ВЕРНУТЬСЯ

   Садық Жақсығұлов ауылға қанша асықса да, жол шыға қоймады.
Соғыстың аяғына таман оған лейтенант шені берілген болатын. Бірде дивизия
командирі генерал-майор Кожых шақыртып алып, Баку әскери гарнизонына
жіберілетінін айтты. Әскери адамның, соның ішінде офицердің басында билігі бола
ма? «Құп болады!» деді де, аттанып кетті. Соғыс бітті. Зұлым жау күйреді. Тірі
қалды. Жиырмаға қараған жасында Кеңес Одағының Батыры атанды. Алда ұзақ өмір
бар. Садық өзін бақытты сезінді.

            Баку қаласы, оның тұрғындары қатты ұнады.
Ұзын бойлы, сымбатты, ұяң мінезді, омырауындағы Алтын Жұлдызы жарқ-жарқ еткен
жас жігіттен, әсіресе бойжеткендер көз алмайтын. Қалада әзірбайжандар басым
болғанымен, армяндар да аз емес сияқты. Орыстар да баршылық екен.

            Жасыл желекке малынған көшелер кешке
жақын жас қыздарға толып кетеді. Садық бірге қызмет ететін өзі сияқты жас
лейтенанттармен би алаңдарына барып жүрді. Сондай кештердің бірінде еліктің
лағындай елгезек армян қызымен ұзағырақ билеп, үйінің алдына шейін шығарып
салды. Бұл жағдай екі-үш мәрте қайталанды. Жас жігіт бірте-бірте қызды көрмесе
тұра алмайтын жағдайға жетті. Көңілі алабұртып, тағатсыздық пайда бола бастады.
Сөйтіп жүргенде, Степанакерт қаласына ауыстырылатын болды. Не істеу керек? Бір
таңды ұйықтамай атырды.

            - Садық, үйлен, - деді жолдастары, - сен
қазақсың, ол - армян қызы. Совет елінің жастарысыңдар. Кім бөгет бола алады? -
деп өңшең жас жігіттер кеу-кеулей жөнелсін.

            Садық көп ойланды. «Басқаларын қойшы,
әке-шешесі қалай қарайды? Батыр баламыз келеді деп жолын тосып отырғанда, армян
қызын жетектеп бара ма? Ауыл дегенің надандықтан құралақан емес қой әлі. Алып
бара қалған күнде қыз жерсініп кетсе жақсы, бір күні қайран Бакуым қайдасың деп
тартып кетсе, елдің алдында масқара болады ғой. Өзімен ақылдасайын» деп
шешті-ау, ақыры.

            Қыздың аты Вера. Лейтенант Шмидт атындағы
көшеде тұрады. Айтуынша, ата-анасы, бауырлары бар. Садықтың олармен әлі
таныстығы жоқ. Вера Сергеевна Хачатурова төлқұжат (паспорт) үстелінде істейтін.
Садық сонда тартты. Вера қарсы ұшыраса кетті. Сірә, келе жатқанын жүрегі сезсе
керек.

            - Өте маңызды шаруа бар, - деді жас жігіт
даусын барынша жайлап шығарып, - былайырақ барайық.

            - Саша, жайшылық па? Бүртүрлі қатты
толқып тұрсың ғой. Әлде, бастықтарың... - деп Вера мүдіріп қалды.

            - Жо, жоқ! Қызметім бір қалыпты. Сенімен
ақылдасатын бір мәселенің болып тұрғаны, - деді Садық қыздың мөлдіреген көздеріне
тіктей қарап.

            - Айтсайшы бірден. Зәремді алдың ғой,
тіпті. Жақсылық болса, іркілме, - деп Вера тықырши бастады.

            - Вера, мен сені бүкіл жан-тәніммен
сүйемін. Маған өмірлік серік боласың ба? - деп Садық әскери адамдарға тән
бірден турасына көшіп, лақ етіп айтып салды.

            Қыз бір сәт қыбыр етпей қалды. Бүкіл
денесі бір уыс болып, кішірейіп кетті. Жұдырықтай жүрегі жиі соғып, ойының астан-кестең
болып жатқаны күмәнсіз еді. Иә, Вера Садықтың түбінде бір сөз салатынын, әрине,
сезді. Бірақ мұндай тез болады деп ойлаған жоқ-ты.

            - Саша, - деді ол біраз үнсіздіктен
кейін, - бұған әке-шешем қалай қарар екен? Әсіресе анам. Ол келісімін берсе,
сенімен қол ұстасып, жер түбіне шейін баруға дайынмын!

            Уәде осы болды. Садық кештетіп бір жақын
жолдасын ертіп, Вераның үйінің есігін қақпақ.

            Күн өтіп болсашы. Жұмыс та күндегіден
қаурыт сияқты ма, қалай? Бітті-ау, ақыры. Садық парадтық формасын
аударып-төңкеріп қарап, киініп алды. Алтын Жұлдыздың қатарынан сәл төмендеу
етіп, орден-медальдарын тақты. Болмысынан қарапайым, ұяң жігітті барлық марапат
белгілерін тағып алуына жолдастары күштеп көндірген еді.

            - Күйеу жігіт өзгелерден ерекшеленіп,
жарқырап баруы керек қой, - деп уәж айтып жатты олар.

            Лейтенант Шмидт атындағы көшедегі шағын
үйдің тұрғындары екі жас жігітті біртоға қабылдады. Шашып-төгілген шаттық та, көңілге
кірбің түсіретін тосырқау да болған жоқ. Сөз тізгінін «күйеужолдас» ұстап,
кәнігі құдаларша бірдеңелерді бипаздап айтып жатты. Садықтың көзі түпкі
бөлменің есігіне сүйеніп тұрған Верада. Басқаларында не шаруасы бар...

            Қожайын үйінде болмай шықты. Вераның
анасы ақыл-есті адам екен. Дұрыс батасын берді.

            - Қазақ деген халықты естуіміз бар да,
көргеніміз жоқ еді. Жамбылды білеміз. Кешегі соғыста батырлар көп шықты ғой
сіздерден. Батыр халықтың бір Батыр азаматына қидым қызымды, - деп әжептәуір
сүйекті сөздер айтты.

            Ертесіне Садық пен Вера некеге отырып,
ерлі-зайыптылар атанды.

            Садық Шәкелұлы әскери кадрда қалғысы
келмеді. Ол елге оралып, бейбіт еңбекке араласуды армандады. Келіншегі де бұған
толықтай қолдау көрсетіп отырды.

            1946 жылдың жазында Кеңес Одағының
Батыры, лейтенант Садық Шәкелұлы Жақсығұлов жас келіншегі Вера Сергеевнаны
қолтықтап, Шипово стансасынан келіп түсті.

            Тасқалалықтар (камендіктер) жүрекжұтқан
жігіттің аяғын жерге тигізбей алып кетті. Дастархан дәмі тапшылау болғанмен,
елдің көңілі көл-көсір екен.

            Сөз арасында айта кетейін, шөкімдей Мешей
ауылында тұрамыз. Соғыс бітті. «Қара қағаз» алғандар үміттерін үзбей, Каменка
бағытындағы қара жолдан көз алмайды. Бүкіл соғыс бойы бір хат алмаған отбасылар
да бар еді. Нәрік бабамның майданға кеткен төрт немересінен бірінші болып
Әубекер ағам келді. Соғысқа Сталинградта кірген екен. Медальдары бар. Сауаты
онша болмаса да ұжымшардың бір фермасын басқарды. Мен көбіне сол үйде болам.
Әлі мектеп есігін аша қойған жоқпын.

            Бірде үй-іші әбігерленді де қалды.
Әншейінде асыға қоймайтын Қалыш жеңешем киіздің үстін сыпырып, жайма төсеп,
тыпырлады да қалды. Маған да жұмыс табылды. Шойын құманға су құйып, жез
шлапшынның үстіне қойдым.

            Бір кезде үйдің есігі алдына төрт-бес
кісі келген сияқтанды. Артынша сұңғақ бойлы, көмірдей қара шашты, омырауында
Алтын Жұлдызы бар жас жігіт пен орта бойлы, қою қара қасты, шашы иық тұсынан
қиылған, кейіпі бізге ұқсамайтын жас әйел бірінші болып ішке енді. Соңдарынан
ағам, басқа бір-екі кісі кірді.

            Бұлар - ұжымшарға уәкіл болып келген
Кеңес Одағының Батыры Садық Жақсығұлов пен зайыбы Вера Сергеевна болатын. Қазір
ойлап отырсам, ағай 22 жаста, жеңгей 20 жаста екен ғой сонда. Желмаядай
жүйіткіген жылдар-ай десеңізші!

            ... Міне, бұдан ары қарай Садық аға
Жақсығұловтың мәнді де сәнді өмірі басталды. Жұмыр басты пенденің ғұмыр жолында
бәрі де кездеседі ғой. Сол сияқты менің кейіпкерімнің сүйінген де, күйінген де
сәттері болды. Жетпіске келгенше жемісті еңбек етті. «Әй, кәпір» атанған жоқ.
Дүйім елді басқарған кездері де болды. Сәкең әдемі қартайды. Азаматтың ақ
жолынан ауытқыған жері жоқ оның. Мен оның өмірін шымырлап ағып жатқан терең
өзенге теңер едім.

            Жан серігі Вера Сергеевна қасында келе
жатыр. Ұл-қыз, келін-күйеу, немере-жиен, шөбере дегендерің, құдайға шүкір,
баршылық. Бәйтеректің тамыры тереңге кетіп, жапырақтары жайыла түсуде.

            Қарт майдангер Ұлы Жеңістің 60 жылдығына
сергек келіп отыр. Кеңес Одағының Батыры, отставкадағы полковник Садық Шәкелұлы
Жақсығұлов сияқты адамдар арамызда жүргенде, біз өмірдің мән-маңызын терең
түсініп, егемен Еліміздің гүлденуіне сүбелі үлес қоса береміз.

            Ардагер ағалар аман жүрсін!