырманың орындалуы жөнінде рапорт
бердік те, техниктерге мотор жайын айттық. Самолет жанына техниктермен бірге
полктің аға инженері келді. Олар көп шұқылап қараса да, ешқандай зақым таба
алмады, мотор жерде жақсы жұмыс істеп тұр. Сосын жанармай сапасыз болған шығар,
мотор сондықтан қақалған болар деп ұйғарыстық.

            Кешікпей
келесі сапарға шықтық. Бұл жолы Асиновскаядағы негізгі базадан аттандық. Күн
райы жақсы. Метеорологиялық қызметкерлер таңға жақын шамалы тұман болады деген.
Сунженский және Терский тау жоталарынан асып өтуге тиіспіз. Бұлар онша биік
емес, бірақ Эльхотово селосының жанында Сунженскийдің асу шыңы бар, оны ылғи
орағытып ұшатынбыз. Нысанаға дейін ешбір кедергісіз барып, бомба тастадық. Бұл
кезде төңіректі түгел тұман бүркеп алған. Қайту сапарымызда авиация тілімен
айтанда, көзсіз ұшу керек болды.

            Тұманның
қалыңдығы сонша, түк те көрінбейді. Бар сенгеніміз аспаптар мен өз тәжірибеміз.
Әншейінде үндемейтін Смирнова қайта-қайта тіл қатып, менімен ақылдасып келеді.

- Қалай ұшып келеміз?

Мен дұрыс келе жатқанымызды айттым.

Тау жоталарынан өтіп, аэродромымыз орналасқан алқапқа
жеттік-ау деген кезде ұшу бағдарын карта бойынша қайта бір қарап алып, тұманды
қақ жарып, тіке тарттық. Абайлап, ақырын ұшып келеміз. Бірер минуттан кейін өз
маягымыз көрінді, қолайлы қондық.

            Дуся
Носальмен бірге жиі-жиі ұштым. Бірге ұшуды екеуіміз де жақсы көруші едік. Ол
бірде маған шынын айтты:

- Сенімен сапарға шықсам, көңілім біртүрлі көтеріңкі болады,
уақыттың қалай өткенін білмей қаламын. Сірә, екеуіміздің мінезіміз бірдей ғой
деймін.

Екеуіміз өте дос болдық. Ол да, мен де суретке түсуге құмар
емес едік, алайда біздің бірге түскен бірнеше суреттеріміз бар.

            Жаныңдағы
серігіңді жақсы көрсең, қандай тапсырманы болмасын, жан-тәніңмен беріле, ширақ,
жақсы орындайсың. Ирина Себрова ұшқыш Наташа Меклинмен бірге ұшқаннан кейін
мүлде өзгеріп, ақжарқын, жайдары, әңгімешіл қызға айналды. Бұған дейін Иринаның
штурманы басқа біреу болатын, сірә, ол екеуі онша келісе қоймаған болуы керек.
Иринаның мінезі ғана өзгеріп қоймай, шеберлігі де өсті, енді ол әрбір
тапсырмадан табыспен оралатын болды.

            Ұшудан қол
босаған кездері жатақханада немесе аэродромның өзінде саяси сабақ өткізілетін.
Оны өткізу саяси қызметкерлерге ғана емес, өзімізге де жүктелетін. Күллі совет
халқымен бірге біздерді Сталинградтағы жағдай өте-мөте қатты толқытып жүрген.
Сталинград үшін шайқас сол кездегі ең ауыр, шешуші шайқас  болатын, бүкіл майдан шебінің орталығы
іспетті еді. Оңтүстік Батыс және Сталинград майдандарының әскерлері дұшпан
қолын қоршап алып, Донбасқа қарай шабуыл жасай бастаған.

            Біздің полк
әлі де сол Асиновскаяда тұрған, бірақ өзіміз Моздоктан әріге барып, шегіністегі
жау колоннасын бомбалап жүргенбіз.

            Бір күні
кешкілікте Дуся Носаль екеуіміз Моздок түбінен шегінген жау бөлімін тауып алып,
талқандауға тапсырма алдық. Моздок жанында дұшпан зеңбірекшілері бізді оқ
нөсерімен қарсы алды. Сондықтан біз Моздокты айналып өтіп, жолда жылжып бара
жатқан немістердің автомашина колоннасына шүйіле бергенбіз. Айта кететін бір
жайт, Кавказдың барлық жолында немістер шығыстан батысқа қарай жанталаса
ойысқан. Тас жолмен қатар, темір жол созылып жатыр. Сәл ұшқаннан кейін
көзімізге паровоз түтіні шалынды. Енді жаудың сол составын талқандауды ойладық.
Барынша төмендеп келіп, дәл төбесінен қайта-қайта бомба тастадық. Поезд тоқтап
қалды. Бомба түскен жерді бір шолып өтіп, өзімізге қарай бұрылдық та, сонырқап
биікке көтерілдік. Нысана үстіне біздің былай төмендеуіміз өте қатерлі болатын,
өйткені жау самолетті автоматпен-ақ атып түсіре алушы еді. Бізден кейін темір
жол составы мен тас жолды басқа экипаждар да атқылап қайтты.

            Түнді
түгелімен тынымсыз ұшу үстінде өткердік. Енді әрбір түн сайын алды-артына
қарамай қашып бара жатқан фашист бөлімдерін бомбалаумен боламыз. «Максимум түн»
деген термин шығардық, яғни бір түнде бір экипаж, тіпті бүкіл полк бар
мүмкіншілігінше көбірек ұшуға тиіс. Бұл өзінше бір әуе конвейірі сықылды
болатын. Кейде самолетке кешкілікте отырып, таңертең бір-ақ түсетін едік.
Өйткені қонған бойымызда самолет қанатына полк командирі немесе штаб
адамдарының бірі секіріп мініп, рапорт алатын. Сол кезде техник моторға май
құйып, қару-жарақ әзірлеушілер бомба іліп те үлгереді. Біз жаңа тапсырма алып,
жолға шығамыз. Біз ұшып бара жатқанда, аэродромда екінші экипаж ұшуға әзірленіп
жатады да, енді бір экипаж қонады. Міне, «максимум түн», әуе конвейері деген
осы! Мұндай түндері біз бір-бірімізбен аэродромнан гөрі аспанда, нысана үстінде
кездесіп жүрдік. Жол біткеннің бәрінде қару-жарақ тиелген машина, теміржол бойында
состав, станциялар қалың өртке көмілді, немістер сөндіріп үлере алмады. Тіпті
сөндіруге мұршасы да келмеді, естері шыға қашып, құтылудың амалын ғана іздеді
олар.

            Біздің
жауынгерлік табыстарымыз туралы барлаушылар армия және дивизия штабына хабар
жеткізіп жатты.

            Соғыстың өн
бойында біз туысқандарымыздан, жолдас-жораларымыздан үнемі хат алып тұрдық.
Олар жылы сезімге, қамқорлыққа, баласына деген ата-ана мақтанышына толы
болатын. Хатты жатақханаға, дәл ұшарда немесе қонған бойда аэродромға әкеліп
беретін. Алған бойына ашып, әрбір жолын толқи оқып, қуанышқа кенелуші едік.
Одан кейін достарымызға оқып беретінбіз.

            Әлде бір
күні Дуся күйеуінен хат алды, ішінде суреті де бар екен. Ол хатын бізге оқып
берді де, суретін өз кабинасының ішіне, қарсы алдына қыстырып қойды. Біз
онысына күлгенде, ол: «енді бірге ұшатын болдық» деп жауап берді.

            Полк
байланыс бөлімінің бастығы Маздрина мен ұшқыш Тихомироваға біз дән разымыз.
Тихомированың бұл жұмысы басынан асып жатқандықтан, майданға келісімен ол
жауынгерлік тапсырмадан түгелдей босатылды. Ол дивизия немесе армия штабына
аттанарда біздің жазған хаттарымызды ала кететін де, қайтарында жаңа почта
әкелетін.

            Бұлтты күні
ұшу қиын, ал бомбаны нысанаға дәл тастау одан да қиын. Табиғаттың сондай бір
сұрқай шағында Полина Белкина екеуіміз Прохладная маңында бара жатқан
автомашиналар колоннасының ізіне түстік. Тауып алып, самолетті енді ғана
шүйілдіріп, енді ғана қарауылға ала бергенде, бұлт қаптап, ештеңе көрінбей
кетті. Әлі есімде автомашиналар колоннасы үстінде көп қалықтадық, біресе
жоғалтып алып, біресе тауып алып жүрдік, бірақ бұлттың қалыңдығы сондай,
нысанаға дәл тигізу қиынға соқты. Бомба тастау үшін межеленген биіктіктен
төмендеу қауіпті, өйткені өзіміз тастаған бомбаның дүмпуі өзіміздің самолетке
зақым келтіруі мүмкін. Жанармай мөлшерін де ескеру керек. Бұдан әрі жау
территориясының көгінде жүруге болмайтын еді. Біз не де болса, тәуекел дедік.
Жүріп келе жатқан колоннаны қарауылға алып, төмендей бастадық. Бомба тастаған
кезімізде машиналарға жақындап қалғанымыз сондай, ауа толқыны самолетімізді
солқ еткізді, әйтсе де биіктей бердік.

            Қауіпті
зонадан шыққан соң жанармайды қарасақ, майдан шебінен өткенше жетіп, аэродромға
дейін жетпейтін секілденді. Дегенмен үнемдей-үнемдей, әрең жеттік. Қонаған
бойымызда-ақ самолет моторының винті тоқтап қалды. Механиктер оны самолет
қонатын линиядан былай алып шығып, моторына май құйды. Біз тапсырманы
орындағанымызды полк командиріне хабарладық та, қайтадан көкке көтерілдік.

            Бұл кездері
бәрімізде де зор құлшыныс пайда болған, әрқайсысымыз жүзден астам рет
жауынгерлік сапарға шыққанбыз. Көптеген қыздарға офицерлік шен берілген. Мен
кіші лейтенант атағын алдым.

            Асиновскаяда
біздің полкке алғаш рет адам күші келіп қосылды. Эскадрильядағы ұшқыштар құрамы
қайта қаралды. Жаңадан келген пилоттар эскадрильяларға бөлініп, соғыс
тәжірибесі бар штурмандармен бірге ұша бастады. Тыңнан экипаждар құрылды.
Полина Белкина басқа эскадрильяға ауыстырылды да, мен жас ұшқыш Юля Пашковамен
өз эскадрильямда қалдым.

            Біздің
майдан шебінің жауынгерлері шапшаңдықпен ілгерілей берді, көп ұзамай,
Асиновскаядағы базадан ауыстық. Енді арасан сулары ауданында ұшып, жердегі
әскери бөлімдердің орталық курорттарға орналасқан жауларды талқандауына
көмектестік.

            Азат
етілген селолар мен қалалардың тұрғындары бізді зор қуанышпен қарсы алып
отырды. Фашист басқыншыларынан көрген зорлық-зомбылықтарын, біздің оралуымызды
асығыс, сеніммен күткендерін, соңғы кездері таңертең ерте тұрып, жақындап
қалған артиллерия зіркіліне құлақ тігіп жүргендерін сөз етті. Совет адамдарын
немістер Германияға қарай айдап әкеткенін әңгімелегенде, жүрегіміз сыздап,
кектене түстік. Жұрт бастан кешкен қайғы-азапты еске алып, еңіреп жылайды, біз
бар қадырымызша жұбатамыз. Құлдық шеңгелінде кеткен совет азаматтарын
құтқаратынымызға қатты сенетінімізді айтамыз. Халықтың өзі бұған шексіз
сенетін, себебі совет әскерлері барлық майданда жауға қирата соққы беріп,
атойлап келе жатқан.

            Азат
етілген селолардың тұрғындары аман қалған үйлердің жақсы деген бөлмелеріне
бізді орналастырып, жасырып тастаған тағамдарын алып, аузымызға тосатын.
Олардан әйелдер полкі туралы фашистердің сұмдық лақаптарын есіттік. Немістер:
«Совет Одағының қылмысты әйелдерінен құралған полк ұшып келе жатыр, олар өз
күнәларын қанмен ақтамақ, бомба тастап, бала-шаға, кәрі-құртаңды аямай қыруда»,
- депті. Сөйтіп бізден жұртты бездірмек болыпты. Бірақ Геббельстің
өтірік-өсегіне совет адамдары сене ме? Ешкім де сенген жоқ.

            Бұрын
өзіміздің командирлеріміз бен саяси жетекшілерімізден Гитлер әрбір атып
түсірілген әйел ұшқыштар экипажы үшін әрбір солдатқа темір крест беріп, аз
күнге дейін үйіне демалысқа жіберуге уәде еткенін естіген едік. Сондықтан да
жау зеңбірекшілері біздің самолеттерімізді алабөтен аңдитын. Сірә, біздің
кішкентай «ПО-2» немістерге едәуір лаң салған болуы керек.

            Гитлершілдер
қарапайым нәрсені түсінбеді, еңбектеген баласынан, еңкейген шалына дейін қолына
қару алып, жауға қарсы шыққан елді жеңу мүмкін емес еді!

            Шабуыл
үстіндегі әскери бөлімдерге ілесіп, біз көп ұзамай базамызды Краснодарға
көшірдік, қаланың сыртынан ұшып-қонатын негізгі аэродром жасадық. Кубань
жағасына жайғасқанымызға қатты қуандық, өйткені ол ұшу кездерінде табылмайтын
ориентир болатын.

            Біздің
қарасты майдан шебіндегі жаудың ең мықты бекінісі Крымская станциясы мен соның
төңірегіндегі аудандар болатын. Барлаушылардың мәліметі бойынша, немістер
станцияға көптеген техника күші мен адам күшін топтастырып, өз әскерлерінің
құрамаларын қолдау үшін күрделі әуе қорғанысын ұйымдастырған. Бірнеше күн
бойына біздің полк сол Крымская станциясындағы дұшпандарды бомбалаумен болды.

            Осындай бір
ұшу кезінде Юля Пашкова екеуміз Крымская станциясына жақындағанымызда,
таңғажайып тыныштыққа тап болдық. Немістердің өз бекінісін тастап кетпегенін
жақсы білетінбіз, олар бізді атпады, сонысына қайран қалдық. Юля самолетті
объектіге қарай бұрды, мен бомбалауға әзірленіп отырмын. Тап сол кезде кенет
жанған прожекторлар бізді ұстап алды. Прожектор жарығы өте күшті екен,
көзімізге шағылысып, төменнен оттан басқа түк те көрсетпеді. Мен бомбаларды
тастап-тастап жіберіп, сөйлеу трубкасы арқылы Юляға: «Бітті, кейін қайт!» -
дедім.

            Юля
самолетті бір қанатына қарай күрт құлата бұрып, от ішінен алып шықты. Егер
прожектор жарығында енді бір секунд қалғанымызда немесе оған қайтадан
түскенімізде құритын едік.

            Прожектор
жарығынан шыққан шақта, мен басқа бір «ПО-2» самолетін көрдім. Ол жау
зеңбірекшілерін бомбалап жүр екен. Біз аэродромға келіп қонғанымызда, іле-шала
әлгі «ПО-2» де жетті. Наташа Меклин екен. Ол бізге жүгіріп келіп, әзіл аралас
кейіді.

- Нысана үстінде тұрып алған сендермісіңдер? Оқ төпеп
жатқанда өйтуге бола ма? Өлгілерің келе ме өздеріңнің?

Біз де әзілдей жауап бердік.

- Көзің шағылысып, түк көрмей қалсаң, сен де сөйтерсің!..

Бұл сапар бізге үлкен сабақ болды, талқылап алып, аман
қалғанымызға қуандық.

            Келесі
ұшқан сапарымызда Юля екеуіміз Крымскаяға еппен жақындадық, жанынан өтіп бара
жатқан сияқтанып жалт бұрылдық та, немістер есін жиып болғанша, бомбалап
үлгердік.

            Ұшу
сапарларымыз ылғи сәтті бола бермейтін. Мәселен, ауа райын бақылаушылардың
айтуынша, күн ашық, жақсы. Ұшуға болады. Біз жауынгерлік тапсырма алып, сапарға
шығамыз. Жау объектісіне жетіп, нысананы бомбалағанша, ауа райы рас, жақсы
болады. Кейін қайтып келе жатқанымызда, аспан жүзін бұлт пердесі бүркей
бастайды. Аспан асты қалың тұманға көміліп, аэродромдағы маяк көрінбей кетеді.
Амалсыздан көгі ашық көрші аэродромға қонуға мәжбүр боламыз. Мұндағы әскери
бөлім командиріне қону себебімізді баяндап, полкімізге хабарлауын өтінеміз. Ауа
райы жақсарған бойына өз аэродромымызға ұшамыз.

            Көрші
аэродром жауынгерлері бізді әрқашан жылы шыраймен қарсы алып, жадырай қалатын.

- Қарындастар ұшып келді. Тек сирек келесіңдер, онда да күн
райы бұзылғасын, жолшыбай соғасыңдар, соларың жаман, - деп әзілдейтін.

Біз олардың көрсеткен құрметіне рахмет айтып, көкке
көтеріліп, самолет қанатымен сәлем жолдаймыз әдетте.

            Жауынгерлік
тапсырманы әрқашан ұшар алдында аэродромда алатынбыз. Бірақ соғыста қатқан
қайыстай стандарт болған да емес, болуы да мүмкін емес еді. Кейде полк
командирі Евдокия Давыдовна Бершанская ұшқыштар құрамын тегіс жиып алып, ерекше
көзге түскен жауынгерлік ұшу сапарларын талдап, бүкіл полк алдына түнгі
тапсырманы бір-ақ қоятын. Экипаждарға өнеге боларлық жауынгерлік сапардың
бірде-бірі ескерусіз қалмайтын. Тәжірибе алмасатын мұндай шағын жиылыс кейде
эскадрилья мен звеноларда да өткізілетін.

            Авиацияның
немесе Әуе армиясының штабы жауынгерлік тапсырманы әрбір күнге, тіпті кейде
майдан шебінің жалпы жағдайына байланысты әрбір ұшу сапарына нақты түрде беруші
еді. Кей кездері тапсырма жедел орындауды тілейді, ондайда полк командирі
Бершанская бізді тревога арқылы тұрғызады. Ұшқыштар шапшаң киініп, тапсырманы
самолетте отырып тыңдайды.

            Полктің
жауынгерлік экипаждары, қызметші персоналы өте тату-тұғын. Жауынгерлік
тапсырманы орындауға ұшқыштар құрамы кеткенмен, әрбір операцияның тағдыры ұшқыш
пен штурманның тәжірибелігіне ғана емес, самолеттің бұл сапарға қалай
дайындалғанына да байланысты екенін жақсы түсінетінбіз. Экипаждың көздеген
нысанасын тындырып қайтуында техниктердің, аспапкерлердің, қару-жарақ
әзірлеушілердің қосатын үлесі зор.

            Сапардан
оралған кезде аэродром жаңалықтарын да ең алдымен солардан еститін едік.

            Көктемнің
көгілдір бір көркем кешінде Юля Пашкова екеуіміз Славянская станциясына
орналасқан дұшпан бөлімін бомбалауға бұйрық алдық. Түн жап-жарық, шайдай ашық
еді. Юля екеуіміз жайбарақат ұшып келе жаттық. Станцияға жақындағасын биіктеп
барып, белгіленген квадратқа кіре бастадық. Кенет, сөйлеу трубкасынан Юляның
жылап отырғанын есіттім. Не болғанын білмей, абдырап қалдым.

- Жылап отырсың ғой, Юля, не болды? - деп сұрадым сосын.

- Мына станцияда менің әке-шешем бар. Қазір біздің үйді
бомбалауға тура келіп тұр, - деп жауап берді ол кемсеңдеп.

Оның осы селода туғаны, жау қолында әке-шешесі қалғаны
жадымнан шығып кетіпті. Не дерімді, не істерімді білмедім. Сасқанымнан: «Бұрын
неге айтпадың, басқа тапсырма алатын едік қой» деппін. Юля үндеген жоқ.

            Станица
үстінде шыр айналып көп жүрдік, бірақ тапсырманың аты тапсырма, орындауға
тиіспіз. Не де болса, бомбалауға ұйғардық. Пашковадан оның үйі қай жерде
тұрғанын сұрап алдым да, әлім келгенше керек объектіні ғана атқылауға тырыстым.
Жұмысымыздың нәтижесін білмек үшін станцияны бірнеше рет айналып шықтық. Бірақ
Юляның үйі аман қалды ма, жоқ па, оны біле алмадық.

            Аэродромда
тапсырманың орындалғаны туралы полк командиріне рапорт бердім. Сосын
Бершанскаяға осы станцияда Юля Пашкованың әке-шешесі тұратынын айттым, келесі
жолы басқа тапсырма алдық.

            Славянская
станциясын азат етіп, Пересыпиде тұрғанымызда, Юляның үйіне барып қайттым. Бәрі
де аман-есен, үйлері де бұзылмаған екен. Әттең, тек бұл кезде Юляның өзі жоқ
болатын.

            Ол қазалы
оқиға былай болды.

            1943 жылдың
көктемі жаңбырлы келді. Көбінесе ауа райының жағдайсыз кезінде ұшып жүрдік.
Біздің майдан жауынгерлерінің алдында неміс фашистерінің Кубань мен Тамань
жарты аралын түгел азат ету міндеті тұрған.

            Бұрынғыша
Пашкова екеуіміз ұшамыз. Сол бір түні бұлт қалың болса да, тапсырманы табысты
орындап, базамызға қайтып келе жаттық. Өз есебіміз бойынша, майдан шебінен
өтіп, аэродромымызға жақындаған сықылдымыз. Айтқандай-ақ, біраздан кейін қонуға
белгі берген прожекторлар жарығын көрдік. Біз өзіміздің аэродром екендігіне
кәміл сенуліміз.

            Қонуға бет
алып, төмендегенімізді жақсы білем. Ар жағы жадымда жоқ. Есім кіргенде, самолет
сынықтарының арасында жатыр екем. Юляның әлсіз шыққан даусын естідім. Ол:

- Біз осы қайда жатырмыз? Бүгін ұштық па, ұшпадық па? - деп
сұрады.

- Білмеймін, - дедім. Сәлден соң ол тағы сұрады:

- Мүмкін ұшқан шығармыз, бізді атып түсірген болар, сөйтіп
жау территориясында жатқан болармыз.

- Білмеймін.

Мен Юляны көре алғаным жоқ, ал даусы дәл қасымнан шығады.

- Пистолетіңді ала аласың ба? - деді Юля тағы да әлсіреген
үнмен.

Аспанға оқ атып, дыбыс бермек болдық. Өзіміздің адамдар
келсе жақсы, немістер келсе, атылып өлуге бекідік. Юляның бір-екі рет оқ
шығарғаны, зіл басқан тыныштық қана жауап бергені есімде. Түк дыбыс жоқ, не
дауыс, не аяқ дүбірі естілмейді. Шынымен-ақ қобалжи бастадық. Мен пистолетімді
алмақ болып кілт қимылдап қалған болуым керек, есімнен тандым. Бір сәтке есім
кіргенде, қыздардың таныс дауысын естідім, олар бізді іздеп, тауып алған екен.

            Сол күні
ертеңгілік бізді майдан госпиталіне жөнелтіпті. Немен апарғанын да білмеймін.
Әлдекім маған қарай еңкейіп:

- Шыдай тұр, жазыласың, тіпті ұшатын боласың, - дейді
таныстау дауыспен.

Сосын бір еркек дауысын құлағым шалды:

- Бұларыңыз не, хирург жолдастар! Мен Қара теңіз флотының
морягімін, менің қаным таза қан! Оған сеп болмауы мүмкін емес!

Есім кірген сайын Юляны сұраймын. «Ол қасыңда жатыр» дегенді
естимін. Тағы да ұштық. Мені тылдағы госпитальге әкелді. Аяғымды, қолымды,
арқамды - тұла бойымды түгел гипстеп тастады. Тек басымды ғана жұмсақ бинтпен
байлады. Тастан киім киген тәріздендім. Осы госпитальда санына снаряд
жарқыншағы тиген Рая Аронова мен науқастанған полк инженері Татьяна Алексеева
бар екен. Рая екеуіміз бір палатада жаттық. Ұзамай Рая ептеп жүре бастады, аяғы
жазылып келе жатқанына қуанды.

            Менің гипс
«киімім» өте ауыр, өте қолапайсыз еді. Мені көтеру керек болғанда, төсегім
жанына бір взвод сестра жиналатын. Көпке дейін қатарға қосыла алмайтынымды
аңғардым.

            Юля
Пашкованың тағдыры мені қатты толқытатын. Қатты ауырған кездерімде сестралар
мен құрбы қыздарым: «Юля жеңіл жараланған екен, сондықтан медсанбатқа алып
қалды», - деп жауап қайыратын. Айыға бастағанымда ғана болған оқиғаны жасырмай
баян етті.

            Біздің самолет
қонуға келе жатып, өз полкіміздің бір экипажымен соғылып қалады. Сондағы төрт
адамнан жалғыз мен ғана, онда да ойда жоқтағы бір жағдаймен аман қалыппын.
Менің бір әдетім - ұшқан кезімде белбеулерімді орындыққа бекітіп қоймайтынмын.
Сол жолы да ағытып қойғам. Екі самолет соғысып, жерге құлаған мезеттегі күш
мені штурман кабинасынан лақтырып жіберіпті. Екі санымның сүйектері сыныпты.
Юля майдан госпиталінде қаза тапқан екен.

            Госпитальдағы
күндерім бір қалыппен көңілсіз өтіп жатты. Апталар бойы төбеге тесіле қарап,
шалқаңнан жата беру жалықтырады екен. Сан рет гипсті алмастырды, аяқтарымның
сүйектерін сындырып, түзу біту үшін қайтадан салды. Бұл операциялар өте ауыр
еді.

            Анда-санда
полктес қыздар келіп, майдан өмірін әңгімелеп, хат әкеліп беріп, көңілімізді
көтеріп кетіп жүрді. Олардың келгені біз үшін үлкен қуаныш болатын. Эскадрилья
командирі Дина Никулина мен звено командирі Ирина Себрованың келуі өз
полкіміздің бізге деген жылы сезімі, туысқандық қамқорлығы іспетті көрінді.

            Күз аяғында
ғана балдақты таяққа ауыстырып, өз бөліміме оралдым. Құрбыларым менің айығуыма
немесе өздері айтқандай, қайта тірілуіме қатты қуанды. Келген бойымда аэродром
орталығына тұрғызып қойып, өздері жан-жаққа бытырай тарап, алыстан атымды айтып
айқайлайды, бірде ояқтан, бірде бұяқтан шыққан дауысқа «мен.. мен.. мен..» деп
жауап қайыруға да үлгере алмадым. Полк штурманы Женя Руднева қолын шапалақтап,
қуанышы қойнына сыймайды:

- Не деген керемет! Сап-сау, тіп-тірі! Бір тұрмыз! Даусыңды
естимін! - Қайтадан жүгіріп кетіп, атымды атып дауыстайды.

Мені алып келуге Наташа Меклин ұшып кеткенін полктегілер
білген екен. Біз келгенше ас әзірлеп қойыпты. Аспаздар менің жақсы көретін
тағамдарымды пісіріпті. Бірақ достар арасына оралғаныма қуанғаным сондай, тіпті
асты ұмытып кеттім.

            Бұл түні
ауа райы ұшуға мұрша бермегендіктен, қыздардың бәрі жатақханада болды. Түні
бойы әңгімеден ауыз жимадық...

            Мен госпитальда жатқан кезімде,
қыздар көп қиыншылықтар көріпті. Біраз адам қаза болған. Солардың ішінде ең
жақсы достарымның бірі Дуся Носаль да бар. Енді оның еркін күлкісі естілмейтін
болды.

            Полк өмір
сүрген алғашқы күннен бастап Дуся екеуіміз бірге болдық. Қуаныш пен қайғыны бір
бөлісіп, келген хатты бірге оқыдық. Мен жараланбастан аз-ақ бұрын бүкіл звено
болып, оның туған күнін тойлаған едік. Енді міне, арамызда Дуся жоқ. Оны неміс
истребителі аңдып жүріп, кабинада отырғанында басына снаряд оғын тигізіп, жас
өмірін жоқ етіпті. Дусяның денесімен бірге самолетті оның штурманы Ира Каширина
аэродромға алып келіп қондырыпты. Дусяның тап қарсы алдында тұратын күйеуінің
фотосуреті Дусяның өзі құсап, қызыл қанға боялыпты. Біз Дусяның күйеуіне хат
жазып, ерлік өлімін хабарладық, фотосын салдық. Дуся Носальға Совет Одағының
Батыры деген атақ берілді.

            Жауынгерлік
тапсырмадан Полина Белкинаның самолеті де оралмаған. Оны неміс зеңбірекшілері
атып түсіріпті. Қанды айқаста тағы бірнеше экипаж қаза тапқан.

            Наташа
Меклин мен Рая Аронова біршама машықтанудан кейін ұшқыштыққа ауысты. Мен звено
штурманы болып тағайындалып, Ирина Себрова екеуміз бірге ұшатын болдық...

            Құрылықтағы
әскерлеріміз жеңіспен алға басуда, соған орай біздің полк те өз аэродромын жиі
ауыстырады. Кейде жаңа жерге жақсылап орныға алмаймыз. Көбіне селодан алыста
болатын едік, сондықтан жер үй қазып әуреленеміз.

            Бірде
колхоздың бұрынғы сарайына орналасқанымыз есімде. Бұрын тым жақсы астық қоймасы
болғаны байқалады, ал немістердің кезінде күтімсіздіктен тозығы жетіп қаусаған,
оның үстіне құжынаған тышқан екен. Ол ұйқы бермегені былай тұрсын, қойнымызға
кіріп пәле қылды. Кейде самолетте ұшып келе жатқанымызда қойныңда тышқан
жыбырлайды. Бойың тітіркеніп кетеді... Бәрінен бұрын Таманьның күн райы жаман
болды. Тамань күзі лайсаң, балшықты екен. Бірнеше тәулік бойына толассыз жаңбыр
жауады. Үсті-басың малмандай су болады, батпақ аяғыңды әзер жібереді. Тіпті
сонау жаздыгүннің өзінде самолет доңғалағы әрең айналатын. Әншейіне сабырлы,
ұстамды Бершанская да ызаланып, терісіне сыймай кететін, біздің өзімізше
айтқанда, мінез көрсететін. Ызаланбағанда қайтсін, командирлік пунктіне
әлсін-әлсін арыз түсіп жатқаны:

- Жолдас полк командирі, күн райын бақылаушы ұша алатын
емес, доңғалақ балшыққа батып кетіп, самолет көтеріле алмайды.

- Жолдас полк командирі, самолеттің бәрі сазға отырып,
орындарынан қозғала алмай жатыр!

- Жолдас полк командирі, бензовоз батпаққа отырып қалды,
жанармай жетпейді!

- Жолдас полк командирі, бомбовоз тұрып қалды!

- Стартерді шығара алмай жатырмыз!

Сонда:

- Өздерің неге батып кетпейсіңдер! - деп ызаланатын
Бершанская.

Жер кеуіп, ұшуға мүмкіншілік тууын күтіп, аэродромда бірнеше
тәулік бойы отырамыз. Ал ауыр бомбардировщиктер мұндайда тіптен ұшпайтын,
дивизия командованиесінің тапсырмасымен тек «ПО-2»-ні ғана жіберетін. Ұша
қойсақ, аспан тәңірі өзіміз секілденеміз, себебі мұндай түндері бүкіл звено
болып шығатын едік.

            Майдан шебі
Батысқа қарай тез-тез ілгерілей берді. Немістер шегіну үстінде аэродромдарды
миналап кетеді. Бұл біздің жұмысымызды қиындата түседі. Минашылардың мехнаты
мол еңбегімен осы кезде жете таныстық.

            Бір уақытта
полкіміз Ахтониовская станциясындағы аэродромға келіп орналасты. Бірақ ұзамай,
оны ауыстыруға тура келді, себебі немістер түгелдей миналап кеткен екен.
Әртүрлі уақытта өз-өзінен жарылатын мина маза бермейді. Минашылар алып үлгермей
жатты.

            Майдан
жауынгерлерінің міндеті - тез арада Қырым жарты аралын азат ету. Теңіз үстіне
ұшуға үйрену бізге оңай болған жоқ. Біз бұрын самолет қанатының астынан жерді
көріп, содан ориентир жасаушы едік, енді, міне, теңізге тап болдық! Түн ішінде
жоғарыдан қарағанда түпсіз шыңырау тәрізді. Бірақ адам көнбейтін не бар?! Біз
де құпиясы мол қияпат теңіз үстінде ұшуға үйрендік.

            Барлық
ұшқыштар құрамына жүзгіш күртелер берілді. Егер теңіз үстінде ұшып жүріп,
парашютпен секіруге тура келсе, оның пайдасы бар еді. Біз күртені комбинезон
сыртынан киіп алдық. Бұл күртелерге су үстінде өзінен өзі жел толып, қампиып
кетеді.

            Осы жүзгіш
күртенің менің түбіме жете жаздаған жайы бар. Бірде Ирина Себрова екеуміз
кезекті рейстен келе жатқанбыз. Сірә, мен тар кабинада қолапайсыз қозғалып
қалып, жүзгіш күртенің қорғағышына тиіп кеткен болуым керек. Күн лайсаңдау,
жаңбыр жауып тұрған, күрте өзінен-өзі желге толып кетті. Әдетімше белбеулерімді
ағытып қойғам. Ауа толқыны мені көтеріп алып кетуі мүмкін еді. Аэродромға әрең
дегенде аман-есен жеттім.

            Бұл кездері
жараланған екі аяғым әлі де болса ауыратын, самолетке қиындықпен мініп жүрдім.
Сондықтан тапсырмалар берілетін түні кабинадан шықпайтын болдым, штаб
командирлері рапортты самолетте отырғанымда-ақ алатын.

            Осындай бір
қарапайым жұмыс күні полкке қуанышты хабар тарады: партияға қабылданғандар партбилеттерін
алады екен. Біраз адам болып дивизия штабына аттандық. Дивизия саяси бөлімінің
бастығы полковник Морозов әрі майдандағы әскери, әрі салтанатты жағдайда
партбилеттерімізді табыс етті.

            Полкіміз
гвардияшылар полкі атанды. Офицерлік шендеріміз өсті. Бұл кезде мен жауынгерлік
тапсырмамен үш жүзге жуық рет ұшқанмын, гвардия лейтенанты болдым. Ирина
Себрова да офицер болатын, бірақ маған қарағанда, оның ұшу сапары әлдеқайда көп
еді. Екпінді және өнегелі майдангерлігі үшін полкіміздегі көптеген қыздар ордендермен,
медальдармен наградталды. Мен де наградталдым. Бір күні анамнан мен үшін, менің
майдандағы еңбегім үшін мақтанышқа толы хат алдым. Сөйтсем, біздің полктің
саяси қызметкерлері мені мақтай келіп, мұндай жақсы тәрбиесі үшін ол кісіге
алғыс айтқан екен.

            Полк
комиссары мен парторг бір күні мені шақырып алып, ұзақ әңгімелесті. Олар полк
жауынгерлері арасында үнемі «Крокодил» шығарып тұрса, жаман болмас еді дегенді
айтты. Кеңесе келе, журналдың бірінші номерін шығаруды маған тапсырды. Әскерде,
әсіресе соғыс жағдайында «істей алмаймын, қолымнан келмейді» деген сөз
айтылмайды. Сондықтан мен жүктелген тапсырманы орындауға кірістім. Мұны естіген
қыздар маған:

- Байқа, жолдас редактор, суретімізді салып қойсаң,
сазайыңды тартасың, - деп қалжыңдап алды. Сосын бәз-баяғыша бәрі жиылып,
белсенді түрде көмектесе бастады. Ал Рая Аронова әдетінше бұрқылдап, ренжіп
жатыр:

- Онсыз да жұмысымыз аз еді, сен жақсы-ақ тауып бердің-ау!
Бәрекелді! Бүкіл звеноның қолын байлағанша, бас тартсаң қайтеді!

Наташа Меклин «қап, бәлем, сендерді ме!» дегендей
күлімсіреп, әзіл өлең жазуға кірісті. Оларында өз жолдастарының мінезіндегі
кейбір кемшіліктерді, жұмыстағы жетімсіздіктерді өткір сынға алмақ болды.

            Сол
күндердің бірінде таңертеңгілік маған Саша Хорошилова келді, сәл қобалжыған
түрі бар, бір құпия сыр айтпақ кісідей сыртқа шығарып алып, жан-жағына қарады
да, ешкім жоғын көргесін:

- Полкте болған ЧП-ны (төтенше оқиға) естідің бе? - деп
сұрады.

- Жоқ.

- Онда тыңдай бер. Армия штабынан ба, әлде дивизия штабынан
ба, әлгінде Бершанскаяға телефон соғыпты. Көрші аэродромның маскировка елкасын
біздің полктің бір экипажы ұрлап алды дейтін көрінеді. Сол кім екен,
анық-қанығына жетіп, хабарла депті.

Жаңа жыл жақындап қалғаны есіме сонда түсті. Жаңа жыл кешіне
керек болар деп қыздардың біреуі алуы да мүмкін. Бірақ оның кім екенін
ойлап-ойлап таба алмадым. Болған іске бір жағынан күлкім де келіп тұр, Саша оны
басқаша түсініп:

- Сен білесің, тек айтқың келмей тұр, жасырасың, - деп бәле
салды.

Саша полк комсоргі ғой, мен бюро мүшесі болатынмын, кейбір
мәселелерде келісе алмай, жиі-жиі айтысып қалатынымыз да бар-ды. Ал бұл жолы
кәдімгідей ұрсысып қала жаздадық. Онымызға өзіміз күлісіп алдық. «Не істесек
керек, қайтеміз?» деп қайта ақылдастық. Әзір бұл оқиғаны Бершанская мен
екеумізден басқа ешкім білмейді. Кінәлі экипажды таба алмасақ, бүкіл полкті
тұрғызып қойып сұрап, уақыт босқа өте ме деп те ойладық. Ақыры «қайтсек те
өзіміз тауып хабарлаймыз» деп Бершанскаядан мұрсат сұрауға келістік.

            Бұның өзі
біз ойлағаннан гөрі әлдеқайда оңай екен. Кінәлі экипаж табылды. Және елканы
ұрламаған болып шықты. Ұшып келе жатып, көрші аэродромнан бос жатқан елканы
көреді, оларға қажет болмаса, бізге керек деп алады да кетеді.

            «Крокодильдің»
алғашқы номеріне, міне, осындай күлкілі жағдайларды да қостық. Жолдастарға шарж
бердік. Қыздар жапырласа келіп көріп, ішек-сілесі қатқанша күліп, мәз болып
қалды. Әрине, ренжігендері де кездесті. Негізінен бәрі риза болды.

            Біз майдан
қолбасшысы армия генералы Петровты көрген жоқ едік, бірақ ол туралы көп
естігенбіз. Петров сырт қарағанда сұсты, қатал көрінгенмен, қарапайым, жаны
ашық адам, солдат өмірін жақсы біледі, жауынгерлерді сүйеді дейтін. Бұл пікір
біздің полкте мықтап орын тепкен, сондықтан қолбасшымызды өзара «Ваня ағай» деп
атайтынбыз.

            Бір күні
кешкілікте біз соғыс тревогасымен түрегелдік. Ауа райы ұшуға қолайсыз
болғандықтан, бәлендей асыға қойғанымыз жоқ еді, кенет «Ваня ағай келіпті»
деген сөз шықты. Сол-ақ екен, казармадан оқша атылып шығып, бірер секундтен
кейін, өз самолеттеріміздің жанында тұрдық.

            Полк командирі
Евдокия Давыдовна Бершанская майдан қолбасшысына сапта тұрған полк есебі туралы
рапорт берді. Генерал бізбен амандасып, бірден келген шаруасына көшті. Сібір
дивизиясының жауынгерлері командованиесінің тапсырмасымен Эльтигенге (Керчь
бұғазының жағасында, Қырымда) келіп, жаудың қоршауына түседі. Бұл плацдармның
стратегиялық маңызы зор болғандықтан, оны қайткен күнде де біраз уақытқа дейін
қолдан шығармау керек болады. Сібірліктердің оқ-дәрісі мен азық-түлігінің
таусылар шағы. Ауа райы қолайсыз, ауыр самолеттер Эльтигенге өте алмайды.

- Сібірліктерге оқ-дәрі мен азық-түлік жеткізу қажет. Өте
жауапты тапсырма. Гвардия ұшқыштары, бұл тапсырманы сіздерге, сіздердің
кішкентай самолеттеріңізге жүктейміз!

Қолбасшының сөзі бізге әсер еткені сонша, тіпті ұшпақ түгіл,
Керчь бұғазында жүзуге де әзір едік.

            Біз
самолеттерімізге тарап, бір сағаттан кейін көкте ұшып бара жаттық. Бұлыңғыр
бұлтты сүңги жарып, төмендей қалықтап, қоршаудағы сібірліктер позициясын
іздейміз. Эльтиген теңіз жағасында болатын. Оны құрлықтан жаудың зеңбіректері,
теңізден соғыс корабльдері атқылайды. Алайда біз оған аман-есен жетіп, керекті
жүкті тастадық.

            Бұл
тапсырманың біз үшін ерекшелігі болды: біріншіден, оны майдан қолбасшысының өзі
жүктеді, екіншіден, бұған дейін немістерді ғана бомбаласақ, мұнда қоршаудағы
өзіміздің адамдарға тікелей көмектестік.

            Азық-түлік
жерге түскенде бүлінбес үшін, біз барынша төмендеп барып тастадық.

            Аэродромда
түні бойы қызу әңгіме толас тапқан жоқ.

- Мен үйдің төбесінен жүріп өтіп, азық-түлікті
сібірліктердің тап дастарханына тастадым, - дейді дауыстап Женя Жигуленко. -
Полундра! - деймін оларға. - Қабылдаңдар!

- Дастарханға тастағанда не тұр, мен қолдарына ұстатып
кеттім, - деді оған Татьяна Макарова. - Шын айтам, ұстап алғандарын өз көзіммен
көрдім...

Бұл сөздердің ептеп шындығы бар болатын. Бір күні біздің
асханаға жауынгерлер келді. Әйелдер бөліміне келген кімдер бұлар? Біз
таңырқасып қалдық. Сөйтсек, Эльтигенде қоршауға түскен, біз азық-түлік
жеткізген сібірлік солдаттар екен. Олар жауынгерлік тапсырманы орындап, Керчь
арқылы бізге өтіп, өз бөлімдеріне бара жатады. Жолшыбай бізге алғыс айтқалы
соғыпты.

Жирен мұртты төртбақ старшина:

- «Полундра!» деп айқайлаған қайсысың? - деп сұрады. Сосын
азық-түліктің дер кезінде дәл түскенін айтты.

Совет әскерлері Керчьтің терістігінде, Қырым жарты аралының
жағасында шағын плацдарм жасады. Шабуыл ұрыстарына керекті қосымша күш соған
тасылып жатты.

            Біз
Митридат тауының батыс жағына шоғырланған неміс әскерлерін бомбалап жүрдік.
Барлық экипаж зеңбірегі жоқ теңізден гөрі құрлық үстімен ұшуға әдеттенді.
Өйткені теңіз жау оғынан да қаһарлы көрінетін.

            Ирина
Себрова екеуміз бірде нысанаға барынша төмендеп барып, бомба тастадық. Оның
жарылу күшінен өз самолетіміз солқ-солқ етті. Жау зеңбірегі тап қасымыздан
атқылап жатты. Әйтсе де аман кеттік. Аэродромға келгесін самолетіміздің қанаты
шұрқ тесік екенін көрдік. Келесі тапсырмаға құрлықпен бармай, теңіз арқылы
бардық. Сол жолмен қайттық. Сөйтіп өзімізге теңіз арқылы жол ашып алдық.

            1944 жылдың
көктемінде совет әскерлері Қырымды азат етуге қызу әзірлік жүргізіп, ұзамай
шабуылға шықты. Ол күндері барлық майданда Совет Армиясы алға жылжып, туған
жерімізден фашистерді дүркірете қуып бара жатты. Шайқастарда ерекше көзге
түскен бөлімшелерге олар азат еткен қалалар мен елді пунктердің аты беріліп
отырды. Бұған дейін біздің түнгі бомбардировщиктер полкі Қызыл Ту орденімен
наградталған болатын...

            Керчь
бұғазының Тамань жарты аралы жағында Чушка деген ескі атаулы бір кішкентай
шығанақ бар. Соның ен шетіне немістер бекініп алған, неміс крейсерлері де соған
қарай өтуге күш салып жатқан. Біздің полк бірнеше түн қатарымен сол Чушкадағы
жау позициясын бомбылады, сонымен қатар басқа авиациялық бөлімдермен бірігіп,
Керчь бұғазын күзетті, ондағы мақсатымыз - Азов теңізіне неміс крейсерлерінің
өтуіне жол бермеу.

            Бір түні
сапарға шығар алдында әлдекім: «Біз Чушка шығанағын алу үшін шайқасып жүргендіктен,
полкімізге соның атын береді», - деп әзілдеген. Бұл әзіл жып-жылдам тарап
кетті, тапсырмамыз өзгеріп, Қырым жарты аралына ұшып жүрсек те, сол әзілді көпке
дейін ұмытқан жоқпыз.

            Қырымға
жаппай шабуыл басталыпты. Жаяу әскер мен Қара теңіз флотының моряктары Азов
теңізі арқылы өтіп, Қырым жарты аралына шықты да, жау қорғанысын бұзып, Севастопольге
бет алды. Оларға майданның авиациялық құрамалары, ішінде біздің полк бар,
әуеден көмек көрсетті. Сонымен қатар біздің полктің бірнеше экипажы Керчь
бұғазының үстінде ұшып жүріп, жау крейсерлері мен эсминецтерінің Азов теңізіне
өтуіне кедергі жасады. Біз Крыловка деген жерге келіп, аэродром жасап
орналастық. Тамань жарты аралын азат ету ұрысына қатысқанымыз үшін біздің
полкке «Тамань полкі» атағы берілгенін сонда естідік.

            Ұзамай
менің өмірімде өзгерістер болды. Мен үшінші рет жауынгерлік награда -
ІІ-дәрежелі Отан соғысы орденін алдым. Бұған дейін Қызыл Жұлдыз орденімен және
«Кавказды азат еткені үшін» медалімен наградталған едім. Сонымен қатар
офицерлік шенім өсіп, гвардия аға лейтенанты болдым. Полк байланысының бастығы
Маздрина Москваға курсқа шақырылып, оның орнына мен тағайындалдым.

            «Штаб
офицерлері ұшудан не білуші еді, оларға ақпар ғана керек», - деп кеше ғана
құрбы қыздармен қосыла күлетінмін. Міне, енді өзім де штаб офицері - полк
байланысының бастығы болдым. Рас, қыздар: «сен жай ғана штаб командирі емессің,
ұшқан, тәжірибесі мол офицерсің, тағы да талай ұшасың», - деп жұбатып жүрді.
Аяғым әлі ауыратын еді, ал сол күйі мен жау территориясына түсіп қалар болсам
қиын ғой. Соны ойладым да, аздап тыншиын дедім, оның үстіне полк байланысы
бастығының лауазымы да үлкен емес пе? Штаб командирлерінің өздері жауынгерлік
тапсырма алып, үнемі ұшып жүрмегенмен, полктің майдандағы жетістіктері үшін
олардың әрқайсысының атқарған рөлі зор. Көпшілігі ордендермен және медальдармен
наградталған.

            Өзінен-өзі
белгілі, полк байланысының бастығы болғаннан кейін, командирлермен көбірек
араласа бастадым. Өз звеномның қыздарымен бұрынғыша дос болғаныммен, қызмет
бабына байланысты штабта отырдым да, олармен сирек ұшырасуға тура келді.

            Штаб
қызметкерлерінің ішінде көбірек үйір болғаным - полктің химиялық қызметінің
бастығы Маша Марина мен эскадрильяны қаруландыру инженері Лидия Гогина.

            Маша Марина
- армияға дейін комсомол қызметкері болған қайырымды, сыпайы қыз. Оны өзінің
химиялық шаруашылығының жайы жақсы болудан басқа ештеңе қызықтырмайтын секілді
еді.

            Лидия
Гогина соғысқа шейін пединститутта оқыған, ол да мейірбан, байсалды, жаны
нәзік, сүйкімді қыз еді, бірақ кісіге үйірсектігі шамалы болды. Оның жұмысы өте
көп, полк экипаждарын күндіз ұшуға әзірлеп, түнде оқ-дәрімен қамтамасыз етеді.

            Енді Саша
Хорошиловамен әрдайым бірге болдық, өйткені осы кезде мен оның орынбасары
болып, яғни негізгі жұмысыммен қатар полк комсоргінің орынбасары болып
тағайындалғанмын.

            Мен полк
байланысының бұрынғы дәрежесін төмендетпеуге, Маздринаның жақсы дәстүрін
сақтауға тырыстым.

            Саша
Хорошилова өзінің зілсіз әзілімен мені кілең түйреп алуды тәуір көретін.

- Штаб командирлерінің ішінен байланыс бастығын әдейі таңдап
алып, менің комсомол жөніндегі орынбасарым қылып тағайындаулары тегін емес. Ол
- байланыс дәрежесі қандай болса, комсомол жұмысының дәрежесі де сондай болсын
деген сөз. Сондықтан сен ол парызды өтей біл, - дейді ол.

- Сөзіңе құлдық. Бүгіннен бастап комсорг пен комсомол
мүшелерінің арасындағы байланысшы болайын, өйткені аралары тым алыс екен, - деп
жауап беремін мен.

- Ана қарашы... - деп алып, байсалды әңгімеге көшеді ол.

Саша Хорошилова екеуміз полк жасақталған күннен бастап
доспыз, бір-бірімізді қатты сыйлаймыз, бірақ айтысып алмай тұрып, тіпті ептеп
ерегесіп алмай тұрып, ешбір мәселені шешпеуші едік.

            Полктің
шифр шешу жөніндегі бастығы Нина Волкова - өзіндік ерекшелігі бар қызық қыз.
Әрине, полктегі әр жауынгердің мінез-құлқы, тұлғасы әр түрлі ғой. Әркім өзіне
тапсырылған жұмысты қасиетті борышы көріп, тиянақты түрде тындыруға тырысады.
Ал Нина Волкова өз жұмысын бала құсап, көзге өзгеше көрсетуге құмар-тын.
Мәселен, ол әр шифрды байланыс бөлімі арқылы қабылдайды, сол жолмен жауап
береді, ал сөйте тұра, қабылдарда тәкаппарсынып, өзін лауазымы зор адам секілді
көрсеткісі келіп тұрады. Шифрды шешу кезінде жанына жан жуытпайды, біреу
жақындай қойса, «жұмыс істетер емес» деп Бершанскаяға жүгіреді. Соғыс
жағдайында әрбір хабар құпиялылықты сақтауды тілейді ғой, бірақ Нина өз жұмысының
ерекше құпия сыры бар деп ойлайтын. Мүмкін солай да болар, әйткенмен өзі
жасаған шифрдың жұмбағына біздің түсіне бермейтінімізді ойламайтын.

            Дегенмен
бір күні Нина Волкова өзінің тапқырлығымен бүкіл полк қыздарына жақсы жауынгер
екенін танытты.

            Менің өз
звеномда жүрген кезім. Полктің бүкіл ұшқыштар құрамы Пересыпиден Қырымға ұшып
келді, ал техникалық жауынгерлер Қырымға Перекоп арқылы поезбен жетті. Олардың
жолда қандай оқиғаға тап болғанын полктің оперативтік бөлімінің бастығы Аня
Еленинадан естідім. Оның келген бойында жымың-жымың қарай бергенінен бірдеңе
айтқысы келіп тұрғанын бірден сезгем. Себебі Аня әдетте өте тұйық, сөзге сараң,
қозғала қоймайтын ауыр мінезді адам еді. Мәселен, соғыстан қайтқан экипаждың
рапортын полк командирі, не оның ұшқыштар жөніндегі орынбасары, не штаб бастығы
тез-тез қабылдайтын, ал Аня Еленина қабылдағанда, экипаж иесі рейске кетуі керектігіне
қарамастан, асықпай-саспай бәрін тәпіштеп сұрай беретін. Кез келген ұшқыш пен
штурманның шыдап-шыдамауын ол ескермейтін. Сондықтан оның тықыршыған түрі қызық
бірдеңе болғанын танытқандай еді. Сөйтсек, құрлықтағы жауынгерлеріміз мінген
эшелонды жолшыбай жау самолеттері бомбалапты. Штаб бүкіл жауынгерлермен бірге
бір вагонда екен. Штабтың сейфінде полктің гвардиялық туы сақталушы еді. Бомбалау
кезінде жұрттың бәрі тасалануға кетіп, енді жүруге жиылғанда, полктің сол туы
жоқ болып шығады. Ал полк туы - полктің ар-намысы! Бәрі аңырап тұрып қалады, не
істеуге білмейді. Бір кезде алыстан қолында ұстаған заты бар Нина Волкова
көрінеді. Бұған дейін оның жоқ екендігін ешкім сезбеген екен. Жұрт
жапа-тармағай қашқанда, жалғыз Нина ғана туды ала кетіпті. Әрине, бұл
таңғаларлық ерлік емес, бірақ полк туын тастамай, өзімен бірге алып кетуі оған
достары алдында зор абырой әперді.

            Осыдан
кейін Нина Волкова армия штабына шифр шешушілердің кеңесіне барып, масаттанып,
салтанатпен оралды. Ол маған жылдам-жылдам сөйлейтін әдетімен оның себебін
айтты: кеңестен кейін Вершининнің өзі шифр шешудегі шапшаңдығы мен мінсіздігі
үшін жалғыз соған алғыс жариялапты. Заңды!

            Лида Гогина
мен Маша Марина үшеуіміз соғыс біткенге дейін бірге болып, бірге жүрдік. Бұрын
звенодағы қыздармен қалай тату-тәтті болсақ, үшеуміз сыйласып, сырласып жүрдік.

            Севастопольды
азат етуге арналған Қырымдағы соңғы соғыс операциясы аяқталып қалған. Бірнеше
күннен кейн гитлершілерден бүкіл Қырым жарты аралы тазарып бітті. Біз әлі
Крыловкадан тұрмыз. Қолымыз бос, Қырым табиғатын тамашалап, серуендеп қоямыз.
Әр тал, әр терек өзінің ашық бояуымен, сұлу тұлғасымен көз тартады. Ал теңіз
жағасына барғанымызда таңдануымыз тым ерек болды: аспаннан емес, жағадан
қарағанда теңіз біртүрлі жуас, сыпайы секілденді. Күн жайының желсіз тымық
тұрғандығынан ба, ол ойға шомғандай бұйығы, тіпті жартас түбіндегі теңселіп
жатқан толқын осы күнге дейін естіліп көрмеген ән сазын еске түсіргендей.
Пушкиннің теңіз туралы өлеңі еріксіз ойға оралады. Біреу оны жатқа айтты, ұзақ
уақыт жарқабақ үстінде үнсіз тұрдық. Бірақ әне жерден де, мына жерден де
өртенген селолар мен қалалардың түтіні көрінеді, ол көңілге қаяу салады.
Соғыстың сұмдық іздері бұл!

            Біздің Әуе
армиямызды басқа майданға ауыстырмақ болған. Бірақ қандай Әуе дивизиялары мен
полктері өзінде қалып, қандайын басқа Әуе армиясына беретіні белгісіз.

            Біз өз
армиямызды мақтан тұтатынбыз, оның жауынгерлік дәстүрін құрметтейтінбіз. Ал
полкімізге армия командованиесі қамқорлықпен қарайтын. Армия қолбасшысы генерал
Вершинин мен саяси бөлімнің бастығы генерал Захаровты сирек көргенімізбен,
жақсы қасиеттерін көп естігенбіз, оларды барынша сыйлап, сүйетінбіз. Міне,
сондықтан да армияның жаңа құрамы жайлы мәселе бізді қатты толқытып жүрген.
Бірақ босқа мазасызданған екенбіз, полкіміз генерал Вершинин басқаратын Әуе
армиясының құрамында қалды, енді жаңа майданға ұшып баруға әзірлене бастадық.

            Ілгерілей
отырып, азат етілген Украина мен Белорусияның үстінен де ұшып өттік. Қара теңіз
бен Баренц теңізінің арасындағы майдан шептерінің бәрінде совет Армиясы
нәтижелі шабуыл жасауда. Туған жеріміз жау қолынан құтқарылуда. Тіпті азат
етілген қала, село, теміржол станцияларының бәрінің бірдей атын есте сақтай
беру де қиын. Совинформбюро күнбе-күн қуанышты хабар әкелуде.

            Бүкіл жаяу
әскер машинаға мінді, әскерлеріміз зор екпінмен алға басып келеді, біз  тіпті аэродром жасауға да үлгермейміз. Енді
орналаса бергенде, басқа базаға ұшуға тура келеді.

            Қаһарман
Совет Армиясынан соққы көрген фашист басқыншылары бір рубежден кейін екінші
рубежді тастай қашып барады. Кей жерлерде жаудың жеке бөлімдері қарсылық қылуға
тырысып бақса да, жалпы соғыс тағдыры шешіліп қалған еді.

            Совет
қарулы күштерінің жоғарғы Бас командованиесі ставкасы майдандағы шабуыл
операцияларын басқара отырып, жау тылындағы партизан құрамаларының қозғалысына
бағыт берді.

            Партия мен
үкімет тапсырмасы бойынша жау уақытша басып алған жерлерде подпольелік жұмыс
жүргізу үшін коммунистер қалған болатын. Олар партизан отрядтарын ұйымдастырып,
немістердің тылдағы объектілерін талқандай берген. Ұлы Отан соғысының сол бір
қаһарлы күндерінде басқыншылармен шайқаспаған бірде бір қала, бірде бір село
жоқ. Даңқы баршаға мәлім батыр партизандар есімі ел жүрегінде. Ол кезде бұрынғы
партия қызметкерлері талантты командир, жаужүрек сарбазға топтастырылып, гитлершілдермен
күреске бастаған солар. Жасырын баспахана ашып, листовкалар, прокламациялар,
совинформбюро хабарларын басып, халыққа таратып, ел кеудесіне қуаныш пен
жеңіске деген сенім ұялатқан солар. Көпірлерді қиратып, қару-жарақ складтарын
өртеп, эшелондарды құлатып, штабтарды талқандап, жау тылына дүрбелең салған
солар. Совет Армиясының бөлімдерімен бірге, бүкіл халықпен бірге жеңісті
жақындатқан солар.

            Біз барған
жерімізден фашист озбырлығына ұшыраған халық қайғысын көрдік. Көл боп көлкіген
көз жасын көрдік.

            Біз барған
жерімізден қалалар мен селолардың өзін емес, күлін көрдік. Фашист зеңбіректері,
бомбалары, күректері совет жеріне ойран салған. Тағылық дәуірдегі адам етін
жейтіндер одан әлдеқайда мәдениетті болған шығар. Біздің майдан жолынан көрген
сұмдықтарымыз сөзбен жеткізіп бергісіз. Фашистер барған жер өрт пен өлім
ордасына айналған.

            Полк
комсомол бюросының мәжілісі әдеттегіден тыс болды. Хорошилова алдын ала күн
тәртібін айтқан жоқ. Мен келген кезде бөлме толы адам екен, партком мүшелері
де, полктің командирлік құрамы да түгел қатысып отыр. Олардың арасынан армия
саяси бөлімінің бастығы генерал Захаровты да көрдім. Захаров, өзі айтқандай,
біздермен әңгімелесуге және қош айтысуға келген екен. Ол Раскованың қаза
тапқаны жайлы қаралы хабар әкеліпті.

            Марина
Михайловна Раскова «сіңлілеріміздің» әуе полкіне ұшқыштар дайындау үшін
Саратовта қалған болатын. Ол командованиенің арнаулы тапсырмасымен жиі-жиі ұшып
тұрады екен. Сондай бір ұшу кезінде әуе катастрофасына ұшырапты.

- Бұл - бүкіл авиация үшін орны толмас қаза. Біз тамаша
ұйымдастырушы және жауынгер командирден, шебер штурман және адал жолдастан
айырылдық, - деп аяқтады Захаров. - Майор Марина Михайловна Раскова жауынгерлік
тапсырманы орындау үстінде қаза тапты. Ол Отан алдындағы борышын толығымен және
абыроймен орындап кетті. Біз ешқашан ұмытпаймыз оны. Марина Михайловнаны біз
жақсы білетінбіз және жақсы көретінбіз. Оны күллі совет адамдары жақсы білетін,
оның ерлігіне сүйсінетін.

Осы қаралы хабардан кейін біз алдағы жауынгерлік сапарларды
Расковаға ескерткіш етуге ұйғарыстық.

            Бюро
мәжілісінде генерал Захаров біздің полкіміздің еңбегін командование өте жоғары
бағалайтынын білдірді. Кейін өзара әңгімеде өзі туралы, Вершинин туралы,
екеуінің достығы туралы әңгіме айтты.

            Вершинин
әскери қызметін қатардағы истребитель ұшқыш болып бастаған. Ұшқыштар
училищесінің бастығы болған кезде Захаровпен кездескен. Содан бері екеуі жұп
жазбаған көрінеді. Соғыс басталысымен екеуін жоғарғы бас командование ставкасы
шақыртып алып, «ПО-2» және «Р-5» полктерінен құрылған жеңіл бомбардировщиктер
дивизиясын басқаруды ұсынады. Бұл самолеттер маневр жасауға жақсы және күн
райын талғамайды, күні-түні ұшуға болады дейді.

- Бұл біздің намысымызға тиді, - деді Захаров, - біз
истребитель ұшқышпыз, тек жүйрік самолеттерге ғана үйренгенбіз, енді келіп
«ПО-2»-ні берді. Амал жоқ, бұйрықтың аты - бұйрық. Ақыры жеңіл
бомбардировщиктер дивизиясын қабылдадық. Соғыса келе, «ПО-2» универсал машина
екендігіне көзіміз жетті. Расында да жүйрік болмағанмен, күй талғамайды,
маневрге қолайлы «ПО-2» үшін кез келген жер - қону алаңы, кез келген ашық жер -
аэродром. Дивизия тапсырмаларды табыспен орындап келеді. Біз бұл кішкентай
машиналарға үйренгеніміз былай тұрсын, жақсы көріп кеттік. Дивизияға
истребительдер және ауыр бомбардировщиктер полкі келіп қосылды, ол үлкен Әуе
армиясына айналды. Кенеттен ставкадан «құрамыңызға әйелдер полкін қабылдаңыз»
деген бұйрық алдық. Таңданып та, ренжіп те қалдық. Бізге Марина Михайловна
Раскова мен Евдокия Давыдовна Бершанская ұшып келді. Олар «полк қыздары батыл,
жүректі, табанды» деп мақтай жөнелді. Вершинин екеуміз Краснодонда тұрған
сіздерге келдік. Өткен іс қой, жасырмай айтуға болады - ұшқымыз-ақ келмеді.
Бірақ өздеріңді көргеннен кейін көңіліміз орнына түсті. Сіздердің әскери
тәртібіңіз, жинақылығыңыз, тазалығыңыз, материалдық бөлім жағдайы және
майдангер рухыңыз, жігеріңіз - бәрі де ұнады.

Захаров сәл кідірді, оның сөзін ұйып тыңдап отырған біздер
бір-бірімізге қарап қойдық. Захаров сөзін жалғастырды.

- Штабқа оралғаннан кейін Вершинин екеуміз оңаша отырып, сіздердің
полкіңізден алған әсерімізді қайта бір салмақтадық та «қыздар біздің
армиямыздың атына кір келтірмейді» деген тұжырымға келдік. Сіздердің сол
үмітімізді толық ақтап шыққандарыңызға шексіз қуанамыз. Сіздер нағыз жауынгерлерше
батыл соғыстыңыздар, полктеріңізге гвардиялық полк атағы берілді.

Алдағы болатын шешуші шайқастарда табысқа жетуімізге тілек
білдіріп, ол ұшып кетті. Аэродромда тұжырып:

- Толық жеңіске жетіп, Берлинде кездескенімізге дейін хош
болыңдар! - деді.

Біздің полкті Комсомол Орталық Комитеті де ұмытқан жоқ.
Соғыстың ауыр жолында жүргенімізде оның қамқорлығын үнемі көрдік. Орталық
Комитет бірнеше рет бізді Құрмет Грамотасымен наградтады, сыйлықтар берді.
Москвадан көркем әдебиет жаңалықтарын алып тұрдық.

            Соғыс
біткеннен кейін не істейміз, қайда барамыз деген сұрақ енді жиі-жиі талқылануға
айналды.

            Наташа
Меклин, Рая Аронова, Саша Хорошилова, Женя Жигуленко және мен - бесеуміз
соғыстан кейін қайтадан институтқа түсуге бекіндік; Ирина Себрова, Марина
Чечнева, Катя Пискарева авиацияда қалуды ойлады.

            Адам
көзімен көрмесе, өз басынан өткермесе, сенгісі келмейтін, ертегіде ғана
кездесетін жағдайлар болады ғой өмірде. Менің сондай бір жағдайға тап болғаным
бар.

            Полк
құрылған күннен бастап Белорусиядан келген әрі сүйкімді, әрі ақылды Леля Радчикова
деген қызбен де жақсы дос болған едім.

            Ол бірнеше
жүздеген рет жауынгерлік тасырмамен ұшып, бірнеше награда алып, бізбен бірге
Қырымға дейін келген. Сосын жараланып, денсаулығына байланысты ол зор құрметпен
әскерден босатылған. Полк қыздарының алды болып, ол соғыс бөлген оқуын аяқтау
үшін Москваға оралған. Леля Москваның Мемлекеттік университетінде оқыды, ал
күйеуі 4-Украин майданында бір ірі құрамның командирі болатын.

            2-Белорус
майданының құрамындағы біздің Әуе армиямыз ол кезде Польшаға кіріп, полкіміз
Далеке деген жерге орналасқан. 1944 жылдың декабрі болатын, біз жаңа жылды
қарсы алуға әзірленіп жаттық. Жаңа жыл мерекесін революциялық мерекелермен
бірдей тойлап өткізуді біз дәстүрге айналдырған едік. Ал жағдайға қарағанда бұл
жаңа жыл майданда қарсы алатын соңғы жаңа жыл болмақ түрі бар. Жеңіс жылы
болатыны байқалады. Сондықтан бәріміздің көңіліміз жақсы, көтеріңкі, бүкіл полк
болып жаңа жыл елкасын әзірлеуге кірістік. Жұмыс жеткілікті, елканы безендіру,
жасандыру керек. Бұған әрбір звено, әрбір эскадрилья, инженерлік-техникалық
құрам, тіпті полк штабы түгел қатысты. Армиялық және дивизиялық басшылық бізді
бұрынғыша қамқорлықпен қолдап отырды. Дәл жаңа жыл қарсаңында полк қыздарына су
жаңа форма берілді. Форма болғанда қандай! Әйелдерге лайықталған көйлек форма
екен. Шалбарды сыпырып тастап, әскери болса да, әйел көйлегін киіп алдық. Айта
кетейін, әйел көйлегін майданның өн бойында көксеп, армандап өттік.

            Жаңа жылды
қарсы алу комиссиясы құрылды, әркімге міндет бөлінгенде, мен жақын жердегі орманға
барып, елка әкелуге тиіс болдым. Түскі тамақтан кейін керекті саймандарды алып,
байланыс ротасынан жолдас ертіп, шаңғы мініп, жанымыздағы орманға кеттім. Қар
басқан қалың орман мен Польшада алғаш кезіктірген поляк қызы секілді сұлу да
салқын, соғыстың өзі секілді тұнжыр да үрейлі көрінді. Елка таңдап жүргенімізде
соғыс барын ескергеніміз де жоқ, таза ауа, ақ қар жанымызды жай таптырды. Ақыры
әдемісін, салалысын таңдап алып, полкке қайттық.

            Полкке
келісімен күтпеген тосын жаңалыққа кезіктім. Мені бір генерал іздеп жүр екен.
Қыздар мені қоршап, біреулер әзілмен, біреулер шынымен-ақ «бұл кімің еді, бұрын
неге сездірмедің» деп жатыр. Сөйтсек, ол Леля Радчикованың күйеуі екен.

            Ертегідей
емес деп қалай айтарсың: Леля қысқы каникулға шығып, сонау Москвадан майдандағы
күйеуіне келген, сосын оны 4-Украина майданынан біздің Белорус майданына мені
тауып алып, жаңа жыл кешіне шақыруға жіберген.

            Евдокия
Давыдовна Бершанскаяға бәрін баяндап, рұқсат алдым, қыздарды жаңа жылмен
құттықтап, алдын ала әзірлеп қойған жаңа жыл почтасын таратып, Леля Радчиковаға
қонаққа келдім.

            Соғыс жүріп
жатыр, зуылдаған оқ, жарқылдаған снаряд, қызыл шұнақ аяз, ал мен Леляның
күйеуі, оның адъютанты және шоферымен бірге бір майданнан екінші майданға жаңа
жыл қарсы алғалы келемін! Кідіріссіз, тосын оқиғасыз аман-есен жеттік. Леля
бізді қуана қарсы алды. Москвадан әкелген базарлығын әзірлеп, күтіп отыр екен.
Жаңа жылды Леляның семьясымен бірге көңілді мерекеледім. Одан мен Москва жайын,
менен ол полк жайын сұрасып, әңгімелесіп, бір жасап қалдық.

            Леляның
үстінде әйелдің әсем киімдері, ол маған өмірде көрген ең сұлу қыздарымның бірі
сияқтанды. Расында өзі де тұнық қой көзді, ажарлы қыз еді.

            Ойын-сауықпен,
әсерлі әңгімемен түн өтті, таң атты, сосын Леля күйеуімен бірге біздің полкке
келді. Қыздар құшақ жая қарсы алып, құрмет көрсетті, кешікпей Леля қимастықпен
қоштасып, жүріп кетті.

            Ұзамай
шабуыл басталды да, біздің полк Далекеден ауысты. Кейін ол жерге
Нормандия-Неман полкі келіп, бізді көре алмағандарына өкініп қалды деп естідік.

            1944 жылдың
аяғында совет топырағы жаудан түгелдей тазартылып бітті. Ақырғы шешуші айқастар
басталды.

            Қаһарман
жауынгерлеріміз Германияның шекарасына қарай зор екпінмен ілгерілей берді,
олардың артында қоршауға түскен жай бөлімшелері қалып жатты. Біз фашист армиясының
осы қалдықтарын бомбалауға жиі-жиі тапсырмалар алып жүрдік.

            Бір күні
бізге жаяу әскер мен авиация міндеттерін бірдей атқаруға тура келді. Атын
ұмыттым, бір селоға келіп, аэродром жасадық. Село тұрғындары қасымыздағы
орманда неміс бөлімі барын, оның қоршаудан шығуға әрекеттеніп жатқанын
хабарлады. Қандай бөлім, дивизия ма, полк пе немесе батальон ба, техникасының
күші қандай, жұрт білмеді. Тек көп екенін айтады. Бершанская армия штабымен
хабарласты. Штаб біздің полкке жауды жаяу әскер келгенше тырп еткізбеуді
тапсырды.

            Бершанская
эскадрилья мен звено командирлерін жиып алып, авиация полкіне қиындау
тапсырманы орындау жөнінде ақылдасты. Бірнеше экипажды оларға листовкалар
тастауға жіберуді ұйғардық. Бұларда немістерге қарсылықсыз берілуді ұсындық.
Бір сағаттан кейін Бершанская орманды бомбалауға екі звеноны жөнелтті. Фашистер
самолеттерімізге оқ атпады, біз қайран қалдық. Түс ауа немістер қолдарына
листовкалар мен ақ жалау ұстап, орманнан шықты. Олар қару-жарақтарын
листовкаларда көрсеткендей, селоның шетіне әкеліп үйіп, өздері белгіленген
жерге барып жиылып тұрды. Неміс солдаттары жартылай еркекше, жартылай әйелше
киінген, жүдеп-жадаған, адам аярлық. Олар әйелдерге бағынғанын білгенде, қалай
қысылды десеңші! Кешке таман жаяу әскер жауынгерлері келді, тұтқындарды соларға
табыс еттік.

            Берлинге
соңғы ұмтылыс алдында біздің полк Варшава түбіндегі аэродромды мекендеді.

            Бөлім
жетекшісі маған: «Бір жерлесіңіз келіп тұр, сізді көргісі келеді» деді. Сәлден
соң майдан газетінің тілшісі кірді. Ол қазір республикамызға аты белгілі ақын
әрі әдебиетші Сағынғали Сейітов екен. Жылы ұшырай амандасып, шешіле сырластық.
Туған Қазақстанымызды, қиырсыз кең даланы еске алдық. Сағынғали маған өз
жерлестеріміздің фашистерге қарсы қалай соғысқанын әңгімеледі. Мен жақсы
жаңалық естідім: балалық күнімнен дос құрбым Мәншүк Мәметова мен тағы бір қазақ
қызы Әлия Молдағұловаға Совет Одағының Батыры атағы берілген екен.

            Олар -
советтік Шығыс әйелдерінің ішінде ең бірінші болып осы жоғары мәртебелі атақты
алғандар. Мен қатты қуандым. Өйткені өз халқымды, өз ұлтымды шексіз сүйемін,
мақтан тұтамын!

            Қазақ халқы
Октябрь революциясына дейін құлдық өмір кешті, ол тек Октябрьден кейін ғана
ерікті ел қатарына қосылды. Өсу-өркендеу арқасында ғана ол Отанға осындай батыр
қыздарды тәрбиелеп бере алды.

            Қазақ жері
ұлан-байтақ кең, онда еліміздің алуан түрлі ұлты өмір сүреді, республикамыздың
гүлдей беруі үшін жан аямай еңбек етеді. Қазақ халқы ұлы орыс халқымен және
басқа туысқан халықтармен мәңгі бақи дос, ол достықтың тамыры сан ғасырлық
әріде жатыр.

            Ұлы Октябрь
социалистік революциясына дейін-ақ қазақ халқының ұлы ағартушылары Шоқан
Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин осы ұлы достықтың жаршысы бола
білді. Солар арқылы Пушкин, Добролюбов, Чернышевский, Белинский идеялары қазақ
жеріне жетті, қазақ халқының бостандық пен прогреске деген құштарлығын
күшейтті. Ол құштарлық Октябрь революциясымен барып ұласты. Халықтар достығы
совет үкіметі жылдарында барынша шыңдалып, беки түсті.

            Қазақ
халқының қаһарман ұлдары мен қыздары еліміздің өзге халық өкілдерімен бірге
майдан даласында таңғажайып ерлік үлгілерін көрсете білді. Олар социалистік
отанға шын берілгендігін, шексіз сүйетіндігін, керек болса, жан қиятындығын
танытты.

            Генерал-майор
Панфилов атындағы даңқты дивизия қазақ жерінде құрылғаны белгілі. Атақты
панфиловшылар Төлеген Тоқтаров, Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин және басқа
мыңдаған қазақстандықтар ажалмен аянбай арпалысып, астанамыз Москваны жау
басқыншыларынан қорғап қалуға ат салысты. Совет Одағының Батыры атағын екі рет
алған ақиық Талғат Бигельдинов еліміздің өзге өрендерімен бірге ашық
аспанымызды фашист құзғындарынан тазартуға зор үлес қосты. Совет Одағының
Батыры Сұлтан Баймағамбетов жау бекінісіндегі пулемет аузына өз кеудесін тосып,
Александр Матросовтың ерлігін қайталады. Совет Одағының Батыры Мәншүк
Мәметованың мойымас жігерін, берік қолын полктес жауынгерлері өмір бойы ойында
тұтады. Ол Невель түбінде совет әскерлерінің шабуылына жол ашқан пулеметінен
қыршын ғұмырын қиғанда да айырылған жоқ. Совет Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың
мерген қолы бүкіл елге аян. Ол мәңгі өлмес үшін бір өлді! Еліміздің бостандығы
мен тәуелсіздігі үшін мұндай ерлік жолын өткен қазақ ұлдары мен қыздары аз
емес. Олар жайлы том-том кітап жазуға болар еді.

            Соғыс
жылдарында бірде мен Майданнан Москваға, ВКЛСМ Орталық Комитетіне келгем. Сонда
Орталық Комитет әскери бөлімінің қызметкерлері мені ерекше жылы шыраймен,
құрметпен қарсы алғанын ұмытпаймын. Олар қазақ азаматтарының майдандағы ерлік
істерін жүректері елжірей, аса бір ырзалықпен сөз етті. Әсіресе, Мәншүк пен
Әлия жайын тәптіштеп толық әңгімеледі. Бай материал берді, мен естігендерімді
майдандас құрбыларыма айтып бердім.

            Біз Мәншүк
екеуміз бала кезден дос болатынбыз. Олар Орал қаласынан Алматыға көшіп барды.
Мәншүк №28 орта мектепте оқитын. Сұрапыл соғыс басталғанда ол Алматы дәрігерлік
институтының ІІ курс студенті еді. Ол болашақ тағдыр, Отан соғысы кезіндегі өз
орнын тап басып тапты. Қиындықтан, қауіптен қорыққан жоқ. Ол өз еркімен
сұранып, майданға аттанбақшы болды. Алматы облыстық военкоматтағы әңгіме ұзаққа
созылған жоқ:

- Мен өтінішпен келдім, майданға бармақпын.

- Біз әзірше қыздарды ондай қауіпті жолға жібере алмаймыз.

- Сіз жібере алмағаныңызбен, мен Отан тағдыры шешіліп жатқан
жерге қайтсем де баруым керек.

- Қарағым, қайталап айтам, әскерге қыздарды ала алмаймыз.

- Менің осы еркектермен тең праволығым Конституцияда
жазылған ба, жоқ па?

- Ал?

- Олай болса, солармен бірге мен де Отан қорғауға барамын.

Военкомат қызметкерлері бір-біріне қарап күлімсірегендей
болды. Мәншүк айтқанынан қайтпайтын азамат сияқты көрінді оларға. Бұдан бұрын
да осындай өтінішпен талай қыздардың келгенін көрген олар:

- Сіздің әскери мамандығыңыз бар ма? - деп сұрады военкомат
2- бөлімінің бастығы Мәншүктен.

- Жоқ, бірақ Отанды қорғау үшін мамандық керек пе?

- Шырағым, ертең кел, тағы сөйлесіп көрерміз.

- Сонда сіз ертең мені майданға аттандырасыз ба?

- Көрерміз.

Ертеңіне Мәншүк облвоенкоматқа келгенінде, екінші бөлім
бастығы оған Алматыда құрылып жатқан 100-бригадаға қосылғанын айтып, қайда бару
керектігін көрсетіп, адресін береді.

            Қазақстанда
құрылған 100-бригада әбден нығыздалып, әскери жұмысқа нақты әзірленуі үшін
Москва түбіне келеді. Мәншүк осы бригадада қатардағы жауынгер-песір болатын.

            Бірақ
Мәншүктің жігерлі, қызулы мінезіне одан басқа да жұмыстар табылды, ол бригадада
комсомолдар жұмысын басқарды, сонымен бірге жауынгерлік іске машықтанды. Мәншүк
қысқа мерзімді пулеметчиктер курсын бітіреді.

- Мына қазақ қызы пулеметтен қалай дәл атқанын білсеңіздер!
Бұл -  болашақтағы нағыз мерген, - деп
мақтайтын полктестері.

Мәншүк аға сержант атағын алып, пулемет расчетының командирі
болады.

            Ұзамай
бүкіл бригада әскери дайындықтарын аяқтап, Калинин майданына аттанады.

            Сөйтіп
Мәншүктің жан-тәнімен тілеген арманы орындалып, сұрапыл соғыс жағдайындағы
өмірі басталады.

            Соғыс
жағдайында да Мәншүк бағзы жігерлі, қызулы, екпінді күйінен жазбайды. Мәншүкке
одан басқа күй келіспейтін де еді. Ол әзірлік кездерінде өзі ғана нысананы дәл
түсіргенімен қоймай, басқа жауынгерлерді де үйрететін болса, енді фашист
басқыншыларын қалай жусату керектігін мерген тиген оғымен дәлелдей түседі.
Мәншүктің расчеты майдан шебінің алдыңғы сапында болатын. Енді оның қатқылдау
шығатын даусын ғана еститін болды жауынгерлері. Пулеметчиктер бөлімі Мәншүк
расчетына жанымен сенетін. Ол бар жерде шайқас тағдыры біздің пайдамызға
шешілетінін жақсы білетін! Командование де осы сенімде болатын. Мәншүк осыдан
бастап көпті көрген, көп шайқасқа түскен жауынгерлер алатын тапсырмаларды өз
қолынан өткереді. Мәншүк расчетына көбінесе жауынгерлер шабуылын қамтамасыз ететін
тапсырмалар беріледі. Мұндай тапсырмалардың талайын Мәншүк тамаша орындап
шығады. Ол өз орнынан бірде бір рет шегінген емес. Кейбір жауынгерлер кейде:

- Жолдас командир, оғымыз жетпесе қайтеміз? - деп сұраса, ол
қабағын бір түйіп, жігерлендіре сөйлеп:

- Жігітсің ғой, жеткіз, - дейтін.

- Жетеді, жолдас командир, - деуге мәжбүр болатын ол.

Осыдан кейін оқ тіпті жоқ болса да, жауынгерлер қайдан болса
да табатын.

Мұндай қиян-кескі ұрыстан кейін жауынгерлер Мәншүктің
жаңағыдай қатқылдығына дән разы болып қалушы еді. Олар бұл мінезін ажалдан
құтқарғанмен бірдей көретін. Шайқас бірер сәтке тынған кездерінде жауынгерлер
ең алдымен кезекті шайқасқа пулеметтерін әзірлейтін. Мәншүк осындайда да өз
шеберлігін өзгелерге үлгі қылатын. Елден келген хатты оқып, жауап жазуға да
үлгеретін.

Кейбір кездері күнімен болған шайқастан кейін бірнеше
сағатқа атыс тынатын. Сол шақтары жауынгерлер демала отырып, өткен-кеткендерін
ортаға салып, өзара сыр ашушы еді. Бір-бірінен туған ауыл-селосы туралы, туған
республикасы туралы жаңалықтарды естуші еді. Қазақстан туралы, Алматы туралы
Мәншүк те көп әңгімелейтін.

Майдан болмақ түгілі тамұқ болсын, ән қала ма?! Мәншүк те
қазақ әнін жауған оқтың астында талай шырқаған.

Мәншүктердің пулеметчиктер бөлімі Невель қаласына
жақындайды. Оларға Невельді азат етуге тапсырма беріледі. Уақыт тығыз. Біздің
артиллерия оғы шабуыл басталғанын хабарлап, дұшпандар шебіне оқ атқылайды.
Шабуылға шыққан жаяу әскер бөлімдеріне жол тазартады. Бүкіл шеп бірден алға
ұмтылады. Мәншүк қызу шайқас кезінде өз расчетымен қалаға қалай кіргенін,
Примор көшесімен дұшпанды қуалай, қаланың екінші шетіне қалай шыққанын байқамай
да қалды. Бұл кезде біздің жаяу әскер қалаға енді ғана кірген. Жау тойтарыс
бермек болып бекінеді, қалаға кері шабуыл жасамақ болады. Мұны сезген Мәншүк өз
расчетын бекіндіріп, дұшпан қолын тоқтатуға күш салады. Ал кейінгі жақтан
біздің жауынгерлер шабуыл жасап келеді, алдыңғы жақтан жау оғы төпеп тұр. Бұл
кезде ол жараланған да болатын. Бірақ қолындағы пулеметін бір сәтке де
тоқтатқан емес. Расчет жауынгерлері тек қана оқ тасуда. Немістер толассыз оқ
атып тұрған осы жалғыз пулеметті қайткенде де жоқ етуге өшіге түседі. Снаряд
атып, Мәншүк пулеметін ұшырып түсіреді. Мәншүк соңғы күшін жиып, жер бауырлап
пулеметіне жетеді. Пулемет бұзылмаған екен, қайтадан оқтап, қолға алады. Сол
сәтте қаптап келе жатқан жау шебін көреді. Оқ жаудырудан басқа ештеңені
ойламайды. Соңғы білгені - сиреген жау шебі, «Алға! Ура!» деген біздің
жауынгерлердің ұраны. Бұдан кейін ол мәңгі ұйқыға кетеді. Сөйтіп Мәншүктің
жалғыз пулеметі бүкіл шабуылдың тағдырын шешеді. Ол өзі өлсе де, аты өлмес
ерлік жасап кетті. Полктес жауынгерлері Мәншүк өлімін қатты аза тұтып қайғырса
да, оның ерлігіне қатты сүйсіне білді. Осы сүйсіну мен күрсінуді олардың Мәншүк
Мәметованың анасына жазған хатынан айқын аңғаруға болады:

«Қазақ халқының даңқты қызы Мәметованың жауынгерлік өлімі
Отанға шын берілгендіктің және шын сүйгендіктің баға жетпес үлгісі боларлық.

Мәметова жолдас майданға өз еркімен келіп, «Максим»
пулеметін үлкен табандылықпен игеріп, өмірінің соңғы минутына дейін сол
пулеметпен фашист жендеттерін жусата білді.

1943 жылдың 15 октябрінде болған шайқаста Мәметова жолдас
өзінің жараланғанына қарамастан, жау оғының нөсеріне қарамастан, өз пулеметін
тоқтатпады, сонысымен шабуылдағы жауынгерлеріміздің алға басуын қамтамасыз
етті.

Оның шайқастағы сөз жеткісіз табандылығы мен шеберлігі
ерекше көзге түсетін, осы адал қасиеттерімен ол біздің құрама жауынгерлері және
сержанттары арасында үлкен абыройға ие болған.

Оның өлімі - біз үшін, майдангерлер үшін, қарулас жолдастары
үшін орны толмас қаза. Біз өз Отанымыздың жалынды патриоткасының жауынгерлік
дәстүрін қастерлейміз, Ұлы Отан соғысының қаһарман батыры ретінде есте
сақтаймыз. Қазақ халқының даңқты қызы Мәншүк Мәметова мәңгі бақи жүрегімізде
болады. Оның есімін Ұлы Отан соғысының Батыры ретінде мақтанышпен айтып
жүреміз». Бұл хат Мәншүктің анасына 1943 жылдың 25 октябрінде жазылған еді. Ал
1944 жылдың 4 апрелінде Мәншүк Мәметоваға Совет Одағының Батыры атағы берілді.

Бүкіл қазақ халқы Мәншүк есімін зор мақтанышпен есте тұтады,
батырлар жайлы әңгіме болса, алдымен Мәншүк есімін атайды. Мәншүк есімін Невель
қаласының тұрғындары да ұмытпайды. Невель қалалық еңбекшілер депутаттарының
советі Приамурская көшесін Мәншүк Мәметованың атына көшірді, қаланың орталығында
ескерткіш орнатылды.

Мәншүк секілді Әлия Молдағұлова да қысқа да болса қаһарман
өмірмен өтті. Әлия Ақтөбе облысы Темір ауданында Жем өзенінің жағасында туған.
Ол ағасы екеуі ата-анадан ерте айырылған болатын. Әскери қызметте жүрген
ағасының шақыруымен Ленинград қаласына барады. Әскери гарнизон территориясында
мектеп болмағандықтан, Әлия балалар үйіне орналасады. Ол өзге балалармен бірге
осынау сұлу қаланың, революция бесігі болған, Ленин есімін алған қаланың
көшесін көп аралап, көп қызықтайды. Социалистік революция жеңісін әлемге паш
еткен «Аврораны» көреді. Ұлы ақын Пушкин жүрген Нева жағалауын, Нева көпірін,
Пушкин болған жазғы бақты, мыс салт аттыны, адмиралтействоны, Исакий соборын
көреді. Қайсібірін айтуға болады, осынау музей қаланың мың жерлерінде болады
Әлия.

Әлияның балалық шағы жақсылыққа, қызғылыққа толы. Ол балалар
үйінде тәрбиеленушілермен өте тату тұрады. Өз өмірін күн шұғыласына шағылысып,
жарқылдап жатқан Жем өзенінің айдынына теңеуін жақсы көреді. Әлияға ағасы
жиі-жиі келіп, жекенбі күндері қаланы аралатуға алып шығады. Өзара қазақша
сөйлеседі, бұл Әлияның ана тілін ұмытпауына зор себепші болады. Ағасы Әлияның
байсалды, ақылды қыз болып өсіп келе жатқанына қатты қуанады. Әлияның жоғарғы
білім алып, туған еліне барып қызмет істеуін армандайды, оған туған
республикасы туралы көп әңгіме айтады.

Сұрапыл соғыс басталғанда Әлия 6-класты бітірген болатын.
Қала блокадада қалған. Балалар ересектермен бірге қаланың бомбалануына,
жарықтың болмауына, аштыққа үйрене бастайды. Әлияның ағасы майдандағы
жауынгерлер қатарында болатын, ол қарындасына жиі-жиі жылы хаттар хазып тұрады.
Бір күні балалар үйінің тәрбиешісі Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» атты
өлеңін оқып бергенде, Әлияның қуанышы қойнына сыймайды, бойын мақтаныш сезімі
билейді.

1942 жылы Әлия тәрбиеленіп жүрген балалар үйі Ярослав облысы
Некрасов ауданы Вятское селосына көшеді. Әлия сонда жетіжылдықты бітіреді.

Көп ұзамай Әлия өзінің ересек болғанын сезінеді: азалы өткен
балалық шақ, соғыс сұмдықтары көз алдынан өтеді. Жарқын келешек, бақытты
келешек гитлершіл жендеттерді жеңгенде ғана нұрын шашатынын сезінеді. Сондықтан
ол майданға баруға, жауынгер болуға бел байлайды. Әлия тәрбиешісінің «әлі
жассың, оқи түсуің керек» дегеніне қарамастан, майданға жіберуіне көндіріп,
военкоматпен сөйлестіреді. Әлияның табандылығын, жалынды жігерін көрген
военкомат оны мергендер мектебіне түсіреді.

Әлия бұл мектепті тез де табысты бітіріп шығады. Майданға
аттанарда мектеп басшылары Әлияға «майданда оғың шалыс кетпесін» деп тілек
білдіріп қалады.

Әлия соғысқа кірген кезінде біздің әскерлеріміз екпінді
шабуыл үстінде болатын. Ол өзін жаужүрек табанды жауынгер ретінде танытты. Бір
оғы шығын кетпейді. Казачиха селосы үшін болған шайқаста командир алға деп ұран
тастап тұра бергенде, жау оғынан қаза табады. Жауынгерлер не істеуге білмей,
жатып қалады. Осы кезде Әлия орнынан ұшып тұрып, оларға бұйрық беріп, алға
ұмтылады. Қолма-қол шайқас басталады. Жау шегінуге мәжбүр болады. Шайқастан
кейін жауынгерлер Әлияға алғыс айтып, разылығын білдіреді. Осы ерлігі үшін Әлия
командованиеден алғыс алып, наградаға ұсынылады. Бұл кезде ол жауынгерлер
арасында батыр мерген ретінде танылып қалған болатын.

Кезекті бір шайқас. Нағыз ортасында Әлия, қолында мерген
мылтығы. Жаудың алдыңғы шебі жусап түсті. Бірақ ол қайтар емес. Әлия мылтығынан
талай фашист өлген кез. Қызу айқас қолма-қол шайқасқа ауысады. Бір кезде Әлия
мен бір неміс офицері бетпе-бет келіп қалады. Екеуі де бірдей атылып, бірдей
жығылады. Қаһарман қазақ қызының қыршын өмірі осылай қиылады. Бірақ оның өлімі
кексіз кеткен жоқ. Майдандас достары мәңгі бақи ұмытпайды. Қиын кезде қарлығашы
болған, қолғабысы болған қарындасын кім ұмытар? Әлия Молдағұловаға Совет
Одағының Батыры атағы беріледі.

Жақында Ақтөбе қаласының орталығында қазақ халқының бұл
батыр қызына ескерткіш орнатылды. Бұл ескерткіш жанынан Әлияны қасиеттеп, бас
имей өтетін адам болмайды. Өйткені ол өз өмірін солардың бақыты үшін, болашағы
үшін қиған.

Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Президиумы председателі болған
Шекер Ермағамбетова соғыс кезіндегі бір жайды мақтанышпен еске алып отырады. Ол
бірде майдан жауынгерлеріне поезбен сыйлық апарады. Харьков қаласында Қазақстан
делегациясын Жоғарғы Бас командованиенің ставкасы Соғыс Советінің мүшесі
Н.С.Хрущев қабылдайды. Сонда ол Шекер Ермағамбетовамен әңгімелескенде, оның қолын
қатты қысып тұрып, партия атынан, командование атынан майдандағы ерлігі,
тылдағы зор еңбегі үшін күллі қазақ халқына рахмет айтады және сол сезімін
Қазақ ССР үкіметі, қазақ еліне жеткізуін сұрайды...

Сағынғали екеуміз көп әңгімелестік. Кешкілік мені дивизия
штабына шақырды. Тілші жерлесімді жауынгер достарыммен таныстырдым да өзім ұшып
кеттім. Ертеңіне кездескенімізде ол маған полктен алған әсерін әңгімеледі. Түні
бойы аэродромда болып, тапсырмаға барып-қайтып жүрген экипаждарға қарап
отырыпты, қыздардың майдангерлігіне қатты разы екен.

Ол кетерінде қазақстандық жауынгерлер туған республикамыздың
25 жылдық тойына құттықтау хат әзірлеп жатқанын айтып, майдандық газет
редакциясына соғып шығуымды сұрады.

Көп уақыт өтпей, мен майдандық газет редакциясы тұрған
Бреслау қаласына аттандым. Мені газет редакторы Ахмет Елшібеков, қазір
республикаға аты мәлім ақын Жұбан Молдағалиев, Сағынғали Сейітов қарсы алды.

Соғыстың басынан аяғына дейін барлық одақтас республика
халықтарының ана тілінде жауынгерлік газет шығып тұрды. Олар бір-бірімен тығыз
байланыста болды. Сондықтан қазақ газетінің редакциясы республиканың 25
жылдығына құттықтау хат әзірленіп жатқаны бәріне белгілі болатын.

Әйелдердің әуе полкінен офицер қазақ қызы келгені
естілгеннен кейін біздің редакцияға келіп-кетушілер мол болды. Олар полк жайын,
онда өзге республикадан қыздар бар ма, жоқ па, болса кімдер екенін сұрады. Мен
бәрін баян еттім.

Жерлестеріммен кездесуім өте көңілді өтті. Олардан толып
жатқан жаңалықтар естідім. Әңгімеміз ас үстінде де қыза түсті. Жерлестерім мені
қазақша ет асып құрметтеді. Мен бұл ұлттық тағамды жақсы көруші едім, бірақ
соғыс жағдайында алғаш рет жеп отырғам.

Ет асып жүрген редакцияның ең жас, қыз мінезді қызметкері
Зейнолла Садықов - қазір Шалқар аудандық (Ақтөбе) партия комитетінің секретары.
Ол әңгімеден құр қалдым деп өкіне берді. Біз оның пісірген етін мақтап, көңілін
көтеріп алдық.

Редакция қызметкерлерінің біреуі Бреслауға әскери бөлім
келгенін, онда Тотыя Тойбазарова деген қазақ қызы бар екенін, оның да
шақырылғанын, кешігіп жатқанын ескертті. Мен онымен кездескенше асықтым, кім
екенін, қайдан екенін қайта-қайта сұрай бердім. Жолдастар оны офицер, бөлім
штабында жұмыс істейді деді де, басқа ештеңе айта алмады, себебі өздері де
бір-ақ рет кездесіпті.

Кешікпей Тотыя келді. Жалт-жұлт етіп жайнаған өткір қара
көзді офицер қыз бізбен сыпайы амандасты. Танысып, өзара әңгімелескенімізде,
өзі жайлы көп ештеңе айта қойған жоқ.

- Шалқарда тудым, сонда 10-класты бітірдім. Жоғары дәрежелі
білім алуға соғыстың кесірі тиді. Аудандық атқару комитетінде арнаулы бөлім
бастығы болып қызмет істедім. Ұзамай майданға келдім. Қазір Армия штабының
жанында ерекше бөлімнің әскери цензорымын. Партия мүшесімін, әрине өздеріңіз
секілді үй-ішімді қатты сағындым. Шешем бар, екі сіңлім бар, - деп бітірді
сөзін ол.

Аз айтты, алайда кіші лейтенант атағы мен төсіндегі
«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі ауыр күндер айғағындай еді.

            Маршал
Рокосовскийдің қазақ жауынгерлері атынан туған Қазақстанға хат жолдадық,
бірігіп суретке түстік те:

- Туған Қазақстанда қауышқанша сау болыңдар! - деп хош
айтыстық.

Соғыс жылдарында физкультура-спорт мәселесі ел назарынан тыс
қалған жоқ. Біз оны майданда да ұйымдастыра білдік.

            Бірде
біздің полк Германия жерінде Бранденбург түбіндегі, әлде Геринг, әлде Гес,
әйтеуір бір фашистің имениесіне орналасты. Халықты сорған-ақ екен ол ит!
Имениесін кәдімгі қалашық деуге боларлық, бірнеше үйіне бүкіл полк сыйып кетті.
Біз Лидия, Маша үшеуміз бірнеше бөлмелі дачаға түстік.

            Қалашықтың
дәл ортасында үлкен сарай, төңірегінде жалшылар тұратын үйлер мен шаруашылығы,
үлкен стадион, бірі культивацияланған, бірін тал басқан екі парк, аумақта су
тоғаны, толып жатқан құрылыс орны бар. Осының бәрін аралап жүріп, Саша
Хорошилова екеуміз стадионын қатты ұнаттық. Бізге керегі де сол болатын.
Өйткені физкультурниктер мерекесін өткізбекке әзірленіп жүргенбіз. Осының
алдында полк комиссары мен парторг сол мерекені өткізетін алаң табуға
тапсырған, ал біз дап-дайын стадионға тап болдық. Комиссар мен парторгқа осы
жайды хабарлап, барлық комсомол бюросы болып, физкультурниктер парадына кірісе
бастадық.

            Парад
ашылатын күн бұлтсыз, ап-ашық болды, қонақтар келе бастады. Қыздар жақсы форма
тігіп алған, мата деген көп. Өзіміздің дивизия полктерінен келген өкілдер,
дивизия мен армияның Вершинин бастаған жетекшілері трибунаға шығып отырды.

            Мереке
көңілдегідей, қызықты өтті. Жарыс аяқталысымен Саша Хорошилова жеңген
спортшыларға бағалы сыйлықтар тапсырды. Біздің 4-Әуе армиясының қолбасшысы
Вершининнің атынан ұйымдастырушы ретінде маған есімім жазылған сағат берді.

            Жоғарғы
басшылық орындарының өкілі бізді мерекемізбен құттықтап, басқа полктер де
осындай парад ұйымдастыру керек деді.

            Физкультура
мен спорт жұмысының дәрежесі бұдан кейін де артпаса, төмендеген жоқ.

            Полкіміз
жауынгерлік тапсырмаға көмекші аэродромнан аттанып жүрді. Бір күні алдыңғы
эшелонмен бірге маған да ұшуға тура келді. Алдыңғы эшелонның міндеті - кейінгі
келетін самолеттерді қабылдайтын аэродром әзірлеу және олардың жауынгерлік
тапсырманы орындауына жағдай туғызу. Эшелон құрамына азық-түлік, жанармай,
оқ-дәрі тиелген бірнеше машина, рациясы бар байланыс ротасы, машиналар тобы
және полктің самолеттерді қарайтын құрлықтағы құрамы кіреді.

            Командование
көрсеткен көмекші аэродромның орны Шығыс Пруссияның бір жерінде (атын ұмыттым)
болатын. Оның географиялық картасы қолымызда. Штурман болғандықтан, мен картаға
қарап отырып, құрлықта да ориентир жасауға машық едім.

            Бұл
соғыстың соңғы күндері екенін, Берлинге штурм жасалынбақ болғанын білеміз,
сондықтан жайбарақат, жайдары көңілмен келе жаттық.

            Жолшыбай
француздардың санитарлар тобын ұшыраттық. Оларды сұрамай-ақ, тоқтатпай-ақ,
сестраларына қарап таныдық. Дүниежүзіндегі ең сұлу, ең сүйкімді әйел - француз
әйелі деген сөз тегін емес екен. Сол сөзді бекіте түскісі келгендей, олар соғыс
кезінде де сыланудан танбапты. Бәрі де жібек көйлек киген, тіпті шлейфі де бар,
басындағы косынкалары қалай болса, солай салған шляфете немесе жеңіл шәліге
ұқсас. Қимыл-қозғалыстары әдемі, көз тартарлық. Француз әйелдерінің түр-келбеті
ежелден осындай, қызғанбайсың да, кінәламайсың да, жалпы алғанда қарар көзге
әсерлі.

            Жалыны
лаулап жанып жатқан неміс қалаларының үстінен де өттік. Бір қаладан бір топ
неміс әйелін көрдік, олар тас мүсін секілді, бет әлпеттері де тастан
жасалғандай жансыз, бүлк етпейді. Жазушы Илья Эренбургтың соғыс басында адамның
орнына жендет туған неміс әйелдерін кінәлай сөйлеген сөзін есіме алдым.

            Әйтсе де,
ананың аты ана ғой. Әрбір әйел өз баласын сүйеді, жендет болсын демейді-ау деп
ойлап қалдым.

            Көздеген
жерімізге жетіп, аэродромға лайық алаң, полк жауынгерлері түгел түсетін үй
қарастырдық. Осынау кішкентай қалада бізге ерекше әсер еткен бір үй болды.
Бөлмелерін аралай жүріп, заттарын көре келіп, оның диверсант әйелдер даярлайтын
мекеме болғанын аңғардық. Оларды әр нәрсеге: биге де, музыкаға да үйреткен болу
керек, ал кейбір бөлменің неге арналғанын біле алмадық. Әйелдердің әрқайсысы әр
бөлмеде тұрған сияқты, бірақ бізді таңдандырған ол емес. Гитлер дүниежүзін
басып алуды мақсат еткенде, барлаушыларға, диверсанттарға зор көңіл бөлгенін
білеміз. Бұл сондай мектептердің бірі болуға тиіс. Бізді таңдандырғаны - әрбір
затта орыс әйелдерінің аты-жөні жазылуы болды. Ол заттар тұтқынға түскен орыс
әйелдерінен тартып алынған шығар деген ойға келдік. Сыртқа шыққан бойымда мені
рация арқылы сөйлесуге Бершанская шақырды. Ол асықпайтын байсалды әдетімен:
«Сіздің эшелон қиын жағдайға душар болғалы отыр. Дойты-Айлау жағынан сіз тұрған
пункт үстінен Берлинге қарай жау танкілерінің құрамасы өтпек. Ол құрама -
Гитлердің соңғы сенімі, қиын кезде ғана қолданбақ болған бөлімі. Өз жағдайларыңызға
қарап шешім қабылдаңыздар. Менімен үнемі байланыс жасап тұрыңыздар», - деді.
Мен үнсіз ойланып қалдым. Бұл қалпымды жақындап қалған самолеттің гүрілі бөліп
жіберді. Ол біздің байланысшы самолет екен, Бершанскаяның рация арқылы айтқанын
ол да қайталады. Полк командирі оны байланыс үзіліп қала ма деп жіберген екен.
«Жау танкілерінің дәл қай кезде өтетіні белгісіз, сіздерге басқа самолет
жіберуге мүмкіншілік жоқ», - деп байланысшы самолет ұшып кетті. Келген
жолдастар жиылып ақылдастық та, жағдайға байланысты қимылдармыз, әзірше күтіне
тұралық деп келістік.

            Танкілермен
соғысуға мүмкіншілігіміз аз, өйткені самолетке ілінетін бомбадан басқа
ештеңеміз жоқ. Сол бомбаларға «мина» деп жазып қойдық, «мина» екенін білсе,
танкілер орғытып өтер, бомбамыз аман қалар деп ойладық.

            Күтіп
отырмыз. Танкілер көрінер емес. Тамақ ішкіміз келді. Үнсіз отырып ауқаттандық.
Ымырт жабылды, түн болды, таң атты, танкілер әлі жоқ. Ертеңгілік өзіміздің
байланысшы кішкентай самолеттеріміздің даусы естілді. Ол жау танкілері басқа
бір жерден өтуге тырысқанын, біздің бағытымыз өзгергенін, тез көтерілу
керектігін хабарлады. Көшіп-қонуға үйренген біздер жылдам жиылып, жаңа бұйрықты
орындауға аттандық.

            Күннен-күнге
соғыстың аяқталуын күттік. Аэродромымыз Германия жерінде, Ной-Бранденбург
түбінде тұрғанда ұлы жеңіс туралы хабар келді. Совет жауынгерлері ересен
жігермен Берлинге кіріп, Рейхстаг төбесіне жеңіс туын тікті. Фашистік Германия
тізе бүкті.

            Бірнеше
күннен кейін бізге майдан қолбасшысы Совет Одағының маршалы Рокосовский келді.
Ол жоғарғы Бас командование ставкасының тапсыруымен біздің полкті тарату туралы
бұйрықты оқыды. Ол бәрімізге Қызыл Ту орденін, ІІІ дәрежелі Суворов орденін
түнгі бомбардировщиктердің авиациялық Тамань гвардияшыл полкінің барлық
жауынгерлеріне жүректен шыққан жылы сөздерін айтты:

- Өздеріңіздің жауынгерлік жолдарыңызды адалдықпен және
қаһармандықпен өттіңіздер. Отан алдындағы борыштарыңызды ақтадыңыздар! Келешек
бейбіт күндерде сіздерге шын көңілден бақытты өмір тілеймін!

Жеңіс күнін шулы қуанышпен қызу атап өттік. Пулемет
лентасында, самолет бортында, наганда бір де бір оқ қалған жоқ, жеңіс құрметіне
аспанға атып, салют бердік. Үйге қайтар алдында Берлинге барып келуге келістік.
Уақыт бар. Сөйтіп 1945 жылдың 2 июнь күні машинаға мініп, Берлинді аралап қайтуға
аттандық.

Германиядан алған әсерімізді ежелгі Спартан немесе крест
жорығы заманын еске алмай айтып беру қиын. Германия адамдарынан да, үйлерінен
де, тұрмыстарынан да - бәрінен де спарталық қатал тәрбие сезіледі. Тіпті біз
Берлинге келе жатқан жол да жаулап алу жорығына лайықталып, мәңгіге салынған
сияқты. Бұл бір жағынан немістерге тән тиянақтылық пен дәлдікті танытқандай.
Жолдың екі жағына алма ағашы өскен. Немістердің айтуынша, соғысқа кетіп бара
жатқан әрбір солдат міндетті түрде сол алмадан дәм татуға тиіс болған.

Берлинге жақындадық, ол қатал тәртіппен салынған тұнжыр
үйлермен басталады. Қатал тәртіп дегенім, үйлер мен көшелер бір сызықтан қылдай
аумайды, тұнжыр болатыны - барлық үй тек қана қара, я сұр бояумен боялған.
Қайтсін, фюрердің жақсы көретін бояуы солар болса керек.

Мәселен, дүниежүзі пролетариатының көсемі К.Маркс көп
бояудың ішінен қызыл түсті жақсы көргені әлемге аян. Бірақ біз марксист
болғанымызбен, ешқайсысымыз қып-қызыл үй көргеніміз жоқ. Мен мұны айтқанда,
Маркс пен Гитлердің нені жақсы көретінін салыстырайын деп отырғаным жоқ.
Фашистер билеген Германиядағы әскери қатал, тұнжыр тәрбиеден алған әсерімді
айқындай түсу үшін айтып отырмын.

Міне, Бранденбург қақпасына да таяндық. Оның кілтін крест
жорығы қайталанбас үшін ежелгі Русь алды, дүниежүзінде бейбітшілік сақталуы
үшін қазір біздің елімізде сақтаулы. Бранденбург қақпасынан кейін фашизм ұясы
әрі фюрердің өз резиденциясы - гранд пляц басталады. Оның территорясында
Рейхстаг, фашистердің үйлері, крест жорықтарының мұрасы бар. Олар - Франко-прусс
соғысынан кейінгі жеңіс ескерткіштері, жеңіс аллеясы, сауыт киген крест
рыцарьларының мүсіндері. Бұлардан Германияның жаулап алу соғысының бүкіл
тарихын танып-білуге болады. Рейхстаг қасында темір канцлердің темір тұлғасы
тұр.

Біз Рейхстагты аралап, совет солдаттарының сол кездегі
дәстүрі бойынша, Рейхстаг қабырғасына өз аты-жөнімізді жазып кеттік.

Гранд пляцтан біз бір топ неміс әйелдерін кезіктірдік. Олар
маған таңырқай қарасып:

- Оу, офицер азиейшин! - дейді. «Мынау азиялық офицер»
деулерінен мені сөз етіп тұрғанын сезіп, тәкаппар күймен түсінік бердім. Жай
ғана азиейшин емес, советтік азат Қазақстан офицері екенімді айттым. Аш-жалаңаш
жүрген бір топ баланы көрдік. Олар қол жайып, нан сұрайды. Қолымыздағы барын
бөліп бердік.

            Бір топ
жұмысшыларға жолықтық. Олар бізге өздерінің кінәсіз екендіктерін, соғысқа
Гитлер мен фашизм итермелегенін, жұмысшылар Эрнст Тельман жолынан таймағанын
түсіндіріп айтып жатыр. Неміс халқының адал ұлы, жігерлі коммунист Эрнст
Тельманды фашистер айуандықпен өлтіргенін де сол жерде тағы еске түсірдік.

            Біз өрт
соғыстың от-жалынынан өттік, өліммен бетпе-бет кездестік, адамзат қасіретін,
нелер сұмдықты көрдік; көз жасы мен қанға бөгіп тебіренген туған жерімізді
көрдік; қорлық көріп, әбден әлсіреген совет адамдарының неміс тұтқынынан
босанғанын көрдік; соғыстың алғашқы айында құлдыққа түскен жігіт пен қыздардың
үйлеріне қаусап қайтқанын көрдік, не көрмедік!

            Бұл
ендігәрі қайталанбауға тиіс! Ешқашан қайталанбайды! Совет адамдарының тұжырымы
осындай! Осыны тілейді бүкіл прогресшіл адамзат!

            Төмендегі
жолдарды ақын Сергей Михалков әрбір совет азаматы атынан айтты:

            Көрдім өзім
тұнжыраған,

            Приюттан
бұйыққан,

            Баланы
Орел, Рязаннан,

            Ана тілін
ұмытқан.

            Жоғалтыпты
бостандығын,

Жоғалтыпты үй-ішін,

Жат өлкеде босқан бүгін,

            Білмейді де
туысын.

            Тартып
алмақ болады кім,

            Отан, үйін,
расы.

            Бар
советтік ұландардың

            Ұлы Отан -
анасы!

            Жоқ,
сұрапыл соғыс жылдары ешқашан естен кетпейді. Әрбір совет азаматы соғыстың не
екенін жақсы біледі, бейбіт өмірдің не екеніне және жете түсінеді.

            Бейбітшілік
- бақытты балалық.

            Бейбітшілік
- гүл жайнаған жастық шақ.

            Бейбітшілік
- өз баласының қызығын көрген ата-аналар қуанышы.

            Бейбітшілік
- қартайған әке мен әженің немерелерін сүйіп, тыныш өмір сүруі.

            Бейбітшілік
- қарапайым адамның ертеңгі күнге, жарқын да тыныш келешегіне сенуі.

            Міне,
сондықтан бейбітшілік - әрбір совет адамына, жер бетіндегі әрбір адамға орасан
қымбат.

Жер жүзінің ақ ниет адамдары біздің елімізге үлкен үміт
көзімен қарайды, өйткені олар Совет Одағы құрылған күні-ақ бейбітшілік туралы
Декрет қабылдап, содан бері сол ізгі саясатынан танбай келетінін жақсы біледі.

Ұлы коммунизм елінің үкіметі барлық ой-арманын, еңбегін жер
жүзінде бейбітшілікті сақтау мүддесіне бағыштайды!

Елге қайтуға әзірленіп жаттық. Әуе армиясының қолбасшысы
Вершинин мен армияның саяси бөлімінің бастығы екеуі біздің полкпен қоштасуға
келді. Вершинин командование атынан және жеке өз атынан біздің әскери адал
қызметімізді, ерліктерімізді айтып, құттықтады, бейбіт өмірге қайырлы сапар,
бақыт тіледі.

Сол күні кешкілікте полкте біріккен ең соңғы партия-комсомол
жиылысы болды. Жиылысты полк парторгі Мария Ивановна Рунт ашты. Ол бізге аса
қымбат, жүрегімізге жақын тұңғыш командиріміз Марина Михайловна Раскованы еске
түсірді.

- Біздің жауынгерлік жетістіктеріміз - сол кісінің
жетістіктері! Ол өзінің жеке басымен, күнделікті өмірімен бізді ерлікке,
батырлыққа үйретті!..

Парторгті тыңдай отырып, орны толмас қазаны қайтадан бір
бастан кешіргендей болдық. Мария Ивановна Рунт полкіміз өткен жауынгер жолды
шолып, қорытынды жасады. Сосын бейбіт өмірде, бақытты еңбекте табысты
болуымызға тілек білдіріп, әрқайсысымыздың ата-анамызға сәлем жолдады.

            Бұл полк
құрылғаннан бергі уақыттағы ең қысқа әрі ең салтанатты жиылыс болды. Саша
Хорошилова жиылыстың қаулысын оқыды. Онда майдангер құрбылардың бейбіт күнде
қай жерде, қай уақытта кездесіп жүретіні белгіленді. Қаулы ду қол шапалақтау
үстінде бірауыздан қабылданды.

            Кездесетін
жеріміз Москва Үлкен театры жанындағы сквер болды.

            Сонымен
төрт жылға созылған сұрапыл соғыс аяқталды. Біз, Лидия Гогина, Маша Марина
үшеуміз, келешек күнді сөз етіп, бір-бірімізді ешқашан ұмытпасқа серт
байластық. Бар ойымыз - туған елге, туған үйімізге тез жету. Командование
біздің полкімізді Москваға дейін эшелонмен апарып, сол жерден үйді-үйімізге
таратпақ.

            Немістің
жайлы, жұмсақ кереуетінде жатып, келешек күнді, үйдегі қызу кездесу сәтін  көз алдымызға келтіреміз.

            Алайда,
маған елге аттанбай тұрып, тағы бір тапсырманы орындауға тура келді.

            Біздің
әңгімемізді бөлмеге енген полк штабының бастығы бөліп жіберді. Ол маған қарап:

- Армия штабына барып, арнаулы тапсырманы орындайтын бір
штурман керек. Полк басшылығы сізді қол көріп отыр. Жедел жетуге тиіссіз, -
деді.

Әрине, бүкіл қыз болып таңырқасып қалдық. Қыздарға армия
штабынан телефон соқпақ болып, аттанып кеттім.

            Армия
штабында самолет күтіп тұр екен, мен оған экипаждың запастағы штурманы болып
бекітіліппін. Ол  өзіміздің кішкентай
«ПО-2» емес, алып әуе лайнері болып шықты. Экипаж командирі Москваға лауазымы
үлкен басшыларды апарып, сосын үйді-үйімізге тарайтынымызды айтты.

            Кешікпей
аэродромға машина келді де, одан қасында кісілері бар генерал Гречко шықты.

- Генерал Гречкоға арналған самолет осы ма? - деп сұрады
жанындағы серігі. Біз жауап қаттық. Олар самолетке отырды, ұшуға бұйрық берілді
де, алып құс көкке қалықтап шыға келді.

Соғыс біткен, жарқын жаз, әуе лайнері, көңіл көтеріңкі,
мұның бәрі - ұшқыш үшін зор қуаныш. Сол көңілімізге Киевке келгенімізде сәл
кірбің туды. Біз Киевтен жанармай құйып алмақшы едік, ал ол қабылдамады.
Сөйтсек, Подсдам конференциясына қатысу үшін осы жолмен біздің делегаттар ұшып
өтпек екен. Сондықтан әзірше аэродромға өзге самолетті қондырмауға бұйрық
беріліпті. Біз жайымызды айтып, аэродромға қондық, тез-тез жанармай құйып алып,
ұшып кеттік.

            Генерал Гречко
экипажға да, ұшу сапарына да дән разы болды.

            Москваға
келгесін орталық аэродромға қондық. Гречко Кремльге кетті де, біз қаланы
араладық.

            Маша
Маринаның үй-іші Москвада тұратын, мен соларға барып, Машаның аман-есендігін
айтып, ұзамай бәріміз де үйімізге тарайтынымызды хабарладым. Бұл тату-тәтті,
ибалы семья екен. Машаның әкесі ата-бабасынан бері жұмысшы, қазіргі Лихачев
атындағы заводта істеуші еді.

            Генерал
Гречко Кремльдегі жұмысын бітірген соң, кейін қайттық. Гречко осы жолы Киев
әскери округінің қолбасшысы болып тағайындалған, біз оны Киевке алып келдік.

            Генерал
Гречконың экипажға разы болғаны сондай, бізге әдейі арнап қонақасы берді. Содан
соң рахмет айтып, Киевте қалды да, біз армия штабына ұшып кеттік.

            Полкке
қайтып келсем, қыздар елге қайтуға әзірленіп жатыр екен. Біз, Маша М., Лидия
Г., Мария Р., Рая А., бәріміз бір вагонға міндік. Москваға тоқтаусыз, көңілді
түрде келдік, аузымыздан ән түспеді.

            Москваға
келісімен, Иринаның үйіне бардық. Майданнан келген жауынгерді тылдағы адам
қалай қарсы алатыны белгілі ғой, қуанышты қауышу, көңілді кеш, бай дастархан.

            Рая Аронова
екеуміз бұдан бұрынғы бір уәдемізді жүзеге асырып көруге асықтық. Ол кезде біз
бала болмасақ та, балалық мінезіміз қалмаған екен. Армиядан босатылған соң,
бәрімізге жеткілікті сомада ақша берген. Біз өзімізді миллионер секілді
сезіндік. Енді Рая екеуміз осы миллионер болып ақша жұмсап, рахатын байқап
көрелік деп келіскенбіз. Өзара ақылдасып, Москваның әдемі бір ресторанына
бармақшы болдық. Көшеге шықтық. Бірақ ол ресторандар қайда екенін білмейміз. Соғысқа
дейін сонда оқығанмен, ресторанның не екенін, қайда екенін біліппіз бе? Жолың
болғыр милиционерге кездесіп, бәрін сұрап алдық. «Европа» ресторанына бармақ
болдық.

            Шинелімізді
шешіп тапсырып, залға кірдік. Үлкен столдың басына барып отырдық. Даяшыны шақырып
алып, тез ас әкелуін өтіндік.

            Ресторан
бізге ұнаған жоқ, айқай-шу екен, тамақ та ішіп жарытпадық, тоқ болатынбыз.
Алған тамақ сол күйі қалды, таңырқаған даяшыға ақшасын төледік те, миллионердің
күні құрысын деп, үйге қайттық. Сөйтіп Рая екеуміз балалық тілегімізді бір
қанағаттандырғандай болып, Москвадан аттандық. Жолымыз бір болатын, оның үй-іші
Саратовта тұратын да, менің әке-шешем Батыс Қазақстан облысының Жәнібек
ауданында еді.

            Рая соғысқа
дейін Саратов қалалық советінің депутаты болған, сондықтан жерлестері оны
мақтан тұтып, сыйлайтын. Поезымыз Саратовқа тоқтағанда, Раяны қарсы алуға
келген топ-топ адамды көрдік, тіпті духовой оркестр де бар екен, көңілді музыка
тартып тұрды.

            Біздің
вагонымызға Раяның шешесі мен еңбекшілер депутаттары қалалық советінің өкілдері
мінді. Қанша қарсылассам да болмай, Рая мен шешесінің бұйрығы бойынша,
жерлестері мені көтеріп алып, поездан түсірді. Амал жоқ, бір күн соларда қонақ
болуға тура келді. Ертеңіне Рая вокзалға шығарып салды, мен аттанып кеттім.