ВЕРНУТЬСЯ

    Садық аға Жақсығұловпен әңгімелесіп отырмын. Днепр өзені
үшін болған сұрапыл шайқастар туралы сұрай бастадым. Ақсақалдың өңі сұрланып,
үні жарықшақтанып шыға ма, қалай? Иә, ол терең толғаныс пен толқыныс құшағында
еді.

            Қай адамның бойында да өзгеге айтқысы,
сездіргісі, көрсеткісі келмейтін бір құпия қалтарыстар болады. Бұл мүмкін, оның
аса қымбат, болмаса, өте ауыр сезім түйіні шығар. Әйтеуір, осындайлар болады.

            Садық Шәкелұлы шешіліп кете алмады.
Көмекке кенже інісі, Тасқала аудандық мәслихатының хатшысы Қайыржан (Хайырлы)
Жақсығұлов келді.

            - Аға, сірә, мұрағатты ақтаруға тура
келер, - деп бөлменің бұрышында тұрған шкафты аша бастады. Оның ішінен бір-екі
кітап, папкаға салынған газет қиындылары, фотосуреттер шықты. Соларды үстел
үстіне үйіп тастап, мұқият қарауға кірістім. Газет мақалалары бірін-бірі
қайталайды екен. Журналист әріптестерімнің сыры мәлім ғой. Тапсырма аларда
мақаланың көлемін анықтайды. Соның шамасынан асырмай жазып шығады. Иә, газет
беттерінде кең көсіле алмайсың.

            Арагідік естеліктер елес берді.
73-гвардиялық Сталинград-Дунай Қызыл Тулы атқыштар дивизиясының жауынгерлік
жолы жайында шыққан кітапқа үңілемін.

            Бірте-бірте болашақта жазылатын дүниенің
сұлбасы көріне бастағандай болды. Жазылмақ очерк Кеңес Одағының Батыры
жерлесіміз Садық Шәкелұлы Жақсығұлов және атышулы дивизия жауынгерлері мен
офицерлерінің жаппай ерлігі туралы болады деп шештім іштей. Мыңдардың арасынан
бірді ойып алып, «ол анадай еді, ол мынадай еді» деп мақтай берсем, орынсыз
болар еді. Және де Садық Жақсығұлов сияқты қарапайым, ұяң, мәрт адам осы ойымды
кұптар деп есептедім. Осы пікірге әбден бекіген соң, Батырға ойымды жеткіздім
де.

            - Міне, табылған ақыл. Менің майдандағы
бүкіл тыныс-тіршілігім қаруластармен бірге өтті ғой. Біз көрген соғыста
батырлар жырында айтылатын жекпе-жек болған жоқ. Әскери өнерге жаттығу,
қару-жарақты меңгере білу, әрине, батылдық, ең бастысы қаруластарыңның сенімді
болуы ерекше рөл атқарады. Егер сен атысып жатқанда, жаныңдағылар жөніне кетсе,
не болмақ? Қойдың құмалағындай қорғасын жаныңды қиып кетеді. Біз зұлым жауды
тізе қосып, иық түйістіре жүріп жеңіп шықтық, - деп Садық аға күтпеген жерден
шешіле сөйлеп кетті.

            Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданының (бұрынғы
Камен) №500 - асыл тұқымды қой өсіретін кеңшарынан майданға аттанғанда, Садық
он сегіз жасқа тола қоймаған бозбала болатын. Оны өзі тұрған кеңшар
тұрғындарының бірі білсе, бірі білмейтін. Аудан, облыс өз алдына ғой. Днепрдегі
шайқаста көрсеткен ерлігі нәтижесінде жиырмаға толмаған жігіт Кеңес Одағының
Батыры атағына ие болып, бір тәуліктің ішінде есімі аудан, облыс түгіл, жалпы
Қазақстанға, Одаққа мәлім болды!

            Иә, иә, бұл сәл кейініректе болған жайлар
ғой.

            Болашақ Кеңес Одағының Батыры Садық
Жақсығұлов 73-гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында Днепрге жақындап келе
жатты. Өзеннің оң жағалауында - гитлершілердің мықты бекінісі. Барлау
мәліметтеріне қарағанда, фашистер Кеңес Армиясын осы жерде тоқтатып, тіпті
кейін қууды ойластырыпты. Немістердің насихаты да күшті еді. «Днепрдің оң
жағалауына шыққандар ажал табады» деп жар салды.

            Бұл қалай болып еді өзі?..

            Кеңес Армиясының Курск иініндегі қарсы
шабуылы фашист әскерлерін есеңгіретіп жіберді. Олар Днепрдің оң жағалауына
табан тіреп, тістесіп жатып алуды мақсат тұтты. Совет Армиясы үшін алда
қиян-кескі шайқастар тұрғаны күмәнсіз еді.

            Генерал-майор С.А.Козак басқарған
73-гвардиялық дивизия қатты ұрыстармен 260 километрлік жорық жолдарын артқа
тастап, 1943 жылдың 24 қыркүйегінде Полтава облысындағы аудан орталығы
Царичанка кентіне жақындап келді. Бұл арадан Днепр 25-30 километр шамасында
болатын.

            Дивизия командирі С.А.Козак талай
ұрыстарда сыналған серіктері полк командирлерін жинап алып, Днепрден өтудің
жоспарын талқылады. Тапсырма нақты болды. Полктер түгел құрамымен Кравцовка,
Рудки, Ревущино, Старый Орлик, Новый Орлик, Твердохлебы бағытымен шабуылдай
отырып, 25 қыркүйекте Глинск-Бородаевский аралында бекінген жаудың тобын
құртып, Днепрдің арғы бетінен плацдарм алуға кірісу міндеттелді. 209-полк,
214-полк, 211-полкке нақты міндеттер белгіленді.

            Днепр - сұсты өзен. Дивизияның тұсында
өзеннің ені - 900-1500
метр, тереңдігі - 10-12 метр еді. Ағыстың
жеделдігі секундына - 1,5-2 метрге жететін. Мұның үстіне өзеннің оң жағалауы
сол жағалаумен салыстырғанда едәуір биік. Демек, фашистер су үстіндегі
қыбырлаған мен жыбырлағанды анық көре алады. Жау бекінісі мықты, бірақ Днепрден
өту керек. Ең қиыны арғы бетке өтетін жүзу құралдары жоқ еді. Әркім қолынан
келгенін жасауға кірісті. Шашылып жатқан ағаштардан сал буды, жақын маңдағы
деревнялардағы ескі үйлердің есігін, астауларды, бірлі-жарым қайықтарды
пайдалануға тура келді. Адамнан айла қалған ба, белдеріне резинка камераны
байлағандар да болды.

            Алдымен барлаушылар өзен бойын сүзіп
шықты. Бұл өте маңызды болатын. Сөз жоқ, жау жақ біздің әскерлердің қимылын
қатаң бақылап отырды. Бірақ бірден суға қойып кетеді деп ойламаған тәрізді.

            Белгіленген мерзімде полктер өзенге таяп
келді. Әрқайсының өтетін жері, арғы бетке шыққандағы алажақ плацдармы
нақтыланған болатын. Сондай-ақ, 153-артиллерия полкінің дивизиондары өздері
бекітілген полктің ту сыртынан орын алды. Бәрі, бәрі ойластырылған сияқты. Алда
Днепр, алда жасанған жау.

            Естеліктерге кезек берейік. 214-атқыштар
полкінің командирі В.И.Давиденко: «Хочу подробнее рассказать о том, как проходило
форсирование могучей реки на участке 214-го полка. Совершая марш, он подходил к
Царичанке. Утром 24 сентября к нам прибыл командир дивизии. Заслушав мой доклад
об обстановке, он тут же поставил задачу: продолжая преследовать отходящее
подразделение противника, не позднее 18 часов выйти к Днепру в районе Старый
Орлик - Новый Орлик и совместно с 211-м полком, действующим слева, ночью
очистить от врага остров Глинск-Бородаевский, утром 25-сентября овладеть
высокими кручами и центральной частью Бородаевки - Восточной. Справа будет
наступать 209-й полк, который имеет задачу захватить северную часть Бородаевки
- Восточной. «Задача ясна, - ответил я, - только на каких средствах будем
форсировать? Ведь полку нет ни единой лодки». «На то ты и командир полка, - последовал
ответ, - чтобы найти их. Обратись к местному населению. Рыбаков-то в этих
местах немало. Кроме того, Василий Иванович, ты не учел политическую сторону
вопроса. Ведь народ ждет не дождется и отдаст для выполнения этой нелегкой
задачи все, чем он располагает».

            Но прежде чем форсировать, предстояло
пройти маршем не менее 30
километров. Оцениваю сложившуюся обстановку: если
командный пункт полка будет следовать как положено, за боевыми порядками
батальонов, то организовать бой до наступления темноты не успеем. Вслепую,
ночью, его не организуешь. Что же делать? Окинул глазами своих помощников и
принял, может быть, слишком рискованное, но, по-моему, единственно верное в
данной ситуации решение: сажусь на грузовую машину, беру с собой начальника штаба
полка, некоторых их заместителей, начальников служб, командира приданного
артиллерийского дивизиона, командиров батальонов и под прикрытием
разведывательного взвода полка следую в авангарде передового отряда. К 14 часам
мы прибыли сначала в Старый, а затем в Новый Орлик и сразу же приступили к
организации боя. От местных жителей узнали, что основные силы немецко-фашистких
войск еще до рассвета переправились на правый берег Днепра и с утра заняли
подготовленные оборонительные позиции.

            Нам удалось установить, что на острове
Глинск-Бородаевский обороняется до пехотного батальона, его правый фланг
расположен у густого кустарника. Этот фактически открытый фланг, по нашей
оценке, был самым уязвимым местом в неприятельской обороне. Сумели также
рассмотреть систему инженерных сооружений, построенных на высоких кручах
восточной окраины Бородаевки. В ходе рекогносцировки созрело решение: вслед за
разведкой скрытно для противника на его открытом фланге сосредоточить первый
эшелон полка - два стрелковых батальона. Затем без артиллерийской подготовки,
стремительным ударом во фланг разгромить обороняющегося врага и, наращивая
удар, с утра 25-сентября во взаимодействии с 209-м и 211-м полками ворваться в
Бородаевку - Восточную.

            С наступлением темноты разведчики скрытно
переправились на остров, уничтожили основные силы гитлеровцев и, что особенно
важно, взяли «языка». При его захвате отличился семнадцатилетний смельчак Юрий
Любимский. Пленный фашистский ефрейтор после долгих препирательств все же дал
очень ценные сведения о характере, силах и задачах обороняющегося противника.

            Подтянув к 23 часам на южную опушку леса,
что примыкает к Новому Орлику, около двух десятков больших и малых лодок,
челноков и несколько плотов, мы сразу же приступили к переправе на остров...».

            Днепрден өткенде 214-гвардиялық атқыштар
полкінің командирі болған, соғыстан кейін әскер қатарында қалып,
генерал-лейтенантқа шейін өскен, сол Днепрдегі шайқастарда Кеңес Одағы Батыры
атағын алған В.И.Давиденконы Садық аға Жақсығұлов жақсы біледі екен. Оның
естелігін де оқыпты.

            - Иә, біздің 209-гвардиялық атқыштар
полкі майор В.И.Давиденконың 214-гвардиялық атқыштар полкімен қанаттас соғысты
ғой. Днепрден өтерде әскерлердің арақашықтығы өте тығыз болды. Бөлімдер
негізінен бір нүктеге бағытталды. Бұл арғы беттегі алажақ плацдармды кеңейте
түсуге мүмкіндік беретін еді, - деп Садық Шәкелұлы бұдан 62 жыл бұрынғы
оқиғаларды есіне түсіре бастады.

            Мен Батырдың айтқандарын қағазға түсіруге
кірістім. 214-гвардиялық полктің ұрыс аумағында оқиға былайша өрбіген екен.
Түнгі сағат бірге таман мұздай қаруланған 400 адам 82-мм. минометтерді қоса
алып, Днепрдің салқын суына қойып кетеді. Сол сәтте майор С.Ф.Севастьяновтың
211-гвардиялық полкі де өзеннен өтуге кіріседі. Келісім бойынша ракета атылып,
біздің әскерлер «уралап» алға ұмтылды. Қарудың барлық түрі іске қосылса керек.
Жау жақ біршама уақыт абдырап қалыпты. Түн ішінде жойқын шабуыл болады деп
ойламаған тәрізді. 25 қыркүйектің таңы атарда өзеннің ортасындағы көзге шыққан
сүйелдей болған Глинск-Бородаевский аралы гилершілдерден тазартылады. Мұнда
аялдауға болмайтын еді. Совет әскерлері бірден Днепрдің оң жақ жағалауына лап
берді. Өзен жағасындағы биік жарда Бородаевки-Восточная селосы орналасқан.
Жаудың негізгі күші осында болатын. Дұшпан қарсылығы өте-мөте қатты болыпты.
Бұл түсінікті де еді. Совет әскерлерін Днепрден өткізбеу жөніндегі Гитлердің
арнайы бұйрығы жарияланған-ды. Шегінгендер мен қорқақтық көрсеткендерді табан
астында атып тастауға рұқсат берілген-ді. Қалай болғанда да Днепрдегі шайқастар
өте ауыр болды. Нағыз қанды қырғын еді.

            Ақыры, арғы бетке алғашқы взвод,
роталардың қалдықтары «тырнақ іліктіре» бастады. Алынған плацдарм көлемі бүкіл
дивизияны қабылдау үшін тарлық ететіні бесенеден белгілітұғын. Оның ені бар
болғаны 4 километр,
тереңдігі 1,5-2 километрдей еді. Жау осы аумақты төмпештей бастады. Мақсаты
Днепрден өткен әскерді жойып жіберу және дивизияның негізгі күштерін жолатпау
болатын. Мұндай жағдайда шайқас барысы сағат тіліндей тез ауытқып тұрады. Міне,
командирлердің таланты осындайда жарқырап көрінеді.

            Дивизия командирі С.А.Козак ұрысты шебер
басқарып тұрды. Әскерлер лек-легімен Днепрдің жанды да қанды суын кешіп, арғы
бетке өте бастады. Судың беті ақырзаман келгендей еді. Өзен бейне алып қазанға
айналып, бұрқ-бұрқ қайнап жатты. Ақыры, Бородаевки селосының шетіне кіруге
мүмкіндік туды. Жау қарсы шабуылға шығып, біздің әскерлермен бетпе-бет
кескілесуге дейін барды. Ұрыс ұзақты күнге созылды. Кешке қарай фашистер
Бородаевкиге батальоннан астам жаяу әскер мен 9 танкты бағыттады. Артиллерия оқ
жаудырып, әуеден 40 «юнкерс» шүйлікті. 214-гвардиялық полктің 1-батальонына
үлкен қауіп төнді. Мұнда қару-жарақтың жеңіл түрлері ғана болатын. Атап
айтқанда, автомат, танкіге қарсы мылтық, граната, өртегіш шишалар - бары осы.
Иә, артиллерия қолдап тұрды.

            Қиян-кескі шайқас басталып кетті. Жау
жоғалтқан аумағы үшін өршелене алға ұмтылады, біздің әскерлер қандарын төгіп,
жандарын қиып қол жеткізген плацдармды сақтап қалуға тырысты. Майдан даласында
сәт сайын болып жататын жағдай бұл. Алайда, ұрыстарға тікелей қатысқандар үшін
өмір мен өлімнің тайталасы деген осы.

            Садық аға қоңыр дауысымен баяу сөйлеп
отыр. Сірә, көз алдына соғыс эпизодтары кино лентасындай жылжып өтіп жатқан
сияқты. Мен қарт жауынгердің сергектене бастағанына қуанып отырмын. Шығарма
жазған соң оның дәмді де мәнді болып шыққаны жөн ғой. Осылай болуы біріншіден
авторға, екіншіден сұхбаттасып отырған кейіпкеріңе байланысты.

            Кеңес Одағының Батыры Садық Жақсығұловтың
есінде Днепрдегі соғыс жамбасы жерге тигенше сақталары хақ.

            73-гвардиялық Сталинград атқыштар
дивизиясының полктері Днепрден өтіп, бірте-бірте плацдармды кеңейте бастады.

            25 қыркүйектің кешіне қарай
211-гвардиялық атқыштар полкі Домоткань селосына жақындады. 26 қыркүйек күні
таңертең кіші сержант Садық Жақсығұловтың өз бөлімі, 209-гвардиялық атқыштар
полкі Бородаевки-Восточная кентінің солтүстік шетін азат етіп, 72-гвардиялық
дивизияның бөлімшелеріне иық түйістірді.

            Бұл Днепрдегі шайқастың басы ғана болып
шықты. Нағыз жан берісіп, жан алысқан сұрапылдар алда екен әлі. 25 қыркүйек пен
12 қазан аралығында фашист әскерлері ондаған самолеттердің көмегіне сүйеніп,
қарудың барлық түрлерінен оқ жаудырып, бірнеше рет жойқын қарсы шабуылға шықты.
Ойы Кеңес әскерлерін басып алған плацдармнан қуып, Днепрге кері түсіру болатын.
17 тәулікке созылған қанды ұрыстарда сан рет қатерлі жағдайлар болды. Тіпті оң
жағалаудағы плацдармдардан айырылып қалу қауіпі бір емес, бірнеше рет төнді.
Жау жақтың күші басымдау болды. Олардың позициясы да сәтті орналасқан еді.
Міне, осылар қосыла келе, дұшпанның қарсылығын үдете түсті.

            Біздің гвардияшылар ерліктің небір
үлгілерін көрсетті. Олар Сталинград, Белгород, Харьков, Курскідегі сұрапыл
соғыстарда жинақтаған тәжірибелерін шебер пайдалана білді. Жауға деген кек
үлкен рөл атқарды! Дивизияның бөлімшелері қарсы шабуылды тойтарып қана қоймай,
плацдармды бірте-бірте кеңейтіп, 12 қазанға оның көлемін ендей 6-9 километрге,
тереңдегі 6-7 километрге жеткізді. Бұл бейнелеп айтқанда, сом темірге құрыш
сүйменді сұққандай еді.

            Днепр үшін болған шайқастарды есіне
түсіре отырып, Садық Шәкелұлы көп жағдайларды кейін білгенін айтты. Иә, өзінің
миномет расчетін ғана білетін кіші сержант дивизия көлемінде не болып жатқанын
түсініп, ұғынуы тіпті мүмкін емес еді. Кейін белгілі болғанындай, дивизияның
тағдыры қыл үстінде тұрыпты. 27 қыркүйек күні таңертең немістердің 23-жаяу
әскер дивизиясының 126-полкі 10 танкімен сол жақтан шабуылға шығып,
Глинск-Бородаевский аралына өтіп, біздің 209 және 214-гвардиялық полктің
бөлімшелерін қоршап алып құртып жіберуге, тым болмаса плацдармды тастап кетуге
мәжбүр етуді мақсат тұтты. Біздің дивизия басшылығы жағдайдың қатерлілігін тез
түсініп, керекті шараларды шұғыл жүзеге асырып, шайқас барысын түзетіп жіберді.

            7 қазанда да күрделі жағдай қалыптасты.
Соколовка елді мекені ауданында сағат 16-ның шамасында немістердің полктен
астам күші танктердің қолдауымен біздің 72-атқыштар дивизиясының сол қанатын
бұзып өтіп, сағат 18-дің шамасында маңызды биіктікті басып алды. Осыған
іле-шала жаудың тағы бір полкі жолындағыны жайпап, осы биіктікке жетті.
Нәтижесінде артиллерия, минометті былай қойғанда, пистолет оғы жететін жерде
73-гвардиялық дивизияның 72 және 214-полктеріне жаумен жағаласуға тура келді.
Көрші, қанаттас 72-гвардиялық дивизияның жағдайы да мәз емес еді. Оның полктері
дивизия басшылығынан бөлініп қалған болатын. Не істеу керек? Қиыннан жол табу
қажет. Мұндайда салы суға кеткен командир қарамағындағыларды қырғынға
ұшыратады. Қоршауда қалған біздің гвардияшылар екпіндеп келе жатқан жауға қарсы
шығып, қолда бар қару түрлерінен оқ жаудырды. Сөйтіп, жаудың беті қайтып,
қорғанысқа көшті. Күндізгі ұрыс біздің пайдамызға шешілді. Дивизия командирі
С.А.Козак өте күрделі жағдайларда басшылық жасап, күші екі есе басым жауды
тежеп, текетіресте ұтып шықты.

            Жау мыңдаған адамдарының мүрдесін ұрыс
даласында қалдырып, жараланғандары бар, саулары бар көптеген солдаттарын
тұтқынға тастап, Днепр бойындағы қорғаныстан күдер үзіп, қазіргі тоқтаған
жерлерінде тұрақтап қалуды ғана ойластырды.

            Біздің құраманың шабуылға шығатын кезі де
келіп жетті. Полктер адамдармен, қару-жарақпен толықты. 13 қазан күні көршілес
дивизиялардың бөлімдерімен бірлесе отырып, гитлершілердің жанталаса
қарсыласқанына қарамай, Васильевка, Бородаевский хуторлары аталатын елді
мекендеріне таяп келді. Қырғын ұрыс жалғаса берді. 73-гвардиялық Сталинград
атқыштар дивизиясының бөлімдері үш тәулікте 20-22 километр алға
жылжып, 14-гвардиялық атқыштар дивизиясы бөлімдерімен бірлесе қимылдап,
немістер мықтап бекінген Верховцево темір жол торабын басып алды. Бұл 16
қазанда болатын. Ал 17 қазан күні таңертең быт-шыт болған фашист дивизияларының
қалдықтары оңтүстік - батыс бағытына асығыс шегіне бастады.

            Қаша ұрыс салған жаудың ізіне түскен
73-гвардиялық атқыштар дивизиясы төмендегідей тапсырма алды. Сол қанаттағы
7-гвардиялық армияның бөлімдерімен, оң қанаттағы 72-гвардиялық атқыштар
дивизиясымен, сондай-ақ 57-армияның 52-атқыштар дивизиясымен иық түйістіре
отырып, неміс-фашист әскерлерінің тұяқ тіреулеріне мүмкіндік бермей, Саксагань,
Червоно Поляна, Петрово, Верблюжка, Новгородка бағытындағы шабуылды дамытуға
тиіс болды. Жаралы жолбарыс қандай қауіпті болса, фашистер қансыраса да, кейде
арттарына жалт бұрылып, тап-тап берді. Дивизияның бөлімдері сан рет жау
бомбасының астында қалды. Қарсы шабуылға ұшырап, көп шығынға ұшырады. Алайда,
тасқын судың алдын бөгеуге болмайтыны сияқты, алға ұмтылған Кеңес Армиясының
қимылы жойқын еді. Жау мұны қатты сезінді. Олардың бастарынан «бақ» тая
бастаған болатын.

            Садық Шәкелұлымен әңгімеміз біразға
созылды. Бірде кейбір керекті деректерге қанығып қаламын. Бірде қаламым
болдырған аттай қыбыр етпей, бір нүктеге қадалады. Ондай сәттерде жарияланған
естеліктерді дауыстап оқып, Батыр ағамыздың көңіл күнделігіне қозғау салуға
тырысамын. Табиғатында өте сабырлы адам ғой, Садық Шәкелұлы бірден сөйлеп
кетпейді. Асықпайды, әр сөзін салмақтайды, жоғарыда айтқанымдай, бір керімі,
өзі жөнінде тіс жармай, қасындағы қаруластары туралы әңгімесін қайта жалғастыра
бастайды. Сірә, Днепр үшін болған шайқас аяқталғаннан кейін командование қорытынды
кеңес өткізген сияқты. Кеңес Одағының Батыры болған соң сол басқосуға Садық
Жақсығұлов та қатысқан сыңайлы. Жас кезде адамның жады мен зердесі жақсы болады
ғой. Олай дейтін себебім, Садық аға дивизияның сол кездегі қимылдарын біркелкі
дұрыс айтып шықты. Мұны жарияланған деректермен салыстыру арқылы көріп-білдім.

            73-гвардиялық Сталинград атқыштар
дивизиясы тәулігіне 20-25
километр алға жылжып отырыпты. Әрине, бұл жай серуен
емес, кескілескен ұрыс еді.

            Садық аға Жақсығұлов сапында болған бұл
73-гвардиялық Сталинград Қызыл Тулы атқыштар дивизиясы Днепрдің батыс
жағалауындағы екі айға созылған ұрыстарда жаудың 34 танкісін, 18 авто-машинасын,
12 бронетранспортерін, 28 зеңбірегін, 17 минометін, 48 пулеметін жойып жіберді.
5 мың фашист жер жастанып, біраз солдаттар мен офицерлер тұтқынға алынды. Днепр
үшін болған сұрапыл шайқастарда бір ғана 1943 жылдың жазы мен күзінде 6012
жауынгер орден, медальдармен марапатталды. 18 гвардияшыға Кеңес Одағының Батыры
атағы берілді. Солардың бірі - біздің жерлесіміз, қазір Тасқала ауданының
орталығы Каменка кентінде тұрып жатқан жасы сексеннің сеңгірінен асқан Садық
Шәкелұлы Жақсығұлов!

            Біз күнделікті жағдайда етіміз өліп,
бойымыз үйреніп кеткендіктен «Батыр» деген сөзге елең етпейтін болып барамыз.
Қасым ақын жазған «күркіреп күндей өтті ғой соғыс» деп жүре береміз.
Майдангерлердің соғыстағы тыныс-тіршілігі бізді ойлантпайды. «Иә, солай болған,
қайтеміз» дей саламыз. Ал, түптен келгенде, Батыр атану екінің бірінің
пешенесіне жазыла бермеген. Он мыңдардан біреу ғана шыққан. Садық аға
Жақсығұлов тегін адам емес. Ол аруақ дарыған, болмысы бөлек жан!

            - Аға, - дедім мен, - өзгелер туралы көп
айттыңыз. Дивизияңыз қақында да жақсы мағлұмат алдым. Енді өзіңіз жайлы
ләм-мимсіз кетесіз бе?

            - Не айтам, соғыстық қой көппен бірге.
Еңбегім еленіп, Батыр атаныппын. Белгісіз кеткен батырлар қаншама! - деп Садық
аға ойланып отырып қалды.

            Мен тағы да тығырыққа тірелгендей күй
кештім. Не істеуім керек?

            Отставкадағы генерал-лейтенант, Кеңес
Одағының Батыры В.И.Давиденконың орыс тілінде жарияланған естелігін дауыстап
оқи бастадым. «...Особо хочу выделить коммунистов и комсомольцев и рядовых,
сержантов и младших офицеров, которые жили и сражались в самой гуще воинов,
своим личным примером и страстным словом укрепляли подразделения, передавали
боевой опыт и мастерство беспартийным, вели их за собой. В их числе и такие
известные не только в нашей дивизии люди, как Садык Жаксыгулов...»

            Өзінің есімін естігенде Садық аға селт етіп,
тұқыртқан басын көтеріп алды. Қастары сәл-пәл қозғалып, көздерінде әлдебір
өткір ұшқын пайда болғанын байқадым. Қарт жауынгер ой теңізіне құлаш ұрып,
осыдан 62 жыл бұрын өткен отты оқиғаларды есіне түсіре бастаған еді.

            Садық ағаның сараң сөздерінен төмендегі
жайлардың сұлбасын аңғарғандай болдым. Оған Кеңес Одағының Батыры атағы қандай
ерлігі үшін берілді?

            24 қыркүйек күні кешке таман
209-гвардиялық атқыштар полкі Днепрдің жағасына жетті. Түнде өзеннен өту
жоспарланған болатын.

            Рота командирі аға лейтенант Василий
Верещагин миномет расчеттарының командирлерін жинап алды да, жеке-жеке тапсырма
бере бастады.

            - Кіші сержант Жақсығұлов, сенің расчетің
өзенге бірінші болып түседі, - деді, - малту білесің бе өзің?

            - Жолдас аға лейтенант, мен өскен өңірде
Шежін деген өзен бар. Балалармен бәстесіп, арғы бет - бергі бетіне үш рет
демалмай жүзіп өтетінмін, - деді ол артта қалған алаңсыз күндерін есіне алып.

            - Орал өзенін білемін. Чапаевты жұтты ғой
ол. Ал, Шежініңізді картадан көрген емеспін. Соған қарағанда анау ұзынтұра
Литвиненкоң аттап өтетін бірдеңе болар, - деп сөзін әзілге шаптырды рота
командирі.

            - Әрине, біздің Шежін өзені Орал да емес,
Днепр де емес, бірақ жүрегіме ыстық, - деді Садық баяу дауыспен.

            - Е, оған сөз бар ма, кіші сержант! Ол
сенің Отаның ғой. Иә, кіші Отаның. Түнде Днепрдің айдынына түскенде, Шежініңді,
ата-анаңды, туыс-бауырларыңды қорғағандай сезімде болуың керек. Сонда
күш-қайратың он есе артады, - деп аға лейтенант сөзінің аяғын негізгі мақсатқа
бағыттады.

            Күн батып, қараңғылық қоюлана түсті.
Өзеннен салқын леп келіп тұр. Жау жақ үнсіз, анда-санда атылған ракета Днепрдің
үстін күндізгідей жарық етіп жіберді. Иә, фашистер қатты күтінулі еді. Тек
өзеннен өту қашан басталатынын біле алмай әуре. Тас қараңғы түнде ағысы қатты
Днепрге түсе қоймас деп ойлайтын сияқты жау жақ.

            Түн жарымда 209-полктің бөлімшелері
қолдан асығыс жасалған сал, балықшылардың шағын қайықтары, басқа да қолда бар
жүзу құралдарымен Днепрге түсті. Қару дегенде, автомат, пулемет, миномет
болатын. Артиллерия жағада қалып, шабуылдаушыларды снарядпен қолдауға даяр
тұрды.

            Кіші сержант Садық Жақсығұловтың миномет
расчетінде өзін қосқанда бес адам болды. Кішкентай қайықта сығылыса отырып,
бесеуі жан ұшыра есіп келеді. Әзірше жау жақ ештене сезбейтін сияқты. Днепр
алда ауыр ұрыстар тұрғанын сезгендей, ағысын жеделдете түскендей.

            Өзеннің орта тұсына келгендерін Садық
сезім түйсігімен аңғарғандай болды. Ағыстың қаттылығынан қайық бір қырындап
бара жатты.

            - Есуді тездетейік, - деді ол
қасындағыларға баяу үнмен. Арғы беттегі жау даусын естіп қалатындай
бәсеңдеткеніне өзі таңғалып, мырс етіп күліп жіберді.

            - Жолымыз болады екен, күлмес
командиріміз көңілденді ғой, - деп қалжыңбас Жуков әзіл тастады. Адам қайда да
адам болып қалады. Аранын ашқан ажалға қарсы бара жатса да жас жігіттер
осылайша бір-біріне дем беріп, жүректеріндегі қобалжуларын басуға тырысты.

            - Жігіттер, бұған дейін де талай құқайды
бастан өткердік қой. Мына өзеннен аман-есен өтіп, арғы бетке тырнақ
іліктірейік. Шайқастың көкесі күтіп тұр бізді. Сонда қапы қалмайық, - деп Садық
Жақсығұлов қарулас достарын құшақтауға ұмсынды. Бірақ ескектен қолдары босамай,
өзіне таяу отырған Лаврентьевтің иығына басын сүйеді.

            - Уайымдама сержант, есемізді
жібермеспіз. Мына дәудің хуторы осы арадан қашық емес. Сонда жетіп, әй, бір
мықтап тойлармыз, - деп Лаврентьев досы Литвиненконы шынтағымен түртіп қалды.

            - Лаврентьев, біздің горилкамыз күшті
болады. От тигізсең, лап береді. Қыздарымыз болса, одан да асқан. Екі бірдей
оттың ортасында қалып жүрме, - деп еңгезердей Литвиненко екі иығын секілдете
күлді.

            Садық ойға кетті. Бұл жігіттермен қашан,
қай жерлерде табысып еді? Белгород маңы. Рота командирі миномет расчетін
басқаруды бұйырды. Өзіне-өзі бастың әзірге.

            - Сталинград майданында болған екі
жігітті өзің таңдап ал. Қалған екеуін жаңадан келгендерден беремін, - деді рота
командирі, - оқ-дәрінің иісі мұрнына бармағандарды «қарттардың» қасына қоспай
болмайды. Ұрыстың қыр-сырына үйрету қажет.

            Әрине, Садық мұны жақсы түсінеді. Алғаш
ұрысқа кірерде өзі де сақа жауынгерлердің жанында болды ғой. Командирдікі
дұрыс. Сөйтіп, өз расчетіне екі адам таңдау үшін орман ортасындағы алаңқайда
топ-топ болып шылым шегіп, бірқатары жай әңгімелесіп, енді біреулері қаруларын
тазалап отырған жауынгерлерді аралауға кірісті.

            Негізі, ұрыстан шыққан жауынгерлер
бірқалыпты болып келеді. Киімдері тозыңқы, әрі ластау, гимнастерканың жауырын
тұстары тердің әсерінен ақсортаңданып тұрады. Шайқастар кезінде жігіттердің
қырынуға да мұршасы бола бермейді. Осындай тыныс алған сәттерде, әуелі
ұйқыларын қандырып алады. Сосын киімдерін тәртіпке келтіріп, жуынып, қырынып
дегендей, «адам қалпына» келе бастайды.

            Адам өмірінде тәжірибе үлкен рөл
атқаратыны белгілі. Бұл, әсіресе, майданда жаңаша мазмұнға ие. Қанды ұрысқа
үш-төрт рет кіріп шыққан жауынгермен жаңадан келгендерді тіпті салыстыруға
болмайды. Тәжірибелі жауынгер оқтан, оттан, бомбадан, қысқасы, қиян-кескі
ұрыстарда кездесетін неше түрлі қатерлі жағдайлардан сақтана біледі. Мысалы,
снаряд бір түскен жерге екінші рет түспейді. Алыстан атылған оқ ауаны жарып,
ысқырып келе жатады. Штурмовиктер шүйілгенде, далақтап жүгіруге әсте болмайды,
қашып құтыла алмайсың бәрібір. Бас сауғалап жата қалу керек мұндайда. «Бажылдаған»
миномет деген бір пәле бар. Ол минаны шаршылап тастайды. Алғашқы түскеніне
қарап амал қолдану қажет, т.с.с.

            Садық осындай ойлардың жетегімен
жауынгерлердің біраз тобын аралап өтті. Отырған жігіттер сұңғақ бойлы, шашы
көмірдей қара, азиялық кейіптегі кіші сержантқа көз қиықтарын тастап қояды.
«Мынау неге сенделіп жүр» деп ойлайтын сияқты кейбірі.

            Садық қатты дауыстап сөйлесіп отырған
үш-төрт жауынгерге жақындады. Кілең қапсағай денелі, бурасан, атанжілік
жігіттер. Біреуінің отырғандағы тұрқы орта бойлы адамның түрегеп тұрғанындай
боп қалады. «Мынау минометті ойыншық құрлы көрмес» деп ойлап үлгірді Садық
Жақсығұлов.

            - Кіші сержант, жылқы базарында
жүргендей, бізге сынай қарайсың ғой өзің. Серік іздеп жүрген жоқпысың?
Сталинградтықтардан артықты таппасың, - деді ірі денелі жігіт. Ол қазір
қайықтың орта тұсында минометті құндақтаулы баладай құшақтап отырған Литвиненко
болатын. Енді, міне, «кемедегінің жаны бір» дегендей, шыбын жандарын шүберекке
түйіп, Днепрді кешіп келеді, жағаға қарай есіп келеді.

            Садықтың ойын аспан төсіне шаншыла қалған
ракетаның жарығы бөліп кетті. Айнала жап-жарық болып, өзен үстіндегі біздің
жауынгерлер алақанға салғандай, жауға ап-анық көрінген еді. Минутқа жетер -
жетпес сәтте қиямет-қайым басталып кетті. Жасанған жау өзен үстін төмпештей
бастады. Жарқырап ұшатын автомат, пулемет оқтары жағадан тартылған қызыл жіп
сияқты бір үзілсеші!?.

            Артиллерия снарядтары мен миномет
миналары гүрс-гүрс жарылып, жарықшақтар сумен араласа шашырап, төңірікке ажал
сеуіп тұр. Адамдардан арылған сал, қайықтар быт-шыты шығып, ағынмен жөңкіп
барады. Жерге табаның тиіп жүргенге не жетсін. Күш-қуат береді екен ғой ол. Ал,
судағы жағдай мүлдем басқаша болады екен. Садық мұны байқап келеді. Дәл түскен
снарядқа ем жоқ. Ол бәрін құртып жібереді. Ал, жараланған адам жер үстінде
болса, құлай кетеді ғой. Судағы жағдай күрт қиындайды. Бірден батып кетіп,
тұншығып өлесің. Санитарлар жаралылардың аз ғана бөлігін құтқара алады.

            Садық төңірегіне көз тастап келеді. Алдан
да, арттан да, оңнан да, солдан да «уралаған» дауыстар естіледі. Көмек сұрап
жалбарынғандар да жоқ емес. Әзәзіл ажал әзірге бұларға бұғалық тастай қойған
жоқ. Ракета дегенің аспанға іліп қойған шам сияқты бір сөнбейді-ау, сөнбейді.
Садық анық байқады - қарауытып жаға да көрінді. Полктің нобайы діттеген жерге
жеткен сияқты.

            Садық Жақсығұловтың расчеты мінген қайық
екпіндей келіп, бауырымен қайраңды сүзе кілт тоқтады. Бұлар көз ілеспес
шапшаңдықпен секіріп түсіп, төрт-бес аттап жата қалды. Қаруларын сайлап, төңірекке
көз жүгіртті. Садық басын көтерсе, үңгірдің ішінде жатқандай көрінді. Сәл кейін
жылжып, мойнын созып қараса, биіктігі шамамен 30 метрдей жардың астынан келіп
шығыпты. Бұл да болса сәттілік еді. Ашық жерге шыққандарды жау қырқып атып
жатыр. Төбеде өзеннің жағасын бойлай фашистердің траншеясы мен дзоттары
орналасқан. Сол жақтан қарудың барлық түрімен атқылап жатыр. Арттан, өзен
жақтан неше түрлі жігерлі, үрейлі, біртүрлі жат, қорқынышты үн-дыбыстар
естіледі. Соған қарағанда, Днепрді кешіп өту қарқын алған сияқты. Демек,
дивизия түгелімен бері өтіп жатса керек. Әдетте, ең ауыр салмақ бірінші
эшелонға түседі. 209-гвардиялық атқыштар полкінің екі батальоны бірінші
эшелонда өзенге түссе, солардың ең алдында аға лейтенант Василий Верещагиннің
ротасы болды. Ал, рота бойынша кіші сержант Садық Жақсығұловтың миномет расчеты
өзеннен өтуді бірінші болып бастады. Яғни, Садық Жақсығұлов он бес мыңдай адамы
бар дивияны бастаған болып шығады. Ал жүзу барысында біреулері ілгері озып,
біреулері кейін қалып жататыны өзінен-өзі түсінікті ғой.

            Иә, сөйтіп бес жігіт 30 метрлік жардың
астында бас сауғалап, ұрымтал жерді іздестіруге кірісті. Бұл тұста минометті
іске қоса алмайсың. Ең сенімді қару - автомат, граната.

            Садық жігіттерге соңынан еруге ыммен
белгі берді. Жыланша жорғалап, жарға шығуға тырысты олар. Әзірше біздің
әскерлерден қабаққа шыққандары жоқ сияқты. Тұмсықтарымен жер сүзген жігіттер
едәуір ілгері жылжыған болатын. Төбелерінен асқан оқ бораны Днепрдің үстін,
жағасын ойрандап-ақ жатыр. Оң жақта да, сол жақта да жаудың дзоты байқалады.
Олардан ірі калибрлі пулеметтер үздіксіз атқылап жатыр. Біздің жауынгерлерді
үлкен шығынға ұшырату үстіндегілер де солар еді. Екі дзотты құртпай болмайды
деп шешті Садық. Карабалжаковты миномет жанында қалдырып, Лаврентьевті өз
қасына алып, оң жақтағы дзотқа қарай еңбектей жөнелді. Ал Жуков пен Литвиненко
сол жақтағы ажал ұясын құртуға тиіс болды. Екі дзотқа шамамен бір сәтте граната
тасталды. Гүрс-гүрс жарылыс болып, жау солдаттарының жантәсілім етердегі
шыңғырғаны естілді. Садық «уһ» деп терең демалып, автоматын кезеніп, орнынан
атып тұрды. Лаврентьев те соны істеді. Қараңғыда Жуков пен Литвиненконы көре
алмады. Ішкі түйсік олардың аман-есен екенін сездіріп тұрды. Осы сәтте басқа
роталардың жауынгерлері жарқабақ астынан андыздай шығып, жау траншеясына лап
қойды. Гитлершілер алғашқыда қарсылық көрсеткендерімен, біршамадан кейін меселі
қайтып, келесі қорғаныс шебіне шегіне бастады.

            Садық Жақсығұлов дауыстай жүріп, Жуков
пен Литвиненконы тауып алды. Миномет пен мина салынған жәшіктерді бірлесіп
тасып, траншеяға орнығып алды.

            Арсалаңдап рота командирі жетті.

            - Тірімісіңдер, қырандарым? Ажал оғын
сепкен екі дзотты құртпағанда, халіміз мүшкіл болатын еді. Бір-бір гранатамен
күлін көкке ұшырдыңдар-ау, жарайсыңдар! - деп аға лейтенант Садықтан бастап
әрқайсысын кезек-кезек бауырына қысты.

            Садық соңынан естіп білді, Днепрден
өтердегі ұрысты дивизия командирі генерал-майор С.А.Козак мұқият бақылап
тұрыпты. Түн ішінде ештеңе көрінбесе де, қай батальон, қай рота қалай
қимылдады, не тындырды, бәрін, бәрін біліп отырса керек. Днепрдің орта тұсына
келгенде жау жақ оқ жаудыра бастағанда қолын алға сермеп, «дзот, дзот» дей
беріпті. Артиллерия қанша атқыласа да жау дзоттарына оқ дарымай қойыпты.

            - Алдыңғы эшелонмен аман өткендердің
біреулері дзоттарды құртпаса, шығынымыз шаш етектен болады, - деп
тағатсызданыпты генерал. Екі дзоттың үні бір мезгілде өше қалғанда, адъютантына
қарап: жігіттердің аты-жөнін біліп, маған айтуды ұмытпа, депті. Кейіннен
дивизия штабынан арнайы офицер келіп, ұрыстың жай-жапсарын сұрастырып кетті.

            Дивизия қорғанысқа көшті. Басып алған
плацдармды ұстап қалып, кейіннен кеңейте беру міндеті қойылған болатын.

            Алғашқыда фашистер Днепрден өткен біздің
әскерлердің санын біле алмаған сыңайлы. Дивизия ма, әлде тұтас корпус па?
Сондай-ақ өзеннің өне бойында қаншама шабуыл болды.

            Жау жақ әлі күшті болатын. Адам күшінен,
қару-жарақтан, әскери техникадан, азық-түліктен тапшылық көрмеді.

            - Біздің дивизияның бөлімдері фашистер
тастап кеткен аумақта қорғаныс шебін құра бастады, - деп есіне түсірді Садық
Шәкелұлы, - олардың қарсы шабуылға шығуға мүмкіндіктері мол болатын.

            Бергі бетке өткен Совет әскерлерінің
шамасын білгеннен кейін немістер бел ала бастады. Қарсы шабуылды үдете түсті. Садық
аға Жақсығұловтың есінде сол ұрыстар жақсы сақталып қалыпты. Ол қолмен
қойғандай етіп әңгімелей бастады. 209-гвардиялық атқыштар полкінің бөлімшелері
Бородаевские хутора деп аталатын елді мекендерді алып, ілгері жылжып бара
жатқан-ды. 10 қазан күні күтпеген жерден фашистер полктің командалық пунктіне
қарай жарып өтті.

            - Сол сәтте біздің миномет расчеті полктің
командалық пунктіне жақын маңда ұрыс жүргізіп жатыр еді, - деді Садық аға
әңгімесін қайта жалғап, - қарасақ, бір үлкен танк зулап келеді. Пулеметінде
тыным жоқ. Танктың үстіндегі, соңындағы неміс солдаттары каскаларын баса киіп,
екі жеңдерін түріп алыпты. Ажал оғын сеуіп келе жатыр.

            Садық Жақсығұлов осы ұрыстың бүге-шігесіне
дейін айтып бергеніне таңғалғанымды жасыра алмадым. Сірә, ол бір ерекше шайқас
болған сияқты. Расчет танкпен жекпе-жекке шықты. Кімді-кім деген кез еді бұл.
Сәтті атылған миналар танктың төңірегіне түсе бастады. Башняда отырған жау
солдаттарының бір-екеуі құлап түсті. Қалғандары жалма-жан жерге секіріп түсіп,
жата-жата қалысты. Расчетті байқап қалған танк экипажы зеңбіректен тікелей
атуға көшті.

            - Біз қоршауда қалдық. Алда танк,
айналамызда жау солдаттары. Ажал дегенің тістері ақсиып анық көріне бастағандай
болды. Бір кезде минометіміздің үні өшті, - деп терең күрсінді Садық Шәкелұлы,
- қаруласым Жуков мерт болыпты. Денесі дал-дұл болып жайрап жатыр. Лаврентьев
пен Карабалжаков ауыр жараланыпты. Литвиненко атысып жатыр.

            Садық аға әңгімесін доғарып, жанарын бір
нүктеге қадап, ұзақ отырып қалды. Оны қыстауға менің дәтім бармады. Қарт
жауынгер өзіне-өзі келсін деп қағазға түсіргендеріме үңілдім.

            Үнсіздік ұзаққа созылды. Мен де тырп
етпедім. Бір кезде Батыр кеудесіне түскен басын көтеріп, маған көз тоқтата
қарады. «Бұл мұнда неғып отыр» дейтін сияқты. Оңаша ойына куә болғанды
жаратпаған сыңай байқатқандай. Мен қыбыр етпедім. Өзі сөйлесін, ашылсын деген
мақсатпен үн-түнсіз отыра бердім. Сұрақ қою орынсыз еді. Неде болса, күтемін де
соңын.

            - Әңгіменің қай жеріне келіп едім? - деді
ол үнсіздікті өзі бұзып.

            - Сіз контузия алдыңыз. Үш жігіт қатардан
шықты. Жалғыз Литвиненко қалды, - дедім мен ағаның аузына сөз салып.

            - Иә, иә, дәл солай болды. Контузияның
түрі көп болады. Ауыр контузия өмір бойы қалмайды. Жылдар бойы «серік» болатыны
да кездеседі. Төрт-бес минуттай есіңнен тандырып кететіні жеңіл түрі
контузияның. Мен есімді тез жиып алсам керек, - деп әңгімесін жалғай түсті
Батыр аға, - қарасам жау танкісі 18-20 метрдей жерге келіп қалыпты. Гранат
бумасын алдым да, күшімнің жеткенінше лақтырып жібердім. Өлсем өлейін, танкті
алға өткізбейін дедім. Темір тажал лап ете түсті.

            Садық аға тағы үнсіз қалды. Оны енді
мазалауға дәтім бармады. Газеттерде жарияланған мақалаларды оқып, бұл ұрыстың
қалай аяқталғанын білдім. Танк құртылды. Сол сәтте жау минасының жарықшағы
атпал азамат Литвиненконың өмірін қиып түсті. Ол «оһ» деуге шамасы әрең келіп,
түбінен қопарылған алып емендей сұлай кетті. Расчеттан Садық Жақсығұлов жалғыз
қалды. Ол есі кіресілі-шығасылы жағдайда автоматын кезеніп, қарсы шабуылға шыққан
фашистермен жұлқысып жатқан жауынгерлердің қатарына қосылды. Есін полктің
санитарлық бөлімінде жиды. Кешке қарай тағы да контузия алған екен. Мұны өзі
білмепті.

            Днепрден өту және плацдармды ұстап тұру
мәселелері төңірегінде дивизия штабы талдау жасағанда, кіші сержант Садық
Жақсығұловтың расчеті әлденеше рет аталыпты. Дивизия командирі генерал-майор
С.А.Козак адъютанты арқылы расчеттің Днепрден бірінші болып өткенін, ажал оғын
төгіп тұрған екі дзотты құртқанын біліпті. Ал жау танкісімен жекпе-жекті
бинокльмен көріп тұрса керек. Танкті жайрата сала, контузия салдарынан
құлап-сүрініп жүрсе де, қатардан қалмай, қайта ұрысқа кіргенін де көріпті.

            - Анау жігіт құрыштан құйылған шығар,
біліңдер кім екенін, - депті штаб бастығына.

            Әдетте, қанды шайқастардан кейін жоғары
жаққа марапаттау құжаттары жолданады. Рота командирі аға лейтенант Василий
Верещагин санитарлық бөлімге арнайы келіп, Садықты құттықтапты.

            - Кіші сержант, сен арыстанша алыстың.
Қасындағы жігіттерің де өзіңе сай екен. Тірі де, өлі де ескерусіз қалмайды. Осы
есіңде болсын. Москваға құжаттар кетіп жатыр. Омырауыңа орден тағылады әлі, -
деп самбырлап жатты. Ал, Садық болса, атақ, даңқ, марапат туралы ойлаған
жоқ-ты. Тез тәуір болып, зұлым жаумен шайқасуға асықты.

            Қанды ұрыстар жағдайында санитарлық
бөлімде ұзақ жатуға бола ма? Садық Жақсығұлов он күндей емделіп, қатарға қайта
қосылды. Ол Днепр өзенінің оң жағалауындағы Украина жерін, Молдавияны азат ету
ұрыстарына білек сыбана кірісіп кетті. Жан алысып, жан беріскен небір сұрапыл
шайқастар өтті басынан. Садық бала кезінде үлкендерден «қырық жыл қырған болса
да ажалды өледі» деген сөзді жиі еститін. Соның шындығына соғыста көзі әбден
жетті. Полктің тең жарымынан астамы, кейбір батальондары мен роталардың төрттен
үші мерт болғанда, ол аман қалып жүрді. «Өрт ішінде мақта, мақтаны құдай сақта»
деген осы емес пе?!.

            Кескілескен ұрыстар жағдайында 1943 жыл да
аяқталды. 1944 жыл фашистер уақытша басып алған аумақтарды азат етуден
басталды. Жаудың өз ордасында талқандалатыны айдан анық еді. Мұны қан кешкен
жауынгерлер де, бейбіт тұрғындар да жақсы түсінді. Елін, ата-анасын,
қатын-баласын көруден күдер үзген майдангерлердің көңілдерінде үміт оты жылт
еткендей болды.

            Соғыс Садықтың ой-санасын тұмандандырып
жіберген-ді. Ол ел-жұрты, ана-анасы, туыс-бауыры барын білсе де, бұлар баяғыда,
мың жылдықтың арғы жағында қалғандай еді. Жас жігіт өзін өмір бойы оқ пен оттың
арасында жүргендей сезінді. Үнемі траншея, окоп, орман ішінде ғұмыр
кешкендіктен, ол жылы да жұмсақ төсек барын, есікті ашқанда, ыстық лебі бетті
шарпитын үйді, шешініп жалаңаш-жайдақ жүрудің не екенін, қысқасы, бейбіт
өмірдегі тұрмыс-тіршіліктің қандай болғанын ұмытқан еді. Мүмкін, бұл оның
үйінен тым жастай кеткенінен де болар. Әйтеуір, сұм соғыстың бойы өсіп, бұғанасы
бекімеген бозбаланы өзгертіп жібергені даусыз болатын. Оның есесіне, Садық өмір
деген не, өлім деген не екенін бүкіл жан дүниесімен түйсініп-түсінді. Адам
баласының бойында қаншама рухани күштің бұғып жатқанын терең сезінетін болды.
Ыза мен кекті қай бағытқа жұмсау керектігін ұқты. Достықтың, жолдастықтың,
қимастықтың шын бағасын айыруға үйренді. Осы қызыл қырғыннан аман қалар болса,
қалай өмір сүретінін бағдарлап, азаматтың ақ жолынан қия баспауына өзін-өзі
сендірді. Қысқасы, жиырма жасқа шығажақ жігіт егделікке бет бұра бастады. Оның
ұстазы соғыс болды.

            Ұрыстар жағдайында бір кескілескен
шайқасты екінші одан да бетер болған шайқас ұмыттырмағанымен, көмескілендіріп
жібереді. Себебі, өмір талабы мен ағымы осыны талап етіп, алға асықтыра түседі.
Бұл - заңды құбылыс.

            Днепрден өткендегі қиян-кескі шайқастар
Садықтың жадынынан кейінге қарай ысырыла бастады. Шет елдердің шекарасына
кірген кездердегі ұрыстар бұрынғылардағыдан да сұрапылдығымен ерекшеленген еді.
Фашистер Кеңес Армиясын Германия жеріне жолатпауға барлық күш-жігерін жұмсап
бақты.

            Садық Жақсығұловтың миномет расчетына
жаңа адамдар келді. Олар Днепрдегі ұрыстың жай-жапсарын жақсы білді. Жасы бар,
жасамысы бар расчет командирі Садықты қатты қадірледі. Оның полктегі беделін
сыйлай білді.

            1944 жылдың 27 ақпаны күні кешкілік
сержант Садық Жақсығұловтың расчеты орналасқан жерге 209-гвардиялық атқыштар
полкінің командирі подполковник П.В.Сергеев бастаған бір топ офицер сау ете
түсті. Садық тәртіп бойынша орнынан атып тұрып, рапорт беруге дайындалды.
Қалған төрт жауынгер де бойларын тіктеп, сымдай тартыла қалды.

            - Сабыр, сабыр сержант, әбігерленбе! Біз
жағдайларыңды білгелі келдік. Батырдың өзі қандай, жігіттері қандай дегендей.
Басқа жұмысымыз жоқ, - деді полк командирі жылы сөйлеп.

            Садық бұрын-соңды подполковникпен
тілдесіп көрген жоқ-ты. Сыртынан ғана біледі. Расчет командирі кім, полк
командирі кім! Жер мен көктей ғой. Бірақ Батыр дегеніне таңдана қойған жоқ.
Себебі, Днепрден кейін батальон, рота көлеміндегі офицер, сержанттар оны
ойын-шыны аралас «Батыр, Батыр» деп құрмет көрсететін болды. Бұған еті үйреніп
кетіп еді. Енді, міне, дардай басымен полк командирі «Батыр» деп тұрғанын
қарашы. Шамасы, қасындағы батальон командирі айтқан болар. Иә, рота командирі
капитан Верещагиннен естіді ме екен? Қалай болғанда да Садық онша
қысылып-қымтырылмай, өзін еркін ұстады.

            - Майор, мыналарың ештеңе сезіп тұрған
жоқ қой. Қарашы, еш өзгеріс байқалмайды. Әдеттегі тірліктері, - деп полк
командирі жанындағы батальон командиріне мойнын бұрды.

            - Жолдас подполковник, мана айттым емес
пе, біз түк хабарсызбыз деп. Өзіңіз білесіз, ең алдыңғы шептеміз. Менің
блиндажымдағы телефоннан басқа байланыс құралын емге таппайсыз.

            Батальон командирі шарасыздық танытқандай,
екі алақанын жайды. Әлдеқандай ішкі сезімнің күшінен көзі жасаурап, даусы
дірілдей шыға ма, қалай?

            Садық болса, ештеңенің байыбына бара
алмай, дал болып тұр.

            - Бәрің де тік тұрыңдар, - деп саңқ етті
подполковник П.В.Сергеев, - өте маңызды құжатты оқимын!

            Офицерлер
де, жауынгерлер де сымдай тартыла қалды. Тіпті әріректегілер де полк
командирінің даусын естіп, бойларын тіктеп алды.

            Подполковник шинелінің түймелерін ағытып,
кителінің төсқалтасынан бүктелген «Правда» газетін алып, көзіне жақындатты.

Сержант Жақсығұлов, бір адым алға шық! - деп бұйырды ол.

            Садық алға шықты. Әлі ештеңенің байыбына
барар емес. Ішкі ойы ұйқы-тұйқы. Әйтеуір, жамандық жоғын сезеді. Не де болса,
бір жақсылық бар сияқты.

            Полк командирі тамағын кенеп алып, оқи
жөнелді.

            - Советтік Социалистік Республикалар
Одағы Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығын жариялаймын! Днепр өзенінен өткені
және плацдармды ұстап тұрғаны үшін кіші сержант Садық Шәкелұлы Жақсығұловқа Кеңес
Одағының Батыры атағы берілсін. 22 ақпан 1944 жыл, - деп подполковник
П.В.Сергеев бір демде оқып шықты.

            Жарлықтың әсері баршаға бірдей болды.
Алғашқы он секундте ешкім қыбыр етпеді. Содан кейін жиналғандар ду ете қалды.
Бас салып, Садықты, бірін-бірі құшақтай бастады. Ал Садық болса, өң мен түстің
арасында тұрғандай. «Апырым-ай, шынымен Батыр атанғаным ба? Ел, әке-шешем
естігенде қайтер екен?» деп ойлап үлгерді.

            - Садық, сен енді полк қана емес, бүкіл
дивизиямыздың көрнекті адамы болдың. Қазір генерал-майор Семен Антонович
Козактың өзіне барамыз. Алтын Жұлдызыңды атап өтеміз, - деді полк командирі, -
бүгіннен бастап сержант Жақсығұлов офицерлермен теңестіріледі.

            Штаб бастығы «құп болады» деді.

            Садық қаза тапқан достары Жуков пен
Литвиненконы, ауыр жарақаттанып госпитальда жатқан Лаврентьев пен
Карабалжаковты ойлады. Олар марапатсыз, ұмыт қалмақ па? Полк командирінен осыны
сұрауға бекінді.

            - Жолдас подполковник, бір сұрағым бар,
рұқсат етіңіз, - деді оң қолын шекесіне тақап.

            - Сұра, Батыр, сұра, - деді полк
командирі мейірімді үнмен.

            - Менің расчетімдегі төрт жігіттің екеуі
ерлікпен қаза тауып, екеуі госпитальда жатыр. Олар ескерусіз қалғаны ма? - деп
Садық бір терең тыныс алды.

            - Білемін, сержант, білемін. Газеттер енді-енді
келіп жатыр ғой. Сенің жігіттеріңнің төртеуі де ордендермен марапатталды. Қаза
тапқандарының да, жараланғандарының да отбасыларына хабарлаймыз. Айтпақшы,
Батыр, сенің ата-анаңның атына хатты генералдың өзі жазады, - деп подполковник
Садықтың иығынан қағып қойды.

            Иә, осылайша бір сәтте сержант Садық
Жақсығұловтың есімі дивизия, армиядан асып, майдан даласын шарлап кетті! Хабар
Қазақстанға да жетті. Республика басшылары облыс басшыларына хабарлады.
Облыстан ауданға арнайы уәкіл келіп, әскери комиссарды ертіп, №500-кеңшарға,
Жақсығұлов Шәкелдің үйіне тартты.

            Ең бастысы, майдандағы қазақ жігіттері
қатты қуанып, рухтанып кетті. 1986 жылы облысымызға қазақтың белгілі ақыны Әбу
Сәрсенбаев келген болатын. Майданда мерт болған ақын Абдолла Жұмағалиевтың 70
жылдығын атап өтуге Жымпиты, Жосалы бағытына жол тарттық. Сонда бір машинада
келе жатқан Әбекең менен Садық Жақсығұловты сұрастырған еді.

            - Мен майдандық газетте қызмет істедім
ғой. Сонда арнайы іздеп барып, Кеңес Одағының Батыры Садық Жақсығұлов туралы
очерк жарияладым, - деген болатын Әбу Сәрсенбаев.

            - Сәкең Оралдан таяқ тастам жерде тұрады.
Барып қайтайық, төбесі көкке жетіп қалсын, - деп жатырмын мен ебелектеп.

            - Солай етсек жақсы болар еді-ау,
шырағым. Бұған уақыттың тығыздығы мүмкіндік бере ме? - деп Әбу ақын алақанын
жайған еді.

            Иә, майданда Садық Жақсығұлов кең
танылған болатын.

            1944 жылдың аяғы мен 1945 жылдың басында
жау кейін сырғумен болды. Жеңіс жақындап келе жатты. Неміс-фашист әскерлері
ызалана, кектене шайқасты. Олар әлі де қуатты болатын. Кескілескен ұрыстар
жалғаса берді.

            Кеңес Одағының Батыры Садық Жақсығұлов
Алтын Жұлдызы жарқырап қып-қызыл оттың ортасында жүрді. Небір қиямет-қайымдарды
көрді. Жаңбырша жауған оқтың астында қалды. Жаратқан оны сақтады!

            73-гвардиялық Сталинград-Дунай Қызыл Тулы
атқыштар дивизиясы Румыния, Югославия, Венгрияны көктей өтіп, ұрыс сала отырып,
Австрияның Грац деген қаласына жеткенде соғыс та аяқталды.

            «Жеңіс! Жеңіс! Жеңіс!» деген дауыстар,
аспанға оқ ату ұзақ уақыт толастамай тұрды. Генералдардан бастап, қатардағы
жауынгерлерге шейін елін, отбасын, туып-өскен ортасын еске алды. Садық Шәкелұлы
ауылға оралғысы келді.