ВЕРНУТЬСЯ

    Қаратөбе ауданының Сулыкөл-Үшағаш ауылында бір әкеден
тараған Ерғали, Әмір, Асан, Макар деген жігіттер ел қатарлы өмір сүріп жатты.
Ұжымшарда еңбек етіп, екпінділер қатарынан көрініп жүрді. Соғыс атты сұмдықтың
аранын ашып, адамзатты жалмауға бас көтеріп келе жатқанын ауыл жастары, әрине,
білген жоқ.

            Ихсановтар
әулетінен әскер қатарына бірінші болып 1917 жылы туған Асан шақырылды. Бұл 1939
жыл болатын. Оны бүкіл ауыл болып әндетіп-думандатып дегендей, салтанатты
жағдайда шығарып салды. Сол бір кездері әскер қатарында қызмет етуді басына
бөрік кигендер зор абырой санайтын.

            Ихсанов
Асан жиырма екі жастағы қайраты тасып тұрған жігіт болатын. Отау тігіп
үлгермеген, жар таңдап жүрген келісті де кербез азамат-ты. Ол содан қайтып
қасиетті Қаратөбесін көре алмады.

            Асаннан хат
бір-ақ рет келіпті. 1939 жылғы ақ финдермен соғысқа қатысып, гитлершілдермен
Польша жетінде белдесіпті. 204-атқыштар полкінің құрамында болса керек.
Кейініректе жоғалған фотосуретте Асан қаратөбелік полктестері Шаман, Шәуіт,
Жамалмен бірге түсіпті.

            Екінші
дүниежүзілік соғыс фашистік Германияның 1939 жылы Польшаны жаулап алуынан
басталғаны белгілі. 1941 жылдың 22 маусымында Ұлы Отан соғысы бұрқ етті ғой.
Асан Ихсановтан сол 1939 жылы жазған хатынан басқа ешқандай дерек болмайды.
Ендігі кезек оның аға-інілері 1903 жылы туған Ерғали мен 1922 жылы туған
Макарға келеді. Олар да Орал теміржол стансасынан әскери эшолонның қызыл
вагонына мініп, майданға жол тартады. Төрт ағайынды жігіттің елде еңбек
белсендісі есебінде брон берілген Әмір Ихсанов қана қалады. Сұрапыл соғыста қан
кешіп жүрген ер-азаматтардың орнын басқан әйелдер, шал-кемпірлер мен бойлары
өсіп, буындары бекімеген өндірлерге бас-көз болған Әмір Ихсановтың қолы жұмыста
болғанмен, бүкіл ойы майдан жақта еді. «Қара қағаз» дегенің шағын ауылдың
шырқын бұзып, әр үйден дерлік аза үні естіліп тұрды. Ихсановтардың отбасы
майданда Ерғали да, Асан да, Макар да хабарсыз кетті деген мәлімет алды.

            Бір үйден
аттанған үш бірдей атпал азамат желге ұшқандай жоқ болып кетті. Қалай
күйінбейсің, қалай шерленбейсің. Қарғыс атсын сені, соғыс!

            Әмір
Ихсанов күдер үзбеген сыңайлы. Аға-інілерін үздіге сағынып, келіп қалар деген
үміт отын сөндірмейді. Ұзақ жылдар бойына күтеді. Бауырлары оралмайды. Өткен
ғасырдың жетпісінші жылдарында өмірден кеткен ол, үзілер сәтінде институт
бітірген қызы Күләш пен мектеп жасындағы ұлы Серікке бауырларын іздестіре
беруді тапсырады. Әрине, олардың ендігі тірі еместігін білді ол. Жамбастары
тиген жерді тауып, мінәжат етуді діндар адам парыз санаса керек.

            Ұлы Отан
соғысының құпиясы көп болған ғой. Аяқталғанына алпыс бес жыл бола тұрса да,
әскербасылар мен тарихшылар неше миллион адам мерт болғанын тап басып айта
алмай келеді. Мұртты көсеміміз кескілескен ұрыстарда қолға түскен тұтқындарды
опасыздар қатарына жатқызды. Соғыс дегенің ықылым заманнан бері қарай болып
келе жатыр емес пе? Қарулы қақтығыста өлім де болады, жарадар да болады, тұтқын
да болады. Ел басшылары тарапынан Халықаралық келісімге қол қойылмағандықтан,
Қызыл Армия офицерлері мен жауынгерлері Қызыл Крес ұйымдарының қамқорлығынан
тыс қалды. Міне, осының салдарынан қапылыста дұшпанға пенде болған
боздақтарымыз аурудан, аштықтан, азапқа толы ауыр жұмыстан мыңдап емес,
миллиондап мерт болды. Партия мүшелері бірден атылып кетті.

            Әке
аманатын арқалаған Күләш пен Серік қан майданда хабарсыз кеткен ардақтарын
іздестіруді жалғастыра берді. Бірақ нәтиже бола қоймады. Еліміз тәуелсіздікке
қол жеткізгеннен кейін ой бостандығы өріс ала бастады ғой. Оралда орта мектепте
мұғалім болып істейтін Серік Әмірұлы Ихсановтың жігеріне қанат біткендей болып,
алыс-жақын шет елдерге хабар сала бастады. Бір жақсысы, байланыс техникаларының
мүмкіндігі өлшеусіз ғой бұл күндері. Интернет көмектесті Серікке. Әскери
қызметке сонау 1939 жылы шақырылып, кейін хабарсыз кеткен Асан Ихсановтың бір
дерегі елес бергендей болды. Өз көзіне сенер-сенбесін білмеді Серік. Қаратөбе ауданының
Сулыкөл-Үшағаш ауылынан аттанған Асан Ихсанов фашистік Германияның Төменгі
Саксония аймағынан келіп бір-ақ шығыпты. Тұтқын есебінде. Қалай, қандай
жағдайда жауға пенде болғаны белгісіз. Арыстай азамат Берген-Бельзен
концлагерінде 1941 жылдың аяқ шенінде атылыпты. Бұған қарағанда, Асан бауырымыз
дұшпанға өз еркімен берілмегенге ұқсайды. Ол командир болмаған, партия қатарына
қабылданғаны жөнінде де дерек жоқ. Демек, иен далада көкбөрідей еркін өскен
ұлан фашистердің концлагерінде қарап жүрмей, қарсылық тобы құрамында болса
керек. Себебі, тепсе, темір үзетін жиырма төрт жастағы жігітті қара жұмысқа
пайдаланбай, неге бірден атып тастайды? Қалай болғанда да, Асан Ихсанов жауына
жалбарынбай, тізесін бүкпей, ақ өліммен өлген сыңайлы. Иманы жолдас болсын, марқұмның!

            Ағасының,
яғни әкесінің бауырының қалай, қайда ажал құшқанын біліп алған Серік Ихсанов
Берген-Бельзен концлагерінің жай-жапсарын індетуге кіріседі. Не десеңіз де,
немістер мұқият халық қой. Интернеттен шыға келеді атың өшкір концлагерь.

            Берген-Бельзен
концлагері 1940 жылы құрылып, Бельгия мен Франциядан 600 тұтқынды қабылдап
алыпты. КССРО-дан 1941 жылдың шілдесінде 20 мың, 1942 жылдың тамызында 18 мың
адам түсіп, санаулы айлар ішінде 2097 мұңдық қана аман қалса керек.
Берген-Бельзен шағын концлагерь болғанға ұқсайды. Сонда да 1943-1945 жылдар
аралығында 70 мың адамның басын жалмапты. Солардың басым бөлігі Кеңес Одағының
азаматтары екен.

            Концлагерь
басшылығы СС офицерлері болғанға ұқсайды. Коменданттары Адольф Хаас, Йозеф
Крамер деген жендеттер болыпты. Соңғысы кезінде ажал концлагері атына ие болған
Освенцимнің бас коменданты болған екен.

            Серік
Ихсановтың интернет арқылы Берген-Бельзен концлагері туралы тапқан деректері
бір жағынан жан түршігерлік, екінші жағынан, тарихи тұрғыда, өте құнды, әрі адамзатқа
сабақ боларлық.

            Концлагерь
дегенің адамдарды өлтіретін «өндіріс» орны болған ғой. Құдай басқа бермесін!

            Жендеттер
жазаланды ма? Британия әскери трибуналы өткізген сотта тірі қалған тұтқындар
куәға тартылған. Нәтижесінде, концлагерь коменданты гауптштурмфюрер Йозеф
Крамер бастаған он бір қанішер 1945 жылдың аяқ шенінде сот үкімімен дарға
асылады. Бірқатарына өмір бойы және ұзақ мерзімде абақтыда жазаларын өтеуге
үкім шығарылады. Бұл да болса сабақ адамзатқа! Осы өмірдегі қысастық  екінші өмірге, яғни, бақиға кетпейді деген
сөз бар. Иә, иә, бұдан тек мерт болғандардың аруағы ғана ырзалық тапса керек.
Тірі қалғандардың кегі өле-өлгенше іштерінде қатқан қан болып кетті ғой.

            Ихсановтар
әулетінен үш бірдей азамат құрбан болды. Олардан ұрпақ қалмады. Жаратқан ие
қарасып, Әмір Ихсановтың  ұрпақтары
өсіп-өркендеуде. Жас буын арманда кеткен арыстар үшін де мазмұнды өмір сүріп,
жемісті еңбек етіп, егемен еліміздің өркендей беруіне барлық күш-жігерлерін
жұмсауға тиіс деп ойлаймыз.

            Ал Серік
Әмірұлы Ихсановқа қайта оралсақ, ол Асан ағасының дерегі шыққаннан бері өте
мазасыз күй кешуде. Көңілі алып-ұшып, әке аманаты есіне түсіп, ұшарға қанаты
болмай тұрғандай. Германияға барып, Берген-Бельзен концлагері орналасқан жерді
өз көзімен көргісі келеді. Интернетте көрсетілгендей, қаза болған тұтқындардың
мүрделері лагерь барактарынан бір шақырымдай жерге жеткізіліп, ондаған мың адам
арнайы қазылған орға көміле салыпты. Серік Асан ағасының туған жері
Сулыкөл-Үшағаш ауылының бір уыс топырағын жазықсыз жапа шеккендердің жалпы
қауымына ырым етіп салғысы келеді. Өте орынды ниет! Иә, бұл күнде бәрін қаржы
шешеді ғой. Серік демеушіліктен үмітті сияқты.

            Ұлы
Жеңістің 65 жылдығы таяп қалды. Бірнеше буынның тағдырында өшпестей із
қалдырған соғыстың салдары жуық арада бітпейтін сыңайлы. Осы мақала соның
айғағы іспетті.